Көп жағдайда біздің қам-қарекетіміз, тілек-қалауымыз және көңіл күйіміз біздің өзімізге, қоршаған ортаға немесе сыртқы ахуалға ғана емес, сондай-ақ біздің организмізде шығарылатын арнайы химиялық заттектердің микроскопиялық мөлшеріне де байланысты. Бүгін біз солардың бірі — дофамин нейромедиаторы, оның мый жұмысының өнімділілігін қамсыздандырудағы рөлі мен оны дұрыс пайдалану жайында әңгімелеспекпіз.
Мыйдың жасушалары нейрондар — аксондар мен дендриттер арқылы бірігетінен және электр импульстармен алмасып отыратынынан бөлек олар нейромедиатоларды — реттеуіш функциясы бар гормонтәріздес заттектерді бөліп шығаруға да қауқарлы. Өнімділік пен жетістік тұрғысынан алып қарағанда бізді «бақыт гормондары» тобына жататын дофамин нейромедиаторы қызықтырады. Оларға, серотонин, эндрофиндер және окситоцин де жатады.
Дофамин — бұл мотивация мен табысты атқарылған істен соң келетін қанағаттанғандық сезімі үшін жауапты заттек. Бұл әуелі бізді әрекет етуге ынталандырады, содан кейін жақсы істелген жұмыс үшін марапаттайды деген сөз. Ғалымдардың айтуынша организміндегі дофамин деңгейі жоғары адамдар, өршіл мақсаттарға жету және үлкен марапат алу үшін, ыждаһаттырақ жұмыс істейді.
Алайда, мәселе дофаминнің жалпы деңгейінде ғана емес. Мыйдың нақты қай бөлігі осы нейромедиаторды шығарып жатқаны да маңызды.
Neuroscience [Michael T. Treadway, 2012] журналына жарияланған зерттеу қиын жағдайларда көбірек күш салатын адамдардың стриатумдағы және вентромедиалдық префронталды қабықтағы — мыйдың марапаттау және ынталандыру үшін өте маңызды бөліктеріндегі дофаминнің бөлінуіне реакциялары жақсы болғанын айтады.
Ал күшін аз жұмсағандардың, керісінше, аралшықтағы — мыйдың сана-сезімге, ақпаратты қабылдауға және әлеуметтік тұрғыда танылатын мінез-құлыққа қатысы бар бөлігінде дофаминге реакциясы жоғары болған.
«Өнімді» дофаминнің бөлініп шығуына қалай ықпал етуге болады? Өзіңізге әдейілеп қиын жұмыстарды таңдап алыңыз. Осылай етсеңіз, дофаминге стриатумда және вентромедиалдық префронталды қабықта әрекет еткізесіз.
Дофаминнің тағы бір ерекшелігі сол, ол нақты жетістіктерге ғана жауап ретінде бөлініп шыға бермейді. Мәселе мый үшін «ақиқат» деген ұғымның болмауында. Ол ағзалар, сезімдер арқылы немесе өзі (түс көрген кездегідей) жасап шыққан бір ғана бейне бар. Сондықтан, армандарға берілу, құр қиялдарды құру да ол үшін қызметтің бір түрі болып табылады. Бұл жағдайда, ол әрине, сәтті аяқталған қызмет. Сол себепті ол да өзін марапаттап қояды, марапат аздау болуы мүмкін, себебі күш көп жұмсалған жоқ.
Егер де сіз осылай құр қиялға берілушілікпен жиі-жиі айналысып кетсеңіз, онда осындай кішігірім, бірақ жағымды әрі оңай қол жеткізілетін дофамин «инъекцияларына» күніңіз қарап қалу ықтималдығы жоғары. Ал сол кетіп жатқан уақытта сіздің мақсат-мұраттарыңыз бен армандарыңыз сол орнында — сіздің басыңызда іске аспай қала береді.
Бұндай жағдайда істелуі керек қарекет оңай. Сіздің басыңызға қандай да бір идея келе салысымен және сіз оны санаңызда тіркеп, қалай жүзеге асыруға болатынын ойластырып көре салысымен оны қағазға жазып, оның нақты іске асу уақытын белгілеңіз. Немесе, егер, ол идея соншалықты көкейкесті және/немесе қолжетерлік болмаса, құрығанда, оны қайта қарау уақытын белгілеп қойыңыз. Осылай қылсаңыз, сіз екі жеп биге шығасыз: мыйыңызды мәселеден босату арқылы дофаминнің босқа шығындалуын болдырмайсыз, сонымен қатар өз идеяңыздың жүзеге асу ықтималдығын анағұрлым арттырасыз. Немесе, ең бері болғанда, ол туралы ұмытпай, болашақта пайдалану үшін сақтап қоясыз.
Сіздің ойға алған мақсаттарыңыз орындалып, зарықтырған марапатыңызды алған соң дофамин қандай күйге түседі? Сіз ісінің жемісін жеп құры жата беретін адамдардың қатарынансыз ба, әлде салған жерден келесі үлкенірек, күрделірек мәселемен айналысып кетесіз бе? Белгілі болғанындай, дофамин бұл жерде де қарап қалмайды екен!
Қалыпты жағдайда адам белгілі бір табысқа қол жеткізген соң, организміндегі дофамин деңгейі төмендеп кетеді де, жаңа бір түрткі пайда болғанша бір деңгейде біраз уақыт тұрып алады. Қалай болғанда да сіз, айтарлықтай бір нәрсе істеген соң, прокрастинация (еріншектік, кейінге қалдыра беру) күйін кешетініңіз анық.
Бұл нейробиологиялық заңның аясынан шығу және өзіңіздің дофаминдік жүйеңізді бұзу үшін қазіргі мақсатыңызға жетпей тұрып, жаңа мақсат белгілеп алыңыз. Осылай қылғанда сіз мәжбүрлі түрдегі биохимиялық кідірістің уақытын әлдеқайда қысқартасыз.
Сіз өте ынталы, тындырымды және тәртіпті адам болып кеттіңіз деп есептейік. Сіздің дофаминдік жүйеңізге не болады?
Егер сіз дәл сондай болсаңыз, бұл сіз күн сайын алдыңызға мақсат-мұраттар қойып, оларға қол жеткізудің қамын жасайсыз да, ақыр соңында өзіңіздің биохимиялық және де шынайы марапатыңызды аласыз деген сөз. Бұндай мінез-құлық организмдегі дофаминнің толассыз айналымына себеп болады. Бастапқы кездегі дофаминнің мөлшерінің жоғарылығы ынта-талабыңыздың жақсы екенін білдіреді. Бұл, өз кезегінде, жақсы тындырымдылық пен үлкен табыстарға жетелейді. Нәтижесінде сіз тағы да көп мөлшерде дофамин аласыз. Цикл тұйықталды.
Прокрастинацияға берілген адам керісінше жағдайға ұшырайды. Құр армандай беріп, бірақ ештеңе істемейтін ол дофаминді аз алады да, бұл ынта-талабының және тындырымдылығының төмен болуына, яғни шынайы табыстарының жоқтығына және дофаминнің аз бөлігуіне апарып соғады.
Бұл тұйықталған шеңберден қалай бұзып-жарып шығуға болады? Өзіңіздің мақсатыңызды бірнеше ұсақ мақсаттарға бөліңіз. Ұсақ мақсаттарыңыздың әрқайсысына қол жеткізген сайын сіз дофаминді салыстырмалы түрде жиірек алып тұрасыз, бұл сіздің мотивацияңызды керекті деңгейде ұстап тұруға септігін тигізіп, сізді нәтижеден кейінгі құлдыраудан сақтайды. Іс жүзінде бұл сіз күн сайынғы кесте құрып, бәрін қатаң түрде сол кесте бойынша атқарып отыруыңыз керек екенін де білдіреді.
Шын мәнісінде бұл бұрыннан келе жатқан қатаң еңбек этикасы мен бел буушылық. Сана-сезіміңізді белгілі бір нәрсеге оқтаңыз да, оны жүзеге асырыңыз. Жеткен табысыңыз сізді қанағаттанғандық сезіміне бөлейді де, көбейген дофаминді алдыңғыдан да ауқымдырақ нәрсеге қол жеткізуге пайдаланасыз.
Дофамин — бұл адамның белгілі бір қам-қарекет жасар алдындағы ынта-талабы және одан кейінгі қанағаттану сезімі үшін жауапты нейромедиатор. Біздің іс тындырымдылығымыз үшін мыйдың нақты қай бөлігі дофаминді шығарып жатқаны зор маңызға ие. Дұрыс дофаминнің шығарылуына түрткі болу үшін әдейілеп тұрып күрделі және өр істерді атқаруға кірісіңіз. Босқа армандай бермеңіз — бұлай қылсаңыз өз дофаминіңізді зая кетіресіз. Дофамин секрециясының табиғи түрде азайып кетуін болдырмау үшін қазіргі ойға алған мақсатыңызға қол жетпей тұрып-ақ (мақсат орындалуға аз қалған кезде), келесі мақсатыңызға жету жағын жоспарлай беріңіз. Тағы бір нәрсе қаперіңізде болсын: неғұрлым ісіңіз тындырымды болатын өмір салтын ұстансаңыз, дофамин мен нақты нәтижелерді соғұрлым көбірек аласыз.
Дофамин, нейробиология және нейромаркетинг: неге қалау сезімін бақытпен шатастырамыз
Милгрэм тәжірибесі: авторитетке бағыну
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
БЕЙБАРЫС
Сол үшін қиялдай беруді доғарып нақты іске көшу керек