Эссе және өлең-жыр байқауы

Аш, жалаңаш...

Күз...

Ызыңдаған ащы жел суық лебін денеге соғып, тітіркендіреді. Денені түршіктіріп, қыстың ызғарын көз алдыңа елестетеді:

— Қыс келеді, қыс келеді!.. — дегендей болады.

Қыс, көріп жүрген қыс. Қыстың суығына ұрынбау үшін адам баласы әдістеніп үйренген. Әлі келгендері:

— Отын даярлап жатыр...

— Тон-ішігін даярлап жатыр...

Әлі келмегендері:

— Бұлар не қылсын?.. Несін даярласын?!.. Жоқ қой, табары жоқ қой!

Бұлар — кім? Бұлар — үсті-басы кір-кір, екі көзі ғана жылтырап, көше бойында бүрсеңдеп жүрген балалар ғой, үсті-басы алба-жұлба, денесі көрініп тұр. Екі көзі мөлдіреп, өткен-кеткенге сұқтанып қарайды.

— Сендер бақыттысыңдар ғой. Біздің аш-жалаңаш жүргеніміз мынау! — дегендей болады.

Қарны аш, үсті жалаңаш, денесі кір-кір, ібіліс, нас! Қандай күш мұны тентіретіп жүр? Әкесі қайда?.. Бауыры қайда? Неге қарнын тойдырмайды?.. Неге үсті-басын жуып, мұнтаздай қылып киіндіріп қоймайды?!

— Ай, дүние-ай, десейші! Әке болса, әкенің қарасар дәрмені болса, бүйтіп қояр ма еді? Іштен шыққан баласын кім жек көреді дейсің, әттең дәрмен!..

Кеш болса, суық леп ызғарын үдете түседі. Қою қараңғылық әлемді албастыдай басып, ағаш жапырақтары өлдім деп сыбдырлап, сыбырлағандай болады...

Құлаған ескі тамның қуысында бүрісіп жатқан біреулерді көресің.

Бұл кім?

Бұл әлгі аш-жалаңаш дірдектеп жүрген балалар! Аштықтан іші ұлиды, суықтан дене тітіркенеді, іші мен тісі бірдей жай таба алмай, дөңбекшіп ыңырсығанда жан баласы төзерлік емес!.. Жалғыз-ақ суық жел ғана ысқыруын үдетіп күлген сияқтанады...

Тамағы тоқ, киімі бүтіндер көңірсіп үйінде отыр. Жас балалар "папалап", "мамалап", еркелейді, ойынға ерінеді... Осы күйді жек көретін адам бар ма? Өзі сондай күйде отырып, басқалар аш-жалаңаш қаңғырып жүре берсін дейтін адам табыла ма?

— Табылмас. Басқа жерден табылса да, біздің кеңес үкіметінен табылмас. Табылуы да мүмкін емес.

— Ұлы төңкерістің он жылдығын тойлауға әзірленіп жатырмыз. Бірер жетіде той болады. Кеңес елінің еңбекшілері қызыл туып желкілдетіп, қатарын түзеп, салют береді. Жас пионерлер жалынды ұранын салып, жер күңірентіп, қатарын түзеп олар да шығады...

Ана аш-жалаңаш балалар қайтер екен? Олардың киіп шығатын киімі қайда? Тойып ішетін тамағы қайда? Мұны кімге айтады? Ұлы мерекеге қосыла алмаса, жас буынмен бірге ұн беріп:

— Біз де әзірміз! — деген сертін айта алмаса, қапа болып қалмай ма?

Қызылордадағы уездік әйелдер бөлімі бұл жұмысты қолға алып жатқан көрінеді.

Той қызметіне аш-жалаңаш жүрген жетім балаларға киім-тамақ жимақ көрінеді.

Игі іс. Бірақ, мұндай жұмыс бірер мекеменің қолынан келетін жұмыс емес. Бұған толып жатқан күш керек. Кеңес орындарының мекемелерінің, саналы азаматтарының күрделі көмегі керек.

Игі жұмысқа бастаушы шықса, қостау міндеті көптікі. Көп көмегін көрсетіп, жұртшылық міндетін өтеп, басталған жұмыста ә дегенше орындап тастау керек!

Қорғансыз балалар көп болғанда қанша дейсің, үй болып қоңырсып, бала сүйіп, мәз-мәйрам боп отырғандардың шегі жоқ. Бір балаға тоярлық пұл беруге, бір баланы тойындырып жіберуге солардың қайсысының әлі келмейді?!..

Игілік жұмыс басталды. Саналы азаматтар, мейірімді аналар, ана қорғансыз балаларға қарас! Екі көзі жаудырап:

— Бізді де есіркеңдерші! — дегендей боп тұр ғой... Өз балаларындай бала ғой, киіндір, тойындыр, жәрдеміңді бер, олар да қуансын!

Жұртшылық өсіп қалғанын олар да көзімен көрсін!


Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×