Өлең, жыр, ақындар

Көз жасы қалтасының қабынуы (дакриоцистит)

Бір жасқа әлі толмаған балалардың 2%-інде көз жасы қалтасының қабынуы кездеседі. Жаңа туылған нәрестенің бір немесе қос көзінде аздаған, тіпті кейде көп ірің болады. Бұл не, жәй дәнекер қабықтың қабынуы (конъюктивит) ма, әлде көз жасы қалтасының қабынуы (дакриоцистит) ма? Анықтау үшін баланы дәрігерге, оның ішінде балалар немесе көз дәрігеріне көрсеткен жөн.

Адамның көз жасы безі дүниеге келгеннен кейін 1-2 айдың ішінде жас шығарады. Міне, сондықтанда көз жасы қалтасының қабынуы белгісі көбіне нәрестеге 1-2 ай толғаннан кейін пайда болады. Кейде көз жасы қалтасының қабынуы дүниеге келген соң дереу немесе 10-15 күннен кейін басталуы да мүмкін.

Аурудың бастапқы кезінде көз жасаурап, жас ағады. Содан соң көз жасы шырышқа, іріңге айналады. Кейде көздегі ірің таңертеңгісін байқалады.

Оны сүртіп тастағаннан кейін, ірің қайтып білінбейді. Осындай жағдайда көз жасы қалтасы тұсын саусақпен басса, көзден шырыш не ірің бұрқ ете қалады. Осы бөлінген зат аз бөлінсе де, көз жасы қалтасының қабынуы диагнозын қоюға болады.

Егер көз жасы қалтасының қабынуын емдемесе, қасаң қабық жалақтанған көзде қалтадағы ірің жалақты іріңді жараға айналады. Немесе, ауру асқынып, көз жасы қалтасының тұсындағы тері шелі іріндеп қабынады. Бұл кезде дене қызуы көтеріледі, көз саңылауының мұрын жақ бөлігінде тері қызарып, ісінеді. Ол мұрынның қырына, бетке тарауы мүмкін. Мұндайда көз жасы қалтасы тұсын басуға болмайды. Себебі, іріңді ісікті қоздыратын инфекция тарап, көшірінді ірің орталық жүйке жүйесіне жетуі ғажап емес. Сондықтан да көз жасы қалтасының қабынуын жәй ауру демей, дер көзінде емдеу керек.

Көз жасы қалтасының қабынуы асқынбаса, онда қалта тұсын уқалаған дұрыс. Уқалаудың ерекшелігі мынада: Ең алдымен қолды, бас бармақты тазалап, сабынмен жуу керек. Содан кейін бас бармаққа май (вазелин) жағады. Нәрестенің көзіне екі тамшы 2%-тік колларгол ерітіндісін тамызады. 3-5 минут өткен соң бас бармақты мұрынның көз жасы қалтасының қабынуы бар тұсындағы көз саңылауы жағына, қастың астына тік ұстайды. Сөйтіп бармақты жоғарыдан төмен және сыртқа қарай 5-6 рет жылжытады. Осыдан кейін көзге және танауға 2 тамшыдан 2%-тік колларгол ерітіндісін тамызады. Бұл емді науқас баланың ата-анасы балалар дәрігерінің үйретуімен 7-10 күн жүргізеді. Осы уақыт аралығында көз іріңдегенін қоймай, жасаурай берсе, баланы міндетті түрде көз дәрігеріне қарату қажет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз