Өлең, жыр, ақындар

Қазіргі заман мұғалімі

Оразова Жанат Есетқызы
Ақтөбе облысы Хромтау қаласы
Мектептен тыс білім беру орталығы МҚКК
"Өлең өрнектері" үйірмесінің жетекшісі

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол  созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.

Ғылым мен техниканың жедел дамыған заманында ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту — заманның басты талабы болып отыр. Осы жайттардың барлығын жүзеге асыратын адам — мұғалім. Мұғалім! Мен үшін осы сөздің өзінде қаншама мән-мағына, күш құдіретті, қасиетті ұғым жатыр. Мұғалімнің алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жақсы мұғалім — мектептің жүрегі, — деген Ы.Алтынсарин атамыз. Жүрексіз өмір болмаса мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Мұғалім елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақты тәрбиелейді. Ал жас өркеннің қалай болып өсуі ұстаздан алған тәлім-тәрбиесіне байланысты екендігі белгілі.

Нағыз мұғалім болу — үлкен абырой, зор еңбек, ішкі қажеттілік және балаларға деген жалындаған махаббат. Ұстаз деген атаққа ие болудың өзі бір бақыт. Қай заманда болмасын, ұстаз үздіксіз ізденуші, ұшқыр ойлы болуы тиіс деп ойлаймын. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндерім білім тұңғиығына еркін сүңгісе, шәкірттерім білім додасында қатарласынан оза шауып, оң нәтижеге қол жеткізіп жатса, мұғалімге бұдан артық қуаныш бар ма?

Кезінде ұлы ғұламалардың бірі «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл қанатты сөз ешқашан өзінің мәнін жойған емес. Сондықтан ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың болашағы бірінші кезекте мұғалімнің берген білімі мен тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты деп ойлаймын.

Мұғалімнің тәрбие мен білім беру жолында атқарған адал еңбектері ғана жас азаматтардың өмір жолдарына шуақ шаша алып, дұрыс бағыт бере алады.

Бүгінгі дәуір — жаңашылдық дәуірі. Ендеше, оның болашағына, алар біліміне, тәлім-тәрбиесіне бей-жай қарауға тағы болмайды. Елбасының «Дағдарыс арқылы — жаңару мен дамуға» деп аталатын халыққа жолда­уында ұстаздар қауымына зор міндет­тер жүктелді.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», — деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес. Бұл мәселені Елбасы да талай мәрте қадап айтқан.

«Ұстазы жақсының ұстамы да жақсы». Мектептегі мұғалім – өз шәкіртінің білімді ғана емес, ұлттық тәрбиемен сусындауына да көп көмек көрсететін маман. Себебі, әр оқушы мұғалімге қарап бой түзейді. Оның жүріс-тұрысына еліктейді. Демек, қазіргі заман мұғалімінің басты мақсаты – заман талабына сай, білімді тұлға тәрбиелеу. Қазіргі жастар ішінде Батыстан кірген бейәдеп қылықтарға барып, теріс жолдарға түскендері бар екені белгілі. Имандылықтан ада болып, ағайын-туысты, қала берді, ата-ананы құрметтеуден кері кеткендері де кездеседі. Мұның бәрі жас кездегі тәрбиенің осалдығы деп жатамыз. Демек, осындай келеңсіз жайттарға жол бермеу үшін қазіргі заман мұғалімі – ақылшы, жол сілтер дана, ақыл қосар анадай, тәрбие мен білім беруде инновациялық технологияларды меңгерген кәсіби білікті маман болуы керек.

Сонымен қазіргі заман мұғалімі қандай болу керек?

«Өмір бойы оқу керек» ережесін ұстанып, өзі оқи отырып, өзгені оқытатын;
Өзінің ғана емес, басқаның да еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын;
Жоғарыда айтылғандай жаңа технологияны жетік меңгерген, білімді, жаны жаңалыққа толы, түсінбегенді түсіндіре алатын;
Меңгермегенді меңгергенше меңгерте алатын;
Құрамындағы мұғалімдердің білім, білік, дағдыларын жетілдіру жолдарын таба алатын;

Осындай қасиеттері бар мұғалім арқылы, болашақта егемен еліміздің ертеңгі болашағы білімді жас ұрпақ қалыптасары анық екендігі баршамызға мәлім.

Әр ұстаз, қоғам және заман талабына сай педагогикалық шеберлігін шындап, үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Мұғалім ретінде өзім де үнемі ізденіс үстінде боламын және педогикалық жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, оқушыларымды білім нәріне жеткізе бермекпін. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» деп айтып кеткені белгілі. Осындай қасиет пен құрметке лайық ұстаз болған жөн.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз