Өлең, жыр, ақындар

Алтын адам

1970 жылдары К. А. Ақышев пен Б. Н. Нұрмұхамедовтың басшылығымен қазақстандық археологтар Есік қаласы маңындағы обалардың бірінен бүгінде әлемге әйгілі «Алтын адамды» тапқан. Олар диаметрі 60 м, биіктігі 6 м болатын топырақ үйіндісінің орта және бүйір тұсының астынан екі қабірді аршыды. Орталық мола ертеректе тоналған екен. Ал бүйірдегі моладан Тянь-Шань шыршасынан кесілген бөренелерден жасалған там қазылып алынды. Тамның табанына, ағаш еденге кілем төселген (алайда кілемдер шіріп, алғашқы қалпын сақтамаған). Сол кілемнің үстінде бастан-аяқ алтын бұйымдармен әшекейленген киім киген адамның денесі (қаңқа сүйегі) жатыр. Үстінде — болат сауытқа ұқсас күдері ден тігілген қызыл күрте, аяғында — былғары етік, басында — биік былғары дулыға. Уақыт өте келе матасы тозған. Бірақ киімдер мен бас киімдерге тігілген алтын бұйымдар, әшекей жапсырмалар, қабылан бейнеленген белдік бас, екі балдақ және масақты оқ атар сол қалпында сақталған. Дулығаның маңдайшасына алтын жалатқан қанатты екі тұлпардың бейнелері жапсырылған. Оның салтанатты биік бас киімі, бешпенті, шалбары мен етігі 200-ден астам аң, құс бейнелі алтын жапсырмалармен безендірілген. Қару-жарағы, сақинасы да алтын. «Алтын адам» аталуы да соңдықтан. Соңымен қатар «Алтын адамның» қасына қыш құмыралар, ағаш ыдыс-аяқтар, т.б. заттар көмілген. Соңың бірі — 26 таңбадан тұратын жазуы бар күміс тостаған. Оны ғылымда «Есік жазуы» деп атайды.

Бұл ескерткіштер қазақ жерін мекендеген бабаларымыздың осыдан 2500 жыл бұрын өзіндік жазу-сызуы мен өркендеген мәдениетінің болғандығын дәлелдейді.

Есік обасы — Қазақстандағы б.з.б. V - IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш.

Қазіргі таңда Алтын адамның түпнұсқасы Астана қаласындағы Алтын және бағалы металдар музейінде сақтаулы. Ол — Қазақстанның ең құнды да қасиетті жәдігері, елдіктің, Тәуелсіздіктің символы. Оның тұлғасы Алматы қаласының Республика алаңына орнатылған (1996 ж.), Вашингтон қаласындағы ҚР Елшілігі ғимаратының алдында Алтын адам мүсіні қойылған (2006 ж.), бас киіміндегі қанатты тұл­парлар бейнесі Қазақстанның Мем­ле­кеттік Елтаңбасын айқыштап тұр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз