Өлең, жыр, ақындар

Кірпіш

Осы жағдай он-жиырма жыл болған шығар, есімнен кетпейді. Заман мынау, алдау арбау. Әрине бұл жағдайларды біз ойдан шығарған жоқпыз. Ол, ол- алдау, өтірік айту, ұрлық, зомбылық пен зорлық Адам-Ата мен Хауа –Ана жерге түскеннен басталған деседі... Естеріңізде ме? Жастық шақ, мектеп ауласы, балалар, туған ауыл келбеті, мұғалімдер, мектеп директоры... Біз, сыныптастар жиналып, қоңырау шалғанда, улап-шулап, далаға лап беріп, бір-бірімізді қағып-соғып, құрбы-қыздардың сыңғырлаған күлкісіне араласып, ұлдардың секіріп-секіріп, бір-біріне оттай жанған көздерін тіреп, алыса кететіні... Мұғалімнің кітаптар мен жорнал, дәптерлерді құшақтап, жылы жүзіне аралас біздің болашағымызды ойлап, алыстап баратыны... Шіркін-ай, әлі есімде. Сонда, мұғалімнің алыыыс, алыс, биік тауларға қарап, содан біздің көзімізге асқан бір мейірімділікпен нұрын төгіп, сол тауларды біздің көзімізден іздейтін. Ұзақ қарайтын. Содан жымиып қана, шашымыздан сипап, кейде өзінің қызықты жәйттерін бізге айтып беріп, бізбен бірге шаттанып, балаша күлетін. Кейде бетін басып алып күлгенде, біз дәл сол ұстазымыздың құрбы-құрдасындай боп кететінбіз. Беті оттай қызып, әппақ жағалы көйлегі, ерекше ұқыптылықпен өрген шашы, сүйріктей саусағы, әдеппен ұстаған кітабы, бәрі-бәрі біз үшін, ерекше бір артық-кемі жоқ қайталанбас тұлға еді! Сооол күндердің бірінде, біздің класс оқушылары, «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаға ұқсап, бірінің портфельіне бақа салып, біріне ойыншық салып, ал біреуі ең алғашқы сезімге толы, кішкентай ғана параққа жазған сезім суреттері.... Бәрі-бәрі есімде! Бірде біздің класс оқушылары «А» есімді оқушының сумкасына кірпіш салып жіберген ғой. Ойлаңызшы, бір үлкеен кірпіш. Салмағы қандай!? Сумкасының ауырлығына мән бермей, «А» үйіне тарта береді. Жарты жолда «неге бұл сумка ауырлап кетті ей» деп, ашып қараса.... . Үлкеен кірпішті бірақ көреді. Басқа біреу болса, лақтырып кете берер еді-ау! Немесе ата-анасына айтып, мектепті шулатар ма еді? Ал ол болса, кірпішті қолына алып, тазалап, сүртіп, сумкасына қайта салып мектепке қарай бет түзейді. Мектепте алысып, әлі үйлеріне қайта қоймаған оқушылар «А»-ның бүл келісін қыран-топан күлкімен қарсы алады. Әрине жамырасып күліп, қолдарын шошайтып мазақтап, білгендерін істеп күледі. Ал «А» болса кішкентай ғана тоңып қалған қолдарымен ешкімге алаңдамастан, жаңағы кірпішті сумкасынан асықпай алып шығады. Топтың арасынан бір оқушы шығып, «Сенің есің дұрыс емес, мына әжетхананың түбінен тауып алған кірпішті қайта алып келген сен нағыз мисыз екенсің » дегенде, «А» – «Жоқ, бұл кірпіш осы мектептің бір бұрышына қаланар немесе бір керегіне жарар» деп, уйіне қарай бет түзейді. Қаншама жылдар өтті, осы оқиға әлі есімде. Ол, осы қалада. Осы Жезқазған қаласындағы еңселі бір мектепте сабақ береді. Сол жанары, сол таза жүрегі, сол таза пейілі! Сол баяғы біз аңсаған, біз құрметтеген, біз сүйген, біз биік санаған ұстаздарымыздың жайған қанатының қатарында! Ол, біз үлгі тұтқан ұстаздарымыздың символына айналды. Ол –шын Адам! Ол, шын Ұстаз! Өткенде қарасам, қолында бір «шлакоблок», тағы сол мектепке қарай кетіп барады... Ұлы Абай айтпақшы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»! «А» есімді кейіпкер туралы тағы бір оқиға, келесі де...

Естелікті өңдеп жазған: Мұсабеков Айхан Қасқанұлы

Жезқазған қаласы "ӨНЕР МЕКТЕБІ" ұстазы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз