Әлеуметтік-экономикалық даму динамикасының қанат жаюына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Соның бірі - сыбайлас жемқорлық. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірнеше әдісі бар. Мамандар болса бұл ретте принциптік және жүйелі сипат болса, індеттің бұл түрін жоюға болатынын алға тартады. Ал заңдылықты қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Алайда сол заңдылықтар қаншалықты сақталып жүр, өңірімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу мақсатында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанназарова Нұргүл Алмасқызымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
Сұрақ: Нұргүл Алмасқызы, Елбасы биылғы жолдауында жүзеге асырылуы тиіс негізгі 10 бағытты айқындап берді. Өзіңіз қандай ой түйдіңіз?
Жауап: Жолдаумен мұқият танысып шықтым. Биылдың өзінде алдымызда үлкен міндеттер тұр. Мәселен, 8-ші бағытқа тоқталып өтетін болсақ, Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік беретінін, әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіріп, босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажеттігі айтылды. Осылайша орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілмек. Бұл ретте Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыру тапсырылды. Яғни, бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кешенді және жүйелі сипат алып отырғандығын аңғаруға болады.
Сұрақ: Аймақта сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы не айтар едіңіз?
Жауап: Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 812 іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 230 417 адам қамтылды. Атап айтқанда семинарлар және лекциялар-631, дөңгелек үстелдер - 34, форум және конференциялар-24, интеллектуалдық конкурстар-17, флешмобтар-9, спорттық іс-шаралар -38 және бұқаралық акциялар-59. Айта кету керек, 2017 жылы алдыңғы 2016 жылмен салыстырғанда, атқарылған іс-шаралар екі есе көп болды. Әрине, көрсеткіш қуған жоқпыз, біздің ұжым үшін жасалған жұмыстар маңызды болды. Оның ішінде негізгі күш жігерімізді сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға жұмсадық.
Сұрақ: Нақты қандай шаралар, қанша адам тартылды, атап өтсеңіз?
Жауап: Келтіретін мысал жетіп артылады. Ақтау қаласының теңіз жағалауында 1000-ға жуық қоғамның түрлі мақсатты топтардың өкілдерін қамтыған «Парасыз болашаққа.Бірге!» атты шара өтті. Онда Әділбек Ниязымбетов, Наталья Солодилова секілді атақты спортшылар республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы акцияны қолдауға шақырды. Сонымен қатар, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг және Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеттері студенттерінің қатысуымен 3000-ға жуық адамды қамтыған «Адал бол!» республикалық акциясы шеңберінде жастармен флешмобтар ұйымдастырылып, арнайы дайындалған бейнероликтер ғаламтордағы әлеуметтік желілерге орналастырылды. Бұдан бөлекҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице - ректоры Әлтайыр Ахметов Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы М.Әбдіхалықов атындағы мектеп гимназиясының жоғары сынып оқушылармен кездесіп, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының жұмысымен танысты. Бұл кездесуге барлығы 500-дей оқушы қатысты. Мұнайлы ауданының №5 орта мектебінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңейтілген форумұйымдастырылды. Іс-шараға Агенттіктен, аумақтық департамент басшылығы, аудан әкімі,облыстық білім басқармасы, дін өкілдері, ардагерлер қауымдастығының мүшелері, ауданның орта білім беру ұйымдарының басшылары және мектеп мұғалімдері қатысты.Іс-шара барысында қонақтарға мектеп қабырғасының Елбасы кабинетімен және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мұражаймен, сонымен қатар «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының жұмыстары мен «Парасатты азамат» бұрыштары таныстырылды.Форум «Адал ұрпақ» ерікті жастар клубы мүшелерінің «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» флешмобымен аяқталды. Мұндай шаралар биыл да жалғасатыны сөзсіз.
Сұрақ: БАҚ өкілдері мен мемлекеттік органдар қызметшілері арасында ұйымдастырылған түрлі байқаулар туралы айтсаңыз?
Жауап: Мұндай шараларды ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналды.Есептік кезеңде аумақтықдепартамент тарапынан қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы «Ашық келісім» талаптарын орындау шеңберінде, БАҚ өкілдері арасында «Үздік телесюжет» және «Үздік мақала» номинациялары бойынша байқау ұйымдастырылды. Нәтижесінде 12 үміткердің 6-ы үздік деп танылып, Агенттік өкілінің қатысуымен өткен салтанатты жиында департамент атынан марапатталды. Бұдан басқа, 23 маусым ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің арасында «Үздік ұсыныс» және «Үздік авторлық мақала» номинацияларының жеңімпаздары анықталды. Оған жалпы саны 30 материал түсіп, олардың арасында үздік деп танылған 6 мемлекеттік қызметші мараптталды. Мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір-салтын насихаттау мақсатында, 30 мемлекеттік орган және 700-ге жуық адам қатысқан мемлекеттік қызметшілер арасындағы Спартакиада өтіп, 8 спорт түрінен өзара мықтылар анықталды. Атап айтқанда: дойбы, шахмат, шағын футбол, жүзу, ерлер және әйелдер волейболы, қол күресі, гір тасын көтеру, үстел теннисі. Бұдан бөлек 200-ден астам мемлекеттік қызметші қатысқан салтанатты жиында облыстық телеарнамен бірлесіп дайындалған «Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет!» атты бейнеролик жұртшылықтың назарына ұсынылып, мемлекеттік органдардың қызметкерлері «Үздік мемлекеттік қызметші» төс белгісімен, облыс әкімінің грамоталарымен марапатталды. Салтанатты жиын мемлекеттік қызметшілердің «Екі жұлдыз» жобасы шеңберіндегі өңірдегі өнер жұлдыздарымен бірлескен дуэттегі концертіне жалғасты. Осындай іс-шаралар, облыстың барлық қала және аудандарында ұйымдастырылып, ант беру, мәдени-бұқаралық, спорттық жарыстар, веложүгіріс, т.б. іс-шаралармен сүйемелденіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. 2017 жылдың 29 қыркүйегінде №2 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінде біздің департаменттің ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясы өтті. Акцияға мемлекеттік органдар басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени және діни бірлестіктерден 120-ға жуық өкілдері қатысты. Және айтарым бұл ақция бір жолғы ғана емес, үнемі жалғасын табады. Мысалы, әр мерекелерде қарттар үйіне барып қарияларды құттықтап, арасында концерттер, театрларға апарып тұрамыз.
Сұрақ: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған мобильдік топ жұмысы туралы не айтар едіңіз?
Жауап: Мобильдік топ өткен жылы9 наурызда құрылды. Оныңқұрамына мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, журналистер мен блогерлер кірді. Жалпы мобильдік топты құрудағы негізгі мақсат - тұрғындарға Елбасы Жолдауының бесінші басымдығында көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге қатысты басым-бағыттарды түсіндіру ғана емес, сонымен қатар азаматтардың арыз-шағымдарын жедел түрде қабылдау болып табылады. Осы уақытқа дейін мобильдік топ тұрғындар және еңбек ұжымдарымен 243 кездесу мен қоғамдық қабылдау өткізіп, нәтижесінде жалпы саны 38 787 адам қамтылды. Нәтижесі де жоқ емес. Бір ғана мысал, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы әкіміне қатысты шешімін таппай жатқан әлеуметтік мәселелер және әкімге жеке қабылдауға кіруге мүмкін еместігі туралы шағымдар түсіп, аумақтық департамент тарапынан тиісті ұсыныс облыс әкімі аппаратының басшысы және аудан әкіміне жолданып, ауылдың бұрынғы әкіміне тиісті шара қабылданды. Алдағы уақытта мобильдік топ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмысын жалғастыра береді.
Сұрақ: Білуімізше арнайы мониторингтік тобы да құрылған болатын. Ол қандай мақсатта құрылған еді?
Жауап: Маңғыстау облысы әкімдігінің 29.03.2015 жылғы № 297 қаулысымен «ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі Маңғыстау облысының 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, әкімдікке қарасты басқармалар, қала-аудан әкімдіктеріне және облыс аумағындағы өзге де мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктелген болатын. Осы Жоспардың орындалу барысын сыртқы талдау және бағалау бойынша Департаменттің 17.11.2016 жылғы №58 бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері арасынан құралған Арнайы мониторингтік тобы өз жұмысын бастады. Өткен жылы 9 мәжіліс өткізілді. Ал мониторинг барысында анықталғандай, Жоспардың орындалысына жауапты мемлекеттік органдармен кейбір тапсырмалардың орындалмағандығы және формальді түрде орындалу фактілері белгілі болды. Мәселен ветеринария, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және өзге де басқармалар Жоспардағы кейбір тапсырмаларды орындамаған, ресми сайттарындағы халық үшін қажетті мағлұматтар жоқ немесе ескірген мәліметтер орналастырылғанына мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысымен тиісті шаралар қабылданып, кемшіліктер жойылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияны іске асыру бойынша 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары талқыланды. Оның аясында, мүгедектер үшін жеке оңалту бойынша бағдарламалық жәрдем алу, емделу-сауығу демалыс орындарына жолдамалар беру, мүгедектерге қажетті құралдарды алу үрдістерінің жүргізілуінің айқындылығын және осы саладағы уәкілетті мекемелер мен ұйымдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аталған үрдістердің жүзеге асырылуы туралы тиісті ақпараттарды әр тоқсан сайын олардың ресми порталдарында жариялап отыру және олардың жариялануына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыру тәжірибесін енгізу қажеттігі айтылды. Тәжірибеде, денсаулығына байланысты квота арқылы басқа қалаларға барып емделу (ота жасату және т.б.) мәселесінің қиындық туғызуына, яғни ұзақ уақыт күтуге тура келетіндігіне байланысты лауазымды тұлғалардың заңсыз сыйақы алып, біреулерге заңсыз артықшылық көрсетуі арқылы азаматтардың кезектерін жылжытып, квота жолдамасын беру жолымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуі мақсатында, аталған саланы қадағалау бойынша уәкілетті органмен осы мәселеге қатысты үнемі мониторинг жұмыстарын жүргізіп отыруды, сондай-ақ, нәтижелері жөнінде тиісті ақпараттар ұсынып отыруды осы Жоспар аясында міндеттеуді қамтамасыз ету туралы тиісті ұсыныстар енгізілді.
Сұрақ: Көптеген мемлекеттік органдар БАҚ тығыз қарым-қатынас ортануға асықпайтыны белгілі. Ал сіздің департамент журналистермен кез-келген уақытта жұмыс жасауға дайын деп айта алар ма едіңіз?
Жауап: Әрине. Біздің есігіміз журналистер үшін әрдайым ашық. Өз құзіреттілігімізге байланысты, кез-келген ақпаратты дер кезінде беруге дайынбыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында кең ауқымды насихат жүргізу арқылы азаматтардың санасына сыбайлас жемқорлықтың кез-келген түріне төзбеушілікті сіңіру қажет деген ұстанымды басты назарда ұстауға тырысамыз. Мәселен, өткен жылы 8 қарашадаӨңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылғанбрифингте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездестім. Негізінен брифинг «100 нақты қадам Ұлт жоспарының өңірдегі орындалысы» тақырыбына арналды. Брифингте аумақтық департамент қызметінің негізгі басым-бағыттарының 2017 жылдың 10 айының қорытындысы туралы баяндама жасап, жұртшылықпен кері байланыс механизмдерін жетілдіру бағытында аумақтық департаментте ашылған 8707 170 1424 шұғыл желісі халыққа жарияланды. Сондай-ақ, 22 қарашадан бастап облыстық «Маңғыстау» телеарнасымен бірлесіп аумақтық департаменттің жаңа «Мемлекеттік қызмет хабаршысы» атты апталық тележобасының алғашқы бағдарламасы эфирге шықты. Тележоба мақсаты қоғамда мемлекеттік қызметтің оң имиджін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ, 7 желтоқсанда М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында мемлекеттік органдар, үкіметтік емес, этномәдени, діни, жастар, ардагерлер ұйымдары, БАҚ өкілдерінің, мәслихат депутаттарының қатысуымен жалпы саны 200-ден астам адамды қамтыған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шара барысында 2017 жылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін қоғамдық ұйымдардың, этномәдени, діни бірлестіктердің, мәдениет, білім беру саласының, мемлекеттік органдардың, БАҚ өкілдері облыс әкімі және аумақтық департамент басшысының атынан марапатталып, өнер ұжымдарының концерті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үндейтін Жаңаөзен қаласы шығармашылық жастар ұжымының театрландырылған қойылымы жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Сұрақ: Көшелерде танымал тұлғалар бейнеленген флайерлер мен билбордтар көбейген сияқты. Нәтиже боларына сенімдісіз бе?
Жауап: Әрине нәтиже боларына сенімдіміз. Осы арқылы ауқымды шаралардан тыс қалмай, заңсыз әрекеттерге қарсы тұруға шақырамыз. Бұл кез-келген адамға ой салады деген ойдамыз. Сондықтан да, мұндай бастамалар әлі де жалғаса беретіні сөзсіз. Негізінен бұл шаралар өткен жылы департамент тарапынан бастау алған болатын. Соның бірі«Есіктен есікке» деп аталатын жоба. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салу, 1424 Call-орталығы туралы ақпарат елімізге белгілі тұлғалар Серік Сапиев, Аружан Саин, Асанәлі Әшімов, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева сияқты беделді жоғары оқу орындары басшылары мен белгілі қоғам қайраткерлерінің бейнелері бейнеленген флайерлер мен буклеттер, облыстағы коммуналдық қызметтердің төлем түбіртектері арқылы абоненттерге жүйелі түрде таратылуда. Тұрғындарға төлем түбіртектері арқылы 1 650 348флайер және буклет таратылып, қоғамдық орындарда, мекемелерде 53 500-дей плакат орналастырылды. Сонымен бірге, жоғарыда айтылған тұлғалар және 1424 Call-орталығы бейнеленген 65 баннер облыстағы қала және аудандардың елді-мекендердегі жұртшылыққа қолжетімді орындарда орналастырылды. Бұған қоса, облыстың орта оқу орындарында ҚР Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасымен бекітілген 146 мектеп оқушыларының ерікті «Адал ұрпақ» клубтары (клуб мүшелерінің саны – 50 033) және 436 «Парасатты азамат» бұрыштары ашылып, мектеп оқушыларына рухани-патриоттық және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік бағытындағы тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Сұрақ: «Азаматтық бақылау» және «Өңірлік жоба» атты шаралар аясында қандай ұмыстар өткізілді?
Жауап: Өте орынды сұрақ. 2017 жылдан бастап, аумақтық департаменттің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы «Азаматтық бақылау» және «Өңірлік жоба» жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөлініп, игерілді. Оның аясындасыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы бейнероликтер «Ақбота» паркіндегі және 14 ш/а айналмалы жол бойындағы ЛЭД-экрандарда, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Юность-3D» кинотеатры, облыстық «Маңғыстау» телеарнасының эфирінде жүйелі түрде көрсетілді. Аталған жобалар шеңберінде құқық қорғау, кеден, салық, сот органдарымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында іс-шаралар ұйымдастырылып, пара және заңсыз сыйақы үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ақпарат көрнекі құралдар және бейнероликтер арқылы жеткізілді. «Азаматтық бақылау» жобасы шеңберінде үкіметтік емес ұйымныңкеңсесінде және Арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында азаматтардың арыз-шағымдарын жедел түрде қабылдау мақсатындағы «Қоғамдық қабылдау» және «Қоғамдық омбудсмен» өз жұмысын бастады. Осыған ұқсас қоғамдық қабылдаулар теңіз жағалауында, Ақтау қалалық, Мұнайлы аудандық және Арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы, орталық «Мағаш» сауда базарында ұйымдастырылды. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы Ашық келісімнің талаптарын орындау шеңберінде жастар, әйелдер, кәсіподақтар, кәсіпкерлер, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени және діни бірлестіктер, мәдениет саласы қызметкерлерімен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, түрлі мақсатты топтар қамтылуда. Бұл мақсатта, сонымен бірге, облыстық, қалалық, аудандық кітапханалар мен өлкетану мұражайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбындағы тұрақты көрмелер ашылды.
Сұрақ: Автожолдарда сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту жөнінде «10 қадам жоспары»туралы айтарыңыз бар ма?
Жауап: Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында «Азаматтық бақылау» жобасы аясында Қоғамдық омбудсмен қабылдау жүргізуде. Осы уақытқа дейін Қоғамдық омбудсменге барлығы 425 тұлға жүгініп, олардың барлығына қоғамдық омбудсменмен тиісті түсініктер беріліп, құқықтық көмектер көрсетілді. Жоспар аясында көліктік бақылау инспекциясының лауазымды тұлғаларымен бірге республикалық және облыстық маңыздағы автожолдарында рейдтік шаралар ұйымдастырылып, ауыр жүк көліктерінің меншік иелеріне пара беру және пара алу, бопсалау фактілері бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар, арнайы мониторинг тобы мүшелерінің және жол патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысуымен, жол жүргіншілері мен автокөлік жүргізушілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы буклеттер таратылып, оларға пара берушілік және сыбайлас жемқорлық саласындағы /әкімшілік, қылмыстық/ жауапкершіліктер жөнінде құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Жергілікті полиция қызметімен бірлескен рейд барысында6 құқықбұзушылық анықталды. Орын алған құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға тиісті әкімшілік жазалар қолданылды және мемлекеттік органдарға кінәлі тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі ұсынымдар жолданды.Жалпы біздің мақсатымыз профилактикалық жұмыстарды көбірек жүргізу.
Сұрақ: Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар болды ма? Әсіресе құқық қорғау органдары тарапынан, мысал келтіріп өзсеңіз?
Жауап: Әрине. Жалпы бірнеше мысал келтіруге болады. Соның кейбіріне тоқталып өткенді жөн санап отырмын. Департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы бойынша ағымдағы жылдың осы уақыты аралығында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 676 бабымен яғни, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі фактісімен С.Кутыбаевқа және С.Кыдырбаевқа қатысты 2 – әкімшілік хаттама және 677 бабымен яғни, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаның не оған теңестірілген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алу дерегі бойынша Т.Бақытовқа қатысты 1 – әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулыларының негізінде аталған тұлғалар тиісті жазаларын алды. Нақтырақ тоқталсақ, өткен жылы 16 маусым күні сағат 22:10 шамасында облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция қызметкері М.Сенгеров Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы, Д.Тажиев көшесінің бойында жүк автокөлігін тоқтатқан. Камаздың жүргізушісі С.Кутыбаев полиция қызметкері М. Сенгеровке 1000 теңге көлемінде заңсыз сыйақы ұсынған. Департаментпен С.Кутыбаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 676 бабымен толтырылған әкімшілік хаттама негізінде, Бейнеу аудандық сотының 2017 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен С.Кутыбаев 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 453.800 теңге айыппұл салуға жазаланды.Тағы бір деректі келтіре кетейін. Маңғыстау ОІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен дәл сондай факті анықталды. Яғни, 2017 жылдың 1 тамызы күні сағат 16:40 шамасында Ақтау-Қаламқас тас жолының 97 шақырымында Маңғыстау облыстық ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полиция қызметкері Т.Бақытов, азамат С.Қыдырбаевтың басқаруындағы «Шахман» маркілі жүк көлігін тоқтатып, тиісті құжаттарын тексеру барысында, әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында С.Кыдырбаев полиция қызметкеріне 1000 теңге заңсыз сыйақы берген. Осы дерек бойынша С.Кыдырбаевқа қатысты 676 баппен әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотта қарады. Түпқараған аудандық сотының 2017 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен С.Кыдырбаевқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 453.800 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Ал жол сақшысы Т.Бақытов ҚР ӘҚБтК-нің 677-бабымен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 600 (алты жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 361 400 (бір миллион үш жүз алпыс бір мың төрт жүз) теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Айта кету керек, мұндай жағдай, яғни заңсыз сыйақы беруші мен алушы екі тұлғаның бірдей әкімшілік жазаға тартылуы облысымызда бірінші рет орын алды.
Сұрақ: Сайт оқырмандарына айтарыңыз бар ма?
Жауап: Елбасының биылғы жолдауында жүзеге асырылуы тиіс негізгі 10 бағытты айқындап бергенін айтқан болатынмын. Соның ішінде сегізіншіден бөлек тоғызыншы бағытта өзекті. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғасатынын және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты. Яғни, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында көптеген жаңа міндеттер айқындалған. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық басымдығы болып қала бермек. Ал бұл проблемамен күресу бір немесе бірнеше органның міндеті деп қабылдасақ, онда қателесеміз. Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіргенде ғана осы құбылысқа қарсы күресе аламыз және оның нәтижесін көреміз. Ал егер де, сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт екендігін жақсы түсінсек, ол үшін барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз қажет. Яғни, сыблайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған барлық шараларға белсенді қатысып, өзіңіздің азда болса үлесіңізді қоссаңыз, түбінде нәтиже болатынына еш күмән келтірмеуіңіз керек.
Нұргүл Алмасқызы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
Сұқбаттасқан Нұрбол Оқуов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі