Кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Франсис Этьен бастап келген бір топ делегаттармен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы шетелдік қонақтарға Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен ауыл шаруашылық саласындағы жетістіктерін және туризм бағытындағы жұмыстарды мәлімдеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстандағы халқы көп шоғырланған аймақ екенін айтқан ол келер жылы Шымкент қаласының халқы 1 миллионға жететінін мәлімдеді. Сонымен қатар, облыста ірі уран өндіруші кәсіпорындар мен мұнай өңдеу зауыты бар екенін және облыс көкөніс пен жеміс кластерінің орталығы болып табылатынын жеткізді. Ташкентпен шекаралас жатқан аудандарда қауын-қарбыз өсіріліп, шетелге, оның ішінде, Германияға экспортталып отырғанын айтты.
Сондай-ақ, индустрия саласын дамытуда облыс республикада көш бастайтынын xабарлаған әкім өңірде бүгінде 7 индустриалды және 1 арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеп тұрғанын атап өтіп, онда жеңіл және ауыр өнеркәсіп орындары мен тоқыма фабрикалары сәтті жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Елші Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас жыл сайын дамып келетінін айтып, туризм, индустрия және білім бағыттарында әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, мәртебелі мейман Оңтүстік Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыс орнату мақсатында Франциядағы түрлі сала мамандарының өкілдерімен арнайы келгенін жеткізді.
Кездесу барысында Франсис Этьен Қазақстан Франциямен қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында барлық жағдайды жасап отырғанын, яғни бұған дейін виза ұзақтығы 15 күн болса, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 күнге ұзартылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Францияға қысқа уақытқа келуші қазақстандықтар үшін визасыз мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын жеткізді.
Жиын соңында өңір басшысы Қазақстан мен Франция күндеріне байланысты сол елдің өнерпаздары мен кәсіпкерлерін Оңтүстік Қазақстан облысында көргісі келетінін және осы күндер аясында француздық тауарөндірушілердің көрмесін ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ, әкім мектеп пен жоғары оқу орындарының мұғалімдерін аталған елге тәжірибе алмасуға жіберу жайын қарастыратынын айтты.
Жұмыс сапары екі күнге жалғасатын франциялық делегаттарға облыстың инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, бірқатар туристтік және тарихи орындарға инфотур ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі