Өлең, жыр, ақындар

Гастроэнтерит

Жіті гастроэнтерит — құрамында микроорганизмдер немесе уытты заттар бар сапасыз тағамдар жеу салдарынан асқазан тұсының қатты ауруымен басталатын сырқат. Улануға тән белгілер (жүректің айнуы, лоқсу, ішек бұзылыстары, дене қызуының көтерілуі, бастың және бұлшық еттердің ауыруы, естен тануға дейін алып келетін жалпы әлсіздік) жылдам дамиды.

Гастроэнтеритте асқазан-ішек жолының ас қорыту қызметін қамтамасыз етуші ферменттердің жасушалық түзілуі өзгеріске ұшырайды, бұл болса көптеген зат алмасу үдерістерінің тұрақты түрде бұзылуына алып келеді. Созылмалы гастроэнтерит кезінде туындайтын ұстамалы ауырсынулар мен басқа да жанға бататын аурулар (тәулігіне 15-20 ретке дейін үлкен дәретке шығу, тамақтану бойына дәретке отыру, жалпы әлсіздік, суық тер шығу және т.б.), науқас әртүрлі тағамдарды, соның ішінде сапалы тағамдарды пайдалану тәртібінің бұзылуы салдарынан да пайда болады.

Вирустық гастроэнтеритті вирус шақырады. Оны тасымалдаушы және бөліп шығарушы — науқас адам. Вирустың басым бөлігі науқастың құсығы мен нәжісінде болады. Ауру жылдам тарайтындыктан вирусты гастроэнтеритке жалғыз адамның ауруы немесе оның індетке ұласауы мүмкін, яғни бұл ауруға бір-бірімен тұрмыстық қарым-қатынаста болған көптеген адамдар шалдығады.

Ауру негізінен су, тағам және тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұғады. Ал аурудың індетке айналу жағдайы, әдетте, тұрмыстық қарым- қатынастан туындайды.

Асқазанның шырышты қабаты, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерде өте сезімтал келеді. Әртүрлі қытырлақтар мен сағыздар, газдалған сусындар оларды ерте ме, кеш пе созылмалы гастроэнтеритке шалдықтырады. Балалар түскі асқа мектеп асханасынан бір нәлбек сорпа не шай мен бәліш алудың орнына шоколад не қытырлақ сияқты тағам сатып алады. Әрине, мектеп асханаларында дайындалатын тағамдардың сапасы көбінесе күмән тудыратындығы белгілі. Сондықтан ата-аналардың балаларының портфеліне өздері дайындаған бутерброд, не бәліш сияқты сенімді тағамдарды салып жібергендері жөн. Баланың тамақтануын оқудан келгеннен кейін де бақылау өте маңызды.

Егер сіз гастроэнтеритке шалдықсаңыз, есіңізде болсын:

Ауру белгілері жоғалғанша қатты тағам жемеңіз. Сұйықтықты көп ішіңіз. Тәтті болмасын. Сүт, кофе, шай, газдалған сусындарды мүлдем ішпеңіз. Егер жүрегіңіз айнып тұрса, сұйықтықты там-тұмдап ұрттап ішіңіз. Ішіңіз өтіп, сұйықтықты көп жоғалтсаңыз, 1 литр суға 1 шай қасық тұз араластырып ішіңіз, немесе құрамында глюкоза мен минералды тұзы бар дайын түймедақтар қабылдаңыз.

Егер екі-үш тәулік ішінде жағдайыңыз жақсармаса, немесе нәжісіңізден қан байқалса, дереу дәрігерге қараныңыз.

Тамақтану тәртібін сақтауда мыналар есіңізде болсын:

- тамақты дайындаудан бұрын және кейін әсіресе шикі ет ұстап турағаннан соң қолыңызды сабындап мұқият жуыңыз;

- көкөніс пен жеміс-жидекті мұқият жуып жеңіз,

- ет турайтын тақтаны басқа өнімдерді турамастан бұрын жақсылап жуып тазартып алыңыз,

- тоңдаған құс етін дайындар алдында тоңазытқыш ішінде толық еріткеніңіз жөн. Өйткені суық бактериялардың көбеюіне жол бермейді;

- мал еті мен балықты әбден қуырып алыңыз:

- мал және құс етін балыққа қоспаңыз, дайындалғанға дейін бөлек ыдыста сақтаңыз;

- шикі тағам мен дайын тағамды бөлек ұстаңыз.

4,4 градус пен 60 градус аралығында бактериялар жылдам дамиды. Сондықтан тоңазытқышта сақталған дайын тағамды 60 градустан жоғары қыздырып жеу қажет.

А. Джайловова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз