Сырдың бойынан майдан даласына 150 мыңнан астам адам аттанған екен. Олар ерлікпен шайқасқа түсті. Тіпті, жастық өмірі келтеден қиылған жерлестеріміз де аз болған жоқ. Өкініштісі, сұрапыл соғыстан 30 мыңға жуық қызылордалық жауынгер туған жерге орала алмады. Көзсіз ерлікке барған оларға жат жердің топырағы бұйырды. Майдан жылдарында 20 мыңнан астам жерлесіміз орден-медальдерге ие болды. Басын бәйгеге тігіп ержүректік көрсеткен 22 қызылордалық азамат Кеңес Одағының батыры атанды.
Тұтқиылдан басталған соғыс ел ішін үлкен әбігерге салды. Майдан мен тыл даласы біртұтас болды десек, артық айтқандық емес. Сыр өңіріндегі өнеркәсіп орындары жұмыс ырғағын жандандырды. Алайда, еңбекке жарамды жандардың көбісі әскерге алынды. Осының салдарынан жұмыс қолдарының жетіспеушілігі айқын сезіліп тұрды. Жергілікті басшылық қарап отырған жоқ. Қиындықтан шығудың жолдарын қарастырды. Облыстық партия комитеті осы мақсатта арнайы қаулы қабылдады. Өнеркәсіп орындары, мекемелер мен ұйымдарға әйелдер еңбекке тартылды. Арнайы қысқа мерзімді курстар ашылды. Онда маман жұмысшылар дайындықтан өтті. Игі бастамаға үн қосқан аруларымыз аз болған жоқ. Алғаш рет ұйымдастырылған жүргізушілер курсында 37 нәзік жандылар білім алды. Көп ұзамай 700-ден астам қыз комбайн мен трактор тізгінін ұстады. Еңбек көрігін қыздыра түсті. Олардың көбісінің есімдері елге танылды.
Бұл шаралар өз нәтижесін берді. Еңбек өнімділігі артты. Жергілікті жердегі өнеркәсіп ошақтары тапсырманы 30-50 пайызға артығымен орындады. Соғыс жылдарында қызылордалықтар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Өндіріс ырғағы жанданды. Мәселен, 1945 жылы металл өндірісінің жалпы үлесі 39, тігін бұйымдары 5,7 пайызға өсті. Кәсіпорындарда еңбек ететін адамдардың саны 12 мыңға көбейді. 1942 жылғы Арал балықшылары-ның үндеуі көптің көңілінен шықты. Әрбір балықшы күніге 80 келіден балық аулауға шешім қабылдады. Осының нәтижесінде судан маржан сүзген қауым жылдық жоспарды ертерек орындап шығуға жанын салды. Сол жылы жергілікті балықшылар 153,5 мың тонна өнім өндірді. Сыр бойындағы әріптестерінің бастамасын Каспий, Балқаш жағасындағы еңбеккерлер де қызу қолдады. Мұндай еңбек өнімділігі теміржол саласында да байқалды. Майдан даласына жіберілген әрбір өнім пойыздарға тиелді. Сондықтан бұл салаға үлкен міндеттер жүктелген еді. Оған қызылордалық теміржолшылар үлкен үлес қосты. 1941 жылы Қазалы депосында паровоздың 150 бөлшегін жасау игерілді. Осының нәтижесінде 661 мың сом мен 736 тонна жанармай үнемделді.
Ауыл шаруашылығы саласына да аз салмақ түскен жоқ. Өйткені, неміс фашистері аса маңызды астықты аймақтарды басып алған еді. Қызыл Армия мен тылды тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуде қызылордалық еңбекшілер аянбай тер төкті. Оған ес біле бастаған жас баладан еңкейген қартқа дейін жұмылды. Еңбек тәртібі күшейтілді. Соғыс өрті тұтанған жылы облыстың бес ауданы астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Қамбаға 178,8 мың центнер күміс дән құйылды. Келер жылы астық 2 миллион пұтқа артық орындалды. Ауылдағы ағайын қолдан келгенше белсенді қимыл көрсете білді. Олар көптеген қиындықпен бетпе-бет келген еді. Трактор және автокөлік саны 2-2,5 есеге аз болды. Жұмыс күші де жетіспеді. Жеңісті жақындату жолында оған ешкім қараған жоқ. 1942-1944 жылдар аралығында жергілікті жұрт мемлекет пен қорғаныс қорына 53,6 мың центнер ет, 2,8 мың центнер май табыс етті.
Бірқатар белгілі азаматтар майданға көмек көрсетуде өзгеге өнеге таныта білді. Атап айтқанда, Қуаныш Баймағанбетов, Қашақбай Пірімов, Шоқатай Қоянов, Ыбырай Жақаев, Керейтбай Дүйсенбаев және Ким Ман Сам сынды облыс колхозшыларының әрқайсысы 100-325 мың сомның шамасында ақша аударды. Сондай-ақ, Сыр еңбекшілері мен мектеп оқушылары жинаған қаржыға «Қызылорда колхозшысы» атты танк колоннасы жасақталып, сүңгуір қайық пен басқа да техникалар іске қосылды.
Соғыстың аяқталғанына қаншама жылдың жүзі болды. Алайда, аға буынның ерлігі мен жанкештілігі бүгінгі ұрпақ үшін айта жүретін аңызға айналған. Сол жылдардағы атқарылған әрбір іс бейбіт өмірді бізге тарту етті. Біз осы үшін қазыналы қарттарымызға бас иеміз.
Қызылорда облысы, Арал ауданы
Мергенсай ауылы
№ 58 орта мектебінің тарих пəнінің мұғалімі
Əнесов Нүркен Əбдіхамитұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі