ПРОЛОГ
Дала. Түн. Шуылдаған дабырмен оянып, далаға шықтым. Айдың өлі арасы еді. Көк көрінбейді. Бұлт, қап-қара. Түпсіз терең түнде тұңғиық, қараңғылық қырды көптен құшағына алған. Дауыл соғып тұр. Дала дүр-дүр етеді. Әлде желдің үні? Әлде елдің үні?..
Ауып ауыр қараңғылықта. Шу шығады. Не шу? Әлде жел қамысқа соқты? Әлде жылқышы ысқырады?..
Жел ішінен жарықшақ дауыс естіледі: не дауыс? Әлде қойшы айтақтайды? Әлде қасқыр ұлиды?..
Дауыс сыңқ-сыңқ жылағандай: бұл не? Әлде бұлақ сылдырайды? Әлде сатылған қыз жылайды?..
Әлдекім зірк-зірк етеді: кім екен? Әлде жел қаттылады? Әлде бай малшыларына ұрысады?..
Дауыс мекіренеді: әлде қой маңырайды? Әлде бақсы ойнайды?
Үн күңіренеді: кім ол? Әлде молда аят оқиды? Әлде жарлының жалғыз сиырын ауылнай әкетті?..
Ауып шулайды: неткен әбігер? Не қораға қасқыр шапты? Не ел жігітін майданға айдауға жарлық тарады?..
Немене? Не дауыс бұл?
Бұл дауыс әлде желден шығады? Әлде елден шығады?..
Жел күшейді. Дауыл қаттырақ соқты. Аспан астан - кестең.
Дала алай-түлей. Көк күркіреді. Найзағай шатыр-шұтыр етті! Нөсер шүмектеді. Жауын төгіп-төгіп жіберді, ел сарышы cap-cap етеді.
Бұл не сарын? Әлде селдікі? Әлде елдікі?
Даң-дұң, шу молайып барады... бұл не? Әлде Ертіс бұзылды? Әлде ел дүрлікті? Жоқ, алыста теңіз толқи ма? Әлде ашынғандар уран сала ма? Әлде ақ патшаны тақтан түсірді ме? Әлде майданнан қайтқан жігіттерге ел той қыла ма?
Мынау саңқ-саңқ еткен кімнің дауысы? Біреу дабыл қаға ма? Әлде Дауылпаз шақыра ма?..
Ия, ия, жақсылық! Бостандық... жел жаздікі сияқты. Мынау қылаңдаған таң ғой! Таң!..
Жоқ, жоқ... не боп кетті? Мен жаңылдым ба? Әлі таң белгісі жоқ екен... жел ұйтқып, терісіне шықты. Күн суытты. Қылау ұшқындады. Қар сапалақтады. Алай - түлей, боран түтеді. Қыр — қараңғы. Түн — түнек. Қас пен көздің арасы көрінбейді...
Не дауыс бұл? Шу күшейді. Кім ыңыранады? Кім күңіренеді?.. Көк күрсіне ме? Әлде зеңбірек атыла ма? Жер ыңқылдай ма? Әлде, бомба жарыла ма?
Дала азан-қазан. Әлде жел жынданды, әлде елге жау тиді?
Дала уһілейді. Жел ысқырады. Әлде ауылдың қойын ақ пен алаш әскері айдап барады? Әлде атамандар ел ерлерін атуға команда берді?..
Үн күңіренеді: бұл не? Әлде ауылды өлім басты? Әлде алаш қазіреті құран саулатады?..
Үн ыңыранады: неткен үн? Әлде атамандар мұжықтарды сойып жатыр? Әлде ауылдың қыз-келіншегін ақтар рәсуалайды?..
Үн күбірлейді: не бұл? Әлде Алаш ақсақалы батаға қол көтерді? Әлде төңкеріс ерлерінің етіне Колчак қамшылары шып-шып етеді?..
Бұл қай жер? Ел қайда? Жылы жел соқтырған жаз қайда? Таяу қалған таң қайда?
Кімдер шулайды? Не сарын?
Әлде жел қаралы? Әлде ел жаралы?..
Я сәт!
Жел оңына шықты! Дауыл қаттырақ соқты. Күркіреді. Найзағай шарт етті. Жел жылына бастады. Бұлт ыдырады. Жұлдыздар жылтырады. Уай, жарық дүние-ай! Қайдасың? Сағындық қой!.. Аспан жалаңаштанды. Жұлдыз жарығы жерге түсті. Таң таянды. Көк қылаңдады. Ауылдың алды-арты айнала айқын көріне бастады.
Па, шіркін! Соғып тұрған жаздың желі — қоңыр ескек екен ғой! Соқ, соқ Алтынкүрегім! Серпе соқ!..
Қашаннан қырды басқан соқыр тұман серпілсінші! Соқ, Алтынкүрегім... күре даланы! Көптен көздей тесік тастамай, даланы басып жатқан шірік қар көк соқталансын... сорғала жаздың жауыны... Сорғала!.. Самарқанның көк тасы жібіп, сары даланың суы сарқырасын!.. Алты ай қыстай ауырған қара жер терлеп, сел - сел болсын! Жүйе-жүйесі босансын!..
Соқ, соқ, қоңыр ескек! Саған төсімді ашып, бір сүйсінейін! Саған ел сүйсініп, қыр исінсін!..
Аспанның алыс жиегінде көрінген таң барған сайын жайылды. Атқан сайын қызарды. Аспанды ал қызыл нұрға бөледі.
Бұл не? Неткен қызыл? Бұл қызыл жарық келе жатқан таң ба, шығып келе жатқан күн бе? Жоқ, әлде көтеріліп келе жатқан ту ма? Қаптап келе жатқан әскер ме?
Я сәт! Бергейсің! Берді ғой тілекті: қызарған нұр екен! Күн екен! Ту екен!.. Ту екен!..
Ел дүрлікті. Ауыл апыр да топыр. Қорыққан да қуанған да бірдей. Ел алғашында сасып қалды. Ілгерілі-кейінді сапырылысты. Ерсілі-қарсылы ағылысты. Оттай қызыл таңға қарады. Нарттай қызыл туға қарады. Ту артындағы топ-топ қызыл әскерді көрді...
Ел үміті жарқ етті. Дауыл шақырып, бұлт қуған Дауылпаздың даусы ел құлағына саңқ етті:
— Тұрыңдар! Жауды қуыңдар!..
Ел қуанышында шек жоқ. Құшағын жая қызыл туға жөңкілді. Ұрандап, шулап біздің ел де қызыл қолдың алдынан шықты. Дала дүрілдеді. Алатаудың сайынан, Сарыарқаның белінен, Арал, Балқаш көлінен, Сырдың бойынан, қырдың қойнынан өре түрегелген, өңшең жалбағай тымақтар тұс-тұсынан қалың қолға қосылып кетті. Ел мәз-мейрам...
Қызыл қол қырға қаптады. Қызыл тулар қыр аспанында бұлаңдады. Дала қып-қызыл нұрға толды. Төңкеріс ұраны даланы дүрліктіріп, шынайы бостандық барабаны қағылды.
Қыр халқы қайнап, қуанышы көкке шарпыды. Жерді дүрілдетіп, қызыл тудың астында қызыл жорыққа бірге аттанды ел.
Уа, шіркін! Жеттік-ау, бұл күнге!..
Қаптаған қызыл қолдың алдыңғы қатарында бірнеше адам көзіме оттай басылды. Өзіміздің жігіттер екен! Бес қару бойында; қызыл тудың соңында, майданның ішінде жүр екен...
— Жолдастар-ау, сендер қайда едіңдер?
— Майданда едік...
— Жігіттер-ау, сендер қашан кетіп едіңдер?
— Түнде кеткенбіз... біз кеткенде ауыл ұйқыда еді...
— Жолдастар-ау, ендігі беттерің қалай?
— Бетіміз ілгері! Ілгері!.. Жау қуып барамыз. Ел бері тартсын. Тезірек ұмтылыңдар!.. Анау қызыл туға таман ұмтылыңдар!.. Ілгері!.. Ілгері!..
Қызыл ту көкке бұлқынды. Қызыл әскер ілгері жөнелді. Біздің ел де солай жөңкілді.
Мен де ілгері ұмтылдым...
Бірінші тарау
БАСТАУ
Қоянды, жолың қатты, наның тәтті,
Айдаймыз ақсақ қойды, арық атты.
Айдаған осы жолға кедейшілік
Арқаның арқамызға қатты батты
Не қыламыз?
Жазғы түн. Кедей ауылдың ешкі-лағы қорасында бір уыс қана болып ұйысып жатыр. Көкке тойған соң қара тіл болып көк жалаған сиырлар қазыққа байлаулы күйінде ыңқ-ыңқ етеді. Бірлі-жарым шолақ кісенін сылдыратып, ауылдың артындағы өзекте оттайды. Тәжидің көк құнаны да соның ішінде. Ит үрмей, қоңыз ұшпай, түн тып-тыныш бола қалған бір мезгіл еді. Ауылдың көбі-ақ ыстығын ішіп, отын сөндіріп, төсекке кipген. Тек шеткі қараша үйдің қай жағынан қарасаң да оты жылтылдап, әлі жатпағандығын білдіреді. Оты бір басылып, бір жанады. Бұл үйдің сауыны қоңыр сиыр мен төрт ешкінің сүті өзінен аса су қосылып пісірілген. Ол сүттің ішкенінен қалғаны топатай шелекке ұйыта салынған. Көп ұзамай бұл үй де тынышталса керек...
Жатуға ыңғайланып отырып Тәжи былай деді:
— Әркім-әркім қой алып, бағып жатқан көрінеді.
— Ей, балам-ай, бұраудың да сұрауы бар ғой. Есепсіз дүние бар дейсің бе?— деді Тәжидің шешесі Сәт - бала.
— Неге, пайдасы болмаса бекерге біреудің аманатың ала ма?— деді Тәжи.
— Кім-кімдер алған екен?
— Имаш та, Сетік те, Сәрсенқұл да, Қазыбай да жиырмалап-отыздап қой алыпты. Пұшық Иса да бүгін «он сегіз тұяқ алдым» — деп айтып барады.
— Байғұс-ау, өзгенікі өзге, пұшық қайтеді оны? Біреудің малын бақпақ түгіл өзінің аяғын алып жүре алмайтын шу аяқ сорлы. «Қашарыңда қашарсың, лақтарыңда қайтерсің» деп, алмақтың да салмағы бар емес пе...
— Қыс жақсы болса қайтеді?— деп Тәжи езулеп болмады. Шешесі аз отырып:
— Онда сенің де «алсақ» деген ойың бар ма?— деді.
— Taп «алсақ» деп жіп тағып отырғаным жоқ. Тегіндегісін айтқаным ғой... Жанның бәрі алып жатқан соң....
Тәжи отбасын шұқылап біраз отырды. Оның ойға қалғанын сезіп шешесі де жұбап қайырмады. Не мезеттен соң:
— Қайдан білейін, балам, өзің білесің,— деді.
Тәжи бағанадан бергі екі ұшты сөзінің бір сабағын тапқандай болып сөзге кірісті:
— Апа, мен екі ойлы болып отырмын. Бірсыпыралар қой алып бағатын болып тіршілік істеп жатыр. Ал, қыстай біз не қыламыз? Жер шөбі бар. Сатанды биыл біреуге жүргізбей-ақ үйде ұстасақ деп едім. Былтыр Әділханға жүргіземіз деп жегеніміз желкемізден шыққандай болған жоқ па? Не киімге, не тамаққа жарытпай дертті болып кете жаздады. Онан да осы жұрт алып жатқан қойдан біз де алып бағатын болсақ, айына серкештен жалға жүргеннен тиімсіз бола ма, деп көңіліме келеді. Тегі ойласайық дегенім ғой...
Сатан ағасынын бұл сөзін төсекте жатып тыңдады. Оның ойына әлденелер түсті:
«Үйдің іші мені Әділханға былтырғыдай жүргізер ме екен, жоқ өзге біреуге берер ме екен? Егер жүргізетін болса енді кешіктірмес, кімге жүргізсе де, бірақ, Әділханға бармасам екен. Ай, Әділханның үйі-ай! Татты-ау таңдайға... Біздің үй мына қойды алатын болса, онда менің өзге біреуге жүрмегенім ғой... үйде боламын да. Үйде болсам жақсы болар еді. Егер бұл қойды алмаса, онда Сатан бұл үйде отыра алар ма екен? Қысқа қарсы біреуге ақыр жалдайды ғой... Онсыз біздің үйдің лажы бар ма?..»
Сатанның үйінен ұзап шығып, жігіт болып жалшыға жалданғаны өткен жылы ғана. Ол Әділханға жүріп, қой баққан. Баққанда тек аты қой бақты ғана болмаса, қоймен қоса талай ауырлықты көтерген. Толып жатқан қызметтерді атқарған болатын. Алғаш кісі есігіне жүрген жас жалшыда қақас ой, қалытқы мінез бола ма? Бас білігі тайлақтай бала қойшыны көрінген кісі жұмсап, мейлінше мінген. Ерте өргізіп, кеш қайтаратын үш жүз қойдан басқа суға да, отынға да, ауылдың атын суғаруға да, күл шығаруға да, итке тамақ құюға да үлгіретін осы Сатан еді. Әсіресе, төренің тоқал қатыны бала қойшыға жайсыздау тиген. Сөзге ілінісіп біржола иықтап алған. Тіпті, кейде тарылып кеткенде «әкеден жібереді» дегенді де сырттан естіп, Тәжи інісінің алты айдан әрі қалуына ырзаласпай, қой қоздап болған соң Сатанды үйге шығарып алған.
Сатан содан бері үйде. Екі айдан бері мойны босап, ерте жатып, кеш тұрып, кедей кербездіктің біразын істеп, домбыра тартып, ауыл қыдырып, аунап-қунап қөңілі көбеңсіп қалған еді. Сүйтіп жүрген Сатанға Тәжидің тағы қылтылдатып отырған міне бір «қой алу» деген сөзі бостаншылығын тағы жойып, басын байлайтын сияқтанды. Бірақ ол қанша ойласа да өзін енді ойынның баласы емес, жұмыстың жігіті деп сезе бастаған еді. Тәжи ағасы тағы біреуге жалдап жібермей, мына қойды алып бақтырса, қайта Сатан жанына жағымдырақ тимекші. Онда Сатан үйде болады. Біреудің отымен кіріп, күлімен шықпайды. Киім-кешегі жаман да болса, жыртық болмайды. Мынау шешесі жыртылған жерін бүтіндеп отырады. Төңіректегі үйір құрбыларымен бірге болады. Сондықтан Тәжи мен шешесінің қой туралы сөйлескен сөзін Сатанның құлақ түре тыңдайтын қисыны бар еді. Ол сөз аяғы неге соғар екен деп ентелене тыңдады.
— Сонымен біз де қой алып бақсақ дейсің бе?— деді шешесі.
— Менің ойым осыған құлап отыр, ақылдасқанымыз ғой, апа,— деді Тәжи.
— Сатанның үйде болғанын мен де жек көрмеймін. Өлім бар да қаза бар... бір жерде болғанға не жетсін? Жалғыз-ақ менің ойыма келетіні — алған аманат қойды аман-есен бағып, қыстан шығара аламыз ба?.. жауға, жұтқа ұшыратып, борышқа байланып қалмасақ деймін...
— Менің алғым келеді. Көппен көрерміз, апа; жұрт алып жатыр ғой...
— Өзің білесің, балам,— деп шешесі түндік жабуға тұрды.
Сөз тұжырындысы болған сияқтанды. Тәжидің ақылдасатыны шешесі еді. Шешесінің «өзің білесің» — қойды «алсаң алдың» ырзалығы еді. Мұны Сатанның іші сезді де, бүркене беріп жымың етті.
Ала көлеңкелі түндегі оттың жарығындағы кедей үйдің қабағын салбыратып ойға қалдырған «не қыламыз?», Сәтбала кемпір бақанның басына ілініп, көтерілген түңдікпен бірге бұрқ етіп тысқа шығып, тыныс бергендей болды.
От сөндіріліп, түндік жабылып, үй іші ұйқыға кетті.
АҚ ВЕКСІЛ
Таң атты. Күн шықты. Ауылдың азын-аулақ қой - ешкісі, артында қалған қозы-лағы да маңырай-маңырай өріске кетті. Ауылдан аяндап шыққан сиырлар қоқтыларға түсіп, қияқтарды ұзын тілімен орап бауыздауға кірісті. Қоңыздар дырылдап ұшып, шыбындар быжылдап, жан-жәндік тіршілік талабына ұмтылды. Топатайдағы шалап-айранның беті ашылып, тостағанға құйылып, қараша үйдің іші оразасын ашты.
Күн шытысымен-ақ жалақ жауырына үймелеген шыбын-шіркейдің әлегінен сипанып оттамай қалған көк құнанның кісені алынды. Үстіне ер салынды, оның белуарына мініп, тарс қамшыланып Тәжи тағы жәрмеңкеге жөнелді. Біраз жүрген соң ұзын жолға түсті. Базарға бара жатқандардың біріне-бірі қосылып, біреулер озып, біреулер кейіндеп, жәрмеңке жатқан жердің кезеңіне шықты.
Тәжи қырсау көк құнанмен кезеңге шыққанда, жәрмеңкенің қайнап жатқан кезі еді. Кең алап. Жан-жағы қоңыр-қоңыр белең, аяқ жағы жарқыраған үлкен көл. Көлді айнала жабырлай қонған ел. Жәрмеңкенің өз көрінісі мына белдің үстінен қараған Тәжиге жылқының иіруіндей қайнап жатқан қара құрық жиыны екендігі ғана байқалды. Ортасында ағарған шатыр үйлер, жыбырлап тігілген үй, ұзын сырғауылға орнатқан жәрмеңкенің жасыл ала жалауы ғана алыстан көзге айқындап көрінді.
Тәжи көк құнанды тебіне-тебіне жәрмеңкеге кірді. Ерсілі-қарсылы жосылған аттылы-жаяу, арбалы кісі, топырлаған төрт түлік мал, ағылып жатқан жүкші, жүргінші жол бермейді. Жәрмеңке шаңы аспанға шықты. Көшелеп тігіліп тастаған үйлер, шатырлар, есіктерін ашып тастаған үлкенді-кішілі үңірейген лапке, дүкендердің үңірейген — түрі Тәжилерді «көк құнаныңмен қоса жұтам»,— деген жалмауыз сияқты. Түйе бақыртқан, тері сүйреген, аттың тісін ашқан, қой қосақтаған, кездеме кездеген, бақал қыңыртқан адамның алыс-берісі құжынап, бейне қара құрттың ұясын еске түсірді.
Тәжидің күнде келетін базары бұл. Бір тиын саудасы болмаса да, көк құнанмен күнде осыңда келмей, көңілі көншімейді. Ол біресе мал базарына барады, біресе үлкен магазиннің ішіне кіреді. Біресе қымызшыға кіріп, біреулермен дәм татысып қалады. Біресе көк құнанның үстінде ұзақ күнге салбырап жүреді де қояды. Ерні кебірсіп, кешке шейін қаңғырады. Тәжидің базарға келгендегі ең керекті нәрсесі қымыз бен насыбай. Кейде осы екеуіне де ақшасы болмайды. Ақшасыз кісінің базарда маса құрлы қауқары бола ма? Қым-қиғаш қырғын соғыстың ішіне құр қол кірген кісідей, көрінгенге кез түрткі, мүгедек адам болады да қалады. Тәжидің көп жүрісі осы. Тек сорлы көк құнанды күнде оттатпай, көзі сүзіліп, кешке үйіне қайтады. Бұл бір Тәжи емес, сол төңіректегі көп қазақтың күні сонымен өтеді. Тәжи бүгін базарға бос келген жоқ. Өзінше үлкен жұмыспен шыққан. Сондықтан ол бүгін күндегідей көшенің келген жерінен салбырап жан-жағына қараған да жоқ, құнанды құдай қамшылап, тура базардың шетіндегі әдемі ақ үйлерге, абылайшаларға таман тартты.
Бұл қатар Жетісу байларының жатқан үйлері. Жылда Қоянды жәрмеңкесінің базарын бермейтін Матайдың байлары Сарман, Ырысбек тұқымдары — осы қостар. Байлардан: Қапалдың Шаяхметі, Шұбарағаштың Құсайыны, Ақсудың Абырамы, Қызылжардың Сүлеймен, Сыдыты — бәрі де өңшең қу мүйіз саудагерлер, қойлы көпестер. Жәрмеңкеге түскен жүн-жабағы, қыл - қыбырдың қожайыны — осылар. Тәжи осылардың алдынан көк құнанмен көктей өтіп, Шалматайдың қосының артындағы мама ағашқа келіп торс етіп түсе қалды. Атын байлап, қостың алдындағы кездеменің ортасында кеңірдектеп отырған көп кісінің қасына келді. Жайғандары қағаз, қаққандары шот, көпке шейін Тәжиді ескерген кісі де жоқ. Ол көзі жаудырап есік сыртыңда отырды да қалды. Осы кісілердің барлығын да қабағына қаратып, жастыққа шынтақтап, шот қағып жатқан жасыл барқыт тақиялы, арық қара сұр саудагер қазақ — Тәжидің іздеген адамы осы еді. Оған жұбаптаса алмаған соң оның аузының босауын күтті.
Көп күттіріп, мырза далаға шыққанда, Тәжи жұмысының сәті түскендей, сөйлесуге айналды. Сәлем берген соң, сағат бауы салбырап тұрып, қусырылған танауымен тыныстап, сұр қажы Тәжидің сезін тыңдады:
— Мен сізге келіп едім.
— Кімсің?
— Қаракесекпін. Ауылымыз осы тұста болады. Әділхан төрелердің жақынымыз.
— Не жұмыспен?
— Нашар адам едік. Әйтеуір, «балдан тамады, байдан жұғады» дегендей, сіздерді тыныс көріп, үйден аяңдап шыққаным...
— Не қажет?
— Біздікі-ақ, кедей қарекет қой... Сіздер аманат бағуға қой қалдырып жатыр деген соң, жұрт қатарлы мен де азын-аулақ қой алып бақсам деп едім...
— Жерің қандай?
— Жеріміз шұрай, мынау көрінген кернете қоңыр тау. Қыста қар жатпайды. Күнгейдің бәрі жайылыс болады...— деп Тәжи қолымен тауды нобайлай бастады.
— Кепіл табамысың?
Тәжи бөгеліп қалды. «Кепіл» деген салғаннан Тәжидің ойына оңай түсе қоймады. Бұған кепіл боларлық кісі кім? Әділхан ба? Нұрбек пе? Олар қалай кепіл болсын?..
Бай сөздің соқасын өзі түзеді:
— Сенің әкең аты кім?
— Бөлеген. Менің әкем сіздерге дәмдес болған, сіздердің малдарыңызбен әлденеше рет осы Қояндыға келіп жүрген... Әкем марқұм сіздерді аузынан өлгенше тастамай кетті ғой...
— Е, сен шұбар Бөлегеннің баласымысың? Білеміз әкеңді. Байқұс адал адам еді. Сен неше ағайындысың?
— Екеуміз. Ер жетіп қалған бір інім бар.
— Егер кепіл таба алмасаң, былай да азырақ мал қалдыруға болады. Бұрын дәмдес болған адам екенсің...
— Өзім де соны тыныс көріп келіп едім.
Расында Шалматайдың кепіл сұрағаны, бергенін бұлдап беретін әдісі еді. Ол Тәжиден кепіл сұрап, қой беруді қиындатпақ түгіл, қалай да қойын аманат баруға үлестіруге өзі де ниетті. Байдың аманатқа беретін қойы да оншалық құнды қойлар болмастан, базарға жарамай қалған ақсақ-тоқсақ, ауру-бұрақ қойлар болатын. Байлар мұндай қойларды жылдағы жәрмеңке тарқарда аманатқа алушылардың аты-жөнін жаздырып нотариус алдында бағам деген кісіге ақ вексіл - деп бере беретін.
Жәрмеңкеге қойды көп әкеткен көпестің бірі — осы Шалматай. Тиыннан тиын туғызған, қу тұяқ саудагер. Бұл жәрмеңкеге жылына жетпіс мыңнан кем қой салмайды. Ол қойлар қалай құралады десеңіз — тарау - тарау жолдармен келіп жиналады. Бойдақтың бірсыпырасы қолма-қол ақшаға алынған. Ол ақша түрлі алушылардың қойны-қонышында жүріп, талай елді аралаған болады. Әрине, ондағы қой алынған баға — мұндағы бағаның үштен біріне де жетпейді. Қойдың енді бірсыпырасы — қажының қос-қос қойының қозысынан өскен бойдағынан құралады. Қойдың енді бір тобы — өткен жылғы сауданың несиесінен жиылады. Қойды жаз шығарып беруге кездемеден, шай-қанттан, бас, ұлтаннан бай несие берген болады. Қойдың төртінші түрлісі,— «қызыл қозыдан» құралады. Ол «қызыл қозы» дегеніңіз — тұмақ түгіл, әлі күйегі алынбаған қошқардың беліндегі қозыға байлар теңгелеп-тебендеп ақша берген болады. Ол ақшалар өзінен өзі қоздап, бұзаулап, мал боп, Шалматайдың жәрмеңкеге айдар кезінде маңырап, мөңіреп, жидашының алдына түседі. Одан арғы қойлар кезден кертіп жеп, қолма-қол сатқан товардан, даудан өнген, көп иелі малдан, бірі екі болып өндірілген тілхаттан, айып-анжыдан күнде балалаған парадан, қойшы-қолаңшының ақысынан, тағы - тағы басқалардан сәті түсіп, өніп, қорланып, қой болатын еді, бұл қойлардан басқа мыңдаған ірі қарамен, банкені буындырған ақшамен, тері-терсекпен, жүн-жабағы, қыл-қыбырмен келіп, Шалматайлар осы Қоянды жәрмеңкесіне килігетін еді. Жәрмеңкеде жаздай жатып, малын саудалап, базарды қолдан таратып, көп товармен Шалматай сықылды Жетісу байлары кейін қайтатын еді. Қайтарда саудадан бұрақ қалған ақсақ-тоқсақ, ауру қойларды ондап-жиырмалап, Қоянды маңындағы елге ақ вексілдеп тарататын еді. Мына Тәжидің Шалматайға келіп, «аламын» деп өтініп отырған қойы осындай брак қойлар еді.
Тәжидің жолы болды. Шалматай бай «кепілсіз-ақ жиырма қой берейін»,— деді. Аяты құрттаған ақсақты, күркілдеп жөтелген көксауды бағып-қағып, жұттан аман, жаудан түгел келесі жәрмеңкеге сатылуға дайындап тұруға Тәжи міндеттенді. Қой жоғалса, өлсе төлеулі. Байдың бұл қойлары суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын бір жаны темір қойлар болды. Бұл қойлар ақ сүйек боп жұтатқан қысты да қыстырмайды, топаландатып ауырмайды да, қасқыр жесе де өлмейді. Ұрғашы қойдың өсімін және санайды. Ақ вексілмен құны кесулі тұр.
Ал Тәжидің вексілді қойды баққандағы ақысына алатыны үш қой, және қойдың күзгі жүні. Осындай шартпен Шалматай әлденеше жүздеген бұрақ қойды Қояндының айналасындағы Арғындарға таратып болып қалған еді.
Шалматай Тәжиге довернейін қосып, нотариусқа жіберді. Аузы астыртып алған ұрадай опырайған кәрі нотариус, Тәжиден аларын алып, жиырма қойды ақ вексілге қондырды.
Тәжи іс біткен соң Шалматайдың өрістегі қойынан қой алуға, кек құнанға ашасын артып, қырға шықты.
БАЙҒА НЕ АЙТАМЫЗ?
Тәжи аулына қайтып келеді. Өңшең ақсақ, соқыр, тентек, көнтек, құрттаған қойлар жолда жүрмей көп азап шектірді. Ақсақтың аяңымен отырып, ымырт жабыла аулына азар келді. Байдың базар сілікпесі өңшең сұңқадам қойлардың түрінен Тәжилердің бес-алты ешкі-лағы пысқырып, біраз жатырқасты. Сөйтсе де есік алдындағы қой басы құралып, қараша үйлердің қорасы қорланып қалды.
Тәжидің үйіне қоймен бірте азап та келді. Сатанның шешесі сол түннен былай түнгі күзетке белін буып кірісті. Таң атқанша кірпік ілмей, жұлдыздарды батырып, таңды атырып, күнді көзінен шығарды. Күндегідей мамырап жатқан Сатанды оятып:
— Тұр, қарағым, тұр!— деп күндегісінен ерте оятты. Сатан ұйқылы кезін аша алмай:
— Апа-ай, кішкене қоя тұршы!— деп маужыраған еді, шешесі:
— Тұр, созылмай: «белгілі қойшың жоқ болса, беліңді бу да қойға бар!»— деді. «Қой» деген сөз ұйқыны шайдай ашып, Сатан салбырап түрегелді.
Содан былай Сатанның күндегі күні осылай болды.
Сатан аманатқа алған брак қойларды жаздай бақты. Міне, жаз өтіп жер шөбі қурап, күз болуға да айналды. Қойдың саны барған сайын құлдырап, азая бастады. Аз ғана қойды айналдырушы көбейіп, басына қарай шығыны аз болған жоқ. Тәжи, Сатандар қанша қақақтап, аманат қойдан қорқып, жаны қасам болса да, қой басын аман сақтай алмады. Ойдағы жоқ жерден пәле-қазаға ұшырап, жөні табылып кете барды: алдымен тытыршық мүйіз құрттаған көк тұсақты сиыр сүзіп өлтірді. Боз ісекті қасқыр жеді. Ала саулықтың желіні ісіп, жарылып, жаздай құрттап, қатып барып өліп кетті. Күзге таман үш қойды, Тәжидің сиырын қоса, ұры әкетті. Кер қасқа тұсақ қақтығып, Әділхандардың, қойына кетіп қалып, аяғы ол да табылмады. «Сірә жеп қойған шығар» десті. Ел күземін алып жатқанда Сатанның шешесіне сүзек сап ете түсіп, өлім аузынан қалған соң көнтек көк азбанды қалжаға жеп көтерілді. Көп жылдар көрмеген Тәжидің заводтағы қарындасы амандаса келген соң оған тышқан мұрнын қанатпай қалай отырсын, солтақ ісек соған сойылды. Екі қойды шаңырақ ақшадан қысылған соң Тәжи қалаға апарып сатып, рамат ақшасын төледі. Қыс келген соң қазақ тілін тістеп қызылсыз отыра ма? Тентектен жазылған кек төбел құнан қойды Сатан үйі сорпаға сойды. Сүйтіп, қой алғаш қолына келгенде қалтырап күткен Тәжилер барған сайын еті үйреніп, қорадағы қой, қолдағы ақшамен бірдей болып» ақ вексіл екендігі естен мүлде шығуға айналған еді.
Сонымен Сатан жайған жиырма бұрақ қойдың жан-жағынан тиген қасқырдың тісі, ұрының қолы, қонақтың пышағы, ауылнайдың мөрі, аурудың шығыны, қыстың аларманы — бәрі араласып, бұлар қыстан үш - төрт-ақ қой алып шықты. Сатан үйінің мұндай аманат малды азайтып алғанына көңілдері қатты қабаржып,. байға қалай есеп берерін білмей қысылатын еді.
Жәрмеңке ашылып жатыр; енді байдың адамы келеді. Тәжилерден қойып сұрайды. Қойдың орны жоғын қайдан табады? Немен толтырады? Бәрінен бұрын ұяты қиын! Өткен жылғы қолқалап сұрап алғандай болған аманат қойды жып-жыпмағай жеп қойған сияқты болды-ау. Қалдырған қойдың бәрі ауру-ақсақ, жаман бұрақ екені бай есебіне енді кірмейді. Вексілдегі шарт бойынша санап отырып, Шалматай малын толтырып алады. Бірақ Тәжилер оны немен толтырады? Байдан қалай құтылады? Әсіресе қара сұр мырзаға қой туралы Тәжи не айтады?
Міне жаз жақындаған сайын Тәжилерді осы толғақ қысты.
БҰРАҚТЫҢ СҰРАҒЫ
Тағы жаз шықты. Көк желкілдеп, мал төлдеп, дүние тағы гүлдеуге, өсуге, масайрауға қол қойды. Қоянды жәрмеңкесі басталатын мезгіл жақындап, жан - жақтағы ел жыбырлай бастады. Тек бұл жәрмеңкені жыландай жек көретін үй — ол да Тәжидікі еді. Жақсы-жаман «жәрмеңке ашылады» деп құлағын түріп,, қуана сөйлесе, Тәжидің үй іші жәрмеңке жақындаған сайын толғағы жиілеп, жанына бата бастаған. Сор орнап, қырсық қаптап берекесін кетіретін сияқтанады. Ақ вексілі жаландаған сұр мырза, айдаған шабарман көздеріне елестейтін еді.
Көп ұзамай жылдағы мезгілінде жәрмеңке ашылды. Шалматайлар былтырғыдан бес-он күн бұрын да келіп қалды. Келісімен жан-жаққа жидашы шаптырып, есеп кітабындағы ақ вексілдің аманат қойып жидыруға кірісті. Мұндай жидашының бірі мойнындағы сөмкесін салақтатып Тәжидің үйіне де келіп жетті.
Тәжи үйде еді:
— Аманат қойды айдап жеткізіп беріңіз... Базардың алдынғы қатарына қажы қойлары түспекші,— деді. Бұған Тәжи недәуір күрмеліп тұрып:
— Қолдағы барын айдап жеткіземіз, бірақ бай алдында үлкен ұяттымыз. Қойы түгел емес. Азғана қойдың шығыны болды,— деп күмілжітті.
— Барып жеткіз! Қалғанын бай алдында жауабын айтарсың!— деп жидашы жігіт жөнелді.
Бірақ Тәжи бай алдына бара алмады. «Не болса да болары болды» деп қалған төрт-бес қойды шошайтып айдауға дәті шыдамай, үйінде жатып алды. Бұл арада бірнеше күн өтіп кеткен соң және қой хабарын толық естіген Шалматай, Тәжилердің ауылнайы арқылы повестка жібертіп те үлгірді. Тәжиді повесткамен ауылнайға айдатып алып, бай алдына келген Тәжиге қаһар тікті:
— Сен қойды құртқаныңнан бұрын келмей жатып алғаның қай мен-мендігің?-— деді.
— Ой, байеке-ай, нашар адамбыз ғой, келгеніміз-ақ осы болды.
— Мен үшін нашар болыппысың? Кәні, осы жерден табан аумай, қойды түгенде, әйтпесе жегеніңді желкеңнен шығарамын,— деп зірк-зірк етті.
Тәжи құрдай жорғалап жерге кіріп кете жаздады. Ол байдың бетіне қарай алмай, жер шұқи берді. Тек міңгірлеп айтқаны:
— Бай, біз сіздің малдың күтімінен аянғанымыз жоқ. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей бақтық, қақтық, қайтеміз, дертке ұшырады, қасқыр жеді, ауру алды, жұт болды... Әйтеуір бүгін сіздің алдыңызға абиырлы болып келіп отырғанымыз жоқ. Оның несін айталық. Қолымызбен істегенді мойнымызбен көтереміз де; не қылсаңыз да біз өз нашарыңыз. Не қылып алам десеңіз де біз қолыңызда,— деп Тәжи Шалматайға жалынып жік-жапар болды.
Бай кепке шейін илікпеді. Тәжиді артынан көп ергізді. Араға кісі салғызды. Аяғында ырғаса келе Тәжи бар қойды беріп, жоқ қойды төлеу туралы мынаны айтты:
— Жалғыз көк құнаннан басқа берерім жоқ. Мұны алам десеңіз — дайын.
— Көк құнаныңды үш қойға да алмаймын. Жеген қойларыңның біреуінің екі-екі қой болғанын есептемеймісің?
— Құнанды сатып төлейін.
— Қалғанын қайтесің?
— Ер жеткен інім бар. Қызмет қылып өтесін...
Қажасып отырып, осыған бай азар көнді. Тәжиді нотариустың алдына алып келіп, ақ вексілді қайта жаңалатып, Тәжиге қол қойдырып, бекіттірді. Істеген шарт: жігіттің айы үш сом, көйлек, дамбал, етік, шалбар, бір қабат сулық бермекші. Бағатыны қой.
Сөз осыған байланды. Тәжи үйіне келіп, аманаттың аяғы немен тынғанын естірді. Бұрын қасындағы Әділхандарға жүргізуге алыс деп үйінен шығарғысы келмей отыратын Сатанға Жетісудың тұз-дәмін татуды жазған екен ғой деп, шешесі көзінің жасын іркіп алды.
— Қой, апа, құдай жанымызды тірі қылсын, борыштан құтылайықшы,— деді Сатан.
Ертеңіне Сатан шешесімен қоштасты. Тәжи көк құнанға мініп, Сатан жаяу, қалған бес қойды айдап„ базарға келді. Базарда кешке шейін тұрып, кек құнанды бес бойдаққа айырбастады. Тәжи ер-тоқымын арқалап, екі жаяу алдына он шақты қой салып, байдың қосына келді.
Шалматай кешегідей емес қабағын жазып қарсы алып Сатанды қой басына жіберді.
Тәжи ер-тоқымын арқалап үйіне қайтты.
ҚОЙШЫЛАР ҚАСЫНДА
Көкқия бір құтты тау, күні маужырап, күнгейіне асықтай қар жатпайды. Шөбі шүйгін болады. Бозғылға семірген қойдың сүбесіне пышақ жетпейді. Қашпаған тоқтысы қалмайды. Бойдақ қой қыстай ойнақ салып шығады.
Әсіресе Көкқияның қысы биыл төтенше жақсы. Міне наурыз таянып келеді, әлі ың етіп боран соққан жоқ. Жердің шаңы бұрқырайды. Осы таудың сайсайынып бәрі қора-қора отар, байлардың қойы. Күйлі қой арамза қоздап, қойшылар уыз ішіп жатыр.
Сатандардың қосыңда төрт жігіт. Қатар екі қора. Мың қой. Төрт жігіттің екеуі қойшы. Біреуі бақыршы, бірі Сатан — ол қора күзетеді. Қасқыр қатты. Кейде айқайлап тұрғанда қораға қойып кетеді. Сатан шиті мылтықты қолына алып, айтақтап, түнімен қораны айналады да жүреді.
Сатан күзетке шыққанда, айналасындағы үңірейіп тұрған күз-күз қоңыр таудың ішіне жан кіргізеді. Оның сұңқылдатып салған әні, созып айтақтаған әдемі даусы қоңыр тауды күңірентіп, сыбызғыдай шығады. Ол айтақтағанда жәй «айт-айт!» дей салмай:
— А-а-йт-а-а-й-а-ай!— деп қоңырлатып бастап, шырқатып көтеріп, төмендетіп түсіріп, қоңыр қайырыспен жайлап тоқтатады. Мұның бұл айтағын естіген құлақ тағы -тағы дегендей тыңдағысы келіп, сүйсінетін еді. Айтақты Сатанша саламыз деп әуреленіп, тамағын жыртатын қойшылар да аз болмайтын. Ол сол көркем даусымен таудың тыныш түндерінде күздің жаңыратып, тауды жаңғыратып, жақсы-жақсы әнге салып, көңілін көтеретін еді. Ол көңілін көтергенде — шерін шытарып көтеретін еді. Сатан міне, шерін шығарып, қораның желкесіндегі шоқы тастың үстінде тұрып, әнді соқтырып тұр.
Қоянды, жолық қатты, наның тәтті,
Айдаймыз ақсақ қойды, арық атты.
Айдаған осы жолға кедейшілік,
Арқаның арқамызға қатты батты...—
деген сияқты өлеңдерді Сатан ойдан да соғады. Домбыраны да қоңырлатып жақсы тартады. Арқаның атақты әншілерінің әндерін олардың өзінше сала алмаса да, ізінше сала алады.
— Ей, Арғын, қақсамай мұнда кел!— деді қостан, Жамантай деген шал қойшы.
— Е, не бар?— деп Сатан дауыстады.
— Жүр! Жүр деген соң жүр!
«Бұлар не айтады?»— деп Сатан қосқа келді. Онда кеше қасқыр тамақтаған үлкен құнан қойды қазаншы ұстап тұр екен:
— Ыллай омим!— деді.
— Әй, бұларың не?
— Мұнымыз осылай, соямыз... сенің сорпа ішкің келмей ме?
— Әй, сендер өлмейтұғын қойды неге соясыңдар?
— Неге өлмесін, қазір өлтіреміз! Көп сөйлемей бата қыл!— деді Жамантай жалмаңдап.
Сатан Арғынсынып қойға бата қылды. Қойшылар алып ұрып бауыздап, союға кірісті.
— Бұйырған малға тіс тисін деген, жарықтық осы мыңның ішінен бізге бұйырғаны да... Жолың болғыр көксерек анда-санда өстіп сотым сойып беріп тұрса, бізге, сірә, теріс болмас еді-ау,— деді Жамантай.
Сатан қойға бата қылып, қайта далаға шықты.
— А-а-айт, а-ай-й!— деп созып, бунақтатып қайырып, шоқы тасқа мініп отырды.
Қой сойылып жатқан қостың оты анда-санда жалп етіп шаңырағынан шығып, жалындап басылады. Сатан әр түрлі ойда:
«Мыналар әлгі қойды бекер сойды-ау. Тіпті өлетін қой емес еді. Сылтауы — қасқыр тамақтаған; оттай алмай елді», деді. Оны олай емес деп, байдың алдында куә болар кім бар? Бүйтпесе жалшы бола ма. Байдың жалшыға сенбейтіні, жалшыны жарытпайтыны да осы-ay. Мейлі, не болса, о болсын! Қыстай етсіз болғанымыз жоқ. Қара қостағы қойшылардың қолынан бұдан басқа келетіні жоқ та ғой...»
«...Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ... екеуін аңдыстырған құдайым-ай...» деген осы да. Қалай да тамағымыз тоқ...
Осыны ойлап отырып ол айтақтап қояды. Оның ашық даусы сүт пісірімге созылып, сырнайша сылдырайды. Оның аузы ғана айқайламайды, оның аузы айтақтағанда ойы әлдеқайда! Арқаның белес-белес жерлерінде, орқаш-орқаш тауларында болады. Ол арқа туралы, елі туралы көп өлең шығарды. Ол өлеңдерін жақсы, сазды әндерге салады. Ол әндерді өлеңімен талай адам тыңдап, талай адам таратып алып кетті. Оның көп өлеңінің бірін Жамантай жаттап алып, ылғи ыңырсып жүретін:
Айрылдың Сарыарқадан, Сатыбалды,
Тәжи ағам хат дабарсыз жатып алды.
Сары арқам жерін басып, суын ішкен,
Ақ вексіл, амалым жоқ, тартып алды...
деген еді.
Сатан Көкқиядағы қысты танды күзетпен, күзет өлеңдерімен өткізді. Ұзақ тандағы күзетте отырып ол нені ойлайды:
«Өлмеген құлға бәрі жақын. Міне, аздан соң қар кетіп, жаз шығады. Қой қоздап, құс келеді. Күн Қызыл, көк жетіледі. Ел айран ұйытады. Бір жылға деген ақ вексілдің күні де толады. Қоянды жәрмеңкесі және басталады. Жәрмеңкеге байлардың малы айдалады. Сол малдармен бірге Сатан да, жаны аман болса ілесіп, Сарыарқаға қайтады. Уа, шіркін, Сарыарқа-ай! Бетегесі көк шашақтанып, сандал таулары көк ала жасылға оранып жататын еді-ау! Әттең дүние-ай! Ұшарға қанат болсашы!» Міне, Сатан осыны ойлады.
БАЙДЫҢ ҮЙІНДЕ
Жаз биыл ерте шықты. Көкқияның тауы көктеп те қалды. Күйегі біткен қойлар құралайдың салқынында қозыны төге салды. Етектің де жерінің сағыры ширап, таудың тобылғысы көктей бастады.
Сатан сұлап ұрып, Сүттігеннің сазындағы Шалматайдың ауылына келді.
Шалматай ауылы әлі тамнан шықпапты. Қысқы көк үйлерінде екен. Қойдың қосынан мінген сарыала шолақты қораға байлап, байдың шатырлы көк ала үйінің алдына келгенінде, Сатанның мұрнын ас үйдегі сорпа - судың исі жарды. Сатан сонда кірді. Ысылдап-пысылдап, қазанның астындағы қамыс отынды бықсытып жатқан қарамайлық малайдың қасына келді. Бұл қазаншы еді:
— Қажы үйде ме?
Ол Сатанға жауап беріп үндеспек түгіл, бетіне де қараған жоқ. Тек қазандықтың астына тыққан қамысты сырғыштап отқа қарай құзаумен болды. Сатан үндемегеніне ерегіскендей «мынау не қылған паң неме еді? Сорпаға семірген кісі сұраған сөзге жауап айтпай ма екен?»— деген көңіліне келіп, қазаншының иығынан тартты. Ол Сатан бетіне қарағанда түтінге ысталған күйген сабадай көн бетіндегі қызыл ала көзі алайғанда Сатан сескенейін деді.
— Бай қайда?— деуге аузы келді.
Қазаншы баяғы қалпына түсіп, бір ауыз сөз қатпастан қамысты құзай берді. Көп кешікпей Сатанның түсінгені «сорлы, тас керен, тілсіз, мылқау екен!»
Сатан есік алдына шығып отырды. Ac үйдегі майлы сорпаның буы бұрқырап, қара малай ысылдап, қазандар бұрқ-бұрқ қайнап жатыр.
Ac үйге қарсы үлкен сырлы көк ала үй. Үлкен-үлкен ақ айна терезелер. Жез тұтқалы сырлы есіктер, жасыл ала басқыш, шөбшенді адам кірем деуге қорынатындай. Ақ бұйра шалыны пұшпағынан түсіре жамылған бәйбішелер жез құмған алып, дәретке барып жүр.
«Ой, дүние-ай,— дейді Сатан,— Құдай бұл байлардың алапатын артық жаратқан адамдар ғой. Салдырған салқын сарай үйлері мынау, Көкқиядағы қойлары анау, қала, жәрмеңкедегі саудасы анау. Құдай бұларға бұ дүниені ғана емес, о дүниені де берген ғой. Өздері мешіттер салдырып, имам ұстайды. Мына бәйбішесімен Мекенің де жүзін көріпті. Дәретке құманмен баратын таза бәйбішенің дұғасы қабыл шығар.
Қайтсе де бұлардың міні жоқ-ақ. Бұлардың шарасын құдайекеңнің өзі кең шапқан соң, әрине, осылай болады... Арғын, Найманның кедейлері осылардың қойын бағады, жылқысын жаяды, сиырын сауады, қазанын ұстайды, қорасын күрейді. От жағып отырған мылқаулардың тұрпаты мынау. Сорлының етінде жейдесі де жоқ. Бұл өмірінше осы отты үрлеумен өткізген шығар. Өзі көксау, күрк-күрк жөтеледі. Бұл сорлының сүйегі осы ошақтың аузынан бір-ақ шығады ғой...
Бұл не қатын аламын, не мал жиямын, не бір жылқы мініп бір танысыма барамын демейді. Түннің жарымынан от жағады. Түннің жарымында отты сөндіреді, бәлкім сендірмейді. Өміріне от жағады... Осылардың отын үрлей-үрлей өз өкпесі өшеді... Бұл байға қандай жағымды?
Әрине, бұл сорлыны да осылай болу үшін құдай кемтар қылып жазған шығар...»
Сатан ол арадан кетіп, бір айналып қайтып келді. Енді не де болса кек үйдің өзіне кірейін деген көңілге түсті. Аяғындағы үлкен етіктің балшықтарын тазалаған болып, биік басқышпен ұстанып, жоғары өрледі. Жез тұтқалы есікті ептеп ашқанда, басындағы күйе -күйе сүмпиген Арғын тұмағы ұсынып үйге кіріп те кетті. Тар коридор, бір есіктен бір есікке сүңгіп, Kipген есігін де ұмытып қалды. Ол қай үйді ашса да жайнап жиылған жасау, үлбіреген шымылдық — бәрі де Сатанға «кірме!» дегендей кеудесінен итерген сияқтанады. Сатан қыдырыстап келіп, бір есікті ашып қалғанда — зал үйдің ішінде кісілер лық толып отыр екен. Отырған кісілердің бәрі де асыл жиһазға бөленіп отырған ертегідегі жынның халқындай керіне кетті. Бұл адамдар көк үйдің қонақ залында жайған кілем, жайнаған жасаудың ішінде сары ала қазылы табаққа сыбанып кіріп жатқан кезі еді. Жанның бәрінің кезі Сатанға қарай қалғанда, Сатан солбырайып тұрып қалды.
— Қайда барасың, етігіңмен кезіп?— деп, шаңқ ете түсті.
Сатанның етігі ескі болғанмен, арқаның кең қонышты саптамасы еді. Бұл етікті жаңа күнінде Тәжи біреуден тамыр болып қалап алып, төрт-бес жыл киіп тоздырған соң, байға жүрерде Сатанға жаматтырып берген.
Сатан сасып қалды. Ол «мұнда қалай кеп қалдым?! Қайда барамын?»— дейді... «Байда жұмысым бар еді» десе, оны осындай уақытта іздей ме? Әлде тіпті Сатандар сияқты кісілерге мұнда кіруге болмайтын шығар. Бәйбішенің «етігіңмен кезіп» дегені — «шешіп кірмедің» дегені ме екен? Өзім де мына етігіммен мынау таза дүниесін былғап тұрсам керек... Ал, етігімді осы жерге дереу шешсем бе екен?.. Шешкенде шұлғауыммен қалам ба, жалаң аяқ аяғым қай таза болып тұр... Шенжен етігімді қайда қоймақпын...» деген сияқты сасқалақ ойлар бір минуттің ішінде Сатанның ойын ұйқы-тұйқы қылды. Тез бойын жиып, буынын бекітіп алып:
— Бәйбіше, байда бақыршылытым бар еді,— деді.
— Кімсің өзің?— деді жылан бәйбіше.
— Арғынмын.
— Бәсе, сұмырай тұмағын, мен сұмпайы етігін, айтып тұр...
— Бауырың екен ғой,— деп төрдегі көзі айналып кежен семіз бір шеңгел етті қауып қалды.
— Қай Арғынсың?— деді бәйбіше.
— Қаракесекпін...
— Қайдан келдің?
— Көкқиядағы қойдан келдім.
— Мал аман ба?
— Аман, бәйбіше.
— Биыл елтірі көп пе?
Бәйбішенің кекегенін Сатан сезе қойды да:
— Бәйбіше, биыл елтірі аз,— деді.
— Мә, олай болса, ет аса! — деп, бір кесеге табағынан алып ет салып жатып:
— Шық далаға, ас үйге апарып же! Бай кешке таман қайтады, — деді.
Сатан ұрылған итше, кесені қолына алып, саптамасы сүйретіліп, ол үйден шықты. Толып жатқан есіктің әрбіреуіне бір соғылып жүріп, бір есікті ашып қалғанда, жібек пен күміске бөленген ақ қағаз маңдай, қара көз келіншек отыр екен:
— Кір, кір! Кімді іздеп жүрсің? — деп қалды.
Сатан осынша жын ұясының ішінен періште жүзді тіл қатқан адамды көрген соң еріксіз еркіндеп кетіп:
— Шығатын есікті іздеп жүргенім, қай жақта! — деді.
— Кімсің? — деді ақ келіншек.
— Таудағы қойдан келген қойшымын. Байда бір шаруам болып келіп ем.
— Қолыңдағы не?
— Бәйбішенің асатқан еті еді...
— Отыр. Етінді же, — деп бөлменің ортасына дөңгелек үстел қойды. Қасына орамал тастады. Босағадағы құман мен жез шылапшынды көрсетіп, «қолыңды жу» дегендей қылды. Сатан қолын жуып сүртініп, бәйбішенің берген етін жеуге отырды. Күні ұзын қарны ашып келген бүркіт жігіт, бәйбішенің шөкімдеп салған шыныдағы етін бір-екі-ақ қамтыды да қолын жуып, аузын шайып, орамалға сүртінді.
— Сүйегің қай ел? — деді келіншек.
— Қарқаралы дуанына қараған Арғынмын.
— Арғынның қайсысы боласың?
— Қаракесек.
— Нағашым екенсің ғой...
Сатан тіпті еркіндеп кетті. Айналасынан албастыдай басқан ауырлық әп-сәтте серпіліп кеткендей, аузы жып етіп:
— Е сенің нағашың болсам, төбем көкке жетті ғой, — деп жымың етті.
— Құсайын төрені білесің бе?
— Білгенде қандай? Біздің елдің төресі.
— Ендеше мен сол Құсайынның апасының қызымын.
— Алла, жаным-ай. Төркінің қайда?
— Төркінім темен болады. Қара деген ел. Мысық қажы менің әкем...
Бұл әйел байдың соңғы алған тоқалы еді. Бұл тоқал шаруаға бауыр басудан гөрі мырзалықты, серілікті, ойын-күлкіні көбірек істейтін, оң жақтағы қыздан жаңа ғана қатын болып, бай қойнына кіргелі кеп болмаған жас келіншектің өзгеге үйіршектігі қозып қойшыдан нағашы тауып отырғандығы еді. Келіншек Сатанмен біраз сөйлесіп, оны-мұны сұрасып отырды. Сатан да өзіне ыңғайлы жерден «жиен» табылғанына жаны жадырап, қараңғы тұман ішінен жалғыз жұлдыз жылтырағандай етене бола сөйлесті. Елдің, жердің жайын айтты. Өзінің ел сағынғанын, қайтқысы келетіндігін де сездірді.
— Қайтып, қайда барасың? Бәрібір кісіге жүретін болсаң — осылар тыныш емес пе, тамағың тоқ болып, ақың беріліп тұрса елінде не бар, жүре бер! — дегенді айтты тоқал.
Тоқалдың бұл сөзіне Сатанның көңілі тіксініп қалды. «Қанша бауырластық дегенмен әр қол өз қарына тартады-ау. Мынаның айтып отырғанын қарашы», — деп ойлады.
«ҚАЙТПАЙСЫҢ!»
Сатан тысқа шыққанда қоңыраулатқан пәуескедегі жорға тройкелерді теңселтіп Шалматай да қақпадан кіре берді. Байдың алды-арты шұбаған кісі. Арбадан түсіп, Шалматай басқышпен көтеріліп, көк үйге кіріп жоқ болды. Оның артынан не жуан, не айдынды кісілер кіріп, кір-кір Сатанға үйге кіруге қисыны қиындап сала берді. Енді Сатанға байды тыстан тосудан басқа жол қалмады. Ол қалай да байдың мына үйден шыққанын аңдып, қыбын тауып сөйлесіп қалғысы келіп, есік алдынан күтті. Көп күттіріп бай талтақтап тысқа шықты. Баймен бірге бірадар, сопы, ақсақалдар да ере шығып, бір-бір құмғанмен екінді дәретіне дайындалды.
Бай басқыштан түсе бергенде-ақ Сатан ұрымтал жерден келіп:
— Салаумаликүм? — деді.
Бай жарытып сәлем алған жоқ. Сатанға тікіленіп:
— Сен, Арғын, неғып жүрсің? — деді.
— Таудан келіп ем...
— Не жұмыс?
— Рұқсат болса биылғы малыңызбен Қояндыға қайтайын деп едім.
— Соны айту үшін малды иесіз тастап, ат қинап келіп тұрмысың? — деп зілденді.
Сатан үндемей қалды.
— Сен қайтпайсың!
— Қайтарыңыз, байеке...
— Уақытың біткен жоқ!
— Уақытым бітті ғой, байеке. Қайтарыңыз, мені.
— Вексіл біткен жоқ! Ағаңның берген вексіліндегі соманың қанша екенін білемісің?
— Ағам осы көктемде қайтасың, деп еді.
— Қайтатын срок біткен жоқ! — деп құмған ұстап тұрған шәкірт балаға:
— Книганы алып шық. Бәйбішеден сұрасаң береді,— деді.
Байдың екі қолы қалтада. Қабағы түйіліп, ысқырынып тұр. Үйден книга да шығып қалды. Қалыңдығы екі елі көк ала шұбар сопақша книганы ақтарып тұрып, бай:
— Бөлегенұлы Сатыбалды деген сенсің ғой?
— Иә,
— Айың үш теңгеден, жыл уағың отыз алты теңге. Бексілдің қақ жартысы толмайды.
— Байеке, толса керек еді ғой?
Бай Сатанға бажырайыңқырап қарап:
— Толса керек еді деймісің? Қыстай жеп жатқан қойларыңды сұраусыз деп ойлап па едіңдер? — деді.
Сатан жүрегі су етіп, төбе құйқасы шымырлады. Аузы сөзге келмей, күйбелдеп қалды:
— Байеке, ажалынан өлген қойларды қойшыларға жаза берсеңіз — онда тіпті бізге шаш шықпайтын шығар, — деді.
Бай тыржың ете түсті. Сөзіңнің енді керегі жоқ дегендей қимылмен книганы шәкірт балаға ұстата берді де:
— Қойдың батасын қылып, басын жейтін сен дейді ғой! — деп бетіне ашу жиып алды. Бірақ ұрмады.
Көк шұбар книгадан сөйлеген сөз Сатанды ауызға ұрғандай үндетпеді. Әлдеқашан жазылып қалған жазу, оны оқып тұрған бай, қоста желінген ет, әлі толмаған ақ вексіл — барлығы да Сатанды жар басына әкеп қамалады. Не ілгері, не кейін, не жоғары, не төмен аяқ, салып аттарлық жол қалмай, тынысы тарылды. Басқа ұрған балықтай сандалып, тұрып-тұрып:
— Ағайдың тіршілігі бар ғой. Қоянды да өтер, байеке! — деді.
— Мен білмейтін сендерде не тіршілік бар? Жәрмеңкеден ер-тоқымын жаяу арқалап қайтқан ағаң — байып қалды деп тұрмысың? — деп, бай даусына зіркіл қосыңқырап түйіп тастады. Алдаусызда ұрылған Сатанның бойын жидырмай тағы:
— Сені малдан кім босатты? — деді.
— Өзім келіп едім, — деп Сатан төмен қарап, жер шұқылады.
— Өздерің бет-бетіңмен жүре бермексіңдер ме?
Малдың жоғалғаны, қасқыр жегені, өлгені — мойындарыңда болатынын білетін шығарсыңдар...
Сатыбалды үн шығара алмады. Бай нығыз даңқырап, кекеткен дауыспен:
— Қайт! — деді де жүріп кетті.
Сатанның өне бойы қаңтардағы жылымға түскендей сұп-суық болды. Болдырған аттай салбырап тұрып қалды. Ол осы салбыраумен тұрып, басқыштан түсіп келе жатқан байдың тоқалын да сезбей қалған еді.
— Ей, нағып салбырап кеткенсің? — деді келіншек.
Сатан есін жиып алғандай:
— Бай қайырмады ғой, — деді Сатан осыны айтқанда көңілі ұйқы-тұйқы болып тұр еді. Көзінен жасы ыршып кете жаздады. Жас жанның қиналып тұрғанын біле қойған сезгіш тоқал:
— Қажыға мен айтайын, — деді. Сатан және сергіп кетті:
— Айтшы, айналайын... Істеген жақсылығың менен қайтпаса құдайдан қайтар... Мырзаға мен үшін сөйлес. Мен біржола кетем демеймін. Елімді бір көргім келеді... Тек маған Қояндыға баратын малымен жүріп қайтуға рұқсат қылсын...
— Жарайды. Сен қайта бер. Мен жата-жастана жіңішкелеп сөйлесейін, — деді тоқал.
Әдейі ара қонып келгенде осыдан артық жұбап ұстай алмай Сатан Көкқиядағы қойға қайтты.
БАЙ БӘСЕКЕ
Қоянды жәрмеңкесінің қызған кезінде Сатанның ағасы Тәжи Шалматайға келіп шот қағысты. Сатанның қашан жүргендігі, кесілген ақысы, алған киімі, істеген жұмысы, бата қылып, бас жеген қойлары — бәрі шұбар книгада жазулы еді. Бай сынық инесін қалдырман есепке салды. Ақ вексіл бойынша отыздың ішіндегі сома әлі Сатандардың мойнында болып шықты. Бұған Тәжидің мойнынан ұстап берерлік малы болмаған соң тағы інісін шығарып ала алмайтын болды. Сүйтсе де ол да өзінше ұпай ойлады. Сатанды Шалматайдан шығарып, өзге бір байға жүргізуге ниет қылды. Осы ниетпен тағы сол Жетісудың бір ноғай саудагері Шаяхмет байға кісі керек деген хабармен Тәжи інісін жұмсаған сол Сатан сонда келді. Келгеннен ол бай жылы ұшырап, жөнін сұрады.
— Шалматай байдың жігітімін, — деді.
Шалматаймен қай жерде болса қайшыласып шайнасып жүретін жуан сары ноғай «соныкімін» деген соң - ақ сүріне жығылды:
— Қазақтың таз байлары берген хақтан бір тәңкесін арттырып хақы беремін! — деді.
Сонымен Сатанды алуға бай табылып тұрғанын біліп алған сол Тәжидің үй іші келісіп, көп толғауға түсті. Мына ноғайға жүруге ме, бұрынғы байдың өзінде қалуға ма? Ноғайға жүрсе ақысы көбейеді. Ол ақымен Шалматайдың борышынан құтылуға да болады. Ақ вексіл жыртылады. Бас бостандығы туады. Ал тіпті жалға жүрмей отыруға мүмкін емес. Ағасы Тәжи де жаяу, үйде жатыр. Үй іші тұттай жалаңаш. Ел ортасына жәрмеңке орнап, емен де, семен де, ақшолақ көкшолақ алып, көйлек-көншекке қарық болып жатқанда, Сатан үйінің қызыл сирақ отырғаны қалай жанға батпайды? Ал, жалшыға жүргенде — тағы осы Жетісу байларына жүргелі тұр. Мына ноғайлар қырдағы қазақтан ақыны асыра береді. Жұмысы бірыңғай болады, тамағың тоқ. Ал осы маңдағы біреудің есігіне жүрген күнде олар бірінші ақыға жарытпайды. Жігіттің жігіті айына серкеш табады. Киімге ескісін береді. Ашты-тоқты жүресің. Ал, мына ноғайларға жүргенде тағы алысқа кетесің. Бас ауырып, балтыр сыздаса шет жер, жат ел, өлім бар да қаза бар деп, біреудің біреу басын сүйеп, сүйегін көмуге зар, болады...
Сөйтсе де ақыр жалға жүретін болған соң мына ноғай тиімді. Бірсыпыра ақысын алдымен беріп қояды. Қазақтай емес, бір ауызды жұрт, алдамайды. Зорламайды...
Үй іші болып ырғасып келгенде Сатан байға жүрмек болды. Байға жүрсе ноғайға жүрмек болды. Осы хабарды Шалматай құлақтанды. Өзінде жүрген жігітті Шаяхмет бай бұзып алды деген Шалматайдың шиқанын жұлып алды. Қашаннан Қапалдың ноғайы мен қазағы бәсеке талас; екі байы базар болсын, кісі болсын, пайда болсын, жер болсын — бір-біріне шаш шығарайын деп ойламайтын. Қалай да ығы келіп қалған жерде бірін сындыруға, мұқатуға ұмтылатын.
«Мына жігітті Шаяхмет алмақ» дегенді естігенде Шалматайдың көңіліне ноғай байының әдейі мұқату үшін істеп отырғандығына көзі жеткендей болып, ыршып кетті.
— Бар, ағасына сөйлес! Ақысын өсірем. Бөтен жаққа алаң болмасын. Шермік ноғай айына алты сом берсе мен жетіні берем. Ол жетіні берсе мен жеті жарымды берем — бар, осыны айт. Бұзылмасын. Және жаңа есеппен вексілді қолына қайырам. Және жай қойшы қылмаймын, қара қосшы қылам. Өзі тілеген жұмысын істейтін болсын, — деп, бай күңгірлеп сабадай пішілді. Шалматайдың бұлай бейілденуі өте сирек болатын еді. «Жігіт аламын» деп бай ноғайдың жалақтағаны байды жомарт қылып, Сатандардан ықласын аямауға себеп болды. Байдың жіберген адамы Сатандарды майлы ішекке айналдырып келіп, аяғы байдың алдына келтірді.
Бай бұлармен көп қажасқан жоқ. Күле сөйлеп отырып, сөзін кесете, «достығын көрсете» отырып, өз дегеніне көндірді. Сатанның айы.жеті жарым теңге, қойшы емес, қосшы, ақысын алдымен береді, ақ вексілді шегереді. Және қалған ақысының бірсыпырасын қолына береді.
Тәжи Сатан ақысына сіңдіріп, байдан біраз ғана пұл алды. Критонның кезі он бес тиын, — ол өзіне жейде, дамбал, бұзау тұмсығы өткендей боз көкала түктің кезі онан да көтеріңкі, ал шешесіне көйлек, дабыдан тағы жаулық, ширек шай алды, айналасы осы-ақ еді. Бай:
— Саған базар бағасынан тиын жарымнан кемітіп бергіздім, — деп кең пейілдігін де біле кетсін деген кісіше айтып отырды.
Жаздай құмырсқаның илеуіндей қыбырлап, құрттаған жәрмеңкенің саудасы бітіп, базары тарай бастады. Қойлар, сиырлар қос-қостап, жер-дүниені шаңдатып Қызылжар жақтың қырмасына (бойнасына) айдалды. Семей, Мәкержі, Шұбарағаш, Қапал, Шәуешек, Жайсаң, Омбы, Қызылжардың көпестері кіре-кіре кірекешпен, керуен-керуен жүкпен сықырлап жай-жайына қайтты. Қарқаралы, Семейдің алыпсатарлары жемтіктің соңында қалған иттердей жәрмеңкенің тозған базарының боқтығын иіскеп отырып, ешкім алмаған соң ақыры қалаға қайтысты. Базардан қалған брак қойларын ақ вексілдеп тағы айналаға таратып, Шалматай байлар Жетісуына қарай жөн тартты. Мұнымен бірге Сатан да кетті, ол бұл сапардан бұрынғыдай бой тарта қойған жоқ. Жолы таныс, елі үйір сияқтанып ұмтылғандығын өзі де біліп, өзгеге де сездіргендей еді.
Сатан көңілі біраз тынышталғандай болды. Өйткені Тәжи ағасы үй ішіне киерлікке азын-аулақ ақшолақ, көкшолақ алып қайтты. Раматына төлерлік ақша мен ақ вексіл байдың қолынан шығып, Тәжидің қалтасына кірді. Тәжи ол вексілді үйге алып келіп:
— Бізді байлап тұрған «ақ пәле» осы еді, — деп шетінен ұстап отырып отқа жандырды.
КІСІ ЕСІГІНДЕ
Алатаудың жайлауынан етекке түскен ел Сарыағаштың сазына жыбырлай қонған. Сүттіген сазынан шабылған пішен әлдеқашан жиналып, мал жалпақ жайылысқа қоя берілген. Ерте салған егін пісіп, егіншілер бау тары іше бастаған кез. Бай ауылдың малдары әлі тауда, салқын жерде. Бұл жердің күні ыстық. болғандықтан сүмбіле тумай, су мұздамай жайлаудың қойы етекке түспейді. Күннің жалыны қайтпай түскен тоқты шаң қауып, өкпеге шалдығып, тышқағы көп болады. Осы есеппен Шалматайдың бар қойы тауда. Асы-тұзын жеткілікті етіп жайлауға қалдырған. Қолдағы жылқының түрі: сауын бие, мінетін ат. Өзге жылқы отарда. Құлын желіге байланбайды, енесіне қосақтаулы. Шалматай ауылының таудан түскелі үлкен жұмысы Абдыраның бекетіне сапырылысып күнде қатынасу, топ-топ болып бекет байларына қонаққа жүру, бекет байларын, саудагерлерін өздері қонаққа шақыру, арба - арба болып тиеліп өздері қонаққа кету. Міне, жайлаудан етекке түсіп Сарыағаш сазына қонған бай ауылдың көбінесе алданысы осы еді.
Қыр мен қаланың қоспасынан құралған бай аулының реңі сияқты олардың қонағы да араласпай болушы еді. Қонақтың бір бөлегі өңшең «жақсы» қонақ, бай қонақ. Бұлар — қырдың болысы, би, ақсақалдарымен бірге қаланың байлары, Қызылжар, Семей, Алматы, Қапал арасының қыл-қыбыр, елтірі жинаушылары, Омар, Нәжметдің, Қадырбай, Мәкержі, Ербіт, Қоянды жәрмеңкелерінің жүрімпаздары — Бейсенғұл, Жұма Мұқат, шетік, кәуіш, кәләпүш сияқты товарларының иесі ақсақ Жүсіп, темекі, шекер, бас ұлтан сататын Ахмет; биік көк дүкеннің иесі Абрам; Қапал имамы Қожаяхмет, Сарыағаш молдасы Асан сияқтылар — бұл ауылдың қадірлі қонақтарынан еді.
Бұл қонақтың көбі-ақ тіс қаққандар, тірліктің әбден ащы-тұщысын татқандар, бірін онға, оның жүзге сатқандар — шалдар, байлар болатын еді. Әр қайсысы әр ақтан құралып тиыннан теңге туғызған тәжірибелі кісілер.
Бұл кісілердің мәжілісі көбінесе ет, қымыз үстінде сауда, жәрмеңкесінің жайы, жалпы саясат, мұсылман иғанасы, жұма, айт намазы, зекет, қаж әңгімесі, шариғат бақасы, құран-қатым сияқтылармен өтетін еді. Біздің сұр қажымыз қашанда осындай қонақтың қақ ортасында болады.
Қажы аулындағы қонақтың екінші түрі, — мырза қонақ. Мұнда жиылатындар жас байлар, жаңа пікірлі зиялылар, қырдың мырзалары, қаланың байбатшалары, төменнен жоғарылап келе жатқан приказчиктер, жас тілмаштар, орыс төрелері, жәдит мұғалім, жаңа шәкірттер. Бұлардың мәжілісінің тамағы — қымызға араласқан арақ; ойыны — карта, сауығы — домбыра, гармонь, анекдот; әңгімесі — газет хабары, журналға жәрдем, серіктік жер хақында, съезд жайында, мектеп мәселесі сияқтылардан болатын еді.
Біздің қажымызға мұндай мәжіліс те шет емес еді.
Қажы ауылындағы қонақтың үшінші түрлісі, қатын - қыз қонағы. Мұнда Абдыра бекетімен екі ортада арбаға тиеліп ерсілі-қарсылы қонаққа шақырылып жатқан байлардың қатын-қыздары. Әйелдер пәуеске арбаларға тиеліп бірде қырға, бірде қалаға сапырылады. Қызы да, келіншегі де, кемпірі де араласып бір үйде топырлап, бір дастарқанға тізіліп ұзақ уақыт шай ішумен отырысады. Міне мұндай мәжілістің ішінде біздің қажымыз болмайды. Бұл мәжіліс қажының әйелдерімен өтеді.
Қажы ауылының мұндай ұдайы болып жататын ашық қонағынан басқа анда-санда жабық қонағы да болып қоятын еді. Ондай мәжіліс көбінесе ауылдың жастары, көңіл көтерейін деген сауықшыларынан құралатын еді. Әсіресе мұндай мәжілісті Шалматайдың өткен жылғы түскен тоқалы, Мысық қажының қызы ұйыстыратын. Ол қажылар, қазіреттерден ауыл оңаша болса-ақ үйіне мәжіліс шақырып, жастарды жиып ойын жасайтын. Оның ойынында бой жетіп келе жатқан қыздар, қыздың жеңгелері, мырзаның келіншектері, қажылардың тоқалдары, күйеу-жезделер, желбас бозбалалар, көрші -қонғының пысықай әйелдері, әнші, күйші, күлдіргіш жігіттер (жалшы болса да мейлі) болатын еді. Бірақ мұндай мәжіліс ұдайы бола бермейтін. Көп күттіріп, бір-ақ болып өтетін. Мұндай мәжілістің досы аз болмағаны сияқты дұшпаны да көп болатын. Әсіресе жас тоқал ұйымдастырған мұндай мәжілістің бірін екі қылып қолға тізіп, жұртқа жариялай жүруді бәйбішелер кәсіп қылатын. Кәртаң байларының құлағына құятын.
Міне бүгінгі Нәзипаның үйінде болып жатқан мәжілістің түрі сондай мәжіліске ұқсайтын еді. Мұнда да қажы ауылы оңаша, қазірет қалаға кеткен. Сондықтан ауылдағы жас-желеңнің көбі-ақ келіп отыр. Мұндағы отырған әйелдердің де, еркектердің де желпіне сөйлеп, желіге ойнап отырған себептері сол еді.
Осы мәжілістегі үйге самауыр кіргізген екінің бірі Сатан. Ол Шалматайға қайта жүріп Қояндыдан қайтқан соң бір айдан бері осы ауылда. Сатанды қажы Екіаша деген жайлаудағы малы етекке түскенше тостырып қойған. Ол мал келісімен Сатан сол малдың басында төменгі Су аяғы құрдымға қыстауға кетуге тиісті. Сатанның әзіргі кәсібі, — күндіз бие саудырады, түнде келген қонақты күтеді, қажының ауылының әйелдері қалаға, жекжатына қонаққа жүрсе — атшы болады. Өзі Нәзипаның қолында.
Нәзипа Сатанды «нағашым» деп жан тартатынын оқушы біледі. Осы жылдың жазында Сатан еліне қайтпақшы болып байға жолығуға келгенде — Сатанды нағашым деп үйінен дәм таттыратын ақ тоқал осы Нәзипа еді Қажы Сатанды Қояндыға «қайтпайсың» деп жекіп жіберетінде қайтаруды мойнына алып қажыға сөйлеспек болғанын да оқушымыз ұмытпаған болар. Сатан осы Нәзипаның себебімен биыл Қояндыны көріп келіп отыр емес пе? Әйтпегенде, Сатан сонау Қояндыға қайтар ма еді? Қояндыға қайтпағанда сонау қойшылықтан құтылар ма еді? Қойшылықтан құтылмағанда сонау ақ вексіл жыртылар ма еді? Үй ішін көріп қуантар ма еді? Әрине, бұған себеп болған Нәзипаны сонан былай Сатан да жан тарта бастаған. Ол Қояндыдан келісімен-ақ Нәзипаның қолына келіп, қолғабыс жігіт болып сіңіп кеткен. Нәзипа да оны нағашым — Арғын деп, шайына шақырып,үй арасына жұмсап отыратын болған.нағашысына киім-кешек жағынан да қарасып, аяқшы болуға лайықтанып қалған.
ДАСТАРҚАНДА
Уақыт кеш. Жабыққа тіреліп жиылған жүк. Сегіз қанат үйді іргелей отырған жан. Шаңырақ желбауына асылған газ шам быжылдап жанып, үйдің ішінен бейне күн шыққандай. Өңінен судыраған жібек, сылдыраған күміс, сылқылдаған күлкі... Мәжілістің ортасына жайып тасталған көкала дастарханның үсті өрік - мейіз, бал-бауырсақ, қант-кәмпит, түрлі тәтті тоқаштардың неше алуандары үйіліп-төгіліп қалған. Есік ашылып екі жігіт қау-қаулап көтерген үлкен болыскей ақ самауыр буы бұрқырап, ентігіп, бұжылдап келіп мейман сыйлауға мәжілістің ортасынан орын тепті.
Ақ самауыр қайда отырса, сонда отыратын қазаншының қатыны cap шұбар Шәлипан шай құюға шыны аяқтарды ыңғайлай бастады.
Самауыр кіргізген екі жігіттің бірі қазаншы Ахмет шығып кетті де, Сатан есікте тұрып қалды. Оның көзі үй ішіне толған адамды тұтасынан бір шолып өтті. Төрдің алдында отырған мырзаларға көзі түсті. Өне бойын түймелеп тастаған қара тақиялы, таққы мұрын, қара сұр Мұхаметкәрім мыжырайып отыр еді. Сатан оны көргенде «киімді қанша әдемі киінсе де, кем-тарлыты көрініп-ақ тұрады екен ғой, белі бүкірейіп, жауырыны күжірейіп біреуді атуға кезеніп жатқан кісіше дастарқанның үстіне жатып қалыпты-ау бейшара!» — деді. Сатан екінші жаққа қарап, жамылған ақ шәліден ақ маңдайы, қара шашы, күміс құлағы көрініп отырған, жұпар сабын қағазындағы суреттей келіншекке қарап:
«Дәу де болсаң, мынау бүкірдің қатыны боларсың... Шіркін мал-ай, бір ақ балғынды алған екен. Бұл бүкір байбатшаның неше қатынының бірі екен?» — деп ойлады.
Сатан көзі бүкірден кетіп, қасындағы Қаженге түсті. Сағат бауы салбырап, сақтиян етігі сықырлап, аяқты көсіліп, ауырған кісідей-ақ жастықтың үстінде шынтақтап жатқан-ды. «Қажен таз осы-ay» деді. Аузы салпылдап, сақаулата сөйлеп тыным таппайтын, мінезі кәдімгі көп таздың екісінің бірінде болатын үш - қалақ адам екен. Сондықтан-ау, басына мынау қызыл шошақ түрік тақияны несіне киді екен? Самайының ақ таңдағы жарқылдап көрініп жатыр. Әлде бұларға таз болудың езі де мақтан ба екен? Рас, осы ауылдың еркектерінің кебі таз дейді. Есіркеген де, Алдаберген де, Жұмаш та, Құдаш та — бәрі де басы нысаналы адамдар білем. Ол кісілердің көбі онысын жасырады дейді. Қажылардың өмірі жалаң бас жүргенін көрген жалшы болмапты. Соның бәрінен батылы мынау Қажен таз. Бұл ұялмайды. Қайта арақ ішіп қызып алса түрік, тақиясын лақтырып, сақ-сақ күледі деп еді. Қасындағы бүкірдің де қабағы қатыңқы көрінеді, сірә ол да таз-ау. Тү... Әлі осы ауылдың бәрі таз ғой. Мынау керіліп отырған ақ келіншектердің байлары, анау сызылып отырған сұрша қыздардың ағалары, әкелері түгел таз емес пе? Ту, құдай басқа салмасын... Тегі біздің жақта таз көбінесе кедейдің сыбағасы болушы еді. Ал, мына Сарыағаштың байлары тұқым қуалаған түгел таз болғаны мұнысы бір қызық екен! Не керек, басы таз, балтыры қотыр болса да, құдай бақ берген сол... Мынау ақ орда, мынау алтын аяқ, ақ күміс осылардікі. Таз болса да құдай бұларға асылды таңдап кигізіп, сұлуды таңдап сүйгізіп қойған соң амалың бар ма? Басымыздың амандығынан не көріп жүрміз, міне құрап тентіреп, таздардың самаурынын кіргізіп, босағасында тұрып, осылардың қызығын қарағаннан басқа...
Сатанның көзі Қажеңнен ауысып, ноғай жігіті сұлу сарыға түсті. Оның жұмсақ мінезі, нұрлы жүзі, сымдай сыны, кіршіксіз ақ саусақтары, алтын сақинасы, тазалап тараған шашы — бәрі қосылып үй толған адамның ішіндегі еркектің ажарлысы осы сияқтанды. Ол ақ жағасын тырсылдата түймелеп, тебетейін ұзын шаштың үстінен еңкейте киіп, шылымын сора түсіп отырған-ды. «Мұғалім дегені осы-ay, өзі бір көрікті, сынық жігіт екен!» — деді.
Соның арасынша кроватқа сүйеніп отырған Нәзипа Сатанға бұйырғандай:
— Ей, арғын, сен неғып тұрсың, қақиып? Самауырдың ар жағынан отыр да шыны аяқ алып бер! — деді. Сатан ұрымтал жерден отырды. Шыны аяққа тауықтың қанындай жұқтырып, түйенің сүтін қатып күрең бұйралап шұбар Шәлипан шәй құйды. Айналасындағы мол жылқыға апан құдықтан қауға тартқандай шайдың шыны аяғын жан-жаққа таратып Сатан тасымалға түсті.
МӘЖІЛІС
Түн ортасы ауып барады. Өзге үйлер көптен ұйықтап қалысқан. Нәзипаның үйіндегі мәжіліс әзіл-қалжыңмен отырып ас-судан арылған соң, тамашаға енді кіріскен. Үй ішінен дастарқан, үстел, самауырлар шығарылып, ойынға лайықталған. Шаймұхаметтер мұндай мәжілістегі ең шалжақ мырзалардан болғандықтан әркімге бір соқтығып, ойынды өзі басқарғансып әулекіленіп кеткен. Азырақ арақ жұтып алған Шалматайдың ноғай приказчигі Ғатауылда да гармоньды дырылдатып азан-қазан қылып отыр. Ол басы былғақтап «Қара орманды» тартқанда — үй ішінің көбі-ақ хорға қосылып ауылды басына көтереді.
Қазақ жағының сауықшылы Жұмалы деген қылжақ әнші. Ол осындай жерден өмірі қалған емес. Жоқтан өзгені әңгіме қылып, анекдот айтуымен қатын-қалаштың арасында абиыр алып, тамақ асырап жүрген біреу. Мұның ән салса көмейі қырылдайды, көкірегі сырылдайды. Даусы жоқ. Өзі қырықты ұрған кісі, азырақ мұрнынан сөйлейді. Сондықтан, ол әнді ылғи бұзып салатын кісімсіп шалдың, кемпірдің, пұшықтың әндерін салып жұртты күлдіреді. Өлеңге де өрісі онша емес. Сүрелі сөзден, өнегелі әңгімеден көп білмейді. Өз ойнынан суырып салып, жарып отыратын өнер мұнда жоқ. Тек өзіне лайықты ән тапқан сықылды өлеңді де лайықтап салып ұсақ-түйек, қылжақпай, былқамыр өлеңдерді жаттап жиып қыз-келіншектің ішінде көкіп отыратын еді. Жұмалы «Жақсы қатын, жаман қатын» деген өлеңді айтып болған соң Шаймұхамет мырзалар мұның «Қатқан шалды» айтуын қолдады.
Жұмалы домбырасын таңқылдатып, аузын балпылдатып, даусы қырылдап «Қатқан шалдың» әніне салды:
Мен өзім шал да болсам қатқан шалмын,
Сақанға меруерт-маржан таққан шалмын.
Бозбала, ішің күйсе тұз жалаңдар,
Қойнына тапай қыздың жатқан шалмын.
Аслан шырлар боз торғай,
Сол бір өткен заман-ай.
Ей, қыздар-ай,
Қош есен бол-ай...—
деп көзін сығырайтып, даусын қырылдатқанда отырғандардың шек-сілесің қатырады.
Қойдың ба, қайран сексен қалжыратып,
Тарттым ғой қыз күйігін алжып жатып.
Бір қызды әлде болсам қартайтар ем,
Май берсе миға қосып балжыратып.
Аспан шырлар боз торғай,
Сол бір өткен заман-ай.
Ей, қыздар-ай,
Қош аман бол-ай...
Үй іші ду күледі. Қажен таздар сылқылдап көзінен жас ағызады.
Жұмалы домбырасын таңқылдатады:
Тозаққа ең алдымен бізді айдаса,
Шалдардан біздей-біздей дүзді айдаса,
Тозаққа іркілмей-ақ кетер едім,
Алдымнан арқан бойы қызды айдаса...
Бал, бал, бал, бал қурай,
Басына қонар боз торғай,
Сол бір өткен заман-ай.
Ей, қыздар-ай,
Қош аман бол-ай...
Мұғалім Жұмалыға қарап қалыпты. Оның ойында:
— Уат, сайтан! Хақиқи артист. Бұл қазақ халқы жүрген кең сахараның театры — мына шошы шортлардаң ғыбарат болып, шошы қарт кібік бандаларының артисттері енді...
Жұмалы тағы қылжалаңдайды:
Молдеке, қоя ғойшы иманыңды,
Берейін мал-мүлкім, жиғанымды.
Қасыма қыз молдасын әкеп қойсаң,
Кетейін соған тастап қу жанымды.
Бал, бал, бал, бал қурай.
Баяны жоқ заман-ай,
Ай-қыздар-ай,
Қош аман бол-ау-ай!..,
Мәжіліс қыран күлкі. Барлығы да Жұмалыны алғыстап отыр. Шұбар Шәлипан да өз ризалығын білдіргендей: «Сен өлерде аузыңа иман түспей аузың қисақтап өлерсің», — деп қалжыңдайды.
Нәзипа бүгін тіпті еркіндеп кеткен. Жүзі жарқын, күлкісі көтеріңкі. Мұғалім да жайшылықтағы философияны жылы жауып, мәдениет мәселесін, пропаганданы жан қалтаға тығып, мәжілістің қызықты болуын қолдап отырған тәрізді. Кейде Жұмалының жап-жаман даусын қошеметтеп қол шапалақтап қоя береді. Оған Шаймұхамет бүкірлер, Қажен таздар қосылып одан әрі желігеді. Нәзипа ішіне бүккен сыр қалдырмай ақ жарқын адамсынып, «ойнаңдар, жырлаңдар» деп, әр нәрсені ойлап шығарып, тамашаны қыздырады. Оның сөзінің төркіні, көзінің құйрығы мұғалімнен айналып кетпейді. Мұғалімнің де солай таман жантайысы жаман. Нәзипаға папирос беріп, не сөйлесе соған қарай сөйлеп ішінен толғанып отырған сияқты. Өзгелердің ойында не бар, не жоқ. Расында әлі еш нәрсе болмауға тиісті, бірақ Сатан мына мәжілістен кейін Нәзипа мен мұғалімнің арасы қауіпті екенін түйгендей болды. Сондықтан, ол мәжілістің есік жағындағы елеусіз жерінде осы екеуінің қас-қабағын бақылаумен отырды. «Е, е, сары ноғайым, асықты алашасынан үйіргелі отыр екенсің... Әй, өзі де жылмырайған сұлусыған неме екен? Сірә бұл бір жерден шығар... Шіркін, мына Нәзипа тоқалдың өзі де оңды екен-ау, ә!? Әдемі ақ байталдай ойнақшыған әйелдің бір тазасы ғой. Екі беті албырап, екі көзі жаудырап, күлкісі сылдырап, кигені саудырап, қарашы, мұғалімнің бауырына кіріп кеткендей боп отырғанын. Шіркін, осыларға не жетпейді екен! Дәулет мынау, бақ мынау, он болыс елді аузына қаратқан қажының қатыны, шыққан жері мыңды айдаған бай, ұшқан жері Алатаудың қиясындай, қонған жері Балқаштың дариясындай, таудан ұшқан айдын көлге қонып отырған аққу емес пе бұл? Аққу сол көлдің ішінен салт басты, сабау қамшылы ноғайға талпынып қанатын жайып отырғаны қалай? Мұнда не арман бар екен?»
Жоқ. Кірсіз ай, мінсіз құдай. Бұлардың көңілінде қақ жоқ дегенім — жетпегенім болар. Қанша алты аяқ, ақ күміске малынып, асып-тасып отырса да Шалматай қажы қатқан сірі ғой. Нәзипа төрт қатынның бірі ғой. Оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған қыз болып әкесінің оң жағынан ұзатылғаны кеше ғана. Мына ауылдан, анау Шалматайдан не қызық тапсын бұл? Шалматайдың малы алдандыратын мұқтаж кісінің баласы ма еді бұл? Шалматайдың қай жеріне қанағат қылсын? Нәзипаның мынау қамыстай әдемі тұлғасын, ойнақшыған мінезін Шалматай қалай алдандырсын? Мұның арманы мынау сұлу сары сияқты жас жігіттер емес пе? Әрине солай шығар. Кім біледі, осы болып жатқан мәжіліс те осы сары ноғайдың құрметіне болып отырған емес пе екен?
Кім біледі... Кім біледі... Бәлкім солай шығар...
МҰҒАЛІМ МЕН МОЛДА
Фазыл мұғалім бұл ауылға алғаш келгенде осы өрендегі елге үлкен әңгіме болды:
— Мұғалім деген келіпті. Алты айда хат танытады екен. Онан оқыған бала хат-шотқа жүйрік болады екен... Орыстың оқуына жетік болады екен.
— Жоқ, оның өзі орыс оқуы екен. Кітабында бісмылла жоқ. Балаға иманшарт оқытпайды екен. Орыс болмағанда не болды. Тек алдап шоқындыруға жіберген орыстың молдасы болса керек...
— Жоқ, бұл өзі мұсылман оқуына жетілдіріп жіберілген орыс білем. Шашы алусыз, мұрты басусыз. Түбінің не жұрттан екенін білу қиын дейді...
— Жоқ, мұғалім осы күнгі оқудың өнері екен. Бұдан оқыған бала жетік болса керек. Өзі де жеті түрлі тіл біледі дейді.
— Қажылардан дүние құтыла ма, мұны әдейі Мекке жолына барғанда Стамболдан алып қайтыпты. Стамбол мұсылман дінінің бір туын тіккен жері ғой. Сондағы оқудың, — өнердің түрі осы мұғалім оқуы тұрпаттас болады екен. Бұл — дінді жаңа түрге — өнерлі түрге салып, артта қалған мұсылман халқын тек алға жіберуге әрекет екен....
— Жоқ, ойбай, мұғалім сиқыршы екен. Мейнамдай резеңке доптан от шығарып, бір қаланы өртеп жіберетін оқу бар екен. Көз ашып жұмғанша қолындағы таяғын арба қылып жегіп жүріп кетіпті. Қажы аулының қатындарының басын айналдырып алыпты. Қажының жаңа тоқалын жары қылыпты. Ол тоқал қазір сол мұғаліммен аумас екен...
Осы сияқты сөздер қара халықтың ішінде үлкен сыбысқа кіріп, ертегіге айналған еді. Мұғалімнен үрейленудің өзі оның атын жанның бәріне жайып, жақсы таныстырған. Басқа жалпақ жұрт, қараңғы халық бұлай сөйлесе де мұғалім алдырып отырған Шалматайларға мұғалімнің кім екендігі аян: олардың білуінше Фазыл мұғалім жасырынған қызыл бас та емес, сүндетке отырмаған орыс та емес, жәдит оқуының жаңа мұғалімі Фазыл Жиянгелдин. Түбі Бәләбәй уезінің татары. Стамболдың Дарын мұғалімін бітіріп, Мысырдағы Мұхамеди хазіреттің медресесінен дәріс тыңдаған. Мекке, Мәдине, Мысыр, Шам, Көпе, Құдыс, Стамболдардың бәрін аралап жас басынан көпті керіп, көзі ерте ашылған татардың кезбе шәкірті. Мұны Шалматайлар Мекеге барғанда зәмзәм құдығының басында кездестіріп, өздеріне басшылыққа жалдаған. Бұрын жол көрмеген, жулигі кеп жерде Фазыл мұғалім қажыларды тірідей кебіндеп, тау-тасқа тентіреткен. Мекке тауындағы Ыбырайым пайғамбарлардың баласын бауыздап, қой сойып, Ажар бәйбішесімен бірге ұйықтаған, ғүсіл құйынып, дәретке отырған жерлеріне шейін тәуап қылдырып, байларға әбден қылығы жаққан. Сонымен Фазылды қажылар жаңа мектеп ашып беріп, жаңаша бала оқыттыратын болып аулына алып келген.
Фазыл мұғалім келгенше бұл жақтың қазағы түгіл ноғайы да надан еді. Надан емес-ау, шынайы мұсылман еді. Қажы аулының үлкен мешіті, терең молдасы бар. Ол молда Бұқарай шәріптің шар кітаптарын шіріткен өзін «аят-хадистің терең құдығымын» деп түсінетін Асан хазірет еді. Он болыс елдегі «инабатты» адамдар өлсе жаназаны осы Сарыағаш хазіреті ғана оқитын еді. Бұл хазірет осы аймақтың жақсыларының жаназасын шығарып, зекетін алып, құран-қатім істеп, мешітке жұртты жиып намаз оқытып кәсіп қып тұрушы еді. Оның істейтіні — жұма сайын жұртқа о дүние туралы уағыз сөйлеу, тамұқпен қорқытып, ұжмақпен қызықтыру, қажыларға қонақтан қонаққа жүру, дау-шарлы мәселеге пәтуа беру, домбыра тартып ән салуды күнәға жазу, көңіл көтеріп ойнаған жастардың жиылысына лағынет айтып тараттырып жіберу, жас әйелдердің еркекке араласпай аулақтануына насихат айту. Сарыағаш еліндегі некеленген адамдарға дем салып, су ұрттатып алым алу сияқтылар еді. Бұл молда келіп орнағалы көп болғандықтан елге ықпалы күшті болып, Сарман, Ырыспек балаларының бәрін де Мекеге барғызып қажы қылып, мойнынан парыз түсіртіп алған хазіреттің көп еңбегі бар еді.
Фазыл мұғалім келгенше балаларды оқытқан осы кісі. Мына қажылардың бәрі де осы кісінің алдынан сабақ алған шәкірттер. Үлкен бір бөлмеге отыз, қырықтай бала жинап айнала жүгіндіре отырғызып, иман - шарт, әфтиек, ежік, сүре, шұрұтұссала, мұқтасарларды жаттатып балалардың бел ін бүктіріп, көзін ағартып отыратын хазірет осы еді.
Ауылға мұғалім келген соң Асан хазіретке бұл кәсіпті тоқтатуға тура келген. Ол тек балаларды медресеге жинамай, өзі мешіттегі иманаттығын ғана атқарып, құран, қатім. уағызбен ғана қалатын болған.
Оның бұған іші тіпті қатты ашулы еді. Ол Фазыл мұғалімнің келуімен бірге өзінің бірден-бір дұшпаны келгенін сезген сықылды еді. Мұғалімді келтірмеуге қанша тырысса да, ол туралы қажылардың құлағына қанша құйса да заманның ағымы Асандардың сөзін аса құнды қылмай арзандатып бара жатыр еді. Әрі - беріден соң қажылар қазіретті үстінде мешіт, қолында құранымен қалдырып:
— Сіз ақиреттің ғана адамысыз, дүние сөзіне кірісуіңіздің керегі жоқ, — деп жуасытуға айналған еді.
Міне Фазыл мұғалімнің бірсыпыра жаман атының сыртқа жайылуына осы хазірет те себепкер болды. Хазірет өз сөзін тыңдайтын адамның алдында (оның тыңдаушылары көп еді) мұғалімді кірлеп, қаһараттап істен алғысыз етеді. Көпті мұғалім жүрген жерге жүрмеуге өңмеңдей үндейтін еді. «Мұғалім шоқынған екен», «мұсылманды адастыратын бұзық екен», «жасырынып жүрген қызылбас екен», «сиқыршы екен» деген сөздің түп атасы осы хазіреттің лебізінен тарап, балалап та кеткен еді.
Фазыл мұғалім де бұл хазіреттің жайын жақсы білетін. Ол Асанның өзіне қарсы істеп жүрген әрекетін «жалпы ескі дүниенің жеңілгісі келмей жағаласқандығы» деп ұғынатын. Мұғалімше: қазір жиырмасыншы ғасырда Ресей мұсылмандарының мәдениетке бет алған дәуірінде — мұндай фанатик молдалар аз ба екен? Әсіресе осы Жетісу сияқты қараңғы түкпірде көп болмай ма? Мұндай жүздеген жылғы халықты басып жатқан үлкен қараңғылық пен меллетшіл мұғалімдерге күресуге жеңіл ме екен? Әрине, мұның бәріне Фазыл мұғалім кең қарап, терең толғап, терісін кеңге салып аздап күресуге бел байлаған.
Халық түгіл қажылар да екі жақты. Олар хазірет пен мұғалімнің екеуіне де бірдей. Олар бірін «дін», бірін «күн» деп түсінеді. Бірін «бұ дүние, бірін о дүние» деп ұғынады. Сондықтан екеуінің арасын ушықтырмай өзді-өзінің орнында екеуін де пайдалы деп ұстағысы келеді. Бірақ айналып келгенде бәрі де байлардың бір тілегінің керегі еді.
Молда мен мұғалім ит пен мысық сықылды. Олардың арасында талай тартыс болған. Соның бірі...
САРЫ АЛА ҚАЗ ПӘТУАСЫ
Әйел бәйбішенің ақ үйінің аузы-мұрны шыпылдаған кісі. Айнала жиылған жүк жабыққа тіреледі. Жүктегі былғары қапты күміс шапқан сандықтар, масаты кілемге буылған семіз-семіз тендер, оюлы сырмақ, түрлі текеметтердің үстіне салынып тасталған парсы кілем, торғын көрпелердің үстінде қаздай тізілген қонақ. Үлкен үйдің екі жапсарына жеткізе ала дастархан жайылған. Қара кемеш күмісті тегештің ішіндегі қымыз кішігірім көл сықылды. Айнала отырған адамдардың алдарында бір-бір мөлдіреген кәрлен кеселер. Тегештегі қымыз әлсін-әлі орталаса — іргедегі күміс піспекті мейіз сабаны еңкейтіп жіберіп — қымызын құйып еселеп отыр. Қымызды сапыра құйып отырған Әйел бәйбішенің езі де қайың бұтағына ысталған қара сабасы сықылды. Қымызға аяқшы Керей Дәукен бәйбішенің темір көсеуіндей сып-сып етеді.
Ашуы әбден жеткен қымыз кәрлен кеселерде майлы тоқашпен ішіліп шекелерден терді шып-шып шығарады. Абдыра бекетіндегі көк төбелі үйдің иесі ақсақ Жүсіп сықылды жұқалтаң шалдардың ішкен қымызбен беті қызыл мәліскенге айналған сайын еселеп ішеді.
Қымызға келгенде түп жоқ кісі ноғай Ықсан молда. Алдына келген аяқты жерге қоймайды. «Алқамды лелла» деп бір кекіріп алады да басына бір-ақ төңкереді. Ықсан ішкенге көзі түскен кісінің бәрі сүйсінеді. Өзі үлкен үйелмендей кісі. Майдан кезі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырыны тұтасып, басы ит бастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрыннан құрсақты молда, іші кеңіген сайын айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе қоздайтын қойдай мекіренеді.
Қымызды қанша ішсе де бетінен шаң шықпайтын сұр қажы Шалматай жайлауыш бестідей мойыны жіңішкеріп, қанша жесе де жұқпаған адам сықылды. Көзі ілбиіп, танауы қусырылып, самай шашы селдіреп, кесенің түбінен ұстап тісінен сыздықтатып қымызды жұтады да отырады. Тұздан келіп тойына алмаған түйедей өміріне бүйірі шыққан кісі емес. Нәзипа сықылды сұлу тоқалды, Әйел сияқты аю бәйбішені қоса санағанда — төрт әйелдің байы осы кісі. Бұған жалғас отырған тығыз сары Есентай қажы, иектен бұтағы асып, шүйдесі шодырайып, майдан екі көзі айналып кеткен. Бұл қажының қымызды жұтқан сайын беті берен шымылдықтың тозығы сияқтанады. Ал, денесі шағын болса да ішу жағынан Ықсан молдадан қалыспай отырған Сарыағаштың имамы Асан хазірет. Бұл да көптен мол тамақтың ішінде өсіп, өзінің де іші өсіп, бордақыға байланған малдай жеп-ішіп, жері кеңіп қалған адам. Бұлардан басқа салпы ауыз болыс, сақау сары би, қара қожыр ақсақалдың қайсы бірін айта берелік — бәрі де Шалматайдың дастарқанында, сөзі мен кекірігі аузында, қымызға қызара бөртіп отырған бір мәжіліс.
Қымызбен бірге шыққан қызулы әңгіме қыдырып келіп шариғатты шарлап шықты:
— Осы шәуке қарға адал ма, жоқ па? — деп Есентай сұраған шариғаттан ұшқынған бақас етек алып кетіп біраз уақытты алды. Аяқты айуан, қанатты құстардың еске түскендері бірін-бірін аталып, жеуге жарау-жарамау жағынан тексеріліп талқыға түсті. Осындайларға пәтуа бере келгенде:
Судан балық жейтін қара қаз жеуге жарайтын болып, жылан жейтін сары ала қаз арамға шықты. Сары ала қазды адал қып шығару үшін Асан хазірет «түзу тұмсық құстың барлығы да адал» деген бір рауаятты «мүктасардан» келтіріп керіп еді, ондай жерде тік тартып кететін Ықсан молда бір кекіріп алды да:
— Сары ала қазды сүнни мәзһаби мұтлақан қарам қылмыш сабап: сары ала қаз қайыз көреді, — деп белден бір-ақ басты. Ықсанның сол сөзімен Асан хазіретті «мұқтасарынан» келтірілген рауаятының жаназасы оқылды. Асан хазірет мүдіріп қалды да, одан әрі сөз таластыра алмады. Өйткені Ықсан молданың Асаннан шалымы артығырақ болуының үстіне, ашу шақырып ақырып кететін ашуын, шыдамсыздығы да бар еді Отырғандар ішінен Асан хазіреттің сүрінгенін сезді. Оның қызарыңқырап қалғанын сезген Шалматай:
— Алыңыздар! Ашуы жеткен қымыз ғой, — деп әңгімені қымыздың айналасына тартты.
Асанның Ықсанға сөз күрестірмеуінің екінші жары да бар еді. Ол Абдыра бекетінен қайтқанда Ықсанмен бір арбада келген. Келе жатып сөйлескен сөзінің кебі Фазыл мұғалімнің зиянына бағыштанған еді. Олар осы мұғалімнің кім екендігін, оған қажылардың ықластығын, халықтың қалай қарайтындығын баян қыла келе оның ұсақ ғайбатына да кіріп кеткен. «Жәдит жолы азғын жол, ислам дінін ойран қылуға айналған әрекет. Заман ақырдың сарыны мен азғындығынан туған қауіпті, зиянды оқу. Мұғалім өзі арақ ішеді. Шылым тартады. Тіпті зина да қылады...» деп келіп Фазыл мұғалімнің Шалматайдың тоқалымен арасындағы мұғамаланы да шұқылап бір-біріне ашқандай болған.
Олар мұғалімнің мұндай ғазазылдық, азғындық қылығына қаны қайнасып арба үстінде алдында жатқандай дүрс салуға таянып тап-тап беріп кіжініп дүрілдесе-дүрілдесе Шалматайдың (қонаққа шақырған үйіне келіп түскен. Қалайда бұл мұғалімді қажы аулынан қудыруға арба үстінде хүкім қылған.
Молдалардың ойынша: бұл мәжілісте өңшең инабатты кісілер жиналады. Мұғалім де болады. Мұғалімнің бетін тырнап, иығынан басуды, оның жұрт алдында қадірін түсіруді осы мәжілістен бастаудың жөні келіп қалды. Сондықтан бұрын итше қырқысып, бірін-бірі надан деп жамандап жүрісетін Абдыра бекетінің Ықсан молдасы мен Сарыағаштың Асан хазіретінің арасында мұғалімге қарсы мұғамала болып өз аралары жапсарласып қалғандай еді. Шыдамсыз Ықсанның шариғатына қарсы Асан хазіреттің де аса сөз көтермеген екінші себебі осы еді.
ҮРИТ, СОҚ! СОҚ!
Қажының қайта-қайта кісі жіберіп шақыртуымен мәжіліске Фазыл мұғалім де кірді. Оған төрге таяу жерден орын берілді. Үйге мұғалім кірумен бірге мәжілістің бұрынғы бір беткей лепірген сөзі де тына қалып, үй іші біраз тыншуға айналды. Тек дамылсыз қымыз құйылып:
— «Алыңыз», «тәтті қымыз», «аяғыңызды беріңіз», «алла разы болсын!» — деген қымыздың алдым-бердім сөздері ғана айтылып отырды.
Көп уақыт өтпеді. Мәжілістің мұндай мылқауланып қалуына ежелден шыдап отыра алмайтын найзамды әпер, қыршаңқы Дәукен ойдағы жоқ жерден бір сөздің басын сопаң еткізді:
— Әне күнгі кемпірдің жаназасында үлкен бір талас болып қалды.
— Е, не ғып? — десті.
— Таласты шығарған несиеші Мұқажан.
— Не талас?
— Қалайша? — деп Дәукенге әркімдер-ақ сұрау тастады. Дәукен, «енді өздерің де әңгімеге араласарсың, — деген кісіше қымыздың аяғын әперумен алаң кісідей аз бөгеліп жұртты жерік қылып алды да, жаназадағы таластың жайын талдап айтуға кірісті.
— Кемпірдің жаназасын оқыдық. Оқып бола бергенде Қайроллалар келіп ат үстінен жаназаға кірмей тұрып қалды. Оларға Жүсіпкелді бірадар намазда тұрып: «Аттан түсіп, сапқа тұра қал!» деп ымдап еді, Қайроллалар: «Дәретіміз жоқ» — деп қауымға кірмеді. Намаз оқылып болғасын Бекбосын молда жаназаға үлгіру үшін асығыста дембе қағып жіберіп қауымға кіру керектігін шариғаттап еді, мына жақтан Мұқажан тұрды да, сайтандай:
— Тақсыр, мәселен, Қайролла қатынының қойнынан тұрып ғұсып құйынып үлгірмеген болса қайтеді? Онда дембе қағып жаназаға кіре ала ма? — деді. Бұран Бекбосын молда «кіре алады» деді. Мына жақтан Торғай молда тұрып «кіре алмайды», — деді. Содан соң сөз ұшқынды.
— Ал, қайсысынікі дұрыс екен? — десті есік жақтағы бос қазақтар. Дәукен ар жағын айтты:
— Сонан соң екі молда ерегісіп кетті. Екеуі де құраннан аят айтып дәлелдеп өз сөздерін мақұлдап жатты. Біз қараңғы адам жарықтықтардың не айтқанына зейініміз жете ме, екеуі тіпті бірін-бірі ұрарманға келісіп, қызыл кеңірдек болып кете барды. Біз көпшілік екі жағының бірін де ұстай алмай қалдық...
— Бұған мына кісілер не айтар екен? — деді Күркебай би бір жақтан. Сұралған шариғатқа тоқтаусыз жауап беріп үйренген Сарыағаштың Асан хазіреті іле-шала:
— Жәнуп адам таямамға тазаланбайды. Ғұсыл құйынмайынша жаназаға кіруіне ярами, — деді. Кімді болса да алдына шығармай ауыздықсыз әдеттенген Абдыра бекетінің Ықсан молдасы оған қарсы тағы; күр ете түсті:
— Таямам зәрурат. Уақытында таһарат орнына да, ғұсыл орнына да, қипая, — деді, ЬІқсанның алдыңғы сөздегі омыраулығын азар кешіріп тығылып отырған Асан хазірет те қашанғы Ықсанды қоя бере берсін:
— Оныңыз қата, — деді. Оған Ықсан ширығып құрық алып кетті:
— Кәне, білсең айт! Ғұсылдың өзі не нәрсе?
— Парызғайын! — Жұрт ақырып қалды. Дәукен «шақпақты шақтым, ендігісін өздерің біле бер», — дегендей жымы-жымы етті. Ықсан тікие қадалды:
— Нендей шартлан соң ғұсылды парыз етеді?
Асан да ақырған жоқ, уықтың қарына қыстырулы «иманшартты» алды да Ықсанға көрсетіп оқи жөнелді:
— Ғұсылды парыз ететін шарт төртеу: Бірінші... Екінші... Үшінші...
Мұғалім мырс-мырс күлді, мұғалімнің күлкісі бір - біріне қоңырайысқан молдаларға да, үй ішіне де өрескел көрінді. Жанның бәрінің де көзі молдаларды сықақтап күлген Фазыл мұғалімге түсті. Шақпақтың енді бір оғын осы жаққа тастап жіберу ниетімен Дәукен.
— Мұғалім қайсысын жақтар екен, мұның? — деді.
— Мен бірін де жақтамаймын, уаллаһи, осындай ақымақшылыққа күлемін ғана, — деді Фазыл.
— Не үшін олай дейсіз? — деп Дәукен сөз көтерді
— Діни құрапат болған, соң күлмеске нәрсе? — деді мұғалім.
Абдыраның Ықсан молдасы арс ете түсті:
— Сіздің жәдитләріңізше құран да құрапат бит! — деп ажырайып қалды.
Мұғалім саспай, тайсалмай сөзге жауапқа кірісті
— Әфәндім, мен құранды құрапат демекші түгіл, Ләкин құранны тапсил рәуішге білмей тұрған надан молдаларды һәр дайым мағынасыз құран атынан құрапатлар сөйлеп жүруіне күлемін. Мәселен бұл қарт сөйлеп отырған сөз нинди сөз ол, құрапат болми? Өмірге нинді файдасы бар сол? Хашапа, қайыз, нипастардан я дүниеге, я ахиретке нинди файда бар сол? Құранның хақиқи мағынасы ол қашапаларда ғана емес, құран пайғамбар құтпасы!
— Құран алла кәләми! — деп қалды Асан хазірет,
— Мейлі ала кәләмі болсын, құрандағы сөз мәшіт мәнбарында халыққа уағыз болу үшін Мұхаммет пайғамбарымыздың аузынан қалдырылған. Құранда діни мәселелермен бірге дүнияуи мәселелер де бар. Онда мәдениет бар, ғақлият бар. Қасибият бар, сауда уа санағат бар. Міне, көп молдалар құранның шошындай хұсұсиятларын адлами. Құранды ислам фанатиклары сопылыққа айландырған да, құрсақ кұралына пайдаланғандар.
.— Әлғұлама уарасатүланбия! Барлық ғұламаларды — молдаларды олай деп айту қақсыз қақарат! — деді Асан қызарып.
Төрде отырған Ықсан бұл сөздерге шыдай алмай ит көрген мысықша үрпиіп, екі көзі мұғалімді жеп қоятындай аларып, кепкеннен кеуіп бара жатыр еді. Ықсан молданың мұндай жерде сырын білетін адамдардың көздері осы молданы бақыламақта еді. Мұғалім Асан хазіретке жауап беріп:
— Мен настоящий ғұламаларды айтпаймын, білер білмес наданлық білән дін атынан сапсата сатып, халықты қараңғылыққа қамап жүрген кейбір өз үстінде құран артқан ишәкләрні ғана айтам, — деді. Бұған Дәукендер дуылдап күліп — қошемет қылып кете алмаса да, ішінен «молдаларды тұздықтады-ау» деп сүйсініп қалды. Ықсан терісіне сыймай кепкеннен кеуіп бара жатыр еді. Сөзден сасып жанжал көтеруге айналған Асан:
— Сіздер алланың барлығын да іңкәр етесіз, — деді.
— Бар ма, жоқ па, ол екінші мәселе, — деді Фазыл мұғалім.
— Мұғалімдер жер астындағы көк өгізді де жоқ қылып жүрген жоқ па? — деп Дәукен тағы тұтанған отты үрлеп қалды. Оған мұғалім қасқая:
— Жер астында өгіз түгіл, бұзау да жоқ, қарт! — деді.
— Тақсыр-ау, онда жерді кім ұстап тұр? — деді Дәукен.
— Ешкім де ұстап тұрған жоқ. Жер өзі айналып жүріп тұрған планета.
— Ал, біздіңше күнді кім шығарып тұр? — деді Дәукен.
— Күн жүрмейді. Жер жүреді.
— Ай ше?
— Ай да солай. Сөнген планета.
— Тақсыр-ау, оны көріп келген кім екен?
— Оны көріп біліп отырған ғылым. Ол ғылымды астрономия дейді. Оны алдақашан ғалымдар білген. Бұл туралы ғылым кітаптарын жазып кеткен.
— Оны ғалымдарың көпір ме, мұсылман ба? — деді Ықсан арс етіп.
— Әрине, мұсылманнан ондай ғалымдар шықпаған. Мұсылман молдалары өгізден басқаны көрген емес! — деп мұғалім сылқ-сылқ күлді. Бұ күлкі молдалардың жүрегіне мұсатыр сепкендей болса, үй ішіндегі ақсақал, байларға да тым тентектік көрінді. Ықсан молда шарт жүгініп жіберіп зірк етіп:
— Өгіз бар! — деді.
— Әлбетте бар! — деді Дәукен. — Өгіз қайда кетуші еді?
— Қай қазақ көрген? — деп мұғалім тағы күлді.
— Алланың жаратуында кек жеті кат, үстінде сегіз ұжмақ! Жер жеті қат, астында жеті тамұқ — мұны ешбір кәпір жоқ қыла алми! — деп Ықсан молда тепсініп кетті.
— Тақсыр, сонда өгіз тозақтың үстінде тұрған бола ма, жоқ одан да төмен бе?— деп Дәукен сұрады. Ықсан молда алқымына ашу тығылып, жарыла жаздап жауап берді:
— Құранда жер жеті қат. Жер асты бу, бу асты су, суда балық, балық басына басып тұрған өгіз... Өгіз мүйізіне тіреліп тұрған жер...
Дәукен жағасын ұстап, бір қолымен кесені түбінен көтеріп:
— Ой, садағаң кетейін құдірет-ай. Өгіз тіпті жерді менің сізге қымыз әперген кесемдей қылып мүйізімен ұстап тұрғанын қарашы! — деді.
— Тақсыр, жер шайқалу неден екен? — деді отырғанның бірі.
— Өгіз басын шайқаса, зілзәлә сол уақытта болмақ, — деді Ықсан молда.
— Діни құрапат! — деп мұғалім тағы күлді.
— Азғын, жәдит! — деді Ықсан. Сонан әрі өзін-өзі тоқтата алмай аузынан көбігі шашырап, бұрқырап ала жөнелді.
— Азғын! Дінсіз! Сендер ислам дінін таптау үшін дүниеге шыққан ажал хабаршылары. Жәдігөйлер, сиқыршылар! Біз әнбие уарыслары — ғұламалар дін үшін сендерге қарсы ғазауатқа қарызмыз!
— Сіздер надансыз! — деді жайлап қана Фазыл мұғалім.
— Не айттың? Не айттың, малғұн? Айт, азғын! — деп Ықсан молда төбеттей арсылдап орнынан қопарылып кетті. Онан именген Фазыл жоқ!
— Сіздер құран арқалаған ишәксіз!
Мұғалім бетіне кәрлен кесе сарт ете түсті. Ол жасқана берді, Ықсан мұғалімді бас салуға тура ұмтылды. Үй іші у-шу болды. Шалматайлар Ықсан молданы мұғалімге жібермей ұстап, тақсырлап жатып жалынды. Ықсан бұрқылдаған бурадай зіркілдеп арс-ұрс етіп болмады. Дәукендер беті қанап қалған мұғалімді үйден алып шығып кетті.
Бұл көңілсіз оқиғадан кейін Әйел бәйбішенің үйіндегі мәжілістің базары тарқап, Дәукендер үйіне жөнелді. Қажылар жаман қайғырып: пәленің бәрін мұғалімнен көргендей болды. Дәукен үйіне келіп жеткен соң үй адамдарына өз ішіндегісін ақтарып:
— Өңшең сан мүйіздің бас қосқан бір мәжілісі еді.
Үрит, Соқ! Соқ! — деп отырып молда мен мұғалімді сүзістіріп алдық, — деп сылқ-сылқ күлді. Күліп жатып:
— Мейлі, екі ноғайдың бірі өліп, бірі қалсын! Менің нем кетеді! — деді өзі.
ҮЙ АРАСЫНДА
Дәукен қажыларға атасынан жалғыз айыл болып сіңген Керейдің бір саяғы. Есіктегі иттей жасынан сүк, көз болып сүйекке телмірген қажының қабаданшылы. Таңдайын сауып, тоқсан түрлі құбылып, тоғыз саққа жүгіріп отыратын жез таңдай, қу құйрық. Ол адамның. қандай болса да әуеніне төңкеріліп жалпақтап, бауырына кіріп кетеді. Ол қажының қасында — шаруаның көзі, бала-шағаның қамқоры, әзірет жанына барса, құдайшыл, бірадар. Алқа-қотанды ақсақалдар арасында — қудан ұшқыр, құланнан жүйрік майталман. Ал, үй арасында өсекшіл, күндес қатындардың қасында сырлас, абысындас. Міне, дарылдап сөйлейтін көсе қара шалдың мінезі осы сияқты. Дәукен жасынан қажыға не болмады? Атшы да, жидашы да болды. Мал басында тұрып қойшыларға қожайындықты да көп істеді. Мешітке азаншы да болып, хазіретке еріп өліктен пидия да алып жүрді.
Соңғы кезде ол қартайыңқыраған, өзі де қажылардың арасында жақсы-жаманмен көп табақтас болып «Дәукен» атанған. Оның істейтіні — қажылардың қасына еру, қонақтан-қонаққа жүру, қажы аулына келген қонақтың жай-жапсарын сұрап әңгімесіне араласып, әр үйден тамақ алдыру. Қажы, хазіретпен қымыз ішіп, ет жеп, мырза, байбатшалармен карта ойнап, арақ сіміріп, бәйбішелерге құмалақ салып, келіншектердің тамырын ұстап шолақ ем-дом да қылып жүретін еді.
Дәукен әр кісіге өз тілімен сөйлесе біледі. Сөйлеспек адамын майлы шектей айналдырып алады.
Дәукен сондай адам.
Дәукен қатын-қалаштың арасына кіргенде күндесті күндеске шағыстырып тасқаяқтай қағыстыратын қу ауыз. Ол бәйбішеге барса Нәзипаны жамандайды. Нәзипаға келсе бәйбішеден түңіліп отырады. Жалшыға жолықса байды даттайды. Байға барғанда жалшыны боқтайды. Міне сол Дәукен осы кезде Әйел бәйбішенің Нәзипаны аңдуына салып қойған бір кезі еді. Оны әдейі түнгі мәжілістің тыңшысы қылып Нәзипаның думанда өлеңдетіп жатқан үйіне Әйен бәйбіше жұмсаған еді.
Бірақ қанша аңдыса да, қанша артына сөз ертсе де Нәзипа бәйбішеден де, басқадан да именбейтін. Ол жас та болса жалынды, көкірегін өрге айдаған ер жүрек әйел. Оның көңіліне — мен қажының қатыны екенім, жат жерге түскен жаңа келіншек екенім, менің күндесім көп екен, дұшпаным мол екен деген қауіп келмейді. Қайта біреу-міреу мұны тоқыратамын деп ондай ниетпен сөз қозғаса — Нәзипаның шиқаны жұлынады...
— Мен бұл есікке күң болу үшін түскенім жоқ. Көтере алмаған қажы мені төркініме апарып тастасын! — деп дүрсе қоя береді.
Келіншек болып келгеннен-ақ Нәзипа Әйел бәйбішелердің ырқына көнбей, етегінен алдырмай еркіндеп соққан болатын.
Өйткені Нәзипа Шалматайлардың ауылымен атасы тең түсетін Мысық қажының қызы. Мысық деген өміріне кісіге тізгін бермей бара жатқан көк айыл кісі. Мынау соның сүт тауысқан ерке тоты кенже қызы. Нәзипа неге атын өрге айдамасын. Қажы мұны төртінші қатындыққа алғанда малға жеңіп, қазынаны төгіп — мақтан үшін алған. «Мысық қажының қызын алыпты» деген атақ Шалматайға аз олжа емес еді. Шалматай бұл қызды алумен бірге — бірінші өздерінін; атасынан бері алысып келе жатқан азулы арысына жекжат болып жауын ел қылмақ еді. Екінші он болыс елде не малына, не сызына шыдап батып сөйлесе алмаған аю шалдың әлпештеген сұлуын сүю — қажының қанағатсыздықпен өрлеген құмарлығының менмендігі болды. Шалматай ақшаны да, малды да аямай төгіп ақырында осы Нәзипаға шеңгел салған. Бірақ Нәзипа оң жақтағы кезінде Шалматайдың құшағын қуантқан емес. Оның не аруағын, не басын сыйлап қалыңдық салтын қылмастан «Қара тазға бармаймын» деп біраз қылжақты істеп те көрген. Бірақ ақ бата, азулы әке, ақтарылған мал — барлығы Нәзипаның аяғын тұсап, басын байлап Шалматайға әкеп қатын қылған.
Сол Нәзипа ер көкіректігін қажы ауылына келгелі қойған жоқ. Келін болып түскен ауылдың аруағын да, әлеуметін де өзінше ұғынып өз тізгінін ешкімге ұстатпаған. Әдетінше әйелдерін үйінен шығармайтын, қолынан құмған түсірмейтін абыз-қажы ауылдың әдетін сындырып, өз білгенімен «өрескел» істер істеп жіберетін жеңілтек, тентек, әдепсіз келін атана бастаған. Сондықтан көбінесе өзіне күндестен көре алмағаннан кеп дұшпан тауып ауылдың аузындағы сөзі, аңдыған адамы болып алған еді.
Әсіресе Нәзипаның өшігетін адамы — күндесі Әйел бәйбіше. Бұл Шалматайдың би қатыны. Ер жетіп келе жатқан неше балалардың шешесі де осы. «Қажы дүниесінің қазығы өзім» деп ұтынатын бәйбіше — қайдан келсе де Нәзипаны өз уысынан шығарғысы келмейді. Оны да өзге тоқалдардай дегеніне көндіріп, ит қылып„ иықтап отырғысы келеді. Әйелдің алдынан әйел түгіл Шалматай сияқты еркектер де шықпайды. Шалматайға ол дегенін істетеді. Өзінің ішкі шаруасы тұрмысы түгіл: Шалматай алдына ел сөзі келгенде диірменнің үстінен асты күшті болып кейде табандап ұстап қалып та отырады. Сондықтан Шалматайда жұмысы бар кісінің сыр дестелері ісін оңғарам дегенде Әйел бәйбіше арқылы алуды да әдіс қылады. Міне көр азу, аю бәйбішенің айтқанына көнбейтін Мысықтың көк бет қызы күндес боп түскен. Келісімен-ақ бәйбішенің жөнсіз жеріне жібермей сөзін қайырып, бетін тойтарып тастайтын болған. Оны сүріндіру, кірлеу туралы неше түрлі тұзақтар құрады. Нәзипаның еркін, ашық жүрісінен қалай да қылға талай қылық тізіп әр жақтан қақпан салады. Қалай да қажыға жек көріндіру үшін ертеңді-кеш Нәзипаны жамандап қажының құлағына сіңіреді.
Қажының жоғында Нәзипаның үйіне мәжіліс жасап жігіт-желеңді жинау — Әйелдің үлкен сақ болатын кезеңі еді. Ол өзінің агенті Дәукенді әдейі үй тыңдауға жұмсағаны сол.
Ауылдың бір жағын шулатып ән салып, гармонь, тартып дүрілдетіп жатқан Нәзипаға қарсы Әйел мен Дәукен ақылдасып өздерінше қимыл қылуға кіріскен-ді.
Қимылдың жобасы — іс насырға шапты. Нәзипаны мұқатумен бірге мұғалімнің көзі жоғалу керек, мұғалім мен хазірет қас. Бұл әңгімеге хазірет те құлақтас болғаны теріс емес. Мейлі дүние өртене берсін. Нәзипаны иықтап алуға ыты келген жер осы. Енді мұның ізін суытпау керек. Түтінін түтініне қосып қалайық — еді.
Бүгін осы жобаның іске асатын күні.
«СИЫР КӨРДІҢ БЕ?»
Нәзипаның үйіндегі мәжілісте неше түрлі ойын болды Үйдегілер алқа-қотан отырып «жым» ойналды. Жымда күліп қойған адамдарға жаза тарттырып, өлең айттырып қыран күлкі болысты. Есіп алған белбеумен жазалыға дүре де салынды. Қаз-қатар тізелесіп еркек - әйел араласа отырып тақым астынан «тақия жүгіртпек» ойнасты. Әркім таңдаған адамына орамал тастап, біреуді біреу ортаға шығарып сүйетін де ойын бар екен, оны да істесті. Ойын осындай бірден-бірге, сонырқап, көпке созылды. Ойында мұғаліммен қол ұстасып желігіп алған Нәзипа әркімді жағалатып келіп Сатанға:
— Нағашым, сен ән салатын шығарсың, — деді. Сатан сәл қысылып қалды.
— Арқаның жігіті, Арғынның баласы болсаң тартынбайсың ғой. Ал домбыраны, шырқат әніңді! — деп Нәзипа сөзді кесетіп қолына домбыра берді. Сатан қымсынып домбыраны алып малдасын құрып жіберіп, құлақ күнді қоңырлатып беріп еді; Жұмалы жалт қарап:
— Өй, мынаның қолы жорғалап барады ғой!.. — деді.
— Сенен асырса игі еді, — деп Нәзипа Жұмалыға жауап қайырды. Құлақ күйден ширап бұрауы келген домбыраны Сатан сартылдатып қағып-қағып жібергенде ащы айқайлы, әдемі үнді «Ардақ» атты Арқаның атақты әні аспанға көтерілді:
Ай, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан,
Артыңнан мен ақ тұйғын тілеп ұшқан.
Ақ тұйғын ақ қоянды алсын түсіп,
Тамаша қылсын тұрған дос пен дұшпан.
Мәжіліске күтпеген жерден әсем дауысты әнші табылып, таң-тамаша жым боп қалды:
Ау, Ардақ! Сен ақ қоян секендеген,
Мен қумай қуып саған жетем деген,
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,
Айырылып сен қалқадан кетем деген...—
деп әннің аяғын сыбызғыдай сұңқылдатып, ботадай боздатқанда, отырғандардың алпыс екі тамыры солқылдап, көкейін кесіп-ақ жіберді. Сатан тағы:
Ау, Ардақ! Сен ақ қоян жұмарланған,
Бұлдырап көз ұшында мұнарланған.
Жолыңа жаным құрбан етер едім,
Көңілімді бір тындырсаң құнарланған...
Шалқытып зарлатып, баяуқыратып тәтті үнді төгіп - төгіп жібергенде үйдің іші иірудегі жылқыдай жусап мәжіліс мәуеден салбырады. Сатан әннен әнге басып, өршелене-өршелене соғып, ынтықтырып, тыңдатып ұйытты әнге. Біржан, Мәди, Жарлығапберлілердің атақты әндеріне салып содырқатып-содырқатып алғанда мәжіліс алдында ашылмаған қазына, бір қапастағы бұлбұл келіп басқандай болды. Нәзипаның да Сатанның тегін Арғын емес екеніне көзі жетіп сусағанда салдыратын тәтті әндері бар екенін ішіне түйді.
— Қалай менің нағашым? — деп үй ішіне мақтанып та қойды.
— Жарайды нағашың, жанымызды бір жаңыратты, — деп меймандары шын пейілін білдірісті.
— Осының қасында сен де ән салдың-ау, — деп шұбар Шәлипан Жұмалыны сөзбен тістеп алды.
— Е, мұныкі әшейін, «ит жоқта шошқа үреді қораға» ғой, — деп Қажен таз Жұмалының абиырын шайып тастады
— Уат мына настоящи певец. Мен бек шал болдым. Ғажап тауып ифрат матор матиф... — деп мұғалім әннен алған әсерінен қыбыржып отыра алмай сөйлеп кетті. Ол Нәзипаға қарап:
— Сізге бек рақмет. Көп рақмет Мен бек разы. Тігінің жыруынан, матор даусынан көңілім қанаттанып әллә қайларға қазақ сахарасын, Еділ бойларын кезген көбік тұйылды Мына шошы шекіллі қара халық ішінен шыққан таланттарды тудырарлық, уа, бұларды Европа мәдениетіндегі сахара жыршылар дәрежесіне көтерерлік театр сахналары болса еді қазақ халқында...
— Ол жақында болмас, — деді Нәзипа.
— Неге болмасын соң, ханым, болыр. Мұнан біраз жыл бұрын біздің татар халқында да сахна һүнәрі болмаған бит. Ә, хазір мінә алар шыға башлады. Тек бұл мәселелерге қазақ зиялылары біраз әһмиет берсе қазақ байлары иғаналар жиыштырғаласа, театрлар болар еді, — деді мұғалім.
Сатан әнінен кейін мәжілістегілердің мауқы басылғандай ешкім селт етіп көтеріле алмады. Ол әннен асырып істейтін сауық, тәттілік жоқ сияқтанды. Біреу жырлап, біреу үндемей ойын тарқады.
Нәзипа мәжілісін тарқатып, меймандарын ұзатып, мұғалімге өз үйінен орын жайлаттырды. Сатан мен шұбар Шалипан бірі шамды өшіріп, бірі түндікті жауып тыныштық қылатын жай-жайына тартты. Сатан Нәзипа үйінің артына шыққанда үйге таяу жерден үй - елмендей біреу түрегелді.
— Бұл қайсысың? — деді Сатан.
— Мен ғой...
— Дәукенбісің?
— Ие, біздің сиыр босанып кетіпті. Көзіңе түскен жоқ па?-
— Жоқ, — деді Сатан.
— Апыр-ай, бұл ошақ болғыр қайда кетті?
— Сиырыңыз қайда еді?
— Байлаулы еді. Ұры ап кетті ме деп жүргенім...
— Е, құдай суық қолдан сақтасын, жүрген шығар....
— Мынау аттардың шөбіне келді ме деп ойлап ем.„ Немене, тамашаларың тарады ма?
— Тарады.
Әлгі ноғай мұғалім қайда кетті?
— Осы үйде жатыр.
— Ім, — деді Дәукең біраз тұрды да:
— Апырай, бұл арам қатқыр қайда кетті, — деп сиырын қарап кете барды.
Сатан ас үйге кіріп, ұйқыға кетті.
ТҮН ЖАМЫЛА
Шалматай қажының тоқалы Нәзипа үйіне мәжіліс жасайтын күні қажыны қалаға кетті деп едік. Қала Шалматай ауылына жақын жер болғандықтан қажы көп қатынасады. Қалада саудасы, шаруасы көп. Ол бір кетіп қалса қалада бірнеше күн жатып қалады. Ондағы сауданың, алыс-берістің, қарым-қатынастың басы қасында болып басқару істейді. Жүк жүргіздіртіп, елге қыдырмашылар шығартады. Шалматай мұны жайлаудан қайтқан соң Абдыраның бекетінде жиі-жиі істейді. Осындай келістің бірімен келген Шалматай үш күннен бері бекетте.
Ол бүгін Абдолла байбатшаның пәтерінде болды. Онда жалғыз Шалматай емес, бекеттегі байбатшалардың бірнешеуі, приказчиктер, мырзалар жиылып карта ойнады. Арақ ішісті. Біздің Шалматай қажымыз молдамен бірге қымыз, мырзамен бірге арақ ішетін еді. Осы арақтың үстінде сөзден-сөз шығып отырып Фазыл мұғалімді біреулер мақтап, біреулер боқтап сөз күресі болды. Шалматай Фазылды жақтап, оны жамандағандардың сөзін өрге бастырмай қызып кеңірдекке түсті. Шалматайдың қаладағы жанбарлас адамы алыпсатар Сыдық, былай шыққан соң достық ретінде Шалматайға көп әңгімелердің бетін ашып бергендей болды. Ол Шалматайға осы Абдыра бекетінің аузында не сөз бар екенін былай бастады:
— Қажы, дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады.
Өз дәулетінде күн көріп тұрған бір нашарын мен ғой. Осы қаланың қыбыр еткенін білемін. Әйтеуір, жүріс - тұрысымыз осыңда болған соң ноғайдың да, қазақтың да қақ ортасында боламын. Араласпайтын жерім болмайды. Осылар сөйлеп жүрген бір жаман атқа менің бетімнен отым шығады...
— Ол немене? — деп Шалматай тіксініп қалды.
— Оны сіз сұрамаңыз, мен айтпайын; құрысын!..
— Не туралы?.. — деп Шалматай одан әрі қызықты.
— Керегі жоқ, сіздер туралы...
— Айт, не сөз? — деп Шалматай тұра қадалды.
— Тіпті айтуға ауыз бармайды, қажы...
— Басын шығарып, аяғын неге айтпайсың?
— Осында бір күрілдеген өсек бар.
— Қандай өсек?
— Өсек Фазыл мұғалім туралы. Түнеугүні осы бекетке қонаққа келгенде сіздің кілтті әйеліңіз Нәзипамен екеуі жұрттың көзіне түсіпті. Қазір Нәзипаны мұғалім айнытып, алып қашады екен, деген сөз осында күу-күу етеді. Жаңағы үйде сіз Фазыл мұғалімді жақтап сөйлегенде әлгі Ғайнетдең Шәкирлердің тырқылдап күліп отырғаны сол еді. Бұл не сөз, қажы? — деп Сыдық алып - сатар қажының көзіне қарап сығырая қалды.
Шалматай қап-қара болды. Тек, айналып жүріп кетті. Оның жүрегін Сыдық алыпсатар жас теріге тұз бүріккендей қылды. Шалматай ешкімге жылы жауап қатпай, түскен жерінде сойылып жатқан малға қарамай, күн батып кетсе де, түн қатып аулына тартты.
Шалматайдың көңілі тас-талқан. Өмірінде ойына келмейтін сұмдық — от басынан өрбіп, өз басына жаманат түсті. Бұл жаманат қалаға да, далаға да әлдеқашан жайылып біткен. Әлдеқашан Шалматайдың аруағы былғанып, басы қорланған. Айналада дүние бүлініп жатқанда Шалматай мұның бірде-бірін сезбеген. «Не үшін былай? Рас шығар... Мен мұны алғалы екі жыл болып барады... Менімен белін шешіп бір сөйлесті ме? Мені онша төмендететін ол қай перінің баласы? Қашан мен мұндай жынның баласына төмендеген екем? Мұны мен қанша әлпештедім... Бәйбіше байғұс көрген жерде - ақ: «біздің тұқымға кірпік шешен болатын кесір алған екенсің», деп еді. Ол байғұс әлденеше рет өрескел қылықтарын айтса да — мен оны күндестікпен айтасын деп қақпалап келіп едім. «Осы сенің абиырыңды алады» дегенде «бұдан былай оттамай жүр!» дедім-ау. Енді міне бәріне де көзім жетті. Не болдым енді, не болдым?..
Мен қатын алмаған екем, жылан алған екем... Улы жыланды бойыма сақтатып, басыма орнатып алғамын, Күннен күнге ел алдында, жұрт көзінде өзімді масқаралап, қадірімді кетіріп бара жатыр екенмін... Мен не үшін алдым мұны? Мен таңдап алдым. Малға жығып алдым. Жүздеп жылқы, бестеп жамбы, тай-тұяқ бердім. Не көрдім алғанда? Оң жақтан-ақ жанымды жылытып пейілін бір шешкен жоқ. Әкесінің үйіндегі қылжағы — еркелігі, асаулығы болсын. Ал ендігісі не?
Жоқ, мен мұны еркінсіте алмаймын. Не жеңіп қатын: қылам, не бетіне адам қарағысыз етіп абиырын төгем....
Апырым-ау бұл кіммен жүр? Кім менің маңдайымды басатын? Қара қазақ қатынымның қойнына бармақ түгіл, жаман ниетпен қорамның шетінен жүрді ме? Менің сүйегімді сындырып, басымды қорлайтын осы қаңғырған ноғай болып па екен? Мен осы шақша бас ноғайға оп-оңай болыппын ба?
Кім біледі? Сайда саны, құмда ізі жоқ салт ноғай бір күні дәт еткізіп алып қашып кетсе... Кетсе оңай ұстата ма? Ұстатар еді-ау, бірақ мені елге әшкере, жұртқа масқара қылмай ма? Ондай атқа ұшырағанша менің басым көрде болғаны тыныш. Көрге көмілсең тым болмаса мұндай қорлықты көрмейсің де, естімейсің де...»
Шалматай салт атты сарт-сарт қамшылап желіп келеді. Түн қараңғы. Айсыз аспан түнеріп, бұлты қоюланған сияқты. Қасындағы қылан атты Жәкежанды алдына салып оған да жақ ашып жауап қатпастан тек желіп келеді, желіп келеді...
Түндігі жабулы, есігі түсірулі үлкен үйдің керосин лампасы үй ішін тұнжыратып жылтырап қана жанып тұр. Әйел бәйбішеде ұйқы жоқ. Шешінген де емес, көсілген де емес. Өлі тиген жылқыдай төңбекшіп бүк түсіп жатыр еді. Үйге сып етіп біреу кіріп келді.
— Дәукенбісің? — деді бәйбіше.
— Иә, ұйықтаған жоқ екенсіз ғой.
— Ұйқы құрсын, жынның ойнағы тарады ма?
— Жын-шайтан тарады, бірақ Aye анамыздың қасында анау Әзәзіл қалды, — деп күліп қойды.
Дәукеннің бұл айтып тұрғаны мұғалім мен Нәзипа екенін түйген бәйбіше басын көтеріп алды.
Дәукен сипаланып жүк аяқтың астындағы насыбай шелекті тауып алып, сөйлей түсті:
— Әбден болыпты, бәйбіше, әбден бұзылыпты. Ешкімнен именбейді, кәпір!
— Арам жесең тойғанша деп, кімнен қымсынсын, имансыз жүзі қара. Елге-жұртқа енді не бетімізді айтармыз, — деп бәйбіше бетін үзіп-үзіп алды.
— Әй, құдай құдіреті-ай, анау бір қу тымақ Арғынды тауып алыпты.
— Онысы кім екен?
— Анау бір былтыр қойда жүретін Арғын. Биыл тіпті «өлі жүні түсіп, түлеп қапты өзі. Оны ана тоқал нағашым деп қояды.
— Таптырармын сазайын нағашысының! — деп бәйбіше кіжініп кетті де: — Дәукесі, енді тыныштық қылыңыз, — деді. Дәукен үйден шығып бара жатып қайтып келіп, сыбырлаңқырап қолын ымдап:
— Не қылса да бүгін ұмтылғаи кісі тойдың үстінен түседі, — деді де шығып кетті.
Тасыр-тұсыр етіп үйге бір аттылар түсе қалды. Бәйбіше «бұ қайсысының?» дегенше үйге өңі қашып Шалматай кіріп келді.
— Амансыңдар ма? — деді Шалматай.
— Аманбыз, анау үйіңнен басқамыз! — деп бәйбіше зірк ете түсті.
— Ол үйге нағыпты?
— Жау шауып жатыр...
— Ол үйді жау шауып жатса, сендер қайдасыңдар?
— Бізді кісі құрлы көре ме, сенің таңдап алған нақ сүйерің! Ауылды-ауыл, аруақты-аруақ білмей анау қаңғырған ноғаймен... сұлуың!.. — деп тығылып айта алмады.
Қаны қашып кеткен Шалматай сып етіп үйден шығып кетті.
Нәзипаның ас үйіндегі Сатан шырт ұйқыда еді. Біреудің қолы жұлқып қалғанда, ояна кетті. Жанындағы үйде дабыр-дұбыр, шаң-шұң. Дауыс сасып сыбырлады:
— Тұр, жүгірмек! Құдай төбеден ұрды!
— Шәлипанбысың?.. Не болды?
— Масқара болдық. Қажы келіп қалды. Мына үй бүлініп жатыр. Келіншек саған тез... хабар тигізсін! — деді. Ұмтыл!
Шәлипан тілі осыған-ақ келді де жоқ болды. Сатан қапыл-құпыл киініп, керегені сипалап жіберіп бір жүген қолына түскенде үйден сып етіп далаға шықты. Шықты да қараңғыға лақтырған тастай жоқ болды.
МАСҚАРА
Шалматайдың ауылы бұл таңды шулап атырды. Бірін-бірі оятып, біріне-бірі хабар берді. Оянғандардың барлығы да көздерін уқалай Нәзипаның отауы жағына жүгірді. Қарғанған дауыс, күжілдеген ашу, күдірейген көпшілік у-шу болып бүлінген ауыл азан-қазан. Шалматай Нәзипа отауына келгеннен бері у-шу күшейгеннен күшейіп бара жатты.
Таң атып күн шығарға таянғанда Нәзипаның үй жағына жиылған халық жосылып жүрді. Сатан да бір бүйірінен келіп араласып кетті. Үйме-жүйме болып келе жатқан адамдардың алдындағылары бір-бірлеп Сатанның көзіне түсе берді.
Халық алдындағы найза салым ілгері келе жатқан Дәукен. Бір қолында таяқ, бір қолында шылбыр. Пері соғып кеткен кісідей алақ-жұлақ етеді. Әлдекімді жетелеп келеді?
— Ойбай-ау, жетелегені кім? Нәзипа ғой! Сұмдық - ай! Сорлы-ай! Масқара қылған екен ғой! Әй, мынау Дәукен не деген доңыз еді? Анық сол, Нәзипа... Алла бейшара-ай! Ақ жібек шәлісінің үстінен бастыра мойнына құрым киіз іліпті-ау! Ту масқара-ай!.. деген ойлар бір секундтың ішінде жайдың отындай жалт-жұлт етті.
Нәзипаның жақсы киімдері үстінде. Жамылғаны ақ шәлісі, жасыл пүліш бешпенті, торғын көйлегі төгіліп, тұлғасы сырықтай болып Дәукеннің жетегінде жүріп келеді. Мойнынан ілген құрым киізден басқа оның көркем бойын кірлеп тұрған нәрсе жоқ. Талдай сыны, жанған жүзі, жалтылдаған көзі жайнап, қабағы қаз қалпында. Бетінің қызылы қызыл, ағы ақ, жайшылықтағы жайдары мінезінен минамдай өзгермеген. Ол Дәукеннің жетегінде іркілмен батыл аттап басып келеді. Дәукен ат ойнататын адамша мойнына құрым ілген ақ келіншекті ақсаңдай басып жетелеп барады. Бұлардың артынан шұбап атты-жаяу адамдар топырлап келеді. Нелер қара сақалды, ақ сақалды кісілер күңіреп тепсініп жүр. Нелер тентек мырзалар кіжініп аузынан жынын құсады:
— Бер қолыма! Аттың құйрығына тағайын!
— Құның қалтамда! Асқанға тосқан!
— Айналдыр аруақты!
— Айналдыр мешітті!
— Алып жүр әкем аулына!
— Көреміз!
— Қырықтық қыздырып басамыз !
Осындай сөздермен қажы ауылының нелер сызылып отыратын сұлу мырзалары күж-күж етеді.
Түндегі мәжілісте болған Қажен таз да осының қақ ортасында. Ол да Нәзипаға қамшы үйіреді:
— Не жетпеді, иттің баласы? Тоймасаң құлға қосам. Жоныдан қайыс тілейін!.. — Жайшылықта намазын қаза жібермей, қолынан құманын түсірмейтін қажы аулының қатындары Нәзипаға қарап шу-шу етеді:
— Өлде ғана, мұндар! Тарт жазаңды!
— Тартсын жазасын, албасты!
— Әй, бейшара-ай, неге бүйтті екен?
— Сорлының абиыры алынды-ау!
— Абиыры құрысын! Өзінің де, өзгенің де абиырын алып еді! Болсын!
— Ананы қарашы! Бетім-ау, анау Дәукен Керей не деген имансыз еді-ай? Ұялмастан сақалымен Нәзипаны қалай қолы барып жетелеп жүр?!
— Қажы атады ғой мұны...
Нәзипаны аластап алып жүрген халық жетелеп жоғары әкетті. «Қажы әкесінің қара шаңырағы», деп Қажен таздың үйін үш айналдырды. Онан шығып мешітті екі айналдырды. Осы жүрісте Нәзипаны сөкпеген адам, қарғамаған кісі, боқтамаған тентек, бетіне түкірмеген күндес қалмаған шығар. Біреу тас атып, біреу кесек лақтырып, біреу топырақ шашып жатыр — бәрі де итше ырылдайды. Шошқаша қорсылдайды. Бірақ мұның біреуі де Нәзипаның қабағын қақтырып, жүнін жықтырмайды. Оның не намысы жоқ елі кеуде екенін, не мұның бәрін күлкіге ғана есептеген көзсіз ер екенін айыру қиын. Екі беті гүл-гүл жайнап, көзі ойнап, езуі күліп, жүзі жарқын, жүрісі еркін, мойнында ілінген құрым, тағылған шылбыр, өзі Дәукеннің жетегінде, жабыла қақақтаған кесек атып сөккен адамдардың қақ, ортасында езін боқтаушыларға «ләм-мим» демейді. Тек анда-санда:
— Сөз сендердікі! Қолыммен қылғанымды мойныммен көтеремін. Бәрібір маған бір өлімнен басқа еш нәрсе қалған жоқ! — деген сөзді айтады.
— Мынау неткен бетпақ еді, жүз жанбайды ғой! — деп абысын-ажын жағасын ұстайды.
Сатанның екі көзі далада, әлде нәрсеге асығып тықыршығандай мешіттің ар жағына қарап жалт-жұлт етеді. Апыр-ау, Фазыл мұғалім не күйге ұшырады екен? Оны да осындай жұрт алдында масқаралар ма екен? Әлде өлтіріп тастады ма?
Жоқ, Фазылға тиюге артына қарасын. Ол законның адамы ғой, оған мынандай айуаншылықты істей алмас істеуіне мұғалім де оңай көнер ме екен? Тек сорлағанда мына Нәзипа сорлады ғой... Ал, қажының өзі қайда? Сондай жұрт аузына қараған абыз кісі, қажы кісі осындай істерді істер ме? Мынау масқара ғой!.. Әй, істер-ау; пәленің қайсысы болса да қажылардан шығар-ау. Неткен қатал ит еді өзі. Азар болса, жас әйелдің аяғын ауыса басқан бір кезінің үстінен түскен шығар. Оны осынша елге әйгілеп, жұртқа масқараламай-ақ бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде, не қылса да қолынан келіп тұрған жоқ па? Әй, имансыз екен! Әй, қансыз екен!...
Нәзипаны аластап қара шаңырақты да, кек мешітті де айналдырып болған соң жосылған топ тура Шалматайдың көк шатырлы екі қабат үлкен сары ала үйіне тартты. Масқараның жорығы осы үйдің алдына таман келгенде жоғарғы терезенің біреуі серпіліп ашылып Шалматайдың басы көрінді. Тегінде ит кемірген асықтай тығырайған қара қажы қаны қашып қара пышақтай болған екен. Зират жаққа қолын бір сілтеді де, терезені жауып жіберді. Нәзипаны жетелеген Дәукен артынан көпті шұбатып Сарманекең қажылардың моласына қарай тартты. Сатан да осының ішінде. Оның екі көзі далада. Біреулерді күткендей алақ-жұлақ етеді...
ҚАЖЫНЫҢ ҚАТЫНЫ КЕТТІ
Масқараның жорығы жосылып зиратқа таман жуықтады. Сол кезде мешіт жақтан саулап көп атты кісі шыға келді. Самсаған қол, қалың кісі қанатты жайып жіберіп, шеп тартып, cap желіп келеді.
— Я, бәлем, жетті ме! — деп Сатан қуанды. Саулап келе жатқан кеп кісіден салт ат жетектеген екі кісі масқараның жорығына қарай өзгелерден оза шапты.
Шапқан екі кісінің алдыңғысы қаршығадай құнтиып қалған жылпың боз бала. Оның жетегіндегі қара жорға үстіндегі ақ күміс әйел ер-тоқымды саудыратып, шапқан атының жетегінде шайқалып келеді. Жорға жер баспаған сияқты. Артындағы салт атты ақсақал. Жораны жолдасына жетектетіп, таяғын көлденең ұстап ерге таянып сақалы желкілдеп, өзі селкілдеп келеді бұлар. Нәзипаларға айқаса берді. Аттың ағынымен келіп ақсақал таяғын ала Дәукенге ұмтылып еді, оралып ұра алмады. Дәукен Нәзипаның шылбырын тастай салып, айнала жүгіріп жанын қорғады. Апалақтап олай-бұлай жүгіріп жүрген Дәукеннің ұрымтал жерінен келіп жетек атты жігіт атын бір салып жіберіп, Дәукеннің үстіне ұршықша иірілді. Дәукен тыпырлап қамшының астында қалды. Білеп ұстаған жезді қамшы Дәукеннің қара көсе бет-аузын қан қылып, кәрі мойнын осып-осып түскенде қоңыз болып жердің тесігіне кіріп кетті ..
Ол арада ақсақал да кіжініп ақырып келіп, Нәзипаның мойнындағы құрымды таяғымен іліп лақтырып тастады да:
— Мін, балам, мына атқа! — деді. Нәзипаның алдына ерттеулі қара жорға көлденеңдей берді. Нәзнпа жұлқынып мойнынан күрмелген шылбырды ала алмай, жатқанда шал суырып пышағын бере берді. Шылбырды шарт қиып лақтырып, Нәзипа аяғын үзеңгіге әлде салды, әлде салмады қара жорғаның үстіне қаршығадай қона кетті. Сатан сергіп сала берді. Оның күткені де осы еді...
— Тарт, балам, бері! — деді ақсақал, үшеуі топталып Шалматайдың сары ала үйіне қарай тартты. Бұлардың артынан саулап желіп қамшысын білеген қалың кісі де жетті. Сарыағаштың таң атқаннан бергі қобырап жүрген тобына мына кісінің тобы келіп араласқанда қажының ауылы кісінің астында қалды.
Бұл келгендер Нәзипаның төркіні — Қаралар. Қонысы Шалматаймен араласа отыратын. Ертеден өрісі бастас, терезесі тең — бұлар да бір жуан ауыл. Мынау ат үстіндегі ақ шал — Мысық деген аю осы. Оның атасының көптігі, өзінің ерлігі — жеме-жемге келгенде мына қажыларға тізгін де бермей кететін көк айыл қызының Шалматайға келуіне наразы екенін Мысық бұрыннан білсе де, «ол таз қажыға тоқал болып бармаймын» дегенде «аруаққа бар, батаны бұзба!» деп осы. шалдың өзі ұзатқан болатын. Кейінде «Нәзипа айнып жүр, айнымалы», дегенді шал жата-жастана еститін.
— Балама сәлем айт, бұзылмасын. Мен аруаққа бергем, сыйласын! — деп Нәзипаға сәлем айтқан.
— Баламды аруаққа бердім, алған қатыным деп жүзін төмендетпесін, аруағымды сыйласын! — деп күйеуіне де сәлем айтқан.
Нәзипаның өрескел қылығы ішіне қанша сыймаса да Мысықтың бұл сөзі Шалматайға үлкен салмақ болып. жататын. Бірақ іс шегінен асты. Нәзипа ешкіммен де санасқан жоқ. Өзінің дегенін істеп, қажылардың аруағын қорлады. Ол, өзін өзі зорлай алмады. Ақыры мұндай болды.
Мысық Сатаннан түндегі жаманатты естігенде селкілдеп отыра алған жоқ. Мұны не де болса бір жайлы қылайын деп жігітін жинап, атқа мініп кеткен еді. Сатанның түн жамылып бұларға хабар беріп үлгіргені — мұндай жігіттік болар ма? Қаралардың келісі қажылардың төбесінен түскен тастай болды.
— Ер болса, кірген көрінен шықсын, терінің пұшпағынан байыған неме! — деп Мысық ақсақал көгеріп көк ала үйдің алдында тұр. Шалматай үйінен шығып көрінбек түгіл ішіндегі есіктерін бекітіп, кірерге тесік таба алмай жүрген шығар. Ол әлде шкафына кіреді, әлде ұшырмасына шығады. Өлімнен ұят күшті, ұяттан да өлім қауіпті. Қазір қанына қарайып тұрған Қаралар байлап әкетуге құдіреті келеді. Шалдың ашуы жаман. Бауыздата салудан да тартынбайды.
Қаралардан қашқалақтаған Шалматайдың өз басы ғана емес, бағанағы бір-бір атқа мініп, Нәзипаға қамшы үйіріп, аттың құйрығына тақпақ болып күпініп жүрген жігіттердің біреуі де сөзге келуге жараған жоқ. Қайта Қаралардың көзіне түсетіндей адамдары қорасына, моласына, мешітіне, тесігіне тығылып, шілдіпірім болып тозып кетті. Дәукен көптен кердің ішінде жатыр. Тек жарық дүниеде қажының аулынан қалған қатын-қалаш, қонсы-қолансы болмаса — қажы ергенінен бір адам шығып Қараларға жауаптасуға жарамады. Жасы жетпіске келсе де атқа әлі баладай қаздиып тіп-тік отыратын қаршыға көзді қара шалдың жанат бөрігі желкілдеп, салалы сақалы желпілдеп, өзі бұраша шабынып, жыландай ысқырып тұр:
— Шық, еркек болсаң! Сенің мақтанғаның қылқыбырдан жиған ақшаң терінің таңын жалап тапқан малын, ұрлап ішкен арағың ғой! Мені неше кессе де сендік қауқарым бар. О, сорлы, құдайыңды нағып ұмыттың? Мен бұлқынсам төрдегің түгіл кердегіңді де суырып алам! Шаңынды қағып, шаңырағына қобыз тартайын! — деп зірк-зірк етеді.
Көк ала үйдің алдында иіріліп Қаралар біраз тұрды. Не байдан, не бәйбішеден, не мырзалардан, не жалшыдан бір адам шығып Мысыққа жауап бере алмады. Мысықтың маңайына баратын бір тышқан табылмады.
Мысық қамшысын қызына беріп:
— Мә, балам, салдыр жорғаны! — деді.
Қамшыны Нәзипа алды. Тақымды бір қымтап қойды. Тізгінді тежеңкіреп ұстап, қара жорғаны бауырға бір осып, тақымды қағып сырғып кеп жөнелді.
Сарыағаш қыстағының ортасын жарған кең көше. Екі жағы үлкен-үлкен көк шатырлы, қызыл ұшырмалы, ағаш төбелі көп үйлер — бұл тірі қажылардың мекені. Осы үйлердің сырт жағында аулағырақта иқы-жиқы көрінген дөңгелек қорған, төрт құлақты, ай орнатқан зираттар — өлген қажылардың мекені. Мынау қасында екі ақ үй тігулі молаға қарап тұрған үлкен көк ала үй Шалматай қажынікі. Анау сорайып тұрған Сарыағаш мешіті. Күн шашырап жаңа шығып келеді. Көкте бір шүйке бұлт жоқ. Оң жақта көлбең, көсіліп Алатау жатыр. Сол жақта мая-мая шөп үйілген жалпақ саз. Ертеңгі ашық әуедегі салдырған жорғадан шаң шықпайтын сазғылт жердің тақ-тақ жолы. Алатауды иығына ала, маңдайын шыққан күнге бере, көсіліп жатқан кең көшемен әлгі, өлі-тірі аруақтың сай-сүйегін сырқырата Сарыағашты жорғамен жарып салдыртып кетті Нәзипа.
Ол ұйтқытты, шайқалтты, дірілдетті, бұлдыратты, құлдыратты қара жорғаны! Әне, көшенің арғы басына шықты. Әне бұрылды. Қайта тартты. Салды қамшыны ұшты бері! Теңселіп келіп тұрған топқа тіреліп тұра қалды.
Жорғаның бұл салысына Алатау дүбірлеп аунап-аунап түскендей болды. Жер сілкініп дүрілдеп кеткендей болды. Нәзипаның күңгірт көңіліне самал жел соғып, қапа тұманын қуып денесін сергітіп жіберді. Қашаннан басқан қара албастыны қара жорғаның екпініне қақтырғандай екіленіп, шалқып жорға жалында ойнап қақты. Сарыағаштың мен-мен кеудесіне ойнаған жорғаның дүбірінен, келіншектің көңілінен қажылардың тірісі жаншылып, өлісі ыдырағандай болды...
— Тарт, балам, әрі! — деді Мысық.
— Қош, Сарыағаш — деп Нәзипа жорғасын жалт еткізіп бұрып алды. Қаралар саулап жүріп берді. Жауды жеңіп олжалы қайтқан жасақтай Мысықтың нөкері дауылдасып ауылына қарай тартқанда қара жорғалы келіншек көптің алдыңғы селдіреуінде теңселтіп бара жатыр еді.
Терезені ашып жіберіп Шалматай қарап қалған екен, тығылған көрден басын жаңа көтерген Дәукен де солай аяңдады.
АБДЫРА ТОБЫНДА
Абдыраның бекеті құмырсқаның илеуіне ұқсайды, қайнаған халық. Аққан судың екі жағына сірестіре тігіліп тасталған үйлер, үйіліп тасталған отын. Бекеттің өр жағында жайылған сойыс малы, тұсаулы аттар. Ойға тігілген үйлерге топ-топ болып жан-жақтан құйылып жатқан кісі.
Бір дуан елдің бас қосқан Шербешнай съезі осы. Мұны «Абдыра тобы» дейді. Уездің начальнигі топтың басы-қасында өзі болады. Елдің арасындағы алым-берім, дау-шардың, карта алыстың тоқайласатын жері осы. Топ екі жылда бір болады.
Тігілген үйлердің біреуі «ұрлық үйі», мұнда ұрлық туралы билік айтатын билер отырмақ. Ұрлық туралы дауды тергеп, «ұры билері» кесім қылмақшы.
Оған жалғас екінші үй, — «жесір үйі». Бұл үйде жесір билері отырады, мұнда әйелдің басын ашады, не басын бекітеді. Әмеңгерлерге разы болмаған жеңге, ол жақта қалған қыз, төркініне қашқан келіншек, құда, тағы солар сықылды даулы адамдардың басы осы жесір үйінде сарапқа түседі.
Үшінші үй, «қол ақының» үйі. Мұнда біреуден біреуге ауысқан ақы туралы бітім айтылады. Алыс-беріс тамыр-таныс, ауыс-түйістің сөзі осында.
Сатанды айдаған жасауыл осы үйге таман алып келді, бұл үйдің артында сұлу сақалды, сусар бөрікті қара болыс бірнеше кісілермен оңаша сыбырда отыр екен; жасауыл Сатанды болысқа алып келіп:
— Әлгі шақыртқан кісіңізді, міне, алып келдім! — деді.
Қара сақалды болыс қабатын төбеттей қабағын түйіп, төңкеріле бір қарады да:
— Старшынның қолына бер! — деді. Мойнына кінаға салған сары, тапал, жылпың старшын Сатанға ие бола кетіп, алып келіп ас үйдің қасындағы жер ошаққа от жағып отырған сақау малайға:
— Мына кісі, жауапты кісі, қазір сенің қасыңда болады. Айрылып қалсаң жауабын сен бересің! — деді.
— Ойбай, штайшын әке, би бәйеңді менен аулақ әкет. Мен айдиып қаяймын, — деп сақау сақал зыр қақты.
— Айрылсаң, болысқа жауабын өзің бересің! — деп старшын кетті.
— Байғұс, қорықпа, мен қашқын емес. Сені ұятқа қалдырып не қылайын, — деп Сатан келіп сақаудың жанына отырды.
— Қай ейсін? — деді сақау, көңілі тынышталғандай болып.
— Арғынмын. Өзің ше?
— Өзім Кенжемін. Осы сиястың сойсың айдатып кеип еді. Енді осы би үйге от жақтиып қойды.
— Ылаушы екенсің ғой?
— Иә, ыяумен жібейіп еді.
Сатан сақау ылаушының ернін танып өз шақшасын суырып, насыбайын ұсынды.
Сол арада жылпың старшын келіп Сатанға:
— Жүр! — деді.
Сатан старшынға ерді. Старшын Сатанды дуылдап жатқан қол ақының үйіне алып келді. Қол ақы үйінің қол жасауылы есікте тұр екен, Сатанға:
— Бас аяғыңды, тезірек! — деп шақшиды. Жасауылдың мұнысы көрінген жауапкерге осылай бір көз алартып ақырып қалатын әдеті еді. Ол осы әдісімен жауаптыға өзін таныттырып қалатын. Ондағы түпкі ойы — жауапкердің жүрегін шу дегенде осылай бір шайып қойса — кейін қолына теңге-тебен де түсіп қалатын. Ол әсіресе Сатан сияқты саяқ, үйірсіз жүрген жалғыз-жарымға өш. Жау жағадан, бөрі етектен ғой...
Сатандар үйге кіре берді.
Үй іші лық толған кісі. Төрді айнала алқа-қотан отырысқан, жантайысқан билер. Мықыр мойын, ебелек сақал, жұқа қара би шылым ширатып отыр. Сары сақалды, салалы саусақты, таңқы мұрын, ала көз би — қаздиып отырып шырт түкіреді. Бұқа мойын, саба құрсақ, үйелмен би жастық қойдырып қор-қор етіп ұйықтап жатыр. Біреудің айқайымен, біреудің бажылымен жұмысы жоқ. Сірә түнімен бір параның сөзіне араласып ұйықтай алмаған болу керек. Биылғы сайлаудың шартысында ақшасын шашып ел аударып алып, азулы биді жеңіп болған тықыр қоңыр тоқты қошқар би тық-тық етіп келген-кеткенді көзбен қақтықтырып отыр. Ала көз, қоңқақ мұрын, тесік тамақ, қызыл қожыр би шақшасына насыбай істеп әуре. Қасында шылымы шашылған арық қара — песір молда дегені осы. Ол үлкен книганы алдындағы қолсандықтың үстіне жайып тастап жүгіністі жазып отыр. Молда ол жазудан бас ала алмайды. Жан терге түсіп отыр екен. Бұл жан терге түспегенде қайтсін, қолындағы қара шолақ қалам түрткен сайын теңге туады. Жүгініс басы бір сом. Ал, жүгінетін кісі — әне кезек күтуде. Аз санағанда күніне қырық-елу жүгініс болады,— Сатанның алдында есіктен итермелеп кіргізген кісесі салбыраған, тоны жалбыраған, жайын ауыз қара шалды жүгініске алды.
Тісінің қақ жартысы жоқ қара шал аузы балпылдап:
— Ей, билер! Ей, қазилар! Бір ауыз сөзге мұрсатана! — деп қайқақтап еді.
— Отырғыз! Отырғыз! — деген билердің даусы жамырай шықты. Жасауыл шалдың иығынан сүйрелеп, кимелеп песір молданың алдындағы книгаға әкеп төндірді. Ақ елтірі тұмақтың бір құлағын жымыра киіп, жезді қамшысын бүктей ұстап маса сары шалға қарсы отыра қалды. Бұл даугер еді.
— Кәне, не сұрайсың? — деді тоқты қошқар би.
— Картадан қараңыз? — деді ол.
Песір молда картаны қолға алды. Картасы үлкен қара книга екен. Песір молда қара книганы сатырлатып ашып-ашып жіберіп:
— Сарытау елі ме? — деді.
— Иә, — деп даугер жып ете түсті.
Сатан карта дегеннің атын ғана еститін. Сатанның білуінше: дуандық съезд бұлардан бес-алты ай бұрын карта жазуды жүргізеді. Старшын ауылнайлар ауылды қыдыра жүре, алым, шығынды жия жүре — өзге болыстың елдерінен өз қол астындағы адамдардың даулайтын ақысын жаза жүреді. Міне осыны «карта» дейді. Жазған картаны оқығанда Сатанға былай естілетін:
«Пәлен ауылдың, пәлен болыстың адамы пәлен болыс, пәлен ауылдың адамы пәленшеден пәлендей ақы сұрайды» сол ғана. Қол ақы, ұрлық, жесір болса — өз жөн-жөнімен жеке жазылады. Бірақ Сатан картаның осылай жазылғанын долбарлап білетін болса да — оның қалай іс болатынын, қайда әкететінін білмеуші еді. Сөйтіп елдің карта дегені үлкен қара книга болып шықты. Ол карта осындай жалақтаған билердің ортасындағы үлкен құрандай жұрттың қарап отырған кітабы болған соң — Сатанға карта книгасы үлкен мықты нәрсе көрінді.
Песір молда картаны оқыды...
— Алтыншы ауыл, Сарытау болысы Есімбек Дәркембай ұғылына Арасан елі, он бірінші ауылдың адамы Омарбек Құткелді ұғылы керек. Бір құлынды бие, үш кесек ақ киіз, бір күмісті ер-тоқым қол ақы сұрайды.
— Жаз, жүгіністі! — деді мықыр мойын бұзау бет би. Молда молақ қаламды жауыр аттың жоңқасынан аққан қанды іріңдей қызғылт сары сияға малып алып жүгіністі жазуға кірісті. Ол талапкердің де, жауапкердің де аты - жөнін сұрамастан картадағы жазудан көшіруге отырды. Билер сұраққа айналды:
— Қалай ауысып еді? — деді тоқты қошқар би.
— Тамыр болам деп алған, — деді маса сары.
— Өтірік айтады, мұның кім екенін танымаймын, — деп кетік қара шал бажалаң салды.
— Ей, қазилер, құлақ салыңыз, бұл адамды мен өмірімде көрген емеспін.
— Ту, иманың күйсін! — деп сары жалақ қызарақтады.
— Ей, қазилер, әділ таразыла, ақиретке бәріміз де барамыз. Мынау менің тамырым болмақ түгіл, танымайтын адамым...
— Танымасаң бұл қайдан сені бұл жерде танып қалды? — деп сұлу сақал би тікелене кетті. Шал бажылдай берді:
— Бұл пәле жауып отыр. Мұның пәлесі мынау: осы адамды ұрлық үйінде отырған Қожангелді бидің жақыны болмас па екен деп тұспалдаймын. Өйткені, біздің Разбек биіміз бар ғой, сол кісі ұрлық үйінде отырған алшын Қожангелді бидің бір туысқанынан жоғалған биесін танып алған еді, о биені ұрлаған Қожангелдінің жиені болып шықты. Сонымен біздің Разбек биіміз мал көзін алып, ұрыны да, биені ұстаған адамды да осы съезге салып, айғақтары мойнына қойған соң мойнына қосақ, көтіне тіркеумен төлетіп алған болатын. Ол ұрыға абақты кесіліп кетіпті. Міне осы шаталаңның барымтасына мен күйіп отырған болармын деймін. Одан басқа осы сақалыма ақ кіргенше біреудің алалы жібін аттамаған құдай деген бір нашар адамбыз... Бұл мені базардан ұстатып алды да, айшай жоқ тілге келтіртпей, ақым бар, деп осында сүйретіп келді. Ей, қазилар, бәріңнің де жас жандарың, бос мойындарың бар. Ақиқатқа күйдірмей адалына барыңыздар, — деп көзінен жас тамшылап,сақалы селк-селк етті.
Сатанның жүрегі орнында жоқ, әлдеқашан шыбын болып ұшып, мұз болып қатып қалған сияқты. Өмірі мұндай топтың талқысын көрмеген жас Сатан мынау топалаңды көріп жаны шошып тұрғандай тасқайрақтай қағысқан дау, ақ па, адал ма, біреу біреуді сүйрейді. Біреу біреумен сыбырласып, жыбырласып, «әке, үйге кірмей бітейік» деп жік-жапар болады. Не сұмдық? Не ақыр заман? Біреудің біреу бетін жыртқан, етін жеген майдан жер осы екен ғой. Бұл жердегі алатындар ылғи алуын ақсақал, азулы жуандар болмақ та. Қай нашар келіп осы жерден теңдік алады? Бұл жерге келген нашар теңдік алу үшін емес, терісін сыпырту үшін келеді де...
Осындай ойлар Сатанның басын әңкі-тәңкі қылып тұр. Жүгіністің екінші кезегі, әрине, Сатандікі.
Анау шал көзінен сорасы ағып, жылап сөйлеп, жан - жағына жалт-жалт қарап отырды. Бірақ ол қанша зарласа да, қанша қараса да даусын естіген құлақ, көзіне түскен жылы жүз табылған жоқ. Жанның бәрі тас керең, су қараңғы соқыр, не өңшең тастардан соғылған сықылды. Біреуі де мизеп, зарға құлақ аспайды. Оның арызын тыңдап, ақ-қарасын айыру орнына биші кештер алдына келген піскен етке пышақтарын суырғандай жандарына қолдарын салысып мөрлерін суырысып жатты. Алынған мөрлер песір молданың кішкене сандығының үстіне үйме-жүйме болып отырған билердің өздеріндей тізіліп барады. Тот басқан ағаш сапты дөңгелек темір мөр, бота табан тас мөр, ит бас сүйек мөр, ит асық мұжық мөр, сабы мүйіз сұр сопақ мөр кір-кір төс қалталардан, жан қалталардан, түйіншектерден құдіретті түрде шығып жатыр; әркімнің мөрі иесі сықылды мықыр мойын, құнан бұқа бидің мөрі — ит асық. Шуда сақал, жалпақ мұрын бидің мөрі — тот басқан шойын мөр, теке сақал, пұшық бидің мөрі — өзінің мұрны сықылды пұштиып қалған. Ұзын мойын көсе қараның мөрі — сұр сопақ, осы мөрлер аяғы буылып алдына келген малды бауыздайтын қайралған пышаққа ұқсайды...
Жүгіністі жазып болған песір молда:
— Кәне, билердің кесігі не болады? — деді.
— Сенің айғағың кім? — деді сары шолақ би.
— Міне айғақ! — деп жаман сары артындағы мұрнын жеп қойған күміс белдікті пұшықты көрсетті.
— Мен айғақпын, — деп ол пұшық мүңк ете түсті.
— Картасы бар, айғағы қасында, билік айтылсын! — деді мықыр би.
— Биесіне бие, үш кесек киізіне бір бесті, — деп бұқа би тұжыра сөйледі.
— Ей, қазилер! Ей, билер! — деп шал зар қақсады. Оның сөзін кім құлаққа ассын!
— Ер-тоқым қандай еді?
— Шым күміс еді?
— Ендеше ереже бойынша бес бесті! — деді қара шолақ би.
Шалдан үн шыға алмады.
Молда қара шолақ қаламмен сытырлатып жазып жатыр. Аздан соң жазылған үкімді оқыды. Ол жазылған үкімнің аяғы былай бітетін еді.
«Айтылмыш малдарды тез алып бермек үшін нақым талапкер қолына көк книгадан копия кесіліп беріледі...»
Қара шал одан әрі қап-қара болып қазан ұстаған тұтқыш болды да қалды. Бір ауыз ләм-мим деп сөйлеген де жоқ, енді «қазилар» деп ешкімге жаутандаған да жоқ. Өйткені, билер оны мөрлерімен бауыздап тастады ғой...
— Түсір билердің полажнасын! — деп қол жасауыл дікек қақты. Билердің алдына келіп жүгінген адамнан алатын алымы «полажна» деп аталады екен. Олар ол ақшаны бөлек айтылған малдың сомасынан шығарып есептеді. Мынау шалға билік айтылған малдың полажнасы — жиырма жеті сом ақша болды. Ол малға шаққанда екі бестінің құны еді. Ақшаны тауып беріп өзі алғанша деп кетік шалдың атын жасауыл ұстайтын болды.
Сатанда үрей қалған жоқ. Оның жаңы шыбын болып шығып әлдеқайда ұшып кеткен сияқтанды.
ЖҮГІНІС
Үйге Шалматай қажының жемеңгері Мұқажан деген қу құйрық кіріп келді. Ол отырды да билермен сыздаусып амандасқаннан кейін Сатанды көрсете:
— Билер, менің шақырылмыш адамым келген екен, мүмкін болса екеумізді жүгініске алсаңыз екен, — деп майдалап еді, Шалматайдың малы дегенде құрақтай жапырылатын жалмауыз билер қаужаң-қаужаңға келіп Сатанды:
— Отырғыз ананы!
— Жүгіндір!
— Жаз книгаға! — деп шуласып кетті. Молда книганы жайып, жасауыл есікті жауып, билер білекті сыбанып, Сатанның қол-аяғын буғандай құрманға шалуға айналды. Сатанда зәре жоқ. Үріккен түйедей екі көзі бажырайып кеткен.
— Не сұрайсыз, бұдан? — деді бағанағы бырылдап ұйықтап жатқан үйелмен би, осы төбе ағасы екен.
— Мұның түбі Арғын, ағасымен екеуі Қоянды жәрмеңкесінде қыстан шығарып беремін деп қажыдан қой алған. Соны жеп қойды. Биыл үшінші жыл, бір тиын қайырған жоқ.
Сатан даудың қайдан қозғалғанын естіген соң онан арман шошыды, өзі сасқалақтап, сөзін созбалақтап:
— Ол қойынан бір тиын қалдырмай қажы алып біткен. Қойды қаттап алған ақ вексілді өзіміз алып, тынған жұмыс болатын, — дегенді Сатан айтса да одан ешнәрсе шықпайтынын өзі де сезіп отырған еді.
— Жеген қойыңнан құтылған болсаң сенімен осы князға түсіп арам тер болып жүреміз бе, — деп Мұқажан кекей күліп еді, билер:
— Отырғыз! Отырғыз! — деп күмпең қақты. Жасауыл иықтап, Сатанды книганың алдына жүгіндірді. Қол ақының үйі, қара шолақ қалам, қабағы тырысқан шандыр песір, сары жапек старшын, қара книга, қотыраш мөрлер, жаланған билердің барлығы да — Сатанды союға қасапшыдай, не талауға үймелеген жаудай, не жеуге қамалаған қасқырдай көрінді. Осы қамалаған қалың жаудың ортасында өзіне жан тартқан жалғыз жылы жан көре алмай Сатан отқа үйітілген сирақтай істікке шаншылып жүгініске отырды.
— Жаз, молда, жаз! — деп билер қылқылдады. Қара шолақ қаламды тоқыраңдатып песір молда жүгіністі жазуға кірісті.
— Жазбаңдар! Тоқта! — деген бір дауыс Сатанның құлағына сарт ете түсті. Құлдырап түсіп бара жатқан шадыраудан Сатанды біреу ұстай алғандай болды. Жалт қаппаса Құсайын екен. Сатанның аузы:
— Өй, Құсеке-ай! Өлдім ғой! — дегенге ғана келді. Қабақты түйіп, қамшыны білеп, түлкі тымағының бір құлағын ішіне жымырып киіп Құсайын Мұқажанның алдына отыра қалды.
— Не әкеңнің көз құны бар еді, мұнда?
Мұқажан да қолға оңай ұстататын қаршыға ма? Ол да шақшия кетті:
— Нем жоқ мұнда? Жегеніңді құстырам!..
— Жеді талай сені осы! Есігінде жүрген жалшыңды әкеліп ұлы топтың ортасына салғанша ұялсаңшы! Кәне, айтшы неңді жеді осы жалғыз Арғын!
— Жемесе жиырма қой қайда?
— Жиырма қойдан қыл бүлдіргесі қалған жоқ. Ақыға сіңірген қажының өзі! — деп Сатан күңк етті.
— Сен осыны қаңғып жүрген Арғын деп іздеусіз - сұраусыз жұлмалап ала қоймақсың ба? Ондай саған иесіз жатқан Арғын жоқ. Аш көзіңді! — деп Құсайын тепсіне сөйледі. Мұқажан да болмай — қамшы білесіп, тілін тартпап еді, бірақ билердің еңсесі көтеріле алмады. Өйткені Құсайынның кім екенін билердің бірсыпырасы білетін еді. Құсайынның да шағи тысты түлкі тымағы желкілдеп, күміс белдігі жарқ-жұрқ етеді.
Құсайып түбі төре, Арғын ішіндегі төрелердің бір пысығы. Өзі көптен Матай ішінде. Қапал дуанындағы ең бай Шаяхмет атты ноғай көпесінің оң көзіндей бір жағымды давернейі. Жәрмеңкенің саудасын қолынан жүргізетін, Шаяхмет байдың Қапалдағы барлық малдарының қайда жайлап, қайда қыстайтындығын қолынан тарататын бірден-бір жағымды жігіті. Бұл Құсапын осы дуанның еліне де, жеріне де көптен таныс. Он болыс елдің жуандарында мұны білмейтін адам кем де кем. Шаяхмет байдың атын мініп, атынан сөйлеп, ақшасын жұмсап жүретіп белгілі Құсайын осы, мұның Шаяхметі осы дуандағы ең әлуетті бай. Оның сөзі қырдың қазағы түгіл, дуанның ұлығына да өтімді. Өзі омырау, бір айтар кісі. Көбіне мына Шалматайлардың табыспас дұшпаны. Бәсеке. Ерегіскен жерде Шалматайларды Шаяхмет бай сындырып кете береді. Осы жылы жәрмеңкеде Шалматайдан Сатанды шығарып аламын деп Шалматайға бір ұмтылып қалғанын оқушымыз ұмытпаса керек. Құсайын осы байдың қолындағы қаршығасындай.
Құсайынның салмағы жалғыз бұл ғана емес. Ол Мысық қажының қайнысы. Жуырдағы Шалматайдың аулында «ат атандырып, сүйек сындыратын» Нәзипа тоқал осы Құсайынның туған жиені. Нәзипа Сатанды «нағашым» деп жан тартқанда тек алыс жердегі Арғынның бір көзі деп қана «нағашым» дейтін. Оның шынайы нағашысы мына осы Құсайын еді.
Құсайын Қарқаралы қазағы болғанда, Сатандардан онша қашық та емес еді. Бәрі бір ауылнай елдің бастас ауылдарынан. Сондықтан ол Сатанның жөнін де жақсы біледі. Өзін де бұрын танитын. Оның үстіне Құсайын нағашысын осы топқа Нәзипа жұмсаған:
— Мені жиенім десеңіз, Абдыраға жетіңіз. Анау күнгі менің хабарымды жеткізген Сатан деген Арғын жігітті Шалматай сиязға салдыруға алдырып кетіпті. Тез жетіңіз! Сияздан алып шығыңыз. Жаласына бермеңіз! Өтірік күйіп кетпесін! Тіпті күштеген күнде аяздың өзіне пәре берсеңіз де алып шығыңыз! — деп Құсайынға өлердегісін айтып жіберген еді. Сонымен келген Құсайын Сатанды бауыздағалы жатқан үстінен шықты.
— Бұл не деген имансыздық! Алты аласы, бес бересі жоқ нашар адамды «әлім келеді» деп осылай тонай бере ме екен? Неңді бүлдірді осы! «Қаңтар тумай қарға жарымайсың, қажыға бармай дауға жарымайсың!» деген осы ма? Өңшең қажылар құдайды бір алдайсың, нашардың қанын сорып, кебінін жалмайсын, — деп Құсайын баспалатып жіберді.
Мұқажан да беріспегісі келіп сөз таластырып көріп еді, Құсайын:
— Қарқаралы қазағына билік айтарға закон жоқ. Ақы сұрасаң өз тобыма келесің, жиырма қойыңды қолыңнан берсең, алдым деген хат-қағазыңды көрсет! — деп өрге бастырмады.
Осы сөздердің аңысын аңдап отырған тасбақа билердің де мойындары іштеріне кіріп жиырыла бастады. Істің аяғы босап, жүгіністің болуға қисыны аз екенін сезген сарытуғыр би сөзді бүйірлеп:
— Бұл қажының қолындағы адам көрінеді ғой, қажының өз алдында да тынатын сөз емес пе осы, — деп сөзді бытыратты.
— Иә, иә, қажының өзі-ақ тыңдыратын шаруа екен, — деп өзгелері күңк-күңк етті.
— Болсын! Қажыңның өз алдында-ақ сөйлеселік! — деп Құсайын түрегелді. Сатан да ұшып кетті. Сүйретіліп Мұқажан да үйден шықты. Алдына келген полажнадан айырылып, мына Арғынды жүгіністе жүндеп жібере алмай құрмай қауып билер қала берді.
ТАМЫРДЫҢ ҚОЛҚАСЫ
Абдыра тобының топыры кешке жақын азар басылады. Ұзын күнге құмырысқадай қайнап, қайшыласқан халық қонаға зорға тарайды. Бекеттің пәтерлері, пәтерге тігілген үйлер кешке таман кісіге аузы-мұрнынан шығады. Үйдің есік алдында самауыр быжылдап, қазан қайнап қонақ күтуге дайындалады. Ауыз ораза болғандықтан Шалматай қажы жатқан пәтер ауыз ашарға кіші бесіннен-ақ күтінетін еді.
Бүгін де солай азан тартылып, ақшам оқылған соң Шалматай пәтеріндегі көп кісі ауыз ашуға отырды. Быжылдаған үлкен самауыр айнала қонақтың ортасына отырып төңірегіндегі аузы ашылғандарды сұғындырып отыр.
Сатан Шалматайдың атын жайлап келіп үйге кірді де, босаға жаққа жүресінен отыра кетті. Егінге түскен сиырдай жайнап жатқан өңшең ораза ұстағандар. Күні ұзын тамақ ішпегендер тақ осы тамақ үшін ораза ұстағандай оңазаланып қырып барады. Әңгіме көп шықпайды.
Күні ұзын дау-шарға түсіп, пара қуалап, ант-су ішіп әлем тапырықтың ортасында болған берік ауыздар алдына тамақ келгенде буынып қалғандай үндемей қалыпты. Тек сыпылдатып жеп жатыр... жеп жатыр.. Аздан соң Шалматай тойып кекірді де:
— Алқамды леллә! — деді. Оның артынан тағы талай қазақ тойынып, «алқамды леллә, «аллаға шүкірді» айтысып, кекіреніп, қақырынып жантайыса бастады.
Ауыздар әбден ашылып, қарындар шамасынша толғаннан кейін енді кісілердің ауыздары әңгімеге көшті. Бүгін кімге абақты кесілгенін, кімді кім қорғағанын, екі болыстың айтысып қалғанын, бір бидің бір болысқа қамшы үйіргенін айтып біреуді сынап, біреуді мұқап қарқ - карқ күлісіп отырысты. Осының ішіндегі кем иек, еңкек сары көсе кісі Шалматайға сөз тастады:
— Қажы, мені мына Досай жылатып жүр ғой?
— Неңді жейді?
— Менімен тамыр болам деп бір түйе, бір күмісті ер-тоқым, бір құлын жарғақ алып еді.
— Тамыр болды ма?
— Ине сабақ жіп қолға қайырған жоқ. Міне үш жыл есігіне жылда ең кемінде екі рет барамын...
— Карта алмадың ба?— деді қажы.
— Алғаным жоқ. Сізге ақылдасайын деп едім.
— Маған несін ақылдасасың? Досайға тамыр болайын деп едім, — деп менімен ақылдасып па едің?
Ыдырыс бөгеліп қалды. Шалматай тағы сөзді жалғап:
— Сені жемеген Досайлардың тісі сынбай ма? Досайдың қақпанына бір түскен екенсің... — деп Шалматай мырс-мырс күлді.
— Қажы, мұны қалай қылам? — деді анау.
— Мұны алуың қиын. Қиқар адам ғой. Ауылына павеске алып барған адамның аузын қанатпай жіберген емес ол.
— Оның болысына сіз бір ауыз сөз айтсаңыз болмас па екен?
— Досай болысқа болмайды. Керек десе болыстың да тері-тарамысын алып жіберуге тайынбайтын тентек.
— Енді қайттім? — деді Ыдырыс.
— Енді ақірет алдында күткеннен жақын теңдік жоқ саған, — деп Шалматай шылымын ширата бастады. Ыдырыс қайраңдап қалды.
Сатан осы үйде отыр. Оның Құсайын араласқан жұмысы Шалматай алдында «тынған». Немен тынғанын осы отырысында Сатан былай біледі:
Анау билердің жүгінісінен айырып алған Құсайын Сатанды алып Мұқажанмен жағаласа осы Шалматайдың өзіне келген. Құсайынды көрген соң қу құйрық Шалматай әңгімені ушықтырмай майда бикеге салып, бұл шіркіннің дәм татқан құдыққа түкіргеніне өкпелегендігін айтқан да, оны енді Құсайын араласқан соң «тастадым» деген. Өз қолымда өскен, өз үйреншікті адамым, өз нашарымды неге жылатайын — деп күлмең қағып шытынған шырайы жылынып кеткен. Құсайынның да алдынан бәйпек қағып уын ішіне сақтап, сыртын жылмаңдатып ескі сары сүйексініп, Құсайынды қонақ қылып сыйлай қайырған. Құсайын да Сатанға Шалматайдың енді жамандық істемейтін сарынын сезген соң Сатанды Шалматайдың аяғына жығып татуластырған болып, Сатанды оңаша шығарып алып:
— Бір жылға қоян терісі де шыдайды. Уәдең бойынша осы жылы қажының қолында қыстап шық, жаз елге барған соң екінші рет жүрсең де, жүрмесең де өз еркіңде болар, — деген. Сонымен Сатан екі күннен бері Шалматайдың пәтерінде. Шалматай, өрден айдалып келетін бір малдың хабарын күтеді. Сол хабар келісімен Сатан тауға айдалатын мал басында қыстауға шығып кетпекші.
Ыдырыс Шалматайды оңаша алып шығып коп сөйлесті. Оның айтары-ақ осы топтың тұсында Досай тамырдан қалай қолқа алып қаламын, оған Шалматай қалай жәрдем етеді деген болуы керек.
Тан ата Ыдырыс Досайға жүрмек болды. Шалматай Досайға хат жазды: «Дұғай сәлем. Мына Ыдырыс тамырың маған жақын кісі еді. Осының қамырығын тыңдырып қолқасын беріп қайтарарсың», — деді. Ыдырыс Шалматайдың бір сүйген адамы екен, қасына жігіті Сатанды атшылыққа қосты. Бұлар Абдыра бекетінен сәресі ішкен соң-ақ шығып кетісті.
Досай ауылы салт атқа шалқар күндік жер еді. Күні ұзын салақтап желіп отырып ымырт жабыла бергенде бұлар тамырдың ауылына келіп те қалды.
Досай би үйде екен. Мал сойып, бұларды күтті. Тушмен ол-пұл бұралқы сезді сөйлесіп отырып, қонақтар қонақ асын жеп, төсегіне жатысты.
Таң атқан соң ат ерттеліп қонақтар жүрмек болды. Досай Ыдырыстан «бұйымтайың не?» деп те сұраған жоқ, өзі бүркітін жемдеп, ауылдың балаларына, жалшыларына ақырып, жаратып отырған бәйге аттарын суартып, шаруаның адамсып, құйрығын сыртқа сала бастады.
Досай ауылы үлкен қоңыр таудың бетегелі төскейінде. Елдің егін-тегінді жиып алып, күзем ала бастаған уағы. Сатанға Досай ырғайдан алған шоқпардай сарт-сұрт сөйлейтін құрыш би көрінеді. Тек бұрынғы болған лақабы болмаса, бүгінгі топтың төрінде отыратын би емес бүл. Досай шырайға отырып, полажна алғаннан көрі құс салып, жүйрік жүгіртіп, ұры сүйеуді дағды қылыңқыраған адам сияқты. Өзі осы өңірдегі елдің бір саны кеп атасынан шыққан белді кісісі болғандықтан езінен басқа кісінің сөзін тек өзінің дітіне жақса ғана тыңдайтын адам көрінді.
Ыдырыс жүрерінде бір бала жіберіп Досайды үйге шақыртты. Есік алдындағы бақанды лақтыра, бұзауды қорқыта, итті шошыта тыржиыңқырап Досай үйге кірді. Үйге кірген соң да қатындарының бірнеше кемшіліктерін көрсете міней кекеңкіреп азар дегенде от басына тізесін бүкті. Шалматайдың хатын кеше келісімен-ақ бергенде, Досай оқып — қыржың етіп қана қоя салған.
— Біз жүргелі отырмыз! — деді Ыдырыс.
— Жүрсеңіз жолыңыз болсын! — деді Досай. Ыдырыс сөзге кірісті.
— Кел демек бар, кет демек жоқ, деп, би, келдік, аман-есен айттық, енді рұқсат болса, атқа қонғалы отырмыз, — деді.
— Е, қонсаңыздар, жақсы. Осы уақ шаруаның уағы, қат-қабат болып... — деп Досай күмілжіді.
Ыдырыс сөзді тура саптады:
— Анасы басқаны құдай қосады, үйірі басқаны ноқта қосады, туысы басқаны құшақ қосады деген би. Құшақтасып тамыр болдық. Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма дегендей тамырға барайықшы, аман-есен айтайықшы деп келгеніміз еді, — деді.
Досайға енді қашып құтылуға сылтау қалмады. Жұбап бермей және отыра алмады, содан қамалғаннан болу керек, солғын ғана:
— Көңіліңізде не бар, айтыңыз? — дей салды.
— Айтсам, Абдыра тобына ат шабылады — мына бәйгеге жаратып отырған екі атыңның бірін мен қосайын, деп сұрап келіп отырмын.
Һа-һа-һалап Досай өтірік күлді де, — атымды сен қосып абиыр әпермейсің! — деп тіке тартты.
— Несі бар, мен қоссам? Келмей қала ма?
— Сен сырын білмейсің, бұл екі атты тек Досай ғана бәйгеден келтіре алады. Өзге адам қанша әулиемін десе де бұл аттарды бұзып алады, — деп Досай бір-ақ қайырды.
Сонан кейін екі тамыр да үндеспей біраз ойласып қалысты.
Досайдың «үйіме ит келді-ау, кісі келді-ау», демей жерін жеп алған соң құйрығын сыртқа салуы — Ыдырыстың көңілін ит тонағандай қылды.
Сатан ойланып отыр:
«Қазақтың осынысы қызық-ау. Біреудің бір нәрсесіне қызықса тамыр болады. Төс соғысады. Қолқасына шыдаймын деп жалынып отырып алады. Алып қойған соң, тамағынан етіп кеткен соң тамырдың көбі-ақ қойқаң салады. Әсіресе тамыр болғыштар — алымыр, жұлымыр, жуантық адамнан болса — көбінесе қолқа бермеуді әдет қылып алған болады. Мына Досай отағасы осындай тамырдың біреуі ғой. Бұл кісі жүйрік ат, алғыр бүркіт, күміс белдік, мал қыстайтын жер, асаттық, ер-тоқым, әдемі сапты-аяқ болса да,ң тамыр боламын деп мал-мүлікті солай жиған кісі болар. Мұның сырын білмейтін Ыдырыстар салған жерден әуенімен кетіп, қолындағысынан айрылып қала беретін болар. Тамыры қолқаны әлде беріп, әлде бермей, әлде сүйретіп, әлде күш айтып кете беретін шығар».
Досай бұл жолы да осы иттігін Ыдырысқа істеді. Шалматайдың «жақын кісім» еді дегеніне бұрынғыдан ширықпаса иліккен жоқ. Шалматайлардың өздерімен де ішінен ұпайласып жүретін Досай тас болып қатты да қалды.
Ыдырыс тамырдың қабағы салбырап атқа қонды.
Ауыз ашардың аз алдында Ыдырыстар аттарын ақ көбік қылып Шалматайдың пәтеріне түсті. Қажы дәретін алып отыр екен; қораға кірген Ыдырысқа:
— О, тамыр, жетегің қайда? — деді.
— Жетегім жоқ қажы. Иттің аузына түскен қан соқта жаншылмай түсе ме? — деді шаққан дауыспен Ыдырыс.
Шай үстінде Досайдың жайын сұрап отырып Шалматай:
— Енді мынау барсын! — деп Сатанды сілтеді.
— Бұл не өндіреді? — деді Ыдырыс.
— Жігіт болса анау баптап отырған екі аттың бірін алып келсін! — деді Шалматай. Сатан үңдемеді.
— Ей, сен неге үндемейсің? — деді Шалматай.
— Менде не сөз бар, қажы, — деп Сатан күбірледі.
— Сен бар! Сенің сыналғаның осы болсын. Досайдың ауылын көрдің. Мына Ыдырыстың ақтабан аты бір жортуға жарайды. Әсіресе ақсұр атқа ұмтыл! Әттең, қолға ақсұр атты бір тигізсең... Сенен жақсы жігітім болмас еді. Егер құдай оңдап қолыңа ақсұр ат түсе қалса, онда ұшқаның, қанатты болмаса, аяқтыға жеткізбейсің... — деп Шалматайдың көзі жанарланып, даусы ажарланып кетті.
Тегінде Шалматай бос сөз бастамайды. Ойлап бастайды. Бастаған сөзін және тастамайды. Байлап тастайды. Әлгі айтылған сөздің бәрі де Шалматайдың ішінен толғанып байлап айтқан сөздері еді. Өйткені, ол өз сәлемінің орындалмағанына ыза болып не болса да Досайды алдына бір келтіруге бел байлаған еді.
ТАМЫРДЫҢ БАРЫМТАСЫ
Кәдімгі «тоқты тоймас, шеміш кеппес» дейтұғын күздің қысқа түні. Боз жусанды белеңдерді, шилі-шилі өзектерді өтіп өрлеп жатқан жам жолмен жалғыз атты соғып келеді. Астындағы ақтабан ат жаздағы құры еті тапталып семізден бүгілген, қайырған қаршығадай жалт-жұлт басады. Күн екіндіден еңкейіп ұясына кіруге ме, кірмеуге ме деп екі ойлы болғандай батыста қызарып қалған тәрізді.
Келе жатқан салт аттының бетінде желсіз кештегі көкала шүйке түтіні көкке бұралған бір ауыл көрінеді. Осы ауылға қарай шабатын қасқырдай қырындап мынау салт атты күн астында келе жатыр. Kөп ұзамай күн ұясына кіруге айналды. Күннің сұлу сәулесі тек Алатаудың ең биік басында ғана қалды.
Бұл Досай ауылының деңгейі. Салт атты Сатан. Оның бағып келе жатқаны мынау күннің батысы. Сол ниетпен ол күнге қасқырша қарайды.
Күн барлық жан-жануарға бірдей. Бір орыннан шығып, бір орынға батып тұрған сияқтанса да күннің көзін әркім әртүрлі пайдаланады. Күні ұзын жайылыста болған мал шаршап, шөпке қарындарын істеп ыңқылдап, ауылға қайтып келеді. Күн батқан соң оларға жатып жусау керек. Мал күні бойы жайылса, оның керісінше бұл ауылдың адамдары күні бойы ашыққан. Олардың күні ұзын күткені — мына күннің тезірек көзінің жоғалғаны. Күн батса олар жабырлай тамаққа отырмақ. Мұсылман қауымының мирасынша бекітілген ауыздар ашылып, қарындар қаужаңдайтын уақ болады.
Сөйтсе де, елді жердің ұрысы, таулы жердің бөрісі болады. Қырдың ұрысының мал алуы да оп-оңай бола бермейді. Күндіз бақташы, түнде күзет кедергі. Ұры мен қасқырдың қолына мал көп күшпен, амал-әдіспен ғана түседі. Ұрының ең алдымен аңдитын малы жылқы болса — ұры оны не тиіп жеңіп әкетеді. Не ұйықтатып ұрлап әкетеді. Болмаса ұрлап аламын деп ұраға жығылып талай жаман ұры тері, тарамысын алдырып жүреді. Ұрының сүйеушісі болудың үстіне, малды ала білуі де ұрлық өнерінің шеберлігіне жатады. Қысты күні қаша бұзып алған аттың аяғына киіз байпақ кигізіп, тырс еткізбей шығарып кететін, шиырдан-шиырғa соғып із жоғалтып қуғыншының көзін аппақ қылатын Есімбек сияқты жыртындылар өміріне жымын білдірмейді. Болмаса Есімбек айтып қоймайтын Райдың ұрлығындай болады. Есімбек айтатын еді:
— Күздің аяқ кезі. Төменгі сексеуілдегі қыстауға сықырласып көшіп бара жатқан қалың ел. Шұраттың құмына келіп ел қонып жатыр. Қар сабалақтап жауып тұр. Райға қалжыңдап:
— Мына ауылдардан қой алып келсеңші, сорпа ішелік! — дедік.
— Күн ашылсын деп тұрмын! — дегені.
Біз күлдік те қойдық. Оның айтқанын ойын көрдік. Райды ұрлық қылады деп ойлағанымыз жоқ.
Таңертең иті үріп, көрші ауылдың адамдары қаптап келіп, ауылды азан-қазан қылып жатқанда ояндық. Рай күн ашылған соң барыпты да көрші ауылдың қорасына кіріпті. Бір қойды ұстап бері қарай жетелеген екен, тартынып жүрмепті. Жазған Рай ыза болып кетіпті де қойды алып ұрып бауыздап, көбік қардың үстінен сүйретіп ауылға келген екен. Қойдың қызыл ала сүйретіндісімен мал иелері келіп індетіп тұр екен!
«Рай марқұмның өміріне қылған бір ұрлығы осындай болды» деп Есімбек сылқ-сылқ күлетін еді.
Ал, жырынды ұрының мал алуы оңай өнер емес. Оның күндізгі қарауылы да, түнгі торуылы да мысықтың торғай аңдуынан жатық болады. Әсіресе қырдағы ұрының бір қабынатын уағы ораза кезі. Күні ұзын бұралып аш жүрген ауыл қанша сақ боламын десе де ауыз ашарға келгенде малдан кері тамаққа жуығырақ болады. Аузы беріктің барлығы да аяққа бас қояды. Оның үстіне ұры да, бері де күнде келіп тұра ма? Қай күні, қай сағатта келетіні кімге белгілі — күнде аман жұрт селқос та болады. Сатанның көздегені осы ауыз ашар. Күннің Сатанға да жылдам батып кетуі керек - ақ. Күн батып, азан айтылып, аузы беріктер тұз жалап, дастарқанға жағалай отырып жапырлап жатқан мезгіл — Сатанның күткені. Ол ауыл артындағы арық - арықтың жағасына біткен шұрқынды шеңгелдердің тасасына түсіп, ақтабан атты түйіп жатыр.
Ауыл Сатанның кеше көрген ауылы ғой. Асланы да, оң жағындағы асқар тауы да, ауыл отырған таудың кер жазық тесі де кешегі қалпында. Әне, анау, қаптап ауылға келіп қалған осы Досай ауылының қой, сиыры, түйесі. Әне, үстіне жастық тастаған үлкен боз үй — түндегі өздері қонған Досайдың үйі. Әне, оның қатарындағы, қызыл ала оюлы ақ жұмыртқа отау Досайдың баласынікі. Түндегі мұрнын тарта беретін сары келіншек сол отаудікі. Әне, отау мен үлкен үйдің арасындағы көрмедегі бөрте серкедей тікиіп тұрған ақсұр ат...
Сатан Ақтабан атты түйіп шеңгелге байлады да, ауыр киімін атқа бөктеріп, жеңілтек жаяу ауылға тартты. Бұлтсыз аспан күн кеткен соң тұңғиық терең барқытқа айдалып барандалып барады. Ымырт. Ауыл жым-жырт. Мал қораға иіріліп, жанның бәрі апыр -жапыр ауыз ашуға отырғанда Сатан бидің үйін қабаттап келіп те қалды. Дәл ауылдың артына келгенде астық көміп алған, көміп жатқан қымқиғаш ұралар екен, Сатанның кезі түсіп ішін бір тартты.
Түндегі Досай ақсақал Абдыра тобының бәйгесіне қосамын деп отырған екі аттың екеуі де ауылда. Жарау жирен басында жем дорбасы бар, бидің өз үйінің белдеуінде, жер тарпып, жем жеп тұр. Үстіне кежім - жамылған ақсұр ат, ор қояндай жалт-жұлт етіп көрмеде қақшия қалыпты.
Сатан жүрісіне жын жүргендей де болған жоқ.
Сылдыр еткен шөп, шәу еткен ит болмастан жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп сұр атқа таман келе берді. Кермеде елегізіп тұрған ақсұр ат суық қолдың келгенін сезіп, айтуға тіл жоқ, айбар қылғандай керме астында бұлаңдап тықыршып тура алмады. Сатан да сұр аттың алқымына кіре берді де, жаушы жалам шылбырға ұмтылып еді, кермеге бойы жетпеді. Қара шылбырды пышақпен сулықтан қиып жібергенде, айнала берген ақсұр аттың үстіне қалай ырғып қалғанын өзі де сезбеген сияқты.
Ақсұр аттың құйрығы бұлаң ете түскенде есіктен басын шығарып қалған біреу:
— Ап кетті! — деді.
— Ақсұр ат бар ма? — деген Досайдың жарқын даусы жөнеліп бара жатқан Сатан құлағына сарт етті.
Ауыл шу ете түсті. Ауылдың артындағы араның ұясындай ұраның ортасынан мысықша ырғып ақсұр ат жөнеле берді. Артында Сатанның көзі де жоқ, жұмысы да жоқ.
Оқ жыландай сыпылдатып ақтабан аттан өтіп кетіп, оралып қайта төніп, түйілген атты ат үстінен іліп алып кете барды.
Айқай, аттанға жер күңіреніп, ауыл қала берді.
АТТАН! АТТАН!
Бұл елдің отырған жері ұйықтаған аюша бүктеліп жатқан қоңыр таудың бауыры. Таудан тарап аққан бұлақтарға егін салған ел тау төскейінде. Осы ел егін алып жатқанда жыбырлап қонатын уағы. Қалың егін, қырқа арық, қыруар қырман болады. Бұл жерден жылқының шауып шығуы, шапқан кісінің жығылмай кетуі — екі талай сұм дүние. Егін-тегін жиналып енді күзем алып жатқан қалың ел арық бойларын қуалай сыңыса қонған. Қонақтың бол-болына, сұлынып сағағына, қырманның ұшығына семірген дәмелі аттың бәрі де күземнен кейін болатын той-томалақ, бәйге көкпәрінің үмітімен белдеуден кетпейтін уақ.
Досай аулынан аттан шыққанда таудың төсі тұтасынан күңіреніп кетті. Айқай, аттан, сарын онан да шықты, мұнан да шықты. Сатанның алды да, арты да аттан. Бүйірлі дүбір, екі жағы да «айрылма!». Жер күңіренген қою аттанды жарып ақсұр атпен Сатан ақшамның астын маңдайына ала сүмпитті. Күні ұзын белі босап, аяғы тынбаған ақтабан, ақсұр аттың серпінінен сүйретіліп жетекке еркіндетпей келеді.
Аттан барған сайын қоюланды. Сатан сұлап жатқан қоңыр тауды бөктерлей әдістеп жытып келеді. Түнгі дауыс, төскейден шапқан сарын жер өңірді жаратыны қандай — айқайдың қозғамаған жері жоқ.
Шаппаған жылқы, ұмтылмаған жігіт, шуламаған ауыл жоқ. Оңнан да, солдан да, арттан да аттан жабылып қайдалаған, мұндалаған қуғыншы тұс-тұсынан қосылып келеді. Сатан жанынан қосылғанға салғызбай өтсе, алдынан тосқаннан айналып сипатпай кетеді.
— Аттан! Аттан!
— Қайда! Қайда!
— Мұнда! Мұнда!
— Айрылма! Айрылма!
— Аттан! Аттан!
Құлақ тұнады. Бір мезетте алды-артынан жабылған қуғыншы ұтылап қуып қоюланып келгенде Сатан алдынан үлкен суарған кезікті. Енді есік пен төрдей қашық жер астына түсіп кеткен шыңырау екен, ала көлеңкеде шұғыл келген ордан атты тартуға дәрмені келмеді. Тек жанар оты жарқ еткендей көзін жұма берді. Ырғыды ақсұр ат. Кекжең етіп тартынып ақтабан ат қалып қалды. Жедел келе жатқан қуғыншы жетек аттың ажырағанын көргенде ұясына тиген шыбынға өшіккен арадай дуылдасты.
— Айрылма! Айрылма!..
— Аттан! Аттан!..
Састы Сатан. Төл атты қалдырып, атты атқа айырбастағанының несі алған болады? Астындағы атпен қазір қашып құтылғанмен — ақтабан атты қалдырғанда құтылған бола ма? Қайта ұры жайдақ атпен құтылып, барымтада ер-тоқымды ат қалған жоқ па? Ат иесі Досай ертең-ақ ақтабан атпен алған кісінің ініне су құймай ма? Қой!
Ақсұр атпен жалт беріп, Сатан суарғаннан қайта қарғытты. Іркілсін бе, жануар, есік пен төрдей енді ұрадан олай да, былай да ырғып түседі. Ақтабан ат орға беттемей қалың аттанға қарай жұмып жөнелді. Қалың қуғыншы қамажаулап келіп те қалды. Сатанның жаны қалмады. Бар далбасасы ақсұр атқа қамшыны басып жіберіп, ақтабанның соңына түсті. Жытып бара жатқан аттың жанына жетіп келді сұр ат. Қаша алмай қалған ақтабан айнала бұлтаққа сала бергенде онымен бірге ақсұр ат ұршықша иірілді. Сатан қолы сап етіп құрыққа тиіп, бір бұрып жалдан ұстап, шылбырды алғанда төгіліп келген қуғыншы да төніп қалған екен.'
— Жіберме! Жіберме!
— Ортаға! Ортаға! — деген қалың кісі қамажаулап кетті. Сатан да басты қамшыны. Сұр ат та ырғыды. Жетектегі ақтабанның сауырында сойыл да сарт етті. Сатан сытылып шыға берді.
Сатан жер мөлшерін күндіз көргендіктен оның осы беті өзіне түзу сияқты. Қыруар қырман, қырға арықты қақ жара ойысып келіп өзі көрген даңғыл қара жолға түсті. Бұл осы тауды бөктерлеп жатқан телеграмды ұзын қара жол еді. Көптен жауын болмай, арба көп жүрген борбас жердің жолы диірменнің тартқан ұнындай төгіліп жатыр екен, қос ат келіп жолға ойнақты салғанда шұбалған шан аспанға шықты. Ол шаңға жан-жақтан андыздаған қуғыншы қосылды. Дауысқа дауыс қосылып, шаңға-шаң ұласып, аспан аттанға, жер шаңға айналды. Арығы жоқ, құдығы жоқ, еркін жолға түскенін білген сырдесте сұр ат — бұрынғыдан да көтеріле соқты.
Жол кейде тақ-тақ, кейде борбас. Ақтабанды тақымға басып, қамшылап Сатан зытып келеді. Ақсұр аттың аяғы анда-санда жерге бір тигендей болады. Тіпті тимеген де сияқты. Сұр ат серпіп келеді, серпіген сайын Сатан сыпырыла береді. Аттың күшті иығы кейде үйіріп тастағанда Сатан ұшып сауырға мініп қалады. Кейде кенет құлаққа ұшып мінеді. Жайдақ аттың жалынан орап ұстап ілгерінді-кейінді кетіп, ақтабанды сүйрете тек ұшып келе жатқан сияқты. Жер күңіренген аттан өршелене, жиілеп келеді.
Сатан шаңмен көрмей қалған екен. Жолдың өзектен ететін қылт етпесінде тосып тұрған екеу екі бүйірден сап ете түсті. «Ортаға ал!» «Ортаға ал!» деп екеуі екі айрыла берді. Ортаға ала берді. Сойылды да сала берді. Сала берген сойылды сезгендей, әулие жануар, ақсұр ат оқтай атылды. Ақсұр аттың ағынына шыдамай кекжең еткен ақтабан атқа салған сойыл сарт етті. Артынан ұрылған сойылдан сауыры жарылғандай ақтабан атқып ақсұр аттың қатарына келді. Сол қатардан басын қалдырмай, аяқтары сартылдап, танаулары тарсылдап безді ақтабан.
Жарық айдың астында төтелеп жатқан түнгі арба жолында шаңды шүйкелеп, қос атты ұры жұлдыздай ағып жөнелді.
Сатан да өзін енді еркін сезе бастады. Алды-артына да қарап құлағын да дабысқа салып келеді. Жабылған жау сиреп, айқай-аттан әлсіреп алыста қалып бара жатқан сияқты. Ызғытты-ай Сатан...
Аздан соң аттан да басылды. Қуғыншыдан да қара жоқ. Жолдың кер жазық елсізіне шықты. Аттан да жоқ, жан да жоқ, бұрқыраған шаң да жоқ таудың төстегін қыдыратын тастақ жолға түскен соң — жәй шауып отырып, Тастының бекетінен де өте шықты. Бекеттен өткен соң беті ашылып алай-дүлей болған жүрегі орнына түсіп, ақтабан аттың аяғының қоюлайын дегенін сезді. Дереу жолдан жалт беріп, түсе қалып, оның үстіндегі су-тоқымды жұлып ақсұр атқа сонда салды. Ақтабанды азырақ жұлдырып оттатып, тағы тынаптып алған соң Сарыағаштағы Шалматайдың ауылына тартып кетті...
ҚАРА КҮШ
Күн сәске болғанда съездің сытырлаған тобы аяздың үйіне қарай жөңкілді. Болыстар мойныда знагын салып, старшындардың қол-аяғы жерге тимей жанның бәрін аяз үйіне жинап қызыл танау болып шауып жүр. Омырауына, маңдайына жез қадаған жасауылдар ақырып-бақырып, көрінген кісіні тарсылдатып аяз үйіне таман қуып келеді. Кісілер бірінен бірі сұрасады:
— Қайда апарады?
— Білмедік...
— Аяз жарлық айтады білем...
Халық аяз үйінің алдына топырлады. Біреуді-біреу басып ентелеп енді қашан шығар екен деп күтіп тұрғанда — өңшең ақ киімді, көк шалбарлы, жылтыр етікті чиновниктер шығып сыртқа қойған үстелдің айналасына отырысты. Мойындарына знагын салған болыс, билер өзге кептің алдыңғы жағын бермейді. Кісілердің арасына кимелесе Сатан да жақын келді. Оның ынтасы аяз дегенді көру...
Аздан соң Сұртай тілмаш қарлыққан дауыспен аяздың халыққа қазір жарлық естіретіндігін білдірді. Жұрт жарлық тыңдауға жым болды. Өне бойын қағаздан қатырғандай кәрі қасқыр ауызданған ұзын бойлы имектеу көк мұртты аяз үрген төбеттей аузы балпылдап жарлығын естірді. Сұртай тілмаш аяздың сөзін ажарлап, нығарлап жұртқа түсіндіріп тұр. Осы сөйлеп тұрған Сұртайдың бетіне қарап тұрғанда Сатанға ол әлдеқандай зәр, әлдеқандай жан алғыш сияқтанды. Үстінде қынап тастаған оқалы шолақ бешпент, сербитіп таққан иықтағы шені (шенінің не екенін Сатан қайдан білсін), маңдайына шытыра қадаған қызыл жиекті қара делегей, мойнындағы салақтаған сары ала қылышы — құдіреті қолындағы пері тәрізденді. Кімге де болса жаны ашымайтын жендет сияқтанды.
Жұбағанов Сұртай Шалматайдың сүйектес адамы. Ол арқылы Шалматайдың қолы қайда болса да жетеді. Сұртай қажы ауылының ескі сүйектес, құдандалы адамдары болуының үстіне Шалматаймен қалағанын алысып жүрген тамыр тілмашы.
Сұртайдың аяздың алдына тілмаш болғанына, міне, бес жыл өтіп барады. Сонан бері Шалматайлардың сөзі аязға да, өзгеге де көбірек өтеді. Шалматайлар Сұртай арқылы дуандағы жұмыстың бәріне араласады. Халыққа шығын қалай салынады, дуан сиязы қалай өтеді, сайлауда болыстың, әр бидің тағдыры не болады, тағы сол сияқты басқа не болар істердің барлығын да астыртын Сұртаймен астарласып Шалматайлар айналдырады.
Мына дуан тобында да Шалматайдың Сұртайы тілмаш. Осы арқылы Шалматайдың «демеген» адамдары «шыраж биге» ілініп, «демемеген» адамдары еседен құр қалып жүр...
Аяздың сөзін үзіп-үзіп перевод қылған Сұртай тілмаштың сөзінің қысқасы мынау еді:
— Мынау отан үшін болып жатқан соғысқа қазақ халқының қатынасы аз. Өзгелердің барлық еркегі мылтық алып майданда жүргенде — қырдағы қазақ тіпті ешнәрсе ойламайды. Керек десе рамат ақшаны да төлеп бітірген жоқ. Кәдімгі еш дүниеден хабары жоқ мал сияқты. Басқа жерде соғыс пайдасына істеліп жатқан талай жұртшылық жұмысы бар. Соғысқа жәрдем ретінде толып жатқан игілікті жұмыстың түрлері көп. Міне бұл туралы аяздың он болыс елдің жақсыларын жинап алғандағы айтары осы дуанның қазақ халқы не ойлайды екен? Соғыс пайдасына қандай жәрдем істей алады екен? — Міне осы еді
Аяз көптің алдыңа осы сұрауды тастады. Жұрт бөгеліп үндемеді. Сұртай тілмаш қызара-ызғарлана өзі сөйледі.
— Ақсақалдар, болыстар, билер, сіздерді аяз начальник босқа шақырып отырған жоқ. Сіздердің алдарыңызға определенно мәселе қойып отыр. Өздеріңізге мағлұм, болып жатқан соғыс патшамыздың, отанымыздың, халқымыздың барлық күшін салып жатқан майданы. Отан халқы тастай түйіліп соғысып жатыр. Ел шетіне жау келгенде ешкім басын да, малын да аман қорғап қала алмайды. Сіздер ойламаңыздар, осы күйімізде бас аман, мал түгел жүре береді екенбіз деп. Бізге тыныштық сонда ғана егер жауды жеңсек, неміс, түрікті қусақ! Вот сонда покой болады! Сендер, несіне күмілжіп үндемейсіңдер? — деді.
Шалматай сөз сұрады:
— Ұлығымыздың айтқанын бұл тұрған халық ұғынып тұр. Отан пайдасына деген жерге бұл қазақ халқының қашаннан тартынары жоқ. Тек мұнда соғыс пайдасына берілетін жәрдем, істелетін жұмыс қандай болмақ керек, соған ғана жұрт біраз бөгеліңкіреп тұр ғой деймін. Менің ойымша «біз соғысқа жәрдем береміз бе, жоқ па,» деп тұрудың қажеті шамалы. Біздің береріміз көп. Егер ұлыққа, көпшілікке ұнаса мен өзім мынадай пікір айтқым келеді:
Осы дуандағы елдің түтінінен бір сомнан ақша жиналсын. Соғыстың азық-түлігін тасуға, басқа керегіне жаратуға қазақтың қабы керек дейсіздер екен. Олай болса үй басы бір қаптан бергенде де, не кетеді?
Мына жақтан Егеубай болыс тұрып:
— Шәкең қажының айтқанына түгелімен қол қоямыз. Бес үйден бір кесек киіз шығаруды мен тағы ұсынамын!
Өзге болыстар оған «Мақұл! Мақұл!» — десті.
Екінші жақтан қара қожыр Кәріппай ақсақал тұрып:
— Өзге жұрт мылтық алып, соғысқа кеткенде, оның киім-кешек расходына біз күюіміз керек емес пе. Бұл тіпті анық құдайшылық. Сондықтан бұл ұлықтардың айтып тұрғанынан бас тартып қалатын қазақ табылмайды. Мен өзім үй басы бір-бір елтіріден жиып жіберсек те түк емес деймін, — деді.
Осы ұсыныстың барлығы да қағазға жазылып қаулы болып жатыр.
Сыртта тұрғандар өзара күңкіл етеді:
— Тым ауыр болып кетті.
— Елді тас аяқтай қағыстырады ғой!
— Байға түк емес, жарлыға қиын болды...
— Жерден қазсаң да таптырар! — деген сияқты сөздер тек бұқараның арасында ғана бықсып, мыңқылдап, одан әрі көтеріліп шыға алмады. Аяз алдында іс бітіп, соғыс пайдасына жиылатын ақша, қап, елтірі, киіз сияқтыларға қаулы қылынып, хат мөр жасалып жатыр...
Расында аяз ел жақсыларын бұл жиылысқа тосыннан-тосын шақырған жоқ еді. Ол өзіне керекті кісілерді күні бұрын құлақтандырып ақыл салған. Соның ең белсенді бірі Шалматай. Сұртай тілмашты Ішке ала отырып сөйлескен мәжілістің нәтижесінде Шалматайлар, Егеубайлар мына жиылыста көзге көрініп, көпке мұрындық болмақ болатын. Олардың әлгі айтып тұрған елтірісі, киізі, ақшасы, қабы — барлығы да күні бұрын кесіп-пішіліп қойылған ұсыныс еді. Егеубай, Шалматайлар тек сол уәделерін мына көпшіліктің алдында қайталады ғана. Болыстардың жинап беретін заттары анықталып, қаулы болған соң, ояз үкімет атынан жақсыларға рахмет айтты. Әсіресе Шалматайдың қашан да игілікті қазналық жұмысқа осындай алда тұратындығын айрықша еске алды. Сонымен бірге бұдан былай да бұл ақсақалдар соғыс пайдасына, отан жұмысына дегенде халықты осындай ақ бейілділік, бір ауыздылыққа үндеуіне сенетіндігін білдірді.
Жиылыс дабырап тарай бастағанда омырауы ашылған, көк сақалды, еңгезердей қара шал ат үстінен сұрау салды:
— О, билер, болыстар! Жақсылар, әлеуметтер! Жиындарыңа жар салатын жалғыз ауыз сөзге қонақ беріңіз!.. Жоқ жоғалтып сұрау салып тұрмын! — дегенде Сатан жалт қарап еді, Досай екен, бетіне беті шыдамай төмен қарай берді.
Досай сұрау салып қақсап тұр:
— Алдыңғы күні ымыртта... ауыз ашып жатқаң уақта... осы топтың бәйгесіне қосқалы байлап отырған Ақсұр атымды белдеуден қиып әкетті...
— Беті қалай?
— Іліктес кісің бар ма еді? — дегендерді баспалатты жұрт құлағын түре бастады.
— Беті осылай... Тастыбектің жолымен кетті. Жете алмай қалдық...
— Көріп біле алмадық...
— Оралғысы болсын! — деп көпшілік алды-алдына тарай бастады. Шалматай Досайға жақындап:
— Е, батырым, сені топқа шақырып келтіре алмайтын адам едің. Бітер істің басына, жақсы келдің қасына... Ана қол ақының үйіне жүріп мына Ыдырыстан жегеніңді бересің! — деді.
— Е, не жеппін бұдан! — деп Досай ат үстінде тұрып зірк ете түсті. Шалматай «бәлем балақ бауың қолымда» деген кісідей күле, кекете сөйлеп:
— Не жегеніңді тамағыңнан өтіп кеткен соң ұмытып кететін күшігенсің-ау сен. Мұның сенің үстіңнен билерге берген арызы бар, қазір жүгініске отырасың!..
— Соның давернесін сен алған екенсің ғой! — деп Досай да Шалматайды кекеді.
— Тілін! Сенің күш айтатын уақытың өткенін әлі білмей ұйықтап жүрсің ғой, аш көзіңді! Қазір мына топта Ыдырысқа сенің сақалыңды талдап жұлдырам. Ей шірік, неғып тұрсын? Ал, шаужайынан! — деді Шалматай бүлініп Ыдырысқа.
Ыдырыс келіп Досайдың жирен атының шаужайына ұмтылып еді, жырау жезді қамшымен әлуетті қара шал келістіріп көсіп қалды да, желіп жүріп кетті.
Досай кеткенмен құтылған жоқ. Ол «ақсұр атты алдырдым» деп сұрау салып жүргенде, топ басының жіберген жасауылы барып оны қол ақының үйіне жетелеп келіп аттан түсірді. Досай долданып:
— Кәне, мені жейтін кісі болса, жесінші! — деп омыраулай үйге кірді.
— Оқы, мынаның арызын! — деп Шалматай қамшыны екі бүктеп ұстап отыра қалды. Жасауыл Досайды нұқып, жүгініске ыңғайлай берді. Досай баж етіп, жасауылдың қолын бір қағып тастап, Шалматайды бас салатын кісідей тұлан тұтып, қамшысын қоқаңдата сөзге кірісті:
— Немене, сенің итаршы болатының? Айт, кәне, бұл итіңнің несін жеп қойыппын?
— Тамыр болам деп талай нәрсесін алыпсың!
— Не әкесінің көз құны бар менде? Сен мұны маған сұр шолақ тазыдай айтақтатып отырсын! Сенің де артыңды көрермін! — деп Досай зіркілдеді.
— Айт, өзің, осы сақалыңның ағында мынау Ыдырыстың мойнымда бір сабақ жібі жоқ еді деші, мына билердің алдында? Сенен сұрағанын мен-ақ берейін!.. — деді Шалматай.
Досай тек дәңгірлеген морт кісі еді. Шалматайдың - әлгі сөзіне жауап қайыра алмай жайылып қалды. «Менде түгі жоқ!» — деп айта алмады. Айтқаны-ақ:
— Менде мұның аз-маз ауысқаны бар. Мұны мен сиязға салыспай-ақ біте аламын. Сен итаршы болма! — деген болды.
— Бітсең, ауырып жүрдің бе? Осы топтың ішінде осыған ақым бар дегізіп шаужайыңнан алғызғанша ұялсаңшы!
Шалматай мен Досайдың айқасқан жерін де, екі жағының бірін де бүріп әкете алмайтын билер әр жерден көтеріліп:
— Топсыз да тынатын шаруа ғой!
— Өздеріңізден қалатын сөз бар ма?
— Жүгініп жатудың керегі жоқ! — деп кеу-кеулесті.
Шалматай сонда да тақайырлап:
— Кісі болсаң осы жерде айт, осы Ыдырыстың қолынан алғанын бар ма, жоқ мұныкі жала ма? — деді. Досай жығылып қалды. Аз бөгеліп отырып:
— Өзім айтсам, бір жылқы, 20 сом ақша берем. Ал, оған көнбейтін болсаң — Досайды кесіп ал. Қолымнан. берер бір тиыным жоқ! — деп қайқайды шал.
— Мен саған адамша хат жазып, осының өзін жібердім. Ойнап-күліп разы қыл дедім. Бүгін береріңді сонда неге бермедің? — деді Шалматай.
— Бұл менің екі атымның бірін сұрады ғой. Ол екеуінің бірін өлмей тірі пендеге берейін бе?
— Ақсұр атты ұрыға алдырыпсың, енді нағып шыдап отырсың? — деді Шалматай.
Ақсұр атты атағанда Досайдың мойны төмен салбырап, көзі жыларманға келді.
— Ә, ақсұр ат! — деп жан-жағына қаранды.
— Ақсұр аттың басы неше бесті дер едің? — деді тағы Шалматай.
— Әй, ол жануарымнан мал аяймын ба? — деді де Досай, бір тұманды ойды түйгендей болып, бұзылған түсі түзеліп сала берді:
— Алып шық, анауыңды! Біздің дауымызға билерді әуре қылмайық? — деді Шалматайға.
— Е, шығыңыз! Барыңыз! Есті тентек қой, өзі жөніне салар! — деп биші кештер сөз қосып жатыр. Шалматай да жымыраңдап, Ыдырыс та құлдыраңдап, Досайды алып Шалматайдың пәтеріне келді. Сатан келіп Досайдың атын ұстады. Досай Сатанға «Әй сенсің-ау» дегендей күдікті көзбен бір қарап:
— Ақсұр атты әкеткен жігітке ризамын. Тегі айтыңдаршы, өзі адамның баласы ма, сайтанның баласы ма? Соны бір көрсетші көзіме? — деп күлді.
— Шоқытатын болсаң мына тұрған жігіт! — деп Шалматай Досайға Сатанды кезіктірді. Досай таңырқап қарап отырды да:
— Әй, сен перінің баласы шығарсың? — деді.
— Жоқ, олай демеңіз, отағасы, — деп Сатан жымиды.
— Күндіз-түні қас қақпай белдеуде байлап отырғанымда қағып кеттің... Қапыда қалдым. Шимандай қалың елдің ішінен апақ-сапақта... Әттең антұрған әне күні дәмімді татып ең -ау, ә?..
— Бос сөзді қойыңыз би. Байлауын сөйлеселік, — деді Шалматай.
— Алдымен көзіме ақсұр атты көрсет! — деді Досай.
— Ақсұр ат жоқ. Ақшөмшімен жүріп кетті деседі, — деді Шалматай.
Досайдың күші кетіп қалды. Не қыларын білмей тек жер шұқи берді. Ол өзінің тыпыр ете алмайтын торға түскенін білді. Егер Шалматай қиыстанса ақсұр ат Досай қолына өмірге тимеуіне Шалматайдың қолынан келіп тұр. Осыны сезген Досай Шалматайға кұшағын жаюдан басқаны ойына келтірмеді. Шалматайға жалына бастады:
— Қажы, арамызға өзіңіз дәнекер болыңыз!
— Е, әнеукүнгі жазған сәлемімді не үшін дәнекерлікке жаратпадың? — деп Шалматай тағы зіл тастады. Досай одан әрі жерге кіре түсті. Жерді қаттырақ шұқыды. Ол салбырап отырып:
— Қажы, қайтесің оны айтып, менен бір білместік өтті. Не қылсаң да өз қолыңдамын. Тек ақсұр атымды бүгін қолыма тигіздір! — деп Досай безек қақты.
Бұл сөздің түбі ырғаса келе бітім болды. Ыдырыс өткізген нәрсесіне Досайдан үш бесті, 150 пұт бидай аласы болды. Ақсұр ат Досайдың өзіне қайтады. Осыған екі жағы ризаласып, Шалматайдың алдында қолдарынан ақ подписка алысты, ат шабыстың артынан Ыдырыс Досаймен еріп үйіне барып, алашағын алуға сөз байласты, Ыдырыс үш жылқыны өзі алып, 150 пұт бидайы Шалматайдың кілетіне төгілетін болды. Ыдырыс Сатанға қатты риза болып, сенің де қолың құр қалмасын деп үш теңге ақша берді.
Сол арада Сатанды тостырған Шалматайдың малының да хабары келіп қалған соң Шалматай Сатанға:
— Сен енді өрден айдалып келе жатқан малға қосылып, қыстайтын тауға кетесің! — деді. Сатан жүруге дайындалды.
Шалматай Сатанға көп жұмыс тапсырды: малдың қыстауы, өрісі, шөбі, малшылары жайында мал басыларға қағаз жазды. Қағазды бүктеп Сатанға беріп отырып:
— Сен малға жақсы қара. Ыртақ-жыртақты енді тастарсың! Жаманшылыққа үйір болмай жайыңа жүріп адал қызмет істеуге талаптансаң — ол өзіңе жақсы, өзің үшін, дегенді нығыздаңқырап тапсырғандай болды.
— Түн қатсаң да бүгін тура малға жет! — деді.
Сатан апыл-құпыл атына мініп бекеттен шығып келе жатқанда қарсы жолыққан бір топ атты кісі сауылдап желіп өте берді. Бұлардың алдыңғы біреуі мойнына қылыш салған ояздың жасауылы. Топ кісінің біреуі Фазыл мұғалім еді. Ол Сатанды байқамады. Құсайын да осылардың қасында екен, ол Сатанды танып бұрыла кетті:
— Қайда барасың?
— Қажының таудағы малына, — деді Сатан.
— Өзіңіз қайда барасыз?
— Өзім мына қалаға барамын. Көрмеймісің, мына мұғалімді ұстап әкеледі.
— Қайда апарады?
— Ояз шақырыпты. Оязға мұның үстінен жамандаған арыз түсіпті. Мұны түріктердің пайдасына жасырын ақша жиып, сөз таратып жүрген қашқын адам деп көрсетіпті. Содан ұсталып келеді, — деп Құсайын жүріп кетті.
Сатан ішіне мұз құйғандай болып, Абдыра бекетіндегі болыстың жасауылы ұстап алатындай атын жедел - жедел қамшыланып Шалматайдың малына қарай жөнелді.
«МЕН ТАЗ ҚАЖЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ ТҮГІЛ!»
Биылғы Қоянды жәрмеңкесіне Шалматай малын жақсы базарлады. Әсіресе Салқынбел қыстап, Сатандар баққан қойының бойдағы пұлды болды; Жөңке тауының жері қара, күні жылы болып, тазығыр шөбі малға жұққан еді. Қой бойдағы қыстай асыр салып ойнақтап шыққан. Осы бөлек қой жәрмеңкенің алғашқы қарқынында ілініп нарықты жақсы көтерген. Тездеп сатылып та бітті.
Қойып сатып босанған Сатан қоста жата алмай Шалматайға келді. Ол енді «Жетісуды желкемнің шұқыры көрсін» деп келген кісі болғандықтан, малды базарлап болысымен Шалматайдан расчетымды алып шықсам деп күтетін еді.
— Нағып жүрсің? — деді Шалматай.
— Босанайын деп едім...
— Неге шыққың келді?
— Екі-үш жыл қызмет еттім ғой, қажы...
— Екі-үш жылғы қызметіңде менен жаманшылық көрдің бе?
Сатан Шалматайдың мына сұрауына дәл осы жерде не деп жауап берер? Ол қажыға жүргелі екі-үш жылдың ішінде не көрді? Қажы — құдай шарасын кең шапқан бай емес пе? Сатандар құдай жаратқан кедей емес пе? Кедей байға жалға жүруге тиісті. Қажы Сатандарға қарайласып ақсақ қойып бақтыруға берді ғой... Ол қойларды қажы бұларға зорлап берді ме? Өздері барып жалынып, жалпайып жүріп, қолынан ақ вексіл беpіп алды ма? Қойларды бірсыпырасы Сатандар қолынан шығын болуына қажы қалай айыпты? Өлген қойды Сатандар төлеу үшін жалдануы жөн емес пе? Онан беpi Қажы есігінде жүргенде кәні не жаманшылық көрді? Жалғыз-ақ жаманшылық дегені Сатанды сиязға салмақ болып Абдыра тобына алдырғаны ма? Мұнда да қажы оны сиязға салды ма, салса қолынан келмеп пе еді? Қажының ашуланғаны Сатанның өз қылығының орайы емес пе еді? Өзі жайына жүрмей қажы тоқалының кетуіне шет-пұшпақтап араласпап па еді? Қайта ондай ұлы сойқанға араласқан Сатанды сойып сатып жіберсе де қажының құдіреті жетіп тұрған жоқ па еді? Осыларды ойлағанда қажы қандай жаманшылық істеді деп айтуға болады?
Ал, расында қажы осы Сатанға жақсылық істеді ме? Сатанды қажы қай жерде есіркеп, артығын ауыстырған екен? Қайта басын байлап, малынша айдап, кедейлігінен, қолының мешеулігінен пайдаланып табан ет, маңдай терісін жеп қойған жоқ па? Тіпті байдың сұмырайы осы емес пе? Өмірі мұның бір адамға іші елжіреген бе? Қай қылығын алсаң да еш пендеге жаны ашымайтын, тиынға, малға келгенде әкесін сататын, жарлының жалғыз шолағын алатын ысқаяқ, саудагер қажы емес пе, бұл? Өзге жақтың байларына ерген жігіттер жұмырланып, жетіліп, әлденіп ауқаттанып, байып жатқанда осыған ерген кісінің бойына шыр жұққаны бар ма? Мұны «жылан қыдырлы бай» — деп жалпақ ел шуламай ма? Мұның несі бай? Бұдан жақсылық көрдім деп Сатан қалай айта алады? Ал, қазір қажының мына сұрауына Сатан жаманшылық көрдім деп несін айтады? Жақсылық көрдім деп қайсысын айтады? Тек тасбақадай тырысқан, жыландай іші зәрлі-улы қажыдан осындай уағында құтылып қалғанының өзі үлкен олжа емес пе?
— Сізден жаманшылық көрдім, көрмедім деп не дейін, сізден шығайын дегенім ондықтан емес қой. Мұндағы үй ішімнің мәнісі сәлдеп қалған екен. Биыл Жетісуға барғым келмейді....
— Жоқ, оның жарамайды. Бұл ойыңды таста. Сен биыл тағы жүр...
— Жоқ, қажы, қалғым келіп тұр...
— Жоқ, тағы бір жылға шыда... Дәмдес болдық қой!..
— Жоқ қажы, маған рұқсат қылыңыз! — деп кесе айтқандығын дауысымен білдірді. Шалматай бұрынғысынан да сұрланып өңін бұзып алды, ренжіген дауыспен:
— Саған айтқан сөз сиырға сөйлегенмен бірдей шығар. Мен сені сиязға салмап едім-ау, ә? Ол жазаңды Арғындығыңа кешіргендігім есіңнен шыққан екен ғой... Әйтпесе, сен Қояндының елі түгіл жерін көрер ме едің?.. Мен не үшін істедім сол кеңшілікті? Шіркін! Әйтпегенде, сен де мұғалімнің, кеткен жеріне кететініңді бүгін білем деймісің, сендей милау? — деп Шалматай кіжініп, сөйлемей қалды.
Сатан салбырап қосына қайтты.
Бір-екі күннен кейін Сатанға Құсайыннан сәлем келді:
— Сұр қажыдан шықсын. Шаяхмет байға кісі керек. Жетсін маған! — депті.
Сатан Құсайындардың қосына келді. Құсайын Сатанды Шаяхмет байға алып келді.
Жастыққа жантайып жатқан жуан сары бай басын көтерген соң, Құсайын:
— Бай, әлгі айтып жүрген жігітім мынау. Қайратты, таза жігіт. Шалматай қажыдан шығамын, дейді.
— Ярый, айына сегіз тәнкә. Киім, тамақ, өзге расходың байдан. Жәрмеңке тарқарда 400 ат жүк жүргіземіз. Соның білән бірге Қапалға келесің! — деді.
Сатанға ие боп байға сөйлестіріп отырған Құсайын «мақұл» деді.
Бай Құсайынға бірсыпыра жұмыстарды тапсырып отырып:
— Шошы жігітті өзің білән бірге алып нұр. Екеуіңізге алты ат қалдырам. Августың бірінен қалмай өздерің жолға шығасыз! — деді.
Сөзді солай пісіріп, Құсайын мен Сатан бай алдынан шығуға айналғанда, бай:
— Ей, қазақ, шол аяғыңдағы алыпсатар қажының жыртық етігімен мында келгенің. Міне, шошыны ала кет — деп дүкеншіге бір записке жазды. Сатанға бай қағазды беріп жатып:
— Лапкіден бір етік киіп кет, тігі пақыр қажының жаман етігін өзіне елтіп бер! — деп күліп қойды.
Байдың мынасы Сатанға тым ұнап кетті. Оның байқауынша Шаяхмет бай қазақ болмаса да қазақ байларынан әлдеқайда «қайырлы бай екен» деген Құсайындардың сөзінің рас екеніне ден қойғандай болды. Бірақ байдың ойы басқаша еді. Оның ойында бір тиын берсе де артық беріп, Шалматай қажылардың қолындағы кісілерін шығарып алу бұған үлкен орайлы еді. Сондықтан ол Сатанға етігін бергенде тағы айнып жүрмесін деп етікпен Сатанның аяғын өзіне бекітіп жатқаны еді.
Етікке берген қағазды алып тұрып, Сатан байға бір ауыз батыл сөз сөйледі:
— Бай, енді құдай қосып дәмдес болдық, — деді, Сатан бір сөздің басын бастап, — Менің сізден бір тілегім бар, соны беретін болсаңыз...
— Айт, сол ол нинди тілек? — деді бай.
— Тілегім — ақ, мені сұр қажы сұрай қалса қайтадан беріп жүрмеңіз, деймін, — Шаяхмет ол сөзге шабына түрткендей шоршып кетті.
— Мен ол таз қажының мұғалімі түгіл! Ол қажы менім білән ойнамасын! — деп теріс айналып қалды. Бұл сөзге Сатан өркештеніп байдың қосынан шықты.
Сатан онан кейін Шалматай қажының маңайын көрген жоқ. Тек ағасы Тәжиді жіберіп Шалматаймен есеп қылдырды. Шалматай Тәжиге кейіп, Сатан інісінің істеген «ұрлығын» тағы басқа өрескел қылмыстары туралы көп кешірім қылған қадірін білмей тастап кеткендігіне ренжігендігін айтты. Әсіресе шыққанда Шаяхмет байға жүргендігіне қапа болатындығын білдіріпті де, күні біткен жалшының есебін беріпті.
Шалматай сонымен қалды.
Көп ұзамай жәрмеңке қолтырап, мал сиреп, адам азайып тарқауға айналды. Шаяхмет байлар көптен қайтып кеткен. Байдың тапсырған мезгілінен қалдырмай Құсайын доверный төрт жүз атты жемшікті жүргізді. Жүкті жүргізіп жіберіп, Құсайын доверный Сатанды көшіріне алып, Қарқаралының өкпе тұсындағы өз ауылына қайтты.
Құсайын аулында жол жүруге жабдықтанғанда Сатан да үйіне келіп, қонып кір-қолын жуғызып, аунап - қунап қалды.
Ауылында бес-алты күн жатқан Құсайын жолға шықпақ болып жабдана бастады. Бір тарантас, бір трашпенке арбаға алты атты үш-үштен парлап жекті. Құсайын бұл жолы Жетісуға үй ішімен жүрмек еді. Оның бәйбіше қатыны, екі баласы, бір бой жеткен қызы екі арбаға бөлініп отырып, Сатанмен бір жігітті көшірге алып бұлар жолға шықты.
Августың бас кезінде күннің жалыны әлі басылмаған еді. Сондықтан бұл жолаушылар ауылдан ерте жүріп кетісті. Қалада бүгінгі қоналқаға Құсайын төренің құдасы Мұздыбайға жетіп қонбақ болып, тоқ аттарды жай айдап келіп, қонаға Мұздыбайға жетіп қонысты. Мың жарым жылқының иесі болыс Мұздыбай Құсайын құдасын қатты құрметтеп, «мінгізгенім» деп екі жылғы құмайдан құры торы жорға ат әкеліп арбаға байлады. Арбаның жанында торы жорға атты шайқалтып жүріп отырып, түсте бір жерге ат шалдырған жолаушылар күн кешкіре Бақанастың бойына құлап, бес үй жатаққа жетіп жығылды. Бұл Марқатан дейтін Құсайынның ұзын жол үстіндегі түнеп өтетін жатағы еді.
— Төре, жалғыз қалай жүріп келесің?— деді Марқатан.
— Е, жалғыз жүргенде не бар? — деді Құсайын.
— Осы жолда жау бар дегенді естіп отырмыз.
— Е, құдай сақтайды да...
— Сақтаушы құдай ғой, бірақ сақтықта қорлық жоқ, кірекеш, жемшік жүргіншілеріңізбен жүруіңіз керек еді, — деп Марқатан төре жүрісіне өз ойын білдірді. Оған Құсайын да:
— Алдымызда жүргіншіміз бар, олар бұл жерден өтпеді ме? — деді.
— Е, етті, өтті... қалың жемшік осы арадан алдыңғы күні өтті... өтті... — десіп от басындағылар бірінен - бірі сұрасып келіп, Құсайындардың жүрген жемшіктерінің Бақанас бойынан өткендігіне екі күн болғандығын айтысты.
Жолаушылар ертеңіне атты Марқатаннан күн шықпай жекті.
ТАУ ІШІНДЕ
Жазды күні ыстықта быңырқай қоңыр тау құрысқан күйік тері сияқты. Жел жерге қырау түсіп, қар жаумай 5ұл таудың маңайын ел де, мал да көрмейді. Жалғыз-ақ бұл жерді мекендеп жүретін аңда — қара құйрық, қоян, қасқыр, құста — бөктергі, сауысқан; адамда — жол тосқан ұрылар ғана жүреді. Көсеумен шұқылап отқа пісірген бауырдай қара быжырық таудың жырақаналарында жылт еткен су жоқ. Күні шыжып, тасы ысып, аңызақ желі ұдайы соғады. Сайлардың ішіне шанжағойлап біткен сеңірен тобылғы, тырбықай боз қарағандар болмаса берекелі шөп жоқ. Бұта да, шөп те таздың шашындай.
Осы таудың төбесіне таяу, әріректегі қара пұшық шоқының бауырында жылап аққан азғантай бастау болушы еді. Суы аз ғана жерге жылап ағып, жоғалып қалады. Сол тұманның шыққан жері судың ызғарымен көгеріштеніп саздауыт болған екен. Осы жерде түтін шығады. Қараң-құраң көрінеді. Жылқы жайылып жатыр. Бір қара қос, бір ақ абылайша да отыр.
Бұл неғылған ауыл елсіздегі! Өздерінің түстері суық, жүрістері күдікті. Адамы көп абылайша, қостың айналасы ер-тоқым, пайза, сойыл... Етік-байпақ, шұлғауларын жайып, бит қарап, үштен-төрттен үйір-үйір болып тоғыз құмалақ, дойбы, карта ойнап керілдесіп те жатыр. Айыл тігіп, қамшы саптап, бие сауып та жүр. Бәрінің түсі мынау таудың жеріндей тағы, тасындай қатты.
Күн күйік таудан асып кетіп, сайдың іші салқындап барады. Қара қостың жанында құлын сойылып, үш аяқты үлкен мосыға асылған қара бақырға еті салынып жатыр. Ақ абылайшаның жан-жағы түріп тасталынған. Іші көрпе, жастық, кілем, ішік, жиған жасауға жайнаған. Бұл бұйымдардың түсі түрлі, өздері ала-құла болғандықтан қараған кісі әлдекімнің заттары екен деп күдіктенгендей еді. Мұндай бай үйдің жібек шымылдығы, қыздың кәмшат беркі, шым күміс тұрман сияқты қырдың асылдарымен бірге көпестің қасқыр ішігі, байбатшаның қыл тройкесі, орыс төрелерінің ока жағалы киімдері де көзге түседі. Осылардың ішінде жібек баулы сары ала қылыштар мен бес атарлар да сұп-сұр болып сүйсүлі тұр. Тер алдына төселген қара ала батсайы көрпенің үстінде жастыққа шынтақтап жантайған шоқша сақалды, бадыраң көз, қызыл сары кісі алдына шылым, шақшаны жайып тастаған. Алтын сағатының бауы сұр түсті қыл пенжегінің омырауынан мөлдірейді. Қолындағы қоңыр сырлы домбырасын төсіне қойып, шалқасынан керіліп, ызыңдап ән салып жатыр: дауыспен көтерген жерінде ашыққан қасқырдың ұлығаны сияқтанады.
Күн кешкіріп, елсіз таудың іші қоңыр қарауға айналды. Қостың маңдай алдында тұрған ай караңғыланған сайын ажарланып, ақ сәулесін аямай жерді бөледі. Еттің артынан ішкен қымыз көңілді тіпті жайландырып, кеше басталып қалған батыр әңгімесінің жалғасын айттыруға жігіттердің бәрі қос алдында жиылды. Көрпе-жастықтың үстіне бұлаңдап аунап жатқан батыр домбыраны біреуге беріп басын көтерді:
— Өткен істі ойға түсіру — борсып кеткен қымызды ішу сияқты жігіттер. Бір басқан лайыңды қайта басқан боласың. Біреу өткенін айтса, болған байлығын, құшқан сұлуын, істеген кісілігін айтады. Біздікі не? Ылғи қансоқта, лайсоқ. Кісіге істеген жақсылығымыз жоқ. Біреудің малын талау, ол малына таласса оның жанына жармасу — осыдан артық біз не істедік? Осы қылықтардың несін әңгіме қыл дейсіндер? — деді.
— Жоқ, батыреке, олай демеңіз, сіздің істегенді істеп өткен жігіт сирек. Ертедегідей қызық, жырдан тәтті әңгіме сіздің ерлігіңізде. Айтыңыз, батыр, құлақ құрышын қандыра! — деген Стакудың сөзін әзге жігіттер қостады.
Күмісті шақшадан насыбайды алақанға сауып жатып батыр әңгімеге кірісті.
— Мен өзім Тәуке болғалы соғыста бір кісіге сүйсіндім.
— Айтыңыз, айтыңыз! Ее, е! — десіп өңшең сайып - қырандар үймелей түсті.
БАРЫМТА
Керей мен Тобықтының арасында өміріне шешілмей жатқан қашаннан қатты түйіншек бар. Жапсар екі ел бірде тату, бірде араз болып барымталасады да жатады. Керей Демесін Ыбырайды байлайтүннан кейін бұл екі елдің арасы тіпті қағынып кеткен. Сөз ұшығып, бітімсіз сүреңге айналған кезі еді.
— Жікібайды айтқалы келесің-ау, ә, батыр? — деп сапы асынған сұр қара басын көтерді.
— Е, оған сенің намысың қозғалса үндемейін, — деп Тәуке күлді.
— Жоқ, айт, айт!Керейді шапқаныңды сен айтсаң Тобықтыны шапқанымды мен де айтпаймын ба? — деп Самалық күлді.
Тәуке сөзге кірісті:
— Құнанбай ауылы маған кісі жіберіпті:
«...Тәукеге сәлем де, Тобықтының бір жүректі баласы еді. Керейдің қорлығы өтті. Жақында Сарытоғалақтың тағалы тайын тастамай шауып кетті. Тобықтыдан тудым десе Тәуке осы кекті бір қайырып берсін!» — депті.
Пәле қайда деп жүретін уағым. Келсем қалын ауылының ақсақал, қарасақалы күтініп отыр екен. Ат пен жігіт жинап, ақсарбас айтып сойып, Арап батасын беpiп, бізді аттандырды. Жетпіс жігітке бас болып Керейге тарттым.
Екі елдің арасы елсіз. Күн бата Шорқашқанға келіп салық салдық. Шолпан туа деп мөлшерлейміз. Атты, жігітті іріктеп, жол азығымызды алып, ел жатар мезгілде Шорқашқаннан тағы жүріп кеттік. Жолшыбай екі жерге тосқауыл тастап, жиырма жігітпен таңға жақын, Бала өзенінің бойына келіп түстік.
Ай көзге түртсе көргісіз қараңғы. Өзен суы ернеулеп тасып жатыр екен, екі жағы жар, қорық-қорық қарасу. Барымталы ел — Керей тастай түйіліп күтінген. Ат үстінде. Малға күзет қатты. Жылқыны ауыл арасына ғана иіріп тұр. Жері берік, елі сақ болып, бізге оңайлықпен алдырмайтын болды.
— Таңды атыралық, жігіттер! — дедім.
Бір тасаға аттарды түйіп тастап таңды тостық.
Таң атты. Өзен бойындағы елді бас бағып қарап отырмыз. Керейлер асық тіккендей жыбырлап қонған екен. Белдеуге байлап тастаған аттан үй басы құр емес.
— Жаугершілік заманда тал түсте ауылға тию оңай ма, жігіттерім қипақтайын деді:
— Осыдан күндіз болмаса, түнде мал ала алмаймыз, қобалжымаңдар, — дедім оларға. Өзім атыма міндім де ет келді шалайын деп өзенге жетіп келдім. Судың аржағындағы ауылдан қара шапан бүркеніп, қолына құман алған бір әйел шығып өзеннің қабағына түсті. Астымдағы құла серекті жалаңдатып әйелдің тұсына келіп тұра қалдым да өлеңмен жөн сұрадым:
Таң, атып күншығыстан қылаңдаған,
Астымда құла серек бұлаңдаған,
Жамылып қара шапан, құман алып,
Ел тұрмай неткен жансың сылаңдаған?
Ол ұрғашы өлеңге сен тұр, мен айтайын екен, іліп әкетті:
Астыңда құла серек тұмарланған,
Мен едім көрген жігіт құмарланған.
Мырзамыз тақ алдында малдан келіп,
Төсектен жаңа тұрдым жұмарланған.
Мен: «апырай мынау қайтеді?» — деп қалдым да:
Кез болдың қарсы алдымнан қызыл түлкі,
Егессе шашылмайды кімнің мүлкі,
Келіп ем сұрағалы ауыл жөнін,
Кімдікі осы алдымда жатқан жылқы?
Ол:
Үнемі жолдас емес мына жалған,
Кім еді іздегенің көңілге алған.
Жікібай күйеуімнің аты болар,
Қажы дер атамызды Меке барған.
Мен:
Ауылың қонған екен сайға, қатын,
Өткелі осы судың қайда, қатын?
Түн қатып, түсім қашқан жолаушымын,
Жөн айтып жылдамырақ сайра, қатын!
Ол:
Өткелі бұл ауылдың бас жағында,
Болдың ба, сылқым жігіт жас шағында.
Түн қатып, түсің қашып әлде неге,
Жолаушым, жолың болсын сасқаныңа?
Сөзге сөз келіп қалған соң өзімді-өзім ұстай алмай тікесінен тарттым:
Ауылыңа келіп едім шалайын деп,
Тал түсте бір ойранды салайын деп,
Байсейіт қасқа жөнін білмей тұрмын,
Жылқысын тұп көтере алайын деп.
Ол:
Еліме бейбіт жатқан салма шатақ,
Тұрған жоқ жаудан қорқып малды матап.
Аңғалсоқ, батыр-сынды жан екенсің,
Айта кет кім болсаң да атынды атап.
Мен:
Екі елдің егер болған ерегісі,
Мұндайда ердің қозар делебесі.
Сұрасаң менің атым батыр Тәуке,
Ту алған Саптаяқтың немересі.
Ол:
Ей, батыр, құмар едім дабысына,
Тал түсте қалың епте шабысыңа.
Жазасыз Ақмолаға жер аударған,
Жүрмісің Тобықтының намысына?
Әйелдің мына сөзі жаныма батып кетті, сөйтсе де сөйлеп қалайын деп:
Аулына тастамаспын тағалы тай,
Жылқы алсам найза қағып көңілім жай.
Жіберсе Ақмолаға жер аударып,
Өз оғы Тобықтының өзіне май.
Ол:
Сен жүрсің Тобықтыны туғаным деп,
Мәз болып барымтаны қуғаным деп.
Жүрмісің жылқы алуға жалғыз өзің,
Ұйқтаған елдің малын ұрлармын деп.
Мен:
Аттандық ауылыңа осы жолда,
Жеке ауыз пеншестір мен қылыш қолда.
Шәкерім, Медеу, Ораз, Оспан қажы,
Тұрағып, Себеп те бар Көкпай молда.
Ол:
Ызғарлы көрінеді түсің суық,
Мәз болма барымтаны күнде қуып.
Жоқтар деп елін сені ойнамаймын,
Тобықты болатұғын малға жуық.
Мен:
Есентай, қажы Оразбай — екі арысым,
Қазақтың көріп еді сан жарысын.
Солардың қабағында мен де жүрмін,
Алашқа жібермес деп өз намысын.
Ол:
Ей, батыр, адамыңды арқаланба,
Сөзіме ашуланып шалқаланба.
Еліңнің, ескі салты жаман еді,
Білесің не қылғанын Қалқаманға.
Мен бөгеліп қалдым, әйел мен бөгелейін дегенімді сөзден соң, сөзін бастырмалатып кетті:
Сен жүрсін, осы күні күліп-ойнап,
Бар болса жүйрік, жорға түгел жайлап,
Туысың Қалқаманнан артық па екен,
Оны да көрнеу оққа берген байлап...
Қатынмен былшылдасып тұрғанда жылқы алудың уақыты өтіп бара жатқан соң енді осыған үндемейінші деп мелшиіп қалдым. Әйел онан әрі өрледі:
Бар шығар балалығың үйткен-бүйткен,
Айдатты Ақмолаға не себептен?
Тірідей атқа тағып өлтіргендей
Тобықты не көріп ең, ер Кебектен?
Мен тағы үндемедім, әйел тағы сөйледі:
Айдатқан Жігітектен оннан-бестен,
Жазықсыз талай жанға жаза кескен.
Тобықты бауырын аяп көрген емес,
Батыр-ау, санаң болса кетпес естен.
Әйелдің мына айтқан сөзіне қару айтуға сөзім де, уақытым да болмайтын болған соң былай дедім:
Сөзіңнен мен жығылмай, жар құласын,
Жылқымнан сөйлей берсең қалдырасық.
Жұмысым қатын емес іздеп келген,
Сенімен не қылайын салғыласып...—
деп, атымды бұрып жүріп кеттім... Жүйрік ұрғашы тағы бір ауыз айтып қалды:
Көк бесті ат көрмеде тұр, мырзам ояу,
Ең жиі бір-біріне қонған таяу.
Елің тап есің барда, батыр Тәуке,
Жазым боп, бір жеріңе түсер қаяу...
Мен қайтып жігіттеріме келгенде, әлгі ұрғашы аспай - саспай аяңдап аулына барды. Біз ол арада сауылдап өткелден өте шығып найза қағып, қиқулап жылқыға тиіп бердік. Өзен бойы шу боп кетті. Таң атты деп тына қайран ауыл аяқ астынан шыққан аттанға сасып-ақ қалды... Кермедегі көк бесті атқа ер салып жіберіп, үй жанындағы найзаны ала «Жобалайлап» ауылдан шыға біреу ұмтылды. Ауылдан байлаулы аттарға ілінген адам тұс - тұсынан қосылды. Жан-жақта мылтық даусы шығып жау тиген жылқы судан өтіп алған соң қырға қарай жосып шықты. Жылқының бетін Шорқашқанға азар қарай түзедік. Күңіренген аттан, жылқының дүбірі даланы домбырадай дүрілдетті. Шорқашқанға қарай керлеп беті түзелген жылқының артына алты жігітті салып жіберіп, он бес жігіт тосқауылда қалдық. Біз жәй шауып келеміз... Қуғыншының алды келіп бізге араласты...
Астында ауыздығымен алысқан есік пен төрдей кек бесті, қолында қос шашақты қызыл найза «Жобалайлап» келіп жетті бағанағы ауылдан шапқан. Оның артынан жүдемелдете бір топ қуғыншы араласты. Біз бес - бестен үшке бөлініп, қуғыншыны бытырата қаша ұрыс салып түсіріп отырмақпыз.
Біздің тосқауылға қалған жігіттерде де өңкей ығай мен сығай. Тобықтының маңдайындағы жақсы ат біздің астымызда. Атпаса түсіртпейміз деген менмендігіміз бар. Біздің бір бөлек тосқауылымыз қуғыншының алдын көлденеңдеді. Сарт-сұрт салысып, қағысып-қағысып кеткенде біздің жігіттер тайқып шыға берді.
— Өй, қатындар, қашпаңдар! — дедім.
— Ойбай, кек бесті атты Жікібай екен! — десті.
Өй, тумағырлар! Жікібай болғанда жеп қоятын ба еді? — Деп ықтағандарды жекіп тастадым. Біраз жосылтып келіп, шұбатып барып, қуғыншы тобын жазғанда бірден, екіден түсіріп отыралық деп жүгіртіңкіреп кетті. Артымыздағы қуғыншы үздік-создық болып 100 шұбатылды. Жікібай «Жобалайлап» көк бесті атпен алдымызды орады. Ол бізге айналмастан алдыңғы жылқыға жөнелді.
— Ал, ұмтылыңдар! Астындағы атты әкетелік! — дедім. Біздің жігіттер жабылып берді. Жікібай жүректі де, білекті де жігіт екен. Біздің жігіттің біреуі жетіп айқасып қалғанда өзі тымақтай түсіп қалды. Бірақ атынан айрылмады. Біз жетіп, мінгізіп әкеттік. Онан соң түйдегінмен жетіңдер! — дегенімде біздің алтау-жетеуіміз барып айқасып еді, Жікібай екеуін түсіріп кетті. Қалғаны қашып шықты. Біз Жікібайдап көк бестіні алмақ түгіл өзімізге үлкен қауіп туғанын сезе бастадық. Біздің айқасымызда артымыздан сатырлап қуғыншының топыры да жетті. Осыны көрген Жікібай жылқыға жетем деуді тастай беріп, тура бізді түсіруге түйіле түсті. Тобымен жеткен отыз-қырықтай қуғыншымен бізге ұмтылып тиді. Бізді бір бүйірлеп шапқан Жікібай, біздің Өтеғұл дегенді түп етектен түйрей шаншып, істікке шанышқан құйқалақтай қып атының басынан асырып тастап кетті. Мұның артында құйысқан тістесіп келе жатқан біз Өтеғұлды қалдырмасқа жабылып бердік. Атының жалына асылып қалған Өтеғұлды ықтап келіп, жаурыннан алып шауып келе жатқан атына мінгізгенімде сойыл сатыр да сұтыр үстіме жауып қалған екен, құла серекті тақыммен қағып жіберіп шыға бердім.
Жікібай «Жобалайлап» біздің бытыраған адамға және ұмтылды. Мен оның көлденеңінен келіп қалдым. Атын атып кетейін деп венчестрді бетіме алып қалғанымды мылтыққа көзі түскен Жікібай атын тежей берді. Кек бестіні өкпеден байлап мылтықты басып қалдым. Ат лоқып барып тура қалды. «Ә, бәлем енді қаларсың» деп қасынан шауып ете бердім. Жолдасы атын бере берді. Жікібай және ұмтылды.
Қуғыншы қоюлап, аттанға жер бұрынғыдан да күңіренді. Кәрі қасқырдай арбаңдап шабатын құйрығы құшақ қара бурылмен ер Қосайдың туын қолына алып, «Жобалайлап» Жікібай бізге және жетті. Мылтықты басынан асыра бір-екі рет атып едім, жүрегі шайылатын ит көрінбеді. Қайта өршелене соқты. Соңымыздан қалмады. Қалмақ түгіл өзімізді жазым қылуға айналды. Енді не де болса өзін атып кетейін деп ұрымтал жерді аңдып келем. Ол қара бурылмен ызғытып келіп Сәрсентай деген бір қара сақалды ұры бар еді, соны түйреуге соңына түсті. Құндыздықтап мені де ұмтылдым... Нысан атым жерге келіп-ақ қалды. Қара сан мен май құйрықтың қоспасын байлап басып жібердім, ол бурылдың үстінен омақата құлады. Бурылды қуып шыға бердік. Жедел келе жатқан қуғыншы, Жікібайға үймелеп қалды. Біз тиіп жылқы алған жортуылдың атасы Абылайдың атын ұрандап, жарыса-жарыса ұзап кеттік. Елден жалғыз қара көрінбей қалған соң, қалың жылқының үш жүздейін іріктеп Шорқашқанға қарай тартып барамыз. Жылқыны қуа-қуа Шорқашқандағы салығымызды алып, жер күңірентіп жолға түстік. Ханшыңғысты қайдалап, бетті елге түзедік.
Міне, мен ат жалын тартып мінгелі сол Жікібайдай жігітті кездестіре алғаным жоқ. Жігіт ер екен. Ерлігінің үстіне әрі айлакер, әрі найзакер екен!.. Атуға қимай әлденеше тайқап кетіп жүрдім. Бірақ өзі қоятын болмады. Оны атпағанда Керейден жылқы алмақ түгіл өзіміздің үйірге қосылуымыз екі талай болып еді. Атып — құтылдық, — деп батыр әңгімесін бітірді.
— Жігіт екен! — деп бағанағы пұшық кеңсірігінен желін кеулетіп, бір тамсанып қойды.
— Кісімізді атып, жылқымызды әкетсең де қатынымыздан жеңіліп қайтқан екенсің! — деп Керейдің батыры Самалық күлді.
— Соның ызасынан байын атып кеттім ғой! — деп Тәуке де мекіренді. Қатынның айтқан:
Кек бесті ат кермеде тұр, мырзам ояу,
Ел жиі бір-біріне қонған таяу.
Елін, тап есің барда, батыр Тәуке,
Жазым боп, бір жеріңе түсер қаяу...—
деген ең соңғы өлеңін көк бесті ат пен Жікібайды атып кеткенде ойыма түсірдім...
Тәуке мұнан кейін Арқаттың бекетінде тұратын өзін іздеп жүрген қызыл шолақ урядникті қалай ұстап алғанын, оны қалай тонап, ел ішіне тыр жалаңаш қоя бергенін айтып, пұшықтарды күлдірді. Самалық та өзінің керуен талап, кісі өлтіргендерін айтып, әңгіме түннің жарымын алды, домбыра шертіп, ән салып, әңгіме айтып елсіз таудың ішін күңірентіп Тәукенің жігіттері жата берді.
ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРІНЕДІ
Жол. Шөл. Күн шыққаннан-ақ қайнап, жолаушыларға күн аса ыстық болды. Жол бойында ел жоқ. Құлазып жатқан бір бұйра қырқа таусылмайды. Анда-санда торғай сүзіп, тышқан қарастырған бөктергі болмаса ұшқан құс та көрінбейді. Аттар пысқырынып, бүгелектеп, ақ көбікке малынып келеді. Бір жерге келгенде жолаушылардың алдынан жиырма шамалы адам андағайлап көріне кетті.
— Әй, анау нағылған кісі? — деген Құсайынның даусы шықты. Жолаушылар елең ете түсті.
— Сұмдық-ау, кешегі айтқан жау болмасын! — деді бәйбіше.
— Өзі тұр ма, келе жатыр ма? — деді Құсайын.
— Тұрған сияқты, — дегенді Сатан айтты.
Екінші көшір үріккен сиырдай бажырайды да қалды.
Жолаушылардан құнан шаптырым жердегі жолдың қыр жағындағы бұл кісілер сағымдалып көрінеді. Қопақтап, саулап желіп келе жатқан сияқты.
— Жау деген осы... Болары болды. Енді еліспей беріспелік, — деп Құсайын жалма-жан алты атарын оқтап өз қолына алды. Құс атар қос ауызға бытыраның екі оғын тығып Сатанға берді:
— Егер келіп тиетін болса тарсылдатып ата бер! — деп бір дорба патронды қоржыннан шығарып қолына ұстатты.
— Егер келіп біреуі жабысса, қарнына тығып ал! — деп ақ бәкіні қызы Күлімханға беріп, бәйбішесіне:
— Өлтірсе де жүктің үстінен түспе! — деді. Құсайын Сатанды алға жүргізіп, өз арбасын оның артынан салды да:
— Алды-артыда қарамай саулап жүріп отыр! — деді.
Бұлар саулап жүріп келеді.
Ай далада, елсіз жер. Жолаушылардың жүрегі ойнақшып, денесі түршігіп, шеңгел де, ши де қалың кісі сияқтанып қарауытып, жер дүниенің бәріне жау қаптап бара жатты. Әлгі бір кезде алыста көрінген жаулар жолдың оян жеріңде жоғалып кетіп, белең жерінде андыздап бұларға саулап келе жатты.
Бұлар желе-желе жау көрінген тұспалға жетті. Алды-артына қарамай аттарын қуды. Күн сиыр түс. Ыстық. Жол шаң. Жаудың өкпе тұсына келген соң тіпті қатуырақ жүрді. Шаңды бұрқылдатып, арбасын салдыратып, жолаушылар сасқалақтап келе жатқан жаудың алдынан кесе өте бергенде, Сатан жау жаққа қарап жіберіп:
— Құсеке-ау, кұс екен ғой! — деді. Құсайын да қарап жіберіп:
— Шын құс па екен? Жаман сескентті ғой, жолың болмағыр! — деді.
Бәйбіше де демін еркін алып, ерленіп кеткендей:
— Уһ! Адыра қалғырдың құсы иманымды ұшырды ғой! — деп жиналып отырды. Күлімхан да сылқ-сылқ күліп, ақ бәкіні Құсайынның өзіне қайырды.
Бұлар жау жаққа қайта-қайта қарасып, анық құс екенін білген соң жандарын шақырғандай болысып, бірін-бірі мазақтап, қалжың қылысты. Аттарын тоқтатып өздері де желпіністі.
Жолаушылардан әудем жердегі қоңыр белшеде өңшең көк мойын дуадақ мойындарын соза-соза қарасып, кердең-кердең басады.
— Атуға қандайсың? — деді Құсайын Сатанға.
— Атушы ем...
— Ендеше, жүріңкіреп кетелік те, анау қабатпен келіп қарауылда, — деп Құсайын Сатанға жөн сілтеді. Айтқан жерден арбадан түсіп Сатан белшені бауырлап қоя бүгежекке салды. Мыналардың екі көзі Сатанда.
Көп кешікпей Сатан барып тасалаған жерден түтін бұрқ етті. Мылтық даусы құрс етті.
— Алды! — деді Құсайын.
— Е, сол нені алушы еді, әне тегіс ұшып кетті, — деді қыздың шешесі. Аяғының астынан төре еткен мылтықтан шошыған дуадақтар жүгіре-жүгіре басып ұша-ұша жөнелді. Бір лақтай дуадақты арқалап Сатан арбаға келді.
— Жарайсың, жігітім, жолымыз болады екен! — деп Құсайын ырым қылып, риза болғандығын білдірді. Көкпардың кек серкешіндей дуадақты арбаға салып жолаушылар тағы жүріп кетті.
Күн шаңқайған түсте жолаушылар талықсып келіп Серікбай қажының тамына түсті. Ел әлі таудан қайтпаған уақ болғандықтан бұл тамдағы қалған қажының салығы — жалғыз ауыл. Тамда қалған қажы өренінен бір-ақ баласы. Бір тәуірі бұл Құсайынға таныс болып шықты. Шалығып келген жолаушыны салқын тамына түсіріп, көлеңкеде сусындатты. Сусын үстінде үй иесі өзінің шаруа жайын әңгімелеп отырды.
— Биыл осы жерден бір мектеп салдырамыз ба деген талабымыз болып, соған кірпіш құйдырып едік. Соның қалауын да осы жазда істетсек пе деген едік. Сонымен бірге әрі пішен дегеннің басы-қасында болып ерте шаптырмаса, өзек бойының шөбі сары елең, бидайық, болғандықтан ерте қатып кетеді... Сөйтіп етекте қалып ек...
— Жайлауыңыздан хабар бар ма?
— Мен өзім келгелі бес-алты-ақ күн болды.
— Малға жұғымы қалай екен?
— Жайлаудың биыл малға жұғымы ересен. Осы етектен шыбын қағып өлгелі барған екі атты жіберіп едім, өзім жатқан он бес күнде сол аттар қабырғасын жауып алды.
Үй иесі осыны айтып келіп, Құсайынның жүрісіңе ғажаптанды:
— Апыр-ай, төре-ай, нағып оңаша жүріп келесіз?
— Жүгіміз, жүргіншіміз ілгері кетіп еді...
— Қалай қорықпай келесіз дегенім ғой.
— Е, сақтаушы құдай да.
— Солай екені, солай ғой, сөйтсе де осы жақта бір жау жүр. Жау болғанда жойқын жау...
Құсайын құлағы елең ете түсті. Жау дегенді ол жалғыз бұл ауылдан ғана емес, алдыңғы жолыққандардан да естіп келе жатқандықтан ол мына кісінің сөзіне жантайып жатқан жастықтан басын көтере тыңдады.
— Қай жақта жүрген жау, — деді. Үй иесі жайлап жаудың жайын түсіндірді:
— Анау күні, өзім жоқ, тапа тал түсте осы ауылға он бестей кісі жау келіп тиіпті. Тиіпті емес-ау, қайта тимепті. Мынау атам зираты жақтан шыға келіп, саулап ауылға қарай жүріп келе жатыпты да, өзек табанында арқандаулы тұрған атқа бұрылыпты. Жесірлік жирен бәйге атым бар еді. Тауға жіберуге өзім болмаған соң ұры-қарыдан жасқанып, не де болса өз қолымда болсыншы деп әдейі қолға байлап қалып едім. Соны арқандаулы тұрған жерінен шешіп алып, жетектеп жүріп кетіпті. Осы ауылдан қатын-қалаш шулап, жаяу-жалпы жүгірген екен, біреуі бұрылып келіп:
— Батыр қайтсын, шуламасын! Ауылы шабылмай бір атпен құтылғанына қуанып отыра берсін! — деп айтты деп жүріп кетіпті. Өздері өңшең қару-жарақты дейді. Ай даладағы жалғыз ауылда оған қарсылық қыларлық не ат, не адам. не қару жоқ.
— Апыр-ай, бұл кім болды екен? — деді Құсайын. Сатан бұлардың сөзіне араласпай тек құлағын салып, құрғап қалған таңдайын шайға жібітіп, ыстық суды сораптай берді.
— Кім болса да осал жау емес. Және жақын жердің де жауы болуға қисыны аз. Бір ойдан бір жаққа жүріп бара жатқан немелер ме деймін. Бірақ олай деуге қисынбайды. Наймандар бұл жолдан ондай тал түсте талаумен жүруден гөрі жолаушылап жүреді ғой. Өй, оның ығы жоқ. бұл болса Тәуке болады. Сол Тәуке болуға кәдік. Өйткені, анау күні жайлауда жатқанымда Тобықтыға қатнасқан біреулер сол Тәукенің бір ауылға істегенін айтып отырды.
— Әй, осы Тәуке болуға қисыны бар. Сол иттің жүрісі осы сықылды деуші еді, — деп Құсайын да қошамет - кейледі.
— Өзім де соған ұйғарам. Мынау жүріс өзге пенденің жүрісіне ұқсамайды. Тәуке биыл Керей, Тобықты, Қаракесек. Уақтың ұрыларын жиып нөкерімен қашып жүр деп еді, — деді үй иесі.
— Бірақ маған оны Тарбағатай жағында деп еді, — деді Құсайын.
— Жоқ Тарбағатайда емес. Осы айдың жарығында Тәуке Шыңғыста. Оны көзімен көрген кісіге мен жайлауда жолықтым. Ол кісі айтып отырды...
— Е, не айтты? — деп Құсайын құлақ қойды.
— Өңшең сәйгүлікке мінген, қару-жарақты ұрыларымен Тәуке Ербол аулына келді дейді. Ол ауылдағы Қамза дегеннің ақбесті деген жақсы аты бар екен, соған жатып жабысты дейді. Құшақтасалық, тамыр болалық. Болмаса сат деп. Қамза да бір томырық адам екен; және аты бір келісті ат екен, қимай, қалай сұраса да атына жуытпады дейді. Сонан соң Тәукелер сойылған малға, қайнап тұрған қазанға қарамай ду атқа мініп, ақбесті атты ұстап алып жүріп кетіпті. Артынан ат иесі Қамза аттандап, сойыл ала шапқан екен, Тәуке саптамасының батмөңкесін атып түсіріп кеткен соң үйіне қайтыпты. Өзі құралайды көзге атқан мерген дейді.
— Ендеше, мынау да сол Тәуке болды, — деді Құсайын.
— Атын ғана алып, адамына тимесе ол бір жақсы екен, — деп бәйбіше терін сүртініп, кең көйлектің омырауын желпініп отырды.
Сонан кейін Тәуке жайында бірсыпыра сөздер сөйленді:
— Тәуке тентек, ер қашқын екен!
— Тәуке өз елінен, жақын-жапсар елден жасырып мал алмайды екен.
— Тәуке біреудің жақсы атын көрсе, берсе қолынан, бермесе жолынан алады екен де кетеді екен. Мініп, арықтатып әкеп, қайта иесіне тастап кететін әдеті дейді.
— Былтыр да бір Керейге кез болып, бәйге атын ұстап мініп, орнына астындағы атын тастап: «Мен келгенше мына атты семіртіп қой» — деп жүріп кетіпті. Артынан келіп иесіне атын қайырып, өз атын алып кетіпті....
— Өздері сауын биесімен, кешке көлік түйесімен ұдайы көшіп жүреді, — дейді...
— Оның қасында Керей Самалық та бар дейді, — деген сияқты сөздер бірінен соң бірі айтылып, Тәукенің ертегісін тәуір-ақ әңгіме етісті.
Сонымен бұл үй иесінің сөзінің аңғарында — жолда бір жойқын жау жүргендігі анықталайын деді.
Ол жаудың Тәуке болуға кәдік екендігі сезіле бастады.
Құсайындарды сусындатып, атын шалдыртқан соң, аттандырып тұрып, үй иесі:
— Жау деп... құдай сақтасын. Кездейсоқ, әмісе кез келе бере ме. Осы алдыңызда көп жемшік, жүргінші кетіп барады. Тезірек соған жетіңіз! — деді...
— Олар қашан өтті? — деп Құсайын тағы қайта сұрады.
— Олар осы жерден кеше кешке жақын жөнелді. Бес жүздей ат, көп жемшік, тартқан жүгі адам айтқысыз.
— Как раз, біздің жүргінші!' — деді Құсайын.
— Ендеше жүгіңізге жете жүріңіз... Жаман айтпай жақсы жоқ, кім біледі, құдай сойқандының бетін әрі қылсын, — деді үй иесі.
— Олар, бұл жерден кеше аттанса, бүгін қайда болар деп ойлайсыз?
— Кемерталдан ұзамас. Жүктері ауыр, өздері тым ақырын кетіп барады...
— Онда біз бүгін оларға жетпейміз бе?
— Әрине, жетесіз, сіздер мен олардың жүрісі тең бе?
— Ендеше, Сатан, атты құзаңқырап айда! — деді Құсайын.
Серікпай ауылына қоштасып Құсайындар жолға түсті. Болшны қағып, қамшыны үйіріп қойып, Сатан баяғы өлеңді ыңырсып, кер жолдағы арба желіске салды.
Қоянды нанын, тәтті, жолың қатты,
Айдаймыз жолға салып арық атты...
Аңдаған арық аттай кеденшілік,
Арқаның арқамызға қатты батты...
ЖАУ
Түс қайта ат жеккен Құсайындар бүгін не қылса да Талдыға жетуге ентелей жүрді. Үш-үштен жеккен алты ат су ішіп аунап алған соң жеделдей бастады. Желпіне тартты. Көсіліп жатқан бұйра бұдырқай елсіз жолдың екі жағы басқан сайын құлазып ойға әлде нені салғандай. Жолаушылар жолдағы қоянды қашыра, торғайды ұшыра, шыбынды быжылдата, аттарын пысқырта қырқадан-қырқаны асып, құлаттан-құлатты басып соғып келеді. Бұлар талай жер жүрді. Жолда жосып жүргіншінің ізі жатыр. Шыбын-шіркей үймелеген жылқының жас тезегі де әлі кеуіп жетпегендіктен жүргіншілердің көп ұзамағандығына көңілдері бекініп, бүгін кешке қалайда жетеміз дегендей.
Күн бесіннен төмен түскенде жолаушыларға жер өзгерейін деді. Жердің шоқат-шоқат қырандығы қалып, үлкен құлат, ойдауыт, шилеуіт тал-талға келді. Сол жағында бір бейіт те көрінеді.
— Кемертал дегені осы еді ғой, — деді Сатан.
— Осы, бірақ мұнда жүргіншілер көрінбейді ғой...
— Бұл өзі бір өлкелеу жер, суы ащы болады, бұл шилеуіт бірқатар жерге созылады. Жүргіншілер болса осы өлкеден бүгін ұзауға қисыны жоқ, — деді Сатан.
— Ендеше, атты көп қышамай жайырақ айда, — деді Құсайын.
Жолаушылар аз жүрген соң күн жағынан бір қараң - қараң көрінді:
— Ау, анау нағылған жылқы? — десті.
— Біздің жүргіншілер осы малда болды. Солардың аттары, — деді Құсайын. Соның арасынша болмады жылқы деген қараның ер-тоқым, үзеңгі тұрмандары күнге шағылысып жарқ-жарқ етті. Жылқы маңында екі-үш кісінің де қарасы көрінді. Құсайын тағы:
— Жо, мыналар ат шалдырып, намаз оқып жатқан жолаушылар екен, — деді.
Ауыз жиып алғанша болмады, әлгі жылқылар құралысып өңшең атты адамға айналды. Алыстан қарағанда қарамы отыз шамалы кісі болып, бұларға қарап жамбарлай, жайыла шапты.
— Жау!
— Келіп қалды!
— Әй, құдай-ай, сақтай гөр!
— Саспа!
Бұлардың бір біріне айтқан сөздері осы ғана. Жау хабарына құлағы қанып, қамданын келе жатқан Құсайын баяғысындай қос ауызды оқтап Сатанға беріп, өзі алты атарын қолына ұстады. Бұл жолы ақ бәкіні қызына беруге мұрша жоқ. Жау жайыла шауып келіп әудем жерге жақындады. Ішіндегі біреуі өзгесіне қылыш сілтеп тоқтатып тастады. Олары сауылдай-сауылдай болып тұра қалысты. Бәрі де қарулы. Екі мылтықтыны ертіп үш кісі бұларға қарай жүрді — мылтық, қылышты көрген соң Құсайынның дегбірі қашып:
— Не де болса, болары болды... Енді тырп етпеңдер!..— деп сасқалақтап сыбыр-сыбыр етті.
Мынау үш кісі Құсайындардан именбек түгіл, шыбын құрлы да көретін емес, батыл бастырып тақау келді. Құсайын даусын күжілдете:
— Кім де болсаң аулақ тұрып сөйлес?
— О, жарқыным, аулақтама. Ел кісісіміз, — деді біреуі.
— Кімсің?
— Жер өлшеушіміз, — деп жақындай түсті. Жуықтап келіп одырайып тұра қалысты.
— Сен бізден қорықпа. Саған тимейді. Біз жер қарап жүрген! — деді үшеудің бірі орыс екен. Қасындағы қылаң атты, қылышты қазақ. Жалпақ күміс белдігі, қолындағы қынсыз қылышы, ер-тұрманы күміс, күнге шағылысады. Ол майдалап қана тілге келді:
— Қай жақтан келе жатқан жолаушысың?
— Қарқаралыдан.
— Барыс?
— Жетісу...
— Сүйегіңіз кім болады?
— Өз жөніңізді айтыңыз!
— Біз Дағанды еліміз. Елімізге мына біреу жер өлшейтін землемірлер шығып, осыларға жер аралатып жүрген жайымыз бар.
Құсайын нанарын да, нанбасын да білмеді. Сүйтсе де қолы алты атарды мықтап ұстаңқырады. Қатыны мен қызы үрпиіп бір біріне тығылып кеткен. Сатанның екі көзі ана кісілерде. Бұлар осылай жөн сұрасып тұрғанда бейіт жақтан бір-екеу келе жатты. Мынау сауылдай болып тұрғандар соларға қарасты, қарасып тұрды да Құсайындарға андыздай жүрді. Бейіт жақтан келе жатқан екеудің алдындағы құла атты оларға қарсы күрс еткізіп мылтық атып жіберді. Құсайын қатыны «алла» деді. Ду жүріп келе жатқан аттылар аттарының бастарын тартып-тартып тұра қалысты.
Тұрқы есік пен төрдей, оқтаудай қатқан жайсаң құланы жайтаңдатып, әлгі мылтық атқан Құсайынға таяу келіп тұра қалды.
— Кімсің? — деді, құла аттың үстіндегі мылтықты, үкі кез, сары кісі.
— Арғынбыз.
— Арғын болсаң Мәди қайда?
— Мәди хабарын анық біле алмадым.
— Окрожной сот билік айтты ма?
— Билік айтады деп еді, мен шығарда. Анығын біле алмадым.
— Әй, ер-ай! Не болар екенсің? — деп құла атты арман қылғандай болды.
— Мәди менің жолдасым! Менің атым Тәуке!
Жолаушылардың ойнап тұрған жүрегі зыр ете түсті.
Ішінен «Тәуке, Тәуке!» — десті. Сөйтсе де сөйлесіп тұрған кісі болған соң бой тоқтатып, қайта «Тәуке» деген даңқы жер жарған талаушыны жақсылап көруге үңілісті. Ішіндегі орысша киімнің үстінен Тобықтының барқыт жағалы жеңіл шапанын желбегей салған, қалпақты, салауатты, атқа тіп-тік отыратын Тәукенің көзі жалт-жұлт етеді. Даусы бейне тас түлек. Ешкімнен именбей, сөзді бұрмай кесек-кесегімен тастап тұр.
— Сен мені естіген шығарсың? — дейді.
— Естіп ем, батыр, қабарыңызды, — дейді Құсайын.
— Ендеше құлақ, естігенді көз көреді. Мен қашқын болғалы тоғыз жылға толды. Мыналардың бәрі де менің сайыпқырандарым. Нәсібіміз түзден. Кәне, бізге берерлік қанша нәрсең бар?
— Бар тұрған бойымызды көріп тұрсыз ғой. Атарба мынау, несін өзіңе алып, несін бізге қалдыратыныңды өзің білесің батыр, — деді Құсайын.
— Олай болса әуелі екі мылтықты бері бер! — деді Тәуке. Анау «инженер» орыс Құсайынға келіп, алты атарды, Сатанның қолынан қос ауызды алды.
— Сен өзің жолаушы екенсің. Атыңды алып жол үстінде жаяу тастамай-ақ қояйын. Кәні бір мың сом ақша шығар!
Құсайын зыр ете түсті:
— Батыр-ай, менің қалтамнан мыңдап ақша шығатын болса, мен үстіп ноғайға еріп тентіреп жүрер ме едім...
— Сен ол мүсәпірсігенді қой! Мың сомға несіне қалжақтайсың?
— Батыр-ау, мен қалжақ қылып тұрғаным жоқ, жайымды айтып тұрғаным ғой...
— Ей, екі айтып езіп тұратын Қарқаралының қырт төресі мен емес. Тінтсек екі арбаңнан әлденеше мың сомдық нәрсе аламыз. Әуелі мына әйелің мен балаңның үстіндегі киімі қанша тұрады? Бірақ не керек, ұзын жолдың үстінде кез келдің. Жас балаларың бар екен. Айдалада қанға бояп өлтіріп, қаңғырығыңды түтетіп қаңғыртып неғылайын?.. Сұраған ақшаны сөзсіз түсір!
— Ақшам жоқ деп тұрмын, батыр, — деп Құсайын жылағандай болды. Тәуке қатуланып:
— Әнені! Қалжағын! Бұларды түнепке істеп жібермей болмайды. Бұр арбаны жолдан! — деді.
Мылтықтының біреуі алдында тұрған Сатан арбасының атын шаужайлап шұғыл бұра бастады. Арба тұрған жердің бір жағы қанау, су еді, арба аударылуға айналды. Арба ішіндегі Құсайынның қызы ойбай салды. Сатан арбадан атып түсіп:
— Тоқтай тұр, әй, тілге келелік. Айдалада жолыққан бір-екі жолаушыны жұлмалауға ерлік көрсетпей - ақ қойындар, әне, батыр сөйлесіп тұр ғой... Бір орны болар, — деп аттың шаужайына жармасты.
Сатанның атын бұрған тікенек сақал, шұбар ұры тоқтап қалды. Сатан Құсайынға:
— Құсеке, несіне тартысасыз. Бәрібір жан қалмайды. Бұл кісіге бар қалтаңды көрсетсеңші, — деді.
Құсайын түймесін ағытып, төс қалтасынан бумажнегін алып батырға ұсынды. Батыр алды да ашып қарастырды.
— Қағаздарың керек емес! — деп, ішіндегі ақшасын алып санады, санап болды да:
— Мұныңмен жарытпадың бізді. Жетпіс алтақ сом ақшаң бар екен...
— Бары сол, батыр, — деп, Құсайын сынық дауыстанып қалды.
— Мә, мынау өзіңе жол расходың, — деп он сом ақшаны қайта салып, қағаздары мен бумажнигін өзіне қайырды.
— Бала-шағаң көп екен. Жолың ұзақ қой. Енді сендерге рұқсат қылалық. Жүре беріңдер! — деді.
Құсайын оған жауап қайырған жоқ. Сыртынан жүні жығылып, көзі жаутаңдап қорыққан сияқтанса да — Тәуке тимей босатып жіберетін болған соң жүрегі орнына түсіп, ішінен Тәукеге кектене бастады. Өзі жәрмеңкені жарып жүрген көпестің даверныйы, Қарқаралының төресі, ел ішінде де, қалада да сөзі жерде қалмайтын адам. Ешкім бүйтіп тізгіннен алып, қалтасын ақтармақ түгіл — қанша Тәуке болса да мына алпыс сомын, қос мылтығын алып тонап тұрғаны — Құсайынға сыймайды-ақ. Бірақ амалы бар ма. Айдала. Өңшең қарулы жау. Қазір Тәуке осы жердегі Құсайынның құдайы. Қанын шашып өлтіріп кетсе де, қатын-қызын рәсуа ғып, таласа да — еркінде. Не қылсын, енді ептеп кету керек...
Құсайын Тәуке сөзінің жауабына сөз қайырған жоқ. «Қош, батыр!» деп те айтпады. Арбаны айдап жолға түсті.
Арбаның жетегіндегі Мұздыбайдан алған торы ат тоғыз қоналқадан бері тапталап жарап келе жатқан еді. Сатан арбаны жүргізуге атты айдап жібергенде торы ат Тәукенің алдынан бұлаң етті.
— Әй, тұра тұр! — деді Тәуке. Құсайындар тұра қалысты.
— Торы атты бізге таста!
— Батыр, ат керек болса, мына алты аттан таңдағанын алып, торы атты қоя беріңіз. Осы балама нағашысы мінгізіп еді. Ырым қылам.
— Жо, болмайды! Атыңа менің көзім түсті! — деп бір жігітін түсіріп, торы атты шештіріп алды. Бұл Құсайынның жанына онан сайын батып кетті. Қап-қара боп түтігіп, ішінен тісін қайрап, тұлап түтіп тілі байланғандай үндемей қалды.
Тәуке:
— Сен мені тонады деп ренжіп тұрсың-ау, ә! Бұл тонаған емес қой. Орыс-ноғайдың бірі болсаң, ең болмаса қазақ болсаң да жүзі бөлек Жетісудан болсаң — тонағанның әкесін сонда көрер едің. Сен қайта ат-лауын аман кетіп барасын.
— Бұл қылған сыйыңызға рахмет! — деп Құсайын кекеді.
— Төрем, сен әлі асау екенсің, сен, бәлкім, ойлайтын шығарсың Тәуке менен именеді деп. Мен сені білем ғой. Сен Қарқаралының қу тұяқ төресінің бірісің. Сенің, атаңның елге қылмағаны бар ма? Саған біз тұз езіп құйсақ та сауап. Сені біржола босатпайтын жерге келіп едің... Жалғыз-ақ менің бір Әділхан деген ұрым өткен жылы Сарлыжақ деген атпен еліңе қолға түскенде соны ешкімге тигізбей атымен қайырыпсың. Сол үшін ғана босатам. Әйтпесе, сен бізге қып-қызыл мал емессің бе? Түбің төре, өзің ноғайдың доверныйысың. Сен қай жақсылығымнан аяды деп ойлайсың? — деп, айналы шақшасын алып ерінің басына тықылдатты.
— Аға, сарқытыңыздан! — деп Сатан алақанын жайды. Тәуке арбаға жанасып келіп Сатанның жайған алақанына насыбай қағып түсіріп тұрып:
— Сен кімсің? — деді.
— Қаракесекпін.
— Қанша аласын, байыңнан айыңа?
— Сегіз сом, киім-тамақ байдан...
— Түк емес. Менің сендей бір жігітім айына жүзден айналдырады.
— Сіздер біреудікін тартып аласыздар. Ә, біз байдан табан ет, маңдай терімізді ала алмай жүреміз...
— Сен бізбен қалсаңшы. Қолынан бермегенін жолынан алатын боласың, — деп Тәуке күліп тұрды. Құсайындар жүруге айналды. Тәуке Құсайынға қарап:
— Алдында енді жиырма кісім бар. Олар сендерді тағы алады, — деді. Құсайын шошып кетті:
— Әке-ау, бізді әркімге талатқанша өзің тонап тыңдымын қылсаңшы!
— Жоқ, алмайды. Мен екі кісі қосып берейін. Сендерді олардан өткізіп жіберсін, — деп қасындағының екеуіне:
— Сендер мыналарды Самалықтардан өткізіп жіберіңдер! — деді. Өзі Құсайынға:
— Е, төрем! Егер мен улықтың қолына түссем осы нәрселеріңді сұрар ма едің? — деді.
— Сіз қолға түспейсіз де, біз сұрамаймыз да ғой, — деп Құсайын жауап қайырды. Бірақ сөзінің зілі «әттең, ондай атты күн болса» дегендей еді.
— Сонда көрермін, сенің төрелігіңді! Бар, жолың болсын! — деді де Тәукелер жолдан бұрыла тартты. Торы ат жау жетегінде тайтаң қағып шыға берді. Тәукенің өз нөкері Тәуке артынан кетті, Құсайындар жөніне тартты.
ЖОЛ СОҚТЫ
Қабақтары салбырап Құсайындар жолда келеді. Алдарында Тәукенің қосып берген екі адамы. Жолаушылар Талдының бойын өрлеп, бес-алты қырқаны асқанда бір тасадан жиырма шақты өңшең қарулы адамдар бұларға қарай саулай жүрді. Тәукенің адамдары олардың алдынан атой беріп беріктерін былғап, «келме» дегенді білдірді. Өздері солардың алдынан шығып аз сөйлескен соң тосқауыл жау Құсайындарды бетімен жіберіп, жайына кетті. Бойларын тоқтатып жолаушылар өзара сөзге кірісті.
— Бетім-ау, қаптап кеткен не деген жау еді, — деді Құсайынның әйелі.
— Құдайдың бұл итті кез қылғанын қарасаңшы, — деді Құсайын.
— Осы жолға сенбі күні шықпалық дедім саған, — деді әйелі.
— Жоқ нәрсені уайым қылмаңдаршы, қайта Тәуке бізге тиген жоқ, — деді қызы.
— Тимегені осы ма, қалтамызға шейін қағып қалды, көзіңнен шыққыр, жолың болмағыр, — деді әйелі.
— Өзінің де құны басынан асты. Көп ұзамай тері - тарамысын алдырар! — деді Құсайын.
— Не қылғанмен өзі бізге кісілік қылды. Өйтпегенде бізді анау қасындағы өңшең ұрылары аямайтын еді, — деді Сатан да сөзге кірісіп.
— Кісілігі құрысын, мылтығым мен торы атыма ішім ашиды. Асқанға бір тосқан болар, бәлем, — деп Құсайын күндердің күнінде Тәукеден үміттенгендей болды.|
Жолаушылар, әрине, атты құзап айдады. Өйтпеске ! күн кешкіріп барады. Жер-дүниенің бәрі жасырынған жау сияқты көрінеді. Бұлар бұлаң құйрықпен жүріп келе жатып, өңшең өлген аттың үстінен шықты. Қарға қаңқылдап, сауысқан шықылықтап, қара құс үймелеп, шыбын-шіркей быжылдап жатқан он шақты аттың өлігі маңайды сасытады.
— Мынау нағып қырылып қалған жылқы!
— Ой, мына жатқан көк ала, ана күнгі пұшық жемшіктігі ғой! — деді Сатан.
— Иә, иә, сол. Бұған не болған?
— Мынау қасқа торы да солардікі.
— Ана құла биені қара. Бұ да өліпті. Құсеке, қараңыз, анау жатқан анау күнгі Кенжебек дегеннің астындағы шауқар шұбар. Сұмдық-ау, бұларға не болған?
Құсайын, Сатан арбадан түсе қалып өлген жылқыларды таныды. Бәрі де бұлардың жүргіншілерінің аттары болып шықты. Аттардың кейі бауыздалып, кейі жараланып, арам өліп жатыр. Тері-тарамысын да алған кісі жоқ. Іші кеуіп, маңайды мүңкітіп кеткен. Жол бойы шашылған дүние, сынған арба, домалаған қарамай шелек, қостың ағашы, тағы басқа солар сияқты елі-бұйымдар тіпті рәсуа болып қалыпты.
Бұлар іштерін тартысып, ілгері қарай аттарын қаттырақ айдасты.
Құсайындар кешкі қоналқаға Түксиген деген жерге жетті, осы жерде түнеп жатқан көп жүргіншінің үстінен түсті. Келе жөн сұрасты. Бұлар Жетісу байларының Қояндыдан қосылып қайтқан қостары болып шықты. Мұнда Қапал, Сарыағаш, Ақсу байларының он шақты көпесінің жемшігі, малы бар екен. Қазақ байларынан Дәрменқұл, Мұса, Мұқамбетжан, Ералы тағы басқалармен бірге орыс, ноғайдан Сүлеймен, Сыдық, Бүкір, Жәкір, Ақметжан, Бәдір, бұйра Бөске, Абырам тағы бірнеше байлардың жүгі, малы үйме-жүйме болып осы арада түнеп жатыр екен, Шалматайдың қосы да осынан табылды. Ол өзі қасында екен, Құсайынның алдынан шығып:
— Жау жолықпады ма? — деді салғаннан.
— Жолықты ғой.
— Қалай аман кеттің?
— Аман емеспіз. Екі мылтық, бір ат, жеті жүз сом ақша алып қалды...
— Қайта тимеген екен! Ат-арба, киім-кешегің өзіңде көрінеді ғой, — деп Шалматай ежелден ішінен атысқан дұшпанына өлім хабарын естіртетін кісідей шікірейе сөйледі:
— Кеше Талдының бойынан біз ертерек жүріп кетіп едік. Біздің арт жағымызда сендердің жүктерің қала беріп еді. Бізден кейін соларға жау тиіпті. Кім екенін білмейміз, өңшең қарулы, көп кісі дейді. Атыс болып... Әйтеуір кісі аман. Жүктің бәрін талап, аттардың өлтіргенін өлтіріп, алғанын алып кетіпті. Сіздің жүргіншілер осында бізбен селбесіп келеді. Анау от көрінген — солар, — деп бір қосты көрсетті. Құсайын соларға тартты. Жүріп бара жатқан Сатанды танып, Шалматай:
— Е, жолдым сен екенсің ғой! «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» — деп байдың талаушысы сенің қай туысқаның екен, біле алмадың ба? — деп Сатанды кекеді. Сатан да жауабын тіке беріп:
— Біздің туысқанымыз, батыр Тәуке екен. Сіздерге қалай кездеспеді екен! — деп жүріп кетті. Сөйткенмен, Сатанға Шалматай біз тілін бір сұғып қалды. Оның «Менен шығып ноғайдың байына барғанда абиырлы болдың ғой» дегенді айтқаны еді. Әркім өзі шыққан тауын биік көреді. Қашаннан бақ күндес байдың жол соқтыға ұшырағанда айтып тұрған табасы Сатанға недәуір батты.
Құсайындар келгенде жүргіншілері улап-шулап қарсы алды
— Талап кетті...
— Масқара болдық...
— Әйтеуір жанымыз қалды...
— Сұмдық екен! — деген сияқты аһлап, уһлеген жаяу жемшіктер, малшы-құлшылар кісі өлгендей шулады.
— Не қалды сендерде? — деді Құсайын.
— Тып-типыл қып кетті...
Жайланып отырысып, сұрастыра келгенде қара қосшы Бейсенбай мынаны айтты:
— Қояндыдан шығып өздеріңізден айрылған соң-ақ біз мына байлардың жемшігіне жетуге күн-түн демей жүріп отырдық. Жолда жау бар, ұры қабынып тұр дегенді де естідік. Бұрнағы күні кешке Талдының бойына түсте келіп түсіп едік, мына байлардың қосы жаңа жөнеліп барады екен. Біз түстеніп алып жүрмек болдық. Қапыл-құпыл шай қайнатып ішіп, атты жегіп жөнелгелі жатқанымызда жау тиіп берді. Жетпіс шамалы кісі мылтықты тарсылдатып, тұтқынылдап соқтыққан соң есіміз шығып кетті. Біз де мылтық атып, қайрат қылып көріп едік, сатырлатып сойыл, қылышпен қолма-қол араласып кетті. Әрқайсымызды әр жерде топылдатып қуды да шықты. Бізді тегіс иіріп қойып, өздері жүкке кірді. Ішінде бір құла атты, он екі атар мылтықты сары кісі бар. Сірә басшы сол болса керек. Жігіттерін арбаға отыртып тиеген жүктерді сол күйінде жүргізіп кетті. Жүкті жүргізіп жіберіп әлгі сары кісінің айтқаны:
— Кім де болса, байына сәлем де, сендерді кім деген жау алды десе — Арқаның батыры — Тәуке мен Самалық деңдер. Бізден законын да, ақшасын да аямайтын болар... Онсыз да өзіміз үкіметке керекті адамбыз. Бізді тоғыз жылдан бері керек қылады... Біздің осындай көп үстінде еншіміз, байлардан аласымыз бар адамдармыз, — деп жүрді де кетті.
Мұнан кейін Құсайын да өз көргенін айтып, Тәуке талауға ұшыраған Шаяхмет байдың өңшең доверныйы, қосшы, қойшы, жүкшілері басына түскен бақытсыздыққа бірге қайғырысты. Енді елге қалай жетудің уайымына түсті.
Байлардың қосы бір-біріне кісі жіберіп, ойбай, көшелік десіп, асқан бақыр, қазанын босатысып, у-шу боп түнделете жөнелісті.
— Аягөзге жеткенше қауіп қалмайды — десті.
Екінші тарау
АҒЫН
Ертіс, Ертіс енеміз,
Елден аңсап келеміз,
Жаздай өлең айтамыз,
Күз жалаңаш қайтамыз.
ЖОЛЫҒУ
Мамыр айының басы. Көк әлі шыққан жоқ. Жел соқса жерден шаң шығады, сыпырынды ұшады. Әсіресе қаланың пристань жағындағы қыстайғы үйілген сыпырынды көп бұрқырайды. Осы уақытта соғатын салқынды қырдағы ел «Құралайдың салқыны» дейді. Бұл арық-тұрақты тоңдыратын суық жел.
Соққан суық жел пароходқа жүк салып болған жүкшілердің кейбірінің жыртық, киімдерінен өте соғып бүрсеңдетеді. Желдің лебі күн батардағы Ертістің қара көкшіл суын жыбырлатып бұйраландырады. Бүгін түстен бергі Ертіс бетіндегі осы бір қалыпты суретті жыртып пристаньнан бір пароход жолға шықты.
Келе жатқан пароходтың аты «Светлана». Түтіні бұрқырап, кешкі әуені дірілдете, алып нардай боздап пароход судың ығына жөнелді. Ертістің екі жағы қарауытып барады. Пароходтың алдыңғы тұмсығында ұзын құрықты құлаштап қорғасын сақадай аласалау, орнықты қара жігіт даусын соза-соза:
— Два!.. Два с половиной! — деп айқайлап келеді. Бұл судың тереңдігін құрықпен өлшеп отыратын наводчик қызметіндегі жас матрос Мәмбет еді. Пароход қаладан ұзаңқырап шыққан соң арнаның ортасындағы өзінің дағдылы жолына түсті. Пароходтың қалай жүретіндігіне жөн сілтеп әр жерден атойлап тұратын судың ортасына жағылған шамшалар пароходтың бетін наводчиксіз де нұсқайтын болды. Мәмбет әлгі су өлшеп айқайлауынан босап, құрығын сүйеп қойып, пароход тұмсығына отырды. Оның екі көзі суда, ойы әлдеқайда...
...Мынау үлкен өзен, күні-түні тоқтаусыз аққан су асығып қайда барады? Су кім үшін ағады? Өзен осы ағысымен неге ұқсайды? Бір аққан су қайтпайды... Әлде адам өмірі осы сияқты ма?
Ал, мынау пароход — адамның жасаған өнері. Бұл осынша ауыр жүк, толып жатқан адам, шойын қазан, құймалы темір машиналар — осыларды су қалай көтереді? Мынау пароходты боздатып судың үстінен жүргізіп қойған өнерге не дауа! Шіркін бәрін оқу табады, өнер табады-ау...— деп өзеннің төсін қақ жарып келе жатқан пароходтың жүзуіне көзін тігіп, көңілін әлдеқандай бір ойларға шырматып отырған Мәмбеттің арт жағынан біреу келіп «Ап!» деп құшақтай алды.
— Өй, ақырын! — деп Мәмбет ала көлеңкеде келіп құшақтаған адамның бетіне қарады. Қарады да:
— Өй, сен қайдан жүрсің? — деді.
— Мен де осы пароходқа орналаспақшымын! — деді Мардан.
— Шын айтасың ба, ей? — деп Мәмбет қуанып қалды.
— Шын, жаз шыққалы жұмысқа кірмей осы пароходқа кірсем деп күтіп едім. Пароходтың капитаны бір жұмысқа алайын деп уәде беріп жаңа пароходқа отырғызды. Ертең сәті болса мен де сен сықылды жұмысқа кірсем керек, — деді Мардан.
Мәмбет пен Мардан бірқатар жыл өткелі көріспеген жолдастар. Бұлар екеуі екі дуанның жігіті болғанмен бұдан бірнеше жыл бұрын бір жерде жұмыс істескен, бір бақырдан дәм татысқан тату жолдас еді. Барнаул қаласынан Алтайға қарай салынған шойын жолдың жұмысына ел жігіттері қостап барғандағы пайдашылардың ішіндегі жасы кішілері осы екеуі еді. Онда бұлар бір жаз бірге болысты. Сонан кейін бұл екі жолдастың екеуін екі жаққа қуған жоқшылық, жалшылық бұлардың бастарын қайтып қостырмаған. Бір-біріне хат салып, хабар алыспақ түгіл, өлі-тірі екенін де біліспеген. Жай-жайына кете барған. Міне, содан бері бұлар осы пароходтың тұмсығында түн жамыла жолықты.
Мәмбет пароход тұмсығында суға құрық салып айқайлап тұрғанда Мардан оны сыртынан көріп таныған еді; Мәмбет жұмыстан тоқтаған соң Мардаң әдейі мұның қасына келді. Мәмбет те Марданды тосырқамай таныды. Екеуі бұл жолығыста мәз-мейрам болып қатты қуанысты. Екеуінің етене болып әңгімелесуіне де уақыт жайлы еді.
Мардан Мәмбетті көптен көрмеген. Оның үстіне сасық қаладан құтылып жаңа ғана пароходқа отырған Марданға аққан су, жүзген пароход, сағынған жолдас қандай қызық? Көңілі көтеріліп, көзіне ұйқы келер емес. Ал, Мәмбет түнгі наводчик, ол бүгін түнде осы отырған орнында таң күзетуге тиісті. Бұған да Мардан келгені жайлы тиді. Екеуі де қайдағы-жайдағыны сұрасып ұзақ-ұзақ әңгімеге кірісіп кетті. Тегі жақында, жолдас жақын ғой!
Бұлар көп сөйлесті. Көп сөзбен бір-бірінің қайда болғанын терісті. Темір жол, пароход, қаладағы жүрістерінен көп әңгіме айтысты. Аяғы, әңгімені айналдырып әйелге әкелді.
— Сен қатын алдың ба? — деді Мәмбет.
— Жоқ, құдай бұйрығы болмай тұр...
— Құдай бұйырса алуға ниетің бар екен ғой?
— Батыр-ай, о не дегенің? Қатынсыз қаңғып жүріп не боламыз?
— Қазір бізге қатынның керегі жоқ. Қатын жігітті күл қылады.
— Қалайша?
— Қатын босқа келмейді, малға келеді. Ол мал біз сықылды кедейдің қолында жоқ. Бір қатынды алу үшін оған кемінде отыз-қырық қара керек. Ол малды «табам» деп жұлынымды қуратар жайым жоқ...
— Ал, сонда сен не айтпақ боласын? Тегі кедей қатын алмасын ба?
— Алам дегенмен кедейдің шамасы келмейді.
— Олай емес. Тесік моншақ тіпті жерде қалмайды. Әйел, еркек болып жаралған соң оның өз теңі болады, — деді Мардан.
— Өз теңіне қосылу дегеннің өзі кедейге қол жетпес қиын емес пе. Кедейдің өбі өміріне қатын қайғысында өтетіні аз ба? Қырыққа келген жалшылардың біреудің бесіктен белі шықпаған қызына аяғын шырмап, жылына бір қара тауып беріп — өмірі жалшылықта жүретінін сен жақсы білесің ғой. Ал, бір үйде үш-төрт жігіт болса — әсіресе солардың үйленуі қиын. Міне, осыдан ойлағанда орыс халқындай өсе алмайтынымыз көзімізге көрініп тұрған жоқ па? Орыста біздегідей қалың мал жоқ. Қыз бен жігіт еркін ер жетеді, бір бірін ұнатып үйленеді. Одан бала-шағасы болады. Орыстың деревнясындағы мұжықтың үйі қаптаған бала болмай ма, әне олардың өсімталдығы біздей болмағандықтан...— деді Мәмбет. Мардан өз сөзін өрге айдады:
— Кедейлер кезінде үйлене алмаса да өсімнен қалмайды. Қатын алмаса да жалшыларға ешкім күйек байлап қойған жоқ. Байлар көп қатын алады, қызығын малшы-жалшы көреді... Бай қатындарының некелі байларымен қатар, жасырын байлары, ойнастары болады. Оның көбі әлгі бойдақ кедейден шығады. Сөйтіп, дүние шіркіннің өзі барын жоғына жамап, тесігін толтырып келе жатқан жоқ па?
— Ол рас қой.
— Рас болса, айтып отырғаның не? Кедей есімге араласпайды деген әншейін сөз. Қатынсыз кедейдің көретін күнінің көбі-ақ күйек асты болады. Байлардың қатындарының, келіндерінің тауып жатқан балаларының көбі-ақ әкесі — есігіндегі жалшы-құлшылары дер едім мен, мұны бұзаубас молдаша «яғни» деп айтсақ байлардың әкелері кедейлер — дер едім мен.
— Жоқ ол сирек болады.
— Жоқ, ол сирек болмайды.
Мардан, Мәмбет осы сөзге таласып қалды. Мардан бір нәрсені дәлелдеп Мәмбетті сөзге жығуға дайындалған оймен Мәмбеттен сұрады:
— Сен айтшы, осы менің сыртқы пішінім қандай?
— Сенің пішініңді мен айтсам — байдың қойшысы көп мінген жауыр, құйрығы шолақ, жайлаушы қара өгізі болса — сен, тақ солсың.
— Жоқ, сен менің қызмет тартып арығанымды айтпа. Әйел қызығарлық қанша пішінім бар, соны айт.
— Мен саған қызыққан әйелдің «көзіне ақ түссін» дер едім. Алдымен, бет пішінің сүйкімсіз. Жүні шала жидіген тесік қауға сықылды басың, ит көзің, өгіз аузың... Кірі жуылмаған өңез сабаның мойны деп мойныңды айтар едім. Қолың — түйенің тірсегі, әйел шошитын бір сасық, күлімсі иісің бар... Егер сені шешіндірсе, жүні жұлынған қара бура деуге келеді. Расында өзіңнен түйенің иісі келеді...
— Ендеше, аузы жымпиып тұрған сенен гөрі, байдың ақ саусақ сұлулары мені тәуір көреді. Осыған лажың бар ма?
— Өтірік айтасың, сені нағылсын?
— Өтірік десең — осы пароходқа от жағып келе жатқан Қаракесек Тағар кочегардан сұра. Ол менің дәл бүгінгі бір шатағымды біледі...
— Ол не шатақ? — деп Мәмбет қалжыңды қойып ентелей түсті. Оған бір қызықтың басы қылт ете түскендей болды. Бірақ Мардан оны Мәмбетке айтқысы келмей, кергуге салды. Мәмбет айтшы-айтшылап Марданға жабысты. Мардан біраз керігіп отырып, Мәмбет жалынып қоймаған соң бүгінгі болған шатағын айтпақ болды. Бірақ қалай айтарын, қайдан бастарын ойлана бастады.
Марданға бұл әңгімені айтуға итеріп отырған себеп — Мәмбетпен таласындағы жалшылардың әйел алу, үйлену, өсімге араласуы жайында болғандықтан бұл өзінің өткендегі жалшылық өміріне үңіле бір қарап өтті! «Өзім әлі жалшымын ғой» деп еткен өмірінің өкше ізіне үңілгенде жас күніндегі керген азабы, жүрген есігі, күліп сөйлескен әйелдері есіне түсті. Ол осыларды еске түсірумен астындағы пароходтан, қасындағы Мәмбеттен алыстап әлдеқайда қаңғып қырға кетті. Ертіс өзенінен ұзап Баян тауының бауырындағы еліне барды. Бала күні, басынан кешірген өмірі — түндегі жанған шам сәулесіндегі күңгіттелген Ертістің өзеніндей жөн тартып, өмірдің ащы-тұщылары пароход айырған судай салдырап, ағындай құлдырап оның көз алдынан өтіп жатты...
ЖЕТІМ ЖАЛШЫ
Мардан Баян тауында туған. Сүйіндік дейтін елдің шашырандысы. Ол күнде Шідерті болысы, руы Сары атанады. Ауылнай шаңырақ ақша жиғанда бұларды Майқара деген ауылдан іздейді. Әкесі Жақып жасында өліп қалғандықтан, Мардан ол әкесінің бет-аузының қандай екенін де білмейді. Кейін-кейін Мардан ел біліп, ел аралағанда әр үйден ұшыратқан қималы ожау, сырлы саптыаяқ, оймышты тегенелерді көргенде:
— Мынау Жақып марқұмның қолы еді, — деп айтатындықтан әкесінің ағаш шебері болғанын ғана біледі. Ал, шешесін емескі-емескі білетін сияқты. Ерні жарылып кеткен ожырайған қара қатын Марданды айналып-үйіріліп сылп-сылп сүйіп отыратын. Сол шешесі де көп тұрмай Жақып марқұмның соңынан қаза болды. Сөйтіп, Марданның соры ерте қайнады.
Ол жетім қозы болып Машайдың қорасының шетінде қалды. Маодан Машай есігінде күл шұқып, итпен бірге сүйекке таласып, күшікпен бірге қаспаққа жармасып, басы қайызғақ, қарны қабақтай, шүметейі салбыраған қара бала болды. Жел қуған түйе қарындай үйден-үйге домалап өсті...
Мардан осы есікте үш-төрт жыл жан сақтап қара табандыққа жетті. Қыс суыққа қатып, жаз ыстыққа пісіп өскен қара бала қозыға сабақ болған соң Машай Марданды қозымен бірге өргізді. Қозы соңында ол екі жыл жүрді. Ал, үшінші жыл Машай мұны қойдың, соңына салды. Онда ол талай аштықты, сөгісті, қасқырды, боранды басынан кешірді. Бірақ тірі адам тіршілік тепкісінде күннен-күнге пісіп қата берді.
Мардан Машайдан шығып Едіге дегенге де жүрді. Едіге бір аузын қу шөппен сүртіп отырған қу шөміш адам еді. Мардан онда ішсе тамаққа, кисе киімге жарымады. Едігенің қатындары оны шөміштен қысып талай-талай ашықтырды...
Едігенің есігінде жүрген Мардан бір күні қойдың бірін қасқырға жегізді, Едіге оны ұрып-соқты. Болады. Мардан мұны кек қылып одан да кете барды.
Сол жылы Барнаулдан Алтайға қарай салынатын жолдың табысы жер жарған. Елдің кедей жігіттері бұл жолдың хабарын естіген соң-ақ, үйінде отыра алмай әр жерден құралып, жолдастасып солай тартқан. Міне, сол шойын жол жұмысына кетіп бара жатқан көп жігітке Мардан да еріп кетті.
Пайдашылар бірнеше күн жол жүріп, қалың ағаштың ішін қақ жарып салынып жатқан жолға барды. Қазақ жігіттеріне жер қазу жұмысы тап болды, міне, осы қасында отырған Мәмбетті Мардан сонда ұшыратқан. Бұл екеуі де жасырақ болғандықтан, жігіттер бұл екеуін де қос қарауылға қалдыратын. Бұлардың істейтіні қос қарауылдайды. Отын тереді. Су әкеліп, жігіттерге тамақ қылады. Мардан отыз жігіт шай ішетін үлкен шәугімді көтере алмайды. Оны кетерде жігіттер су толтырып мосыта асып беріп кетеді. Мардан жігіттер келгенше шайды бүлкілдетіп қайнатып қояды. Мардан Мәмбеттен екі жасы үлкен. Ол кейде жер қазу жұмысына да кетіп қалады. Кейде қоста қалған күні Мәмбет жанына келіп, не Мәмбет оның жанына барып, екеуі етене болып әңгіме соғады, кеште жігіттер жұмыстан шаршап жатқанда да бұл екеуі не ол қоста, не бұл қоста төсекті қатарласа салып күңк-күңк сөйлесіп жатады.
Мардандар жұмыстан қар жаумастан бұрын қайтты. Елге қайтқанда Мардан жанында жиырма бес сом ақша болды. Қалтаға түскен ақша Марданды масаттандырып, өзін өз алдына тұратын ақшасы бар кісі сияқтандырды. Оның ойынша: енді қайда барса да ерікті. Базардан тілегенін сатып алуға болады.
Осы ақшамен үйге келген соң ағайындардың Марданды қадірлей бастағаны да байқалды. Марданды әр үй шайға шақырып, жылы ұшырайтын болды. Әсіресе Марданды бауырына тартқан Садық атты бір бардам ағайыны еді. Ол келгеннен-ақ Марданды үйіне шақырып, өзінің ақшадан дүкер болып тұрғандығын Марданға білдірді:
— Ақшаңды мал қылып қой! Жиырма сомын маған бер... Саған жаз шыққан соң бір бесті беремін...— деп Садық жылпылдатып жиырма сомын алып та қойды. Қалған бес сомын Марданның келгенін аңдып жүрген ауылнай сап ете түсіп әкесінің книгадан өшпеген үйіне «шаңырақ ақшаға» деп ол әкетті.
Сөйтіп, Мардан қолына жиылған ақша аз күннің ішінде тарап та бітті. Ақшасы біткен Марданға енді өзгелер онша жылы ұшырайтын да болмады. Айнала ақырындап салқындап, баяғы ақшасы жоқ күйдегі қалыпқа таман түсе бастады. Ақырында Мардан ауылда сорайып бос жүре алмайтын болған соң, қысқа қарсы жүретін адам іздеді. Мұны күні бұрын жоспарлап қойған Садық Марданға жабыса кетті:
— Қайда барасың, байғұс, биыл біздікінде бол. Айына серкеш берем. Киім-тамақ менен. Қой бағасын...— деді. Мардан қолына таяқ алып, Садықтың сары ала шолақ сақ төбетімен бірге қойдың соңына түсті.
ҚОЙШЫНЫҢ ҚОЙНЫНДА
Міне Мардан Садық байдың жігіті. Ол бас білігі атаншадай жұмысқа көндім, икемді. Қойды жая келіп, кешке суды құя келеді. Кейде түнгі жылқының күзетінде де кетіп қалады. Садық бай анда-санда қала шыққанда оның көшіріне отырып аттарды да жақсы жүргізеді.
Жаз да шықты. Қар кетіп, қара жер көңірсіп, күн шуақтап тұр. Бие құлындап жатыр, боталаған түйе боздап үйден шықпайды. Мардан күнде өрістен қозыны арқа-арқа қылып алып қайтады. Сиыры туған үй уыз қатырып, үлпершек асып отыр. Садық ауылы қыстаудан аулақ шығып қонып, иттердің жүні додаланып түлей бастады. Үйдің жанына бақан құрып, жанат шиден жасаған үйшікте қозылар қазаға ұшыраған қазақ аулындай шулайды.
Байдың аулы кеп қойын кіші бесіннен саууға кіріседі. Ауылға қой келгеннен-ақ көрші-қолаңнан жиылған он шақты әйел бір-бір шелекке итіне мініп, қой саууға отырады. Төрт-бес жалшы, қыз-келіншек зыр жүгіріп қой сауғызады. Бұл байдың екі бой жеткен қызы, бір келіні бар. Байдың баласы Мұқаш мырза мұрнынан әлі манкасы жиылмаған ерке. Ол келіншегінен гөрі шешесінің жанында отырғанды тәуір көреді. Оның келіншегі Сақытай, екі иінін жұлып жейді. Екі бетінен қаны тамып, бота көзі жаудырап үлкендерден ұялып бетін ашпайды. Қызыл желегінің ұшын шолпысымен бірге беліне қыстырып, күміс кебісі сарт-сұрт етіп, қозы ағытып, қой саудырады. Сақытайдың бұлаңдап олай-бұлай өткеніне Мардан екі көзін айырмай, кейде аңырайып қарайды да қалады.
Ымырт. Кешкі сауыннан қозысын ертіп жайылып шыққан қой қайтып, қораға иірілді. Жалшылар, жастар шуласып қойдың қозысын үйшікке тасыды. Марданның алдынан ақ құстай бипалап Сақытай келіншек қозы қуды. Мардан да естен айрылып келіншекпен бірге жүгіріп кетті. Алдынан қашқан қозыны бастырып қуып Сақытайға ұстап берді. Сақытай риза болып жылмиып бір қарап қойды. Мардан «ақысын бересің бе?» деген кісіше Сақытайдың мықынынан бір қысып қалды. Оған келіншек ұрыспай, назданған дауыспен:
— Кет, қағынғыр, Құдайбергенге айтам! — деп қапал үре берді.
Бір күні Садық келіншектің байы Құдайбергенді өзімен бірге қалаға әкетті. Келіншек отауында оңаша. Ол өзінің кестелі төсегіне ақ тайлақтай ғана шөгіп жеке жатыр. Күн ауыл болғандықтан үйдің бір жағында астына ескі сырмақ төсеген Мардан ұйықтайды. Бүгін күндегідей қораның шетіне жатуға, әрине, қисыны жоқ.
Ұзақ таңға келіншекте ұйқы жоқ, төсекте уһлеп тышқақ болған жылқыдай дөңбекшиді.
Әне, келіншек далаға шықты. Күн ашылыпты. Бұлт тарапты. Ай сүттей жарық. Сақытай аспанға біраз қарап тұрды. Ай тым әдемі, ақ келіншекке ұқсайды. Ол да бұрын оң жақтағы қыз болып, құда түскен соң ұзатылып, бір ауылға келін болып түскен тәрізді. Ай айналасы көп жұлдыз — келіншек түскен ауылдың адамдары сияқтанды. Айды айналған төңірегіндегі көп жұлдыз қанағаттандырмайды. Көп жұлдыздың ішінен бір жұлдызды таңдап тұрған секілденеді. Ол қай жұлдыз болды екен? Зәуіде, әне, әне біреу түкпірде тұрған қызыл жұлдыз болар. Сол екен! Қадала қараған көзге ол тым отты. Әне, ай сол жұлдызға қарап жымыңдаған жоқ па?.. Иә, иә, жымыңдады ғой... оны жұлдыз да құшағын жайып, өз қасына шақырып ым қаққан тәрізді емес пе? Жоқ Айдың өзі Сақытайға: «Кет тезірек, түн тыныш, тезірек үйге кір!» — деп қасын қағып ымдап қалған жоқ па? Солай ғой...
Сақытай үйге кірді. Кірді де есінеп, есік алдында көп тұрды. Тыста мал күйсейді. Үйде қойшы қорылдайды. Одан басқа түн тыныш. Қойшы қорылдаса, алып бір күш аунап түскендей. Ол қаннен-қаперсіз жатыр. Оның демі түндікті желпілдетіп, үйді қозғалтқандай: ол бір түгесілмес күш, тәтті уыз сияқты...
Сақытай төсегіне бармай көп тұрды. Аяғын бір басты. Және басты. Ақырын басып, қорылдап жатқан қойшының қойнына Сақытайдың білезікті қолы кірді. Ыңыранып барып қара қойшы аунап түсті... Келіншек қолы қойшының тамағына тиіп, бет-аузын сипалады. Маңдайын, шашын сипап отырды. Қозғалып, қойшыға жан кірді:
— Бұ қайсың? — деп ол дүңк ете түсті.
— Мен ғой, ақырын...
— Сақытаймысың?..
— Ақырын сөйле!..
«НЕГЕ МІНЕСІҢ?»
Уа, күндер-ай! Мардан мәз. Бұрынғы ер қашты болып кеп мінілген тұғырдай аяғын баспайтын қара қырсау қойшы енді көңілденіп кетіпті. Бар дүние — мал-мүлік, әке-шеше, ақ отау, ақ келіншек өзінікі сықылды. Құдай бақ бермесе де жігіт болып жаралғанына қатты ырза. Қойды саудыра жүріп, қозыны ала жүріп Сақытайды мықындап қояды. Үй оңаша болса да, суға барса да кездескен келіншекті құшақтап, арсалақтап қалады. Марданға бұл бір мұрат. Сақытайға қолы тисе тар дүниесі кеңіп сала береді. Келіншек те Марданға бейілін салып жіберген. Тек ығын тапқан жерде қойшыны құшақтап қалуға ол да қапысын іздеп тұрады.
Бара-бара осы екеуінің қылығы өз арасынан асып өзгеге сезіле бастады. Оның да, мұның да көзіне түсіп қалысты. Әсіресе, көрші отырған Күзембайдың Дәметкені көріп қойғаны қиын болды. Ол байдың қатындарына асқан жарамсақ. Соларға жағыну үшін ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылып бәйбішеге жеткізбесе іші жарылып кететін көрші. Мардан мен Сақытайдың жыртақтап тұрғанын Дәметкен дәмдеп отырып бәйбішеге жеткізді. Бәйбіше байына сыбырлады. Бай аузын басып Марданға шұқшиятын болды. Бәйбіше келіннің сары ізіне шөп салды...
Міне бүгін кеш. Мардан жылқыны құдықтан суғарып жіберіп, Құдайбергеннің көк дөненін мініп ауылға келді. Бұл келіс есіктің алдында керіп тұрған байдың жанына тиді. Мынау жалшы, баласы Құдайбергеннің иығына шығып, бай аулының аруағың қорлап тұрған сияқтанды. Садық қабағынан қар жауып, тұлан тұтып, отауға түсіп, дөненді байлап жатқан Марданды шақырды. Бай мен Марданның қашан соқтығысарын күтіп жүрген ауыл қарай қалысты.
Мардан байға келді. Бай зәрін шашып:
— Иттің баласы, бұл дөненді неге мінесін? — деді.
— Енді нені мінейін? — деп Мардан нығыз жауап қайтарды. Бай Марданның бұл керден сөзіне күйіп кетіп жерде жатқан бақанмен қайқайып кеп салып та жіберді. Марданның бақан тиген иығы салдырап, өзі салбырап жүре берді.
Садыққа қарсыласар дәрмен онда жоқ. Тек есік алдынан ұрып жіберген итке ұқсап қаңқ етті де, көзінен жасын тамшылатып, көк дөненнің қасына келді. Артынан арсылдап Садық келіп жылқышының ер-тоқымын жұлып тастап, жүгенін сыпырып жіберді. Кек дөнен босанып жылқыға тартты. Мардан ер-тоқымын жаяу арқалап, дөненнің артынан сүйреліп жылқыға кетті. Ол кетіп бара жатып артына бір бұрылып қарағанда, түйе шегеріп жүрген Сақытай Мардан жаққа қарап тұр еді...
Сонан кейін Мардан Сақытайды қайтып көрген жоқ... Ол кейін Сақытай сүзектен өліп қалыпты дегенді естіді...
Мардан сол бойымен жаяулап жылқыға келіп, күндегідей жылқыны күзеткен жоқ. Садыктың сары тіс болып қалған жуан тоғыр ақ бақай атын ұстап мінді де «Кереку қайдасың» — деп түнделетіп тартып кетті...
Міне осы өмірдің барлығы да Мардан көз алдынан бес-он минуттің ішінде жалт-жұлт етті. Өткен өмірдегі көрген істің бірі бұлдырап, бірі сылдырап алдындағы өзеннің суындай аққан соң соларды шолып отырған Марданды Мәмбет тосып отыр еді:
— Ой, енді қашан айтасың? — деді.
Мардан әңгімеге кірісті:
ӨГІЗДЕН АЙРЫЛДЫМ
О бір жылдарда... Мен Садық деген байдан қашып Керекуге келдім. Оның ақбақай атын мініп келіп ем, сатып жібердім де киім-кешекке қарық болдым. Базардан көріп жүріп қисық табан етік, бешпент-шалбар, көйлек, дамбал сатып алып сірестім де қалдым. Жамбасыма ақы төлеп керуен сарайға жатам. Асханадан мәнті жеп, қызыл бұйра шай шығартып, шекер тістеп ішем де күні ұзын базарды қыдырам. Ақшам бар, жұмыс іздеп пароходқа күнде барам. Пароходқа алмайды, орын жоқ. Қайтып базар келем, үйімде жатам, анда-санда ат ойыны — циркке кірем...
Сонымен бірталай уақыт өтті. Садықтан хабар болмады. Онда менің жиырма сомым және жарты жылғы жал ақым қала берді. Оның бір аты менде кетті. Пароход ілгері, төмен күңіреніп келіп жатады, кетіп жатады. Бірақ маған орын жоқ. Не пәтері, не ішер тамағы жоқ кісіге жалғыз аттың қалған ақшасы қаншаға жем болсын, қалтам қағылды. Бешпент, шалбарды да, етікті де базарға қайта саттым. Оны да ішіп, жеп барам. Енді далбастап қора-қорадан жұмыс іздейтін болдым. Біреудің құдығын аршыдым, біреудің қорасын тазарттым, бір ноғайдың сарайын жаптым... Бірақ оның барлығы да аужар болмады. Күнде тапқанымды күнде тақ-тұқ өткізіп жеп қоям. Бір күн жұмыс тапсам, үш күн қарап отырам. Көбінесе уақытым базарда, Ертістің жағасында өтеді. Қаланың шетіндегі Байұзақ жатағына келіп, қаңғып жүргенімде Үсейін дейтін алыпсатарға кезіктім.
Үсейін алыпсатар — есек құрты мұрнынан түсіп тұрған саудагер жатақ. Қылмайтын кәсібі жоқ. Артельдесіп Алтайдан кесілген ағашты Ертіспен ағызады. Керекуге ағаш қат. Бұл қалаға келетін ағаштың бір - сыпырасы осы Үсейіндердің пәдіретінен келеді. Осындай сал ағызған кәсіптен ағайынды Асайын, Үсейін көп пайда тауып тұрады. Оның үстіне бұлардың Ертіс бойындағы тоғай елінде Үшқамыс деген жерде егіндігі, шабындығы болады. Бұл кәсіптер Үсейіндердің бір қауырт шаруасы болса, күнбе-күн қалада істейтін кәсібі және бар. Ол күн шықпай шайын ішеді де, қылқың етіп Керекудің базарында болады. Онда мал алады, тері саудалайды, астық өткізеді, — әйтеуір, базарда екі өкпесін аузына тістеп делдалдық қылады...
Үсейінді осылай деп жатақтардан естігенмін.
Үсейін мені көрген соң базарға түскен тоқтының терісіндей де саудалап уақытын кетірмеді. Сөзді кесетіп айтты:
— Әзірше даладан тезек тересін...
— Сонан соң?
— Онан соңғыңды көрерсің...
— Қанша жүрем?..
— Екі ай.
— Қанша бересіз?
— Жататын орын, тамақ байдан...
— Болғаны ма?
— Киім-кешек ауысармын.
— Сол ма?
— Айына үш сом... Мақұл десең тұрасың... Егер мақұл демесең ықтиярын. Жолын әне! — деді.
Мен тынысым тарылып, тыпыр ете алмадым. Үсейін менің ділгер болып тұрғанымнан пайдаланып, «көнсең сол» деген кісідей сырт айналып жүріп кетті. Мен «мақұл»деп кірмек болдым. Бай мені қорасына ертіп тері-терсек, жабағы, елтірі жиған кілетіне кірді де:
— Міне, әзірше жатып тұратын орның осы ара. Мынау ат-арба, мынау өгіз арба, су таситын бөшке мынау... деген сияқты менің қолыма берілетін жабдық саймандарымен таныстырып өтті.
Ертеңіне өзімнің міндетті жұмысыма кірістім, байдың атын суғарып, арбасын жегіп, тауықпен бірге түрегелген Үсейінді базарға жөнелтіп, «әзірше теретін тезекке» кететін болдым. Қорап арбаға қызыл шолақ өгізді жегіп қырға кеттім.
Қаладан ұзап шыққан соң Ертістің қыры қалын қара тезек екен. Байлардың жәрмеңкеге, жан-жаққа айдалатын малы Керекудің осы жағына түнеп, кетіп жататындығын Үсейін ұғындырған. Олай-бұлай ағылып жататын жемшік, жүргіншілер де осы жаққа көп түседі екен. Өгізді отқа қоя беріп, тезек теруге кірістім. Асықпай теріп, арбамды әбден толтырып, қызыл шолақ өгізбен аяңдап, Үсейіннің қорасына қайқайма арба тезек тартып келдік. Үсейін бесін намазына дәрет алып жатыр екен.
— Тезек қалың ба екен? — деді.
— Тезек бар, — дедім.
— Тағы барып қайт! — деп қойды.
Міне, менің күндегі күнім осы болды. Ертемен тұрамын. Жеңімді сұғамын, белімді буамын. Байдың атын суғарамын. Жем жегізіп, жегіп беремін. Шайын ішіп болған соң бай базарға жөнеледі. Мен қызыл шолақ өгізді қорап арбаға жегіп, қойныма нан тығамын да тезекке кетем. Тезек қалың, кейде күніне үш әкеліп төгемін. Күнде кешке Үсейін шақырып алып есеп алады:
— Бүгін неше арба тезек келді? — дейді.
— Не «екеу», не «үшеу» — деймін.
— Ертең арырақ бар! — деп қояды.
Сонымен Үсейін тезегін екі ай теріп жүрдім.
Қорап арбамен тышқанша тасылған тезек Үсейін қорасының бір жағын алды. Үсейін оны күнде көріп қояды. Үлкен лапастың астын көрсетіп:
— Осыны толтырасын ғой! — деп мезгейді.
Шілденің ыстық уағы. Радаван қорап арбаға тезекті толтырып қалаға қайтып келе жатырмын. Өзім ұзақ күнге далада күн қағып, шаршап шөлдегем. Біраз тынығып алуға ниет қылып, қызыл шолақ өгізді өзенге бұрып, жағаға қойдым да өзім суға түстім.
Мен суға түсіп жатқанда қызыл шолақ өгізге оқыра тиді. Өгіз өз басына күн туған соң маған да, тезекке де қараған жоқ, шолақ құйрықты пұштаңдатып, арбаны салдырлата атқылап жөнелді. Мен судан шығып киім кигенше ол тоғайға кіріп жоқ болды. Апалақтап артынан жүгіріп едім, ілесе алмай кез жазып қалдым. Күн ыстық, жер шаң. Сан-сапалақ ерсілі-қарсылы өтіп жатқан адам. Өгіздің беті қала еді. Аз жүгірген соң өкпем өшіп, ұшып жығылдым. Тілімді тістеп, тынысым бітіп, үйге келген шығар деп қалаға келсем, егіз жоқ болып шықты.
Кешке шейін қарадым, таба алмадым... бір адам көрмейді.
Бай түнімен зықынып иығымнан түскен жоқ.
— Тал түсте жүріп өгізден айрылдым дегенге кісі сене ме, — деп қояды. Оны қай ниетпен айтатындығын сұрауға менде дәрмен жоқ - Бәлкім «ұрлады-ау» деп ойлайтын шығар...
Ертеңіне өгізді Үсейін де, мен де іздедім. Ай далада бір өзектеу жерде қирап жатқан арбасын тауып алдық. Үсейін өгізі біржола жоғалды.
ЕГІН БАСЫНДА
Өгізін ұры алып, тезек тасу тоқталса да Үсейін жұмысы азайған жоқ. Оның Үшқамыс деген жерде қыруар егіні, шабатын шөбі бар екен. Пішен шабылатын мезгіл жеткен соң Үсейін үйін бөліп Үшқамысқа көшірді. Егін басына көшкен оның Күлзейне деген тоқалы. Бұл қатын жылда осылай егін-пішенге келіп тұрады екен. Керекуден ертемен келіп, кешке жақын Үшқамысқа келіп қондық. Үсейіннің тоғай бойындағы араласатыны Жүніс деген бір малды адам. Үсейін кешіп келіп Жүністің ауылымен араласа қонды. Ол ауыл келген күні үйімізді тігісіп, кешке мал сойып, ерулікке шақырды. Ертеңіне Үсейін тоғай бойының күндеп шөп шабатын кедейлерін жинап, 7— 8 жігітті пішенге салды. Мен солардың қақ ортасындамын. Ертіс бойын құлаштап, Үсейіннің шөбін шауып жатырмын...
Жүністе үш қыз бар. Үлкені Қалиман, Дөненбай дегенге беріп отыр. Бұл жолы астаудай боп діңкілдеп піскен қыз. Онан кейінгі екі қызы да бой жетіп қалған. Олардың да күйеулері келіп жүр. Қыздар істейтін жұмыс жоқ, іші пысып, шөп басынан шегірткеше секіреді. Қыздардың қайсысы қолыма түссе де аяйын деген ойым жоқ, тек жөні келмейтін шығар деп бойымнан қорғанам.
Менің істейтінім жұмыс. Қара қайрат менде мытым. Жеті-сегіз жігіт жарыса шалғыға түскенде біріне де шалдырмаймын. Қатар түсе қалған жігіттер жолын айдап паектың басына барғанда, мен покосты қайырып жарты жолда келе жатам. Тоғай бойының жігіттерін күрескенде қырғи тигендей қылам. Менімен біреуі де бел ұстаса алмайды. Шөп басында, өзен бойында, кешкі ауылда әлдеқалай бір күрес бола қалса алысқан жігіттерді ағалап шығам. Ат үстінен аударыссақ та мені аларлық жігіт жоқ. Тартқан көкпарда, жаяу күресте, ат үстіндегі аударыста көбінің көзіне көрініп, тоғай жігіттерінің жүрегіне тиіп тастағам. Менің осы қара қайратым ауыл арасында ауызға ілініп, маған бірқатар абиыр біткендей болып та қалған екем. Сол себептен болу керек, тоғай бойындағы қыз, келіншектер де мені елей сөйлейтін болды.
Күн қатын бесін еді. Ертіс бойының елі жиі отырады. Жиі ауылдың ішінде Жүністің жылқышылары, балалары тегіс жабылып бір асау сұр қасқа атты ұстай алмай жүр екен. Қашағанның мойнында бес құрық жүр. Жүніс; ауылының жігіттері бір-бір атқа мініп, жылқыны шырқ иіріп шу-шу етеді.
Сұр қасқаны қамалап келіп, өңшең жаяулардың асаудың мойнындағы құрыққа бесеу-алтауы жабылып қалды. Мойнын ішіне тартып ышқынып асау жөнелді. Асаудың артындағы құрықтан ұстаған бес-алты жігіттің әрқайсысы әр жерде бөрікше домалап қала берді. Олар сүйтіп, сұр қасқаны ұстай алмай ет асым әуре болды. Күлзейне екеуіміз есік алдында тамашалап отырдық.
— Сені Жүкең шақырады, — деген соң сонда келдім. Мен келген соң киіз сақал Жүніс бай:
— Мына антұрғанды сен ұстамасаң мынау жігіттердің бәрі де шегіртке боп кетті, — деді.
Мен мықты қайын құрыққа қыл шылбырдан бау тағып алдым да өзгелерге:
— Маған таман күргейлеп қайыра беріңдер! — дедім.
-- Аттылар құр-құрлап, қоғамдап жылқыны иірді. Сұр қасқа көпке шейін жылқыға жоламай әуре қылды. Жылқының қабатына жасырынып ұрымтал жерді бақылап тұрмын.
Бір мезетте жылқы маған қарай бір жапырылып кетті. Сұр қасқа оңтайыма келіп қалған екен, тышқанға тап берген мысықтай ырғып қалдым. Құрығым қасқаға сарт ете түсті. Тартып қалғанымда қашаған қояндай бұлт етіп қолыма келді. Бес құрықты салдырлатып қарғып-қарғып қойды. Бауыздамнан бір бұpaп, өзіме таман тартып қалғанымда ұршықтай айналып алдыма күрс ете түсті. Аспай-саспай:
— Жүгенде! — дедім. Өзге жігіттер құлақтап жүгендеуге кірісті. Ауыл жаққа қарасам, Қалиман маған қарап қалған екен. Ал үстінде алдына бала алып тұрған Жүніс жаныма келіп:
— Жарайсың, жігітім. Үйге жүріп қымыз іш! — деді.
Жүністің үйіне келгенімізде қыздардың шешесі бәйбіше де қатты ырза болып қалған екен, жалма-жан аяғын шайып-шайып бір шара қымызды ұсынды. Құлағымды қайшылап салқ-сұлқ жұтып аяғын өзіне ұстата бергенімде үйдегі үш қыздың көзі менде еді. Ауыл-аймағымен жайылып мені мақтап кетісті...
Үйден шығарда Қалиманға бір қарап жөнеліп ем, жақсы көзімен мені есік алдында тұрып ұзатып қалды.
Жүністер сұр қасқаны алып бір топ кісі қалаға жөнелді. Мен не де болса «кірейін» деп ел ұйықтаған соң Жүністің үйіне келдім. Жүністің алты қанат ақ үйі бар еді. Есігі берік екен, айналдырып аша алмадым. Ақырында үйдің іргесін көтеруге тура келді. Іргені ептеп көтеріп жақын келіп келісапты іргеге қоя салдым да, астынан жыланша жорғалап үйге кірдім. Қыздың жатқан жөні осы-ay деп сипалана-сипалана келсем, Қалиман тырайып ұйықтап жатыр екен. Қасына қисайып жантая кеттім... Ақырындап оянып, өзім екенін сездірген соң Қалиман қарсы болған жоқ, қасына алды... Сөйтіп, мен көптен құмарланып жүрген қыздың қойнына кірдім. Ал, жалшы әйелге жарымаса бұ не? — деп Мардан Мәмбетке сөз тастады. Мәмбет:
— Жарығанда сен оны алдың ба? — деді.
— Алмасам да алғандай болдым... Сонан былай Қалиман екеуіміз жақсы болып жүрдік.
КҮЛЗЕЙНЕ
Шөп шабылды. Шөмеле жиналды. Астық орылды. Қырманға үйілді. «Ендігі қалған астықты өздерін, бастыра бер» деп Үсейін асығып қалаға қайтты. Үсейіннің тоқалы Күлзейне үлбіреп отырған қара көздің өзі.
— Әттең сені-ай! — деп уһлеп, көрген сайын көкірегім қарыс, айрылатын.
Бай кеткен күні Күлзейне ет асты. Бір үйде екеуіңіз-ақ. Байдың шіренген тоқалы, өне бойы асылға малынып отыр, жүрсе-тұрса хром етігі сықырлап, жібектері судырайды. Иісіп бұрқыратып жұпар сабынмен ғана жуынады. Үстіне әтір құйып аңқиды да отырады.
— Әттең сені-ай! — деймін ішімнен.
Күлзейне жатарда жұпар сабынды бұрқыратып езіп, шашын жуып отырды да:
— Қайным, басыма су кұйып жібер десем намыстанасың-ау,— деді. Мен ұшып түрегеліп:
— О, не дегеніңіз, жеңгетай, басыңды өзіме ұсынатын болсаң, несі намыс? Сенен аяған қызметімді ит жесін, — деп жуына алмай жатқан құманды қолынан алдым.
— Ондай болса, тәңір тілеуіңді берсін, құйып жіберші! — деп тарқатылған жібектей қара шашын жез легенге салып жұпар сабынды бұрқыратты. Оралған ұзын қара шашты салалы саусақтар бір жазып, бір жиып жуып жатыр. Аршылған жуадай ақ мойны жұп - жұмыр екен, күмістей қос құлақты шебер зергер ойып орнатқан ба екен деймін... Басына суды құйып тұрып:
— Құдайдың құдіреті, Күлзейне жеңгей, — дедім.
— Немене? — деп тыңдай қалды.
— Осы сізді жақсы көріп жүргенім...
— Қой, қағынғыр!
— Жоқ, жеңгетай, сізді ішім жақсы көреді. Тегі сүйкімдісіз ғой... — деп ұрсар ма екен деп күтіп тұрдым...
Күлзейне оған ашуланған жоқ. Тек:
— Қағынғырдың ойын қарашы, құй, онан да көзіне қарап!.. — деп қойды.
Ішім жылып сала берді.
Түн. Қазақ үйдің сыртынан қара жаңбыр сылбырлап құйып тұр. Жатарда түндік тауып, тысқа шығып келсем Күлзейне маған көрпе төсеп, жастық салып қойыпты. Мұндай төсек бұл есікке келгелі маған тиген емес. Мұны неге жоруға білмей жымыңдап келіп төсекке жата бердім. Шамды өшіріп Күлзейне жатты. Ол да, мен де ұйықтай алмай жатырмыз. Мен анда-санда жеңілдеп қана жөтеліп қоям. Күлзейне де кроватын сықырлатып аунап-аунап түседі. Бір мезетте нар тәуекелге салып, мен:
— Күлзейне! — дедім.
— Ау, — деді.
— Мен тоңып жатырмын...
— Сен тоңбасын деп төсекті жылытып салып ем ғой.
— Жылы болмай жатыр. Жалғыз кісінің жылуы болмайды екен...
Күлзейне үндемеді. Тағы біраз уақыт етті. Менің әлгі сөздерді айтып қалғаным, оның маған жайлы төсек салғаны менің бетімді ашып, батыл қыла бастады. Мен тағы тыныш жата алмай:
— Күлзейне! — дедім.
— Ay, — деді.
— Нанар болсаң мен қатып қалдым.
— Қатсаң маған қайт дейсін?
— Қасыңа барсам жылынар едім.
— Жылына ғой... — дейді.
Мен жылжып келіп, Күлзейненің көрпесін ашып қойнына кірдім де, жұпар сасыған тамағын иіскеп жатып қалдым...
Сол түннен кейін Күлзейнемен арамыздан қыл өтпейтін тату болдық. Бір-бірімізді көрмесек сағынысып тұрамыз. Бұл достығымыз маған да, оған да жайсыз тиген жоқ. Үсейіннен алыс, оңаша жер, жеке үй. Екеумізден басқа кісі жоқ. Мен Күлзейненің жалдап алған жігітімін. Менімен оның арасынан ешкім күдіктенбейді. Түн болды-ақ, есікті тарс бекітіп таң атқанша қызыққа батып жатамыз. Бар тамақ менің аузыма ұсталады. Kір-қолымды да жиі жудырып тұрады. Өзім Үсейін үйінің иесі сияқтанып көңілім көтеріліп кетті. Күлзейне кейін Үсейін келген соң:
— Мына Марданға неге етік алып бермейсің, жалаң аяқ обал болып жүр, — дегенді де айтып қойды. Әлі мен етігімді сатып жібергем ғой. Осыны құлақ қағыс алып ертелі-кеш айтып қоймаған соң Үсейін қонышы сірі, басы былғары бір етік те алып берді. Сөйтіп, жақын жерден жан ашыр табылып тамағым сыйлы, жаным жайлы болған соң Үсейін шаруасын жапыра істеп жанымды ортаға салып жібердім білем, қырмандағы қыруар астықты жауын-шашынға ұрындырмай бастырып алып, қалаға қайта көшіп келдік...
Пароход бұл уақытта бір пристаньға келді. Мардан мен Мәмбет әңгімені үзіп айналаны қарауға кірісті. Пристаньда көп тұрмаған пароход қозғалған соң екеуі бұрынғы орындарына қайта келіп отырысты.
«МЕН СЕНДІК!»
— Сонан әрі не болды? — деді Мәмбет.
Мардан жайлап «сонан әрі не болғанына» түсті:
— Мен сол жылы Үсейінде қыстадым. Үсейін маған ақы берген жоқ. «Ақы керек, ақша керек!» — деп мен де тықақтай қоймадым. Өзім өгізін жоғалтқан жалшымын. Тамағым тоқ, көңілім көншулі. Күлзейне тоқалдың алақанында өстім. Маған не керек? Бірақ түбін ойладым, ойладым да: жазға салым Үсейіннен кеткім келді: алып жатқан ақым жоқ. Үсейін сатып алған құлынша жұмсайды. Тек әйел үшін, тамақ үшін жүре берудің өмірі ұзақ болар ма? Бір күні не Үсейіннің, не бәйбішенің көзіне түссек быж-тыж болатын тұрмыс емес пе? Маған өнімді кәсіп іздеуге керек қой деген қорытындыға келдім де, бұл ойымды алдымен Күлзейнеге айттым. Күлзейнені құшақтап отырып:
— Күлзейне, — дедім.
— Әу, — деді.
— Мен енді сендерден кетемін.
— Қайда кетесің?
— Жаз шыққан соң пароходқа кіремін.
— Жоқ, кетпе, осында жүре бер.
— Не үшін жүре берем?
— Мен үшін жүре бер...
— Сен үшін жүре бергенде сен маған қатын боламысың?
— Жоқ... Өстіп жүре береміз.
— Өстіп жүре беруге жөні келмейді ғой, мен жалшымын. Сен байдың қатынысың. Екеуміздің арамыз жер мен көктей. Біздің тіршілігімізден ештеңе шықпайды.
— Жоқ, мен атағым Үсейіннің қатыны демесең өзім сенікі емеспін бе? Айтшы, кәні, құдайыңа қарап...
— Ендеше маған біржола ти.
— Тигенім осы емес пе?
— Тисең менімен бірге жүр.
— Жоқ, сен ешқайда кетпе, менімен бірге осылай жүре бер.
— Ол болмайды, Күлзейне. Бір күн болмаса бір күн біз тері-тарамысты алдырамыз. Егер біздің бір қылп еткен қылығымызды Үсекең біліп қойса, мені тура қапқа салады. Сен оны жақсы білесің. Жоқ мен кетемін...
Күлзейне жылады. Мен оның көз жасын сүртіп уаттым:
— Сен жылама, біз құдай қоспаған адамбыз, — дедім.
— Жоқ, мен сенен айрылмаймын, қайда кетсең де бірге кетем...
— Шын айтамысың?
-— Шын айтам, мен сендік!
Толғап-толғап келіп, ақырында әйел де менімен бірге кететін болды. Мен Күлзейнеге қатты риза болып құшақтап отырып:
— Пароход келген соң сені салып алып кетем, — дедім. Тоқал бетімнен сүйіп қойды.
АЖАЛДЫ КИІК АДЫРҒА ШЫҒАДЫ
Бір күні күн жұма еді. Үсейін қаланың мешітіне намазға кеткен. Онан шығып, шақырған бір байдың үйіне тағамға бармақ. Үсейін кетерде, «сені шақырған жерге мен неге бармаймын?» — деп Күлзейне жанжал шығарған. Бірақ бай Күлзейнені ертпеді. Күлзейне осыған ерегісіп, бай кеткен соң жемде тұрған екі атты көшебай шанаға жектіріп, мені көшірге отырғызды. Мен шанаға отырған соң артыма қарап:
— Қайда барамыз? — дедім.
— Мұзға тарт, жорға салдырамыз, — деді.
Кереку байларының бір тамашасы — күнде кешке жақын мұзға жорға салдырады. Қаланың байлары әсіресе мейрам күні құтырып кетеді. Жексенбі, жұма күндері жорғалы бай үйде отыра алмайды. Күлзейне екеуміз қаланың ортасындағы үлкен көшенің бас-аяғына аттарымызды қуалап, олай бір, былай бір титырағын салдырып өттік. Бізге барлық жан қарап қалған сияқтанды. Сол күнгі жауған ақша көбік қарды бұрқылдатып Морозов магазинінің алдына келгенімізде Күлзейне «тоқтай қал!» — деді маған. Жорғаларымыз жұлқынып тұра қалды. Күлзейне дүкенге кірді де кетті. Біраздан кейін Күлзейне қайтып шықты. Шыққан соң шанаға отырып Ертіске қарай ызғытып көп кеттік. Көшенің екі жағындағы жан көзін сатып бізге қарап қалысты-ау деймін.
Біз келіп Ертіске түскенде халықтың алды мұзға жайылып қалған екен. Өзен мұзында он шақты шана ерсілі-қарсылы жорғаларын бездіріп жүр. Қамшыны бұлаңдатып, қарды бұрқыратып қосылып көп кеттік. Әйдәй, несін сұрайсың! Ертістің өріне кеттік, ызғытып төмен ақтық. Үстінен су төгілмейтін жорғаның мандасы, көбік қар жауған мұздың үстіндегі жеңіл шананың сырғағы — бұлдыратқанда бетіне жел соқтырмайды. Жан біткеннің көзі бізде.
Бара-бара жорға саны көбейді. Бұл қалада бірден бір алданыш осы мұзға шана салу болғандықтан кешке жақын қаланың ішінен шықпаған кісі қалды деуге болмайды. Қараушы халық қара құрыққа айналды.
Біздің жегіп жүрген аттарымыздың біреуі сарқасқа ат. Бір кезі соқыр, жасында жануарды қасқырдан кім айырып алғаны мәлімсіз. Шапқанда құйрығы көтеріліп кетеді де, қолының тыртығы үдірең қағады. Ал енді бір атымыз буырыл. Оның өзі лакса кәрі. Қарны салбырап, белі қайқайып, мойны төтенше ұзарып кеткен. Жорғасын салдырғанда ылғи төпелеп отырам. Осы екі атымыздың екеуінің тойтырақ жорғасы бар. Бірақ оны қатар жүргенде қырсау буырыл сүйретіліп тіпті еркіндетпейді. Біз Үсейін алыпсатардың осы екі атын тырқыратып мұзда қуып жүрміз. Жан бізге тамаша қылып қарап тұр.
Жорғаны күн батқанша салдырдық. Аттарымыз да ақ көбік болып пысқырына бастады. Сарқасқаның соқыр көзінен тер саулап, басы-көзі қыраудан көрінбейді. Буырылбайдың іші кепкен тәрізденеді. Анда-санда бізге қарап бір жаман жел шығарады.
Күлзейне қалтасынан бір орамал, бір сабын шығарды да:
— Бағана, мынаны саған берейін деп Морозовтың дүкенінен алдым. Сабынмен жуынып, орамалмен сүртініп жүр. Бүл менің саған ұмытпасқа бергенім. Мен енді саған жоқ!
Мен аңырып қалдым. Бүгінге шейін Үсейіннен кеткенде Күлзейнені алып кетемін деп жүретінмін. Ол үмітімнің күлін көкке ұшырған Күлзейненің мына сөзін естіген соң дағдарып тұрып-тұрып:
— Ол не дегенің, Күлзейне? — дедім.
— Мен саған осында жүре бер деп тілек қылып едім, сен көнбедің, кетем дейсің... Мына мұз түсуге енді көп қалған жоқ. Сонан соң мен сені де, Ертістің осы мұзын да көрмеймін ғой...
— Е, сені мен ала кетпеймін бе?
— Жоқ, мен кете алмаймын.
— Неге? Айтысқан сөз, алысқан қол қайда, Күлзейне?
— Жаным-ау, өзің ойлансаңшы... Мен осы тұрмысымды тастап басыңда үй жоқ, бауырыңда қазаның жоқ сенімен қай жаққа қаңғырайын? Сен мені өзің азар снятый пароходыңа мінгізіп қалай қатын қыласың? Мен Үсейінде байым жеке тимеді демесем, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда емес пе?.. Мен осы тұрмысымды бұзып...
Мен сол уақытта ат шанамызға қарадым. Расында сары қасқа соқыр аты бар Күлзейненің «тұрмысы» жақсы сияқтанды...
Күлзейне сөйлеп келеді:
...Қаңғыруым ақылсыздық болмай ма? Онан да біздің бір-бірімізді ұмытқанымыз жақсы. Бүгіннен былай мен сенен, сен менен күдер үзіскеніміз мақұл ғой, Мардан, — деді.
Мен төмен қарап салбырап тұрып қалыппын. Бұл күнге шейін Үсейіннің үй іші өзімдікі сияқтанып, далаға далақтап жүргенім есіме түсіп, Күлзейнемен өткізуді ойлайтын өмірді ит жеп қойғандай көңілім быж-быж болып меңірейіп қалған екем.
— Жаным, сен мұңайма, бақытың жоқ болса да өз басың жас қой. Тепсең темір үзетін қайратың бар. Өнер тауып, адам болып кетсең, сенің жолыңа кім шығып келіпті. Кел, күнім, кәп ойлама, еткенге салауат, келешекке үлкен үміт; кел, жаным, Ертіс ененің үстінде сүйіскеніміздің сірге сыярына бетіңнен бір өбейін, — деп мұз үстінде құшақтап тұрып, бетімнен сүйді. Мен оның бетінен сүйдім...
Күлзейне ішінен шері тарқағандай болып:
— Енді бәрі де бітті, үйге қайтсақ та болар, — деді. Мен ауырған кешірдей солбырайып екі атты өзеннен бұрдым.
Ертістің қабағындағы қалың кісіге шыға келгенімізде атымыздың шаужайын Үсейін ұстай алды.
— Тоқта!..
Тоқтадық... Үсейіннің өңі күнге кепкен ешкінің терісіндей көгілдірленіп кеткен, бізге қарай ырылдаған ит көзденіп үндеместен өзі шанаға отырды. Менде артыма қарау жоқ... Артымдағылар да маған бір ауыз жауап қатпайды. Болдыруға жақындаған екі атпен сүйретіліп келіп қақпадан кіргіздім, Үсейін шанадан түсті де маған таяп келіп таяғымен көзіме шұқып тұрып:
— Атада нәлет, тұзына тышқан сабака! Қазір қақпадан шығып кет! Қайтып менің көзіме көрінбе! — деді. Өзі Күлзейненің артынан үйіне кіріп кетті.
Менде үн жоқ. Үсейін айтарын айтты. Маған оны орындаудан басқа жол қалмады. Ас үйдегі киім-кешегімді алып қақпадан шығып кеттім. Бұл ымырт еді. Бабай буырыл мен сарқасқа соқыр солықтап доғарусыз қала берді.
КІМДІКІ ДҰРЫС?
Басқа ұрған балықтай сандалып көшеде қалдым. Қайда барарымды өзім де білмеймін. Жолда келе жатып ойлаймын:
— Күлзейне байғұс неге ұшырап жатыр екен? Әлгі менің көзіме шұқыған таяқтың тарсылында тулақ болып жатыр ма екен? Бәйбіше қалай табалап тұр екен? Ә? Алла бейшара-ай! Ендігі көрген күнің не болар? Әлгінде ғана мұздың үстіңде «осы тұрмысымды бұзып...» деп ең- ау, сол тұрмысын, енді қанша рахат болар екен?..
Әлгі, мен Үсейіннен ешнәрсе ала алмай кеткенім бе? Менің онда бір жылға жуық ақым бар емес пе? Ақым сол күйінде күйіп кеткені ме?Жоқ, сұрайтын күн туа ма, маған? Әй, Үсейін, енді бір тиын бермес! Аттының аяғын, жаяудың таяғын алған қу ғой... Әлі мен одан ақы алмақ түгіл, ол менен тезектен жоғалған өгізін төлеттіретін аңғары бар екенін де анау күнгі бір сөзінен байқауға болмады ма? Рас, рас, ол мені қайта әзір аман жіберді. Алмақ түгіл аман кетіп бара жатқаныма мың шүкірлік... деп ішімнен тынышталам.
Көшеде қаңғырып жүріп Тағардікіне келдім. Ол менің сырымның ине-сабақ жібіне шейін біледі. Күлзейнені алып кетпек болғанымды да Тағарға түйдіргенмін. Ол ақылына салып «мақұл, алып кетеміз» деген Тағар мені жұбатып:
— Қалса атасының төрі! Қатын жолда, бала белде! — деді. Мұнысы маған біраз қайрат та болды.
Сонан кейін Күлзейнелер тұратын қотыр қала көшесіне баспадым. Күлзейнені маған құдай жазбаған шығар деп көңілімді суытып біржола күдер үздім. Ақырын Тағармен бірге пароходтың келуін күттік.
— Бітті ме, сонымен? — деп Мәмбет сұрады.
— Бұл әңгіменің аяғы бүгін ғана бітті. Ол былай, — деп Мардан тағы созды, — Бүгін мен осы пароходпен кетуге Тағармен бірге дайындалып жатқанымда Күлзейне маған қашып келді. Мен оны таң атқалы Тағардікіне тығып қойдым. Өзім ешнәрсе көрмеген кісі болып, ұзын күнге осы пристаньда жүрдім. Үсейіннің адамдары әлденеше рет осы пристаньға келіп-кетіп жүрді. Соңғы пароход жүрерде жаңа Күлзейнені үйден шығардық. Апыр -топырда пароходқа мініп кетелік деп келе жатқанымызда жолда Үсейіннің таз күйеуі — Әбірәшит алыпсатар бірнеше жігітпен аңдып тұр екен, бізді ұстай алды. Мен оны жағасынан алып лақтырып жіберіп едім, қасындағылары аттандап жабылып берді. Үсейіндер де жақын бір-бір қорада бекініп отыр екен. Сол жерде тұс-тұсынан қаптағаны ғой. Мен жалғыз өзім жанжалдасып, Күлзейнені олардан айырып алып кеттім. Оны пароходқа мінгізуге Тағарға тапсырып жіберіп, өзім аналармен жұдырықтасып қалдым. Ертістің жағасында алакөлеңке уақытта маған жабылған көп ит сықылды өңшең алып -сатардың бірін олай, бірін былай терідей сілкіп жүргенімде, қаладан полицейский келіп, араласып қалды да, мен қашып пароходқа шықтым. Үсейін полицейскиймен табанда сөйлесіп жіберіп, пара берді білем, Күлзейнені полиценскийге шығартып алды.
Пароход жүріп кетті. Тағар екеуміз артымызға біраз қарап тұрдық. Үсейіндер Күлзейнені жылатып, бажылдатып, жаяу айдап үйіне қайтты... Вот, Мәмбет, мен, әлі саған келердің алдында пароходқа осындай жанжалмен мінген едім, — деді Мардан.
Мәмбет әңгіменің бас-аяғын барлап, ойланып отырды. Мардан күліп:
— Біздің бағанағы таласымызға сен енді жеңіліп мойындаған шығарсың? — деді.
— Неге мойындаймын? Бәрібір сен Күлзейнені ала алмадың ғой, — деді Мәмбет.
— Ала алмағанмен ала жаздап қалғаным анық емес пе? Егер Күлзейне сөзін ерте ұстатып, күні бұрын қам қылғанда біз онымен бірге осы пароходта келе жататын едік. Тақ осы жерде өзімізбен сөйлесіп, мынау өзенге қарап отыратын еді.
— Сөйтсе де, түртініп емген жетім қозы тоймайды. Күлзейнені сен ала алмағаның — кедейдің көбінің қатын алуы қиын екендігін айғақтайды. Сен, сөйтіп, әркімнің қолынан анда-санда бір дәм татумен көп өмірің қатынсыз өтеді, менің сөзімнің растығы сол, — деді Мәмбет.
— Сөйтсе де Күлзейне менен буаз қалды ғой...
— Саған онан не пайда? Ол сенің балаң болмайды, Үсейіннің баласы, Үсейін сен ойлағандай ол тоқалды ұрмайды да, соқпайды да, қайта екі қабат болғанына қуанады. Сенің бізді білмеді дегенің де, бәлкім, бекер шығар, Үсейін Күлзейнемен екеуіңді білсе де үндемеуі мүмкін... Өйтпесе, сенімен оны неге егін басына оңаша тастайды?
— Ол бала менікі болмаса да, оның әкесі мен екенімде дау жоқ... Күлзейне Үсейіннен бала таппаған тоқал. Тегі, Үсейіннен бала болмаса керек, оның бәйбішесі де бұшпағы қанамаған кісі. Тоқалды да ол бала үшін алған алыпсатар. Бірақ маған Күлзейне тимесе де мен Үсейінді балалы қылып кеттім. Сен менімен қанша даулассаң да менің бағанағы айтқан «бай көп қатын алады, қызығын жалшы көреді» дегенім рас. Мен көріп жүргенде өз байына түгел тиіп тұрған тоқал көргенім жоқ. Кей байдың тоқалдары, келін-қыздары жарқылдап жатпен жүруге жөні келмеген соң, жатып атарлық қылып, жемін жалшыдан тауып жейді. Мен Күлзейнелермен, Сақытай, Қалимандармен істес болсам, мен жалғыз-жарым емеспін, көптің бірімін. Ондайлар ел ішінде көп болады.
— Сен қалай айтсаң да «бай қатын алады, қызығын малшы-жалшы көреді» дегенге қосылуға болмайды. Сен көптің бірі емессің, ілуде біреусің. Егер сен тұрмыстағы шын ақиқатқа қол қоятын болсаң — «жалшы жұмыс қылады, қызығын бай көреді» дегенге тезірек көнер едің. Міне бұл көптің басындағы нәрсе...
Бұлар осындай «пәлсепелерімен» түн ортасы ауғанша отырды. Көп әңгіме сөйлесті. Көптен көрінбеген екі жолдас көрген-білгендерін терісті. Екеуден-екеу түнгі пароходтың тұмсығында етене болып, ішіндегі сырларын ақтарысты.
Пароход түнді жарып, қараңғылық астындағы күңгірт өзенге бір қалыпты сарын беріп, ілгері кетіп бара жатты...
ЕЛ МЕН ЕРТІС
Мардан, Мәмбеттердің келе жатқан пароходы Омбы қаласындағы Ганшин атты байдікі. Ол бай Ертіс өзенін өрлеп, құлдап жүретін үш пассажир пароходы, бірнеше баржалардың қожайыны. Ганшин бай ұстаған пароходын ұдайы сауып, Ертісті еміп тұрады. Ертісті емес-ау, ердің еңбегін еміп тұрады. Омбыда, Тобылда, Семейде тағы өзге қалаларда Ганшин сияқты байлардан құралған «пароход компаниясы» істейді. Бұл компания өзге жақтағы компаниялармен байланысты. Сондай сатымен Ертістің өзенін, оның өлкесін көрмеген әлдеқайда қалалардағы байлар да бұл компанияға серіктес болып, пайдаға үлеске түсіп жатады.
Ертіс ұзын өзен. Ол Алтайдың ала қарлы тауларынан тепсініп ағып, қазақ даласының сол жақ сүбесін қулап, Сібірді жарып, Мұз теңізге құяды. Кеудесі алтын, көкірегі дән, өн бойы сорғалаған дәулет, берекелі өзен. Ауыз ертегіде қатын патша екінші Екатерина тұсында Алтайдың атын «Алтын тау» болып іздеткенде орыс шолғыншылары осы Ертісті өрлеген екен. Ертістің бойына түскен қалалар сол шолғыншылардың қонып - түстенген жерлері дейді.
Ол заманда Ертіс мұндай ма еді? Екі жағындағы ел егінді білген бе, дән жұтқан ба? Мал бағып, ақ ұрттаған көшпелі қазақ, маңғұл болмады ма? Олар Ертістен тек ат жалдатып, сал буып қана еткел алатын. Ертіс бойына Омбы, Семей сияқты қалалар түскен соң атам заманнан еткел бермеген қыз Ертісті, жол бермеген жапан даланы өнер-білім алды емес пе? Алысты жуықтатып, қиынды оңайлататын техника-өнер Ертіске де жетті емес пе? Кешегі Абай ақын заманында Ертіс өзенінің кеме жүрерлік жолы зерттеліп, кейінгі күнге Ертісті ен даланың көлігі қылуға қам қылынған жоқ па?
Ертісте пароход жүргеннен кейін қала мен даланың бір күшті көлігі табылып, алыс пен алыс жуықтасып, қатынай бастады. Байлар пароход ұстап, адам жүргізіп, жүк тасып, пайдасына кірісті. Бұрынғы байға малайлықтан басқа түк кәсібі жоқ қырдағы елдің кедейлері де Ертіс бойынан пароход жүрген соң кәсіпке ұмтылды. Жыл сайын Ертістен мұз кетіп су жолы ашылғанда елден Ертіс бойына тұс-тұсынан жыл құсындай жігіттер андыздайды. Осылардың көбі пароходқа жүкші, азы матрос болып орналасады. Ертіс бойындағы пристаньдардың, қалалардың барлығында қазақ жүкшілері — жігіттері жұмыс істейді. Қайда пароход келсе, қайда жүк жиналса жүкшілер ерттелген аттай ершіктерімен қаулап түсе қалады. Оларда қызметтің белгілі сағаты жоқ. «Аз ақыны көп жұмыспен өндіреміз» деген үмітпен күні-түні жосып жұмыс істейді. Қар кетіп, Ертіс мұзы жөнелген соң-ақ жан-жақтан осы жүкшілер Ертістің пароход тоқтайтын жерлеріне жиылады. Оларға пароход келсе жұмыс бар, келмесе жоқ. Кейде жұмалап, он күндеп топырлап бос жатады...
Сонымен пароходқа жиылған жігіттер тапқанын таңдайына қағып, бірін-біріне жеткізе алмай, ашты - тоқты күн өткізеді. Пароход тоқтап күзгі уақытта жігіттер жаздай жүргеніне өз-өзіне есеп беріп, тапқан-таянғанына қорытынды жасайды. Жігіттердің көп мінілген жазғы жайлауыш атта,и қу ыңыршағы шығып, жүдейтіні аз болмайды. Пароходта жақсы орналасып, ақысы кольта түгел тиіп, алған ақшасын аңдып ұстап, өзін-өзі берік баққан жігіт болмаса, жігіттің көбінің қалтасында береке болмайды. Алған ақшасын жұмыссыз уақытта ішіп-жеп қоюдың үстіне жігіттердің өз арасындағы жұмыссыздықтан туатын сыра ішу, картаға салу, қымызханаға жіберу, әйелге ұстау сияқты оппа жерлер ұдайы қалтаны қағып, жігіттерді жақ жұтына ұшыратып тұрады.Күзге таман қалтасында бір тиыны жоқ, тұттай жалаңаш, екі қолын мұрнына тығып елге қайтатын жігіт аз болмайды. Сонымен Ертісте жүрген пароход, бір жағынан, жарқылдап елдің жігіттерін өзіне жинап тартатын болса, екінші жағынан, ол жігіттердің басын ерікті тұзаққа мойындатып, өзін-өзіне жыланша жегізіп, ұдайы жоқшылыққа байлап-матап тұратын, келмей тұра алмайтын, кетіп құтыла алмайтын бір үлкен жалмауыз сияқтанады.
Дегенмен пароходтағы қазақ жігіттері қырдағы жалшылардан гөрі еті тірі, пісіп қатқан болады. Орыстың, өзгенің жұмыскерлерімен араласқан, достасқан, қалаға үйір болған, түрлі адамды, толып жатқан жағдайды көрген болады. Пароходта көбірек жүрген жігіттер орысша тіл біліп, өнерге ұмтылады. Ертісте жүрген пароходтың әрқайсысында-ақ, қазақ жігіттерінен матростарды, кочегарларды, машинистерді көруге болады. Пароходқа өзінің үйіндей үйреніп. біржола суға сіңіп кеткен жігіттер де аз болмайды. Ондайлар елден көрі Ертісті жақсы көріп, жаз пароходта, қыс қалада қалып, туған жеріне қайтуды керек қылмайтындарға есептеледі. Елде туған-туысқан, үй-жайдан жағдайы жоқ кедейлердің көбі-ақ Ертіс бойына осылай ұялаған. Олар күзде пароход тоқтаған соң Ертіс бойындағы қала-қалаға сіңіп кетеді. Бірі арбакеш, бірі жүкші, бірі көшір, бірі тағы бірдеме болып қала қыстайды, мұндайлар өздерін «зимовщик» дейді. Олар жаз шығып, Ертіс өзені мұздан жалаңаштанған уақытта қайтадан пароход, пристаньдарға үймелеп орналасады.
Ал, бара-бара пароходтың қазақ жұмыскерлері болды. Олар арасынан нағыз жұмыскер, өткір жігіттер өзгемен үйірсек, ұйымшыл, көпшіл жолдастар шықты. Ондайлар орыс жұмысшыларының арасындағы төңкеріс қозғалысына да қыр қазағынан бұрын ұмтылып, ерте қатынасты. Олардан қырдағы елдің ішіне де төңкерісшілдік рух тарады. Кейін төңкеріс болған уақытта Ертіс ерлерінен қолына қару алып Совет өкіметін жақтап ақтарға, байларға қарсы күресіп қаһармандық істеген жігіттер болды.
Сөйтіп, Ертіс өзені ежелден бері елдің енесі сияқты еді. Ене еміренсе, исінсе елге емшегін емізеді. Егініне су, малына шөп береді. Еріне еңбек, іздегенге ақша береді. Бірақ Ертістің ел байлығына озбырлықпен не бола кеткен Ганшин сияқты компаниондар, Шәкір сияқты саудагерлер, Үсейін сияқты алыпсатарлар Ертіс ененің емшегіне ернін созған балаларына бөгеуіл болып, Мардандардың аузынан асын жырып жейді. Жанталасады. Әлсізді әлді алып, алдап-сулап, талап-тонап жатқан заманда Ертіс бойында ердің ері егеудің сынығы-ақ күн көреді. Сөйтіп, елден Ертіске түскен ер азаматтың бірсыпырасының еңсесі солбырап, езіліп, тозғындап кетсе, бірсыпырасы дүкен көріп, пісіп-қатып, еңсесі көтеріңкі, ер жүректі болып шықты.
Біздің мынау жүзіп келе жатқан екі жолдасымыз Мардан мен Мәмбет осындайлардан еді.
ҚЫРЫҚ ПЫШАҚ
Күз болып, күн суыта бастады. Сібірдің суық желі соғып, күзгі тұманнан жауатын былжырақ сілбі енді сырғақ мұзаққа айналатын болды. Қырдағы ел қыстауларына кіріп, қаланың халқы пешіне от жақты. Ертістің суы суытып, пароход дөңгелегіне мұздар қатты. Мәмбет, Мардандар пароходта жүрген өзге жігіттермен бірге өздерінің қайда қыстайтұғынын байлап қойысты: Мәмбет былтырғысындай осы пароходтың Омбыдағы қожайыны Ганшин байдың ломовой извозшігіне жемшік болып кіріседі. Жалғыз Мәмбет дана емес, бірталай жігіттер де соны істейді. Бай бұларды жазды күні пароход жүргізуге дайын тұру үшін әдейі қысты күні өз қолына ұстап қалады. Қаладағы жүк тасу жұмысына жегеді. Мәмбетпен бірге жүрген жігіттердің ішінде Ысқақ, Нұраділ деген жолдастары да қалатын болды.
Түн. Жігіттер пристаньның қазармасында ұйқыда. Бұларға түнделетіп Мүбәрәк подрядчик келді. Ол әр уақытта пароходты жағалап ондағы жүк салуды, жүк алуды аңдып подряд алып тұратын қаланың бір алып - сатар, жалаң аяғы. Мүбәрәктің кәсібі делдалдық. Жүкке сөйлесіп, подряд алып жігіттерді жұмысқа салып, ақысын жеп жүреді. Мүбәрәк подрядчикті жігіттер де жанай жүреді. Өйткені, ол өзі жігіттердің жұмыс іздейтін бержісі сықылды. Өйтпесе, жігіттерге де жұмыс оңайлықпен табыла бермейді.
— Уа, жігіттер! — деді Мүбәрәк.
— Немене, жүк бар ма? — десті жігіттер.
— Бар, бүгін түнде жеті баржы, екі пассажир пароходына срочный жүк тиеу керек.
Жұмыс шыққанға жігіттер қуанып қалды. Бұлар бір жұмадан бері жұмыссыз жатқандар еді.
— Ал, жүрелік, жігіттер, — десті.
Қапыл-құпыл киініп, ершіктерін арқасына танып ерттелгем аттай қырық шамалы жігіт келіп жүкке түсе қалды. Қол жүкке тиді. Аяқ-аяқпен жарысты. Іліп алып, лып еткізіп, пристаньдағы ала көлеңке фонардың жарығында алуан түрлі жүкті алып-ұшып, жүкшілер лып-лып басады. Жүкті біреуден-біреу алады. Қапты үштен-төрттен арқалап атанша желеді. Жігіттер күзгі ұзақ таңда жеті баржыны төрт сағаттың ішінде тиеп бітірді. Енді жігіттерге екі пассажир пароходына жүк салып жөнелту керек. Сонымен пароходқа қол қоямыз деп келгенде тағы бір топ жұмысшылар келді. Бұл партияның подрядчигі ноғай еді, келе Мүбәрәк подрядчикке дүрсе қоя берді.
— Сендер бұ жүкті ұрлап тартқандарың қалай?
— Қалай ұрладық?
— Бұл біздің сөйлескен жүгіміз. Біз бұл жүкті кеше көтеріп алғанбыз.
— Не сөйлейсің, біздің өзіміз алған жүк, тасып болып та қалдық.
— Жоқ, біздің жүгіміз, сендер қазір тоқтат!
Сол жерде сөз ерегіске кетті.
Ноғай подрядчигінің ертіп жүрген жігіттері де, мына жігіттер де қырық құраудан жиылған жұмысшылар еді. Мұнда орыс та, қазақ та, ноғай да, қытай да, Сібірдің халықтары да бар. Екі жақта да қазақ көпшілік. Осы екі топ бір-біріне ежіреңдесті. Өстіп қызыл кеңірдек болып боқтасып тұрғанда Мүбәрәк тобының жігіті Мардан машиналар арқалап арасынан өте бергенде оны анау топтың адамы ұстай алды.
— Қайт кейін! Жүрмейсің!
— Жібер! — деп Мардан баж ете түсті.
Марданның арқасындағы машинасын біреу итеріп қалды. Машина ауып кетіп Марданды ала-мала жерге түсті. Мардан машина астына құлап талқан болып жараланып қалды.
— Аттан! — деп жігіттер соғысқа қойып кетті. Сарт - сұрт соғыс. Екі жақ жігіттер бірін-бірі жеп, қиратып, қып-қызыл ала болды да қалды. Қарсы жақтан екі орыс, төрт қазақ жараланды. Мүбәрәк тобынан Марданмен үш адам жараланып, біреуінің қолы сынды.
Айқайға адам тура ма; төбелеске жан-жақтан жан жиналып қалды. Әсіресе пароходтағы пассажирлер келіп араласты. Бір әйел келіп соғыстағы соңғы топқа болысып, басылыңқыраған жанжалды қайта көтеріп жіберді. Ол тіпті-ақ болмады. Мұны Нұраділ орысшалап боқтап та жіберген еді, әйел пароходка қарай жылай жөнелді.
Жұмысшылар бірін-бірі жаралап жанжал басыла берген кезде анау әйел пароходтан екі-үш кісі ертіп келді. Оның бірі әскердің жастау төресі екен. Әйел соған жылап:
— Мені біреу қорлады, боқтады, — деп шақты. Ол шағымға жас офицер ісініп Мәмбеттерге екіреңдеп тұрып алды. Офицерге Мүбәрәк подрядчик түсіндіріп айтып көріп еді, Мүбәрәкті:
— Сендер бұзықсыңдар! Қазір жүктен шық! — деді. Мүбәрәк «шықпаймыз» деп болмады. Офицер Мүбәрәкті жаққа салып жіберді. Мүбәрәк дөңгелек айналып тәлтіректеп барып құлап қалды. Жігіттер не қыларын білмей дағдарып тұра қалысты. Офицердің қимылынан сескеніп, қойша ұйлығып алған жігіттердің ортасынан Мәмбет жарып шыға келіп офицерге ежірейе кетті:
— Неге ұрасың! Ұр деген закон бар ма?
Бір жағынан анау әйел офицерге килігіп:
— Вот, вот, мені қорлаған осы киргиз! — деді.
Офицер шап беріп Мәмбетті ұстай алды. Мәмбет офицерді қағып кеп жібергенде офицер жерге жапырақтай түсті. Сарт-сұрт тағы төбелес. Қолына не түссе сонымен ұрысты. Бұл жолы ноғай подрядчигі таяққа жығылды. Офицер таяқтан қашып, пароходқа тығылды. Анау әйелдің басын контордың керегесіне төбелеп жатқан Нұрәділді Мәмбет келіп айырып алды. Әйелдің мұрнынан қан дірдектеп қалған екен...
Төбелестің арт жағынан полицейскийлер келіп араласты. Мылтық атылып, жанжалды азар басып Мардан, Нұраділдер ішінде жиырма шақты жігітті ұстап қалды. Мәмбеттер қашқан жігіттермен кетті.
Ұсталған жиырма жігіт абақтыға қамалды.
Машина Марданның аяғына түсіп кесіп кеткен екен, түрмеде ол аяқ күп болып ісіп кетті. Ол күндіз-түні ұйықтай алмады.
Жігіттерді полицейскийлер сұраққа алғанда ішінде пристаньның атаманы да болды. Бұл аяздай шақылдаған, ашуы қатты, ашаңды, бір жуан сары еді. Жігіттерге зіркілдеп, көрмегенді көрсетті. Жігіттерді сөгіп, теуіп әбден қорлады. Бірақ қанша қорласа да тұтқындағы жігіттердің қолында қайраты жоқ, тек байлаулы өгіздей сөгісті естіп, таяқты жей берді. Сөйтіп осы жиырма жігітті бір күн, бір түн сұрап, протоколға жазып-сызып қайтадан апарып түрмеге жапты. Жігіттердің бірнеше қорқақтары абақтыда отырып уайым қыла бастады.
— Сібірге айдайды ғой...
— Елді енді көрмейміз, тескен тау өткізсе керек.
— Елге хабар жеткізе алмадық-ау...
— Бар қырсық Мәмбеттен болды ..
— Тегі Мүбәрәк подрядчиктің істегені шатақ... сонан болды...
— Құдай бекер-ақ қаңғыртып келген екен, осы палата, — деп Медет деген қара сақалды Сүйіндік жігіті жылап отырды. Мардан оған зекіді.
— Не көрінді? Әкең жаңа өліп отыр ма? Жалғыз сенің ғана жаның тәтті ме? Кемеге түскеннің жаны бір деген қайда? Не көрсек те бәріміз бір көрмейміз бе? Жоқ, біз өліп сен қалғанда дүниеге тұлға боламысың? Жыламай отыр. Әйтпесе сені өз қолымнан бауыздаймын! — деді. Сонан кейін Медет жылағанды қойды, Мардан, Нұраділдер жігіттерге қайрат беріп, өз білгендерінше ақылдарын айтысты.
— Біз дос-дұшпанды осындай таластың үстінде танимыз, — деді Мардан. Расында осы төбелес мынау түрмедегі жігіттерге айналаны, атамандарды, алыс - жақынды таныта бастағандай болды.
Жігіттер сырттан хабар алды. Мәмбет тамақ жіберіп жігіттерге сәлем айтыпты:
— Жігіттер жасымасын. Ешнәрсе болмайды. Өзім көрінбей атаманға кісі салып сөйлесіп жатырмын. Атаманның әкесі ақша ғой, жүз теңге ақша шығарсақ босаттыратын түрі бар, — депті. Мұны естіген соң жігіттер қуанысып, ән салып, әңгіме айтыса бастады. Медет те көңілі тоқырап, елде жүргендегі бір ұры құтан ерлігін айтты. Жігіттер оны сайқымазақтап, тәлкек қылды.
Оның ертеңіне Мәмбет атаманға жүз сом беріп жігіттерді босатып әкетті.
Қыс түсті. Жігіттер жай-жайына тарады. Мәмбет, Нұрәділдер Ганшин байдың ломовой извозчигіне орналасты.
Мардан Керекуге келіп, жұмыс табу ниетімен Екібастың заводына қайтты.
КАМПАН
Қыс. Сібірдің суығы бет қаратпайды. Қараған бетті аяз қарып түседі. Қаланың ұсақ үйлерінің қардан көзі ғана жылтырайды. Қар қалың жауған, жол шықыр-шықыр етеді. Омбы қаласының вокзал мен қаланың ортасындағы үлкен көшесі шананың шиқылымен, етіктің сықырымен, аттың тықырымен қыстың қаһарлы суық музыкасын тартқан тәрізді. Көше лық толған халық. Барлығы да бет-аузын тұмшалаған, алған демнен қырау бұрқырайды. Қасқыр ішіктің жағасын қайырып тастап бетінен майы шыққан семіз саудагер пар атты көшеден ысқыртып өтсе, жұдырығы көрінген шолақ шекпенді, жыртық шалбарлы, тезек арқалап базарға кетіп бара жатқан біреулер бүрсен қағады. Қала мен вокзал арасындағы көшеде ілгерілі-кейінді жүріп жатқан атты-шаналы, жаяу адам қайшы алысады. Осы көшедегі алды қалада, арты вокзалда шұбалып келе жатқан көп жүк тартқан көп шаналармен араласа Ганшин байдың жүгі де келеді.
Мынау шанасына өңшең жәшік тиеген жігіттер Қаракесек жігіттері — Жақсыбай, Мұрат, оның алдындағы екі арба Қазбек, Шақшайлар. Олар Кереку жігіттері. Оған жалғас кәрі шабдар атқа он шақты бөшке тиеп келе жатқан Мәмбет. Бұл жігіттердің тартып келе жатқаны стансаға түскен түрлі товарлар, жүктер. Осындай жүктерді тасып, осы жігіттер қала мен вокзалдың арасын дамылсыз шиқылдатады. Аязбен дем алып, қызылмен ысқырады.
Кереку, Қаракесек жігіттері келе жатқан . шаналардың арт жағына тақау бір жаяу келеді. Аяғында басы қайқайған ауыр пимасы, үстінде шұбалған шидем шекпені бар. Басында Қаракесектің күнтиған жекей тұмағы. Қырауланған қабақтың астындағы қаршыға көзі қырғауыл қаранғандай жалт-жұлт етеді. Ол мысықша басып, бір нәрсені күтіп келе жатқан тәрізді.
Жүк тиеген шаналар үздік-создық шұбалып, үлкен бір дуалдың бір мүйістеу жеріне келді. Шананың жанында келе жатқан шоқша сақал Шақшай ол да жан - жағына жалт-жұлт қарады. Оның шанасы биік дуалдың мүйісінен келіп айнала бергенде, Шақшай қолынан жарқ етіп бір ақ жәшік дуалдан асып та кетті. Жәшіктің бұл ырғуы ерсілі-қарсылы жүріп жатқан көп халықтың біреуінің де көзіне ілесетіндей болған жоқ. Жасынан жауырыны жерге тимеген, жырынды, әлуетті Шақшай бұл ауыр жәшікті лып еткізіп асықша алып, тастап жіберді. Ол жүкті көбінесе иығымен лақтырады. Оның иығына ілінген жүк доптай ұшып кетеді. Оның мұндай жәшікті, тоғанақты лақтырып үйренгені бүгін ғана емес, екі-үш жылдан бергі кәсібінің өзі осы. Шақшай қырға сыя алмай сырғып Омбыға ауысқалы осындай жәшік, жүк тоғанақтарды ұрлау үшін извозчиктік қылады. Артельдесіп көтеріп алған көп жүктің сапырылысқан тасымалында Шақшайлардың егіні пісіп-ақ қалады. Ол ығын тауып, ұдайы ұрлық қылады.
Шақшай үйелмендей үлкен де емес. Орта бойлы, дембелше, жеңіл жігіт. Бұл Қаракесектің қандыбалақ, баукеспе ұрысы.
Қаңтардың қара суығында Ертістің екі бетінен жарып жылқы алып, түн қатып, түсі қашып жүретін қызыл көз. Айналасындағы елді ұрлығымен қан-қақсатқан. Ел ішінде әбден мейманасы асып, бұрынғы сүйеген болыс, билері өзіне жау бола бастаған соң екі-үш жылдан бері даладан қалаға ауысқан еді. Қалада бір ат-арба тауып алып, әркімдермен артельдесіп, извозчиктік кәсіп қылады. Шақшаймен біріккен артель тек қана жүк тасу артелі емес, бұлар ұрлықтың да артелі. Бұлардың қалада қылдай жолы, қырық үйі болады. Біреуі алғыш, біреуі аңдығыш, бірі жарғыш, бірі жасырғыш болып, өңшең ұрылар, жуликтердің әрқайсысының атқаратын өз міндеттері бар.
Дуалдан лақтырылған жәшіктің лып етіп асып түскенін абайлаған көз болған жоқ деп жоғарыда айттық. Тек, оны бір-ақ адамның көзі шалды. Ол көз шалды да, дуалдың кетіктеу жерінен ырғып түсті. Жалма-жан жәшікті иыққа салып, қозы алып қашқан бөрідей желіп жөнелген жігіт ұрлықшы артельге де, өзімізге де көптен таныс жігіт. Бұл Сатан еді.
Сатан осы қалаға күзде пайда болды. Ол ел ішінде тұра алмай, Омбы жақта пайда көп дегенмен, Қаракесек жігіттеріде ілесіп келген. Күзден бері қаладан күндеп жұмыс істейтін. Біреудің кірпішін тасыды, біреудің қорасын жапты, біреудің отынын саралады, бірақ, оның тұрақты қызметке қолы жеткен жоқ.
Сатан елден келгендегі тапқан танысы Қаракесек жігіттері — Шақшайлар болды. Олар Сатанды бауыр тартып, тамағынан беріп, пәтеріне жатқызып, не болса да өздерінен бір көргізіп, мұқтаждық көрсетпеді. Әсіресе, Сатанның Шақшайға ұнаған жері — оның жігіт болғанда жылдамдығы, ерлігі. Шақшай Сатанды келісімен-ақ өз артеліне баулып, ұрлыққа қатыстыра бастады. Күзден бері төрт-бес рет қиын-қыстау алуларға да Сатанды салып алды. Соның бірі, әсіресе, артельге арғымақ соятын күн. Сол күні Шақшайлар Сатанға бір бай орыстың берік қашасын бұздырып, семіз қара қасқа арғымағын алдырды. Сатан арғымақты алып шыққанда ұйықтаған қарауылшы оянып, мылтық атылып қалған. Атылған оқ Сатанның қолтық астынан өтіп, етіне дарымаса да шидемін дал-дұл қылып кеткен. Сонда да Сатан арғымақтан айрылмаған еді. Соның артынан Шақшайлар Сатанға артелімен біржола ден қойысқан.
Сатан жәшігін арқалап алып, желіп кетті. Қотыр қаланың жағына тартты. Көпір аузына келгенде Сүлеймен бержабай:
— Извозчик керек пе? — деп көлденеңдей түсті.
— Керек
— Қайда?
— Қотыр қалаға жеткізгенше қанша сұрайсыз?
— Е, қанша сұрайды дейсің көп берсең тастамаймын, аз берсең қақсамаймын, жәшігіңді сал шанаға! — деді. Сатан жәшікті бержабайдың шанасына салып өзі отырды. Сүлеймен бержабай бишік қамшысын үйіріп, сарыала шолақты қуып жөнелді.
Былай шыққан соң, Сүлеймен мойнын бұрып, Сатанға сыбырлады:
— Қайда апарамыз?
— Үйіңізге тартыңыз! Шақшай солай деген, — деді Сатан.
Сүлеймен де осындай жүкті тышқанша тасып жататын артельдің мүшесі еді.
Бержабай божыны қағып, жауырыны құнжыңдап сарыала шолақты тырқылдата қуды.
«ШАЙЫҢДЫ ШЫҒАРЫП ҚҰЙ, ҚАТЫН!»
Кеш. Ел орынға отырып, үйлерге шам жағылды. Терезелердің қақпағы жабылды. Құндақпай, Шақшайлар аттарын сарайға тастап, Сүлеймендікіне келді. Сатан да қайтып осында оралған. Шам жағылғанда Сүлеймен бержабай да сарыала шолақты босандырып, сынық шанасын шиқылдатып, есік алдына келіп, атын доғарды. Бұлардың бәрін де бержабайдың ақ шұбар Мұқсинасы қуырдақты шыжылдатып, самауырды быжылдатып қарсы алды. Жайласып отырып, алдарына Мұқсинаның асжаулығы жайылған кезде Құндақпай қойнынан бөтелкені суырып дастарқанға дік өткізді.
— Әп, пәлі, азаматым! — деп Сүлеймен бержабай ырза болып қалғандығын білдірді.
Күні ұзын суықта жүрген жігіттер, ыстық қуырдаққа қаужаңдасып арақтан бір-бір жұтып алған соң-ақ бойлары жылынып, ойлары ағытылып сала берді. Әрі - беріден «сен ал, мен алға» келіп, тамаққа тойып, араққа қызып, дауыстары жарқын-жарқын шыға бастады. Жарлылық, бержабайлық ешкімнің есінде жоқ, Ертіс пен Есіл болып есіп, екі езуін құлағына жібере күліп, әңгімеге түсті Шақшай:
— Оған міне аттай төрт жыл болып барады.
Бержабай омырауын желпіп қойып:
— Әй, Мұқсина, сен де тыңда! — деді. Шақшай кекіріп алып:
— Ертіс бойы егінге тіс қойған уақ. Қалмақ қырған тауына бекініп, қырдан мал алып жатамын. Алған малымды Ақмола мен Қарқаралының ұрыларына өткізіп, белбасар деген жерде өткермекші есебінде ұрлық қылам. Түнде ел торимын, күндіз тауға бекінем...
Тауда жата-жата азығым таусылып, атым қажыды. Өзім зеріктім. Енді қоныс аударып, жұрт жаңалайын деп ойладым да күндіз жолаушылап, Ертістің бойына құлап кеттім...
Мен Ертіске еңкейгенде күн кешкіріп кетті. Оның үстіне батыс жақтан бұрқ етіп көмір қара бұлт көкті қаптап, кезді ертерек байлап жіберді. Мен қай жерде ел бар, қай жерде ел жоқ ажырата алмай қалдым. Алай-дүлей дауыл соғып, бүрк-сарқ етіп, қара нөсер төгіп-төгіп жіберді. Атым да, өзім де суға сүңгіп шыққандай малшындым. Паналар жер болмады. Жолдан әлдеқашан айрылып қалғамын. Қайда барарымды білмей қаңғырақтап келіп, алдымнан кез келе кеткен үлкен дөңгелек зиратқа атым тұмсығы тірелді. «Ә, құдай бергейсің, далаға түнегенше, молаға түне» деген бұрынғының сөзі бар еді деп, атымды қорғанның ығына тұта салдым да ішіне кіріп ықтауға қорғанның не есігін, не тесігін іздеп сипаландым. Тінтіп жүріп, қорғанның есігі жоқ тек жалғыз терезесі бар екенін таптым. Осы терезеден ішіне түсейін деп ұмтылып терезеге асылып жатырмын... Қорған балшығы езіліп үстімді былғап, тайғанақтап, әуре болдым. Азар дегенде тырмысып терезеге еніп дорған ішіне қарғып түскенімде аяғыма бір нәрсе былқ ете түсті. Атып кеттім. Егер менде аз-маз иман болса ұшып кеткен шығар.. Өзім де ұшып кеттім... Қарсы жақ қорған қабырғасына барып, маңдайым тақ ете түсті. Қалтырап тұрып, қарманып, шығар жер бар ма екен деп сипалансам, қорған қол жетпейтін зәулім екен... Жанымнан күдер үзе бастадым. Тырп ете алмай, бір орында қалып қалсам керек... Бұл не?.. Бұл не? — деген басыма да кірмейді. Мен қайдамын? Бұл ненің қорғаны? Анау аяғыма былқ еткен кім? Адам ба? Айдаһар ма? Аяғыма тигенде адамның іші сықылданды... Адам болғанда көрден шығып жатқан нағылған адам? Әлде көмілген кісі ме? Зираттың іші ғой... Түнек қараңғы... Мен қалай шығам? Менің атым қайда қалды? Оған қалай жетем?.. Ау, мынау құдайдың күні де толастамады-ау, әлде аспан түбі тесіліп, топан суы қаптай ма? Әлде ақыр заман деген осы бола ма?.. Басым әңкі-тәңкі. Күн шатырлап, нөсер шүмектеп құйып тұр. Мен тек, әлсіз қурайдай қорғанға сүйеніп тұрған сияқтымын...
Шақшайдың әңгімесіне үй іші аңырып қалды. Бержабай жағасын ұстап «құлқуалданы» ішінен қайырып отыр екен, әйелі Мұқсина тандырға пісірген нандай қаны қашып, көзі бажырайып қалыпты.
— Сұбқан алла, қорықпа! — деді Сүлеймен биржабай.
Шақшай алдындағы арақты сылқ еткізіп, қуырдақтан қауып асап алды да:
— Бір мезгілде... Бір мезгілде... Найзағай жарқ ете түскенде айнала жап-жарық болды... Маған қарсы жақтағы қорғанның керегесінде кеудесі есіктей, адам бейнелі біреу тұр екен... Көзімді жұмып қалдым. Қап - қараңғы болып кетті. Үн жоқ. Тек жаңбыр cap-cap етеді. Біраздан соң бой тоқтатып қонышымдағы қожант пышағымды ептеп суырып алғаным есімде...
Әлі тұрмын, әлі тұрмын, үн де жоқ, сылдыр да жоқ... Бір мезгілде өзіме «һа!» — деп ақырып біреу сап ете түсті...
Бержабайдың әйелі:
— Абау! — деп Сүлейменді құшақтай алды.
Бержабай — сұбқан алла де! — деді. Өзі «лақаула» қайырды. Сатан оған жылмиып күліп қойды. Құндақпайдың аузы әлгі көрдей аңқиып қалыпты. Шақшай шайын ұрттап алып:
— аған сап ете түскенде қолымнан пышағым түсіп кетті. Не болғанымды білгенім жоқ. Тек адам құшағымен алысқан сияқтымын. Сүй дегенше күрс етіп құлағандай болдық. Астына түскен тәріздімін. Үстіме қорған құлағандай болды. Тынысым тарылып барады... Алқындыра буындырып дем алғызбаған сықылды. Жан далбасамен туласам керек, үстімдегі ауырлық аунап түскендей түйілді. Маған жеңіл болып кетті... Біреудің үстіне шыққан секілдімін... Астымдағы адам қайрат қылып тұруға бұлқынады. Мен алысқан сайын адам тәніне бойым үйірленіп, қол-аяғым денесіне батып шегеленіп барамын. Астымнан аударып тұруға дәрмені келмейтінін білген соң бой тоқтатып, жан-жағымды сипаланып жіберіп едім, бағанағы пышағым қолыма түсе кетті. Пышағым қолыма тигенде бар күш қолыма жиналып, буыным бұрынғыдан да бекіне бастады. Менің бір қолым оның екі қолын жиырып, шиыршықтап алып тізерлеп-тізерлеп жібердім, ол ыңқ-ыңқ етті. «Кеңірдек осы мөлшердесің-ау» деп, пышақты оңтайлап, бауыздауға тақап тұрып тісін қайрап ит керген мысықтай ыржайып еді, Мұқсина қорқып қолымен бетін көлеңкелей берді. Сүлеймен құлқұалданы» қайта қайырды. Құндақпай тістеніп:
— Салсаңшы енді, пышақты! — деді.
Шақшай сөзін созып:
— Пышағымды бауыздауға тақап тұрып ұрып жіберейін дегенімде найзағай және жарқ ете түсті. Астымда жатқан адамның көзіне кеңірдегіне тақалған пышағым жарқ ете түссе керек, ол:
— Аллай! — деді.
Мен пышағымды кейін тарттым. Оның қолын ширықтырып шіреп жібермей басып отырып, пышағымды тағы таяп:
— Сен перімісің, періштемісің? — дедім.
— Жо-оқ! — деп ыңыранды ол. Мен тағы қайырып.
— Сен жынбысың, сайтанбысың? — дедім.
— Ж-о-о-қ! — деп ыңыранды ол. Мен тағы қайырып:
— Кімсің? — дедім.
— М-е-н... а-адаммын...
— Наған адамсың?
— О-о-й, а-ға-тай? Өліп барам, айтайын, кеудемді тыныштатшы!..— деді. Мен онан сайын қатуланып:
— Босамайсың! Кім де болсаң өлер жеріне тақалдың. Қазір бауыздаймын, тезірек жөніңді айт! — дедім.
— Мен адаммын...
— Наған адамсың?
— Осы жердегі егіншімін...
— Мұнда нағып жүрсің?
— Жауыңнан қорғаладым.
— Осы сөзің рас па? Жоқ, әлде алдап тұрмысың? — дедім.
— Ағатай-ай, алдасам құдай жүзін көрмейін! — деді. Мен сендім-дағы босатып жібердім.
Егінші түрегелді...
Екеуміз қол ұстасып келіп қорған түбіне отырып қараңғыда сөйлесіп отырмыз.
— Сен мен келгенде терезенің түбінде жатыр ма едің!?
— Жоқ, мен терезеден былайырақ отыр едім.
— Мен терезеден түскенде аяғыма былш ете түскен кім?
— Ол менің қарынға құйған қатығым болар, — деді.
Мен сылқ-сылқ күлдім.
Үй ішіндегілер есін жинады. Бержабайдың әйелі Сүлейменнің қасынан кетіп, самауырға таман барып, өз орнына отырды. Сүлеймен де «кұлқуалданы» қайырмастан қара шолақ қасықты алып қуырдақ салынған табақты тықырлатты да:
— Шайыңды шығарып құйшы! — деді. Шақшай сөзін жалғап:
— Біз қорғанда аз отырған соң жауын басылып, аспан ашылды. Жұлдыз жарығында қорғаннан шығып, кең жерге отырып қарындағы қатықты құя бастадық. Мен бір шара қою қатық ішіп, жан шақырдым, деді.
Шақшай әңгімесін аяқтағанда жанның бәрі жай - жайына отырды. Шақшайдан басқалары да ешбір сөзге кіріспей көбі ішінен білетін бір нәрсені күткендей болысты. Бұл түннің он екі сағат мөлшері еді.
Сүлеймен бержабай үйдің астынан жасалған үңгірдің аузын ашып, Сатанды төмен түсірді. Сатан күндізгі көтеріп алып келген жәшігін қайта көтеріп жоғарыға шығарды. Шақшай жәшікті алып, батыр-бұтыр сындырып жарып еді, ішінен өңшең көк ала қағазды 105- інші шай шықты.
— Е, жігіттер, байдан ағады, балдан тамады деген осы. Байды жаратқан құдай бізді өлтірсін бе, — деді Құндақпай.
— Өзімізге де, сатуға да жетеді, — деді бержабай.
— Өзіңіздің қысыңызға екеуі жетеді. Өзгесін сіз бізге саттырып беріңіз, — деді Шақшай.
— Мұны кімге саттырам? — деп Сүлеймен желкесін қасыды.
— Сен сол, нәрсәгә аптрисын? Шәкір абзиға берсек, тұтады да сатады, — деп шұбар Мұқсина ақыл айтты.
Сөз осыған сайланды. Екі қалақ шайды Сүлеймен бержабайдың әйелі Мұқсина алып жәшік сандығына салды. Қалған шайды Мұқсинаның ағасы Шәкір абзи бит базарына шығарып сатып, шыққан ақшасын жігіттер арасында қылдай бөлетін болды.
Жігіттер үйді-үйіне тарасты.
ҚЫМЫЗШЫДА
Омбы қаласының Накаливке жағындағы Ольга Никифоровна деген кедей кемпірдің үйінде үш жігіт пәтерде тұрды. Жігіттер ол кемпірді «Ольга Никифоровна» дейді. Мұның үйінде тұратынның бірі — Нұраділ; екіншісі — Шеркес Қали. Мұның екеуі де жазда Ганшин пароходында жұмыс істеген жігіттер. Ал, үшінші — Сатан. Сатан бұл пәтерге келгеніне көп болған жоқ. Оны осы Ганшиннің ломовой извозчигіне Шеркес Қалилар орналастырып, өз қастарына алғалы бір-ақ жұма болған. Сонан бері үшеуі Ольга кемпірдің бір бөлмесінде жатады.
Бір жексенбі күні кешке осы үш жігіт пәтерінен базарға қарай шықты. Бұлардың бет алып келе жатқан жері — Белгібайдың қымызханасы. Белгібай жазы-қысы қымыз ұстайтын белгілі қымызшы. Өзі ептеп тақуалық та қылады. Бес намазын қаза жібермейді; ол мешіттегі жамағаттан қалған емес. Күнде мешіттегі сақау болған құлындай алқымының безі жұдырықтай болып кеткен қырылдақ сопыға үш тиын бақырға дұға қылдырып қаптады да, қымыз саудасын істей береді.
Қалаға жақын елдердің қалаға әкеліп сататын қымыздары Белгібайға құйылады. Белгібай оны екі есе сумен дәреттендіріп, базардағы қымызханасында сатады. Кейде қымыз ішушілер Белгібайға:
— Қымызға аздап қосқан суыңызға алған ақшаңыз арам болмай ма, — десе:
— Уа, имам ағзам! Егер осы қымызға су қосылды десең, құдай жүзін көрмейін! — деп өзі ант ішіп, өзгенің де қымызға сенімін алғанша жаны шығады. Тегінде «ұры арты қуыс» — деген рас қой.
Сатандар келіп Белгібай қымызшының есігінен кіргенде үйдің іші лық толған жиын екен; олар мына келген жігіттерге жан-жақтан шулап қоя берді:
— Уа бері кел!
— Мұнда кел!
— Бізбен бол! — десті үйір жігіттер. Бір жақтан орын беріп, Ғазбек қара қалбалақтап еді, екінші бұрыштан түрегеліп Ғалабағали Мәмбеттің иығынан тартты. Ақырында жігіттер біріне де бармай, «өз алдымызға жеке сыбаға боламыз» десіп, үйдің бір бұрышынан орын алысты да:
— Беке, бізге қымыз құйыңыз! — десті. Ортасы белең, ұшы таңқы, тамағына самал түсіп, жазылып кеткен Белгібай қымызшы бәшкенің ожауын өзі ұстап тұр екен, ол кір-кір алжапқышына қолын сүртті де, бір четверт қымызды ала кеселермен бірге үшеуінің ортасына қойды.
— Ішіңдер, қарақтарым... қымыз шықылдап тұр! — деп өзі орнына жөнелді. Белгібай әкесінің асына келген кісіні күткендей зыр, жүгіреді.
Үй іші у-шу. Омбы қаласы қысы-жазы қазақ жігіттерін бір жинап отыратын қала. Қаладағы жігіттердің жиналатын бір жері осы қымызшы. Осында келмейтін жігіт жоқ. Отырғанның бәрі де — Қарқаралы, Баян, Кереку, Атбасар, Көкшетау, Тоғай бойы, Ертіс өлкесі — Сібір жігіттері. Мұнда Қаракесек, Тобықты, Қуандық, Сүйіндік, Уақ, Найман, Қыпшақ, Төленгүт сияқты толып жатқан рулар отыр. Мұндай жігіттер жазды күні тіпті қаптап кетеді. Жазда кәсіп іздеп қалаға қаптаған ел жігіттері, Белгібайдың қымызында бір тоқайласпай кеткен емес. Жазда пароходта, байларға егінге, қала-қалаға, поселкеге тарап жүрген жігіттер қар жауып, мұз тоңған соң қайтқан қаздай еліне қайтады. Тек Омбыда қыстап қалатындар, қаладан орын тапқандар, байларға байланысы барлар, қалаға сіңгендер, жатақтар болады. Жүкшіден, матростан, малайдан, пайдашыдан, қашқан-пысқаннан құралған жігіттің өзі де аз болмайды, кемінде алты- жеті жүз жігіт жыл сайын Омбы қыстайды. Омбы төңірегіндегі қазақтарда қалаға келсе Белгібайдың кесесін бір төңкермей кетпейді.
Алдына келген қымыздың бір-бір кесесін тастап жіберісті де, Нұраділдер дуылдап отырған жігіттерге қарасты. Пристаньдағы, бойнадағы, арбадағы алуан жігіттер осында жиналған екен. Өздері танитын жігіттердің бәрі-ақ бар. Базардағы алыпсатар, гимназиядағы Жұмарақым, семинариядағы студенттер барлығы да қымызға кіріп, қызып отыр екен. Қамшыны беліне қыстырып, тұмақты қолтығына қысып, мұртын қайшылап қымыз жұтып отырған қыр қазағы да көзге түседі. Көп ат-шана қорада қақшиып аязда тұр. Қысқасы Белгібайдың қымыз үйі — Омбыдағы қазақтың бай-жарлысын, мырза, жұмыскерін, алыпсатар, оқушыларының тегіс басын қосыпты.
Үйдің іші тер саси ма, әйтеуір, бүк,
Мұндағы отырған жұмыскер жігіттер қырық рудан болса да өз арасында аса бірлікті. Қай жерде жан - жал, бәсеке бола қалып, кеп басына ортақ сөз шыға қалса бұлар шұрқ етіп қайнап, шүр етіп түсе қалады. Әсіресе, қартада, қымызда, арақта, төбелесте Қарқаралы, Баян, Кереку, Ақмола, Ертіс жігіттері бірігіп, жөні тұтасып кетеді. Кейде жүрген кәсібіне қарай пароход, поезд, извозчик болып жіктеледі.
Жігіттердің өзара қойып алған аттары «клишкелері» болады. Кавказ жігітінше киініп, қанжар асынған шашы қара жігітті «Шеркес Қали» дейді. Ұрымтал жерде өткір, табандасқан жерде тартысқа белді, Кавказдың қара ала қанжарындай Шеркес Қали жігіттер арасында түлкіден епті, тұрымтайдан алғыр. Осында жаңа келіп кірген біздің үш жігітіміздің бірі — Мәмбет. Мәмбет бізге таныс қой.
Ерегіскен жерде отыз екі пұт жүк көтеріп желіп жүріп кететін жуан жұмыр қараны — «Ғазбекқара» деседі.
Қай жерде болса да әйел дауыстанып, аузынан сөз түспейтін мылжыңдау Жүкен дегенді «Курапаткин» дейді. Бұл жоқтан мағына шығарып — бос сөзді ұлы әңгімеге айналдырып, данышпандық істеп отыратын жігіт еді. Мұның атын орыс жұмысшыларының бірі атақты анархист Курапаткинге ұқсатып қойып беріпті. Жігіттер мұны сонан кейін солай атандырған. Жігіттердің жұмысын ұйыстыратын подрядчик, компаниялармен сөйлесіп басқару жұмысында жүретін Бекқалиды жігіттер «Городской ғалабағали» деседі. Тағы осы сияқты әркімнің өз мінезіне, өз пішініне лайықты «Маубас Қали», «Бөшке Бекжан», «Гришка Қали», «Сары Жапар» деген жігіттер көп. Жігіттер бір-бірін өз арасында осы аттарымен атайды.
Қымызшылардың бір жағында, ойналып жатқан карта үстінде жігіттер керілдесіп жатыр. Мұнда жалғыз жігіттер емес, карта ойнының тәртесін сүйреп отырған көбінесе Кадетский корпусте оқитын Ыбрайым деген. Ол офицерше киінген, Омбы қаласының төңірегінде олардың ауылы бар. Көк төбелі үй, пар-пар жорғалары — осы отырған жігіттердің барлығына да мәлім. Ыбырайым Омбы қаласында қонышынан басып жүреді. Қайда мәжіліс, қайда жиын болса — Ыбырайым сонда. Ыбырайым жүрген жерде қазақ жігіттерінің көбі кеудеден итергендей жүрмей кейін тұрып қалады.
Осы Ыбырайымның мына қымызшыдағы карта ойынында бүгін иығы аса жоғары. Шылымды дамыл-дамыл тартып, маңдайынан тері бұрқырап, картаны сарт - сұрт ұрып отыр. Бұл мырзаның келуіне дегбірі қалмай қонақ күткенсіп Белгібай қымызшы аяғының ұшынан басады. Әлсін-әлі Ыбырайымның алдына қымыз құйып жеткізеді. Ыбырайым қымызды көп ішкендіктен бет - аузы кер сиырдың желініндей қып-қызыл боп кеткен. Терлеген көзі суланып ешкімге қарамайды.
Бір жақта, шегі үзік қара шолақ домбыраны тарсылдатып, Көкбай деген Ғайнолла көпестің кешір жігіті ән салып жатыр. Дауысы желді күнгі жарық қамыстың ызылындай шығады. Оған Белгібай қымызшы қошемет көтеріп:
— О, бәлі! — дейді.
Шеркес Қалиларға таяу отырған екі-үш алыпсатар кеше сатқан терінің жарнасына таласып, өзінше, олар қызыл кеңірдек.
Бір мезгілде жиындағы жігіттер қол шапалақтап Көкен деген жігітті күй тартуға сұрады. Көкен кедей үйдің бақанындай қатқан қара жігіт еді. Оның домбыраға тартпайтын күйі жоқ. Орысша-қазақша күйдің бәрін тартады. Көкен домбыраны қолға алғаннан-ақ жігіттер ортасын ашып билеуін сұрады; Көкен домбырасын бұрап алып ұшып тұрегелді де қара жорғаны шерте жүріп, өзі жорғалап билеп кетті. Қымыздағы мәжіліс оған алақан соғып, айқайлап шала бүлінді де қалды.
Көкен домбыраны ойнатты, билетті, ол шегін шерткен жоқ, өзі жұдырықтады. Қымыз ішкендер Көкенмен бірге селкілдеп отыра алмады. Бір жақтан Ғазбекқара күрілдеп:
— Жәшік! Жәшік! — деп айқай салды.
— Жәшік! Жәшік! — деп мәжілістің бәрі шулап кетті. Белгібай бір жәшікті алып кіріп еді, Көкен оны иығына қойып алып, орыстың «Камаринскаясын» шертіп, өзі домбыраға биледі. Үйдегі қымызға бөккен адамдардың жағасы жайлауға кетіп, аузынан сілекейі ақты да қалды. Көкен екі қолы домбырада ойнады, екі аяғы жерде биледі, иығында жәшік дөңгелек айналды. Домбыра құлдырап, биші мен күйші бір ақ жәшіктің астында ұршықтай ойнады. Үй ішіндегі жиынның көзі бұлдырап қалды. Көкен билеп болып домбыраны, иығы жәшікті ырғатқанда үй ішінде Көкенге ырза болмаған жан қалмады. Бұл уақытта Белгібайдың Кәмеш атты қызы да үйінен шығып, мәжіліске кіріп қалған екен, бастығы Ыбырайым болып Кәмешті ортаға шақырды.
ЖАНЖАЛ
Кәмеш Белгібайдың бой жеткен қызы. Өзі гармонь тартады. Қазақ, ноғай әндеріне дауысын қосады. Бойшаң, тарғыл мысық көзденген, кәмпит мұрын, ақ - сұр қыз. Жиын қол шапалақтап сұраған соң Кәмеш гармонын алып, Ыбрайымның жанына таман отырды. Кәмештің бұл отырысын біздің жігіттердің көбі ұнатқан жоқ. Әсіресе Ыбрайымның қымызшыға осы Кәмеш үшін келетіндігін сезетін Шеркес Қалидың қабағы тіпті тыржиып қалды.
Кәмеш гармоньды дүрілдетті. Гармоньшы қыздың жанында қартаны шартылдатып Ыбырайым есі шығып отыр.
Кәмеш дауысын гармоньға Абай сөзімен қосты:
Айттым сәлем қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзден ыстық жас.
Сенен артық жан тумас,
Туса туар, артылмас,
Бір өзінен басқаға
Ынтықтығым айтылмас...
Гармоньмен бірге сызылып шыққан Кәмеш қыздың дауысы біреулердің айызын қандырып, әбден сүйсіндірді. Біреулердің қытығына тиіп, мұрнын тұжыртты. Кәмеш Абай өлеңін айтып болған кезде жиын жігіттер дуылдасып, Кәмешті алғыстап жатыр. Гимназист Жұмарақым Европа тәртібімен түрегеліп, қыздың қолын сұрап, бір сүйіп қойды. Жұмарақымның мұнысына Ыбрайым жаман көзімен бұқаша бір қарап алды. Шеркес Қалилар оны қас-қабағымен мазақтап, өзара көздерін қысып, бірін-бірі түртті.
Кәмеш онан кейін «Дударды», «Қара орманды» айтып, бірқатар әндердің басын қосты. Ең соңында «Зиләйлүк» деген татардың белгілі әнін саламын деп көтерген жерінде көкірегі қысылып, күрк-күрк жөтеліп еді, кеудесінен келген қақырық қызды аузын ұстатып үйде отырғызбай айдап шықты. Маубас Қали Сатанға сыбырлап:
— Көкірегінде құрт ауруы бар адам, — деді.
— Домбыраны біздің Сатанға бер! Сатанға бер! — деп жиынға Нұраділ әулігіп болмады. Бұрын бұл қымызшыда ән салмаған Сатанды жұрт қызық көріп, домбыраны ұстатып қолқалап қоймайды. Сатан домбыраны түзетіп алып, ақырмай-бақырмай жайлап Жаяу Мұсаның әнімен өлеңін айтты:
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Көрінер қыздар сұлу белін буса.
Шорманның Мұстапасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса... —
деп ақырын бүлкілдетіп, әннің қайырмасын таза, дәмдеп айтып шықты. Сатанның дауысы жігіттердің көбіне ұнады. Әсіресе Ғазбекқара:
— Уа, бәрекелді! Соқ, Сатан! — деп айқайлап жіберді. Бұл дауысқа картаға қызып отырған Ыбрайым жалт қарап: орысша-қазақша қосанжарлап:
— Пректратить тәртіпсіздікті! — деді.
Жігіттер жым болып қалды. Шеркес Қалидың уыты бойына келіп терісіне сыймай Нұраділге, Сатанға сыбырлады:
— Басымыз Сібірге кетсе де осыны бүгін бір сойып жіберелік!
— Скандал керек! Скандал! Жігіттердің бәрі падержат қылады, — деді Нұраділ.
— Жанжал шығармасақ өзі де болмайды. Гришка Қали картадан ұтылып отыр, — деді Бөшке Бекжан.
Сөз осыған байланды. Нұраділдер Шақшайларға сыбырлады.
Шеркес Қали карта ойнап отырған компандағы Гришка Қалидің қасына жетіп келді:
— Неғып салың суға кетіп отыр?
— Ойбай, мыналар зорлық қып отыр!
— Давай, картаңды маған бере тұр! — деп Гришка Қалидың қолындағы қартасын жұлып алды.
— Он сам... сам... сен не мишай! — деп Шеркес Қалиға Ыбрайым бажырайды. Оны тыңдамай Шеркес Қали:
— Бәрібір! Әйдә, жүріңіз! — деп қолындағы бір қартаны сарт еткізіп жүріп қалды.
Бұл жігіттердің бұрыннан істейтін әдеті: қартадан өздерінің біреуі ұста, ұтқан ақшасын ортаға салдырады да, не сыраға, не қымызға мәжіліс жасатады. Егер өздерінің адамы ұтылса — онда не ақшасын бөліп ортасынан төлейді, не қарт үстінде төбелес шығарып бермей кетеді. Сондықтан қарта ойыны болған жерде жігіттердің бәрі де өздері ойнамаса да, ойынды қоршалап отырады. Бірі ол деп, бірі бұл деп қараулатып, қарсы ойнаған адамды не жаңғалақтыққа, не жаң - жалға шақырып отырады. Осы ойында Ыбырайым серіктері еңсеріп, Гришка Қалилардың ершігін арқалатын жіберуге ыңғайланып қалған еді Мұны сезіп отырған көп жігіттер анау-мынау демесе, Ыбырайымнан бата алмай тек дүмбілезденіп отыр еді. Құланның қашуына, мылтықтың басуы кез келіп, Ыбыраймның Кәмешке келуін жаратпайтын Шеркес Қали қартаға келіп киліге кетті.
Шеркес Қали омыраумен келіп, жөнсіз жерден ойынды бұзып, бір қартаны ұрып қалғанына беті қайтпайтын Ыбырайым Шеркес Қалидың қолынан шап беpiп ұстай алды.
— Қоя бер қолымды! — деп Шеркес Қали оған дүрсе қоя берді. Бұл Ыбрайым мырзаға өмірі көрмеген зіл болды да:
— Қазір осы жерден кетпесең, оңбайсың, шпана! — деп зірк ете түсті.
— Кәні, құдай болсаң кетірші! — деп Шеркес Кали тартынбады. Ыбрайым онан әрі шыдамады. Ол Шеркес Қалиды шынтағымен қағып жіберді. Шеркес Қали ырғып, Ыбрайымның үстіне қонып қалды... Сол сол-ақ екен, үй іші сарт-сұрт төбелес болып кетіп, тас-талқаны шықты. Ыбрайым жағындағы оқушылардың, алыпсатардың әр қайсылары әр жерден ұмтылып еді, әле - кедей жаланып тұрған қызу жігіттер оларға қолды қойып беріп, кұстай түтті де салды. Жігіттердің бәрі әлуетті, өңшең қарулы жүкшілер. Жанжалды қыздырып Ғазбекқаралар білек сыбанып ақырғанда Белгібайлар іннен інге тығылды. Үйде лампы құлап, ыдыс қирап, қымыз төгіліп әптер-тәптері шықты. Тепкіден дендеп жығылған Ыбрайымды Шеркес Қали қораға сүйретіп алып шығып айдың ала бұлт жарығында «бауыздаймын сені!» деп, Кавказ қанжарын жалақтатып еді, Ыбрайым:
— Ради бога! Ради бога! — деп Шеркес Қалиды құшақтап безек қақты. Кәмеш ағатайлап қанжарға оралды. Жігіттер Ыбрайымды сілейтіп тастап, жүріп кетті. Жүрерде жігіттерге «кетіңдер!» деп жалынып жүрген Кәмешті Шеркес Қали ұстап тұрып:
— Сенің жайыңды білемін, егер осы жанжалдан кейін сенің мынау мырзаң бізге үкіметін жұмсайтын болса оны да, сені де осы қанжармен қандап кетемін... Өлмей кетсе мынау жатқан итіне осыны айт! — деді де жүріп кетті.
«СӨЙЛЕ!»
Сатан Тәуке талаудан кейін Құсайындармен бірге Жетісуға жеткен соң Шаяхмет байдың қой басына қойылған. Байдың қойы қыстай Көпірлі деген жерде қыстады. Сатан сонда үш қостың үстінен қарап, ат үстінде жүретін қос басшы болды. Қыс қысылтаң болмай, қар аз жауып қойлар қыс бойы қара жерге жайылып шыққан. Жаз шыққан соң Жетісу байларының әдеті бойынша Қоянды жәрмеңкесіне айдалған малмен Сатан арқаға қайтып, байдан кетпек болған. Оған бай «тағы бір жыл жүр» деп еді, Сатан:
— Осы байға жүру дегенді енді қояйын деп тұрмын, Шайеке! — деген соң Шаяхмет бай да:
— Ықтияр! — деп босатып жіберген.
Қоянды жәрмеңкесі тараған соң Сатан ел ішінде отыра алмай, не де болса ұзанқырап қызметке кетуді ойлады. Оған кетуге бірден бір жол — жылда жәрмеңке артынан, пайда іздеп қала-қалаға жосылатын ел жігіттеріне ілесу еді. Сатан да осы Қояндыдан қайтқан байлардың жүгіне жалданып, Омбы қаласына жетіп қалған болатын. Қалаға келген соң ол тура Қаракесек жігіттерін тауып, Шақшайлармен қостас болып жүргенде осы Шеркес Қали, Нұраділдерге кездесті. Бұлар оны өз қасына алып, жұмысқа орналастырды. Сонан бері Сатан Шеркес Қалилармен бірге жүріп, бірге жатады.
Сатанға осы екі жолдасы аса ұнады. Ол қалада жүрген жігіттерді Шәркес Қалилардай деп ешқашан да ойына келтірген емес-ті... Сатанның ойынша: қаладағы қазақ жігіттері — жуликтеу, уәдесіз, құмарпаз, арақ ішкіш бұзық — ана Шақшайлар сияқты болады. Көбінесе қалаға келіп, бұзылған жігіттерде бауырлық, жолдастық деген мейірім болмайды: арақ үшін, ақша үшін қасыңдағы жолдасын салады. Сатан ел ішінде жүргенде қалаға кеткен жігіттерді, қаланың тұрмысын осыдан бөтен деп ұғынған емес.
Ал, Сатанға мынау бірге тұрған екі жігіті тіпті олай көрінбейді. Өздері таза, уәдешіл, жолдас десе жанын қияды. Таза жүреді, таза тұрады. Алатын ақшасы да берекелі, киетін киімі де алуан түрлі, жұмысқа барса жұмыс киімін киіп, майлық-сулық болып жүрсе, мейрамға, серуенге жүрсе, төредей болып киініп шыға келеді. Әсіресе, Сатанға Шеркес Қали ұнайды. От өтімді, ақылды, жайдарлығының үстіне адамшылығы мол, ары күшті. Өзі өзгедей ұсақ-түйектің жігіті емес, не болса да іріге ұмтылады. Оның шығарған жанжалы да көбінесе ұсақ-түйектен емес, көпшіліктің басына байланысты әңгімелерден туып жүреді. Ондай жерге келгенде ол жігіттің ері. Шешініп түседі. Жанын көптен аямайды. Жігіттердің жұмысын орындағанша асығады. Ал, бірлі - жарым жігіттердің мұң-мұқтажы болса шамасы келгенше жәрдем беруге тырысады. Сатанның өзін де осы Шеркес Қали Шақшайлардың артелінен айырып, өз қасына алды ғой. Шеркес Қалидың бұл жолдастығын Сатан өлсе ұмыта ма?
Бірақ Сатан Шеркес Қалиды осы жақында ғана көрді. Онан бұрын мұны көрген емес, естіген де емес. Сатанның, Шеркес Қалидың нағылған адам екенін білгісі келеді. Әсіресе Сатанға Шеркес Қалидың қалаға қайдан келгені, қашаннан бері қалада тұратындығы, кім-кімдерді білетіндігі қызықтырады. Сатан осы сықылды Нұраділді де білуге қатты құмар. Бірақ, сұрауға қисындата алмай жүрді.
Бір күні Шеркес Қали көрші татардың тоташымен бірге ноғай спектакліне кетті. Сатан мен Нұраділ үйде қалды. Сатан Нұраділмен сөйлескісі келіп Нұраділден сұрады:
— Сен Шеркес Қалимен қашаннан жолдассың?
— Жолдас болғаныма төрт жыл. Оны мен Семейден бері білем. Біз сонда таныстық. Сонан кейін екеуміз қайда жүрсек те біргеміз. Жаман жолда жар болып, жартымызды жарып, бүтінімізді бөліп жескен серікпіз. Шеркес Қалидың басы жас болса да көргені көп, еті тірі, өзі ержүрек, адамшылығы басым, аяулы жолдасым, — деп Нұраділ мақтай жөнелді.
Нұраділдің бұл сөзі Сатанды онан әрі қызықтырды. Ол Нұраділге Шеркес Қалимен таныстырып, екеуінің әңгімесін сөйлеуді сұранды. Нұраділ Шеркес Қалиды таныстыру үшін әңгімені әріден қозғауы керек болды да:
— Сөз ұзап кетер, — деді.
— Сөйле! — деді Сатан.
ӨРТ
Осыдан жеті жыл бұрын Қарқаралы дуаны, Дегелең болысының жеріндегі Қоңырқай адыр-бұдыр, қараған, тобылғы бадал қалың біткен тасымал жердің бетінде бір қора қой жатыр. Шілденің ыстық уағы. Ел қозы қырқып, қой суалуға айналып, сүті қоюланған. Шаруа пішенін шауып алып, енді егінге орақ саламыз деген уақ. Таудың балдырғаны cap құлақтанып, бетегесі сарғайып, шақпақтың қуындай қудырап қалған кезі еді. Теріскей беттерге біткен боз қараған, боргөз, тобылғы сияқты бұталардың бадалы қалың. Арасына кіріп кеткен құрттаған қойдың табылуы қойшыға бір ақыр заман. Қой ыстықтан солықтап, жазылып жайылып алмай көбінесе үйездейді, бадал-бадалды сағалайды.
Қойдың шетіндегі тастақтау жерде түтін бықсиды. Маңайда жан адам жоқ, тек қоңыр саулықтың желініне төпелеп, саптыаяққа сауып отырған қойшы бала ғана көзге түседі.
Осы жатқан бір қора қой Сүлеймен дегендікі. Мынау, бала қойшы бұл қойды екі жылдан бері бағады. Бұл бір қырқым жатақтың баласы.
Қырқым жатақ дегенді саған түсіндіре кетейін. Ол осы Сүлеймендер отырған жайлаудан күндік жерде көшпей жататын жатақтар. Олар қырық-елу үй. Осы жатақтардың бір ат, бір бұзаулы сиыр, бес-алтылаған ешкісі болса — ол «бардам» үй саналады. Көбінде ол да жоқ. Оларда Сүлеймендер жайлап отырған жайлауға көшіп оттатарлық мал болмайды. Жатақтарға көшудің, жайлауға шығудың қажеті шамалы. Жатақтар жаз шығысымен бір жерге жиыла қонады да малдарын қосып бір табын қылып бағады. Сонда қырқым жатақтың табыны ешкі мен сиыр болып шығады, жалғыз-жарым шолақтары арқасын ер босатса кісенмен оттайды.
Ал, осы жатақтардың істейтін кәсібі — пайда іздеу. Әр үй әртүрлі жолмен жан сақтайды. Көбінесе жатақтардың жас жалшылары малды ауылдың қой-қозысымен кетеді де, әжетке жараған жігіттері Ертістен өтіп, Сібірге қарай жосиды. Іздейтіні пайда. Қала-қалаға сіңіп кетеді.
Өзің білетін доңыз жылы: жаздай жерге шөп шықпай, қыс сұрапыл қатты болды ғой... Сонда осы ел ақ - сүйек болып жұтады. Ол кезде осы жатақ болатын адамдардың көбі-ақ недәуір малды адамдар еді. Бұларды қаһарлы қыс тақыр жерге отырғызды. Ел ашықты. Жан далбасамен осы қырық үйдің адамы қол ұстасып, Ертіске құлап кетті. Тамақ іздеп тентіреді. Әжетке жарайтын адамы Сібірге сіңді. Сонда қырық игі малсыз бір жерде шулап қала берген. Міне сонан бері осыларды ел «Қырқым жатақ» атандырған. Міне, сол қырқым жатақ ешқайда кеткен де жоқ. Сол орында әлі отырып келеді. Істейтін кәсібі жоғарғы айтқандай.
Міне, таудағы Сүлеймен қойын бағып, қоңыр саулығын сауып отырған жұқа қабақ, қара бала сол қырық жатақтың бір үйі — Тұздыбай деген кісінің баласы.
— Ал, қош! — деді Сатан.
— Сен жақсылап тыңда, бұл әңгіме бірталайға созылады, — деді Нұраділ.
Екеуі де без қалтаны ақтарып, махорке орасты.
Қойшы әр қойдың артынан бір шоқиып отырып, қайқайма саптыаяқ сүт сауып алды. Қорғасын сықылды қою сүтке саптыаяқты мөлтілдетіп, бықсып жатқан оттың басына келді. Қойшының тезек шоғына көмген тастары талауратып, әбден қызған екен, тобылғы шыбығымен қызған тасты қысып алып бала қойшы тастың күлін үрледі де саптыаяққа тастап жіберді. Саптыаяқтағы сүт быж етті. Буы бұрқырап бүлк-бүлк қайнады. Ол тағы бір кесек тас салды. Сүт қайнап көпіріп, саптыаяқтан тасып төгілуге айналды. Қойшы қималы қасықпен сүтті сапырып, пысылдап іше бастады. Шіркін, қойшының бір сүйген асы қорықтық қой! Шөптің буыны қатып қозының жүні қырқылған уақыттағы қойдың қорғасындай қоймалжың сүті қойшы таңдайына бал татып, маңдай терді шып-шып шығарды.
Бала қойшы сүтке шеміршектеді. Анда-санда сұқ саусағымен самайдан сорғалаған терді бір сыпырып тастайды. Ай дала, тойған қойшының төсі жайлау, төбесі қыстау болғандай. Еділ мен Ертіс болып кекіріп қойды. Сүттің тоғын басып, қойшы саптыаяғын жанына байланды. Қойшы бір шөлкемдеп, қарағанның көлеңкесіне жантая кетті. Ұйықтап қалып қойға қасқыр шаппаса не қылсын?..
Бала қойшының көзі ілініп барады екен, ешкілер пысқырынып, үйездеген қойлар үрке жөнелгенде оянып кетті. Басын жұлып алды. Жалма-жан, көзін ашса аспан қап-қара түтін, жер қып-кызыл жалын болып кетіпті. Енді болмаса өрт қойды қамап, қойшыға ұмтылуға қалған екен...
Бала қойшы шошып кетті. Тура салып олай бір, бұлай бір жүгірді. Жерде жатқан бешпентін бір қолына алып, саптыаяқты бір қолына алып, өзіне таяу келіп қалған өртті сабалап көріп еді, өрт өшпек түгіл өршіп кетті. Қайта бешпентіне от жабысып, үстіне ұшқын шашырап, өзі күйіп қала жаздады.
Жан-жақты қап-қара түтін басты. Түтін астындағы қараған, тобылғы, боркөздердің бадалы патырлап жанып, аспанға лаулады. Күн шілдесі жаздай қақтап, шакпақтың қуындай тұтанғалы тұрған қуқыл бетеге аз ғана желдің лебімен отты жан-жаққа әлдеқашан алып қашып кетіпті. Қаулаған өрт, заулаған от көптен жауын тамбаған қу далаға ойнақты салып берді. Қарағандар бытырлап, тобылғылар шытырлап, шөптер от шалғысына шабылып, жылан-шаян шырылдап, бақа- коңыз құрылдап тауды-тасты өрт алды. Ойнақ салған өрт жан-жаққа қанатын жайып, қойшыны қуып, қойды қамауға айналды. Бала қойшының ойына қойды өрттен құтқару түсті де айдалада жалғыз өзі сасып, шырылдап, әрі-бері жүгірді. «Өрттен желге қарсы қашса құтылады» деген ауылдан естігені ойына түсіп, жалма - жан қойды бешпентімен сабалап, желдің лебіне қарай қуалады.
Бала қойшы өлдім-талдым дегенде өрттің деңгейінен қойды айдап шығып, артына айналып қарады. Өрт жер - дүниені алған екен... Өрттің түтіні қап-қара болып тулап бүтін аспанды алып кетіпті.
Өрістегі өрттің түтінін көрген жайлаудағы ел аттысы атты, жаяуы жаяу жабыла өртке ұмтылысқан болса керек, өрт маңы қара құрқ кісіге толып кетіпті. Бақан, құрықтың басына сулы киіз, малшынған тулақтарды байлап, бірсыпыра кісі «аруақтап» қойшының қасынан өртке қарай шауып өтті. Қойшы көзінің жасын сүртіп қарап, шауып бара жатқан көк аттының Сүлеймен екендігін де танып қалды. Сол күні кешке шейін қойшының алды-артынан өріске қарай топ-топ кісі шауып жатты. Кешке шейін өрт шыққан жақтан қара түтін басылған жоқ,...
Күн кеш болған соң бала қойшы қойды ауылға әкелді. Ауылға бір жақтан қой келгенде екінші жақтан саулап өрт сөндірген кісілер де қаптады. Олар келе Сүлейменнің аулында аттан түспей иіріліп тұрып алысты:
— Өрт сенің қойшыңнан кетті. Қорықтық қылған орны жатыр. Жер біздікі, қыстауымыз еді, бұған не айтасың? — деп қисық ауыз Мерген деген кек шал шатақты бастап тұрып алды.
Сүлеймен кісілердің алдына бала қойшыны шақырды. Күн ұзын көрмеген сұмдығын көріп дегбірі қалмаған қойшы бала, айыпты кісі болып, сұқ қолын аузына салып ақсақалдардың алдына келді. Сүлеймен ат үстінде еді:
— Өртті кім жіберді?
— Білмеймін.
— Қорықтық істеген кім?
Қойшы үндемеді. Үндеп «мен істемедім» деп тану деген бала қойшының ойына да келмеді. Мынау қаулап тұрған кісінің барлығы да күні ұзын оған өрт сияқтанып, бәрі көріп келіп тұрған куә тәрізденді. Жапса жасырылмайтын ұрлық екеніне көзі жетіп, ұрыны ұстағандай болған соң Сүлеймен атты борбайға бір салып жіберіп, қойшыны бастырып берді. Бала қойшы бажылдап, ағатайлап, безіп жөнелді. Сүлеймен мінген көк ат қашқан баланың адымын ашырмай бауырына басты. Баланы өкшелеп, ішіп-жемге қоймады. Сүлейменнің жезді қамшысы жыланша оралып, бала қойшының мойнына шып-шып етті. Бала ағатайлап, аттың омырауына тығылып еді, көк ат өкшесін басып қалып бұраң еткізіп бала қойшыны жерге жықты. Жиылып тұрған кісіден бір шал шауып келіп, Сүлейменнің атын басқа бір салып, баланы арашалап алды.
Сүлеймен өрт сөндірген кісілерге мал сойып, қонақ асы берді.
— Құдайдың қазасы, қас қылғанымыз жоқ, қойшы итке біз қорықтық істе деп айтпағанымызды өздеріңіз де білесіз... — деп жалынып, жалпайып аттандырды. Өртенген жерге іші күйіп, өртеніп бара жатқан анық жер иесі жоқ та еді. Күні ұзын өртке шауып, аттары терлеп, өздері қиналған қазақтар Сүлейменді мойындатып, «жазықты» қойшыны сабатып, малын сойдырып, ет жеп, сорпа ішкен соң жай-жайына тарап кетісті.
ӨЗ ҚОРЛЫҚТАН — ЖАТ ҚОРЛЫҚ
Күн шашырап шығып келе жатқанда арық торы байталға мініп, білегіне құрықша ілген бала қойшы кешегі өзі өртеген жерге жетті. Кешегі күні қойды алғаш әкеп салғанда самсап тұрған қараған, боргез бадалы бүгін жым-жылас болып, үйткен қойдай тыңқиыпты да қалыпты. Сай да, дөң де қап-қара күйік. Кешегі өзінің қорықтыққа салған көк шұбар тасы қаспақ-қаспақ болып жатыр. Кешегі өзі көлеңкелеген бір шоқ қарағаннан бір тал жоқ, тек бір уыс болып көмірі ғана қалыпты. Қойшы мұның бәріне бір қарап, торы байталды тепектей тебініп арман қарай асты.
Қойшының келе жатқаны тау мен етектің арасы. Сүлеймендер отырған жайлаудан жатақтар отыратын жердің арасы салт атқа шалқар бір күндік жер. Қырқым жатақ — қойшының аулы жаз шыққан соң және пайдаға жақын деген ниетпен Кемпір атты бекетке таман тартып қонған еді. Бұл осы екі араны және бір кеш жерге алыстатқан болатын.
Бала қойшы Сүлейменнен қашып келеді. Ол кешегі таяқты кек көрді. Ол таяқ бұдан былай қойшы басына әруақытта ойнап тұратын сияқтанды. Ол түнімен осыны ойланып не де болса осы ауылдан кетуге бел байлап, таң күзеткен еді. Таң алдында Сүлейменнің ойдағы егінде қалған бір кедей мініп келген торы байталды ерттеп мініп, күн шықпай ауылдан кетіп қалған беті осы.
Қойшы бала өртті жерден өткен соң торы байталды құзап жүрмекші болды. Ол үшін, бір жерге түсіп мойнына кеткен ерді кейіндетіп, артқы айылын жуан қарыннан тартты. Байталдың шылбырын шешіп, өзінің кеудесін шарып алды. «Алыс жолға ат үстінде жүргенде кеудесін таңып, ішін шарып алған адамды ат соқпайды» дегенді әкесінен бір естіген еді. Қойшы баланың енді оны өзі істеуге тура келді. Сөйтіп, ол торы байталға мініп, құзай қамшылап, жедел тебініп, жүріп кетті.
Екі орта елсіз. Лаққан ит жоқ. Әсіресе Шаң дейтін жер тіпті қауіпті. Бұл жазды күні ел болмайтын анда - санда бұзылған қыстауы бар, қара тастақ тау. Осы жерге, көбінесе, ұры бекінеді. Әсіресе жан-жақтан мал тартып, керуен талайтын Тобықты ұрыларының бір соқпалы жері осы. Көбінесе, мұнда елдің ертегідей сөйлейтін талаушы ұрылары Мәди, Жайсан, Тәуке, Самалықтар. Әсіресе, мына қойшының естіген қорқыныш әңгімелері Тәуке, Самалықтікі. Олардың даңқы жер жарады, олар жәрмеңкеден қайтқан талай керуенді осы жолда шулатқан. Міне, сол Қыз Жібек жырындағы Бекежан бекінетін Қособаның көлі сықылды жау жататын қауіпті жерге торы байталды бұраңдатып, қойшы келе жатыр...
Қойшы Шаң шоқысының басын көргенде, көбінесе ол осы Қособаның келін, Бекежан, Төлегенді, Тәуке, Самалықты, торы байтал мен өзін ойлап келеді... кенеттен оның ойы өзге бір жаққа бұрылды:
— Анау Шаң шоқысы... Қанды балақ ұры бекінетін қағынған жер... Егер онда ұрылар жатса — олар мені көптен қарауылдап көріп отыр ғой. Мені жақындасын деп отыр-ау, ә?.. Мені көрсе өлтіреді ғой... Өлтіргенде мені осы торы байтал үшін өлтіреді-ау... Мен жалғыз өзім, жаспын, айдала, оларға не қыламын...
Осындай ойлар, қойшының басын әңкі-тәңкі қылып келе жатқанда, тағы бір ой төтеппен кимелеп кетті!
— Жоқ-ау, әлі мен неге қорқам?.. Мені көргенде ұрылар маған не қылады?.. ұры менің неме қызығады, немді алады? ??Ұрылар мені өлтіріп тонағандай менің үстімде малынып тұрған киімім, астымда шұлғып тұрған атым қайсы?.. Мынау арқасы жауыр ыңыршақ торы байталды мал деп ұрылар қызыға қояр ма екен? Қызығып менен алса да, осы байтал олардың жетегіне жарар ма? Жоқ, мен жүз ойлансам да жолыққан ұрыдан қашып құтылып, қайрат қылып жеңе алмаймын. Не де болса, көрінген ұрының өздеріне барам. Сәлем берем. Олар да біздің ауылдың жігіттері сықылды кісілер шығар. «Мен баламын, байдан қашып келемін» деймін... Мейлі, байталымды алып кетсе де, азықтарыңнан беріп кет деп жалынармын, тәуекел!..— деп қойшы Шаңның шоқысының деңгейіне келді. Шаң шоқысындағы ұрының қарауыл жатады дейтін қауіпті Қызылмола, Саршоқы деген жерлеріне таянды. Байтал болдырып, аяғын сүйрете бастады. Ол таулы жерге келген соң өрлеуітке шыға алмай әбден қалжырай бастады. Енді де қылса да, байталды суғарып, шалдырып алмай жүре алмауына көзі жеткен қойшы бұлаққа бұрылып, байталын суғарды да тұсап отқа қойды. Өзі жан-жаққа Қарайыншы деп Қызылмоланың биігіне шықты.
Қойшы Қызылмолаға шыға келіп еді, топ шоқының жығылар бауырынан түтіп шығады. Адам дабырлайды. Қойшы қорқып бұға қалады... Аз отырды да: «бәрібір байталға мінген соң мені көреді, мен құтылуға жол жоқ», — деп қайтадан түрегелді. Мұны көріп қойды. Көріп қойған адамдар абыр-дабыр келіп, олай-бұлай жүгірісті. Бет-бетке жүгіріп, қойшы-қонышына тас толтырысты. Қойшы қорқа-қорқа соларға қарай аяңдады...
Олардың қосы ойда екен. Өздері шоғырланып жиылысып алды да, келе жатқан қойшының алдын тосып тұрып дабыс берді:
— Жақындама, өлесің!
Қойшы қорқып тұра қалды. Олар тағы дыбыс берді.
— Елмісің, жаумысың?
Қойшы оған жауап қайырып:
— Мен жау емеспін, кісімін.
— Наған адамсың?
— Атым болдырып жүрмей келе жатқан жолаушымын.
Сонан соң кісілер қойшыға қарай бірте-бірте жақындап, қасына келді. Жөн сұрасты. Жайын анықтап, жатақтың баласы екенін білген соң ертіп қосына алып келді. Бұлар қос-қолаңы, азық-түлігі бар, ортасында бір көлігі жоқ өңшең жаяулар екен. Далада ет асып, шай қайнатып дамылдап жатыр екен. Бұлар елден шығып, Ертістен өтіп кәсіпке бара жатқан Шаншар, Жалықпас деген елдің пайдашы жігіттері болып шықты. Ішіндегі ақсақалы Боранқұл деген балуан баланы өз жанына отырғызып, шайға қандырып, етке тойғызды. Ол қойшыға:
— Біз сенің аулыңның үстімен жүреміз, бірге жүр, біреу-міреу жазым қылар, — деді.
Тамақтанып дамылдаған соң жігіттер жүрмек болды Отқа қойылған торы байтал да суға қанып, шөп жеп, аунаған соң қылан ұрып, қунап қалыпты. Жігіттер жүктерін арқалап, жаяу керуенді шұбатып баланы ішіне ала жолға шықты. Сол күні жігіттер екі етегін қамшылап, тұздан қайтқан жарау түйелердей шырт аяңға салып отырып, елдің кезі бір ұйқыға барды-ау дегенде қырқым жатақтың аулына келді.
Келсе қойшының әкесі де Белағаш жаққа тау бітік қылып кеткеннен сол күні ғана келіп отыр екен, бала қойшыға әке-шешесі қуанып, шұрқырасып қалысты. Қойшы жердің өртенгенін, жеген таяғын сөйлегенде солқылдап жылап айта алмады. Шешесі мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп, көйлегінің жеңімен баласының көз жасын қайта-қайта сүртті.
Бала қойшы үйіне келіп «уһ!» деді. Оның әкесінің аты Тұздыбай. Үй өміріне өзіне өзі түгел жетпеген үй. Тұздыекеңнің үйінде алты бала. Оның әжетке жетіп, жалшылыққа жарағаны екеу-ақ. Оның бірі — осы қайтып келіп отырған Мәмбет. Мәмбеттен үлкен баласы орыста малай. Онан кейінгі ұлы-қызының барлығы да шиеттей жас балалар. Осы балаларды асырау, борыш - қарыштан құтылу, шаңырақ ақша төлеу — барлығы да Тұздыекең мойнында. Тұздыекеңде бір ат, бір бұзаулы сиыр бар. Бұзаулы сиыр осы үйге жаздай көк шалап болады. Тұздыекең өзі үйде отырмайтын тұз адамы. көбінесе, істейтін қарекеті — Ертіс өтіп ел аралайды. Аздап тәуіптік істеп құмалақ салып, тамыр ұстайды.
Түрлі шөптің тамырынан қазып алған арала, құмжеміл, жемжеміл, можы, құшала сияқты толып жатқан түйіншекте дәрі-дәрмегі болады. Осы дәрі-дәрмегін іске асырып, қай түрлі ауру болса да Тұздыбай қарсы ем қылып жатады. Тұздыбай ем-домын көбінесе Ертістің ар жағындағы егін салатын елге істейді. Өйткені, қысқа қарсы үйіне уысты құлақ астық жинап алу керек...
Тұздыбай үйі түнделетіп пайдашы жігіттерге бір лағын сойды. Оның бір жағы — мынау жігіттерге қонақ асы болса, екінші жағы — Мәмбеттің аман-есен келуіне айтып сойған малы еді. Жігіттер лақты өздері сойып, отқа құйқалағын пісіріп, өз қолдарынан асып түсіріп, жасап жесті. Жолшыбай шаң қауып, жел жалап келген жігіттер аузы қызылға тиіп, бір-бір аяқ сорпамен қайқайысып алды да, таң алдында жантая - жантая кетісті.
Таң атты. Жігіттер жүрмек болды. Тұздыбай отағасы Боранқұл балуанның тізесіне қолын қойып отырып:
— Азаматтарым, мен сендерге ырзамын! Баламды жауға алдырмай, қасқырға қалдырмай аман-есен үйге әкеп салғандарына... Бұл бала Сүлейменнен шығып келгенде үйдегі шалапқа қалай ортақ болып отыра алады? Онан да құдайға, сендерге аманат деп өздеріңе қосамын... Сендердің шайларыңды қайнатса да өз тамағын өзі тауып қайтар, — деді.
Бұған Боранқұлдар көніп өздері бара жатқан жолдың жұмысына Мәмбетті де ертіп кетті. Мәмбетті әкесі түстік жерге шейін шығарып салып тұрып:
— «Өз қорлықтан жат қорлық жақсы». Жолың болсын, бар, балам! — деп батасын беріп қала берді.
Жігіттер жүріп кетті.
ЕҢБЕКТЕН-ДӨҢБЕК
Барнаулдан Алтайға қарай салынып жатқан - жол, жыныс ағаш, боз дала, бұталы дөңдердің ойып тегістеп, биігін бұзып жатқан жұмыста жігіттер ашты-тоқты істеп жатыр. Мәмбет, Мардандар кірген артельде қырыққа таяу жігіт бар. Екі қос. Қызыл құмайт жерге біткен қалың қарағайдың ішін аралап жатқан құр арнаның мүйістеу жеріңде жігіттердің қосы. Жігіттер он бес күннен бері осы арада істейді. Жол төсегіне төсейтін қайыршақ топырақты осы арадан қазып вагонге тасып жатыр.
Жігіттер жататын жері жұмыс басынан екі шақырымдай қашық, қабақ-қабақтан қазып паналаған жер кепелер.
Мәмбет бүгін қоста қалған. Жігіттердің жеркепелерінің алдында үлкен ағаш мосыға асқан қара бақырдағы су шымырлап қайнап келеді. Оның астындағы отты сыра түсіп, Мәмбет жамбастап жатыр. Жігіттердің жұмыстан кешкі қайтуына қара шай қайнап, қарсы алу керек. Мәмбет үлкен қара бақырдың астындағы отын қағыстырып жатып, ойымен әлдеқайда жүр: «Біздің үйден хабар болмай кетті-ау, әкем байғұстың келіп қалатын уағы да болды. Ол мені сағынып келмесе де борышы қуып бір күні келіп қалар. Сүлеймен қажы біздің үйді не қылды екен? Әкем байғұсты ауылнайға айдатып алып, балаң байталымды ұрлап кетті деп күйдіріп жатыр ма екен? Ол тіпті пәлендей қой-қозымды жоғалтты десе де қолынан келіп тұр ғой... Оны ма, оны істеуден Сүкең қажы құдайынан қорқа қоймас... Мейлі. Бірақ, мен Сүлейменнің есігінен шығып кеткеніме шүкіршілік қылам. Мұным жақсы болды. Егерде мен онда осы күнге шейін жүре берсем?.. Егерде жер өртенбесе? Егерде ол мені ұрысса да мен қашып кетпей қалып қалсам? Не болар едім? Не болсын — мен баяғы Сүлейменнің қойын бағып жүре берер едім. Міне, мен бүгін өзге жігіттермен бірге жұмыс істеп жатырмын. Тегі «талапты ерге нұр жауар» дегенді әкем байғұс аузынан тастамаушы еді. Сол рас қой. Әлі осы «нұр» деген не екен? «Оттың нұры». «Күннің нұры» дейді... «Жарығы» деген сөз болуы керек. «Жарық», «қараңғы» бұл екеуі «күн» мен «түн» емес пе? Ендеше, талап қылған адам қараңғылықта қалмайды деген сөз-ау, ә? Рас-ақ. Ендеше мен бұдан былай ылғи талап қылам. Өнерге ұмтылам. Өнер демекші — өнердің бәрі орыста екен ғой. Мынау қалаларды сап, телеграмды жүргізіп, осы шойын жолдарды салып жатқан — бәрі де орыстың өнері емес пе? Өнерпаз боламын деген жігіт, алдымен орыс арасына кіріп, орыс тілін білуі керек-ау. Мен де осында келгелі бірнеше сөзді біліп қалғам жоқ па? «Кілеп», «бада», «земла», «малаток» тағы талай сөз білем. Сүлеймендікінде жүре берсем не білетін ем? Сол қараңғыда қала беретін едім. Мынау шойын жол бойы Дегелең жеріне қарағанда әлдеқайда жарық, әлдеқайда «нұр» емес пе?
Қазір жер көріп, ел танып, кісі санатына қосылып қалғам жоқ па? Өсте-өсте адам болып кетуім алыс емес. Жолдастарым Боранқұлдар да аяулы адамдар екен! Мені өз бауырындай аяп, жан ауыртып жұмсағысы келмейді. Мен де Боранқұлға әбден сенем. Тілін қайырмай, үкідей ұшып тұрамын. Қайтсын, бәрі де табан ет, маңдай терімен күнелткен қызыл сирақ кедейлер ғой, байғұстар. Бұл байғұстар таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Жадырап ішер тамағы, жайланып жатар төсегі жоқ. Бұларды топырлатып айдап жүрген кедейшілік. Бейшараларды борыш қуып жүр. Артымыздан ауылнай келіп, алғанымызды сыпырып әкетеді ғой деп зыр-зыр етеді. Қайтсын, сорлылардың өмірі сонымен өтіп келеді... Бірақ өздерінде от көп. Тіпті жасымайды. Аштық, жалаңаштық, жоқшылық ойына келмейді. Әр талапты адам осылар сияқты, болуы керек. Мына Боранқұлдар тәрізді болса... шіркін жарлының жасады, талабы таудай, бірақ, бағы жоқ... бағы жоқ...»
От басында осыны ойлап, өзінен-өзі сөйленіп жатқан Мәмбет жанына біреу келгенін сезбей де қалып еді. Мардан иығындағы күрегін жерге тастай берді де «уһ» дегенде жерді солқ еткізгендей болды. Өзі Мәмбетке таяу отыра кетті. Бет-аузы топырақпен араласып, қап-қара болып түтігіп кетіпті.
— Шаршадың ба, неге ерте қайттың? — деді Мәмбет.
— Құрысын, бұл тіршілік!
— Неге кейіп келдің?
— Құрысын бүйтіп көрген күн! Ертеңнен кешке шейін итше салпақтап жүреміз, сонда да еңбегің еш, тұзың сор.
— Біреу ренжітті ме?
— Кәрім көрмегенді көрсетті. Өзімді бұзақы деп шағыстырып, қарауылшы солдатқа ұрғызды.
— Неге шатақтастыңдар?
— Не деген шатақ? Түк шатағым жоқ. Менің күнімді кемітіп жазыпты. Соның ақшасын сұрап едім, көп жігіттердің көзінше жер-жебіріме жетіп, бұлан - талан болғаны.
— Өз қайда кетті?
— Приемщиктердің шатырына қарай кетті.
— Ендеше сені жұмыстан шығарады де қой...
— Шығарса қайтемін, шығарсын! — деді.
Түбі Қарқаралынікі, Семейде тұратын сары шұбар Кәрім осы жігіттердің подрядчигі. Ол жаздың мұрнымен келіп, осында ілінген. Өзі алыпсатар Бірді бірге сапырып, сатырлатып сауда істейді. Өзіне пайда түсетін жерге әкесі болса да сатып жібереді. Семей мен Барнаул арасындағы ерсілі-қарсылы етіп жататын сауданың қазақтан шыққан жұлмыр алыпсатары — Кәрім, жол жұмысына жабысуды үлкен пайда деп орналасқан. Бір жағы пайда іздеп, келген қазақ жігіттерін арзан жалдап, жал жұмысынан нәпақа тапса, екінші жағынан жол жұмысын жапсарлап сауда жүргізуге пайдалы деп есептеген. Сол есеппен Кәрім подрядчик шойын жол төсегіне тасылып жеткізілетін қайыршақ топырақты тұтасымен көтеріп алып, жігіттерді өз қолына қаратып алған соң бір шылқа майға тұмсығы тиген. Бір жағынан саудасын істеп, өз адамдарын жан - жаққа таратып жүктерін жүргізіп жатады Сүйтіп, мұның жатқан қосы Қоянды жәрмеңкесінің бір шетіне ұқсайды. Өзі тілегенінше әр жігіттің күнін кесіп, жұмысқа сайлады. Жігіттердің күндікке алатыны аз. Оны «аз» дегенге «ықтияр, аз десең істеме, көп беретін жұмыс тауып ал» дейді. Жұмысты күндіктеп берген соң — подрядчик мейлінше қысады. Таң қылаңнан тұрғызады. Қас қарайғанда қайтарады. Жігіттерді қуып, жұмысқа айдап тұратын қарауылшылары бар. Десятник, подрядчик, приемщик, конторщик, тағы талай «щиктердің» табысы жұмыскердің үстінде. Олардың ішкені арақ, ойнағаны карта, алғаны пара . бір жағын сауда, бір жағын жұмысқа, әкімшілікке сүйеп, сорлы халықты талап жатқан бір топалаң жер Жебірлердің үстінен жігіттерге арыз беріп, сөз алатын жер жоқ. Ондайдың бірлі-жарым бола қалғаны арыз иесін көп шығынға батырып, аяқсыз қалады. Осындай күйден пайдаланып, Кәрім пайдашыларды қан қақсатады. Мына Марданның бүгін Кәрім қорлығын тартып, уһлеп отырғаны сол
Осылай мұңдасып отырған Мәмбет пен Марданның үстіне подрядчиктер жетіп келді. Кәрімнің қасындағысының бірі приемщик, бірі қарауыл солдат. Бұлар құла атқа жеккен дрошкені салдырлатып келіп, жігіттердің қасына тұра қалысты Қасындағыларға Кәрім:
— Міне, осылар. Жұмыстан қашып келіп отырған бұзықтар, дереу айдап жүріңіз! — деді.
— Әйда! — деп мойнына қылыш салған солдат жігіттерге таман жүрді. Мардан томсырайып жұбап қатқан жоқ. Мәмбет Кәрімге бажалақтап:
— Көке-ау, бұ не қылғаныңыз? Мен қашып отырғаным жоқ мені жігіттер қос қарауылға тастаған еді.
Кәрім онан әрі көкіп кетті:
— Оттама, иттер! Нағылған қарауыл? Қарауылдайтын қандай қазынаң бар еді. Істегің келмесе ертең расчетыңды берем, бүгінгі күнді өлтірмей, әйда!..
Жігіттерге одан әрі сөз қалған жоқ. Не «бармаймыз» деп қарсылық істеу керек, не жүру керек. Осының қайсысын қыларын білмей, сазарысып біраз тұрысты да, айдаушылардың алдына түспеуге шарасы қалмады. Мәмбет бақыр астындағы отты күлмен көміп, белін буынды. Мардан жерге тастаған күрегін алып қайтадан иығына салды.
ӨШТЕСТІРГЕН ӨМІР
Келер кешінде Нұраділ мен Сатан кешегі әңгіменің аяғын кешеге алып шықты. Көшенің бас-аяғына ерсілі - қарсылы жүріп тағы әңгімелесті.
Мәмбет жігіттермен бірге шойын жол жұмысында екі жаз, бір қыс жүрді. Ол бұл жүрісте ел түгіл өзінің үй іші де ойына аз келетін болып, тұздың дәміне әбден үйір болды. Жұмыстағы жігіттердің арасы Сүлеймен аулындағы жалшылықтан, не қырқым жатақтың ортасындағы жоқшылықтан әлдеқайда қызық, әлдеқайда еркін көрініпті. Боранқұл да Мәмбетті Тұздыбай отағасының тапсыруымен қанатына алып, қорғап өзінің көзіндей күтіпті. Ақысын ешкімге жібермепті. Ақшасын шаштырмапты. Жылында екі уақ әкесі Тұздыбай да артынан іздеп келіп баласының тапқан ақшасын жинап, үйіне алып қайтып тұрыпты. Сөйтіп Мәмбет бұрынғы Сүлеймен есігіндегіден әлдеқайда ашылып, ысылып, қайда барса өз бетімен жүре алатын пайдашы жігіттің бірі болып кетіпті.
Екі жылдан кейін жігіттер жол жұмысынан босанып, елді-еліне қайтатын болыпты. Көбі қар жауғанша қайтып та кетіпті. Елге барып байға орналаса алмайтын Боранқұл сияқты тұздың пайдашылары Семейге орналасуға ойланып, солай жүрмек болыпты.
Күн суық, жерде қырбақ қар бар, күні-түні басқан Сібірдің соқыр тұманы жер жүзін ақ қырауға бөлеп тастаған. Семейге жаяу жету қиын, жұмыстан босанған жігіттердің барлығы жабыла поезға жармасты. Поезд мал, шөп, топырақ, товар таситын поезд екен.
Мәмбеттер келіп вагонге жармасып мінгенде, вагон ішінде үш-төрт адам тұр екен, Мәмбетті кеудесінен итермелеп кіргізбеді. Бұлардың бірі белгілі подрядчик Кәрім. Мәмбетті кіргізбеуге көбінесе күйгелектеген сол.
— Бұл вагонда қазынаның жүгі бар, аулақ жүр! — дейді білем.
Поезд жүргелі тұр, қалып бара жатқан халық жанталасып мінісіп жатыр. Жаңа біткен жолдың жүрісі реттелмеген кезі екен. Мұнда жүк тасу, жолаушы жүргізу нағыз қулардың қолына көшкен. Кәрім подрядчиктер Сібір жақтан алған затын күні-түнімен үздіксіз Семей, Қарқаралы жаққа жөнелтіп жатады. Мынау вагонға жүктерін тығып алып, жымиып отырған Кәрімнің алыпсатарлары. Кәрім бұларды өзімен бірге алып жүрмек білем. Поезд жүріп бара жатқанда жалма-жан келіп Мәмбеттің жармасқан вагоны осы болып шықты. Бұл да бір жүк, топырақ таситын вагонның бірі.
Мәмбет жаман қысылды. Ол далада қалады. Өзге жігіттердің бәрі кетіп қалған. Қалғандары осы поезбен жөнеліп барады. Олар таласып-тармасып вагондарға асылып жатыр. Қалып қалса — айдала; көрмеген жер, білмейтін жол, — сонда көрген күні не болады? Кіммен серіктеседі, Семейге қалай жетеді?
Поезд жылжи берді, Мәмбет және жармасты, алып - сатарлар Мәмбетті кеудесінен итеріп жерге түсірді.
Мәмбет естіп арпалысып жатқанда мұны көзі шалған Боранқұл өзге бір вагоннан ырғып жерге түсті де, жүгіріп келіп Мәмбетті құшақтай алды. Балаша көтеpiп вагонға тастады. Өзі де вагонның есігіне жармасты.
Алыпсатарлар да қарап отырған жоқ. Біреулері Мәмбетті кейін итермелеп, екеу-үшеуі Боранқұлды мінгізбеске таласты. Апыр-топыр. У-шу. Поезд саулап жүріп келеді. Өлдім-талдым дегенде Боранқұл саудагерлерді жеңіп, вагонға еніпті.
Саудагерлер Боранқұлды күшпен түсіре алмаған соң вагон ішінде боқтап, балағаттап, тілмен шағып жатыр. Мәмбет шыдамай ұрып жіберейін деп ұмтылып қалса қой-қойлап Боранқұл басады.
— Асықпа, бір сәті түсер, — деп қояды.
Мәмбеттің ұрамын деп ұмтылғанына өшігіп алған, әсіресе Кәрім подрядчик. Ол Мәмбетті боқтап, аузынан жын құсады.
— Егер сен осы вагонмен Семейге жететін болсаң, мен Кәрім болып жаралмай жерге кірейін! — деп серт қылады.
— Е, не қыласың? — дейді Мәмбет.
— Асықпа, алдымыздағы стансада жайық табылады, — деп Кәрім қомпаң-қомпаң етеді.
— Сен сонда бізді далада қалдырмақпысың? — деп Боранқұл нығыздана сұрайды.
— Қайда қалсаң онда қал. Мен сендерді Семейге жеткізем деп алған жоқпын. Вагон біздікі. Іші толған қазынаның жүгі...
Оған Боранқұл жауап беріп:
— Е, Батырекесі, қойсаңшы. Мынау алып келе жатқан достарың пайдашерік сауда достарың біздің де білетініміз бар. Вагон іші бәрімізге жетеді. Сендердің жейтін тамақтарыңа, ішетін арақтарыңа қарайтын біз емес...— деп Боранқұл жайлап айтып көріп еді, саудагерлер онан сайын шаптығып кетті. Мәмбет пен Кәрім ілінісіп алып, бірін-бірі ұрарманға келді. Боранқұл Мәмбетті басып қойды. Бірақ Мәмбеттің көңілінде Кәрім сұмырайға өмірге өшпейтін кегі қалды.
Поезд заулап келеді, күн батып, қас қарайып та кетті. Күн суып. Поезд ыңқылдап-күрсілдеп соқыр тұмандағы қырау басқан қалың қарағайдың ішіне кіре берді.
КӨШІРЛЕР
Нұраділ Мәмбет жайындағы сөзін қоя тұрды да, алдымен өз жайына түсті:
— Менің түбім Тобықты. Қарқаралыдан. Қоянды жәрмеңкесіне барған байлармен ілесіп келіп, Семейде бержабай болғаныма екі-үш жыл өтіп кеткен. Сол жылы қыс ақыр заман суық болды. Мен Мусин деген байдың көшірімін. Соның кашеваға ЛіегетіН екі темір қара қызыл атын әлпештеп, балаша күтемін. Екеуі де жылқының мүсіні. Шіркін, мал деп соны айтсаңшы. Ертемен ерте алып, Ертістің ойған мұзынан ғана суғарып қайтам. Әкеліп жемге тұмсығын тығып қоям. Бай шайын ішіп болған соң екі атты жектіріп, қаланы аралауға шығады. Қос қара көкті жұлқынтып көшелерден алып жүргенде, күллі базардың халқы бізге қарап қалысады.
Кім екені есімде жоқ, бір күні байлардың біреуінде мәжіліс болды. Ондай қонағы көп, арағы мол мәжілісті олар «бал маскарад» дейтін, сондайдың бірі.
Күн суық. Ақпанның ақ шұнақ аязы шақпай миыңды, соймай етіңді жейді. Байдың өңшең сәйгүлігін жекен көшірлер бал маскарад жасаған қораның іші-сыртына лық толып тұрмыз. Аттарды қатарластырып қаңтарып тастағанбыз. Бір-бірімен күндес байдың көшірі де күндес. Бір-бірімізді кекеп-мұқап, кейде боқтасып та аламыз. Сонда жыртатын намысымыз әлгі өзіміздің байымыздікі болады. Байымыздың атын, үйін, қатынын жамандаған біреудің көшірі болса, онымен тіл жеткенше таласып, қол жеткенше жағаласып қаламыз. Үстіміз қырау-қырау болып, екі аяқты бір-біріне соғыстырып қалтырап қатып тұрамыз. Кетуге бізде дәрмен жоқ. Мырзаларымыздың қашан шығып қалатынына көзіміз жете алмай бүрсең қағып, екі көзіміз есікте болады. Бірақ арақ ішіп қызып отырған мырзаларымыздың шығуы оңай болмайды. Кейде мұндай мәжілістен мырзаларымызды бұлғақтатып күн шыққанда алып қайтамыз.
Әлгі айтылған бал маскарад мәжілісінің түнінде Мусиннің баласы мырзамды күтіп мен көп көшірдің ішінде тұрдым. Көшірдің көбі-ақ қазақ еді. Соның ішінде әсем тұрманды, әдемі шананың қос қара атын айдаған осы Мәмбетпен таныстым. Ол Каплан деген байдың көшірі еді.
Мәмбеттің Капланы Семей қаласында астық алатын бай. Өзін жебірей деп айтады. Қалада екі қабат көк шатырлы үлкен үйі бар. Өзінің отыз-қырық маклары болады. Сол макларлар базардан байға бидай алады. Жан-жаққа жүреді. Ауыл-деревняға шығады. Маклар байға тауып берген астығының пұтына екі тиыннан ақша алады.
Каплан байдың көшірімен жақсы таныс болып кеттім. Кейде қол босағанда бірімізге-біріміз келіп әңгімелесетін едік. Бір-бірімізден өлердегі сырымызды жасырыспайтын дос адамға айналдық.
Кейінірек Мәмбеттің мен құлқын сәріде базардан келе жатқанын көретін болдым. Ол ертемен тұрады. Таңғы тауық шақырып, мешітке мәзін азан айтқан уақытта Мәмбет базарда тұрады. Ол базарға ең алдымен келген астықты саудагер, алыпсатар, макларлардан бұрын сөйлесіп, тұра Капланның қорасына әкеліп төктіреді. Бұл Мәмбеттің байы тұрғанша, аттары суғарылғанша істейтін жұмыс. Бір күні Мәмбетке:
— Әй, сен нағып жүрсің осы? — дедім, Мәмбет маған:
— Мен байдың жұмсауымен базардан астық аңдып алам. Мен макларлық қызметті де қыла жүрем...
Екі қолға бір жұмыс,. байға босқа істеп жүргенім жоқ, — дегені есімде.
Мен:
— Босқа істемегенде алатының де? — дедім.
— Жүгіне екі тиын...
— Настаящий маклар неден алады?
— Олар астықтың пұтына екі тиыннан алады.
— Сенікі қалай арзан?
— Е, мен өзімнің байыма істеймін ғой... Егер сәті түсіп, базардан он арба астық табылып қалса жиырма тиын жаныма түседі. Мұны маған кім береді? — деді Мәмбет.
— Апырым-ай рас-ау, мен де осыны қылар едім, бірақ менің байым ондай астық саудасын істемейді-ау,' — деп ішімнен Мәмбеттің «бақытын» күндегендей де болдым.
Сөйте-сөйте жүріп, Мәмбет байына жақты. Жаққаны сол — оны жалғыз көшірлікте қалдырмай әр жұмысқа жұмсайтын болды. Бидай сортын жақсы айырып, маклардың қай-қайсысынан болса да жырынды болып алған малайды Каплан бай арқаға қағып: «молодец» деп мақтап та қояды. Байдың мұндай мақтауын алған малай неге болса да еліктей ұшып, бар ынтасымен қызмет қылып, ала өкпе болатын еді. Ол түннен тұрады. Базарға түскен астықты өзге байдан өзге маклардан бұрын үйіріп Капланның қорасына кіргізеді. Оның үстіне астықтың сортын ажыратып, товарды таңдап алуға өте зирек болды. Оны қызметінен Каплан тәуір көріп, анда-санда ақысына бөлек ескі - құсқы киімдерін де беріп қоятын еді.
Мәмбет көшірліктің үстіне байдың қорасындағы жүкші болды. Күндіз-түні тоқтаусыз ағылып Капланның кілетіне құйылып, кілетінен сыртқа кетіп жатқан астыққа, әрине, бірталай жүкші керек. Каплан ол жүкшіні жүгіне қарай жалдап та алады, күндеп те салады. Ал, Мәмбет осы астықты тасыған мезгілде Капланның өз жігіті есебінде түседі. Бай әмісе ат үстінде жүрмейтін болады. Болмаса бай ат жектірсе де өзге бір көшірді мінгізіп, Мәмбетті әдейі астық аударыстыруға тастап кететін болады. Ондайда ол Мәмбетті жылы сөзбен алдап:
— Мынау жігіттердің ішінде сен болмасаң, мыналар тегер-шашар, сортын білмегендіктен, бір-біріне араластырар, болмаса тездетіп істемес, — деп, Мәмбетті өз көзі есебінде тастаған адам болады. Мәмбет соған семіріп, өлер-тірілерін білмей шын ниетімен бұшпағына шейін терін сорғалатады.
Міне мен Мәмбетті Семейде осылай ғана білуші едім, — деді Нұраділ.
— Ал, сонан соң қалай кеттіңдер? — деп Сатан сұрады.
— Солай Семейде екі жылдай тұрдық. Мәмбет те, мен де жазда елге қайтпадық. Тек күзге қарсы Шеркес Қалидың әкесі Тұздыбай тағы іздеп келіп, баласының тапқанына киім-кешек, соғым сатып алып қайтты.
Біз Семейдің байларында көшір болып қала бердік.
ЕР ЖОЛДАСЫ — ТӘУЕКЕЛ
Нұраділ Сатанға әлі сөйлеп отыр.
...Сөйтіп жүргенде жігіттерге «Лена наборы» деген жарияланды. Естуімізше:
Лена деген жерде алтын алатын шахты бар екен. Соған жігіт керек қылыпты, дейді. Барған жігіттер ақшаға да, алтынға да «қарық» болады екен дейді. Осы хабар қалаға тараған соң, Мәмбет екеуміз ақылдастық та осыған кетпек болдық. Жалғыз екеуміз ғана емес, Семейден жүз жетпіс жігіт қатталды. Бізді байдың есебіне апарды, өлген-жіткенімізге, ауырған-сырқағанымызға да қарайды. Жігіт алуға келген подрядчиктермен арамызда сондай договор жасалды. «Задатке» деп қолға байдан біраз ақша алып, ел күзем алып жатқан уақытта Сібірге қарай жолға шықтық.
Кетіп бара жатқанда біз тіпті білгеніміз жоқ. Кейін-кейін сұрастырып жете білетін адамдардан естіп отырсақ біздің бара жатқан жайымыз мынау болады екен-ау:
Суық Сібірдің ту-ту түкпірінде жататын Тайга деген орманнан әрі, Лена деген өзен болады екен.
— Әлгі Угар бардым дейтұғын жер ме? — деді Сатан.
— Иә. Сол Лена өзенінің бойынан алтын қазатын атақты шахты бар екен. Сонда алтын алуға байлардың жұмысқа салатын адамы жұмыскерлер және өңшең айдалып барғандар болады екен. Ондағы адамдардың тұрмыстары нашар болып, көбінесе сүзек, қыр құлақ деген ауруға ұшырап қырылып жатады екен. Алтын қаздыратын бай жұмыстағы адамдарды көрмеген қорлықпен жұмсап, алтын қаздырады екен. Бара-бара мұндағы жұмыскерлер ашынып, байға қарсы іс тастап көтеріліс жасапты. Тіпті байларын байлап тастап, шахтаны бұзып кетпек болыпты. Сонан соң оларға әскер шығарылып жұмыскердің көбін қырып жіберіпті. Сөйтіп жанжал шыққан соң шахтаның алтыны қазылмай жұмысы тоқтап қалыпты. Көп жұмысшы кетіп қалыпты. Бізді сонан соң жинайды екен ғой. Бізді жинағандағы ойы: анау алыстағы шахты жұмысына қазақ, бурят, жақұт, қытай сияқты бұралқы халықтардан апарып жұмыс қылдырсақ — бұлар ешнәрсе білмейтін жуас халық, жүре береді, жуас түйе жүндеуге жақсы деп ойласа керек... Осы оймен Сібір қалаларына сол алтын алдыратын үлкен байдың жарнамасы тарап, подрядчиктері келіп, жігіт жинады. Осыны «Лена наборы» дейтін еді. Біз Мәмбет екеуміз Семейден жинатқан жігіттердің ішінде осы «Ленский наборға» кеттік. Жері алыс, тұрмысы қиын болса да «ер жолдасы тәуекел» дедік те жүріп кеттік.
Әңгіме осы араға келгенде күндегі әдеті бойынша Мәриям мен Шеркес Қали гуляйттан қайтты. Нұраділдер де үйге кірді. Шеркес Қали:
— Жігіттер, сендер ертеңгі қызықты білдіңдер ме? — Деді.
— Не қызық? — деп Сатандар ентелей қалды.
— Ертең қырғын күрес болады екен?
— Қайда, ей?
— Серікте. Бүгін көше-көшенің бәріне жапсырып тастаған балуандардың суреті. Күрестің бір жағында Қажымұқан, екінші жағында Мартынов деген бір алып келіпті дейді. Оның суретін көрдім, адам емес, арыстан деп ойладым. Осы күресті көшеде ауызға алмаған кісі көргенім жоқ қала ду-ду етеді.
— Жігіттер, ертең, обязательно, серікте болалық! — деді Нұраділ.
Сөз осыған байланды.
ЦИРК
Омбы қаласындағы циркті Исак деген жебірей ұстайды. Мың қойдың қорасындай кең цирк. Халық құж - құж қайнайды. Аспан зәулім биік цирк үйінің шамы жарық жанады. Жерге тасталған сынық ине табылғандай. Шердес Қали, Сатан, Нұраділдер келіп, билеті бойынша ортан белінен орын алды. Шақшай, Күндақбайлардың да билеті осылармен қатар болып шықты. Мұқсина мен бержабай Сүлеймен де осылармен тізелесе отырысты.
Мәмбеттер отырған соң жан-жағына қарағанда цирктің аузы-мұрны лықылдап толған екен, алуан түрлі халық көрінеді. Крестьянның көпесі, чиновнигі, жұмыскері, қарапайымы, қалаға келген крестьяндарымен бірге мұсылманның неше атасының ұлы да осында келіпті. Делегей, кепкі, қалпақ, тебетей, тақия, тұмақ — барлығы мидай араласып иін тіреседі. Бүркенген шәлісіне тұмшаланып татар байларының қыз-келін, ханымдары отырса, қазақтың кимешек киіп, күндігін қоқырайтқан әйелдерінің де бастары әр жерде ағараңдайды. Әсіресе, мұсылман ағайынның келісі өзгеше. Олар — үй іштерімен, бала-шағасымен топырлап, бір - бір скамейканы бір-бір үйдің іші ғана алып отырысқан. Сыйыса алмай бажаңдасып жатқан абзилар да аз емес. Ал, қазақтың оқығандары, оқып жүргендері де, жұмыскерлері, жемшік, жатақтары топ-тобымен келіп, шоғыр-шоғыр жерден орын алысып жатыр. Мәмбеттер осылардың ішінен әрқайсысын түстеп отыр:
— Анау отырған Кәкен, Бейсекелер ғой, — дейді Нұраділ.
— Өй, әнеугі біз ұратын Ыбрайым төрелер де келді, — дейді Сатан. Бұлар оған қарасты.
— Иә, сол, қасындағы қалпақты әйелі кім? Әйелі орыс па?
Қымызшы Белгібайдың қызы да келді. Әнені қарашы! Шекірейіп кетіпті. Уа, деген-ай... Әне әкесі де келді. Кемпірімен... Ту, бүгін Омбының адамы үйінде қалмаған шығар... Ту...
— Ал, мына жаққа қара. Қымбат билет ала алмаған халықты қара. Сыймайды. Өңшең жүкші, матрос, жұмысшы, күндікші, баржыдағы жалаңаяқтар — бәрі мына жақта қалыпты.
— Оларға орын жоқ. Контрамаркамен кіргендер ғой. Қарашы табанынан тік тұрғанын... — деп отырған жігіттер өзара алып-қашты қысыр кеңесте.
Бір мезгілде, шам жарқ етіп цирктің іші тіпті самаладай болды. Аяғын қазықша қаздитып оқалы бешпент киген қуыршақ секілді ойын басқарушы ортаға шығып, бүгінгі ойынның жобасын жариялады. Оның айтуынша ат ойыны, ит ойыны, қытай ойыны, балуан күрес, тағы толып жатқан қызықтар болады екен. Басқарушы жариялап болып, ысқырып қойып еді, тежеп қайтарылып тасталған ақ боз ат атып шығып, халыққа қарап тәжім етіп, басын шұлғып тұра қалды. Аттың үстінде тақтай тоқым, кекілін кертіп маңдайына әсем байлаған. Ат көпке бас иіп, қайта кіріп кетті. Басқарушы тағы бір ысқырып қойып еді, қамшы алған қалпақты әйел аттың бір жағына екі аяғын салбыратқан күйінде әлгі боз атпен шоқырақтата шауып шықты.
Әйел аренаны айнала шапты. Боз ат ұршықша иірілді. Майданның ортасында тұрған адам ұзын қамшымен шыпылдатып, атты олай бір, бұлай бір қуды. Әйел шауып келе жатып атып тұрып, ырғып түсіп, қайта қарғып жалғыз аяқтап тұрып шауып, алуан түрлі ойын көрсетті. Әсіресе көлденең ұсталған арқаннан ытып астынан өткен аттың үстіне қайта қарғып түскенде жұрт бір сүйсінді. Мұксина жеңгей шошып кетіп:
— Абау құдайым! — деді. Сүлеймен бержабай:
— Сүбінқаналла! — деп жағасын ұстады.
— Апырмай, сайтанның баласы құс боп кеткен бе? — деді Шақшай.
Одан кейін итке кезек келді. Тоқтының қозысындай жирен бұйра ит, мойнына ала галстук байланған ақбарақ канден, біз тұмсық, cap тықыр күшік — барлығы да ойынға кірісіп біреуі келіншек, біреуі кемпір болып, бірі матушке, бірі қайыршы болып, қарап отырған халықты қыран күлкіге батырды.
Онан кейін қытайлар шықты. Бір-біріне отты шала лақтырып, қылыш жұтып, адамның иманын ұшырды. Бұдан шошынған Мүксина бержабайға тығылды. Бержабай құлқуалла қайырды. Осындайлармен ойынның алғашқы бөлімі біткен соң халық тынысқа тарасты.
ТЫШҚАНҒА ӨЛІМ, МЫСЫҚҚА ОЙЫН
Балуан боларда халық шыдамсызданды. Әркім өз орнын жоғалтпаудың қаупіменен көбі отырған орнынан қозғалмаған да. Сондай оймен қозғалмаушылардың бірі осы Мәмбет, Сатандар отырған скамейкада еді. Бұлар дүмін көтерместен отырып қалысты. Мұндай екі кісі бас қосқан жерде аузы тыныш таппайтын Шақшай бұрын бір цирктен көргенін сөйлей отырды:
— Мен адам айтқысыз бір күшті кісі көрдім, — деді.
— Е, қайдан? — деп Мәмбет те Шақшайға құлақ қойды.
Шақшай әдетінше тамақты бір кенеп қойып:
— Менің қаңғымаған жерім бар ма? — деп бастады да Шақшай Ірбіт жәрмеңкесіне келген бір персиян cayдагермен ілесіп, Баку жаққа барғаннан қозғады.
— Саудагердің жүгімен Еділдетіп отырып Баку қаласына келдік. Біз келген кезде Баку байларының бәйге тігіп балуан күрестері болады, дегенді естіп, циркке билет алдық. Циркте күресетін балуанның бірі — Махмұт атты түрік балуаны екен. Бұл келгелі біраз болыпты. Өзінің жүрген жеріндегі балуанның бәрін ағалаған жігіт екен. Осы Махмұт Бакуге келген соң Персия мен Түркияның байлары бір жақ болып, Ресейдегі саудагерлерге шарт қойыпты.
— Махмұтты жыққан кісіге алты мың сом! Ондай шартпен күрескен адам жығылса онан да алты мың сом аламыз. Бірақ Махмұтты жығар кісі жоқ, — депті. Бұған Бакудегі Ресей қол астына қараған байлардың намысы келіп балуан іздейді екен. Іздеп жүріп, нәсілі Қырым татарынан Нәсім дегенді табады екен. Как раз біздің келгенімізге осы Махмұт пен Нәсімнің күресі болды.
Циркке сыймаған халық көшеге толды. Комиссияны құрып, екі балуанды ортаға алып шықты.
Нәсім еңгезердей зор, өзі жайдасыз жуан, алып қара кісі екен. Тегінде қара теңіздің пароходтарында жүкші грузчик болып жүріп, күші асқан соң күреске шығып кетіпті. Бұл кісі бүтін Кавказ, Қырымға әйгілі атақты Нәсім балуан. Оны бұрын білушілер: «Күші өлшеусіз, адам емес, пілден жаралған, тек әдісті аз біледі», — деп отырды.
Оған қарсы күресетін түрік Махмұт жеңілтек, сымдай сұлу, денесі аршыған жауқазындай аппақ, жас қоғадай майысқан жігіт екен. Ол майданға шыққанда циркте отырған әйел түгіл еркек өзіміз «құшар ма еді» дегізгендей бүлкілдеп отырдық. Жайдары қасы жылмайып, сып-сынық, мұп-мүлайім жігіттің шыбығы екен де. Мұны білетіндер асқан әдісқой десіп отырды.
Күрес намысын жыртып, екі патшаның еліндегі байлар сомасын бәйгеге тігіп, түрік, татардың екі мықты жігітін ерегістіріп келіп майданға қоя берді. Екеуі бураша шабынып, ұстасып кеп қалды. Махмұт тым жеңіл, епті, ойнақы көрінді де, Нәсім орасан ауыр, асқан ора - шолақ екендігі байқалып қалды.
— Парсы күреске салайық! — деп Нәсім қайта-қайта сұранды. Парсы күрес дегені қолы тиген жерден ұстап жұлқыласа беруге жол ашық, еркін, бопалам күрес болады екен:
— Мен білмеймін! — деп оған Махмұт көнбеді
Ақырында екеуінің арасына креші-арбитрлар билік айтып, француздың күресіне тиянақтады. Француз күресінің әдісін жақсы білмесе де бұл күрестің талай балуанын бұрын күшпен бүктеген Нәсім бұл билікке көнді. Екеуі қайта ұстасты.
Мен бұрын «Француздың күресі» дегенді көргенім жоқ еді. Ол күрестің балуаны көбінесе мойынға зорлайды екен. Оларда біздің шалу, аяқпен қағу — өмірде жоқ. Оны істеген адам жаза тартатын көрінеді. Не қимыл қылса да намаздың сабағындай дәлдеп мойынға, кеудеге келтіріп соғатын сияқты. Сондықтан болса керек, француз күресіне төселген балуанның мойны тым мықты болады екен. Екеуі ұстаса кеткеннен-ақ Нәсімге Махмұт мойнын бере берді. Екеуі мойындасып, тіресіп кеп кетті. Махмұт Нәсімнің мойнын қайырып алып сіресіп қалып еді, Нәсім мойны шыдамай босап қоя берді. Нәсімнің мойнының әлсіз екенін сезген Махмұт Нәсімді мойынға бір қағып қалып еді, Нәсім көзі бұлдырап кетсе керек, сандалақтап барып түсіп қалды.
Бұл күреске дау қылуға ешкімнің дәті барған жоқ. Өйткені Махмұт Нәсімді қан майданда даусыздамайсыз тақиядай қағып тастай берді. Даулы жақтан не «арам қылды», «не қайта күрес!» деген бір дауыс та шыға алмады. Қайта халық «Махмұтпен осыны да күрестіріп несіне әуре қылған» дегендей болды.
Махмұт Нәсімді тек ойнай жүре жықты. Сол жерде табан аудармай алты мың сомды Махмұтты күреске салған жақтың байлары санап алысты.
Нәсім жасы тоқтаған, үлкен кісі екен, Махмұт жылмандаған жас. Екеуі күресіп, үлкен жығылғанда — былайғы жұрт Нәсімді біраз аяғандай да болды. Өйткені, ол көптен күресті қойып жүрген, Бакудың пристанындағы грузчик еді. Оның баяғы даңқына байлар желігіп, әкеп күреске салып, байғұсты әурелеген екен. Абиыры төгіліп қалды... Қатты қарайып, «маған не болды?» дегендей майданнан кетпей, меңірейіп тұрып қалды.
Сөйтіп тұрған Нәсімге Махмұт қылжалақтап келіп, мазақ қылғандай:
— Сен адам емес, түйесің! — деп иегінен көтеріп еді, Нәсім Махмұттың білегін қауып қалып, тістеп жұлып тастады. Ақ қоғадай әдемі білектен қызыл қан фонтанша шапшыды. Махмұт білегін ұстап шырқ айналып жүр. Локторлер Махмұттың жаралы қолын байлауға жүгірді. Махмұт қолын байлатып тұрып:
— Сені сонда да жықтым! Сенде күш көп, әдіс жоқ. Өгізсің, қақса құлайсың, ағашсың, айнала алмайсың... — деп Нәсімді шаққан тілін тартпады. Нәсім үн жоқ, тіл жоқ цирктен шығып кетті.
Өзіміз Бакуде бір ай жаттық. Сонан кейін ұдайы үзбей Махмұттың күресіне барып тұратын болдым.
Оның күресіне сүйсінбейтін адам болмайды. Не алып дәулерді ойнай-күле жығады. Жыққанда даусыздамайсыз әсемдеп отырып, әділ жығады. Бір күрескен әдісін екінші балуанға қайтып істемейді. Оның үстіне, жаратылған адамның сұлу денесі, майданда ақ мысықша қарғып, жарқ-жұрқ етеді. Циркке жалғыз Махмұттың күресін көруге барам. Көрген сайын бір жасап отырам...
Бір күні «Махмұтты іздеп бір алып келіпті» дегенді естідік. Арыстандай алыптың суретін күні бұрын көше - көшеге қағып тастапты. Түрі тегі пенде емес көрінеді. Көшеге қаққан қағаздарда «бұл күрестің бәсекесі де бұрынғы байлардікі», — депті. Махмұттан Нәсімді жықтырып, ақшасынан айрылған байлар осы алыпты алдырған көрінеді. Бұрынғы бәсекелі байлар мына жолы тіпті қызулы ерегіске түсіпті.
Келген балуанның аты кім екендігі есімде жоқ. Жаңылмасам поляк жұртынан, Варшаудын циркінен дескен еді. Майданға осы шыққанда орыстар: «Великан! Огромный человек-гигант» — деп шулады. Мен «түйе кісі», — деген осы ма екен деп ойладым.
Ел екеуін қоя берді. Поляк балуанына қарсы Махмұт шыққанда, Махмұттың нәзіктігі қабырғамызды қайыстырды.
Шеттен отырған бізге бірі жолбарыс, бірі мысық сияқтанды. Жолбарысқа қарсы шыққан мысыққа — қалам қабырғаң қайыспасын?
Бұл арада осылар отырған цирктің қоңырауы қағыла бастады. Шақшай:
— Қазір мына күрес басталады, енді тоқтаталық, — деп тіл-аузын қойып еді, қасында отырғандар:
— Аяқтат, әлі бірінші қоңырау ғана, — деп әңгімені сұрады. Шақшай тағы есіп жөнелді:
— Екеуі бір-біріне тап берді. Поляк арыстандай арс-ұрс етті. Шу дегенде Махмұтты қолға түсіре алмай арсаң-ұрсаң етті. Бір оңтайда поляк балуаны Махмұтты бөренедей қолымен маңдайдан бір періп қалғанда Махмұт түсіп қалмаса да әнтірек-тәнтірек басты. Алып және ұмтылды. Махмұт суға түскен пробкедей ырғып, шегірткедей ыршып, алыптың қолына түсе қоймады. Оған алып қатты ыза болды. Тап беріп, тарп-тұрп басады.. Махмұт оны неше ұмтылдырып біресе бұл жағынан, біресе ол жағынан балықша бұлтылдап, балуанның басынан ырғып ұстатпады.
Екеуін дем алысқа айырды.
Дем алыста поляк дәуі үш бөтелке нарзанды алдырып, ортада тұрды. Он қолымен бір, сол қолымен бір көтеріп, нарзанды аузына тістеп, күреске келді.
Екеуі бір-біріне тағы ұмтылды. Өне бойлары сорғалаған тер, Махмұт ыршып, тағы ұстаттырмады. Махмұт дәуден қашпайды, алысып-ақ қалады. Бірақ дәу қанша қимыл қылса да не астына жатпайды, не қолына тұрмайды. Сөйтіп жүргенде Махмұт поляктың маңдайына бір қағып қалып еді, алып арсылдап ыза боп қалды. Ол Махмұтты ұстаймын деп аренаны айналдыра қуып жүрді. Халық шулап отыра алмады. Махмұт сырғақтап қашып келе жатып, арс етіп ұмтылып қалған алыптың алдына жата қалып еді, поляк дәуі екпінімен жер қауып қалды. Махмұт ыршып үстіне міне түсті.
Үстіне Махмұт мініп қалған соң күрес тәртібі бойынша алып аудартып жай жату керек екен. Ол «аударып ал» дегендей төрт тағандап жерге шөгеледі. Махмұт шөгіп жатқан алыптың қарнынан қаусыра құшақтап алып...
— Нарзан! Нарзан! — десті халық.
Шақшайдың әңгімесі осы араға келгенде цирктің соңғы қоңырауы қағылды.
Халық орны-орнына ұмтылды.
«ПАРАД, ПРОШУ!»
Ойын басқарушы ортаға шығып:
— Парад, прошу! — деп ысқырып қойып еді музыка маршы дүрілдеп цирктің ордасын солқылдатты. Музыка маршымен адымдап атан түйедей балуандар шұбап ортаға шықты. Адамның ірісін Сатандар әлі көрмей жүреді екен, бұқа мойын, атан аяқ, қақпақ жауырын, бағана балтырлы дәулер адымдағанда өздерін жігіттің сырттанымыз деп есептейтін Ғазбекқараларда құнар қалмаған сияқтанды.
Балуандар аренаны айнала жүріп келіп, дөңгеленіп тұра қалысты. Басқарушы бір-бірлеп балуандарды халыққа таныстыруға кірісті.
— Лондон, Нью-Йоркта, Токиодағы балуан бәйгеде адам шақ келтірмей дүниені ағалаған ауыр салмақтың алыбы — Александр Варшавский! — деді.
Орасан үлкен еңгезер сары, кер өгіздей өңмендеп ортаға шығып, қатарға қайта тұрды. Халық қол шапалақтап қошемет көрсетті.
— Париж, Петербург, Варшава, Мәскеу, Томскийлерде жығып шыдатпаған француз күресінің әдісқойы жеңілтек — Валерий Лукин! — деді.
Өне бойы тұп-тұтас, шағын, ақ сары лып етіп шығып бас иді де, қайта орнына тұрды.
— Адам баласының алыбы, атақты дүниенің чемпионы, ауыр сүйекті Қаразамок! — деді.
Мойны мен арқасы тұтасып қалған, қауын бас, қарны жер сызған үлкен үйелмен қара қымсынған бурадай ырғалып қана қойды.
— Патша ағзам қазіреттерінің үш жүз жылдық тойындағы күресте барлық дүниенің балуандарын ағалап жығып, алтын медаль алған алып Гайдамак дегенде:
Адам деуден гөрі атан деуге келетін бағана балтыр зор сары арбаң етіп, аттан түсті
Цирк у-шу . Әр балуанның аты аталса, халық қол шапалақтап, атын атап айқайлап қалады.
Басқарушы осы ретпен бірнеше балуанды таныстырып келіп:
— Жаралғалы жауырыны жерге тимеген мұсылман дүниесінің балуаны, қырдың алыбы ауыр салмақты — Қажымұқан дегенде, өзге балуандардан бөлек есік перде артынан шығып, өне бойы қолдан құйғандай тұп-тұтас жуан, шойын қара халыққа бас иді
— Қажымұқан!
— Қажымұқан!
— Қажымұқан сәлем!
— Ассаламағалейкүм, Қажымұқан! — деп, мұсылман біткеннің бәрі аяқ өре тұрып кетті. Қол шапалақ, у-шу, айқал-ұйқаймен балуанға істелген қошемет циркті дуылдатып, біразға шейін басылмады.
Ойын басқарушы халықты тыныштатып, тағы:
— Алты патшаның алыбын жығып ағалаған, жер жүзінде жауырыны жерге тиіп көрмеген, алуан түрлі күрестің әдісіне жетік, асқан күшті, Ресей империясының жер жүзіне мақтанарлық бірден-бір қаһарманы — құрметті Мартынов дегенде шымылдықтың артынан арбаңдап шыға келген шабдар алыпқа қарағанда цирктің кең ортасына жалғыз осы адам ғана сыйғандай болды. Сүлеймен бержабайдың жаны шошып:
— Сұбқаналла, осындай да адам болады екен? — деді. Мартынов көрінгенде, бағанадан бергі балуандардың барлығы да ұсақталып қалды. Өзге зор балуандардың қасында мынау бір үйір бұзау-торпақтың ішіндегі үлкен кер бұқа сияқтанды. Гайдамак, Қажымұқан, Қаразамоктар Мартынов деген үлкен алыптың жаңадан өсіп келе жатқан үбір-шүбір балаларына айналды. Осы тұрған өңшең алыптардың ішінде Мартыновтың шоқтығы асып, бөрене аяғымен адымдап келіп аренаның дәл ортасына келіп тұра қалды. Халық оған қол шапалақтап, көпке шейін шу тыншымады. Ойын басқарушы халықтың қошеметін жалынып азар қойдырып, қаланың бастығына сөз берді. Ол ортаға шықты.
— Құрметті қонақтар, жақсы жамағаттар! Алдарыңызда тұрған жер жүзіне атағы белгілі чемпион Мартынов — Ресей патшалығының өз ұлы, Ресей топырағы тудырған қаһарман . Бұл Тамбов губерниясы, Улаков уезі, Константиновке деревнясынан. Бұл қаһарман біздің атақты орыс халқымыздың жер жүзіне мақтанышы. Орыс халқы мұндай қаһармандарды аз тудырған жоқ. Қазір мұндай қаһармандарымыз майданда жауға қарсы соғысып жатыр. Немісті, түрікті жермен жексен қылып, өз қанына өздерін суғарып жүр. Осылардай ұл туғызған орыс халқы өзіне қарсы алысқан жауын жерге тығатыны шексіз. Біздің қаһармандар неміс, түріктің қанынан олардың жерінде өзен ағызады! Денесінен қорған соғады! Жасасын біздің соғыс қаһармандарымыз! Ура! — деді.
Циркте отырған өңшең офицер, байлар ұралап он шақты рет дауыстады. Мартынов масаттанып, арбаңдап, жан-жағындағы халыққа шіркеудің архирейінше айналып, бас иді.
Ойын баскарушы:
— Парад, прошу! — деген соң балуандар кесек-кесек аттап, қайтадан шығып кетті. Ортаға үстел құрылып халықтан, цирктен бірігіп, кереші-арбитр сайланды. Жамағаттан екі мұсылман, екі христиан сайланып қазылық үстеліне отырысты. Цирк басқарушысының өзімен төреші бесеу болды.
Бірінші пар Гайдамак пен Қаразамок десті. Екеуін таныстырған соң күрестің шарты айтылып, жайылған кілемін үстіне, қошқар сүзістіргендей, екеуін қоя берді: Олар бір-біріне бураша шабынып тұрып, сарт-сұрт ұстасып қалысты. Шолақ дамбалдан басқа етінде дәнеме жоқ, бірін-бірі жұлқыласып, езгілесіп, жеп жүр. Екеуі де пар келіскек екен, аударылып-төңкеріліп, арс-ұрс етіп алысқанда халық шулап орнында отыра алмады.
Бұл екеуі көп алысты. Жолбарысша жұлқысып, қасқырша қабысып, қатты қайрат қылысты. Аяғында екеуі бірін-бірі жығыса алмаған соң арбитр айырып жіберді.
ҚҰШАҚТАН ПЫШАҚҚА
Екінші кезек Мартынов пен Қажымұқан деп жариялады. Бұл екеуі шығады дегенде жұрт қобырап орнында отыра алмады. Барлығы да тік түрегеліп кетті.
Жұрттың бұл екеуінік күресіне осыншама мазасыздануы табиғи еді. Себебі осы екі балуанның күресін көреміз деп халық көптен ынтық. Мұқан бүтін Сібірге белгілі алып қазақ. Оны ешкім жығып көрген жоқ. Бұл күнге шейін Омбының циркіндегі ағалап келген алыптың бірі — Мұқан.
Ал, Мартынов, жалғыз Сібір ғана емес, жер жүзінің жарысына түсіп жүрген белгілі балуан. Омбы қаласы бастығының айтуынша — «орыс империясының қаһарманы». Бұл расында алысқан адамын жықпай жібермеген алып. Мартынов Омбыға келгелі де осы цирктегі балуанның бәрін ағалап болған. Тек бұл циркте сынаспаған осы екеуі ғана. Сондықтан қыстай балуандардың күресін бағып келе жатқан Омбы халқына осы екі балуанның ұстасуы төтенше қызық еді. Күресті қызықтыру үшін цирк бастығы да бұл екеуінің күресін кейінгіге сақтай-сақтай тарқар мезгілге әдейі алып келген еді.
Арбитрдың адамы екі алыпты жұртқа таныстырып келіп, шарты айтылып болған соң ысқырып қойып еді, екі балуан бір-біріне тап берді. Тап бергенде шап берді. Алып Мартынов арс-ұрс етіп арбаң етті.
Сүлеймен бержабайдың Мұқсинасы:
— Абау, құдайым! — деп байына тығылды. Сүлеймен бержабай: «Сұбқанала!» деді. Екі алыптың не болып кеткеніне кезі ілескен жоқ. Қажымұқан Мартыновтың бауырына кіріп, сіресіп қалған екен, Сатанның жанында отырған бір сақалды орыс: «Дави! Дави его! Дави!» — деп өңмендеп отыра алмады. Оны бір ноғай саудагері иықтан тартып қалды. Бұл екеуі бір-біріне бажырайысып, бажылдасып жатыр... «Сатана!» дейді. «Сайтан!» дейді.
Мұқан өзін бүктеп бара жатқан еңгезердей Мартыновты қазақша іштен шалып қалғанда көз ілеспеді, күмбез Мартынов күрс ете түсті. Құлаған түйені тулатқандай Мартыновты бас салып жатып, алыптың жауырын қалағымен жерге мөр бастырып қоя берді. Осыған үш минут те жетпеді. Ел екі жарылды.
— Не правильно!
— Нет, правильно!
— Дұрыс! Дұрыс!..
— Дұрыс емес! — деп айқайласқан адам циркті азан - қазан қылды. Жұрт жүгіріп аренаға түсті. Екі партиядан қатар отырып қалысқан адамдар бір-бірін бұрынғыдан бекер жұлқылап, жанжалға кірісті. Жанжалдасып, бірін-бірі сүйрескен адам у-шу... Ыбырайым прапорщик ақырып, қылышымен жанжалға араласты. Халық есікке ұмтылып, кептеліп қалды. Апыр-топыр... Есік алдында тұрған сары ала шолақтың арбасына жетіп Мұқсина Аһ! Уһ! — деп құлай кетті. Сұбқаналла! Сұбқаналла! — деп Сүлеймен атын қуып жөнелді.
Аздан соң ұрыстың үстіне полицейский, стражниктер келіп, циркте мылтық атылды. Халық бет-бетімен шыға - шыға қашты. Осы қашқанның ішінде біздің Мәмбет, Нұраділдер де бар еді. Олар есіктен тура шыға салып үйлеріне қарай кететін үлкен көшемен зытты. Олар жолда келе жатқанда да цирктен қайтқан халықтың ішінде бір-бірін боқтау, сөгу үзілген жоқ еді.
Жігіттер жүгіре-жүгіре өздерінің пәтеріне келгенде Мәмбет:
— Уһ! Циркің құрсын-ай! — деп отыра кетті.
Онан кейінгі күреске жігіттер бара алған жоқ. Өйткені, түнгі жанжалдан соң полицейскийлер бірнеше құя циркке билет саттырмаған еді. Тек таңдамалы белгілі байлар, чиновниктер арасында ғана жасырын билетпен жабық цирк болғанын жігіттер артынан естіді. Рас, өтірігін кім білсін естуі бойынша:
Жанжалдың ертеңіне екі балуан ерегіспен қайта күрестіріліпті. Мартынов қатты ыза болып, кектеніп қалған екен, халық алдында Қажымұқанды сөгіп тұрып, арбитрға 150 сом бәйге әкеліп қойыпты. Қажымұқанға:
— Ақшаңды шығар депті. Оған Қажымұқан ақша таба алмай алақтаған соң цирктегі Талғат деген түрік балуаны:
— Мына Мұқан үшін мен 50 сом тігемін деп ақшасын шығарыпты. Оған циркке келген ноғай байлары бірі 20, бірі 15, бірі 10 сомнан құрап 150 сом бәйгені арбитрға жиып беріпті.
Сөйтіп екеуі қайта ұстасыпты. Ұстасқанда бұлар бір-бір орамалмен (белбеумен) ұстасыпты. Екеуі көп алысыпты. Көп алыстың арасында дем алысыпты. Тағы алысыпты. Ақырында Қажымұқанның қолындағы орамалы Мартынов белінде сарт етіп үзіліп кеткенде Мұқан барып шалқасынан түсіпті. Мартынов бас салыпты.
— Жығылды! — деп арбитр бәйгені Мартыновқа беріпті. Бәйгесі бриллиант қасқы алтын сақина, тағы бір - қатар нәрселер екен дейді.
— Дұрыс емес! Мартынов күшпен шыққан жоқ! — деп татарлар айқайлап болмапты. Ақырында олардың өзін тыңдамай арбитр Мартыновқа бәйге берген соң:
— Сендер бәйге бермесеңдер мына біз береміз! — деп Мұқанға бір ат арба, шана, шалма, кебіс-мәсі әкеп беріпті. Мұсылман байлары мұны күні бұрын дайындап әкелген екен дейді.
— Өй, циргің құрсын! Сұмдық екен ғой. Екі кедейді иттей таластырады. Екі адамды бірін-біріне жеңгізеді. Екі ұлттың арасына өрт салады. Халық қырылып қала жаздаған жоқ па?— деді Мәмбет.
— Тегі осы циркті үкімет әдейі аштырып қойған шығар, халық қанға боялсын! — деді Нұраділ.
— Онда патша суреті тегін тұрған жоқ болар, — деді Мәмбет.
«БІЗ ҮШЕУ БОЛДЫҚ»
Бүгін Нұраділден Сатан Мәмбетпен екеуінің «Лена наборынан» кейін қайда кеткенін айтуын өтінді.
— Сендер Семейден жүз жетпіс жігіт Сібірге қарай жүріп кеттіңдер, сонан соң? — деді.
Нұраділ сөзге кірісіп, әңгімесінің үзілген жерін жалғады.
...Біз сол кеткеннен ұзап кеттік. Бізді поезбен Үркіт қаласына жеткізді. Онда барған соң жігіттерді суық бараққа қамады. Қыс өте қаһарлы, аяз орасан қатты болды. Бет-аузын үсікке алдырмаған жігіт аз. Көп жігіттің қол-аяғы үсінді. Арғы Сібір жаққа қар орасан қалың жауып, суық жүргізбейтін болғандықтан бізді Үркіттен әрі итшанамен тасып жеткізе алмайтын болды. Үркітте жүре алмай үш ай жаттық. Жігіттер дертке ұшырап, арасына ауру жайылды. Биттеп-құрттап кеттік. Алдымыз еле бастады...
Жігіттерді Үркіттің докторлары қарап:
— Бұл халық суыққа шыдамайды. Қырылып қалады. Қырылмаса да бұдан жұмысқа жарайтыны болмайды, — деген соң байлар жігіттерден құтылуға асықты. Жігіттердің үш айына жалақы беріп, бірін де қалдырмай қайтарды. Біз сол суық ішінде аяқ-қолымызды үсікке алдырып, бетіміздің терісін сыпыртып, Новониколаевскийге жиырма жігіт келдік. Өзге жігіт тердің елге қайтқаны елге қайтты. Жан-жаққа тозғаны тозып кетті.
Біз Новониколаевскийге келген соң не де болса осы қалада қызметке орналасайық деген оймен жиырма жігіт жұмыс іздедік. Ақырында жұмыс табылатын болды. «Сибирский мукомол» деген компанияның диірмен бар екен, соған грузчикке орналасатын болдық.
Іші неше түрлі бұлың-бұлың тиірмен. Күндіз-түні тоқтаусыз жүріп тұрады. Ұнның неше сортын шығарады. Диірменге шұбап келіп жатқан обозда тоқтау жоқ. Сол обоздың әкеліп жатқан астығын амбарға төгу керек. Амбарға төгілген астықты диірменге, диірменнің бір бөлімінен бір бөліміне жеткізу керек. Осының бәрін де жігіттер мешоктеп мойнына көтеріп тасумен болады.
Үш күннен кейін қазақ жігіттерінің көбі қалжырап жұмысқа жарамады. Маймаңдап мешок көтере алмай болдырған түйедей шалқақтап кеткен жігіттер:
— Мұндай заман ақыр жұмысына төбемізден төмен қарай алтын ағызып қойса да қала алмадық — деп ақысын да алмай қашып кетісті.
Жігіттердің ішіндегі ең шыдамдысы Мәмбет болып шықты. Ол өзі шаршы ғана жігіт болса да мешоктерді алып салғанда темір шегедей мықты екендігі көзге көрінді. Оның Қаплан байдағы мешок көтергені пайда болды-ау деп ойладым. Өзге он сегіз жігіт жұмысты тастап кетіп қалғанда мен Мәмбетті қимай сол қалада қалдым. Мәмбет екеуміз жұмысқа қатар түсеміз. Бірақ екеуміздің арамыз жер мен көктей. Мен бір мешокті алғанша ол үш-төрт рет барып қайтады. Оның айы жетпіс сом, мен күніне жетпіс тиын аламын. Сөйтіп жүргенде Мәмбет күні бір жарым сомнан орыс артеліне етті. Мені олар артеліне кіргізбеді.
— Сен бізге жарамайсың! — деді.
Бұл маған үлкен намыс болды. Бірақ шамадан артық Мәмбеттердің істейтін қызметін істей алмадым. Өзгелер сатыр-күтір жүкті алып-салып жүргенде мен жүгі ауған жаман түйедей жолда жатамын...
Мәмбетпен екеуміз бір пәтерде тұрамыз. Табан елі қазы түсетін биелер базарда он үш, он үш жарым сом.
Мен бір күні Мәмбетке айттым:
— Осы бір бие сойып алалық. Сен ренжімесең мен жұмыстан шығайын да, сол етті кептіріп, екеумізге тамақ қылып үй шаруасына кірісейін, — дедім.
— Онда сен менің қатыным боласың ғой, — деп Мәмбет күлді.
Аяғында сөзді осыған байлап, мен үй шаруасына ауыстым. Мәмбет орыс артельдерімен бірге диірменде жұмыс істейді, мен сойған соғымның қазысын айналдырып, қақтап, сүрлеп жаттым. Екі кісіге бір бие сойып, күндіз қуырдақ, түнде ет болып, күнде өзімізге өзіміз қонып-түстеніп жата бердік...
Сонымен қар кетіп жаз шықты. Бір жақтан осы Газбекқара мен Сәтбек келіп қалды. Олар да Сібірдек жұмыс қып, пайда іздеп жүрген жігіттер екен. Жаз шыққан соң бәріміз де «не де болса елге таяу баралық» деп диірменнен расчет алдық. Поезға отырдық та Омбыға келдік
Омбыға келген соң сұрастырып жүріп осы пароход компаниясына жұмысқа кірдік .. Жазда пароходта болдық. Күзден бері осы өзің білетін Ганшин байдың ломовайында жұмыс істейміз... деп Нұраділ Мәмбетпен де, өзімен де сұранған Сатанды таныстырып етті.
Сатанға Шеркес Қали, Нұраділдің қандай адам екендігі енді әбден анықталды.
— Жарайды, жігіттер. Сендерге енді мен қосылдым. Біз енді үшеу болдық! — деді.
МӘУЛІТ МЕЙРАМЫ
Биылғы қыс созылып барып шықты.
Май айы. Күн сәске. Қаладан бес шақырымдай өзен бойындағы тоғайшаның жанында отырған жұлма лашық сиыршы Ысқақтың үйі. Ол үйдің жанында байлаулы тұрған марка қозы маңырайды. Қала жақтан екіден-үштен қаздаңдап Ысқақтың лашығына таман бірнеше адамдар келіп жатыр. Келіп жатқандардың барлығы да Омбы қаласында оқып жүрген қазақ жастары. Жалбыр шаш, ала көз, қара дарылдақ, ұзын сары, жұқа құлақ, көзі суланған секпіл ақ қубаша, шотбак қара, мықыр қара, үлкен ауыз қара, көк шегір, құс тұмсық қазақтардың бірнешеуі осы үйге жиылды.
Әрі-беріден соң сиыршының қаукеңшігі осындай тік аяқтармен лық толды. Жазғы талдай ығы-жығы көктеп өсіп келе жатқан жас қазақтар көбейді.
Сатан Ысқақпен көптен әшінежай. Ысқақтың да сүйегі Қаракесек болғандықтан Сатан анда-санда осында келіп, кетіп тұрады. Кір-қолын жуғызып алады. Сатан кешеден осында. Оған Ысқақ ертең Мәуліт мейрамына қазақ жастары көкке шықпақ болғанын білдіріп қойған. Қолғабыс етіп, сорпа-су ішерсің деген.
Біраздан кейін қала жақтан извозчиктің қоңыраулы шолақтарын қудырып, бірнеше мырзалар да келіп қалды. Қолда таяқ, қолтықта сулық, мұртты қара, иықта жамылма, ақ жағада тоқпақтай қара галстук байлаулы, өне бойын түймелеп тастаған бұйра шашты біреулер кекке қарап келіп, үйге түсті. Бұлардың қасында ноғай қалпағын шекесіне елбіретіп киген алтын түйреуіші, тасбақа тарақтармен, күміс ілгектермен өне бойын шегелеп тастаған қыздардан үшеу келісті. Сөйтіп, осылар Ысқақтың жаман лашығына жиылғанда ол ішіне гүл-жапырақ толтырған жаман дорба сияқтанды. Бұлар келісімен өздері әлденеден қымсынғандай өзара сөйлесіп, кішірек жастардан екі-үш жерге қарауыл қойды. Қара қожалақ, ұзын сарылар күзетке кетісті.
Ысқақ пен қатыны зыр жүгіріп дамыл жоқ. Әйелі су тасып, Ысқақ пышақ қайрап өкшесіне басады. Сатан марқа қозының кеудесіне кіріп жатыр.
Сатанға да, Ысқаққа да бұл үйге қой сойылуы теріс болмаған сияқты. Көптен шаң жалап ерні қызылға тимей жүрген кісілерге үйелмендей бір марқа қозының келіп сойылуы үлкен мейрам. Олардың кешеден ерні қышып, етке сұғынуға ниеттеніп, жан терге түсіп қимылдап жатыр. Жарлының бір тойғаны шала байығаны ғой!
Үй ішінде жиылыс. Жиылыста бір қауымның жұмысын сөз қылып жатыр. Қауым бастығы дембелше сары екен, ол сөйлеп тұр:
— Сонымен біздің азды-көпті істеген жұмысымыздың қортындысын айтқанда мынадай суретті көруге болады: қауымда отыз сегіз мүше бар еді. Осы мүшелердің бірсыпырасына біз қауым атынан жұмыс тапсырдық. Ол жұмыстарымыздың орындалғаны да бар, тіпті орындалмай қалғаны да бар. Орындалмаған жұмыстың көбі-ақ қауымның қаладағы жұмысы. Мәселен журнал шығару, сауық кешін қою, қала халқының арасына мұқтаж оқушыларға жәрдем жинау сияқтылар, осы наметит еткен жұмыстардан реальный ешнәрсені жарыққа шығара алмадық. Бұған себеп, біздің мүшелеріміздің тәртіпке мойын сұнбағандықтары бір болса, екінші жақтан, қауымның қолындағы қаражаттың аз болғандығы. Алайда қауым басқармасы ешнәрсе істемей қойған жоқ. Қаладағы жұмысымыз әлгіндей ақсақ болғанмен қауымның даладағы жұмысында біраз қозғалыс бар. Қауым атынан ел ішіне шыққан азаматтарымыз өзіне тапсырылған жұмысты жақсы атқарып қайтты. Мәселен «Қазақ» газетіне мыңға тарта алушы жиналды. «Мұқтаж оқушылар пайдасына» деп жеті жүз сом қаражат түсті. «Азамат серіктігі» бастырған қазақша үш өлең кітаптан біздің қауымға жіберілгенін тегіс сатып, ақшасы «Қазақ» басқармасына жіберілді.
Ел байларына егін-шөп машинасын алдыру жөнінде, ел ішінен мектеп ашу жөнінде бірқатар үгіт-насихаттар жүргізілді. Екі болыста қарыз серіктігі ұйымдастырылғандығын бізге ол елдердің болыстары қағаз жазып, списогін жіберіп отыр деген сияқтыларды жалпақ сары саулатып соғып отыр. Анда-санда мықыр кеңірдегін құлдап құйылған терін орамалымен бір сүртіп қояды.
Баяндамашы азамат осы сарынды сөзді көп сөйледі Оған жиылыстағылардан түрлі сұраулар беріліп, мәселені жан-жағынан созғыласып жатты. Сұраулар біткен соң баяндаушының сөзі бойынша айтыс сөздер басталды. Біреу баяндаманы «қанағаттанарлық» деп тапты. Біреулер «қауым жұмысының жүрмеуі — басқарманың салақтығынан» деп жұмыстың барлығына мысықша көзін жұмды Оны біреуі «теріс» деді. Сөйтіп, кез келгені керілдеп сөйлеп, қызыл кеңірдек болып, талқыласып жатты
Мүшелік жарна деген қып-қызыл дау болды. Жарнаның кімнен, қанша жиналатындығы керіске түсті.
— Жарна бір сом болсын!
— Жоқ, елу тиын.
— Үш сомнан кем болмасын'
Мына жақтан дүңкілдеп сөйлейтін, ала көз, қара мұртты біреу:
— Мүшелік жарна жүз сом болсын' — деді.
Өзгелері ду күлді. Анау күлгенге қызарақтап қалды.
— Жүз сом болмаса ұйымды тарқату керек! — деді мұртты.
— Өй, сен жындымысың? Өңшең кірін жудыра алмай жүрген оқушы жарнаға жүз сом беруші ме еді?..
— Онда бәріміз жарна үшін жалға жүрейік! — десті.
Қара мұрт өз ұсынысын сақтады:
— Ұрласаңдар да жүз сом табасыңдар...
— Е, сен өзің табамысың?
— Табамын. Шу бойындағы елден екі бие ұрлатып алсам жүз сом... — деді мұртты. Жұрт тағы күлді.
Сатан марқаны жаркемдеп отырып, алғашында бұлардың сөзін қызықсынып құлақ қойса да, сарыны бір қалыпқа соға берген соң. Сатан оған елеңдеуді қойды. Тіпті көп сөздері Сатанға түсініксіз шықты. Сатан олардың шулауына қарамастан қызыл марқаны бөксеріп екі жақтағы қолтық етімен қоса түндіктей қып төстікті сыпырып бір алды. Шажырқай, өңеш, көкбауыр, шеміршек, бүйрек, тоқ ішектердің бірін-бірін отқа көміп Ысқақ құйқалақтап отыр. Ысқақ әйелі бас үйтіп қазан асуда. Құйқалақты бір жайлы қылған Ысқақ Сатан сыпырған төстікті тұзға тығып тастап:
— Бұл осылай жатсын! — дейді.
Үй ішіндегі керілдек күшейіп, әр жерден бажылдасып, күжілдеген дауысқа құлақ салмасқа болмады. Сатан да, Ысқақ та қазан-аяқ жақты бір жайлы қылып, дуылдақтың тамашасына қарады. Керілдескен сөздің таласы қауымның сайланатын бастығы туралы екен. Қазынашы, хатшы дегендері де оңай бітіммен сайланатын көрінбейді. Осы басқармалар туралы әркімді әркім атап, бірін-бірі мақтап, бірін-бірі жамандап шыная Қызыл кеңірдекке енді кіріскен екен.
Біреуді «іскер, өтімді, қауымның қара шаңырағын салатын қара нары», деп мақтады. Біреуді «салақ, олақ, қаражаттан айрылады», деп тұқырта жамандады. Енді біреуге — үш кісі мақтау айтса да — сол үшеуінен басқа қол көтерген кісі болмады. Енді біреуді «айналасына кісі көп үйірілетін тиянақты, осыны қоймасақ қауым қараң қалады», деп біреу омыраулады. Оны айтушыны екінші біреу орысшалап боқтап тастады. Осы ретте оқыған жастар өзара үлкен керіске түсіп, сайлау таласына айқайласып жатты. Сатан олардың мәжілісінің осындай сыртқы дабырынан басқа танымайтын адамдарының ешқайсысына толық түсініп жеткен жоқ. Бұлардың неге таласатынын, кімді неге сайлайтынын анық байыптауға шамасы келмеді. Тек оның ойына келгені: «бұлардың осынша қызыл кеңірдек болып керілдескені» еді.
— Қырдағы сайлаудың таласы бұларда да болады екен-ау, Секе, — деді.
— Е, болмай, таластың әкесі осы оқыған қазақта болады, қарағым, — деп Ысқақ тістеніп бастың жағын айырып тастады.
— Сонша таласатын бұл азаматтардың мұнысы ненің сайлауы? — деп Сатан Ысқақтан сұрады.
— Шорт знайыт... Әйтеуір өздерінше бір үлкен орын болмақ керек. Жасаған иіп осы қаланың бір үлкен мансапты орнына осылардың біреуі тұратын болса игі еді ,— деп Ысқақ шын ниетімен үміттенді.
— Е, бұларға қала басқаратын орын қайдан тисін? Тек, өздерінің газет-мәзіт жазатын не школға бала кіргізетін бірдемесінің сайлауы шығар, — деді Сатан.
Сонан әрі Сатан мен Ысқақтар бұлардың дабырымен жұмысы болған жоқ. Өздерінің міндетіне берілген етті пісіріп-түсірудің қамына кірісті.
«ЖӨГЕР, ЖОҒАРЫ ШЫҚ!»
Қазан қайнап, марқаның еті пісуге айналғанда оқыған азаматтардың ішінен жырылып шыққандар ошақ басына келе бастады. Олар, бүлкілдеп қайнаған қазанның бет-аузына қарап қолына шөміш алып, етті аударыстырып бауырды сұрап, шекті іліп алып, қазан үстінен кестіріп жеуге айналды. Мұны көрген әлгі баяндамашы кеспелтек сары келіп, мынау сияқтарына қабағын түйіп:
— Пашел; ауылдағы әдетті қылып, тәртіпсіздік істемеңдер, бәріңе әдемілеп жасап беремін' — деп оларың қазан басынан қайырып әкетті. Соны айтты да, жалпақ сары тапал білегін сыбанып, қолын жуып Ысқақтың қатыны түсіріп отырған еттің жанына отырды. Қазанның қақпағына, қара қожалақ астауларға түсірілген қызыл марқаның етін жілік-жілігімен жүйелеп, төрт-бес табаққа жасай бастады. Бір жағынан қара шолақ пышағын жалаңдатып қайрап алған Ысқақ бастың маңдай құйқасын кірестеп бір тіліп, арқа омыртқаларды айырып, тапал сарының көмегіне кірісті.
Үйге дастарқан жайылып, ет жеушілерді реттеп отырғызған соң сары тапал басты үйге алып кірді:
— Ал, құран оқыңдар! — деп төр алдындағы кеудесін көтеріп отырған азаматтардың алдарына қойды.
— Мен оқиын құранды! — деп бір тәпелтек қара есік жақтан өңмеңдеп жүгіне қалып еді:
— Уә, құранды сен оқушы ма едің?! — деп оны ақ жағалы, ала көз теуіп жіберді. Ешкім ұйғармай өз бетімен құтырынып, құранға жармасқан жалбыр қара тепкімен бір аунап түрегелді. Түрегелгенде құлағына шейін қап-қара болды. Көптің аузы құран оқуды бұйра шашқа ұйғарып:
— Әлжан оқиды! Әлжан! — десті. Бұйра шаш шарт жүгініп үйдің ішіне не бұқаша, не молдаша қаранып, басты жан-жаққа бұлғақтата бастады. Тамағын кенеп, кеудесін көтере-көтере «Тәбаракты» сүресінен сұңқылдатты. Медіресе Ғалиядан оқып құран оқудағы Мысыр мағамдарын үйреніп қайтқан Әлжан үлкен хазіреттердің мәнеріне салып, «Тәбарактан» басты бұлғақтатқанда үйдің іші жым болып, ауыр қайғылы үйге айналды, Құран даусынан Ысқақтың лашығы ауырлап бұл тегін үй болмай, арысы құлап, адамы өліп отырған азалы қазақтың үйі сияқтанды. Осылардың ортасында тұрған марқаның басы әлдекімге ұқсап, оның маңдайы оң жақта жатқан өлген адамның маңдайы тәрізденді.
Әлжан құранды ұзақ оқыды. Ол «Тәбарактың» басынан түсіп аяғынан бір-ақ шықты. Бұл екі ортада еттер кеберсіп, сорпа да суып бара жатыр еді. Даладағы жасаулы тұрған етке тап-тап берген соқыр көк ит пен көгала қаншықты Ысқақтың қатыны әлденеше рет қуды. Кейде көсеуді, кейде шөмішті жіберіп қалды.
Етке жалақтаған елдің соқтасын суытып барып, сұңқылдаған Әлжан құраны тоқталды. Бәрі бірден бет сипап,Мұхамет пайғамбардың рухына бағыштап, бата оқыды. Бата оқылып, бас табақ ала кездердің алдына қойылған соң өзгелердің де өз табақтары ортасына қойылып, жанның бәрі жапырлай етке сұғынысты. Қыздар басқы екі табаққа қол сұқты.
Етті жаңа алдарына алғанда үйге төрт жігіт кіріп келді. Мұның бірі Нұраділ, Шеркес Қали, Ғазбекқара және Жөгер деген матрос. Етке суғынып қалған қазақтар «әкеңнің моласы құлап бара жатыр» — дегенге қараушы ма еді, мынау соңғы келген жігіттерді елең қылған кісі болмады. Елең қылмайын деген жоқ — ет басты болып жатқандықтан басқа жаққа басын көтеруге мұршасы келмеді. Әсіресе, төрдегі бас айналасындағы отырғандар селт етпеді. Өздері ха-халап бастың құлағын, көзі, миын дау қылып қарқылдасып жатты. Жалғыз-ақ есік жақтағы табақ тартып тұрған Сатан жолдастарының келгеніне қыбыжықтап, әдет бойынша:
— Уа, жігіттер! Жоғары шық! — деді. Сатан «жоғары шық!» дегенге төрдегі ұзын шаш шам көріп, келгендерге жеркене бір қарап алды да:
— Оларды даладан жөнелтсең де болады ғой, — деді. Келген жігіттер бұл сөзге тіксініп, жаман көзімен үйдегілерге қарасты, Шеркес Қали сөздің құйрығын үзбей:
— Біз өзіміз ғой, мына бір атаның ұлы Жөгер жоғары шықсын! — деп Жөгерді төрдің алдына таман итермеледі, Жөгер іштен арбасып тұрған сөзді әлде сезді, әлде сезбеді, ордаңдап ортадан аттап төрге таман ұмтылды. Үсті-басы кір-кір, тер сасыған Жөгер төрдегі өңшең «үлбірел» отырған әйелдердің, мырзалардың арасынан аттап, ыңыранып ет жеп отырғандардың желкесіне барып тұра қалды. Бірақ оған «отыр» деп орын берген жан болған жоқ, Жөгер жоғары шықты да, шұқшиып тұрып қалды. Есік жақта тұрған Шеркес Қалилар «не болар екен?» деп сіресіп тұр. Отыруға орын тимей, сорайып қалған Жөгер ғажаптанып:
— Мен қайда отырады? — деді.
— Е, сені кім шақырды, мұнда? Далаға отыр! — деп ала көз аққұба дүрсе қоя берді. Оған мына жақта тұрған Шеркес Қали қолын қанжардың сабына салып тұра қалып:
— Жөгер, отыр сол жерден! Отыр да ет же! Сен де бір атаның ұлысың! — деп дікек қақты. Бұған шыдамай кетіп:
— Шығар, мына бейбастақтарды! — деп жана ғана «тәбарак» оқыған Әлжан есік жақтағыларға мұрнын тыжырды.
Сөз осыған-ақ келді. Одан әрі апыр да топыр, жанжал шықты. Ортада тұрған басты табақтың майлы еті туралып, тұздыңы көлкілдеп тұр еді. Нұраділ оны іліп алып, әжіреңдеген ала көз, аққұбаны қойып жіберді. Үйдің іші астан-кестен. Шеркес Қали қанжарды суырып алып, «тыпыр еткеніңді құртам!» деп, қалш-қалш етті. Бір жақтан Ғазбекқара білекті сыбанып жіберіп:
— Өңшең тік аяқ неме! Кәні, қайсың қозғалар екенсің! — деп арс-ұрс етті. Үйдің іші жым болды. Шеркес Қали қанжарды ұстап қатып, есік алдында кезеніп тұрып:
— Жандарыңнан үміттерін болса дереу біреуін қалмай осы үйден шық! — деп өңін бұзып жіберді.
Мыналардың жанжалынан үрейі ұшып кеткен оқығандар ет жемек түгіл дерт жеп, шешінген киімдерін киінуге шамасы келмей моншадан шыққан кісідей терлеп - тепшіп Ысқақтың лашығынан шыға-шыға қашты. Бір - біріне «мастар келді, қаш! Қаш!» — десті. Етпен ұрылған ала көз де зыта жөнелді. Жігіттерді сөгіп, ұрсып қазақ бикештері де олармен бірге жөн тартты. Тек жұмысшыларға жақын жүретін Сүндет, Ыдырыс, Бәкен сияқтылар ғана қалып қалды.
Олар әбден ұзап кеткен соң жігіттер күле -күле етке отырысты.
Ысқақ пен әйелі майы туралған бір табаққа итіне түсті .
ЖЕР АСТЫНДА ЖҰДЫРЫҚ
Ертістің Жармақ пристанынан шығатын жолмен жүрген кісі Екібастың шахтасына келеді. Шахта төртеу. Бұл шахтыдан көмір шығарылады. Екібас ағылшын байының қолында — шахтаның тек аты шахты демесеңіз — салынған үйлері жеткіліксіз, машина -саймандары, механизмі нашар, аюдың қазған інінен айырмасы аз бір үңгірлер.
Мардан шахтаның бірінде вагон айдаушы откатчик болып істейді. Ол ертеңгі бестен кешкі беске шейін жер астында болады. Шахтаның асты қараңғы. Жыланның ініндей тар, індікеш. Қолда күңгірт жанатын толағай шам. Жер астында жүрген жұмысшылар тобықтан қара балшық кешеді. Шахтада әуе ауыр, адам ылғи күл қағып, көмір жұтады. Жұмысшылардың ақысы аз, жұмысы ауыр. Жұмыскерлердің үстінен қойылған толып жатқан сатылы подрядчик, мастер, десятниктер болады. Осылардың күн көруі жұмыскерлердің есебінде. Араларында адам айтқысыз пара жүреді. Жұмысшылардың ақысын аз кесу былай тұрсын, шахтаның ішкі тәртібінде толып жатқан алымдар болады. Өзгені былай қойғанда Марданның алатын айлығынан мынандай шығындар ұсталатын еді: пәтерге, соғыс пайдасына, дәретхана тазалаттыруға өлгендерді көмуге, тұзға, шамға, отынға, басқа тағы сондайлар. Бұлардан бөлек түрлі штрафтан да көз ашуға болмайтын еді.
Марданға қызмет жағынан ұрымтал келетін Тоқай дейтін ноғай подрядчигі. Ол өзі Семейде алыпсатарлық қылып жүріп, кейін ол жұмысынан береке таппаған соң Екібас шахтасы ашылғанда осында орналасқан. Қолы хат-шот біледі. Келгеннен бері-ақ подрядчик. Тоқай тегі, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Жамбасына бір тікен қадалғандай күндіз-түні тынбай шахтаны аралап жүреді. Жұмыстың басы-қасында болып, ешбір жұмысшыға жылы ұшырамайтын жылан сықылды адам. Жұмыскердің кілт еткен бір жерін көріп қалса орысшалап боқтап, теуіп, түртіп қалатын оның үйренген дағдысы. Тоқайдың осы қылығына жұмыскердің көбі-ақ азуын басады. Тек азу ғана басады. Әйтпесе одан асырып Тоқайға қылар қайрат жоқ...
Тоқайдың қарауындағының көбі қазақ жұмыскері. Ол бір жағынан жеуге жұмсақ деп жуас, тіл білмейтін, тәртіпке түсінбейтін қазақ жұмысшыларын өзіне қызметке алса, екінші жақтан оны завод бастығы қазақтарға тіл білетіндігінен пайдаланып әдейі қойды. Сондықтан, қазақ жұмысшыларының көбінің ісі осы Тоқайға байланысты. Ол да көбінесе жаңадан келген қазақ, орыс, татар жұмысшыларын жеуге кіріседі. Өйткені, жаңа келушілер алғашында жұмыс жайын жақсы білмейтіндер болады Көрінген кісіге көз түрткі болып, қырдан келген қойдай тосырқап, мүгедек болып қалады. Тоқайлар осыдан пайдаланып «қабаққа жарай албасты» болып, әбден дәнігіп алған. Шахтаны аралағанда өзіне қарайтын жұмыскерлерді боқтап, не теуіп, түртіп жүреді.
Бір күні Мардан штректің бір бұрылысынан вагонді сақырлатып айдап келе жатқанда Тоқай тұр екен.
— Тоқта — деді. Мардан тұра қалды.
— Вагонға көмір қалай орта салынған?
— Орта емес қой, абзи. Тегі мұның сыртына сал демесеңіз...
Тоқай сонан әрі тілге келген жоқ. Марданды дүмге бір теуіп қалды. Мардан жерге жұрындай түсті. Мардан басын көтерсе Тоқай жай ғана адымдап әрі кетіп бара жатыр екен. Мардан «әттең» деп азуын басып, ыза боп тұрды да жайына кетті.
Екінші күні Тоқай Марданға төменде кездесті. Келді де байланыса кетті:
— Сен парды неге көтермедің?
— Парды көтер деп маған кім айтты? Десятник үй - деп айтқан жоқ қой...
— Мә саған, айтқан жоқ! Сволоч! — деп Марданды бұл жолы бүйірден теуіп қалды. Мардан аяғынан шап ете түсті. Ұсталған аяқтан бір жаққа бұра бір тартып қалғанда Тоқай Марданның астына түсіп қалды. Қараңғылау шахтада, қара көмірдің ішінде апай да топай. Мардан Тоқайды тізерлеп-тізерлеп жіберді. Астына түскен Тоқайдың үнін шығартпай тіземен нығарлап жатқанда Қыпшақпай келіп айырып жіберді. Тоқай орнынан әлсіреп азар тұрып, боқтай-боқтай кетіп қалды. Бірақ ол жерде қайта соқтығуға өзі де сескеніп қалып еді.
Ертеңінде Мардан конторға шақырылды да, шахтадан бұзақы есебінде бұйрық беріліп, жұмыстан шығарылып тасталды.
Мардан қызметтен шығарылған соң он шақты күн жұмыссыз жүрді. Әркімге бір жалбарынды. Қызмет сұрады. Бірақ қызмет табу оңай шаруа болмады. Мардан сияқты талай қазақ, крестьян топ-тобымен келіп жұмыс сұрап таба алмай кетіп жатты. Әсіресе заводтан «бұзақы» атағын алып шыққан Марданға да қызмет табу оңай болып па? Оған орналасу өте қиын болды. Ақырында шахтаның астында штрек бастығы Герасимов деген кәрі жұмыскер жолығып Марданға бүйрегі бұра кетті.
— Жүр, сені мен Антон Антоничқа алып кірейін, — деп Марданды конторға ертіп келді. Управляющий:
— Бұл бұзық, жанжалқой, — деп Тоқайды ұрғандығын айтты. Бірақ оған Герасимов өзіне бір қарулы жұмыскер керек екендігін дәлелдеп, Марданды жұмысқа сұранып болмады. Ақырында управляющий:
— Жарайды, оның қылығына сен жауапты болсаң өз қол астына берейін, — деді. Герасимов оған ырза болып Марданды қызметке кіргізіп алып шықты.
Мардан шахтаға келген соң Герасимов оны жер астындағы суды үске шығарып тұратын камаронға машинист етіп орналастырды. Мардан осы жұмысқа кірісті.
КӨНБЕСЕҢ КӨШЕДЕ ҚАЛАСЫҢ
Екібаста қазақтың жұмысшылары ғана емес, байлары да жұмыс істейді. Бір бай заводқа отын жеткізеді. Бір бай су тартады. Бір бай Ертіспен екі ортаға жүк жүргізеді. Сондайлардың бірі болып Байғұлдың балалары завод жұмысына араласады. Байғұлдың Әкіш, Демеу дегендері шахтаның әр жұмысын кезінде көтеріп алып, пайда келтіріп тұрады. Бұлардың тоқсан шамалы жылқысы бар. Көбі ат. Шахтаның суын шығарып, сырттан тас жеткізудің подрядін осы Байғұл балалары алған. Заводтың дабысын алыстан естіп қыр қазағы Екібасты сөз қылғанда: Әкіш, Демеулер Екібаста бір жағын орысшылап, бір жағын мұсылманшылап алуан түрлі амалмен ақша табуға айналғанда ағайын, бауыр дегеннің бірін де білмей ұмытып кетеді Тиыннан теңге туғызып, бірді-бірге тасқабақтай қағыстырып қутың-қутың етеді. Есек құрты мұрнынан түсіп жетіліп тұр дейді деп, осы Әкіштерді сөз қылады. Байғұлдың Әкіші саудагер, қара жұдырықтау болса, Демеу хат-шот білетін. Исахан хазіреттен тәлім алған халфелеу адам еді. Мардан мына шахтаға келген кезде ол шыртия киініп, шіреніп басып заводты атпен ғана аралап жүретін мырза сүрейлеу болатын. Ол сол жылы Қозыке деген байдың қызын алам деп дәме де қылып жүретін еді. Елден заводқа пайда іздеп шұбап келіп жататын көп қара қазақты пайдаланып, делдалдықпен ақысын жеп қоятын осы Байғұл балаларына Марданның қызметі де ұштасып кетті. Бір күні Байғұлдың Демеуі келіп жігіттерге су тұратын котелды тазарттырды. Жиырма шақты жігіт шахтаға су жіберетін үлкен қазанды жуып-шайып тазалауға кірісті. Мардан да осы жиырманың ішінде еді. Жұмыс істеп жатқан жиырма жігіттің қасында екі қолын жан қалтасына салып Демеу жігіттерге әмір айтып тұр еді. Ол Марданға:
— Суды неге төгесің? — деп ақырып қалды. Мардан Демеудің бұл ақырысын ауырлағандай аларып, оның бетіне қарады Демеу оған қарады. Қарағанда қарсы алдында өзіне ырылдағалы тұрған қасқырды таныды. «Не де болса мұны жаныштап тастайын» деген ой болса керек. Демеу Марданға тепсініп боқтауын үдете берді.
Мардан адамның ауыры. Оның мінезі құйған қорғасындай салмақты. Ол кейбіреулерше көрінген кісіге жанасып, сөйленген сөзге ілінісе бермейді. Бірақ оған біреудің таяғынан гөрі тілі тезірек етеді. Ол өзін ұрған таяққа шыдаса да қорлаған сөзге шыдамайды. Оның ашуы бұрқ етіп бір-ақ қайнаса түйе тулағандай қылады. Мейлі ұлық болсын, кім болсын — Мардан қолында өліп қалады. Ол Тоқаймен де солай болған еді. Мына Демеудің де үш-төрт боқтауы өткен соң қайнап кетті, шыдамады. Қолындағы қызулы ыстық темір кесеумен Байғұлдың Демеуін қағып қалды. Демеу «аттан!» деп атып кетті. Темір көсеу тиген жерін қарып түссе керек. Демеу кесеу тиген жерін ұстап, ойбайлап, олай-бұлай жүгіріп тыпырлады да қалды. Жігіттердің ешбіреуі Демеуге болысқан жоқ. Бір ауыз сөз айтпай өз жұмыстарын істей берісті Демеу осыған ыза болып, Марданды ұрайын десе де жақындауға бата алмай от басып алған тауықтай шырылдап біраз айналып жүрді де, ыңқылдап үйіне кетті.
Жігіттер Марданға:
— Енді сен қос-қолаңыңды жиып кетуге дайындала бер, — деп Марданның қызметтен шығарылатындығын күні бұрын кесіп-пішті. Айтқанындай Демеу Марданды жамандаған соң ертеңіне управляющий Марданды қызметтен тағы шығарып тастады.
Мардан тағы қаңғырып көшеде қалды.
БЕТ БЫЛАЙ
Герасимов Марданның бір жақыны сықылды. Ол Мардандарға өз жайын жақсылап айтпағанмен де Мардандарды бір түрлі жан тартады. Сөйлеген сөзі, жүріс - тұрысымен Герасимов көп жұмысшыларды өзіне тартып алған. Оны орыс жұмысшылары түгіл қазақ жұмысшылары да аса қадірлейді. Өзінің мұң-мұқтажын да ақылдасады. Марданның білуінше бұл Оралдан келген кәрі жұмыскер. Өзі білімді, көпшіл, мінезі жақсы. Әр істің артын ойлап істейтін, анау-мынауға, қылжыңдыққа жеңілдік істемейтін сабырлы, салқын қанды адам. Ал, Герасимовтың Мардандарға тіпті белгісіз жағы да бар еді. Ол Герасимовтың төңкерісшілдігі. Герасимов 1905 жылдың төңкеріс қозғалысына қатысқан саналы, өжет жұмыскердің бірі. Ол Оралдағы Тагил заводының ескі жұмыскері. Ондағы бай Димидовтың компаниясына қарсы көтеріліс жасап іс тастаған. Әлденеше забастовкеге қатысқан кісі. Кейін бұлар байлар, әкімдер тарапынан қуғынға ұшырап, ұсталып, абақтыда екі жарым жыл жатып Алтай жағына жер аударылған. Мұның Оралдағы қатын-баласы, үйі быт-шыт болған. Бұл Алтайдағы Риддер заводына жіберіліп, кейін Риддерден ескі жұмысшы есебінде завод компаниясы Морозов сияқты жолдастарымен осы Екібасқа әкеліп жұмысқа салған. Сонан бері осы Герасимовтар бұл шахтада жұмыс істейді.
Герасимовқа өмірдің қалай бара жатқандығы алақанындағыдай анық. Ол байларға қаны қас, төңкерісшіл. Герасимов шахтада тек азуын жасырған арыстан есебінде жұмыс істейді. Ақырындап жұмысшыларды төңкеріске баулиды.
Герасимовтың бастауымен Екібаста істейтін большевиктердің жасырын ұйымы бар. Бұл ұйымның адамы көп болмағанымен, берік табанды адамдар. Олар жайлап, жасырынып біраздан бері жұмыс істейді. Бірақ бұл күнге шейін Герасимовтар бұл жасырын ұйымына қазақтардан жұмыскерлерді қатыстырған емес еді. Тек қазақтарға олар жабайы жұмысшы есебінде ғана қарап, олардың жалпы жоқ-жітігіне қарасып жәй жәрдемдерін ғана істейтін еді. Герасимов Марданды да жұмыстан шығып қалғанда орналастыруы сол жалпы мұқтажға болысу ретінде көрсеткен көмегі болатын. Бірақ Герасимов өз жұмыстарына енді қазақ жұмыскерлерін де тартуға талаптанды.
Жұмыстан шығарылып, көшеде қаңғырып қалған Мардан Герасимовқа тағы жолықты. Демеумен жанжалдасып қызметтен шығып қалғанын айтты.
— Тынысым тарылды. Сіз бір ақыл айтпас па екенсіз деп сізге келдім, — деді. Герасимов басын шайқап отырып, сөзге кірісті. Сөз сарыны Марданға шешіле сөйлескен кісі сияқтанды:
— Сенің бұл тез қатар мінезіңнің пайдасы да бар, зияны да бар.Мұның пайдасы — сен өз басынды қорлатпайсың, намысыңды таптатпайсын өз басыңды байларға, жуликтерге басындырмайсың. Сені көрген өзге жұмыскерлердің рухы көтеріледі. Бай мен жұмысшылардың арасы ашыла береді. Бұл жақсы-ақ.
Ал, зияны — сен жалғыздан-жалғыз бір подрядчикті сабағанмен онан дүние өзгермейді. Өзің қаңғырып жұмыстан шығарыласын басың сотқа байланады. Егерде сен өзіңе де, көпке де пайдалы жұмыс істеймін десең — осылардың жұмысын істей жүріп, байларға, жуликтерге қарсы өзіңдей жұмыскерлерді көбейтетін бол. Өз білгеніңді оларға үйрет. Байлардың, олардың құйыршықтарының жұмыскерлерге өмірге қас екенін миына сіңір. Сөйтіп, байларға жалпақ наразылық істейтін болалық. Не істесек те тұтас істейтін болалық. Біріміз үшін мыңымыз, мыңымыз үшін бәріміз шұрқ етіп түсе қалатын болалық. Егерде бір буда сыпыртқыны тұтасынан сындырса қолдың күші жетпейді. Егер ол буда шыбықты бір-бірлесе бәрін де оңай сындыруға болады. Міне, осыдан мысал алу керек, егер біз осындағы жұмыскерлердің ішінен отыз-қырық жұмыскерді түсіндіріп алсақ қалғанын артымыздан ертіп алуымыз оңай. Көпті артымыздан ертіп алып, байларға тізе қылатын болсақ — міне сонда оларға ауыр тиеді...— деді.
Марданның ойына жаңа-жаңа пікірлер келіп, оның сарайына күшті ағынды, тәтті бұлақ құйылғандай болды. Герасимовтың сөзіне айрандай ұйып, құлағын төсеп, тағы-тағы айт дегендей Мардан сүйсініп, тыңдап отыра берді.
Герасимов көп нәрсе айтты. Сөзінің түйіндерін айналдырып келіп, жұмысшылардың жайына, заводтың байына әкеп тірей берді. Мардан өзі үлкен оқушының алдынан сабақ алғандай санасы ашыла бастады. Ақырында Герасимовтың үйінен кетерде:
— Мен сіздің айтқан сөзіңіздің барлығына әбден қандым. Маған оңым-солымды таныта бастадыңыз. Енді мен сіздің айтқаныңызбен болайын, өз қанатыңызға алыңыз, — дегенді айтты. Герасимов те қолынан келген жәрдемін істейтін болып, екеуі қолдарын қатты қысысып айрылысты.
АЯҚТАУ
Күн суық. Үскірік үзілмей соғып тұрады. Мардан Ақшақтың механический мастерскойында тәжірибеші есебінде жұмыс істейді. Онда Морозов деген жұмыскер табельщик. Осы табельщик Морозовтың жасырын ұйымының адамы екенін Марданға Герасимов таныстырған. Герасимов болып, Морозов болып Марданды мастерскойға осылар орналастырған. Осында орналасқаннан бері бұрқылдатып істеп жатыр.
Морозов пен Марданның шығарда жаны басқа. Морозов та бойдақ жұмыскер. Екеуі тамақты бір ішеді. Бір бөлмеде жатады.
Күн жексенбі еді. Кешке жақын Мардан мен Морозов шулаған дабысқа елегізіп далаға шықса мынандай жәйді көрді.
У-шу. Айқай-ұйқай, жанжал. Бірнеше адамдар шахтада істейтін Австрия тұтқындарының үшеуін қуып келеді екен. Тұтқындардың өне бойы қан. Шахтадағы Соловьев деген десятник, Тоқай подрядчик, Әкіш подрядчик, Демеу халфе — барлығы да аттысы атты, жаяуы жаяу мастарды құтыртып, бұларды қудырып келеді екен. Жанжалға қатысқандардың барлығы да ішкен. Қай-қайдағы қулар жиылған. Қуғанның ішінде Мардандардың ағайыны атақты шпана Омар деген карташы да бар. Арақтан оның екі көзі қып-қызыл болып айналып кетіпті. Қазақ жігіттеріне шақыртқы қылып балуан Омар тұтқындарға тас лақтырып келеді. Өзі жын ұрғандай айқайлайды.
— Ұр иттерді! — дейді десятник Соловьев.
— Тұмсығынан соқ! — деп Омардың қолына тас беpiп келеді Төкіш подрядчик.
Тұтқындардың өне бойы дал-дұл. Жалаң аяқ, жалаң бас. Бет аузы көрінбейтін қан, жара. Қырғи қуған бөденедей іннен інге кіріп алдынан шыққан Морозовтарға тығыла берді. Морозов пен Мардан да ұмтылды. Морозов күшті, үлкен жігіттің бірі еді. Қолына бір сырғауылды алып тұтқындарды апалақтап қуып келе жатқандардың алдынан көлденең тұра қалды. Мардан жалма - жан жаралы тұтқындарды бөлмесіне кіргізіп, есігін жаба қойды.
— Аяқтарыңды аттағандарың өлесің! — деп Морозов сырғауылды сілтеп, үйді қорғап тұрды.
— Аш есікті, аш! — деп балуан Омар жынданған бұқадай тап-тап беріп, болмады. Мардан есікті Морозовқа тастай беріп, Омарға шап ете түсіп, жағасынан сілкіп-сілкіп отырғызып қойды. Марданның қалай отырғызып қойғанын тұмандай түсінген мас Омар жан-жағына жалт-жалт қарап, тынышталып қалды. Бұл арада десятниктер қыздырған хулигандар:
— Жауды шығарып бер! — деп бірін-бірі итеріп есікке топырлай бастады. Ол кезде он шақты жұмыскерді ертіп Герасимов бір жақтан шыға келді де, жұмыскерлерге тоқтам айтты:
— Ақымақтар, тұтқындарды не үшін ұрасыңдар? Оларда не айып бар? Олар да өздеріңдей жұмыскер. Бұларды да байлары, патшалары еріксіз соғысқа айдап жіберген. Бұлар сендердің жауын емес, туысқандарың... Сендерді құтыртқан адамдардың тіліне еріп, мұндай ақымақшылықты істемей, тараңдар! — деп еді, мас жұмыскерлер салбырап тұрып-тұрып тарасып кетті.
Сол арада қайдан шыққаны белгісіз, аяқ астынан полицейский шыға келіп Герасимовке:
— Сен жаңа де сөйледің? Сол сөзің туралы конторға жауап бересің, — деп алып кетті.
Морозов жүгіріп жүріп, доктор әкеліп тұтқындардың жараларын көрсетті. Доктор жаралылардың жарасын байлап, аққан қандарын тыйды. Бұл уақытта Морозов терезесіне әдейі лақтырған тас терезенің құлпаршасын шығарып кетті. Жаралы тұтқындар одан сайын үрейленіп, қалтыранып, далаға шыға алмады. Морозов Марданды жұмсап, үйінде жайбарақат отырған смотрительді шақыртты. Смотритель ешнәрсе білмеген кісімсіп, шатақтың қайдан, кімнен шыққанын сұрастырған болды... Морозов жанжалдың жай-жапсарын айтып:
— Бұған доктор екеуіңіз ақты жасаңыз, істі сотқа тапсырыңыз, — деп ұсыныс қылды. Оны смотритель жүре тыңдап, тұтқындарға күле сөйлеп:
— Ешнәрсе емес. Сендердің жұмыскерлерің де біздің тұтқын солдаттарымызды ұрып жатқан шығар... — деп шығып кетті.
ҚАЙДА БАРСА БЫТБЫЛДЫҚ
Мардан мастерскойда істейді. Оның істейтіні шахтаға керек шелек, шайнек, труба, тағы басқа сол сықылды қаңылтырдан істелетін нәрселер. Марданның қолы мұндайларға епті. Кейде мастерскойда жұмыс өте көп болады. Өйткені, бүгін бір аймақтың қараған ұста дүкені осы болғандықтан, бұл маслерскойға жан-жақты заказ да көп келеді. Біреудің шелегі тесілген, біреудің шелегі жоқ, біреудің самаурынына моржа керек — осының барлығы да Марданның мастерскойынан бітіп тұрады.
Бір күні мастерскойге берілген контордың наряды бойынша инженер Плотниковтың сарайының төбесін жабуға бұйрық болды. Бұл нарядпен Мардан инженер сарайын жабуға кірісті. Екі күнде сарайды жауып Мардан мастерскойге қайтты.
Ертеңіне мастерскойге инженер кіріп келді; келді де ол Марданға тіксиді:
— Сен дурак!
— Қалайша?
— Сарайымның төбесін жаман жауыпсың!
— Жаман десеңіз өзіңіз жақсылап жауып алыңыз!
— Сен жақсылап істеуге міндеттісің, ит! — деп инженер Марданды сөгіп ала жөнелді. Мардан аларып, инженердің бетіне қасқырша қарап қалды. Инженер онан сайын өршеленіп сөге берді. Мардан ашуы алқымына тығылып келіп қалды. Оның ойына Герасимовтың жалғыздап жанжалдаспа, жәй жүр дегені келе қойған жоқ. Плотниковтың сөзіне шыдамай күйіп кеткен Мардан ысқырынып тұрған инженерге балғаны ала-ақ ұмтылды. Инженер мастерскойдан шыға қашты...
Осы қақтығыспен Марданның тағдыры және шешілді. Ол конторға шақыртылып, жұмыстан шығарылып тасталды. Сөйтіп Мардан шахта маңынан екі-үш орыннан сотанақ болып қуылған соң әбден әйгілі тентек болып, еш жерге сыя алмайтын болды. Герасимов, Морозовтар да мұны енді көрнеу жақтап еш жерге орналастыра алмады.
Сонымен Мардан заводтан қуылған адам саналып Екібаста екі жарым ай қаңғып бос жүрді.
Қар сылпылдап еріп жатқан уақ. Төбе-төбенің қарасыны көбейіп қалған уақытта — Екібаста қорғасын заводы салынатын болды. Бұл заводтың салынуы көптен жоспарланса да — анық қолға алынбаған еді. Завод байларының ойынша: бұл Екібастағы көмірдің қасына салынған заводта — осы Арқа мен Алтайда шығатын қорғасынның қорытындысы болады. Риддердің, Зырянның, Маймұрынның кендері келіп осы заводта қорытылатын болады. Осы есеппен Екібаста салуы ұйғарылған заводтың жаздың шығуымен орны дайындала бастады. Бұл заводтың салынуы, әрине, қарекет іздеген кедейлерге біраз кәсіп болмақшы... Сондықтан жан-жақтан ел жұмысшылары осы заводтың жұмысына ағыла бастады.
Қаңғып жүрген Марданға Қасен деген заводта біреу ұсыныс та жасады:
— Сені енді ұсталыққа алмайды. Шахтаға және кіре алмайсың. Мына екінің бірі істеп жатқан қара жұмысқа түс. Ат, арба менен болсын. Екеуміз пайда серік болайық...
— Мақұл, — дегеннен басқа Марданда лаж жоқ. Қасеннің ат, арбасымен келіп, Мардан қазылып жатқан завод орнындағы топыраққа түсті.
Жердің тоңы әлі жібімеген. Десятник Марданды әдейі жердің қатты қыртысына әкеп салды.
— Жердің астын үңгімей, ылғи осы бетіндегі тоңын оясың, — деп қолына балта беріп жайына кетті.
Жер жалғанда қатты. Ломды салғанда шақ етіп кейін серпеді. Марданға көк тас бұл тоңнан әлдеқайда жұмсақ сияқтанды. Қара тер пұшпағынан сорғалады. Ломдап балталап ұзынды күнге Мардан екі-ақ арба топырақ шығарады. Кешке үйге қайтқан соң Қасен:
— Неше арба топырақ шығардың? — деп сұрады.
— Екеу, — деп Мардан сүле сапа айта салды. Оған Қасен ренжіп:
— Ұзақ сары күнге екі арба топырақ деген наған жұмыс ол? Бүйтіп, ат-арбаны сандалтып әуре болғанша істеудің керегі жоқ. Күніне отыз-қырық арба шығарғанда сонда ғана расчет бар, — деді.
Расында Қасеннің айтқаны дұрыс. Екі арба топырақпен не аттың, не адамның еңбегі төленбейді, обал кететіні анық еді.
Ертеңіне десятник Марданды көрсеткен жеріне тағы әкеп салды:
— Мынау жер қатты екен — анау жұмсағырақ жерден алайын, — деп Мардан сұранып еді, десятник жуытпады. Мардан топырақты көп алмаса — күні қаран. Жұмыс өнбейді. Ақша шықпайды. Марданның алған топырағына Қасен қатты наразы.
Мардан бір күні десятник көрсеткен жерден тысқары жұмсақ жерден топырақ алып жатқан жігіттердің жанына келді. Бұл жерден десятниктің туысқандарынан Қазыбай деген жігіт жер бетіндегі тоңды тастап, үңгіп қана топырақ алып жатыр екен.
— Бұл жерден саған ал деген кім? — деп Мардан сұрады.
— Десятник, — деді Қазыбай.
— Ол саған неге үгітіп жұмсақ топырақ алдырады да, маған неге тыңды ойғызады?
— Сен десятникпен туысқан жоқсын ғой, — деп Қазы бай мырс-мырс күлді.
Мардан ыза болып кетті де:
— Мен де осы жерден алам! — деп Қазыбайдың жанына түсе қалды. Кеулеп қазылған жердің құмы Мардан күрегімен есіліп сала берді. Мардан маңдайдан терді сыпыра жүре дамылсыз жұмысқа кіріп, кешке шейін жиырма екі арба топырақ шығарды. Ең соңғы арбаны алып жатқанда Қалыбай десятник келді:
— Кім саған бұл жерден ал деді? — деп қадалды.
— Өзім, — деді Мардан.
Десятник Марданның атын ұрып шығарып жіберді. Марданды боқтады. Мардан да боқтады. Екеуі бірін-бірі ұрарманға келіп, жүгірісіп тоқтады.
Кешке үйге қайтып бұл халді Қасенге сөйлеген еді, Қасен Марданға жатып кейіді:
— Тағы шатақтастың ба? Сен неге тыныш жүрмейсің? Жанжал сенің неңді алған? Әлін білмеген әлек деген, — сен ғой... Мен кісі танысам, сен ешқайда сыймайсың! Сен тек қана көр түзететін бүкірсің! — деп соқты.
Ертеңіне завод салдырып жатқан қызыл мұрын заведующий Марданды шақыртты. Мардан келген соң:
— Сен қызметтен шығарылдың! — деп жариялады.
— Неге шығардың мені?
— Сен бұзықсың. Десятникті ұрыпсың. Сөгіпсің.
— Оның өзі бұзық қой, маған жер бермей...
— Сөйлеме! Сен жұмысты бүлдіргенсің. Өзіңе көрсетілген жерден қазбай, басқа біреудің жерінен қазыпсың. Сенің шығарған топырағыңа ақы берілмейді...
— Тақсыр, мені жұмыстан шығармаңыз... Десятник мені сізге өтірік жамандаған. Мен жақсы жұмыс істеймін...
— Жоқ, сен жұмыс істемейсің. Ылғи десятник, подрядчиктерді ұрып, боқтап жүресің. Сен әлі инженер Плотниковты да балғамен қуғансың! — деп заведующий зәрін сыртына теуіп, тікірейе бастады. Мардан да оған «әттең сені!» дегендей қатты қарады. Заведующий:
— Шық! — деп жұдырықпен үстелді қойып қалды. Мардан жаман көзімен жеп, шығып кетті.
ЕРТІСКЕ
Мардан қатты ыза болды. Ойына өзінің жарлылығы, жалғыздығы түсті. Қайда барса да бытбылдық. Теңсіздік, әділсіздік алдынан шығады да тұрады. Ол не істесе де тентекке шығады. Қанша қорлық көріп, сөгіс естіп, көнейін десе де, адамшылығы шыдамайды. Боқтағанды боқтап, ұрғанды ұрып қалуға өзі еріксіз кетіп қалады. Өзге қазақтың жігіттеріндей тепкіге шіріп, боқтауға көніп жүре беруге мұның шыдамы жетпейді. Кіммен болса да қарсыласып шайнасып қалады. Бірақ оның барлығы да өзіне тасталған шоқпар болып тиеді. Өзін боқтап ұрып-соққан десятник, подрядчик, инженерлердікі оң болып шығады. Осының барлығы Марданды қатты ойлантып қайғыға түсірді. Заводтағы басқарушы подрядчик, десятник, мастер; ауылдағы бай, ауылнай, атқамінер — барлығы бір сияқты көрініп, оларды қатты жек көру пайда болды. Ол әсіресе өзін кеңсесінен қуып шығарған қызыл тұмсық заведуюшийді жек көреді. Мен не қылдым оған? Маған осынша зекімесе не қылады? Менің жалынып айтқан сөзімді тыңдаса қайтеді? Десятник те, мен де оған бір емес пе? Десятниктің маған істеп тұрғаны көрнеу қиянатын неге ол тексермеді? Десятник неге маған қатты жерді ғана беріп, өзінің туысқандарына жұмсақ жерді береді? Мынау заведующийіміз, оны тексермек түгіл жөндеп тыңдағысы келмейтіні қалай? Мен әлі осылардың әкесін өлтірдім бе? Мені бұлар шынымен-ақ «бұзық!» деп қуғынға салғаны ма? Қап, бәлем! Ақыр өлдім, қолымнан келгенін саған қылып өлейін!.. — дегенге келді...
Бірақ, Марданның қолынан не келеді?..
Мардан осыны ойлаумен болды.
Күн кеш. Ымырт жабылып, қас қарайып барады. Қорғасын заводының орнында істеген жұмысшылар ығы-жығы болып, үйді-үйіне қайтып келеді. Осы ымыртта қызыл тұмсық басқарушы заводтан жаяулап үйіне қайтып келе жатты. Заведующийді көптен аңдып жүретін бір адам жолда жасырынып жатыр еді. Жасырынып жатқан адам заведующий тұсына таман келгенде ұрымтал жерден тасты жіберді. Жіберілген тастың бірі заведующийдің құлақ түбінен зулап етіп, тимей кетті. Заведующий бұған аң-таң болып аңырая қалды. Өңір қараңғы. Ешкім көрінбейді. Заведующийдің ойында ешнәрсе жоқ, жіберілген тасқа тамсанып тағы жүре бергенде екінші жіберілген тас келіп тақ көк желкеден отырды. Тиген тас тақ кеседей. Тас келіп соққанда заведующий тура құлады. Ол үн шығара алмай, күрс етіп құлағанда қараңғыда қараңдап біреу қашып бара жатты.
...Ертеңіне Мардандар заведующийді біреудің таспен ұрып жығып кеткенін көшеде естіді.
Бес-алты күн өткен соң Марданды урядник айдап кетті. Айдап келіп кеңсесіне кіргізді. Марданды урядник қолға алып қысты. Қатаң сұраққа салды. Заведующий ұрылған күн қайда болғандығын, ұруға қашаннан даярланғандығын қазып сұрай бастады. Мардан бәрінен де аузын қу шөппен сүртіп, жылмия танды. Бірақ урядник Марданның ініне су құйып былай деді:
— Сен жасырасын! Маған сенің қыбыр еткенің мәлім. Сен көптен бері Иван Яковлевичті ұруға дайындалғансың. Екі қалтаңда екі тас сенің көптен жүреді... Біз оны білеміз... — деді.
Мардан мойнына су төгілгендей, мойындаған дауыспен:
— Мен ондай қылғаным жоқ, кім айтты сізге?
— Оны кім айтқаны саған керек емес. Сенің өз жолдастарың айтады...
Мардан айтқан кісіні айт деп сұранды.
— Оны айтсам, сен оны да таспен ұрмақ боласың ба? — деп кекеп күлді.
Мардан «өтірік» деп танудан таймайды. Соның артынан урядник Марданды апарып жауып тастады.
Мардан сол жабылуда ай жарым жатты. Бұл ай жарым уақытта қызыл тұмсық заведующий больницадан жазылып та шықты. Заведующий жазылып шыққан соң урядниктер Марданды да түрмеден шығарып, Екібастың маңында болмауға бұйрық қылды.
Мардан қызметтен шығып қаңғып жүрген карташы Омармен бірге Ертіске қарай жолға шықты.
Кең дала. Кең жол. Келе жатқан жігіттердің арты — Баян, алды — Ертісте. Жаяудың жүрісіне жер өндімейді.
Мардан Ертістегі өздері айтып жүретін жүкшілердің жырына ыңырсиды:
Ертіс, Ертіс енеміз,
Елден аңсап келеміз,
Жаздай өлең айтамыз,
Күз жалаңаш қайтамыз...
Үшінші тарау
ТОЛҚЫН
Туған жерден топырақ
Кетемісің бұйырмай
Көк өрім өңшең көген көз...
ҚОҚАЛАҚ ХАБАР
Бір күні Омбының қаласында суық хабар дүңк ете түсті:
— Қазақтан солдат алады екен!
Осы хабар әп-сәтте қаладағы қазаққа өрттей тез таралды. Бұл хабардан қазақтар илеуіне құрт түскен құмырсқадай құж ете түсті. Қобырасып кетті:
— Алады дейді!
— Айдайды дейді!
— Соғысқа айдайды дейді!
— Мылтық көтеруге жараған еркек қалмайды дейді.
— Қазақты айдап барып Германияның алдына шепке ұстайды дейді!
— Қырдағы ел Қытайға үркіп кетіпті дейді!.. — деген сияқты хабар гу-гу етеді.
Бұрыннан солдат десе, соғыс десе үрейленіп тұрған қазақтар бірді екеу қылып сөйлеген дүңкілдек хабардан құлақ сасиды.
Сатан жұмыста жүріп «жігіттер қашып кетті» дегенді естіді.
Ол «білейін» деп жүгіріп Сүлеймен Бержабайдікіне келіп еді. Мұқсина жеңгей асып-сасып Сатанды көрген соң ғажаптанып:
— Абау құдайым, сіз нәшләп мұнда жүрисіз? — деді.
— Е, не боп қалды?
— Кішілерінің һәммасы қаштылар...
— Қайда қаштылар? — деп Сатан сұрап көріп еді, Мұқсина ешнәрсені жарытып айта алмады.
— Қазақлардан солдат алашақ деп һәммасы да қаштылар. Тігі Шақшай да, Жақшай да, Мұқыш та, Қоқыш та — һәммасы да ауылдарына кетерге қаштылар...
— Сүкең қайда?
— Хәзір ғана бірнеше қазақты пароходқа отырғызам деп кетті... өзің де хәзір қаш алайса тігі орыслар тұтып алыр, — деді Мұқсина.
Сатан онан әрі сөйлесуге дәт қылған жоқ. Асып - сасып көшеге шықты.
Көшеге шыққан соң Сатанның басы әңкі-тәңкі болды. Бір ой оны жатқан «пәтеріңе жүгір! Ондағы киім - кешегінді ал'» — деді. Екінші ой «жоқ үйіңе барсаң қолға түсіп қаласың. Пароход кетіп қалмай тұрып пристаньға жүгір!» — деді. Ақырында, соңғы ой Сатанды күштеп, аяғын аяғына тигізбей, оны лаққан иттей пристаньға таман қуалады.
Сатан пристаньға келгенде күллі қазақ қазақ емес - ау Қаракесек жігіттері билет тесігінің аузына топырлап қалған екен. Сатан алқынып жүгіріп келіп:
— Ойбай, маған да билет! — деді.
— Әкел ақшаңды, — деді біреу. Сатан сасқалақтап ақшасын билет аузына тырысып тұрған Шақшайға бере берді.
Сүлеймен бержабай да біреулердің жүгін жеткізіп тұр екен, ол:
— Сатан, сенің келгенің жақсы болды; мен сені қалып қалар деп едім. Енді мыналармен бірге аманыңда жөнел — деп ақылын айтты.
— А, сіз қайтесіз?
— Біз енді, құдайдың салғанын көреміз де, шырағым, біз кеткенде қайда барамыз.
— Елге көшпейсіз бе?
— Ел аман болсын. Ел менімен көбеймес те, азаймас та
— У жесе руымен деген емес пе, Сүке, ел үркіп жатса осы жақта қаңғып қаласыз ба? — деп бір жігіт сөз қосты
Оған Сүлеймен «жұмбағымды шеш» дегендей көзқараспен қарап:
— Елге барғанда мен не істеймін? Жасым болса келіп қалды... — деді.
Сүлейменнің «елге барғанда не істеймін» дегені сөйлесіп тұрған жігіттердің барлығына да тоқтау сияқтанды. Сатан да: онысы рас-ау, бәрібір қырда извозчик не істейді? — дегенге келді. Сатан жан-жағына жалтақтап Сүлейменге:
— Сүке, мені пәтеріме алып барып қайтсаңыз.
— Онда нең қалды? — деп жігіттер шу ете түсті.
— Киім-кешегім қалды ғой!
— Па, шіркін-ай, пәтершілін мұның! Шамасы, бір алтын аяқ, ақ тұрманы қалған неме-ау!
— Мұның дені әлі сақ екен! — деп жігіттер кеу - кеулеп қалаға барып қайтар деген Сатанды сөзбен мүйіздеп, тілмен найзалай бастады. Сүлеймен де ақылын айтып:
— Сатан, сен қалған нәрсеңді құдайдан сұра. Бар болса, мен жиып қоярмын. Әзірге мына жолдастарыңнан қалмай тезірек жөнелуді біл! — деді.
— Біз де ешнәрсемізді алуға мұршамыз келген жоқ, не болса да Хабиболла қарағымды елге бір жеткізейін деп тіпті құрымды да жимастан үшеуіміздің өліп-өшіп жетіп тұрғанымыз, қазынаңда жаздайғы жалуанамыз қалды, — деп сиыршы Ысқақ та апалақтап өз жайын түсіндірді.
— А, құдай, ел шетін аман көрсетсе, — деді Ысқақтың әйелі.
— Да, құдай-ай, байтал түгіл бас қайғы! — деді және Ысқақ.
Сатан бұған да болмай қаладағы пәтеріне қайтып орыс жолдастарына қош айтқысы келіп, ойысып болмады. Сол арада кассадан тартысып Сатанға билет алып шыққан Шақшай Отанға күш көрсете:
— Сен осыдан кейін қарай аяғыңды аттап көр! Алып кете алмасам ауызыңды ұрып... ұрып жығып кетейін. Осы Қаракесек сені қайтып қалаға қарай аттатады деп тұрмысың? Ал, былшылдамай мына билетінді! — деді.
Сатан еріксіз көніп жігіттермен бірге параходқа отырды. Киім-кешек, қос-қолаңы жатқан жерінде қала берді.
Ертістің үлкен ақ пароходы ырғатылып, Омбыдан аласыны алған соң өзінің өріне қарай жүзіп берді. Пароходқа отырған Қарқаралы, Баянның жігіттері Омбы қаласына қол сілтеп мойынға түскелі тұрған дұзақтан қашып құтылған қояндай арттарына қарай-қарай өрге тартты.
Пароход қанатымен суды сабалап, жүзген аққудан жылжып, түтіні будақтап, ағынды айырып келеді. Батар күн лаулап жанған өрттей жалындап, шұғыласын суға түсіріп, өзенге отын шашқанда — Ертістің суы қызыл қанға айналды. Осы өзен боп аққан қанды жарып жүзіп келе жатқан көп Қаракесек пароходтың палубасында иқы-жиқы болып үйген жүктей былығып келе жатыр еді. Осылардың ішінде үнсіз суға салбырап, Сатан тұрды. Ол ауыр ойда...
Пароход та ыңқылдайды, күрсілдейді. Онымен бірге жігіттер де уһілейді.
БОЯУБАЙ ТАЗДЫҚ БӨРІК АЛҒАНЫ
Әдемі бір қоңыр кеш. Көнетоз шағи жібек түстеніп, аспанның батыс жағы cap қызыл тартты. Ертіс өзенінің бұлдыраған жайқын беті күн батардың сол сәулесіне шағылысып, қайыршақпен ысып тазартқан ескі мыс шәугімдей қызарғаннан қызарып барады. Өзен үңіле қараған көзге, не отты пештің қозы, не қорыған алтын секілденіп, аспанның алтын шапақ сәулесіне араласып кетті. Жер мен көктің мұндай шекарасын ешбір өткір көз ажырата алар емес. Міне, осы шұғылаға аспанды, суды көміп бара жатқан отты күн қып-қызыл болып, шеті суға ілінді. Үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ атандай ыңыранған пароход өзінің арнасына тартты. Пароходты ұзатып қалған халық пен пристань барған сайын ақырындап алыста қалып барады.
Пароход боздайды. Түн іргесі қара көк туырлық шығыстың жабығына көтеріліп келеді. «Нұржайсаң» аты пароход Семейдің пристанынан төмен тартты. Пароходтың астыңғы қабатындағы матростардың жататын бір каютында бізге таныс үш адам отыр. Мұның бірі шпана Омар. Ол қасындағы Тағар мен Марданға әңгіме соғады. Үшеудің ортасында мол арақ. Арақты Омар осы пароходқа келе жатқан жүктен алған.
Омардың көбінесе істейтін кәсібі карта, ұрлық жуликтік. Ол көптен Ертіс бойына үйір. Жаз жылт етісімен-ақ Омардың құдайы жасап қалады. Ауылда тұрмай ағып Ертіске түседі. Пароходқа жүкші болып орналасады. Ондағы кәсібі — көбінесе, пароходта карта ойнап арақ ішеді. Күнінде қолынан мыңды алып, мыңды кетіріп, дүниені сапырып отырмаса Омар еш жерге сыймайды.
Омар арақты алу әдісіне көптен дағдыланған. Мынау үшеуінің ортасындағы қаңылтыр шайнекке құюлы тұрған арақты Омар әлгінде ғана пароходқа келе жатқан бөшкеден тесіп құйып алған. Ол арақ бөшкесін теседі де, арақты құйып алып, орнына кір сабынды сылап жапсырып, білінбейтін етіп бекітіп қояды. Осы арақ сол ретпен құйып алынған арзан арақ.
Омар есіп сөйлейді. Ол әңгіме, анекдот айтады. Әңгімесінің көбі-ақ боғауыз болады. Өзгенің әңгімесін былай қойғанда Омардың өз басының әңгімесі де аз болмайды. Көбін ойлап та шығарады. Ол, әсіресе, арақ ішіп алса сөйлемпаз, шешен болып кетеді.
— Мен аузын ұрып... сендерге, Бояубай таздың беркін алғанын айтайын, — деді Омар.
— Е-е, — деп Тағар мен Мардан тыңдауға кірісті.
Бұл пароходта Мардан матрос, Тағар тағы кочегар. Омар алдындағы арақты бір-ақ көтеріп қойып:
— О бір жылы, күн кешке жақын төрт-бес атты кісі Көктас жақтан Қоянды жәрмеңкесіне келе жатырмыз. Жәрмеңке жақтан бізге қарсы бір атты кісі кезеңнен шыға келді. Қолында ұстаған кұсы бар сияқтанды. Ол адам біздің қарамызды көрген соң жолдан бұрылып көлденеңдей берді. Біз оның астындағы атын таныдық.
— Әй анау Бояубайдың көгі ғой! — дестік.
— Ие, ие, сол-ақ! Дәл өзі!
— Ал, Бояубай болса неге бұрылды?
— Бояубайдың атын базардан мініп шыққан ұры болмасын.
— Кәдік, жүрісі жаман!
Біз де қиғаштай, жолдан бұрылдық.
Ол атты біздің бұрылғанымызды көрді де одан әрі қыдыр тартты. Біз жетіңкіредік. Ол шоқыраққа салды. Біз аттың басын қоя бердік, ол шапты, бізден безіп жөнелді.
Бізде енді күдік қалған жоқ.
— Бұл анық ұры! — дестік. Арттарымызға қамшыны басып жіберіп қойма-қоймалап соңына түсіп бердік. Менің астымдағы семізден бүгіліп жарап жүретін Бақайдың күрең аты. Онан майын мініп жүргемін. Түнде күреңді ұрлыққа салам. Ұрлығымның жарнасынан Бақай да алады. Күреңге қамшы басқанымда, жолдастарымнан сытылып шыға бердім. Екі-үш қырқаны асқан соң-ақ көк атты қоймай қусыратын болдым. Артыма қарасам жолдастарым да қоймалап үздік-создық келеді екен.
Мен жақындап жетуге айналған соң көк атты бір қырқадан аса берді. Мен де артынан іле-шала қырқаға шыға келдім. Қуған ұрым күйбектеп, тоқталып: қалған екен, ағызып жетіп келдім. Ұрым өзіміздің Бояубай болып шықты.
— Е, не көрінді сонша қашып?
— Жәй әшейін... сендерді, мені алатын ұры екен деп қалсам... — деп Бояубай күбіжіктеп үндей алмады.
Мен Бояубайдың қасына келдім. Тұрған жері тақырлау, тастау еді, ақтарылған тұз аппақ болып төгіліп жатыр екен.
— Не болды, не болды, — деп аңыраңдап шауып аналарымыз да келіп қалды. Боябай қып-қызыл болып, көп үндемейді.
— Әлгі қолыңдағы құсың қайда? — дейміз, Бояубай, — жай әншейін! — деп қызараңдайды.
Аяғында әңгіменің арты ашылды. Бояубайдың тығынып тұрған сырын аштық. Жай былай болып шықты:
Бояубай таз ғой. Ол таз болғанда басының бәрі айнадай ақ жарғақ таз емес, төбел таз еді. Әлі жазылмаған іріңді таз...
Бояубай осы тазын жасырып қысы-жазы бөркін алмайды. Түнде жатқанда да киіп жатады. Егер біреу бөркіне тиіп кетсе қанша шырт ұйқыда жатса да оның екі қолы шап етіп басын ұстай алады. Өзі атып тұра келеді. Ол солай үйреніп кеткен. Оның тазының жазылмауы да осы бөркін алмаудан болмақ керек, қысы-жазы пысынап Бояубайдың басы сасып отырады. Мұны білетін адамдар Бояубайдың жанынан кеш құлаш қашық жүреді. Бояубай өзі де тірі пендеге жоламай жекелеу жүреді. Көп адам бас қосқан жерде байыздап тұра алмай, сырғып кетіп қалады. Әсіресе, құдалық, көкпар сияқты жерге өмірі жоламайды. Бір кісімен бел ұстасқан емес. Оның өз ойынша басымды «ешкімге көрсетпедім» деп ойлайды. Сөйлеген сөзін биязылап қасын көре, қабағын жыбырлата сөйлейді. Ол сөйлеп отырғанда таз емеспін деп ойлайтындығы байқалмағандай болады. Бірақ біз Бояубайдың басын білеміз...
Осы Бояубай сол күні Қоянды жәрмеңкесіне бара қалыпты. Барып базарды аралап жүрсе шет жақта біреу тұз сатып жатыр екен. Бояубайдың үйінде көптен тұз таусылып, аусыл болып отырса керек. Және тұз да жәрмеңкеге күнде келе бермеуші еді. Бояубай тұздың басында олай-бұлай ойлап көп тұрыпты. Тұзды алмайын десе, үй аусыл болып отыр. Бір салым тұз жоқ. Тұзды алайын десе, ыдысы жоқ. Ақырында Бояубай жан-жағын қарап жіберсе таныс адамнан ешкім көрінбеген соң жалма-жан бөркін алыпты да тұз сатушыға ұсына қойыпты. Тұзшы Бояубайдың айналдырған бөркіне бес қалақ тұз салып беріпті.
Бояубайдың есебінде күн кеш болып қалды. Жолда ешкім жолыға қоймас. Түн батқан соң тұзды осы күйінде ауылға әкелем деп ойласа керек. Бірақ ол ойы болмай, тұзды алып келе жатқанда алдынан біз шығып қалғанымыз ғой. Бояубай бізді көре салыпты да қашқаны сол екен. Біз оны білгеніміз жоқ. Бояубайдың атын мініп қашып бара жатқан ұры екен деп оны қуып кетіппіз.
Бояубай бізден қашып құтылмаған соң сасып тұзын төге салыпты да, бөркін киіп алып тұра қалған екен...
Біз күле-күле жәрмеңкеге кеттік. Бояубай бізге бұртиып өкпелеп, үйіне кетті.
Әңгіме осы жерге келгенде үшеуінің алдындағы шәугімдегі арақ және таусылды. Оның қалған сарқындысын қағып салды да Омар:
— Мен байдың бөшке биесін тағы сауып келейін! — деп кір сабынды алып, шайнекпен пароходтың жүк жиған жағына кетті.
«ДӘМ АТҚЫР, ҚАРАКЕСЕК»
Сатандардың пароходы Керекуге келген соң Қарқаралы, Баян, Ертіс жігіттерінің бәрі де пароходтан түсті. Жан-жақтан қайтқан өзге жақтың жігіттері де қаптап кетті. Баянды басып, Қарқаралыдан әрі кететін Сатандар төртеу болды. Мұның бірі Сатанның Сібірге пайда іздеп кеткелі екі жыл болған нағашысы. Енді екеуі — Қышақ, Пышақ дейтін ағайынды жігіт. Бұлар Алтай жағынан қайтып келеді. Осылар жоқшылық қуып, жоғалып кеткен жігіттер болатын. Міне енді осылар да:
— А, құдай, топырақты елден бұйырт! — деп келе жатқаны.
Осылардың бәрі де Керекудің керуен сарайынан кезігіп Қарқаралыға қайтпақ болысты. Ортасынан ақша шығарып, базардан бір ат, арба сатып алысты. Жүктерін осы ат-арбаға салып, өздері жаяулап, не қылса да осылай селбесіп елге жетпек болды. Сатан ескі-ұсқы базарынан керек болар деп арқан, жіп, жүгең сияқты бұйымдарды да ала жүрді.
Кереку дуаны абыр-сабыр. Қаладан қашып жатқан малай. Кетіп жатқан жатақ. Бұрын Ертіс бойындағы қала өзінің кәсібімен, базарымен қырдағы елдің ынтасын тартқан болса, бүгін де аяқ астынан қала қыр еліне құбыжық көрініп, үрейлендіре бастаған.
— Дуаннан елге список жазуға шығады екен!
— Он тоғыз бен отыз бір жастың арасындағы жігіт тегіс қатталады екен, — деген хабардан қаланын, құлағы сасиды. Осы хабарлар Сатандардың жамбасына тікенектей қадалып қалада жатқызбады. Апыл-құпыл ат-арба сатып алып, түнделетіп, қаладан шығып жөнелді.
Сатандар өңірде шығып кеткеннен түнімен жүріп отырып, ертеңіне түс қайта Тоғызқұдық деген жерге келгенде бір-ақ тоқтады Бұл жерге ел қонған екен Ауыл үйлері асқа тіккендей
— Жігіттер, мынау ел екен. Бізге жақсы болды. Ертістің ар жағынан аттанған көк шолағымыз түнімен тыртаңдап, тыным көрмеп еді, енді осы ауылдарға түсіп ат шалдырып, сусындап алайық, — деді Сатан.
— Көк шолақ бұдан әрі жүруге өзі де жарамайды, басы-көзі су болып, босаңсып қалды ғой, — деді Сатанның нағашысы.
— Бірақ бұл ел бізді түсірмес. Қаракесекті жыландай жек көретін Бәсентиын ғой, бұлар, — деді Қышақ.
— Түсірмесе қойсын; құдығының суын аямас. Ауылдың шетіне түсеміз; нан, шайымыз өзімізде ғой, — - деді Сатан.
— Сөйтсе де, тым таты жаман ел, — деді Пышақ.
— Қаракесектің пайдашылары да олай-бұлай өткенде ығыр қылған шығар, жол үсті ғой, — деді Сатан.
— Бұлардың пайдашы десе тебе шашы тік тұрады, — деді Сатан нағашысы.
— Өзі бір бай ауылдар екен; үйіне түсірмес пе екен, — деп Пышақ ауылға қарап тілін жалаңдатты
— Бұлардың малы бай болғанымен, бейілі кең ей... Бәсентиынның болысы осы ауылдарда, — деді Сатанның нағашысы.
— Е, болыс ауыл осы болса, ендеше құдай берді, жігіттер. Қарап тұрыңдар. Сатан осы ауылдан төрт ат жегіп жөнеледі, — деп Сатан күлді.
— Атаң басы, жегесің! — деп Әбіш нағашысы Сатанды тойтарып тастады.
Сөйтсе де бұлар ауылға тура келуге бата алмады.
Ауылдан аулағырақ құдықтың өкпе тұсынан келіп, айдалаға атын доғарды.
— Әй, осы ауыл бір қой сатпас па екен, — деді Сатан.
— Оны қайтпексің! — деді Әбіш.
— Бір сорпа ішсек! Өлдік қой, әбден ет жемей, неше күннен бері қара нанға қамалып... — деді Сатан.
«Ет, сорпа» деген сөздер бәрінің де жүйесін босатты Әр қайсысының да ауызына ет пен сорпа келгендей тамсанып үндеспеді. Жолдастарының осы аңғарын сезген Сатан:
— Мен осы ауылға барып келейін, сендер атты доғарып, отқа қойып, шай қайната беріңдер, — деп ауылға қарай аяңдады.
Сатан ауылға келе жатыр. Оның тұспалдап келе жатқаны бес-алты үйді ортасындағы үлкен ақ үй Сатан осы үйге жақындағанда үйдің көлеңкесінде жатқан құрттаған көк ала төбет Сатанға басын бір көтерді де «мейлің кірсең кіре берші» дегендей үндеместен өзінің құрттаған жамбасындағы жарасын шайнаңдап қала берді.
Сатан сәлем беріп, үйге кірді. Екі көзі майдан бітіп кеткен үйелмендей үлкен сары бәйбіше үйінің бір жағында жастыққа жантайып жатыр екен. Үйге кipген Сатанды сығалап, бөтен кісі екенін көрген соң жолбарыстың ұрғашысындай ырғап, басын көтерді. Бәйбіше ыңыранып көтерілгенше, Сатан үйдің ішін бір шолып қарап шықты.
Сегіз қанат үй. Жабыққа тіреле жиылған жасау жүктің астында Баянның шеберлері жасаған сүйекті, оюлы, сырмайлы жүк аяқтар сіресіп тұр. Іргедегі иіндеген қара саба биенің жеткен желініндей тырсылдайды. Оң жақта қызыл-жасылға бөленген төсек алдында қызыл салы жамылған ақ білезікті келіншек сырқыратып машина тартып отыр.
— О, кімсің? — деді бәйбіше нығыздап.
— Қаракесекпін.
Келіншек бетін ашып жіберіп, жалт қарады.
— Қайдан жүрсің, мұнда? — деп бәйбіше одан да нығыздай сұрады.
— Керекуден қайтып келе жатқан жігіттерміз.
— Бұл үйге неге келдің? — деп бәйбіше ызғарлы даусын көтере түсті.
— Қой сатасыздар ма?
Бәйбіше тыржың етті:
— Қойшылын! Ел жанымен қайғы болып отырса...— деп бәйбіше сөзді ұрысқа айналдырып сөйлеп ала жөнелді...
— Өткен жылы, аузыңа ғана... Қаракесек! Осы жерден қаңғып жүріп, үш атымды ұрлап кеткен... дәм атқыр, Қаракесек! Сол сыйың да жетеді... енді менен аулақ жүр, аруақ атқыр, Қаракесек!..— деп бәйбіше осы сөздердің бірін-біріне қосып, қайнаған ботқаша бұрқылдады. Сатанда үн жоқ. Ол бәйбішеге не дерін білмей, тұнжырады да қалды. Келіншек біресе бәйбішеге, біресе Сатанға қарап, екі көзі жаутаңдап, сөзге араласайын десе дәрмені келмейтіндей тек тынышсызданып, машинаны дүрілдете берді.
Бірақ Сатан сасқан жоқ. Бәйбішенің балағаттап отырған сөзінің біріне жауап қайырмастан елемеген адамша отыра берді. Әрі-беріден соң бәйбіше де айдалаға бет алды үруден тоқталған өзінің құрттаған көк ала төбеті сияқтанып сөзін доғарды. Сатан да отыр, бәйбіше де отыр. Келіншек өз жұмысында. Сатанның көзі келіншектің тұсындағы жібек кілемнің үстінде ілулі тұрған домбырада, бір күтімді сырлы домбыра көзіне оттай басылды. Сатан көптен тартпаған домбыраға құмартып, «әттең сені» деп ішінен көңілі домбыраға қарай алып ұшқандай.
Бәйбіше үйге келген Сатанға «сусын бер» деген де жоқ. Ұрсып-ұрсып, ешнәрсе шықпаған соң оттың басына бір қақырып тастап, тізесіне таянып тұрып, босағадан таяғын алып, тысқа шықты. Ол есік алдына шыға салысымен ауылға айқай салды:
— О, өңшең иттер-ау! Мына малды қырушы ма едіңдер? О, иттер-ау, қырылғансыңдар ма? Құдыққа үймелеген жылқыға су құймай!..— деп ақсаңдай басып құдық басына топырлаған жылқыға қарай кетті. Бәйбішенің ауылдың биі екенін ұғына бастаған Сатан ішінен:
— Бәлем бәйбіше, сүйекшің келгендей бір шулатпасам, жігіт болмай жерге кірейін! — деп отыр.
Бәйбішенің құдыққа таман үйден ұзағанын көрген Сатан, лып етіп тұрып ілулі тұрған домбыраны алып отыра қалды. Құлақ күйді ызың еткізіп тартып, болар - болмас дауыспен «Жамбас сипардың» әнін қоңырлатып тартып, сылқылдата бастады. Келіншек жалт-жұлт қарады.
— Сіз біздің ауылдың әнін тарттыңыз ғой, — деді.
— Қайдан білдің, қарғашым? — деп Сатан жіп ете түсті.
— Біздің жақта тартылып жүретін «Жамбас сипардың» әні құлағыма жылы ұшырап кетті; елді сағынғандығым шығар деймін, — деп келіншек күрсініп қойды.
— Қарағым, қай жақтың баласы едің?
— Несін сұрайсыз, ауылым алыста...
— Мұнда түскеніңе қанша болып еді?
— Төрт ай... Әлі елден бір кісі қатынасқан жоқ...
Сатан оймен мөлшерлеп, келіншектің айтпаған ауылын айтқызғысы келді:
— Қалқам, сенің ауылың Жамандалба мен Жақсыдалбаның қай жағында?
— Ауылымыз Жақсыдалбаның күнбатыс жағында.
— Шорман ауылы ма?
— Ия, соларға жақынбыз, — деді де келіншек түрегелді. Есіктен еңкейіп құдық жаққа бір қарап жүк аяқтың астынан құлақты тегешті тартып алды да, үлкен шараға лыпылдатып қымыз құйды. Оны сапырып та отырмастан сасқан кісідей саусақтары майысып Сатанға ұсынды:
— Тезірек ішіп қойыңыз, бұл үй Қаракесекті жек көреді, — деді.
Сатан келіншектің нысайын түйгендей болып, қымызды қылғып жіберді де, шараны келіншекке қайырды. Аяқты орнына қойып жатып, келіншек:
— Бауыр болдық қой, — деді.
— Бауырмыз ғой, қарағым. Амал не, сары аюың бар екен, бізді сөйлестірмес, тезірек кетейін...
— Қайдан шықтыңыз?
— Кеше кешке Керекуден шықтық. Түні бойы тоқтамай жүріп келіп, жаңа ат шалдыруға түсіп жатырмыз.
— Мынау дүңкілдектен де естідіңіз?
— Қазақты окопқа айдайды дегенді естіп келеміз. Біз келген пароходпен Омбы қаласынан сегіз жүздей арғын жігіттері қайтты.
— Қалада пайдашы қалмаған екен ғой?..
— Қалмады, қарағым. Біз де сонымен қайтып келеміз, — деді Сатан.
— Осы елде де бүлініп жатыр. Елде үрей жоқ: құдай-ау, елдің ер азаматы аман болса игі еді деп отырмыз...
— Мен жүрейін, қош қарағым! — деді Сатан түрегеліп, домбыраны орнына қыстырды.
— Қош, жолыңыз болсын! — деп келіншек жаутаң ете түсті.
Сатан үйден шықты. Үйдің көлеңкесіндегі көк ала төбет:
— Қайттыңыз ба, қайыр! — дегендей басын көтеріп, қайта көзін жұмды.
ЖАНСАУҒА
Ертіспен құлдап келе жатқан «Нұржайсаң» пароходының жүрісі баяу. Жүгі ауыр сияқты. Жұлдыз жарығында қараңғыны қақ жарып келе жатыр. Салонда бір топ адам карта ойнап отыр. Көбі әскери адам. Шенді кәрі төрелермен бірге уыздай жас офицерлер де ойынға әбден кірісіп кеткен. Ойынның бір жағын сүйреп отырған байбатшалар орыс, ноғай байларының мырзалары — банкіге ақшаны уыстап салады, уыстап алады. Салонның екінші жағында пианиноға бір жас офицер күй ойнап, айналасындағы кәрі, жас әйелдерді алдандырады.
Карта ойыншылары түнімен ұйықтаған жоқ. Кірпігі қатып, қаны қашып, жын ұрғандай болып отыр. Күн батты. Пароходтың жарығы шам болғандықтан пассажирдің бірсыпырасы бұл карта ойнаушыларды қоршап қызығына қарайды. Түннен бері карта ойнаушылардың ішінде үшеуі ағалап отыр. Мұның бірі — Екатеринбург қаласында тұратын бір ірі байдың мырзасы — Зайсан, Семей, Қызылжар, Омбы қалаларындағы мал алатын агенттерін ақшаландырып, саудаға жаңа нұсқау беріп, қайтып келеді. Өзі картадан ұдайы ұтылып отыр. Николайдың көк ала қағазды ақшасын пачка - пачкасымен әкеліп банкаға салады.
Ойыншының енді бірі — кәрі әкесімен келе жатқан отставной генералдың баласы прапорщик. Бұлар Тобольскийде тұратын адамдар. Алтайдан қайтып келе жатқан беті. Бұл жігіт түстен бері онша ұттырмай отыр. Бірақ картаның әр жерінен шатақ шығарып, ойнаған адамдарына ірілік істеудің де шетін көрсетіп қояды.
Ойыншының үшіншісі — өзімізге белгілі Омар. Ол өзі жаздан бері осы пароходта карта ойнап, ақшаны аз тапқан жоқ. Киімін де түзеп алған. Омар қала, далаға белгілі картожник. Ертістің екі жағында Омар ойнамаған ойыншы қалған емес. Қайда ойын Омар сонда. Омардың Омбы, Семей, Кереку, Баян, Қарқаралы сияқты қалалардың барлығында салығы болады. Танысы көп. Сол қалалардағы байлардың төрелердің, жуликтердің ойыншы Омарды білмейтіні кем де кем. Ол жаз шыққан соң пароходқа карта ойнау үшін мінеді. Пароход қызметіне кіріп алып, Ертісті өрлеп, құлдап ойнайды, ал қыста қырда болады. Болыстармен, мырзалармен ойнап, олардың ақшасын сыпырады. Жылқы ұтады. Кейде кей мырзаларды сыпырып кетіп, кейде өзі де сыпырылып тұттай жалаңаш қалып қояды. Бұл оның үйреншікті әдеті. Онсыз Омар тұра алмайды.
Омар ескі жалаң аяқ. Қашаннан қырды қыдырып, қаланы аралап, қылмаған кәсібі қалмаған кісі. Пароходқа көбінесе жүкші болып істейді. Өзі ерегіскенде 30 пұт жүк көтеретін күшті жігіт. Тұтығып сақау сөйлейді. Жасы бір дәуірге келсе де Омардың басына үй, бауырына қазан, қойнына қатын біткен емес. Бар өмірі осы тентіреумен өтіп бара жатқан адам. Ол бір өмірге тұрақтап, бір жұмысқа қанағат етіп тұруды жаны сүймейтін кезбе Омар. Сондықтан елдің бұған қойған аты — шпана Омар.
Пароход жылжып барады. Халықтың бәрі ұйқыда. Мардан да каютасында тырайып ұйқтап жатыр. Тек, пароходтың салонында карта ойнап отырғандардың таласы ғана естіледі. Олар бірде бажылдасып, бірде күлісіп, түн тыныштығын бұзған сияқты.
Омар сыры Марданға әбден мәлім. Оның карта десе жанын сататынын да Мардан біледі. Омардың ұтылып бара жатса, ойынға ұрлық араластырып, қару қылатыны да Марданға белгілі. Омар араласқан ойынның көбі жанжалсыз тынбайды. Жанжалдан Омар өзі де сілейіп таяқ жеп, өзгені де қиратып тастамай кеткен емес. Көбінесе оны білетін қазақ жігіттері Омардың жанжалынан сескеніп отырады. Бүгін кешке де Мардан мен Тағар келіп Омарға: «Осы ойынды енді тоқтат» деп жік-жапар болған. Бірақ, оған болатын Омар ма «не ұтылып не ұтып шығам», деп омыраулап болмай қойған таңға жақын ұйқыда жатқан Марданды Омар оятты!
— Немене?
— Жаман болды... Мені жасыра көріңдер? Әлгі офицердің жеті жүз сомын, байбатшаның бес жүз сомын сыпырып алдым... Енді ойнамаймын деп қашып тұрмын. Олар «ойнамасаң өлтіреміз» деп, мені іздеп жүр, — деді Омар.
Мардан жалма-жан Омарды май алатын бөшкеге тықты да, аузын жаба салды. Офицерлер Омарды іздеп түн ішінде пароходтың астын-үстін тінтті. Іздеп келіп, Мардандардан сұрағанда, олар:
— Білмейміз, түсіп қалса керек, — деді. Омар сол тығылған орнында ертеңіне күні бойы шықпай жатты.
Мардандар пароходтың үстінде жігіт алу хабарын естіді. Пароходтағы адамдар бұл хабарды тіпті қанаттандырып, алып қашты.
— Қазақ бұл күнге шейін солдатқа бармай бостан өсіп еді. Енді бұл еркелерге де кезек келген екен. Барсын, бұлар да соғысқа, көрсін бұлар да қанның қалай төгілетінін... — деп ақшасын ұттырған офицердің әкесі отставной генерал Мардандарға естірте қарқ-қарқ күлді.
— Еш жерде қазақ қалмайды... Қалада жүрген, пароходта жүрген, шойын жолда жүргендердің барлығы да мобилизацияға ілінеді, — деп Кайзер деген Омбының адвокаты соқты.
Осы хабарды естіген соң пароходтағы қазақ жігіттеріне қоқалақ кірді' «Не қыламыз?» деп, өзара мұңдасты, ақылдасты. Аяғында жігіттердің байлаған ақылы:
— Не де болса елге жетіп көппен көреміз, — деген болды.
— Бізге Керекуден әрі кету қауіп, — десті.
Осыған Мардан да, Тағар да қол қойды. Бөшкедегі тығылып жатқан Омарға да осы хабарды жеткізді. Ол да:
— Ойбайеке, Керекуден түсіп қалалық. Осы пароходтан ақша алып шекеміз қызбай-ақ қойсын, — деді.
— Бізде ақша жоқ болса да сенде көп қой, асырарсың бізді, — деп Мардан күлді.
— Әкемнен қалған ақша жоқ, төре мен байбатшаның ақшасын ортаға салам, — деді Омар. Жігіттер:
— Жансауға, — десті.
Пароход Керекуге таянды. Жұмыстағы қазақ жігіттері жиналып, пароходтың капитанына келді. Өздерінін, шығатындарын айтып, расчет сұрады.
Капитан бұларды қанша айтса да қалдыра алмайтындығына көзі жеткен соң тиесі ақыларын беріп, босатып жіберді. Жігіттер киім-кешегін көтеріп Керекуге пароход келгенше түсіп қалды.
Үсті-басы май-май болып бөшкеден шыққан Омар да жер басты.
ҰРЫ
Күн батып барады. Сатандар әлі атын жеккен жоқ. Қона ма, жүре ме, белгісіз. Су ішіп, от жеп, аунаған көк шолақ әбден құнап қалған, арбаға байлаулы, басындағы дорбаны қағып жем жеп тұр.
Күн кешкірген соң мынау ауылға жан-жақтан атты кісілер келіп жатыр. Мыңғырған жылқы шұрқырап, жер-көкті шаңдатып, құдықтан су ішіп, қырға шығып барады. Жылқы артынан он шақты жылқышы дауылдасып ат шалдырып жатқан жолаушылардың жанынан өтті. Кіммен кімнің жұмысы бар, ауылдан аулақ даладағы жүргелі жатқан жолаушыларға ауылдың еш адамы елеп тілдескен де жоқ.
Осы арада жүру туралы жолаушылардың өздері біраз ырың-жырың болып отырды:
— Ат шалды, күн салқындады. Енді аяңдап жүріп кетелік, — деді Әбіш.
— Ат арық қой, бұл көк шолақпен ел шетін көре алмаймыз, — деді Сатан.
— Көк шолақты жамандағанда саған осы жерде біреу ат байлап қойған шығар, бос сөз неге керек, — деп Әбіш жүруге тықыршыды.
Сатанның көк ала шолақпен тіпті-ақ жүргісі келмеді.
— Мейлі, бізге бәрібір, — дегендей Қышақ та, Пышақ та үндемеді.
Өстіп «жүреміз, жүрмейміздің» ырың-жырыңымен отырып, ымырт жабылып кетті. Көз байланды. Аспанды қоңыр бұлт торлап, жұлдыз жарығы да болмай қалды. Тек, алдындағы ауылдан шыққан оттар жарқылдап, алыста кісінеген жылқының ғана дыбысы естіледі.
Сатан етігін шешіп арбаға салды да, балтырын түрді. Қолына бозқарағанның бір ұзын шыбығын алып ауылға тартты. Мысықша басып, күндізгі келген жөнімен ауылдың артына келді. Күндіз өзі қымыз ішіп шыққан үлкен үйге таяу ақ отауда адамдар дабыр-дұбыр етеді. Шырқалған ән, дүрілдеген домбыраның дауысы ауылдың қараңғы айналасын өзгеше үнмен әлдилегендей. Ал, бағанағы өзі келген үлкен үйде де толған кісі. Кісілердің күрілдеп сөйлеген даусы естіледі.
Сатан үлкен үй мен отаудың арасынан келе жатыр еді. Қора жақтан жүрген, жер ошақтың басына үймелеген адамдардан тасалап, үйді бетіне ұстай, екі үйдің, ортасында, сәл қиыр тұрған тыраш пен кеннің астына таман кіре берді. Бағанағы жанбасы құрттаған көкала төбет жер ошақтың басынан сойылған малдың төгілген қалын жалап, безін теріп әуре еді, арба астына кірген жат кісіні байқамай да қалды.
Сатан арба астында жатып айналасына көз жіберіп, жан-жағын барлады. Үлкен үйдің жанында бой жеткен қыздың шашын тарқатып атырған күндізгі келіншектің тұлғасын от сәулесінде жаза бастырмай таныды. Қыз келіншектің тізесіне жантайып, шашын тарқаттырып жатыр. Осылардың дәл жанында босағаға таяу күміс тұрманды, баран ат жер тарпып, жем жеп тұр. Үйдің туырлығы түріліп, шиі ғана қалғандықтан үйдегі оттың сәулесі бірсыпыра жерге ала көлеңке жарық түсіреді. Осы оттың жарығында жем жеп тұрған баран жылқы жерді тарпығанда аяғындағы тағасы жарқ-жұрқ етеді. Аттың мойнындағы тұмары да салбырап, Сатанның көзіне көрінеді.
Үйге кіріп-шығып жүрген кісі аяғы тынбайды. Құмған алып бәйбіше де қараңғыда үйден көп ұзамай арба астында жатқан Сатанға таяу отырып, дәрет сындырып қайтты. Сатанның екі көзі алдындағы атта, қыз келіншекте, қыбырлап жүрген жанда. Құлағы дабырда, үйден шыққан дауыста, ән мен домбырада. Отауда шырқаған әншінің дауысы жер күңірентеді, онымен бірге түн күңіренеді, төңіректің бәрі де күңіренгендей болады.
Қай заман, мына заман, бағы заман,
Болар ма баяғыдай тағы заман
Алдымда жар, артымда жау болған соң
Көл қылып көздің жасын ағызамын, —
деп бір әнші күкірентіп, зарлатып, толқытып, айналаны, ауыр қараңғыны уһлетіп отыр.
Қай заман мына заман, қысқан заман,
Бақ-дәулет басымыздан ұшқан заман.
Арыстың жауыменен алысар ек,
Аңдыған ауылдағы дұшпан жаман .
— Ой, деген-ай!
— Аһ, десеңші! — деп отаудағы қоршалаған қошемет дауыстар жиі-жиі шығады. Әлдекім екенін Сатан қайдан білсін, бір қағыңғыр әнші боздатып отыр. Олар жұрт көңілін сабадай пісіп, айрандай ұйытады. Мұңды қозғап, зарды төгіп, тұңғиық терең қараңғыны одан әрмен тербеткендей.
Күңк етіп, қыз бен келіншек сөзге кірісті. Сатан әнді тастай беріп құлағын осы жағына салды.
— Құдай-ай, десеңші, еркем. Ахметжандар шынымен-ақ кетер ме екен?! — дейді келіншек.
— Кетпегенде... патшаның құрығы ұзын... Ахметжан кімнің шікіресі? Не болыстың баласы емес, не сауда қылмайды, оқығаны тағы жоқ, — дейді қыз.
— Жаман айтпай, жақсы жоқ, егерде дәм тартып соғысқа кете қалса, сен қайтесің, еркем?
— Мен қайтушы ем, бірге кетеді дейсің бе?
— Жылайсың ба дегенім ғой.
— Қой көкімей, алдыңдағы шашымды жөндеп тарқат?
— Шашыңды тарқатуға бар өнерімді салып жатырмын-ау, өзі ұйысып қалыпты. Бір басыңды күні бұрын күтіп алмай сен қыз не қылып жүргенсің, күйеуі келетін қыз күні бұрын күтініп, бойын сылап отырмайтын ба?
— Қой көкімей, жөндеп тарқат, қайта иісмайыңнан құйып жібер...
— Ахметжанның тұмсығын тығып, иіскеп жатсын дейсің-ау, а? Ол қара қожалағың дәрі болса саған дәрі, маған неге керек...
— Қойшы, қудың қатыны!
Сатан қыз-келіншектің осы сияқты сөздерін сабақтап ауыл жайын ұғынғандай болды, осы ауылға келе жатқан кісілер мына қыздың күйеуі. Отаудағы мәжіліс сол құда, күйеудікі. Ал мынау бағанағы өзіме қымыз құйып берген келіншек — бұл қыздың жеңгесі. Мына қыз қалыңдық салтымен күйеу қойнына баруға таранып жатыр. Қайтсын, жастар ойнап-күліп қалайық деген ғой...
Келіншек қыздың шолпысын шешіп алып, сылдыр еткізіп жанына тастай берді. Мұны көрген Сатан жан - жағын қармаланды. Иттен абайға ұстап келген қолындағы бозқарағанның ұзын шыбығы мен мұндалап қолына түсе кетті. Шыбықты жермен жорғалатып, қыз-келіншектің жанында жатқан шолпыны бұрады. Бұрап, өзіне таман сүйреді. Сүйрелеп келген шолпыны сылдырлатпай ағаштың басына іліп, қыз бен келіншектен алысырақ тастады, өзі үй жақты бақылады. Арманы ақ ат. «Әттең дариға, анау аттың үстіне бір шықсам!» — дейді.
Сатанға үй жанында тұрған атқа тура баруға болмайды. Арба мен аттың арасына оттың жарығы түсіп тұр. Және аттың бір жағында қыз бен келіншек, енді бір жағында есік. Жер ошақта ет қайнап жатыр. Үйден кіріп шыққан кісі аяғы сергімейді.
Әйтсе де Сатан атқа баруға ойланды. Ойлап жатып - жатып не де болса тәуекелге бел байлады. Ақырын орнынан тұрды да дуылдаған екі үйдің арасындағы оты жалпылдап жанып жатқан жер ошақтың қақ жанынан сып етіп өтіп, қораға кіріп кетті. Жер ошақ басына инесін жоғалтып алған кемпірдей тімтініп сара ала қаншық пен көк ала төбет жерді иіскелеп жүріп, Сатанды сезбей қалды.
Қора қойдан қайқаяды,ыңырсып жатыр. Жарықтық қойдан жуас жануар бола ма, ұрлық қылуға келген суық жүрісті Сатанға құлағын да селт еткізбестен орны - орнында жата берісті. Тойған түйелер ыңқылдап, матауда жатыр. Түйе сауып тұрған бір әйелдің арт жағынан келіп Сатан түйелердің арасына кіре берді. Түйе байғұстар да бық еткен жоқ. Хатта үлкен басымен ұрыны ортасына жасырысуға жәрдемші болғандай үндеспеді.
Сатан түйе арасында көп жата алмады. Оған не де болса жылдамырақ кету керек. Ат, арбасы, ауыл сыртында жолдастары күтіп отыр. Сатан не болады деп олардың жаны мұрнының ұшында. Сатан бір қылт еткенде жылт етіп, үйге байлаулы аттың алқымына кіріп кетті.
Үй іші, ірге жап-жарық. Сатан көзі түкті көрмейді. Тек аттың алқымыңда омырауына жабысып, аттың аяғымен аяқ болып қалған. Дереу бір қолы асығып аттың шылбырын белдеуден шешіп жатыр... Сол арада келіншек те қыздың шашын тарқатып болса керек, қыз басын көтерді.
— Шолпым қайда? — деп қыз жерді сипаланып қалды. Сатан оған таяу тұр.
— Осы жерге тастағам, — деп келіншек те жерді сипаланды.
Сатан жаушы жалам, шылбырды шешіп алып, аттың алқымына кіре сулықтан созып ұстап, жетелей жөнелді. Мұны қыз бен келіншек те байқамай қалды. Атты үйден көген бойы шығарғанда Сатан аттың дорбасын сыпырып алып, лақтырып жіберді. Дәл осы кезде келіншек:
— Ойбай-ау, ат шешіліп кетті! — деп қалды!
— Ал, жүгір! Ұстап ал! Құр жануар, құр! десең тұрады, — деп үйден бір шал кісінің дауысы шығып қалбалақтап қалды. Бұл уақытта Сатан атқа мініп те қалған еді. Үбектеп, желіп жүріп кетті.
— Ay, қалай кетті?
— Қуаламай, ұстап ал, — деп ауыл жақ дабырлап қала берді.
Сатан cap желіп, қараңғыға кіріп жоқ болды. Астындағы ат жер баспайды. Желше соғады. Жүгіртіп жолдастарына келді.
Сатан қосқа келгенде өзгелері көк шолақты жегіп, жүруге дайындалып тұр екен.
— Тарт! — деді, Сатан.
Арбаны сыңғырлатып, қараңғы түнді жарып, бір арбалы, бір салт атты Сатандар ілгері жүріп кетті.
Ауыл айқай-ұйқайсыз артында қала берді.
ТОРУЫЛ
Сатандар саулап жүріп отырып, ауылдан аулақ далаға шықты. Біраз жүрген соң Сатан қасындағы жолдастарына:
— Ал енді, осы араға арбаны доғарыңдар да, көк шолақты біраз жұлдыра тұрыңдар, — деді.
— Неге? — деді Әбіш.
— Мына жылқыдан ат түгендеп аламыз. Кәні, менің қасыма қайсың ересің? — деп сұрады.
— Қой, шырағым. Мынау астыңдағы атты сіңіріп алсақ та жетер, тезірек жазым болмай жүрелік, — деді Әбіш.
— Жоқ, нағашы, біз бұл аттармен елге жете алмаймыз, тезірек жүретіндерің жүр!
Пышақ та,Қышақ та аузына құм құйылып үндемей қалды. Олардан үн шықпаған соң Әбіш:
— Шырағым, болмадың, енді, сенің не болғаныңды білмей болмас, — деп Әбіш Сатанның артына мінгесті.
Сатан Әбіш нағашысын артына мінгестіріп алып, жылқының дабысына тартты. Сатанның артына мінгесіп келе жатқан нағашысы ұдайы күлкілдеп Сатанға уайым айтып болмады:
— Әй, шырағым-ай, түзде жүргенде осы біреудікін қағып аламыз дегеніміз астамшылық болмаса жарар еді. Заманның қағынып тұрғаны мынау. Байтал түгіл бас қайғы болып, өзіміз елге қалай қосыламыз деп құдайдан тілек тілеп келе жатқанда...
— Е, сол елге қалай жаяу жетпекшіміз!
— Құдай бізді өлтіре ме; жаяу-жалпы шұбап ел шетін көреміз де...
— Құдай сізге түк те бермейді, нағашы. «Талапты ерге нұр жауады» деген. Осы өңірдегі бай Бесентиыннан кіci басы бір-бір ат мініп кетпеген соң — біз өмірі елдің шетін көре алмаймыз, кім біледі, ел бұл күнде Балқашқа қарай үркіп кеткен шығар. Сонда осы көк шолақпен қайда барамыз деп ойлайсыз? — дейді Сатан. Сатанның бұл сөзі Әбішке үлкен тоқтау болғандай болады да тары да күрсініп:
— Мен оның ақыреттегі борыштығынан қорқып бара жатқам жоқ-ау, жиен, тек жазым болып өзімізді ұстап ала ма деймін, — деді.
— Е, онан да мына соны айтсаңшы, нағашы, — деп Сатан күледі.
Бұлар жылқының дабысына маңдай беріп, желе шорқақпен отырып бір поселкенің үстінен түсті.
— Осыдан мал алсақ қайтеді? — деді Сатан.
— Қой, кәпірді... атып жіберер...
— Жоқ, осыдан ала кетелік. Бұдан алған малымыз — ата малымыз болады. Бұлар біздің елге қалай барсын, — деп Сатан аттың басын поселкеге тартты.
Бір жерге келіп, Сатан аттан түсті де, сыптығырланып әбден шешінді. Әбішке атты ұстатты да, өзі поселкеге қарай жөнелді. Поселкенің шетінде аяғы тұсаулы отта тұрған екі жылқыға жолықты. Олар Сатанды маңайына жолатпай тұсауымен қарғылап, ұстатпады. Бұлар ұстатпаған соң Сатан тұсаулы екі жылқыны айдап нағашысы Әбішке жетті.
— Атты бері әкел, нағашы, — деді Сатан.
Әбіш атты Сатанға бере қойды. Сатан атқа мінген соң тұсаулы атты бастырып жіберіп, құйрығынан алып, екеуін де ұстап алды. Әбіш келіп аттардың алды-артын сипалап тұрып:
— Жануардың екеуі де тоғайдың мәстегі екен; біздің жерді жерсінбей өліп қалады ғой, осының керегі жоқ жиен.
— Ендеше міне біреу үлкенінен, — деп Сатан қараңғыда жардай көрінген біреуін арбитып Әбіштің алдына тартты.
Сатанға аяғынан алдырып, Әбіш әлгі арбиған мәстекке азар мінді. Екеуі жылқының дыбысына қарай жарысып кетті. Жарыса-жарыса қырдағы шұрқыраған жылқының деңгейіне жетті. Бұлар жылқы сарынымен бас бағып, бақылап айнала торып жүр. Жылқының беті қалай, жайылыс па, иіру ме, жылқышылар қайда, нешеу, жердің бітімі қалай, жылқыға қай жағынан кіру оңай, кірген соң қалай шығып кетуге керек — осының бәрін Сатан дағдылы ұрыдай жете торып, бес-он минуттің ішінде-ақ біліп алды. Әсіресе күн ұзын ақтан сопысынып, адам ақысынан сескеніп шегіншектеп келе жатқан Әбіш шұрқырап жатқан қалың жылқыға келген соң теретін жеміске жеткен адамдай барлығын да ұмытып, жер жағдайын байқап, оңтайлы жерді Сатанға сыбырлай бастады.
Торуылдағы тұрған екі атты ұры аз бас бағып, жер жөнін, жылқы жайын біліп алысты: жер соны. Шөбі қалың бір ойдым-ойдым. Ай көзге түртсе көргісіз қараңғы, аспан бұлт. Мыңғырған көп жылқы талай жерді көріп, қой жайылыспен ұйлығып оттап, пыр-пыр ысқырады. Жылқышылар жылқының қақ ортасындағы бір дөңестеу жерге түсіп отырған сықылды. Күліп-ойнап, дабыр-дабыр етеді.
Екі ұры жылқының ішіне кіріп кетті. Апыл-құпыл бойдақ жылқыдан іріктеп 50 шамалы жылқыны бөліп айдап жөнелді. Жылқыға суық қол кіріп, жылқыны бөліп айдап шығарып бара жатқанын шулап отырған жылқышылар сезбей де қалысты. Бұлар айдаған жылқы көп жылқыдан ұзап шыққан соң енді ішінен таңдап алуға кірісті. Сатан астындағы аттың күмісті тұрманын салдырлата бір баранды байқап келіп, ұрымтал жерден ұмтылып құрық салып қалғанда Әбіш нағашысы арбиған мәстектен аударыла түсіп, жүгендей бастады. Мұны жүгендеп алып, Әбіш міне жөнелгенде, су төгілгісіз жорғa екен, астына тұрмай тайтаңдай жөнелді. Сатан жылқыны «қайыра бер» деді. Есік пен төрдей жарау шұбар иірген жылқыдан шеттеп, бұлар қағып болмады.
— Әттең сені! Құдай қолға түсірсе, — деді Әбіш.
— Олай болса жылқыны иіре бер, — деді Сатан.
Жорғасын шайқалтып Әбіш жылқыны төңкеріп иіре берді. Құрықты оң қолға алып, сол қолымен астындағы баранды бұтқа бір салып, алдынан бұлаң еткен ақ шұбарды Сатан бастырып берді. Жылқы ұршықша иірілді. Шұбар безіп, иірілген жылқыны үш айналды. Төртінші айналуға келгенде Сатан астындағы аты сыпылдап, қашқан шұбарды бауырына басты. Қайырып, айдап жылқыға қабаттай бергенде Сатан құрықты лып еткізді. Екі ұмтылып лықып, шұбар қарғып-қарғып кетті. Оны жіберетін Сатанның қолы ма, құлақ шекеден түскен құрық бір толғаумен тас шеге болғанда шұбар изектеп тұра қалды да, қырылдай бастады.
— Әй, осы ит асау ғой, деймін, — деді жүгендеуге келе жатып Әбіш.
— Асау болса шыңғырар еді, бұл сыр десте жылқы, тезірек жүгендеңіз, — деді Сатан.
Шұбардың азырақ бас асауы бар екен, жүген басына киілген соң жынын алдырған бақсыдай жуасыды да қалды.
— Мін, нағашы, — деді Сатан.
Әбіш «Ауіп алла!» — деп қараңғыда шұбарға қарғып мінді.
— Ал жетекке жорғаңды! — -деді Сатан.
Сатан жылқыны және аралап жіберіп, бір жараулау баранға және құрық салды. Оны ұстап Әбішке алып келіп:
— Нағашы, енді нешеу болды? — деді.
— Мәстекпен бесеу.
— Мәстекті қоя беріңіз, ол бізге жарамайды, бәлкім бір егінші орыстың жалғызы шығар...
— Қарағым-ау, осының бәрін аламыз ба?
— Е, алмағанда...
— Қарағым-ау, бұларды жер-суға сыйғыза алмаймыз ғой, азайталық.
— Көп емес, нағашы. Кісі басы бірден ғой. Кім біледі, біз мұны солдатқа қарсы соғысқа мінерміз, — деді Сатан.
— Тым көп, жиен. Өзі өңшең сайдың тасындай ірі малдар ғой. Ең болмаса мынау ауылдан алған қасқа атты қалдырып кетелік. Бұл жер-суға сыймайтын белгілі ат, атақты адамның аты болу керек...
— Әсіресе. болыстікі болса екен! — деді Сатан.
— Қарағым, бұл бәле болады, сіңбейтін мал. Осыны тастап кетелік, — деп Әбіш қайқалақтап болмады.
— Сөзді қысқартыңыз, нағашы, мен қасқа атты тастап бұл Бәсентиыннан жылқы алмаймын, — деп Сатан Әбішті біржола тежеп тастады.
— Ендеше, шырағым, жолың болсын, ал жүрелік, — деп Әбіш атын қамшылай жөнелді.
Бұлар жетектерің сайлап алған соң желе шоқыраққа салып, жылқының дыбысын әлдеқайда артына тастады, жылқы маңынан ұзаған соң жетектерге қамшы салып, құйындатып кетті.
Аз шапқан соң заулатып, ұрылар арбасына келіп те қалды. Жалма-жан, аттарды жегіп жіберіп, қараңғыда қамшының астына алып, бетін түзеп, саулатып жөнелді. Жаңа ұсталған аттар алғашында біраз осқырып, пысқырып арбадан сескенсе де қамшылап қуып айдаған соң, жөндігіп жүріп кетті.
— Әй, адасып қолға түсеміз ғой, — деп Әбіш анда - санда уайым айтады.
— Сендер тырп етпеңдер, аттарды мен айдайын, — деді Сатан.
Сатанға жер мөлшері белгілі. Осы жолмен ол бір-екі рет өткен де. Қалмаққырғанның аяқ жағын ала Бестау, Көкайғыр, Құбастатып, қараңғы түнде тұспалдап жөн тартты. Сатан аттарды барынша айдап, шу-шуға салды.
Ұрыларды әдейі жылқы алсын дегендей не айын, жұлдызын жылт еткізбей түн түнере түсті.
«СОЛДАТ КЕП ҚАЛДЫ»
Бұлар көп жүрді. Түнімен талай жердің танабын тартты. Бара, бара аспан ақтаңдақтанып, таң себелеп атты. Жарық қараңғыны жеңіп, ондағы-мұндағы көрінгенде жолаушылар бір жерге тоқтап, темекі тартысып, насыбай атысты. Түні бойы тоқтаусыз қуылған аттар бүйірін соғып солықтап тұр. Әсіресе семіз торы жорға танау қағады. Жоны астаудай жолбарыс шұбардың қабағы да терлемепті. Ол жалт-жұлт етеді. Күміс тұрманды, күрең қасқа, тіпті танауын қақпайды. Жатағандау келген жарау торы азбан жылқының берігі болу керек, құлағы салбырап, енді бір күн, бір түн жортсаң да қырт ететін емес.
— Алғанымыздың бәрі де сайдың тасындай екен! — деді Әбіш.
— Тек құдай сіңірсе, — дейді Қышақ.
— Қарқаралының жеріне Қаракесектің еліне бір барсыншы, — деп Сатан алған аттарына қуанып қояды.
— Жақсы болды, бәрі де сәйгүлік, бірінен-бірі өтеді, — дейді Пышақ.
— Қой, қарақтарым, жылдамырақ жүріп кетелік, енді ізбен қуады, — деп Әбіш асықтырады.
Бұлар тағы жүріп кетті. Тұмарлы күрең қасқаны Сатан салт мінген. Арбаның жанында жайтаңдатып келеді. Таң себелегеннен күн шыққанның ортасында бұлар көп жерді алды. Талай бел, талай кезеңді артқа тастады. Қалмаққырғаннан сырт айналаға Баянға беттейтін Қанжығалы жолымен соғып келеді.
— Жүре-жүре күн сиыр түс болғанда қарамы мың жарымдай қойды қаптатып айдап келе жатқан жастау қойшы көлденең кезікті.
— Бұл қой кімдікі? — деп Сатан сұрады.
— Тоқандікі.
— Қайдан келесің?
— Тоқан ауылы жайлаудан қайтып келеді.
— Көшін, қайда?
— Көш ілгері кетті.
— Енді артында көш бар ма?
— Жоқ, ең арты әлгі бір сиыр айдағандар еді, өтті ғой...
Сатан Әбішке көзін қысты да өзі ілгері жүріп кетті.
— Өздеріңіз қайдан келесіз? — деп қойшы сұрады.
— Керекуден келе жатқан Қарқаралы қазағымыз. Қаладағы қазақтарды солдатқа ұстай бастаған соң, қу жанымызды шүберекке түйіп, қашып келеміз, — деп Әбіш созып сөйлей бастады.
— Е, ағатайлар, мынау қоқалақтан естіп, білгендеріңіз болса айта кетсеңіздерші, — деп қойшы тор байталдың бір жағына қисайып отырды.
— Айтайық, насыбайың жоқ па? — деп Әбіш өзінің насыбайы қалмаған құмырасын алып, етігіне тықылдатты. Қырған шақшадан бірдеме иіскеуге күні ұзын насыбайдан қаңсып келе жатқан қойшы да ыңғайланды. Әбіш қаладан есіткен қоқалақтың хабарын бірін екі қылып, қойшыға айта бастады.
Осы уақытта қанаты жайылып, қаптап келе кеткен көп қой алдындағы өрге қайқайып бара жатыр еді. Қаптан төгілген тарыдай көп қой шашылып, алдындағы дөңнен асқанда төбені айналып кеткен Сатан да қасқа атпен қойға араласып қалған еді. Келе сала бір құнан қойдың мойнына ат үстінен құрықты тастап жіберіп, ұстап қалды. Қой дыр-дыр үрікті. Сатан жалма-жан түсе қалып, қойды алып ұрды да қырқыратып бауыздап жіберді. Шала-шарпы бауыздалып, жаны шығып болмаған қойды бір шұңқырлау жерге тастап жібергеніне көз ілескен жоқ. Атына міне салып, өзге қойларды бұл маңнан үркітіп, қуыңқырап жіберді де қасқа атпен ізінше қайтадан жытты. Дөңнің астымен жұлдызда ағып, жолаушылардың тұрған жеріне сасқалақтап шауып келді. Қойшы мен Әбіштер әлі әңгіме соғып тұр еді, Сатан айқайды салып, шауып келе:
— Қашыңдар, қашыңдар, кеп қалды! Солдат кеп қалды! — деп тұрғандардың дегбірін алып жіберді.
— Оны кім айтты? — десті
— Әне бір талай кісілер қашып барады, солар айтты ..
— Ойбай-ай, біз де жөнелелік, қолға түсіп масқара болармыз, — деп Әбіштер атқа қамшыларды үйіріп, арбаны салдырлата жөнелді.
— Ой, сұмдық-ай! — деп, астындағы ауыздығы алулы торы байталын төпелеп, жаман тұмағы селтең қағып, қойшы да қойының артынан шаба жөнелді.
Бір шақырым жүрген соң Сатандар арбаны бір жерге тоқтатып, қойшыны қарауылдасты. Қойшы қойын ұршықтай иіріп қуа-қуа бес-алты шақырымдай ұзап кеткен екен. Алдынғы адырды асқан соң Сатан жан-жағын барлап алып, күрең қасқамен ызғытып, бауыздап кеткен қойына жетіп келді. Тастаған қой тыңқиып жатыр. Тек қасына екі-үш қарға, бір-екі сауысқан үймелеп қалған екен. Сатан жалма-жан түсе қалып, қойдың бауыздауындағы ұйыған қанды шөппен сыпырып сүртіп тастап, атқа мінді. Ат үстінен еңкейіп жіберіп қойдың сирағынан алып, ат үстіне азар көтеріп салды. Өзі бұлан құйрықпен өзектетіп, жортып, жолдастарына келіп қосылды. Арбаға жегілген екі семіз ат босанайын деген екен, қасқа мен шұбарды парлап жекті де босаңсыған аттарды салт мініп, саулатып жүріп кетісті. Жолшыбай келе жатып, қойдың ішін жарып, ішек-қарнын аударып тастап кетті.
КЕЗДЕСУ
Бұлар күн ұзын жүрді. Жүргенде кәдімгі бұлаң құйрықпен отырды. Осы ұзақ күнде «бір талай жерді алдық қой» деп есептесті. Күн кешкіріп, екінді болғанда бұлар Пантөбеттен өтіп, Кершоқының елсізіне шықты.
— Енді осы жерде ат шалдырмасақ болмайды, алдымызда су жоқ, — деді Сатан.
Жердің ыңғайын аңғарлап келіп, қималы құдықты бір шилі шұқырға түсіп, ат доғарысты.
Түскен жері жалпақ, қалың ши. Қар ортасы апан құдық, төрт атты желге соқтырып, жарты сағаттай Пышаққа жетелетіп қойды. Желпінген аттардың ыстығы басылған соң апанға түсіріп түйіп, аттарды бекітіп қойысты. Пышақ қойдың кеудесіне мініп, Әбіш тезек теруге кірісті. Пышақ құдықтан су алып, бақыр асып, Сатан насыбай уқалауға отырды.
— Енді құтылдық па? — деді Әбіш.
— Енді қуғыншы жете алмайды. Жылқының иесінен де, қойдың иесінен, қауіптен кеттік. Енді аспай - саспай пісіріп, тыныға беріңдер. Мен анда-санда мына шоқалақтан қарауылдап қояйын, — деп Сатан шақшасын насыбайға сықап толтырған соң төбеге тартты
Сатан төбеде отырды. Маңайға қарға ұшпайды. Құлазыған елсіз. Тіпті шыбын болмаса айналадан адам пенде келетін болмаған соң, Сатан қайтып қосқа келді.
— Жан жоқ. Жан жоқ құлазыған елсіз көрінеді, енді бізді аэропланмен қуса да жете алмайтын жерге кетіп қалыппыз, — деп Сатан жайланып отырып белін шешті.
Бұлар етті қайнатып, бақырды түсірерменге келгенде күн де ұясына ілінген еді. Аспан көк баранданып, күн шапағы шашырап, батуға айналды. Күннің көзі әлденеге талауратып, дүниеге күйігіп қарағандай. Күн көзіне қараған Сатандарға аспанның батыс жағы да бақыр асып, ұрлаған қойдың етін пісіріп жатқан сияқтанды.
Ет түсірілді. Семіз қойдың сүбелерін тұздықтап отырып, апан құдықтың көмерінде төртеуі етті мейлінше жеді Ет артынан сүйек мүжіп, аяқ-аяқ сорпа ішіп, маңдайынан терді бір-бір сыпырды.
— Кешегі кемпірдің аулы ақшамызға қой сатпай қуратып жіберіп еді. Енді, міне құдайекең бізге ризық бұйырып, қол қайрат қылып алған мынау еркек қойдың сорпасына бір сұғындық-ау, нағашы, — деп Сатан жымың қақты.
— Е, шырағым, өлмегенге өлі балық жолығады деген емес пе, алхамдүлеллә... — деп Әбіш кекіріп қойды...
Суыған аттарды шалдырып, суғарып, аяқтарын тас қып бекітіп, отқа қойысты. Өздері етке сілейе тойып алған, төрт Қаракесек киімдерді шешіп тастап, еттерін салқынға соқтырып, тырайысып ұйықтап қалысты.
Бұлардың көзі ілініп кеткені сол еді, отта тұрған аттардың кісінеп қоя берген дауысымен оянып, бастарын жұлып-жұлып алысты Күн ымырт болып кеткен екен, он шақты атты кісі сатырлап шауып, Сатандардың үстіне сау ете түсті. Ала көлеңке, апыл-құпылда бейғам жатқан Сатандарға жау тиді.
Жау саулап шыға келгенде шұқырдағы кісінеген атты көрген соң айқайлап, атты қойып берді.
Сатан тұсаулы тұрған күрең қасқаға ұмтылды. Қыпшақ та, Пышақ та, есі шығып кетіп, біресе атқа, біресе арбаға жүгірді. Әбіш тор жорғаға таман далбандап барып еді, торы жорға: «Қой, аулақ жүр», — дегендей құлағын жымитып, тұсауымен қарғып ұстатпады. Жау қамап қалды. Жаудың бес-алтауы бұлардың аттарын сойылдап, алдарынан қуып алып кетті. Тек Сатан ғана, қапелімде, күрең атты ұстап алып, пышағымен тұсауын қиып жіберіп, қарғып мініп еді, есік пен төрдей боз аттың үстіндегі біреуі келіп, Сатанның түп етегінен алып қалды. Екеуі де аттың басын қоя беріп, аударыса кеп кетті. Бірін-бірін ұстасты. Қасқа мен боз тізгін қағысып қырға қарай алып жөнелді. Екі жігіт ат үстінен бірінің жағасынан бірі алып, жұлқыласып келеді. Сатан еңкейіп келе жатып бір қолымен қонышындағы пышағын суырып алғанда боз аттың үстіндегі жігіт шапшаң оның қолын қаусыра ұстап, сіресіп қалды.
— Таста пышақты, өлесің! — деді боз атты. Сатан құлағына таныс дауыс саңқ ете түсті.
— Ей, Марданбысың?
— Сен Сатанбысың?
Екеуі бірін-бірі қоя берді. Орағытып кеткен аттарын бұрып алысып, қайтып келіп, ат үстінен қол алысып, мәз болысты да қалысты.
— Уа, қайдан жүрсің?!
— Өй, сен қайдан жүрсің?!
Екеуі қиюдан қосылып, шұрқырасып қалды. Бір-бірінен жөн сұрасты да артындағыларға келді. Келсе Мардан жолдастары Әбішті тап-таза қылып сыпырып, тонап қойған екен. Төрт атты алып, Әбішті байлап тастапты. Қышақты да, Пышақты да аяғынан байластырып, апан құдыққа тастап кетуге сүйреп жүр екен. Мардан мен Сатан қарқылдап күліп, бұларды айырып алысты. Сол жерде бірімен-бірі танысып, айдалада өңшең жау іздеп жаланған жігіттер жайласып, атты қалмақша байластырып тастап, әңгімеге кірісті.
Бұл келген жиырма шақты жігіт — Екібастан, Ертіс бойынан құралған жігіттер екен. Мұның бастығы Мардан мен Омар болып шықты. Бұлар әнеу күні пароходтан босанып, Керекуден Екібасқа қайтқан соң ел ішіндегі қоқалақты естіп атқа мініпті.
— Қайда барасыңдар? — дейді Сатан. Оған Мардан жауап береді.
— Осындай жаугершілік заманда елдің еркегі үйде жата ма? Баянның байларынан бір-бір жақсы атты ұстап мініп келеміз. Солдатқа кетіп, қаңғып, қор болып өлгенше туған жерден топырақ... Осы жердің өзінде өлеміз... Сонымен келе жатқанымыз...
— Бұл қай беттерің? — дейді Сатан.
— Ырғайты елінің жігіттері жиналып, боз бие айтып соймақшы дейді. Біріміз қалғанша қырыламыз депті. Осы дақпыртты естіп, біз де соған қосылуға аттандық.
Олар бір тот басқан салдырған сияқты шиті мылтықты таянып отыр.
— Кәне, сендер де арбаны тастап, аттарына мініп, бізге еріңдер, — деп Мардан Сатанға жабысты. Сатан Әбішке қарады. Әбіштің көзі бадырайып кетті. «Сатан осыларға еріп кетер ме екен» дегендей Әбіш зыр-зыр қақты.
— Қой, қарағым, өзіміз елге жете алмай келеміз, не көрсек те өзіміздің елмен бірге көргеніміз жөн ғой, — дейді.
Сатан Әбішті қостайды.
Келген жігіттерге бақыр қайта асылып, ет қайнатылды. Дайын еттің үстінен шыққан жігіттер «жолымыз болады екен» деп ырым қылысып жатыр. Жігіттер ән салысып, күрес салып, ойын-сауық, қалжыңмен отырып, етті жеп, сорпа ішіп, құнап қалысты. Түн ортасында бір-біріне қош-қош айтысып:
— Бізді күтіңдер, Ырғайты елінің жігіттерімен бірге Баян қаласын шапқан соң, Қарқаралыны алуға барып қалармыз, — деп Мардандар аттанды.
— Келіңдер! Біз де сендерге қосылуға дайын тұрамыз, — деп, Сатандар өз еліне тартты.
ОЛЖАНЫҢ ҮЛЕСІ
Сатандар шилі апаннан аттанып, Мардандардан айырылған соң екі күн бір түн жолда жүрді. Соңғы түні, түні бойы тынбай жүріп келіп, таң сызат алғанда Қоянды жәрмеңкесінен асып, Жартастың бастауы деген жерге келіп, көліктің белін босатысты. Аттарын шалдырып, суғарып, отқа қойысты. Өздері бақырын қайнатып, тамақтанған соң, сәске түске шейін ұйықтап, әбден тыңайысты. Ұйқылары қанысып, аттары тойған соң жүруге дайындалды. Сатан жолдастарына мынаны айтты:
— Енді менің аулым алыс емес, осы жерден сендерден айырыламын.
— Жолың болсын, қарағым, — деді Әбіш.
Сатан қасындағы үш жолдасына өздері алып келе жатқан аттардың қалай болатындығын айтты.
— Ортамызға түскен олжа ат төртеу. Осылардың таңдағанын сіз алыңыз. Әбеке, ішіміздегі ақсақалымыз сіз ғой, — деді.
— Жоқ, қарағым Сатан, менің осы жолда олжаға үлкен болып сақал бұлдар жайым жоқ, таңдау сенікі...
— Жоқ, алыңыз, шын айтқаным, — деді Сатан.
— Жоқ, қарағым, қалауын сен ал, алдымен құныкер атыңды сен таңдап мін. Қалғанын бізге қалдыр, — деді Әбіш.
— Олай десеңіздер мен жайдақ кете алмаймын ғой, қасқа атты мінемін-тағы, — дегенді айтты Сатан.
— Мін, қарағым.
— Ал қалғанына сіз билік айтыңыз, — деді Сатан Әбішке. Әбіш оны мақұлдап, жесір дауының жүйелі сөзіне кіріскен кісідей қолға ала жөнелді:
— Құдайдан жасырары жоқ. Басында осыған жуыма деп қақсадық қой. Ондағымыз, біреудің ақ адал малы еді, арам болып тамағымыздан өтпес дегеніміз емес, өзіміз қолға түсіп, қор боламыз ба деп жан қорғағандық еді. Енді, міне құдайға шүкір, ат-лауымыз аман, төрт көзіміз түгел, кісі басы бір-бір жылқы олжамыз бар, ел ішіне келдік... билікті мен айтсам, Қышақ, Пышақ — сендер ағайынды екеуің тор азбан мен шұбарды мініп қайтыңдар. Сатанмен бірге мен де аттанған кісімін ғой, тор жорға ат маған лайық болар, — деді Әбіш.
Әбіштің бұл билігіне жолдастардың барлығы да ырза болысты. Мұның үстіне ортасынан ақша шығарып сатып алған көк шолақты, арбаны Әбішке қалдырып, Қышақ, Пышақ ауысқан ауысын алысты. Ат пен арбаға шыққан Сатанның жардасы нағашысы Әбішке бергені болды.
Сонымен бұлар Жартасты бастауының басында бір - біріне қош айтысып, жөн-жөніне кетісті.
Сатан қасқа атты жайтаңдатып, енді жақын қалған ауылына тіке тартты.
ТАСАТТЫҚ
Сатан бесін уағында өз ауылының деңгейіне келді. «Ауылдың отыратын жері осынау қырқаның асты еді ғой», — деп тұспалдап қасқа атпен дөңге шыға келгенде, жеті-сегіз ауыл бір жерде үйме-жүйме болып отыр екен. Ауылдың сыртындағы бастаудың басына жиналып жатқан көп кісіні Сатан көріп келеді. Алыстан келе жатқан сыптығыр киімді, салт аттыны көргенде жиылып жатқан халық ыбыр-жыбыр келіп, қозғалысқа кірді. Күнге қарсы келе жатқан қасқа аттың маңдайы, күміс жүген, күмістеген ердің қасы, екі күміс үзеңгі күнге шағылысып, ауылға жарқ-жұрқ етті. Ауылдың атты кісіден қорқатын уақыты. Әсіресе ер-тоқымы жарқылдаған, киімі орысша сидиған адам болса халық үрейленеді. Мынау аяқ астынан шыға келген сымпиған Сатан да бұл ауылды алғашында шошытып қойды. Ауыл Сатанға қарасты. Көптің ішінде тұрған Сатанның шешесі келе жатқан аттыға қадалып тұрып:
— Осы менің Сатаным емес пе? — деді.
— Қойшы, жеңеше, қайдан төрежан болсын, сымпиып қалыпты, орыс қой, — деп кемпірдің қасындағы салпы ауыз, қара жалақ қатын өз ойын білдірді.
— Қайдан білейін, көзіме бірдеме болмаса... Атқа отырысы Сатан сияқты... — деп шешесі келе жатқан аттыға қадалуын қоймады.
Күреңді сипай қамшылап, бастау басындағы түтін салып, жиылып жатқан халыққа таман Сатан да жақындай берді.
— Уа, кемпір, сүйінші-сүйінші! Сатан келеді, Сатан, — деп қозы тартқыш Үйрекбай айғайлады. Шешесі не болғанын білмей, жайтаңдап келе жатқан қасқа аттының алдынан құшағын жая жүгірді. Сатан аттан түсе қалып, шешесіне құшақтатты. Шешесінің жылаған көзін сүртіп, ананың алдында арсаңдаған алты жасар ерке бала болды да қалды, шешесінің даусы да шығып кетті. Жиылған халық осы екеуінің айналасына үйіріліп, анасы мен баласын айырып, жұбатып жатыр.
— Қой жылама, өліспеген көріседі...
— Жә, жылама, жеңеше, жаман ай, жаман жылда аман-есен төрежанның келгеніне қуансайшы, — деген сияқты сөздер айтылып жатыр.
— Жылағаным — қуанғаным ғой, қарағымды әбден сағынып... — деп кемпір көзінің жасын сүртеді. Сатан ағасы Тәжи де ыржалаңдап, қуанып, көрісіп жатыр.
Жиылған халықтың үлкен-кішісінің бәрі дабырлап, Сатанның қолын кезек-кезек алып амандасуда. Бәрі де Сатанды сағынып қалыпты...
— Келгенің жақсы болды...
— Уо, байғұс кемпір, балаң келіп көзәйім болдың ба?
— Кешегі түсімнің сүйіншісін бер, кемпір...
— Қоржынын ақтарайықшы, не бар екен, — деп құрбы жігіті, жақын жеңгелері мәз-мейрам. Қарны салпиған, қара қожалақ бала мініп алған қасқа аттың алды - артына, үймелеген ауыл адамдары аттың көркіне көздерін тойғызып:
— Жарайды, жануар, сүйегі бөлек жылқы екен!
— Мынау дүрбіленде бір атын тауып мініп қайтқан екен, — деседі.
Сандыбай шалдың қолында басы шоқпарша таяқ. Ол тозығы жеткен қара елтірі бөрікті ыстық күнде басынан тастамай, дамбалының бауын салақтатып, Сатанның қасына келді.
— Уа, қарағым Сатан, кел бері, құшақтайын, сені де құдай аман көрсетті... — деп Сатанға қанатын жая жүрді. Сатан ақсақалмен көрісіп, отағасының денсаулығын сұрады.
— Жүрмін, қарағым, көмілмеген қу сүйек, өлмеген шыбын жан... Осы жасқа келгенде құдай біздің сақалымызды қуратып, осы пәлесін көрсін деп қалдырған ғой. Міне, қиямет-қайым болды. Халықта ес жоқ. Сені көрсеткен құдайға ырзамыз. Құдай тілегімізді береді екен, кеткеніміз келіп, айтылған малдың үстінен шықтың.
— Мал айтқандарыңыз не? — деп Сатан сұрады. Сандыбай ыңыранып тағы сөзін созды.
— Бүгін осы жердегі ауылдар жиылып, бір-бір малын айтып, құдайдан тілек тілеп жатыр едік. Мынау жаман ай, жаман жыл болып ел басына ауырмалдық келген соң, әйтеуір, істеп жатқан жұрт тілеуі еді.
— Е, тасаттық беріп жатырсыздар ма?
— Ия, қарағым. Шамасы келген кісі малын сойып, шамасы келмегендер нан-тұзын, айран, шалабын осы жерге әкеліп тілеу қылып жатыр.
Сатан жан-жағына қарады: ауылдың артында жұрттың жиналып жатқаны — шөбі сарғайып қалған жазаң жер. Осы жерден бір сасық бастау шығатын. Осы бастаудың күн жағындағы дөң басында жауын айғыздап шәйіп тастаған төрт құлақты мыжырайған мола тұр. Бұл мола қашаннан осы бастаудағы қыстаудың иесі Сандыбайлардың әкелері. Айтушылар оны дәуперім бақсы болған кісі дейді. Жан-жақты атты, жаяу адамдар шұбырып осы бастаудағы түтін салған жерге жиылып жатыр. Асқан ет пісіп, табақтарды жасауға кірісілген екен. Қатар-қатар жеті-сегіз ошаққа асылған еттер ақ сүйек болып сыдырылып, астау табақтарға толыпты. Пышақтары жалаңдаған табақ жасаушы Кәрібайлар етті түр-түрімен табақ-табаққа жасап жатыр. Кәрекеңдер жан-жағына жау келеді десе де қарайтын емес. Қара шолақ пышағын жамаулы мәсінің қонышына жанып -жанып қояды. Қатындар сорпа сапырып, ысылдап ұрттап, балалар қыңқылдап, иттер етке көзін сатып, тап-тап беріп, ашық аспанның астында ет жеу дүниесінің есігі ашылып жатқандай еді. Қаптардан, қара орамалдардан дастарқан жайып, жиын арасына табақтар тартыла бастады. Бас біреу емес, әлденешеу, айтылып сойылған малдан шикі ішек қалдыруға болмайды. Бәрі де пісіп - түсіп, адам ішіне кетуге тиісті. Сондықтан осы жерге келіп, бауыздалған малдың тұяғы мен терісінен басқасы тегіс-ақ қазандарда қайнап, қазақтардың алдына келді. Тұрғы-тұрғы жерден кәрия ақсақалды ортасына алып отырған адамдар бірыңғай, кемпір-сампыр өз алдына, қыз-келіншек жеке топ, етпен айналысып жатыр. Қырқылжың қара сақалдың көбі-ақ бытырап, әр табақтың тұс-тұсынан кеткендей. Олардың жеке қатары жоқ сияқты. Табақ тартып, елді етке отырғызып жүрген даяшылардың көбі осы қырқылжыңдардан. Жас боз бала, қыз-келіншек дегендердің селт етіп күлген біреуі жоқ. Халық қабыр басындағыдай, қабағындағы ауырлық, көңіліндегі қайғы астында, күлмейді, ойнамайды, жұрттың көңілі жер ошақтың бықсыған түтіні сияқты. Әшейінде айналаны азан-қазан қылып, ойнап, күліп, дуылдасып, думан қылып жіберетін ауыл әдеті бұл жиылыста жоқ. Ел көңілі су сепкендей басылыңқы. Ойын да, күлкі де бір жаққа жолаушы кеткендей, жұрт күрең қабақ, тек, ауыр-ауыр күрсіну, уһлеу..
— Ары жүр! Былай жүр! Кет арман! Жаманшылықта ит те құтырады, — деп етке өңмендеген иттерді қуған дауыстардан басқа үн көп шықпайды. Тек сойылған малдың терісін жинап отырған қылша сақал халфенің елді өліммен сескендіріп, құдаймен қорқытып, ақырет жайын айтқан сөздері ғана естіледі.
Айғып сойылған ақ сары бас қойдың басын Сандыбайдың алдына әкеліп, Құлеке деген сары жалақ бала бата сұрады. Оған жанның бәрі «амин» деп қол жайды, халықтың өз көңілінде бата қылатын ақсақалы Сандыбайға қарады. Қасының жүні көк ала ешкінің құйрығындай болып, тасаттық берген жер ошақ көзденген үлкен қара шал аппақ сақалын желк еткізіп алды да, қолын батаға көтерді.
— Иә, құдай! Ие, аруақ!
Еңіреген елдің тілеуін бер!
Ер азаматты пәле-қазаңнан қорға!
Соғамын деген қолыңды байла!
Бізге деген кәріңді тарқат!
Сарыарқаның өлкесіне нәржәннәттің, желін соқтырып,
Рахмет жаңбырыңды жаудыра көр!
Оқталған жаудың оғынан қақ!
Қара қазан, сары баланың көз жасын көр!
Бейшара, бейбақтың өмірін өксітпе!
Шайқалған елге тиянақ бер!
Елді бейбіт, жұртты тыныш ет!
Я, құдай! Я, аруақ!
Бабай түкті, шашты ғазиз,
Қырық шілтен әулие
Пәлеңнен қақ! Пәлеңнен қақ!
Пәлені біз таспен аттық!
Таспен бірге аспен аттық!
Аллаһу әкпер! —
деп шал жүзін сипады. Жанның бәрі де бетін сипады. Көптен бері қоршалап алып, даланы басқалы тұрған пәле серпіліп, бұл кісілерге жеңіл болып қалған сияқтанды. Жанның бәрі ет жеуге кірісті.
Сандыбай Сатанды өз табағына шақырды. Әрі семіз, әрі сыдырылып піскен жас қойдың басы Сандыбайдан шығып, Сатанға келіп, құйқаларын сыпырып отыр Сатан. Жан-жақтың бәрі де ет. Сылп-сылп етіп жеп жатқан ауыздар «кел-кел, аса-аса» десіп еттің дабыры біразға созылды да, табақтар босап, қазақтар кекіре бастады. Ет артынан аяқ-аяқ сорпалар қыдырып, халфелер сорпаны құлатысты. Сорпа ішілген соң қол жуылып, аяқ-табақ жиын-терін болғанда «ауылнай келіп қалды!» десті.
— Кім келді дейсіңдер? — деді Сандыбай шал.
— Уай, әке Әжібек ауылнай келе жатыр...
— Бір бәлеге келе жатқан шығар. Ай осы ауылнайды иттің етінен жек көремін, — деп Сандыбай шоқпар таяғына таянып, тұра бастады.
Ауылнай келіп ат үстінен Сандыбайға сәлем беріп тұрып:
— Ертең болыс аулында жиылыс бар, соған түннен қалмай жүресіңдер, — дегенді айтты.
— Уә, жарқыным-ау, о неған жиылыс? — деп Сандыбай сұрады.
Әжібек ауылнай ширатылып:
— Алынатын жігіттің спесігі жазылады, — деді.
Жұрттың жүрегіне мұз құйылғандай болды. Айтылып сойылған мал, берілген тасаттық, тіленген батаның біреуі де қабыл болмай құдай халықтың көз жасын көрмейтін сияқтанды.
ТОЛҚЫН
Ел қозы күземін алып жатқанда болыс-ақсақалдарды Кереку қаласында ұлық шақырып қалды. Аяқ астынан ұлықтың неге шақырғанын жалпақ ел білген жоқ.
Ұлық қашаннан әдет бойынша ай сайын болыстарды шақырып жарлық айтып тұратын. Соғысқа керекті ақта, ат, үй, сойыс сияқты шығындарды ояз приговор қылдырып, болыс-билерге мөр бастырып бекіттіріп алатын. Ел бұл шақырысты да сондайдың бірі деп ойлады.
Бұл шақырысқа елдің ақсақалы, би-болысы, ауылнайы — барлығы да жиылды. Бұлар барған соң ояздың өзі қазақтан соғыс желкесіндегі жұмысқа жігіт алу туралы жиырма бесінші июнь жарлығын оқып естіртті. Жиылған болыстардың бірсыпырасы: «мұны мақұл, атқарамыз», — десе, бірсыпырасы: «мұны көпшілік біледі көппен ақылдасып айтамыз», — деп әрі-сәрі болып елге қайтысты. Ояздың начальнигі де болыстарға «пәлен күннен қалдырмай жауабын бересіз», — деп срок кесіп, күтіп қалды.
Сол күні «солдат алады» деген хабар Ертістің екі жағына тарап кетті. Жаманат жатсын ба, «19 бен 31 жастың арасындағы жігіттің барлығы соғысқа айдалады екен» деген хабар бір күн, бір түн ішінде Арғын, Найман жатқан өлкені келі түйгендей дүңкілдетті. Ел не қыларын білмей тасқаяқтай қағысты. Бұл хабар халықтың басына тұтас түскен ауыр, алсал хабарындай болып, көптеген ұйқыдағы елді шошытып оятқандай болды. Жұрттың шаруа күйі, әзіл-ойыны жайына қалып, әңгіме «солдат» болды. Ah! Уһ басталды.
Қалай сұрапты? Қайда апарады екен? Болыстар не айтыпты? Қай ел қалай екен? Ел көнер ме екен, шабысар ма екен?.. — деген сияқты хабарды бірінен-бірі сұрасып, күн-түні осыны әңгіме қылатын болды. Жұрт толқи бастады. Балапан басына, тұрымтай тұсына қам қылатынға түсті. Біреуге біреу сыр айтыспай, әр рудың өз ойы, өз болжалы болғандай тымырсықтанып, жазыла сөйлеспей, жабық мінез жасырын қатынасқа айналды. Болыс-би, ауылнайдың шенінде отырған ауылдар ақырын-ақырын сырғып көшіп, «ұлыққа қатынасы бар» деген адамнан іргесін аулақтай бастады. Қара бұқараның бірсыпырасы қашаннан қаламен әшіне жай, тұқымынан болыстық үзілмеген Шорман ауылын ит етінен жек көріп, ішінен аулақтана бастады.
— Бұлардың тұқымы солдатқа өздері бармайды, ал, өзге елді аямайды, сондықтан ұлыққа «бала береміз» деп мөрін басады,— деп оларды ұлықтан арман кәріп, өзара жыбырласып жауыға түсті.
Дәл осы кезде әлі елдің беті белгіленбеген, көңілі ұйқы-тұйқы уақ. Ояз дығырлатып болыс-болысқа:
— Баратын жігіттердің спесігін тапсыр! — деп жатыр. Толқып, қорқып не қыларын білмей жүрген елдің тауқыметіне шыдай алмаған болыстар «береміз» деп дуанға айтып, «қайтеміз» деп елге айтып, екі ортада әуре-сарсаңда жүр. Үстіп, олқын-толқын болып, бықсып тұрған кезде Ырғайты елі көтеріліп қалды.
Күн шілтері ыстық. Адыр-адыр, қоңыр таудың бір сайындағы қараша ауылда қара құрық жиылыс. Осы ауылдың ортасындағы алқам-салқам үлкен қоңыр үйдің іші де, сырты да топырлаған кісі. Айқайлаған ақынның, дүрілдеген домбыраның даусы шығады.
Үстіне ескі кембулат шолақ жеңді сүмілте киген, басын майлық орамалдай қара кір шытпен тартып тастаған, кетік тісінен тілі жылт-жылт етіп, соқыр кезден тер саулап, арсиған арық, қатпа қара шұбар соқыр шал домбыраны баурай ұстап, аңыратып отыр.
Алты ауыз қып қазақты,
Басында патша ел алды.
Елді өзіне қаратып,
Төре, сұлтан шен алды,
«Түтінге төрт теңгеден»
Шаңырақ ақша жем алды.
Алғашында алдаумен
«Терісіндей өгіздің»
Деп қана сұрап жер алды.
Сол жеріне кент салды.
«Қазақтан солдат алмау» деп
Хат мөр қылып ақ патша,
О баста уәде бере алды.
Түйе мұрын тестірмей,
Ен жайлауға көштірмей,
Мұсылманнан кек алды.
Мектепке сурет қойдырып,
Дінімізге қол салды.
Соғысқа солдат бермейсің,
Дегенге елді күйдіріп:
Үй бер, — деді, — үй алды.
Үй артуға түйе алды.
Ат бер, — деді, — ат алды;
Қап, бер, — деді. — қап алды,
Елтірі, арқан, ақ киіз
Аткежім байпақ, текемет,
Солдатқа керек деп алды.
Ол алғанды неге алды?
Аяғында мешкей
Ауызын салды балаңа,
Енді алмаған не қалды?..
деп домбырашы сыңсытып, дауысын жылатады. Мұны соғып отырған Әлеке деген ақын, көптен арқаны аралап жүрген кәрі құлақты, сұңғына соқыр. Бұл қашанғы Әлеке емес, жасында Жанақты көрген, Шөжемен де шайқасқан, Сыбанның он жеті ақынының алдында елең айтқан ақын Әлеке бұл. Мұның білмейтін сөзі жоқ деуге болады. Бұл кешегі Абылайды айтады. Бұқарды жырлайды. Жасыбай батырды жоқтайды. Асан қайғының толғауларын сөйлейді. Кейін Мәшһүрдің жазған «Хал - ақуал», «Сарыарқа» деген кітаптарын жатқа айтады. Ақанның оқ тиіп өлген Құлагерін жоқтаған өлеңін өз әнімен сыңсытқанда тыңдаған елді жылатады.
«Осының бәрі рас-ау» — дегендей жігіттер салбынайды.
— Соқ, қария, соқ! — деді Мардан.
Ақын ақ буырып самайдан құлдилап ағып, құлай бітіп қалған құдықтай көр көзге құйылған қара терді қолындағы жұмарлақтаған қара кір шыт орамалмен кідіріп сүртеді де, әрі қарай ағындап, тағы да а-а-а дейді:
Әлемді тегіс алыпты-ау,
Ағылшын, орыс, француз
Нағылғанмен әйтеуір
Ел басына туған күн,
Ер басына келген сөз
Ақыр заман боларда,
Жүз қатынға бір еркек
Қалады екен деген сөз.
Осынау сұмдық рас боп,
Туған жерден топырақ,
Қалармысың бұйырмай,
Көк өрім, өңшең көген көз, —
деп соқыр ақын мұңды дауысын қосқан домбыраны күңірентіп, сыңсытады да өзі домбырамен, домбырамен емес - ау, тыңдаған көптің көңілімен көрісіп жатқандай зарлайды. Тыңдаушының көзі жылап, көңілі ақынның даусына құшақтасып көріскендей болады. Соқыр ақын жырды сүре сүресімен қайырып тоқтатқанда шылбырдан алып, ат тартып тастаған жарау жүйріктей дауыстан ажыраған домбыра қоңыр күйге түскенде бетке таяу пернелер басылса беу-беу қағып, қаққан саусақпен тасыр-тұсыр ойнақтайды. Қылта мойынға таяу перне басылса, талықсыған қоңыр үн таңдай сауады.
— Туған жерден топырақ
Қалармысың бұйырмай
Көк өрім, өңшең көген көз... —
дегенде Аяпберген қария көзіне іркілген жасын бір сүртіп қояды.
Әлеке ақын қазақтың баяғы ақ табан шұбырынды заманы тағы айналып келгендігін, азаматқа майданға барып, шепке ұсталып, өлгенше осы жерде өлудің керек екендігін сездіріп келіп:
Соңғы уақытта өзі қартайып, балалары ер жеткен соң бұрынғы ел ақтап, өлең айтқанды қойған. Әлеке, мына қобыраудың тұсында домбырасын қайта қолға алып, атқа мініп кеткен еді. Қайда жиын болса, Әлеке сонда келіп, шер толғап, ән салып, уайым айтатын болды.
Ол, «заманның енді ақыры болғаны, дүниенің біржола бұзылғаны», — деп сөйлейді. «Қилы-қилы заман болып, қарағай басын шортан шалып, елдің ережелі ескі сабасы бұзылып, қотандағы қу шұнақ тиін заманына кез болдық», — деп күрсініп қояды. Жалпақ жұрттың басына түскен ауыртпалық мына кәрі соқырды еріксіз айдап жырлатқандай болады. Соқыр жұрт басына туған күннің торғайындай шырылдайды.
Ақын аңыратып отыр. Жиылған жұрт құлаққа ұрған танадай, меңірейіп құлақ қоюлы. Айналаға ақын дауысы ғана ие. А десе топ жарып жөнелген жүйріктей жөңкіген өлеңді мұң мен зарға қосып шумақтап барып - барып, шұбатып тастайды. Ел мен жігіттерді қоштастырғандай домбыраны жылатқан ән баяуындағы қоңыр қайырыс тас бұлақтың суындай сылдырап, төгіліп - төгіліп кетеді. Жігіттер күрсінеді.
Ортаны шайқал оязың,
Оязға жағып болысың,
Елдің құтын тауысты-ау.
Басашөгіп беліңе,
Баса қонып жеріңе,
Сыйғызды бір қауызға-ау!
Қонысыңды қоршалап,
Боздағызды боршалап,
Жылында бір түгендеп,
Қол-аяқты кісендеп,
Жалғыз-ақ қап ет бауыздау...
Мақтауменен бауыздап,
Мақтап жүріп мәз қылып
Малыңды талап алған соң,
Басыңа санды ауызды-ау...—
деді Әлеке ақын.
Жұрт көңілі тұйықталып тұңғиықталып толқығандай болады.
Асан қайғы бастаған, көмір тастаған,
Жиделі байсын жері бар.
Шаңырағына мың түйе,
Жылына үш қоздайтын,
Қой біткен құт елі бар.
Таулы-нулы көлі бар,
Ұзын өзен кеш бар
Байтақ өріс кеңі бар,
Жалғыз түп қана шиіне,
Айғыр үйір жылқы ығар,
Сондай шүйгін шөбі бар,
Көшудің соған жөні, бар, —
деп елді алыстағы бір бейбіт жаққа көшуге үндейді.
Жиын осындайлармен отырып, айтылған боз қасқаның еті желінді. Боз қасқаның батасы:
Ұлық болыстың айтуымен солдатқа бармаймыз. Өлсек соғысып өлеміз, — деген болды.
— Осыдан бұзылған ел болса, осыдан айныған ер болса боз қасқаның батасына салмақ болды.
Осы батаның артынан жігіттер ту көтеріп, ду жүріп таудың кезеңіне қарай жөңкілді.
ҰШҚЫННАН ӨРТ
Ырғайты елінен сөз шығып «боз қасқаға» бата қылынды дегенді есіткен соң арқадағы болыстардың әрқайсысы-ақ дуаң-дуаңға рапорт беріп үлгірген еді.
— Ырғайты бойындағы ел бүлінді, жігіт бермеуге жиналып боз қасқа сойып бата қылысты. Бұл елдің жалғыз Баян маңына ғана емес, мына жағы Қарқаралы, Ақмола, Ертіс бойына да жайылып барады. Ертіс бойынан да, Екібастан да осы елге келіп жатқан қашқын жігіттер бар. Бұлар шет елмен де байланысты дейді, деген хабарды ел ішінде жансыздап жүретін тыңшылардың ақбарына сүйеніп болыс Асылбек дуанға беріп кеп қалды. Өзі әр жерге жансыздар салып, елдің аңғарын байқатып, күндіз-түні тынбай, тынышсыздана бастады.
Бұл хабарды алған соң дуанға да құт кірді. Ұлықтар жоғарғы жағына рапорт жазып, төменгі жағындағы болыстарды түнделетіп жинады. Ұлық елдің аңғарын байқау үшін алдымен ел ішінен жақсы ат жинаудың шарасын жүргізуге ойланды. Дуанға келген болыстарға Сарқасқа ояз мынандай жарлық айтты:
— Қазақ-орыстың солдатына міну үшін қазына алатын болыс басына мың екі жүзден жақсы ат керек. Ол атты шыққан комиссия көріп, өлшеп алады. Алынған аттар сүйегіне қарай баға кесіледі. Міне, он күннің ішінде осы айтылған әмірді орындайсыңдар! — деп болыстарға тапсырды. Мойнына знагін салған облыстар, бұл ат дегенге мойын сапы болып «мақұл» десті. Сонымен бірге осы күннің ішінде ел жігіттерінің списігі тапсырылуын да Сарқасқа ояз болыстарға әмір қылды.
Дуаннан келген әмірді алып қайтқан Ырғайты елінің баласы Асылбек ауылға келісімен ауылнайларын жиып алды да, елден жиналатын атты бөліп беріп:
— Үш күн ішінде бітіресіңдер! — деді. Ауылнайлар шу ете түсті.
— Ойбай, болысеке, бүлініп жатқан ел ат береді дейсіз бе?
— Енді неғыл дейсіңдер?
— Бізге әскер берілсе екен. Ен болмаса қасымызға төртті-бесті солдат ерсе елден атты сонда тезірек алар едік.
— Олай болса мен бұл өтінішті ұлыққа жасап көрейін, сендер жүре беріңдер, — деді Асылбек болыс.
Төменгі төрт болыс елден ат жинап алынатын списікті бітіру үшін болыстардың өтінішімен он сегіз қазақ - орыс ерткен Баян қаласындағы учасковой пристав Асылбек болыстың аулына келді.
«Баяннан әскер шықты», — деген хабар ел ішіне пристав қаладан аттанбастан бұрын тарап кеткен еді. Ел бұл хабардың анығын білген соң бір-біріне хабар етісіп, жақсы аттарын көрден көрге шүйгітіп қашыруға қам қыла бастаған.
Асылбек болыстың аулына келіп түскен пристав келісімен-ақ боз қасқа сойып бата қылған ауылға екі солдат пен дуаннан келген бір жасауылды аттандырды. Асылбек пен ауылнайдың тапсыруы бойынша бұлар ауылдан түнде аттанып таң ата мезгеген аулына жету керек. Ел жылқысын қашырып кетпестен бұрын үстінен түсіп,ат ұстау керек. Осы есеппен ат алуға аттанғандар Оразбек ауылнайды басшылыққа алып, түнгі етті жеген соң қымыз ішіп атқа қонды.
Аяпберген ауылы ұйқыда жатқанда таңмен араласа ат алушылар сау ете түсті. Мойындарына мылтық салып, қылыш асынған қарулы адамдарды көрген соң елдің үрейі ұшып кетті. Аттысы атты, жаяуы жаяу жылқыға жүгіріп жылқыны қуа қашты. Оразбек ауылнай, Кенебай жасауылдар қырдағы қуа қашқан жылқыны көрген соң қоқырақтап, жылқы артынан шапты. Елге топалаң, жылқыға жау тигендей, Ырғайты бойы ұлан - азар шаң болып шынайы үркінге түсті. Қосақталған құлындар ағытылып-ағытылып жіберілді. Жайдақ жалаң аяқ адамдар асығып-үсігіп, жылқыны қуып барады. Бір-бір шолағын кісеннен жазып, тұсаудан міне қашқан кедейлер де көп жылқының дабырына қарай бет-бетімен безіп жөнелді.
Міне, мынау, Бөргөздінің бауырындағы көп жылқыны сойылдап қуып келе жатқан елде ес жоқ. Жарақты, жақсы аттарын мініп алысқан. Осы шұрқырап келе жатқан көп жылқының шаңында мойнына мылтық салған екі қазақ - орыс пен Кенебай жасауыл да шабуылдап жетті-ау. Олар, үріккен қойды қуған аш қасқырдай алқынып, аяқтары салақтап шауып келеді. Әне, олар шауып жылқының алдына шықты, қайырды жылқыны, жылқы бетін бұрып алды. Маңдайына жез қадаған қара сеңсең папақты басына киген Кенебай жасауыл жылқы қуған қазақтардың жетпіс жеті ата бабасының аузынан құлдыратып боқтап жүр.
Бұлар жылқыны бұрып-ақ алды. Бұрылған жылқыны Асылбек болыстың аулына беттете кейін қуды. Қуылған жылқымен бірге қара шегірткедей қаптаған адамдар айдаған жылқыдан айырылып қалды да, аңырайысып тұрып қалысты. Екі солдат, бір жасауыл, Оразбек ауылнай — төртеуі осы өңірдегі елдің бар жылқысын топырлатып қуды да жөнелді. Бірақ ел тегіс атқа мініп қалған еді. Осы уақытта айқайлап көлденеңнен Мардан, Омар балуандар қосылды. Айнабек, Әлжан, Шалғымбай сияқтылар да жетті.
— Уа, елмісің жаумысың? Жылқыны жау әкетіп бара жатқанда не жан шыдап тұр? — деп Айнабек аттан салды.
— Бұдан аяған жанды ит жесін! — деп балуан Омар да Бекежан деген байдан ұстап мінген күрең атқа қамшыны басып берді. Сол-сол-ақ екен, құмырсқадай қаптап, қойдай ұйлығып тұрған қалың кісі жау әкетіп бара жатқан жылқы артынан дүркірей шапты.
Жылқыға ел алдымен жеткен балуан Омар. Ол жүрегі айнымастан күрең атпен ызғытып, жау алдына шықты да жылқыны қайта бұрып алды. Елдің жапырлай шапқанын көрген қазақ-орыстың екеуі де атынан түсе - түсе қалды да аттарының еріне сүйеп, мылтықты шауып келе жатқан қалың кісіге қайта кезей қалысты. Кенебай жасауыл не қыларын білмей сеңсең папағы қоқырайып, алды-артына алақтап, ат үстінде тұрып қалды. Ауылнай атты борбайға бір салып жіберіп қаша жөнелді.
Қазақ-орыстар мылтықты атқанша қалың кісі қоршап алды, бастығы Мардан болып, қашқан ауылнайдың артынан бірсыпыра кісі қуып кетті. Күрең аттың орта беліне мініп, қоңырайып тұрған Кенебай жасауылға Омар шауып келіп баулы қайың құрықпен бір салып етті. Екі қазақ-орыстың үстіне де қалың сойыл жауып кетті. Апыр да топыр. Тигені қазақ-орысты, жасауылды ұрды, тимегені жерді ұрды. Сойыл, бақан, қамшы, құрық дегендер бұлардың үстіне сабауша ойнақтады. Қас пен көздің арасында үшеуін де қып-қызыл шиедей қылып, серейтті де салды. Басы-кәзін қан жауып, топырлаған ат аяғының астында ыңыранып жатқан Кенебай жасауылды, ел артынан шауып жеткен Шалқабай деген аусар қара бақанмен қайқайтып бір періп етті. Кенебай жасауылдың кірпігі ғана қимылдайды
Көп ұзатпай осы қызыл майданның үстіне Оразбек ауылнайдың да бет бейнесін шиедей қылып, мойнына шылбыр салып Мардандар жетектеп келді.
Жылқы қуған қарауыл жаудың төртеуі де сілейіп сойылға жығылған соң қалың кісі бұлардың ат-сайманына таласқа түсті. Мылтықтың бірін балуан Омар өз мойнына асынып алды. Кенебайдың қылышы Мардан қолында кетті. Белдік, етік, шинель, ер-тұрман, аттардың — барлығы да үлеске түсіп, тиген-тигенімен кетісті. Талаудан қолына нәрсе түскендер өзгеден жасырып, жалма-жан тығынып алысты. Тіпті алды-артына қарамай үйлеріне кетіп қалысты.
— Бізге бір мылтықтың жөні бар еді,— деп Аққошқар жағы Мардандарға өкпе салып тұр. Қазақ-орыстар мен жасауылды жалғыз-ақ қанға малынған жейде-дамбалымен ғана қалдырып, оларды атқа өңгеріп, бір ауылға әкеп тастап кетті. Жаралыларды бағуды сол ауылға міндетті қылып дүрілдеген қара құрық кісі жер қайысып баталы төбеге тартты.
МЫҢ ҚАРҒАҒА БIP КЕСЕК
Жігіттер ду-ду етеді. Танаулары желбіреп, өкпелері кеуіп, қазақ-орысқа сойыл салғандар батырсынып, олай бір, бұлай бір қойқаңдайды. Аттарын жани тебініп, қамшыларын білейді. Бұл маңға келген жаудан тіл жібермеске, жиналып жіберіп, бір-ақ түнде тұс-тұсындағы Баян, Кереку, Қарқаралы қалаларын шауып жіберетіндіктің насыбайдай қиындығының жоқтығын көпіртіп, гу-гу етеді. Жұрт жұмыла жүрек тоқтатса, мылтық, зеңбіректің түк еместігін бар жылқыны жасақтың алдына шығарып оққа қарсы ұлан-азар шаң қылып, қуып барып, оқ атқызбай, сойылмен қолма-қол араласып, жаудың түтін-түтініне қосудың оп-оңай екенін, — құлынды биеге құр айылды шаптай тартып мінген быдық Тілеубай да көмейінен қырқылдап, лапылдады.
Ел жабдықтанып Асылбек аулындағы орысқа тиюге гу-гу етеді. Ойға-қырға шаптырып жатыр. Көтерілгендердің шеке тамырлары аңырайып, танаулары тасыраюлы. Біреу шалғысын, біреу қайың сойылын, біреу қара бақанын алып, жұрт тегіс жиналған, жан-жағынан төбеге келіп жатыр. Алқа-салқа болып, ағашы қажып, тозығы жеткен қырлы қыран сияқты білтелі қара мылтықты кейбіреулер арбитып мойнына салып алысқан. Мылтығының қажып, босап кеткен ескі жәутік сүріміне мыс епелек салып, мың қайтара шегелеген. Мұндай мылтығы барлар өзге қазақтардан қару жағынан жоғары секілді. Кейбіреу ұзын ағашқа кетпен саптап алыпты. Қарудың бір қорқынышы — шалғы мен тесе. Біреу ырғай шоқпарын тақымына қысып тұр. Бәрі ісік бәрі елірулі. Мұрындарын көкке көтеріп, түстерін суытып, ханға сәлем беретін емес...
Осы топырдың ортасына ұзын буырыл аттың орта беліне мініп Зұлжалал қажы да келіп қалды. Көпшілік қажыны ортаға алып: жылқы қуған жасауылды ұрып жыққандығын, енді өзге елдерге хабар жіберіп тұрғандығын, Асылбек болыстың аулындағы келіп жатқан солдаттарға шабатындығын айта келіп Зұлжалал қажыдан «шариғатқа» қалай екендігін сұрасты. Осы маңайдағы қойы көп, өлмелі шалдың төртеуін төрт рет мекеге сүйреп апарып қайтқан ысқаяқ, жол көрген қара шұбар қажы пайғамбар сақалын сипап тұрып күпініп тұрған көпшілікке уағыз сөйледі.
Оның жалғасын қисық ауыз, бытық Тілеубай сөйледі.
— Не болар дейсіңдер, жұрт жұмылса, ынтымақ қылса, бірлігін сақтаса осы кезде патшаның күші кетіп тұрған кезі. Барлық бауыры, сүйенген еркегі майданға кетіп, қала-қалада қатын-бала, кәрі-құртаңнан басқа әскері жоқ, қазақ әу деп тұс-тұсынан қала-қалаға қолды қойып жіберсек аламыз да қоямыз...
— Уа, несі бар, өлсек шәйт, өлтірсек қаза екенбіз... Осы жердің өзінде-ақ өлеміз.
— Қан төгіспей, кетпейміз...
— Малды да, басты да құрбан қылдық, — деп жігіттер шу ете түсті. Осы дабырмен дуылдасып, жұрт жапсар елдің жиналып тұрған халқына қосылуға қаулап жүріп берді.
Қайқы қара бақанға желбіретіп байлаған қоңас құйрық ту Жалғанбастың қолында. Ол алдыменен жүріп келеді. Жиылған қол жарыса-жарыса Сарыойдағы жиналып жатқан және бір топ елдің кісісіне ұрандап шауып келіп қосылды. Адам қарамы мыңға тартты. Тап - табынан адамдар шығып сөйлесті де көп ортасына келіп Аяпберген қария, күжілдеген кәрі дауыспен мынаны жариялады:
— Ал, азаматтар! Алла салса пендесі көнеді деген. Бастарыңа түскен, бағына жазылған кері заман кез болып тұр. Үйде өлемісің, түзде өлемісің әзір ерік өздеріңде. Көбің кек қасқа айтып батаға кірдіңдер.
Ал боздақтарым! Боз балаларым! Былғанар қол былғанды. Екі солдат, бір жасауылды ұрып жығып отырсыңдар. Ертең осы елге әскер шығады. Торғайдай тоздырады, қырады, жояды... Аянғанмен жан қалмайды. Жау аяған жаралы қалады. Ендігі ақыл — Асылбек аулындағы қалған қазақ-орысты қалаға жібермей қолға алудың оңы бар... А құдай! Жұрт жолын қыла көр! — деп арбиған үлкен құла аттың үстінде таяғын өңгеріп тұрған қисық ауыз, кәрі Аяпберген кеңкілдеп жылап еді, үлкен-кіші көзіне тегіс жас алды.
— Уа, енді не тұрыс бар!
— Жүріңдер болыстың аулына!
— Болысын да, орысын да көрелік! — деп жиналған жұрт Асылбек болыстың аулына қарай қау жүріп берді. Көптің қаулысы бойынша жан-жақтан қуып келген көп жылқыны алдына салып, айқайлап қуып берді. Тегінде, оққа қарсы жылды қуса жақсы болады деп естуші еді.
Асылбек ауылы Шортандының құдығында, ауыл айналасы жазық. Асылбек ауылына шапқан халықтың аты Үкіліден шығып, Ағайдардың қырқасын басып жер қайысып, асулап жүріп келеді. Қол қозғалып, Еңіреуден өтіп, Бестеректің құры арнасына түсті. Күн екінді еді. Асылбектің аулына әлі де сегіз шақырым жер бар. Бұл өзектен шыға келсе Асылбек ауылына самаладай болып көрініп тұратын екі орта кең жазық алқап.
Ел жыраға жиналып, атты қалмақша байлап тастап, өзекте тосып отыр. Көп жылқыны иіріп тұр. Асылбек ауылына күнді батырып жіберіп соқтықпақ. Қазақ-орыстар қашып кетеді деген ойменен Асылбек ауылының сыртына жансыздатып, шолғыншы жіберіп жатыр. Күн батуға құдиған сайын бозбалалар әулігіп, алқымы кеуіп, ретсізденіп барады.
— Жүріңдер, не тұрыс бар? — деседі. Әсіресе түнде жортып, жылқы жетектейтін аяғының желі бар жігіттер ұрлыққа салып жүрген аттарын қойқақтатып, олай-бұлай жүріп, көлбеңдейді. Өздерінше осы қолдың сайыпқыраны солар сықылды. Ат үстінің аударысында тақымы аттан ауып көрмеген, танымынан тартыста еш жанға көкбәрі лақ бермеген тартқыштар танауларын кептіріп, мықты жігіт өзімсініп, мығымсиды. Атыстың алысына түсіп, жаурыны жерге тимеген мелжемді жігіттер бүгін талай солдаттың, болыстың төбе құйқасын шайнайтын секілді. Бәрі ісік, бәрі пері, гу-гу.
Күн ұясына іліне бергенде жиылған жұрт жылқыны алдына салып, ду атқа мінді. Қол құмырсқадай құжынап ойдан жазыққа шыға келді. Бұларда рет болған жоқ. Не бұларды бастаушы, не қалай қылып тиетіндікті айтушы болмады. Кім қандай қайрат қылады, қалай соқтығады, алда-жалда атысқанда қайтеді, жеңгенде не қылады, жеңілсе қайтеді, қолға түскен қазақ - орысты өлтіре ме, жоқ ұстап алып, ауылға қайта ма, болыс ауылын не қылады, Асылбекті қайтеді? — Мұның бірі де ақылдасылған жоқ, айтылған жоқ. Әйтеуір, Асылбек аулына шаппақ... қару-жарағын алмақ. Жатқан орыстан қалаға тіл жібермек емес...
Осы бетпен әулігіп, атқа мініп қалған жұрт ойнақтап жазыққа шыға келгенде «ал!» деп бет-бетімен ата - бабасының атын атап, ұрандап, жер қайысқан жылқыны қуып, сегіз шақырым жерден Асылбек аулына атты қойып берді.
Жер күңіренген айқай, ұран шаң-шұң... ай, құдай - ай, аруақтап, улап-шулап, халық шауып келеді.
Ойдағы болыс аулының төбесі көрінгенде, алдарынан ажал көрінгендей шауып келе жатқан елдің көбі аттарын тежей шауып, кібіртіктейін деді. Сірә, қорқайын десе керек. Тек, бағанағы балуан Омар күрең атпен ағызып, көптің алдында іркілмей ауылға шауып келеді.
Бұларды көрген ауыл ду ете түсті. Кешкі салқында үй іргесін түріп қойып, бейқам жатқан приставтар, қаптап келе жатқан қалың шаң, қара құрық кісі, у-шуды көрген соң жалма-жан қару-сайманын ала, ауылдың сыртында байлаулы аттардың арасына кіре берді. Мылтықтың аузын шабуылға қарсы төсеп қалысты.
Шапқан қазақтар ауылға таянды. Жылқы жосылып келді. Пристав атуға команда берді. 18 мылтық бір рет залп бергенде, кешкі әуенің көгін құлатқан үнмен күрс етті. Жылқы жалт берді, және оқ атылды, еңіреңдеп шауып келе жатқандардан үш-төрт қазақ жалп-жалп түсті. Мұны көрген қазақтар бет-бетімен тырым-тырақай қайта қашты. Оны тоқтатарлық бастық жоқ. Әркімнің өз жаны тәтті. Күн ұзын күрілдеп жүретін көп батыр әп-сәттің ішінде быт-шыт болды. Тек, аллалап, қашып барады. Қазаққа «атысу», «өлім» деген оңай көрінбеді. Болыс аулындағы солдаттарды аламыз деп алғаш шапқанда бүйтіп «атады» деген үш ұйықтаса ойларында жоқ еді. Анау жылқыға тиген екі солдаттай ұрып-жығып ұялап алып қоймақшы еді. Мыналар олай болмады, «Атады екен!» «Аямайды екен!» Оқ тиген қазақтар, жылқылар құлап-құлап қалған соң өзгесі шошып кетіп, тек аллалап, алды-артына қаша беруді ғана білді.
Қашпаған, жалғыз Омар. Ол сол бетімен шапқан күйінде болыстың ауылын үш айналды. Өзге елге «ауылға шап!» — деп құлақшынын былғап, атой берді. Бірақ оның тілін алған адам болған жоқ, көп қазақ ойысып қайта қашқан соң Омар аңырайып, ауылдың желкесінде тұрып қалды.
Қашқан елге орыстар да оқ шығармады. «Оқ жетер жерден ұзадық-ау» деген соң қашқан қазақтар бірін-бірі шақырысып, азар тоқтасты. Көбі үйді-үйіне қашып кеткен еді.
Асылбек болыстың аулында үрей қалған жоқ. Шаң шығып, шулап шапқан халықты көргенде ауылдың барлық адамы шошып, приставтар жатқан үйге тығылған. «Қырып кетер ме екен?» — деп зәре жоқ, қатын-қыздары қалш-қалш етеді.
Шапқан елдің беті қайтып, алысқа барып ұйлығып тұрғанын көрген соң, аулынан үш-төрт кісімен Асылбек болыс атқа мініп шығып, көпке жылап келді:
— Ел-ай... мен сендерге не қылдым? Ауылыма ат ойнатып, үрейімізді ұшырдыңдар ғой... Қатындарымыз бала тастап, қазанымыз шағылып, шашылып қалдық. Не қылсаңдар да орысқа біздің ауылдан аулақ апарып қылсаңдаршы, орысты мен шақырып келгенім жоқ еді... — деп жыламсырағандай болып, монтаң қақты.
Атты борбайға бір салып жіберіп, тұс-тұсынан әркім ақ болысты боқтап, көріп әкетті. Мардан көп алдына шығып болысқа зіркілдеді:
— Уа, ауылыңа орысты сақтап, жан-жаққа шабуылдатып осы елдің тұқымын құртқанда қай жаққа барып жан сақтайсын? Таза азамат, адал кісі болсаң приставты өз қолымызға бер. Өзің біз жаққа шық, сонда саған сенеміз. Әйтпесе, мәймөңкелеген көлгір сөзіңнің насыбайлық нанымы жоқ... Түтініңді түтініне қосамыз. Шаңырағың шағылады... — деп болысқа қамшыны білеп - білеп қойды.
Бозбалалар Асылбек болысты боқтап, қамшы салуға да айналды, оларға ақсақалдар ақырысып ұрысқан соң, жігіттерден ешкім киіп-жарып болысты ұра алмады. «Ауылға шапқаның», — деп елге өкпелеген Омар бұл сөзге қосылған жоқ. Ел арасында жүрген «арты қалай болады», — деген кейбіреулер басалқы айтқансып, қой - қойлап, болысты қорғайды. Елдің түрін көрген Асылбек құрдай жорғалап, халыққа жалпақтап, жалынып тұр.
Осылай недәуір керіс болды. Араға ақсақалдар кіріп кетті. Анау-мынау десті, аяғы Асылбек болыс орыс пен екі ортаға бітімге жүріп елшілік істеді. Бұл жақтың сөзін приставке апарды, елдің сөзі:
— Ат бере алмаймыз. Ат та, жігіт те бере алмаймыз. Бұрынғыдай қолы біліп, қорамызға қол салуды қойсын. Жай-жайына аттансын. Болмаса, біздікі сойыл, олардікі мылтық қой, соғысқа шықсын. Біріміз қалғанша қан төкпей тиын бере алмаймыз, — деген еді.
Осыны болыс приставке айтып келді. Пристав амалға кірісіп, бұлталаққа салды. Асылбек приставтың жауабын қайта алып, көпке келді:
— Пристав айтады, аттың керегі жоқ, аттанамыз. Жігіт береді, бермейді — ол қазақтың өз еркі. Тегінде, патша ағзам ел бүліндіріп кісі алмайды. Қол астындағы халықтың тыныштығын жақсы көреді. Біз жоғарғы ұлықтың бұйрығымен ғана келгенбіз. Бұл елмен келіссек — аты жоқ, кедей ел екен деп қайта береміз. Жалғыз-ақ, біздің қолға түскен кісімізді ер-тұрманымен түгел қолымызға берсін, — дегенді айтты.
Ел әрі сөйлесіп, бері сөйлесіп, «орыстікі жөн сөз ғой» деп жығыла кетісті. Шындасып сөйлесуге ортасынан кісілерін шығарды. Шыққан кісі Бекжан мен Зұлжалал қажы, тағы басқалар еді. Шатақ басылып, ақсақалдар бітім сөйлесуге айналған соң жиналған жігіттер қолдарын сілтесіп, дуылдасып үйді-үйіне қайтты. Қазақ - орысты да, болысты да ұрғызбағанға Бекжан ақсақал мен Зұлжалал қажыны боқтай-боқтай Омар мен Мардандар да жатқан ауылдарына жөнелді.
Бекжандар Асылбек аулындағы приставпен түні бойы сөйлесіп, бір дастарқаннан дәм татысты. Қолға түскен екі солдат бір жасауылды сол күнде қайтарып беретін болысты. Бірақ бұлардың кейбір жабдығы, жүгені, шинелі сияқты бұйымдары кім алғаны білінбей, елге қала берді.
Сойылға жығылған солдат пен жасауылды өбектетіп атқа мінгізіп алып таң құлаң иектен пристав Асылбек, Бекжандармен қоштасып Баянға қарай тартты.
Ертеңіне Асылбек болыстың аулына түстеніп, жігіттердің списігі жайында жасырын сөзге келісіп ақсақалдар да үйді-үйіне қайтты. Бұлар елге келген соң:
— Болыстың списігін жыртып тастадық, — деп хабар таратты.
ҰСТАМА
Бұдан кейінгі төрт-бес күн тыныштықпен өтті. Бірақ, Асылбек тыныш жатқан жоқ. Баянның бекетіне писарі Мекапар менен баласы Кемелбекті шаптырып, Ырғайты еліне шығуға әскер сұрады. Одан кейін алпыс солдат ерткен приставтың өзі шығып, Асылбек болыс аулына келіп түсті. Солдаттар Асылбек аулында аялдамастан екіндіде атқа мінді. Ел және шошып кетті. Есіткен ел түнде үркуге тезірек қам қылысты. Біреуге-біреу қарамай ауылдағы бар еркек қыл құйрықты жылқы қалдырмай алдына салып, айдап елсізге қарай безіп кетісті.
Асылбек болыстың баласы мен Оразбек ауылнай бастап аттанған алпыс солдат түн ішінде-ақ көтерілген елдің шетінен тие берді. Салғаннан Аяпберген аулына соқтығып, мылтық атып, он шақты еркекті ұстап алысты. Олардың қолдарын артына байлап, жалаңаштап қамшының астына алды, ауылдан-ауылға айдап жүрді. Әсіресе Кенебай жасауыл мен сойылға жығылған әнеугі қазақ-орыстың бірі кегін ала қимылдады. Қолға түсіп, қорыққан қазақ: «құтқарылады екенмін» деген оймен жазықтыны да, жазықсызды да нұсқап бірін-бірі көрсете берді. Қазақ-орысты ұрған жердегі сойыл салғандардың, мылтық, қылыш, киім-кешек алғандардың бәрінін, де ауылы араланды. Бәрін де орнынан ұстап алысты. Қазақ бірін-бірі табады. Кейбірін жүктің артынан, кейбірін кебеженің ішінен, кейбірін үстіне қазанқап жамылып жатқан жер ошақтың ішінен, кейбірін шөмеленің астынан, құдықтың ішінен тауып алысты. Мұның бәрі де, солдаттарды ұрып, атқа таласып, жазықты болмағанмен әйтеуір жасырынып жатқан соң айыпты саналып жатыр. Аяусыз ұрылып-соғылды. Ал, жазықтының жазасы тіпті ауыр, мылтықтың дүмдерімен Омарларды дүрсілдетіп, өнменін үзе талдырып тастады. Шемеленің астынан табылған Шөрегейдің Ербосыны деген жазықсыз сақауларды солдаттар киіздей баурап тепкілеп, тіл - ауызын қойдырды.
Аяпберген қариялардың басын жарып, сақалынан қан тамшылатып, «мә саған көк қасқа!» деп жаяу айдады. Елсіз қалған ауылға келіп, ойрандаған солдаттар, қазанды қағып, қатын-қыздарды масқаралап, қылышымен буулы теңдерді тіліп, ішіндегі жарақты нәрсені таласып алысты. Үйлердің басқұрларын, бау, белдеулерін қылышпен қырқып жіберіп, қиқайтып кетісті. Бой жеткен қыздардың кәмшат беркіне, келіншектердің кем - залына қадалған асыл тас, күміс моншақтарын сыпырып үзіп, жан қалтаға салысты. Білегіндегі білезіктерін, саусағындағы сақиналарын саудыратын тартып алысты... Қапты тіліп, астықты шашып тастасты. Ауылдағы тесе, шот, пышақ, үскі, кетпен, найза темірге шейін жиып әкетісті.
Осы жолы Ырғайты бойынан ұсталған кісі 150 адам болды. Бұларды жаяу Баян қаласына айдап кетісті. Солдат шығып, адамдар ұсталып, Ырғайты елі жау шапқандай болып қалды.
Бұл уақиға біраздан бергі көтеріңкі елдің жағасын түсірді. Болыстың көмегін көріп, көзіне көк ала шыбын үймелетіп, жүз елу кісісінен айрылып, Ырғайты елі ұлардай шулады. Айдалған жүз елу кісінің ішінде көк қасқаға бата қылатын Аяпберген қария, «Қалипа жұртына қарсы шығуға болмайды, не қылса да осы жерде елу керек, өлсең шәитсің, өлтірсең қазысың» — деп елге уағыз айтып азан шақыратын Зұлжалал қажы, Асылбектің аулына шапқанда көптен мойыны озып, ауылды жалғыз өзі үш айналып шыққан балуан Омар да бар. Қолға түскен қазақ-орысты мұсылман қылып, дінге кіргеніне таңба салу үшін сүндеттемек болып, ұстара қайраған Иманбай деген молдасымақ та, аузы-басы қан болып айдалып барады. Көзді ашып-жұмып, — «Ләйлаһаға тіліңді келтір!» — деп «Келиматын тайыбатын» айтып қолға түскен қазақ-орысқа ақыратын Иманбай кеңк-кеңк жылайды. Иманбайды ұрылған солдат танып ұстатыпты. Иманбай қазақ-орыстарға иман үйретіп «ләйлаһа илала олла, мухамәдіррасулала», — деп айт десе қазақ-орыстар тілі келмей, қиналады білем. Тілі келмесе Иманбай молда қолындағы таяқпен көзге талай түрткен еді. Енді сол сазайын тартып барады.
Қазақ-орыспен жасауыл жылқыны айырып, Асылбек ауылына түгел айдағанда айқайлап, елді қоздырып жіберетін ер жүрек Мардан, Шалқымбай, Айнабек те басы-көзі шиедей қан болып кетіп барады.
Бұлардың бәрін Баян қаласына апарып қамады.
Осыдан кейін күрілдеп көтеріліскен Ырғайты елінің еңсесі түсіп кетті. Жалындаған жаны жаншылып, лапылдаған оты өшкендей болды, жалғыз бұл елдің ғана жігіті емес, әр жерде осындай шаң беріп, селтең еткендерді шыққан әскер у тигендей талқандап, быт-шытын шығарды. Алатын атқа таласып, ауылнайды сабаған Қарақоңыз ауылынан да он бір кісі ұсталды. Осындай қырғын сабақ болып, қазақ-орыс қала-қалаға жабдық үлестіріп, әскер қойылып күтіне бастады. Қолына қару алған қазақ-орыстар төңірегіндегі елге қожайын қоқақты істеді. Ел ішіне бет-бетімен қасқырша шапты. Малда ерік, баста билік қалмады. Бұғып жүрген болыстардың, ауылнайлардың аруағы көтеріліп, елге бата қимылдап, ақыра бастады. Ат бермеймін деуге енді жұрттың дәті бармады. Ырғайты елінің атын Баян қаласына жинатып алысты. Ат алғанның ішінде Кәрім тілмаш, Кенебай жасауыл, Жұмағазы деген мал докторлары болып, елді бидайықтай қуырды. Қынадай қырып, пара алды. Жұртты тастаяқтай қағыстырды. Әсіресе, ат бермеймін деп шатақ шығарған ерлердің бар жақсы атын жаздырып, сыпырып әкетті. Көтерілген елге ат түтінге түсті. Елде енді тырп етер жақсы ат қалмай жаяу қалысты.
ҚАЛАҒА ҚАШУ
Сатан ауылында ай жарым жатты. Жатқан құрлы зықысы шықты. Ауылдың аһылауы, уһілеуі, өсегі, үрейленуі — оны безгек ауруындай жүдетті. Елде ойын да, күлкі де жоқ. Жанның бәрі қайғылы, қамырықты, ұлы апатқа, жойқын жұтқа ұшырағандай, қай ауылға барса да жігіт көңілі селт етпеді.
— Е, жігіттер, елге келген сел екен ғой, — деп шалдар күрсінді.
— Қарағым, енді ешқайда қаңғымай үйде отыр, — деп шешесі Сатанды көзінен екі елі таса қылғысы келмейді. Елдің жаздан бері пішені де шабылған жоқ, қыстауы да қаралған жоқ. Сел соққан балықтай мәңгірген ел уһлеп, ішіп-жеуден басқа шаруа қылмайды. Елде мал сою, қонақ қылысу, алық-берігін берісу, қарыз-құрызын төлесу, өлгенге бата оқу, тіріге көңіл айтысу, араз ағайынды бір-бірімен табыстыру сияқты қыңыр кеңеспен күні өтеді. Бұрынғы бытырап бет-бетімен малды өрістетіп көшетін ауылдар, енді қолдың қарындай икемделіп, қоғамдала қонысқан. Белдеуден бір - бір ат кетпейді. Малға қараған жігіт жоқ. Бәрі де ат үстінде. Топ-топ болып, әңгіме тыңдап, ауыл-ауылды қыдырып, тамақ ішумен жүр.
Осы сүлесапаның ішінде ай жарым жалықпай Сатан да жүрді. Ол өзге жігіттердің салбыраған қабағын көтеріп, жүрген жерін базар қылады. Қасқа ат қашса құтылады, қуса жетеді. Төңірегіндегі ауқатты ауылдың мырзалары да Сатанды кезек-кезек қонаққа шақырып, қасқа атты қолқалап көрді, тамыр болып, құшақтаспақ та болды. Сатанға қарындасын бермек болғаны да шықты. Бірақ Сатан ешқайсысына етегінен ұстатқан жоқ. Қасқа атты қатырып мініп, құйрығын үкілеп, тамағын тұмарлап, жайтақтатып, көп ішінде өз еңсесін бір көтеріп жүрді. Елдің басына туған күннің топалаңы қасқа аттардың ұзын сұрауын салдырған жоқ. Ұрлық қасқа Сатанның именбей мініп жүретін төл атына айналды.
Елде қоқалақтағанмен өздері отырған құдық-құдық қонысынан ешқайда ұзап, үркіп кете алған жоқ. Бұл уақытта жан-жақта желіккен елдің жігіттері де соқтасы суып соғыстан қол сілтей бастаған. Ырғайты жақтағы көтерілген елдің ортасына әскер шығып, бей-берекет етті. Олардың адамдарын ұстап, аттарын жинап алып кеткен хабары да келіп жетті. Бұл хабар жүдеубас елді онан әрман күрсіндірді. Сатан елінің болыс, ауылнайы да Қарқаралы дуанына апарып, ел жігітінің списігін тапсырды. «Списіктегі жігіттерді дуанда қабылдап, облысқа бекіттіруге жіберіпті... бекіп келген соң жігіттер жүргізіледі екен», — дегенді де Сатандар әбден есітті.
Жаздай дүңкілдеген суық хабардың аяғы аздан беpi жерге тиіп, жігіттің жайы анықталған соң Сатанның ойына елден сырғып, Сібір жаққа кету ниеті кірді. Осы ойын айтқанда шешесі мен ағасы Тәжи де «бұл ойың жөн» дескендей мақұлдасты.
— Бәрібір жазып қойды. Үйде отырғызбайды. Қалаға барып қазынаның қызметіне ілінсең солдатқа кетпей қалмас па екенсің... Барсаң бар, шырағым, — десті.
Сатан осы ойын ептеп дос-жарына шығарғанда, сол төңіректен Сатанға еретін төрт-бес жігіт те шығып қалды. Осы жігіттер жолға шығатын күні Сатан ағасы Тәжи бір лағын сойып, басын Сандыбайға беріп, ол кісінің батасын алды.
— Бар, бар, шырақтарым, бар бар, боздақтарым, бір қалса жан қалада қалады, — деді Сандыбай.
Ертеңіне жігіттер өз аулынан басқа ешкімге сездірмей, Қарқаралының қаласына соқпай, Омбыға беттеп, ұзын жолға түсті. Сатан қасқа атты Тәжиге қалдырып, өңшең жаяу жігіттер қос-қоланың арқалап, бір - бір таяқпен етекті қамшылап, жолсыз жермен жөн тартып келе жатты.
«ЕРІМ, БІЗ ҰСТАЛДЫҚ»
Жаяулар жүріп Аягөз бен Қарқаралының арасындағы көлденең керуен жолға жеткенде дең астынан ән шырқаған дауыс естілді. Жігіттер елеңдеп, жол үстінде тұра қалысты. Мойындарына салған мылтықтары сорайып, екі аты қазақ-орыс дөңге шыта келді. Оның артынан жеккен пар аттағы арбада көшірден бөлек екі адам көрінді. Арба артынан салт атты және екі қазақ - орыс шықты. Сатандар үңрейісіп қарап қалысты.
Арбадағы екі кісі қатар отырып «Қарға-ау» деген әнге шырқатып өлең айтып келеді.
Сұрасаң біздің жөнді тобықты де,
Қапыда қыран тасқа соғыпты де.
Самалық, Тәукеменен екі қыран
Шықпайтын терең торға жолықты де.
Ей, қарғам-ау...
— Жігіттер, мынау Тәуке екен, — деді Сатан.
Жігіттер елең ете түсті. Тәукелер ән салып келеді:
Айта бар барсаң сәлем біздің елге,
Біздерді бала жастан білгендерге.
Кембайлы, кісендеулі екеуіне
Жолықтық, дегейсіндер жол үстінде...
Ей, қарғам-ау..
Қапалдың сапарымыз дуанына,
Пендені тағдыр айдап, қуады да.
Адырға ажал қуған киік болып,
Ноғайдың соқтығыппыз жуанына.
Ей, қарғам-ау...
Арбалылар жақындады, қазақ-орыстар жол үстінде тұрған жаяу қазақтарға «жолдан бұлай кет» деген ишаратты қылып келтек қамшысын сілтеді. Жігіттер кейін шегіністі. Арба тұсына келгенде Сатан Тәукеге жауап қатып:
— Е, Тәуке ағамысың? Жолыңыз болсын! — деп арбаға қарай ұмтылды. Оларды айдап келе жатқан конвойлар да ұмтылды. Тәуке оларға орысшылап кетті.
— Жіберіңіз, жолықсын. Менің танысым. Үй ішіне сәлем айтам...
— Жарамайды, жақындама, — деп Сатанға конвойдың біреуі айбар шекті. Сатан состиып тұрып қалды. Тәуке орысшылап жатыр.
— Неге қорқасың? Біз бұғаулы адам... Оларда қару жоқ. Өздері жаяу. Тұтқындарды туысқан бауырына амандастырмасын дегенді маған сот кескен жоқ. Сөйлестірмесең барған жерде начальникке арыз қыламын... — деп ежет Тәуке атты тоқтаттырып болмады.
— Мейлі, шорт с ним, сөйлесе берсін, — деп конвойдың үлкені рұқсат қылды. Бірақ өзге жігіттерді жолаттырмай жалғыз Сатанды ғана арбаға қоя берді. Бірақ арбаны тоқтаттырмады. Сатан арбадағы Тәукеге келіп, көзі жалт-жұлт етіп, аман-саулық сұрады. Тәуке Сатанды тани алмады.
Самалықтың да, Тәукенің де қолы-аяғы кісенде еді.
Тырашпенке арбаның үстінде көрпе-жастығы бар. Азық - түлік аз көрінбейді. Тәукенің өңі тайған жоқ, қызылы қызыл, ағы ақ. Бірақ Самалық бозарып жүдейін депті.
— Жарқыным, танымай қалдым сені — деді.
— Танымасаңыз, өзіңмен Кемерталда көрісіп едік қой. Сондағы Құсайын төренің кешірі мен болатынмын, — деді Сатан.
— Ия, ия, рас, сен болатынсың... ұмытып қалыппын. Аман-есен жүрсің бе, азаматым, — деп Тәуке күліп қойды да:
— Насыбайыңды ал, — деді.
Сатаннан қайдан келе жатқанын және жолдастарын сұрастырды. Сатан өздерінің қайда бара жатқанын айтты. Сатанның жолдастары да дара тартып, еріп келе жатыр еді.
— Әттең, қайтейін... сенің сондағы терең кісі емес екен, сөзінен танып кетті ғой, — деді Тәуке.
— Қалайша, батыр? — деп Сатан сұрады.
— Шіркін, кісі емес екен. Біз оны алғанда қасымдағыларға қатын-қызына тиістірмей, киім-кешегін шаштырмай, адамшылық қылып, алмай жіберіп едім. Кейін біз ұсталғанда пәленің үлкені сол төре болды. Менің алмағанымды «алды» деп сот алдында даулады ғой занталақ. Әттең кісілігі жоқ ит төренің қанын Кемерталда өз көз алдында төгіп кетпей, қап! — деп тістеніп, қолының байлаулы екенін білмей қанжар қылып етегіне жанып-жанып қойды.
Бұдан кейін біраз үндеспей жүрісті.
— Елің қалай тыныштық па? — деп Тәуке сұрады.
— Ел бүлініп жатыр. Списікті жазып алып әкетті ғой, батыр, — деді Сатан.
— Қап! — деп Тәуке тағы кейігендей болды.
— Егер біз осы топалаңға ұсталмай жүріп ілінгенде бәріне де көрсететін едік, шұрқанды салатын едік... Баяғы атамыздың батыр заманы басымызға қайтып келетін еді, — деп Тәуке көкіп ала жөнелді. Оны Сатан мысқыл еткендей, мырс етіп күліп:
— Әлде болса босанарсыз, батыр, — деді.
— Жоқ, біз босанбаймыз, ерім. Біз мықтап ұсталдық, Аягөзге кетіп барамыз. Одан Қапалға айдаламыз. Содан Алматыға... құрығы ұзын патша қоймады. Ақыры ұсталдық, ерім. Енді бізден ел жігітіне бұлт жуық шығар...
Бұлар тағы біраз үндеспей жүрді.
Сатан не қыларын білмей ере берді, өзге жолдастары да жолды жанап еріп келеді. Тәуке мен Самалық жігіттерге өз жайын білдіріп, қоштасқан сөздерін өлеңге қосты.
Жер қазып, ұя қазып, қылдым қоныс,
Артымнан қуа берді қазақ-орыс.
Құтылып ол орыстан кеткенімде
Бір түнде қамап алды би мен болыс...
Ей, қарғам-ау...
Айта бар барсаң сәлем Марияға,
Тәуекел салдым кеме дарияға.
Үйінде Серікбайдың жатқанымда,
Шығарды Скату ит жарияға...
Ей, қарғам-ау...
Кімді алдым мен алғанда, жуанды алдым,
Сөйттім де, жер бетіне сия алмадым.
Талқандап ұстатпастан кетер едім
Атуға Мұсатайды қия алмадым.
Ей, карғам-ау...
Шақшаға қу қарағай қақпақ болды,
Мұсатай, Үкеменен таппақ болды.
Пәлесі басындағы арылған соң
Мұсатай, Үкеменен сақ-сақ күлді.
Ей, қарғам-ау...
Басына хан Шыңғыстың тіктім шатыр,
Орнаттым дұшпаныма заман ақыр,
Ақ иық аяғында түсті торға,
Не болар балапаны Хафез пақыр,
Ей, қарғам-ау...
Айта бар барсаң сәлем Көжегіме,
Барады әлдекімнің тезегіне.
Көкжалдың жалын бояп мінуші еді,
Қарашы мынау жалған кезегіне.
Ей, қарғам-ау...
Бір сотым Қарқаралы, бірі Семей,
Тергендім Өскеменде ішпей-жемей.
Кірімді кіндік кесіп жуған жерім,
Зар болдым бір көруге қайтың келмей.
Ей, қарғам-ау...
Сәлем айт алты арғынның баласына,
Бір шығар күн болар ма тау басына.
Қол байлау, жол айдау да... қош, жігіттер!
Не айталық одан артық жау қасында...
Ей қарғам-ау.
Осыны айтып, Тәукелер жүріп кетті. Жігіттер жол үстінде қала берді.
ҚАРА ЕШКІГЕ ЖАН ҚАЙҒЫ, ҚАСАПШЫҒА МАЛ ҚАЙҒЫ
Бұдан кейінгі уақыт Арқадағы дуылдап көтерілген тасқын күннен-күнге басылып, бұрынғы сабасына қайтумен өтті. Жан-жақтағы көтерілген елдің соқтасы суынды. Жиналған жігіттер аяғынан тозып кетті. Көтеріліс жасалған жердегі кезге түскен баршылардың көбі түрмеге жабылды, қала-даланың абақтысы ондайлармен лық толды.
Көтеріліске қарсы болған, елі қудаланған болыс, би, старшындардың енді шоқтығы көтеріліп, басылған елге асыра қарап, асқындай бастады. Көтерілісті жақтамай жайына қалған ауылдар да «біздікі дұрыс болған екен» дегендей бүлініп қалғандарға қыңыр қарасатын болды.
Ел ішінің списігі қайта жазылды. Список жазылғанда әсіресе Ырғайты елі сияқты бүлінген елдің жігіті түтіннен түгел қатталып, тегіс кететін болды. Бір үйде неше жігіт бол, мейлі жалғыз жігіт бол — бәрі де списікке тізілді.
Елдің ендігі далбасасы-ақ список жазған қаламға жалбарыну. Әркім өз басының уайымына түсіп, «қайтсем даламның» қайғысына түсті. Кейбіреулер ептеп болыс, тілмаш, ауылнай, жасауылдарға жалғасып, барын беріп, өз орнына өзге біреуді жібермек... Кейбіреулері айтысып ұлыққа, болысқа жабысып жүр. Ұлық, болыс, песірге шабылған шаруада есеп жоқ. Біреулер түнделетіп, атын жетектеп, ақшасын тығынып, ақ киізін артына бөктеріп, болыс ауылына, қалаға шабуда. Тіпті жан үшін қимас қарындасын, қыз, келінін көлденең ұстап жатқандар да жоқ емес. Қымбатты тышқан ішіктер, кілемдер тығулы теңнен шығып, ауыл арасында жүре бастады. Болыс, песір, атқамінер әлде ақсақалдар адам саудасының жуан ортасында. Баяғы құл саудасы өзге бір түрмен, жаңа базармен қайталанған сияқты. Бір үйдің адамынан тойғанша алым алып, оның лауын екінші біреуге аудара салып, ел ішін дан сасытып жатыр... Ешкімнің көзі ешнәрсеге жетпеді.
Міне, күз. Күн қақылдаған суық. Баян айналасының көк жылтырланып көлі қатып, қырбақ қары бар жері темірдей шегеленіп қалған. Жер жүзі аппақ, Ақбет таудың сілемі соқыр тұманнан көрінбейді. Ағаш, шөп, орман, тау аппақ қыраумен оранып қалған.
Баян қаласына жан-жақтан жиылып жатқан кісіде есеп жоқ. Әне жерден де, міне жерден де аттылы-жаяулы адам топ-тобымен шыға келеді. Баянның қаласында асқа тіккендей үй тігілген, отын жиналған, мал сойылып жатыр. Әр үйден бықсыған түтін шығып жатыр. Осы жақтағы он екі болыс елдің жігітін осы Баяннан қарап алатын болған соң, бұл ара әлем тапырық болып ас берілген сияқтанып жатыр.
Пристав, атаман, ояздың начальнигі, тілмаш, доктор, стражник, жасауыл сияқты нөкерлермен сап-сары ала киініп, сары ала қылыштарды асынып, шақ-шақ етеді. Қызметі бітіп, елінен шатақ шықпаған болыстарды алған, елінен бүлік шыққан болыстарды тұқыртып, қарғап, зәрін шашады. Ояздың жасауылы:
— Жігітің қайда? — деп жаман болыстарға ақырады. Ұлықтан мұндай ақыру есіткен болыстар, кірерге көр таба алмай күн ұзын шапқылайды. Ол да «жігітің қайда» деп старшиндарына зіркілдейді. Өзі кешке не қылса да қабағын түйген ұлықтың көңілін табу үшін ақшасын, арағын, тамағын, асыл бұйымын тасып әлектенеді. Ұлықтардың жиып жатқан жорғасы, қымбатты ішік, қызыл ала кілем, ақшаларын санауға ешкімнің қолы жетпейді. Болыстан бастап ел ішінің алғыштары одан да құтырған. Ұлықпен, болыспен байланысы күшті жегіштер көрінген жігіттің жұмысына араласып, тұмсығы қызылға тиіп жүр. Өзіне күңк еткен біреуді қолтығына су бүркіп, әулиенің баласы да болса айқасқан жерден шалып қалмай жібермейтін болып, жалаң қағысады. Елде пара беріп, болыс списігінен құтылып кеткендерді ояздың книгасына барғанда не өшіртіп, не жаздырып, қып-қызыл шатаққа талайдың басын шатып жүрген алғыштарда есеп жоқ. Бүліншілік, лаң, лайсаң, әреке... дегендердің барлығы да дара бұқараның басына туды. Елдің тас-талқаны шығып жатыр...
ПРИЕМ
Әр елдің жігіті алынып ыңғайланып келгенде, бүліншілік істеген Ырғайты елінің жігітіне кезек келді. Бұл елдің болысы Асылбек көтеріліске қатысы бар елдің бар жігітін түтінінен сыпырып жаздырған еді. Бұл «бұзық» елге ауылнайларға кәмек ретінде Баян қаласынан қарулы қазақ-орыстар шығып, ел жігітін айдаумен жинаған. Міне сол Ырғайты елінің жігітін топырлатып, тұтастан айдап келді. Оларды айдап келіп жігіт алып жатқан комиссия отырған көк төбелі үйдің көшесіне қамады. Қамап, жазып-сызып, қалап алуға кірісті.
Ырғайты елінің жігіт көтерілісіндегі Асылбек болыстың ауылына шауып ұсталғандардың ішінде Мардандар да ұсталып келіп Баян түрмесіне жабылған. Бірақ бұлар әлденеше сұраққа ілініп, алуан түрлі тепкі, дүрс сықылды жазаларды тартып, осы күнге шейін ешкімге жолықтырылмай қамалып жатқан еді. Ұлықтар тексергенде Ырғайты еліне шеттеп келген Мардандарға өзгеше сенімсіздікпен қарап, қатты қысымға алып, қатаң ұстаған. Бұлардың көтерілген елге өзге болыстан келгендігі, және завод, пароходта қызмет істеп жұмысшылар арасында болғандығы ұлықтардың қатаң қарауына себеп болған еді. Оның үстіне өз рапортында Асылбек болыс та бұларды «елді құтыртушы», «қашқын» деген сияқты бояуларды көбірек жағып көрсеткен. Сондықтан Баяндағы тергеуші соттап бұларды Ырғайты жігіттерінен жекелеп ұстап, жазаның да ауырына салып қинаған еді.
Алғашқы ұсталғанда Баянның атаман, приставы Марданды қазақ-орыстардың қолына беріп ұрғызып жүрді. Ертеңді-кеш екі уақ қазақ-орыстар Марданды көшеге, көл басына апарып тепкілеп, дүрс салып, ұрып «ойнады». Өзін әбден қалжыратты. Ұрып-ұрып Марданды жеке бір жерге тығып тастаған еді. Осы тығылуда ол табаны екі жарым ай жатқан. Сол Марданды бүгін түрмеден шығарып, тура жігіт алып жатқан прием комиссиясының үйіне алып келіп кіргізді.
Марданды есіктен кіргізе бергенде үйде отырған Асылбек болысқа көзі түсті. Болыс Марданға қарай қалды:
— Е, бұзақар, келдің бе? — деп кекеп күлді.
— Келдім, болыс, бақтырған соғымың келді алдыңа. Енді сойғалы отырған боларсыз? — деді Мардан тістене...
Асылбек теріс айналды. Марданды айдап келген стоажникке «есікке шығара тұр» дегендей ишарат қылды.
Марданды алып есікке шыққан соң болыс, комиссиялар өздері оңаша қалып, бірсыпыра кеңесіп отырысты. Біраздан соң есіктен жымыңдап Асылбек болыс тысқа шықты. Ол кетіп бара жатып Марданға «көрсеттім бе» деген көзбен қарап өте шықты. Марданды комиссияға кіргізді.
Комиссия болып отырған атаман, пристав, тағы басқа чиновниктердің ішінде Мардан елінен шыққан Мақыш деген доктор отыр екен. Мардан осыған бір ауыз сөз айтып қалайын деп:
— Доктор, амансыз ба? Мені өз елімнен айырып, айдаладағы Ырғайты елінде жүргенімде ұстама қылып алып келді ғой. Қарада көріскен қарындас едің, маған қылатын не қайраншылығың бар? — деді.
— Ырғайты еліне аяғыңнан барып па едің, жоқ әлде соғысуға барып па едің? — деп доктор мысқылдап, күле сұрады.
Мардан Мақышқа жаман көзімен бір қарап, теріс айналып кетті де, жауап қайырмады. Доктор Марданды қарауға дайындалып жатып:
— Қазақ халқы қараңғы ғой. Тек жаны ғана ардақты. Қазына жұмысын ақыр заман көреді. Өзге жұрттың бәрі солдатқа кетіп, қашаннан қанын төгіп жатқан майданға біздің қазақ барғысы келмей қайқақтайды... Әй, қазақшылық-ай... — деп доктор өзіне-өзі сөйлеп жүрді де Марданға:
— Кәне, шешін, қараймыз, — деді. — Мардан оған тағы не дер екен деп:
— Мен өзім аурумын, — деді.
— Не аурусың? — деп Мақыш сұрады.
— Күндегі ұрған таяқтан ауырдым. Сүйек-сүйегім бәрі сынық, міне көрмейсіз бе? Осы өне бойым, — деп Мардан көкпеңбек ала үсті-басын көрсете бастады.
— Бұл ештеңе емес, жолда жазылады ғой... — деп доктор Марданның өкпесін тыңдай бастады.
— Дем ал...
Осы арада түп үйден шыға келген Өске атаман Mapданды көріп жымыраңдап:
— Ә, таныс жулик! Соғысқа баруға ойлайсың ба? — деді. Мардан оған:
— Барамын, бұл жерден ол жақ жақсы шығар.
— Несі жақсы? — деп атаман сұрады.
— Онда қолыма мылтық аламын ғой?
— Мылтық саған әлі алыс...— деп атаман айналып кетті.
Мақыш доктор Марданды жөндеп қараған да жоқ. Тек шешіндірді де дүреден болған көк аласын керген соң тезірек киінсін дегендей «болды, болды» қыла салды. Мардан:
— Ауруым не екен? — деп сұрады.
Доктор книгасына өз қорытындысын түртіп жатып:
— Тап-тазасың! — деп қойды.
— Айтқаның келсін, доктор бауырым! — деп Мардан киіне бастады.
МАЙДАНҒА
Кезек күткен жігіттерден және біреуді үйге кіргізді. Бұл Марданға таныс Ырғайты елінің жігіті Шалғымбай еді. Шалғымбай үйге самбырлап, арызын айта кірді.
— Тақсыр, мені списікке зорлықпен жазды. Бір үйде жалғыз адаммын. Оның үстіне қолым шолақ, мылтық атуға жарамаймын, міне-міне...— деп шидем шекпеннің бір жеңін шешіп жіберіп, оң қолын көрсетті. Оның оң қолының екі саусағын біржола құртқан екен... Шабылған саусақтың қаны тыйылмай, құрым киіз күйдіріп басып, тотияйын құйған екен, қолтығына шейін білегі күгі болып ісіп кетіпті.
— Бұған не қылды? — деді Мақыш доктор.
— Шауып алдым, жазым болып...
— Әдейі шапқансың ғой, ә?
— Жоқ, атамаңыз. Отын бұтап отырғанымда өткір ақ балтамен жазым болып қырқып алғанмын...
Доктор сылқ-сылқ күлді. Шалғымбайдың сөзіне Мардан да езу тартты. Доктор қарқылдап күліп, қарсысындағыларына Шалғымбайдың шатасып сөйлеп тұрғанын түсіндірді.
— Қараңызшы, мына ақмақты, өз қолын өзі шауып отырып, енді соның өтірігін жөндеп айта алмай тұрғанын... бұл өзі, отын кесіп отырғанда шауып алдым дейді... Ал кесілген оң қолының бармағы, егер дұрыс айтса сол қолын шауып алатын болар еді, көрмейсіз бе дуракты...— деп мырс-мырс күлді. Осыны айтып болып доктор Шалғымбайға қазақ сөзімен қатесін түсіндіргенсіп:
— Отын кесіп шапсаң оң қолыңмен сол қолыңды шабар едің, өтірікті де ойланбай айттың-ау... — деді. Оған Шалғымбай да болған жоқ.
— Өтірік емес, ағатай, мен солақаймын ғой... — деді.
Атаман Шалғымбайға тікиіп келіп:
— Ах, урод! Он умыпшенно... хитрый он... — деді.
Шалғымбай «қалайда қаламын ғой» деген ниетпен қабағын қынжылтып, қолын ауырсынып:
— Ойбай-ай, жаным-ай... қолым сыздап барады...— деп зарлап ауырсынып тұр. Оған былқ еткен комиссия болған жоқ. «Әдейі қолын кескен» деп акті жасауға кірісті. Атаман:
— Барсын, қара жұмысқа жарайды! — деді.
Мақыш доктор Шалғымбайды шыңғыртып отырып қолын тазалап таңуға кірісті. Марданды айдап келіп, Ырғайты елінің қаралып болып, қазынаға өткен жігіттеріне қосты.
Мардан көптен жалғыз жатқан түрмеден шығып, ел жігіттеріне сөйлесіп, жампаңдасып жатыр.
Баян қаласына орнаған сергелдең он бес күн дегенде азар бітіп, он екі болыс елдің жігітін жүргізетін болды. Әр болыс елдің жігітін керуен-керуен қылды. Оларға он басы, жүз басы, мың басы белгіленді. Елден жиналған дау, көліктің әрбір арбасына жігіттер үш-үштен отырғызылып, бір суық күні Баян қаласынан жүргізілді. Жігіттер жүргенде көкті күңірену, жерді жылау алып, у-шу болды. Адамның ұлыған дауысынан Баянда аспан айналып жерге түскендей. Жер ыдыранып, күңіренгендей. Ел зарлап, зарыққандай... уһілеген, аһылаған елдің көкірегі қарс айырылады. Бір кемпір «жалғызымшы, жалғызым!» деп баласына жабысып, айырылмай, аңырап тұр. Бір келіншек шырқырап, кетіп бара жатқан күйеуін жібермей зар қақсайды, «Айналайын, ағажан-ай, сенен біз қалғанда не боламыз?..» — деп жылаған жас бауырлардың, қарындастардың даусы тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратады. Бірнеше бетін жыртып аңырап, жуанбай ботасын жоғалтқан інгендей боздайды. Шешесінің қарындасының, қалыңдығының мойнынан құшақтап өгіздей өкіріп, кеңкілдеп жылаған декей-декей жігіттердің түрін көргенде адамның іші ашып, жігері құм болады. Қаптап жүрген қайыршы, халфе, дуаналар «аллай хақ!» деп басына ылаң түсіп, белі босап тұрған жұрттан нәзір, садақа дәметіп, көрінген кісіге қарап дұға қылады; ақ тоқымды жайдырып, кейбіреулер кетіп бара жатқан жігіттің қашан қайтуына құмалақ салып жатыр.
— Құдай иман беріп, ел азаматқа топырақты елден бұйыртсын, аллаһу әкпер!.. — деп бата саулатады. Осыларға уыс-уыс қылып тиын төгіп жатқан жігіттер, жігіттердің жақындары.
Кейбір тілді-жақты, сөз білетін жігіттер өлеңге, жырға қай-қайдағыны қосып, ән салып, жұрт жарасына онан арман тұз сеуіп, ел көңілінің өртіне онан арман май құйып барады. Жол бойындағы Досай батырдың бейітін көрген жігіттер жолдан зиратқа бұрылып, батыр басына құран оқытып, қош айтысып, тілеу тілеп барады. Мола басына ақша тастап, моладан топырақ түйіп алысып жатыр. Ол топырақ алыста жүргенде пәле-қазаға тотанаң болады-мыс. Езіп ішеді-мыс...
Осындай сергелдеңмен Баянның бауырын шулатқан селебе үшінші күн дегенде азар арылды. Ұзын жолдың үстінде жігіттерді шығарған ел, туған-туысқан, жекжат улап-шулап жігіттерді от арбаға мінгізіп қайтысты.
ТҮНП ТАМАША
Омбы қаласындағы елден қашып келген, бұрыннан қызметке тұрып қалған жігіттердің тағдыры не болары әлі белгісіз. Бұларды жоспар бойынша қаланың жұмысына жіберіп, майданға кетуден алып қалған да кісі жоқ. Көбінің аты-жөні елдегі болыстың списігінде жүр. Сондайдың бірі — Сатан.
Елден келіп жатқан хабарға қарағанда болыстар елдегі жігітті жөнелткен соң даладағы шашыраған жігіттерді іздетпек. «Пәлен болыстан пәлендей жігіт қашты» деп, дуан-дуанға болыстар қағаз да түсіріп қойыпты деседі. Осы хабарды алып отырған қаладағы қазақ жігіттерінде зәре жоқ. Қашан қуғыншы келеді, қашан майданға айдап кетеді деп, жігіттер күпті болып, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде жүреді. Осының салдарынан болу керек, қаладағы жігіттердің қолы жазық, өздері шулен, мырза емесі жоқ. Бәрі де тапқан ақшасын қызға, қымызға, қонаққа, араққа, мәжіліске жұмсап шашып жатады. Тек ішіп-жеп, ойнап -күліп қалайықшы деген ниеті бар сықылды.
Түн. Қаланың қараңғылау тығырығында көше жағына көк лампы жаққан астылы-үстілі екі қабат үйге таман Сатан, Шақшай, Бөлекбайлар келе жатыр. Үйдің астындағы подвалдың соқырқай терезесінен жылтылдаған жарық көрінеді. Терезенің жыртығынан бу бұрқырайды. У-шу айдай шығады. Дүрілдеген гармошкенің даусы жырқ-жырқ, сылқ-сылқ еткен күлкілер естіледі.
Сатандарды Белекбай бастап үйдің астыңғы подвалына алып кірді.
— Міне, жігіттер. мәжілістің базары! — деді Белекбай. Сатан жан-жағына қарады. Оның мұндай жерге бірінші рет келгені еді. Үйдің іші көк ала туман,әр үстелде шоқ-шоқ болып, сыра ішіп отырған қызу адамдар. Неше түрлі ұлттың, алуан түрлі кәсіптің адамы осында болады екен. Жиылған адамдардың ортасындағы алданышы алдындағы үйір-үйір бөтелке мен жалаңашқа жақын әйелдер, адамдарда ес жоқ, жамағат жығыла мас. Әйелдер сылқ сылқ күліп, қыңсылап, еркектер айқайлап, мекіреніп, соғыстырып сыра ішісіп, мәз-мейрам. Ортаға шығып билеп, гармошке дүрілдеп жатыр. Күре тамыры аңырайып, көздері көк ала түтін болып кеткен сасық пивнойдың ішінде отырған адамдар ырың-жырың, би мен күйге қол шапалақтап, ақырып - бақырып отыр. Сырахананың іші азан-қазан. Нұраділ, Угар, Газбекқаралар да осында екен, олар өздері бес - алты жігіт, бір бұрышты мекендеп алыпты да, ортасына ұзын үстел қойдырып, үстін сыраға толтырыпты. Үстел ақсақалы Угар. Ол жібітіп іркіт құйған сабадай самайынан тері саулап отыр. Үйдің іші сыра мен тер сасиды. Ортасындағы үш жалаңаш әйелдің бір тықыр қара бұйрасын Газбеккара алдына өңгеріп, сыра сілекейі шұбырып, сүйіп-сүйіп қояды. Осылардың бәрін көрген Сатан айран-асыр таң қалды.
— Дүниенің рас қызығы мұнда екен ғой...— дейді ішінен.
Белекбай мен Шаңшай бұл жерге келген соң әкесінің үйіне келгендей болды да қалды. Орта жерден орын алып, сыра берушілерге сыбырлап, заказ беріп, құтың - құтың етеді. Қашаннан мұндай жерде көп болып, сырдесте болып қалған Бөлекбай, биллиард, карта, лот, сыраханаға, жезөкше мен араққа үйір, біреуінен де жүрегі айнымайтын, қайта жайшылықта соны іздеп тімтініп жүретін жулик Омар жер астындағы жарым жарты көр сықылды кең подвалға түскен соң сыртқы сыпайлықты, ұлық, законды ұмытып, жыны қозып кетті.
— Ой, жігіттер, бізге қыз қалды ма, жоқ бәрін өздерің алып алдыңдар ма? — деп көп ішінде Газбекқараларға қарап Бөлекбай гүрілдеді.
— Қалды, қалды, қыз керек болса, заказ берсең әкеп береді, — деп, Газбекқара сырахананың бір бұрышынан айқайлады. Шақшай да жымың қағып, тымағын қолтығына алып, ортаға қойған бір дюжне сыраны сылдырлатып жолдастарына құюға кірісті. Бұл да соңғы жылдар қаланың ұрлығына, қулығына, сұмдығына әбден қанығып алған еді. Нелер жулик, жалаңаяқ баскесерлермен артельдес болып, нелер көпес, нелер байбатша, төрелермен айқасып қалған қудың бірі еді. Бөлекбай қашып қалаға келгеннен бері Шақшай екеуі, тіпті ашына жай, артельдес болып, белгілі кәсібі болмай қала-қалаға қыдырып, ұрлық қылып, кісі талаудың ең жағымды кәсіп деп соған айнала бастаған еді.
Мәжіліс барған сайын қызды. Келіп жатқан кісі де молая бастады. Оларды есіктен қарсы алысып, бірінің үстіне бірін отырғызып жатыр. Үй іші тар, бұзау қорадай бықсып, демалуға болмай барады. Ортаға шығып, әйелдермен құшақтасып, тапыр-тапыр билеп жүрген кісілер үй ішін онан арман бықсытты. Біріне-бірі соқтығады. Бірін-бірі итеріп даланы, жын соққандай ду күліседі. Қазір жанжалдасып, қазір басылады. Тек біраз жерін ғана жасырған тыржалаңаш сыр майлы әйелдер бірінен соң бірі шығып секіреді.
Сатан өмірінде көрмегенді көріп, аузы аңырайып қалған. Омар тағы үстелді ұрып жіберіп еді, иығына орамал салған жылпың официант жетіп келді.
— Тағы бір дюжне сыра, — деп Бөлекбай заказ беріп қалды.
— Ойпырым-ау, мынауың бір бүлініп жатқан дүние ғой...— деді Сатан.
— Бұл осылай, інім... Көрмегенің көп сенің. Басың шикі. Осыларды көре-көре басың піседі, — деп Бөлекбай бір көтеріп қойды да, Сатанға бұл таныс үйінің жайын түсіндірді.
— Інім, бұл үй тұтасымен бір жесір қатындікі. Өзі үстінде тұрады. Асты ас-суын беретін столовой. Күн батқан соң-ақ осы үйде үлкен той басталады. Мұның шынайы тамашасы үстінде. Онда өңшең сұлу әйелдер, қыздар тұрады. Анау билеп жүргеннің пәтерлері жоғарыда. Және өздері мұнда тұрмайтын қаладағы сұлу әйелдер де осы үйге қатысып тұрады. Кейде еріккен байдың әйелдері де осында жасырынып келіп, жігіт құшақтап, тамаша қылып қайтса керек. Мұндағы әйелдер тілеген кісіні жоғары үйге қонарға жібереді. Әйелдің алуан сорты үстінде. Тек пұлың ғана болсын. Ақшаға таңдаған әйеліңді алып құшасың...
— Жігіттер, жоғарыға шығамыз ба? — деді Сатан.
— Әрине, шығамыз, әдейі келген соң бүгін білгенімізді бір істеп қайтпаймыз ба? — деді Бөлекбай.
— Әй, өлдік қой! Әкесінің аузын ұрып... бүгін бір дүниені қонышынан басайықшы... — деп Шақай алдындағы сырасын жұтып жіберді.
— Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда, — деген емес пе? — Үшеуіміздің ақшамыз бүгінгі сердебеге жетеді, — деп Бөлекбай жыртық портманесін үстел үстіне шығарып қонды. Өзі осы үй туралы білгенін айтып - айтып, Сатандарға білімін көрсетті.
— Мұнда сатылатын әйелдің, бөлменің бағасы әрқалай болады. 25 теңгелік әйелдер де бар. Онан кейін 10 сом, бес сом, бір сомдық әйелдер де болады. Ең аяғы 50 тиын...
— 50 тиындық кемпір шығар? — деді Сатан.
— Иә, кемпір-сампырлар, кемтар, ауру әйелдер, бірақ олардың да алушысы бар, — деді Бөлекбай.
— Қызы қанша екен? — деді Шақшай.
— Қызы қымбатырақ болады, — деді Бөлекбай.
«Қызы қанша екен» дегенді Сатан да ойланып қойды.
Бірақ Омардан оны сұраған жоқ. Бөлекбай сөзін жалғап:
— Бұл әйелдер тұрақты әйел болмайды. Күніне, жұмасына жаңаланып тұрады. Қала-қаланың бәрінде осындай әйел ұстайтын жер болады. Осы әйелдердің кәсібі қала-қаланы қыдыру. Сондай әйелдер поезда, пароходта, жәрмеңкеден-жәрмеңкеге жосып жүреді. Бұлар бір қалада бес күннен артық тұра алмайды. Бұл әйелдерді қала-қалада тексеріп, документтерін қарап, полицейлер айдап тұрады. Бірақ оларға тимейді. Өкіметтен алған бұл әйелдердің сары билеті болады. Полицейскийлер осы жезөкшелерді қуып, тексеріп, пара алып, қоя беріп жүре береді...
Сатан тамсанады. Бөлекбайдың көп білетініне таң қалады. Ол ел естімеген әңгімелерді айтады. Оның айтқанын өзінің қарсы алдында көріп отыр. «Шіркін, қала деген осы-ay! Жаныңа не керек болса, бәрі табылады. Қала сатпайтын нәрсе болар ма екен? Жаныңа не керек, соның бәрімен сауда қылады. Ең аяғы әйелдерді де керек қылсаң — ақшаңа аласың. Дап-дайын. Тек ақшаң ғана болсын, ақшаң... ақшаң...»
Бұлардың үстеліне де сыралар тізіліп жатыр. Сылқылдатып соғыстырып, соғып отыр Шақшайлар. Сыраның көбігін бұрқылдатып, мұртын батырып, құлақты қайшылап, Шақшай қылқылдатты. Сыраны ішкен сайын Сатанның өне бойы балбырап, құрыстырысы жазылып, жайдарысып, бейілдене, көңілдене бастаған сияқты. Бағанадан бері құлағына шу болып, шаншу болып тиіп отырған үйдің ішіндегі дабыр-дұбыр енді майда, көңілді, жүрекке жұмсақ, құлаққа жылы тиіп бара жатқан тәрізді. Шақшай да есіп сөйлеп, Ертіс болып ағып отыр.
Бөлекбайдың екі езуі құлағында, сылқ-сылқ күледі. Бірде үстелді қойып қалады, бірде қалтасындағы қарагер портмонесін қалтасынан алып үстел үстіне ұрады. Екі сөздің бірінде орысша боқтап, қазақшасында:
— Бас, жігіттер! — деп қояды.
Бұраң қағып, аш иттей еркелеп, екі сұмырай әйел бұлардың үстіне жетіп келді.
— Сіздерменен отыруға рұқсат етіңіз... — деп қылмың қақты. Бөлекбай оларға:
— Бара бер әрі! Бізге керек емессің, — деп қол сілтеді.
— Ой, неге? Отырсыншы қасымызда, — деп Шақшай Бөлекбайдың қолынан ұстай алды.
— Барсын бұлар, бір жарым теңгелік жамандары ғой...— деді Бөлекбай.
Әлгі әйелдер Бөлекбайдың кірбің етіп, кесек сөйлегеніне қорланбай, намыстанбай:
— Бұлар тоң адамдар екен...— деп көрші кісілерге кетісті.
— Сен ренжіп қалдың ба, керек десең шақырайын...— деп Бөлекбай Шақшайға қарады. Шақшай солғын ғана:
— Жалғыз маған керек емес, алсақ көбіміз ортамызға аламыз ғой, өздерің біліңдер, — деп күмілжіді. Оған Бөлекбай:
— Бұл иттер қасыңа отырса қалтаны қағып шығады. Ішпейтін арағы болмайды. Және өздерінің әйел сиқы жоқ. Бұзау тастаған кәрі сиыр сықылдандырып, бұларды қайтеміз, егер керек десеңдер әкесінің аузын ұрып...— деп Бөлекбай сырасын сімірді.
Бөлекбайдың бұл ұсынысы қасындағы Шақшайға да, Сатанға да ақыл сияқтанды.
Бұлар подвалда ұзақ отырды. Осы отырыста, дырықтың ішіндегі бөтелке босады. Бөлекбай, Шақшайлар нелер дәмсіз әңгімелерді сөйледі. Сатанның құлағы оларда, көзі айналасында болды.
Бір мезетте ішкендер, билегендер сирексіп, жұрт тарайын деді. Тек үш әйелді ортаға алған Нұраділ, Газбекқаралардың ғана сырадан соқтасы суымай, үсті-үстіне алдырып жатты. Газбекқара, Угарлар да бірін-бірі боқтасып, сырамен қарнын керіп, әлі көк ала түтінде отыр. Төгілген сыра, құлаған үстел, аунаған бөшкелермен бақсы ойнағандай болған сыраханадан түн ортасы ауғанда Шақшайлар да шығып, үйдің үстіңгі қабатына көтерілді.
ҚАШҚЫНОМАР
Баян қаласындағы Оська атамандар Омарды түрмеде ұрып-ұрып Керекуге жөнелткенде түннің ортасы еді. Омарды және Ырғайты еліне Ертіс бойынан Омармен бірге келген бір Уақ, бір Керей жігіті — үшеуін екі қазақ-орыс айдап, күн сәске уағында Қожығырдың бастауына келіп дамылдады. Тұтқындар бастау басына отырып, жолға берген қара нанды суға батырып жей бастады. Түнімен ұйықтамай бір қалыпты жаяудың аяңына ерген салт атты қазақ-орыстар да көңілсіз, салбыраңқы. Бұралаңдап аттарынан түсті. Екеуі екі атын шылбырынан ұстап отырып, қоржындарын шешті. Тамақтарын алып, су бойына отырды.
— Ия, тамыр, біздің қарнымыз аш, нандарыңнан беріңдер, — деп Омар оларға жауап қатты.
— Сөйлеспе! — деп жирен қасқа биені ұстап отырған жуантық сары қазақ-орыс, Омарларға қабағын түйді. Омар үндемей жайына отырып қалды.
Жайлап тамақтанған соң, қазақ-орыстар шылым тарта бастады. Отырған жері 3— 4 саржадан қашық емес, жылап аққан бастаудың бір-біріне қарсы қабағы еді. Қазақ-орыстардың екеуі де мылтықтарын мойындарынан алып, қолтықтап отырған күйінде махоркені орап жатып, әлденеменені айтып күлісе бастады. Омар қасындағы жігіттерге көзін қысып қалды. Соның арасынша болмады, Омар мысықша ырғып кеткенде, қасында екі жігіт те ұмтылды. Қапелімде байқамай қалған екі қазақ-орысты орнынан қозғалтпай балуан Омар қасқырша басып, әп-сәттің ішінде қару-сайманын сыпырып, үш жігіт айдап келе жатқан конвойды тонап алды да қойды. Омар жалма-жан арғымақ қасқа биеге мініп, қасындағы екі жолдасын енді бір атқа мінгестіріп, екі қазақ-орысты алдына салып, жолдан бұрыс тауға айдап кете барды.
Сонан кейін, Омарлар, Баян маңынан біржолата жоғалды. Олар екі қазақ-орысты тау арасына апарып жайлап кетіпті. Екі жолдасына бір атпен жөнелткен соң, Омар өзі Ертіс бойына түсіп кетті. Бір жүргіншіге қасқа биені сатты да, өзі пароходқа отырып Омбыға беттеді. Омбыға келген соң қаланың шетіндегі, Қасаболат диірменшінің үйінде жатып, қалжаланып, жарасын жазды. Сонан бері мұның хабарын ел де естімейді. Ұлықтар да жоғалтты. Омар енді көшеге шығатын болған соң киімін де, түсін де өзгертіп, қашқынның түріне кірген еді.
Бұрын қырып жүретін сақалды да қазір қоя бердің тымақты тастап малақайды кигенде өзінің көзі көк, өзі сары түсі қыр қазағынан мүлде бөлектеніп, Алтай жағындағы алтын прескелерінен ұрлықпен қашқан Барнаулда болатын кержақ жуликтеріне ұқсап қалған еді. Оның аты қазір Омар емес — Бөлекбай.
Сатан елден келгенде Омарды Бержабай Сүлеймендікінде жолықтырды. Бір-бірінің жайын сұрасты. Омар Сатандарға сонау даладағы құдық басында қой етін жеп аттанған түннен былайғы жүрістерін тізіп айтып, көп әңгіме қылды. Өздерінің Ырғайты елінің көтерілісіне қатынасып, ұсталып, аяғында қашып шыққанын айтты. «Мен қазір қашып жүрмін. Біреу-міреу біліп қоймасын, аузыңды жаба кер», — деп Сатанның берік болуын сұрады. Өзі Марданнан хабар білмеді.
— Баянға ұсталып келгенін ғана білем, сонан кейін екеумізді бөліп жіберді, бәлкім, өлтіріп те тастаған шығар... — деді.
Омар осында қашып келген соң, елден қашып келген Шақшаймен екеуі бірігіп Сүлеймендікіне бір арғымақ ұрлап сойыпты. Соның етін жеп, бұлар тек қаңғып, ұрлық қылып жатады екен. Осы кеште Сатан Сүлеймендікіне келгенде, Шақшайлар «жүр, жүр гуляйтқа барамыз» деп түнгі тамашаға Сатанды алып шыққан еді.
ЖАМАҒАТ ҮЙІНДЕ
Омарлар үстіңгі үйге шыққанда есік алдында үйелмендей жуан сары қатын шам жарығында шот қағып отыр еді. Үйге кірген қонақтарды көрген соң хозяйка қатын «пожалусталап» қасын қағып, қарсы алды. Бұл әйелмен Омар көптен бергі танысындай жымыңдасып, арсалаңдап, ерке меймансынып, сөйлесіп кетті.
— Сізде мекерженің қызы бар ма?— деді Омар.
— Бар, бар, бізден бәрі де табылады... Менен мейманның не қалағаны табылмаушы еді... — деп жатыр хозяйка қатын.
— Бізге мекерженің үш қызы керек, беріңіз... — деді Омар. ' -
— Қандай бағаға, қанша уақытқа? — деп меймандос әйел қылымсиды.
— Біз қонбаймыз, қызыңызды құшақтап қана аттанатын қонақпыз, сондықтан сіздің сыйды сағаттап есептейміз ғой... — деді Омар құда.
— Пожалуста, пожалуста... таңдаңыз, — деп құтын қаққан құдағи хозяйка қалыңдығы құрандай дара кітапты әкеп үстел үстіне қойды. Омар оны жалма-жан қолына алып, ала кез молдадай отыра қалып, аударып, қарауға кірісті. Сатан, Шақшайлар да Омар ашқан үлкен кітапқа үңілісті. Ішінің бәрі самсаған сурет екен. Ашқан сайын алуан түрлі әйел жарқ-жұрқ етеді. Қасын керіп, шашын бұрып, көзін қылмитып, ернін жымпитып, емшегін торситып түсе беріпті. Өңшең жалаңаш жатып та, тұрып та, қырындап та, тағы әлденеше түрлі тұрыспен суреттерін алғызған сұлулар жігіттерге қарап, жымыңдап шақырған сияқтанды. Сатанға «мұның бәрі бір қызығы мол дүние» тәрізденді.
— Мынаны қалай дейсіңдер, жігіттер? — деп Омар бір цыган әйелді көрсетті.
— Бұл кәпірдің ақшасы қанша екен? — деді Шақшай.
— Мына кісіңіз қанша тұрады? — деп, Омар хозяйкаға орысшылады.
— Жеке бөлме, түні бес сом...
— Сағатын айтыңыз?
— Сағаты да сол енді, — деді хозяйка.
— Осынша қымбат қылғаныңыз не? Арзандатыңыз... — біз күнде келіп тұратын кісі.
— Еркелеме, жаным, қымбат сұрағаным жоқ. Біздегі баға сол... Мұндай қызды өзге жерден 10 сомнан кем таппайсың...
— Жоқ, сонда да арзандат, бәйбіше... — деп Шақай да саудаға кірісті.
Есіктен жұлқына біреу кірді. Үстінде әскери киімі бар. Мойнында қылыш. Серейген арық, қара сұр, мас қазақ прапорщигі жолдасының қол