М. Дулатовтың «Кім сендерді, балалар, сүйетұғын» деп басталатын «Шешенің балаларын сүюі» деп аталатын өлеңі Ыбырайға телініп, оның жинақтарына [Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. Алматы: Жазушы, 1988. -19 б.], оқулықтарға [Ана тілі. (Хрестоматия). - Алматы: Атамұра, 2009. — 61 б.] енгізіліп жүр. «Ана тілі» газетінің 2006 жылғы 27 наурыздағы нөмірінде «Білім академиясының назарына» деген айдар-арнаумен «Өлең Ыбырайдікі ме, Міржақыптікі ме?» деген мақала жарық көрді.
Онда Ақмола облысының Астрахан ауданындағы орта мектептің мұғалімі Б. Ахметова 1991 жылы «Жалын» баспасынан Серік Мақпырұлының құрастыруымен шыққан Ы. Алтынсариннің «Өнер, білім бар жұрттар» жинағындағы «Ананың сүюі» өлеңі С. Мақпырұлы, Г. Құрманбай, А. Қыраубаева құрастырған 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында (2004 ж.) М. Дулатұлынікі делініп, «Шешенің балаларын сүюі» деген тақырыппен берілуі қалай деп сұрақ қояды. Сөйтіп, екі өлеңді де қатар жазып, айырмашылығының аз екеніне көңіл аударып: «Ең бастысы автор Ы. Алтынсарин бе, әлде М. Дулатұлы ма? Бұл сауалымызға екі кітапты да құрастыруға қатысқан С. Мақпырұлы жауап берсе екен» дейді.
Сол жылы 27 сәуірде Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры С. Мақпырұлының «Өлеңді Ыбырайдікі болғызған мен емес» деген жауабы жарияланды. Онда автор Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми кітапханасына әдейі барып, Міржақыптың 1914 жылы жарық көрген «Азамат» атты жинағын көргенін, кітаптың 13-14 беттерінде аталған өлең бар екенін айтып, бұл өлең М. Дулатовтікі екенін түсіндіреді.
Ыбырайдың 1991 жылғы «Өнер, білім бар жұрттар» жинағынан М. Дулатұлының өлеңін алып тастай алмауының себебін құрастырушы былайша түсіндіреді: «Ы. Алтынсарин шығармаларының қолжазбасын баспаға 1989 жылы тапсырдым, оның шығу-шықпау мәселесі бірден шешілмей, қолжазба бірер жыл кідіріп қалды. 1991 жылы 150 жылдығы аталып өтетін болды да, баспа осыған орай даяр тұрған қолжазбаны сол жылы жазда кітап етіп шығарды. Менің құрастырушы ретінде Ыбырай жинағынан аталған өлеңді алып тастауға мүмкіндігім болмады. Міржақып тағдыры шешілмеген кез болатын (1989). 1991 жылы жинағы шыққан соң ғана ақталды ғой».
Шындығында, бұл Міржақыптың туындысы. Оған тағы бір дәлел – жоғарыда сөз болып отырған өлең 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясында» да, одан кейінгі 2003 жылғы басылымында да, 1935 жылы шыққан (құрастырып, алғы сөзін жазған Б. Сүлейменов) жинағында да, 1955 жылы С. Сейфуллин құрастырған таңдамалы шығармаларында да жоқ.
Шығарма кітапқа енген соң оны көпшілік оқиды. Сөйтіп, бір қателік, ондаған қателікке ұрындырады. Мәселен, Ы. Алтынсариннің 167 жылдығына арналған «Ыбырай Алтынсарин және білімнің қазіргі мәселелері» атты Республикалық ғылыми-әдіснамалык семинар материалдарының жинағында М. Дулатовтың біз сөз етіп отырған жоғарыдағы өлеңі Ы. Алтынсарин шығармасы ретінде талданады.
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң,
балалар жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын
көлдететін, —
деген Ы. Алтынсариннің бұл өлең шумақтарынан отбасында баланы сүйіп, еркелететіндігін және ата-ана баланың алғашқы табиғи тәрбиешісі екенін, қазақ халқының балажандық қасиеті мен ерекше мейірімділігі бар екенін көреміз» [Асылбекова М. Ыбырай Алтынсарин шығармаларындағы жеке тұлға мәселесі // Ыбырай Алтынсарин және білімнің қазіргі мәселелері. — Ы. Алтынсарин қоғамдық қоры, 2009. «Мастер ПО» ЖШС, 2009. 44 б.].
Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы №4 орта мектептің мұғалімі Н. Жапанованың «Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» [№4 (28) сәуір, 2011. -17-19 б.б.] журналында жарық көрген «М. Дулатұлы: «Шешенің балаларын сүюі» атты әдістемелік мақаласында, тақырыбы айтып тұрғандай, М. Дулатұлының шығармасы ретінде қарастырылады.
Мұғалімдерде кінә жоқ, кінә шыққан кітаптарда болып тұр. М.Дулатұлының «Шешенің балаларын сүюі» өлеңі Ыбырай жинағына «Ананың сүюі» деген атпен қалайша еніп кетіп жүргенін ыбырайтанушы ғалым Әнуар Дербісәлин М. Дулатовтың 1920 жылдары «Оқу құралы» атты кітабына Алтынсарин шығармаларымен бірге өзге авторлардың шығармаларын да аты-жөнін көрсетпей беруі себеп болғанын жазады.
«Ыбырай шығармаларының ішінде 50-ші жылдарға дейін авторы белгісіз бірсыпыра шығармалар енгізіліп келді, — дейді ғалым. — Олар «Бұл кім?», «Ананың сүюі», «Жаз шыққанда» деген өлеңдер, «Дүниеде жамандық неден?», «Байлық», «Мақта қыз бен мысық» деген әңгімелер, И. А. Крыловтың «Егіннің бастары», «Қайырымды түлкі» мысалдарының аудармасы [Дербісәлин Ә. Ыбырай Алтынсарин. Өмірі мен қызметі туралы. Алматы, «Қазақстан». 1965 — 33-34 б.б.].
С. Дулатов «Оқу құралының» мән-мазмұнын аша түсу мақсатында өзінің «Ананың сүюі», А. Байтұрсыновтың И. А. Крыловтан аударған «Егіннің бастары», т.б. авторлардың шығармаларын қосуы, әрине, орынды. Алайда Кеңес дәуірінде олардың аты-жөнін атау қылмыс саналды. Сондықтан «Оқу құралы» қайта басылып шыққан кезде М. Дулатов, А. Байтұрсынов аты-жөндері сызылып, өлеңдері авторсыз қалды. Мұны ол тұста (1960 жылдары) Ә. Дербісәлин айта алмады, оларды айтса, кінәлі, жау етіп көрсетуі керек. Сол себепті Ә. Дербісәлин «Халық жауы» емес, И. И. Дмитриевтің атын атап, Дулатовты кінәлі етіп көрсетіп, «Ыбырайдың көркем шығармаларының көп уақытқа дейін жете сұрыпталып, анықталмай келуіне қазақтың буржуазияшыл ұлтшылдарының көп зияны тиді» [Ыбырай Алтынсарин «Өмірі мен қызметі туралы. Алматы, «Қазақстан», 1965. – 33 б.] деп жазуға мәжбүр болды.
Бұл айтылғандардан «адасқан» өлең авторы М. Дулатов екендігін, оның Ыбырай кітаптарына қалай еніп кетіп жүргенін аңғару қиын емес.
Қалай болғанда да екі өлеңнің екі автор жинағында бірдей қайталанып жүруі оқырмандарды әртүрлі ойға қалдырып, шатастырары сөзсіз. Сондықтан Ыбырай жинақтары қайтадан жарық көрген кезде бұл өлеңді алып тастаған дұрыс деп білеміз.
Серікбай Оспанұлы,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының
профессоры
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
ДАНА
Иә, Міржақыптікі