Адам мен оның жеке тұлғасының ерекшеліктері бірнеше жүздеген жылдар бойы адамның керемет ақыл-ойын зерттеудің нысаны болып келеді. Психологиялық ғылымның дамуы басталған кезеңнен бастап бүгінгі таңға дейін адамдар осы бір қиын да қызықты істе өздерінің дағдыларын айтарылықтай дамытып, жақсарта алды. Сондықтан қазір адам психикасының ерекшеліктері мен оның тұлғасын зерттеудегі нақты мәліметтерді алуда адамдар психологиядағы әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Тәжірибелік жағынан кеңінен пайдаланылған әдістердің бірі психологиялық тәжірибелер болып табылады.
Біз маңыздылығы мен мәніне қарай адамдарға жасалған ең әйгілі, қызықты, тіпті адамгершілікке жат, адам шошырлық әлеуметтік-психологиялық тәжірибелерден мысал келтірмекпіз. Бұл мақаланың барысында біз психологиялық тәжірибенің не екенін, оның қандай ерекшеліктері бар екен тағы бір рет еске салып, тәжірибелердің түрлері мен сипаттамаларына қысқаша тоқталамыз.
Психологиядағы тәжірибе – зерттеушінің сыналатын адамның әрекетіне араласу арқылы психологиялық мәліметтер алу мақсатында арнайы жағдайда өткізілетін белгілі бір тәжірибе. Тәжірибе кезіндегі зерттеуші ғалым-маман немесе қарапайым адам болуы да мүмкін.
Тәжірибенің негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктері:
- Қандай да бір айнымалыны өзгертіп, жаңа заңдылықтарды анықтау үшін жаңа шарт жасау мүкіндігі;
- Есеп нүктесін таңдау мүмкіндігі;
- Бірнеше рет қайталау мүмкіндігі;
- Тәжірибеге басқа да психологиялық зерттеулер әдісін қосу мүмкіндігі: тест, сауалнама, бақылау және т.б..
Тәжірибенің өзі бірнеше түрге бөлінеді: зертханалық, табиғи, пилотаждық, ашық, жасырын, т.б.
Ең танымал психологиялық тәжірибелер
5- «Мен және басқалар» тәжірибесі
10- Жүре пайда болған (жаттанды) шарасыздық
11- Қыз сияқты тәрбиеленген ұл бала
Хоторн тәжірибесі дегеніміз 1924-1932 жылдар аралығында Американың Хоторн қаласындағы «Western Electrics» фабрикасында Элтон Мэйоның басшылығымен зерттеушілер тобы жүргізген әлеуметтік-психологиялық тәжірибелер. Бұл тәжірибені жүргізудің алғышарты фабрика жұмысшыларының еңбек өнімділігінің төмендеп кетуі болды. Осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеулер мұны түсіндіре алмады. Еңбек өнімділігін көтеруге фабрика басшылығы мүдделі болғандықтан ғалымдарға еркіндік берілді. Олардың мақсаты жұмыстың физикалық жағдайы мен жұмысшылардың тиімділігі арасындағы тәуелділікті анықтау еді.
Ұзақ зерттеуден кейін ғалымдар еңбек өнімділігіне әлеуметтік жағдай мен ең бастысы, тәжірибеге қатысу барысында анықталғандай жұмысшының жұмысқа деген қызығушылығының пайда болуы әсер етеді деген қорытындыға келді. Жұмысшылардан бір топты бөліп алып, оларға ғалымдар мен басшылық тарапынан ерекше көңіл бөлудің өзі жұмысшының еңбек тиімділігіне оң әсерін берген. Қысқасы, Хоторн тәжірибесі кезінде Хоторн әсері анықталды. Ал тәжірибенің өзі психологиялық зерттеулердің ғылыми әдіс ретіндегі беделін көтерді.
Хоторн тәжірибесінің нәтижесін, сондай-ақ оның тиімділігін білгеннен кейін біз оны өз әрекетіміз бен басқалардың әрекетіне оң әсер ету арқылы тәжірибеде қолдана аламыз. Ата-аналар балаларының дамуын жақсарта алады, ұстаздар шәкірттерінің оқу үлгерімін көтере алады, жұмыс берушілер қызметкерлерінің нәтижелігін және еңбек өнімділігін арттыра алады. Ол үшін бәріне қандай да бір тәжірибе жүргізіледі, ал аты аталған адамдар – тәжірибенің маңызды құраушылары деп мәлімдеуге тырысу керек. Дәл осы мақсатта қандай да бір инновацияны енгізуге болады.
Милгрэм тәжірибесін алғаш рет 1963-жылы америкалық әлеуметтік психолог сипаттаған. Оның мақсаты жұмыс мақсатына байланысты, бір адам екінші бір кінәсіз адамға қаншалықты қайғы әкелетінін анықтау болды. Тәжірибеге қатысушыларға оларды жадыдағы аурудың әсерін зерттеп жатырмыз деді. Ал қатысушылар тәжірибе жасаушының өзі, шын сыналушы («ұстаз») және басқа сыналушының («шәкірт») рөлін ойнайтын әртіс. «Шәкірт» тізімдегі сөздерді жаттау керек болды, ал «ұстаз» - оның жадысын тексеріп, қателескен сайын қуатын арттыра отырып, электр разрядымен жазалау керек болды.
Әуелде Милгрэм тәжірибесі Германия тұрғындары нацисттік террор кезінде көптеген адамдарды өлтіруге қалай қатысқанын анықтау үшін керек болған. Ақырында, тәжірибе адамдардың (бұл жағдайда «ұстаздар») «шәкіртті» қинағанына қарамастан, «жұмысын» атқаруды жалғастыруды бұйырған басшылыққа (зерттеуші) қарсы шыға алмайтыны анық көрініс тапты. Тәжірибе нәтижесінде адам түйсігінде ішкі қарама-қайшылық пен адамгершілік қинау жағдайына қарамастан беделді адамға бағыну қажеттілігі терең орнығып қалғаны анықталды. Милгрэмнің өзі беделді адамның қысымымен ақыл-есі бүтін ересектердің өзі шектен шығып кететінін атап өткен.
Егер бір сәтке ойланар болсақ, онда шын мәнінде Милгрэм тәжірибесінің нәтижелерінен егер өзінен дәрежесі, мәртебесі және т.б. жоғары адам тұрған болса, адамның не істеу керегіне, өзін қалай ұстау керегіне өздігінен шешім қабылдай алмайтынын көреміз. Адам психикасында мұндай ерекшеліктердің пайда болуы өкінішке орай жиі қайғылы нәтижелерге әкеп соғады. Бұл қоғамды шынымен дамыған деп атау үшін адамдар бір-бірімен басқа адамдардың беделі мен билігі емес, ары жол сілтейтін адагершілікпен, этникалық нормалармен және моралдік қағидалармен қарым-қатынас жасауға үйренулері керек.
Милгрэм тәжірибесі туралы толық ақпарат
Стэнфорд түрме тәжірибесін 1971-жылы Стэнфордта америкалық психолог Филипп Зимбардо жүргізді. Онда адамның түрмедегі қамаққа, бостандығының шектелуіне реакциясы және оның таңылған әлеуметтік рөлдегі әрекетіне әсері зерттелді. Қаржыландыруды әскери жорық кезіндегі және ӘТФ түзету мекемелеріндегі жанжалдың туу себебін анықтау үшін АҚШ ӘТФ қаржыландырды. Тәжірибе үшін жартысы «тұтқын”, ал қалғандары – «күзетші» болған ер адамдар таңдап алынды.
«Күзетшілер» мен «тұтқындары» рөлге тез кіріп, ойдан жасалған түрмедегі жағдайда қиындық орын алды. «Күзетшілердің» үштен бірінде қаныпезерлікке бейімділік байқалып, «тұтқындар» қатты моралдық жарақат алды. Екі аптаға есептелген тәжірибе шектен шығып бара жатқандықтан алты күннен кейін тоқтатылды. Стэндфорд түрме тәжірибесін жоғарыда келтірілген Милгрэм тәжірибесімен жиі салыстырады.
Шынайы өмірде мемлекеттік және әлеуметтік қолдауға ие болған қандай да бір идеология адамдарды тым әсершіл, бойұсынғыш ететінін, ал биліктің беделі адамның жеке тұлғасы мен психикасына қатты әсер ететінін көріп жүрміз. Өзіңізді бақылап көріңіз, сонда сіз белгілі бір шарттар мен жағдайлардың ішкі жағдайыңызға қалай әсер етіп, іс-әрекетіңізді өзіңіздің жеке ішкі қасиеттеріңізден күштірек қалыптастыратынын байқайсыз. Сыртқы факторлардың ықпалына кетіп қалмас үшін қашан да өзіңмен-өзің болып, өз құндылықтарыңды еске түсіріп отыру маңызды. Ал мұны тұрақты және жүйелі жаттығуларды қажет ететін өзін-өзі бақылау мен сезімталдықтың көмегімен ғана жүзеге асыруға болады.
Рингльман тәжірибесі (Рингельман әсері) бірінші рет 1913-жылы сипатталып, 1927-жылы француздық ауылшаруашылығы инженериясы профессоры Максимилиано Рингельман өткізді. Бұл тәжірибе қызығушылықтан туындаған болатын. Бірақ өздері жұмыс істеп жүрген топта адам санының көбеюуі адамдардың еңбек өнімділігінің азаюына әсер ететін заңдылықты анықтауға көмектесті. Тәжірибе үшін белгілі бір істі атқару үшін біраз адамдар таңдап алынды. Бірінші жағдайда ауыр көтеру керек болса, екіншісінде – арқан тарту керек болды.
Бір адам ең көбі 50 келілік жүкті көтере алды. Сәйкесінше, нәтиже тура пропорционал өсу керек болғандықтан, екі адам 100 келі жүкті көтеруі керек. Бірақ, әсер басқаша болды: екі адам жалғыз адам 100% көтере алған жүктің тек 93%-ын ғана көтере алды. Ал адам санын сегізге жеткізген кезде, олар тек 49% жүкті ғана көтере алды. Арқан тарту кезінде де сондай жағдай орын алды: адам санының артуы нәтиже пайызын төмендете берді. Сонымен мынадай қорытындыға келуге болады, біз тек өз күшімізге сенген кезде ғана, нәтижеге жету үшін бар күшімізді саламыз. Ал топ болып жұмыс істеген кезде, бір-бірімізге сеніп қалатын кездер жиі кездеседі. Мәселе әрекеттің енжарлығында болып тұр. Ал бұл енжарлық дене күшінің емес, көбінесе әлеуметтік енжарлық болады. Жалғыз істеген жұмыс бізге өзімізден неғұрлым жақсы нәтижеге жету керек деген рефлекс тудырады. Ал топпен істеген кезде нәтиженің мәні соншалықты маңызды болмайды. Сондықтан, егер сізге өте маңызды бірнәрсе істеу керек болса, онда басқалардың көмегіне сүйенбей, тек өзіңізге ғана сеніңіз. Тек сонда ғана сіз бар күшіңізді салып, қалаған нәрсеңізге қол жеткізесіз. Оның үстіне, басқа адамдарға бәрібір ғой.
«Мен және басқалар» - бұл болған істің барысына диктор пікір айтып отыратын бірнеше психологиялық тәжірибелердің түсірілімі көрсетілетін 1971-жылғы кеңестік ғылыми-әйгілі фильм. Фильмдегі тәжірибеде айналадағы ортаның адамға әсері және оның еске сақтай алмаған нәрсесін ойлану қабілеті көрініс табады. Тәжірибенің барлығын дайындап, өткізген психолог Валерия Мухина.
Фильмде көрсетілген тәжірибелер:
- «Шабуыл»: сыналушы қолдан жасалған шабуылды сипаттап, шабуыл жасаған адамдардың ерекшеліктерін еске сақтап қалу керек болды.
- «Ғалым әлде кісі өлтіргіш»: сыналушы алдын ала оны ғалым немесе кісі өлтіргіш деп елестетіп алып, бір адамның суретін көрсетеді. Қатысушылар осы адамның психлогиялық портретін жасап шығулары керек.
- «Екеуі де ақ»: қатысушы-балалардың алдындағы үстелге қара және ақ пирамидалар қойылады. Балалардың үшеуі төртіншісінің илануын тексеріп, екі пирамида да ақ түсті деп айтады. Тәжірибе нәтижесі өте қызық. Кейінірек бұл тәжірибе ересектердің қатысуымен өткізілді.
- «Тәтті тұзды ботқа»: тәрелкедегі ботқаның төрттен үші тәтті, ал қалғаны - тұзды. Үш балаға ботқа береді. Олар оны тәтті дейді. Төртіншісіне тұзды бөлігін береді. Тапсырма: үш бала тәтті деп айтқан кезде, тұзды бөлігін жеген бала не деп айтатынын тексеру арқылы қоғамдық пікірдің маңыздылығын тексеру.
- «Портреттер»: қатысушыларға 5 портрет көрсетіп, олардың арасында бір адамның екі суреті бар ма, соны анықтауды тапсырады. Сынаққа кейін келіп қосылған бір адамнан басқалары екі түрлі адамның суретін бір адамның суреті деп айтулары керек. Тәжірибенің мақсаты көпшіліктің пікірі бір адамға қалай әсер ететінін білу.
- «Тир»: оқушылардың алдына екі нысан қойылады. Егер ол сол жақтағына атып түсірсе, онда бір ақша түсіп, оны өзі ала алады. Ал егер оң жақтағыны атса, ол ақша сынып қажеттілігіне жұмсалады. Сол жақ нысанға оқтың тиген көп белгілері қалған. Оқушының сыныптастарының көбі сол жақ нысанды көздегенін көріп тұрып, қай нысанға ататынын анықтау керек.
Фильмде келтірілген осыған ұқсас көптеген тәжірибелердің нәтижелері адамдар үшін (балалар үшін де, ересектер үшін де) басқалардың не айтқаны, олардың не ойлағаны өте маңызды екенін көрсетті. Өмірде де солай: басқа адамдардың пікірі өзіміздікімен үйлеспей жатса, біз өз пікіріміз бен ойымыздан жиі бас тартамыз. Яғни, біз басқалардың ортасында өзімізді жоғалтып аламыз. Осы себепті көптеген адамдар өз мақсаттарына жете алмайды, армандарынан бас тартады, қоғам не десе, соның ықпалымен жүреді. Қандай жағдай болмасын өзіңді жоғалтпай, өз басыңмен ойлай білу керек. Жақсы нәтиже тек сізге ғана қызмет көрсетеді емес пе?
Айтпақшы, 2010-жылы тура сол тәжірибелермен осы фильм қайта түсірілген. Қаласаңыз, осы екі фильмді Ғаламтордан тауып, көре аласыз.
Бұл сұмдық тәжірибені балалардың сендіруге қаншалықты бейім екенін анықтау үшін 1939-жылы АҚШ психологы Уэнделл Джонсон мен оның көмекшісі Мэри Тюдор өткізген. Тәжірибе үшін Дэвенпорт қаласындағы жетімдер үйінің 22 баласы таңдалып алынды. Оларды екі топқа бөлді. Бірінші топтың балаларына қандай әдемі, дұрыс сөйлейсіңдер деп мақтау сөздерді көп айтады. Екінші жартысына сөйлеген сөздерің құрсын, бейшара кекештер деп айта береді.
Бұл сұмдық тәжірибенің нәтижесі де сұмдық болды: екінші топтағы сөйлеуінде ешқандай ақау болмаған көп балада өскен сайын дамып, өмір бойына кеткен кекештік қалыптасып кетті. Тәжірибенің өзін дәрігер Джонсонның беделіне нұқсан келмеу үшін қоғамнан ұзақ уақыт бойы жасырып келді. Бірақ, кейінірек адамдар бәрібір бұл туралы білді. Бұл тәжірибені кейін нацисттер концлагерь тұтқындарына да жүргізді.
Қазіргі заман қоғамына қарасақ, ата-аналардың балаларын қалай тәрбиелеп отырғанын көріп таңданбасқа амалың қалмайды. Олардың балаларын ұрсып, тілдеп, кекетіп, жаман сөздер айтып жатқанын жиі көруге болады. Осындай балалардан психикасы бұзылған, дамуда қалыс қалған адамдардың өсіп шығуына таң қалуға болмайды. Балаларымызға айтқан әрбір сөзіміз, егер оны жиі қайталай беретін болсақ, уақыт өте келе бұл олардың ішкі жан дүниесіне және тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан, балаларымызбен қарым-қатынас кезінде олармен қалай сөйлескенімізді, қандай сенімділік қалыптастырғанымызды және қандай құндылықтарды сіңіргенімізді мұқият бақылап жүруіміз керек. Тек дұрыс тәрбие мен ата-ананың нағыз махаббаты ғана біздің ұлдарымыз бен қыздарымызды ақылды ұрпақ етіп, ересектердің өміріне дайындықпен келіп, салауатты қоғамның саналы азаматты болып өсуіне ықпал ете алады.
Бұл сұмдық жоба 1970-1989 жылдар аралығында полковник Обри Левиннің «басшылығымен» ОАР әскерінде жүргізілді. Бұл оңтүстік-африкалық әскер қатарын дәстүрлі емес жыныстық бағдары бар адамдардан тазалауға бағытталған құпия бағдарлама болатын. Ресми мәліметтерге сүйенсек, тәжірибе «қатысушылары» саны мыңға жуық адам болған. Бірақ құрбандардың нақты саны анық емес. «Жақсы» мақсатқа жету үшін ғалымдар есірткі мен электрошок ем-шарасынан бастап химиялық дәрілермен кастрация жасап, жынысын ауыстыруға дейін көптеген әдістерді пайдаланды.
«Аверсия» жобасы сәтсіз аяқталды: әскери адамдардың жыныстық бағдарын өзгерту мүмкін болмады. Ал «әдістің» өзі гомосексуализм мен транссексуализм туралы ешқандай ғылыми мәліметтерге сүйенбеген еді. Бұл жобаның көптеген құрбандықтары сол бойы қайтадан қалпына келе алмады. Кейбіреулері өздеріне қол салды.
Әрине, бұл жоба дәстүрлі емес жыныстық бағдарланған адамдарға ғана қатысты болды. Ал егер басқалардан ерекшеленіп тұрған адамдар туралы айтар болсақ, онда біз қоғамның басқаларға «ұқсамайтын» адамдарды қабылдағысы келмейтінін жиі байқаймыз. Тіпті, кішкентай ерекшеліктің өзі мазақтаудың, жақтырмаудың, түсінбеушіліктің, тіпті агрессияның себебі болуы мүмкін. Әр адам – өзіндік ерекшеліктері мен психикалық қасиеттері бар жеке тұлға. Әр адамның жан дүниесі – бүкіл бір әлем. Біздің адамдарға қалай өмір сүруін, қалай сөйлеуін, қалай киінуін айтуға қақымыз жоқ. Егер олардың «өзгешелігі» өмірге, қоршаған ортаның амандығына зиян келтіретін болмаса, оны өзгертуге тырыспауымыз керек. Біз адамдарды жынысына, діни, саяси бағдарына қарамастан тұрған бойында қабылдауымыз керек. Әркімнің өзі болуға құқы бар.
Лэндис тәжірибесінің «Жүздің кенеттен өзгеруі және бағыныштылық» деген де атауы бар. Бұл тәжірибелерді 1924-жылы Миннесотта Карин Лэндис жүргізді. Бұл тәжірибенің мақсаты эмоцияға жауап беретін бет бұлшықеттерінің жалпы заңдылығы анықтау, сондай-ақ осы эмоцияға тән мимиканы іздеу болды. Тәжірибе қатысушылары Лэндистің студенттері болды.
Беттегі мимикалардың анық байқалуы үшін бетке арнайы сызықтар сызылды. Осыдан кейін оларға күшті эмоционалдың күйді тудыратын бірнәрсе көрсетілді. Жеккөрініш үшін студенттер аммиакты иіскеді, рахаттану үшін әуен тыңдады, т.б. Бірақ, сыналушы егеуқұрйықтың басын кесу керек деген соңғы тапсырмаға бәрі қарсылық танытты. Бірақ, соңында бәрібір істеді. Тәжірибе нәтижесі бет әлпетінің ешқандай заңдылығын көрсетпеді. Есесіне, адамдардың беделді адамның ықпалына бағынуға қалай дайын екенін, осы қысыммен әдетте істемейтін нәрселерін де істей алатынын көрсетті.
Өмірде де солай ғой: бәрі өз ретімен, еш қиындықсыз болып жатқанда ғана біз өзімізге сенімді болып, өз пікіріміз бар жеке тұлға ретінде сезінеміз. Бірақ, кенеттен біреу қысым көрсетсе, көпшілігіміз өзімізді ұмытып кетеміз. Лэндис тәжірибелері кезекті рет адамның басқа адамның ықпалына тез жығылып, өздігінен жауапты, ақылды және т.б адам болуын тоқтататынын көретті. Ал шын мәнінде ешқандай беделді адам бізді қаламаған ісімізді жасауға мәжбүрлей алмайды. Оның үстіне, егер ол тірі жанға зарар тигізетін болса, тіпті жоламас еді. Егер әр адам өзіне есеп беріп жүретін болса, онда біз әлемді бұдан әрі дамытып, адамгершілікке толтырып, өмірімізді жақсы әрі жайлы ете алар едік.
«Балақай Альберт» немесе «Кішкентай Альберт» деген тәжірибені 1920-жылы Нью-Йоркте, психологияның ерекше бағыты – бихевиоризмнің негізін салушы Джон Уотсон жүргізді. Тәжірибе бұрын қорқыныш тудырмаған заттың қалай қорқыныш тудыратынын анықтау үшін жүргізілді.
Тәжірибе үшін тоғыз айлық Альберт есімді сәбиді таңдады. Бірнеше уақыт бойы оған ақ егеуқұйрық, қоян, мақта және басқа да ақ түсті заттарды көрсетті. Балақай егеуқұйрықпен ойнап, оған бой үйретті. Содан кейін балақай егеуқұйрықпен тағы ойнай бастаған кезде дәрігер баланы шошытып, балғамен металлды ұрып қалып отырды. Біраз уақыт өткен соң Альберт егеуқұйрықпен ойнаудан қашатын болды. Кейіннен егеуқұйрықты және мақтаны, қоянды көргенде бала жылай бастады. Тәжірибе нәтижесінде қорқыныш адам бойында кішкентай кезінде қалыптасып, өмір бойы қалады деген болжам жасалды. Ал Альбертке келсек, оның ақ егеуқұйрықтан себепсіз қорқынышы онымен бірге өмір бойы қалды. «Балақай Альберт» тәжірибесінің нәтижесі біріншіден, бала тәрбиесінде кез-келген ұсақ-түйекке назар аударудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біздің көзімізге елеусіз болып, назардан тыс қалған кейбір нәрселердің өзі қалай болғанда да баланың психикасына әсер етіп, бойына бір қорқыныш ұялатады екен. Бала тәрбиелей отырып ата-аналар өте мұқият болып, олардың қоршаған ортасын, баланың оған қалай қарайтынын бақылап отырулары керек. Екіншіден, осыны білу арқылы, біз енді өзіміз себебін біле алмай жүрген қорқынышымыздың себебін анықтап, оны жоюға әрекет жасай аламыз. Біздің бойымыздағы себепсіз қорқыныштар бізге бала кезімізде қалыптасуы әбден мүмкін. Ал өзімізді қинап немесе күнделікті мазамызды алып жүрген қорқыныштардан арылсақ қандай керемет болар еді.
Жүре пайда болған шарасыздық деп мүмкіндігі бола тұра өз жағдайын жақсарту үшін мүлдем ешнәрсе жасамайтын психикалық жағдайды атайды. Бұл жағдай негізінен ортаның жаман әсеріне қарсы жасалған бірнеше әрекеттің сәтсіз аяқталуы кезінде пайда болады. Ақыры соңында адам зарарлы ортаны ауыстырудан немесе қашудан бас тартып, еркіндік сезімі мен өз күшіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліс пен апатияға түседі. Алғаш рет бұл феноменді 1966-жылы екі психолог: Майкл Селигман мен Стив Майер анықтады. Олар иттерге тәжірибе жүргізді. Иттерді үш топқа бөлді. Бірінші топтағы иттерді біраз уақыт торда ұстап, жібере салды. Екінші топтағы иттерді аз қуатты тоқпен ұрып, бірақ табандарымен тұтқаны басып, тоқ көзін ажыратуға мүмкіндік берді. Үшінші топтағы иттерді де тоқпен ұрғызып, бірақ тоқты сөндіруге мүмкіндік бермеді. Біраз уақыт өткен соң үшінші топтағы иттерді қоршаудан оп-оңай секіріп өте алатын арнайы қаумалға қамады. Осы торда да иттерді тоқпен ұрғызды. Бірақ, иттер қашпай, сол жерде тұра берді. Ғалымдар иттерде «жүре пайда болған шарасыздық» пайда болып, олар сыртқы ортаның әсерінің алдында шарасыз екеніне сенімді болғанын анықтады. Осыдан кейін ғалымдар адам психикасы да бірнеше сәтсіздіктен кейін өзін осылай ұстайды деген қортындыға келді. Бірақ, өзіміз онысыз да білетін нәрсе үшін иттерді сонша қинауға бола ма екен? Бәлкім, көпшілігіміз ғалымдардың жоғарыда аталған тәжірибесіндегі дәлелдің мысалын өз өмірімізден де таба алатын шығармыз. Әр адамның өмірде бәрі өзіне қарсы тұрғандай көрінетін сәтсіз кезеңдері болады. Бұл қолды бәріне бір сілтеп, өзің үшін де, жақындарың үшін де жақсылық тілеуден қалатын кездер. Ондай кезде ерік жігеріңді жағып, бекемдік таныту керек. Дәл осыдай сәттер бізді шыңдап, күшті ете түседі. Кейбір адамдар өмірдің осылай сынайтынын айтады. Егер осындай сынақтан сүрінбей, еңсемізді түсірмей өтсек, сәттілік те бізге күле қарары анық. Егер бұған да сенбейтін болсаңыз, онда үнемі жақсылық немесе үнемі жамандықтың бола бермейтінін, яғни дүниенің ауыспалы екенін есіңізге түсіріңіз. Ешқашан еңсеңізді түсіріп, арманыңыздан бас тартпаңыз. Өмірдің қиын сәттерінде барлық жағдайдан шығатын жол бар екенін және «қаумалдан секіріп шығуға» болатынын ұмытпаңыз. Күн шығардың алдында ғана – түн қоюланады.
Бұл тарихтағы ең арсыз тәжірибенің бірі. Ол 1965-жылдан 2004-жылға дейін Балтиморда (АҚШ) өткізілді. 1965-жылы сүндеттеу кезінде жыныс мүшесі зақымдалған Брюс Реймер есімді ұл бала дүниеге келді. Ата-анасы не істерлерін білмей, психолог Джон Маниден кеңес сұрайды. Ал ол болса, баланың жынысын ауыстырып, қыз сияқты тәрбиелеуге «кеңес береді». Ата-анасы «кеңеске» құлақ асып, ұлдарының жынысын өзгертуге рұхсат беріп, Брюсті Бренда етіп тәрбиелей бастайды. Шын мәнінде дәрігер Мани көптен бері жынысқа бөліну табиғи жаратылысқа емес, тәрбиеге негізделген екенін дәлелдегісі келіп жүрген еді. Балақай Брюс оның сынақ нысаны болды.
Мани өз есебінде баланың толыққанды қыз болып өсіп келе жатқанын жазса, ата-анасы мен мектеп мұғалімдері керісінше баланың ер балаға тән қылықтар істейтінін айтты. Баланың ата-анасы да, баланың өзі ұзақ жылдар бойы ауыр күйзелісте жүрді. Біраз жыл өткен соң Брюс-Бренда ер адам болуды шешіп, атын өзгертіп Дэвид болды, имиджін өзгертті, еркектік физиологиясын қайтару үшін бірнеше ота жасатты. Ол тіпті үйленіп, әйелінің балаларын бауырына басты. Бірақ, 2004-жылы әйелімен ажырасқан Дэвид өзіне-өзі қол салды. Сол кезде жасы 38-де еді.
Біздің күнделікті өмірімізге қатысты бұл тәжірибе туралы не айтуға болады? Адам тектік ақпараттарға негізделген белгілі бір қасиеттермен, бейімділікпен дүниеге келеді. Қуанышқа орай көп адам ұлдарын қыз сияқты немесе керісінше тәрбиелеуге тырыспайды. Бірақ, бала тәрбиелеп отырған кейбір ата-аналар баласының мінезіндегі ерекшелікті және оның қалыптасып келе жатқан тұлғасын елемеуге тырысады. Олар баласын оның тұлғалық ерекшелігіне назар аудармастан, өздері қалағандай батпақтан жасап алғысы келеді. Мұның арты қайғылы аяқталады. Көптеген адамдар есейген шағында өзін түкке тұрғысыз сезініп, өмірді жалған әрі мағынасыз деп қабылдап, өмірден ләззат ала алмайды. Кішілер үлкеннің сөзінен аса алмайды. Біздің балаға жасаған ықпалымыз оның болашақ өміріне әсер етеді. Сондықтан, балаларыңызда аса мұқият болып, әр адамның, тіпті кішкентай болса да балаңыздың өз жолы бар екенін және сол жолды табуда оған бар ынтаңызбен көмектесу керек екеніңізді ұмытпаңыз.
Бұл мақалада айтылған тәжірибелер жүргізілген тәжірибелердің бір санасы ғана. Тіпті, осылардың өзі адам тұлғасы мен оның психикасының санқырлы екенін және аз зерттелгенін көрсетеді. Бір жағынан, адам өзіне өзі қаншалықты қызығатынын, өз табиғатын түсіну үшін барын салатынын көруге болады. Мұндай игілікті мақсатқа жету үшін жамандық жасауға тура келсе де, адамардың бірнәрсеге қол жеткізгеніне, ендігәрі тірі жанға зарар келтіретін тәжірибелердің өткізілмейтініне сенейік. Адам психикасы мен жеке тұлғасы әлі талай ғасырлар бойы зерттелері анық. Тек бұл зерттеулер адамгершілік шегінен асып кетпесе болғаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Руслан
Супер! Адам жаратылысы қызық нәрсе ғой. Көбіміз жаттанды шарасыздықтамыз немесе «Мен және басқалар» тәжірибесіндегіндей өзгелердің ойымен жүреміз...
Төлеш
Өте қызықты материал!!!!
Аяулым
Маған қарапайым тәжірбиелер керек еді .