Өлең, жыр, ақындар

Балабақшаға арналған жаңа нормаларда баланың тамақты контейнерде өзімен бірге әкелуі қарастырылған

Мектепке дейінгі білім беру саласында Санитариялық қағидалар мен нормаларға және Құрылыс нормалары мен қағидаларына өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР БҒМ тарапынан осындай шешімнің қабылдануын Қазақстанның мектепке дейінгі саласының көптеген мекемелері бірнеше жылдан бері күтті. Өйткені «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» санитариялық ережелері мен «Мектепке дейінгі білім беру объектілерінің құрылыс нормалары мен қағидаларының» құрылыс ережелері қазіргі заман талаптарына жауап бере алмайды.

Соңғы жылдары «Балапан» бағдарламасы шеңберінде елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) дами түсті, көптеген жекеменшік балабақшалар, оның ішінде коттедждерде, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында ашылған балабақшалар типтік үлгіде болмағанымен, балаларды мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудегі бірқатар мәселелерді шешуге септігін тигізді. Бұл ретте қолданыстағы санитариялық және құрылыс нормалары  талаптарының сәйкессіздігі мектепке дейінгі ұйымдар желісін әрі дамытуға кедергі келтірді.  

Мектепке дейінгі ұйымдардың санитариялық және құрылыс нормалары мен қағидаларын қайта талдау қажеттілігі қоғамда сан мәрте көтеріліп, осы мәселе бойынша ҚР БҒМ-ге көптеген өтініштер келіп түскен болатын. Министр Ерлан Сағадиевтің төрағалығымен, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Балалардың құқықтары және Халықаралық ынтымақтастық басқармалары, ҚР Құрылыс істері комитетінің Жобалау жұмыстары басқармасы, ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Санитариялық-гигиеналық қадағалау басқармасы, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы басшыларының, сондай-ақ мектеп директорлары мен мектепке дейінгі ұйымдар меңгерушілерінің қатысуымен бірқатар жұмыс комиссияларының кеңестері өтті.

Нәтижесінде мынадай толықтырулар мен өзгерістер қабылданды:

- ұғымдық аппаратқа «қуаттылығы аз ғимарат», «ыңғайластырылған үй-жай» (бейімделген үй-жай) терминдерін енгізу;

- топтарды ағымдағы жылғы қыркүйек пен келесі жылдың қыркүйегі аралығында жинақтауды жүзеге асыру;

- үш және одан көп күн қалған балаларды қандай да бір ауру белгілері анықталған жағдайда педиатр дәрігерге жіберетін мектепке дейінгі ұйымның медициналық қызметкерінің тексеріп-қарауынан кейін қабылдау;

- күн режимін мектепке дейінгі ұйымның әзірлеуі, ата-аналар комитетімен келісуі және оны мектепке дейінгі ұйым басшысының бекітуі;

-  мектепке дейінгі ұйымдардағы топтардың толымдылық нормаларын болдырмау, мектепке дейінгі ұйымдардың толымдылығын жобалық қуаттылығынан 20%-ға артық қарастыру;

- ғимарат алаңы, шаруашылық аумақ, учаске, жабдық бойынша нормаларды, мектепке дейінгі ұйымды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, пайдалануға беру, сумен жабдықтау, кәріздендіру, жылыту, жарықтандыру, желдету, микроклиматы бойынша талаптарды Санитариялық қағидалар мен нормалардан алып тастап, Құрылыс нормалары мен қағидаларына енгізу;

- толық күн болмайтын мектепке дейінгі ұйымдар үшін бала тамағын өзімен бірге контейнерде әкелуді, ал толық күн болатындар үшін тамақтандыру ұйымымен шартқа отыруды қарастыру.

Талқылау қорытындысы бойынша Санитариялық қағидалар мен нормаларға және Құрылыс нормалары мен қағидаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жіберілетін болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар