Өлең, жыр, ақындар

Эндокриндік бездер

Адам денесінде бездердің екі түрі бар:

1. Экзокриндік немесе сыртқы сөл бездері өзектері аркылы сөлін сыртқа, қуыс мүшелерге шығарады (ас қорыту, тер, май бездері).

2. Эндокриндік бездердің өзектері жоқ, сөлін тікелей қанға бөледі. Сөлі гормон деп аталады. Гормон – биологиялық белсенді зат. Гормон денедегі жүйелер мен мүшелердің қызметін қан арқылы (гуморальдық жолмен) реттейді, дененің өсуіне, дамуына, ой-сананың дамуына, қалыптасуына, зат алмасуына әсер етеді. Эндокриндік бездер: бас мида – гипофиз, эпифиз, гипоталамус ядролары; мойында – қалқанша, қалқанша жанындағы бездер; кеуде қуысында – айырша без; іш қуысында – ұйқы, бүйрек үсті бездері; жамбас астауында – жыныс бездері. Дененің өсіп-дамуы, мүшелердің қызметі қалыпты жағдайда сақталу үшін қандағы гормондар қалыпты деңгейде болуы керек. Белгілі бір гормонның қандағы мөлшері көбейсе, оны бөлетін без қызметі күшейді (гиперфункция), ал азайса, қызметі төменді (гипофункция) деген сөз. Екі жағдайда да эндокриндік ауру дамиды.

Қалқанша без мойынның алдыңғы жағында орналасқан, ересек адамда 50-60 грамм шамасында. Оң және сол бөлігі, оны қосып тұратын мойны бар. Денедегі йодтың 20%-ы қалқанша безде жиналады. Сондықтан қалқанша безді «йод жинақтаушы» деп атайды. Без іші сұйыктыққа толған қуыстардан (көпіршіктер, фолликулалар) тұрады. Сұйықтықта тироксин, үшйодтиронин гормондары бар. Гормондар зат алмасуына, әсіресе май алмасуына, жүректің қызметіне, жүйке жүйесінің қозғыштығына әсер етеді.

Эндокриндік аурулардың ішінде қалқанша бездің аурулары, әсіресе жайылмалы улы түрі жиі кездеседі. Бұл ауруда бездің көлемі үлкейеді, мойынның алдыңғы жағынан томпайып көзге көрініп тұрады. Бездің гормоны қанға көп бөлінеді. Аурудың негізі белгілері: адам қатты жүдейді, бірақ тамаққа тоймай көп жейді, тершең, жүрегі жиі соғады, тез ашуланып, тез жылайды, қалтырап-дірілдейді. Ойлау қабілеті жеделдейді, бірақ ойын тұжырымдай алмайды. Жайылмалы улы қалқанша без ауруының көзге көрініп тұратын ерекше белгісі – бадырақ көздік. Яғни ауру адамның көзі шарасынан шығып үлкейеді.

Қалқанша безінің қызметі әлсірегенде қанға гормонның аз бөлінуінен зат алмасуының барлык түрі төмендейді, адамның сана-сезімі бұзылады, шашы түседі, тамаққа тәбеті болмай микседема деп аталатын эндокриндік ауру дамиды. Ананың құрсағындағы шарананың қалқанша безі зақымданғанда бала туа біткен микседема ауруымен туылады. Баланың бойы өспейді, ақыл-есі дамымайды. Ересек адамда эндомиялық микседема таулы, теңізден алыс мекенде өмір сүретін адамдарда кездеседі. Аурудың негізгі себебі йод жетіспеуінен.

Йод жетпеушілігі әсіресе бала, жасөспірім үшін қауіпті. Денеге йод жетіспеуінің ауыр түрінде балада кретинизм (ергежейлілік) ауруы дамиды. Баланың бойы өспейді, ақыл-ойы дамымайды. Аурудың алдын алу үшін жүкті әйел, емізулі баласы бар ана, балалар мен жасөспірімдер тағамға йодталған тұзды пайдалануы қажет.

Қалқанша қалқанша безінің артында 2-3 жұп орналасқан, барлығының салмағы 0,05 грамдай. Без кальций, фосфор тұздарының алмасуына әсер ететін паратгормон бөледі. Жүкті әйелде, емізулі анада бездің қызметі әлсірегенде қандағы кальцийдің мөлшері азайып, аяқтың бұлшық еттері тартылады, тіс, шаш түсе бастайды. Кейбір жасөспірімдерде қалқанша жанындағы бездің қызметі күшеюі салдарынан кальций бүйрекке жиналып, зәрде «құм» пайда болады.

Бүйрекүсті безі бүйрек үстіндегі май ұлпаларының арасында орналасқан жұп без, әрқайсысының салмағы 12 г шамасында. Екі қабаты – сыртқы қыртысты, ішкі – милы қабаты бар. Қыртысты қабаты 25-ке жуық белсенді заттарды бөледі. Олар екі топқа бөлінеді – глюкокортикоидтар, минералкортикоидтар. Глюкокортикоидтар көмірсу алмасуына әсер етуші кортизон, гидрокортизон, кортикостерон т.б. түзеді. Минералкортикоидтар (альдостерон) минералды тұздар алмасуына әсер етеді. Бүйрекүсті безінің қыртыс қабаты қызметінің жетіспеушілігі салдарынан аддисон ауруы дамиды. Адиссон ауруында адамның тамаққа тәбеті болмайды, жүдейді, қандағы қант мөлшері азаяды, артериялық қан кысымы төмендейді, терісінің түрі боп-боз болып «қолаға» ұқсайды, сондықтан бұл ауруды «қола (бронза) ауруы» деп атайды. Сонымен бірге бүйрекүсгі безі аз мөлшерде әйел және ер адамның гормондарын бөледі.

Бүйрек үсті безінің милы қабаты адреналин, норадреналин гормондарын бөледі. Адреналиннің әсерінен жүректің соғуы жиілейді, қызметі күшейеді, артериялық қан қысымы көтеріледі, денедегі зат алмасу күшейеді, бауырда «қор» болып жиналып тұрған гликогеннің глюкоза айналымының жылдамдауынан қандағы қанттың мөлшері көтеріледі. Адам ашуланғанда, қорыққанда адреналин көп белінеді.

Ұйқы безі аралас без, ас қорыту қызметімен бірге эндокриндік қызметі қанға инсулин және глюкагон гормондарын бөледі. Екі гормон да көмірсу алмасуына әсер етеді. Инсулин жетіспегенде сусамыр ауруы дамиды.

Мида эпифиз және гипофиз бездері орналасқан. Француз философы Декарт эпифиз безінде ашулану, ызалану, қуану, қорқу, қайғыру пайда болады деп болжаған. Эпифиз безі балада жақсы дамыған, негізінен тәуліктік биоритмді реттейді.

Гипофиз безі ми сауытының сына тәрізді сүйегінің «түрік ершігі» деп аталатын имегінің үстіндегі шұңқырда орналасқан, эндокриндік бездердің орталығы болып саналады. Гипофиздің салмағы 0,5-0,7 г-дай, үш бөліктен тұрады. Алдыңғы бөлігі – аденогипофиз денедегі басқа эндокриндік бездердің қызметін реттейтін гормондармен бірге соматотроп деп аталатын «өсу» гормонын бөледі. Соматотроп гормоны аз бөлінсе, баланың бойы өспей тоқтайды. Цирк ойыншысы Чарль Шервуд Страттон (1938-1983) бойы 1 м болса, дүниежүзіндегі ең кішкене әйел нидерландтық Полин Матрерс екен. Оның 19 жастағы бойы 60 см ғана. Соматотроп гормоны көп бөлінсе, баланың бойы 240-250 см-ге дейін жетеді. Гипофизарлық алыптық (гигантизм) белгісі балада, кейде жасөспірімде көріне бастайды. Гипофиздің соматотроп гормоны ересек адамда көп бөлінсе, акромегелия деп аталатын ауру дамиды. Ересек адамда адамның өсуінің тоқтауына байланысты соматотроп гормонының көп бөлінуінен тек бос мүшелер үлкейеді. Адамның төменгі жақ сүйегі, колдың, аяқтың сүйектері, мұрын мен құлақтың, көмей шеміршектері үлкейеді. Дауыс жуандап, төмендеп акромегалияға тән дыбыс пайда болады.

Эндокриндік бездердің қызметі бір-біріне тығыз байланысты біртұтас жүйе. Бұл жүйеде негізгі орынды гипофиз иеленеді. Гипофиз гормоны көптеген басқа бездердің қызметіне әсер етеді, оларды басқарады. Канаданың атақты патофизиологы Ганс Селье гипофизді «эндокриндік ми» деп атаған. Бірақ гипофиз эндокриндік жүйенің «дирижері» болса, мидағы гипоталамус эндокринді бездердің «композиторы» болып саналады. Гипоталамус гипофиз гормондарын реттейтін гормон бөледі. Дегенмен дененің барлық қызметі, соның ішінде эндокриндік жүйенің қызметі орталық жүйке жүйесінің бақылауында болады, сонымен бірге орталық жүйке жүйесінің қызметіне эндокриндік жүйенің әсері бар.

А.О.Кузенбаева,
А.А.Шерімбетова,
А.Б.Арапбаева

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз