Оразова Жанат Есетқызы
Ақтөбе облысы Хромтау қаласы
Мектептен тыс білім беру орталығы МҚКК
"Өлең өрнектері" үйірмесінің жетекшісі
Адам болып өмірге келгеніме шүкірлік айтамын. Бұл ой, айналамдағы басқа тіршілік иелеріне қарап туындап отыр. Мәселен, жан-жануарлар, құстар, жәндіктерге қарағанда, адам баласында — сана бар. Осы санамыздың арқасында өмірдің мәнін түсініп күн кешіп жүрміз. Сондықтан мен өмірімнің күндерін, минуттарын қалай болса солай өткізбей, керісінше мағыналы, мәнді етіп өткізуім керек деп есептеймін. Күнде мен, бүгін қандай жақсы іс тындырдым, кімге көмегім тиді деп өз-өзіме есеп беріп отыруым керек.
Біреумен ренжіскен болсам, ол кінәлі болса да,өзімнен де қателік іздеп мойындай білуім керек. Қандай жағдай болсын сабырлы, ұстамды болуға тырысуым керек.
«Бес саусақ бірдей емес» демекші адамдар да әртүрлі болып келеді. Сондықтан басқа біреуді түзетем деп ойлама! Әр адам өз-өзіне есеп беріп, өзін дұрыс жолға салып отырса,адамдар арасындағы кикілжең де азаяр еді. Өйткені, «Ақылсыз адам айқайлай келеді, жан-жағын жайпай келеді. Ақылды адам жай, жай келеді, жан-жағын байқай келеді».
«Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейтін мақал да бар емес пе?! Мен де талай сүріндім, өмірден түңілген күндерім де болған. Сол кезде сабырлық жеңбегенде, не болтынын көз алдыма елестетсем жаным түршігеді. Қазіргі бақыт күндеріме жеткенім сол — сабырлылықтың арқасы. «Сабыр түбі — сары алтын» дегенге толықтай келісемін. Тіл-көзден сақтасын, өзімді бақытты жандар қатарындамын деп есептеймін.
Адам бойындағы асыл қасиеттер: әдептілік, адамгершілік, сабырлылық. Осы қасиеттерімен ғана адам өз дәрежесінде сыйлы болып қалады. Ал, адамды жек көрінішті қылып көрсететін мыналар: көкіректік, іштарлық, зымияндық. Бұлардан сақ болған жөн. Ол адамның, жоғарыда айтып кеткендей санасына байланысты. Саналы адам жаман әдеттен бойын аулақ ұстайды. Санасы болмаса «Адам» деген атынан бірте-бірте айырылады. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» демекші оны өзі байқамайды да, сырт бейнесі адам болып қалғанымен, ішкі дүниесі бүлініп жатады. Олар өзін дұрыстаудың орнына, жақсы адамдарға күйе жағады. Өйткені, менен асып кетті деп көре алмаушылық қалыптасады. Керісінше, ол адамнан үлгі алып мен де жақсылыққа ұмтылайын демейді. Әйтпесе, ол да адам баласы қолынан келер еді.
«Ештен кеш жақсы» деген мақал ойыма түсіп отыр. Адам баласы өз қателігінен сабақ алып, қалған өмірін баянды өткізуі өз қолында екенін түсіне білсе деймін. «Адамның күні адаммен» деген мақалдай айналасындағы адамдарға да түсіністікпен қарап, шаруам жоқ деп қол сілтеп өте бермей, қолынан келгенше жақсылық жасап, қол ұшын беріп жүрсе екен деген тілегім бар. Біреуге шын ниетіңмен жасаған жақсылығың өзіңе екі есе оралытыны есіңде болсын! Керісінше, жамандығың өзіңді іздеп табады.
Жер бетінде адамнан ақылды жан жоқ. Жаны жоқ компьютер ғана адамнан асып түсуі мүмкін. Оны ойлап тапқан кім? Әрине – адам. Адамның қолынан келмейтіні жоқ. Жер бетіндегі ең биік шыңды да, жерден тыс ғаламды да бағындырып отыр. Әлемде бейбітшілік болса екен деп армандаймыз. Ол кімнің қолында, әрине біздің қолымызда. Адамнан құдіретті адамды жаратқан тек Алла ғана деп есептеймін!
«Адамнан үлкен ат жоқ, наннан үлкен ас жоқ» деп мақалда айтылғандай, адам болып жаралғанымызды бағалайық, адамзат. Мұны оқыған адамға кішкене болса да ой салармын деген үміттемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі