Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті — қалың таудың іші. Күнбатыста алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қарабарқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бір сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығымен күңгірт даланы әлде неге үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұралып соғып, салбыраған шерлі күйді қозғағандай болады. Табиғат салқын түсте болса да, сұлу тілді сүйгендей, іздегендей еді. Мәңгі мұңлы шермен үзіліп-үзіліп соққан желмен бірге жүректі ақырын-ақырын шымшығандай еді. Сол кезде иесіздікте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әнші жігіттің зар-мұңлы даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткендей болды. Ән салқын түсті табиғат ортасында желікті қызықты еске түсірмей, ұлы бір сабырды еске түсіргендей. Ән салған жігіттер табиғатпен жалғасатын тіл тапқандай боп, кейде баяулап қоңырлатқан, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кіріп келе жатты... Бұл мүйнетте адамның әні де алыста күркіреген күндей, үзіліп соққан бөктердің желіндей табиғаттың өзінен шыққан бір қуат сияқты еді. Бойды табиғат қуатындай болып тоңазытып, көңілді жүз толқытатын қуаты бар еді. Ән кейде батқан күн мен бейуаққа қоштастырған үн сияқты.
Бұл жігіттер иесіз таудың ішімен түнде жүріп өтпек болып, тау сыртындағы елді бетіне алып, жалғыз аяқ жолмен түн қатып келе жатыр еді. Осы кезде осы таудың сыртында жігіттер келе жатқан жақты бетіне алып, жалғыз жаяу бала келе жатты. Жол үстінде ымырт жабылып, қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар.
Табиғат балаға қатал, суық көрінеді. Жан-жақта жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер қайғылы сырымен, дүние шерімен сазарғандай. Бетіндегі ақ көде, сары селеуді сүйретіліп, сумаңдап соққан түн желі желпи қозғап сілкінтіп тұр. Қарауытқан көлеңкелі сайлар қара түннің қараңғы сырын бауырына жиып, әлденеге сақтап тұрғандай болады. Белгісіз тұңғиық жүрегін жаныштады. Әрі салқын, әрі қорқынышты күйді есіне түсіргендей болады. Жүрегін қорқыныш басып, жалғыздық жеп келе жатқан баланы не бастап келеді? Жеті түнде айдап шыққан айдаушы кім? Айдаушы сол баланың тағдыры еді.
Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын өзі туған әке-шешесі өлген... Өз әке-шешесі өлгенде Қасымның сүйеніші болып қалған кәрі әжесі бар еді. Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан. Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткенде кәрі әжесі өліп еді. Бұрынғы бала — бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді. Басына аспан құлағандай уайымды сол күні көріп еді.
Жақын, жанашыр туысқаны жоқ болса да, маңайындағы ел әжесінің өлігін үйден алып шығарда, кішкентай Қасым үлкейген кексе кісі айтатын зардың бәрін айтып, шешесінің үстіне жығылып, айрылғысы келмей құшақтап:
— Әжетай, мені кімге тастап кеттің?! Мені неге ала кетпедің, менің қаңғып қалғаным ба? Менің шынымен сорлы, шынымен жетім болғаным ба? — деп зарлағанда, елдің сай-сүйегін босатып, кәрі-жастың жүрегін еріткен болатын.
Қасымға өзге өліктің бәрінен әжесінің өлігі батып еді. Әжесі демі үзілген мүйнетіне шейін қарсы алдында, аяқ жағына Қасымды отырғызып қойып, содан көзін алмай жатып үзілген. Кәрі кеудесінен жаны шыққанша, Қасымға ендігі қайғының қаншалық ауыр болатынын біліп, бұның сорлы болған пішінін көруге өзінің көзі шыдамай, есіркеп, барлық күшін жиып, езу тартып күлген сияқтанып жатып еді. Сонда өмірді тілесе — Қасым ержеткенше деп тілеген. «Құлынымның бұғанасы қатқанша, рақым ет. Сорлы қылып қақсатпа, зарлатпа, көрде мені күңірентпе!» — деп тілеп еді.
Әжесі осы тілектің үстінде өліп еді. Қасым сол күнгі жылауынан бастап, үлкен кісідей қайғыға, қаралы күйге түсті. Шешесін жоқтап жылағанда, елжіреп сүйген атасы, өз әке-шешесі түгелімен көз алдына келіп елестеп, кешегі жылы ұяны көз алдына әкеп тұрғандай болушы еді. Қасым бәрінің де атын атап шақырып, кішкене ақ таяққа сүйеніп тұрып, жалғыз өзі оңашаға кетіп, зарланып жылаушы еді.
Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзін алдына алып сүйіп уатып, көзін сүртіп жүрген әке-шешелерін көруші еді.
Бәрі де — біз тіріліп келдік, енді өлмейміз... Сен қорғансыз емессің, сен жыламайсың, сенің көз жасың бізді қайта алып келді... —деуші еді. Қасым түсінде еркелеп, әжесінің төсін иіскеп: «Мені неге жылаттың?» — деп өкпе айтатын. Ояна келсе — көргені түс болса да, Қасымның көңілі солардың өлгеніне көпке шейін сенбей жүрді. Белгісізден солардан хабар әкелуші бардай, не болмаса біреуі келетіндей, көңіл қиялын сол ой билейді.
Бірақ күндер өтті. Қасым жетім болды. Жетімдік бұған өзін барлық суық пішінінде емін-еркін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады.
Күннен-күнге өткен сайын әжесі келмейтін болып, алыстай бастады. Оның бейіті Ұлытаудың бөктерінде алыста қалды. Ауыл тау асып көшіп кетті. Әжесі тірі болған күн Қасымның көңілінен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түсті бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесінің мұны уатып айтатын ертегісі, кешкі мезгілде алдына алып күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды. Өшті. Қасымның үмітті жарық күні де батты.
Әжесі өткен соң «жақынымын» деп, жаны ашыған ие болып шығып, Иса деген ағайыны Қасымды қолына алды. Қасымның әке-шешесінен отыз шақты қой, он шақты қара қалып еді.
Исаға Қасымның малын берерде жұрт: «Жетімнің малына қиянат қылма! Өзін адам қыл, күт, асыра, жылатпа!» — деп тапсырған болып беріп еді.
Исаның балалары көп, малы жоққа жақын кедей болатын. Ұрысқақ долы қатыны Қадиша мен Иса Қасымды алғашқы қолына кіргізіп алысымен малды өз малындай, өз мүлкіндей баурай бастады.
Түнде ел жатқанда жетім қозыдай тас бауыр болып қалған Қасым жат ұяда ұйықтай алмай, көрпенің астында үндемей жылап жатқанда, Иса мен Қадишаның әңгімесін есітіп еді. Сонда олар Қасыммен бірге келген малдың санын азсынып, әрқайсысының түсін атап: «Әне бір көк саулық пен қарабас қойды соғымға жібереміз, қасқа сиырды сатып, үй-ішіне — бала-шағаға саудагерден бұл аламыз», — деп ашыққа салып, кеңесіп жатты.
Қасымның көрпе астында жылап жатып, мұрнын тартып дыбыс бергені де оларды бұрынғы әңгімеден тыйған жоқ еді.
Қасым осы түннен бастап бар қайғыны ішіне жия бастады. Маңайындағы көрші қатындар, сенімсіз топас шалдар:
— Бала, малыңа ие болуға жарамайсың?.. Әй, сені Иса жейді ғой. Сенің малыңды құртады ғой. Ие бол! — деген сөздерді айтқыштап қоятын.
Қасым сөйлеп, орынды сөз айтып жеңе алмайды. Бірақ көңіліне жетімдік, әлсіздік қайғысы зіл қара тастай орнап қалды. Аз заман өткенде бұрынғы толық ажарлы Қасым аппақ болып қуарып жүдеп, ылғи қабағы түйіліп, қайғы сызымен түксиіп алды. Жалғыздық, сорлылық кебін барлық пішінімен білдіретін болып еді.
Бұрынғы кішкене әлсіз ойымен нобайын сезіп, қорқып күткен суық күн Қасымның басын күннен-күнге суық қолын созып, жақындап келе жатты. Қасымның малы ұстала бастады.
— Мен жетім емес пе? Менің малыма тигенің обал емес пе? — деп жылап айтқан — жұрттан ұғынған сөзі әсер бермейтін болды. Көк саулықтың мойнынан құшақтап жабысқан жолында Иса мен Қадишадан қабат таяқ жеді. Жылаған сайын тамақ бермейтін болды. Алғашқы қайғылы күндегі Қасымның қадірі де ұзақ болған жоқ еді. Екі-үш күннен соң Иса мен Қадишаның сезім дегенді білмейтін — көн болған көңілдері бұрынғы таз қалпына келіп еді.
Олардың балалары бірінен-бірі ерке болып шығып, Қасым қағаберісте қалатын болды. Қасымға таласа-тармаса күнкөру керек болды. Мал ұсталғалы басында қайғыртып жылатып, кішкене сорлы жетімнің ішіне у болып жиналып жүрсе де, әр-берден соң ол қайғы бір бөлек қалды. Енді Қасым тамақты да жөндеп іше алмайтын болды. Жыламаса, әке-шешесі бар балалардан кезек тимейді. Оның үстіне олардың ересегінен таяқта жей бастады. Қасымға бұдан соңғы бір қайғы болып — малды қарастыру, қозы бағу шықты. Аздан соң өзге балалар «тілазар, кәпір, бармайды» деген атпен құтылып қалатын болып, Иса мен Қадишаның бейілді қабағына ырза болатын күйге келген Қасым тезек теретін болды. Малдан кешке келіп сүрініп-жығылғанда болмаса Қасымға бостандық, еркіншілік жоқ еді. Кейде Иса өз балаларын: «Олардың малы жоқ, малдың иесі — Қасым» — деп қойып, олардың еріншектігіне өзі құрық беріп, Қасымның бишаралығын ашық арамдықпен қақпай қылып та қояды. Бұл хәлдің барлығы сорлы жетім көңілінде күннен-күнге өткен сайын арылмастай үлкен у болып жиналып жүрді. Қасым енді барлық өзіне қарсы арналған арамдық, өгейлік құлықпен кәпірстан мінезді қабақтан, жарты сөзден ұғатын болды. Тұрған ауылында бір адамнан мейірімді мінез көрмеген соң, ешбір жанмен сөйлеспейді. Күз күніндей жабырқап жүдеп, қабағы қатқан қайғыда. Сырт пішіні момын сияқтанады. Бірақ ішіне ылғи жетімсіреген жалғыздықпен бірге, дүниеге сенімсіздік, ешкімге жуымайтын жатбауырлық нығайып орнай бастады.
Бұл мінез өсіп, күшейіп, ішіне мұздай болып қатқан сайын, Қасым ашулы болып, қаны бұзыла бастады. Оның үстіне үнемі аштық, күтімсіздік, ауыр жұмыс қосылып, ойын шатастыра берді. Әжесі өлген соң, көңілінде бір күн тіршілігіне сүйсінгендей ашық күн болған жоқ. Кішкентай Қасымның түсі де, көңілі де қартайып, жүдеп барады. Бұл уақытта Қадишаның қолы үйреніп алған таяғы күннен-күнге: «Жетім ит». «Жаман неме?» — деп көзге шұқып, жиі-жиі тие бастады.
Бүгінгі Қасым жалғыз келе жатқан түннің алдында таңертеңнен кешке шейін Иса мен Қадиша, бұны үйіне жолатпай, ауылдан қуып жүріп сабап еді.
Ақырғы рет кеш алдында күні бойы жылаумен үздігіп әлі біткен Қасым жетімектің барлық сорлылығына бойсұнған пішінімен Исаның үйін жағалап келе жатыр еді.
Жаутаңдаған көзімен жылы шырай іздеп келе жатқанда, алдында бұрынғыдай зәрленіп тұрған Исаны көрді. Иса бұған «сен қарсы келдің» деген зілмен тағы да ұрмақшы болып қарсы жүгірді. Сол уақытта Қасым жаны күйіп шыдай алмай жылап жүріп сөйлеп:
— Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім?.. Неңді жеп едім?! Жазығым — қуарып қалған жетімдігім бе? — деп жерде жатқан үлкен тасты ала салып, төніп келіп қалған Исаны тізесінен періп кеп жіберіп, далаға қарай қаша жөнеліп еді.
Иса аузына келгенін айтып боқтап, аяғы мертігіп «бақ» етіп отырып қалды. Қасым сол бетімен тас лақтырып қуған балаларға жеткізбей, үлкен тауға қарай жөнеліп еді.
Ауылға енді қайта бара алмайтынын біліп, зарлап еңіреп, әжесі мен атасынын, атын атап шақырып келе жатқанда, бұрыннан ойлап жүрген бір көмескі ниеті есіне түсті, ол ниеті — ел жайлаудан қайта оралып, қыстауға таман жақындаған соң, сол қыстау маңында зираты бар әке-шешелерінің басына бармақшы еді. Олардың басына мал сойып апарып, құран оқытамын дегенде, алдында Иса мен Қадиша ұрсып, қабыл алмай, малды сойғызбай қойған.
Қазіргі Қасымның ойы, енді баратын қорған жоқ болғандықтан сол қораға барып, сол маңайда қалған жатақтарға жетіп, тау бөктеріндегі әке-шешелерінің басына барып, қабырын құшақтап жылау еді. Тау асатын жолда жалғыз келе жатқан зар еңіреген жетім бала Қасымды алып келе жатқан хал осы.
Қасым жүгіре бастады. Шошынған қабақпен алды-артына қарай береді. Жетім көзі белгісіз бірдемені күткендей болады. Пайдасыз күту. Ӏшінен қатты қорқып келе жатса да, көзіне көрінер тірі жан жоқ. Қап-қараңғы түн болды. Қасым тау ішінде келе жатыр. Бұдан кішірек күнінде көп естіген қараңғы сырлы әңгімелер болушы еді. Түнде кездесетін жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар... сау адамды қағып кететін перілер. Бұлардың талай рет түн жүргіншілерін шошытқан, жындандырған, көзіне көрініп елестеген әңгімелері кішкентай Қасымның көңіліне әбден қонып, онсыз да науқасты әлсіз қиялында мықты орын алып қалған...
Бұл уақытқа шейін Қасымды қайғы, жазықсыздық, ашу жетелеп дедектетіп келіп еді. Бұдан бұрын қайта қайту, Исаның пішінін көруден де өлімді таңдап алатындай еді. Сол күй қорқынышты ойлатпай алып кетіп еді. Қазіргі уақытта қараңғы түннің қара желі қатайып, түн түсі суи бастаған сайын, Қасымның жүрегі қалтырап, шошынып, елеңдеп келе жатты. Оның үстіне алыстағы бұлт жиі-жиі күркіреп, күн жарқылдайды. Түнгі тау, қара жартас алыстан перілер мекеніндей болып — жарқ етіп, қайта қараңғылыққа батып жоғалады. Түн қараңғылығы жалт еткен жарықты тездетіп, жалмауыздай басып қалады. Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттері түндегі таудың қараңғы пәлелерін ішіне бүгіп жиып тұрғандай көрінеді... Тоғайда да қалың жапырақтың арасында қара бірдеме жасырынып, әлденені күтіп тұрғандай. Әрбір түптің астынан қара түннің тұңғиық, суық. терең, қара көздері мың сан болып қадалып қарап тұрғандай... Биік тау, мықты қара жартас, бұралған тоғай мен майысқан шалғын — барлығы да түн мезгілінде Қасымның көзіне жат болып кеткендей көрінеді. Тас қабақты, жұлдыз көзді, түндей қара түсті қара кемпір тау ішін құйындай құтырып, кезіп жүргендей. Қара желімен «әпсін» оқып үшкіріп тұрғандай. Дүниені тас қып қатырып, тылсым буғандай. Түн тыныштығын ұйқылы қанатын жалпылдатып қағып ұшқан жалғыз ғана қарақұс бұзады. Сондықтан оның атын жынды құс қойған. Осы сияқты ауыр мезгілде Қасымды тау ішінде жетімдік қайғысы жан ұшыртып алып келе жатты... Бір мезгілде, Қасым қорқып, дірілдеген жүрекпен маңайына жалтаңдап әр нәрседен үркіп келе жатқанда, күн жарқ етті. Сол уақытта жол жиегіндегі бір кішкене тоғайға келіп қалып еді. Оқыста көзін жұмдырып, шошытып қалған жарықтың ішінде Қасым көз алдынан елбеңдеп жөнелген бір нәрсенің түсін шалып қалды. Шошынып, өне бойы мұздап, жүрегі лүпілдеп соғып кетті. Бұл кеткен сол тоғай ішінен ұшқан жынды құс еді.
Бірақ Қасымға ол көптен күткен қараңғы сырлы күшті қуаттың бірі болып көрінді. Сол кезде Қасымды шешесінің қабырына қарай тартқан жетім жүрек өзге денесінің іркілейін дегеніне ерік бермей, ілгері дедектетіп алып жүріп кетті. Бірақ бұл уақыттағы серігі кім? Періште дегені осы ма? Әлде жын ба? Әйтеуір енді алдында бұлдырлап, елестеп жүгіргендей болып, елбеңдеген бір нәрсе жолын бастап келе жатқан сияқты. Қасым бір уақыт кісі екен деп ес көргендей болып еді, артынан шоши бастады. Жүрегі сенімсіздік қаупімен тағы лүпілдеп соқты. Ақырын жүріп, кейіндегісі келді... Бір мезгілде бетіне құтырып, ысқырып келіп ұйтқыған бір құйын соққандай болды. Жасқанып көзін жұмды. Қайта ашса — қараңғы түнде оттай жанған алакөз ашумен түксиіп қарап тұр...
Алдында тісі ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі тұр екен. Даланың жыны осы ғой деп ойлай беріп еді, анау Қасымға әмірлі дауыспен ақырып:
— Артымнан еріп жүр, әлсіз денеңнің шаршап талғанына қарама! Аяғыңа кірген тікенге, жырған тасқа қарама! Өліп қалсаң да артымнан еріп отыр! — деп жүріп кетті. Әлсіз жетім:
— Ағатай, жетіммін...—дей беріп еді, алакөз қайта жарқ еткенде, артынан жүгіріп кетті.
Қасым өкпесі үзілгенше ентігіп жүгіріп отырды. Көз ұшына жоғалып кетті.
Түн ортасы болған кезде, таудың осы мөлшеріне бөктерде келе жатқан үш жігіт жетті. Бұлар аяңшыл аттардың екпінімен тастық жолды тықырлатып, таудың сала-саласын бір құлап, бір өрлеп, жолды қуалап келе жатыр еді. Ұзақ жол жалықтырып, түн ұйқысы жеңе бастаған жүргіншілер бірінің артына бірі түсіп, тізіліп келе жатқан. Бір уақытта бір тоғайдың тұсына келгенде, аттары осқырып, ішін тартып, тоғайға қадалып жүрмей, үркіп тұрып алды.
Сол уақытта жаңбыр бұлты тауға таман жақындап, жел қатаңдап, күннің күркірегені жиілеп тұр еді. Күн әдетінше жарқ етті. Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйеніп жығылып, қатып тұрған баланы көрді. Басында бұлар шошып, аттары да үркіп атып кетсе де, артынан оралып дабыстап, әлгі жерге қайта келді. Бұлардың көп айқайына ешкім дыбыс бермеді. Аздан соң аттан түсіп, қасына келіп қараса — жыртық киімді, өңі құп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он, он бір жасар бала екен. Ол — өлік. Бірақ денесі әлі түгел мұздап та болған жоқ екен...
Парахатова Арайлым
Көп көп рақмет күшті шығарма екен . Түгел оқып едім жылағым келді
Молдир
Керемет әңгіме маған унады.
Нұрсұлу
Маған тапсырмаға керек еді.Жақсы болды.
Дəулет
Аяанышты оқиға екен
Нұрбол
Базар жок екен
Айнұр
Керемет өте жақсы әңгіме көзге жас келтіреді
Альбина
Керемет шыгарма екен аянышты
Айбек
Керемет әңгіме
kaldikiz
Жылағым келіп тұр
Юра
Толық нұсқасы осы ма?
Узбечка
Балконда ұзақ тұрып, алыстағы тауға қарап үнсіз жыладым
Жансая
Бұл әңгіме өте әсерлі жазылған
Аружан
Сонда не болган ол балага? Калай олип калды? Тогайдын ишинде баланын алдынан шыккан Ким? Жауап бериндерш
Нұргүл
Аружан Қасым кішкентай бала емес пе, қатты шошынып өлді, елестерді көріп тастай қараңғыдан қорқып. Байғұс бала
ай, не деген тағдыр талқысына түскен періште еді.
Мұса
Өте асерлы оқиға екен
Айзере
Өте әсерлі
Адайбек
Соңында өлгеніме сонда
Диас
Аянышты окига
Дико
Әсерлі оқиға болды бала сонда шошып өлеме
Myrza
Өте керемет
Арайлым
Ия өте керемет әсер қалдырды. Бұл жерде бала қатты тоңған тағы ол шошып қалған.
Ахат
Жақсы , керемет , Базар жоқ
улдана
жетім
Улдана Уралбаева
өміірдің аяусыз тауқыметі
Мирас
Өте әсерлі окига екен жылағым келып кетті
Ұлбосын
Ой аяп кеттім ғой өте қиын...... Бірақ 2 ай болса да шыдады..
Бегман Қуаныш
қысқасы жоқпа
Аянат
кыскасын болама?
Бахтияр
Мұхтар Әуезов қазақтың мықты жазушысы