Əрбір мектеп бітіруші түлектің ойында жауабы бұлыңғыр мыңдаған сұрақ тұрады. "ҰБТ-ға қаншалықты дайынмын?", "Ата-анамның маған артқан үміті ақталар ма екен?", "Болашақта қандай мамандық иесі боламын?", "Оның еліме, өзіме тигізер пайдасы қандай болмақ?" деген сансыз сауалдың менің де ой-санамды шырмағанына аз болған жоқ. Осылай ой жетегінде жүргенде, уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамай қаласың." Нар тəуекел!" деп, бір мамандықты таңдайсың. Ол ата-анаңның не достарыңның айтқаны емес, өз жүрек қалауың болмақ! Барлық жас түлек өз мамандығын жүрек қалауымен таңдайды десек, артық айтқан болармыз. Алайда менің жүрегімнің қалауы болашағымның адастырмас қазығына айналарына сенемін.
Бүлдіршін шақта көпшілігіміз ұстаз болуды армандаймыз. Бірінші сыныпқа келген балақандарға əліпби үйретіп, қолына қалам ұстатып, жазуға баулуды бақыт санайсың. Алайда жоғары сыныпқа келген шақта, неге екені белгісіз, ол ойыңнан қайтасың да, мүлдем басқа салада қызмет атқаруды жөн көре бастайсың. Ойланып жүргенде, бұл мəселеге ата-анаң да кірісіп, қолдау көрсетіп, қажет болса, нұсқау да беруге дайын екенін білдіреді. Алайда менің ата-анам мамандық таңдау мүмкіндігін өз еркіме қалдырды. Оған өзім іштей мəз боламын. Еркін болғанға не жетсін!
Таңдау еркіндігіне ие болған менің жүрегім "Журналистика" деп соға берді. Анам қолдай жөнелгенде, тіпті, қанат біткендей болды бойыма. "Көптеген іс-сапарларға шығасың, еліміздің, шет елдің атақты адамдарымен жүздесіп, сұхбаттасасың" дегенде, бірден бірнеше арманымның орындалатынын сезгендей болдым. Бірақ жалғыз қалаумен ұзаққа бара алмасымды да түсінемін. Себебі көгілдір экраннан көріп жүрген түрлі бағдарламалар мен газет-журналдарда жарияланған тілші мақалаларының ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің жемісі екенін айтпаса да сезетінмін. Демек, бұл салада мен алатын асулар мен белестер көп болса керек-ті.
Салтанат Бекжігітова, Дана Нұржігіт, Майя Веронская, Бейсен Құранбек секілді мықты журналистерді өзіме үлгі тұтамын. Маған, əсіресе, Дана ханымның бір минут ішінде қойылған сұрақтарға аспай-саспай, нақты жауап бергені қатты ұнады. Таң қалдым. Мен де бір күні осы кісілер секілді көгілдір экранда бағдарламаларды жүргізетін боламын. "Арманыңды мақсатыңа айналдыр, Жетерсің сонда мұратқа" деп, дəл айтылған. Міне, осы арманымның орындалуы үшін мақсатымды нықтап, өзімді қайрап, шыңдау үстіндемін. Əрине, əдебиет, тарих секілді пəндер көп еңбекті талап етеді. Алайда қиындыққа төзімсіз қызыңыз мен емес. Қалай да білім грантын жеңіп алып, ірі қалалардың бірінде оқимын деп мақсат қойдым. Бəлкім, Астана я Алматы болар, білмедім. Басты білерім- жоғары оқу орнына түсіп, ата-анамның үмітін ақтау. "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап" деген Абай атамыздың сөзін дəл қазіргі уақытта өзіме ұран еттім. Бұл бүгіннің ғана емес, болашағымның да бұлжымас ұраны болып қала береді. Себебі Абай атамның сөзінде өмірдің шындығы бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі