«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖОМ» КММ-нің
биология пәні мұғалімі, Сапар атаның жиен немересі
Мырзалиева Гүлнара Сұлтанқызы
Өмір өткелінде өнегелі ізгілік жолын сала білген Шыршықбаев Сапар Құлманбетұлы 1903 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы, Қызылқұм совхозына қарасты Асықата ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Алғашқы хатты қазақ, орыс, араб тілдерінде таныды.
Сапар ата әкесі Құлманбеттің ерте қайтыс болуына байланысты ерте есейді. Есейе келе өзін әр түрлі қара жұмысқа салды. Жас кезінен диханшылықпен және мал шаруашылығымен айналысты.
Білім алу мен кәсіп меңгеруді арман етті. Еңбекшіл жас өзі қатарлы балалармен бірге, Ташкент қаласындағы орман шаруашылығы ехникумына оқуға түсті. Білім алып, кәсіп меңгерген жас маман елге келіп, орман шаруашылығында жетекші маман болып еңбек етті. Жұмыс барысында белсенді әрекеттерімен, ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен Сапар Құлманбетұлына сол кездегі колхоз басшылары қызметін өрлетіп, орман шаруашылығын басқару жұмыстарын жүктеді. Еңбекқор азамат Сапар Құлманбетұлы өмір ағысымен арпалысып жүріп, Мінтайқызы Зылиха анамызбен отбасын құрды.
1964 жылы Сырдария облысы, Киров ауданына қарасты «Арнасай» қаракөл қой совхозының іргетасын қалауда совхоздың құрылуына көп еңбек етіп, өз үлесін қосқан азамат. Ерен еңбегі үшін көптеген Мадақтама, Алғыс хат, медальдармен марапатталған. Жастайынан еңбекпен шыңдалған Сапар ата иман жүзді жан еді. Еңбекпен қоса қайнап жүрсе де, бес уақыт намазын ұмытқан емес. Балаларды емдейтін де қабілеті бар еді. Елім деп өз еңбегін аямаған ардақты Сапар атамыз 1972 жылы 69 жасында дүниеден өтті.
Сапар ата Зылиха апамен жанұясында 4 ұл, 3 қыз тәрбиеледі. Барлығы жоғары білімді. Әкесінің еңбекқорлығы мен іскерлігінен өнеге алған ұл-қыздары әр түрлі салада қызметтер атқарып, әке есімін ұлықтай түсті. Үлкен ұлы Ерубай Сапарұлы түрлі салада қызмет атқарып, ерен еңбегінің арқасында елге, халыққа, танылып ел ағасына айналды. Екінші ұлы Оразбек мақта заводының бас инженері, директордың орынбасары және әкімшілік саласында қызметтер атқарды. Үшінші ұлы Оразалы Киров ауданы 30 жылдық совхозында бас инженері қызметін атқарды. Кенже ұлы Баратбек Сапарұлы Прогресс совхозының бас экономисі, Киров ауданы ауыл шаруашылық басқармасының бас экономисі қызметтерін атқарды. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.
Қазіргі таңда Сапар атаның жанұялық алтын шаңырағында төрт ұл, үш қыздан 38 немере, 56 шөбере тәрбиеленіп, үлкен жанұяға айналып, немере шөберелері еліміздің түрлі салаларында абыройлы үлкен қызметтер атқаруда.
Адам ұрпағымен мәңгі жасайды дейді ғой дана халқымыз. Иә, расында да мен бұл дана сөзді ерекше қуанышқа толы көңіл-күймен айтқым келеді.
Марқұм нағашы атамыз, орман шаруашылығының майталманы, үлгілі әке, ауданымыздың белгілі азаматы атанған Шыршықбаев Сапар Құлмамбетұлының 116 жылдығына орай, артында қалған ұрпақтары үлкен игі іс атқарды. Сәуір айының 26 жұлдызында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде орналасқан «Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖОМ» КММ-нің өзін-өзі тану пәні кабинетіне Рухани жаңғыру аясында Шыршықбаев Сапар Құлмамбетұлының есімі беріліп, кабинеттің ашылу салтанаты өтті. Әрине, бұл игілікті іс өмір өткелінде өзінің өнегелі ізгілік жолын сала білген Сапар атаның еліне сіңірген ерен еңбегінің еленгендігі деп білеміз.
Кабинеттің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінен, ауданның құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары, Сапар атадан тараған ұрпақтары мен қонақтар қатысты. Мектебіміздің жас өнерпаздары келген қонақтарға ән мен биден шашу шашып, мектептің әнұранын нақышына келтіре орындаса, өзін-өзі тану пәні мұғалімі Гаухар Мырзалиеваның бастамасымен 6 «А» сынып оқушылары «Жалпы адамзаттық құндылықтар әлемі» тақырыбында сахналық көрініс көрсетіп, «Бес құндылық» әнін жүректерге жеткізе отырып шырқады.
Осы салтанатты жиынға келген қонақтар, ауыл ақсақалдары, ұлдары мен қыздары, немерелері Сапар атаның еңбектерін, жақсылықтарын еске алып, естеліктерімен бөлісті.
Ия, қаншама жақсы сөз, неше түрлі естелік сөздер айтылды.
Сапар атаның екінші ұлы Шыршықбаев Оразбек ата–анасына деген сағынышын еске алып, ерекше тебіреніспен жеткізгенде көзіне жас алмаған адам қалмады. Рас, ата–ана қадірі мен қасиетін, ерен еңбегін ерекше еске алатын жан- өз перзенті. Ұлының сөзі – осының айғағы, перзенттік шынайы сезімі.
Жан дүниені тербеткен әке естелігін, әке мейірімін сөзбен өрнектеу - бұл адал перзенттердің жүрек жардылығы.
Кабинеттің салтанатты ашылу рәсімін Жетісай ауданының құрметті азаматтары, білім саласында бірнеше жыл еңбек еткен, мектеп директоры қызметін атқарған Жолдыбаев Сейдікерім аға мен Асықата ауруханасының білікті травматолог дәрігері, ақын, жазушы Сабырханов Ағман ағаларымыз жасап, өздерінің ақ баталарын берді. Осынау заманауи, керемет үлгіде жабдықталған кабинеттің ашылуына демеушілік жасаған азамат, Асықата кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер, Сапар атаның кенже ұлы Шыршықбаев Баратбек Сапарұлы қазақы дәстүрге сай, ағаларымыздың иығына шапан жауып, кабинеттің кілтін мектеп директоры Тузельбаева Гульмира Мұсақызына табыстады. Мектеп директоры Гульмира Мұсақызы Шыршықбаев Баратбек Сапарұлына және жұбайы, мектебіміздің ұлағатты ұстазы, еңбек пәнінің мұғалімі Ақылбекова Гүлмира Қозыбағарқызына өзінің ізгі ниетін білдіре отырып, өзін-өзі тану бірлестігінің әдістемелік бірлестік жетекшісі, кабинет меңгерушісі, әрі Сапар атаның жиен немересі Мырзалиева Гаухар Сұлтанқызына осы кабинетте оқушылардың рухани байлығын одан әрі кеңейте беруін сөз ете отырып, кілтін тапсырды.
Мектеп директоры Гульмира Мұсақызы осы мектепте өзінің тәртіптілігімен, білімділігімен ерекше көзге түскен Сапар Азамат Баратбекұлының 2014 жылы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық Академиясының грант иегері болып, 2018 жылы үздік аяқтағаны- атасынан берілген қасиет екенін, «Тәрбие- тал бесіктен басталады» деген ұлы сөздің дәлелі екенін мақтанышпен айтып өтті.
Кабинеттің ашылу салтанатынан соң, ас беріліп, барша дүниеден өткен жандарға құран бағышталды.
Иә, Сапар ата ұрпақтары әкенің өнегелі өмірін үлгі ете жүріп, ізгілік соқпағын жалғап келе жатыр. Әке есімін ұлықтады деген осы емес пе?
Сөз соңында мен жиен немересі ретінде нағашы атамыздың 1903 жылы дүниеге келіп, сонау қиын кезеңнің өзінде үш тілді, араб, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерген өте сауатты кісі болғанын мақтанышпен айта отырып, біздің де әрбір шәкіртіміз осындай керемет сыныпта білім ала отырып, Сапар аталары секілді, иманжүзді, сауатты, көрегенді, білімді болып, өзін-өзі тану пәні арқылы, Мәңгілік елдің болашағына қадамдарын нық сеніп басатын тұлға болып қалыптаса берсін дегім келеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жанна
Керемет. Адам ұрпағымен мың жасайды дегеннің дәлелі.жарайсыздар.
Феруза
Керемет жұмысыңызға шығармашылық табыс белестер тілеймін