Өлең, жыр, ақындар

TWESCO жаңа ғылыми басылымдарын таныстырады

Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) 9-шы қараша күні Астана қаласында басталатын «Eurasian Book Fair - 2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі аясында қос бірдей айтулы шара өткізуді жоспарлап отыр.

Академия сайтының хабарлауынша,  9 қарашада «Түркітанудағы аударма ісінің өзекті мәселелері» тақырыбында ашық семинар өткізеді. Семинарда Түркі әлемінің ғылыми-әдеби ынтымақтастығы бағытындағы маңызды тақырыптың бірі ретінде аударма саласындағы өзекті мәселелер қарастырылады.

Бұдан бөлек, 11 қарашада ЮНЕСКО шеңберінде тойланып жатқан Қ.А.Ясауи мен Ж.Баласағұнның мерейтойларына арнап «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары: Қожа Ахмет Ясауи және Жүсіп Баласағұн» атты дөңгелек үстел ұйымдастырады. Түбі бір түркіге ортақ қос ойшылдың құрметіне арналған басқосуда олардың әлем мәдениеті мен ғылымына қосқан үлестері мен баға жетпес мұралары зерделеніп, талқыланатын болады.

Аталған шараларға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен шет елдерден келген белгілі түркітанушы, әдебиетші ғалымдар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысады деп күтіледі.

Айта кету керек, халықаралық кітап көрмесі шеңберінде жоспарланған бұл шараларда академияның жаңа ғылыми басылымдарының таныстырылымы өтеді. Сонымен қатар, TWESCO тарапынан басылған барлық басылымдар мен кітапхана қорындағы құнды еңбектердің арнайы көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге қатысушылар үшін академия шығарған кітаптардың сатылымы да қарастырылған. Қызығушылық танытқан оқырмандар сол жерден қалаған басылымды сатып алуына болады. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар