«Жеке кабинет» жобасы екі жылдан кейін қолданысқа енгізіледі.
Оқушылардың жеке электронды кабинетін құру жобасы туралы жұртшылықтың құлағдар болғанына көп болды. Осы жылдың ақпан айында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «жоғалмайтын», барлық ақпарат ата-аналардың смартфонында сақталатын бесаспап электронды күнделік еліміздегі 7100 мектептің 4 мыңына енгізілгенін айтқан еді.
Сонымен қатар «Күнделік» оқушылардың «Жеке кабинетінің» тек бір бөлігі ғана, онда оқушының балабақшаға келгеннен бастап (егер барып жатса) PhD дәрежесін алғанға дейінгі оқу үлгерімі туралы барлық ақпарат толық көрсетілетін болады. Білім беру аттестаты мен онлайн дипломдарды табыстау, сондай-ақ цифрлы білім беру курстарын ұйымдастыруды қарастыратын мүмкіндікті БҒМ 2020 жылға қарай ұсынбақ.
«Білім беру саласының барлық топтары бойынша жұмыс басталып кетті. Бұл жоба бірнеше кезеңнен тұрады, соның барлығынан өтуіміз керек», – деді білім және ғылым министрлігінің ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Алмат Ищанов.
«Алғашқы кезеңде әдіснаманы ескере отырып, жүйені қабылдауымыз керек, ал екінші кезеңде байланыстың тұрақты арналарын бір жолға қоюға тиіспіз.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, кепілді байланыс арналарын ұсыну мәселесін шешіп алуға тапсырма берілді. Осы екі мәселе шешілгеннен кейін, 2020 жылға қарай білім берудің бір терезе жүйесіне көшеміз деп ойлаймын. 2019-2020 жылға қарай бұл мәселе толық шешіледі деп үміттенеміз», – деп толықтырды ол.
Білім берудің бір терезе жүйесі осыған дейін жасалған ұлттық білім берудің мәліметтер базасы платформасында жұмыс істейтін болады. БҒМ өкілінің айтуынша, бұған Қазақстандағы барлық мектеп пен колледж енгізілген, енді барлық жоғары оқу орындары қосылады.
«Қазір мәліметтерді түрлендіріп жатырмыз, балабақшаға бару үшін есепке алу мен жолдама берудің жаңа әдісін қабылдадық», – деп әңгімесін одан әрі жалғастырды Алмат Ищанов.
«Қазір бұл жобаны жаңа әдістемеге сәйкес өңірлерде сынақтан өткізіп жатырмыз. Мұның бәрі жергілікті бюджеттің есебінен іске асып жатыр. Мектеп жасына жетпеген ұлдар мен қыздар балабақшаға баруға жолдама алған сәттен бастап, мәліметтер базасында олардың ID карточкасы жасалады. Одан әрі қарай бұл жерге оның сабақ үлгерімі, денсаулығы, ата-анасы туралы ақпарат енгізіледі. Бала мектепке баратын кезде құжат жинаудың қажеті болмай қалады, өйткені біздің жүйеге мектеп тіркеледі де, жүйе баланы мектепке өзі ауыстырады. Бұдан ары қарай «Күнделік» жүйесінде баланың оқу үлгерімі туралы мәлімет көрсетіледі, ал егер бала Алматыдан Астанаға ауысатын болса, онда ол БҒМ порталына кіріп, міндетті рәсімдерді атқарады, сөйтіп оның оқу үлгерімі туралы барлық ақпарат автоматты түрде Алматының мектебінен Астананың мектебіне көшіріледі», – деп қосты ол.
Колледжден колледжге немесе бір жоғары оқу орнынан екінші жоғары оқу орнына ауысқан кезде студенттердің оқу үлгерімі туралы мәліметті қағаз жүзінде емес, тап осылай, электронды тәсіл арқылы ауыстыру мүмкін болады.
«Ұлттық мәліметтер базасында қағазсыз жұмыс істеу мүмкіндігін туғызатын бірыңғай білім берудің сақтау орнын жасамақшымыз. Осыған байланысты жүйені жетілдіріп жатырмыз», – деп түсіндірді Алмат Ищанов.
Сонымен бірге әр оқушының балабақшаға барғанда жасалған ID-картасы қолданушыға ыңғайлы болу үшін оның ЖСН-на бекітіледі, яғни барлық жоғарыда айтылған операцияларды ЖСН арқылы жасау мүмкін болады.
БҒМ өкілінің айтуынша, оқушының бұл құжаты PhD дәрежесін алғанға дейін қадағаланады, нәтижесінде білім беру саласында қолдан жасалған дипломдар жойылады.
Тап қазіргі уақытта білім берудің бір терезесі жүйесінің барлық мүмкіндіктері ішінен балабақшаға орналастыру жүйесі қанатқақты жоба ретінде іске асуда, сондай-ақ «Күнделік» электронды күнделік жүйесі еліміздің көптеген мектебінде қолданылып жатыр.
«Енді балалар күнделігімді жоғалттым деп сылтау айта алмайтын болады, өйткені барлық ақпарат ата-аналардың смартфонына енгізіледі, – деді Алмат Ищанов. – Ал ата-аналар болса, баласының сабақ үлгерімін, сабаққа қатысуын мектепке бармай-ақ бақылап отырады».
Бір терезе жүйесі есепке алу мен бақылауды ғана емес, сондай-ақ оқушылардың қашықтықтан оқуына мүмкіндік береді.
«Қазір бізде «Білімділік» платформасы бар. Мұнда барлық пән көрсетілген. Бұл электронды платформа онлайн және офлайн-режимде жұмыс істейді», – деді білім беру мекемесі департаментінің директоры.
«Ұлттық білім беру мәліметтер базасы жүйесінде әрбір оқушы мен студенттің «Жеке кабинеті» болады. Бұған кіру үшін оларға пароль беріледі. Осының арқасында оқушы білім беру жүйесінің барлық қызметіне қол жеткізеді. Бұл платформа онлайн-көрсетілім, сонымен қатар жазба жасауға мүмкіндік береді. Оқушылар видеоконтенттің онлайн-нұсқасын немесе офлайн нұсқасын пайдаланатын болады», – деді ол.
Алмат Ищеновтың айтуынша, білім және ғылым министрлігі осы жұмыс аясында оқушыларға арналған бірнеше мобильді қосымшаны іске қосуды көздеп отыр. Осы орайда IT-саласында жұмыс істейтін қазақстандық бизнестің мүмкіндігін пайдалану да ойда бар.
«Күнделік» жобасы аясында мобильді қосымша іске қосылған, бірақ министрліктің жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды деп ойлаймыз», – деді ол.
«Нарыққа осы жүйеге арналған мобильді қосымша әзірлеуге мүмкіндік бергіміз келіп отыр. Кейін ең үздік мобильді қосымшаны таңдап аламыз», – деп қорытындылады ол.
Дереккөз: http://abctv.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі