Ерте, ерте, ертеде, бір ғажайып өлкеде Мейірімді Шаңсорғыш болыпты. Өзі сондай сүйкімді, елгезек, еңбекқор екен. Өтініш айтқан үлкен-кішінің көңілін қалдырмай әп-сәтте тазалау керек жерді айнадай жалтыратып шығатын. Ал жұмысы аяқталса, көшеге шығып кішкентай балаларды арқасына мінгізіп, тұмсығын көтеріп алып «Мен пілмін! Сендердің алып пілдеріңмін!» деп әрлі-берлі шапқылап ойнататын. Балалармен ойнаған кезде оның шаң соратын тұмсығынан субұрқақ сияқты су шашырайтын. Осылайша көңілді, мамыражай күндер өтіп жатты. Күндердің бір күні қайдан, қашан келгені белгісіз, адамдардың жүрегіне күншілдік пен қызғаныш, мейірімсіздік ұя салып кетіпті. Адамдар күрт өзгере бастайды. Бұрын «сіз-біз» деп сыйласқан жұрт енді бір-біріне дөрекілік танытып, күштілері әлсіздеріне әлімжеттік жасай бастады. Тіпті бауырлардың өзі бір-бірімен араласуды қойды. Көшеде көңілді балалардың шуы емес, жанжалдасқан жандардың дауы ғана естіліп жатты. Адамдардың күйіне шыдай алмаған Мейірім аппақ қанаттарын қағып оларға араша түсуге тырысқанымен, «Кіш, сенің бізге керегің» жоқ деп ешқайсы жанынан жолатпады. Қатты өкпелеген Мейірім сонау алыс асқар тауды бетке алып ұшып кетіпті. Тек Мейірімді Шаңсорғыш қана еш өзгермепті. Бұрынғы көңілді күйінен ажырамай, адамдардың үйін тазалау үшін күнде есіктерін қағып келіп тұрады. Бірақ үйлерін тазалап бергені үшін енді оған ешкім алғыс айтпайды, қайта үйін тазалатып, тезірек көшеге шығарып жіберуге асығады. Тіпті біреуі оны бүйірінен бір тепкені де бар. Қатты қапаланған Шаңсорғыш сонша жыл бауыр басқан адамдарды жамандыққа қимай күні-түні қалай көмектесуге болады деп ойлап, бас қатырады..
Бүгінгі күн ерекше нұрланып, сәулесін мол шашып атқанымен, ол да адамдардың жүрегін селт еткізе алмады. Сол кезде Шаңсорғыш іске кірісті. Не істеді дейсің бе? Бар күш-қуатын жинап, адамдардың бойындағы күншілдік пен қызғанышты, жаман пиғылдарды өзіне қарай сора берді, сора берді....
Қанша күн өткенін өзі де білмейді, әбден шаршап тұмсығын төмен түсірген кезде шаттанған жұртты көрді. Бәрі бәз баяғы мамыражай қалыпқа түсіпті. Көше қайтадан балалардың көңілді шуына толған. Мейірімді Шаңсорғыш өмірінде дәл осылай қуанып көрмеген шығар! Шаршағанын ұмытып секіріп билей жөнелді. Балаларды қатты сағыныпты. Балалар да мұны сағынған шығар! Ол тұмсығын жоғары көтеріп алып, қуана жүгіріп балалардың жанына келіп еді....бәрі мұны көріп, үрейлене қарап кері шегінді. Кішкентайлары тіпті жылап жіберді. Ересек балалар оған тас ата бастады. Ал үлкендер болса оны тұмсығынан сүйреп ауыл сыртына апарып тастады. Ешнәрсені түсінбеген Шаңсорғыш өксіп-өксіп жылады. «Мен тек адамдарға көмектескім келді ғой. Олар менен неге қашады?» деген ой жанын жегідей жеді. Қанша жыласын, бір кезде есін жиып, тұмсығын енжар сүйреп басы ауған жаққа қарай бет алды. Бұл кезде асқар тау асып кеткен Мейірім ауылға қайтып ұшып келе жатқан еді. Кенет көңілсіз кетіп бара жатқан Мейірімді Шаңсорғышты көріп, оған бұрылды.
— Мейірімді Шаңсорғыш, неге ұнжырғаң түсіп кеткен? Сені адамдарға үлкен жақсылық жасады деген қуанышты хабарды естіп мен де ұшып келе жатқан едім, — деп аппақ қанаттарымен оны шыр айналып ұшты.
— Мейірім, келгенің жақсы болды....сен адамдарға керексің...ал менің енді оларға қажетім жоқ сияқты...бара ғой, — деп Шаңсорғыш әрі қарай ілбіп жүре берді.
— Жоқ. Мен сені бұлай қалдырып кете алмаймын. Жүрші, бұлаққа барып, ақыл сұрап көрейік. Тау-тасты көп шарлайды, бәлкім бір амалын табар......
Екеуі өзен жағалауына келді. Сылдырлап аққан бұлақ оларды су шашып, құшақ жайып қарсы алды. Мейірім оған болған оқиғаның бәрін баяндап берді.
Иә, адамдарға жасаған жақсылыңды бәріміз естідік. Нағыз батыр екенсің! Енді біз де саған көмектесуіміз керек. Қане менің бетіме қарашы..
Шаңсорғыш бұлақтың мөлдір суына еңкейгені сол еді.....шошып кетті! Ол көрген жан шошитын қап-қара құбыжыққа айналып кетіпті! Адамдардың бойындағы бар жамандық оны осылай өзгертіп жібеген екен ғой. Шаңсорғыш балалардың өзінен неліктен сонша қорыққанын енді түсінді. Жылап жіберетін шығармын деп ойлады, бірақ жыламады. Керісінше кеудесін қуаныш кернеді. Ол адамарды құтқарып қалды.
Өзін қойшы, жай ғана шаңсорғыш қой. Ең бастысы адамдарға Мейірім қайтып оралатын болды!
Оның мұндай күйге түскенін бұлақ маңындағы самал жел де байқаған еді. Ақырын соғып, олардың жанына келіп:
— Шаңсорғыш, саған көмектессем бола ма?- деп сұрады
— Қалай көмектеспексің?
— Қазір көресің!
Самал жел әп-сәтте алып құйынға айналып шаңсорғыштың ішіндегі барлық жамандықты үйіріп алып, алыстағы көз көрмес, құлақ естімес мекенге апарып тастады. Шаңсорғыштың бойы жеңілдеп қалды.
Шаңсорғыш мен де саған көмектесейін, — деп бұлақ суын шашып оны тап-таза етіп жуып берді. — Ал енді қайта қарашы!
Шаңсорғыш бұлаққа қарап еді...Алақай! Өзінің бұрынғы қалпына оралыпты. Тіпті бұрынғыдан да сүйкімді болып кеткендей ме!
Ол самал жел мен бұлаққа алғысын жаудырды.
Содан Мейірім екеуі ауылға қарай жол тартты.
— Мейірім, Мейірім.
— Ау.
— Мені көргенде неге қорықпадың?
— Өйткені мен барлық жаратылыстың бойындағы мейірімді ғана көремін ғой. Қалған нәрселер маңызды емес.
Ауылға оралған Мейірім мен Шаңсорғышты бәрі қуана қарсы алды. Адамдар Шаңсорғыштан кешірім сұрады. Шаңсорғыш оларды әлдеқашан кешірген болатын. Тіпті ренжімеген де сияқты. Ұзын тұмсығын көтеріп алып, арқасына балаларды мінгізіп «Мен алып пілмін!» деп ойнап жүрген сүйкімді Шаңсорғышты көрсең оның Мейірімді Шаңсорғыш екенін білгейсің.
Айко
Оте керемет екен .маган унады
Махаббат
Оте керемет.
Магыналы екен