Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, адам атаулы қол қусырып, аузымен ораң орған заманда бір королі. болыпты. Ол корольді жұрты жақсы көрмепті. Қарп халық қана емес, сарай маңын сағалағандар да оны жек көріпті.
Шынында оның құдай сүйер қылығы жоқ еді...
Ал еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейіннің бәрі мұрагерді жандарындай жақсы көріпті. Ол деген де өмірлерін қиюға әзір тұрыпты. Олай болатын себебі: мұрагер отан дегенде жүрегін суырып беруге бар екен. Ол король сарайынан сытылып оңаша шыға қалса, ажарынан айрылып жатқан аймақты аралап жүріп: «Қайран жерім, қайтейін, өстіп шаң басып жата берер ме екенсің!..»— деп көкірегі қарыс айрылады екен.
Шалшықты көрсе: «Мұның суын жырып апарып шөл жерлерді суарса, жұмақ болып-ақ кетер еді. Ауру атаулы да құрыр еді»,— дейді екен.
Мұрагерді журналистер де жақсы көріпті. Корольдің баспасөзді тұқыртып ұстайтынына өзінің наразы екенін жас мырза кейде ашық айтатын болса керек.
— Баспасөз бостандығы жоқ елде демократия болуы мүмкін емес! — дейді екен ол.
Мұрагер де журналистерді жан-тәнімен жақсы көріпті. Олармен жиі-жиі шүйіркелесіп, іштегі шерін тарқатып жүріпті.
Корольді тақтан тайдырып, орнына мұрагерді отырғызса ғана баспасөз бостандығы болатынына журналистер шүбәланбапты. Сондықтан олар жас принцтің соңынан шұбырып еріпті де жүріпті. Принц журналистерге қонақасы беріп, олармен бірге суретке түсуді ұнататын болыпты. Суретін тарту еткенде, сыртына: «Кіршіксіз достығымыздың ескерткіші болсыншы» деп жазып береді екен. Сөз бен ой бостандығының мұрагердей қамқоршы-жоқшысын барша өнер адамдары жақсы көріпті. Елімізге бұл ие болса, қасіреттен құтылар едік деп кедей-кепшік те оны құрмет тұтады екен. Чиновниктердің үміті де ерекше болыпты. Жерімізді жұмаққа айналдырар едім деген мұрагерді шаруалардың қалай жақсы көргенін айтуға тіпті тіл жетпесе керек.
Жұрттың мұрагерді қошеметтеуі асып бара жатқанын көрген король оны сарайдың бір оңаша бөлмесіне көшіртіп, халыққа көрінуіне тиым салыпты. Оған алтын-күмісті үйіп-төгіп беріп, жанына сұлу қыздарды қосып қойыпты, бірақ, мұрагер ол қулыққа алданбапты, тіпті корольдің қаһарынан да жасқанбапты, ол отаныма қайтсем пайдам тиеді дегенді ғана ойлапты.
Корольді қылаяғы күзетшілері де жек көреді екен. Олар да мұрагер жағында болыпты, оның құпия сәлемін журналистерге жеткізіп жүріпті.
Сөйтіп, күндердің бір күнінде, езгіге төзе-төзе болған халық көзі ашық азаматтарының бастауымен көтеріліс жасап, корольді тақтан ұшырып, орнына мұрагерді отырғызады. Ұлан-асыр той-думан басталады. Сарай қызметшілері түгел жиналып, жаңа корольді құттықтауға барады.
Тақта отырған король оларға түйіле қарап:
— Сендер кімсіңдер?— дейді.
Сарай қызметшілері сасып қалады. Өздері бәйгеге бас тігіп жүріп таққа отырғызған королі шынымен танымай қалғаны ма?!
— Ұлы мәртебелі, оңаша бөлмеде қамауда отырғаныңызда сіздің журналистерге жазған құпия хатыңызды жеткізем деп жанымды шүберекке түйген мен едім ғой, есіңізде бар ма? — дейді сарай күзетшілерінің бірі.
Король сәл-пәл ойланып отырады да:
— Есімде жоқ. Ол қашан еді? Мен сізді бірінші рет көріп отырмын, — дейді.
Сонда сарай қызметшілерінің басқа біреуі тұрып:
— Ұлы мәртебелім, әлбетте, мені ұмытпаған боларсыз. Екеуіміз корольді тақтан қалай тайдырамыз деп ақылдасып талай түнді бірге өткіздік қой,— дейді.
Король оған:
— Сіз, сірә, сондай түс көрген шығарсыз. Мен ондай ештеңені білмеймін,— деп жауап береді.
Сөйтіп, ол ешкімді танымай қояды.
Корольді құттықтауға ертеңінде журналистер барады. Король оларды да танымай қояды. Әрқайсысына бағжия қарап:
— Мен сізді білмеймін. Ешқашан көрген емеспін,— дейді.
— Ұлы мәртебелім, бұныңыз қалай?— дейді журналистердің біреуі.— Сіз мені аға дейтінсіз. Ылғи да құшақтап сүйетінсіз. Көңіліңіз бұзылып: «Бостандық, бостандық!» деп айқайлап та алатынсыз.
Кім? Мен бе?
— Иә, сіз.
— Қашан?
— Король боларыңыздан бірнеше күн бұрын.
— Қай жерде?
— Кездескен жердің бәрінде.
— Есімде жоқ. Сіз мені біреумен шатастырып отырсыз.
Екінші журналист оған бәрі бірге түскен суретті көрсетіп, сыртындағы қолтаңбасын оқып береді. Король сонда да танымай қояды.
— «Қорыққан да — бір, қуанған да — бір деген, сірә, мұның есі шығып кеткен ғой»,— деседі журналистер, сонсоң корольді сейілдеп қайтуға шақырады. Оны өзі жұмаққа айналдырар едім деген жұтаң жерлерге алып барады.
Король көзін қолымен көлеңкелеп, сығырайып қарап:
— Мені қайда алып келдіңдер?— дейді.
— Осы жерге көл орнатамын дегеніңіз есіңізде ме? Жұрт балық аулай алатын болсын дегенсіз. Туристер келіп тамашалап жүрсін дегенсіз.
Король шаң басқан далаға тағы да бір қарап алып:
— Бірінші рет көріп тұрмын. О, тәңірім, неткен жексұрын жер! — дейді.
Король өзі мұрагер боп жүрген кездегі оқиғалардың ешбіреуін білмейтін, сол кездегі жолдастарының ешқайсысын танымайтын боп шығады. Онысына корольдің өзінен басқалардың бәрі аң-таң болады.
— Король кісі тану қабілетінен айрылған сияқты, тым болмаса өзін өзі таныр ма екен, көрейікші,— дейді сонда біреу тұрып.
Олар ұлы мәртебелілерінің алдына алтын жақтаулы үлкен айна әкеліп қояды. Король айнадағы өз пішініне қарайды да:
— Мынау кім?— дейді.
— Сіз емессіз бе?!
— Жоқ, мен емеспін. Мен мұны бірінші рет көріп тұрмын! — дейді король.
— Бұл сізсіз,— деседі оған.
— Жо-жоқ, мен емеспін. Өздерің қараңдаршы!
Қаумалап тұрған көпшілік айнаға қарайды да, жағаларын ұстайды:
— Король рас айтады. Мынау шынында бөтен біреуі!— деседі.
Айнада: есек құлақ, өгіз мүйіз, маймыл жүн, аю аяқ, шошқа тұмсық, жайын ауыз бір құбыжық тұр еді.
Жұрт оның жаңа король екенін тани қойды... Сарайда қамауда отырған жаңа мұрагерді дереу таққа отырғызу үшін тағы да көтеріліс жасады.
Албастыны айналайын дегенмен әулие болмас.
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі