Шілде айының соңында күні-түні үзбей жауған жаңбыр әп- сәтте-ақ қырдың үгіле бастаған көдесін көтеріп, жасыл құрақ жайқалып, арнасы кепкен бұлақтарға кәдімгідей жан бітіп,сарқырап, күркіреп тасқындай ағып дала сәнін арттыра түскен.
Тұлпарлар тұяғының дүбірі мен жылына бір рет дүр сілкініп, сонан кейінгі кезеңде өлі тыныштық құшағына жататын Мойылды алқабында киіз үйлер тігіліп, ат шабыс өтетін айналым тазартылып тегістеліп, мұқият тексерістен өткен. Міне, жылдағы еңбек озаттарының дәстүрлі аудандық слетінің жалауы желбірей көтерілді.
Аудан басшылары, еңбектерімен ерекше көзге түскендер, еңбек ерлері атанғандар, әр деңгейдегі депутаттар, бір сөзбен, ауданның бетке ұстарлары Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданынан арнайы келген өкілдер алаңдағы президиумға жайғаса бастады. Тек жиын бастала қоймады. Аудан басшылары әлдекімді тосып отырған сыңайлы. Міне, ақыры оның да қарасы көрінді.
Отырғандар орындарынан өре түрегеліп, онымен жік-жапар болып қол алысып амандасып жатты. Оған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының қасынан орын ұсынылды. Сол сәт қасымда тұрған жігіттердің бірі: «Қалижан аға!»- деп қалды. Расында, бұл қазақтың дауылпаз ақыны Қалижан Бекхожин аға еді. Жиналыс басталып кетті. Күн барған сайын шыжып сала берді. Ашық алаңқайдан ағаштардың көлеңкесіне қарай ығыстық.
Ұзын - сонар баяндамадан соң әр сала бойынша социалистік жарыстың жеңімпаздары атанған шаруашылықтарға ауыспалы Қызыл ту тапсыру, ақыр соңында, жекелеген еңбек озаттарын марапаттау... Кемінде 2-3 сағаттан аса уақыт алған осы шараны жүзеге асырғанша шыжыған күн астында тапжылмай отыру кімге де болса, әсіресе ақын ағаға оңайға соқпағаны байқалып-ақ тұр. Маңдайынан шып-шып шыққан терді тынымсыз қол орамалымен сүрте берді.
Тіпті оның шешендердің сөзіне құлақ түруге мүмкіндігі болды ма екен, кім білсін? Коммунистік партияны, қала берді, аудан басшыларын қол аяқтарын жерге тигізбей мақтаған. Алғыс айтқан парықсыз даурықпа сөз желді күнгі өрттей лаулап барып басылды. Президиумда отырған игі жақсылар көл бетінен дүр етіп көтерілген құстай қалың көпшіліктің сырт жағында орын тепкен киіз үйлерге қарай емпеңдей аяңдап бара жатты.
Қалижан Бекхожинді қолтықтаған жауапты қызметкерлердің бірі бізден жүз- жүз елу метр жерде біреуі орындықта қалғандары түрегеп тұрған. Әйелдерге қарай беттеді. Қалекең жақындаған тұста орындықта отырған шырайлы келіншек орнынан тұрып ақынға қарсы беттеді. Сол сәт Қалекеңнің: «Зайдахан!»- деген үні саңқ етті.
- Жеңгеміз,- деді бізге ақын Төлеген Мұқаев. Бұл сәтте ақын жеңгемізді құшағына алып, мейірлене иіскеп, маңдайынан сипаған еді. Бұл бізге. бізді қойшы. осы бір ақын серілігін танытатын адал жарына деген асыл сезім. Қашанда болсын қосағынан мейірім шуағын күтетін нәзік жанды әйел қауымының жасына да, жасамысына да еткен әсерін айтып жеткізгісіз еді. Әрқайсының ет жүрегін дір еткізген қайта оралмас албырт шақтарын бірте-бірте уақыт тозаңы шалып ұмтыла бастаған ұлы Абай айтатындай «жас жүректің саусағын жайған» іңкәр сезімге толы естеріне түсірген болар. Әйтеуір бей-жай қалған жан жоқ еді.
Бұған сол сәтте одан кейінгі жерде Баянауыл аудандық «Жеңіс» (Баянтау) газетінде қызмет еткен жылдарда (1971-97) бір кісідей көз жеткіздім. Ол кезде ауылдарда қонақ үйі жоқ. Іссапарға, қайда барсақ та қонақжай ауыл адамдары құшақ жая қарсы алатын. Кім екенімізді танып білген тұста шаңырақ иелері міндетті түрде:
- Сол жылғы ақын Қалижан Бекхожин қатысқан еңбек озаттарының слетінде болдыңыз ба?- деп сұрар еді.
- Ал өзіңіз ше ?- деген қарсы сауалға біреулері болдық десе, енді біреулері бола алмағанын айтатын. Неге екені белгісіз, олардың Зайдаханға Қалижан ағаның тарапынан сүйіспеншілікке толы жасалған сол ізетті ауыздарының суы құрыған әңгімелеріне құлақ түре отырып, ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен көрген де арманда көрмеген де арманда деген қанатты сөзі ойға оралатын. Осы аталы сөз, зайыры, осындайдан қалған-ақ болар деп топшылайтынмын .
Тіпті тағдыр шіркіннің сол елі сүйген тау қырандай саңқылдаған терең ойлы, еркін мінезді, ерекше текті қазақтың біртуар ақындарының бірімен екінші рет жүздесіп әйгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев екеуінің семинарына қатысып, алдарында өлең оқып, әділ бағаларына ие болармын деп кім ойлапты. Тіпті бір шаңырақтың астында қона жатып, әңгімесін тыңдауға мүмкіндік алармын -ау деген ой ол тұста үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бәрін басынан бастайыншы.
1975 жылы 4-7 наурыз аралығында Павлодар қаласында жас ақын жазушылардың Республикалық аймақтық слеті өтті. Сол слетке біздің аймақтан ақын Социал Әйтенов, Төлеген Мұқаев, Гүлбаршын Дурманова Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Мүбарак Жаманбалинов, Есентай Ерботин Май ауданынан (аты-жөнін ұмыттым) тағы бір жігіт қатысты. Солардың сапында осы жолдардың да авторы бар еді. Біз Төлеген Мұқаев екеуміз сол тұста Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде қызмет істегенбіз. Ол кезде менің жоғары білімім жоқ еді.
Жарияланған әдеби шығармаларымның да саны саусақпен санарлық болатын. Осыны көлденең тартқан ұжым мүшелері менің слетке қатысуыма елеулі қарсылық білдірді. Тіпті кейбірі қызбалыққа салынып, бұл әдеби шығарма түгілі әуелі дұрыстап мақала жазып алсын дегенге дейін барып қалды. Төлегеннің: «Сіздер Сүлейменнің ақын екендігін білмесеңіздер, мен білемін»,- деген бір ауыз сөзі маған семинарға қатысуыма жол ашқандай еді.
Алматыдан келетін ақындарды әуежайдан қарсы алуға біз де келдік. Ол кезде қарсы алушылар жолаушыларды қону алаңына қарсы алатын. Міне, алып лайнерге трап берілді. Ұшақтың есігі ашылып, қарсы алушыларға қол бұлғап ізет еткен ақын Қалижан Бекхожинге ілескен ақын- жазушылар әп-сәтте өздерін қарсы алушылармен мидай араласып кетті. Мені қолымнан тарс қылып ұстап алған Төлеген бір сәтте жұлқи тартып, Қалижан ағаның алдынан бір-ақ шығарды. Ақынға сәлем беріп тұрған менің аты-жөнімді айтып таныстырыпт а үлгерді. Қалың топтың ортасынан сытылып шыққан тұста Есентай ағаға ұшыраса кеттік.
- Мен көктен түскен ақындарды жерде тұрып көруге арнайы келген едім,- деді ол жымия күліп. Жол бойы әлдекімдер:
- Олжас кешкі рейспен келетін болыпты,- десіп келе жатты. Слетке қатысушыларды кешкі асқа шақырған тұста шетқақпайлау тұрған бізді байқап қалған облыстық комсомол комитетінің қызметкерлерінің бірі шеттеу тұрған үстелдің біріне жайғастырып, басқаларға жасалған жағдай бізге де жасалатынын айтып жатты. Төске шауып басқа өрмелеп үйренбеген басымыз тіпті кей облыстан келген жылпостардың алды үлкен жазушылар мен дастархандас бола қалғанын артынан аңғардық.
- Сәке, қазір,- деп Төлеген есікке қарай тұра ұмтылды. Іле жазушы Қабдеш Жұмаділов ағаны ертіп келіп, бос орынға жайғастырды. Сөйтсек, Қабаң әлденеге іркіліп қалған сәтте ресторанға лап қойған жастар жағы ол кісіні ығыстырып жіберсе керек.
Қабеңнің «Соңғы көшінің» ауыздан-ауызға жетіп, қолдан-қолға өтіп аңыз бола бастаған тұсы бұл. Біздің сауалдарымызға шешіле жауап беріп отырды. Орайлы бір сәтінде Төлеген Қабеңнің мекенжайын де алып үлгерді. Содан бірнеше жыл өткенде Төлеген Алматыға қызметке ауысқан тұста Қабдеш ағаға хабарласса керек.
- Отбасымызбен қонақ қылды,- деп отыратын марқұм.
Таңертең «Ертіс» қонақ үйінің буфетінен азықтанып алмақ болып кірсек, Олжас сонда отыр екен. «Адамға табын, Жер, енді» поэмасының авторын таяқ тастам жерден көрермін деп кім ойлаған?! Өз басым бір түрлі абдырап, сасып-ақ қалдым.
Олжастың аса келісті тұрқы үстіне киген киімі өзгелерге қарағанда алабөтен еді. Семинар басталып кетті. Он облыстан келген жас ақын- жазушылар топ-топқа бөлініп, бақтарын сынауда. Қалижан, Қуандық ағалар әр ақынның оқыған өлеңін ой елегінен, сын тезінен өткізумен отыр.
Кейде балаша қуанып, кейде кірпідей жиырылып отырған олардың жүзінен біздер өлең оқыған ақынның поэзия әлеміне қаншалықты қатысы барын іштей аңғарып, опырай біздің күніміз не болар екен деп ойлаумен отырмыз. Ал бұған дейін Қалағаң өлеңдерін оқи бастаған бірер ақынды орта жолдан тоқтатып тастады. Тіпті біреуіне: «Комбинезонның поэзияға қандай қатысы бар? Сен онан да еңбек адамын жырламайсың ба?»- деп ескерту жасады.
Қалағаңның аузынан өз аты-жөнімді естігенде біршама абдырап қалғандай едім. Өлең оқи бастағанда жүрегімнің орнына түскендігі соншалық- қарсы алдымда қасқайып отырған Қалижанды да, Қуандықты да, мені зер салып тыңдай бастаған әріптестерімді де бір сәтке ұмытқандай едім. Есімді Қалағаң: «Рахмет, айналайын!»- дегенде барып жидым. Сол күнгі Төлеген екеуміздің қуанышымызда шек жоқ еді.
Сол жолы Қалағаң мен Қуандық ағадан басқа қазақтың маңдайына біткен Бердібек Соқпақбаев, Аманжол Шамкенов, Жаппар Өмірбеков, Сәтімжан Санбаев, Әубәкір Нілібаев, жоғарыда аты аталып өткен Қабдеш Жұмаділов сынды қаламгерлермен ұшырасу бақытына ие болған едік. Облыстардан келген Нұрғожа Оразов, Медеу Сәрсекеев, Ақселеу Сейдімбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Төлеген Қажыбаев есте қалған еді.
Ертеңгісінде Павлодардың өндіріс орындары трактор зауытына бұл күнде Қ.И. Сатпаев атындағы Ертіс- Қарағанды каналы бойындағы насос стансыларына сапар шектік. Белгіленген уақытта бірнеше автобуспен трактор зауытына келіп түсе қалдық. Жеңіл көліктермен ерте келген астаналық ақын- жазушылар бізді ашық алаңда тосып тұр еді. Топты жанның ортасында Олжастың сұңғақ бойы асқақ көрінеді.
Біз жақындағанда олар алға жылжыды. Осы сәт көңілімді Гүлбаршын Дүрманованың амандасқан даусы бөлген еді.
-Олжас ағаңа амандастың ба?
-Жоқ.
- Мұның қызық екен. Жаяу Мұсаға сен де ол да жиеншар емессіздер ме?
-Оны ол кісіге қалай айтам?
-Қазір сені шақыртад. Сол сәт Олжастардың тобынан бөлінген бір жас жігіт бізге қарай жүгіріп келе жатты. Біз жақындаған тұста ол:
- Гүлбаршын Дүрманова қайсың?- деп сұрады.
-Олжас Омарханұлы шақырады. Гүлбаршынды өзімен ілестіріп ала жөнелді. Өндіріс орындарын аралап оралған біз жуынып-шайынып жатыр едік. Есік қағылды. Келген жігіт:
-Сендерді Қалижан Бекхожин тосып отыр,- деді.
-Төлегенді ме?- дедім мен.
-Жоқ, сені де. Кәне жүріңдер.
Ақын бізді жылы қарсы алды. Ертең түскі асқа Алматыдан келген ақын- жазушыларды шақырмақ едім. Елімнің, жерімнің дастарханын көрсетпекпін. Соған сен Сүлеймен Олжасты...
-Аға,- дедім мен ол кісіге, - Төлегеннің барғаны жөн болар.
-Жоқ, сен барасың, -деді ол қатқыл үнмен бұйыра сөйлеп. Төлеген сен... әрқайсымыз аталған жазушыларға хабарламақ болып, олардың бөлмелеріне бет алдық, Олжас... Қалай қарсы алар екен? Орысша жазатын ақынға Қалағаңның түстікке шақырып жатқанын жеткізе алсам жарар еді-ау. Қинала тұрып есігін қақтым. Кенет есік ашылып, Олжастың өзі көрінді. Мені бөлмеге кіргізген ол орын ұсынды.
-Мен сізді тыңдап отырмын.
Мен оған шама-шарқым жеткенше Қалижан ағаның түстікке шақырып жатқанын айттым.
-Жақсы,- деді ол. Басқалары да келетіндерін айтты.
- Дұрыс,- деді Қалекең,- тапсырманы ойдағыдай орындаған екенсіңдер . Тек шаруа мұнымен біткен жоқ. Сен екеуің солармен бірге боласыңдар. Төлегенді білмеймін.
Өз басым бұрын-соңды мұндай есімдері елге аса танымал ақылман данагөй соған сай, Баукең айтпақшы, атақтары да, шатақтары да жыртылып айырылатын айбынды жандармен дастархандас болмақ түгілі төбелерін көз көрім жерден көрмеген едім. Содан да болар қатты жүрексіндім.
Қалекеңнің қонақтары айтылған уақытта жиналды. Ә дегеннен- ақ дастархан басында қызу әңгіме өріс алды.
Бір тұста отырғандардың бірі: «Закадычные друзья» деген орыс сөзінің мағынасы қазақша қалай?»- деп көпшілікке сауал тастады. Әркім «кеңірдек», «көмекей» деп өз білгенін айтып жатты. Бірақ бір ортақ мәмілеге келе алмады. Сол тұста Қалағаң: «Сіз қалай түсіндірер едіңіз?»- деп Олжас Омарханұлына қарады.
-Кадык,- деді ол. Онда бұл жұтқыншақ болды ғой.
- «Өңештес достар» деген мағына білдіреді,- деді ақын Қуандық Шаңғытбаев. Отырғандардың бірі: «Бұл тілдік қорда бар сөз ғой»,- деген еді. Қалғандары оны қостай келе, сөз өнері дертпен тең деген осы десті. Кейде күнделікті айтылып жүретін сөздің өзі қажетті кезінде ойға түспей сандалтатын сәттері көп екенін әңгімелеп кетті.
Алдынан ел тараған билерден қалған шешендік сөздер, қазақ әдебиетінің негізін салушылар, бүгінгі таңдағы озық ойлы қаламгерлер туралы небір өнеге болар сөздер айтылды. Ал оларды ақын жазушы ағалардың аузынан шыққан саф күйінде жеткізуге қалам-қуатымыз жете бермес. Өзімнің бұлдыр былжыр ойыммен солай деген сияқты еді деп қағазға түсіру қиянат болар. Тек өзімді таңқалдырған бір жай жайлы айта кетейін.
Мен білем деушілердің айтысына қарағанда, кейбір ақын-жазушылар бір-біріне: «Менің жанымда сен кімсің?»- деп жаға жыртысып шыға келеді десетін. Өз басым соны байқамадым. Сырбаз сыйластық, жарасымды әзіл әлден соң үргедектеніп отырған көңілімді орнына түсірген еді. Кешті (солай айтуға болатын болса) Олжас Омарханұлы Сүлейменов жүргізіп отырды.
Үстел басында отырған ағалар өздерімен өздері болып кетпей арагідік Төлеген екеумізге де назар аударумен болды. Кеш аяқталып, жұрт тарқай бастады. Қалижан аға Төлеген екеумізге: «Бүгін осында қонасыңдар»,- деп тағы да ескертті. Ол кісілер сол кездегі «Ертіс» қонақ үйіндегі ең жақсы екі бөлмелі люкске орналасқан екен. Сол күні ақын ағалармен ұзақ әңгімелестік. Ол кісілердің әңгімелері әдебиетке, досқа адалдық, жаппай арыңды сақтау туралы еді.
Содан бері бірталай ақын- жазушылармен кездесіп, ой бөлісіп, дәмдес-тұздас бола жүріп, Қалижан, Қуандық ағалармен өткізген сол бір шұғылалы да шуақты сәтке жететінін еске түсіре алмай отырмын. Бәлкім, «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі естен кетпес» деген осы ма екен? Қалай десек те мені әдебиет айдынына алып шыққан бірінші- Құдай, екінші- Төлеген інімнің көмегі, ағалардың ағалық қамқорлыққа толы бір ауыз жылы сөздері екені талассыз ғой.
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі