Өлең, жыр, ақындар

Алматыда оқушыны ұрған ұстаз түрмеге жабылуы мүмкін

Оқушыны ұрған ұстаз бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Алматы облысында 20 жылдан артық еңбек өтілі бар химия пәнінің мұғалімі шәкіртін желкелеймін деп істі болып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

7-ші сынып оқушысымен болған әрекетті басқа балалар ұялы телефонға түсіріп, ғаламторға таратып жіберген екен. Осыдан кейін ұлдың ата-анасы іс қозғауды талап етіп, полицияға арыз түсірген.

Істің неден басталғаны таспаға түспей қалса да, ашулы ұстаздың оқушыны шапалақпен ұрып жатқаны анық көрінеді. Кейін жеткіншекке дауыс көтеріп, жұлқылауға кіріскен. Сөйтсе ол, Іле ауданы Байсерке ауылындағы мектепте химия пәнінің мұғалімі екен.

Оқиға жаңа жыл алдында 7-ші сыныпта болыпты. Сабақ үстінде мұғалім оқушыларды жалғыз қалдырып кеткен. Сол кезде жеткіншектер бір-бірін ренжітіп, артынша қыз мектепте істейтін анасына шағымдаған.

"Мамасы сыныпқа кіріп келіп баланы ұрған. Бұл хабарды мен ата-анасынан естідім. 24-і күні тиісті шара қолдандым. Мәмедалиева Мира – ұрған химия пәнінің мұғалімі статьямен жұмыстан босатылды. Оның түсіндіруі бойынша, ол ана ретінде барыпты ол жерге. Яғни қызының жылап келгені үшін. Қызының жағынан ұрып жіберген ғой бала", - дейді мектеп директоры Ғабидолла Нұрмұханбетов.

Мұғалімнің 20 жылдан артық еңбек өтілі бар екен. Бірақ, балаға қол көтергені үшін оған қарамадық дейді директор. Ұстаз енді тіпті қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін.

"2003 жылғы ұлының мектепте мұғалімнің қол көтергендігіне арызданады. Арыз Іле аудандық ішкі істер басқармасына тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 107-бабына сәйкес іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - дейді Алматы облыстық ІІД ресми өкілі Айман Мырзекова.

Ғаламторда қызу талқыланып жатқан осы оқиға бойынша оқушыларды қараусыз қалдырған сынып жетекшісі де қатаң сөгіс алыпты.

Химия пәнінің мұғалімі енді заң бойынша берісі айыппұл төлеп құтылады, арысы 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал тәртіп сақшылары оның жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды ескеретін болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

қазақ

Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар