Бір күні Алдар көсе байларға ашуланып, оларды мұқату үшін бір байдың аулына келеді. Күн батып кеткен мезгіл болса керек, бай қозыларды қойдан бөлгелі жатыр екен дейді. Бай күржіңдеп, бір семіз қойды қозысын ертіп, шеткерек көгенге көгендеуге апара жатыр екен.
Көсекең артынан барып, қойдың қозысын алып, қала береді. Бай көген басына барса, қойдың қозысы жоқ, оны іздеп, кері жүгіріп кетеді. Осы кезде қаны қайнап тұрған Көсекең семіз қойды көгеннен босатып жіберіп, жетектей, тасамен тайып тұрған екен дейді.
Бай қайта оралып келсе, қойы орнында жоқ, кімнен көрерін білмей, сақалын жұлады.
Алдар көсе қойды үйіне әкеліп сойып, етін жеп, екі-үш күн өткен соң әлгі байдың аулына тағы барады. Кеште барған соң кете алмай, көсе байдың үйіне түнейді. Түн ортасы ауғанда бай шырт ұйқыда жатқанда Алдар көсе айқайлап, өкіріп:
— Ойбай, алтынды ұрылар әкетті, — деп, тұра келеді. Бай жалма-жан жарық жағып жіберіп, жастығының астындағы қоржындағы алтындарын түгендейді де:
— Бәрі түгел ғой, — деп, қайта төсегіне жатады.
Алтынның қай жерде жасырулы тұрғанын сезген көсе таң атуға жақын байдың есі кетіп ұйықтап жатқан кезінде байдың алтынын жастығы астынан қоржынымен суырып алып, сыртқа шығады да, бай үйінің сықырлауық есігін сыртынан байлап кетеді.
Бай таң атқан соң алтынын жоқтап, жан-жаққа іздеу салады. Ешкім білмейді. Ал байдың өзі де түнде келіп қонған қонақтың кім екенін білмейді.
Көсекең бұл алтынды орналастырып, екінші байдың аулына барған екен дейді. Бай базарға барып, мал сойып, етін сатып жатыр екен дейді. Алдар көсе қасапшы байдан ет саудалап, үш қадақ ет алмақ болады. Бай етті шегіп, ұстата бергенде, көсе өткір алмас пышақпен байдың қолын кесіп алады. Бай табанда есі ауып, құлап түседі. Ал, Алдар көсе бір тасалау жермен тайып кетеді.
Алдар көсе байдың қолын қапшығына салып, сол күні түнде ұйықтамастан кесілген қолды алып, алтынын алған байдың үйіне келеді. Алтыны ұрланған бай тағы да алтын ұрлауға ұрылар келер деп, қызын киіз үйінің кіре беріс босағасына күзетші етіп қойған екен дейді. Алдар көсе де ішінен күзетші болар деп сезіктеніп, киіз үйдің сықырлауық есігін аз ашып, кесіп әкелген байдың қолын үйдің ішіне ұсынады. Қыз өткір қылышымен қолды «кесіп» түседі. Алдар көсе:
— Ойбай, бикеш, қолымды кестің ғой, — деп, бақырады да, сырттағы атына міне, қаша жөнеледі.
Байдың қызы жарық жағып, үйдің кіре берісінде қан-қан болып, кесіліп қалған қолды тауып, әкесін оятып көрсетеді. Бай ертең еліне жар шашып, қолы кесілгенді тауып әкелгенге бәйге жариялайды. Байдың шабармандары қолы кесілген ет сатқан байды тауып алып, әкеледі. Ол бай:
— Ойбай, ет сатып тұрған жерімнен біреу қолымды кесіп әкетті, өзім өлермен халінде жүрмін, ханға апар, шешсін, — дейді. Алтын иесі:
— Ұры сенсің, қызым өтірік кескен жоқ және де сенікі, ханға жауапты өзім берем, — деп, қасапшы байды өлтірген екен дейді.
Алдар көсе күндерде бір күні алыстағы бөтен бір ханның еліне барады. Ханның ордасының айналасы кілең күзетші, бағушылар екен. Көсе өтірік домбырашы болып, ханның ордасына кіріп, байқатпай жүреді.
Түн болған соң Алдар көсе ханның алтынын алып, оны қапшыққа салып, ханның ат қорасына апарып, жасырынады. Ат қорадан ханның қара арғымағын тауып, оның бір жағын ақ балшықпен бояп, ағартады. Одан кейін арғымаққа міне шабады. Күзетшілер тоқтата алмайды. Хан алтынының алынғанын сезіп, күзетшілерді шақырып, қандай ат мінген адам кеткенін сұрайды. Хан ордасының қақпасының оң жағында тұрғандар:
— Қара ат мінген кісі кетті, — дейді.
Қақпаның сол жағындағы күзетшілер:
— Ақ ат мінген кісі кетті, — дейді.
Хан қатты кейіп, уәзірлеріне:
— Мына күзетшілерді өлтіріңдер, бір жағы қара, бір жағы ақ ат болмайды, мені мазақ етіп тұр. Өздері ұрлап жүр, — дейді.
Көсекең:
— Алтын да олжа, ат та олжа, — деп, еліне барып, қара арғымақты сойып, етіне тойып, алтынға керегін алған екен дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі