Өлеңдер Бөлімі

Таразда «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша жаңа кітаптар жарық көрді

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша бірнеше жаңа кітап жарық көрді.

Аталған оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, «Түркістан жинағының» 4 томында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған 22 ғылыми мақала мен очерктер топтастырылған. Ғылыми жинақ аталған оқу орны жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында дайындалған.

«Түркістан жинағы» - Түркістан өлкесінің (Орталық Азияның) көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, халықтарының мәдени өмірі мен тұрмыс салтына және тағы басқа да көптеген мәселелерге арналған мақалалар жарияланған ғылыми жинақ болып табылады.

Сонымен қатар, «Түркістан өлкесіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихы (Сырдария және Жетісу облыстарының материалдары бойынша)» монографиясы да оқырманға жол тартты.

Аталған монографияда 1916 жылғы патшаның «Маусым» жарлығына қарсы Түркістан өлкесінде өткен жергілікті халықтар: қазақ, өзбек, қырғыз, дүнген, ұйғырлардың көтерілістері баяндалған.

«Ғылыми еңбектің негізі Түркістан өлкесіндегі, атап айтқанда Сырдария мен Жетісу облыстарындағы жергілікті тұрғындардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске шығуының әлеуметтік-экономикалық, саяси-рухани себептері мен алғышарттарын, көтерілістің басталуы мен барысын, патшалық әкімшілік тарапынан көтерілісті қатыгездікпен басып-жаншуын, жеңіліске ұшыраған халықтың босқыншылыққа ұшырап көршілес жатқан Қытай жеріне ауа көшуі, қос империяның қыспағына түскен босқындарды тарихи Отанына қайтарудағы қазақ зиялыларының еңбектері мұрағаттық құжаттар мен тарихи деректердегі мәліметтерге сүйене отырып жазылған», - дейді кітап авторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова.

Кітап студенттер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен тарихқа қызығатын оқырман қауымға арналған.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа да жазбалар

×