Өлең, жыр, ақындар

Әлеуметтік желіде не үшін суреттерімізбен бөлісеміз?

Адамдар не себеппен әлеуметтік желілерге өз суреттерін салады? Бұл туралы блогер Лео Бабаута (Leo Babauta) ой-толғап, бірнеше қызықты болжам ұсынған екен. Біз оның жазбасын аударып, бірінші жақта баяндап отырмыз.

Танымал америкалық блогер және жазушы. Қазіргі таңда прокрастинация және зиянды әдеттерден өз бетінше арылғанын көпшілікке үлгі етіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Жақында мен өркениеттен қалыс қалған Сьерра-Невада тау жотасында болдым. Бұл жердің табиғаты өте әдемі. Табиғат көрінісінің тамашасы сондай, суретке түсіру үшін қолым еріксіз смартфонға жүгіре берді. Бар ойым осы әсемдікті достарыма көрсету еді.

Бірақ мен бұл жерде бір мәселеге тап болдым. Мен тауда едім. Интернет деген атауымен жоқ. Маған осы сұлулыққа өз бетімше тамсанудан басқа амал қалмады. Міне, осы сәтте мен ойланып қалдым.

Мен де өзгелер сияқты суреттеріммен бөлісуге құмармын. Менің Instagram-да да, Facebook-те де аккаунтым жоқ, бірақ мен отбасыммен және достарыммен WhatsApp немесе Snapchat сияқты қосымшаларда қызықты суреттермен бөліскенді ұнатамын.

Дәл сол себепті мен өмірінің жарқын сәттерін суретке түсіріп, әлеммен бөліскісі келетін адамдарды сөкпеймін. Сөкпеймін, өйткені оларды жақсы түсінемін. Өзіміз де ара-тұра әлеуметтік желілерге демалыста түскен суреттерімізді, үй жануарларының тәтті қылықтарын немесе зор ықыласпен жасаған тағамымызды жариялаймыз.

Бірақ бұлай істеуге бізге не түрткі болады? Суретпен бөлісуге деген құмарлық қайдан пайда болады? Біз бұл процесті саналы түрде басқара аламыз ба?

Қарағай орманды қақ жарып, қонақ үйге жеткенше, басыма мына ойлар маза бермеді:

• Біреумен бөлісуге асықпай-ақ, неге жай ғана осы сәттен ләззат алуға болмайды?

• Мен біреулердің алдында мақтанғым келе ме, әлде менің іс-әрекетімнің астарында қандай да бір альтруистік ниет бар ма?

• Жалпы неге мені осы тақырып мазалайды?

Мен өз проблемамды нақты түсіндім: бейсаналы түрде әрдайым біреулерге суреттеріммен бөліскім келіп тұрады. Тауда саяхаттаған екі күнімде бұл ынтам бір сағатта екі рет мазалап тұрды. Мен бұл процесті барынша саналы басқаруға бел будым.

Осылайша, мынаны түсіндім.

1. Телефонды пайдалануға өзіңе тыйым салу керек.

Әдемі бірдеңе көрген сайын қолым телефонға қарай жүгіре береді. Мен бұл жабысқақ қалауыммен не істерімді білмедім және өзімді тәуелді әрі дәрменсіз сезіндім. Сол кезде мен өзімді шектей бастадым.

Телефонды қолыма алғым келген сайын, өзімнен: телефонды не істеймін, қазір қандай сезімдемін, оны пайдалана алмағаным үшін неге бойымда ыңғайсыздық туындап жатыр,  бәріне суретті жіберсем қандай сезімде боламын? Бұл сұрақтарға жауап таба алмадым. Мен қызығушылығыма одан әрі бой алдырып, экспериментті жалғастырдым.

2. Біз өзімізді жақсы жағымыздан көрсеткіміз келеді.

Адам жаны әлеуметпен тығыз байланысты. Өзгенің көзінде біз бақытты көрінгіміз келетіні қалыпты дүние. Біз айналамыздағы адамдарға толыққанды өмір сүріп жатқанымызды, ел көріп, жер көріп жүргенімізді, осы өмірден қандай да бір мағына көріп жүргенімізді көрсеткіміз келеді, солай ойлағанын қалаймыз. Суреттерімізбен бөлісу – бұл біздің тірі екенімізді және бірдеңеге лайық екенімізді әлемге көрсету.

Басқалардың көзінде жақсы көрінгіміз келетін әрекетті біреулер сияқты мен еш сөкпеймін. Меніңше, бұл қалыпты жағдай.

Егер шынайы бет-бейнемізден әлдеқайда жақсы көрінгіміз келетін бейсаналы талпынысымыз болмаса біз өз-өзімізге адал болмас едік.

Мен мұндайға мән бермеймін дейтіндер, шын мәнінде алдайды. Жалпы өзіңнің қандай тамаша адам екеніңді көрсетудің қандай айыбы бар?

Көп жағдайда бізге мұның еш қажеті жоқ екенін ұғатын деңгейдеміз. Әлеуметтің қолдауынсыз-ақ біз бақытты бола аламыз. Әрине, мен бұған онша сенбеймін, әйтпесе мына мақаланы жазбас едім. ;)

3. Біз жақындарымызбен қуанышымызды бөлісуге ынтықпыз.

Себебі олар да тура біз сияқты таңғажайып ашылулар мен әсерлі сәттерден ләззат алғанын қалаймыз. Міне, мысалы таңғажайып дүние көрдік, бұл бізді қалай шабыттандырса өзгелерді де солай шабыттандырғанын қалаймыз. Бұл олардың өмірін жарқын ете түседі деп, бір сілкінтеді деп есептейміз. Суреттермен бөлісу тәуелділігінің бұл жағымды жағы болып табылады. Бірақ кері жағы да бар.

Айналасындағы адамдардың түрлі оқиғаларынан, саяхаттарынан, шытырман оқиғаларынан шабыт алатын көптеген адамдарды танимын. Олар адамдардың ұсынған кеңестеріне құлақ түріп, өз пайдасына асырады. Олардың жүріп өткен жолдарын қайталауға тырысады, немесе біреулердің кеңесі бойынша көздері түскен мейрамханаға барады.

Алайда осындай заттардан біршама қыңырайып қалатын адамдар да бар. Олар бейсаналы түрде мұндай суреттерден құйтырқұлық іздейді, мақтаншақтыққа балайды, қызғанышқа бөленіп, көреалмаушылыққа бой алдырады. Әлеуметтік желілерге жарияланған суреттер міне, осындай көптеген қарама-қайшы сезімдер тудырады.

4. Осы сәттен ләззат алу керек.

Сіз тамаша табиғатты көріп тұрсыз. Оның тамаша болғаны сонша, оны біреумен бөліскіңіз келеді. Неге? Не үшін? Әдемі көріністі тамашалаудан өзге, оны суретке түсіру, біреуге жіберу үшін әбігерге түсудің қажеті қанша? Мен осы жайлы көп ойладым және бұрын айналамдағы әдемі көріністен жай ғана ләззат ала алғанымды, оны біреумен бөлісуге мұқтаж болмағаным есіме түсті. Яғни бұл әбден мүмкін.

Біз ешкіммен бөліспей-ақ әдемі сәттен ләззат ала аламыз. Біз сұлулықты бағалай аламыз және біреудің мақұлдағанына зәру емеспіз.

Кейбіреулер бұлай істемесе өзін толыққанды сезінбейтінін айтуы мүмкін, бірақ олай емес. Тамаша сәттен жалғыз ләззат алуға да болады. Және бұл өте тамаша.

5. Суреттермен алмасу – толқуды басу амалы.

Күн батарда таулар қандай ғажайып көрініске ие болатынын елестетіңізші. Мұндай көріністің ғажаптығы сонша, бойыңда түрлі сезімдер асып-тасып жатады. Біз осы сезімдерімізбен бөліскіміз келеді. Сол үшін де суреттермен алмасамыз. Осылайша сезімдерімізді ауыздықтағымыз келеді. Сезімдерімізбен бөлісе алмайтын болсақ, қуаныштан шыңғыра бастаймыз.

Бірақ бұрын ондай мүмкіндік болмайтын. Біз жай ғана ләззат алатынбыз. Қуаныш пен тамсану сезімдері бізді жаңа зерттеулер мен ашылуларға итермелейтін, олар бізді іштей нәрлендіретін және әрі қарай дамуға күш беретін. Ал қазір біз сезімдерімізді басқалармен бөлісу арқылы әсерлі пікірлерімізбен оны басып тастаймыз.

Бірдеңені басқа біреуге жібереміз, көрсетеміз деп көптеген тамаша эмоцияларымызды өз қолымызбен тұншықтырамыз, тамаша сәттерден әсер алудан қаламыз. Көптеген адам мұны түсінеді, бірақ жағдайды өзгертуге құлықсыз. Бекер.

Біз өз сезімдерімізді басқара аламыз және дұрыс жолға бағыттай аламыз. Біз сезімдерімізді өз бетімізше ауыздықтай аламыз және өз бетімізше бастан өткере аламыз. Бірақ бұл жігерлікті қажет етеді.

Мен сіздерге қазірден бастап әлеуметтік желілерге сурет жариялауды доғарыңыздар демеймін. Мен қарыштап даму мен технологияға қарсы емеспін. Мен жай ғана суреттермен бөлісу процесін кішкене болсын саналы түрде басқаруды ұсынамын.

Дереккөз: The Mindfulness of Social Photo Sharing

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

berik258

Ол бүгінгі заманның дерті   winkwinklaugh

Гүлзада

Өте дұрыс айтылған.осы жайлы ойлап жүр едім

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар