2016 жылғы 6 желтоқсанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 15 жастағы білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалайтын PISA-2015 халықаралық зерттеуінің нәтижесін ресми түрде жариялады (негізгі бағыты - жаратылыстану). Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлайды.
PISA-2015 зерттеуіне барлығы әлемнің 72 елінің 500 000-нан астам 15 жастағы білім алушылары қатысты.
Қазақстанның атынан еліміздің 16 өңірінің 5 780 15 жастағы оқушылары мен студенттері қатысты (189 мектеп және 27 колледж).
ЭЫДҰ елдерді жинаған ұпайлары бойынша рейтингке бөлмейді. ЭЫДҰ негізгі мақсаты елдердің білім беру жүйелерінің үрдісін көрсету.
PISA-2012 зерттеумен салыстырғанда қазақстандық қатысушылардың барлық бағыттар бойынша көрсеткіштері жоғарылады. Математика бойынша нәтижелердің өсімі 28, ал жаратылыстану бойынша 31 ұпайды құрады.
Математика және жаратылыстану саласында өсу үрдісі жоғары деңгейде. 2012 жылғы үрдіс 2009 жылмен салыстырғанда сәйкесінше 27 және 25 ұпайларды құрады.
PISA-2015 зерттеуінде 15 жастағы білім алушылар ұпайлары өсімінің ең жоғарғы көрсеткішін оқу сауаттылығы бойынша көрсетті (+34).
Бұл Елбасының тапсырмасы бойынша іске асырылған "Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық ic-қимыл жоспарының" және мектептегі білім берудің жаңартылған мазмұнына өтуге арналған іс-шаралар арқасында мүмкін болды.
Осылайша, Білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының, Білім және ғылым министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының болжамды көрсеткіштері көрсетілген математика бойынша 440 ұпай (нақты 460), жаратылыстану бойынша 430 (456), оқу сауаттылығы бойынша 400 (427) нысаналы индикаторларына қол жеткізілді.
Сондай-ақ, PISA-2015 жобасына алғаш рет Назарбаев зияткерлік мектептерінің барлық 15 жастағы оқушылары қатысты (2 061 адам). Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларының көрсеткіштері математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша жетекші білім беру жүйелерінің (Сингапур, Гонконг, Макао, Қытайлық Тайбэй, Жапония және т.б.) бірінші ондығына кіреді.
PISA-2015 зерттеуінде Қазақстанның нәтижелері жабық сұрақтар бойынша көрсетілген. Толық және терең талдау, нақты шешімдер мен ұсыныстар 2017 жылғы Ұлттық есепте айқындалатын болады.
Анықтама үшін:
TIMSS және PISA зерттеулерінің негізгі айырмашылықтары зерттеудің іріктемесі мен әдіснамасына байланысты.
TIMSS зерттеуіне 4 және 8 сынып оқушылары қатысады. Ал PISA зерттеуіне тек 15 жастағы мектеп (7-12 сыныптар) және колледждердің білім алушылары қатысады.
TIMSS академиялық білімді бағалайды (Не? Қайда? Қашан?), TIMSS зерттеуі тапсырмаларының 80%-ы білімді көрсетуге бағытталған.
PISA зерттеуі функционалдық қабілетті бағалайды - әртүрлі өмірлік жағдайларда білімді тиімді пайдалану, логикалық ойлау және негізгі қорытынды жасау (Неге? Не үшін? Қалай?), ақпараттық кестелер мен диаграмаларды және т.б. түсіндіру қабілеті. PISA зерттеуі сұрақтарының 70%-ы білімді пайдалана алу қабілетін бағалайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Мая Казакстан
Мая Казакстан Диктант