Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесті.
Жүздесу барысында Елбасы Жолдауы жүктеген білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы талқыланып, білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттары жөнінде сөз қозғалды.
Оңтүстік өңіріне іссапармен келген Ерлан Кенжеғалиұлы базалық оқулықтар әзірлеуге қатысты министрлік жүргізіп жатқан реформаларды сөз етті.
«Елімізде білім саласына ерекше мән беріліп отыр. Жаңа заманға сай талаптар ретімен енгізілуде. Біз осындай қадамдар арқылы Қазақстандағы білім беру жүйесін күтілген стандарттарға жеткіземіз. Тағы бір жаңалықтар - электронды портал. Бұл өз кезегінде мұғалімдерді қағазбастылықтан босатады. «Күнделік» порталы мен оқушылардың ҰБТ және басқа да емтихандарға дайындалуына көмекші құрал болатын «Вilim Land. Kz» интернет порталы іске қосылып отыр. Мектептерді интернетпен және интерактивті тақталармен қамту да басты назарда болады», - деді министр.
Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерін аттестаттаудың жаңа қағидаларын әзірлеп шықты. Бұдан бөлек, балабақшаларда, мектептерде, колледждерде және ЖОО-ларда мемлекеттік бақылау шеңберінде тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша жаңа тәсілдер қолданыла бастады.
Елімізде әрбір бесінші бала өмірге келетін өңір республика көлемінде ең көп оқушылар топтасқан аймақ болып саналады. Әр жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалар 30 мыңға көбейіп отыр. Жылына орташа есеппен 80 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Сондықтан да күнгейде соңғы кезде мектеп тапшылығы туындауда. Әлі күнге үш ауысыммен оқитын білім ошақтары бар.
«Жалпы, бүгінде облысымызда 1021 мектеп бар. Алдағы 5 жылда 205 мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Елбасымыздың Жолдауын іске асыру баршамызға міндет. Осы орайда еліміздегі білім мен ғылым жүйесінің алдағы реформаларын бірлесе атқаруға ниеттіміз. Өзімнің осы саладағы тәжірибем мен білімімді бөлісуге қашанда әзірмін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, облыста "Балапан" бағдарламасы аясында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі басты назарға алынып отыр. Алдағы 3 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар санын 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Кездесу соңында Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімдігі Оңтүстік өңіріндегі білім саласындағы күрмеулі мәселелерді бірлесе шешуге уағдаласты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі