Ұстаз - ұлы тұлға, ұлы есім. Ұстаз есімі көңілге қуаныш ұялатар ең қымбатты, ең ізгі сезімдермен байланысты. Өмірде алдымен кімді қадірлеп, қастерлейсің, кімді үлгі тұтасың десе, әрине ұстазды дер едім. Себебі, сенің жан дүниенді түсіне білетін, алдыңғы өмірдің кедір-бұдыр соқпақ жолдарынан аман-есен сүренбей өткеніңді тілеп, одан сақтандыратын ұстаз. Мамандықтың бәрі жақсы десек те, ұстаз орны алабөтен. Әрине, бәрі емес, бала жанымен біте қайнасқандары ғана. Ұстаздықты бар ұлағаттың басы деп білетіндердің ғана орны мектеп деп Л.Н.Толстой айтқан.
«Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ» дегендей, біздер мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын болады ғой?! Ұлылық пен дарқандықты тамыр тартқан халқымыз «Білімдінің мыңды жығатынын» ежелден-ақ ескеріп, «Оқу - білім азығы білім - ырыс қазығы» «Оқыған озар - оқымаған тозар» деген тағылымға толы өсиет беретін ұстаздарымыз оқушылардың рухани өміріне ықпал ететіні анық. Сондықтан ұстаз алдынан өтпейтін еш мамандық иесі жоқ.
Ол - өмірдегі екінші ана! Мен осындай мамандықтың иесімін! Иесі болғаныма мақтанамын. Абайдың «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген қағидасын ұстанамын.Ұстаз берген дұрыс бағыт талайға бақ боп келген, алғаш қолына қалам ұстатқан мұғалімін ұмытқан бірде-бір адам жоқ шығар. Ата-анам да: «Ұстазыңды әрқашанда ардақта, айтқанын бұжытпай орында» - деп, ол кісіге үлкен құрметпен қарайтын.
Сондықтан да болар мамандық таңдау уақыты жеткенде ойланбастан мұғалімдікті таңдадым. Мен – қарапайым мұғаліммін. Пәниден бақиға дейінгі ұзақ сапарда адамзат баласы үш киелі ұғымды пір тұтады деген пікірдемін. Олар: анасы, туған жері және туған тілі. Шәкірт алдындағы міндетім - жан-жақты білімді, болашағына жол аша алатындай ізденгіш, шығармашыл тұлға тәрбиелеу, ал оларды ұлтына, тіліне қарап алаламай, білім мен тәрбие беру – адамдық борышым. «Бала балқытқан алтын, оны қандай қалыпқа құйып, недей мүсін жасайтыны мұғалімнің қолында» деген екен бір дана. Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» - деген еді Шоқан Уәлиханов. Мұндай қанатты сөздердің мысалын көптеп келтіре беруге болады. Себебі, қазіргі оқушы өте сауатты. Өйткені оның бос уақытты көп. Ол теледидар, радио, интернет жаңалықтарынан хабарлар болып отырады. Осыдан өте мол ақпарат көздерін білетін оқушының алдынан барып сабақ беру үшін мұғалім мүмкіндігінше сол деңгейге сай болуға тиіс. Оқушы ұстазының күнделікті өз пәнінің әр сабағына қандай дайындықпен келетінін сынып бақылап отырады. Егер ұстаз өз пәнін құрметтейтінін білсе оқушы да ол пәнге салғырт қарамайды.
Сабақ кезінде мұғалім ғана жұмыс істемей, оқушыларды сабақ үстінде жұмыс істеуге тарту керек. Ол үшін оқушыларға ой қозғайтын әр түрлі проблемалық сұрақтар тастап отыруға болады. Мүмкіндігінше оқушыларға топпен жұмыс жасатуға тырысу қажет. Қазіргі заманға сай жаңаша әдіс - тәсіл, технологиялар, тірек сызбалар керектене отырып, пәнге қызығушылығын өмірге құштарлығын қалыптастыруды басты мақсат тұту керек екенін өз тәжірибемде жиі байқап жүрмін. Кезінде ұлы ғұламалардың бірі «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Сондықтан ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың болашағы бірінші кезекте мұғалімнің берген білімі мен тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты деп ойлаймын. Оқушының дамуын жан-жақты зерттеп, оны терең білу, оның даралық ерекшеліктерімен үнемі санасып отыру әр ұстаздың жауапты міндеті. Мұғалім - тек бағыттаушы, ал оқушы - ізденімпаз болып, өз бетімен шешім қабылдауға жүрексінбей кіріскендіктен, бұл жұмысымыздың белгілі бір нәтижесі болып жатқанын сеніммен айта аламын. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. Оқыту үрдісінде өзгеріс енгізу үшін мен не істедім деген сұраққа тоқталар болсам, ең әуелі мен өзгеріс енгізу үшін менің жаңа заман педагогі ретінде қалыптасуым керек екенін түсіндім. Осылайша алдыма үлкен мақсат қоя отырып заман талабына сай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа заман мұғалімінің еншісіне тиері анық деп білемін. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші - білім деңгейімен өлшенеді. Сапалы білім негізі жан-жақты көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру. Өйткені, тек оқулықтағы білімді жеткізуші мұғалімнің құны жоқ деп ойлаймын. Оқулықтағыны оқушы өзі де оқып алады. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та - ұстаз мамандығы. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Сондықтан осы маман иесі қазіргі заман талабына сай құзіретті маман иесі болуы шарт. Құзіреттілік жаңа заман педагогіне тән қасиет. Кез келген ұстаз осы ұлы есімге сай ұрпаққа білім беруді өзінің тікелей парызы деп білуі шарт. Баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын оқу мен тәрбие. Бүгінгі білім беру оқу-тәрбие үрдісінде пәнге танымдық дербестікті дамыту құралы ретінде қызығуды қалыптастырудың мәні барған сайын ұлғайып келеді. Яғни, мұғалімнің ең басты міндеті дайын білімді дағдыларды меңгертіп қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта ізденетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін рухани бай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны жетілдіру болып отыр. Сондықтан мұғалім өз жұмысын оқушының өздігімен білім алуына бағыттауы қажет екенін білдік.
Мұғалімнің тығыз ынтымақтастығында бола отырып оқушы өз дамуының жаңа сатысына бірте-бірте көтеріледі. Оқушы бойындағы оқуға деген қызығудың аз да болса көрінісін дер кезінде байқау, танымдық қызығуды біртіндеп қалыптастыру үшін барлық жағдайды жасау, оқушының ойын ояту түйінді сұрақ қою, оны таңғажайыптармен таңырқата білу, белсенді өзіндік іс-әрекеттерге қатыстыру, бүгінгі таңдағы мектеппен мұғалімнің басты міндеті болып отыр. Сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің үнемі іздену, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану, оқыту әдістемесін жаңартып отыруына байланысты. Ең алдымен баланы бір әрекетке тарту үшін оны қызықтыр, оның бұл әрекетке дайын екенін білу үшін қамқорлық жаса, оны іске асыру үшін барлық күшін салатынын және бала өзі қимылдайтынын ал мұғалім болса сол әрекетті басқарып, бағыттап отыруы керек. Сабақ үстіндегі оқушылармен жүргізілген жұмыстар олардың өздерін әрекетке қосады, яғни олар ой толғайды, талдау жасайды, меңгерген мазмұнын қорытады. Осылайша шәкірт бойындағы шығармашылық қиял, дарын, қабілет бастауы ашылады. Шәкірттердің оқулық материалымен шектелмей, ізденгені, өзіндік ойын, тұжырымын айтуға талпынуы бұл - үлкен жетістік деп білемін. «Іздесең – табасың, алыссаң аласың» мақсатқа жету үшін қайтпас қайсарлық, асқан төзімділік, таудай талап пен табандылық керек болса сол табандылығымен үлгі-өнегесін жан–жақты көрсетіп жүрген үлгілі ұстаз болсам деген арманым әлі күнге мені алға жетелейді. 25 жыл еңбек өтілім болса да әлі іздену үстіндемін, ізденемін, шәкірттерімді әлі де білімнің таза бұлағымен сусындатамын деген үмітім сөнбек емес. Қорытындылай келсем, әр ұстаз өз мамамдығын жанындай сүйіп, озық үлгідегі ұстаздар тәжірибесіне баса назар аударса бұзылмайтын қамал, алынбайтын асу болмас. Өз өміріңнің әр бір минутын көздің қарашығындай қастерлеп, игілігіңе жарату ең шеберлікті талап етері сөзсіз.
Менің өз тәжірибемде жаңарудың 5 жолы бар деп есептеймін.
1. Өз жеке іс-тәжірибеңді дамыту арқылы.
2. Өзгенің іс-тәжірибесін үйрену арқылы.
3. Ғылым жаңалықтарын меңгеру арқылы.
4. Сынап қарау, қателіктерден қорытынды шығару арқылы.
5. Тәжірибе арқылы.
«Қай істің болсын өнуіне 3 түрлі шарт бар.
Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» «Адамға бақыт та, бақ та, абырой да, атақ та тек адал еңбекпен келеді » - деген қағиданы ұстанып, өз шәкірттерімді білімді де, саналы етіп тәрбиелеу басты мақсатым екенін үнемі есіме сақтай отырып, еңбек етуге құлшынып жұмыс жасаудамын. Еккен дәннің жемісін көру үшін алдыма келген әр баланың жүрегін жаулап алып, өмірден өз орнын таба алатын, дүниенің бір кірпіші боп қаланатындай азамат тәрбиелеу керектігін парызым деп білемін. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне" бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала - пәк, бала тап - таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін мұғалімнің жылы жүрегі, аялы алақаны және мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім.
Абай атамыз айтқандай: «бала тәрбиесіне 3 жақ әсер етеді, ата - анасы, ұстазы, және жүрген ортасы. Қайсысының ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады» деген ойы ұстазға да ауыр салмақ салып тұр. Біліммен қатар тәрбие де басты мақсатта болу керек. Тәрбие бар жерде білім бар.
Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзді әркез естен шығармаймын. Бүгінгі эссемді «Әр ұстаздың айтар сыры бар» атауымның да сыры тереңде. Себебі әр күн, әр сағат, әр минутта білсем, үйренсем, үйретсем деген терең ойдың жетегінде жүретін ұстаздар қауымының айтар сыры мәңгі таусылмасы анық.
Ақмола облысы
«Атбасар ауданының Сергеевка орта мектебі» мемлекеттік мекемесі
Бастауыш сынып мұғалімі: Магзум Майра
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі