Қандай жолдас еді, ол, қандай жолдас еді,— деген сөз оның ділінде де, тілінде де тұрды. Сол бір сөзді қайта-қайта қайталап қойып. ұзақ-ұзақ даққа кетеді. Еріндері күбірлей береді. Оның еріні күбірлеген сайын жанында отырған жұбайы оның өзінше сөйлеп отырғанын байқамай «м-м» деп қала береді. Ол жасаураған бота көздерін Гүлбаршынға бір тастап қайта ойымен болады. Сәлден кейін күбірлейді. Бұл күбірлеген сайын Гүлбаршынның іші қорқа түседі. Бірақ үндемейді. Қазақ ойға кеткенде ойын бұзбай, үндемеуге Гүлбаршын үйреніп кеткен. Сол әдебін-әдетін бүгін де сақтап отыр. Әншейіндегісі бір жөн екен, бүгінгісі әлейім болды. Үндемейді, алайып жасаураған қос шырағы жасқа толып, қанталап кеткен. Шамасы ол сыртта, үйге келгенше де жылаған болса керек.
«Волга» Күнгей Алатауды бөктерлеп Ыстықкөлдің солтүстік жағалауымен жүйткіп келеді. Тасты, кедір-бұдырлы жолды жолаушылар елең қылып отырған жоқ. Тек анда-санда баранка ұстап отырған бала — Қарақ машинасын тоқтатып, артқы қақпағын ашып, ү'ш аяғын буып салған көрсен құйрықты көрқызыл қазақы қойды байлап келеді де, қайта жүріп кетеді.
Машинаның артында екі адам Қазақ пен Гүлбаршын қасқыр ішікке оранып қатар отыр. Күнгей Алатаудың күнгей жағы болса да, қар қалың. Жолдан кішкентай ауытқуға болмайды. Оның үстіне Қарақтың, машина жүргізгені жаңа болмаса да заводтан жаңа шыққан және ілкі келе бастаған ГАЗ—24 сырын алып болмаған машина. Кеш алдында келген суық хабардан кейін-ақ бұлар көз ілген жоқ. Содан соң Қазақ анда-санда жол жабдығын, сөздің мәнін, жауабын айтқаны болмаса артық үн шығаруды қойды. «Қандай жолдас еді, ол?»— деп күбірлей береді, кейде ойы сыртқа шығып кетіп те отыр.
...Қандай жолдас еді, ол Қазақ пен Қырғыз алғаш танысқанда екеуінің үстінде де жеңіл сырт жейде, шекенің жартысына жетіп жартысына жетпейтін әскери баскиім, белдерінде жалпақ әскери белдік болатын. Қырық төртінші жылдың сары күзінде Қарақолда кездесті. Жұбы жазылмаған екі дос ұлы Отан соғысын Берлинде аяқтап, екеуі елге қайтқанда да Қарақолда ажырасқан-ды. Талай қорқынышты тылсымды, елім мен өмір көкпардай тартысқан түндерді, талай шекеден ыстығы да, суығы да өткен қуанышты күндерді бірге кешіп еді. Соның бәрін де Қырғыз қабағын шытпай, «жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл», деп төсекте басы, төскейде малы қосылған екі халық — қазақ пен қырғыздың айтатанындай, қиналмай өткізген еді. Қайран Қырғыз! Сонау аспан толған от, көше толған ажал болған қанды майданнан бір жарақатта алмай аман келіп, енді міне Ыстықкөлдің жағасында еру де бейбіт елде о дүниеге аттанып отыр.
— О, дүние-ай!— деп Қазақ сол жамбасына ауып отырды. Гүлбаршын селк ете түсті. Күйеуіне қарап еді, бетін жасы жуып кетіпті, еріні күбірлегенді қойып, қыбыр-қыбыр етеді. Қалай жұбатсам екен деп ойлады Гүлбаршын. Бірақ қазір әлі солығы басылмағандықтан жұбатқанға және қоя ма? Уақыт бәрін де көнертеді.
...Екінші Украина майданында соғысқан екеуі Будапешті фашистерден тазартарда уыздай жас жігіттер еді. Қыс көзі қырауда, ат құлағы көрінбейтін зымыстанда келген болатын олар Венгр жеріне. Қысы онша суық болмайтын Европаның сол бір кездері шытына қалуы бұларды онша қорқыта қоймады. Өйткені алда одан қорқыныштырақ жаудың мықты бекінісі тұрды. Сонда да тірі қайтарына керінді ме, өлем деген, өлім деген бұлардың ойына онша шегенделе қоймады. Оның үстіне Қырғыз тәуекелшіл болатын. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі», дегенді ол екі сөзінің бірінде қайталайды. Оның осындай ерлігі мен серілігі, желігі мен желпілі мол әңгімесі Қазақты асқақ Алатауға күніне әлденеше апарып келер еді. Тіпті кейде ауылға келіп, екі бөлініп, екі төбеге топтасып алып, тартып жатқандай да болып көрініп кететін.
Қырық бесінші жылдың желтоқсанының ортасында Будапешке жақындаған бұлар алда қатты, кескілескен соғыс болатынынан хабардар еді. Қазақтың да. Қырғыздың да толық орта білімі бар, екеуі де оныншы клас бітірген жігіттер болатын. Тым сыдыртып, сыпыртып кетпегенімен екеуі де ойларын орысша еркін ортаға сала алатын. Сондықтан да екеуі де соғыстың жалпы барысынан, ездеріндегі жағдайдан мейлінше мәліметі бар еді. Командирлері де ерімдей, жиырмаға жаңа деген жігіттерді баласындай көретін, үнемі азғандай ғана уақыты болса, бұлармен сөйлесе кететін, не істеу керектігін, бас-көз жоқ қойып кетпей, алдын ала барлау, бағдарлау, әдіс-тәсілдер қолдануды үйретіп отыратын.
Сырғасы тайған жылқының аяғын көріп Қырғыз сынықшы болып кеткен жайы бар еді. Соның да пайдасы тигені жол үстінде Қазақтың есіне орала кетті. Қалай болып еді, ол? Иә. Будапештке жақындап қалған бұлар келе окоптар қазып бекінді. Жердің бәрі саз. Тіпті кейде қазған окоптарға су толып кетеді. Бірнеше сағат қана боламыз деген бұл бір ызалы да, ызғарлы да жерде отырғандарына бір тәулікке жақындап қалды. Қазақ пен Қырғыздың ажырамауына мұның пайдасы да тиді.
Кеш батар алдында күннің көзі болар-болмас керінді де қайтадан қою тұман баса қалды. Күн қызылының отыруын күткен командир Андреев екінші взводқа келіп бір сөз деді:
— Алдымызда Будапешт. Қорғанысы мықты. Алдымыздағы жағдайды білу бізге қатты керек болып тұр. Тоқтамауға тиіс едік, көрдіңдер ме, бір адым ілгері жылжу қиынға айналып барады. Анау бір шақырымдай жерде көрініп тұрған екі-үш үй мен қамыспен жабылған сарайдың сырын білу керек. Екі жігіт барып біліп, егер мүмкін болса тіл алып келсе жақсы болар еді. Кімнің барғысы келеді?Ықтиярымен барғанын қалап тұрмын.
Heге еркімен? Біреуге бұйырса болды емес пе? — деп ойлады Қазақ. Бірақ оның жөні де бар еді. Соғыс Европа жеріне өткелі бірсыпыра уақыт болды. Қызыл Армия тоқтаусыз бара жатыр. Егер осылай жүрер болса, соғыс үш-төрт айда бітуге тиіс. Ендеше командирдікі дұрыс болғаны ғой. Соғыс бітер кезде өкінішті өлім болмасын деп тұр ғой.
— Біз барайық, — деді Қырғыз. Ол орнынан атып тұрды. Қазақ та тұрды. «Біз» деп тұрғанының бірі өзі екенін бұл айдан анық білді. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұқырда болалық», — деген де сол еді. Сондықтан Қырғыздың жанына жалау болудан артық доста қандай мақсат-мүдде болуы мүмкін. Іштей Қазақ «тәуекел» деді. Бірақ бұларды қоштай кетудің орнына рота командирі Қырғызға ескертпе жасады. Қабағы қатты түйіліп кетті.
— Сен неге «біз» дейсің? Өзің үшін ғана жауап беруің керек, — деп Қазақпен мұның шығарда жаны ғана басқа екенін біле тұра қиястау келді. Қазақ Қырғызға бұдан артық ескертпе жасатқызғысы келмеді. Ол үндемей түрегеліп еді, енді:
— Маған рұқсат етіңіз! — дегенді барлық ротаға естірте айтты. Андреев Қазаққа кез қиығын бір салды да, жауынгерлерге қайта сөз тастады:
— Тағы кімнің барғысы келеді? — Бұл қатар түзеп тұрған екі жігіт — Қырғыз да, Қазақ та түсіне алмады. Екеуі де «Біз ерік білдіріп тұрмыз ғой. әлде бізге көңілі толмай тұр ма екен?» — деп қалғандай жайы бар еді. Ротаны үнсіздік биледі. Күнде мұндайда әр жерден-ақ «мен, мен» деп сопаң-сопаң тұра келетін солдаттардың бәрі дүміне тас байлап алғандай тапжылмай қалды.
— Қалай? — деп рота командирі аға лейтенант Андреев взвод командирі жасы елуді алқымдап қалған мосқал кісі, кіші лейтенант Кириченкоға қарап еді, оның кезі жасқа толып кетіпті. Ол қарлыққан жуан даусымен:
— Осы сапарға мені жіберсеңіз қайтеді? — дегенді айтты.
Қызыл әскерлердің бәрі командирлерінің ойын енді-енді ғана түсінгендей қозғалақтап, күбірлесіп кетті. Оң қанатқа отырған жас жігіт Николай түрегеле бергенде, тағы біреулер суырылып шығып қоя ма дегендей бұрынғы екеу қосарлана тіл қатты:
— Бізге сеніңіз! — деді Қазақ.
— Бізге сеніңіз! — деді Қырғыз. Аға лейтенант Андреев бір сәт үнсіз қалды. Бұл кезде әскерге жаңа келген сибирлік, бұлардан да ақсұр бозбала-жігіт Николай белдігін түзеп, қолын әпкесіне апара беріп еді, аға лейтенантың даусы қатты естілді:
— Қой әрі! — Қатты да, қату да бұйрық естіген Николай жым болды. Бірақ түрегелген бойда серейіп қатып қалды. Аға лейтенанттың түсі жылжыңқырап барып, қайта қабаш кетті. Оның тура екі қасанын ортасынан жоғарыдан төмен қарап тартылған екі терең сызық «айда бола қалды. Астыңғы ернін күрек тістерімен мықтап тістеп алды. Ол қатты абыржып, ойланғандағы әдеті еді. Ойланбауға да, аямауға да болмайтын еді, өйткені жеңіс жақындап келеді, өрімдей жастарды өлімге жібергелі тұр. Оңай ма? Зұлым соғыс талайды қыршынынан қиды, олардың ішінде өмірдің дәмін білмей кеткені қанша? Мына екі өндірді тағы жібермек. Екеуі де екі үйдің жалғызы еді. Бірақ соғыстың аты соғыс. Өлімсіз, шығынсыз соғыс бола ма? Өлмеу-үшін өлтіру керек. Бұл да соғыс шындығы. Сен өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Осының бәрін біле тұрса да Андреевті мәлелдік-көңілсіздік басқандай еді. Дегенмен орнынан жылжып бұлардың жанына келді. Екеуінің басынан аяғына дейін көз тастады. Қырғыздың белдігіне оң қолын жүгіртіп, төрт саусағын кіргізбек болып еді, қолы батпады. Белдік барынша қатты тартылған екен. Сонан соң қолын оның белінен алып, Қазақтың жауырынан бір-екі рет қағы қойды. Ойлы жүзі тұнжырап ары-бері төрт-бес қадымнан салып жүрді. Қабағын көтеріп бәріне дайын тұрған екі жігітті кезімен қайта сүзді.
— Мақсат түсінікті ме? — деп қайталап сұрады.
— Нақ солай, командир жолдас! — деп қосарлана жауап берді екі жігіт.
— Ендеше жолдарың болсын!
Қас қарайып, кештің қара шымылдығы дүниені шырмап, барған сайын кезді байлап бара жатты. Европа жері аппақ тұманнан тұратын сияқты. Сырық сілтем жер ғана көрінетін болып қалды. Жаңа ғана ап-анық көрініп тұрған екі-үш үй де, қамыс шатырлы сарай да тұман торынан күлгін көрпе жамылыпты. Қазаққа мына шыңылтыр аязды ақ тұман рота командирінің мәлөл көңілін көрсетіп тұрғандай болды. Осы тұман көтерілмей тұра тұрса екен деп ойлады. Ол ойына өзі таң қалды, күлпет болды. Адамзат әр қашан аспанның, күннің ашықтығын қалайды. Түнді Қазақтың ойынша қара ниеттілер ғана тілейді. Япырым-ай, ақ тілеулі адамда да мұндай дақ болады екен-ау! Ұрылар айдың жарығынан көшесін қалаушы еді. Бірақ бәріне кінәлі соғыс қой! Әйтпесе Совет Одағына түсетін күн қуатының жетпіс проценті шуағын төгетін өзінің күншақты Қазақстанында жарқырап жүрмес пе еді. Суығы шып мұздататын, ыстығы шым жылытатын мұның Қазақстанына жететін жер бар ма!? Сәл де болса осындай даққа кеткен Қазақ «жүр!» деп Қырғыз жөнінен тартқанда селк ете түсті. Калашников автоматын асынып, бір-екі граната байланған, ағайындыдай болып кеткен екеу — бір қырғыз бен бір қазақ алдындағы жыл ғана түсе берді. Олар жиырма шақты қадымнан кейін-ақ қою қараңғылыққа кіріп жоқ болады. «Сәт сапар» тілеп басқалар қалды.
— Ей, Қазақ, — деді оның оң жағында келе жатқан Қырғыз сыбырлап, бір шақырым жүрмей-ақ, — тұра тұршы, мен бір сыбдыр еститін сияқтымын. — Бүкжеңдеп келе жатқан екеу отыра қалды. Ештеме естілмейтін сияқты. Екеуі де тың тыңдады. Анда-санда жалғыз оқтық ысқырған дыбысынан басқа ештеме білінбейді. Түндегі тұман жерге әлдеқандай бозамық жарық беріп тұрғандай.
— Қырғыздың құлағына Ыстықкөлдің толқынының дыбысы келіп тұрмасын, — деді Қазақ.
— Басы кеткен жерге аяғы кетіп қаннен-қаперсіз ұйықтайтын саған бұл қазағыңның кең даласы дейсің бе, пәле аяқ астынан түс бола кететін Европада екеніңді ұмытпа, Қазақ! — деді Қырғыз да қалжыңға қалжыңмен жауап беріп. Осылай бірімен бірі қалжыңдаса жүріп, екеуі өз аттарын ұмытып, бірін-бірі Қазақ, Қырғыз атандырып алып еді, оған ротадағылардың да ауызы үйреніп кеткен-ді. Міне, енді өлім мен өмірдің арасында тұрып та олар қалжыңын коймай барады.
Жаңағы өздері түскен өзектің үйге жақындап барған жерінде бір шоқ қамыс-қоға бар екенін бұлар күндіз байқаған болатын. Міне, сол топ қамысқа да жетіп қалыпты. Қамыс басы селдіреп, жел ызыңымен діріл қағады. Басқа ештеме де білінбейтін сияқты. Әлдеқайда бір иттің шабаланып үргені құлаққа келеді. Ит те бейбітшілік хабаршысы. Фашистердің арсылдаған танадай сары-қоңыр төбеттерінен басқа соғыс болып жатқан аймақта бұлар ит көрген емес-ті. Демек, бұл ел ит асырағанына қарағанда, соғыста онша қинала қоймаған болды. Иттің үрген даусы Қазаққа да, Қырғызға да бір түрлі сағынышты көрініп кетті. Екеуі де үнсіз ит даусын тыңдап қалды. Қырғы; Қазақты түртіп жіберді. Қазақ шоршып түсті.
— Ананы қара! — деді Қырғыз. Сүметілген біреудің қарасы көрінді. Тұпа-тура шоқ қамыстың ішіне қарай келе жатыр. Дыбыс шығармай із бағу керек. Бірақ нақ осындай үндемеу керек жағдайда тамағың қышып, кеңсірігің жыбырлап, әлде жөтелгің, әлде түшкіргің келетін жаман әдет болады. Қазақтың да, Қырғыздың да қалжыңымен айтқанда «сеңгірдей мұрнының трактормен кіріп кетсең де болатын танауы» жыбырлап, жанын шығарып барады. Түшкіргісі келді. Міне, міне, жыбырлап әкетті. Ол басындағы құлақшынын жұлып алып аузы-мұрнын басын алды. Қазақ түшкіріп салды. Дүние бүлінді деп ойлады ол. Жоқ. Қырғыз алаң етіп жаман көзімен бір қарап қойды. Кездері қараңғыға үйреніп қалды ма, бірінің бірі беттерін анық көрді. Түшкірік құлақшынға тұншығып пырс етіп тынды. Шамасы алыс, естілмеген болса керек, жаңағы адам алаңдаса да, шоқ қамысқа кіре берді. Әйел адам. Қолында екі шелегі бар. Қырбақ қана жатқан жұқа қарды кітірлетіп басқандықтан түшкірікті естімеді.
Қырғыз да, Қазақ та етпеттеген қалпымен қозғалып, ілігері жылжыды. Әйел бастаудан қолбақырмен шелекке су құя бастады. Шамасы бастауда су аз болса керек, өйткені қолбақырға ілінген судың шелекке құйылған дыбысы шылп-шылп қана шығады. Қырғыз, Қазақ шелек салдырын, су шылпылын пайдаланып жылжып су алушының жолына жетті. Аппақ киімді екеуі жермен-жер болып жабысып қалды. Тек Қырғыздың қолындағы автоматы ғана көрінді Қазаққа. Шіркін, деп ойлады Қазақ, оны да ақ кездемемен қаптай салар ма еді. «Қожаның кеңілі құртты сүйер, көжесінің қатығы жоқ». Бұл мақал есіне түсіп Қазақ жымиын қойды. Екеуі де таспа болып қалды.
Әйел суды ұзақ құйды. Мүмкін бұларға ұзақ болып көрінді. Қазақ шыдамай бастаудың басына қарай қозғалмақ болып еді, Қырғыз «тыныш» деген ишарат білдірді. Барлаушының бар жұмысы тәуекелден құралады. Егер тәуекелге сүйенбесең түк те бітіре алмайсың. Қазақ тықыршып жатыр. Дегбірі де кетіп бітті. Қашанда мұндайда көнтерілі Қырғыз мыңқ етпейді, істің сөгін күтуге асығыстық жасамайды. «Япырым-ай деп ойлады Қазақ адамға да осынша сабыр салмақ бітеді екен-ау!»
Қазақ сәл ғана басын көтеріп қарады. Енді байқады, алдағы алып жатқан адам одан екі құлаштай ғана жерде отыр. Қырғыз қозғалма деген белгі берді. Қазақ қайта қатып қалды. Асыққанда уақыттың етпейтіні қандай! Су алушы орнынан тұрды. Қазақ жүрегі дүрсілдеп жолбарыстың сарылмағандай атылуға дайын жатты. Қырғыздан шара күтті. Жоқ, әмір болмады. Шелек салдыр етті. Тағы салдыр. Су қайта құйыла бастады. Демек шелектің біріншісі толды, ол әрі ысырылып қойылды да, екіншісі жақындатылды. Су екі рет шелекке құйылғанда Қырғыз кез ілеспес шапшаңдықпен судағы адамды тарпа бас салды. Әйел адамға мұнша күш жұмсамаса да болар еді ғой деп ойлады Қазақ. Қырғыздың астындағы адам алысып жатыр. Аяғындағы соқиған етігінен байқады, еркек екен. Қазақ екі аяғын тыпыр етуге шамасын келтірмей баса қойды. Екі аяғы серпуге келмеген солдаттың кеудесін қырғыз мыжып-ақ жіберді. Басына орағанын Қырғыз оның аузына тықты. Екі қолын артына қайырып байлап, басын дастарымен шымқап тастады. Етпетінен жатқан фашист солдатының арқасына отырып Қырғыз сәл тыныстады.
Арада бірнеше секунд етпей-ақ, Қырғыз фашист солдатын тұрғызып, өзекке қарай жетектей жөнелді. Екеуі де үнсіз. Екі-үш жүз метрдей жүрген соң келіп тоқтатты да, солдатты жығып екі аяғын матап, жіптің бір ұшын мойын тұқырта тартып байлады. Оны өзектің жарқабақ көлеңкелеу жеріне сүйреп әкеліп тастады. Ол терін сүртті де.
— Олжамды саған байладым, — деп сыбырлай сөйлеп күлді.
— Сөйтпей көр, ол қырғыз-қазақтың жоралғысы, — деді Қазақ та.
— Ал қайта кеттік, бұл жата тұрсын. Қайтарда аламыз.
— Тағаңның үйінен барып шай ішіп қайтатын ба едің?
— Жоқ, тағама жиендік жасап қайтам. — Сөз осымен бітті.
Екі солдат өзекке қайта түсті. Беті жаңағы үй. Өзек үйді желі бойы жерден жанап етеді екен. Қырғыз бен Қазақ баспалап өзектен шығып, үйдің қабырғасына жүгіріп жетті. Бұл үйде жан жоқ сияқты дыбыссыз. Керісінше келесі үй дуылдап жатыр. Іргетасы аласа үйдің тектұрына шығып терезеден Қырғыз қарап еді, терезені қырау басыпты, ештеме көрінбеді. Үйдің іші алакөлеңке. Шамасы электр қуаты үзілген, жай шам болса керек. Қырғыз Қазаққа басын бұлғаң еткізді. Үйге бар дегені. Қазақ есікке келгенде іштен «Ганс!» деген айқай естілді. Қарлыққан мас дауыс. Қазақ жүргенін білдіріп, тарс-тарс басып, шамсыз ауызғы үйдің есігі алдында тұрды.
— Ганс, Ганс! — деген масаң дауыс қайта естілді. Қазақ артық дыбыс бермей бар немісшесімен:
— Я, я, — деді. Тыпырлап жүрген болды. Іштен былапыт сөздер естілді. Шамасы Гансты боқтап жатыр деп ұқты, Қазақ. Ешқандай дыбыс шығармады. Іштегі бастық болуы керек деп түйді Қазақ. Ол әлде бірнелерді айтып тарсылдады. Есік жаққа келе жатыр деп ұқты Қазақ.
— Ганс! — деп шаңқ етті үйдегі. Түпкі үйдің есігі ашылды. Ол шыға бергенде, ауыз үйде дайын тұрған Қазақ кеңірдегінен ала түсіп, езіп жіберді. Түпкі үйден түскен шамның шала жарығымен иығындағы күміс түстес пагоны жарқ ете түсті. Офицер екен деп ұқты Қазақ. Түпкі үйдің есігін жаба салды. Офицердің мойнынан буындыра қысып далаға сүйреп шықты. Ол есін жинай алмады. Есік алдына автоматын кезеніп тұрған Қырғыз офицердің бір қолтығынан алып, сүйрете жөнелді. Үйден өзекке түсе бергенде офицер «Нейн! Нейн! — деп бақырып-бақырып жіберді. Үй жақтан әлдеқандай жанұшыра бақырған дауыс шығып еді, айқай-ұйқай көбейіп барып, сәлден кейін автоматтан тырылдатып беталды оқ ата бастады. Офицердің мойнын қайта қысқан Қазақ оның бақыруға шамасын келтірмеді. Артта қысқа да, ұзын да тырылдап оқ атылып жатты. Жүгіріп келе жатып:
— Өлтіресің-ей, Қазақ, өлтіресің фашисті, — деді Қырғыз. Қазақ алғашқы солдат жатқан жерге, өзекке қарғып түсе беріп домалап кетті. Фашист офицері жансыз адамдай сылқ ете түсті. Шамасы Қазақ тым буындырып жіберген болса керек-ті. Өліп қалды ма дегендей Қырғыз офицердің жанына жақындап, оның тыныс алғанынан жаны барын білді. Екі қолын тас қылып байлап аузына орамал тықты. Арада бір дем етпей-ақ офицер орынан атып тұрмақ болды. Қырғыз оны қолтығынан демей тұрғызды да, оның қолын байлаған жіптің ұшын ала беріп ұшып түсті. Сөйтсе офицер тұра қашпақ екен, сүрініп жығылды. Артта фашист әскерлерінің даурыққан дауыстары, тырылдап атылған автомат дыбыстары естіліп тұрды. Бірақ бері жүргені байқалмады.
— Мен тұра алмай қалдым, — деді Қазақ Қырғызға. — Аяғым жоқ, жөнге келмейді. — Қырғыз дереу офицердің қолын байлаған жіпті жатқан неміс солдатына жалғады. Сонан соң Қазақтың жанына келді. Оның оң аяғының басы артына қарап қалыпты. Тізесі шығып кеткендіктен, аяғы бүйен сияқты ириіп кетіпті. Қырғыз қайта айналып барып офицерді етпетінен жатқызды.
— Қозғалсаң атамын, — деді. Оны орысша айтты. Офицердің түсінген түсінбегенінде жұмысы жоқ. Сонан соң автоматын жерге қойды да, Қазақты отырғызып, сол қолымен оның оң аяғының етігінің өкшесін ала, оң қолымен кежесінен ұстап күшпен сілке тартып қалды.
— Ойбай!— деген Қазақтың даусы бір-ақ шықты. Сырт етіп тізе орнына түсті. — Көзімнің оты жарқ ете түсті ғой, — деді ол тағы да.
— Бұдан былай көзіңе қарап жүретін боласың, сені де қазақ дейді, түнде жүре алмайсың.
— Тұрып көрейін, — деді Қазақ.
— Қозғалма, қазір сені есекке мінгіземін. — Ол неміс солдатын сүйреп Қазақтың алдына әкелді. Өзі автоматын ұстаған бойы тік түрегеп тұр. Бағанадан байлаулы қозғалыссыз солдат мүздап қалт-қалт етеді.
— Мынаның қолын шеш те, алдына айқастырып байла!
— Қазақ неге олай демеді. Бірдемені түсінгендей, неміс солдатының артына байланған қолын шешіп, алдына айқастырып шандыды.
— Енді аяғын шеш! — деді Қырғыз Қазаққа бұйырып. Қазақ онда айтқанындай істеді.„.Неміс офицерін тұрғызды да, оның артына байланған қолындағы жіптің ұшын солдат немістің қолына шиелеп тастады. Офицердің желке жағында тұрған солдаттың арқасына Қазақты мінгізді. Оның екі аяғы салаңдап қалды.
— Мінер көбейсін! — деді Қырғыз Қазаққа. Қалжыңы.
— Есегің есектен гөрі ірілеу, қашырға ұқсас. Аяғыңды абайлап жинауға тырыс.
— Қырғыз қазаққа жаман ат беруші ме еді! — деді Қазақ.
— Көм! — деді Қырғыз фашист офицеріне. Үш-төрт жүз метр жерге тез келді...
Машина заулап келді. Ыстықкөлден бу шығып жатыр...
— О, дүние-ай! Қырғыз болмаса сол сайда қалатын едім-ау! — Келіншегі тағы шошып кетті. Көкірегі қарс айрылып отырған Қазаққа тесіле бір қарады да, қайта үндемей мұңайып қалды. Күйеуін қалай жұбатудың есебін таба алмай отыр.
Машина заулап келеді...
Ыстық көлдің шығыс жақ басын ала қоныстанған бұл айыл онша үлкен емес. Отыз-қырық түтін. Шатырсыз аласа жатаған там. Көтеріліп қалған қысқы бозамық күннің сәулесі айылды анық көрсетіп тұр. Үйдің көбісінен-ақ бұралаңдап кек түтін аспан әлеміне көтеріліп, жоғары жағы жазғы шарбы бұлттарша сиреп, ыдырап барады. Атын жетектеп, қолына шелегін алып кейбіреулер суатқа кетіп барады. Мойынағашқа екі шелек ілген, суға бара жатқан әйелдер еріне басады. Сонау бір айыл шетінде үш-төрт сиыр жайылмай қар үстінде бүгжиіп-бүгжиіп тұр. Ат суаруға бара жатқан иелеріне ере шыққан иттер «кешеден бері көріскен жоқпыз ғой» дегендей біріне мұрындарын беріп, иіскесіп, құйрықтарын қайқайтып, бұлғалаңдатып тұр. Анау бір сары күшіктің құйрығын бұлғалаңдатып, екі құлағын жымырып алып, бұлтарып-жалтарып шауып жүргеніне қарағанда оның бауыры өлмеген, қайғысы жоқ болуы керек
Күнгей Алатаудың сонау қардан ашылған беткейінде бір топ жылқы жайылып жатыр. Әдейі күйлілігін аңғартқысы келгендей үш-төрт құнап-тай құйрықтарын қоқайтып қыс күнінде-ақ ойнақ салып жүр. «Шіркін-ай, ауылдың осы бір тіршілігі қалды-ау Қырғыздан. Қайран Қырғыз қыс болса екі тазысын ертіп, жаз болса екі кек қаршығасын қолына қондырып осы өңірдің қызық-шыжығын тегіс керуші еді-ау! Бітті-ау, сол қызықтың, бәрі, Қырғызым-ай, қайран бауырым-ай!» Соңғы сөздерді Қазақ дыбысын шығарып айтты.
Көшенің басынан бесінші үй Қырғыздікі. Албарында екі киіз үй, қырғызша айтсақ екі боз үй тігулі тұр. Әдейі тігілген болса керек-ті. Қырғыз Қазақтың жоралғысы. Айылдың батыс жағынан біреу шауып келеді, әрине осы Қырғыздың үйіне келе жатыр. Ат қойшысына қарағанда қазақ болуы керек. Жалпы Ыстықкөлдің шығыс жағын мекендеген қырғыз-қазақ ауылдарының дәстүрі қызық. Олар екі халықтың да әдет-ғұрпын қатар алып, қатар ұстай береді. Сен қазақ едің, сен қырғыз едің демейді, қыз алысу, қыз берісу, той-томалақ, өлімді аза түту, елікті аттандыру бәр-бәрі аралас, Қазақша екені де, қырғызша екені де белгісіз, екі дәстүрді де ешкім теріске шығармайды. Мұндағылардың бәрі құда-құдандалы, нағашылы-жиенді. Әне, жаңағы атты ^ырғыз үйіне жақындағанда «ой бауырым!» салды. Қарғып түсіп атын тастай салып «ой бауырымдаған» күйі жүгіріп үйге еніп кетті. Мұны көрген Қазақ машинаның ішінде отырып-ақ күңіренді.
— Қайран бауырым-ай! Арыстаным-ай!
Қарақ машинасын қақпадан алысырақ тоқтатты. Қарақ демекші, бұл—Қазақтың үлкен ұлы. Қырғыздың әкесі қойған ныспысы да Қарақ еді, Қазақ ауылына келіп үйленіп балалы болған соң бірінші ұлының атын Қарақ қойған. Сол Қарақ үлкен азамат болып, міне, машина айдап келіп тұр. Қырғыз да алғашқы ұлына Қазақтың әкесі қойған аты — Сөйтекті қойған-ды. Ол да ер жеткен, үйленген, балалы да болған.
Машина тоқтасымен одан домалай түскен Қазақ жуан даусымен Алатау бауырын күңірентіп жіберді.
— Қайран бауырым-ай! Арыстандай азаматым-ай! Сен жоқ ауылға енді қалай келер екем. Бауыр-е-ем!
Албар ішінде Қырғыздың төрт ұлы қатар тұр. Бәрінің белінде ақ белбеу, бәрі таяққа сүйеніп алған. Бәрі де Қазақты көріп дауыс салды. Бәрінен Сейтектің даусы қатты естілді.
— Атам-ай! Ата-ау, Қазағың келді, білдің бе! Сөйлесе сөзі жарасқан, ойнаса ойыны ұнасқан, шыны қалжыңға, қалжыңы шынға ұласқан, қанды көйлек, майдандос досың, өзіңнің Қазағың келді. Қазақ аға-ау, атамнан айрылып қалдым...
Албарда төрт ұл, күйеуге кеткен екі қыз, әйелі Қымбат бәрі ұлардай шулай жылады. Балалардың әрқайсысы, екі қызы Қазақты құшақтап, мұңын шағып, әсіресе қыздар ондағы-мұндағыны, арыз-арманын, әкесінің істей алмай кеттім деген өкінішін дауысқа қосып, өзі де бор болып егініп келген Қазақтың өмірін өксітті. Бұлардың егілгеніне төгілген, шын жылаған Қазақты көріп, жиналғандар бір сәтке дейік күңіреніп, Ыстықкөл өңірін көнгенге бөлеп жіберді.
Нақ осы бір сәтте Қырғыздың екі сары тазысы есік алдындағы сабанның үстіне шығып алып ұлып есті алды. Екі тазыға шақырып тамақ құйып еді, тазының екеуі де бармақ, кішкене ғана да, сәлден кейін қайта ұлыды. Жиналған жұрт қатты абыржыды. Не істерін білмеді. Ұрып, қуса да қоймайтынын білді, олардың неге ұлып жатқанын бәрі де түсінді, сондықтан екі тағыны ешкім жазғырмады. Қайта қабағы түсіп кеткен, екі кезі қанталаған екі тазыны жұрттың бәрі аяды, кейбір кеңілі бос адамдар, Қырғыздың қадірін білетіндер көздерінің жасын сығып-сығып алды, көбі-ақ ғамкүн болды.
— Екі тазы да үш күннен бері тамақ ішпейді, — деді Сейтек бір қаға берісте. Тіпті қаны шығып тұрған шикі ет те беріп көрдік. Тіпті тамаққа келмейді.
Екі тазы ұлуын қоймады. Жұрттың есін осы екеуі алды. Не істерін білмей жұрт састы.
— Шоған шалды шақырып, соған айтайық, — деді Қымбат. — Тазыны көп жүгірткен адам еді, сол иттің жайын білер.
Қарт аңшыға кісі жіберіліп еді, ол өліктің сүйегі шығарылатын уақыт болған шығар деп өзі де келе жатыр екен. Шоғанға екі тазының қылығын, таппақ ішпей қойғанын айтты жұрт шулап. Шал екі тазының жанына келді, екеуінің басынан сипады.
— Қазір Қырғыздың сүйеп жатқан жерге кіргізе тұрыңдар. Бірақ екі тазы да үш-төрт күнде өледі, — деді қарт саятшы. Жұрт бұған таңданып қалды. Екі тазыны Сейтек үйге алып кетті. Олардың даусы қайта шықпады. Екі қаршығаны не істеу керек деген әңгіме төңірегінде жұрт көп кеңесті. Ол екеуінің балақ бауын ағытып алшы, өздерін ұшырып жіберу керек десті тұрғандар, бұл құсбегілердің ұрпақтан-ұрпаққа қалын келе жатқан атам заманғы дәстүрі. Иесінен кейін құс қалмауы керек, шүйілмеуі керек, иесі өлген құсты басқа адам шүймеуге тиіс, оны тек тірі иесі ғана біреуге беруге хақылы.
Сейтек—бұл кездері отызды алқымдаған жігерлі жігіт. Ол екі кек қаршығаны үйден алып шықты. Жаназаға келген жұрт есік алдын кернеп кетті. Еліне қадірлі азаматтың асатты өлімі осы. «Азғантай ауру бер, өлім бер» деп қазақ сұрайтын, кәріден кердері, шығаннан шырым келетін қадірі бар, еліне елеулі азамат өлімі.
Жұрттың кезі көк қаршыға мен Сейтекте. Асыранды құсты жаны аза азаматтың ең жақын адамы, өлгенде жаны ғана басқа досы, не құда-жекжаты ұшыруы керек екен. Бұл құрмет алыстан — Қазақстаннан келген (екі ауылдың арасы елу-алпыс шақырым ғана) Қырғыздың қанды көйлек досы Қазаққа тиді. Көк қаршығаларды қолына ұстап тұрған Сейтек екі көзінен жасын ағыза тұрып, қолы дірілдеп, балақ-бауды ағытпақ болды, ағыта алмады. Шынымен әкесінің жаны осы екі қаршығамен бірге ұшатындай сезінді, қолы қалтылдап кетті, балақ баудың топшысын таппады. Мұны көрген Қазақ та егілін тұрды. Егілгенмен амал нешік, қаршығалар адамнан бейдама азат болуы керек. Сейтектің аузы сөйлеуге зорға келіп:
— Атамның өз өтініші бойынша, араздасқанда айтқан ақырғы сөзі бойынша кек қаршығаларды ұшыруды талай азапты бірге тартқан, талай ажал аузынан бірге аман қалған, толарсақтан қан көшісіп, тобықтай нанды бөліп жеген, қан майданда жұбы жазылмаған досы Қазақ ағаға ұсынамыз, — деп сөзін аяқтап, қаршығаларды Қазақтың қолына қондырып, кез жасына тұншығып қалды, өксіп-өксіп кетті, тұрғандардың бәрі де көздерін сығып алысты, еңкілдеп кеткендер де болды.
Қос қаршығаны Қазақ қолына алғанда біреулер Қазақ пен Қырғыздың өлерде ғана басқа достығына қызығып, бірлі-жарымды қырғыздар Қараққа дос болуға жарайтын бір қырғыз табылмағаны ма деп қызғанып тұрды. Ал Қазақ болса Қырғыздың жанындай болған қос қаршығаны ұшыру құрметі қолына тигенімен, тым құлшынып кетпеді. Бұған да Сейтектің кері келді. Дегенмен қайткенде де ұшыруы керек. Қазақ қолына қондырулы екі қаршығаны кезек-кезек айдарынан құйрығына дейін бірнеше рет сипады. Екі тостағаны толып, мөлтілдеп тұрды. Қара көздерін жас басып шағылданып-шағырмақтанып, сексенге келіп, жүрісі баяу, жолдасы таяқ болып қалған адамның көзіндей оты кетіп, кілегейленді. Ол сол жақ жеңінде қонып отырған құстың бірін қолына алып:
— Жануар барған жерің құт болсын, отырған ұяң үт болсын! Қиту, не! — деп даусы дірілдеп аспанға атып жіберді. Іле екіншісін де лақтырды. Қаршығалар аспандап ұшып, ауылдың батыс бетіне қарай қанат сілтеді.
— Кетті, кетті! — десті тұрғандар. Арада бірер минут өткенде-ақ қос қаршыға қайта айналып ұшып келіп, Қырғыздың сүйегі жатқан киіз үйдің шаңырағына қонды. Содан қайта қанат қақпай, көздерін қырғиландырып, аударып-төңкергені болмаса орындарынан қозғалмай қатып қалды. Жұрт оларды кешке қарай ұшып кетер деді де, бәрі де оларды ұмытты. Бала-шаға болмаса оларға қайта ешкім кез қиығын салмады.
Өлім төртеуі бітіп, Қырғыздың алған екі ордені, Будапешт!, Берлинді алуға берілген, жеңіс медальдары бір-бір жастыққа қадалып, жұрт мәйітті машинаға салғанда, адам таңғаларлық жағдай болды. Табыт салған машинаның кабина үстіне келіп екі қаршыға қонып алды. Машина үстіндегі жұрттан жасқанбады да, ұшпады да. Жерлеуге қатысқандар енді ғана көңіл аудара бастады. Қос қаршыға машина кабинасы үстіне қонған қалпымен зиратқа да барды.
— Мынау тіпті адамның көңілін босатып бор етер ғажап оқиға болды-ау! — деп күрсінді Қазақ. — Өзден жігіт еді ғой өзі де.
— Солай болмақ керек, — деп Шоған шал сақалын сипады.
Қырғыз тау бауырындағы кішкене төбешік үстіндегі зиратқа жерленді. Енді жерлеуге қатысқандардың барлығының да кез тіккені қос қаршыға болды. Жұрт машинаға, атқа мініп кете бастағанда қос қаршыға ұшып жас қабірдің үйілген топырағы үстіне қонды. Не болар екен деген кейбіреулер біраз қарап, ақыры қаршығалар қозғала қоймаған соң тағаты жетпей, ауылға беттеді. Екі қаршыға жұрт ұзап кеткенде де көңілшек адамдардың жүйе-жүйесін босатып, шошиып-шошиып отырды.
— Ой, жасаған-ай! — десіп жұрт таңдайларын қағысты.
Бұл тіпті аянышты да, еңістуге болмайтын да жай еді...
Ыстықкөлдің жағасына кім келмейді. Газ-24 ақ машина күнде көлдің жағасында тұрады. Ішіндегі адамдары да көзге түсе бермейді. Тек кеш батып, ымырт жабылып, көз байланған шақта ғана ақ машина Күнгей Алатаудың қойнауына қарай тартады. Бірақ таң сәріде-ақ машина көлдің жағасында тұрады. Ішінде Қазақ ұйықтап жатады, не күннің бір жағы шығып, бір жағы шықпай суға шомылып жүреді. Күннің көзіне қарайды да, төмен тұнжырап кетеді. Қалай-ақ бір ай демалыста бір-екі күн жаңбыр жаумас екен. Бұл келгелі он шақты күн болды, әншейінде күнде бір жауып өтпесе көңілі кеншімейтін жаңбыр бір тамбай қойып еді, міне, таңертеңмен күн шағырмақтанып шықты да, бетін бұлт торлап алды. Бірақ әдетте жауатын бұлт батыс беттен , не Терекей Алатау жақтан келуші еді. Көлдің арғы бетіндегі таудың көрінісі өзгеше, толған қарағай, шырша. Жап-жасыл болып құлпырып тұрады. Онсыз да көктен көрпе жамылған Ыстықкөл өңірі таңдай қақтырмай қоймайды, тек жауатын бұлтты құдайекең қимай-ақ қойды. Қазақ ауылдан шыға-ақ жаңбырлы түн тілеп еді, әзір оның сәті түспей келеді. Оның да себебі бар еді.
Қырғыз қайтыс болғаннан соң екі тазы сол қалпымен тамақ ішпей қойды. Таңертең бір, кешке бір далаға шығып келеді де, жүнін ішіне қаратып беттестіріп тіккен тулақтың ішіне кіріп алады да, екеуі адамша құшақтасып жатады да қояды. Сейтек тамақтың талай түрін жасатып беріп көрді, ешбірін екеуі де татып алмайды. Тіпті әкесінің жақсы көретін тағамдарын да жасатты, тамақ атаулыға қарамады. Екі тазының осынша қайғыруы бала-шағаның да қабағын аштырмай қойды. Қырғыз өлгенге бесінші күн болған түні ауыз үйдегі тулақ ішіндегі тазылар қыңсылады. Сейтек орынан тұрып бұлар далаға шыққысы келген болар деп қасына келіп еді, екі тазы орнынан қозғалмады. Әншейінде олар далаға шыққысы келгенде тулақтан сыпырылып шығушы еді. Көздерін ашып, түсіп кеткен қабағымен Сейтекке бір-бір қарады да, көздерін жұмып алды. Сейтектің көңілі босап, пелде-пелде өмірдің белесіндегі бұл да бір кездескен әлемет шығар деп ойлады.
— Жануарым-ай, сендердің қайғыларың — менің қайғым. Уақыт солай. Мен не істей алармын,— деп екі тазының басынан кезек-кезек сипады, пат құндыздай тазылардың бас терісі қолына жібектен де мүнәйім-жұмсақ болып тиді. Тазының бірі — Ұшар мұның аяушылығына қолын жалап жауап бермек еді, басын көтере алмады. Жыртитып ашқан көзін қайта жұмып алды. Тұмсығын бір-екі рет көтеріп иіс тартқан Жетер де қайта бұйығып қалды. Сейтек электр жарығын сөндірмей қалдырды да, төсегіне беттеді. Таңертең тулақ ішінде екі тазының құшақтасқан бойы өліп қалғанын көрді...
Балалардың, жұрттың айтуына қарағанда, екі қаршыға да ұшып-қонып Қырғыз қабірі төңірегінде жүргенін айтты. Бірақ Сейтек тағы көңілім босар деп оны көруге дәті шыдамады. Осы жайлар Қазақты қатты тебірентіп еді. Ол да досына өзінше айта жүретін, досының атын шығаратын қарекет жасамақ еді. Ыстықкөлге әдейі демалысын алып келгені де сол еді.
Қазақ шешініп Ыстықкөлді тізеден кешіп тұрып, осыларды ойлап, қайтадан күн бетіне қарады. Ол қолымен суды іліп алып екі қолтығына жақты. Сонан соң екі адым жүріп, суға шомып кетіп, қайта түрегелді. Ыстықкөлге шомылып жатыр. Егер Қырғыз болмаса Ыстықкөлді, Алатауды керер ме еді. Кетер еді Дунайдың түбіне, жарық дүниені қайтіп кере алмайтын еді.
... Қырық бесінші жылдың жиырма алтыншы желтоқсанында келген Совет әскерлері Будапештті тұтас қоршап алған болатын. Арада үш күн өткенде Совет әскерлері қатты дүрлігіп, әрбір жауынгерді-ақ ыза мен кек билеп алды. Өйткені жай халықтың қырылмауы үшін совет корландованиесі сезсіз тізе бүгу жөнінде гарнизонға үзілді-кесілді шарт қойып, елші жіберген еді. Бірақ фашистер елшілерді атып тастады. Бұл бүкіл совет әскерлеріне қас қағымда-ақ жетіп, бәрінің де зығырданы қайнады, бәрі де бөрікті. Тіл әкелуге барғанда шығып кетіп, Қырғыз орнына салған тізесін он шақты күн емделіп Қазақ та осы күні қайта құрамасына қосылған-ды. Сол күндері-ақ жүз сексен сегіз мың әскері бар гарнизонмен кескілескен қиын соғыс та басталып кетті. Жан алысып, жан беріскен бұл майдан Қырғыз бен Қазақтың есінде өте жақсы қалды. Қоршауды бұзып шықпақ болған фашист әскерлерінің үш жолғы дәмесінен ештеме шықпады. Қазақ пен Қырғыз тура осы бір Будапеште ғана бір жарым айдай соғысты. Жанында қатар соғысып жатқан Қазақты Қырғыз бір сәт көзден таса қылған емес. Әрбір тапсырманы орындау арасында ол қалайда Қазақтың жанына жүгіріп бір келіп кететін.
Бес-алты минут бір тапсырмамен кеткен Қырғыз он минуттан кейін қайтып келгенде бет-аузын қан жауып кеткен Қазақты көріп есі кетті. Қанды медициналық бибі сүртіп, тазартып болғанша, ол оның жанынан кетпей қойды. Сөйтсе оқ Қазақтың сол құлағының ұшын үзіп алып кетіпті. Ең бір қызығы оқ құлақтың үстіндегі құйқаны жанамапты да, тек самай шашы үйтіліп қалыпты. Аман екенін көрген Қырғыз қалжынын сол жерде-ақ айтты:
— Қазақ, қырғыз бір туған едік қой, немістің оғын қалай алдадың? Туысқан едік қой, басқа келген пәледен құлағыңның ұшын ғана беріп басыңды қалай сақтап қалдың, маған да үйретіп қойсаңшы. Мына венгр жерінен аман кетейік.
— Маңдайыма тигелі келе жатыр екен оқ, кердім де құлағымды тоса қойдым. Бұл қолапайсыз қырғыздың қолынан келе қояр ма екен? — деді Қазақ.
— Шіркін қазағым-ай, Алдаркөседен қалған мұраны пайдаланасың-ау! — Ол сақылықтап тұрып күліп алып, сөзін жалғады. — Сені санитарлық бөлімшеге барып құлағыңды емде десе барма, онда екеуміз ажырап қаламыз. Қазір Дунайдың арғы бетіне өтеміз. Мардымсыған фашистің әуселесін бірге көрелік.
— Жарайды, — деді Қазақ. Басты шандып байлап болған бибі Қазаққа:
— Ал кеттік! — дейді.
— Қайда? — дейді Қазақ түк білмегендей.
— Санитариялық бөлімге, — деді Таня Максимова, — бірнеше укол алуыңыз керек, әйтпесе болмайды.
— Жоқ, бармаймын, — деді қасарысып Қазақ.
— Бармасаңыз болмайды, командирге айтам.
— Кімге айтсаң, оған айт! — Қазақ медициналық бибімен тәжікелесіп тұрғанда взвод командирінің өзі де келіп қалды. Бұл кезде Кириченко жараланып қалып, орнына Похомов деген Қырғыздар қатарлы жігіт келіп еді. Томырықтау, сөзді өте қысқа қайыратын, байыбына бара бермейтін кісі. Ақсұр жігіт таластың не екенін білді де, дереу әмір берді:
— Барасың, тез жөнел! — деді Похомов зікінеп. Оның дауысында менің айтқанымды істемей көр деген ызғар бар болатын.
— Бармаймын, мен соғысқа барамын! — деді Қазақ.
— Айтылды, барасың! — деп өзеуреді Похомов.
— Қой әрі! — деген өктем дауыс естілді екпе тұстан. Рота командирі Андреев екен. Оны көрген Похомов жұмсай қалды.
— Қой әрі! — деп қайталады ол да.
— Бәрің катерге мініңдер! — деп әмір берді рота командир!.
— Бәрің катерге мініңдер! — деп қайталады Похомов. Жауынгерлер жапырлай катерге беттеді. Ол шеті мен бұл шеті тай шаптырым Дунай шымырлап ағып жатыр. Бұлар сайдан парламент үйіне шабуыл жасауға тиіс. Бұл үйдің әдемілігіне қызығып Қырғыз да, Қазақ та таңертең де, түсте де көз ала алмап еді. Рота командирі Омбыда институт
бітірген Андреев бұл үйдің авторы Штейндль деген кісі екенін, жиырма жыл салынғанын, оны әрлеуге қырық килограмдай алтын кеткендігін, енді амал жоқ сол үйге оқ жаудыру керек болғандығын қинала әңгімелеп еді. Міне енді, тірлік болса сол үйді бұлар көретін болды.
Дунайдың парламент үйі тұрған жағасы таспен көмкерілген және әжептәуір биік. Катер оған жетер-ау, бұлардың тек жағадағы тас қабырғаға көтерілуі қиын болар-ау деп шамалады Қазақ. Айтқандай-ақ бірер минутта бұлар отырып болғанда-ақ катер жылжып кетті. Жан-жақтан оқ борап тұр. Әсіресе қарсы алдынан жауған оқ шілде басталарда бұршақ жауар алдындағы Алатаудың жаңбырындай ұрып тұр. Катер жағаға жиырма-отыз метр қалғанда нақ ортаға әлдеқандай снаряд түсіп, артқы жақтау бөлініп қалды. Қазақ та, Қырғыз да суға ұшып түсті. Ыстықкөлге шомылып, шолпып үйренген Қырғыз малтып жүріп берді. Жүзу білмейтін Қазақ автоматын көтере алмай суға шөңіп барады, арқан бойы қалған жағаға жете алатын түрі жоқ. «Мен батып бара жатырмын» деуге ол намыстанды. Қырғыздың бір көзі Қазақта еді, ол оның артынан келіп, оның автоматын алды да, езін оң аяғынан ұстап алға қарай итеріп жіберді. Жаға тым-ақ жақын қалды. Бірақ жағалау терең екен. Қазақ тағы бір батып кетіп су жұтып жіберді. Нақ осы сәтте табанынан дүңк еткізіп Қырғыздың тағы бір ұра итеріп жібергенін сезді. Қазақ үш-төрт метр кетті. Тағы-тағы аяғынан итерді. Тағы бір-екі су жұтып, жағаға қолы ілінді-ау, әйтеуір. Өзеннен жағаға шығу оңай болмады. Бірақ алдан атылған оқ тасадағы бұларға дарымады. Нақ осы бір сәтте көмекке тағы да Қырғыз келді. Қырғыздың аяғын неге басып тұрғанымен Қазақтың ісі бар ма, айтқанын екі дегізбеді:
— Арқама шық, тез! — деді Қырғыз. — Шыққан бойда жата қал! — Қазақ су киімімен сөлбірейген күйі Қырғыздың арқасына шығып жағалау тасқа асылды. Асыла беріп, оң аяғын жағалау тастың үстіне артты. Екінші аяғы шыққанда оның басы артына бұрылды. Сопаң еткізіп Қырғызды жұлып алды. Екеуі де жата қалып жер жағдайын бағдарлады. Қырғыздан автоматын алып, бір-екі кезеп жіберді. Қырғыз да тырсылдатты. Сонан соң уралаған біздің әскерлердің дүрмегімен парламент үйіне лап берді.
Парламент үйінен өлім оты себіліп тұр. Оқ бұршақша жауды. Өзіңнен шыққан жердегі он бес-жиырма метрдей асфальт жолды кесіп өту қиын болды. Өтпеуге болмайды. Бәрі бір жолдың өзен жағында тұрсаң онда тіпті ашық
қаласың. Взвод командирі Похомовпен қатарласа жүгірген Қазақ.пен Қырғыз да оқты боратып барады. Міне парламент үйіне апаратын тас басқыштарға жетті. Түйетайлы басқыштардағы біздің солдаттарға оқ жаңағыдан гөрі аздау келді. Өйткені жоғарыдан парламент үйінің терезелерінен атылған оқ қанша көп болғанымен совет әскерлерінің басынан асып, шыжылдап өзен жақтауындағы қызыл гранит тастарға тиіп жатты. Дегенмен шығын әжептәуір болды. Бұл Қырғыздың да, Қазақтың да зығырданын қайнатты.
Парламент үйінің жақтаусыз әйнектелген үлкен терезелерін атуға көз қимайды. Оның оқ тимей, сынбай қалғаны жоқтың қасы. Оны неміс фашистері-ақ сындырып, содан оқ боратып жатыр. Бір терезеден Қырғыз, Қазақ, Похомов үшеуі бір-ақ қарғыды. Ентелеп біздің әскерлер қаптап кетті. Уралаған дауыстардан, қолма-қол, қоян-қолтық соғыстан жапырыла ығысқан фашистер жоғарғы қабаттарға қарай қашты. Қарғып түскен үшеудің біреуі — Похомов жығылды. Оқ аяғынан тиіпті. Қазақ оны әлдеқандай тұрған, шұрық тесік шкафтың тасасына сүйреп апарды. Екінші бір ауыр шкафты Қырғыз екеуі итеріп жығып командирін соның артына жасырды да, оқ жаудырған бойы жоғарыға тап берді. Қырғыз бен Қазақ қатарласып жүгіріп кетті. Ұрыса-ұрыса Андреев ротасы парламент үйінің төбесіне шықты. Құн қызарып батып барады екен. Оғы таусылып тірі қалған бір фашист офицері өзін-өзі парламент үйінің төбесінен тастады. Тірі қалғанша өлгенім жақсы деген болар. Қазақ сол офицерге риза болды. Жау болса да оның ерлігін бағаламауға бола ма! Егер, жаман айтпай жақсы жоқ, сондай пақыршылық Қазақтың басына түссе, бұл да соны істеген болар еді.
Парламент үйіндегі орталық күмбездің жерден биіктігі тоқсан алты метр екен. Жаңағы офицердің сүйегінің күл болып кеткеніне шәк жоқ еді. Мұнда бірнеше күмбез бар екен, одан аспан көздеп, шаншылып сыпалар шығып тұр. Парламент үйінің іші әбден алтындалған. Оған заманында қырық килограмм алтын жұмсалыпты деседі. Қазақ пен Қырғыз бірер минут болса да орталық мұнарадан жан-жаққа қарады. Кәдімгі осы биіктен Алатауының төбесін көргісі келгендей.
— Бәрібір Алатау көрінбейді, — деді Қырғыз. Екеуі де өлім ішінде, аждаһадай аузын ашқан ажал алдында тұрып күліп алды. Өйткені екеуі бірінің сырын бірі айна-қатесіз білетін еді, екеуінің ойында да Алатауы тұрғаны өздеріне айдан анық болатын.
— Қатардағы солдат Сарбағышев, тірі қалғандарын төмен айдаңдар! — дегенге екеуі жалт қараса, Андреев екен. Сол қолының басын таңып алыпты. Оғы таусылып, қолға түскен қырық-елу фашист-солдаттарын он-он бес совет әскерлері жоғарыдан төменге айдап түсті...
Ертеңіне, он үшінші ақпанда, берілген хабардағы Будапеште фашистердің жүз отыз сегіз мың адамы қолға түсті делінгенде, солардың ішінде Қырғыз бен Қазақтың қарусыздандырған тұтқындары да бар еді...
Шіркін-ай, сол күнгі Қырғыздың жалындап жүргенін көрсең. Қандай ер, қандай ер дер едің. Жігіт-ақ еді-ау! О, дүние-ай!
Жарқ ете түскен бірдеме Қазақтың ойын бұзып жіберді. Судан атылған, шолпыған балық екен. Қырғыз да суда осы балықтай жүзуші еді-ау, соның арқасында Дунайға батпай Қазақ аман қалып еді. Қайран Қырғыз! Соңғы екі сөзді Қазақ дауыстап айтқанын өзі де сезіп қалды. Ұзақ тұрып қалған ба, қалай? Денесі тітіркеніп кетті. Күннің бетін қара бұлт торлап алыпты. Қазақ Шолпаната жаққа қарап еді, қара бұлт ол жақтан да қаптап келеді екен.
— Иә, сәт! — деді де Қазақ, көлден шығып асығыс киіне бастады.
Қазақ машина жанына келгенде-ақ жаңбыр тамшылады. Бұршақ жауардағыдай ірі тамшы. Тез жауып, тез ашылып кетер ме екен деп қауіптенді Қазақ. Шолпаната жақтан келген қою қара бұлт жауа бастады. Қазақ машина ішіне кіріп алып, терезені де жауып, қисайып жатты. Күн батқанша қозғалмауға бекінді. Алғашқы үлкен тамшылар тыйылды да, ұсақ тамшылыр пайда болып, тысырлап қайта тама бастады. Сытыр-сытыр етеді. Нағыз ұйқыны келтіретін, ұзақ жауатын ақ жаңбыр тамшысы. Сытыр-сытыр. Сыбырлап тұр. Ұйықта, ұйықта, ұйықта дейді. Қазақ қалғи бастады...
Қазақ кезін ашқанда күн кешкіріпті. Жаңбыр нөсерлетпегенімен, қатты жауып тұр екен, сүметілтіп тұр, сорғалап тұр. Кейде ақ жауын болмай-ақ осындай екпінмен жауған жаңбыр да тәулік бойы құйып тұрады. Қазақ жаңбырдың бұл сорғаласына әжептәуір көңілденіп қалды. Машинасын от алдыруға асықпады. Өйткені тау бөктері қиыршық тасты, жол езілмейді де, батпақ та болмайды, тапталып-таптанып сазарады да қалады. Қазақ қайта қалғып кетті.
Күн күркіреп, найзағай шақпақ шақты. Шамасы жақынға найзағай-жасыл түсті. Шатыр-шатыр етті. Қазақ көзін ашып алды. Күн жаңа батса керек, Алатау өңірі қоңырқай тартыпты. Ол жаңбыр төпеп тұрса да машинадан шығып, бір-екі дем тартып, керіліп созылды. Енді жүруге болады деп шамалады. аспан әлемін, жанжақты шолып еді, тегіс бұлт құрсап алыпты. Демек жуғарақпанда күн ашылмайды. Қазаққа керегі де осы.
Ол машинасына отырып, от алдырды. Жүріп кетті. Саяқ ауылы тұсындағы зиратқа тіке тартты. Зират ауылдан екі-үш шақырым. Зират тұрған домалақ, кішкене төбешік ауылдан көрініп тұрады. Бірақ төбенің үстіне шығатын жол сайдың ішіне кіріп, айналып моланың желке жағынан барады. Қазақ та машинасын Қырғыз бейіті тұрған жерге жақындатып, тақап әкелді. Машинаны молалы төбе қалқалап тұрғандықтан, ол күндіз шаңқай түсте де көрінбес еді.
Қазақ тура келіпті. Қол шам жарығымен «Қырғыз (Қарақ) Сарбағышұлы, 1925-1974 ж», дегенді оқыды. Еңкейіп оң қолының ұшымен моладан топырақ алып тастады. Топырақ емес, балшық. Жаңбыр көп жерге өтіп кеткен сияқты. Ол қолының балшығын жаңа көктей бастаған жусанды жұлып алып сүртті. Бұл кезде раң ұшқан. Ол қолын тазалаған соң машинаның тайғанақтағанына қарамай бетін тура Қырғыз бейітіне бұрып қойды.
Ымырт жабылып, көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты. Жаңбыр сырылдап бір сарындылықпен төпеп жауып тұр, төгіп тұр деуге де болады. Қаншалықты қатты жауғаны машина шамын жаққанда белгілі болады — сорғалап тұр. Қазақ неде болса да ел орынға отыруын күтпек болды. Әрине, машина шамының сәулесі ауылдан көрінбеуі мүмкін. Дегенмен мал баққан қазақ пен қырғызда тыныштық бар ма, олар жылдың да, күннің де, түннің де қай мезгілі дерің бар ма, бәрінде жүре береді, күндіз-түні жайылатын малда да тыным жоқ, оны қарайтын қырғыз-қазаққа да тыным жоқ. Сондықтан ел аяғы басылатын уақытты күтті.
Дегенмен негізгі жұмысқа кірісуден бұрын оған керектілерін бітіруді көздеді. Ол машинадан шолақ сулығын алып киді. Сонан соң машина алдына жалғыз кісілік кішкентай шатырын құрмақ болды. Осының бәрін ол шырттай қараңғыда, сүметіліп тұрған жаңбыр астында жасамақ. Бұған мүмкіндік те туып тұр. Жаңбыр қатты болғанымен, желсіз.
Алдымен ол ұзындығы ГАЗ-24 машинаның көлде— неңіндей алты таяқ шығарды. Оны әкеліп машинаның атқы отырғышына тастады да, темір қобдиды алып, одан болттар суырды. Қараңғыда бәрін де оймен тапты. Күндіз әбден белгілеп қойған нәрселерінен қолы тіпті де ағат кетпеді. Әр таяқты екіден болттармен жалғастырып, ұзын-ұзын үш сырық жасады. Олардың қазықша қаламданған жағын темен, жерге шаншып үшеуінің басын буып мосы қылып қойды. Сонан соң машинадан үлкен брезентті алып, әлгі мосыға айналдыра тұтты. Оның да мосының басына ілетін ілмектері әзір еді. Енді кішкентай шошала дайын болды. Тек мосының басынан жаңбыр сорғалап кетуі ықтимал. Оған бір шаршы целлофан жапты. Жел жоқ болғандықтан жаңбыр оны брезентке өзі-ақ жапсырып тастады. Жүксалғышта жатқан аласа бүктемелі орындықты әкеліп, оның ішіне қойды. Енді маған десең тәулігімен отырсаң да үстінен бір тамшы тамбайтын болды. Енді негізгі істі бастамақ. Ол — құрастырмалы ұсталық, зергерлік жұмыстар еді.
Жаңбыр толастайтын емес, оның осылай төпеп жауып тұрғаны керек қазаққа. Ол күркеден шығып салдырлатпай, дыбысын шығармай әрқайсысының ұзындығы бір метрден жуандығы саусақтай көк сырлы темірлер әкелді. Темірдің ұзына бойы бір жағы жалпақ та, бір жағы жұмыр және үстінің бәрі тікендей қадалған ине. Ине кәдімгі патефон инесі. Әрбір бес сантиметрде бір ине орнатылған. Темір тесіліп, ине жеке-жеке отырғызылған. Ұшы сыртқа қарап тұр. Ол темірдің ұзын саны төрт, жалғаса ұзындығы да он төрт метрдей болады. Темірлердің бірін-біріне жалғастыруға қалдырылған болтпен бекітілер тесіктер де дайын. Темір қобдиден болттар алынып метрлік темірлер жалғастырылды. Темірлер төртеу бір бекітілді де, сонан соң қалғандары да солай істелді.
Қырғыз бейітінің сыртында темір қоршау болатын. Оның ұзындығы төрт метр де, көлденеңі үш метрден еді. Жаңағы инелі темірлер сол қоршаудың үстіне қойылды, ол он төрт метрдің ұзына бойын пісіру мүмкін емес еді, сондықтан үш-төрт жерінен құрсау салды да, пісіруші аппаратты алып, соларды бейіттегі темірге жапсырып пісірмек болды. Ең қиыны да осы болатын. Өйткені түнде молада жарқылдатып жату кімнің де болса кезіне түсер еді. Сондықтан ауыл жаққа қараған бетінде өзі тұрып алып шатырлатып, бытырлатып, жарқылдатып пісіре бастады. Пісірер темірдің үстіне байлап қойған қолшатыр қайта-қайта қисайып кетіп, сорғалап тұрған жаңбыр қожағайға тиіп ысылдап-пысылдап та жатыр. Тіпті кейде піскен темір үстіне жаңбыр жауып кетіп, суытып қойған да кездері болды. Төрт қабырғаға екі ұзынына төрттен, екі көлденеңіне үштен құрсау пісіргенше сағат түнгі үш болып кетті.
Қазақ малмандай су еді. Бірақ қайтсе де бүгінгі жаңбырды пайдаланып істі бітіру керек. Оған күнде мұндай қараңғы, қара жаңбырды кім жауғызып береді. Енді ең үлкен жұмыс қалды. Ол машина кабинасынан қалыптасқан мүсінделген екі құстың бейнесін әкелді. Оның екеуін де маңдайдағы жақтауға пісіріп тастауы тиіс. Ең дұрысы деп ойлады Қазақ, маңдайдағы екі бұрышқа пісіру керек. Негізгі діңгекке пісіру жөн болар деді ол. Қазақ діңгектің құлағына тас құсты қойып, түбіндегі тұғырының үстіне жұқа темір тақыны салды. Сонан соң автоген аппаратын жалғап тағы да шатырлатып-жарқылдатып темірді темірге қайнатты. Құстың бір жақ тұғыры темірге көміліп қалды. Екінші жағына тағы да темір тақыны салып шаж-шаж еткізді.
Қазақ тас құс бейіт құлағына қондырылғанда балаша қуанды. Ол жүгіре басып барып машина шамын жағып, жарығын түсіріп көрді. Кәдімгі қаршыға бейітке қонып отыр. Ол қатты көңілденіп кетті. Соның желігімен екінші бұрышқа да екінші тас құсты тас қылып пісіріп тастады. Енді құстың тұрысының беріктігін, бекемдігін байқап сілкіп-сілкіп, қолымен қозғап көрді. Бір-екі жерге екі-үш сантиметрдей темір тақылар салып қайта пісірді. Ақырғы жарық, соңғы пісіру. Сонан соң машинаның шамын қайта жағып бейітті айналып, бәрін қайта бір тексеріп көрді. Қолын инелерге тигізді, енді оған табаны тас құс болмаса қона алмайтын болды деді ішінен. Қонып көрсін табанына ине қадалған соң, өзі-ақ ұшып жөнеледі. Ол анадай жерге барып тағы қарады. Кәдімгі құс, молаға қонған құс, әлде сол екі қаршыға тасқа айналып қалған болар... Ол езуінен ғана жымиып қойды. Шіркін, Қырғыз жігіт-ақ еді ғой деп, ол қараңғыда қайта мұңайып қалды. Оның еріні тағы күбір етті: «Қырғыздың қаршығасы тасқа айналып қатып қалыпты!»
Қазақ жазғы таңның жақын екенін сезіп тұрды. Енді таң ата берсін. Жаңбыр да толастай берсін. Сәлден кейін ол барлық нәрсесін жиып алып, шатырдың сүйегін де бөлектеп машинасына салып, ылди темен ақырындап машинасымен кетпек болды. Машинаның шамы жанғанда екі тас мүсін — қаршығалар Қазаққа Қырғыздың бейітін күзетіп отырғандай болып көрінді. Машина зырғып кетті.
— Қош, Қырғыз бауырым, риза бол! — деді күбірлеп Қазақ.
Араға ай салып Ыстықкөл маңына Қазақ бір соғып кетті. Талай ғажап әңгіме естіді. «Қатты жаңбыр күні зират үсті жарқылдап жатыпты». «Шатырлап онда жасыл түсіп
жатқанын жоқ қарап жүріп Сәтімбай көріпті.» «Сол жай түскеннен Қырғыздың екі қаршығасы бейітке тас болып қатып қалыпты». «Жануарлар-ай, иесін қимай сол бейітте тас болып қалыпты». Осындай түрлі сөз неше сырға, неше жырға оранып, неше түрлі бояуға боялып тарап кетіпті. Қазаққа керегі де осы еді. Мұндай әңгімелер құлағына тиген Сейтек те келіп әкесінің моласын көрді. Үстіне пісірілген темірлерді де байқады, тас мүсіндердің қалай пісірілгенін де шамалады. Сол маңда жүрген әкесінің екі қаршығасын да таныды. Тіпті ол екі қаршыға да мұны танып иығына қонды. Екеуінің қанатынан сипады, кезіне жас алды, аздап қамықты. «Қапалықпен өтетін өмір-ай!» — деді. Өкінішсіз өтуші ме еді, ол! Бұл көңіл толқытып, көкірек толтыратын игілікті қарекет Қазақ ағасының ісі екенін де сезді. Тіпті бұл жорамал ғой деп те ол ешкімге тіс жармады. Қазақ ағасын сан көріп жүрсе де, оған бұл жөнінде ләм демеді. Ал екі жағында тас болып қатқан екі қаршығасы бар Қырғыз бейіті Ыстықкөл жағасында мәңгі қала берді...
1988
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі