Біз, жас талап әдебиет әуесқойлары, талантына табынып, пip тұтатын Қасым ақын қатты сырқат.
Аяулы ақын ағаның өзіміз сүйіп оқитын жалынды төкпе жырлары соңғы кезде газет-журнал беттерінде сирек көрінетін болған. Мереке думандарға, елеулі уақиғаларға лайық келіп басылса, бұрыннан белгілі өлеңдері, бұрын жарық көрген дастандарынан үзінділер басылады, Жаздың сарша тамыз айында көктен жаңбыр тілеп дәметкен дихандарша біз ақыннан бұрын оқылмаған соны, жаңа жыр дәметеміз. Ал жаңа жыр жоқ. Оу, не болды? Бәрін жеңген өжет ақын, сонда, сырқатты жеңе алмай жатқаны ма? Сырқат ит оның қолынан қаламын тартып алып, қайырып бергісі келмей ме? Қасым бар да, елең жоғы — бұл қалай?
Бұрын мен Қасекеңді оқта-текте көшеде керетінмін. Қуана асып-сасып, анадайдан жүгіріп келіп сәлем берем. Хал сұрайды. Өлең қалай, туып жатыр ма дейді. Болды, жетеді маған. Ақын ағаның елеп айтқан екі-үш ауыз лебізі төбемді көкке жеткізеді.
Енді ол да жоқ. Қасым ақын көшеге шыға алмайтын болыпты деген сөз естимін. Ауыр сөз.
Қасекеңді көрейін, көңілін сұрайын деп, үйіне келдім. Жалғыз едім.
Баспананың азабын көп көрген, баспана деп, жыр жазған ақын шаңыраққа соңғы кезде жарыған. Ленин мен Виноградов көшелерінің тоғысқан жерінде үш бөлмелі Жаңа пәтер алған. Соның күн жақ бөлмесінде, сеткасы сықырлаған екі кісілік темір керуетте жатыр екен. Үй iшi тым жұпыны, Демалыс күндері Алматының жайма базарында қолдан сатып алуға болатын сарғыш фанера гардероб пен Сол түстес шкафы. Одан өзге көзге түсер мүлік бұл бөлмеде байқалмайды. Сырланған еденге де ештеңе төселмеген.
Басын терезе жаққа беріп, Қасекең он жамбасынан жатыр екен. Атақ-даңқы таудай, құдіретті ақын ауырғанның өзінде де маған арыстай боп, төсекке сыймай жататындай көрінетін еді. Сөйтсем жоқ, «ат арыса — тулақ, ер арыса — әруақ» деген сөз рас екен.
Абажадай үлкен кереуеттің ар жақ, бер жағы мүлдем бос. Ақынның жіңішкеріп, арыған денесі бір уыс боп, соңын тек орта тұсында жатыр. Сетканың болар - болмас майысуының салмағы қалмағаны көрінеді.
Қасекең басын көтермеді. Менімен сол жатқан қалпында сөйлесті. Оқта-текте жөтел қысып, қиналып, сөйлей де алмай қалады.
Ол қиналса, мен қоса қиналғандаймын. Науқастың халін бір мысқалға болса да жеңілдетер дәрменім жоқтығына жаныммен, тәніммен күйзеліс шеккендеймін.
Төсек қасында вена орындығының үстінде Қасекеңнің шылымы мен сіріңке қорабы жатыр. Ол содан шылым тұтатып тартып еді, жөтелін одан бетер асқындырып алды. Әлсіз жанға темекі соққы екенін көрдім. «Шылымды неге тастамайсыз?» деп айтуға батпадым да:
— Қасеке, осы шылымнан пайда болмас, — дедім.
— Тастайын деп, тастай алмай жүрмін,— деген сөзді Қасекең қақалма құрғақ жөтелдің арасында қиналып, әзер антты. Әлде кімдерден естігенім бойынша ақыл берген болдым:
— Шылымды тастауға кәмпит жақсы дейді. ІІІылымды тастағысы келгендер ермек етіп, кәмпит соратын көрінеді.
— Тәттіні жек көрем, тәттіге жоқпын, — деді ақын аузын кәмпита түсіп кеткендей тыжырынып. Сосын: — шіркін, құрт болса, сорар едім. Қышқылтым, құртты ұнатам деді.
* * *
Ең алғаш мен Қасекеңді өлеңдері арқылы білдім. Сосын, ынтығып жүріп, сырттай көріп таныдым. Жақын барып тілдесуге жүрексізбін. Оған себеп те жоқ.
ҚазПИ - дің соңғы курсында оқитын кезім. Өлең жазумен әуестенем. Бірақ біреу «жас ақын» ден атаса, жұрт көзінше айыбымды бетіме басқандай ыңғайсызданып тұрам.
Белгілі ақын Қалижан Бекхожиннің құрастыруымен содан аз бұрын «Жастар дауысы» атты өлеңдер жинағы шыққан. Ішінде мен де бармын. Үш-төрт өлеңсымақтарым басылған.
«Лениншіл жаста» осы кітап туралы сын - мақала жарияланды. Авторы жастардың пір тұтатын ақыны Қасым Аманжолов. Жинақта менің «Өлеңім» атты шағын өлеңім бар болатын:
Өлеңім мінезімдей жас баланың
Жылатып алам ба деп, жасқанамын.
Жазып қойып, өзіме өзім сенбей,
Оқып - оқып, басыма жасқанамын.
Өлең нәзік шегіндей домбыраның
Үзіп алсам, үлкені масқараның.
Осы өлеңді Қасекең мақаласына эпиграф етіп алыпты. Асырыңқырап мақтапты. Өлеңім өзге емес Қасымның назарына шалынған соң, өзге емес, ақындардың төресі Қасымға ұнаған соң, мен бірнеше күн көк пен жердің арасына сыйыңқырамай жүрдім.
Қасекеңе жақын барып, тілдесуге енді себеп табылған секілді.
Сәті де келе кетті.
Менімен бірге Асқат Әбілқаев дейтін студент оқиды. (Қазір ҚазПИ - дің мұғалімі, дырдай ғылым кандидаты). Сол Асқат Қасекеңмен әpi жерлес, әрі туыс екен. Қасекеңнің үйіне барып тұрады. Бір күні Асқатқа:
— Мен барсам, Қасекең қабылдар ма екен? Өлеңдерімді оқысам? — дедім.
- Қабылдағанда қандай. Қасым ол жастарды ұнатады.
Тәуекел деп, Асқатқа еріп жөнелдім.
Бұл жаздыгүні, Июнь айынын басы. Мемлекеттік емтихан әлі басмталмаған. Қасекең ол кезде қаланың шығыс тау жақ шетінде, ағасының үйінде қысылып бірге тұрады. Шағын екі бөлмелі қораш үй. Жан-жағы әлде кімдердің бау-бақшасы. Қолына кетпенше ұстап, бой жазып, ақын үй сыртында картоп түптеп жүрген үстіне келдік. Асқатта ел анадайдан танып, кетпеншесін тастады да, шүйіркелесе кетті. Өзінің елдегі туған-туысқандарының амандығын, оқуының жайын сұрастырып жатыр. Мен Асқаттың артына таман тұрмын.
Бір кезде Қасекең маған қарап:
— Мына бала кім? — деді.
Асқат менің аты-жөнімді, КазПИ - де өзімен бірге оқитынымды, өлең жазатынымды айтты.
— Е, білем. Өлеңіңді мен газетте мақтағам. Оқыған боларсың. Сол сен екенсің ғой.
Сол мақтаған өлеңін Қасекең кәне мақтады. Тағы да асырыңқырап мақтады.
Сәпен жеңгей күйеуі ескертпей-ақ шай қойып жіберді. Дастарқан жасалды. Домалақ кішірек графинге құйылған кагор шарабын әкеп қойды.
Өзім пір тұтатын ақынның алдында, онымен бірге шарап ішетін болдым - ау деп, әрі қуанып, әрі қалай батылым барып ішер екем деп, жүрексініп отырмын.
— Кәне, жігіттер, сендердің институтты көңілдегідей аяқтауларың үшін!
Маған арнап қойылған рюмканы қолыма қысылып, әзер алдым.
Асқат шай үстінде:
— Қасеке, мына Бердібек сізге елең оқысам дейді. Өлеңдерін әкелді, — деді.
— Кәне, оқы, тыңдайық.
Өзім талайдан армандап жүрген сын минуты жетті.
Өлеңдерімнің көбі балалар үшін, соларға арнап жазылған еді. Бірсыпырасы күнбе-күнгі балалар, жастар баспасөзінде жарияланған. Өнеріңді салып, мәнерлеп оқып отырмын, Ұнар ма екен ақынға, ұнамас па екен?
Ұнаса, менен бақытты жан жер бетінде болмақ емес. Сосын, жатақханаға, өзімнің әріптес ақын достарыма мақтанып айтып барам ғой.
Әp өлеңді оқимын да, ұстаз ақыннан пікір күтем. Қасекең екі-үш ауыз сөзбен сыпайылап пікіp білдіреді де тағы оқы дейді.
Өлең оқу үстінде бұрын өзім елемеген, ойыма да кірмеген бір ыңғайсыз жай байқалып қалды. Бір бірнеше өлеңім де Қасым дейтін баланың аты аталады екен. Өзім сүйетін есім болған соң өлеңіме бас caп кіргізе берсем керек. Мен қатты ыңғайсызданып, ақыннан кешірім өтіндім.
Ол түсінді, жымиып күлді де, қалды.
Өлең оқылып болды. Шынымды айтсам, көпшілігі ақынның көңілінен онша шықпаған тәрізді. Пікір айтуы екі ұштылау, салғырт.
«Тышқан мен қандала» дейтін сюжетті мысал елең былай басталатын:
Үй иесі шықты да,
Бекітіп кетті осыны.
Сандықтың жатып астында,
Тышқан бәрін есітті?
Дәл осы арада ақын:
— Тоқта! — деп тоқтатып алды да: — Өлең міне осылай жазылуы керек, — деді.— Бір де бір басы артық сөз жоқ, мына шумақта. Бәрі өзінің орын – орнында. Өлең қарапайым жазылуы керек. Моншақ таққан балаша жылтырауық сөздерді жапсыра бергеннен ол көркем болып шықпайды.
Ең соңында:
— Әлгінде тәуip деген өлеңдеріңді өңдеп, сұрыпта да, оқу құралдары баспасына алып барып бер. Әбуге мен айтайын. Балаларға арнап, шағын жинақ етіп шығарсын. Ал бұдан кейін келгенде, сен маған бұдан гөрі жақсы өлеңдер әкелетін бол, - деді.
Мен Қасекеңнің үйіне үлкен ризашылықпен кеттім. «Бұлақ» атты тұңғыш кітабым — өлеңдер жинағы дүниеге осылай келген еді.
* * *
Сол пip ақын, қамқоршы ағаны қатыгез науқас меңдеп алғанын көріп, көңілім жүдеп қалды. Тастақта жалдап тұратын жалғыз бөлме күйкі пәтеріме жабырқап келдім. Аяғын тыпың - тыпың басқан кішкентай қызым дыбысымды естіп, алдымнан жүгіріп шықты. Қолында бір түйір сықпа құрт. Әлгіні мал - жаңдап сорып, аузы-басын жағал-жағал былғап алған.
Құртты көріп, көздерім атыздай болды. Қасекеңнің әлгінде тамсанып айтқан: шіркін, құрт болса! Қышқыл құртты ұнатам деген сөзі есіме келді. Жұбайымнан:
— Мына құрт қайдан шыққан? — деп сұрадым.
— Жеңгең ауылдан сәлемдеме беріп жіберіпті. Ішіне қалта дорбамен бір дорбадай құрт салыпты.
— Қайда? Қайда құрт?
— Әне.
— Ойбай тық! Бір талын жегізбе. Жеме! Қасекеңе алып барып берейін.
— Кімге?
— Қасым ақынға...
Мен пір санайтын Қасымды әйелім де пір санайды. Әңгіменің егжей-тегжейін білген соң: аз емес не? Бір қалта құртты алып барып, беріп жүргенің ұят болмай ма деген сөздер айтты. Жоқ, ұят болмайды.
Кешкі астың соңынан әйелім екеумізге істейтін іс табылды. Дорбашадағы құртты ыдысқа қотарып салып, бір-бір талдап тексеріп; сорттап, тазалауға кірістік. Әлде біреуге емес, ақындардың төресі Қасымға баратын дәм. Арасында қыл-қыбыр кетіп қалып жүрсе, масқара емес пе? Сырты күңгірт көрінгендерін пышақпен қырып тазаладық. Өзі аз құрт әлгідей қатаң сұрыптаудан еткен соң одан бетер азайды.
Мейлі, аз болса да, мәз болсын. Қасекеңе ұнасын. Аузының дәмін алып, тажал шылымды тастауына себепші болсын.
Ақынға арналған құртты аппақ таза қағазға бірнеше қабат етіп: жақсылап орадық та, қасқалдақтың қанындай қастерлеп, үйдегі кішкентай жалғыз қызымыздан жасырыл, тығып қойдық.
Miнe, ертесінде, ақын ағаның үйіне қорына басып, және келіп тұрмын. Ауыз үйде Сәпен жеңгей ұшырасты. Ілтипатпен сәлемдестім. Қасекеңнін халін сұрадым. Қолымда қағазға орап алған бір қалта құрт. Қасекең кеше ғана армап еткен қазақтыц қышқылтым, майлы құрты.
Тәуір құрт болмаса мен оны әкелмеймін.
Ақын ұнататын ел дәмі.
Күнде-күнде бұл бала неғып келгіш болып кетті дегендей Сәпен жеңгей маған таңырқаулы жүзбен қарайды.
— Жеңгей, мынау елден келген дәм еді. Құрт. Қасекең құртты ұнататын көрінеді. Темекіні тастауына себі тие ме деп, әкелдім...
Төр үйдегі ақын естіп қоймас үшін сөзімді сыбырлап айттым. Ізімше шегіндім де, кетіп қалдым.
Бұдан соң мен ақынның тірі жүзін көре алмадым.
Қасекеңе жақын адамдардың бірі Тахауи Ахтанов еді. Кейін соның аузынан естідім. Бір жолы ол Қасекеңнің халін білуге барғанда, сырқат ақын көңілі толқып, айтып жатыр дейді: осындай, пәлен дейтін өлең жазатын бала маған кұрт әкеліп берді деп.
Төсегінің қасына қойылған вена орындығының үстінде, кішкене тарелкада бірнеше тал сықпа құрт жатыр дейді.
Көп ұзамай, ақын мәңгілікке көз жұмды. Мен қайғылы хабарды естіп, аза тұтып бардым. Түні бойы пір ақынның денесін күзетушілердің бірі болдым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі