Жарық айлы түн еді, Аспан бұлтсыз ашық. Мың сан жұлдыз тұңғиықтанған түн аспанында алыстағы оттай таласып жылтылдап тұр. Июль жұлдызының аяғы болғандықтан, жайлаудағы шеткі қоныстарға өрістеп барған ел енді күзекке.таман қайта көшуге айналып бір-бір қоныс кейін шегініп келіп отырған. Қайтадан елдің бес-алты ауылы Кеңөзекке кешелер қонған болатын. Кеңөзек жайлаудағы шалқар қоныстың бірі еді. Бұның жері биік, кең төскей болатын. Терісаққанның елі жиылып көшкенде, кей кездерде Кеңөзекте он бес-жиырма ауылдай ел сыйып кететін қоныс бар еді. Қойнын ашып, төсін керген жалпақ шалғынды өзектің ортасында Кеңөзектің жіңішке суы ағатын. Бұл қоныстың өзге жайлаулардағы қоныстардың ішінде ең ерекше жері — жаздың қандай ыстық күн болса да, өзге жерден ерекше бір салқыны болатын. Солтүстіктегі биік таулардан асып келіп, үзіліп-үзіліп майысып соғып тұратын қоңыр салқын желі болушы еді. Өзектің айналасындағы төбелер ылғи жасыл шөпке оранып, мәңгі жастық түсінен айрылмайтын сияқтанушы еді.
Қазіргі жарық түннің тыныштығының ортасында Кеңөзек ұйқыға кеткен сұлудай болымсыз дымқыл тұманмен бусанып, тыныс алған сияқты Өзек бойына шашырап қонған ақ шұбар ауылдар әр жерде, тарғақтың, үйрек-қаздың ұядағы жұмыртқасындай болып, өзінше бір жарастықпен дөңгеленіп, үймелей отыр еді. Ауылдардың көпшілігі жатқан. Түңліктері жабылған ақ үйлер ай сәулесі түсіп маңқиып, қара үйлер тұнжырай қарауытып, түн тыныштығына бойсұнып қалғығандай. Қотандағы мал тегіс жатқан — тегіс қалғытқан ұйқыда. Өзек бойында бір-біріне сүйеу болғандай болып, анда-санда даланы жаңғыртып айқайлаған күзетшілердің айтағы естіледі. Әр жерде бірен-саран иттер үреді. Күзетші сарылған дауыспен дағдылы айғайын созып зорайтып айтады. Ұйқы түніндегі күзетші айқайы тұманды түс көргендей болып қалғыған Кеңөзекті әлдилеп тербеткендей еді. Күзетшінің айтағы ұйқыға, тыныштыққа, демалысқа шақырғандай болады.
Ауылдардың көпшілігі жатқан болса да, кейбірінде бірен-саран үйлердің оты бар еді. Кей жер ошақтарда бірде үзіліп, бірде қайта қозданып, жалпылдап жанған оттар көрінеді. Түңлігі жабылмаған үйлердің шаңырағынан қызғылттанған сәуле көрінеді. Қызғылт жарық тіршілік белгісіндей болып көзді тартады. Әр ауылда жатпаған үйлер — кешірек жататын байлар үйі еді. Ел жататын мезгіл болса да, бүгін бұл үйлер жата қойған жоқ-ты. Үлкен үйлердің арасындағы кермеде әрбір ауылда суып тұрған ерттеулі аттар бар. Араларында жарау бәйгілер, дәмелі жүйрік айғырлар да көрінеді. Бүгінгі күн бұл ауылдардың қалың жылқысындағы сәйгүліктің бәрі де кермеде болатын. Аттар әлдеқалай дыбыс шықса, сарылып тұрған тыныштықты ауырлағандай болып тықыршып, пысқырып, кейбірі жер тарпып елеңдейді. Бұл аттар түстен бері тегіс мініліп, бусанып келіп, жаңадан байланған болатын.
Кеңөзектегі ауылдың кермеге ат-айғырын байлап, бүгінгі күн әбігер болуына себеп не болып еді? Енді соған келейік. Терісаққанның елі жыл сайын жайлауына келгенде, бұның жайлауы мен жайлауы жапсарлас болып аралас отыратын Қарағанды болысы болатын. Қарағанды, Терісаққан — екі дуанға қарайтын. Екі елдің руы да екі басқа, бір-біріне алыс болатын. Бұларды бір-біріне жақындастыратын жазғы жайлау ғана еді. Екеуі де малды, кісілі, жуансынған соқтыққыш ел болатын. Осы екі ел ру басы жуандарының бір-біріне сыз өткізсем деген бақталасы, бақкүндестігінен және солардың екі елді бүлдірген мінезінен барып, ақыры, бір-біріне қатты ушыққан, қатты аңдысып шатасқан ел болатын. Соңғы екі жылдан бері екі ел бір-біріне әбден өштесіп ап, қолдарынан келген қастықтарын аяспайтын болып еді. Жаулықта аралары ұзасқан болатын. Екі жағы да қарсы елдің басты кісілерін ұлыққа шағысып, талай-талай арыздар берісіп, адвокатпен де қуысқан. Бірақ бірін-бірі меңдетіп жеңіскен жоқ-ты. Ұлық бұлардың арасындағы дау-шарды жете тексерген жоқ.
Дуаны екі басқа болған соң, араларындағы шатасқан түйінді шешу қиын да болған. Сансыз көп қып берген арыздарынан кей уақыттарда, айлар өтсе де, жауаптар келмей қалатын. Бірақ бұл елдердің адамдары қыс болып аралары алыстаған уақытта ғана арызбен іс қылушы еді.
Жаз болып бір-біріне еріксіз жақындап, қоян-қолтық келгенде қолмен іс қылып: не ұрласып, не барымталасып, кей уақытта жасақ жиып шабыспақ та болып, дөңайбат жасасып қалатын. Осы сияқты хәлдер бірталай жылдан бері келе жатқандықтан бұлардың арасында ел ортасының жесір дауы, қоныс дауы, құн дауы сияқтылардай іргелі даулары да болатын.
Сондаймен көптен кіжінісіп келген елдер биылғы жылдың жазында бір-біріне қолдарын батырмақ болып, қыза қимылдасып еді. Ала жаздай жайлауда екі ел жақын отырған уақытта ел азаматтары түгелімен ат үстінде болған. Жаздай неше қилы әңгімелер болып өтті. Бір күні «пәленше таптан барымта алынып қалып, пәлен ауылдың жылқысына жау тиіп, айырып қалыпты» десіп, кейде «пәленнің екі-үш жылқысы өткен түнде жоқ болып шығыпты» десіп, тағы бір уақытта қораға ұры кіріп азан-қазан болып қалған ауылдардың түрлі-түрлі әңгімелері естіліп жататын. Екі елдің жаулығындағы бір дағдылы жұмыс: алғашқы көрші келіскен кезде бұлар көп алыспай, көп соқтықпай, бірін-бірі барлағаннан болып келіп, жаз ортасы ауғанда, әсіресе айрыла көшетін мезгіл жеткенде қызысып алысатын. Кей уақытта айрылып көшіп, арасы әбден елсіз болып алыстап кеткенше, түн асқан сайын бір оқиға болып қалып отырушы еді. Бүгін түнде Кеңөзекте отырған ауылдар — сол оқиғаның нағыз қайнаған ортасында болатын ауылдардың бірі еді.
Өйткені бұл ауылда Терісаққанның ең жуан жері — Досбол ауылы болатын. Терісаққан Қарағандымен алысқанда, Досболдың нұсқаған бетімен барып соқтығып қағысады. Биылғыдай жаугершілік болған жылдар барымташылардың топтары аттанса да, айтыс-тартыс болса да — барлығы Досболға мәлімделіп отыратын. Кейде көп сөз, көп кеңес Досболдың өз алдында болатын. Кеңөзекте отырған бес-алты ауылдың ортадағысы сол Досболдың ауылы еді. Бұлар жайлаудан қайта көшкен. Қарағанды да кейін серпіле бастаған. Сондықтан енді түн болған сайын жүдеу тартқан кемпір-шал: «Тағы не болар екен, тағы қандай пәлесі сап етеді?» — десіп, күрсініп налығандай. Желікті бозбала, ер-азамат аты мен сойылын сайлап, елең қағып әбігерлене бастайтын. Биылғы жыл Досбол Қарағандыны жуасытамын деп бата қимыл қылып, сол елдің өзіндей басты ауылы — Айдардан жақында отыз жылқы барымта алған. Бүгінгі түннен бес-алты күн бұрын олардың қуғыншылары келіп, сөз ала алмай қайтқан болатын. Сондықтан барлық Терісаққан болып, әсіресе Досболдың дәл өз маңайындағы жақын ел болып, енді Айдардан іс күтіп отыр еді. Досболдың тілеуіндегі жуан ауылдың көбі бұның ыстығына күйіп, суығына тоңбақ болып, өзді-өз ауқымындағы кедей-кепшіктерін де қолтығынан шығармай сойыл соғар қылып, әзірлеп жүрген. Екі елдің арасы алыстағанша бұның ауылы мен сол ниеттес жақын атқамінерлерінің ауылдары бірге қонып, бірге көшпекші еді. Бірақ ылғи малды бай ауылдар жақын отырса, қой-қозысы араласып, былыға беріп, түгендеуі қиын болған соң, Кеңөзекке алты-ақ ауыл қонып, өзгелері сол маңайдағы жақын-жақын қонысқа үйіліп-үйіліп, тығыздалып қонған болатын. Осы сияқты мазасыз болған хәлдің ішінде бүгінгі күн бір үлкен оқиғаны күткен күн еді. Аңдысып алған ел бұл соңғы уақытта бір-біріне соқтығуға бекінген соң, барлық сойыл ұстауға жарайтын жігіттеріне, барлық дәмелі жүйріктерін мінгізіп, күндіз-түні бірдей жер шолғызушы еді. Бұл сияқты сақтыққа келгенде Досбол өзге жауларының бәрінен айлалы, шебер, әккі болатын. Ол сойыл ұстатып, атқа мінгізген көрші-қолаң, кедей-кепшіктерге өз балаларын, туысқандарын да қосып, көбінесе өзі де қоса атқа мініп, дамыл алмай жер шолғызып, маңайды сүздіріп алып отыратын. Сондай шолғыншылары Қарағандының жалғыз аяқ болып жүрген жауларынан талай жортуылшыны бекініп жатқан жерлерінен басып қалып, түсіріп алып жүретін. Ел жайлауға келгенде Досбол өз жылқысына көп жылқышы салатын. Ылғи жаумен соғысуға жарайтын сенімді мықты жігіттер Досболдың жылқысында болатын. Сондықтан Айдардың бестен, оннан аттандырған кісісінің көбі талай келіп, жолы болмай, бос қайтқан. Кейбір соқтыққан топтары ұрысқыш жылқышылардың қолына бірен-сарандаған кісілерін де қалдырып кеткен. Досбол Айдардан соңғы барымтаны алдырғаннан бері сақтық пен пысықтықты бұрынғысынан да асырып еді.
Маңайдағы елдің «соғысады» деген ірі жігіттерінің көбінің астына сенімді ат беріп, сойыл-шоқпарларын ыңғайлап, кейбіреулеріне мылтық та беріп, өз ауылында сақтайтын. Күндіз-түні соларға жер шалғызатын. Бірақ осылардың бәрінің ішінде Досболдың ең нық сенетін бір жігіті бар еді. Ол өзінің жылқышысы, бір жесір кемпірдің жалғыз баласы Қалбағай болатын. Қалбағай отыз жастардың шамасына келген кең жаурынды, дөңгелек денелі, өзгеден ерекше біткен қайраты мен жүрегі бар, шоқша сақалды қара жігіт еді. Бұны «Қарағандыдан шыққан жаудың албастысы» деген атақ Терісаққанға түгел жайылған болатын.
Соғыстағы шапшаңдық, мықтылықтың үстіне, бұл қыстыгүні ат құлағы көрінбейтін боранда, айсыз қараңғы түнде жылқының ішінен бірде-бір күн қалмайтын. Қапысы жоқ. Жалығары, қажуы жоқ ерекше біткен жан еді. Қар төсеніп, мұз жастанып, дамыл алмай жүріп, жылқыға шүйгін болатын жерді ерте бастан есептеп білетін. Қосты ылғи өзі бастап жүріп көшіріп, алдындағы малын қыстың жұтынан, қасқыры мен жауынан, жаздыгүні барымташыдан ылғи аман алып қалатын. Қалбағай жылқының құты, өзіне тиген малдың берекесі еді. Жылқы да Қалбағайды танығандай еді: нелер шу асаулар Қалбағай боз айғырмен қуғанда қалтырап, қаша алмайтын. Дөнен-бестісіне шейін жүген-құрық тимеген асаулар Қалбағай не бұғалық тастап, не құрық салғанда, тақымын қозғауға жарамай, шыңғырып барып жығылып, не темір қолдың күшіне бағынып, буынып жуасып, бойсұнып тұрып қалатын. Қарағанды жауларын айтқанда Қалбағай мазақ қылып: «Жаман жігітті кім жықпаушы еді: жауды көрсе, буыны босап кететін жігітке жауға шауып не керек?» — дейтін. Бүгін сол Қалбағай жылқыда еді. Досбол Қалбағайдың қасына жеті-сегіз жігітті қосып беріп, өзге азаматты ауылында сақтап, аттарын байлатып отырған. Бүгінгі күннің өзгеден ерекше қаупі бар. Өйткені далада жүрген түйеші түстен кейін Қарағанды жақтан шыққан бір топ жауды көрген. Түйешінің айтуынша, алыстан көрінсе де, жау қарасы мол, жүрісі қатты, беті — Кеңөзек айналасындағы ел болғандай. Бұлар Кеңөзектен құнан шаптырымдай жердегі Қызылтасты бетіне алып келе жатқан сияқты деген. Осы хабарды ауылға түйеші екінді кезінде келіп айтқан еді. Шолғыншылар түн боп кететін болған соң, ұзап шығып, жер шала алмай: «Қапыда айрылып қалармыз, енді жауды ауылда жылқыдан тосайық, не болса да, өздері келгенде қақтығып көрейік», — дескен. Қазіргі уақытта ел жатқанша жылқыда жүріп күткен шолғыншылар енді: «Ол жау соқтықса, таң ата жылқы иіруінде соқтығады; оған шекті тамақ ішіп келеміз». — деп ауылға келген. Бұлар тамаққа келерде жылқыны ауылдан өткізіп, ел жаққа шығарып, ауылға жақындатын әкеп салып, жылқының ішінде бұрынғы жылқышылардан басқа тағы алты-жеті кісіні қалдырып келген болатын.
Көпшіліктің айтуынша да, Досбол мен Қалбағайдың болжауынша да бұл жолы Қарағанды мықтап сайланып соқтығуға лайық еді. Соңғы уақытта Қарағанды жақтан жансыздан келген хабар: «Айдар Қалбағайдың да атын естіп, Қарағандыдағы мықты ұрыларды жиып жатыр, үлкен қолмен келіп, бір мықтап соқтықпақшы», — деген. Айдардың қолының ішінде бұл жолы Қонақай, Жоламан да болады деген сөз бар еді. Қонақай, Жоламан бір туысқан ұрылар болатын. Бұлар жалғыз екі болыс ел емес, осы маңайдағы жапсарлас елдің бәріне аты шыққан әрі әккі, әрі мықты жауынгерлер еді. Бұлар талайды зар қақсатқан жайлаудың қасқырындай ұрының көк бөрісі еді. Малды, белді ауылдардың сазайын көп бергендіктен бұларды көрсетуші көбейіп, аяғында, ояз бен маңайдағы приставтарға аттары белгілі болып, бұларды қуып жүретін. Қазірде бұның екеуі де аты шыққан «қашқын» еді. Соңғы кезде ұлық әлденеше рет қуып, келіп, ұстай алмай, ала алмай қайтқан. Ұлық қолына түспеген соң, бұлар қазақ қолына тіпті түспейміз деп бұрынғысынан да асқан болатын. Өздері үнемі қарумен мылтық, қанжармен жүреді деп жұрт шошына аңыз қылатын.
«Осы Қонақай мен Жоламанды Айдар бауырына тартып, қашқындық хәлдерін пайдаланып, ұлықтан бүркеген боп, өзіне пенде қып ап, Досболға қарсы салмақ болып жүр», — деген хабар болған. Сондықтан бүгінгі жаудың ішінде олар да болуға мүмкін еді.
Ауылға келген жігіттер Досболдың үйінде ас ішіп, екі елдің арасын, Қалбағайдың мықтылығын, Қонақайдың жүрістерін әңгіме қылып отырғанда, Досбол ауылының солтүстік жағында, өзеннің аржағында отырған ауылдан шуылдаған дауыс естілді... Үйдегі жұрт тегіс тына қалып, «бұ не?» десіп, елеңдеп, кейбіреуі жүгірісіп тысқа шыққанда: түн ортасында айқын шыққан: «Аттан! Аттан!» — деген көптен күткен суық сөз саңқ-саңқ етіп естіліп қалды. Үйдегі жұрттың бәрі алай-түлей боп тысқа қарай ақтарылды. Бұл кезде жылқы жақтан да түн тыныштығын қақ жарып шыққан шошынған шулар естіліп жатыр еді.
Сол дауыспен аралас тасты жерде тарсылдап шапқан көп аттың тасыр-тұсыры мен сатырлап қатты қағысып жатқан сойыл дауысы да естілгендей болды. Шеткі ауыл жылқыдан шыққан «аттанды» естіп шу еткен екен. Тысқа шыққан ер-азамат қарбаласып, ерсілі-қарсылы жүгіріп қақтығып жүріп, сойыл-қаруларын табысып алып, бірі ілгері, бірі кейін сарт-сарт етіп аттарына мініп жатты. Алғашқы шу мен жылқы жақтан шыққан «аттанды», сатыр-сұтырды естіген ат-айғырлар тықыршық атып шыдай алмай, басы байлаулы болса да, кермені сүзіп жөнеліп, еліріп, тынышсызданып тұр еді. Бұлардың кейбірі асығып келген жігіттер мінгенше болмай шыр айналып, сабырсызданып алып жөнеліп жатты. Көп қарбаластың ішінде түгелімен тысқа шығып қалған ауылдың кәрілерінің: «А, құдай, сақтай гөр!.. А, құдай, жаманшылығыңнан сақта!» — деген шын жалбарынып, шын тіленген зарлары естіледі... Біреулері оларды ұрсып тоқтатып: «Қайтушы еді!» — деп қайрат береді. Үлкендердің араларында бала-шаға, қыз-келіншек бір жағынан жүрегі қалтырап тоңазып қорыққандай болса да, сонымен бірге дірілдеп қызық күтіп, біріне-бірі тығылып топтанып жүр.
Аттарына ілгері-кейінді мінген жігіттер біріне-бірі қарамастан сүзіп жөнелген ат екпінімен желдетіп, аспанды қақ жарғандай болып, «қайда, қайда?» десіп, үздік-создық шауып кетіп жатыр. Аздан соң ауылда еркек қалған жоқ. Досболдың өзі де кетті. Үйіліп қалған әйелдердің, бала-шағаның ортасында Қалбағайдың жалғыз кәрі шешесі Ұмсындық та бар еді.
Ол жүрегі белгісіз қауіптен қорыққандай болып: «А, құдай, ақсарбас!.. Кеселділердің отына күйгізе көрме, қарағымды! Жалғыздың жары құдай!» — деп тілеу тілеп жүрді...
Бұның жалғыз сүйеніші, жалғыз медеу қылғаны, — аға, бауыры жоқ, — жалғыз Қалбағай еді. Керек десе, жасы отызға жетсе де, әлі күнге кедейліктен қалың малын жеткізе төлеп қалыңдығын да алған жоқ еді. Кемпірдің бұндай қауіп үстінде көкірегін қарыс айыра ойлайтын арманының бірі сол да болатын.
Ауылдағылар шыдамнан айырылған сабырсыздықпен жылқы жақтың хабарын асығып күтті. Аттанған шабушылар бірталай уақыт бірін-бірі демеп, «қайда, қайда?» деп айқайласып, сол «аттан» шыққан бетке қарай қисая шауып кетіп қалды. Бірталай уақыт өткендей болды. Бұл кездегі айғай үзіліп-үзіліп, алыстан ғана естілген сияқты. Жау да, қуғыншылар да әлденеше белден, қырқалардан асып ұзап кеткендей болды. Жылқышылардан басқа ел кісілерінен, ауылдардан шапқан жалғыз Кеңөзектегі ел емес еді. Өзге маңайдағы ауылдардың бәрінен де, Досболдар шапқан уақытта, осылардың топтарындай болып, әлденеше топтар шуласып, ізденіп шапқан болатын. Әуелгі «аттан» даусы естілгенде бар ауылдардан жеті қараңғы түнде шулап шапқан көп аттылар жайлаудың даласы мен белін азан-қазан қылып еді. Кеңөзектегі ауылдардың үсті көп уақытқа шейін у-шуынан басылған жоқ-ты. Түн оқиғасынан сергіп қалған күзетші айтақтары да жиілеп, құшырланып шығып, иттердің үруі де үлкен шу жасағандай болып, молайып кеткен. Оның үстіне, далада шауып жүргендердің айғайынан басқа жақын ауылдардың қатын-қалашы бір ауыл ішіндегі әңгімеге қанағаттанбай, біріне-бірі барысып қалып, топтарын көбейтіп, у-шу әңгімені молайтып жүрді. Бұлар анда-санда өзара әңгімелерін үзіп, бірін-бірі: «Тоқта, тоқтай тұршы әрі», — деп тоқтатып тастап, құлағын тігіп, алыстағы алысқан жаулардың сөзін естіп, белгі білмекші болады...
Бұл кезде жау да, қуғыншы да әуелгі жылқы жатқан жақта емес, Кеңөзектің басын айналып, елсізге тартып, Қарағандыны бетке алып, оңтүстікке таман ойысып бара жатқан сияқты еді. Ауылдағы жанға жау Қарағандының жауы екені анықталғандай болды. Алыстағы көп сарынның ішінде кейде көп аттың тұяғының дауыстары, кейде сойыл даусы, кейде үзіліп, кейде шулап шыққан айғайлар естілгендей болады. Сол көп сарынның ішінде екі-үш рет алыстан атылған мылтық даусы да гүрс-гүрс етіп естіліп қалды. Ауылды осы сияқты белгісіздік халінде қалдыра тұрып, біз Кеңөзектің аяғында жатқан жылқышыға келейік.
Досболдың көрші ауылдары мен өзінде жеті-сегіз жүзге тарта жылқы бар еді. Күндізгі түйешінің хабарын тегіс естіген жылқышылар бүгін жылқыға тиетін жауды түн бола бастаған сайын асығып күткендей еді.
Қалбағай ымырт жабылған соң, күндіз бірталай мініліп қоя берілген боз айғырды ұстап мініп алған.
Өмірінде талай жау, талай барымташымен соқтығысып, қағысып көрген жырынды жылқышы бүгін қапысыздық пен сақтыққа түгелімен берілгендей еді. Ол өзге жылқышының бәрін анда-санда күлдіргі, көңілді әңгіме айтып сергітіп кетіп, ұйқыларын келтірмей еліртіп, өзі дамыл алмай жылқыны шыр айналып шығып отыратын. Жылқы күндегі дағдысынша тырағайлап, шашылып жайылуға айналып, айғыр үйірлері оқшау шыға бастаса, Қалбағай қайыртып, көп жылқыны топтап жайып келе жатты. Жылқы жатқан жер адырлы қабаты көп, жасырыны мол жер болатын. Сондықтан, көп ендетіп жаюға болмап еді. Жылқының шеті биікшелеу адырлардың тұсына келгенде, Қалбағай жылқыны тастай беріп: сыдыртып, ай сәулесінің астында қылаңмен жер шалатын. Ел жатар мезгілге тақалғаннан бері қарай Қалбағай бұрынғыдан да күшті сақтыққа салып, ширап алып еді. Ол тыным алмай, жылқы құлап келе жатқан өзектің айналасын кезек-кезек сүзіп, жауды барлап жүрді. Жылқыдан кейде жарты шақырым, кейде бір шақырымдай да шығып кетіп, қалғып тұрған сайларға келіп, жым-жырт болған түнмен бірге демін ішіне тартып, тымағын қолына алып, қатып қадалып тұрып қалатын. Бұл кезде боз айғыр да ұрлыққа көп мінілген дағдылы аттай болып, не бір пысқырып, не ер-тұрманын сылдырлатпай, Қалбағайдың тілін ұққандай болып мелшиіп, сарын тыңдап тұрып қалатын. Осымен ел жататын мезгіл әбден болғанда, Қалбағай жылқының күншығыс жағына шығып жер шалып, енді жылқыға қайта келгелі тақап қалғанда, күнбатыс жақтағы ай сәулесі түсіп тұрған боз төбеден самаладай болып жаудың көң шоғыры шыға келді. Бұлар жеті түнде үркіп қиқулап ұшқан қаздардай болып, төбе басында бөгелместен сатырлатып сойыл қағып, қалың жылқыны үркіте қиқулап, өзекке қарай құлай шапты. Жау қарасы көп еді. Алғашқы төбе басына қарай бұлттай, шоқтай болып үйіліп, жау шыға келгенде-ақ Қалбағай жүрегі селт етпестен жаудың санына көз салған. Бұлардың қарасы 30— 40-тан кем емес екен. Жылқыдағы кісі 15 шамасында болатын. Сайды басына көшіріп сатырлап шулап шапқан жауды көргенде, қалың жылқы «шұр» етіп үркіп, қатты жел күнгі дүрілдеп жанған өрттей болып Қалбағай жаққа қарай жосып жөнелді. Жылқышылардың бірен-сараны шошынып үркіп кеткен жүрекпен жылқымен бірге кетті. Жау қарсысына бір 12 кісі «қайт! қайт!» деп қарсы шапты. Аралары жақын болып қоян-қолтық келіп қалған жаулар ай сәулесімен шағылысқан ақ сойылдарды айдынмен көтерісіп, шапыр-шұпыр араласып, ұрысып қалды. Бірақ жылқышы саны аз. Жаудың жартысынан артығы жылқышымен ұрысқа, бөгеуілге қалып, өзгелері жылқының соңынан түре қуып жосылтып әкетпек болып бөліне шапты. Бұларды қуып үш-төрт жылқышы да шауып кетті. Жылқышылар екі-үш рет ұрысып, қағысып, байқасып шықты, Бұл жолғы жау бұрынғылардан гөрі бата қимылдайтындай түсі суық, екпінді еді.
Жылқышылар алғашқы жау қарасын көргеннен-ақ шуласып «аттан» салып еді. Әлі де сол дауыстары басылған жоқ. Жылқы жосылып, өзектен шығып, адырға қарай асып кетті. Алғашқы кезде кездесіп қалған топтар екі-үш айналысып ұрысқан соң, қалған жау да жылқының артынан салды. Жылқышылар шұбатылып қуды. Жау ішінде өзгелерден гөрі бөлекше болып, бата қимылдап екіленіп келіп ұрысатын және ұрған қолдары асығыс ұрып жүрсе де қатты-қатты тиетін екеу бар. Бұның бірі теңбіл көкке мінген, біреуінің астында құйрығы төгілген есік пен төрдей тор қасқасы бар. Бұлардың қолынан жылқышының үш кісісі түсіп қалды. Қашып ұрыс салып келе жатқанда да артымен, алдынан келгендей табандап ұрады. Әлдеқалай көп сойылдың арасына түссе, сойылдарын шыр айналдырып, бірен-саран болмаса, көп ағаштарды тигізбей шығады. Екеуі бір емес, барлық жылқышыға да көзге түсіп көрініп, өздерін танытып қалды, бұлар соғысқанда да алғашқы келгеннен-ақ: «Мен — Қонақай», «Мен — Жоламан»,— деп келіп салысқан болатын. Қазірде Қонақай мен Жоламан өзгелерден бөгеліп қала беріп, жылқышылардың бірталайын бөгеп ұрысып келе жатты. Сатырласқан ұрыс ішінде тістеніп егескен: — «я, шіркін-ай!.. Уа, кәпір-ай!..» дескен, шолақ-шолақ қылып айтып, бір-біріне ызалы болып, тұжырған сөздер естіледі. Осы сияқты ұрыспен жау мен жылқышылар жылқының көбінен өтіп, алдыңғы тобына жетіп қалды. Бұл топ жүз қаралы жылқы еді. Жаудың он бес шамалы кісісі бұл жылқыны өзгеден жырып алып, алдына төсеп салғандай болып сойылдап, шаңын бұрқыратып қуып барады екен. Кейінгі ұрыс салып, жаумен жағаласып келе жатқан жылқышылардың ішіне әлі күнге шейін Қалбағай келген жоқ.
еді. Ол өзінің үстіне қарай жылқы алғашқы дүркіреп жөнелгенде қалың жылқыға қақтығып шыға алмай қалып, сонда да тебініп, қамшыланып, ызамен қаны қайнап, жылқыдан сытылып алып, ұрысып жатқан қалың топқа боз айғырға қамшы басып, айғайды салып, жаңа шапқанда жау тобынан жылқыны бетке алып шапқан бір шоғырды көріп, соны түре қуған. Қалбағай жылқыға шапқан он-он бес кісінің тобына араласқанда бұған өз кісілерінен төрт-бес кісі қосылып еді. Бұлар қасындағы он беспен тізе қосып, қатты ұрыс салып келе жатты.
Бұл кезде Қалбағайдың қасындағы жігіттердің де жүректері орнына түсіп, ұрысқа төселіп алғандай еді. Қалбағай жау тобымен екі-үш рет араласып, салысып қалғанда бір жау аттың жалын құшып барып, өзгеден оқшау шығып кетіп, ауытқып барып түсіп қалып еді. Бұдан соң тағы бір айналысқанда алдынан қасқиып келіп табандасып ұрысқан жирен қасқа атты Қалбағайдың сойылымен бірге шаншылып түсті. Қалбағай бұл арада қара шоқпарды сүйсінгендей болып бір салмақтап алды. Жылқыны көздеп шапқан топ бұлармен ұрысқа бөгелмей жылқыны жарып жөнелмекші болды. Бірақ Қалбағай бұл жылқыны оңтайлықпен беретін сияқты емес еді. Жау мен жылқышының артқы тобы жақындап, сатырлап, жанталасып тақап қалғанда Қалбағай жанындағы жолдастарының тізесін қосып алып: «Менен жырылмай, жылқының ортасын қақ жарыңдар!» — деп боз айғырға қамшыны басып-басып келіп, жолшыбай сермелген сойылдарын қағып ұшырып, алдыңғы жаудан тобымен өтіп шықты. Сол бетімен жылқыны жан-жағына кезек-кезек машинаша жылдамдықпен сойылдап, айғайды салып, ұрып отырып, қақ жарып шықты. Дәл осы кезде топтанып, шоғырланып келе жатқан жылқы жан-жағына тоз-тоз болып бытырап жөнелді. Көбі кісінеп үркіп, кейінгі көп жылқыға қарай қайта жөнелді. Артқы жау шашырап жөнелгендерге ие бола алмай қалып еді. Алдыңғы жарылып жөнелген жылқының артынан өзге қалғаны да шашырап жан-жағына жөнеле бастады. Әрі-бәріден соң жау сойылы да бөгет бола алмады. Өзге көп жылқыдан бұл кезде жау ұзап кетіп еді. Басында алдарына түскен жылқыдан жартысынан артығы қашып кетті. — Қалбағай айырып алды.
Қазірде жаудың алдында жиырма бес, отыздай-ақ жылқы қалды. Қалбағай бұл уақытқа шейін жаумен ұрысқа көп алданбай, ылғи бестен, оннан жылқыны айырып келе жатқан. Ұрысты жылқыны айырып болған соң бастамақшы еді. Әрі-беріден соң жылқыдан жау алдында он бестей ірі жылқы қалды. Бұларды қалың жау ортасына қоршап алып, енді шетке шығармауға айналды... Жау бұл он бес жылқыға қанағаттанса да, қанағаттанбаса да, енді осыдан басқа жылқыны қайта оралып ала алмайтын болды. Өйткені жылқыдан ұзағаннан басқа сол кезде ауыл жақтан да шулап шапқан дауыстар естіліп қалып еді. Сондықтан олар енді жылқышыға өктемдік істеп кетпек болып, он шақты кісіге жылқыны қаматып қуғызып отырып, қалғандары бөгеуіл соғысқа шықты. Жау бұл уақытта ел қуғыншысынан бетін алыстатып, оларға тез жеткізбейтін болып, Кеңөзектің басымен күншығысқа қарай тартып еді. Енді қуғыншы жаудың өкпе тұсынан төтеден қосыла алмайды. Олар да артына түсіп қуатын болды. Қашқан жауға бұл бір тыныс еді. Олардың кіжініп келе жатқанын жылқышылардың қалыспағаны үшін соғысып жазалап кетуіне орын кең болды. Сондықтан жылқы қуғандарды алдарына сала беріп, өзге қалың тобы аттарының басын іркіп, жылқышыны тосуға айналды. Бұл кезде жау саны отызға толар-толмас еді. Өйткені бұлардың ішінен алғашқыдан бергі ұрыста Қалбағай төртті түсірген. Өзге жылқышылар екеуін түсірген екен. Оларды арттағы жылқышылар басып қалып, аттарын іліп алып, жолдастарына құтқартпай қойған. Бірақ оның есесіне жылқышылардың да саны кеміп еді. Анықтап төселіп ұрыспаса да қашып ұрысып жүріп-ақ, Қонақай мен Жоламан бес жылқышыны түсіріп кетіп еді. Бірақ Қалбағай қалған жылқышылардың тобын маңына тартып алып, ел кісісі артта қалғанын біліп, енді тізені жазбаңдар деп шауып келе жатып, басшылық бұйрық айтып, жұртты желпінтіп қиқулап қыздырып келіп, тосқауылға бөгелеңдеп қалған топқа артына ерген шоғырымен тұтас келіп араласып кетті. Бұл арадағы қақтығыс бүгінгі түндегі асығыс қарбаластағы ұрыстардың бәрінен бөлек, ең ірі ұрыс еді. Соғыс қызбастан бұрын жылқышыны жасқантпақ болып, Жоламан «қайт-қайттап» тұрып, алты атарды екі атып жіберіп еді. Оған соғысқа бойы үйреніп қызып алған жылқышылар бөгелмеді. Содан кейін сатыр-сұтыр тиіскен сойыл, бұрқылдаған шаң, бір жерде ұйлығып таласқан топ иттей жанталасқан, үймелеген үлкен топыр болып кетті... Екі жақ та секөнт сайын жапыр-жұпыр көтеріліскен сойылдарын жауларына жиі-жиі тигізіп, соғысты қыздырып бара жатты.
Аз уақытта екі жақтың қолынан тағы да иесі жығылған төрт-бес ат ойнап шықты. Бұлар Қонақай, Жоламан мен Қалбағай қолынан босатылған аттар еді. Бұл түнгі соғыс Терісаққан мен Қарағанды жаулығында бұл күнге шейін көрмеген соғыс. Мұның ерекше қызулы болуына себепші болған Қалбағай мен Қонақайлар. Осы қызу ұрыстың кезінде Қонақай бір жылқышыны құлатқан бетімен өз қолына өзі сүйсініп: «Мен — Қонақай... мен — Қонақай», — деп тағы да құлшынып шықты. Қалбағай көптен Жоламан мен Қонақайды басқалардың ішінен анықтап айыра алмай жүр еді. Бұл Қонақайдың даусын естігенде жолдағыларды тастай беріп, боз айғырдың жылдамдаған бетімен қарсы алдынан ойқастап кеп: «Олай болса, мен — Қалбағай», — дегенде, екеуі де ежелден кекті болып кіжініскен жауларша қарсы қарасып келіп, сойылдарын жұлып көтерісіп алысты. Бір-бірінен жалтарған жоқ. Табандап тұрысып салысып қалды. Екеуінің армансыз сынасатын жері осы еді. Қалбағай соны ойлағандай болды. Қонақай өзіне біткен шапшаңдықпен жылдам ұрдым десе де, ол екі ұрғанда Қалбағай үсті-үстіне төрт ұрып жіберді. Бұл уақытта жыбырласып ұрысып жатқан қолдар бұлардың маңайында қалмаған екен. Қонақай соны аңғарып, байқай бергенде құлағы тағы бір нәрсені шалып қалды. Ауылдан шапқан қалың жау қазір бұларға жақындап қалыпты. Мұның жолдастары соны естіп жөнелген екен. Олардың артында төрт-бес жылқышы қалмай кетіп бара жатыр еді. Қонақай бұл хәлді сезген соң теңбіл атты бұрып ала жөнелді. Кейінгі елдің айғайы жақындап келеді... Бұл ұрысып жүріп бұрылуға айналғанда Қалбағайдың сойылы дымыр-ақ көп тиіп жіберді. Атының бетін түзеп жөнелгенде, Қонақайдың басы шыр айналғандай болып зеңіп қалған екен...
Қонақай қашып келе жатып ұрысқан болса да, бұның атын боз айғыр жібермейтін болды да, Қалбағай мұны меңдететін көрінді. Оның үстіне ұрысып келе жатып артына бұрылып қарағанда, жақын кезеңнен асып келе жатқан ел қуғыншысының алдыңғы тобын көрді. Бұл топты көрген соң сасқандай болып тебіне бастады. Қалбағайға қазіргі уақытта Қонақай есі кеткен кісі сияқтанды. Бұрын: омыраулы, үлкен денелі, айбатты жауы қазірде жауырыны бүрісіңкіреп, еңкеюге айналғандай болды... Қалбағай мұны көрген соң тепсініп келіп, күшін жиып алып, екі ұрып жіберіп айдыны аса бастаған жау даусымен: «Түс!.. Түс!.. Өлесің!» — деді.
Соңғы екі ұрғанда Қонақай аттың жалын құшып теңселіп қалды. Боз айғыр барлығуға айналса да, теңбілді көп ұзатпайтын сияқтанды. Дақ сол уақытта Қонақайдың кейін қалып, әлі күнге жете алмай келе жатқанын біліп, Жоламан қайта оралып келіп қалып еді...
Жоламанның араға түсіп кететінін біліп, Қалбағай емін-еркін жетіп алып, меңдетіп алған жауын ақырғы рет табандатып бір ұрып түсірмекші еді. Сондықтан, айғырына қамшы басып Қонақайға тағы да сойыл салым жерге келіп қалды. Сол уақытта Қонақай Жоламанды танып, әлсіреп асыққан дауыспен: «Мен қалуға айналдым, әлсіреп кеттім!.. Ат!..» — деді. Сол сөз айтылғанша Қалбағайдың шоқпары қара құстан тап басып, зілдей болып ұрып жіберді. Қонақай қатты теңселіп кетіп, атының оң жақ қабырғасына түсіп барып, қайта әлін жиып көтерілем дегенде, екінші қабырғасына түсті. Сол уақытта Жоламан да араласып қалып еді. Қалбағай шоқпарды Қонақайға тиген бетінен жұлып алып, енді Жоламанды ұрмақшы болғанда мылтықпен созылған қол, боз айғырдың басын көздеп тұрғанда жасқанып барып, атылып кетті. Дәл осы секөнтте теңселіп бара жатқан Қонақай боз айғырдың алдына құлап еді...
Жасқанып атқан оқ, дәл жүрегінен тиген Қалбағай да мылтықтың түтіні айыққанша ат үстінде жоқ болып, Қонақайдың қасына бүктетіліп түсті. Жоламан Қонақайдың аты мен боз айғырды іліп алып жүріп кетті. Одан әрі айналуға уақыт тығыз еді. Өйткені қуғыншы тобы шулап келіп қалып еді. Боз айғыр жау қолында кете барып, Қалбағай жоқ болған соң ұрысып жүрген жылқышының бәрі: «Ой, бауырым!» — салып, Қалбағайдың басына жиылып қалды... Жау кете барды. Кейінгі қуғыншы да Қалбағайдың басында шулап жылап, үйіліп қала берді.
Жарық айлы бүгінгі түн қаралы қанды түн болды. Өз намысы оянбаған екі бейбақ, асығы түгел әлдекімнің намысына итаршылық жасады да, жайрап түсті қос арыс!
Мұхтар.
Ерлан
Қызық