Өлең, жыр, ақындар

Ең бақытты қыздар

Ұ.Жолдасов орындайтын әнде айтылғандай „баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған”. Бақытсыз өмірдің мәні жоқ. Әлемде барлық пенде өзінше бақытты. Ал, бүгінгі қыздардың бақытты болмауға хақы жоқ. Неге? Ненің арқасында қазақ қызы бақытқа қол жеткізді?

XXI ғасыр – ғылым мен технологияның дамыған заманы. Бұрынғыдай кір жуу, үй тазалау, тамақ пісіру деген қиындықтар жоқ. Бұл жұмыстарды арнайы құрылғылар атқарады. Кір жуатын мәшине, шаңсорғыш, ыдыс жуатын мәшине – әрбір үйде бар жабдық. Заманның алға жылжығаны – адам ойының дамығаны. Жасалған құралдар – әйел қажеттіліктерінің нәтижесі. „Samsung”, „LG” компанияларының құралдары адам ойының жемісіндей көрінеді.

Қазақ халқында қыз баланы „9жаста отау иесі” деп жатады. Бұрынғы кезең адамдары қыз баланы өз еркінен тыс жастай тұрмысқа берген, сүйген адамымен бірге болуына рұқсат етпеген. Мысал ретінде „Абай жолы” эпопеясындағы Тоғжан атты кейіпкерді қарастыруға болады. Ол Абайды сүйеді, алайда олардың қосылуына „Тоғжанның басындағы ноқта мен Абайдың аяғындағы тұсау” кедергі болады. Қазіргі заманда мұндай қатыгездік жоқ. Қыздың өз сүйгеніне қосылуына жол ашық. Тек ата-анасының ақ батасын алса болғаны.

Әлемде әр ер адамның басына 7 қыздан келеді. Бұл – дәлелденген көзғарас. Демек кез келген еркекке бірнеше рет шаңырақ көтеруге мүмкіндік бар. Тіпті бұл пікірді дін де қолдайды. Бірінші әйелі – бәйбіше, ал одан кейінгілері – тоқалдар тобына жатқызылады. Тоқал алуды бұрынғы адамдар қалыпты іс-әрекет деп есептеді. Байлар бір-бірінен қалмау үшін тоқал алды. Біз өмір сүріп жатқан заманда мұндай надандық жоқ. Болмай-ақ қойсын.

Білім – теңіз. Оның тұңғиығына еніп, бойлай жүзу – әрбір жас жеткіншектің міндеті. Бұл мүмкіндік бұрын ер балаларда ғана болды. Қазір бәрімізге ортақ. Міндетті 9 жылдық білімді бүкіл жастардың алуға құқығы бар. Қазір білім ерлерге, әйелдерге деп бөлінбейді. Заманның алға жылжып, қыз балалардың білім алуының нәтижесінде жаңа ақындар мен жазушы әйелдер өмірге келуде. Оған дәлел – Ф.Оңғарсынова, А.Ахматова т.б. Қыздарға білім алуға рұқсатты ерте бергенде тарихта қалған әйел адамдардың есімдері көбейер ма еді?! 

Әйел теңдігі – барлық заманның негізгі қиындығы. Небір әйгілі жазушыларымыз әйелдерге теңдік алып береміз деп жүргенде дүниеден өтті. Мысал ретінде М.Дулатовтың „Бақытсыз Жамал”, Ж.Аймауытовтың „Ақбілек” романдарын алуға болады. Екі прозаның да негізгі идеясы – әйелге теңдік алып беру. Қазір бұл қиындық өз шешімін тапты. Гендерлік саясат қалыптасты. Әйел адам ер адамнан кем емес деген тұжырым пайда болды. Әйел ер адаммен тең құқыққа ие болды.

Таразыға салып ойлансақ, ер адамдарға қарағанда бақытты болуға себептеріміз көп екен. Алайда біз осы бақыттарымызды бағалай алмайтын секілдіміз. Айтылған мүмкіндіктерді бақыт деп санамайтындарымыз қаншама. „Бағалай білмегенге бақ қонбайды”. Бар бақтың қадірін біліп, бағасына жетсек қана бақытқа жетуімізге себеп және себепкерлер бұдан да көбейер. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер