Астананың барлық мемлекеттік балабақшаларында жолдамалар электрондық жүйе арқылы берілетін болды. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Бүгінде Астанада түрлі үлгідегі 261 мектепке дейінгі мекеме бар. Онда тәрбиеленетін балалардың жалпы саны - 48 154. Соның ішінде: мемлекеттік - 95, онда 27 193 бала қамтылған; ведомстволық - 2, онда 383 бала қамтылған; жекеменшік - 116, онда 14 854 бала қамтылған, 95 мекемеде 8 949 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған; шағын орталықтар - 48, онда 5 724 бала қамтылған», -делінген хабарламада.
1 қаңтардағы жағдай бойынша, мектепке дейінгі мекемеден орын алу кезегінде 3-тен 6 жасқа дейінгі 33 240 бала тіркелген.
Кезекке күн сайын 100-ден астам бала қойылады. Бала туу және көші-қон көрсеткіштерінің жоғарылауы есебінен мектепке дейінгі жастағы балалардың саны көбейді. Мәселен, мектепке дейінгі жастағы балалардың контингенті 2010 жылмен салыстырғанда 7 есе артқан.
Астанада www.e.astana.kz порталы арқылы өтініш жолдау және кезекті қарау мүмкіндігімен қатар, жолдамаларды автоматты түрде беру жүйесі іске қосылған.
Орындарды бөлуге Білім басқармасы мамандары қатыспайды. Сондай-ақ жоспарлы жинақтау жұмыстарын күтпей-ақ, босаған орындарға жылдың ішінде жолдаманы алуға болады. Әрбір ата-ана кез келген уақытта жеке кабинет арқылы жүйеге кіре алады. Жүйе жолдаманың берілуі туралы хабарламаны автоматты түрде смс және электрондық пошта арқылы жолдайды, одан кейін ата-аналар мектепке дейінгі мекемеге ұсыну үшін жолдаманы жүктей алады.
10 сәуірден бастап Астананың барлық мемлекеттік балабақшаларына жолдамалар электрондық түрде беріледі. Егер өтініш берушілердің балалары 2015 жылы дүниеге келсе, олар үшін 10 сәуірден, тиісінше 2014 - 12 сәуірден, 2013 - 18 сәуірден, 2012 - 21 сәуірден, 2011 - 25 сәуірден бастап мемлекеттік балабақшаға жолдаманы алуға мүмкіндік бар.
Әрбір туған жыл үшін мемлекеттік балабақшаларға жолдамалардың берілуін күту мерзімі Пайдаланушыларға ескертпе жолданған сәттен бастап 15 жұмыс күнін құрайды. Себебі ата-аналарда электрондық қызметтерді алуда қиындықтар туындауы ықтимал: Интернеттегі ақаулар, NCLayer бағдарламасын орнатудағы қиындықтар, электронды сандық қолтаңбаның жоқтығы, жеке кабинетте байланыс мәліметтерінің болмауы және т.б.
Стандартқа сәйкес ата-ана қолына алған жолдаманы берілген күннен бастап 5 күн ішінде мектепке дейінгі ұйымға ұсынуы тиіс.
Биыл елорданың мемлекеттік балабақшаларында 6310 орын босайды. Оның барлығы қатаң түрде тек кезекке сәйкес бөлінеді: 1240-cі 2015 жылы туған балаларға, 2233-сі 2014 жылғы, 1340-ы 2013 жылғы, 1111-і 2012 жылғы, 386-ы 2011 жылғы балаларға қарастырылған.
Айта кету керек, егер бала үш жасқа толып, мектепке дейінгі мекемеге кезегі келмесе, онда ата-аналар баланы төрт жастан бастап қысқа уақыт болатын шағын орталықтарға немесе бала үш жасқа толған кезде орын бөлінетін мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларға бере алады.
Электрондық жолдаманы алудың толық нұсқамасымен Астана қ. Білім басқармасының сайтында http://bilim.astana.kz/ru/catalog/infografika «Инфографика» бөлімінде танысуға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекет-жекеменшік әріптестік аясын кеңейту кәсіпкерлікті дамытуға зор мүмкіндік беретіні баса айтылған. Оның арқасында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамтуға жол ашылады.
Елордада 2016 жылы кәсіпкерлерді тарту арқылы 44 жекеменшік балабақша ашылды, онда 3949 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған; қолданыстағы мемлекеттік балабақшаларда даярлық бағдарламасы бар 1360 орынға арналған 23 шағын орталық бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Қазақтелеком» АҚ 2016 жылы 680 орынға шақталған 3 балабақша қолданысқа берілді.
Балабақшаны баламалы таңдаудың мүмкіндігін ұсыну үшін жекеменшік балабақшаларда ата-аналардың төлемақысы 23 000 теңгеден 20 800 теңгеге дейін төмендетілді.
Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақшалар бойынша 1680 орынға шақталған 6 жоба жүзеге асырылуда. Балабақшалардың құрылысы бойынша жеке серіктестерді анықтау конкурсы өткізілді. Олардың құрылысы 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған.
2017 жылға дейін Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ұлттық компаниялармен 720 орынға арналған 3 балабақшаның құрылысы аяқталады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі