Астана әкімдігі мұғалімдерге 1000 тұрғын үй куәлігін беруді көздейді. Әрбір куәліктің мөлшері - 1 миллион теңге. Оны баспананың алғашқы жарнасы ретінде пайдалану қажет.
Қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, өткен жылы елордада 100 адамға тұрғын үй куәлігі табысталды. Оның ішінде 80-ге жуығы - мұғалімдер.
«Негізі, аталған шараның негізгі мақсаты да сол, мұғалімдерді қолдау, олардың тұрғын үй мәселесін шешу. Биыл Астана әкімдігі 2000-ға жуық тұрғын үй куәлігін таратуды көздейді. Соның жартысы ұстаздарға арналған. Оның ішінде колледж, мектеп және жоғары оқу орындарының оқытушылары бар», - деді Ә.Жанғозин.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында қала әкімі Бақыт Сұлтанов 100 адамға тұрғын үй куәліктерін табыстаған болатын. Әрбір куәліктің мөлшері - 1 миллион теңге. Аталған ақшаны ипотекалық баспананың алғашқы жарнасы ретінде қолдану қажет. Ал пәтерді үш айдың ішінде табу қажет. Демек, осы жылы наурыздың аяғына дейін пәтер табылмаса, ақшаны бюджетке кері қайтаруға тура келеді.
«Бұл «7-20-25» бағдарламасы емес. Дегенмен, банктің ішкі шарттары соған ұқсас. Салымшы алғашқы жарнаның 20 процентін жинауы тиіс. Содан кейін 7 проценттік ипотека 25 жылға беріледі. Бірақ пәтерді үш айдың ішінде тауып, ипотеканы рәсімдеп алу қажет. Үй жаңа тұрғын үйден алынуы шарт. Әйтпесе, әкімдіктің ақшасы бюджетке кері қайтарылады. Әзірше ол ақша арнайы есепшотта жата береді. Барлық шарттар орындалғаннан кейін есепшот ашылады да, алғашқы жарна ретінде салымшының қаржысына қосылады», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Астана қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
ҚазАқпарат
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жақсылық
100 адамға тұрғын үй куәлігі табысталды деп қалайша ауыз толтырып айтады? Тегін беріп отқандай? Табыстамады, кредитке тықты деу керек. Олар ай сайын ақшасын төлеп отыр емес пе? Екіншіден Мына берген 1 000 000 тг сі де сол кредитке тығудың жолы ғой! Ол 1 млн баспананың алғашқы жарнасына жетпейді де, оған қосатын ақшаны қайдан алады? Одан кейін жылдар бойы артығымен, у дай пайызымен төлеп отыры керек оны.
Жақсылық
«Негізі, аталған шараның негізгі мақсаты да сол, мұғалімдерді қолдау, олардың тұрғын үй мәселесін шешу. Биыл Астана әкімдігі 2000-ға жуық тұрғын үй куәлігін таратуды көздейді. Соның жартысы ұстаздарға арналған. Оның ішінде колледж, мектеп және жоғары оқу орындарының оқытушылары бар», - деді Ә.Жанғозин.
Астанада бос үй көп, соның сатылу мәселесін шешу. Ұстаздар, колледж, мектеп және жоғары оқу орындарының оқытушыларын кредитке тығу, аталған шараның негізгі мақсаты да сол. деу керек еді басқа сөздермен айтқанда.
Толғанай
Басқа қалалардың мұғалімдерін неге бөле береді?