Өлең, жыр, ақындар

Оқушыларға экономикалық білімді меңгеру тиімділігі

Нарықтық жағдайда табысқа, тұрақтылыққа және жоғары пайдаға жету экономикалық білімсіз мүмкін емес. Экономикалық  білім тек экономика мен басқарудың түрлі саласында қызмет істейтіндерге, ғалым-экономистерге немесе экономика пәні оқытушыларына ғана керек емес, сонымен қатар экономикалық білім күнделікті өмірде  кездесетін мәселелерді шешуде қоғамның әрбір мүшесіне қажеттілігін бүгінгі өмір талабы көрсетіп отыр.

Сондықтан білім беру саласы жаңа мазмұнға ие бола отырып, қазіргі заман талабына сай жан-жақты дамыған іскер, жаңашыл азаматтар дайындауы тиіс. Өскелең ұрпақтың өмірге етене араласуы мен іс-әрекетінің тиімділігі, білім деңгейі мен тәрбиесі педагогтар еңбегіне тікелей байланысты. Бұл бағытта экономика пәнін оқытудың рөлі ерекше. Себебі, бүгінгі түлек жаңаша өмір сүріп қана қоймай, қоғамның әлеуметтік-құқықтық, экономикалық нормаларын меңгере отырып, қоғаммен тығыз байланыста болуы керек.

Экономикалық білімнің тиімділігі оның үздіксіздігінде. Елімізде нарықтық экономика қалыптаса бастады, енді оқушыларға осы үрдістің қалай дамитындығы жөніндегі түсініктерді қалыптастыру қажет. Қоғамдағы экономикалық сауатсыздық  - экономикалық дағдарыстың негізгі себептерінің бірі деуге болады. Қарапайым экономикалық білім жиынтығы оқушыларға тек ақпараттық мәні жағынан ғана құнды емес, сонымен қоғамдағы адамның рөлі мен оның құқығын түсіне білуге негіз болады. Экономикалық білім жас жеткіншектің адами қасиеттерін қалыптастыруға көп мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, экономикалық білім оқушылардың демократия, құқықтық мемлекет,  азаматтық қоғам, адам құқы, бәсекелестік, нарық сияқты жалпы адамдық құндылықтарды белсенді қабылдауына септігін тигізеді.

Қазіргі қоғамда әлеуметтік өмірдің барлық салаларын нарықтық экономикаға қарай бағыттап отырғанда жас өспірім ұрпақтың жан дүниесін соның негізінде тәрбиелеп, оның бойындағы оянбай жатқан қасиеттерін жандандыру - өмір талабы. Егер оны уақытында дамытпасақ, оқушының бойында ұқыпсыздық, немқұрайлық, талғамсыздық, бүлінген нәрсеге, кітапқа, оқу құралдарына жаны ашымас ойсыз қабілет қалыптасады. Экономикалық басқаруды жетік игерген мамандармен  халықтың тұрмысы түзеледі.

Тәуелсіз мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өр талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқыту, тәрбиелеу ісі жаңа сапалық  деңгейге көтерілуі үшін мазмұны жаңартылып, әдіс-тәсілдердің озығы өмірге еңгізілуде. Бүгінде тек сауатты, білімді  жақсы оқушылар оқытып, тәрбиелеп шығару жеткіліксіз. Оқушыларға нарық экономикасын түсіндіру үшін және еркін кәсіпкерлік жүйесінде өндірісті басқаудың кейбір сарамандық дағдыларын меңгеру үшін экономикалық білім берудің маңызы зор. Қазіргі кезде әрбір отбасының күнделікті күн көруіне қажетті табыс көзінің қайдан келетінін үйреткеніміз жөн. Оқушылар кез келген затты сатып аларда, оның көңілін екі нәрсеге аудартуымыз керек. Біріншісі, керекті затты сатып алу үшін ақша табу, екіншісі, сол тапқан ақшаны қалай жұмсау керектігін ойланту. Табыс табудың екі жолы бар: бірінші – жұмыс істеп ақша табу, екінші – қолда бар байлықты пайдаланып, табыс табу. Дегенмен, табыс табуды алыпсатарлықпен шатастыруға болмайды.

Экономикалық білім берудің басты мақсаты:

  • оқушылардың экономикалық мәдениет дағдыларын дарыту;
  • іскерлікке тәрбиелеу экономикалық жағдайларды өз бетінше дұрыс шешім қабылдауға және әрекет етуге үйрету;
  • еңбекті сүюге тарту, қоғамның экономикалық белсенді мүшесі және өз Отанының патриоты болуға көмектесу;
  • кәсіпкерлік қызмет дағдысын тәрбиелеу, кәсіпкерліктегі жалпы адамзаттық  құндылыққа бағдар беруді жүргізу, болашақ кәсіпкерлердің жалпы мәдениеті  мен шығармашылық  ынталығын дамыту;
  • оқушыларға дұрыс кәсіптік бағдар беру;
  • оқушыларды Қазақстанда және халықаралық аймақта жүргізілетін экономикалық  заңдылықтардың негізі ұстанымдарымен, еңбек, отбасы, салық, жер, т.б. кодекстерімен таныстыру.
  • бұл пән оқушыларды ұқыптылыққа үйретуге үлкен мүмкіндіктер тудырады, экономикалық түсініктердің мағынасына  терең үңілуіне көмектеседі.

«Экономика» білім саласының өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың бірі – Қазақстандағы нарықтық экономикасы кезінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен байланысты. Елімізде болып жатқан үрдістерді саналы түрде ұғынса, онда өз орнын табу мен өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру қажеттілігі пайда болады. Экономикалық білім негіздерін анықтауда жалпы адамзаттық құндылықтар, білім беруді демократияландыру және ізгілендіру бастаушы ой болып табылады.

Оқушыларды еңбекке баулудың сан алуан жолы бар. Солардың бірі – оқушыларға экономикалық білім беру. Ендеше қазіргі нарықтық экономика, шаруа қожалығының пайда болуы, жерді, өндірісті жеке адамдарға беру, т.б. талап-талғамдарды оқушыларға оқып-үйрету талап етіледі. Оқушылар жеке саудаға көшу жолын ашу керек. Сол сауданы дұрыс ұйымдастыру үшін оны молайтудың жолдарын іздестіру керек. Лицей шеберханаларында жасалатын бұйымдар, берілетін сабақ теориялық тұрғыда айтылып, тәжірибелік жұмыстарда кесу, тесу, сүргілеу немесе киім пішу, тігу, тамақ дайындау, пісіру т.б. әдістеріне ғана үйретеді. Экономикалық білім беруге назар аудару қажет –оқушы өзі жасап жатқан заттардың өмірге қажеттілігі, жасауға кететін материал шығыны, оны жасайтын еңбек құралдарының құны, қалдықсыз өнім өндірудің пайдасына назар аудару. Қазір өмірдің өктем талабы осынау баға жетпес теориялық және практикалық тұрғыда қажет нәрсені білуді талап етеді.

Бүгінгі таңда жас ұрпақтартың экономикалық сауаттылығын артыруда, экономикалық білім беруде жаңа қадам жасау қажет. Өйткені экономика мен мәдениетіміздің дамуы, халықтың әл-ауқатының өсуі осы мәселелермен тығыз байланысты. Біз оқушыларды оқыту кезінде материалдық байлықты жасаушы ретінде емес, оны пайдаланушы ретінде ғана білім беріп келеміз. Соның нәтижесінде олар осы мерзімге дейін қыруар шығын шығарып, жинақталған материалды кесу, тесу, жөндеу – үйренуші ғана болды. Мысалы, сандық жасағанда  немесе көйлек тігіп шыққанда қанша материал, еңбек, техника, күш, электр қуаты, шыққан шығын, түскен пайда жұмыстарымен оқушыларды жұмылдыру керек. Оқушыларды тек тұтынушы ретінде білім беруді доғармасақ, онда олардың дене еңбегіне төзуі, еңбек өнімділігін арттыруды ойластыру, үнем мен ұқыптылық үшін күресуі қиынға түседі.

 Мектеппен қоса отбасында да экономикалық білім беру баланың еңбекке саналы көзқарасының қалыптасуына, еңбекті тиімді ұйымдастыра білуге, табыс пен пайданы анықтап алуға үйретеді. Тапқан табысты қоғамдық мақсатқа тұтыну,  табысты кәдеге жарату, қоғамдық тұтыну қорларын пайдалануды тек ересек адамдар ғана емес, оқушыларға да үйрету, айырбастау, өндіру, сату, оның пайдасын отбасы мүшелеріне еңбек бөлісіне қарай бөлу, олардың өмір сүруі үшін табыстың қайдан келетінін түсіндіру қажет.  

 Оқушы егер экономикалық білім алып, кәсіпкерлік дағды қалыптастырса ғана – қоғамның анағұрлым білікті пайдалы мүшесіне айналады. Ол жаңа кәсіпкерлік саласын ашса, ал онысы өз кезегінде басқа адамдарға жаңа жұмыс орнын тауып береді. Экономикалық білім мен кәсіпкерлік дағдысы бар азаматтар халыққа жанама экономикалық шапағатын тигізеді, өйткені  білімді қызметкерлер бәріне бейімделгіш әрі жұмысты неғұрлым өнімді атқарады және олардың жұмыссыз қалу ықтималдығы аз. Мұның өзі сайып келгенде күреске жұмсалатын мемлекеттік және жекеменшік шығындарды үнемдейді, сондай-ақ, жұмыс қорының біліктілік, бейімделгіштік және өнімділік деңгейін арттырады.

Оқушыларды кәсіпкерлікке баулі ісі: бағдар беру, экономикалық білім және тәрбие беру мәселелері кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Осылай ғана кешенді түрде жүргізілетін жұмыстар мынадай міндеттерді шешеді деп ойлаймын:

  • оқушыны білімді, шығармашыл, өз ісін сүйетін тұлға етіп шығарады;
  • оқушыда экономикалық білім және кәсіпкерлік дағды қалыптасады;
  • өзі және өзінің отбасы үшін еңбек етіп, өмір сүретін, сол арқылы қоғамға пайда келтіретін азамат болып тәрбиеленеді (қоғамдағы әрбір адам бай болса, мемлекетте  бай болатыны өзінен-өзі белгілі);
  • қоршаған ортаға, материалдық  құндылықтарға, еңбек заттарына  саналы көзқарас қалыптасады;
  • уақытты тиімді пайдалану және оны үнемдей білу дағдыларын оқушы бойына сіңіреді;

- болашақта мектептен алған экономикалық білімдері негізінде мамандық таңдап, өмірге араласуға кең жол ашылады.

Бұл міндеттер тек теориялық сабақтар арқылы іске асырылады. Онда қолданылатын әр түрлі экономикалық тәсілдердің, тапсырмалардың қолданылуы білім сапасын көтерілуіне қол жеткізеді. Осыған орай сабақтарда интерактивті әдіс-тәсілдерді пайдалан тиімді болып келеді.

Солардың бірі – Шаталовтың тірек сызбалары арқылы оқыту әдістемесі. Мақсат – білім сапасын көтеріп, іскерлігін, дағдысын, біліктілігін қалыптастыру негізінде білім деңгейін реттеу.

 «Қазақша – орысша нарықтық терминдер сөздігі» Сөздік тек экономистерге, мамандарға ғана емес, бизнес әлемінде өзін танытқысы келетін іскер адамдарға да қолайлы. Ол оқушылардың ой - өрісін  кеңейтеді, сөздік қорын  байытады, жаңадан шығып жатқан заңдардың қаулы - қаралардың мән - мағанасын терең түсінуге және мәні бар істі іскерлікпен жүргізуге көмектеседі.  

Экономикалық хабарламалар. Оқушының бойындағы экономикалық ойлау қабілетін қалыптастыру, қоршаған орта өзгерістеріне бейімделе білу, қоғамдағы экономикалық құбылыстар мен процестердің, экономика саласы бойынша мақалалардың мәнін түсіндіру.. 

Өзіндік және тесттік жұмыстарының, іскерлік ойындар, пысықтау сұрақтары мен қызықты есептердің, сөздік жұмыстары мен терминологиялық диктанттардың, деңгейлік тапсырмалар мен мақал-мәтелдердің алатын орны ерекше.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің зейін - зерделік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық  және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып оқу тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруға көмектеседі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз