Сонымен бу жалғаннан өттің, кеттің,
Мақсатқа, әуре - пенде, қашан жеттің?!
"Ас табылса, - дегендей,- дос табылмас!"
Бірі болса, бірі жоқ болып кеттің!
Бір соны жер қылған жоқ - шиыр, тебін,
Қайда барсаң, көрсетіп әркім ебін!
Жоқ болғаны жалғанда жаман екен,
Аузыңның, сөгер кісі, тіккен жібін.
Аспаннан жаңбыр болып жаудың-жаудың,
Сарқырап сай-сайынан тас пен таудың.
Құрғатып кептіретін күншуақ жоқ,
Болған соң ортасында қалдың даудың.
Акқан суды кұйып алатұғын - ешкімде түбі бүгін ыдыстың жоқтығынан, су қалпынан асып кетіп, арнасының өзін бұзып дал-дал қылды. Ақпайын десе, Құдай жаратқан бұлақтың көзі; ағайын десе, қалай ағарын, қалай барарын білмей аң-таң. Аң-таң болатұғыны - мынау замана тиғир (тифир) тауыпты, халық-жұрттың ортасынан опа қашыпты. Ол опа қашқанда, жалғыз қашқан жоқ, сахилыкты, өміруат, адамгершілікті ертіп алып, үшеуі бірге ілесіп шығып кетіпті. Бұл үшеуінің орнында үш нәрсе қалыпты: опа орнына - мүнафиклық, сахилық орнына - сараңдық, мәрауат орнына - хүсүдлік. Бұрынғы аққу мен қаз отыратұғын көлдердің басында қарға, сауысқаннан басқа дым жоқ. Бұлбұл жүретұғын бау-бақшаларда көзі шегір ұзақтан басқа құс жоқ. Есіл Ай мен Күн қатарымен жарыса жүретүғын аспан көкте бұлттан басқа қалған дәнеме жоқ. Бұрынғы уақытта ас пен тойға жұрт өңшең дүлділін қосушы еді. Енді ас пен той болса, алтын қоңырау, атлас жабу жапқан есектерін құлақтарын салпаңдатып, ұялмай алып барып қосып жатыр.
Халықтың жақсысының өнері - зорлық, жаманының өнері - ұрлық, Бұл екеуі қолынан келмейтұғын жамандардың өнері өтірік болып, қара пул үшін жанын сатып, тірінің түгін қоймай жұлып, өліктен кебін дәметіп, жақсы арын сатып, жаман жарын (иарын) сатып, шешен сөзін сатып, ата-ана ұл мен қызын сатып, ишандар Құдайға қылған құлшылығын ғауамдардың назарына сатып, молдалар оқыған оқуын шартық қошқар, шынжау тайға сатып, [айырбастап кетті]. "Ал"- "Бер" деген сөзі екі ағайынды болушы еді, соның "Ал" дегені өліп, "Бер" дегені тірі қалып, "Бар"- "Жоқ" деген екі ағайынды болушы еді. "Бар" деген сөз өліп, "Жоқ" деген сөз тірі қалып. Бұқара жұрт қой мысалды, хакімдер қасқыр болып, екі даугер шырылдаған бақа, билер оны жыландай сорып, бар малынан айырылып, жоқ жанынан айырылып. Біреу қасқырдай жан-жағындағысын талап, біреу иттей көрінгенге көзін сүзіп, босағадан босаға қалдырмай андып; біреу түлкідей құйрығын бұлаңдатып, біреу мәймундай көрінгенді еліктеп, біреу жыландай сыртынан жылтырап; ішінен зәрін төгіп, кейбіреуі қабыршағы жоқ балықтай қолға тұрмай жылпылдап, біреу қарғадай - ауыздан ішіп, арттан түсіп қалғанды әлдеқандай андып; біреу сауысқанша шықылықтап, өсек ғылымына мәһір болып, сау жылқының арқасын тесіп қанатып; біреу күйкентайдай тышқанға төніп, ертеңнен кешке шейін алған бір тышқаны жоқ, текке әуре болып; кейбіреу тауықтың қоразындай қоқиланып, тұмсығындағысын тәждеп мақтанып; кейбіреу тауыстай - иненің жасуындай қасиеті жоқ, өзін-өзі базарға салып; кейбіреу тырна сықылды: "Басқаныма жер ойылып кетеді!"- деп, өзін-өзі әлде қандай ауыр біліп; кейбіреу оқпақтай: "Күндіз ұшсам көз тиеді!"- деп, өзін-өзі түнекке жасырып; кейбіреу өгіз шағаладай: "Ішсем, көл таусылып қалады!"- деп, текке қаңқиып отырып қалып, дүниені ішпей-жемей жинап; кейбіреу көк кептердей тамақ үшін көрінгенге құл болып; кейбіреу шыбындай біресе қантқа қонып, біресе ауыздан ішіп, арттан түсіп қалғанға да шіреніп қонып; кейбіреу келемеж қоңыздай ат тезегін жинап әуре болып; кейбіреу кекілікше өз атын өзі шақырып, ақымақ болып; кейбіреу бөктергі деген құс мысалды ертеңнен кешке шейін жалп-жалп ұшып, бір тынымы жоқ, аңдығаны тышқан болып, күнінде жүз тышқан алып жесе де, тойымдығы жоқ, қанағатсыздығынан арық болып, замананың халі сондай болды. Адам қалай қылғанда, адам болады?! Осы жоғарыда айтылған: ұшқан кұстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезіменен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, балуан жолбарыс білекті болып келсе, досы көп болып, дұшпаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі, білегі табылады: Бұл екі хайуанның мінезінен шажағат табылады: сұңқар табиғатлы болса. Қазақта мақал бар: "Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді"- деген. Оның мәнісі қарға: "Біреу көріп қоймасын!"- деп, жалтақтап, табанымен басқаны - жасырғаны. Сұңқар өзі жегенін мақсат қылмайды: Басқаға пайдам тисін, сарқытымды кім болса, сол жесін!" —деп, жан-жағына шашып отырады екен. Сондай болғаны үшін қазақ мақалында бұл сөзіне бар: "Қарғаға - балшық, сұңқарға - талшық"- дейді. Бұл мінезден сыхауыт табылады. Бал тышатұғын ара қандай ұя жасайды?! Қарлығаш бір шөп, бір лайдан қандай шеберлеп ұя жасайды?! Адам: "Мен дөнеме білмеймін!"- деп, қарап отырмай, өнерге тырысу керек. Қазақ мақалында бар: "Өнерлі өрге жүзеді!"- деген. Араб (ғараб) тілінде өнерді «Зағыт» — дейді. Мысық бір тышқан алып жесе, аузы-басын сүртіп жаланып, өзін-өзі таза ұстауға қандай тырысады?! Сол үшін оның мұзы арам емес, тазалықты. Мұнан ғибрат алуға жарайды. Араб тілінде "Нызафит"- дейді. Төрт аяқты хайуанда түйе деген малдың ұрғашысы ер іздемейді. Иесі қолынан шөгерсе, жатады. Әйтпесе ғұмырында еркегін керек қылмайды десе болады. Әдепті, ибалы болуды мұнан ғибрат алуға жарайды. Араб тілінде мұны: "ғафаша"- дейді. Кішкененің қайраттысы - мысық: өзі кіп-кішкене болып, өзінен зор нәрседен қорықпайды. Қараңғы түнек жерге хайуанда қорықпай жетіп баратұғын - мысық. Қайратты болуды сонан ғибрат алып білуге жарайды. Өзінің қаралдысынан үлкенді құмырсқа көтереді. Әні, һәмматының зорлығы - һәмматлы болуды мұнан ғибрат алуға жарайды. Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын, зеректігі байғыздай болсын! Жүрісі мәймундай болсын! Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын! 1 "Отыз аяқты болсын — дегені — басқан ізін білдірмей жүрген, жымын кісіге сездірмейтін болсын дегені. Орнына қарай мінез қылсын: сонда 1 адам болып, адам қатарына кіреді. Біреуді-біреу ит десе ашуланады, өзі ит дәрежесіне жеткен жоқ. Ит риазытқа, ыстыққа, суыққа, аштыққа шыдамды болады; иесіне опа қылушы болады. Ас қойса, қоймаса да, қадірлеп күтсе де, күтпесе де, басқа біреудің есігіне телміріп бармайды. Қанша ұрып, соқса да иесіне кінә сақтамайды. Түн болса, дамыл таппай үріп, иесінің малына күзетші болады. Қараңғыдағы дыбысты аттан ит бұрын есітеді. Түн болса, сауысқаннан да сақ болады. Не үшін? 1 Иесіне күзетші болу үшін! Жақсы кісіге, киімі әдемі кісіге үрмейді. Жаман кісіге, киімі жаманға үреді. Естілікте - жаман-жұман кісіден есті болады. Қазақ мақалында бар: "Киімі жаманды ит қабады,// Пейілі 1 жаманды Тәңірі табады"- деген. Ит иесіне болысып, дұшпанға қару да қылады. Сол үшін бұрынғылар айтқан: " Ит - опа, қатын жапа!" - деп. "Ақымақ өз күшендесін өзі бағады" — деген, яғни: "Өзін өлтіргішінің | тәрбиесінде болады" —деген.
Адам: "Жақсы мінезді қайдан үйренем?"- демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алуға керек. Түйе сондай зор биіктігін(биіклігін) ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды, көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіштікте сондай көнгіш: бала шөгерсе, шөгіп жатады. Түн болса, байлап салған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз-ақ құмар нәрсесі түз болады: түз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақ мақалында бар: "Түйе тұзға тоқтайды, // Жігіт қызға тоқтайды", Енді бір мақал: "Түз десе, түйе тоқтайды, // Төркін десе, қыз тоқтайды" I —деген.
Жуастықта қойдан қоңыр болу керек. Араб(ғараб) жұрты(иүрты) һәм хош құлқың сипатлығы (ұсығатлығы) адам ініге (неге) ағыным дирлар екен. Оның мағынасы: "қой сықылды"- дегені. Біздің қазақ жұрты һәм мақтаған адамын: "Қойдан қоңыр" — деп сөйлейді. Қойда жуастық (жуаслық) мінез бар. Сол себептен басқа хайуандардан қасиеттігі (хасиатлығы) болды. "Ешкі егіз табады,// Ит сегіз табады,// Шошқа тоғыз табады". Мұнан да коп табатыны бар: қасқыр қанша күшіктейді, түлкі, қарсақ, мысық әрқайсысы қаншама бала табады. Қой жылына жалғыз-ақ қозы табады. Сонда да төрт аяқтыда қойдан коп жануар жоқ. Өзі бір жылда үш түлейді: бір қабат жүнін: "жабағы"-деп атайды. Қазақ халқы оны қанша пайдасына жаратады: өзіне киім, малына жабу; артығын сатып, керек-жарақ алады. Бір түлеген жүнін: "Қозының карын жүні",- дейді. Онан текемет басып, қызға жаcay қылады, үй ішіне төсеніш қылады. Ақ жүнінен аппақ кигіз басып, түс кигіз жасайды. Үшінші түлегенін : "Күзем жүні" — дейді. Қанша кигіздер басып, онымен керек жабдықтарының бәрін бітіреді. Жаз отыратын кигіз үй, ішкі, тысқы төсеніштері мен қысқы үйінің астына төсейтұғын төсеніші,- бұлардың бәрінен артылғанын және сатып, керек-жарағын алады. Қазақ жұртын бірсыпыра көтеріп, берекелендіріп тұрған осы қой деген мал. Құрты, майы; қыс болғанда, қазақ деген жұрттың отыны - қойдың барлығынан табылады. "Қой дегенше, қонақ қой" дегені: -"Ол жарықтықты айтып не қыласың?" — деген соз. Қойдың жүнінен басылған кигіздің бір қасиетін сөйлейік. Кеше қазақ жұртында Едіге баласы Шоң би жаз күнінде қанша ең жақсы бас қосып, бір кигіз үйде отырғанда, жарқ-жұрқ етіп нажағай ойнап, жаңбыр жауды дейді. Сонда Шоң би отырған үйдің төбе кигізіне қараса, бір саңылау тесік жоқ екен. Қасыңда отырған әлеуметтен сұрады:
— Осы үйдің екі үзігін ұрлағанға қандай айып саларға керек?- деп,
Жұрт дәнеме дей алмады? Сонда Шоң би өзі айтты дейді:
— Дәл осы үйдің екі үзігін ұрлағанға: "Іші тола отырған жанның құнын төле!"- деп бұйырар едім! - дейді.
Отырған жұрт бүл сөзіне көнбей:
— Бұл екі үзік сатса, пәлен қой. Мұнша құнды, мұнша пұлды болатұғын мұның не артықтығы бар?- дейді.
Сонда Шоң би отырып айтты:
— Сендер Құдайдың қай бергенінің қадір-қасиетін білесіңдер? Күн күркіреп жауып түр, нажағай ойнап, жарқ-жұрқ етіп түр. Естіген жанда зәре қалды ма? Аспаннан түсетұғын жайдың оғы тесігі жоқ бүтін кигізден тіпті өтпейді Дәл осы күнде осы үйдің үстінен жайдың оғы кез келсе, өтетұғын жері жоқ, кигіздің жүнінің арасынан бытырап-бытырап сіңіп кетеді. Осынша жанды сақтап қалуға себеп болған соң, бүл екі үзіктің кұны үй тола жанның кұны болуға қалай жарамайды?! - дейді.
Отырған жұрт жағасын ұстап, таң-тамаша қалды дейді.
Жапалақ деген кұс болады: өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды, екеу-екеуден жарып, бала қылып ұшырады. "Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын!"- деп, өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі қанағат қылғаннан. Адам қанағатты сонан ғибрат алса керек.
Байғыз деген кұс бар: кәріптікті (ғариблықты), бейшарашылықты мойнына алып, таста жатады. Қайда бұзылған ойрана жай болса, сонда жатады, су ішпейді, бидай, тары жемейді, аузында көлденең тістеген қылдан да жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: "Тұрымтай екеш тұрымтай да тайлы биенің етін жейді" — деген. "Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек,- деген. "Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның теріттінде (тіріддінде) болып, бейнетке қалсам керек! - деп, сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Тақ Сүлеймен пайғамбарға барша кұстар қызметкер құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:
— Не үшін маған келмейсің?! - дегенде:
— Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін?- деген.
Бұл сөзбенен құлдықтан халас болған. Адам мұны ойлап, пікір қылу керек. Ұшқан кұсты торға түсіретін, жүйрік анды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жау не десеңіз жұтқан тамақ: жалғанда - мазаққа, ақыретте - азапқа түсіретін тамақ. Тамақтан тартылған (тартынған) бәрінен халас болады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі