Өлең, жыр, ақындар

Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ жазуы туралы

Адамзат мәдениеті тарихында алфавит пен жазудың маңызы ерекше. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, әлеуметтік өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін  әлеуметтік мәні зор құбылыс ретінде жазу - өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміздің де өз үлесін қосқанын жоққа шығармаймыз. Себебі жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етеді. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауынан қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан алфавит пен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн деп білеміз. Осы орайда, қазақ жазуы тарихында алғашқы түрен салушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынов есімін құрметпен еске аламыз. Сол кезеңде, яғни ХІХ ғасырдың соңынан бастап, Ахмет Байтұрсынов еңбек еткен алғашқы кезеңде, қазақ халқының өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр бойы қолданып келген араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмайтыны, оның түркі тілдеріне жарамсыздығы мен кемшілік жақтары баспасөз беттерінде  айтылып, қазақ жазуын жетілдіру керек деген мәселе көтеріле бастаған еді. Міне, осы көзқарастарды өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланған Н.И.Ильминский бастаған миссионерлер араб жазуының кемшіліктерін сынай отырып, қазақ жазуын бірден орыс графикасына көшіру идеясын уағыздай бастады.Н.И.Ильминскийдің пікірінше, алфавитті  қай халық болса да, дінмен байланысты қабылдаған, мысалға, европа халықтары латын алфавитін – латын шіркеуі, орыстардың алфавиті – славян шіркеуі, ал мұсылман елдерінің араб жазуы ислам дінінің таралуымен байланысты қабылданған. Араб жазуы – мұсылман халықтарын ислам дінімен байланыстырушы үлкен құрал. Сондықтан, Ильминский бастаған патша өкіметінің миссионерлері, түркі халықтары жазуына орыс алфавитін енгізу арқылы «екі қоянды бір оқпен өлтіруге болады»: біріншіден, оларды мұсылман дінінен айруға болады, екіншіден, орыс графикасы арқылы оларды біртіндеп тілінен, дінінен айырып, православие дініне көшіруге болады деп есептеп, бұл әлеуметтік мәселеге ерекше мән беріп, тіпті, осы мақсатқа өз қандастарымызды да араластырып, біреудің қолымен күл көсеу саясатын қызу қолға алған еді [1.3]. 

Н.И.Ильминский 1883 жылы қазан қаласында басылып шыққан еңбегінде былай деп жазды: «Орыс мектептерінде тәрбиеленуші қазақ жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарағанмен, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавиті қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қазақ тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді»[1.4]. Міне, осындай пікірлерден-ақ, жазу мәселесін әлеуметтік саясат құралына айналдырып, халық тағдырын өз мақсаттарына қарай өзгертуді ойлаған проф. Н.И.Ильминскийдің миссионерлік саясатын анық байқауға болады. Осындай уағызға ерген кейбір қазақ оқығандары қазақтың ескі жазба тілін «татаршина», «арабшина» деп жағымсыз қылып көрсетуге қосылып кетті [2.273]. Ал бұл көзқарастардың әлеуметтік саяси астарын терең түсіне білген А.Байтұрсынов «қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс…  Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды»,- деп жазды [3.437]. Ол тек өз көзқарасын білдіріп қана қоймай, «1910 жылдардан бастап араб жазуы таза сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алды» [4.283]. Сөйтіп, А.Байтұрсынов реформалаған қазақ графикасы дүниеге келіп, 1924 жылы Орынборда өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы оны ресми түрде қабылдады. Бұл әліпбиді халық «Байтұрсынов алфавиті», «Байтұрсыновтың төте жазуы» деп атаса, сол кездегі орыстың белгілі ғалымдары, профессорлар Е.Д.Поливанов  пен Н.Ф.Яковлев өте жоғары бағалады. Н.Ф.Яковлев өз сөзінде жақсы алфавит бірнеше ғылыми талаптарға жауап бере алатын болуы керек. Ол талаптардың негізгілері мыналар: 1. Алфавитте әріптер саны тілдегі сөз мағынасын ауыстыра алатын дыбыстар /фонемалар/ санына тең болуы керек; 2. Алфавитте әріптер саны өте көп болмау керек т.б. Осы негізгі екі қасиет қазақтың сингармониялық алфавитіне тән. Ал сингармониялық алфавит пен сингармониялық орфографияға қосымша таңба – дәйекшінің ендірілуі үлкен ғылыми жаңалық болды дейді [5.79]. Кезінде профессор Қ.Жұбанов та осы араб графикасына негізделген жазуға қарсы айтылып жүрген пікірлердің негізсіздігін айтып, осы жазудың авторы А.Байтұрсыновтың еңбегін жоғары бағалаған еді [6.581].  Е.Д.Поливанов бұл жазуды «Байтұрсыновский алфавит» дей отырып, «…енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп ғылыми тұрғыда жоғары бағалады [4.283]. Ал бұл жазудың нағыз ғылыми бағасын танытып, Байтұрсыновтың ұсынған жазуы мен әліпбиінің құдіреттілігі мен тылсым сырын ашып, оның жазуы әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық болғанын еліміз егемендік алғаннан кейін қорғаған докторлық диссертациясында Ташкенттік ғалым Махамбет Жүсіпұлы жан-жақты дәлелдеп бергені ғылыми қауымға белгілі жай. Сонымен, А.Байтұрсыновты араб алфавитін тұңғыш реформалаушы және соған сәйкестендіріп, емле ережелерін құрастырушы, қазақ жазуы мен әліпбиінің тағдырын шешкен ғұлама ғалым деп білеміз. А.Байтұрсынов жасаған алфавиттің әлеуметтік лингвистикалық жетістігі қандай десек, төмендегі мәселелерді атап көрсету қажеттігі туындайды:

Ғалым қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар, оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты дыбыстар екенін айтып: «бұл дыбыстардың ішінде «қ»  һәм «ғ» ылғи жуан айтылады, «к», «г» һәм «е»  ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде  бұл 19 дыбыстың  жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, … онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын «қ» мен «ғ» – ны қосқанда, дайым жіңішке айтылатын «к», «г», «е» - лерді қосқанда, бәріне 43 белгі  керек»,- дейді [3.324]. А.Байтұрсынов қазақтың сингармониялық сөйлесімінің барлық қасиеттерін жазылым процесінде толық қамту үшін осы 43 түрлі дыбысты дәйекшіні қосқанда 25 белгімен жазу техникасын ойлап тапқан;

Дыбыстың жіңішкелігін арнайы таңба – дәйекшімен белгіледі. Дәйекші сөз құрамындағы дауысты және дауыссыз дыбыстың, сонымен бірге, бүкіл сөздің толық жіңішке дыбысталуын білдіреді;

Сөз құрамындағы дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстарға тәуелді, яғни дауысты дыбыстардың жуан–жіңішкелігіне қарай дауыссыздардың да жуан-жіңішке болатындығын анықтаған;

Араб графикасы негізінде жасалған жаңа әріптерді енгізген. Бір сингармофонеманың қызметін сөйлесім процесінде бірнеше дыбыстар атқарады. Олар біріне-бірі ұқсамауы да мүмкін. Осы сингармодыбыстарды сингармофонеманың позициялық сингармотүрлері дейді. А.Байтұрсынов осы фонологиялық принциптерді- -қазақ тілінің дыбыс жүйесінің сингармофонемалық және сингармопозициялық классификациясын – жасады; [5. 47].

А.Байтұрсынов фонема статусына ие болған және фонема статусына ие болмаған дыбыстарды нақты ажыратқан, сөйтіп алфавиті мен орфографиясында жеке /арнайы/ әріппен тек сингармофонемаларды, яғни сөз мағынасын өзгертетін фонологиялық единицаларды белгілеген; [5. 49]. А.Байтұрсынов төмендегідей проблемалық сауалдарға жауап берген: 1/. Неге бір түрлі фонетикалық жағдайда дыбыстар әр түрлі дыбысталады /сыз –сіз/; 2/. Неге алфавитке сөйлесім процесінде қолданылатын дыбыстардың барлығын жеке әріптермен таңбалау мүмкін емес?; 3/ Неге алфавиттегі әріп таңбасы әр дыбыстың емес, акустика – арткуляциялық жағынан ұқсас дыбыстар тобының, дыбыстық типтің, белгісі болады: «Н – н- нь»(тон- төн);  4/  бір- бірімен акустика – артикуляциялық жағынан ұқсас әрі толық ұқсас емес дыбыстар тобы мен адамның ойлауындағы дыбыстардың психологиялық бейнесі арасындағы байланыста қарым-қатынас бар ма? [5.63].

Егер А.Байтұрсынов қазақ тілі сингормофонемасын жуан- жіңішке болып бөлінетін екі сингармовариациялардан тұрады деп анықтамаған  жағдайда,өзінің сингармоалфавиті мен сингормоорфографиясын әлем ғалымдары жоғары бағаланғандай биік деңгейде жасай алмайтын еді [5. 57];

А.Байтұрсынов  позициялық принципті,фонеманың позициялық түрлері және фонема дыбыстар қоры ұғымдарын жалпы тіл білмі әлемінде бірінші болып зерттеп,анықтаған [5.59];

Байтұрсынов қазақ тілі дыбыс жүйесінде сингорможуан /қ, ғ/ және сингорможіңішке /к, г, е/ дыбыстарды ажыратып, оларға жеке таңба арнады. Яғни, түркі тіл әлемінде тұңғыш болып жуан-жіңішке сингармокорреляцияны анықтады, жұпталған сингармокорреляттік дыбыстар  санын нақты белгілеген  [5.23].

А.Байтұрсыновтың қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы  еңбегі  ерекше деп білеміз. Ол терминдерді қазақ тілінің ішкі мүмкіндігі арқылы жасау жағына ерекше көңіл бөлген (бастауыш, баяндауыш, басқарма, хабарлама, т.б.).  Өкінішке орай, А.Байтұрсыновтың идеяларын 1937-1938 жылдары әкімшілік- әміршілік жүйе тұншықтырып, 1990 жылдарға дейін тілімізді, жазуымызды орыстандыру бағыты толық үстемдік құрып келді. 

Ғалым басқа тілден енген сөздер тіліміздің табиғатына, айтылу сазына кері әсер ететінін, ана тіліміздегі сөзіміз шұбарланып, әуені бұзылатынын айтып, сондықтан  басқа тілдің сөзін өз тіліміздің дыбыстық ерекшелігімен айту керектігін ескерткен еді. Мысалы: орыста  «һ»дыбысы жоқ, сондықтан оны олар «г» дыбысымен  айтатынын білеміз. Сондықтан  өз тіліміздің табиғатына  назар аударған жөн. Осы  орайда ғалым: «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалыды»деп тұжырым жасаған еді.

Ғалым өзінің құрастырған алфавитіне «х, Һ» дыбыстарын енгізбеген. Себебі «һ» дыбысын одағай  сөздерде ғана  (аһ, уһілеу) кездеседі деп, «Бұл әріпті қазақ әліппесінен шығарғанда мұнымен жазылатын  сөздер  аз деп шығарып едік. Аз болғанмен тілде бар дыбыс болған соң, жоқтығы сезілетіні көрінеді», - дейді.  [5.88]; Ал  «х» дыбысы араб, парсы сөздер  арқылы еніп, қазақтың өз сөздері болып кеткен (адал – халал,арам – харам), сондықтан оны сақтау керек дейді. [ 5.385]. Қазіргі жазуымызда «х» дыбысының фонемалық қасиеті жөнінде бірізділік болмауы себепті (хабар-қабар, қош-хош) жазуда  қиындық келтіруде. А.Байтұрсынов «х, һ, ц, ч, в, ф, щ»  дыбыстарды қазақ тілінің сингормофонемалар құрамына ендірмеген, оларға арнайы таңба арналмаса  да, қосымша әріптермен  қалай жазу жолдарын көрсеткен: [5.30].

А.Байтұрсынов сауатты жазуды бізге өсиет еткен. Алайда кейбір жағдайда сауатты жазу мәселесіне әлі де көңіл бөліне бермейтін тұстарды  көріп, қынжылуға тура келеді. Мысалы, көшедегі жарнама, адамдардың аты- жөні, жер-су аттары т.б.

Ғалым «и, у»  жарты дауысты деп көрсеткен еді. Қазіргі кезде де бұл дыбыстар статусы жөнінде кейінгі кезге дейін бірізділік болмауы салдарынан жазуда қиындық келтіріп жүргені белгілі (тиын- ты+йын, су – сұу).

А.Байтұрсынов араб жазуынан безіп, латын графикасына көшудің бір артықшылығы, қажеттілігі болып тұрмағынын айтып, «латынға алмастырғанынан енетін пайда көп болса немесе латын әріпін алу машақаты, шығыны араб әріпін түзуден аз болып шығатын болса, …. латынмен болуды жөн дер едік. Ол жоқ.», - деп, бүкіл түркі халқына ортақ болған араб графикасы негізіндегі жазуды жақтайды [3.410]. Шындығында  да, бір графикадан екіншісіне асығыс көшу салдары бірқатар қиындықтар келтіргені аян. Мысалы: түрік халқы алғашқы  президенті Ататүрік кезінде араб жазуын тастап, латын графикасына көшті. Сол кезде «қ,к» дыбыстарын таңбалау үшін латынның бір «к» әрпі  ғана алынған еді. Қазір 70 жыл өткен кездегі ұрпақ жуан қ дыбысын да, жіңішке «к» дыбысын да, «к» таңбасы арқылы жіңішке айтатын болған. Сондай - ақ, «ә» дыбысын латынның «е» таңбасымен белгіленуі салдарынан «ә, е, э» дыбыстары дұрыс оқылмайтын дәрежеге  жеткен. Ал азербайжанда «ң» дыбысы болғанмен алфавитте таңбаланбауы да осындай кемшілікке жол берген. Өзбектердің «ң» дыбысын «нг» деп екі таңбамен белгілеуі салдарынан енді оны екі дыбыс етіп оқу қалыптасқан. Қазақ татарлары, қырғыздар мен түркімендер  де «к-к, ғ-г» дыбыстарын жіңішке бір әріппен таңбалап жүр. Демек, қазақ жазуының негізін қалаған А.Байтұрсынов әліпбиінде мұндай кемшілікке жол берілмегенін қазіргі жазу мәдениетімізден де байқаймыз.

А.Байтұрсыновтың еңбектері арқылы қазақ тілінің  табиғаты сингармонизмге негізделген  танитын болсақ,  оның еңбектері жарияланғаннан соң 70 жыл өткенде ғалым Ә.Жүнісбековтің докторлық диссертациясында  А.Байтұрсынов ұстанған принциптің дұрыстығы, яғни қазақ тілінде фонологиялық қызметті сингармонизм атқаратындығы дәлелденді [7].

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынов ана тіліне әлеуметтік лингвистикалық тұрғыда ерекше мән берген. Ол: «…һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу – сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуға тиіспіз», - деген еді [3.142]. Сондықтан «Атаның аздырмай берген  мүлкін, қолымызға алып быт–шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас»,- деп білеміз [3.399]. Осы орайда, А.Байтұрсыновтай дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс. Тілімізді таза ұстаймыз десек, орфография мәселесінде А.Байтұрсынов ұстанған принциптерді басшылыққа алып, ана тіліміздің мүмкіндігін толық пайдаланып, өз тіліміздегі ғылым сөздерін қалыптастырып,  сырттан кірген терминдерге балама тауып, немесе тіліміздің дыбыстық ерекшелегіне сай жазуымыз қажет деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Әліппе айтысы – Қарағанды: ҚарМУ, 1990 – 106 б
2. Уәли Н.  Ахмет Байтұрсынұлы  және  қазақ жазуының онтогенездік дамуы  // Ұлттық рухтың ұлы тіні / - Ғылыми мақалалар  жинағы. – Алматы: Ғалым, 1999 268-281 б
3. Байтұрсынов А. Тіл  тағылымы.- Ұлттық рухтың ұлы тіні / - Ғылыми мақалалар  жинағы.  Алматы:Ана тілі; 1992 –448 б
4. Мәжітаева Ш. Қазақ (араб) жазуының тарихы хақында // Ұлттық рухтың ұлы тіні / - Ғылыми мақалалар  жинағы- Алматы, Ғылым, 1999  281-288 б
5. Жүсіпұлы М. Ахмет Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы – Алматы, Ғылым, 1998 – 216 б
6. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.- Алматы: Ғылым,1999.-581 б
7. Джунисбеков А. Сингармонизм  в казахском языке – Алма-Ата: Наука, 1980 –78 с

Ахмет Байтұрсынов және ұлттық таным мәселелері.
Аймақтық ғылыми-практикалық конференциясының материалдыры. 16 наурыз, 2007. – Қостанай:
(Қостанай МПИ, 2007. - 36-39 б) Садуақас Нұрбол Абдуллаұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Дариға

Ильминский шпион, жауыз

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз