ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
НУАРТЬЕ ДЕ ВИЛЬФОР МЫРЗА
Данглар ханым қызы екеуі жүріп кеткен соң, біз баян еткен оқиғаның кезеңінде, король прокурорының үйінде не болып, не қойғанына келелік енді.
Вильфор зайыбын ертіп, әкесінің бөлмесіне енген болатын; ал Валентинаға келсек, оның бұл сәтте қайда жүргені бізге мағлұм.
Қариямен амандасып болған соң, ширек ғасырдан астам уақыт Нуартьенің қызметінде жүрген қарт малай Барруаны шығарып жіберіп, ерлі-зайыпты екеуі тізе бүкті.
Нуартье шағын төрт доңғалақты нән креслода отырған: оны күнде ертемен осы креслоға жайғастырып, кешкісін бір-ақ түсіріп алатын-ды; оның алдындағы шарайнадан бөлменің іші түгел көрінетін, сондықтан да, қыбыр етпестен отыратын онсыз да сал болып қалған қарияның қимылдауы мұң-тұғын, үйге кім кіріп, кім шыққанын, айналада не болып, не қойғанын бақылап отыруына оңтайлы еді. Қимылсыз қалған тірі өлік шал ресми шаруамен келген адамдарға ұқсап оқыс кіріп, салтанатты түрде сәлемдескен келіні мен баласына жанары жыли, елжірей қарады.
Тас мүсінге айналған, төрінен көрі жуық мешел шалдың құлағы естіп, көзі көргені болмаса, одан басқа жылт еткен тіршілік нышаны жоқ-тұғын; оның өзінде де осынау мелшиіп қатып қалған тірі аруақтың кеудесінде әлі тіршілік белгісі барынан хабар беретін тек маңдайдағы қос жанары ғана: жан иесі екенін білдіретін көзқарасы қу-меднен шөлде адасып жүрген дәруішке осынау шексіз-шетсіз тылсым түнек әлемде өзге де пенде баласы бар екенін сездіріп, жер түбінен мен мұндалап, жол нұсқап тұрған шалғайдағы жарық сәуле іспетті.
Ал, оның есесіне аппақ құдай шашы иығына түскен қарттың түксиген қалың қара қасы көзге ұрып, қара көздері жайнап тұр, өзге дене мүшелерінің есебінен күш алып, қызмет еткен сау мүшеге тән қасиет осы көздерде бар — бір кезде тәні мен рухына жан бітірген күллі жігер — бойдағы бар ерік, барша қуат, толайым ақыл-ес қазір осында тоқайласқан. Әлбетте, қолмен ишара жасау, дауыстап тіл қату, тән қимылы жетіспейтіні рас, бірақ осынау өктем көзқараста осының бәрі бар. Шал көзбен әмір етеді, көзбен алғысын білдіреді; тек көзінде ғана тіршілік белгісі бар тірі өлік бұл; тек жоғары жағында ғана бірде ашу оты жарқ ететін, болмаса қуаныш нұры жайлайтын осынау тас мәрмәр бетті көрген адамның аза бойы қаза тұрарлық. Бұл мешел қарияның тілсіз тілін тек үш адам ғана түсінеді, олар Вильфор, Валентина және біз жоғарыда еске алған малай шал. Сөйтсе де, Вильфор әкесін ілуде бір көретіндіктен, онда да, көрмеске лажы қалмаған жағдайда ғана дидарласатын болғандықтан, оның үстіне, тіпті, қарияның жай-жапсарын жақсы біле-түсіне тұра, көнілін аулауға құлқы болмауы себепті, мүскін шалдың бары да, бақыты да немере қызы-тұғын. Задында жанкешті де мейірбан, төзімді Валентина Нуартье қарияның көкейінде сайраған ойын көзінен оқуға әбден машықтанып алған. Басқа ешқандай пенде ұғып болмайтын бимағлұм тілсіз пендеге қыз бар жанын салып, күллі дауыс ырғағымен, бет пішін құбылысымен жауап қататын да, сөйтіп, бойжеткен қыз бен тірі аруақ құр сүлдер, дегенмен әлі де илікпей сал болып қалған дене пішініне үйлесімді, рухына орай ғаламат қайсарлығы бар, асқан білімдар, аса зерек осынау адам кәдімгідей шүйіркелесе әңгіме-дүкен құратұғын.
Сөйтіп бұл қиындықты жеңіп шыққан Валентина атасының ойын айны-қатесіз ұғып, оған өз айтпақ сөзін түсіндіре алатын болды; осының арқасында осынау тірі жанның көкейіндегісін емеуріннен дәл тани алмай, өлмеші шалдың мұқтажын өтей алмай қалған кезі жоқ.
Ал, енді Барруаға келсек, қожайынына аттай жиырма бес жыл қызмет еткенін айтқанбыз, оны әбден қасы мен қабағынан танып үйренгендіктен, Нуартье бұған тіпті ештеңені түсіндіріп әуре болмайтын да еді.
Әкесіне айтпақ болып келген баяғы бір тосын әңгімесін бастау үшін Вильфор ешкімнің көмегін қажетсінген жоқ. Шалдың күллі сөздік қорын өзінің бес саусағындай бек жақсы білетінін бұрын да айтқан едік, ал әкесімен өте сирек сұқбаттасуын Вильфордың тек немқұрайдылығынан деп ұғу керек. Сондықтан да, Валентинаның баққа сейілдеуіне кеңшілік еткен ол, Барруаны шығарып жіберді де, өзі әкесінің оң жағын ала кеп отырды, ал бұл кезде Вильфор ханым сол жағына келіп жайғасқан.
— Валентинаның бізбен бірге келмегеніне және Барруаны шығарып жібергеніме таңырқамаңыз, сударь, — деді ол, — қызымыз бен малайымыздың көзінше айтатын әңгіме емес бұл. Вильфор ханым екеуміздің сізге айтпақ уәжіміз бар.
Осы әңгіменің кезінде Нуартье жүзі міз қақпаған қалпы отыра берді, ал Вильфор болса шалдың көкейіндегісіне көз жүгіртпек сыңай танытқандай-тұғын.
— Біз, яғни Вильфор ханым екеуміз, — деп король прокуроры өзінің үйреншікті ызғарлы үнімен, мына қалпында тірі пендені бетіне келтірер түрі жоқтай, сөзін әрі қарай сабақтады, — бұған сіз де іш тартып, жанашырлықпен қарар деп сенеміз.
Шалдың жанарынан бұған ықылас білдірген нышан әсте байқалған жоқ; әліптің артын бағып отырғаны хақ.
— Біз Валентинаны күйеуге бермекпіз, — деп Вильфор сабақтады сөзін.
Мұны естігенде шал тас мүсіннен бетер бедірейіп қатты да қалды.
— Той үш айдан кейін болмақшы, — деді Вильфор тағы да.
Шалдың көзінен бұрынғысынша тіршілік белгісі сезілмейді.
Енді әңгімеге Вильфор ханым да араласты:
— Біздің топшылауымызша, — деп іле сөз қыстырды ол, — бұл хабарға бейтарап қалмасаңыз керек еді; оның үстіне, тегінде Валентинаны әрдайым жақсы көресіз, сондықтан, бізге тек болашақ күйеу балаңыздың есімін сізге естірту ғана қалып отыр. Валентинаның өзіме осы тең-ау дейтін жақсы жердің бірі бұл; оған біз лайықты көріп отырған адамымыз, оның аты сізге де таныс болса керек, өзі бекзаттар нәсілінен, әрі дәулетті, ал ондай адамның салт-санасы, тәлім-тәрбиесімен қызымыздың бағы ашылары кәміл. Біздің әңгіме етіп отырғанымыз — Франц де Кенель, барон д'Эпине.
Зайыбы осы бір мөлтекше әңгімесін тәмамдағанша Вильфор шалдың бетіне бұрынғыдан бетер қадалып, тесіле қарап отырды. Де Вильфор ханымның Франц есімін атауы-ақ мұң екен, Нуартьенің ұлына бек жақсы таныс жанары дір ете қалғандай болды да, әлдене айтқысы келген адамның ерніндей ашыла берген кірпіктерінің арасынан жай отының жарқ ете қалғаны.
Өз әкесі мен Францтің әкесінің бағзы бір заманда ашық жауыққанын жақсы білетін король прокуроры шалдың жанарынан жасын атып, оқыс өрекпіген себебін айтпай-ақ ұқты; сөйтсе де түк сезбегенсіп, сыр білдірмей, жұбайының бастаған әңгімесін іліп әкетті:
— Сударь, он тоғызға келіп қалған Валентинаны әйтеуір құтты жеріне қондырудың қаншалықты маңызды екенін өзіңіз де бек жаксы түсінесіз ғой. Оның үстіне, осының бәрін ақылға салып, кеңескенде сізді де естеп шығармай, мәгәрки, Валентинаның күйеуі мақұл көргендей болып, бізден бөлек тұра қалған жағдайда, — әлбетте, жас жұбайлар бізден қысылып-қымтырылуы ықтимал ғой, — бәрібір сіздің жастармен бірге тұрғаныңыз жөн шығар деген мәмілеге келгеніміз бар; оған себеп: Валентина сізді жанындай жақсы көреді және байқауымызша, сіз де оған шаң жуытпайсыз. Сөйтіп, бір қалыпты, үйреншікті өмір-тіршілігіңіз өзгеріссіз қалмақ, тек бар айырмасы өзіңізді бұрынғыша бір емес, енді екі бірдей балаңыз бағып-қағатын болады.
Нуартьенің ақшиған көзіне қан толып кетті.
Тегінде шалдың жан дүниесінде сұмдық әлем-тапырақ болып жатса керек; сірә, сыртқа шығара алмаған күйік пен ашудан болар, іштей булығып, өңі қаракүреңденіп, еріндері көкпеңбек болып кетті.
Вильфор жайымен барып терезені ашты да:
— Бөлменің іші қапырық екен, Нуартье мырзаға тыныс алу ауыр соғып тұр, — деді.
Сонсоң орнына қайтып келді де, отырмастан түрегеп тұрып қалды.
— Бұл некені, — деп үстеді Вильфор ханым, — д’Эпине мырза да, оның ағайын туыстары да мақұлдап отыр; туыс дегенде де бар-жоғы бір ағасы мен бір апайы ғана. Шешесі бала туысымен дүние салған, ал әкесі болса, небәрі екіге толған кезде, мың сегіз жүз он бесінші жылы қаза тапқан; қысқасы, оның оң қолынан басқа ортағы жоқ.
— Кімдер өлтіргені белгісіз, құпия сыры ашылмаған өлім бұл, — деді Вильфор, — талайлар күдікті деп танылды, сонда да ешкім жаза тартқан жоқ.
Нуартье зордан-молдан ернін қисайтқан болды — түр-әлпеті жымиғанға келеді.
— Солай десек те, — деп сөзін соза түсті Вильфор, — бұған шын кінәлі адамдар өздерінің қылмысын бек жақсы біледі, оларды көзі тірісінде адамзат баласының әділ сотының құрығы құтқармаса керек. Ал о дүниеде жаратқанның бір жазалауы кәдік; әлбетте, олар күдіктен алда-жалда құлан-таза арылу үшін біздің орнымызда болып, Франц д’Эпинеге қызын берерлік мүмкіндік тапса, қандай қуанар еді.
Бұған төзіп-шыдауға құр сүлдері отырған мешел шалдың дәрмені қалай жеткені белгісіз.
— Жарайды, сөзіңізді ұқтым, — деп жауап қатты ол көзімен; оның сонысынан сұмдық жиреніп, ашумен тұлан тұтып отырғаны байқалды.
Шалдың айтпағын жанарынан жаза баспай ұққан Вильфор мән бермегенсіп, әшейін иығын қозғай салды.
Сонсоң жұбайына кетелік деген ишарат білдірді.
— Енді, — деді де Вильфор ханым, — бізге кетуге рұқсат етіңіз. Эдуард кіріп, сізге сәлемдесіп шықса, қалай қарайсыз?
Қашанғы өзара келісім бойынша, шалдың көзін жұмғаны — мақұлдағаны, көзін жыпылықтатса — келіспегені, ал әлдеқандай талап-тілегі болса — көкке қарайтын.
Егер Валентинаны көргісі келсе, тек оң көзін жұматын.
Ал сол көзін жұмғаны — Барруаны шақыр дегені.
Де Вильфор ханымның әлгі ұсынысын естігенде шалдың көзі үсті-үстіне жыпылықтап кетті.
Атасының бет бақтырмай тұрғанын көргенде, Вильфор ханым ернін тістеді.
— Олай болса, сізге Валентинаны жіберейін, — деді келіні.
— Иә, — деп жауап берді шал дереу көзін жұмып.
Ерлі-зайыпты екеуі тағзым етіп шығып кетті де, күндіз атаңа қолғабыс етуге керек болып қаларсың деп алдын ала құлақ қағыс қылып қойған Валентинаны шақыруға жарлық етті.
Толқудың әсерімен қысылып-қымтырылған Валентина қып-қызыл боп атасының бөлмесіне енді. Қандай азапқа түсіп, күйіп-пісіп жатқанын, қайтсе де тезірек өзімен сұқбат құрғысы келгенін, қыз бір қарағанда-ақ айтпай ұқты.
— Ата, — деді ол дауыстап, — не боп қалды? Немене, ашуыңа тиді ме, енді соған ренжіп отырсың ба, қалай?
— Иә, — деді ол көзін жұмып.
— Кімге ашуланып отырсың? Менің әкеме ме? Жоқ, де Вильфор ханымға ма? Оған да емес, әлде маған ба?
Қария мақұлдап ишарат білдірді.
— Маған ба? — деп қайталай сұрады аң-таң болған Валентина.
Қария әлгі ишаратын тағы да қайталады.
— Мен не бүлдіріппін сондай-ақ, ата? — деп шырылдады Валентина.
Жауап қайтпаған соң, қыз сөзін соза түсті:
— Бүгін күн ұзағына сені көрген жоқпын ғой; демек, әлдебіреулер мен туралы бірдеңе деген шығар?
— Иә, — деп жауап қатты іле шал көзін жұмып.
— Қазір ендеше анықтап байқап көрейін. Құдайым-ау, имандай шыным, ататай... Е, сол екен ғой!.. Де Вильфор ханым мен әкей әлгінде ғана осы бөлмеден шықты емес пе, солай ма?
— Иә.
— Ендеше сенің қытығыңа тиетін бірдеңе айтқан солар болды ғой? Ол не нәрсе болды екен, ә? Қаласаң, осы қазір барып өзіңнен не үшін кешірім сұрауым керек екенін анықтап сұрап қайтайын?
— Жоқ, жоқ, — деп жауап қайырды шал көзімен.
— Шошынайын дедім ғой! Сондай-ақ не айта қойды екен олар.
Соны айтып қыз ойға шомды.
— Ойлап тапқан секілдімін, — деді Валентина, даусын бәсеңдетіп, атасына таяй түсіп. — Бәлки, мені күйеуге беретіндері жайлы сөз қозғаған шығар олар?
— Иә, — деді шалдың ашулы көзқарасы.
— Енді түсінікті болды, мен үндемей қалды деп ренжіп отыр екенсің ғой. Бірақ олар тісіңнен шығарып, атаңа бұл жайлы айтушы болма деп қатаң тыйым салған; тіпті маған да ләм-мим деп тіс жармаған-тұғын, бұл сырды мен өзім де кездейсоқ біліп қалдым; өзіңмен ашық сырласа алмаған себебім де содан. Ғафу ет, ата.
Тағы да селт етпестен сұлқ қалған шалдың көзқарасы: «Мен тек сенің үнсіз қалғаныңа ғана күйініп отырғаным жоқ», — дегендей еді.
— Сонда қалай болғаны? — деді Валентина. — Болмаса, тұрмысқа шыққан соң, сенен алыс кетіп, мүлде ұмытатын шығар деп ойладың ба, ата?
— Жоқ, — деді қария.
— Ендеше, олар д'Эпине мырза бәріміздің бірге тұруымызға келісім берді деді ме, әлде?
— Иә.
— Ал, онда неменеге ренжіп отырсың?
Қарияның көзіне қарап, оның соншалық тебірене елжіреп отырғанын байқауға болатын еді.
— Иә, енді түсінікті, — деді Валентина, — өйткені сен мені жақсы көресің ғой, ә?
Шал мақұлдағанын ыммен білдірді.
— Тегі, мені бағы ашылмайды-ау деп қорқасың ғой?
— Иә.
— Францты жақтырмайсың ба?
— Жоқ-жоқ-жоқ.
— Өзің сұмдық күйзеліп отырсың ғой, ата?
— Иә.
— Ендеше, тыңда, — деді Валентина, Нуартьенің жанына кеп тізе бүгіп, атасының мойнынан құшақтап, — мен де қатты қапа болып жүрмін, себебі Франц д’ Эпинені менің де суқаным сүймейді.
Атасының жанарында қуаныш нұры ойнады.
— Мен монастырьға кетпек болғанда, тас-талқан боп ашуланғаның есіңде ме?
Шалдың тандыр боп қалған жанарына жас тұнды.
— Міне, сонда, — деп үстеді Валентина, — монастырьға кетпек болған себебім де басқа шарам қалмаған соң, некеден қашқан амалым еді.
Қарияның тынысы тарылып, ентіге дем алды.
— Демек, бұл некеге сенің де қабырғаң қайысады екен ғой, ата? Ах, шіркін-ай, маған қол ұшын беруге шамаң келсе ғой, сөйтіп екеулеп олардың жоспарын іске асырмай тастасақ қандай тамаша болар еді! Бірақ көңілің сара, өзің бірбеткей болғанмен оларға қарсы тұрар қауқар сенде жоқ; арпалысуға келгенде сен де мен сияқты дәрменсізсің, тіпті, менен де әлжуазсың. Денің сау, қауқарың бар кезіңде, әлбетте маған қорған болар ең, ал ендігі қолыңнан келері тек менімен бірге қуанып, бірге мұңдасу ғана да. Бұл да болса маған жаратқан жаббардың берген бағы-дағы.
Мұны естігенде Нуартьенің көзінде айла-шарғысын тереңге бүккен әккі адамның жымиғаны тәрізді бір сәуле лып ете қалды да, ол:
— Қателесесің, қарағым, мен саған әлі талай жақсылық ете аламын, — деп тұрғандай көрінді Валентинаға.
— Әлде маған жәрдем етуге шамаң келе ме, ата? — деп қарияның ойын өз сөзімен жеткізді Валентина.
— Иә.
Нуартье төбеге қарады. Екеуінің өзара келісімі бойынша, бұл — атасының әлдеқандай айтпақ тілегім бар дегенді білдіретін нышаны-тұғын.
— Не айтпақ едің, ата? Ұғуға тырысып көрейін.
Валентина есіне түскен көкейіндегі осы қалай деген ойларын бірінен соң бірін тізіп айтып көріп еді, бірақ соның бәріне де атасы «жоқ» деуден бір танбады.
— Жарайды, — деді Валентина, — мұншалық иіс алмас екенмін, ендеше, төтенше шараға көшелік!
Сонсоң, әліппенің әріптерін А-дап бастап Н-ге дейін дауыстап оқи бастады да, өзі күлімсіреген қалпы мүскін қарияның көзінен көзін алмады; Валентина Н әрпіне жеткенде, Нуартье тоқта дегендей белгі берді.
— Хош! — деді Валентина. — Демек, бұл сенің айтайын деген ойың Н әрпінен басталады деген сөз; сөйтіп, мәселе Н әрпіне тірелді ғой? Ал кәнекей, бізге оның, осынау Н әрпінің қандай қажеті болды екен? На, не, ни, но...
— Иә, но, иә, — деді жөпелдемде қария.
— Демек, но ғой керегі?
— Иә.
Валентина барып сөздікті алып келді де, Нуартьенің алдына пюпитрге әкеп жайып салды; атасының шұқшия қараған бетіне келгенде, әр бағананы жоғарыдан төмен қарап тездетіп саусағымен нұсқап көрсете бастады.
Бұдан алты жыл бұрын Нуарьте осындай ауыр жағдайға душар кеп, кәріп болып қалғалы бері Валентина оның ойындағысын лезде ұғып-білуге дағдыланып әбден әккіленгені соншалық, атасы өзіне қажетті сөзді сөздіктен өзі іздесе де мұншалық тез таппас.
Нотариус деген сөзге жеткен тоқта деп белгі берді Нуартье.
— Нотариус, — деді немересі, — сонда нотариусты көргің келе ме, ата?
Нуартье шынында да нотариусты көргісі келетіндей нышан білдірді.
— Ендеше, нотариусқа кісі жіберу керек екен ғой? — деп сұрады Валентина.
— Иә, — деп ишарат етті шал.
— Бұл жайлы әкейдің білгені жөн бе?
— Иә.
— Немене, нотариус саған тығыз керек пе?
— Иә.
— Қазір кісі жібереміз. Бар айтпағың осы ма еді?
— Иә.
Валентина жүгіріп барып қоңырауды басып, малайды шақырып алды да атама Вильфор мырзаны, яки болмаса де Вильфор ханымды шақыр деді.
— Разымысың енді? — деді Валентина. — Солай де... Риза болмағанда ше! Түсіне қою оңайға соқпады-ау!
Соны айтып, немересі жас сәбиге қарағандай атасына мейірлене жымиды.
Вильфорды ертіп бөлмеге Барруа енді.
— Сізге не қажет боп қалды, сударь? — деді Вильфор мешел шалға.
— Әкей, — деді Валентина, — атам нотариусты көргім келеді дейді.
Осы бір таңсық сөзді, ең бастысы ойламаған жерден қойылған талапты естігенде, Вильфор мүскін шалға көзімен ішіп-жей қарады.
— Иә, — деп белгі берді шал міз бақпастан, Валентина мен өзінің айтпақ тілегін айқын ұққан кәрі малайын арқаланған ол енді шайқасқа біржола бел буғандай.
— Сіздің нотариусты көргіңіз келе ме? — деп қайта пысықтады Вильфор.
— Иә.
— Неліктен?
Нуарьте ләм-мим демеді.
— Ау, сонда неменеге қажет ол нотариус? — деді Вильфор.
Қарияның жанарында жылт жоқ, қимылсыз қатты да қалды; мұнысы «айтқаным — айтқан» деген ұғымды білдіретін.
— Қалайда бізге бір қырсық тигізу үшін бе? — деді Вильфор. — Оның қажеті қанша?
— Бірақ сонда да, — деді Барруа, өз дегенін орындап тынатын қарт малайларға тән бірбеткейлікпен, — әгәрки, менің мырзам нотариусты көргісі келеді екен, демек оған бір қажеті болғаны да. Нотариуске өзім барайын.
Барруа Нуартьеден басқа қожайыным бар екен деп білген жан емес және оның дегенін екі етуге әсте жол бермейтін.
— Иә, нотариусты көргім келеді, — деп қария ишарат етіп, көпе-көрнеу ерегісе көзін жұмғанда: «Көрерміз, дегенімді істемей байқасын» дегендей әсер етті.
— Егер, айтқаныңыздан қайтпасаңыз, әлбетте нотариусты шақырып келеміз ғой, бірақ одан өзім үшін де, сіз үшін де кешірім өтінуіме тура келер, өйткені, елге күлкі боларымыз хақ.
— Мейлі, — деді Барруа, — мен оған барып келейін. Соны айтып қарт малай көңілі марқайған күйі шығып кетті.
II ӨСИЕТ
Барруа бөлмеден шығып бара жатқанда, Нуартье немересіне қулана бір қарап қойды. Шалдың бұл қарасын Валентина іштей ұғып тұр: мұның мәнісін Вильфор да бірден түсіне қойған еді: жүзі түнеріп, лезде қабағы түсіп кетті.
Ол орындық алып, ғарып шалдың алдына барып жайғасты да, не де болса істің ақырын күтпек болды.
Ал Нуартье болса оған мүлде самарқау қарап отыр, сонда да Валентинаға ешқандай қам жеме және қасымнан кетпе дегенді көз қиығымен сездіріп қойды.
Қырық бес минуттың мұғдарында Барруа нотариусты ертіп келді.
— Сударь, — деді Вильфор нотариуспен амандасып жатып, — сізді шақыртқан мына отырған Нуартье де Вильфор мырза; тұла бойы сіресе сал болып, тілден айырылған, тек біз ғана, онда да зордан-молдан іліп-шалып, қайсыбір айтпақ ойын ұға аламыз.
Нуартье салқын да салмақты көзқараспен Валентинаға қарап еді, немересі дереу сөзге араласты.
— Сударь, атамның тілін мен жақсы түсінемін.
— Ол рас, — деп үстеді Барруа — мұның бәрін нотариус мырзаға жолшыбай айтқан болатынмын.
— Мырзалар, рұқсат етіңіздер, айта кетейін, — деді нотариус Вильфор мен Валентинаға қарап сөйлеп, — дәл осындай жағдайда ресми адамның жаңсақ басып жаңылыс кетуіне әсте хақы жоқ, олай болса өзіне ауыр жауапкершілік жүктеп, пәлеге қалды дей бер. Акт заңды болу үшін ең әуелі нотариус өсиет жаздырушының айтпақ ойын, талап-тілегін тұпа-тура сол күйінде қағаз жүзіне түсіргеніне көзі ап-айқын жетуі шарт. Сөйлей алмайтын мылқау клиенттің не құптап отырғанын, не құптамай отырғанына қалайша сенімім кәміл болмақ; өз ойын жеткізіп айтар тілі болмаған соң, оның нені қалап, нені қаламай отырғаны мен үшін танық болып қалғандықтан, бұл жағдайда менің қатысып отырғанымнан пайда жоқ, бұл заңға сыймайды.
Нотариус кетуге ыңғайланды. Іштей масайрап отырған король прокурорының миығынан ұры күлкі жылт ете қалды.
Нуартьенің өзіне күйзеле қарағанын көрген Валентина жандәрмен нотариустың жолына көлденең тұруға мәжбүр болды.
— Сударь, — деді ол, — атам екеуміздің өзара ұғысып сөйлесіп жүрген тіліміз сондайлық оңай, қарапайым тіл, оны осы қазір, бірер минут ішінде, өзім қандай түсінсем, сізге де сондай тамаша түсінетіндей етіп үйретіп шығара алам. Арыңыз судан таза, сүттен ақ болуы үшін сізге не қажет екенін айтыңызшы маған?
— Біздің актілеріміздің заңды болуы үшін, — деп түсіндірді нотариус, — өсиетшінің не нәрсеге де келісім беретін-бермейтініне сенімді болуымыз қажет. Өсиетшінің тәні ауру болса да ақыл-санасының орнықты болғаны керек.
— Ендеше, сударь, қазір ол кісі екі-ақ белгі бергеннің өзінде атамның ой-санасының дәл қазіргідей ешқашан түзу болмағанына көзіңіз айқын жетері хақ. Үннен, тілден айырылып, қимылсыз қалған Нуартье мырза «иә» дегенде көзін жұмып белгі береді де, «жоқ» дегенде бірнеше мәрте кірпігін жыпылықтатып ишара жасайды. Енді бұдан кейін сіз онымен өзіңіз де сөйлесе аласыз; байқап көріңізші.
Шалдың Валентинаға дән разы боп, соншалық мейірі түсіп, сүйсіне қарағанын, тіпті, нотариус та ұға қойды.
— Немереңіздің айтқанының бәрін де естіп, түгел ұғып отырдыңыз ба, сударь? — деп сұрады нотариус.
Нуартье көзін баяу жұмды да, бір секундтан кейін қайтадан ашты.
— Сөйтіп, сіз оның айтқандарына түгел қосыласыз ба, яғни айтқанда, немереңіз әлгінде атаған ишарат-белгілерді сіз өз ойыңызды басқа адамға жеткізу үшін пайдаланатыныңыз рас па?
— Иә, — деп белгі берді қария.
— Мені шақырған сіз бе?
— Иә.
— Өсиет жаздыру үшін бе?
— Иә.
— Өсиет қағазын толтырмай тұрып кеткенімді қаламайсыз ғой?
— Ғаріп шалдың көзі жыпылықтап кетті.
— Міне, көрдіңіз ғой, сударь, енді оның айтпағын түсінетін шығарсыз? — деп сұрады Валентина. — Енді көңіліңізде күдік қалмаған шығар?
Қапелімде нотариус жауап қатқанша, Вильфор оны оңашалап алып шықты да:
— Сударь, — деді, — сал болып қалған осынау тірі өлік Нуартье де Вильфор мырзаның ақыл-ссі шынымен бүтін деп ойлайсыз ба?
— Менің қиналып тұрғаным бұл емес, — деп жауап қатты нотариус, — мен оның берген жауабын қалай байыбына барып түсінер екенбіз деп дағдарып тұрмын.
— Өзіңіз де көріп тұрсыз, мүлде мүмкін емес нәрсе ғой бұл, — деді Вильфор.
Валентина мен атасы бұл әңгімені естіп отырды. Нуартье енді Валентинаға тесіле, тіксіне қарады; шалдың көзқарасы немересіне қайткенде де көнбе деп отыр.
— Бұған алаң болмай-ақ қойыңыз, сударь, — деді қыз. — Атамның айтпағын ұғу қаншалық қиын болса да немесе нақтырақ айтсақ, қаншалық сізге қиын көрінсе де, мен бәрін де түгел жеткізіп беремін, көңіліңізде зәредей шүбә қалмайды әлі. Нуартье мырзаның қасынан шықпағаныма, міне, аттай алты жыл боп қалды, қаласа, өзі-ақ айтып берсін сізге, осы алты жыл ішінде мен түсінбегендіктен көңілінде күпті болып қалған жайы бар ма екен, сірә?
— Жоқ, — деп белгі берді қария.
— Жарайды, байқап көрелік, — деді нотариус, — мадемуазель де Вильфордың сіздің тілмашыңыз болуына ешқандай қарсылығыңыз жоқ па?
Жарымжан шал мақұлдап ишарат білдірді.
— Бәрекелде! Сонымен, сударь, маған қандай өтініш етпек едіңіз, қандай актіні хаттау қажет еді?
Валентина әліппедегі әріптерді рет-ретімен бірінен соң бірін дауыстап оқи бастады. Кезек Ө әрпіне келгенде, Нуартье көзімен тоқта деген белгі берді немересіне.
— Нуартье мырзаға Ө әрпі қажет боп шықты, — деді нотариус, — бұл айдан анық.
— Тоқтай тұрыңыз, — деп Валентина атасына қарай бұрылды, — өс...
Шал оны бірден тоқтатты.
Енді Валентина қолына сөздікті алып, осының бәрін жіті қадағалап отырған нотариустың көзінше беттерін біртіндеп аударыстыра бастады.
— Өсиет, — деген сөзді нұсқап тұрды Валентина саусағымен, Нуартье тоқта деп мегзеген тұсқа келгенде.
— Өсиет! — деп дауыстады нотариус. — Дау жоқ. Нуартье мырза өсиет жаздыруға ниет қылып отыр екен.
— Иә, — деп Нуартье ишарат етті бірнеше мәрте.
— Иә, бұл шынында ғажап екен, сударь, бұған сіз де қарсы болмайтын шығарсыз, — деді нотариус таң-тамаша болған Вильфорға.
— Шынында да ғажап, — деп қарсылық білдірді Вильфор, — ал одан да ғажабы, өсиеттің өзі болмақшы, өйткені, қалай десе де, ебін тауып оның әр тармағын сөзбе-сөз, өз аузымен айтып қағазға менің қызым жаздырмаса, бұдан жөнсулы бірдеңе шығады дегенге шүбәм бар. Ал Валентинаға келсек, Нуартье де Вильфор мырзаның тірі пенде түсіне алмайтын көкейдегі ойын жеткізуге осынша жан салуына қарағанда, бұл өсиеттің жазылуына айрықша құштар болса керек.
— Жоқ, жоқ, жоқ! — деп мегзеді мылқау шал.
— Қалайша! — деді Вильфор. — Сіздің өсиет қалдыруыңызға Валентина құштар емес демексіз бе?
— Жоқ, — деп ишарат білдірді Нуартье.
— Сударь, — деді нотариус, бүгінгі жүргізген тәжірибесіне көңілі тасып, осынау таңғажайып көріністі жалғанға жариялауға тағаты қалмай, тықыршыған қалпы, — сударь, осы әлгінде ғана мүмкін емес деген нәрсе мен үшін қазір тіпті оңайдың оңайы тәрізді; бұл өсиет заңға қайшы келмейтін және заңның өзі рұқсат еткен кәдуілгі құпия өсиет болады да шығады, ол үшін бұған жеті адам куә болуы шарт, солардың көзінше өсиет жаздырған адам өз келісімін білдірген соң, нотариус оны желімдеп, хаттауы керек. Бұған да сол жай өсиет дайындағандағыдан артық көп уақыт кетпейтін болар және де мұның әлімсақтан бері өзгермей келе жатқан заңдастырылған формасы бар, ал қалған ұсақ-түйегіне келсек, ол ең алдымен өсиет жаздырушының жай-жағдаятына байланысты нәрсе, оның үстіне мұның жай-жапсары сізге айқын секілді, өйткені бұрыннан өзіңізге әріптес шаруа ғой. Ол ол ма, бұл актыға тірі пенде зәредей күмән келтірмеу үшін біз бәрін де осы бастан айқындан алуға тиіспіз; ол үшін әріптестерімнің біреуі маған көмекші болуы керек және бұрын-соңды мұндай нәрсе әдетімізде болмаса да, өсиет жазылар кезде қатысып отырулары керек. Сіз бұған қанағаттанасыз ба, сударь? — деп сөзін соза түсті нотариус шалға қарап.
— Иә, — деген нышан білдірді, бұлардың өз ойын ұққанына қуанған Нуартье.
«Не ойлағаны бар екен?» — деп Вильфор іштей дал болып отыр, биік мансабы амалсыздан сыр бермей, сабыр сақтауға мәжбүр еткен, оның үстіне әкесінің қандай шешімге келгенін тұспалдай алмай айран-асыр.
Мына нотариус әлгінде ғана аты-жөнін айтқан екінші нотариусқа жіберейін деп Вильфор жалт қарап еді, сөйтсе бәрін естіп-біліп тұрған Барруа, қожайынының көкейіндегісін көзінен ұққан соң өзі де тартып отырған екен.
Король прокуроры енді зайыбын осында шақыруға жарлық етті.
Арада ширек сағат өткенде бәрі де мешел шалдың бөлмесіне түгел жиналып болды, екінші нотариус та жетіп үлгерді.
Екі нотариус өзара келісімге тез келді. Нуартье мырзаға өсиеттің жазбаша қалыпты тексін оқып берісті, сонан соң осы қарияның ақыл-есі бүтін бе, байқап көрелік дегендей бірінші нотариус оған қарап былай деді:
— Сударь, өсиет жаздырғанда әлдеқандай бір адамның пайдасына бола жаздырады.
— Иә, — деп емеурін білдірді Нуартье.
— Дәулетіңіздің шамасы қаншалық екенінен хабардарсыз ба?
— Иә.
— Мен сізге бірнеше санды дауыстап айтып, бірте-бірте өсіре берем, сіз өзіңіз дұрыс деп тапқан санға келгенде, тоқта деп белгі берерсіз.
— Иә.
Осынау сұқбаттың өзінде бір әлдеқандай сән-салтанат бардай; оның үстіне адам санасының тұл тәнмен дәл бұлай ашық арпалысуы бұрын-соңды кездеспеуі де кәдік — сол себепті де бұл көріністе шандоздық бар-ау деген байлам тіліміздің ұшында тұрғаны да рас, бірақ қалай дегенде де, әйтеуір, зер салуға тұрарлық көрініс еді бұл.
Бәрі де Нуартьені қаумалап алған; екінші нотариус үстел басына жайғасып, жазуға дайындалды; бірінші нотариус жарымжан шалдың алдында тұрған қалпы оған сауал бере бастады.
— Сіздің дәулетіңіздің үш жүз мың франктен артық екені ақиқат қой, солай ма? — деп сұрады ол.
Нуартье мақұлдаған қалып көрсетті.
— Төрт жүз мың франк мұғдарында ма? — деп үстеді нотариус.
Нуартье селт еткен жоқ.
— Әлде бес жүз мың франк па?
Шал міз бақпады.
— Алты жүз мың? Жеті жүз мың? Сегіз жүз мың? Тоғыз жүз мың?
Нуартье мақұлдаған нышан білдірді.
— Сіздің тоғыз жүз мың франкыңыз бар ма?
— Иә.
— Үй-жай күйінде ме? — деп нақтылай сұрады нотариус.
Нуартье жоқ деп белгі берді.
— Қазынаның проценттік қағазы күйінде ме?
Нуартье мақұлдап ишарат етті.
— Ол қағаздар қазір өз қолыңызда ма?
Нуартьенің Барруаға қарап көз тастауы мұң екен, малай шал дереу шығып кетті де, бір минуттен соң құйттай қобдишаны алып қайта оралды.
— Мына қобдишаны ашуға рұқсат етесіз бе?
Нуартье иә деген белгі берді.
Қобдишаны ашқанда, ішінен қаржы мекемесінің тоғыз жүз мың франктік билеттері шықты.
Бірінші нотариус билеттерді бірінен соң бірін өз әріптесіне беріп отырды; бәрін санап шыққанда Нуартье айтқан санға дөп келді.
— Бәрі де дұп-дұрыс, — деді ол, — қарияның ақыл-есі бүтін екені айдан анық.
Сонсоң ғаріп шалға бұрылып былай деді:
— Сонымен, сіздің тоғыз жүз мың франк капиталыңыз бар екен, өзіңіз жайғастырған мына қағаздардың арқасында бұл капитал сізге жыл сайын қырық мың шамасында пайда келтіріп отырады екен, солай ма?
— Иә, — деп ымдады Нуартье.
— Енді бұл дәулетіңізді кімге мирас қып қалдырмақсыз?
— Бұл жерде ешқандай да шәк келтірмеуіңізге болады, — деді де Вильфор ханым. — Нуартье мырза тек өзінің немересін, мадемуазель Валентина де Вильфорды ғана жанындай жақсы көреді; атасын алты жылдан бері бағып келе жатқан сол; дәйімі қас-қабағына қараумен атасының көңілінен шықты өзі, тіпті, мен айтар едім, алғысына бөленді деп; сол себепті де осыншалық ынты-шынтымен еткен еңбегінің қиуазы қайтар болса, әне, әділдік деген осы.
Бәрін өзінше топшылап, болмағанды болдыға жорып, жәркештене сөйлесе де де Вильфор ханымның сөзі шындық дегендей Нуартьенің көзі жалт ете қалды.
— Сөйтіп, сіз осы тоғыз жүз мың франкыңызды мадемуазель Валентина де Вильфорға мұра ғып қалдырасыз ба? — деп сұрады нотариус, іштей өзі енді тек бұл тармақты осылай сөзбе-сөз қағазға түсіру ғана қалды деп санаса да Нуартьенің келісім бергенін көзбен көрелік және осы бір ғажайып жағдайды куәлардың баршасы да өз көздерімен көріп, көңілдері сеніп кетсін деген оймен.
Валентина сәл оқшау барып, басын төмен салып жылап тұрды; шал оған ет-бауыры елжірей қарады, сосын нотариусқа қарап, кірпігін қоймастан жыпылықтатты.
— Жоқ дейсіз бе? — деді нотариус. — Сонда қалай, мадемуазель Валентина де Вильфорды жалғыз мұрагерім деп санамайсыз ба?
Нуартье жоқ деп белгі тастады.
— Қателесіп отырған жоқсыз ба? — дегенде таңырқанған нотариустың даусы қатты шығып кетті. — Сіз шынымен жоқ деп отырсыз ба?
— Жоқ! — деп Нуартье тағы қайталады. — Жоқ!
Валентина басын көтеріп алды; қыз мұрадан мақұрым қалады екенмін деп емес, атама не жазып қалдым екен деп абдырап тұр.
Бірақ Нуартьенің өзіне соншалықты тебіріне қарағанын көргенде қыз да толқи сөйледі:
— Бәрін де түсініп тұрмын, ата, мұрагер деп санамасаңыз да мені жек көрмейсіз ғой, әйтеуір?
— Иә, әлбетте, — дегенді айқын ұқтырып, ғаріп шал көзін айрықша бір нәшпен жұмғанда, Валентинаның сенбесіне лажы қалған жоқ.
— Рақмет, рақмет, — деп сыбырлады қыз.
Шалдың әлгі сөзінен кейін аяқасты дәмеленіп қалған де Вильфор ханым енді атасының жанына келді.
— Қымбатты Нуартье мырза, ендеше дәулетіңізді өзіңіздің немереңіз Эдуард де Вильфорға мирас қып қалдырмақ екенсіз ғой? — деп қиылды ол.
Осы сәтте шалдың көзінің жыпылық қаққанын көргенде адам шошырлық еді; түріне қарағанда, тіпті, өшпенділік бардай.
— Жоқ, — деп бажайлай түсіндірді нотариус. — Ендеше, мына отырған ұлыңызды мұрагер деп санайтын шығарсыз?
— Жоқ, — деп шал құптамай қойды.
Екі нотариус бір-біріне аңырая қарасты; ерлі-зайыпты Вильфорлар бірі ұялып, бірі ашудан түтігіп қып-қызыл боп кетті.
— Ата-ау, сізге не жазып қалдық? — деді Валентина. — Бізді жек көресіз бе, шынымен?
Шалдың көзі әуелі ұлын, сонсоң келінін қыдыра шолып өтті, Валентинаға кеп тоқтағанда, жанары жылып, елжіреп қоя берді.
— Ата деймін, — деді Валентина, — егер мені жақсы көретінің рас болса мұны қалай ұғуға болады. Сен ғой мені жақсы білесің, сені ақшаңа бола жақсы көріп жүрмегенім өзіңе тағы да айқын. Оның үстіне туған апамнан маған мол, тіпті мол мұра қалған десіп жүр. Енді өзің түсіндірші, не боп қалды сондай-ақ?
Нуартьенің көзі ұшқындап Валентинаның қолына қадалды да қалды.
— Менің қолым ба? — деді қыз.
— Иә, — деп ишаралады Нуартье.
— Валентинаның қолы! — десіп жамырай қайталады бәрі.
— Ах, мырзалар, — деді Вильфор, — көріп отырсыздар ғой, босқа арамтер болғанымызды, менің сорлы әкемнің ақылы ауыс.
— Енді ұқтым! — дегенде Валентинаның даусы саңқ ете қалды. — Менің күйеуге шығуымды айтып отырсың ғой, солай ма, ата?
— Иә, иә, иә, — ашулы жанарын жарқ-жұрқ еткізіп мүгедек шал көзін үш қайыра жұмып ашты.
— Бізге соған бола ренжіп отырсың ғой, солай ма?
— Иә.
— Бірақ мұның қисыны жоқ! — деді Вильфор.
— Ғафу етерсіз, сударь, — деді нотариус, — керісінше, мұның қисыны әбден келіп тұр және де, меніңше, бір-бірімен сабақтасып жатыр.
— Әлде, Франц д’Эпинеге тұрмысқа шығуыма сен риза емессің бе?
— Жоқ, наразымын, — деп көзімен мегзеді шал.
— Сіз жақтырмаған адамға тұрмысқа шығады деп немереңізді мұрагер етпей отырсыз ба сонда? — деп дауыстай сөйледі нотариус.
— Иә, — деп жауап қатты Нуартье.
— Егер бұл неке болмаса немереңізді мұрагер етер ме едіңіз?
— Иә.
Шалдың маңындағылар үннен қалды.
Нотариустар өзара кеңесуге кірісті; Валентина атасына қарап мейірлене жымиды; Вильфор қаймыжықтай ернін тістелей берді; ал зайыбының қуанышы бетіне теуіп, көзге ұрып тұр.
— Қалай дегенмен де, — деді ақырында Вильфор тыныштықты бірінші болып бұзып, — бұл неке бізге лайық па, жоқ па оған тек мен ғана баға беруге тиісті сияқтымын. Қызымды кімге берем десем де өз құқым өзімде, сондықтан да, менің қалауым бойынша ол Франц д’Эпине мырзаға тұрмысқа шығып, соған жар болады.
Валентина ағыл-тегіл егіле жылап, креслоға отыра кетті.
— Сударь, — деді нотариус шалға қарап сөйлеп, — егер де мадемуазель Валентина д’Эпине мырзаға тұрмысқа шыға қалған жағдайда дәулетіңізді қандай мақсатқа жұмсамақ ниеттесіз?
Қария қимылсыз қатып қалды.
— Енді әйтеуір бір мақсатқа жұмсайтып шығарсыз?
— Иә, — деп ишаралады Нуартье.
— Өз семьяңыздағы біреуге мұра ғып қалдырмақсыз ба?
— Жоқ.
— Онда ғаріп-ғасірлерге мұра қыласыз ба?
— Иә.
— Бірақ — деді нотариус, — заң бойынша өз ұлыңызды мұрадан ақыр-тақыр мақұрым қалдыруға тиіс емес екеніңізді сіз білесіз бе?
— Иә.
— Ендеше, заң бойынша, дәулетіңіздің өзіңізге тиесілі бөлігін ғана қалауынша жұмсайсыз ғой?
Нуартье тас мүсін болып мелшие қалды.
— Сіз қайткен күнде де дәулетіңізді тұтас күйінде мұра қылуға бел буып отырсыз ба?
— Иә.
— Олай болған жағдайда сіздің өсиетнамаңыз өзіңіз көз жұмғаннан кейін таласқа қайта түседі.
— Жоқ.
— Әкем, мені біледі ғой, сударь, — деді Вильфор, — оның айтқан әр сөзін қастер тұтатыным оған аян; бұл жағдайымда менің ғаріп-ғасірлермен соттасып жүре алмайтынымды ол өзі де біліп отыр.
Нуартьенің көзқарасынан насаттанған нышан байқалды.
— Қандай шешімге келдіңіз, сударь? — деп сауал қойды нотариус Вильфорға.
— Ешқандай да. Әкем мұндай шешімге келген екен, демек, оны өзгертпейтіні маған аян. Маған тек мойынсұнбақ керек. Бұл тоғыз жүз мың франк біздің семьядан шығын боп шығады да, панасыздарды бір жырғап тастайды; сонда да бәрібір арымнан аттай алман, қияңқы шалдың қысастығына көне алмаспын.
Әкесіне не қылсаң да өз еркің деген сыңай танытып, әйелін ерткен Вильфор бөлмеден шығып кетті.
Өсиет жазу рәсімі сол күні бітті; куәлер де түгел жиналды, дауыстап оқыған өсиетнаманы шал құптаған соң бәрінің көзінше желімдеп хаттап, Вильфорлар семьясының нотариусы Дешан мырзаға сақтап қоюға табыс етілді.
III ТЕЛЕГРАФ
Ерлі-зайыпты Вильфорлар үйге келген соң, граф Монте-Кристоның арнайы келіп, өздерін қонақжайда күтіп отырғанын білді; әлі де сабасына түсіп үлгермеген де Вильфор ханым графпен бірден бетпе-бет жүздесуге дәті шыдамай жатын бөлмеге өтіп кетті; өз-өзіне сенімдірек король прокуроры бірден қонақжайға тартты. Бірақ қанша сыр бермей, түсін билегенмен де тұнжыр қалпынан айыға алмады да жайраңдай күліп қарсылаған граф оның әлденеге түңіліп, тоңторыс тұнжыр келген күйіне әп дегеннен елеңдей қалды.
— Де Вильфор мырза, сізге не болған? — деді ол аман-саулық сұрасқаннан кейін. — Әлде бір сұрапыл айыптау актісін жазып жатқан кезіңізде келіп қалдым ба жазатайым?
Вильфор ықтиярсыз жымиған болды.
— Жоқ, граф, — деді ол, — осы жолғы құрбандық — менің өзім. Жеңіліс тапқан менмін, ал айыптау актісін жазғандар оқыс жағдай, сыңарезулік және есалаңдық болды.
— Бұл не дегеніңіз? — деді Монте-Кристо, жанашырлық білдірген адамның кейпіне еніп. — Сондай-ақ не боп қалды?
— Айтып жатуға да арзымайтын нәрсе, граф, — деді әбден налыған Вильфор, байыппен — түкке тұрмайды, әншейін қаржылай шыққан шығасы да.
— Солай солай, — деп тіл қатты Монте-Кристо, — сіздей шалқар дәулеті бар адамға, сіздей философияға жүйрік, озық ойшыл жанға қаржылай шыққан шығасы деген не тәйірі!
— Сондықтан да, — деп түсіндірді Вильфор, — тіпті қалай дегенмен де тоғыз жүз мың франк дегеніңіз қынжылуға немесе опық жеуге тұрарлық сан болса да, ақша үшін қабырғам қайысып тұрған мен жоқ бәрібір. Бәрінен бұрын мені қапа қылған тағдырдың тәлкегі дейін бе, әлде оқыс жағдай ма, әйтпесе жазмыш па, тіпті қалай айтарға да білмей отырмын, ақылынан алжасқан шалдың қырсығынан қолдағы дәулеттен айырып, мені есеңгіретіп кеткен ауыр соққы, қызымның болашағына да кесірі тиюі ықтимал мұның.
— Не деп отырсыз! Қалайша? — деді граф елпілдеп. — Тоғыз жүз мың франк дейсіз бе? Оныңыз рас, мұндай ақша үшін, тіпті, философтың өзі де күйіп-пісуі мүмкін; апыр-ау, кім сонда сізді ренжітіп жүрген?
— Өз әкем, ол кісі жөнінде сізге айтқан болатынмын.
— Нуартье мырза ма? Шын айтасыз ба? Бірақ та, ұмытпасам, ол кісіні сал боп қалған дәрменсіз ғаріп деген сияқты едіңіз ғой?
— Иә, ешқандай қимылдауға қауқары жоқ. Мешел екені рас, тіл-жағы байланып қалған, сөйтсе де, көрмейсіз бе, соған қарамастан ойлай алады, қам-қарекетке мығым-ақ. Оның бөлмесінен бес минут болды шыққаныма; қазір шал екі нотариуске өсиетнамасын жаздырып жатыр.
— Ендеше, сөйлей алатын болғаны ғой?
— Жоға, бірақ өзін түсінуге мәжбүр етті жұртты.
— Қалайша?
— Көзқарасымен шал көзімен ғана тірлік етеді, көріп отырсыз, кісі өлтіре алады мұқым.
— Достым, — деді, бөлмеге осы кезде кеп енген де Вильфор ханым, — меніңше, сіз тым асыра айтып тұрған сияқтысыз.
— Сударыня... — граф ханыммен тағзым етіп сәлемдесті.
Де Вильфор ханым оған жайраңдай қарап жымиып қойды.
— Япыр-ай, де Вильфор мырзадан естігенім не әңгіме? — деп сауал қойды оған Монте-Кристо. — Ақылға сыймайтын қатігездік қой бұл?..
— Ақылға сыймайтын деп дәл айттыңыз! — деді король прокуроры. — Кәріліктің қырсығы!
— Сонда оның бұл шешімін өзгерттіретін амал болмағаны ма?
— Неге болмасын, бар, — деді де Вильфор ханым, — өсиетнаманы Валентина зиян шекпейтіндей етіп, ол ол ма, керісінше оның пайдасына қайта жаздыру тек менің күйеуіме ғана байланысты.
Ерлі-зайыптылардың астарлап сөйлей бастағанын аңғарған граф самарқау түр көрсетіп, енді құс табақшаға сия құйып жатқан Эдуардқа көпе көрнеу қолпаштай, зер сала қарады.
— Қымбаттым менің, — деп қарсылық білдірді Вильфор зайыбына, — өз үйімде патриарх болуға құштар емес екендігім өзіңізге аян ғой, ешқашанда дүние тағдыры маған қарап қалады екен деп білген емен. Сөйтсе де, менің семьям менің шешімдеріммен санасуға тиісті, есалаң шал мен қияңқы бала менің бұрыннан ойластырып қойған жоспарымды бұзуға құқы жоқ. Барон д' Эпине менің досым болатын, мұны өзіңіз де білесіз, ал біздің қызымыз үшін оның ұлынан артық күйеу табылмайды.
— Демек, сіздің ойыңызша, — деді де Вильфор ханым, — Валентина онымен сөз байласып қойған екен ғой?.. Ал шынтуайтқа келгенде... қызымыз бұл некеге бұрыннан қарсы болатын, сондықтан да, жаңа ғана біз естіп-білген, көрген жағдай егер де алдын ала ойластырылған жоспардың жүзеге асқан сәті ғана болып шықса өз басым бұған әсте таңырқамас едім.
— Сөзіме бағыңыз, — деді Вильфор, — қараптан-қарап тоғыз жүз франк капиталдан кім бас тарта қояды.
— Ақша тұрмақ, бұ дүниеден безіп кетуге әзір ол қыз, тіпті, осыдан бір жыл бұрын монастырьға кетпек боп қиғылық салды емес пе.
— Бәрібір, — деп қасарысты Вильфор, — айттым ғой сізге, айтқаным — айтқан!
— Әкеңіздің сөзін далаға тастамақсыз ба? — деді де Вильфор ханым, енді қулыққа көшіп. — Бұл оңайға түсе қоймас!
Монте-Кристо бұл әңгімеге мүлде құлақ аспағансып отыра берді, сөйтсе де бір сөзді қағыс жіберген жоқ-тұғын.
— Сударыня, — деп беріспеді Вильфор, — мен әрқашанда әкемді қастер тұтқан адам екенімді қаперіңізге салуға тиіспін, өйткені оның өзімнен рухани үстемдігіне бала кезімнен мойынсұнып өскенмін; түптің түбінде, әкеміз бізге өмір сыйлаған адам, әрі қожайынымыз, әне, сондықтан да ол ең киелі адам біз үшін; солай бола тұрса да, бір кезде әкесімен араз едім деп баласымен өштесер әкейдің мұнысын қайтып қана жөн демекпін? Шалық ұрған шалдың жетегінде кетсем, жұрт мұныма күлмей ме. Алдағы уақытта Нуартье мырзаны қастер тұтып қадірлейтінім кәміл, мені мұрасынан мақұрым қалдырғанына да қыңқ етіп, қабақ шытып, бірақ алған шешімімнен бас тартатын кісіңіз мен емеспін, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін ертең ел-жұрт өзі айта жатар. Сөйтіп, қызымызды барон Франц д’Эпинеге қосамын, себебі өз басым мұны, сәті түскен, құрметті неке деп білемін, басқаны былай қойғанда, өзіме ұнаған кісіге қызымды күйеуге беруге құқым бар ғой.
— Солай деңіз, — деді граф, король прокуроры қолпаштау күтіп өзіне қайта-қайта жалтақтай берген соң, — солай деңіз! Сіздің сөз саптауыңызға қарағанда, мадемуазель Валентина барон Франц д' Эпинеге тұрмысқа шығатын болғандықтан, Нуартье мырза оған мұра қалдырмай отыр екен ғой?
— Бәленің бәрі сонда боп тұр ғой, — деді Вильфор иығын қомдап қойып.
— Қалай дегенмен де мәселе онда емес, — деп сөз қыстырды де Вильфор ханым.
— Мәселе тек осында, судариня. Маған сеніңіз, енді, өз әкемнің мінезін білем ғой.
— Төрелігін өзіңіз-ақ айтыңызшы? — деп қиылды келіншек. — Тәңірі жарылқасын, өзіңіз айтыңызшы, д’Эпине мырзаның өзге жұрттан несі кем?
— Шынында да, — деді граф, — Франц д' Эпине мырзаны көргенім бар: айтпақшы, ол өзі әлгі генерал де Кенельдің ұлы ғой: барон д’Эпине атағын кейін алды емес пе?
— Үстінен түстіңіз, — деді Вильфор.
— Ол өзі маған жайсаң бозбала сияқты көрініп еді.
— Әне, сондықтан да, менің сенімім кәміл, бұл әшейін құр желеу ғана, — деді де Вильфор ханым. — Тегінде қария адамдар жақсы көрген кісілеріне келгенде қатігез боп кетеді. Нуартье мырза немересінің тұрмысқа шыққанын жалпы құптамайды, болған-біткені сол ғана.
— Дегенмен де, жек көруінің әлдеқандай бір себебі бар шығар, бәлки? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Құдайым-ау, оны кім білген?
— Мүмкін, мұнда бір саяси астар жатқан болар?
— Шынында да, біздің әкей мен д’Эпине мырзаның әкесі аласапыран заманда өмір кешкен адамдар ғой; менің көріп қалғаным тек соңғы күндері ғана, — деді Вильфор.
— Сіздің әкеңіз бонапартист болған тәрізді еді ғой? — деді Монте-Кристо. Әлі есімде, маған солай деген сияқты едіңіз.
— Менің әкем нағыз якобиншіл болатын, — деп, Вильфор, сақтана сөйлеп отырғаны тарс есінен шығып, төтесінен кетті енді, — ал оның иығына Наполеон жапқан тоға оның сырт пішінін өзгерткенімен, ішін өзгерте алған жоқ. Тіпті, астыртын әрекеттерге талай мәрте қатысқанда да әкей императорға емешесі құрып бара жатқаннан емес, тек Бурбондарға өштескеннен қатысқан; бұл кісінің адам шошынар мінезі сол — ол ешқашан қол жетпейтін қиял дүниесі үшін арпалысып әуре болған емес, қашанда мүмкін нәрсе үшін ғана шайқасады; оның үстіне ұстанған мақсатына жету жолында өлгеніне қарамай айқасатын монтаньярлардың сұмпайы теориясын ту ғып ұстап өтті емес пе.
— Әне, көрдіңіз ғой, — деді Монте-Кристо, — бар гәп осында жатыр. Нуартье мен д' Эпине саясат жолында бір-біріне қарсы келген. Генерал д'Эпине Наполеон әскерлерінің сапында қызмет еткенімен, жүрегі роялистер жағында болған, солай ғой? Бір күні түнде түбі бауырлас боп кетерміз деп ертіп барып, бонопартшылар клубынан шыға бергенде өлтіріп кеткендері сол кісі емес пе еді?
Вильфор графқа шошына қарады.
— Қате айтып отырмын ба? — деді Монте-Кристо.
— Қателескеніңіз не, — деді Вильфор ханым, — өзі де солай; әкелері бір-бірімен дұшпандасып өткен екі жасты қосуға күйеуімнің қара тер болып жүргендегі мақсаты да сол жаулықтың ізін жасырып, жабу ғана.
— Табылған ақыл! — деді Монте-Кристо. — Шапағатшыл көңілден туған ой; зиялы қауым бұған қуана қол соқса керек. Шынында да, мадемуазель Нуартье де Вильфор Франц д' Эпине ханым атанса тамаша емес пе.
Вильфор селт етіп, осы сөзді бұл неге айтты, ар жағында не ойлағаны бар екен деген кісіше, мұның ішкі пікірін біліп алғысы келгендей Монте-Кристоға тіксіне қарады.
Бірақ граф жайдары қалпы, өзінің дағдылы әдетінше миығынан күліп отырған болатын; сөйтіп, бұл жолы да король прокуроры қанша көреген болғанымен, сыртқы пердеден басқа ештеңені анықтап байқай алған жоқ.
— Сондықтан да, — деп сөзін жалғап кетті Вильфор, — атасының мұрасынан айырылу Валентина үшін соншалық үлкен бақытсыздық болса да, оның некеге кесірі тиеді деген ойдан аулақпын бәрібір. Валентина осынау шалдың ақшасынан қағылды екен деп, меніңше, д’ Эпине мырза абыржи қоймас; бұл ақшадан гөрі өзіне менің қымбат та қадірлі екенімді оның өзі-ақ байқайтын болар, өйткені сөзімде тұру үшін бұл ақшадан мен өз еркіммен бас тартып отырмын ғой; мұнсыз да ол анасынан қалған шалқар дәулеттің иесі екенін есебінен шығармасы кәміл. Валентинаға тиесілі бұл мұраны нағашы атасы мен нағашы әжесі маркиз және маркиза де Сен-Мерандар шып-шырғасын шығармай сақтап отыр һәм екеуінің бұл қыз дегенде шығарда жаны басқа.
— Және олар да Валентина Нуартье мырзаны қалай ардақтап күтсе, солай әлпештеп, алақанға салуға тұратын адамдар, — деді де Вильфор ханым. — Айтпақшы, бір айдан қалмай олар Парижге келмекші; ғұмыр бойы бағып-қаққаны да жетер, енді мына қорлықтан кейін Валентина Нуартьенің жанында қала алмайтын шығар.
Мал ашуы — жан ашуымен талағы тарс айырылып тұлданғандардың берекесіз әңгімесін граф бейіл қойып тыңдап отыр.
— Бұл айтпағым үшін алдын ала ғафу өтінбекпін сіздерден, — деп бір қойды Монте-Кристо аз-кем мүдірістен кейін, — мейлі, әкесін жек көретіндіктен д’ Эпине мырзаға тұрмысқа шығасың деп Нуартье мырза мадемуазель де Вильфорға мұрасын қалдырмай-ақ қойсын дейік, бірақ та біздің сүйікті Эдуардқа ондай кінәрат таға алмайды ғой.
— Шынында да солай емес пе, граф? — деп сұңқылдады жанып түскен де Вильфор ханым. — Шынында да, әділетсіздік емес пе, масқара әділетсіздік емес пе бұл? Валентина сияқты бейшара Эдуард та Нуартье мырзаның немересі емес пе, ал турасын айтқанда, Франц д' Эпинеге күйеуге шықпаса, Нуартье күллі мұрасын ғой Валентинаға қалдырар еді. Басқасын былай қойғанда, Эдуард — осы әулетті жалғастырушы ғой, соның өзінде де, тіпті, атасынан мұра қалмаған күнде де Валентина Эдуардтан үш есе бай боп шыға келеді.
Монте-Кристо тіс жарып, тіл қатпастан, ден қойып тыңдап отыр.
— Енді, граф, — деді Вильфор, — біздің семьядағы шатақ жайлы әңгімені осымен тамамдалық. Иә, менің дәулетімнің сонымен жарлы-жақыбайлардың қалтасына түсетіні рас, ал біздің заманымыздағы нағыз байлар, әне, солар. Иә, заңды түрде үміт еткен дәулеттен әкем мені құр алақан қалдырып отыр және қылдай қнянатым болса бір сәрі ғой; сонда да мен салауатты, мейірбан адам қалпымнан тана алман. Д' Эпине мырзаға осы капиталдан түсім аласың деп уағда еткенмін — тіпті, іргеге қарап қалсам да оны алатын етем.
— Ал, сөйтсе-дағы, — деп қарсылық білдірді де Вильфор ханым көкейтесті ойына қайта оралып соғып, — бәлки, біз осы шатақтың бәрін соның өзіне айтып берерміз де ол әлгі келісімнен өзі-ақ бас тартатын болар?
— Нағыз бақытсыздық дегеніңіз әне осы болмақ! — деп күйзелді Вильфор.
— Нағыз бақытсыздық дейсіз бе? — деп қайталай сұрады Монте-Кристо.
— Әрине, — деді біраз сабасына түскен Вильфор, — ақшаның дау-дамайымен бұзылған некенің өзі де қалыңдықтың бетіне шіркеу болмақ; оның үстіне мен біржола басып тастамақ болған ит жылғы бықсық әңгіме қайта қоздайды. Жо-жоқ, бұлай болмауға тиіс. Егерде шын адал адам болса д' Эпине мырза Валентинаның мұрадан мақұрым қалғанын білгеннен кейін бұрынғыдан бетер жақын тартып, өзін борышкер деп білуі шарт, әйтпесе, мұның көкейін тескен тек пайда екен демей ме; жоқ, бұлай болуы мүмкін емес.
— Meн де солай ойлаймын, — деді Монте-Кристо да Вильфор ханымнан көзін айырмаған қалпы, — егерде ақыл-кеңес беруге хақылы досы болған болсам, мен де Вильфор мырзаға былай дер едім: Франц д' Эпине өзі де жуырда қайтып оралатын сияқты, сондықтан да, бұл мәселені некеге нұсқан келмейтіндей ғып шешу керек; қысқасы, бұған бел шешіп, күреске түссем, тек де Вильфор мырзаның мерейі үстем болатындай етер ем.
Көңілі насаттанып кетсе керек, Вильфор орнынан тұрып кетті; әйелінің жүзі сәл-пәл қуқыл тартты.
— Бек жақсы, — деді Вильфор, — өзімнің де сізден күткенім осы еді, ақыл-кеңесіңізді құп алдым, — деп үстеді ол Монте-Кристоға қолын ұсынып жатып, — Сонымен, баршаңыздан да өтінерім, бүгінгі осы үйде болған әңгімеге пәлендей мән бермей-ақ қойсаңыздар екен: біздің жоспарымыз күшінде қала береді.
— Сударь, — деді граф, — менің осы сөзіме зейін қойыңыз, қаншама қиянатшыл болған күннің өзінде де зиялы қауым сіздің осынау өткірлігіңізді бағаласа керек; достарыңыз сізді мақтан тұтады әлі; ал д' Эпине мырзаға келсек, мадемуазель де Вильфорды, тіпті, қалыңсыз алған жағдайда да, әрине, шын мәнісінде олай емес қой, өз сөзінде тұрып қалу үшін, өз борышын атқару жолында осыншалық құрбандыққа дейін баратын салиқалы семьяның бір адамы болуды өзіне бақыт санары кәміл.
Осыны айтып граф орнынан көтеріліп, кетуге ыңғайланды.
— Сіз кетіп бара жатырсыз ба, граф? — деді де Вильфор ханым.
— Өйтпеске лажым жоқ, сударыня, мен тек сенбі күні келеміз деген уәделеріңізді естеріңізге сала кетейін деп соғып ем.
— Қалай ғана бізді ұмытады деп ойлайсыз?
— Неткен мейірбан жансыз, сударыня, әйтпесе, де Вильфор мырзаның аса маңызды да қауырт шаруалары бастан асып жатады-ақ...
— Менің ерім сізге уағда етті ғой, граф, — деді де Вильфор ханым, — тіпті, қып-қызыл шығынға қалған күннің өзінде де оның өз дегенінен танбайтынына бүгін сіздің де көзіңіз жеткен шығар, ал мына жағдайда оған пайдадан басқа зияи жоқ.
— Түстік Елисей Далаңындағы үйіңізде беріле ме? — деп сұрады Вильфор.
— Жоқ, — деп жауап қатты Монте-Кристо, — сіздің қайсарлығыңыздың бағасы арта түспекші: қала сыртында.
— Қала сыртында?
— Иә.
— Сонда қай жерде? Париж маңында ма?
— Дарбазаның тап қасында, заставадан жарты сағаттық жер: Отейльде.
— Отейльде! — деп дауыстап жіберді Вильфор. — Иә, дұрыс айтасыз, айтпақшы, сізді Отейльде тұрады деп әйелім айтқан екен ғой, сіздің сол үйіңізде еді ғой оған жәрдем көрсетілгені. Сонда Отейльдің қай жерінде?
— Фонтен көшесінде?
— Фонтен көшесінде? — деп сабақтады сөзін, даусы бәсеңсіп қалған Вильфор, — қай нөмір!
— Жиырма сегіз.
— Ендеше, маркиз де Сен-Меранның үйін сізге сатқан екен ғой? — деп елпілдеді Вильфор.
— Маркиз де Сен-Меранның дейсіз бе? — деп қайталай сұрады Монте-Кристо. — Бұл үй маркиз де Сен-Меранның үйі ме еді?
— Иә, — деп жауап берді де Вильфор ханым, — және көрдіңіз бе, граф, қолайсыздау боп шыққанын...
— Қолайсызы қалай?
— Келісетін шығарсыз, әп-әсем-ақ үй ғой, солай емес пе?
— Керемет.
— Ал мына кісінің сол үйде тұруға еш көнбей қойғаны ғой.
— Расын айтқанда, сударь, — деді Монте-Кристо, — дәл мұндай қате түсінік ақылыма сыймайды-ақ.
— Отейльді тегі жаратпаймын.
— Бірақ — деді мазасыздана бастаған Монте-Кристо, — жаратпайды екенмін деп түстікте дастарқан басынан сізді көру бақытынан мақрұм қалдырмассыз деп сенемін.
— Жоқ, граф, олай болмас... сөзіме бағыңыз, қалайда тырысып бағармын, — деп күмілжіді Вильфор.
— Жоқ, ешқандай дәлелді қабылдамаймын, — деп болмады Монте-Кристо.
— Сенбі күні сағат алтыда күтемін сіздерді, ал келмей қалатын болсаңыздар, онда... жиырма жылдан бері иесіз тұрған бұл үйге байланысты не сұмдық бар екенін ойлап күдіктенуім мүмкін.
— Мен келемін, граф, келемін, — деді Вильфор асығып-үсігіп.
— Рақмет сізге, — деді Монте-Кристо. — Ал енді қайыр-хош айтуға рұқсат етіңіздер.
— Шынында да, граф, әлгінде өзіңіз бізбен еріксіз қоштасқалы тұрмын деп, тіпті, оның себебін де айтпақ болып келе жатыр едіңіз, — деді де Вильфор ханым, — бірақ сол мезетте басқа бір әңгімеге ауысып кеттіңіз ғой.
— Оныңыз рас, сударыня, — деді Монте-Кристо, — сізден шығып қайда баратынымды айтуға жүрексініп тұрмын.
— Уақасы жоқ, айта беріңіз.
— Аңқау басым қазір барып бір нәрсені көрмек ойым бар, өзін бұрын да талай мәрте ойша армандап жүретін едім.
— О немене болды екен?
— Телеграф.
— Телеграф? — деп қайталады де Вильфор ханым.
— Иә, телеграф. Бұрын, оқта-текте, шуақ күндері жол жанында тұрған немесе төбешіктің үстіндегі құдды ғаламат дәу қоңыздың аяқтары тәрізді көкке созылған бунақ-бунақ қап-қара қолдарды көріп жүретінмін және сіздер сенсеңіздер, ылғи көрген сайын толқимын. Сонда мен, ауаны тіліп өтіп, үш жүз лье жер қашықтықта стол басында отырған адамның ойындағы беймағлұм сырын осы жүйенің екінші басында, стол жанында отырған екінші адамға жеткізетін осынау оғаш белгілер сұр бұлттардың қанатында кереметтің құдірет күшімен, қалауымен ғана болатын шығар деп ойлайтынмын; сонда рухтар, сильфалар, гномдар туралы, қысқасы, небір сиқыр күштер туралы қиялға шомып, өз-өзімнен күлетінмін. Алайда, осынау қап-қара сіңір қолдары бар, ақ қаптал ғаламат дәу жәндіктерді жақын келіп көруге ешқашан көңілім соққан емес, өйткені әлгі жәндіктердің тас қанаттарының астынан тым маңғазсыған, тым сыпа, кабалистиканың немесе сиқырдың тылсым сырына жетік, әбден ғылым өтіп кеткен тәштек бір адам шыға келе ме деп қорқатынмын. Содан бір күні, иісі телеграф атаулыны жылына мың екі жүз франк жалақы алатын көрінген қызметкер басқаратыны мағлұм болсын маған, сөйтсе әлгі шіркін таңның атысынан күннің батысына дейін астрономға ұқсап аспан әлемін қадағаламайды екен, балықшыға ұқсап су аңдымайды екен, серуен құрған сандалбайға ұқсап табиғатты тамашаламайды екен, оның бар баққаны осы тәріздес қап-қара қолдары бар, ақ қаптал жәндіктей өзінен төрт не бес лье қашықтықта отырған корреспонденті боп шықты. Енді осы жанды қуыршаққа жақын барып, оның әр жібін кезек-кезек тартқылап, көршілес қуыршақпен қалай ойнайтынын өз көзіммен көруге құмарттым.
— Сөйтіп, сонда бара жатырсыз ба?
— Сонда барам.
— Қай телеграфқа? Ішкі істер министрлігінікіне ме, әлде Обсерваториянікіне ме?
— Ол жаққа аттап баспан; өзім білгім келмейтін нәрселерді түсіндірмекке құлшынып, өздері де бейхабар құпия сырды маған зорлап ұғындырмақ боп босқа қара терге түсетіндерге тап келерім кәміл онда. Сайтан алғырды, ең болмаса, жан-жәндіктер жайлы бала күнгі пәк қиялымды сол күйінде сақтап қалмақ ем; пенде баласынан опық жегенім де жетер. Сол себепті, ішкі істер министрлігінің телеграфына да, Обсерваторияның телеграфына да бармаймын. Кішкене мұнарасында тас боп қатқан бейшараны табиғи күйінде көруім үшін маған әуе кеңістігіндегі телеграф қажет.
— Қаншама атақты ақсүйек болсаңыз да өзіңіз бір түрлі қызық адамсыз, — деді Вильфор.
— Маған қай жүйені қарауға кеңес берер едіңіз?
— Ең қауырт жұмыс жүріп жатқанын көріңіз.
— Бәрекелде. Демек, испандық жүйе ғой?
— Әлбетте. Министрден қағаз керек пе, түсіндірсін сізге дұрыстап...
— Жоқ, жоқ, — деді Монте-Кристо, — қайта өзім әлгінде айттым ғой, ештеңесін де ұққым келмейді деп. Сәл бірдеңесін ұқсам болды, менің ұғымымдағы телеграф ғайып болып, мен үшін тек Дюшатель мырза, яки де Манталиве мырза жолдаған, сонсоң гректің τήλέ, γράφω деген екі сөзі түрінде Байонн префектісіне жеткізілген құр әшейін белгі ғана қалмақ.
— Ендеше жүріп кетіңіз, әйтпесе, екі сағаттан кейін қас қараяды да ештеңе көріп үлгермейсіз.
— Зәремді алдыңыз ғой! Ең таяуы қайсысы еді?
— Байоннға барар жолда ма?
— Иә, мейлі, Байонн жолындағысы-ақ болсын.
— Шатильондікі.
— Шатильоннан кейінгісі ше?
— Монлери мұнарасындағы ғой деймін.
— Рақмет сізге, сау болыңыздар! Көрген-баққанымды сенбі күні баяндармын.
Граф есік көзінде осы қазір ғана Валентинаны мұрадан қағып, акт жасағандарына көңілдері марқайып қайтып бара жатқан нотариустарға қарсы жолығып қалды.
IV ШАБДАЛЫ ЖЕГІСІНЕН БАҒБАНДЫ ҚҰТҚАРУДЫҢ АМАЛЫ
Өзі айтқан күннің кешінде емес, ертесіне таңертең граф Монте-Кристо Анфер заставасынан өтті де, Орлеан жолымен жүріп отырып, Лина қыстағынан әрі асты, сонсоң тұсынан өтіп бара жатқанда серейген ұзын қолдары қимылдап, жұмыс істеп тұрған телеграфқа да бұрылып соқпастан, Монлери алқабының биік қабағындағы, жұрттың бәріне белгілі Монлери мұнарасына жетіп ат басын бір-ақ тартты.
Қабақтың қапталына жеткен соң граф күймеден түсті де, ені небәрі бір жарым фут келетін, жіп-жіңішке сақина соқпақпен жоғары өрмелеп кетті; дөң басына шыққанда алдынан қаша кез болды, қашаның ішінде бір кезде алқызыл, ақшаңқан гүл атқан ағаштардың толысып қалған көкпеңбек жемісі көзге ұрып тұр.
Көп ұзамай-ақ, Монте-Кристо қашаның есігін іздеп тауып алды. Тал топсаларымен іліндіріп қойған торкөз ағаш есік болатын бұл, өзін шегеге жіппен бекітіп, қапсырып жауып қояды екен. Есікті ашу графқа қиынға түскен жоқ.
Ұзын тұрқы жиырма қадам да, ені он екі қадам келетін шағын баққа кеп енді граф; бақтың бір жақ қабырғасын әлгідей әдіспен ашылып-жабылатын есігі бар қоршау алып жатыр да, екінші жағы — іргесі қаптаған шырмауық, сарғыш левкой мен қалампыр гүлдерінен көрінбейтін ескі мұнараға барып тіреледі екен.
Құшағы гүлге толған қалпы, құттықтай келген немерелерін қарсылап тұрған, бет-жүзі әжімнен көрінбейтін әжейден айнымай қалған осынау мұнара, егерде көне мақалада көп айтылатын сақ құлақ қабырғаларына кенет тіл бітер болса, небір сұмдық оқиғаларды жырдай қылып айтар еді-ау деген ой тірі пенденің қаперіне де кірмес еді.
Шағын бақтың ішінде табанына қызыл құм төсеп, екі шетін көпжылдық жуан букс ағашымен көмкерген сыңараяқ жол бар, жолдың ажары заманымыздың Рубенсі — Делакруаның өзіне көз қуаныш болардай. Сегіздікке ұқсатып салған жол қайырылып қайта оралып соғып өзін-өзі кесіп өте береді де, жиырма қадамдық кеңістікте алпыс қадамдық серуен құруға болады екен. Латын бағбандарының жайдарман жас тәңірі Флораға, дәл осы құйттай бақты күткен адамдай асқан ұқыптылықпен, бар жанын салып, ешкімде ынты-шынтымен қызмет етпеген болар.
Шынында да, гүлзардың жиырма түп раушанында шіркейдің қонған ізі қалған бір тал жапырақ жоқ, ылғалды жерге өскен өсімдікті жеп қоймайтын обыр жасыл түсті шөп биті ту-талақайын шығарған бірде-бір талшық көзге түспейді. Ал бақтың іші әжептәуір сыз: күйе түстес жердің реңі де, ағаштардың қалың жапырағы да осының айғағы. Тіпті, жердің өз ылғалы жетпесе бақтың бұрышында жерге көмулі тұрған кеспектегі тоспа судың өзі де осы шағын бақты ылғалдандыруға жетіп жатыр, судағы жап-жасыл балық отын сағалап айнала анталаған құрбақа мен көлбақалар, тегі, өзара шәлкем-шалыс келіп қалған болса керек, кеспектің екі шетінде бір-біріне теріс қарап тоң-торыс отырды.
Бір ғажабы, жол үстінде көлденең жатқан көк шөп көрінбейді, клумбаларда да арам шөп дегенің атымен жоқ, мұнтаздай, тіпті бірде бір сәнқой бибі де өзінің кәрлен жардиньеркасына өсірген қазоты, кактус, рододендрондарын осынау шағын бақтың бейтаныс бағбанындай мәпелеп, бағып-қақпас.
Қақпаны жауып, жіпті шегеге іле салды да, Монте-Кристо сәл аялдап, көзімен бақтың ішін түгел бір шолып өтті.
— Шамасы, — деді ол, — телеграфшы бағбан жалдайтын адам болды немесе өзі асқан бағбан.
Сөйткенше болмай ол жапырақ толы тәшкенің артындағы бірдеңеге сүріне жаздады: іле-шала әлгі бірдеңе дегені орнынан таңырқай дауыстап түрегелді де, Монте-Кристо елулер шамасындағы жұдырықтай біреуге бетпе-бет келіп қалды; сөйтсе, қойбүлдірген теріп, жүзім жапырағын жайып жүрген адам болып шықты.
Өзінде жүзімнің он екі жапырағы және қой бүлдіргеннің соншама жемісі бар екен.
Орнынан тұра берем дегенде шал байғұс жапырағын, жемісін тәрелкесімен қолынан түсіріп ала жаздады.
— Жеміс жинап жатырсыз ба? — деді жымиып Монте-Кристо.
— Кешірерсіз, сударь, — деп тіл қатты құйттай шал, қолын күнқағарына апара беріп, — мен, рас, қазір жоғарыда емеспін, бірақ түскенім жаңа ғана.
— Маған бола абыржымаңыз, достым, — деді граф, — егер әлі бітпеген болсаңыз жемісіңізді жинай беріңіз.
— Әлі он талы бар, — деді шал, — міне, он бір талы, ал небәрі жиырма бір, былтырғыға қарағанда бесеуі артық. Бұлай болуының жөні бар, биыл көктем жылы ғой, ал сударь, қойбүлдіргенге керегінің өзі де күн. Міне, былтырғы он алтының орнына енді, өзіңіз де көріп тұрсыз, он бірін жұлып қойдым, сонда он екі, он үш, он төрт, он бес, он алты, он жеті, он сегіз... Тәңірім-ау, екеуі жоқ қой! Кеше ғана бар еді, сударь, міне, тура осы жерде, оған сенімім кәміл, өзім санап қойғанмын. Бұл, тегі, Симон апайдың ұлынан келген болды; бүгін таңертең осы маңда тайраңдап жүргенін көріп қалып едім. Жүгірмектің баққа түсуін! Байқаймын, тегі мұның аяғы насырға шабарын ол білмесе керек!
— Иә, мұндай әзіл болмайды, — деді Монте-Кристо. — Дегенмен де, қылмыскердің жастығын және оның құмарлығын ескерген жөн.
— Әлбетте, — деп жауап қатты бағбан, — бірақ та, бұдан келер пайда шамалы. Алайда, сударь, тағы да ғафу өтінемін сізден, мүмкін мен бастықты күттіріп қойған шығармын?
Шал графқа, оның үстіндегі көк фрагына жасқаншақтай қарады.
— Абыржымаңыз, достым, — деді, кейде сұмдық зәрлі, кейде мейірлене күлетін граф жымия сөйлеп; ал бұл жолғы күлкісі жайма-шуақтұғын, — мен ешқандай да бастық емеспін, сізді тексерейін деген ойым жоқ, жай ғана саяхатшымын: әуестік жеңіп бұрыла салып едім, енді келгеніме, тіпті, өкініп те тұрған жайым бар, себебі, сіздің уақытыңызды алдым ғой.
— Менің уақытым пәлендей қымбат емес, — деді шал, мұңая жымиып. — Рас, қазір қызмет уақыты, оны бос өткізуге де құқым жоқ; сөйтсе де маған бір сағат дамылдауға кеңшілік етті дегенді айтты ғой, — шал күн сағатына көз жүгіртті (өйткені, осы Монлери мұнарасы жанындағы шағын бақта құстың сүтінен басқаның бәрі, тіпті, керек десе, күн сағаты да бар еді), — көрдіңіз бе, әлі он минут уақытым бар екен; ал қойбүлдіргенімнің пісуінде қапы жоқ, енді бір күн тұрса... Айтпақшы, сударь, егер сенсеңіз, қойбүлдіргенді балпақтар жеп қоймайды.
— Бұл менің үш ұйықтасам түсіме кірмес еді, — деді Монте-Кристо байсалды түрде, — римдіктер құсап балға қосып жемейтін болғандықтан балпақтармен қоңсы қону біз үшін не жақсылық дейсіз.
— Қойыңызшы? Бұларды римдіктер жеген бе? — деп тәптіштеді бағбан. — Балпақ жеген бе сонда?
— Бұл жайлы Петронийден* оқығам, — деді граф.
— Япырай, ә? Қанша «балпақтай быттиған» десе де, еті тәтті дегенге сенбеймін, бәрібір. Әрине, олардың семіз болатын да жөні бар, құдайдың құтты күні ертеден қара кешке дейін ұйқыны соғады да, түні бойы кемірумен жүргені. Сіз білсеңіз ғой, былтыр төрт өрік ағашым бар еді, біреуін құртқан солар. Жұмсақ шабдалым пісіп еді, рас, өзі біреу-ақ, — өзі де сирек нәрсе ғой, — әне, соның дуалға қараған бүйірін кеміріп бітті; шабдалы болғанда қандай, дәмі балдай! Ғұмыры мұндай шабдалды жеп көрген смсспін.
— Сіз оны жеп қойдыңыз ба? — деді Монте-Кристо.
— Яғни, қалған жартысын, әрине, жедім. Керемет енді. Иә, бұл төрелерім тамақтың тәттісін біледі. Құдды, Симон апайдың баласы сияқты; ол, әрине, жемістің жаманын жұлушы ма еді! Ал биылғы жылы, — деп сөзін сабақтады бағбан, — былқ етпеңіз, олай болмайды, жеміс піскен кезде түн баласы кірпік ілмей күзетіп шықсам да, мейлі.
Монте-Кристоның әңгімеге құлаққұрышы қанды. Әр жемістің өз құрты болатындығы сияқты, әркімнің өзіндік әуестігі болады. Ал телеграфшының есіл-дерті бағбаншылық-тұғын.
Күн сәулесін көлегейлеп түсірмей тұрған жүзім жапырақтарын жұла бастағанын көрген бағбан Монте-Кристоға елпілдеп жаны қалмады.
— Телеграфты көргелі келіп пе едіңіз, сударь? — деп сұрады ол.
— Иә, егерде оны көруге сіздерде тыйым салынбаған болса...
— Ешқандай тыйым салыибаған, — деді бағбан, — өйткені, одан келер қауіп-қатер жоқ: біздің не беріп жатқанымызды ешкім білмейді де, біле де алмайды.
— Шынында да, — деді граф, — сіздер өздеріңіз түсінбейтін сигналды қайталайды деген болатын.
— Сөз бар ма, сударь, өз басым осыған дән ризамын, — деді телеграфшы күліп.
— Неге?
— Өйткені соның арқасында мен мойныма ешқандай жауапкершілік алмаймын. Meн де бір, машина да бір, жұмыс істеп тұрсам болды, менен басқа ештеңе қажет етпейді.
«Сайтан алсын, — деп ойлады Монте-Кристо, — ешқандай арман-тілегі жоқ адамға тап келіп жүрмейін? Олай болса — жолымның оңғарылмағаны».
— Сударь, — деді бағбан, өзінің күн сағатына көз тастап қойып, — әлгі он минут бітуге тақау, енді өз орныма баруым керек. Менімен бірге жоғары көтерілуге қалай қарайсыз?
— Соңыңыздан ерейін.
Монте-Кристо үш қатарлы мұнараға келіп кірді; төменгі қабатында темір күрек, тырнауыш, сусебер сияқты қайсыбір жер өңдейтін құрал-саймандар жарға сүйеулі тұр, мұндағы бар мүлік осылар ғана болса керек.
Екінші қабаты қызметшінің кәдуілгі түнеп шығатын баспанасы болып шықты; мұнда жұпыны ғана үйдің керек-жарақтары: кереует, стол, екі орындық тас қолжуғыш, кептіріп төбеге іліп қойған бірер буда шөп көзге ілікті; хош иісті тас бұршақ пен испан бұршағын графтың көзі шалып қалды; шал олардың дәнін қабығынан аршымай сақтап және ықтият ботаник ғалым сияқты бәрінің де тұсына бір-бір жапырақ қағазға аты-жөнін жазып қойыпты.
— Сіз маған мынаны түсіндіріңізші, сударь, осы телографтың сырын білуге көп уақыт керек пе? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Оқып білу емес, штаттан тыс қызмет ету көп уақыт алмақ.
— Ал өзіңіз қанша жалақы аласыз?
— Мың франк, сударь.
— Аздау екен.
— Азы аз, бірақ көріп тұрсыз, пәтер береді.
Монте-Кристо бөлме ішіне көз жүгіртіп шықты.
— Бұлдайтын пәтерді тапқан-ақ екен, — деп күбірледі ол өз-өзіне.
Сонсоң бұлар үшінші қабатқа көтерілді, телеграф осында орналасқан екен. Шенеунік машинаны іске қосатын екі темір тұтқаның екеуін де Монте-Кристо ұқыптап қарап шықты.
— Бұл бір өте-мөте қызық нәрсе екен, — деді Монте-Кристо, — сөйтсе де, бәрібір мұндай тірліктен адам зерігіп кететін болар?
— Бастапқы кезде қарай-қарай мойның талады; бірақ арада бірер жыл өткен соң етің өліп кетеді; оның үстіне біздің демалыс сағаттарымыз болады, бос күндеріміз және бар.
— Бос күндеріміз дейсіз бе?
— Иә.
— Қандай бос күндер?
— Тұманды күндері.
— Иә, оныңыз рас.
— Ондай күндер мен үшін бір мереке; аяңдап баққа барып көшет отырғызамын, ағаштарды қырқамын, бұтарлаймын, құртынан арылтамын; қысқасы, уақыттың қалай өткенін білмей де қаламын.
— Мұнда көптеп бері істейсіз бе?
— Он жыл және штаттан тыс бес жыл, небәрі он бес жыл.
— Ал жасыңыз қаншаға...
— Елу бес.
— Пенсия алу үшін әлі қанша жыл жұмыс жасауыңыз керек?
— Ах, сударь, әлі жиырма бес жыл бар.
— Ал пенсияның шамасы қанша?
— Жүз экю.
— Бейшара жазған-ай! — деп күбірледі Монте-Кристо.
— Бірдеңе дедіңіз бе, сударь? — деді шенеунік.
— Бұл бір өте-мөте қызықты нәрсе екен деймін.
— Нені айтасыз?
— Маған көрсеткендеріңізді айтам... Демек, берген сигналдарыңыздың немене екенін мүлде ұқпайсыз ба?
— Ештеңесін де ұқпаймын.
— Ұқсам деп талаптанып та көрмедіңіз бе?
— Көрген емеспін; оның маған қажеті не?
— Бірақ тек сізге ғана қатысы бар сигналдар да болады емес пе?
— Әлбетте.
— Ондайларын түсінесіз бе?
— Олар ылғи біртектес болып келеді.
— Сонда қалай?
— «Ешқандай жаңалық жоқ...», «Сіздің демалатын сағатыңыз...» болмаса: «Ертеңге шейін сау-сәлемет болыңыз...»
— Иә, бұл залалсыз сигналдар екен, — деді граф. — Дегенмен де, қараңызшы. Корреспондентіңіз жұмыс істей бастады ғой?
— Оныңыз рас; рақмет сізге, сударь.
— Не деп жатыр? Бірдеңе ұқтыңыз ба?
— Әзірмісің дейді.
— Сіз оған жауап қайырасыз ғой?..
— Оң жақтағы корреспондентіме сигнал беріп, әзір екенімді білдіремін, бұл сөйтіп, бір мезгілде сол жақтағы корреспондентіме әзірлен деген ескерту болып шығады.
— Табылған ақыл, — деді граф.
— Қазір өзіңіз де көресіз, — деді шал мақтанышпен сөзін сабақтап, — бес минуттен кейін сөйлей бастайды.
— Демек, менің әлі аттай бес минут уақытым бар деген сөз бұл, — деп түйді Монте-Кристо, — мұның өзі жетіп артылып жатыр. Қымбаттым, — деді ол, — сізге бір сауал қоюыма болар ма екен?
— Мархабат.
— Бағбаншылықты ұнатасыз ба?
— Жанымдай жақсы көремін.
— Жиырма футтың орнына бағыңыз бен көлемі екі десятина жеріңіз болса қайтер едіңіз?
— Сударь, мен оны жұмаққа айналдырып жіберер едім.
— Бір мың франкқа күн көру қиын шығар?
— Әрине, ауыр, дегенмен қалт-құлт етіп жүріп жатырмын.
— Жөн екен, әйтсе де бағыңыз тым жұпыны-ақ.
— Оныңыз ақиқат, шағыны шағын енді.
— Оның үстіне балпақтар да дым қоймайды ғой.
— Иә, нағыз пәле сол боп тұр мен үшін.
— Егер оң жақтағы корреспондентіңіз жұмыс істеп тұрғанда, сіз қара басып көре алмай қалсаңыз не болмақ?
— Онда оның берген сигналдарын көрмей қалған болар едім.
— Онда не болмақ?
— Оларды қайталай алмаған болар едім.
— Сонда қайтеді?
— Онда ма, онда — жұмысыма салақсып, сигналдарды кезінде қайталамағаным үшін маған айып тартқызар еді.
— Қанша?
— Жүз франк.
— Жылдық жалақының оннан бірі ғой бұл; жетістіреді екен!
— Амал қайсы! — деді шенеунік.
— Ондай жағдай болды ма бұрын-соңды?
— Бір рет болғаны рас, сударь, мен ол кезде сарғылт роза түбін ұластырып жатқан болатынмын.
— Ал, мәгәрки, сіз сигналдарды өзгертіп, басқаша ғып бергіңіз келсе ше?
— Онда әңгіме қысқа; мені жұмыстан қуып шығады да пенсиясыз қалам.
— Үш жүз франк па?
— Иә, сударь, жүз экю; сондықтан да мұндайға аттап баспайтынымды өзіңіз де түсініп тұрған шығарсыз.
— Тіпті, он бес жылдық жалақыңыздың мөлшеріндей ақша берсе де оған бармас па едіңіз? Мұндайды қалай табатыныңызды ойлану керек шығар.
— Он бес мың франк үшін бе?
— Иә.
— Сударь, мен шошынайын дедім.
— Ал, керек болса!
— Немене, сударь, сіз мені ақшамен қызықтырмақсыз ба?
— Дәп солай. Түсініп тұрсыз ба, он бес мың франк!
— Сударь, онан да оң жақтағы корреспондентімді қадағалауға мұрсатана беріңіз.
— Оны қайтесіз, онан да маған қараңыз.
— О не?
— Қалайша? Мұндай қағаздарды танымаушы ма едіңіз?
— Кредиттік билеттер ғой!
— Нағыз өзі және тура он бестен бір кем емес.
— Бұлар кімдікі өзі?
— Қаласаңыз сіздікі болады.
— Менікі! — дегенде шенеунік алқынып, есі шықты.
— Әлбетте, сіздікі, басы бүтін өзіңіздікі.
— Сударь, менің оң жақтағы корреспондентім шақырып жатыр.
— Мейлі, шақыра берсін.
— Сударь, сіз мені алаңдаттыңыз, енді айып тартқызатын болды.
— Тартар айыбыңыз жүз франк қой; көріп тұрсыз ба, онан да мына он бес мың франкты алу пайдалы шығар сізге.
— Сударь, оң жақтағы корреспондетімнің тағаты таусылайын деді, қайта-қайта сигнал беріп жатыр.
— Оған көңіл бөлмей-ақ қойыңыз, онан да мына ақшаны алыңыз.
Граф бір бума ақшаны шенеуніктің қолына ұстатты.
— Болған-біткені бұл емес, — деді ол. — Он бес мың франкқа бәрібір күнелте алмайсыз.
— Жұмыс орным бар ғой.
— Жоқ, сіз онымен біржола қоштасасыз; өйткені сіз қазір корреспондентіңіз берген сигналды емес, мүлде басқа сигнал беретін боласыз.
— О, сударь, сонда не істе дейсіз маған?
— Баланың ермегі әшейін.
— Сударь, маған зорлап істеткізбесе...
— Қазір ықтиярсыз істеткелі тұрмын.
Соны айтып, Монте-Кристо қалтасынан тағы бір бума ақша суырды.
— Мынада тағы да он мың франк бар, — деді ол, — қалтаңыздағы жаңағы он бес мың франкпен қосқанда жиырма бес мың. Осының бес мыңына екі десятина жерімен қоса әжептәуір үй сатып аласыз; ал қалған жиырма мыңынан жылына бір мың франк түсім түсіп тұрады сізге.
— Екі десятина бақ дейсіз бе!
— Және бір мың франк жылдық түсім!
— О, жаратқан, жаратқан!
— Алсаңызшы енді!
Монте-Кристо шенеуніктің қолына он мың франкты зорлап ұстатты.
— Сонда не істеуім керек менің?
— Пәлендей ештеңе жоқ.
— Сөйтсе де.
— Мына сигналдарды қайталайсыз.
Монте-Кристо үш сигнал жазылып және олардың қандай тәртіппен берілетіні нөмірленіп қойылған қағазды қалтасынан алып шенеунікке берді.
— Көріп тұрсыз, көп уақыт алмайды.
— Ол рас, бірақ...
— Енді сіздің жұмсақ шабдалыңыз да, қажет етсеңіз басқасы да болады.
Монте-Кристо нысанаға дөп тиді: тәуекелге бел бұған шал қара терге түсіп қып-қызыл боп, граф берген үш сигналды бірінен соң бірін бере бастады; не боп, не қойғанын ұқпай, мына шабдалы құмар шалды шалық ұрған шығар деп дағдарған оң жақтағы корреспонденттің жанталаса шақырғаны да қаперіне кіріп-шыққан жоқ.
Ал сол жақтағы корреспондент болса шал берген сигналдарды қаннен қаперсіз қайталап шықты да, ақыры бәрін де ішкі істер министрлігі қабылдап алды.
— Енді сіз байып кеттіңіз, — деді Монте-Кристо.
— Иә, — деді шенеунік, — бірақ тым қымбатқа түсті ғой.
— Бері қараңыз, достым, — деді Монте-Кристо, — сіз құдды бір қылмыс жасағандай тым күйзеле бермеңіз: ант етейін, адал сөзім, сіз тірі пендеге залал келтірген жоқсыз, бар болғаны тек тәңірі ісіне себепші болдыңыз.
Шенеунік кредит билеттеріне шұқшия қарап, сипалап көрді, қайтадан санап шықты; өңі бір қуарды, бір қызарды; ақыры бөлмесіне барып бір стақан су ішпек болып жүгіріп еді, қолжуғышқа жете бере, кепкен бұршағының жанында есінен танып қалды.
Телеграф хабары ішкі істер министрлігіне келіп жеткен соң арада бес минут өтпей жатып, Дэбрэ дереу күймесіне аттарын жеккізді де Данглардың үйіне тартып кетті.
— Күйеуіңізде испан займының облигациясы бар ма? — деп сұрады ол баронессадан.
— Болмай ше! Бір алты миллиондай бар.
— Дереу өткен бағасына сатып, көзін құртсын!
— Не боп қалды?
— Себебі, Дон Карлос Буржадан қашып шығып, Испанияға қайта оралды.
— Оны қайдан білдіңіз?
— Ана жақтан, — деді Дэбрэ, иығын қомдап, — бар жаңалықты бұрын қайдан білуші ем.
Баронесса екі сөзге келген жоқ, дереу күйеуіне тұра жүгірді; күйеуі лезде делдалын тауып алып, облигацияларды қандай бағаға болсын сатып, көзін құртып кел деп бұйырды.
Данглардың аяқ астынан сата бастағанын көрген соң, испан облигациясының құны күрт төмендеп сала берді. Данглар соның қырсығынан бес жүз мың франк жоғалтты, бірақ әйтеуір, күллі облигацияларынан құтылып үлгерді.
Сол күні кешкісін «Хабаршыда» мынадай құлақтандыру басылды: «Телеграф хабары. Бақылаудағы король Дон Карлос қанша қадағаланса да Буржадан қашып шығып, каталон шекарасы арқылы Испанияға қайтып келді. Барселона түгел көтеріліп, соның жағына шықты».
Кеш бойына өз облигацияларын сатып үлгерген Данглардың көрегендігі жайлы, мұндай сұмдықтың кезінде небәрі бес жүз мың-ақ франк шығынмен құтылып, олжаға кенелгені туралы гу-гу әңгіме болды.
Ал өз облигацияларын сақтап қалғандар мен Данглардың қағаздарын сатып алғандар тақыршаққа отырдым деп опық жеп, түн баласы тынши алмады.
Ертесіне «Ресми газетте» мынадай хабар басылды:
«Дон Карлостың қашып кеткені және Барселонадағы көтеріліс туралы «Хабаршының» кешегі хабары ешқандай шындыққа жатпайды.
Король Дон Карлос Буржадан ешқайда кеткен жоқ, түбекте толық тыныштық.
Бұл қателік — күннің тұман болуы салдарынан жаңсақ ұғылған телеграф сигналынан кеткен».
Енді облигациялардың нарқы бұрынғы төмен түскен деңгейінен екі есе жоғары шырқап шыға келді. Шеккен залалы мен түсуі ықтимал пайдасын қосып есептегенде Данглардың жалпы жоғалтқан сомасы тұп-тура миллион франк боп шықты.
— Қалай десе де! — деді Монте-Кристо, Дангларға зиян шеккізген, биржадағы осы бір оқыс өзгеріс туралы хабар келіп жеткенде қасында отырған Моррельге, — менің жиырма бес мың франктың көмегімен ашқан жаңалығыма ойланбастан жүз мың франк берген болар еді!
— Сонда сіздің ашқаныңыз не жаңалық? — деді Максимилиан түсінбей.
— Шабдалысын жеп тыныштық бермеген балпақтардан бір бағбанды құтқарудың тәсілін ойлап тауып едім.
V ЕЛЕСТЕР
Сырт көрінісіне қарағанда дарқан граф Монте-Кристо тұруға лайық дейтіндей, Отейльдегі үйдің көзге ұрып тұрған ешқандай сән-салтанаты жоқ-тұғын. Бірақ бұл үйдің осынау қораштығы қожайынның ықтиярына байланысты еді: сырт көрінісін әсте өзгертпей сол қалпы қалдыруға тәртіп берген соның өзі болатұғын; бұның анық-танығын білу үшін үйдің ішіне көз жүгіртсе жетіп жатыр. Тек табалдырықтан аттап өтсеңіз болғаны, бәрі өзгеріп сала береді.
Бөлмелерді жасандыруға келгенде және осының бәрін соншалық тез тындыруға Бертуччо асқан шебер екенін танытты. Бағы кезде XIV Людовиктің көзі сүрінетін болған соң, бір түн ішінде күллі алманы тұтас шауып тастауға әмір еткен герцог Антенсий сияқты, Бертуччо да үш күн ішінде жалаңаш аулаға ағаш отырғызып үлгерген-тұғын; алапат тамырымен қоса жұлып әкеліп отырғызылған әсем теректер мен үйеңкілер енді үйдің фасадына сән беріп тұр; үй іргесіндегі шөп басқан жұмыр тастардың орнына шым төсеп, көгалдандырған бүгін таңертең ғана қиюластырып қалаған қабат-қабат шым құдды бір кең кілем тәрізді боп көрінеді; оны суарып тастаған екен — мөлдір тамшы әлі жылт-жылт етеді.
Шынтуайтқа келсек, осының бәріне жарлық етіп жүрген графтың өзі; қанша ағаш қажет, қалай орналастырып отырғызу керек және тастардан тазартылған жерде көсіліп жататын көгалдың көлемі мен келбеті қандай болғаны мақұл, міне, осының бәрі нақты көрсетілген жобаны да Бертуччоға графтың өзі берген.
Сөйтіп мына түрінде үй адам танығысыз болып өзгерген-ді, осынау жасыл желек аясында бұл үйді өзім де танымай қалдым дейтін Бертуччо.
Іс басқарушы бақтың ішін де реттеп, өзгеріс жасамақ болып еді, бірақ бәрі де бәз қалпында қалсын деп граф қатты ескертті. Оның есесіне Бертуччо кіре берісті, баспалдақтарды, каминдерді гүлге бөлеп тастады.
Шынында да іс басқарушының берген жарлықты орындауға айрықша қабілеті бар еді де, қожасының айтқанын орындатуға келгенде бір ғажабы алдына жан салмайтын. Уақыт оза көгіс иісі шығып жиырма жыл бойы иесіз қаңырап тұрған осынау тоң-торыс тұнжыр үйдің бір күнде-ақ жаны кіріп жайнап сала берді, үй іші қожайын ұнататын хош иіске бөленіп, бөлмелердегі жарық қажет деп тапқан мөлшерде берілді; табалдырықтан аттап өтісімен-ақ граф дереу тауып алатындай ғып, кітаптары мен қару-жарақтарын кіре беріске әзірлеп қойды; бірден көзге шалынатындай ғып, маңдайшаға ең жақсы көрінетін картиналар ілінді, ал сенекте қожайынның өзі қолға үйреткен тазылары мен әнін өзі сүйіп тыңдайтын әнші құстары қарсы алмақ; құдды ұйқыдағы арудың сәулетті сарайындай ұзақ ұйқыдан оянған осынау үлкен ғимарат жан бітіп, қайтадан құлпырып, әндетіп тұрғандай; алыстан дәм жазып айрылысқан күннің өзінде де жүрегіңнің бір бөлшегін қалдырғандай қимайтын алтын бесік, құтты мекенің іспетті еді бұл үй.
Аула ішінде жүрген жайдары жүзді жалшы-малайлар қарбалас үстінде: қайсыбірі асүйді шаруалап жүр, әлгінде ғана жөнделген баспалдақпен түсіп-шыққан түрлеріне қарағанда ежелден осы үйде тұрып жатқан адамдар тәрізді; қайсыбірі сарай маңында; мұндағы нөмірлеп рет ретімен қаз-қатар қойған күймелер де осы жерде аз дегенде елу жыл тұрған сияқты; қайсыбірі ат қораны бақылап жүр; мұндағы аттар да сұлыдан бас алмаған қалпы атшыларға қарап мекірене оқыранып қояды, бақташылар да қожайындарымен сөйлескен қайсыбір жалшылардан гөрі ілтифаттырақ аттарымен жылыұшырай тілдеседі.
Үйдің екі қабырғасының өн бойына созылған кітапхана екі шкафты алып тұр, мұнда екі мың қаралы том бар; кітапхананың тұтас бір бөліміне ең жаңа романдар тізілген. Ал жуырда ғана жарық көрген алтынмен апталған күрең мұқабалы том бірден көз тартып тұр.
Үйдің екінші жағында, кітапханаға қарама-қарсы бетте, оранжерея орналасқан, жапонның қондырғылары сирек кездесетін өсімдіктерге толы; көркіне көзің тұнып, хош иісіне мейірің қанғандай осынау оранжереяның орта шенінде бильярд тұр; ойыншылар құдды бір сағат бұрын тарқасып кеткендей, шаралары жасыл мауыт үстінде шашылған күйі жатыр.
Сиқыршы Бертуччо тек бір бөлмеге ғана тиіспеген екен. Бұл екінші қабаттың сол жақ бұрышындағы бөлме; оған үлкен сатымен көтеріліп барып, жасырын басқышпен басқа жақтан шығып кетуге болатын; оның тұсынан өтерде қызметшілер әуестене қараса, ал Бертуччоның аза бойы қаза тұратын.
Тура сағат бесті соққанда Отейльдегі үйдің жанына графтың күймесі кеп тоқтады, қасында Әли бар. Бертуччо оның келуін тықыршып күтіп, жаны жай таппаған-ды; іштей мақтау тілесе де қожасының қабағы қалай болар екен деп қауіптеніп те тұр.
Монте-Кристо күймеден түскен жоқ, үйін аралап көрді де, бақты бір айналып шықты, тіс жарып тіл қатқан жоқ, пәлен деп мақтамады да, даттамады да.
Тек жабық бөлмеге қарсы түпкірдегі жатын бөлмесіне енгенде барып осында алғаш келгенде-ақ назары ayғaн қызыл ағаштан жасалған шағын шкафты қолымен нұсқады.
— Тек биялай үшін ғана жарап қалар, — дегенді айтты ол.
— Өте дұрыс айттыңыз, мархабатты мырзам, — деп жауап қатты қайран қалған Бертуччо, — ашып көріңіз: ішінде биялайлар бар.
Өзге шағын шкафтарда да тек графтың ойлаған нәрселері болып шықты: әтір шишалар, сигарлар, асыл бұйымдар.
— Бәрекелде! — деді ол ақырында.
Оның өз ортасына еткен ықпал-әсерінің құдірет күші соншалық, тек осы сөзді естігенде барып жүрегі орнына түсіп, бақытқа бөленген Бертуччо өз жайына кетті.
Сағат тура алтыда қақпа жақтан ат тұяғының дүбірі құлаққа шалынды. Бұл Медеасына салт мініп келген біздің спаги капитанымыз болатын.
Монте-Кристо жайма-шуақ жымиып, оны есік көзінде өзі қарсы алды.
— Сөз жоқ, бірінші келген мен шығармын, — деп дауыстады Моррель, — басқа меймандар жиналып үлгергенше өзіңізбен бір минут болса да оңаша бола тұрайын деп әдейі ертерек келдім. Жюли мен Эмманюель сізге дұғай-дұғай сәлем деп жатыр. Ғажап қой, мынау мекен-жайыңыз сіздің! Айтпақшы, граф, сіздің кісілер менің атымды дұрыстап күте алар ма екен?
— Қам жемей-ақ қойыңыз, қымбатты Максимилиан, олар өз шаруасын біледі.
— Әуелі үстін жақсылап тұрып сүрту керек. Шіркін, сіз өз көзіңізбен көрсеңіз етті, оның қалай заулағанын! Тура құйын ғой!
— Өзі бес мың франк тұрса, зауламай не көрініпті! — деді Монте-Кристо, ұлымен сөйлескен әкедей қамқор үнмен.
— Әлде сол бес мыңды қимай тұрсыз ба? — деді Моррель ақ жарқын қалпымен жымия күліп.
— Meн бе? Құдайым сақтасын! — деп жауап берді граф. — Жоға. Мен тек соған атымыз арзымаса ғана өкінген болар ем.
— Арзығанда қандай, қымбатты граф, Франциядағы маңдай алды ат сыншысы Шато-Рено мен министрліктің бірөңкей араби аттарын ғана мінетін Дебрэ екеуі осы қазір мені соңымнан қуып келе жатыр және көріп тұрсыз ғой менен қалып қойғандарын, ал олардан кейін, артық-кемі жоқ, сағатына алты лье ғана алатын баронесса Данглардың сәйгүліктері өкшелеп келеді.
— Демек, олар да қазір осында болады екен ғой? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Әлбетте. Miнe, олар да жетті.
Айтса айтқандай, қақпа алдында ақ көбікке малынған қос ат пен алқынған екі салт ат көрінді осы кезде. Салт мінген екі жігітті ерткен күйме айналып кеп есік көзіне бір-ақ тоқтады.
Дэбре лезде аттан қарғып түсіп, күйменің есігін ашты. Ол қолын соза бергенде, күймеден шығып келе жатқан баронессаның қолының әнтек жеңіл қимылын Монте-Кристодан басқа ешкім аңғармай да қалды. Бірақ графтың назарынан ештеңе де тыс қалған жоқ; ишара білдіргендей жан баласына сездірмей, дағдылы әдетімен лып еткізгенде тілдей хат Данглар ханымның қолынан министр секретарының қолына сүңгіп, заматта ғайып болды.
Зайыбынан кейін, күймеден емес, көрден шыққандай боп өң жоқ, түс жоқ банкир шықты.
Данглар ханымның ауланың ішін, кіре берісті, үйдің маңдай алдын көзді ашып-жұмғанша сынай шолып шыққанын тек Монте-Кристо ғана аңдап қалды; егер қуқыл тартар өңі болса, сөз жоқ, жүрек толқыны жүзінен білінер еді. Бірақ сәл-пәл толқығанын сол заматында басып, сыр берместен, сатымен көтеріліп бара жатып баронесса:
— Сударь, егер менің досым болсаңыз, мына атыңызды сатпас па екенсіз деген сауал қояр едім сізге, — деп тіл қатты.
Моррель шарасыздан жымиып күлген болды да, мына пәледен құтқар дегендей Монте-Кристоға жалбарына қарап қалды.
Граф оны ұға қойды.
— Аһ, сударыня, — деді ол, — бұл сауалды неге маған қоймадыңыз?
— Граф, сізбен әріптес бола қалған жағдайда, — деп жауап қайырды оған баронесса, — тіпті, ешқандай қолқа салып, тілек білдіруге құқың жоқтай сезінесің, өйткені, сұрағаныңды ақыры алып тынарың ықтимал. Менің Моррель мырзаға қолқа салғаным да сондықтан еді.
— Өкінішке орай, — деді граф, — Моррель мырзаның бұл атын сата алмайтын бір себебі барын айтайын сізге: атынан айрылса намысына дақ түсер жағдайы болып тұр оның.
— Сонда қалай болғаны?
— Медеаны жарты жыл мініп, бастықтырамын деп бәс тігіскені бар. Түсінсеңіз, баронесса, егер ол бәс мерзімі өткенше атынан айырылса бәстен ұтылғаны былай тұрсын, оның үстіне мұны қорқақ деп мазақтайтын болады. Ал спаги капитаны, тіпті әйбат әйелдің көңілін табу керек болған жағдайда да, — әлбетте, меніңше, бұл — біздің өміріміздегі ең қастер тұтар ұлы қасиет дей тұрсақ та, — оның өзі жайлы мұндай қауесет тарағанын мақұл көрмесі анық.
— Өзіңіз де көріп отырсыз ғой, баронесса, — деді Моррель графқа көңілі марқая жымиып.
— Оның үстіне, менің байқауымша, — дегенде Данглар қанша зорлана жымиғанымен, үнінде ызғар барын сездіріп алды, сіздің аттарыңыз жетіп артылады ғой.
Ғұмырында мұндай сөзді басынан асырып ғадет етпеген Данглар ханымның бұл жолы ештеңе естімеген болып, ләм-мим деп тіл қатпағанына жігіттер таң-тамаша.
Оқыс орнаған тыныштықты пайдаланып, граф Монте-Кристо аяқ астынан момақанси қалған баронессаға жымия қарап, қытайы екі дәу кәрлен вазаны мегзеді, ондағы теңіз балдырлары түр-түсі де, үлкендігі жағынан да тек табиғи қалпында кездесетіндей-ақ мың бұралып, ұйысқан күйінде көз тартып, шын шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр еді.
Мұны көріп баронесса қайран қалды.
— Япыр-ай, бұларға Тюильриден әкеліп каштан ағашын отырғызса да болғандай екен! — деді ол. — Мұншалық нән құмыраларды қандай шебер екен жасаған?
— Сударыня, — деді Монте-Кристо, — шағын мүсінше мен шыңылтыр шыны жасайтұғын мына біздер бұған қайдан жауап тауып айта қоюшы ек. Бұл басқа ғасырлардан қалған дүние, жер мен теңіз даналығының құдіреті десе де болғандай.
— Солай ма? Сонда мұны қай дәуірге жатқызуға болады?
— О жағын білмедім; тек естуімше, бағзы бір қытай императорлары қышты ерекше күйдіретін қасиеті бар пеш салуға жарлық етсе керек: сол пеште бірінен кейін бірін толассыз күйдіріп, осындай он екі ваза дайындайды. Оның екеуі от ішінде жарылып кетіпті де, қалған онын теңіз түбіне, үш жүз сажын тереңдікке тастапты. Өз міндетін ұғынған теңіз жарықтық бұл вазаларды балдырларымен шырмап, маржан тастармен нақыштап, қабыршықтарын орнатып әшекейлеп бақса керек: сөйтіп көз жетпес құрдымда сол жатқаннан мол жатқан вазаларды теңіз екі ғасыр бойы нақыштайды, өйткені, кейін революция болып, бұл тәжірибені жүргізген императорды тақтан түсіреді де, оның артында тек осындай вазалар күйдіріліп, теңіз түбіне тасталды деген хат қана қалады. Арада екі жүз жыл өткенде әлгі хатты тауып алып, вазаларды құрдымнан алмақ болады. Айрықша сауыт-сайман киген сүңгуірлер вазалар тасталған шығанаққа іздеу жүргізе бастайды; бірақ он вазаның небәрі үшеуін ғана табады; қалғанын ағын алып кетсе керек, болмаса толқынмен быт-шыты шықса керек. Өзім бұл вазаларды жақсы көремін: кейде қиялға шомған кездерімде бұлардың түбін көрсе тек сүңгуірлер ғана көре алатын, көрген адамның зәре-иманы ұшатын, түр-сүдінсіз, небір тылсым құбыжықтар томсырайған қалпы мөлиіп таңырқай қарады-ау деп болжам жасаймын, жаны қысылып жауынан қашқан қисапсыз балық осы қондырғыларға кеп тығылған шығар деп топшылаймын.
Мұндай сирек кездесетін заттарға мүлде әуестігі жоқ Данглар осы кезде ащы апельсин ағашының әсем гүлдерін бір-бірлеп жұла бастағанын өзі де аңғарған жоқ; онын гүлін түгел жұлып біткен соң кактусқа тиісіп еді, түрпідей кактустың тікені қолына кірш ете қалды.
Тек сонда барып ол селк етіп, ұйқыдан оқыс оянған адамдай көзін уқалады.
— Барон, — деді оған Монте-Кристо жымиып, — сіздей живопись сүйгіш адамға және керемет картиналардың иесіне өз картиналарымды мадақтауға мына менің аузым барар емес. Әйтсе де, міне, мынау Гоббеманың екі,2 Пауль Поттердің3, Миристің4, Герард Доудың5 екі, Рафаэльдің, Ван-Дейктің6, Сурбаранның7 және Мурильоның8 екі-үш дүниесі сізге көрсетуге лайықты.
— Тұра қалыңыз! — деді Дебрэ. — Гоббеманың мына бір дүниесін мен танып тұрмын.
— Шын айтасыз ба?
— Әрине, оны музейге сатып алуға ұсыныс болған.
— Ұмытпасам, онда Гоббема ныспы жоқ-ау деймін? — деп сөз қыстырды Монте-Кристо.
— Жоғы жоқ және соған қарамастан Музей оны сатып алған жоқ.
— О несі? — деп сұрады Шато-Рено.
— Сіздің аңғалдығыңызға адам сүйсінерлік; алмаған себебі, үкіметтің бұған қаржысы жоқ.
— Ғафу етерсіз! — деді Шато-Рено. — Дәп осы сөзді сегіз жыл бойы күн сайын естіп келемін, тіпті, сонда да осыған етім үйренбей-ақ қойды.
— Келе-келе үйреніп кетесіз әлі, — деді Дебрэ.
— Әй, қайдам, — деп жауап қатты Шато-Рено.
— Майор Бартоломео Кавальканти, виконт Андреа Кавальканти келіп тұр! — деп мәлімдеді Батистен.
Мойнында дүкеннен жаңа сатып алынған, тік тұратын қара атлас галстук, өзі мұнтаздай боп қырынған, мұрты аппақ, түрі байсалды, үстінде үш жұлдыз, бес крес қадалған майор мундирі, өзі қарт солдаттарша сықиып қатып тұр, — міне, бізге бұрыннан таныс мейірбан әке майор Бартоломео Кавалькантидің қазіргі келіп кіргендегі тұр-тұрпаты осындай болатын.
Қасында — үстіне ине-жіптен жаңа шыққан су жаңа киім киген, жайдары жымия кірген виконт Андреа Кавальканти бар; бұл да бізге бұрын бек жақсы таныс, инабатты жан.
Моррель, Дебрэ, Шато-Рено үшеуі біресе әкесіне, біресе баласына, әсіресе, баласына бастан-аяқ сұқтана қарасып, өзара әңгіме-дүкен құрып отырған.
— Кавальканти! — деп күңк етті Дебрэ.
— Құлаққа жағымды естілетін есім екен, сайтан алғыр! — деді Моррель.
— Иә, — деді Шато-Рено, — ол рас. Итальяндар өздеріне жақсы ат қоя білгенмен, бәрібір, нашар киінеді.
— Бекер айтасыз, Шато-Рено, — деп қарсылық білдірді Дебрэ, — костюмі жақсы тігілген әрі су жаңа ғой.
— Дәп сол арасы маған ұнамайды. Мына мырзаның түрі, қарап тұрсаң, өмірінде бірінші рет киінген адамнан аумайды.
— Бұл мырзалар кім болды сонда? — деп сұрады Данглар Монте-Кристодан.
— Әлгінде өзіңіз естідіңіз ғой: Кавальканти.
— Ол тек есім ғой, одан ештеңе ұғып тұрған мен жоқ.
— Иә, айтпақшы, біздің итальян зиялыларын сіз білмейді екенсіз ғой; «Кавальканти» деген сөз, демек, ақсүйек дегендегісі.
— Дәулеті мол ма? — деп сауал қойды банкир.
— Қисапсыз.
— Кәсібі не өздерінің?
— Сол қисапсыз дәулетін шашып тауыса алмай арамтер болып жүрген жандар. Айтпақшы, бұлар сіздің банкіңізге аккредитивтенген, осыдан үш күн бұрын келгенде маған өздері айтқан. Тіпті, бұларды сізге бола шақырдым қонаққа. Өздерін қазір таныстырамын.
— Өздері французша өте таза сөйлейтін сияқты ғой, — деді Данглар.
— Ұлы оңтүстік Франциядағы бір колледжде тәрбиеленген, Марсельде ме екен, соның маңында, әйтеуір. Қазір өзінде ес жоқ.
— Неменеге?
— Француз бойжеткендерінен есі шығып жүр. Қайткен күнде де Париж қыздарының біріне үйленбек ниетте.
— Айтары жоқ, табылған ақыл екен! — деп Данглар иығын қиқаң еткізді.
Данглар ханым ерін оқты көзімен ата қарады, мұнан кейін бұрын дауыл тұратын еді, бірақ бұл жолы тырс етіп сыр берген жоқ.
— Барон бүгін бір түрлі тым тұнжыраңқы ма, қалай, — деді Монте-Кристо Данглар ханымға, — өзін министр ғып тағайындағалы жатқаннан сау ма?
— Әзірше ондай сөз жоқ, мен білсем. Онан да биржада ойнап, ұтылып қалған-ау деген ойдамын, енді ұрынарға қара таппай отыр.
— Вильфор мырза мен Вильфор ханым келді! — деп дауыстады Батистен.
Зайыбын ертіп, король прокуроры енді бөлмеге.
Қанша сабырлы адам болғанымен Вильфордың әлденеге қатты абыржығаны байқалды. Қол алысып амандасқанда, Монте-Кристо оның қолы дірілдеп тұрғанын аңғарды.
«Тек әйелдер ғана түсін билеп, сыр бермейді екен-ау», — деді іштей өзіне-өзі Монте-Кристо, король прокурорына жымиып, оның зайыбымен сүйісіп жатқан Данглар ханымға қарап тұрып.
Осы уақытқа дейін дәмханада әбігер болып жүрген Бертуччоның өздері отырған бөлмеден қума шағын қонақ бөлмеден бір-ақ шыққанын граф меймандармен аман-саулық сұрасып болған соң барып байқады.
Граф оның қасына келді.
— Не қажет боп қалды сізге, Бертуччо? — деді ол.
— Марқабатты мырзам, қанша мейман болатынын айтпадыңыз ғой маған.
— Иә, ол рас.
— Тағамды қанша адамға дайындайық?
— Өзіңіз санап көріңіз.
— Бәрі келіп болды ма, марқабатты мырзам?
— Иә.
Бертуччо жартылай ашық есіктен ішке көз жүгіртті.
Монте-Кристо оған қадала қарап қалды.
— О тәңірім! — деп қалды Бертуччо.
— Не боп қалды? — деді граф.
— Мына әйел!.. Мына әйел!..
— Қайсысы.
— Анау, ақ көйлек киген, інжу-маржан таққан ақ құба!..
— Данглар ханым ба?
— Аты кім екенін білмеймін. Бірақ сударь, сол, анық сол!
— «Солың» не?
— Бақта жүрген әйел! Екіқабат болған сол! Бақта серуендеп жүріп сол ғой күткен...
Аузы аңқиып, өң жоқ, түс жоқ, Бертуччоның тілі байланып қалды; бейшараның төбе шашы тік тұрғандай.
— Кімді күткен?
Макбеттің құдды Банконы9 көрсеткеніндей ишарат білдіріп Бертуччо үн-түнсіз, саусағымен Вильфорды нұсқады.
— О тәңірі, — деді ол сыбырлап, әлден уақыттан соң. — Көріп тұрсыз ба?
— О не? Кімді?
— Соны!
— Соны? Король прокуроры де Вильфор мырзаны ма? Әлбетте, көріп тұрмын.
— Ендеше, демек, мен оны өлтірмеген екенмін де!
— Сабыр етіңізші, мейірбан Бертуччо, сіз ақылыңыздан алжасқан боларсыз, тегі, — деді граф.
— Ендеше, ол өлмеген боп шықты!
— Әлбетте, тірі! Өлген жоқ, оны өзіңіз де көріп отырсыз ғой; сіздің отандастарыңыздың салты бойынша қанжарды сол жақ бүйірден алтыншы қабырға мен жетінші қабырғаның арасынан дәлдеп ұрудың орнына сіз мүлт кетіп, не сәл төмен, не аз-маз жоғары тұстан сілтегенсіз ғой; ал бұл сот дегендеріңіз итжанды келеді шетінен. Иә болмаса, маған айтқан хикаяларыңыздың ішінде зәредей шындық жоқ — бәрі де әшейін тәтті қиял, құр елес қана. Қалай кек алуды ойша пісірмей жатып ұйқыға кеткен болуыңыз керек те, сол асқазаныңызға ауыр соғып жаман түстер көргенсіз ғой, болған-біткені осы-ақ. Кәне, енді есіңізді жиыңыз да есептеп көріңіз: Вильфор мырза зайыбымен — екеу; Данглар мырза зайыбымен — төртеу; оған Шато-Рено, Дебрэ, Моррельді қоссаңыз жетеу болады; майор Бартоломео Кавалькантимен сегіз.
— Сегіз, — деп іле қайталады Бертуччо.
— Ay, тоқтай тұрыңызшы! Тоқтаңызшы! Сайтан алғырды, сонша неменеге асығасыз! Сіз осындағы тағы бір қонақты ұмытып барасыз. Сәл сол жаққа таман қараңызшы... әне, көрдіңіз бе... Андреа Кавальканти мырза, қара фрак киген жас жігіт ше, мадонна Мурильоны қарап тұрған; әнекей, өзі де бері қарады.
Дәп осы кезде Бертуччо айғайлап жіберуге аз-ақ қалды, Монте-Кристоның көзіне көзі түсіп кетіп заматында жым болды.
— Бенедетто! —деп сыбырлады ол естілер-естілмес қып. — Міне, жазмыш деген осы!
— Сағат алты жарымды соғып жатыр, Бертуччо мырза, — деді граф қатал түрде, — тамақты дәл алты жарымда беруге жарлық еткенмін. Өзіңіз білесіз, тосқанды ұнатпайтынымды.
Соны айтып, Монте-Кристо қонақжайға қайтып оралды, ал абдырап сасқан Бертуччо бұл кезде қабырғаны қармалап асханаға қарай беттеген-тұғын. Арада бес минут өткенде қонақжайдың екі есігі де шалқасынан ашылды. Есік көзінде көрінген Бертуччо Шантильидегі Вательдей10 өлдім-талдым дегенде жан дәрмен:
— Тамақ әзір болды, марқабатты мырзам, — деп хабарлады.
Монте-Кристо де Вильфор ханымға қолын созды.
— Де Вильфор мырза, — деді ол, — сізден өтінерім — баронесса Данглардың кавалері болыңызшы.
Вильфор оған қарсы болған жоқ, сөйтіп, меймандар асханаға беттеді.
VI ТҮСТІК
Асханаға бет алғанда меймандардың бәрі де бір түрлі сезімде болғаны айдан анық-тұғын. Баршасын да осы үйде бас қосуға мәжбүр еткен қандай бимағлұм күш екенін ұқпай бәрі де дал күйде, ал сөйте тұра, қайсыбіреулері таңырқаса да, тіпті, осында келгеніне көңілі әлдеқалай күпті болса да, бұл үйге келгеніне ешқайсысы да опық жеген жоқ.
Графпен жуырда ғана танысқандықтан да, әрі оның өзгеге оғаш көрінетін тіршілігі мен жалғызбастылығын ескеріп, оның үстіне ешкім сырын білмейтін шалқар байлық иесі болғандықтан да, ерлер жағы одан амалсыздан бой тартып, өздерін қарсы алып, құрмет көрсететін бибісі жоқ үйге келуіне әйелдеріне де кеңшілік жасамағандары жөн еді. Бірақ сақтық жасау еркектердің қаперіне де кіріп-шыққан жоқ, ал әйелдер болса — әдеп-әркен дегенді ұмытты: оларды әуестік жеңіп, алды-артына қаратпады.
Тіпті, екі Кавальканти да: кәкірлеу әкесі де, доғал ұл да, мінездері әрқилы бола тұра, — қандай мақсатты көздегені белгісіз адамның үйінде өмірінде бірінші рет көрген осынау бейтаныстармен қалайша дастарқандас болғандарын ғана ойлап отырғандай.
Монте-Кристоның өтінішін орындап, Вильфордың өзіне қол созғанын көргенде, Данглар ханым еріксіз селк ете қалды, ал баронессаның өзіне сүйенгенін сезгенде Вильфордың жанары қарауытып сала берді.
Бұлардың оқыс қымсынғанын граф қалт жібермей қадағалаумен болды; бұл адамдардың бір-біріне жолап кеткенінің өзі сырт көз үшін аса оң көрінетін.
Вильфордың оң жағында Данглар ханым, ал сол жағына келіп Моррель жайғасты.
Графтың өзі де Вильфор ханым мен Данглар мырзаның ортасында отыр.
Қалған орындарда — әкелі-балалы Кавалькантилердің арасына кең жайғасқан Дебрэ және Вильфор ханым мен Моррельдің арасына кеп отырған Шато-Рено бар.
Түстік ғажап болды; Монте-Кристо Париждің күллі әдетін түбегейлі өзгертіп, меймандардың тәбетін ашу емес, әуестігін басуды мұрат тұтқан ба дерсің. Дәп араб ертегілерінде кездесетін шығыс ғұрпымен жайылған ұланасыр той дастарқаны еді бұл. Европаға жеткізуге болатын жеміс-жидектің сан алуан түрі әлемнің төрт бұрышынан дәмі бұзылмай, бәз қалпында осында әкелінген екен, олар қытай вазалары мен жапон тостағандарында үйме табақ болып үюлі тұр. Егер Клеопатраға ұқсап інжу-маржан жұтпасаң, не болмаса Лоренцо Медичидей балқытып алтын ішпесең, он адамға арналып жайылған дастарқанның шығыны мың луидордан аспайтын шығар-ақ дейтін париждік қасқа мен жайсаңдардың көз алдынан, құдды Апициул жомарттың шалқар тойындағыдай, күміс табақтарда көсіліп жатқан, қанаттары жарқ-жұрқ еткен сирек кездесетін небір құстар дейсің бе, небір ғаламат дәу балықтар керек пе, небір таңғажайын сәнді де қымбат құтыларға құйылғандықтан бұрынғыдан да хош иісті боп көрінген Шоқаралдың, Кіші Азияның және Күнгей Африканың асыл шараптарының түр-түрі ме-ау, бірінен соң бірі өтіп жатқаны.
Қонактарының қайран қалғанын көрген Монте-Кристо күліп жіберді де, енді өзін-өзі қағытып әзілге қонақ берді.
— Мырзалар, — деді ол, — шалқар дәулеттің барында шалқып қалу да заңды нәрсе екеніне сіздер келісетін шығарсыздар және дәп сол секілді, енді бұған әйелдер де, әлбетте, қарсы болмас, жан толқыған шадыман шағыңда тек қиял ғана айқын да ақиқат боп көрінбек, солай емес пе? Енді осы ойды өрбіте түселік. Керемет дегеніміз не нәрсе? Біз ұқпайтынның бәрі де керемет. Біз неменеге құмармыз? Қол жетпеске құмармыз. Сөйтіп, мен қиял жетпесті көзбен көруге, қол жетпеске қол жеткізуге өмірімді арнаған адаммын. Оны жүзеге асыру үшін қолданатын екі амалым бар: бірі — ақша да, екіншісі — жігер-күшім. Бұл мақсатқа жету үшін мен, мәселен, теміржол салдырған Данглар мырза, мына сіз сияқты, адамды өлім жазасына кесуге құлшынатын де Вильфор мырза, мына сіз тәрізді, қандай да болмасын бір мемлекетке тыныштық орнататын Дебрэ мырза, мына сізге ұқсап, қалайда әйел затына ұнауға тырысатын Шато-Рено мырза, мына сіз сияқты және ешкім тақым арта алмайтын шу асауға бас білгізетін, Моррель, сіз секілді табандылық көрсетіп бағамын. Мәселенки, міне, екі балыққа назар аударып көріңіздерші: мұның біреуі Санкт-Петербургтен елу лье қашықтықта туған, ал екіншісі — Неапольден бес лье жерде дүниеге келген; енді осы екеуін бір дастарқанға әкеп қоюдың өзі бір қызық емес пе?
— Бұлар өзі қандай балық? — деп сұрады Данглар.
— Оның біреуі қалай аталатынын Россияда тұрып көрген Шато-Рено айтып береді сізге, — деп жауап берді Монте-Кристо, — ал майор Кавальканти итальян ғой, екіншісін сол айтар.
— Бұл, — деді Шато-Рено, — меніңше, сүйрік.
— Дұп-дұрыс.
— Ал, мынасы, — деді Кавальканти, — егер жаңылмасам, жыланбалық.
— Әп-бәрекелде. Ал енді барон, бұл балықтардың қайда ауланатынын сұрап көріңіз.
— Сүйрік балықты тек Еділден аулайды, — деп жауап қатты Шато-Рено.
— Ал мен Фузаро көлінен басқа жерде, — деді Кавальканти, — мұндай дәу жылан балық болады дегенді естіген емеспін.
— Өзі де солай; бірі — Еділден, ал екіншісі Фузаро көлінен алдырылған.
— Мүмкін емес! — деді меймандар жарыса сөйлеп.
— Miнe, осының өзі мен үшін бір рақат, — деді Монте-Кристо. — Мен, Нерон тәріздімін — cupitor impossilium1 қалай дегенмен, бұл сіздер үшін де бір ғанибет емес пе, бәлки, бұл балықтар, шын мәнісінде, алабұға, болмаса, арқанбалықтан нашар да шығар. Бірақ қазір сіздерге тамаша боп көрінуі ықтимал, — оның себебі, бұларды қолға түсіру сіздер үшін мүмкін емес боп көрінуінде; ал сөйте тұра екеуі де осы үйден табылып отыр.
— Дегенмен де, бұл балықтарды Парижге алдырудың амалын қалай таптыңыз?
— Одан оңай нәрсе жоқ. Бұларды дәу кеспектерге салып әкелді, біреуінің түбіне өзен өсімдіктері мен қамыс төселген де, екіншісіне көлде өсетін балдыр мен құрақ төселген; сосын арнайы жабдықталған фургондарға орнықты етіп жайғастырылған; сүйрік балықтар кеспек ішінде он екі күн жол жүріп келді, ал жыланбалықтар сегіз күнде жеткізілді; менің аспазымның қолына тигенде бәрі де тірі болатын, ол біреуін сүтке, екіншісін шарапқа тұншықтырды. Данглар, сіз сенбей отырсыз-ау деймін?
— Дейтұрғанмен де, сеніңкіремей отырғаным, — деді Данглар зілдене жымиған болып.
— Батистен, — деді Монте-Кристо, — екінші сүйрік балық пен екінші жыланбалықты осында әкелсін деңізші, өзіңіз білесіз, екінші кеспекпен келгені әлі тірі болатын.
Данглардың көзі бақырайып кетті; жұрттың бәрі дереу қол шапалақтап жіберді.
Төрт қызметші әупірімдеп екі кеспекті көтеріп кіргізді, су ішіндегі қалың балдырдың арасында қонақтардың алдындағы жатқан балықтардан аумайтын екі балықтың тыпыршып жатқаны байқалды.
— Ал, әр түрінен екі балықтан алдырудың не қажеті болды? — деп сұрады Данглар.
— Өйткені, біреуі болмаса біреуі өліп қалуы ықтимал ғой, — дей салды Монте-Кристо.
— Сіз, шынында да, ғажап адам екенсіз! — деді Данглар. — Философтар не десе о десін, бай болғанға не жетсін!
— Ең бастысы, ойлап таппайтыны жоқ! — деп үстеді Данглар ханым.
— Мұны ойлап тапқан мен емеспін, баронесса; бағзы Римляндар осы әдісті жиі қолданған. Плинийдің айтуынша, Остиядан жіберген mulus тектес балықтарды құлдар кезек-кезек бастарына көтеріп Римге жеткізетін болған; оның суреттеуіне қарағанда бұл дорада болса керек. Оны тірілей алдыру сән-салтанат белгісі боп саналған, өйткені, бұл балықтың өлер сәті аса қызықты екен; өлер алдында түсі бірнеше мәрте өзгеріп, кемпірқосақ тәрізді алуан түске боялғанын әбден қызықтаған соң барып оны ас үйге жөнелтеді екен. Сөйтіп, бұл балықтың өлер алдындағы жанталасы оның айрықша қасиеті боп есептеліпті. Оны тірілей көрмесе, өлі күйінде пәлендей қадірі болмайды екен.
— Хош, — деді Дебрэ, — бірақ Остиядан Римге дейін сегіз льеден аспаса керек.
— Ол рас, — деп жауап қатты Монте-Кристо, — бірақ егерде одан асып түспесең, Лукуллдан бір мың сегіз жүз жыл кейін туғаныңнан не пайда?
Әкелі-балалы Кавалькантилер оған аңырып қарай қалысты, әйтсе де, бір абзалы тіс жарып, тіл қатқан жоқ.
— Мұның бәрі де, әрине, қызық, — деді Шато-Рено, — бірақ менің қайран қалатыным, сіздің берген жарлығыңыздың соншалық тез орындалатыны. Шын айтса, сіз, граф, осы үйді небәрі бес-алты күн бұрын ғана сатып алған жоқсыз ба?
— Иә, шамасы сол, — деді Монте-Кристо.
— Әне, осы бір аптаның ішінде бұл үйдің мүлде өзгеріп сала бергеніне менің сенімім кәміл; егерде мен қателеспесем, бұл үйдің қақпасы да басқа жақта болатын, жалаңаш ауласы да қаңырап бос тұрған-тұғын, ал қазір көрсең айналаң керемет көгал, жағалай ағаш отырғызылған, түріне қарасаң, осы жерде жүз жылдан бері өсіп тұрғандай, тегі.
— Амал не, жасыл желек пен салқын саяны жаным сүйеді, — деді Монте-Кристо.
— Шынында да, — деді де Вильфор ханым, — бұл үйдің қақпасы бұрын жол жаққа қарайтын, ғайыптан-тайып мен ажалдан аман қалған күні, әлі есімде, сіз мені үйге бірден көше беттен әкеп енгізген болатынсыз.
— Оныңыз рас, сударыня, — деді Монте-Кристо, — бірақ та, кейінірек шарбақтан Булон тоғайы көрініп тұратын қақпам болғанын мақұл көрдім.
— Небәрі төрт-ақ күннің ішінде, — деді Моррель. — Miнe, керемет!
— Шынында да, — деді Шато-Рено, — ескі үйді тұп-тура жап-жаңа үй ғып өзгертіп жіберу дегеніңіз ғажап екені рас. Бұл өзі бір өте көне үй болатын, түрі де тым жабырқаңқы-тұғын. Осыдан екі-үш жыл бұрын, маркиз де Сен-Меран сатпақ болғанда, шешемнің көріп кел деп мені жұмсағаны әлі есімде.
— Маркиз де Сен-Меран дейсіз бе? — деді де Вильфор ханым. — Сөйтіп, бұл үй бұрын маркиз де Сен-Мерандікі болған екен ғой?
— Солай болса керек, — деп жауап қатты Монте-Кристо.
— Солай болса керегі қалай? Өзіңіз кімнің үйін сатып алғаныңызды білмейсіз бе?
— Шынымды айтсам, білмейтінім рас, мұнымен егжей-тегжейлі шұғылданған менің іс басқарушым.
— Иә, бұл үй аттай он жыл бойы иесіз бос тұрды, — деді Шато-Рено. — Жабық тұрған терезелері мен тарс бекітілген есіктерін, шөп басып кеткен ауласын көргенде көңліңе қаяу түсетін. Расын айтсам, бұл үй егер король ирокурорының атасынікі болмаса бір кезде сұмдық қылмыс жасалып, қарғыс атқан шаңырақ екен деп қалуың да кәдік.
Бұған дейін алдындағы тамаша шарап толы бокалдардың ешқайсысына ернін тигізбеген Вильфор осы сәтте қолына түскен біреуін ала салып ақырына дейін қағып салды.
Монте-Кристо бір минуттей үн қатқан жоқ; сонан соң барып Шато-Рено сөзінен кейін орнаған ауыр үнсіздікті бұзып, былай деді:
— Бір қызығы, барон, осы үйдің табалдырығынан алғаш аттағанда осындай ой менің де басыма келіп еді: бұл үй маған бір түрлі құтсыз мекен сияқты көрініп кетті, егер іс басқарушым алып қоймағанда мен бұған өлсем де жоламаған болар едім. Тегі, бұл соққан нотариустан ептеп пара алса керек.
— Әбден мүмкін, — деп күбірледі Вильфор зорлана күлімсіреп, — бірақ сөзіме иланыңыз, бұл пәлеге менің қатысым жоқ. Енді үш-торт жыл осылай иесіз қаңырап тұрса мүлде іске алғысыз боп қаусап қалатын болғандықтан маркиз де Сен-Меран жиен немересіне беретін мұрасының бір бөлегі есебінде бұл үйді сатып ақша қылғанды жөн көріп еді.
Енді Моррель құп-қу болып кетті.
— Әсіресе, бір бөлмесі, — деп сөзін соза берді Монте-Кристо, — қабырғасы қызыл матамен қапталғаны болмаса, былай қарағанда, басқа ешқандай ерекшелігі жоқ жай ғана бөлме өзі, неге екенін білмеймін, қасірет тұнып тұрғандай көрінді маған.
— Неге бұлай дедіңіз? — деп сауал берді Дебрэ. — Неғып сізге қасірет боп көрінді сонша?
— Өз еркіңнен тысқары түйсікті сезімді пәлен деп түсіндіріп бола ма? — деді Монте-Кристо. — Бағзы бір кезде, бір жерге барғанда, ылғи өз-өзіңнен қараптан-қарап жабырқайтыныңыз қалай? Не себептен? Оны өзің де білмейсің; жадымызда сақталып қалған сан алуан өмір көріністерінің толассыз тізбегі мен ой ауаны ала қашып, бізді осы сәттегі қоныс-мекеніміз бен қазіргі уақытқа ешқандай қатысы жоқ өткен күндер мен бір кезде өзіміз жүрген жерлерге еріксіз жетелеп кететіндіктен солай болатын шығар, бәлки... ал осы бөлмені көргенде өз басым құдды маркиза де Ганждың12 немесе Дездемонаның бөлмесін көргендей әсерде болғаным. Енді, түстік ішіп боп қалдық, егер қаласаңыздар, сол бөлмені көрсетейін сіздерге, баққа шығып, кофені содан кейін ішерміз: түстіктен кейін тамаша болар еді.
Монте-Кристо қайтеміз дегендей меймандарына қарады; әуелі де Вильфор ханым орнынан көтеріліп еді, Монте-Кристо да іле-шала түрегелді, бұлардан кейін басқалары да өpe түрегелісті.
Вильфор мен Данглар ханым бір минуттей қыбыр етпестен орындарында отырып қалды; аза бойлары қаза тұрып, бір-біріне үнсіз қарасты.
— Сіз естідіңіз бе? — деді Данглар ханым.
— Жұрттан қалмау керек, — деп тіл қатқан Вильфор орнынан түрегеліп оған қолын ұсынды.
Тек бір бөлмені көрумен ғана шектелмеспіз деген үмітпен, Монте-Кристо сәулетті сарайға айналдырып жіберген осынау көне жұрттың басқа бөлмелерін де көруге дәмелі меймандар жамырай көтеріліп, үй ішінде жапа-тармағай өріп кеткен-тұғын. Шалқасынан ашық жатқан есіктерге асығыс бет алған бәрі. Монте-Кристо кейінірек қалған екі қонағын тосты, бұл екеуі асханадан шығысымен өзі жұрттың соңын ала күлімсіреп келе жатты; егер меймандар бұл күлкінің шын мәнісін ұғар болса өздері құбыжық санап, көрмек болып келе жатқан бөлмеден емес, дән осы күлкіден зәре-имандары ұшар еді.
Расында, әуелі үй ішіп аралап көрісті: кереуеттің орнына дивандар мен жастықтар қойылған, трубкалар мен қару-жарақтардан басқа жиһазы жоқ, шығыс салтымен жасандырылған тұрғын жайларды тамашалады; қабырғаларына көне шеберлердің таңдаулы картиналары ілулі тұрған қонақжайларды көрді; таңғажайып суреттермен өрнектелген, реңкі бөлек қытайы асыл маталар тұтылған будуарларды аралап шығып, ақырында, әлгі бөлмеге де жетті қонақтар.
Бөлме ішінде пәлендей көз тартарлық ештеңе жоқ екен, ымырт үйіріліп қалса да мұнда әлі шам жағылмапты, басқа бөлмелер сыңғырлап тұрғанда, бұл бөлменің әбден тозығы жетіп біткені байқалды.
— Шынында да, бұл жер адам шошырлық екен! — деді де Вильфор ханым даусын көтере сөйлеп.
Данглар ханым әлдене деп күбірлегендей болып еді, бірақ оны ешкім естіп жарыған жоқ.
Меймандар әрқайсысы әр саққа жүгіртіп, әртүрлі уәж айтқанмен бәрібір осы қызыл бөлменің қорқынышты бірдеңесі бар екен деген мәмілеге келісті.
— Расында да солай емес пе? — деді Монте-Кристо. — Қарай қалыңыз, мына кереуеттің бұлай тұрысында да бір сыр бардай, қабырғаға тұтылған қан қызыл матаның өзі бір сұмдық! Ал пастельмен салынған мына екі портреттің сыз тартып қарауытып кеткенін көрдіңіз бе! Байқайсыздар ма, екеуінің де құп-қу еріндері қыбырлап, үрей толы көздері: «Біз бәрін де көрдік!» деп тұрғандай ғой!
Вильфордың өңі аппақ қудай боп кетті де, Данглар ханым дәрмені құрып камин жанындағы кушеткаға сылқ етті.
— Эрмина, — деді де Вильфор ханым күлімсіреп, — мына кушеткаға отыруға қалай ғана дәтіңіз барды, қайдан білесіз, бәлки, қылмыс дәп осының үстінде жасалған шығар?
Данглар ханым жалма-жан түрегелді.
— Мұнымен тамамдалмайды, — деді Монте-Кристо.
— Тағы не сұмдығы бар еді? — деді, Данглар ханымның абыржып тұрғанын аңдап қалған Дебрэ.
— Иә, тағы несі бар? — деп сұрады Данглар. — Адалын айтсам, адам шошырлық дәнеңесін байқамадым әзірше; ал сіз ше, Кавальканти мырза?
— Енді, — деді Кавальканти, — бізде, Пизада, Уголиноның мұнарасы бар, Феррарада Тассо зынданы бар, ал Риминиде Франческо мен Паоланың бөлмесі бар.
— Оныңыз рас, бірақ сіздерде мынадай саты жоқ, — деді Монте-Кристо тұтылған перденің тасасындағы есікті ашып жіберіп, — жақсылап қарап алыңыз да, бұл туралы не ойлағанызды айтыңызшы.
— Мына бұрандалы басқыштан адам шошығандай екен! — деді күліп ІІІато-Рено.
— Өзі де солай, — деді Дебрэ, — білмеймін, әлде жаңағы хиос шарабын ішкеннен көңілім жабырқап тұр ма, әйтеуір, осы үйді ойласам бір түрлі үргелектене берем.
Ал, Моррельге келсек, әлгінде осы үйді Валентинаға тиесілі дегенді естігелі бәрі өз-өзінен қамығып тұрған күйі ләм-мим деген жоқ.
— Қап-қараңғы дауылды түнде, — деді Монте-Кристо, — көтерген сұмдық бірдеңесі бар, сонысын пенде баласы тұрмақ құдайтағаланың өзінен жасыруға жанталасып, осы сатымен аңдып басып, ақырын түсіп келе жатқан бағзы бір Отеллоны яки болмаса аббат де Ганжды көз алдыңызға елестетіп көріңізші бір сәтке?
Өзі шарасыздан қабырғаға сүйеніп әрең тұрған Вильфордың алдына есінен танып сылқ құлап түсе жаздады Данглар ханым.
— Сізге не болды, баронесса? — деп дабдырлады Дебрэ. — Өңіңіз құп-қу ғой!
— Не болғаны өзінен-өзі түсінікті емес пе, — деді де Вильфор ханым, — тегі бәріміздің жүрегіміз ұшып өлсін десе керек, граф Монте-Кристо жоқ сұмдықты әңгімелеп кетті ғой.
— Ол рас, — деп қалды Вильфор. — Расында да, граф, сіз әйелдерді шошытатын болдыңыз.
— Шынында да сізге не болған? — деп сыбырлай қайталады Дебрэ Данглар ханымға қарап.
— Уақасы жоқ, уақасы жоқ, — деді Данглар ханым әзер дегенде, — тынысым тарылып кеткені, бар болғаны сол-ақ.
— Төмен түсіп баққа бармаймыз ба? — деп сұрады Дебрэ, Данглар ханымға қолып ұсынған қалпы өзі жасырын басқышқа қарай беттеп.
— Жо-жоқ, — деді ханым, — онан да осында қалғаным мақұл.
— Қойыңызшы, сударыня, — деді Монте-Кристо, — расымен-ақ шошынып қалғаныңыз ба?
— Жоға, граф, — деп жауап қатты Данглар ханым, — алайда, сіздің болжалдың өзін шебер суреттейтініңіз соншалық, тіпті қиял да шындық тәрізді көрініп кетеді екен адамға.
— Әрине, — деді Монте-Кристо жымиып, — мұның бәрі де әшейін ойдан шығарылған нәрсе ғой; шынында да, осы бөлме бір кездегі ананың, адал жардың жым-жырт, бейкүнә ұйқыжайы деп неге санамасқа; мына күрең шымылдық тұтқан кереуетті Люцина13 тәңірияның шарапаты тиген жар төсегі делік; ал мына құпия сатымен жас босанған ананың тәтті ұйқысын бөлмейін деп не дәрігер, яки болмаса сүтана, немесе ұйқыдағы сәбиін көтеріп әкесінің өзі ақырын басып төмен түсіп бара жатыр екен деп неге ойламасқа?..
Осынау бен-жай көріністі көз алдына елестеткен Данглар ханым жаны жай табу былай тұрсын, қайта бұрынғыдан бетер бебеулеп, ақырында мүлде есінен танып қалды.
— Данглар ханым талықсып қалды, — деді Вильфор қипақтап, — күймеге апарып жатқызсақ қайтеді?
— Қап, құдайым-ай! — деп шыр-пыр болды Монте-Кристо. — Шишамды да алып шықпаған екем!
— Менің өз шишам бар, — деді де Вильфор ханым.
Эдуардтың есін кіргізген графтың қызыл түсті сұйық шипалы даруындай сұйықтық құйылған шишаны де Вильфор ханым Монте-Кристоға ұсынды.
— Міне, қызық!.. — деді Монте-Кристо, шишаны де Вильфор ханымның қолынан алып жатып.
— Иә, — деп сыбырлады ханым, — айтқан ақылыңызды алған едім.
— Сәтті боп шықты ма?
— Сәтті болған сияқты.
Бұл кезде Данглар ханымды іргелес бөлмеге апарып жатқызған болатын.
Монте-Кристо әлгі сұйық қызыл дәрінің бір тамшысын оның ерніне жағып еді, талықсып жатқан ханым есін жиды.
— Неткен жаман түс! — деді баяу ғана.
Бұның түс емес екенін ұғындырмақ болып Вильфор Данглар ханымның қолын қатты қысып қойды.
Енді Дангларды іздей бастады бәрі; сөйтсе, поэтикалық сезімталдықтан ада-күде Данглар бағанадан бері бақ ішінде қаннен-қаперсіз майор Кавалькантимен Ливорно мен Флоренцияның арасында теміржол салудың жобасын талқылап отыр екен.
Монте-Кристо әбден дағдарған адамдай дереу Данглар ханымды қолтығынан демеп баққа алып барып еді, әкелі-балалы Кавалькантилердің ортасында кофе ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырған Данглардың үстінен түсті.
— Расында да сізді соншалық қатты қорқытып алдым ба, сударыня? — деді Монте-Кристо.
— Жоқ, граф, сөйтсе де, өзіңізге аян, біз дегенің көңіл хошымызға қарай әсерге тым берілгіш келеміз ғой.
Вильфор күлгенсіді.
— Және де мұндай жағдайда, оны өзіңіз де түсінесіз ғой, — деді ол, — жай ғана болжалдың, бос қиялдың өзі-ақ жетіп жатыр.
— Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, — деп оған келіспей қойды Монте-Кристо, — бірақ өз басым, осы үйде бір қылмыс болғанына иманым кәміл.
— Абай болғайсыз, — деді де Вильфор ханым, — мұнда король прокуроры отыр.
— Несі бар, — деп жауап қатты Монте-Кристо, — бәрінің де реті келіп тұрғанда, осы жағдайды пайдаланып, бір мәлімдеме жасайын баршаңызға.
— Мәлімдеме дейсіз бе? — деді Вильфор.
— Иә және куәлардың көзінше.
— Miнe, мұның бәрі де өте-мөте қызғылықты болмақ, — деді Дебрэ, — мәгәрки, әлдеқандай бір қылмыс жасалғаны ақиқат болса, оның ас қорытуымызға да пайдасы тимек.
— Қылмыс жасалғаны ақиқат, — деді Монте-Кристо. — Бері келіңіздер, мырзалар; сіз де марқабат етіңіз, де Вильфор мырза; мәлімдемем заңды болуы үшін өкіметтің өкілі қатысып отыруы шарт.
Монте-Кристо Вильфорды қолтығынан демеп, екінші қолымен Данглар ханымның қолын қысқан қалпы король прокурорын көлеңкесі қою шынарға қарай алып жүрді.
Басқа меймандар да бұлардың соңынан ере жүрді.
— Бері қараңыздар, — деді Монте-Кристо, — міне, дәп мына жерде (соны айтып, аяғымен жерді бір теуіп қойды) кәрі ағаштарға нәр барсын деп, түптерін аршып, орнына қара топырақ төгуге жарлық еткен едім; сөйтсе, менің жұмыскерлерім ағаштың түбін қазып жатып шағын жәшіктің, анығырақ айтсақ, жәшіктің темір бөлшектерін тауып алыпты, — ішінде жаңа туған сәбидің қаңқасы жатыр екен. Енді мұны бос сандырақ, құрғақ қиял дей алмайтын шығарсыздар?
Монте-Кристо осы мезетте Данглар ханымның шынтағы қимылсыз қатып қалғанын, ал Вильфордың қолы дір ете түскенін айны-қатесіз сезді.
— Жаңа туған сәби дейсіз бе? — деп қайталап сұрады Дебрэ. — Сайтан алсын! Меніңше, іс насырға шауып барады.
— Әне, көрдіңіздер ғой! — деді Шато-Рено. — Үйлердің де адамдар сияқты жаны бар, өздеріне тән кескін-келбеті болады, соған қарап ішкі сырын аңғарасыз дегенде мен әсте қателеспеген екем! Бұл үй өзі тым тұнжыраңқы-тұғын, өйткені, ар-ұяты жегідей жеп барады ғой, ал арынан ұялатын себебі өзі қылмысты жасырып келген де.
— Сонда қалайша бұл қылмыс болмақ? — деп қарсылық білдірді Вильфор, осының өзіне дәрмені зорға жетіп.
— Қалайша дейсіз бе? Баққа әкеліп сәбиді тірілей жерге көму, сонда, сіздің ойыңызша, немене, қылмыс емес пе? — деп күйіне сөйледі Монте-Кристо. — Мұны сіз қалай деп атар едіңіз, король прокуроры мырза?
— Оны тірілей көмгенін қайдан білдіңіз?
— Ендеше осы жерге неге көмген? Бұл бақ ешқашан зират болған емес.
— Сіздің Францияңызда бала өлтіргендерге қандай жаза қолданады? — деп сұрады аңғал майор Кавальканти.
— Бар болғаны бастарын шауып тастайды, — деп жауап қатты Данглар.
— Ах, бастарын шауып тастайды деңіз! — деп қайталады Кавальканти.
— Солай ғой деймін. Солай ма, де Вильфор мырза? — деп сауал берді Монте-Кристо.
— Солай, граф, — деді Вильфор, үні жер астынан шыққандай болып.
Монте-Кристо осы көріністі алдын ала дайындап, сынап көрмек болған екі адамның енді бұдан әрі шыдар халі жоғын ұқты, тым тереңдемей тоқтатайын деді ол іштей.
— Е, кофе бар екен-ау, мырзалар! — деді ол. — Тіпті, ұмытып кетіппіз ғой.
Соны айтып граф меймандарын кейін қарай, көгалға қойылған стол басына бастап жүрді.
— Десе де, — деді Данглар ханым, — мұншалық әлсіздік білдіргеніме, граф, қысылып тұрғаным; бірақ сұмдық оқиғалар әбден есімді шығарды; марқабат, отыруға рұқсат етсеңіз.
Соны айтып өзі орындыққа сылқ ете түсті.
Монте-Кристо оған тағзым етті де, де Вильфор ханымның жанына келді.
— Байқауымша, Данглар ханымға тағы да сіздің шишаңыз қажет, — деді ол.
Де Вильфор ханым сырласына көмекке келіп үлгергенше, король прокуроры Данглар ханымның құлағына:
— Сөйлесуіміз қажет, — деп сыбыр ете қалды.
— Қашан?
— Ертең.
— Қайда?
— Менің жұмыс кабинетімде... сот жүріп жатқанда, егер сіз қарсы болмасаңыз; меніңше, ең қауіпсіз жер сол.
— Келем.
Осы кезде де Вильфор ханым да жетті.
— Рақмет сізге, достым, — деді оған Данглар ханым, зорлана жымиып, — айығып қалдым, қазір тәуірмін.
VII ҚАЙЫРШЫ
Қас қарайды, де Вильфор ханым енді Парижге қайту жайын әңгіме қыла бастады, ал Данглар ханым болса, өзінің соншама қалжырағанына қарамастан, бұл жайлы жұмған аузын ашуға дәті барған жоқ.
Ақыры, зайыбының өтініші бойынша, қайтуға бірінші боп Вильфор жиналды. Барғанда жолшыбай әйелім бас-көз болар деп Вильфор Данглар ханымға өзінің ландосынан орын ұсынды. Кавалькантимен шаруа жайлы әңгіменің қызығына әбден түскен Данглардың мұнда не болып, не қойғанымен мүлде ісі жоқ.
Де Вильфор ханымнан дәрі шиша сұрай барған сәтте Вильфордың Данглар ханымға таяп келгенін Монте-Кристоның көзі шалып қалған-тұғын; король прокуроры сөзін қасындағы Данглар ханымның өзіне де естілер-естілмес қып айтқанмен, оның қазіргі жағдайына жетік граф не дейтінін естімесе де іштей топшылап білді.
Аттарына мініп Парижге қайыра аттанып бара жатқан Моррель, Дебрэ, Шато-Реноларға да ол оралғы болған жоқ, екі әйелді де Вильфордың ландосына отырғызып, шығарып салды; ал барған сайын майор Кавалькантимен әңгімесі жарасып, мәз-мереке болған Данглар оны өз күймесіне шақырды.
Енді Андреа Кавальканти болса өзін қақпа аузында тосып тұрған, нән қаракер ат жеккен тильбюриіне қарай аяңдады, ұсқынына қарағанда әуейілеу келген ағылшын атқосшысы аяғының ұшынан басып, аттың шаужайынан ұстап, сақадай сай тұр екен.
Дастарқан басында Андреа көп сөйлеген жоқ; тумысынан есі бар жігіт осынау бір өңкей бай-манаптардың ортасында артық-кем айтып қаламын ба деп ішін тартып, аузын бақты; дәйімі көзі бақырайып, көңіліне қауіп алған король прокурорына жалтақтаумен болды.
Сонсоң оны Данглар үйіріп әкетті, кекірт кәрі майор мен оның бозөкпе баласының мінез айырымын бір қарағанда-ақ қапысыз таныған банкир бұларға деген Монте-Кристоның емен-жарқын қабағын ішпен ұқты да, дәу де болса мұрагеріне зиялы қауымның тәлім-тәрбиесін үйретпек мақсатымен Парижге арнайы сапарлап келген әлдеқандай бір набоб шығар-ау деген түйінге бекінді.
Сол себепті де майордың шынашағында жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алған үлкен гауһартасқа ынты-шынтымен қарап, көзімен ішіп-жеумен болды, өйткені, көпті көрген, әмбе сақ майор әлдеқандай күн бар деп ассигнациясын толайым табан астында өткізіп, асыл тас сатып алған-тұғын. Түскі астан кейін өнеркәсіп хақында, майордың сан-санат сапары жайлы сөз қозғаған болып, бұлардың тұрмыс-тіршілігі туралы білмекке тамырын басып көрген банкир; басқада емес, дәп осы Данглардың банкінде біреуіне — бірден қырық сегіз мың франкқа, екіншісіне — жыл сайын елу мың ливрге күнделікті есеп ашылатыны жөнінде алдын ала ескертіліп қойғандықтан әкелі-балалы екеуі де банкирге жайылып жастық, иіліп төсек болды, керек десе, тіпті, ыстық ықыласын жеткізу үшін оның малайларының қолын да құшырлана қысуға даяр еді.
Кавалькантиге Данглардың сын көзімен қарауына, тіпті, артық айтқандық болмас, қастер тұтуына тағы бір жағдай себепші болғаны. Горацийдің «nil admirari»2 деген принципінен айнымайтын майор, бұған әлгінде өзіміз де куә болдық, өзінің әр нәрседен хабардар екенін мәлімдеп, әлеуметке жыланбалықтың қай көлде жақсы ауланатынын айтып бергенін көңіліне тоқ санаған. Сол тоқмейіл қалпымен әлгі балықтың өзіне тиген үлесін үнсіз отырып соғып алған-ды. Бұған қарап отырып Данглар мұндай молшылық Кавалькантидің бақ дарыған ұрпағы үшін әшейін үйреншікті әдет болса керек, граф Фузеро көлінен жыланбалықты, Еділден сүйрік балықты қалай алдырса, бұл да сол әдіспен Швейцариядан форельдер алдырып, Бретаньнан теңіз шаяндарын алдырып, өзінің Луккасында соны ғана қорек қылатын шығар деп түйді іштей.
Сондықтан да Кавальканти өзіне қарап:
— Ертең, сударь, сізге шаруа жайымен соғып шықпақ едім, — дегенде, Данглар оған айрықша ілтипат білдіріп:
— Ал, өз басым, сударь — деген — сізді қабылдап хош алуды бақыт санаймын.
Сонан кейін, ұлынан бөлек кеттім деп наразы болмаса, Ханзадалар мейманханасына дейін ұзатып салар едім деп Данглардың Кавалькантиге жата қап жабысқаны.
Бұған Кавальканти ұлым бозбаланың саяқ тіршілігіне көптен бойы үйренген адам, сол себепті де өзі меншікті жегін аттар мен экипаждар ұстайды, тіпті осында келгенде де әрқайсымыз әр жақтан келгенбіз, ендеше одан бөлек кеткеніміздің пәлендей сөкеттігі бола қоймас деген уәж айтты.
Сөйтіп, майор Данглардың күймесіне отырған. Қатар орынға жайғасқан банкир құнттылық, жинақылық жайлы сөз қозғаған Кавалькантидің ақыл-парасатына бұрынғыдан бетер тәнті болды, сөйте тұра, бұл кісі ұлына жыл сайын елу мың франк бөледі екен ылғи, ал бұл үшін жылдық түсімің бес жүз мың, яки алты жүз мыңнан бір де кем болмасқа керек.
Осы кезде Андреа барынша мардымси қалып, көлікті дәп есік көзіне әкелмей, қақпаның алдында тұрып алды да, тильбюрпге жеткенше тұпа-тура отыз қадам жер жүріп, әбден әуреге түстім деп, жұртқа көз қылып, атқосшысын жерден алып, жерге салып жатқан.
Атқосшы мыңқ етпестен үнсіз тыңдап тұр; жер тарпып тынымсыз тықыршып тұрған аттан айырылып қалмас үшін сол қолымен шаужайынан алған ол оң қолымен делбені Андреаға ұсынды; Андреа делбені тұтып, лакталған башмағын жалт еткізіп аяғын тепкішекке енді ғана сала берген болатын...
Дәп осы мезетте иығына әлдекім кеп қолын салғанын аңғарды Андреа. Бірдеңе айтпақ болып, тарс ұмытып кетіп, енді тура аттанар сәтте естеріне түсіп келіп тұрған не Данглар, не Монте-Кристоның біреуі шығар деген оймен жігіт жалт қарады.
Сөйтсе, олардың ешқайсысы да емес, түр-репеті келіспеген біреу тұр жанында: өңі күн қақты, бет-аузын басқан қалың сақалы натурщикке лайық десе болғандай, екі көзі шоқтай жанып тұр; аппақ қаладай отыз екі тісін ақситып күлгенінде зілді кекесін бар, қасқыр не шиебөрі тәрізді арандай аузын ашып обып қоярдай көрінді.
Шашын ақ шалып, шулан тарта бастаған; басына қызыл торлы орамал байлаған; өзі тыриған арық, ұзынтұра, құр сүлдері ғана қалған; үстінде алба-жұлба, сауыс-сауыс жейде, қозғалып кетсе болды сүйектері сықырлап, қаңқасы қаудыр-қаудыр ете қалатын тәрізді. Андреаның алғаш көзі шалғаны оның қолы еді — иығынан басқан қол рабайсыз арбиған дәу көрінді.
Тиюльбюри қол шамының жарығымен әлгінің түр-түсін шырамытып қалды ма, яки болмаса сүдінсіз сүлдерді көріп шошып кетті ме, ол жағы бізге беймағлұм: әйтеуір Андреа бірден селк ете қап, кейін қарай шегіншектеп берді.
— Менен не керек сізге? — деді жігіт.
— Ғафу етерсіз, құрметтім, — деп тіл қатты әлгі адам, қолымен қызыл орамалын ұстап тұрып, — бәлки, сізге бөгет жасаған болармын, бірақ өзіңізге айтатын сөзім бар еді.
— Жеті түнде қайыр тілемес болар, — деді атқосшы, тілемсек қайыршыдан қожайынын құтқармақ болып.
— Мен қайыр сұрап тұрған жоқпын, әсем жігіт, — деді бейтаныс кекете жымиып, жымиысынан адамның үрейі ұшардай екен — атқосшы шегіншектей берді, — бар болғаны осыдан екі апта бұрын маған бір тапсырма берген қожаңа айтар екі ауыз сөзім бар еді.
— Бері қараңыз, — деп сөзге Андреа араласты, жүрексінгенін атқосшыға байқатпайын деп әдейі даусын қаттырақ шығарып, — не керек өзіңізге? Жарқыным, айтсаңызшы тезірек.
— Маған керегі... — деді қызыл орамал тартқан адам естілер-естілмес қылып, — маған керегі, Парижге жаяу сандалып қайтпайын, соған жәрдемдессеңіз екен. Әбден титықтап шаршадым, әрі жөндеп тамақ та ішкен жоқ едім, сендей тоқ емеспін, аяғымды әзер басып тұрмын.
Мұндайды күтпеген Андреа селк ете түсті.
— Сонымен не керек сізге өзі? — деп сұрады ол.
— Мына керемет күймеңмен мені Парижге жеткізіп салсаң болғаны.
Андреа боп-боз боп кетті, бірақ ләм-мим деген жоқ.
— Иә, дәп солай, — деді қызыл орамалды адам, екі қолын қалтасына салып шіреніп, Андреаға тесірейе қарап, — маған керегі сол! Естіп тұрсың ба, менің құйтақандай Бенедеттом?
Бенедетто дегенді естігенде Андреа кәдімгідей жұмсарып қалды; ол атқосшысына кеп:
— Мына кісіге шынында да тапсырма бергенмін, енді маған жауабын айтуға тиіс. Заставаға дейін аяңдап бара салыңыз, тым кешеуілдемес үшін сол жерден кабриолет жалдарсыз, — деді.
Таңырқаған атқосшы жайына кете барды.
— Тұра тұрыңыз, әуелі көлеңкеге барып тұрайын, — деді Андреа.
— Е, оған келгенде жайлы орынды өзім-ақ жайғанмын ғой; міне, көрдің бе, — деді қызыл орамал тартқан адам.
Сосын атты шаужайынан алды да, тильбюриді бір тас қараңғы қалтарысқа әкеп тоқтатты, бұл жерде шынында да оған Андреаның қандай құрмет көрсеткенін тірі пенде көріп білмес еді.
— Сәнді күймемен серуен құрғым келгеннен тоқтатқан жоқпын, — деді әлгі адам. — Жо-жоқ, тегі, шаршадым, әрі өзіңмен шаруа жайын сөйлесіп алайын дедім.
— Жарайды, отырыңыз, — деді Андреа.
Әттең түн қараңғы болды, әйтпесе, жібек көпшіктердің үстінде шәниіп отырған алба-жұлба кезбе мен оның қасында сәнді киінген жас жігіттің делбе ұстап отыруының өзі бір қайталанбас көрініс еді.
Қыстақтың шетіне шыққанша Андреа жақ ашқан жоқ; қасындағы серігі де үн-түнсіз отыр, тек әдемі күймемен келе жатқанына өзіне-өзі дән риза адамдай күлімсіреп қояды.
Отейльден ұзап шығысымен-ақ, Андреа бұл маңайда бізді естіп, көріп қоятындай ешкім жоқ па дегендей айналасына анықтап қарап алды; сосын аттарды тоқтатты да, екі қолын қусырынып, қызыл орамал тартқан адамға қарап бұрылды.
— Сөзіме құлақ салыңыз, — деді ол, — осы сізге не керек өзі? Неге менің мазамды аласыз?
— Жоқ, сен, балақай, маған неге сенбейтініңді айтшы онан да?
— Неменеге сенбеппін?
— Неменеге дейсің бе? Түк сезбегенсіп сұрайсың-ау, тіпті? Біз екеуміз Гар көпірінде айрылысқанда сен ғой маған Пьемонт пен Тосканаға кеттім дедіңіз; сөйтсе, салып отырып Парижден бір-ақ шығыпсың!
— Оның не қырсығы тиді сізге?
— Ешқандай қырсығы тиген жоқ, қайта пайдасы тие ме деген дәмем бар.
— Солай ма! — деді Андреа. — Демек, сіз, менің атымды саудаға салмақ екенсіз ғой?
— Қой, ондай ауыр сөздің қажеті не!
— Ескертіп қояйын, босқа арамтер боласыз, Кадрусс ағай!
— Жарайды, көңіліңе ауыр алма, балақай; бақытсыздық дегеннің не екенін өзің де білуге тиіссің; ал бақытсыз адам күншіл келеді; мен болсам сені Пьемонт пен Тосканада чичероне не қамбал боп соры қайнап жүр екен деймін бе; туған ұлымнан бетер аяп, арқама аяздай батқанын қайтерсің. Есіңде ме, сені ылғи ұлым деуші едім ғой.
— Жақсы, ал сосын? Сосын не?
— Әй, жаңғалақ неме! Сәл сабыр ет.
— Онсыз да сабырлымын. Болды бітіріңіз.
— Сөйтсем, жанында атқосшы бар, шыттай боп киінген, тильбюриде шәниіп отырған жерінде заставаның жанында ұшырастым емес пе. Сен, немене, алтын өзекке тап келдің бе, әлде делдалдың патентін сатып алдың ба?
— Демек күндеп отырсыз ғой?
— Жоқ, разы болдым, разы болғаным сондай, тіпті, саған құтты болсын айтқым келді; бірақ үстімдегі киімім жөнсулы болмаған соң жұрттың көзінше саған ұят келтірмеу жағын қарастырғаным ғой.
— Қатты-ақ қарастырған екенсіз! — дөді Андреа. — Атқосшының көзінше дүрсе қоя бердіңіз ғой!
— Амал қанша, балақай; ретін тауып кездесудің сәті түскен соң сөйлескенім ғой. Атың болса жүйрік, экипажың болса ұшып тұр; ал өзің болсаң жыланбалыққа ұқсап сусып ұстатпайсың: бүгін айрылып қалғанда, құдай біледі, енді қайтып сені қолға түсіре алмауым кәдік еді.
— Көріп тұр емессіз бе, жұрттан тығылып жүрген мен жоқ.
— Бағың бар ғой; сенің айтқаныңды мен де айтқым келеді-ақ; қайтейін, бірақ бой тасалап жүрмін. Әуелі, тіпті, сен танымай қоя ма деп қорқып едім; әйтеуір таныдың, — деп сабақтады сөзін Кадрусс жәдігөйси күліп, — бұл сенің жөн білгенің.
— Жақсы, жарайды, — деді Андреа, — сізге не керек еді?
— Сен маған «сіз» деп тұрсың; мұның жақсылық емес, Бенедетто, мен сенің ескі жолдасың емеспін бе; байқа, әйтпесе, мен де қырсығатын боламын.
Мына қоқан-лоқыдан Андреаның ашуы басылайын деді; мәмілеге келмесе болмайтынын сезді ол.
Атын тағы да cap желіске түсірді.
— Маған мұнша қитыққаның жарамайды, Кадрусс, — деді ол. — Ескі жолдаспыз ғой деп өзің де айттың ғой жаңа, сен марсельдік, мен...
— Кім екенімді енді білдің бе өзің?
— Жоқ, білмедім, бірақ Корсикада өскенім рас. Сен кәрісің, тікбақайсың, ал мен болсам жаспын, қарыспамын. Егер осылай бір-бірімізге қоқаңдай берсек оңбаймыз, онан да бәрін ақылдасып шешелік. Менің өмірде желім оңымнан тұрып, ал сенің жолың әлі болмай жүрсе оған қандай жазығым бар?
— Сөйтіп расымен жолың болғаны ма? Демек, әлгі атқосшы, мына тильбюри, мынау үстіңдегі киімдерің жалған емес, өзіңдікі ме шынымен? Несі бар, тіпті жақсы! — деді Кадрусс ашкөздене, алақ-жұлақ қарап.
— Менімен тілдескен екенсің, демек, өзің бәрін көріп, айны-қатесіз ұғып тұрсың ғой, — деді Андреа, бұрынғыдан бетер толқып. — Сен құсап, басыма орамал тартып, үстіме кигенім кір-кір блуза, аяғымда жыртық шәркей болса, маған көзіңнің қиығын да салмас ең.
— Көрдің бе, балақай, менен қалай жиіркеніп тұрғаныңды. Мұның әбестік! Енді сені тауып алған соң, неге маған сықиып киінбеске! Сенің мейірбан екенің маған мәлім ғой: екі костюмің болса біреуін маған берерің кәміл; сен ашыққанда өзіме тиесілі сорпам мен бұршағымды аузымнан жырып берген болатынмын.
— Ол рас, — деді Андреа.
— Тамаққа жаудай тиісетінсің! Әлі де тәбетің сондай ма?
— Әрине ғой, — деді Андреа күліп.
— Әлгі князьдің дастарқанынан біразды соққан боларсың!
— Ол князь емес, бар болғаны граф қана.
— Граф дейсің бе? Бай шығар?
— Байы бай, бірақ оған тісің қышымасын; ондай мырзаның шеніне жуып бару қиын.
— Жә, оған бола шаршамай-ақ қой! Графыңыз өзіңе, оған зәру болып жатқан ешкім жоқ. Бірақ әрине, — деп үстегенде Кадрусстың миығында жаңағы жымысқы күлкі тағы жылт етті, — ол үшін саған ептеп шығындануға тура келер.
— Мақұл, қанша керек сонда?
— Айына жүз франк болса...
— Иә?
— Күнелтетін шығармын...
— Жүз франкқа ма?
— Қайбір күнкөріс дейсің, оны өзің де білесің, бірақ..
— Бірақ?
— Жүз елу франк болса қатып кетер еді.
— Miнe, саған екі жүз, — деді Андреа.
Соны айтып, ол Кадрусстың алақанына он луидор салды.
— Жақсы, — деді Кадрусс.
— Әр айдың бірінде швейцарға келіп, осы ақшаңды алып тұратын боласың.
— Міне, көрдің бе, сен мені тағы қорлап тұрсың.
— Қалайша?
— Құл-құтанның қолына қаратып қоймақсың мені. Оның болмайды. Біле-білсең, мен тек өзіңмен ғана істес болсам деймін.
— Жарайды, маған келіп тұр, әйтеуір, менің түсімімді төлесе, әр айдың бірі күні сен де өзіңе тиесілі ақшаңды алып тұратын боласың.
— Әп-бәрекелде, қателеспеппін, кісі таниды екем. Өзің бір өркенің өскір жігіт екенсің, осындай адамдардың өмірде жолы болғаны қандай ғанибет. Ал енді, әңгімеңді айтшы, қалай желің оңыңнан тұрып жүр?
— Оның саған не қажеті бар? — деді Кавальканти.
— Тағы да сенбей қалдың-ау!
— Сенбей қайтейін. Туған әкемді іздеп тауып алдым.
— Шын әкеңді ме?
— Енді... маған ақша беріп тұрған соң...
— Сол себепті сенемін де сыйлаймын дейсің ғой, жөн, жөн. Ал әкеңнің аты-жөні кім?
— Майор Кавальканти.
— Өзі саған разы ма әйтеуір?
— Әзірше разы сияқты.
— Кім оны табуға қол ұшын берген?
— Граф Монте-Кристо.
— Әлгінде қонақта болған кісің бе?
— Иә.
— Сен онан да мені соған ата қылып орналастыршы, бәрібір өзі осындаймен айналысады екен.
— Шынында да, сен туралы ақылдасып көрсем көрейін онымен; ал оған пайдалы не істемекшісің?
— Мен бе?
— Иә, сен.
— Менің қамымды ойлағаныңа сондай ризамын, — деді Кадрусс.
— Шамалауымша, — деп қарсы болды Андреа, — сен менің хал-ахуалымды сұраған екенсің, мен де сенің жай-жапсарыңды білуге құқым бар шығар.
— Сенікі жөн... Өз басым, тәуір деген үйдің бір бөлмесін жалға алып, шыттай киініп, мұнтаздай ғып сақал-мұртымды басып, сосын күн сайын кафеге барып газет оқысам деймін. Кешкісін қандай да болмасын бір клакерлердің компаниясымен театрға барып жүремін. Жалпы, демалысқа шыққан наубайшының түріне енбек ойым бар; қашаннан бергі арманым бұл.
— Несі бар, осының дұрыс. Егер осы ойлағаныңды жүзеге асырып, ақылмен іс қылсаң, бәрі де тамаша болары сөзсіз.
— Боссюз мұннан шықты ғой. Ал енді өзің кім болмақсың? Әлде Францияның пэрі боласың ба?
— Бәрі де мүмкін! — деді Андреа.
— Майор Кавальканти пэр болуы да ықтимал... бірақ әттең, бұл мәселеде мұрагерлік күшін жойды ғой...
— Саясатты қайтесің, Кадрусс! Жарайды, аларыңды алдың ғой, міне, кеп қалдық, түс те табаныңды жалтырат!
— О не дегенің, жан достым!
— Сонда қалай?
— Өзің ақылға салып көр, балақай; басымда қызыл орамал, аяғымда жыртық шәркей, документ дегенің атымен жоқ, — бұрынғы барды есептемегенде қалтамда он луидор бар; қысқасы, тұпа-тура екі жүз франк. Ойбай-ау, мені заставаның жанында дереу тұтқынға алады ғой! Амалсыздан, ақталу үшін, бұл он луидорды берген сен деп көрсетуге мәжбүр боламын; жауап алу, тергеу басталады сосын; ешқандай сұрау-сауалсыз Тулоннан тайып кеткенім анықталмақ; сонсоң мені этаппен сонау Жерорта теңізіне дейін айдамай ма. Сөйтіп, мен жазған қайтадан жүз алтыншы нөмір боп қайқайып шыға келмеймін бе, онда қош-есен бол, демалысқа шыққан наубайшы болсам деген асыл арман! Атай көрме, ұлым, онан да астанада алшаңдап жүргенім артық.
Андреаның қабағы қарс жабылды; майор Кавалькантидың жалған ұлы, өзі айтса айтқандай, нойыс адам болатын. Ол атын тоқтатты да, айналаға дереу көз жүгіртті, төңіректі жіті шолып тұрғанда қолы лып етіп өзінен-өзі қалтада жатқан пистолеттің шүріппесінің үстінен дөп түскені.
Бұл кезде серігінен бір сәт көзін айырмай, қапысыз бағып тұрған Кадрусс та екі қолын артына ұстап, бір қажетке жарап қала ма деп дәйімі жанынан тастамайтын испанның селебе пышағын білдірмей ғана лезде аша қойғаны.
Екі дос та бір-біріне есесін жібере қоймайтын парапар жандар екенін үнсіз ұғысты; Андреа қалтасынан қолын жайлап алып, өзінің жирен мұртын сипалауға көшті.
— Әйтеуір, енді бақытты тұрмыс құратын болдың, достым Кадрусс, — деді ол.
— Ол үшін шамам келгенінше аянып қалмаспын, — деп тіл қатты Гар көпірінің трактиршісі, пышағын қайта жауып жатып.
— Жарайды, кеттік Парижге. Бірақ сезік туғызбай заставадан қалай өте алар екенсің? Үстіңдегі мына киіміңмен күйменің ішінде отыру, жаяу жүргеннен қауіптірек сен үшін.
— Тұра-тұр, — деді Кадрусс, — қазір көре қал.
Ол Андреаның қалпағын алып басына киіп, атқосшының күймеде қалдырып кеткен жалпақ жағалы сулығын үстіне жамылды да қожайыны делбені өз қолына алғанда, мырсындай болып отыратын, дәулетті шаңырақтың мақұл малайындай тымпия қалды.
— Мен немене сонда, осылай жалаңбас отырмақпын ба? — деді Андреа.
— Сол да сөз боп па! — деп пысқырынды Кадрусс. — Бүгін күн желкем, қалпағыңның басыңнан ұшып кетуі де мүмкін ғой.
— Жарайды, — деді Андреа, — осымен доғарайық.
— Кім бөгет бопты саған? — деді Кадрусс. — Дәу де болса, мен емес шығармын.
— Ш-Ш... — деп сыбыр ете қалды Кавальканти.
Бұл заставадан есен-сау өтті.
Алдарынан бірінші кезіккен көлденең кешеге жеткенде, Андреа ат басын ірікті де, Кадрусс жерге секіріп түсті.
— Ау, сулық ше, — деді Андреа, — менің қалпағым ше?
— Маған суық тисін демейтін боларсың, — деп жауап қайырды Кадрусс.
— Ал мен ше?
— Сен жассың ғой, мен болсам қартайып келемін; қош бол, Бенедетто!
Соны айтты да көшені айналып жоқ болды.
— Япыр-ай, — деді Андреа күрсініп, — бұл дүниеде адам толық бақытты бола алмай ма екен?
VIII ОТБАСЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
XV Людовик алаңына жеткен соң жігіттер қош айтысты: Моррель бульвар жаққа беттеді. Шато-Рено Революция көпіріне бағыт алды, ал Дебрэ болса жағалауды бойлап кетті. Әлгі күнге дейін Палата трибунасынан сұлу сөйлеген сөздерде айтылатындай, сондай-ақ, әдемі жазылған пьесаларды қоятын Ришелье көшесіндегі театр сахнасынан еститініміздей, тегінде, Моррель мен Шато-Рено өздерінің отбасына оралса керек, бірақ Дебрэ өйтпеді. Ол Лувр қақпасына жете беріп, солға бұрылды да, желе жортып Әткеншек алаңын кесіп өтіп, Сен-Рок көшесін бойлай жүрді, сонсоң Мишодьер көшесін айналып, Сент-Оноре түбіндегі үйлеріне жетіп түсіп қалған Вильфорлардың ландосымен келген баронесса енді ғана отбасына тіреген минутта Данглар үйінің тұсынан бір-ақ шықты.
Осы үйдің өз адамындай, Дебрэ аулаға бірінші боп енді, тізгінді малайға лақтырып тастап, күймеге қайта оралып, Данглар ханымның түсуіне жәрдемдесті де, бөлмесіне жеткізіп салмақ болып қолтығынан алды.
Қақпа жабылып, баронесса екеуінің аула ішінде оңаша қалуы-ақ мұң екен. Дебрэ бірден:
— Сізге не болды, Эрмина? — деді. — Граф сол хикаяны, анығырақ айтсақ, ертегіні айтқанда, неғып талып қалдыңыз?
— Өйткені, бүгін өзімді өте-мөте жайсыз сезінгенім, достым, — деп жауап қатты баронесса.
— Қойыңызшы, Эрмина, — деп көнер болмады Дебрэ, — бұған ғұмыры сенбен. Қайта, графтың үйіне келгенде көңіліңіз шат болатын. Рас, Данглар мырза ептеп көңілсіздеу-тұғын; әйтсе де, оның көңіл қошы болмады екен деп пәлендей назар аудара қоймайтыныңызды мен білем ғой енді. Көңіліңізді жабырқатқан біреу болды. Не боп қалғанын айтыңыз, сізді баз біреудің ренжіткенін көтере алмайтыным өзіңізге де аян.
— Шын айтам, Люсьен, сіз жаңылысып отырсыз, — деді Данглар ханым, — әлгінде айттым ғой, бәрі де көңіл хошымның болмағанынан; өзіңіз де байқаған екенсіз, оның үстіне жайсыз сезініп, мазам кеткені, ал мұны сізге айтып жатуды мақұл көрмеп едім.
Айдан анық, Данглар ханым не әйел заты өзін-өзі ұстай алмай қалатын ақкөз ашудың уысынан шыға алмай отыр да, не болмаса, Дебрэнің шамалауынша, іштей әлденеден қатты түршіккен жайы бар және оны ешкімге өлсе мойындар түрі жоқ. Жоқтан өзгеге күйіп-пісу әйел затына тән қасиет деп санайтын Дебрэ енді қолқалай бергенді қол көрмеді де, бұл сауалымды кейін бір көңілі жайланғанда қайтадан қоярмын немесе, өзі-ақ ағынан ақтарылар деп түйді іштей.
Өзінің ұйқыжайына жете бергенде баронесса сыралғы камеристкасы мадемуазель Корнелиге ұшырасты.
— Қызым неғып жатыр? — деп сұрады одан Данглар ханым.
— Кеш бойына музыкамен айналысқан, сонсоң жатып қалды, — деді мадемуазель Корнели.
— Байқауымша, біреу рояльды ойнап жатқан сияқты ғой?
— Ойнап жатқан мадемуазель д'Армильи, ал мадемуазель Эжени төсегінде жатыр.
— Жарайды, — деді Данглар ханым, — енді мені шешіндіріп жіберіңіз.
Олар ұйқыжайға еніп кетті. Дебрэ жалпақ дпванға кеп аяғын созып жата қалды, ал Данглар ханым мадемуазель Корнелиді ертіп өзінің бөлмесіне өтті.
— Тыңдаңызшы, Люсьен, — деді Данглар ханым есіктің ар жағынан дауыстап. — Эжени сөйлеспей қойды деп әлі өкпелеп жүрсіз бе осы?
— Және өкпелеп жүрген жалғыз мен емес, сударыня, — деп тіл қатты. Люсьен, баронессаның қанденімен ойнап жатқан күйі; осы үйдің жанашыр жақыны көріп ит те оған еркелейтін. — Қалыңдығыммен бір ауыз тілге келе алмадым деп Морсер де сізге қынжылып наз айтты дегенді жуырда құлағым шалып қалғаны бар.
— Ол рас, — деді Данглар ханым, — бірақ менің ойымша, жақында мұның бәрі қаз-қалпына келіп, сіздің кабинетіңізге Эженидің өзі іздеп баратын шығар.
— Менің кабинетіме дейсіз бе?
— Министрдің кабинетіне дегенім ғой.
— Heгe?
— Операға ангажамент ұйымдастырып беруді өтінбекші сізден. Алда-жалда, музыкаға мұншалық құштар адамды көрген емен. Жоғары қауымнан шыққан бойжеткен үшін адам күлерлік-ақ!
Дебрэ жымиды.
— Несі бар, келсін, — деді ол, — тек сіз бен барон қарсы болмасаңыздар болғаны. Әлгі ангажаментін өзіне лайықты дәрежеде ұйымдастырып беруге тырысып көрелік; рас, оның талантына татитындай ақы төлеуге біз тым кедей-ақпыз енді.
— Бара беріңіз, Корнели, — деді Данглар ханым, — енді маған қажетіңіз жоқ.
Корнели кеткен соң, арада бір минут өткенде үстіндегі желеңі өзіне құп жарасып Данглар ханым шыға келді. Келіп Люсьеннің қасына жайғасты да, ойлы қалпы болонканы сипай бастады.
Люсьен оған үнсіз қарап қойды.
— Тыңдаңызшы, Эрмина, — деді ол әлден уақыттан соң, — адалын айтыңызшы: бүгін бірдеңеге қапа болғаныңыз рас қой?
— Жоға, — деп баронесса бет бақтырмады.
Сөйтсе де, тынысы тарылып кеткен соң еркін бір демалмақшы болып орнынан тұрды, сонсоң айнаның алдына келді.
— Бүгінгі түрім құбыжықтан аумайды, — деді ол.
Дебрэ күлімсірей қарап, баронессаның қасына барып көңілін аулайын деген оймен отырған орнынан енді көтеріліп еді, дәп осы сәтте кенет есік ашылғаны.
Данглар енді; Дебрэ диванға қайта жайғасты.
Ашылған есік тықырын естіп, артқа бұрылған Данглар ханым еріне таңырқай қарады, керек десе, таңырқағанын жасырған да жоқ.
— Қайырлы кеш, сударыня, — деді банкир. — қайырлы кеш, Дебрэ мырза.
Баронесса күйеуінің бұл оқыс келісін күндіз қонақта отырғанда бірер мәрте аңдаусыз шағып алғанын жуып-шаймақ шығар дегенге сайды ішінен.
Тәкаппарси қалған баронесса күйеуіне жауап та қайырмастан Люсьенге қарап:
— Маған бірдеңе оқып беріңізші, Дебрэ мырза, — деді.
Әуелгі Данглардың оқыс келгенінен әжептәуір секем алып қалған Дебрэ баронессаның бейжай қалпын көрген соң, көңілі орнына түсті де, арасына алтынмен нақысталған перламутр сапты пышақ салынған кітапқа қол созды.
— Айыпқа бұйырмаңыз, — деді банкир, — бірақ сіз шаршап отырсыз ғой, баронесса, демалсаңыз етті; сағат он бір болып қалды. Дебрэ мырзаның да үйі тым шалғайда.
Дебрэ сілейіп отырып қалды; оған себепші болған нәрсе Данглардың дөрекілік көрсетіп немесе дауыс көтергендігі емес, қайта сол сыпайы да сабырлы сөйлеген банкирдің өзгеше мінез танытып, бұл жолы жұбайының дегенімен санаспауға әзір екендігін сезе қойғаны болды.
Баронесса да бұған қайран қалды, егер газетке үңіліп биржа бюллетенін іздемей, зайыбының өзіне қандай көзбен қарағанын байқаса, Данглар да ойлануы мүмкін еді.
Сөйтіп баронессаның оны оқты көзімен өңменінен ата қарағаны зая кетті.
— Дебрэ мырза, — деді баронесса, — қаперіңізде болсын, менің тіпті де ұйқым келіп тұрған жоқ және сізге айтатын қыруар әңгімем бар, сондықтан да, көзіңізге қаншама ұйқы тығылғанмен де түн ұзағына менің әңгімемді тыңдауға мәжбүр боласыз.
— Қызметіңізге әзірмін, сударыня, — деді Люсьен енжар ғана.
— Қымбатты Дебрэ мырза, — деп киіп кетті банкир, — сізден өтінерім, бүгінше Данглар ханымның мылжыңынан бойыңызды аулақ салсаңыз; оны тыңдауыңызға ертең де уақыт бар. Ал бүгінгі кеш менің еркімде болмақ, сіздің кеңшілігіңіздің арқасында, бүгінгі кешті өз әйеліммен байыпты бір сөйлесуге арнамақшымын.
Бұл жолғы соққының нысанаға дөп тигені соншалық, Люсьен де, баронесса да абыржып қалды; мынадай шабуылдан бас сауғалар таяныш іздегендей екеуі бір-біріне жаутаңдай қарасты, бірақ үй қожайынының билігі өктем келіп, ешқайсысын да бұра тартып, бұлтартқан жоқ.
— Сізді үйден қуып отыр екен деп ойлап қалмаңыз, қымбатты Дебрэ, — деп қосты Данглар, — жо-жоқ, айта көрмеңіз! Тек, күтпеген жағдайға душар болғандықтан, бүгіннен кешеуілдетпей баронессамен сөйлесуім қажеті; көңіліңізге ауыр алатын ретіңіз жоқ, ілу де шалу кездесетін нәрсе ғой.
Дебрэ әлдене деп күбірледі де тағзым етіп, «Аталиядағы» Натан тәрізді мебельге сүріне-қабына үйден шығып кетті.
— Міне, ғажап, — деді ол өзіне-өзі, есікті жауып тұрып, — өзіміз ылғи мазақ қылып жүретін осынау байсымақтарың бізді оп-оңай ұтып кететіндері қызық!
Люсьен кетісімен, Данглар оның орнына, диванға кеп жайғасты да, кітапты сарт дегізіп жауып, томырайған тоңторыс қалыпқа түсіп, бұл да итті сипалай бастады. Бірақ Дебрэге еркелеген ит жақтырмай өзін қауып ала жаздаған соң, Данглар оны шоқтығынан алды да бөлменің қарсы бетіндегі кушеткаға атып жіберді.
Қыңсылаған күйі кушеткаға барып топ ете қалған ит жастықтың артына барып тығыла қойды да, мұндай сойқанды көрмеген байғұс үн-түнсіз бұйыға бүк түсіп жата қалды.
— Мұның үлкен жетістік, сударь, — деді баронесса міз бақпай, — бұрын жай ғана дөрекі едіңіз, ал бүгін кәдімгі хайуанның өзі болдыңыз да қойдыңыз.
— Өйткені, бұрынғыдай емес, бүгін сіркем су көтермей отыр, — деп жауап берді Данглар.
Эрмина банкирге иттің етінен жек көре қарады. Әйелінің бұлай қарағанына шыдамай, мұндайда шадыр мінез Данглар шарт кететін: бірақ бүгін, тәрізі, былқ ететін сыңайы байқалмады.
— Сіркеңіз су көтермегенінде менің шаруам қанша? — деп шап ете қалды, — күйеуінің сабырлы қалпы шамына тиген баронесса. — Онда шаруам жоқ менің. Көңіліңіздің хошы болмаса, өз бөлмеңізде отырыңыз; болмаса кеңсеңізге барып көрсетіңіз ол өнеріңізді; сізден жалақы алып, жұмыс істеп отырған қызметкерлеріңіз бар емес пе, әне, солардан алыңыз ашуыңызды!
— Болмайды, сударыня, — деп көнбеді Данглар, — бұл ақылыңыз орынсыз, ондай кеңесті тыңдағалы келген жоқпын мен. Ұмытпасам, Демутье мырза айтқандай, менің кеңесім — алтын аққан бұлақ, ал оның ағысына бөгет жасайын немесе кәусарын лайлайын деген ой жоқ менде. Менің қызметкерлерім — маған дәулет құруға қолғабыс етіп отырған адамдар, егерде, олардың істеген ісінің нәтижесіне қарап бағалар болсақ, сіңірген еңбегіне мен әлдеқайда төмен ақы төлеумен келемін. Ешқандай да оларға ренжитін жөнім жоқ, қайта менің ашуыма тиетіндер — менің дастарқанымнан дәмді татып, аттарымды зорықтырып, ол аз дегендей кассамды тақырлап кететіндер.
— Сіздің кассаңызды тақырлап кетіп жүретін қандай адамдар болды екен? Анығырақ айтыңызшы, өтінемін сізден.
— Саспай-ақ қойыңыз, егерде тұспалмен сөйлесем, оның жұмбағын шеше алмай әуреге түседі екенмін деп қалмаңыз, — деп берісер болмады Данглар. — Менің кассамды тақырлайтындар бір сағатта бес жүз мың франк алатындар.
— Түк ұқсам бұйырмасын, — деді баронесса, даусындағы дірілді байқатпауға, жүзінің қызарғанын сездірмеуге тырысып.
— Неге, түсінгенде де бек жақсы түсінесіз, — деді Данглар, — жарайды, болмадыңыз ғой, өзім айтайын ендеше, мен испан займынан жеті жүз мың франктан қағылдым.
— Ал керек болса! — деп мұқата сөйледі баронесса. — Сонда бұған мені кінәлі демексіз бе?
— Неге кінәламасқа.
— Жеті жүз мың франктан айрылғаныңызға мен кінәлі екенмін ғой, ә?
— Әйтеуір мен емес.
— Сударь, — деп төтесінен кетті баронесса, — менімен ақша жайында сөйлесуге біржола тыйым салған болатынмын сізге; әке-шешемнің үйінде де, бірінші күйеуімнің үйінде де ақшаның тілін түсініп білген адам емеспін мен.
— Оныңыз ақиқат, — деді Данглар, — өйткені, олардың қалталарында көк тиын болып көрген жоқ.
— Және де осында ертеден қара кешке дейін құлағыма түрпідей тиетін сіздің банкіге байланысты жаргоныңызбен таныс болып көрмеген адаммын мен. Бір санағанда мың санайтын тиын сылдырын суқаным сүймейді. Ал одан да сорақы жексұрын нәрсе — тек сіздің ғана даусыңыз болуы мүмкін!
— Міне, қызық, — деді Данглар. — Ендеше менің ақшаға байланысты операцияларыма сізді өте-мөте ден қойып жүр ғой деп ойлап келдім емес пе.
— Мен бе? Неткен жосықсыздық! Оны сізге кім айтып жүрген?
— Өзіңіз.
— Қойсаңызшы!
— Қоятыны жоқ.
— Қашан айтқанымды білуге болар ма екен?
— Қазір айтайын. Февральда маған гаити займы жайлы бірінші сөз қозғаған өзіңіз болатынсыз. Түс көрдім дедіңіз, сол түсіңізде — екінші қайтып соққанша кейінге қалдырылды деп есептелген борыштардың өтелгені жайлы хабарды Гавр портына тоқтаған кеме алып келген екен дедіңіз. Сіздің ептеп сәуегейлігіңіз бар екені маған мәлім ғой; сосын мен әйтеуір табылса болды тек қалайда гаити займының облигацияларының бәрін ақырындап сатып алып жинай беруге әмір еттім; сөйтіп, одан төрт жүз мың франк пайда таптым; оның тұп-тура жүз мыңы өзіңізге табыс етілді. Оны қалай шаштыңыз, қайда шаштыңыз, онда менің шаруам болған жоқ.
Март айында теміржол концепсиясы жайлы әңгіме жүрді. Бәсекелес үш компанияның да берген кепілдігі бірдей болатұғын. Олардың ішіндегі Оңтүстік деп аталатын компанияны жоғары бағалау керек екенін ішім сезіп тұр дедіңіз маған.
Мейлі ғой, жалпы шаруаға араласқан емеспін деп ат-тоныңызды ала қашқаныңызбен, бәрібір сіздің ішкі түсінігіңіз кейбір мәселелерге келгенде өте-мөте жетік те алғыр сияқты көрінеді маған.
Сонымен, дереу Оңтүстік компанияның акциясының үштен екісін қамтып қалайын. Сейтсем, шынында да сол компанияның жолы болды; айтқаныңыз айдай келді де акция үш есе көтеріліп, мен тура бір миллион пайда түсірдім, оның екі жүз елу мың франкын өзіңізге бердім, сөйтіп ол сіздің ұсақ-түйек шығыныңызға жұмсалды. Ал сол екі жүз елу мың франкты неменеге шығарып едіңіз осы?
— Мұның бәрін неменеге айтып отырсыз? — деп ашудан долдана қалш-қалш еткен баронесса шақ ете қалды.
— Сабыр етіңіз, сударыня, қазір бітіремін.
— Оған да шүкіршілік!
— Апрельде сіз министрде түстікте болдыңыз; онда Испания туралы сөз болса керек, ойда жоқта құпия әңгімені құлағыңыз шалып қалады. Дастарқан басында Дон Карлостың қуғындалуы жайлы сөз қозғалды. Дереу Испан займын сатып алайын. Шынында да ол қуғынға ұшырады да, дәп Карл Бесінші Бидассоудан өткен күні алты жүз мың франк пайда түсірейін. Бұл алты жүз мың франктың елу мың экюін сіз алдыңыз: ол өзіңізге тиесілі нәрсе болғандықтан неменеге жұмсадыңыз деп тексеріп жатқан мен жоқ. Сонымен, қалай десе де, сіз биыл бес жүз мың лир алдыңыз ғой.
— Ал, сонымен?
— Сонымен бе? Бәленің бәрі, содан кейін шаруаңыздың оңға баспағанында болып тұр ғой.
— Сөз саптасыңыз бір түрлі екен...
— Қалай десеңіз де ойымды дәл жеткізіп тұр — маған да керегі сол-ақ... Сонан кейінгісі — осыдан үш күн бұрын болған оқиға. Үш күн бұрын сіз Дебрэмен саясат жайлы сұқбат құрдыңыз, оның сөзінен сізге Дон Карлос Испанияға қайтып оралған сияқты боп көрінеді; енді мен заемды сатуға бел байладым; бұл жаңалықты естімеген жан қалмады, жұрттың бәрінде ес жоқ, мен, тіпті, сатуды қойып, тегін үлестірдім; ертесінде бұл хабардың жалған екені анықталды, міне, осы жалған хабардың қырсығынан мен жеті жүз мың франк жоғалттым.
— Онда не тұр?
— Тұрғаны сол — мен ылғи ұтыстың ширек бөлігін сізге беріп келген болсам, енді ұтылыстың төрттен бір шығынын сіз көтеруге тиіссіз; жеті жүз мың франктың төрттен бір бөлігі — жүз жетпіс бес мың франк болмақ.
— Бәрібір, айтып отырғаныңыз бастан-аяқ сандырақ, сөйтсе де, осы әңгімеге Дебрэнің атын неге қыстырғаныңызды, рас, ұқпадым.
— Қыстырған себебім, әлгі маған қажет жүз жетпіс бес мың франк жазатайым сізде болмай шықса, достарыңыздан қарызға алуға тура келер, ал Дебрэ болса — сіздің досыңыз ғой.
— Неткен сұмпайылық! — деп дауыстап жіберді баронесса.
— Сударыня, тым қатты кетпеңіз, артық-ауыс сөзді қайтесіз, драманың да қажеті жоқ. Әйтпесе, сізден биылғы алған бес жүз мың ливрын шытырлата санап отырып, небір елден асқан құмарпаздардың өзін отырғызып кеттім, өйткені соқыр тиын салмайтын, ешқашан ұтылмайтын, тек қана ұтатын рулетканы түптің түбінде мен ғана таптым деп Дебрэнің насаттанып отырғанын сіздің осы сөзіңізден-ақ байқап қалдым деп мойындауға мәжбүрмін.
Баронесса тас-талқан болды.
— Сұмырай, — деп дүрсе қоя берді Данглар ханым, — маған кінәрат қып тығып отырған осы әңгіменің бәрін де сезіп-білмедім деуге қалай ғана аузың барады!
— Мен мұны білдім деп те айтпаймын, білмедім деп те айтпаймын. Бар айтарым мынау: осы өткен төрт жыл ішінде сіз өзіңізді маған әйел емеспін деп, мені еріңіз емес деп ойлап, менің бар мінез-құлқымды есіңізге түсіріп көріңізші, сонда осы әңгіменің соншалық қисынды екенін ұғып білесіз. Біз екеуміз ат құйрығын кесісер алдында сіз, Итальян театрында дебюті өте-мөте табысты өткен анау атақты баритоннан музыкадан дәріс алмақ болдыңыз да, мен болсам Лондонға даңқы жайылған биші әйелден би үйренуге бел будым, Сіз үшін, өзім үшін бұған шамамен жүз мың франктен шығындануыма тура келді. Бұған ләм-мим деген жоқпын, себебі семья болған соң үйлесім болуы шарт. Ері мен әйелі музыка мен биге түбегейлі үйреніп шығар болса, жүз мың франк шығынды пәлендей қымбат деудің де реті келмес. Көп ұзамай бұдан зерігіп кеттіңіз де, енді министрдің секретарынан дипломатиялық өнерге жетілмекке құмарттыңыз; мен оған да кеңшілік еттім. Біліп отырсыз, оқудың шығынын өзіңіз көтеретін болған соң, менің шаруам қанша. Байқап отырсам, енді сіз менің кассама қол салуға айналдыңыз және сіздің білім алуыңыз сайын менің жеті жүз мың франкымнан қағатын сыңайы бар екен. Таматли-тамам, сударыня, осы да жетер. Не дипломат сізге тегін дәріс беретін болады, жарайды оған да көнейін, не болмаса, енді қайтып табалдырығымнан аттап баспауға тиіс. Түсіндіңіз бе, сударыня?
— Мұныңыз азғындық, сударь! — деп байбалам салды Эрмина, екі иінінен дем алып. — Мұныңыз пасықтық! Сіз тым шектен шығып кеттіңіз!
— Әйтсе де, бір куанып отырғаным, — деді Данглар, — байқаймын, менен жата-жабысып айырылар түріңіз жоқ, «байынан безіп қатын қайда кетуші еді» дегеннің керін келтіріп отырсыз!
— Сіз мені қорлап отырсыз!
— Дұрыс айтасыз. Мұны осымен доғарып, енді байыпты әңгімеге көшейік. Тек сіздің қамыңыз үшін болмаса, өз басым ешқашанда сіздің ісіңізге қол сұққан емеспін; бұл жөнінде менен үлгі алсаңыз етті. Менің қаражатымда шаруаң жоқ дедіңіз ғой әлгінде? Әп-бәрекелде; өз қаражатыңызды өзіңіз жаратыңыз, ал менікін көбейтпей-ақ та қойыңыз, азайтпай-ақ та қойыңыз. Әлде, осының бәрі маған қастандықпен істелген трюк пе екен? Оппозициядасың деп көре алмайды мені — мүмкін, Дебрэмен екеуі келісіп, мені жұтатпақ шығар?
— ІІІындыққа келіп-ақ тұр!
— Келгенде қандай! Мұндайды кім көрген... телеграфтың жалған хабар беруі дегеніңіз мүлде мүмкін емес нәрсе немесе мүмкін емес десе де болғандай. Соңғы екі телеграф басқаларына атымен ұқсамайтын өзгеше сигнал берген... Тура маған жаулық істеу үшін әрекет жасаған тәрізді.
— Өзіңіз де білетін сияқты едіңіз ғой, — деді әжептәуір жуасып қалған баронесса, — ол шенеунікті дереу аластатқан, ол ол ма, тіпті, соттамақ болып, ұстауға жарлық берген кезде ұшты-күйлі жоғалды емес пе. Қашып кетуінің өзі оның не есуас, не қылмыскер екенін дәлелдейді... Жоқ, бұл жаңсақтық.
— Иә, бұған да күлетін жарыместер толып жатыр, соның кесірінен министр түн ұйқысын төрт бөледі, соған бола мемлекеттік секретарь мырзалар қанша қағаз шимайлайды, ал маған бұл сегіз жүз мың франкқа түсті.
— Сөйткенмен де, тыңдаңызшы мені, — деді кенет Эрмина, — жарайды, сіздіңше осының бәрі Дебрэнің-ақ қырсығы дейік, ендеше мұны сол Дебрэнің өзіне айтпай, маған айтқаныңызға жол болсын? Неліктен ер адамды жазғырып, жауапты әйел адамнан күтесіз?
— Дебрэні мен біліппін бе? — деді Данглар. — Тіпті, оны қашан білгім келіп еді? Әлгі ақыл-кеңестің бәрін сол беріп жүргенін менің білуім шарт па екен? Әлде соның ақылын керек қылыппын ба? Немене мен биржада ойнап көріппін бе? Жоқ, мұның бәрінің де маған емес, тек сізге қатысы бар.
— Әлбетте, өзіңізге пайдалы болған соң...
Данглар иығын қиқаң еткізе салды.
— Әйел заты не деген топас! Бір мәрте, әрі кетсе он мәрте ебін тауып күйеуінің көзіне шөп салып, күллі Парижге жария болмай қалса болғаны, өздерін-өздері данышпан көреді. Бірақ мынаны жадыңызға тұтыңыз, тіпті, ашынаңызды еріңізден сәтімен жасыра алғаныңыздың өзінде де, — ал бұл анау айтқандай қиын да емес шығар, өйткені, ондай әйелдердің күйеулері көбіне-көп көрмеген-сезбеген сыңай танытатыны рас, — тіпті, солай болған күнде де, сіз зиялы қауымдағы сырлас достарыңыздың тең жарымының құр әшейін көлеңкесі ғана ретінде қалар едіңіз. Тіпті, ол да қолыңыздан келмеді: мен бүге-шігесіне дейін бәрін біліп жүрдім; біз отасқалы осы он алты жыл ішінде сіз, мүмкін, кейбір іш пікіріңізді бүгіп қалуыңыз, бірақ әрбір басқан қадамыңыз, жасаған әрбір күнәңіз менің көзімнен таса болған емес. Сіз өз пысықтығыңызға өзіңіз сүйсініп жүрдіңіз, мені алдап соқтым деген кәміл сенімде жүрдіңіз — одан ақыры не шықты? Өп-өтірік иіс алмас боп жүргенімнің арқасында, де Вильфордан бастап Дебрэге дейін, сіздің достарыңыздың бәрі шетінен қорқады менен. Осы шаңырақтың иесі ретінде санаспай қалған бір адам болған жоқ — сіздерге қойған талабым да сол-ақ тұғын; қысқасы, олардың ешқайсысы да мен туралы қазір өзім айтқандай сөйлесе алмас еді сізбен. Жексұрын десеңіз дей беріңіз, Бірақ өзімді жұртқа мазақ қыла алмаймын, ал ең бастысы — дәулетімді шашуға бұдан былай қарай сізге біржола тыйым салмақпын.
Вильфордың есімі аталғанша баронесса қайтсе де сабыр сақтап отырған болатын; бірақ оның аты аталуы мұң екен, өңі сұрланып сала берді, сонсоң әлдеқандай серіппенің күшімен қимылға келгендей орнынан көтеріліп, әлдеқандай бір елесті арбағандай, қолын ілгері созған қалпы, күйеуіне қарай қадам басты; не Данглар өзі де білмейтін, ал білсе қашанғы әдетіне басып, пысықтық жасап, түгел айтпай бақай есеппен бүгіп қалған соңғы сырды суырып алғысы келгендей еді түрі.
— Вильфор? О не деген сөз? Онымен не айтпақ едіңіз?
— Айтайын дегенім, сударыня, сіздің бірінші күйеуіңіз де Наргон мырзаның не философ, не банкир бола алмастан — бірақ кім білген, бәлки, соның екеуіне де қабілетті адам шығар, — король прокурорынан ешқандай пайда түсіре алмайтынына көзі жеткен соң және тоғыз айдан кейін ұшырасқанда сіздің алты айлық балаға жүкті екеніңізді көріп қалып, яки күйіктен, яки ашудан өліп кеткен еді. Рас, дөрекі шығармын, бірақ мұны білгенімді мақтан тұтамын; сауда-саттық операцияларында жеңіп шығатын айла-амалымның бірі осы. Өзі біреуді өлтірудің орнына, өзін біреулердің өлтіруіне ол неге жол берді дейсіз ғой? Өйткені, қорғап-қорғаштауды талап ететін капиталы болмады оның. Ал мен болсам өзімнің капиталыма бағыныштымын. Дебрэ компаньонымның қырсығынан мен жеті жүз мың франкымнан айырылып қалдым. Ол әуелі осы шығынның өзіне тиесілі бөлігін қайтарсын, сонда біз бұл ісімізді одан әрі жалғастырамыз, ал олай болмаған күнде, жаңағы жүз жетпіс бес мың франкты қайтара алмайтын борышкер екенін әйгілеп, мұндайда банкротқа ұшырағандардың қарекетін қылсын: ғайып боп кетсін. Сөз бар ма, берген мәліметі тура шығып тұрса жайсаң-ақ жігіт ол; ал тура шықпаса, қауымнан одан да басқа бағалырақ бір емес, елуін тауып алуға болады.
Данглар ханым мыштай болды; сонда да мына соққыға жауап беру үшін соңғы амалын қолданбаққа жанталасты. Вильфор туралы ойлап, түстікте не боп, не қойғанын, сүттей ұйып отырған отбасының ту-талақайын шығарып, ырың-жырың қылып, соңғы кезде өз шаңырағын торлаған адам ұғып болмас бақытсыздық көз ашырмай есеңгіретіп тастағанын ойлап, қабырғасы қайыса тұрып, креслоға сылқ етіп құлап түсті ол.
Есінен танбақ боп аласұрып жатқан зайыбына Данглар, тіпті, қараған да жоқ. Содан қайтып тіл қатпаған қалпы ұйқыжайдың есігін жауып, өз бөлмесіне кетті; сол себепті де талықсып барып есі кірген Данглар ханым бір жаман түс көрген екенмін деп ойлап қалғандай да еді.
IX ҮЙЛЕНДІРУ ЖОСПАРЫ
Осы әңгімеден кейін, ертесіне, күнделікті әдеті бойынша, минстрлікке бара жатып Данглар ханымға жолшыбай соға кететін мезгілінде Дебрэнің күймесі аулаға кеп енген жоқ.
Дәп сол кезде, нақтырақ айтсақ, он екі жарымда, Данглар ханым күйме келтіртті де жүріп кетті.
Данглардың да күткені осы еді, терезе пердесінің тасасына тығылып, сырттай бақылады да отырды. Данглар ханым келісімен дереу маған хабар беріңдер деп әмір етіп еді, бірақ зайыбы сағат екіге дейін оралмай қойды.
Сағат екінің әлетінде күймесін алдыртты да, Палатаға барып бюджетке қарсылық білдіріп сөйлейтін шешендердің тізіміне жазылды.
Он екіден екіге дейін Данглар тырп етпестен кабинетінде отырды да қойды, қабағын бұрынғыдан бетер қарс жауып алып, асығыс түскен хабарларды оқыды, шеті мен шегі жоқ цифрларды есептеді, келген кісілерді қабылдады, олардың ішінде майор Кавальканти де бар еді, қашанда екі беті шиқандай, кекірейген қалпы, банкирдегі шаруасын жайғап тастайын деп тап-тұйнақтай боп тура уағдалы уақытында жетіп келгені.
Палатадан шыққан соң, мәжілісте өте толқып сөйлеп, министрлікке бұрынғыдан бетер қатты тиіскен Данглар, экипажына кеп отырды да көшіріне Елисей Далаңы авенюіндегі №30 үйге баруға бұйырды.
Монте-Кристо үйінде боп шықты, бірақ онда біреу отыр екен, сол себепті Данглардың қонақжайда бірер минут тоса тұруын өтінді.
Банкир қонақжайда тосып отырғанда есік ашылды да, аббат киімін киген біреу келіп кірді; тегі үй иесімен аралас-құралас адам болса керек, Данглар сияқты күтіп қалған жоқ, оған иіліп тағзым етті де, ішкі бөлмелерге еніп жоқ боп кетті.
Сонсоң әлгі священник кірген бөлменің есігі іле-шала қайта ашылды да ішінен Монте-Кристо шықты.
— Айыпқа бұйырмаңыз, қымбатты барон, — деді ол. — Көрмейсіз бе, әлгінде ғана Парижге менің қайырымды достарымның бірі аббат Бузони келген еді; бәлки, көзіңіз шалып та қалған шығар, жаңа осы жерден өтті. Көптен бері көріспеп едік, онымен бірден қоштасуға дәтім бармады. Сіз мені түсінетін шығарсыз деп ойлаймын, сондықтан да тостырып қойғаныма ғафу өтінемін.
— О не дегеніңіз, — деді Данглар, — өзі де солай болмағанда қайтеді; менің өзім де қолайсыз уақытта келіп қалғаным, сондықтан кешікпей қазір кетемін.
— Олай дегенді қойыңыз, қайта отырыңыз мархабатшылық етіп. Ау, жаратқан жаббарым, сізге не болған өзі? Әлденеге қатты абыржып тұрсыз ғой; тіпті, мені шошытатын болдыңыз-ау. Мұңды капиталист де құйрықты жұлдыз сияқты әлемге төнген қасірет қайғының нышаны.
— Қымбатты граф, бәлеге кезіктім, бірнеше күннен бері жолым болмай-ақ қойғаны және алатыным ылғи бір жаманат хабар.
— Сұмдық екен! — деді Монте-Кристо. — Немене, тағы да биржада ұтылып қалғаннан саумысыз?
— Жоқ, оны қойғам: әйтеуір, уақытша болса да қойып тұрмын; бұл сапар Триестен бір банкроттық туралы жайсыз хабар келгені.
— Солай деңіз? Сіз, бәлки, Джакопо Манфредидің банкрот болғанын айтып тұрған шығарсыз?
— Дәп өзі. Өзіңіз ойлап көріңізші, бұл бір не заманнан бері менімен әріптес болып, жыл сайын сегіз жүз-тоғыз жүз франктан дөңгеленіп жүрген кісі-тұғын. Ғұмыры бір кешеуілдету дегенді, не артық-кем дегенді білмейтін; құдды борышын өтеп жүрген князь сияқты... адам-тұғын. Мен тура, бір миллион авансыласам, ойламаған жерден әлгі сайтанның сапалағы Джакопо Манфредидің төлеуді пышақ кескендей тоқтатып тастағаны ғой!
— Шынымен бе?
— Мұндай сұмдық болмас. Оған алты жүз мың ливpге берген аударма векселім төленбей қайтып келсін; бұдан басқа да мерзімі осы айдың аяғында бітетін төрт жүз мың франктің векселі менде және жатыр; мұны париждік корреспонденті төлеуге тиіс болатын. Бүгін отызы болған соң, ақшаға кісі жібердім емес пе; сөйтсе, корреспонденті ғайып бопты. Бұған испан хикаясын қоссақ, бұл айды тамаша тамамдағалы отырмын.
— Қалай сонда, сіз, испан хикаясының қырсығынан көп залал тартып па едіңіз?
— Әлбетте; артық-кемі жоқ, тұп-тура жеті жүз мың франктың орнын сипап қалдым.
— Сайтан алғырды, қалайша, тұтылып жүрсіз? Сіз нағыз көкжал едіңіз ғой.
— Әйелімнің қырсығы бәрі. Түсімде Дон Карлос Испанияға қайтып оралған екен демесі бар ма, өзі түске сенгіш тағы. Мұны магнетизм дейді ол, егерде түсінде бір нәрсе аян берер болса, өңімде қолмен ұстатқандай келеді деп сәуегейлік етеді. Бағын сынап көрмек болған соң, қарсылық білдірмедім; оның өз қаражаты бар, өз делдалы бар. Ойнап көріп еді, ұтылды да қалды. Рас, менің ақшама емес, өз ақшасына ойнаған-тұғын. Сонда да, өзіңіз де түсінетін шығарсыз, әйелі жеті жүз мың франк ұтылып жатса, ептеп күйеуінің де берекесі қашады екен. Қалайша, сіз білмей қалдыңыз екен? Жұрттың аузындағы әңгімесі осы болатын.
— Құлағым шалуын шалған, бірақ егжей-тегжейін білмеуші едім: оның үстіне биржаның ауыс-түйісін іліп алмаймын.
— Сіз мүлде ойнамайсыз ба?
— Мен бе? Оны қашан ойнамақпын? Түскен түсімдерімнің есеп-қисабының басын әзер дегенде қайырып жүрмін. Онда іс басқарушымнан басқа тағы бір кеңсе қызметшісі мен кассир жалдауға тура келер еді ғой. Айтпақшы, әлгі Испания мәселесін айтам; менің пайымдауымша, Дон Карлостың қайтып оралуын барынша тек түсінде ғана көріп қоймауы ықтимал еді ғой. Газеттерде де жазылды емес пе бұл жайында?
— Япыр-ай, газеттерге сенбейсіз бе?
— Ешқашанда сенген емеспін.
— Бірақ ақиқатшыл «Хабаршыға» келсек, оның жөні бір басқа, ол тек анық мәліметтерді, телеграф хабарларын ғана басады ғой.
— Міне, сондықтан да, түсініксіз боп отыр, — деп дауласты Данглар. — Себебі, Дон Карлостың Испанияға қайта оралғаны туралы хабар телеграф арқылы алынған ғой.
— Сонымен, осы айдың ішінде, — деді Монте-Кристо, — сіз шамамен бір миллион жеті жүз мың франк жоғалтқан боп шықтыңыз ба?
— Шамамен емес, нақтысы солай.
— Сайтан алсын! Әрине, үшінші дәрежедегі дәулет иесі үшін бұл ауыр соққы, — деп қалды Монте-Кристо аяушылық білдіріп.
— Үшінші дәрежелі дегеніңіз қалай? — деп сұрады, әлгі сөзді сәл көңіліне кідік алған Данглар.
— Әлбетте, солай, — деп сабақтады сөзін Монте-Кристо, — менің ойымша, байлықтың үш түрлі категориясы бар: бірінші дәрежелі, екінші дәрежелі және үшінші дәрежелі. Бірінші дәрежелі байлық деп меншігінде көп жері бар, кеніштері бар, Франция, Австрия және Англия сияқты державалардың мемлекеттік бағалы қағаздары бар адамдардың дәулетін айтамын: онда да осынау бағалы дүниелер, кеніштер мен қағаздар жалпы сомасы жүз миллион болуы шарт. Енді екінші дәрежелі байлық деп елу миллионнан артпайтын капиталдан жылына бір жарым миллиондай түсім келтіріп отыратын өнеркәсіп орындарын, акционерлік компанияларды, наместниктерді және княздіктерді айтамын. Ал ең соңғы, үшінші дәрежелі байлық дегеніңіз айналымға жіберілген капитал, өзге адамдар арқылы келетін яки болмаса кездейсоқ түсетін пайда; бұған әлдекімдердің банкрот болғаны да, телеграф хабары да, көлденең алыпсатарлар да зардабын тигізуі кәдік, қысқасы, мұны істің сәті біледі; егер табиғаттың құдірет-күшін — жоғарғы күшпен алғанда мұның жалған капиталы немесе ақиқат бар капиталы он бес миллион болуы керек. Шынында да, сіздің шамаңыз осы ғой, солай ма?
— Ол рас, — деп жауап берді Данглар.
— Бұдан шығатын қорытынды, — деп міз бақпастан сөзін соза берді Монте-Кристо, — егер алдағы алты ай да осы айыңыз сияқты боп аяқталар болса үшінші дәрежелі фирманың шаруасы бітті дей беріңіз.
— Пәлі, сіз де айтады екенсіз! — деді даусын соза сөйлеп Данглар, көңілсіз жымиып.
— Жарайды, жеті ай дейік, — деп жалғастырды сөзін Монте-Кристо баяғы әуеніне басып. — Өзіңіз-ақ айтыңызшы, миллион жеті жүз мың франкты жетіге көбейткенде он екі миллионға жуықтайтынын ғұмырыңызда ақылға салып көрдіңіз бе?.. Ешқашанда дейсіз бе? Онда дұрыс істегенсіз, өйткені, ондайды ойластырған адам мұндай тәуекелге бел бумас болар, ал финансист үшін капитал дегеніңіз әбүйірін жауып тұрған лыпа ғой. Біз жақсы болсын, жаман болсын, барынша сәнді-ақ киінеміз және соның арқасында абыройлы көрінеміз; ал адам өлген соң бір қабат терісінен басқа дәнеңе қалмайды. Сол сияқты, сіз де күллі қам-қаракеттен безген кезде, тек өзіңіздің қолда бар дәулетіңізді ғана ұстап қаласыз, яғни айтқанда, ең көп дегенде бес не алты миллионыңыз ғана қалмақ; өйткені, үшінші дәрежелі байлық дегеніміз шын мәнінде негізгі нобайының үштен бірі, әйтпесе, ширегі ғана, бұл жөнінен оны теміржол локомотивіне ұқсатуға болады, қаншама қара түтіні будақтаған алып боп көрінгенімен ол да небары өз шама-шарқынша жүк таситын машина ғана ғой. Міне, сөйтіп, өзіңіздің нақтылы қолдағы бар бес миллионыңыздың сіз осы қазір екі миллионға жуығынан айырылып отырсыз; осыған орай сіздің жалған дәулетіңіз, кредитіңіз де азайды дегенге саяды бұл; басқаша айтқанда, қымбатты Данглар мырза, сізден қан алды деген сөз бұл, егер енді төрт мәрте қан алса өлді деген сол болады. Байқаңыз, қымбатты достым, абай болыңыз! Мүмкін, сізге ақша қажет шығар? Қаласаңыз, қарыз берейін?
— Дегенмен де есеп-қисапқа нашар екенсіз! — деп көтеріле сөйледі, бағанадан жарыла жаздап, әзер шыдап отырған Данглар. — Дәп осы минутта менің кассам сәтімен жүргізілген басқа көптеген алып-сатымның арқасында толып та үлгерген. Жоғалған қанды тағаммен толықтырдым. Испаниядағы шайқаста жеңіліс таптым, Триесте соққы жедім, бірақ менің үнді флотым, бәлки бірнеше кемені басып алған шығар, кім білген; менің барлаушыларым Мексиканың бір шығанағында кен көзін ашуы ықтимал.
— Тамаша, тамаша! Бірақ орнында тыртығы қалып қойды ғой, жазатайым бірдеңе сәл тиіп кетсе болғаны қанай бастайды.
— Жоқ, олай болмайды, өйткені нысанадан мүлт кеткен емен, — деп сөзін сабақтады Данглар, өзін-өзі көтермелей сөйлеуге әдеттенген көзбояушының даңғойлығына салып, — мені құрту үшін үш бірдей елдің үкіметін құлату қажет болар еді.
— Несі бар! Ондай да болады.
— Күллі егін атаулы шықпай қалуы керек.
— Жеті семіз сиыр мен жеті арық сиырды ұмытпаңыз.
— Болмаса, ферғауындардың заманындағыдай теңіз тартылып қалуы қажет; бірақ не көп, теңіз көп; ең болмағанда, кемелерімді керуендеріммен алмастыра салам, болған-біткені сол ғана.
— Тіпті, жақсы: тіпті жақсы, қымбатты Данглар мырза, —деді Монте-Кристо, — енді байқадым, мен жаңылысқан екенмін, сіз екінші дәрежелі капиталистердің санатына жатады екенсіз.
— Бұл құрметке ие болудан дәмем бар екенін жасыра алмадым, — деп Данглар өзінің дағдылы күлкісімен жымия қалғанын байқағанда, Монте-Кристо жаман суретшілер үйдің жұртын салғанда баттастырып қоятын айдын келбетін көргендей боп кетті. — Жарайды, сіз екеуміз шаруа жайын сөз ете қойған екенбіз, — деп үстеді ол тағы да, әңгіменің тақырыбын өзгертуге сылтау тапқанына қуанып, — енді өзіңіз-ақ айтыңызшы, сіздің ойыңызша, Кавальканти мырзаға мен қандай қызмет көрсете аламын?
— Егер ол сізге аккредитивтенген болса ақша бере аласыз, әрине, ол кредитке сенсеңіз тек.
— Сенгенде қандай! Өзі бүгін таңертең қырық мың франкқа чек әкелген екен, оған Бузони қол қойып, сіздің атыңызға жолдаған екен сыртында сіздің бланкіңіз бар. Ойланбастан қырық қағазды санап тұрып, қолына ұстатқанымды өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз.
Монте-Кристо оң қабақ білдіріп басын изеді.
— Одан басқа, — деп соза түсті Данглар, — өзінің ұлына деп менен тағы да кредит ашқызды.
— Бip орынсыз сауал қоюға рұқсат етіңіз: сонда ұлына қанша ақша бөліп отыр?
— Айына бес мың франк.
— Жылына алпыс мың-ақ! Өзім де солай болар деп ойлап едім, — деді Монте-Кристо, иығын қиқаң еткізіп. — Кавалькантилердің бәрі шетінен кессе қан шықпайтындар. Айына бес мың франк жас жігіттің жұмырына жұқ бола ма?
— Бірақ өзіңіз де түсінесіз ғой, егер ол жігітке басы артық бірер мың қажет болып жатса...
— Бермеңіз оған, әкесі ондайға өлсе бармайды; сіз итальян миллионерлерін білмейсіз ғой: бұлар нағыз Гарпагондар. Кім оған кредит ашып жүрген?
— Фенци банкі. Флоренцияның маңдай алды фирмаларының бірі.
— Әлбетте, мен сізге шығынға қаласыз дегенді айтқалы отырған жоқпын, атамаңыз; әйтсе де, кредиттің мөлшерінен шығып кетіп жүрмеңіз.
— Демек, сіз бұл Кавалькантиға онша сенбейтін болғаныңыз ба?
— Мен бе? Мен оған қажет десе он миллион беремін. Бұл менің шамалауымша, екінші дәрежелі байлық иесі, қымбатты барон.
— Бұныңыз ол үшін үлкен құрмет болар еді; сөзіңіздің жаны бар, түрі онша адам көңілі толарлық емес. Оны алғаш көргенімде көк мундирдің ішінде көктей солған қайдағы бір кәрі поручик екен деп қалмаймын ба. Бірақ иісі итальян осындай боп келеді; шығыс дуагерлері сияқты айрықша көрінетін болмаса, бәрі де кәрі еврейге ұқсап тұрады-ақ.
— Ұлы тәуірлеу көрінді, — деді Данглар.
— Сәл-пәл жасқаншақтау ма, қалай; бірақ жалпы жібі түзу. Әуелі әлде қайтеді деп қауіптенгенім де рас.
— Неге?
— Неге десеңіз, менің дастарқанымда көргеніңізде оның зиялы қауымға араласуының басы сол деуге де болғандай екен; әйтеуір, маған солай десті. Сапар шеккенде қасынан қатал тәрбиешісі қалмайды-мыс, өзі Парижде бұрын-соңды болмапты.
— Осы текті итальяндардың бәрі өз қауымының адамына үйленді-міс деседі, — деді Данглар селқос. — Демек, дәулетіне дәулет қосқанды ұнатқандары да.
— Жалпы, солайы солай, бірақ Кавалькантидің жөні бөлек, ол не істесе де өз білгенімен істейді. Сөз жоқ, ұлын Францияға ертіп келгенде үйлендіру үшін әкеліп отыр ол.
— Солай деп ойлайсыз ба?
— Сенімім кәміл.
— Оның байлығы жайлы мұндағылар хабардар ма?
— Ол туралы әңгіме өте көп; біреулері оның миллиондары шіріп жатыр десе, енді біреулер соқыр тиыны жоқ дейді.
— Ал, сіздің пікіріңіз қалай?
— Менің пікірім сыңаржақтылау, онымен санасудың қажеті шамалы.
— Сөйтсе де...
— Байқайсыз ба, бұл Кавальканти дегендеріңіз бір кезде армияларды басқарған, провинцияларды билеп тұрған ғой. Бұл ескі подесталар мен бағы кондотьерлердің әр жаққа тыққан миллиондары, меніңше, әрине, болуы шарт, оны сол атаның ақсақалы ғана біледі де ұрпақтан ұрпаққа әлгі мағлұматын мирасқа қалдырып отырды. Сондықтан өздері де Республика дәуірінің флориндері тәрізді сап-сары, тап-тастай боп қатып қалған шеттерінен, сол алтын мәнеттен көне заманнан бері көз алмағандықтан түрлері де сарғыш тартқан.
— Дөп түстіңіз, — деді Данглар, — және олай болатын бір себебі ешқайсысында да өздеріне біткен ұлтарақтай жері жоқ.
— Болған күнде де жартымсыз; менің тек Кавалкантидің Лукнадағы сарайын ғана көргенім бар.
— Ә, сарайы бар ма өзінің? — деді, Данглар күліп. — Ол да болса ештеңе емес!
— Бары бар, бірақ ол соның өзін де финанс министріне жалға беріп, өзі шағын үйде отыр. Әлгінде айттым ғой, оны сараң адам деп.
— Өзін онша жетістірмедіңіз ғой!
— Айта берсеңіз, мен оны біліп те жарымаймын; небәрі үш-ақ мәрте ұшырасқаным бар. Ол туралы менің білетінім тек аббат Бузониден естігенім-ақ, сонсоң өз аузынан айтқандары ғана. Бүгін өзі маған ұлы жайлы не ойлағаны барын әңгімелей келіп, қапиталдарымды Италияда ұстаудан зеріктім дегендей қылды, ондай өлімтік елде жатқыза бергеннен гөрі не Францияда, не Англияда әлгі миллиондарын айналымға жіберіп көрмек пиғылы бар. Бірақ есіңізде болсын, аббат Бузониге имандай сенгенім болмаса, өз басым мұның анық-танығын мойныма жүктеп жауапкершілігін алар жайым жоқ.
— Бәрібір бұл клиент үшін сізге рақмет; мұндай текті адамдар менің кенегемнің сәнін кіргізбек, Кавалькантилердің кім екенін айтып түсіндіріп едім, тіпті, кассирім де мақтан тұтып отыр оны. Айтпақшы — мұны жай әуестік жеңіп сұрап отырғаным, — бұлар ұлдарын үйлендіргенде енші беру дегенді біле ме өзі?
— Ол әр қилы. Өзі байлықтан көше алмай қалған бір итальян киязін білуші ем, Тоскананың жуан тұқымдарының ұрпағы болатын, — сол егерде ұлдары өзі ұнатқан жердің қызына үйленсе, бет-жүзіне қарамай миллиондарды үйіп-төгіп бере салатын да, ал оның еркінен тыс үйлене қалса, айына отыз экю беріп, қаңтарып қоятын. Мәселен, Андреа әкесінің ақылымен үйленді делік; ондай жағдайда майор оған екі, үш миллион да беруі ықтимал. Егер де, келіні банкирдің қызы болып келсе, құдасының шаруасын да қамдауы мүмкін. Ал енді келінін жаратпады делік, ондайда қош-есен болыңыз: Кавальканти көкеңіз кілтін алады да, кассаның құлпын екі мәрте бұрап тарс жабады деңіз, сөйтіп Андреаңыз, Париж сандалбайлары сияқты карта қуып, сүйек ойнап, кезбе боп кетті дей беріңіз.
— Бұл жігіт не бавар не перу ханшасын табатын шығар; үйленгенде князь тәжін қоса киіп шығуды көздейтін болар; онымен қоймай Эльдорадо мен Потосиді қосып алар.
— Қателесіп тұрсыз, бұл текті итальяндар қараның қызын да ала береді, Юпитер тәрізді сүйек жаңыртқанды жаны сүйеді. Пәлі, қымбатты барон, сіз маған мұндай сауалды неге бересіз? Андреаны үйлендіруге ниет қып тұрғаннан саусыз ба мұқым?
— Несі бар, — деді Данглар, — бұл онша теріс шаруа болмас еді; мен енді істің адамымын ғой.
— Бірақ мадемуазель Данглар емес шығар ойлағаныңыз? Альбердің Андреа бейшараны бауыздап тастауына жол бермейтін шығарсыз?
— Альбер! —Данглар иығын қиқаң еткізді, — Е, оған бәрі бір ғой.
— Немене, ол сіздің қызыңызбен атастырылып қойған жоқ па еді?
— Біз Морсер екеуміз бұл жайлы сөйлескенбіз, бірақ де Морсер ханым мен Альбер...
— Шынымен-ақ Альбердің терезесі тең емес деп ойлайсыз ба?
— Бірақ менің ойымша, мадемуазель Данглар да виконт де Морсердің тақиясына тар келмес!
— Әлбетте, мадемуазель Данглардың қалыңмалы егер, әсіресе, телеграфтың қырсығынан сақтаса, ешкімнен кем болмайтынына мен кепіл.
— Әңгіме тек қалыңмалда ғана емес. Айтпақшы, өзіңіз айтыңызшы...
— Иә.
— Морсер мен оның әке-шешесін нағып қонаққа шақырмадыңыз?
— Meн шақыруын шақырғам; сөйтсем, Альбер де Морсер ханымды Дьеппке алып баруға тиіс екен; дәрігерлер ханымға теңіз ауасын жұтуға кеңес беріпті.
— Солай деңіз, — деді Данглар күліп, — теңіз ауасы о кісі үшін пайдалы болса керек-ті.
— Неге олай дедіңіз?
— Өйткені, жастай жұтып өскен ауасы ғой.
Монте-Кристо оның шағып алғанын аңғармаған болды.
— Бірақ сөйтсе де, — деді ол, — Альбер, тіпті, мадемуазель Данглардай бай болмай-ақ қойсын, алайда, текті тұқымның атының өзі неге тұрады, бұған келісетін шығарсыз енді.
— Несі бар, өз ұғуымша, менің де атым ешкімнен кем емес.
— Әрине, абырой-атағыңыз әмбеге аян екені рас, тіпті алған лауазымыңыз емес, қайта сіздің есіміңіз сол лауазымның бағасын көтерді; солай бола тұрса да, өзіңіз ақылға кең адамсыз, сондықтан да бек жақсы түсінесіз мұны: қайсыбір сенім, наным дегендеріңіз әбден сүйегімізге сіңіп кеткен және одан арыла да алмаймыз, сол себепті де бес жүз жылдық дворяндық жиырма жылдық дворяндықтан жоғары бағаланады.
— Міне, сондықтан да, — деді Данглар мысқылдай күлуге тырысып, — Альбер де Морсерден гөрі Андреа Кавалькантиді артығырақ көремін.
— Десе де, менің байқауымша, Морсерлер Кавалькантилерден әсте кем түспейді, — деді Монте-Кристо.
— Морсерлер дейсіз!... Сіз бері қараңыз, қымбатты граф, — деді Данглар, — осы сіз джентельменсіз ғой, солай емес пе?
— Болсақ болармыз.
— Және гербілерді жақсы білесіз ғой?
— Ептеп.
— Ендеше, менің гербіме қараңыз; ол Морсердікінен сенімдірек.
— Неліктен?
— Себебі, мен барон боп тумасам да, Данглар деген атым бар.
— Болса ше?
— Морсерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
— Сонда қалай?
— Он екі де бір нұсқасы келмейді.
— Қойыңызшы!
— Мені барон еткен басқа адамдар, демек, мен шын мәнісіндегі баронмын; ал ол болса өзін өзі граф жасаған, сол себепті ешқандай да граф емес.
— Мүмкін емес!
— Әрі қарай тыңдаңыз, — деп сөзін соза берді Данглар. — Морсер, менің досым, нақтырақ айтсам, отыз жылдан бергі ескі танысым; маған салсаңыз сол гербімді пәлендей көз қылып жатқаным да шамалы, өйткені, әу баста кім болғанымды ұмытқаным жоқ.
— Бұл сіздің әлі шүкіршілікті ұмытпағандығыңыз немесе нағыз маңғазсыз, — деді Монте-Кристо.
— Сонымен, бір кезде мен жай қызметші боп жүргенімде Морсер қара табан балықшы-тұғын.
— Ол кездегі аты-жөні кім еді?
— Фернан.
— Тек Фернан ғана ма?
— Фернан Мондего.
— Мұның шындығына көзіңіз жете ме?
— Жетпегенде ше? Оның балығын талай сатып алғам.
— Ендеше оның ұлына қызыңызды неге бермек болдыңыз?
— Өйткені, Фернан да, Данглар да аяқ астынан байып кеткен пысықайлар, содан барып дворян лауазымына қолы жеткендер, қанша дегенмен де оның соңынан сөз ергені рас, ал мен туралы ешқандай әңгіме болған емес.
— Ол не әңгіме?
— Жай әшейін.
— Е, енді ұқтым; сіздің сөзіңізден Фернан Мондегоға байланысты естіген бір әңгімем есіме түсіп отыр; оны Грецияда естіген едім.
— Әли-пашаға байланысты әңгіме шығар?
— Дөп түстіңіз.
— Бұл оның жасырын сыры, — деді Данглар, — шынымды айтар болсам, ердің құнын берсем де, сырын білуге құмар-ақпын.
— Тіпті, құмар болсаңыз, бұл онша қиынға түспес.
— Қалайша?
— Сіздің, әрине, Грецияда әйтеуір бір корреспондентіңіз бар шығар?
— Болғанда қандай?
— Янинде ше?
— Қайдан болса да табылады.
— Ендеше Яниндегі сол корреспондентіңізге хат жазып, Әли-Тебелиннің опат болуына Фернан деген француздың қандай қатысы бар деп сұраңыз.
— Miнe нағыз жөн сөз! — деді лепілдеп Данглар, орнынан атып тұрып. — Бүгіннен қалдырмай жазамын.
— Жазыңыз.
— Жазғанда қандай.
— Егерде жазатайым бір шатақ хабардың құлағы қылтиса ше?
— Өзіңізге хабарлаймын.
— Онда тіпті ризамын.
Данглар бөлмеден атып шығып, күймесіне қарай ұмтылды.
X КОРОЛЬ ПРОКУРОРЫНЫҢ КАБИНЕТІ
Енді банкир заулап отырып үйіне жеткенше, Данглар ханымның ертеңгілік серуенін бақылап көрелік.
Сағат он екі жарымның кезінде Данглар ханымның аттарды даярлатып, шұғыл жүріп кеткенін жоғарыда хабарлағамыз.
Ханым әуелі Сен-Жермен бағытына бет алды да, сонсоң Мезарини көшесіне бұрылып, Жаңа көпір пассажының жанына тоқтауға әмір етті.
Күймеден түсіп, пассажды кесіп өтті. Үйінен ерте шыққан сырбаз әйелдердің әдетінше Данглар ханым да қарапайым ғана киінген-тұғын.
Генего көшесіне жеткен соң фиакр жалдап, Арле көшесіне тартып кетті.
Күймеге отырысымен кіреукесін қалтасынан шығарды да сабан қалпағына бекітті, сонсоң қалпағын басына қайыра киіп қол айнасына көз жүгіртті де, көлденец жұртқа жарқыраған жанары мен бидай өңі ғана байқаларына көзі жетіп көңілі марқайып қалғаны.
Жаңа көпірден өткен соң, фиакр Дофин алаңынан Арле ауласына қарай бұрды ат басын: көшірдің күйме есігін ашуы-ақ мұң екен, Данглар ханым оның ақшасын төлей салып, дереу сатымен көтеріліп, басқан қадам сезілмейтін залға енді.
Ертеңгілік мезгілінде сот үйінде қашан да қайнаған жұмыс, қарбалас көпшілік, ал жұмысбасты қызметкерлерде кірген-шыққан әйелдерді бақылап отырар мұрша жоқ; Данглар ханым басқан қадам білінбес залды бастан-аяқ көктей өткенде де адвокаттарын тосып жүрген ондаған әйелге көзі үйренген жұрт бұған да назар аударып жатпады.
Вильфордың қабылдау бөлмесі лық толы халық екен; бірақ Данглар ханым аты-жөнін айтып әуре боп жатпады; табалдырықтан аттап енісімен жанына курьер келіп, король прокуроры мырза келсін деген дама сіз бе едіңіз деп сұрады да, мақұлдаған жауап алған соң, тысқары дәлізбен ханымды Вильфордың кабинетіне ертіп апарды.
Король прокуроры арқасын есікке беріп, креслода отырған қалпы жазып жатыр екен. Есіктің ашылғанын да, курьердің «Мархабат, сударыня» дегенін де, содан есіктің жабылғанын да анық естіген Вильфор қыбыр етпестен отыра берді; тек курьердің аяқ тықыры басылғанда барып орнынан тез көтерілді де, есіктің кілтін бұрап жауып, перделерді түсірді, сосын кабинеттің түкпір-түкпірін тінте шолып өтті.
Ешкімнің өздерін сырттан бақылап, болмаса тың тыңдай алмасына көзі жеткен соң барып, көңілі орнына түскен Вильфор:
— Кешікпей келгеніңізге рақмет сізге сударыня, — деді.
Сонсоң креслоны сырғытып қойып еді, Данглар ханым соған кеп жайғасты, өзінің жүрегі алып-ұшып, екі өкпесі аузына тығылып отыр.
— Көптен бері сізбен оңаша сырласып, құмардан бір шыға алмай жүр едім, сударыня, — деп король прокуроры, креслоға өзі де жайғаса беріп бұрып жібергенде, Данглар ханымға жүзбе-жүз кеп қалды, — бірақ әттең не керек, сізбен біз аса бір қиын әңгімеге бола бас қосып отырмыз.
— Сөйтсе де, көріп отырсыз, бұл әңгіме сізден гөрі маған ауыр соғарын білсем де шақыра салысымен жетіп келіп отырмын ғой.
Вильфор шарасыздан жымиды.
— Демек, сонымен ақиқат болғаны ғой, — деді ол, тегінде, Данглар ханымның сөзіне емес, өз ойына өзі жауап қатып отырғандай, — демек, ақиқат болғаны ғой, біздің бастан өткергеніміз біздің өмір жолымызда біресе мұңды, біресе нұрлы із қалдырғаны! Өмір жолында біз қалдырған іздердің құм үстінде жорғалаған жәндіктердің ұбақ-шұбақ іздерінен айнымайтыны ақиқат болғаны да! Амал не, талайлар сол жол боп қалған іздерді көз жасымен суарды ғой!
— Сударь, — деді Данглар ханым, — менің қаншалық толқып отырғанымды өзіңіз де түсінетін шығарсыз, солай емес пе? Сізден өтінерім сол, мені аяй көріңіз. Осы бөлмеде, мына креслода ғой қалтырап-дірілдеп, ұяттан жерге кіре жаздап талай қылмыскер отырды... енді, міне, отырмын жерге кіре жаздап, қалтырап-дірілдеп!.. Біле білсеңіз, өзімді қылмыскер, ал сізді қаһарлы сот деп қалмас үшін дұрыстап есімді жиып, жөнге келіп алуым керек.
Вильфор бұған бас шайқап, ауыр күрсінді.
— Ал мен, — деп қарсылық білдірді ол, — мен болсам, отыратын жерім соттың креслосы емес, қылмыскердің орны еді деймін өзіме өзім.
— Сіздің бе?
— Иә, менің.
— Менің байқауымша, өзіңіздің пуритандық көзқарасыңызбен тым асыра сілтеп отырсыз, — дегенде Данглар ханымның әдемі көзінде айрықша нұр ойнады. — Кімнің жалынды жастығынан қалмаған, әлгінде сіз айтып отырған із? Күллі құмарлық атаулының, барша ләззат дегеннің ақыры өкініш болмақ; соған орай, біздей әйел бейбақтарға, барлық мүскіндердің бел тұтар панасы — Інжілдің өзі, медет болсын деп, күнәһар қыз және зинақор зайып жайлы тамаша ғақлия қалдырған ғой. Адалын айтайын, өткен кездегі жастық-мастықты еске түсіргенде, ақтала алмасам да, шеккен қасіретім мен күнәмды жуып-шайғандықтан, жаратқанның өзі де мені кешкен шығар деп ойлаймын кейде. Ал енді сіздің қорыққаныңызға жол болсын? Еркектерге зиялы қауым шық жуытпайды, ал дау-дамай дегеніңіз сіздерді даңққа бөлейді.
— Сударыня, — деп бұған келіспеді Вильфор, — сіз мені білесіз ғой; мен екі жүзді емеспін, қалай дегенде де, ешқашан орынсыз жерде монтанысыған емен. Егер де менің жүзім суық болса, басыма үйріле берген қасірет-қайғының зардабы; егер де ет жүрегім тас боп қатып қалмаса, мен көрген осынша ауыр соққының бәрін қалай көтерер еді? Жас кезімде мұндай емес-тұғынмын; Марсельде, Гран-Кур көшесінде, атастырылған күні дастарқан басына отырғанымызда мен мұндай болмайтынмын. Бірақ одан бәрі жан дүнием де, мені қоршаған орта да көп өзгеріске ұшырады; жолымда кездескен қиындықтар мен не ерікті, не еріксіз, не қастандықпен, не кездейсоқ менің жолымда кесе-көлденең тұрғандардың тұқымын тұздай құртып солардың құрған торын талқандауға бар өмірімді сарп етіп келемін. Сен құмартқан нәрсені өзгелердің қызғыштай қорымауы некен-саяқ. Өз мақсатыңа жету үшін оны өзгелердің қолынан жұлып алуың шарт. Көз алдымызда болатын неше түрлі сорақылықтың көпшілігі аса қажеттілік деген бейкүнә ұранмен істеліп жатады. Ал не желіктің әсерімен, не қорқыныштың салдарынан, не жарыместікпен болар іс болып қалған соң, сәл-пәл ақылға жеңдіріп ойлап көрсең, осы қырсыққа ұрынбай-ақ кететініңді өзің де сезесің. Ет қызуымен ойланбай іс қылғанда біздің есімізге келмеген ақыл-айла кейін байқасаң сондай оңай да қарапайым боп шығады; дәл солай етпей, бұлай еткенім қалай деп опық жейміз кеп сонсоң. Ал керісінше, мына сіздердің, иісі әйел затының өзегін өкініш жиі өртемесе керек, себебі, сіздер шешімді өз беттеріңізбен сирек қабылдайсыздар; бақытсыздыққа ұшырап қалсаңыздар да, оған сіздерді кінәлау қиын, сіздер көбіне-көп басқа біреудің қылмысы үшін күйіп жүресіздер.
— Қалай десеңіз де, — деп үн қатты Данглар ханым, — сіз мұны мойындауға тиіссіз: егер мен кінәлі болсам, егер осының бәріне мен жауапкер болсам — кеше сазайымды тарттым-ақ.
— Бишара-ай! — деді Вильфор Данглар ханымның қолын қысып қойып. — Жазаның ауырлығы соншалық, тіпті, сіз қатарынан екі мәрте талықсып кетуге мәжбүр болдыңыз, бірақ сонда да...
— Сонда да не?
— Мұны сізге айтуға тиіспін... қалайда шыдап бағыңыз сударыня, өйткені, бұл пәле мұнымен біткен жоқ.
— Құдайым-ай! — деп безек қақты шошынған Данглар ханым. — Тағы не пәле?
— Сіз тек өткенді ғана ойлап отырсыз; сөз жоқ, ол бір түнек еді ғой. Бірақ та, болашақты ойлап көріңізші, нағыз түнек сол... шынында да, сұмдық бір... бәлки, қанды болашақ боп көрінуі...
Вильфордың соншалық салқынқанды адам екенін білетін баронесса оның абдырап-сасқанын көргенде әбден есі шығып, иманы ұшып кетті, бақырып жіберейін деп еді, даусы көмейіне кептеліп тұрып қалды.
— Сол бір сұмдық күндер қалайша қайтып келді? — деді Вильфор даусы тарғылдана шығып. — Сол бір елес қалай ғана көр түбінен, біздің жүрек түкпірімізден қайта оянып, сізді сұмдықтан шошып, ұяттан әбден қызаруға мәжбүр етті?
— Бұл кездейсоқ нәрсе.
— Кездейсоқтық! — деп көнбеді бұған Вильфор. — Жоқ, жоқ, сударыня, кездейсоқтық деген болмайды!
— Солай болмағанда ше; қанша сұмдық десек те, осының бәрі кездейсоқтық емей немене? Монте-Кристо бұл үйді кездейсоқ сатып ала салды, кездейсоқ жер қазуға әмір етті. Ең ақыры, бишара сәбидің сүйегін ағаш түбінен қазып алғаны да кездейсоқтық болмай не болушы еді? Сорлы балақаным-ай, өзін бір рет те сүйіп көрмеп едім, оның есесіне қанша көз жасымды төктім! Граф сүйкімді балақайымның сүйегін гүл астынан қазып алдық дегенде жанымды қоярға жер таппадым.
— Жоқ, сударыня, — деп дүңк етті Вильфор, — сізге айтайын деген сұмдығым мынау еді: гүлдің түбінен ешқандай да баланың сүйегі табылмапты. Жылап-сықтаудың да, күрсінудің де қажеті жоқ, енді тек қалтырау керек!
— Мұнымен не айтпақсыз? — деп шырылдады Данглар ханым, қалш-қалш етіп.
— Айтайын дегенім, сол ағаштардың түбін қанша қазғанымен граф Монте-Кристо сәбидің қаңқасын да, темір жәшіктің қалдығын да таппаған, өйткені, ол жерде ешқайсысы да болмай шыққан.
— Ешқайсысы да болмай шыққаны қалай? — деп қайталады зәре-иманы қалмаған Данглар ханым, король прокурорына көзі бақырая қарап. — Ешқайсысы да болмай шыққаны қалай, — деп қайталады ол тағы да, өз сөзімен, өз үнімен дем беріп, ұстатпаған ой ұшығын қармана жанталасқан адамдай.
— Жоқ, жоқ, жоқ, — дей берді Вильфор бетін басып.
— Ендеше, сорлы баланы сіз ол жерге жерлемеген болдыңыз ғой? Неге алдадыңыз мені? Айтыңызшы, неге?
— Жоқ, сонда жерлегем. Бірақ енді мені тыңдаңыз, тыңдасаңыз өзіңіздің де маған жаныңыз ашиды. Бұл сырды аттай жиырма жыл бойы сізге тісімнен шығармай әбден азап шегіп ем, соны қазір айтып бергелі отырмын.
— Құдайым-ай, зәремді алдыңыз ғой! Жарайды, мейлі, айта беріңіз, құлағым сізде.
— Қызыл перде тұтылған осы бөлмеде, өзіңіздің төсекте жан-тәсілім жатқан сол бір қиямет түннің қалай өткені есіңізде болар, мен де өлі мен тірінің арасында қалайда ақырын күтіп баққам. Жарық дүниеге шығысымен сәбиді көтеріп алсам, не қимыл, не үн жоқ, тыныс алғаны да байқалмалы. Біз оны өлі туғанға жорыдық.
Данглар ханым отырған орнынан ыршып кете жаздады.
Бірақ Вильфор оны тоқтатып, әрі қарай тыңдаңыз деп жалбарынғандай болды.
— Біз оны өлі туғанға жорыдық, — деп әлгі сөзін қайталады ол, — сосын оны табытқа салғандай ғып, жәшікке жайғастырған соң, баққа апарып, көр қаздым да, соған асығыс көме салдым. Топырақпен енді жауып бола бергенімде маған бір корсиканның тап бергені. Құдды жай ойнағандай, көз алдымда әлдекімнің көлеңкесі қараң ете қалғаны. Мен қатты ауырсынып, айғай салмақ болдым, Бірақ тұла бойым мұздап, қалш-қалш етіп, үнім шықпай қалды... Іле-шала қалпақтай түстім, енді өлген жерім осы екен дедім. Бір уақытта есімді жиып, өлі-тірімді білместен еңбектеп, сүйретілген қалпым сатыға жеткенімде, бір аяғыңыз көрде, бір аяғыңыз жерде жатып маған көмекке келген жанкештілігіңізді ешқашан да ұмытпан. Қайткенде де бізге бұл сұмдықтың тігісін тірі пендеге сездірмеу керек болды; әсіресе, қажыр-қуатыңыз жетіп, қасыңызға сүтанаңызды ертіп үйіңізге қайтып барғаныңызды айтсайшы; мен дуэльде жараландым дедім жұртқа. Бір ғажабы, сәті түсіп, бұл сырды сақтап қалдық; мені Версальға алып кетті; онда үш ай бойына ажалмен арпалысып жаттым; әсте-әсте айығайын дедім, енді маған күнгей жақтың шуағы мен таза ауасына баруға кеңес берді дәрігерлер. Күніне алты лье жол жүріп отырып, төрт адам мені Шолоннан Парижге жеткізді әупіріммен. Күймеге мінген де Вильфор ханым зембілдің соңынан еріп отырды. Шалонға жеткен соң Сонамен одан кейін Ронамен жүзіп отырып, ағысты бойлап Арльге келдік. Арльде мені қайтадан зембілге жатқызды, сөйтіп, сол жүргеннен жүріп отырып Марсельге де жеттім. Жарты жылға дейін жазылып кете алмадым; сізден хабар-ошарым болмады, ал хал-ахуалыңызды жұрттан сұрауға батылым жетпеді. Сіздің жесір қалып, Дангларға тұрмысқа шыққаныңызды Парижге қайтып оралған соң барып бір-ақ білдім.
Есімді жиған соң, әуелі не жайлы ойлады дейсіз бе? Ойлағаным тек сәбидің өлігі болды. Ылғи түн сайын есіме кіріп, моладан шығып маған жұдырығын түйіп тұрғанын көретін болдыы. Содан Парижге келген соң сұрастырып білдім: сөйтсем, біз кеткелі бұл үйде ешкім тұрмаған болып шықты, тек жуырда ғана тоғыз жылға жалға берді десті. Мұны ести салысымен дереу үйді жалдаған кісіге барып, марқұм әйелімнің әке-шешесінің үйінде бөтен кісілердің тұрғанын әсте қаламаймын дегенді желеу қылып, келісімшарттың бұзылғаны үшін айыбын төлейін дедім. Менен алты мың франк талап етті; алты тұрмақ он мың, тіпті жиырма мың сұраса де беруге әзір едім. Ақшам қалтамда болатын, келісімшартты сол жерде бұздық; бұл шаруаны жайғап болған соң Отейль қайдасың деп тартып кеттім. Сөйтсем, мен кеткелі бұл үйге тірі пенде бас сұқпаған екен.
Күндізгі сағат бестің кезі еді; мен қызыл бөлмеге көтерілдім де ымырт үйірілуін тостым. Сол тосып отырғанда ойлап көрсем, бір жыл бойы жанымды жегідей жеп жүрген нәрсе бұрынғыдан бетер қатерлі боп көрінді.
Әлгі корсикан қанды қанмен жуып кек алмақ болған менен; Нимнен Парижге дейін басқан ізімді аңдып жүріп, ақыры бақтың ішінде тығылып тұрып маған қанжар салды. Қалай көр қазып, сәбиді жерлегенімді ол сыртымнан бақылап тұрған; сіздің кім екеніңізді де танып қоюы ықтимал; бәлки, ол танып та үлгерген болар... ал күндердің күнінде осы сұмдық құпия сырды сақтап келгені үшін ол сізге ақы төлетпесіне кім кепіл?.. Қанжар салып мені өлтіре алмағанын білсе, бұған оның айызы қанары хақ. Сондықтан, сақтықта қорлық жоқ, қайткен күнде де өткен күннен қалған ізді тезірек өшіріп, айғақты дәлелдің түгел көзін жою қажет болды, онсыз да мәңгілік жадымда қалғанының өзі де жетерлік.
Келісімшартты бұза салысымен Отейльдегі үйге шапқылап жеткен себебім де содан болатын.
Ымырт үйрілді, мен енді көз байланар кезді күттім; қараңғы бөлмеде қамалып отырғанымда, желмен шайқалған перделердің ар жағында тыңшылар тығылып тұрғандай көрінді; әлсін-әлсін селк ете қалам, арт жақта тұрған кереуеттен сіздің ондалап жатқаныңыз құлағыма келгендей болады, бұрылып қарауға жүрегім дауаламады, әйтеуір. Осынау меңіреу тыныштыққа өз жүрегімнің соғысын естідім; оның дүрсілдегені соншалық, бұрынғы жарам қайта ашылып кететін тәрізді, ақыры, село жым-жырт тыныштыққа бөленді. Мені көріп, естіп қояр-ау дейтін тірі пенденің бұл маңайда жоғына көзім жеткен сон енді қауіптенуім бекер шығар деп баққа баруға бел байладым.
Эрмина, біле білсеңіз, мен анау айтқандай қорқақ емеспін. Бірақ та, екеумізге соншалық ыстық, өзіңіз алтын шығырға өткізіп қойған кішкене кілтті мойнымнан алып, сатыға шығатын есікті ашқанымда, сүттей жарық айдың созалаң сәулесі терезе әйнегінен сырғып барып бұралаң баспалдақтар құдды елес сияқты бұраң қаққанын көзім шалғанда, жалма-жан қабырғадан ұстай алдым, шыңғырып жіберуге сәл қалдым; ақылымыан алжасқан шығармын дедім.
Біраздан кейін есімді жидым-ау, әйтеуір. Сосын ақырындап төмен түсе бастадым; о несі екенін білмедім, тіземнің қалтырағаны басылмай қойғаны. Сатының қанатынан тас қып ұстап алмағанда құлап кететінім айқын еді.
Содан төменгі есікке жеттім; соның қайрылысында қабырғаға темір күрек сүйеулі тұр екен. Қолымда көлегейлеген шамым бар-тұғын; көгалдың орта шеніне жете беpin, тоқтадым да, сол шамымды жағып алып, әрі қарай жүріп кеттім.
Ноябрьдің аяқ кезі болатын, бақ жалаңаштанып қалған екен, қаңқа сүйектей қаңқиған ағаштар семіп қалған ұзын сида қолдарын созып тұр, аяқ басқан сайын жапырақтар қаудырлап, құмдақ сусылдайды.
Өз-өзімнен зәремнің ұшқаны соншалық — шоқ тоғайға таяй бергенде қалтамнан пистолетімді алдым да шүріппесін қайырып қойдым. Маған бұталардың тасасынан әлгі корсикан сығалап тұрғандай көріне берді ылғи.
Бұталарға шамымның жарығын түсірдім; онда ешкім жоқ екен. Абайлап жан-жағымды байқастасам менен басқа тірі жан жоқ; мүлгіген өлі тыныштықты бұзған селкеу дыбыс шалынбады, тек оқта-текте бір жаманат шақырғандай жапалақтың ащы даусы естіліп тұр.
Айыр бұтаға әкеп шамымды іліп қойдым, сәбиді жерлерде, былтыр дәл сол тұстан көргенім бар болатын оны.
Жаз бойына мұнда қаулай өскен қалың шөпті күзде ешкім шаппаған екен. Сөйтсе де, шөбі сұйықтау бір жерді көзім шалып қалды; баланы сонда жерлеген екенмін дедім іштей. Сөйтіп, іске кірістім.
Ақыры, бір жылдан аса күткен сәтім де келді-ау!
Темір күрегім барып бірдеңеге тиді-ау дегенде үміттенгенім соншалық, сол жерді аса ұқыптылықпен қазып, әр кесекті қолыммен ұсатып бәйек болдым! Сөйтсем, түк жоқ! Ақыры бұрынғыдан екі есе үлкен шұқыр қазып шықтым. Жаңылысып бұрынғы орнын танымай қалдым ба екен деген ойға келдім; енді айналаны байыптап қарап, әр ағашқа үңіле қарап, өткеннің бәрін түгел еске түсіруге тырыстым. Мұздай, өткір жел жалаңаш бұталарға суылдай соғып тұрғанда тер дегенің моншақтап ақты. Бейіттің бетін жауып болып, топырағын таптап жатқанда кеп қанжар салғаны есімде қапты; сонда еңкейе беріп шіліктен ұстап қалғам; менің арт жағымда серуендегендерге арналып қолдан орнатылған тепкішек бар-тын; құлап бара жатқанда сол мұздай тасқа қолым тиіп кеткен. Қазір шілік оң жағымда тұр да, тепкішек арт жағымда тұр; мен сондағы құлағанымды қайталап құлап көрдім, сонсоң тұрып, шұқырды кеңітіп тағы қаза бастадым. Түк жоқ! Тағы да түк жоқ боп шықты! Жәшік сөйтіп табылмады.
— Табылмады дейсіз бе? —деп сыбырлады, есі шығып, тынысы тарыла бастаған Данглар ханым.
— Тек осымен ғана тынған екен деп қалмаңыз, — деп сабақтады сөзін Вильфор, — жоқ. Мен күллі орманды сүзіп шықтым; ішінде қазынасы бар екен деп жәшікті қазып алған қанішер, былай шыға беріп қателескенін білген соң қайтадан жәшікті жерге көміп кеткен шығар деп ойладым; бірақ қайдан болсын, түк таппадым. Тіпті, ондай сақтықтан неғылсын ол, әшейін бір жерге лақтырып кетуі де ықтимал-ау деген ой келе қалғаны сонсоң. Олай болса, жарықта іздеу қажет, сөйтіп таңның атуын күту керек болды. Мен бөлмеге қайтып оралдым да, таң атқанша сонда отырдым.
— О жаратқан!
— Таң белгі берісімен баққа қайтып келдім. Әуелі орманның ішін қайта бір қарап шықтым; тым болмаса түн қараңғысында байқалмаған із, белгі бар шығар деген үмітте болдым. Көлемі жиырма футтан артық, тереңдігі екі футтан астам жер қаздым. Жалдамалы жұмыскер бір сағат ішінде менің істеген жұмысымды күн ұзағына істеп бітіре алмас еді. Содан бәрібір ештеңе таппадым, түк те таппадым.
Бір жерге лақтырып кеткен болар деген оймен енді ал кеп жәшікті іздейін. Шарбақтың есігіне бара жатып тастап кетуі кәдік дедім; бірақ бұл жолы да босқа арамтер болдым, одан кейін ешқандай үмітім болмаса да орманға қайтып келдім әбден запы боп.
— Ақылдан алжасуға болар бұдан! — деді Данглар ханым даусын көтере.
— Өзім де сөйтетін шығармын дедім бір сәтте, — деді Вильфор, — бірақ ондай бақытты маған көпсінсе керек. Дегенмен де бар-күш жігерімді жинап, яғни айтқанда күллі ақыл-ойыма салып саралап, бұл адам сәбидің сүйегін неге әкетті екен деген сауал қойдым өзіме-өзім.
— Әлгінде өзіңіз айттыңыз емес пе, — деп бұған келіспеді Данглар ханым, — демек, қолымда дәлелдейтін айғағым болсын дегені.
— Жоқ, сударыня,, олай болуы мүмкін емес; өлікті бір жылға дейін жасырып қоя алмайды, оны өкімет орындары на көрсетіп, қылмысты дәлелдейді. Ал бұл жолы ондай ештеңе болған жоқ.
— Сонда не болды? — деп сұрады Эрмина, дір-дір етіп.
— Болғаны сол, бұл біз үшін ең сорақысы, түбімізге жететін қатерлі пәле: тегінде, бала тірі қалған да, қанішер оны құтқарып алған.
Данглар ханым құлындағы даусы құраққа шығып, Вильфордың қолынан ұстай алды.
— Менің балам тірі болатын! — деді ол. — Менің баламды тірідей көмген мына сіз! Оның өлі екеніне көзіңіз жетпей тұрып жерлеген сіз болатынсыз!
Данглар ханым король прокурорының алдында оған айбат шеге қарап, салалы саусақтарымен оның қолын қатты қысқан күйі тіп-тік қалшиып қатты да қалды.
— Мен оны қайдан білмекпін? Бұл әшейін менің болжамым ғой, — деп тіл қатты Вильфор; тас көзденген жанарынан осынау құдіретті адамның дүниеден баз кешуге, болмаса есінен алжасуға таяу отырғанын байқау қиын емес еді.
— Сәбиім менің, сорлы болған сәбиім! — деп безек қақты баронесса, креслоға қайта сылқ ете қалып, өксігін естіртпеуге тырысып қол орамалымен аузын басып.
Вильфор есін жиып алды да, ашынған ананың өрекпіген көңілін басу үшін өзі қауіптеніп отырған пәлені Данглар ханымға айтып түсіндіру қажет екенін ұға қойды.
— Өзіңіз де түсінетін шығарсыз, бұлай болған жағдайда, біз құрыдық, — деді ол, орнынан түрегеліп, даусын бәсеңдете сөйлеу үшін баронессаға таяу келіп. — Ол бала тірі және мұны біреу біледі, біздің құпия сырымызды базбіреу біліп отыр; көмген жерімізде болмаса да жерден қазып алынған бала туралы біздің көзімізше Монте-Кристо әңгіме айтқандықтан, бұл құпияны білетін адам — сол.
— Жар бола гөр, жаратқан! Кәрің ұрған екен, — деп күбірледі Данглар ханым.
Вильфор бұған әлдене деп тыжырына гүр ете қалды.
— Ойбай-ау, бала қайда, бала? — деп зарлай түсті ана.
— О, қанша іздедім оны! — деп Вильфор қолын уқалай берді. — Ұзақ түндерде кірпік ілмей оны шақырумен болдым. Шіркін деймін, корольдің қазынасы қолыма тиер болса ғой, миллиондаған адамдардың құпия сырын сатып алар едім де, ішінен өзімнің құпиямды іздеп табар ем. Содан бір күні, темір күрегімді қолыма жүзінші мәрте алып жатып ол баланы корсикан қайтеді деп өзіме жүзінші рет сауал қойдым; өйткені, қашқын үшін бала масыл ғой; әлде оның тірі екенін көрген соң өзенге атып жіберді ме екен деймін.
— Мүмкін емес! —деп бебеуледі Данглар ханым. — Кек алу үшін адамды өлтіруге болар, бірақ қараптан-қарап тұрып баланы суға атпайды ғой!
— Бәлки, — деп сөзін жалғастырды Вильфор, — баланы Тәрбие үйіне апарып тастаған шығар?
— Иә, иә, — деді баронесса жаны қалмай, — әрине, ол сонда!
— Содан салып ұрып Тәрбие үйіне барсам, ондағылар жиырмасыншы сентябрьдің түнінде әлдекімдердің есік алдына бала әкеп тастағандары рас десті; бала жұқа матадан істелген жаялықтың жартысына оралған екен; тегі, жаялықтың бір жартысында барон тәжі мен Н әрпінің жарымы қалатындай етіп, әдейі тең бөліп жыртса керек.
— Өзі де солай, — деді Данглар ханым даусын көтере сөйлеп. — Бар көйлек-көншегім солай таңбаланған болатын; де Наргон болатын; бұл соның бас әрпі. Құдайға шүкір! Балам тірі екен онда.
— Жоқ, өлген жоқ.
— Сіз солай дейсіз, ә? Қуаныштан жүрегі жарылып кетеді-ау деп қауіптенбейсіз-ау, тегі? Қайда өзі! Қайда менің балақаным?
Вильфор иығын қиқаң еткізді.
— Мен оны қайдан білейін, — деді ол. — Егер білген болсам, драматургтер мен романистер құсап, бағанадан беpi сізді осынша азапқа салады деп ойлайсыз ба мені, шынымен? Не шара, білмеймін. Менен алты ай бұрын бір әйел келіп, әлгі жаялықтың екінші жартысын көрсеткен. Заң талап ететін дәлелдің бәрін келтіріп қоймаған соң, баланы беруге мәжбүр бопты бұлар.
— Ол әйелдің кім екенін сіз білуге тиіс едіңіз және тауып алуыңыз керек еді.
— Ал, сіздіңше, мен не істеппін? Сот тексерісі деген желеумен әлгі әйелдің ізіне небір шебер деген тыңшылар мен ең тәжірибелі деген полиция агенттерін салдым емес пе. Із Шалонға дейін барады да, одан әрі ізім-ғайып болады.
— Жоқ дейсіз бе?
— Иә, біржола ғайып болды.
Данглар ханым Вильфордың әр оқиғаны әңгімелеген кезінде біресе күрсініп, біресе көз жасын сығып алып, біресе мәз-мейрам боп отырды.
— Осы-ақ па? — деді ол. — Осымен тындыңыз ба?
— Жоқ — деді Вильфор, — мен іздеу салудан, сұрастырудан, мәлімет жинаудан бір тынған емеспін. Рас, соңғы екі-үш жыл әлетінде аздап толас алып едім. Бірақ енді бұрынғыдан бетер асқан табандылықпен, қажымай-талмай бел шеше кіріспекпін қайтадан бұл шаруаға. Және мақсатыма жетпей қоймаймын, естіп отырсыз ба; өйткені енді мені намыс қысқаны былай тұрсын, қорқыныш жаныма жай таптырар емес.
— Менің ойымша, граф Монте-Кристо дәнеңе де білмейді, — деп беріспеді Данглар ханым,әйтпесе, шамалауымша, бізбен дәл бұлай жақындасуға тырысатын не жөні бар.
— Адам баласының өштігінде шек болмайды, — деді Вильфор, — жаратқанның кеңшілігін де ол сан орап алады. Оның бізбен сөйлескендегі көзіне зер салдыңыз ба?
— Жоқ.
— Ал, өзіне бұрын-соңды байыптап қарап көрдіңіз бе?
— Әрине, өзі бір түрлі қызық адам, болған-біткені сол ғана. Мен бір нәрсеге қайран қалдым: керемет талғаммен дайындатып, бізді сыйлаған дәмінен өзі ауыз тиген жоқ, татып алмады, тегі.
— Иә, иә, — деді Вильфор, — оны мен де байқадым. Осы білгенімді сонда білсем ғой, мен де іліп аузыма салмас ем; онда бізді улағалы отыр екен деп ойлап қалатын едім мен.
— Көрдіңіз бе, онда қателескен болар едіңіз.
— Оныңыз рас, әрине; бірақ сөзіме бағыңыз, ол кісінің жоспарлары басқа. Сізді көріп, әңгімелеспек болғаным да, жұрттың бәрінен де, оның ішінде, ең бастысы — содан сақтаныңыз деп ескертпек болғаным да сондықтан. Өзіңіз айтыңызшы, — деп сөзін сабақтай түсті Вильфор, баронессаға бұрынғыдан бетер тесіле қарап, — біздің ара қатысымыз жайлы ешкімге тіс жарған жоқсыз ба?
— Ешқашан да ешкімге сыр шашқан емен.
— Қазымырланып кетсем ғафу етерсіз, — деп сөзін соза берді. Вильфор жайма-шуақ қалпы, — менің ешкімге дегенім, демек жер бетінде тірі пендеге тіс жармау деген сөз, ұқтыңыз ба?
— Иә, иә, түсінгенде қандай, — деді баронесса қызарып, — ешқашанда, ант ішуге бармын!
— Күндіз не болып, не қойғанын кешке қағазға түсіріп отыратын әдетіңіз жоқ па еді? Күнделік жазбаушы ма едіңіз?
— Жоқ. Бар өмірім қарбаласпен өтіп барады: өзімнің де жадымда қалған ештеңесі жоқ.
— Ал, түсіңізде ұйқысырап сөйлемейсіз бе?
— Ұйқым сәбидің ұйқысындай. Немене, ұмытып қалдыңыз ба?
Баронесса қып-қызыл боп кетті де, Вильфор өң жоқ, түс жоқ қуқылдана түсті.
— Иә, ол рас, — деді ол естілер-естілмес қана.
— Сонымен не болды? — деді баронесса.
— Сонсоң ба? Енді не істейтінімді өзім білемін, — деп жауап қатты Вильфор. — Арада апта өтер-өтпесте-ақ әлгі Монте-Кристоның кім екенін, өзінің қайдан пайда болғанын, енді қайда баражағын, өзінің бағынан баланы қазып алғаны жайлы әңгімені неге айтпады екен, бәрін де бес саусағымдай білетін боламын.
Вильфордың қазіргі үнін естісе, графтың өзі де шошып селк те ете қалар еді.
Сонсоң баронессаның өзіне құлықсыз созған қолын қысты да, ілтипат білдіріп, есікке дейін шығарып салды.
Данглар ханым енді басқа бір фиакр жалдады да, пассажға жеткен соң, арғы бетте өзін күтіп экипажы мен делбеші тұғырында қаннен-қаперсіз қалғып отырған көшір күймесін тауып алды.
XI. ШАҚЫРУ
Дәп сол күні, шамамен, жоғарыда біз суреттеген қабылдау кезінде, Данглар ханым король прокурорының кабинетінде отырған мезгілде Эльдер көшесімен келе жатқан бір күйме №27 үйдің қақпасынан енді де, ауланың ішіне кіріп тоқтады.
Күйменің есігі ашылды да, ішінен ұлының сүйемелдеуімен де Морсер ханым шықты.
Анасының қолтығынан сүйеп бөлмесіне ұзатып салды да, дереу ванна мен аттарды әзір қылуға әмір берді; ал камердинері киіндіріп болған соң, мені Елисей Далаңына, граф Монте-Кристоға жеткіз деп жарлық етті.
Граф оны қашанғы әдетінше жадырай қарсы алды. Бір таңданарлық жәйт, — осы адамның қалауынша көңілін тауып, жүрегін тебірентудің мүмкін еместігі. Былайша айтқанда, оның еркінен тыс етене жақын болғысы келген адамның әрқашанда еңбегі еш кететін.
Бірден құшағын жая ұмтылған Морсер онымен бетпе-бет келгенде іркіліп қалды да, графтың жымия күліп қарсы алғанына қарамастан тек қол созып, амандасуға ғана дәті барды.
Ал Монте-Кристо болса, бұрынғы қалпынша тек мұның қолына қолын тигізді де қойды, қысқан жоқ.
— Мінеки, мен де кеп жеттім, қымбатты граф, — деді Альбер.
— Хош келдіңіз.
— Келгеніме бір-ақ сағат болды.
— Дьепптен бе?
— Трепордан.
— Е, солай екен ғой.
— Алдымен сізге тартып кеттім.
— Мұныңыз тіпті жақсы болған, — дегенді Монте-Кристо кез келген жай ғана сөздің біріндей самарқау айтты.
— Ал, не жаңалық бар, айта отырыңыз?
— Жаңалық дейсіз бе? Оны сіз мына менен, келімсектен, сұрап тұрсыз ба?
— Түсінбей қалдыңыз; менің шаруамды қайттіңіз дегенді айтқым келіп еді.
— Сіз маған шаруа тапсырып па едіңіз? — деп сұрады Монте-Кристо, абыржыған кісі болып.
— Жарайды, қойыңызшы, тым аңқаусымай-ақ, — деді Альбер. — Бірін-бірі жақсы көрген адамдар алыста жүріп-ақ сезеді екен деседі; сөйтіп мен Трепорда электр тогын сезінгендей болдым; әрине сіздің маған ешқандай жақсылық істемеуіңіз ықтимал, бірақ мен туралы ойлағаныңыз рас.
— Ол мүмкін нәрсе, — деді Монте-Кристо. — Шынында да, сіз туралы ойлап едім, бірақ өткізгіші өзім болған магниттік ток, адалын айтайын, менің еркімнен тысқары әсер еткені.
— Солай ма? Ендеше қалай болғанын айтсаңызшы.
— Оп-оңай. Данглар қонақ боп кетті менде.
— Оны білемін; өйткені, анашым екеуміз солармен ұшырасып қалмайық деп кеттік қой.
— Бірақ ол түстікте Андреа Кавалькантимен бірге болды.
— Сіздің итальян князіңізбен бе?
— Тым асырып айтпау керек. Андреа өзін бар болғаны виконт деп қана атайды.
— Солай атай ма?
— Дәп солай.
— Ол виконт емес қой?
— Мен оны қайдан білем? Ол өзін осылай атайды, сосын мен де солай атаймын, өзге жұрт та солай атайды, — тіпті ақиқат виконт бола қалған күнде де, онда тұрған не бар, бәрібір емес пе?
— Соны ғой айтып отырсыз! Сонсоң!
— Немене, сонсоң?
— Данглар сізде қонақта болды ғой?
— Иә.
— Сіздің виконтыңыз Андреа Кавальканти да қонақ болды ғой?
— Виконт Андреа Кавальканти, оның әкесі — маркиз, Данглар ханым, Вильфор әйелімен болды және жайсаң жігіттер — Дебрэ, Максимиллиан Моррель сосын... тағы кім еді? Тұра тұрыңыз... ah, иә, Шато-Рено екен ғой.
— Мені әңгіме еткен жоқ па?
— Ләм-мим деген жоқ.
— Обалы өздеріне.
— Неге олай дейсіз? Ұмытпасам, сізді естерінен шығарғанын қалаған өзіңіз едіңіз ғой, міне, дегеніңіз болды да қойды.
— Қымбатты граф, егер ауыздарына алмаса, демек, мен туралы көп ойлағаны, ал менің арқама аяздай бататыны да осы.
— Сіз туралы ойлағандардың ішінде мадемуазель Данглар болмаған соң бәрібір емес пе? Иә, айтпақшы, сіз туралы ол кісі үйінде отырып ойлауы кәдік.
— О, бұған келгенде, көңілім баяғыдай; тіпті, мадемуазель мені ойлаған күнде де, менің оны ойлағаным тәрізді боп шығары кәміл.
— Бұларыңыз адам таңқаларлық екен! —деді граф. — Онда сіздер бір-біріңізді жек көретін болдыңыздар ғой?
— Көрдіңіз бе, — деді Морсер, — егер мадемуазель Данглар менің азап шеккеніме, әрине, ол үшін запыран құсып жүрген мен жоқ, жаны ашитын болғанда, сөйтіп, біздің екі үйдің адамдары келісіп қойған неке шарттарын белінен басып, менің көңілімді аулаған күнде өз басым керемет ризашылық білдірер ем. Тоқетерін айтсам, мадемуазель Данглардан сүйкімді ашына шығар еді деп санаймын, ал зайыбың ретінде, тәйір алсын...
— Өзіңіздің болашақ жарыңыз жөніндегі пікіріңіз жетісіп тұр екен, — деді күліп Монте-Крйсто.
— Біраз тұрпайылау айтылғаны ақиқат, әлбетте; бірақ нағыз шындық. Ал жаңағы арманға қол жеткізу мүмкін емес, — сөйтіп, белгілі бір мақсатты орындау үшін мадемуазель Данглар менің әйелім болуы шарт, яғни менімен отасуы, менімен бірге ой толғауы, ән салуы, музыкамен шұғылдануы, менен он қадам жерде отырып өлең шығаруы және өмір-бақи көз алдымда болуы керек. Осыны ойласам төбе шашым тік тұрады. Ашынаңмен айрылысып кетуге де болады, бірақ әйелің деген, сайтан алсын, басқа мәселе; жақын жүрсің бе, алыс жүрсің бе, бәрібір, одан мәңгі ажырай алмайсың. Ал мадемуазель Данглармен, тіпті, алыста жүріп те, мәңгі жұп болу дегенді ойлағанның өзінде аза бойың қаза тұрады.
— Сіздің көңіліңізді табу қиын, виконт.
— Оныңыз рас, өйткені, көбіне-көп, қол жетпесті армандаймын.
— Ол қандай арман?
— Мәселен, әкемнің тапқан жарындай жарым болса деймін.
Монте-Кристоның өңі қашып кетті, тамаша екі пистолетті қолында ойнатып, құлағын қайта-қайта басқан күйі Альберге қарап қойды.
— Сіздің әкеңіз өте бақытты ма? — деп сұрады ол.
— Білесіз бе, граф, өз анам туралы менің қандай пікірде екенімді: нағыз періште сол. Өзіңіз де көрмейсіз бе: әлі күнге дейін жүзінен бір нұры таймаған, қашанғы сол ақылға кең қалпы және одан асқан мейірбан жан таппайсыз және. Біздің Трепордан қайтып оралғанымыз әлгінде ғана; жалпы, ұлы үшін анасына еріп жүруіне мүсіркеушілік жасау, не шарасыздан көну деген сөз; мен ол кісінің қасында, жападан-жалғыз төрт күн болдым, ал осы уақыт ішінде, мен сізге айтайын, Трепорға Королева Мабты18 яки болмаса Титанияны19 алып барсам, өзімді мұншалық бақытты һәм сергек сезініп, көңілім мұншалық шалқымас еді.
— Ондай асыл адамды көргенде амалсыздан күйзелуің мүмкін; сізді тыңдап отырғанда шынымен-ақ өмірден бойдақ өткің келеді.
— Пәленің бәрі сонда жатыр, — деп сөзін сабақтады Альбер. — Жер бетінде осындай асылзаданың барын біле тұрып, мадемуазель Дангларға үйленуге әсте құштар емен. Бізге біткен өзімшілдіктің қолымыздағы барды айрықша жарқыратып көрсететініне бұрын-соңды зер салып көргеніңіз бар ма? Марленің немесе Фоссеннің витринасында көздің жауын алып тұрған гауһар өзіңіздікі болғаннан кейін бұрынғыдан бетер құлпыра түспек. Құдай салмасын, егер одан таза асылы бар екеніне көзіңіз жетсе және соны біле тұрып нашарын тағып жүрсеңіз — одан өткен қорлық бар ма?
— О, фәни тірлік! — деп күбірледі граф.
— Міне, сондықтан да, мадемуазель Эжени менің түкке тұрғысыз болмашы ғана атом екеніме, өзінің миллиондарымен салыстырғанда менің жүз мыңға жетер-жетпес франкым жұмырына жоқ болмайтынына мадемуазель Эжени кәміл сенген күні төбем көкке жетпекші.
Монте-Кристо мұны естігенде күлімсіреді.
— Рас, басымда бір ой қылаң берген болатын, — деп Альбер сөзін жалғастырды. — Франц, зады, адам таңғаларлық нәрсені жақсы көреді; мен оны мадемуазель Дангларға ғашық болуға мәжбүр етсем деп едім. Өтірікті шындай ғып, мадемуазельді мадақтап оған төрт хат жазып ем, бірақ Франц та берісе қоймай: «Өз басым елде жоққа әуес екенім рас, сөйтсе де, өз сөзімді өзім жұта алар жайым жоқ», — деп жауап қайырғаны.
— Miнe, жанқияр дос деген осы: өзіне тек ашына болуға ғана татиды деп санайтынын досына әйел ғып ал деп ұсынады.
Альбер жымиып қойды.
— Айтпақшы, — деп ол сабақтай түсті сөзін, — біздің сүйікті Франц қайтып келмекші; сіз оны жақтырмайтын сияқты едіңіз ғой?
— Мен бе? — деді Монте-Кристо, — ғафу етерсіз, қымбатты виконт, мен жек көреді дегенді қайдан шығардыңыз тағы? Мен жұрттың бәрін де жақсы көремін.
— Оның ішінде мен де бармын ғой... Рақмет сізге.
— Бар ұғымдары бір-бірімен шатастырмайық, — деді Монте-Кристо. — жұрттың бәрін жақсы көргенде, жаратқанның өзі бізге жақын-жуықты сүюге жазғандықтан, христианға тән мейірбаншылықпен жақсы көремін. Бірақ иттің етінен жек көретіндерім некен-саяқ қана. Одан да, Франц д’Эпинеге қайта оралалық. Жуықта қайтып оралады дедіңіз бе әлгінде?
— Иә, оны Вильфор шақыртқан. Мадемуазель Эжениді күйеуге беруге асыққан Данглар сияқты Вильфор да мадемуазель Валентинаны құтты орнына қондыруға құштар тәрізді ме, қалай. Бір ақиқаты сол — бойжеткен қызың болу деген қиямет болса керек; бұдан жанын қоярға жер таппаған әкесінің қан тамыры минутына тоқсан рет соғады, да, қызынан құтылғанша сол қалпынан танбаса керек.
— Бірақ д'Эпине мырза, байқауымша, сізге ұқсамайды; бұл жағдайда ол сабыр сақтап төзулі.
— Ол ол ма, Франц бұған кәміл сенулі; мойнынан ақ галстугын тастамайды, өзінің семьясы жайлы сөз қозғайды мұқым. Оның үстіне Вильфорды қатты құрмет тұтады ол.
— Меніңше, құрмет тұтуға татитын шығар?
— Тегінде, Вильфорды қатал, бірақ әділ деседі.
— Құдайға шүкір, — деді Монте-Кристо, — байғұс Данглар сияқты сіз кекеп-мұқамай ауызға алатын бір адам табылды-ау ақыры.
— Мүмкін, бұл оның қызына үйленуге тиіс болмағандығымнан шығар, — деді, Альбер күліп.
— Сіз кесірлі кердең екенсіз, қымбаттым, — деді Монте-Кристо.
— Мен бе?
— Иә, сіз. Жарайды, сигар алыңыз.
— Әбден болады. Ал неге сіз мені кердең дейсіз?
— Олай дейтін себебім, өзіңізді-өзіңіз қызғыштай қорып, мадемуазель Дангларға үйленуге келгенде қарысып отырып аласыз. Сізге, абзалы, бұл мәселеге араласпаған. Өз уағдасынан таятын бірінші адам, тіпті де сіз болмауыңыз ықтимал.
— Ал керек болса! — дегенде Альбердің көзі атыздай болды.
— Бәтір-ау, сіздерді зорлап қосар деп пе едіңіз, сайтан алғырды! Жарайды, енді тыңдаңыз, виконт, — деп жалғады сөзін Монте-Кристо, байыпты қалыпқа көшіп, — шынымен, кетіспек ойыңыз бар ма?
— Бұл үшін бодауына жүз мың франк берген болар едім.
— Ендеше қуана беріңіз. Дәл осы үшін Данглар екі есе төлеуге дайын.
— Шынымен бе? Міне, бақыт! — деді Альбер; деуін десе де жүзін кіреуке тұтқандай болды. — Сөйтсе де, қымбатты граф, Данглардың бұған себеп-бәлегі бар шығар?
— Міне, тәкаппарлық пен өзімшілдік дегенің осы! Адамның табиғаты қашаннан солай — өзгенің шамына тию үшін балта ала жүгіруге әзір де, өзінің шамына иненің ұшы тиіп кетсе, аттан салады.
— Жоға! Бірақ менің байқауымша, Данглар...
— Сіз дегенде өліп-тірілуге тиіс пе еді, солай ма? Бірақ Данглардың талғамы нашар екені баршаға мағлұм, сондықтан да, оның өліп-өшіп жақсы көрген адамы басқа...
— Онысы кім екен?
— Ол жағын білмедім; өзіңіз байқап, аңысын аңдып жүріңіз, ишара-тұспалын аңғарып қалуға тырысыңыз, соны ішке түйе біліңіз.
— Хош, оныңызды ұқтым. Біле жүріңіз, менің анам... жоқ, нақтырақ айтсам, менің әкемнің балға шақыратын ойы бар.
— Жылдың бұл мезгілінде бал бере ме?
— Қазір жазғы бал — мода.
— Тіпті, мода да болмай-ақ қойсын, графиняның зауқы соқса болды да — модаға еніп шыға келеді.
— Жаман айтпадыңыз. Ұғасыз ғой, бұл кәдімгі Парижге тән бал; кімде-кім июль айында Парижде қалса — әне, нағыз париждіктер солар. Балға шақыратыныңызды Кавальканти мырзаларға құлақтандыра салмайсыз ба?
— Бал қашан болмақшы?
— Сенбіде.
— Оған дейін майор Кавальканти кетіп қалады ғой.
— Бірақ Кавалькантидің баласы осында. Бәлки, сіз оны ерте келерсіз?
— Білер болсаңыз, виконт, мен оны танып жарымаймын.
— Білмейсіз бе?
— Жоқ; оны өмірімде бірінші рет осыдан төрт күн бұрын көрдім, ол үшін ешқандай жауап бере алмаймын.
— Бірақ сіз оны қабыл алып жүрсіз ғой?
— Менің жөнім басқа; ол жөнінде маған кепілдік берген бір қадірмен аббат болатын, кім білген, оның да қателесуі мүмкін ғой. Егер оны өзіңіз шақырсаңыз, тіпті жақсы; ал маған ыңғайсыз-ақ және аяқ астынан ол шіркін мадемуазель Дангларға үйленіп қалғандай болса, сіз жатып кеп мені жазғырасыз да, жекпе-жекке шақырып жүрерсіз; басқаны былай қойғанда, менің өзімнің де онда болар-болмасым белгісіз.
— Қайда?
— Сізде болатын балда.
— Неге олай дейсіз?
— Себебі, біріншіден, сіз әлі мені шақыра қойған жоқсыз.
— Мен деген сізді арнайы шақыру үшін келіп отырмын ғой.
— О, мұны сіздің тарапыңыздан көрсетілген үлкен құрмет деп білемін. Сөйтсе де босамай қалуым ықтимал.
— Мен қазір сізге бір уәж айтсам өзіңіз де ол шаруаңызды қоя тұратын шығарсыз.
— Ендеше айтыңыз.
— Бұл өтінішті айтқан менің анам еді.
— Графиня де Морсер ме? — деп сұрады Монте-Кристо селк ете қалып.
— Анамыздың менен сыр бүкпейтінін сізден жасырмауға тиіспін, граф. Әлгінде өзім айтқан жүрек қылыңыз осындайда дір етпес, тегі, мүлде оның болмағаны да; себебі, осы төрт күн ішінде біздің бар әңгімеміз сіз болдыңыз.
— Мен бе? Сіз мені ұялтқалы тұрсыз.
— Несі бар, ол заңды да: өйткені, сіздің тұрған бойыңыз жұмбақ.
— Япыр-ай, сіздің анаңыз да мені жұмбақ адамға жори ма? Мен ол кісіні қисынсыз қиял ауанымен кетпейтін парасатты адам деп білуші ем!
— Иә, солай, қымбатты граф, жұрттың бәріне де, сондай-ақ менің анама да сіз жұмбақ көрінетініңіз рас және жұрттың күллісі мойындаған, бірақ шеше алмаған жұмбақ; ештеңеге қам жемеңіз, сіз әлі шешілмеген мәселе боп тұрсыз. Анашым тек сізді қалайша әлі күнге дейін жас болуы мүмкін деп сұрай береді ылғи. Графиня Г. сізді лорд Рутвен екен деп қалды ғой, сол сияқты іштей ол кісі сізді не Калиостро не граф Сен-Жермен20 екен деп қалды-ау деген ойдамын. Алғаш жүздескенде-ақ де Морсер ханымның көзін бұған кәміл жеткізесіз. Бұл сіз үшін сөз емес, өйткені сіздің әрі дару тасыңыз бар, әрі оның үстіне ақылға кең адамсыз.
— Ескерткеніңізге рақмет, — деді граф жымиып, — сіздің ойыңыздан шығуға тырысып бағармын.
— Сонымен, сенбі күні келетін болдыңыз ғой?
— Иә, де Морсер ханым өтінген соң барамын да.
— Мұныңыз табылған ақыл.
— Ал, Данглар ше?
— О! Оны үш мәрте шақырттық; бұл жауапкершілікті әкей өз мойнына алды. Біз ұлы д'Агрессоның21 өзін, яғни де Вильфор мырзаны шақырып алуға күш салып жатырмыз; бірақ бұл жағы әлі неғайбыл.
— Үмітсіз шайтан деген мәтел бар ғой.
— Сіз білмейсіз бе, граф?
— Мен бе?
— Иә, сіз. Егер сіз билесеңіз бұл бір адам таңғаларлықтай жай болар еді.
— Иә, шынында да, қырыққа шейін... Жоқ, билемеймін; Бірақ өзгелердің билегенін ұнатамын. Ал де Морсер ханым билей ме?
— Ол кісі де билемейді; әңгіме-дүкен құрып отырарсыздар, өзі де сізбен сөйлесуге құмар-ақ!
— Қойыңызшы.
— Имандай шыным! Және анашымның сөйлесуге ниет еткен бірінші адамы сіз екенін жасырмай-ақ қояйын.
Соны айтып, Альбер қалпағын алды да орнынан тұрды; граф оны шығарып салды.
— Өкініп келе жатқаным, — деді ол, Альберді подъездың сатысында бөгеп:
— Неменеге?
— Өзімнің жеңілтектігіме. Сізбен Данглар жайында сөз қозғамауым керек еді.
— Қайта бұдан да көбірек айтыңыз әңгімені, жиірек сөйлесіңіз, — Бірақ тек осы сарында болсын.
— Бәрекелде, көңілім енді орнына түсті. Айтпақшы д'Эпине қашан оралмақшы?
— Бес-алты күннен соң, одан кешікпес.
— Ал тойы қашан болмақ?
— Сен-Меран мырза мен Сен-Меран ханым келісімен.
— Келісімен маған ертіп келіңізші. Оны жек көресіз деп мені қанша мойындатпақ болсаңыз да бәрібір, өзімен жүздесуге қуаныштымын.
— Құп болады, әміршім, дегеніңізді екі етпеймін.
— Сay болыңыз.
— Қайткен күнде де сенбіде келесіз ғой, солай ма?
— Әрине! Сөз бердім ғой.
Граф Альбердің соңынан қарап тұрып, қол бұлғап қоштасты. Мейман күймесіне отырысымен, граф кейін бұрылып қарап еді көзіне Бертуччо түсті.
— Иә, сонымен не болды? — деп сұрады граф.
— Ол кісі сотта болды, — деп жауап қайырды іс басқарушы.
— Ұзақ болды ма?
— Бір жарым сағат болды.
— Ал, содан кейін үйіне оралды ма?
— Тура тартты.
— Хош. Енді, қымбатты Бертуччо, — деді граф, — Нормандияға сапар шегіп кетуге, онда сізге өзім айтқан кішкене поместьеңді іздеп табуға кеңес бермекпін.
Бертуччо иіліп тағзым етті; қожайыннан алған жарлығы өзінің көңіл қалауымен тура бір жерден шыққан соң, ол сол күннің кешінде-ақ жүріп кетті.
XII. ІЗДЕУ САЛУ
Вильфор Данглар ханымға, тіпті оған емес, ең бастысы өзіне-өзі берген уәдесін орындап, Отейльдегі үйде болған оқиғаны граф Монте-Кристоның қайдан білгенін анықтауға тырысып бақты.
Ол дәп сол күні, бір кезде түрме инспекторы болып істеп, кейін шені жоғарылап, тыңшы полицияға жұмысқа ауысқан де Бовиль дегенге хат жолдады. Де Бовиль қажетті мәліметтерді кімнен алуға болатынын ақыр-тақыр анықтау үшін екі күнге мұрсат беруін өтінді.
Арада екі күн өткенде, Вильфордың қолына мынадай хат кеп тиді:
«Граф Монте-Кристо есімді адам, оқта-текте Парижге соғып кететін, ол қазір осында жүрген, шетелден келген бай лорд Уилмордың жақын танысы және шапағатты ісімен Шығысқа мәшһүр болған сицилиан священнигі, аббат Бузониге де мағлұм боп келеді».
Бұдан кейін Вильфор осы шетелдіктер туралы нақты мәлімет жинауға дереу жарлық берді. Ертеңгі күннің кешіне жарлығы орындалды да; сондағы оның білгені мынау болды.
Парижге бар-жоғы бір айға келген аббат Сен-Сюльпис шіркеуінің желкесіндегі екі қабатты шағын үйде тұрады екен; мұнда небәрі төрт бөлме бар, екеуі төменде, екеуі жоғарыда; бұл үйде аббаттан басқа ешкім тұрмайтын боп шықты.
Төменде жаңғақ ағашынан істелген столы, орындықтары, буфеті, асхана, қонақжай бар, мұның қабырғалары ағашпен қапталып ақ түске боялған, ешқандай безендірілмеген және не кілемі, не жар сағаты жоқ. Тегінде, аббат күнделікті өмірде артық-ауыс сән-салтанатты жақтырмайтын кісі болса керек.
Рас, аббат көбіне екінші қабаттағы қонақжайда болады екен. Бұл бөлме қонақжайдан гөрі кітапханаға келіңкірейді, дін ілімі жайлы бықыған кітаптан, қолжазбалардан айналып болмайды, камердинердің айтуынша аббат ылғи осында айлап отырады екен.
Камердинер есіктегі кішкене тесіктен қарап, егер келген адамдар бейтаныс болса немесе түр-түсі өзіне ұнамаса аббат мырза Парижде жоқ деп қайтара салады екен, аббаттың ылғи сапарда жүретінін, кейде ұзақ уақыт болмайтынын білетін жұрттың көпшілігі бұған пәлендей таңырқамаса керек.
Бірақ аббат үйде болсын-болмасын, не Парижде жүрсін, не болмаса Каирде жүрсін, бәрібір, ғарып-ғасірлерге дәйімі қарайласып тұрады екен, есіктерде жасалған тесіктер арқылы камердинер қожайынының атынан жоқ-жітіктерге қайыр-садақа таратып отырады екен.
Кітапханамен іргелес қума бөлме — ұйқыжай. бөлменің ішінде шымылдықсыз кереует, төрт кресло және утрехт барқытымен қапталған диван мен аналой тұр, міне, бар жиһазы осы ғана.
Ал лорд Уилморға келсек, ол Фонтен-Сен-Жорж көшесінде тұрады екен. Бар байлығын ел аралап, сапар шегуге жұмсайтын турист-ағылшындардың бірі боп шықты.
Жалға алған мебельмен жабдықталған пәтерінде күніне екі-үш сағаттан артық болмайды екен, оқта-текте қонып кететіні болса керек. Бұл кісінің бір қызық мінезі французша сөйлеуден ат-тонын ала қашады екен, бірақ өзі, жұрттың айтуынша, французша тамаша жазады-мыс.
Осынау бағалы мағлұматтар король прокурорының қолына тиген күннің ертесіне Феру көшесінің бұрышына тоқтаған күймеден түсіп қалған бір адам кеп, жасыл-сарғыш түсті есікті қағып, аббат Бузониды сұрады.
— Аббат мырза таңертең шығып кеткен, — деп жауап берді камердинер.
— Мен, тегі, мұндай жауапқа қанағаттана алмайтын шығармын, өйткені, мені жіберген адам ондайды мойындамайды. Сөйтсе де, марқабат етіп, аббат Бузониге мынаны табыстай салыңыз...
— Мен ол кісі үйде жоқ дедім ғой, — деп қайталады тағы да камердинер.
— Олай болса, келгесін мына карточка мен жабық пакетті бересіз. Ал бүгін кешкі сегізде аббат мырзаны үйден табуға болар ма екен?
— Әлбетте, сударь, тек ол кісі жұмысына кірісіп кетпесе деңіз; ал жұмысқа бір кірісіп кетсе үйде жоқ десе де болады.
— Жарайды, онда кешқұрым айтылмыш уақытта қайтып келермін, — деді әлгі кісі.
Соны айтып жайына кетті ол.
Айтса айтқандай, уағдалы уақытында кешкісін әлгі бейтаныс сол күймемен қайтып келді, бірақ бұл жолы Феру көшесінің бұрышына аялдамастан тура жасыл есіктің көзіне келіп бір-ақ тоқтады. Келіп сырттан тықылдатып еді, есік ашылып, кідірместен ішке енді.
Камердинердің ілтипат көрсете қарсы алғанынан өзінің қалдырған пакетінің ойлаған жерден шығып, ықпал жасағанын іштей сезе қойды.
— Аббат мырза өзінде ме? — деп сұрады бейтаныс.
— Иә, кітапханада жұмысымен шұғылданып отыр, бірақ ол сізді күтемін деген, сударь, — деп түсіндірді камердинер.
Әжептәуір тік басқышпен жоғары көтерілген бейтаныс, ала көлеңке бөлмеде, орта ғасыр ғұламаларының басына киетін күләпарасына ұқсас күләпарасы бар священник киімін киіп абажадай қалпағы бар шамның жарығымен самаладай жарқыраған стол жанында отырған аббатты көрді.
— Мен Бузони мырзамен сұқбаттасып тұр ма екем? — деді келген адам.
— Иә, сударь, — деп жауап қатты аббат, — ал сіз — бұрынғы абақты инспекторы де Бовиль мырзаның полиция префектісінің атынан маған арнайы жіберген кісісі боларсыз?
— Сол кісі едім, сударь.
— Париждің тыңшы полициясы агенттерінің бірі болатын шығарсыз?
— Иә, сударь — деп сәл күмілжи тіл қатты келген адам; өзі ептеп қызарайын деді.
Көзі былай тұрсын самайына шейін көлегейлей жапқан дағарадай көзәйнегін түзеп қойып, аббат қайта кеп орнына отырды, келген кісіге де отыруға марқабат етті.
— Құлағым сізде, сударь, — деді аббат, бесенеден белгілі итальян акцентімен.
— Маған жүктелген бұл іс, сударь, — деді келген кісі әр сөзін зорға айтып тұрғандай шегелей сөйлеп, — жауапкершілік жүктеген адамы үшін де, сондай-ақ белгілі мақсатпен бағытталған адамы үшін де сенім білдіретін іс.
Аббат үнсіз бас изеді.
— Ал, — деп сөзін соза түсті келген адам, — аббат мырза, сіздің ақыл-парасатыңыз полиция префектісі мырзаға әбден аян, сол себепті де ол кісі, ресми адам есебінде тыңшы полицияға қажетті мағлұмат берер деген оймен сізден жәрдем күтеді, сөйтіп, сол мекеменің атынан мені өзіңізге жұмсап отыр. Сондықтан достық қарым-қатынастарыңыз да, жеке басыңыздың мүддесі де әділ заңнан ақиқатты жасырып қалуыңызға себеп болмас деген үміттеміз.
— Әрине, сіздің білгіңіз келген нәрсе менің ар-ұжданыма дақ түсірмейтін болса болғаны да. Мен священникпін, сударь, мәселенки, тәубеге келген пенде баласының мінәжаты тек маған және жаратқанның өзіне ғана мәлім болмақ, оны менің және адамзат әділ сотының сарабына салуға қақым жоқ.
— О, бұған қам жемеңіз, аббат мырза, — деді келген кісі, — қайткен күнде де арыңыз таза боп қаларына біз кепіл.
Мұны тыңдап отырған аббат абажурдың бір жақ шетін басып қалып еді, екінші жағы көтеріліп өткір сәуле келген адамның бетіне түсті, ал аббаттың бет-жүзін ала көлеңкеде адам байқай алар емес.
— Кешірерсіз, сударь, — деді полиция префектісінің өкілі, — өткір сәуледен көзім ауырады.
Аббат абажурдың жасыл қалпағын төмен түсірді.
— Енді, сударь, құлағым сізде. келген шаруаңызды айтыңыз.
— Енді соған келейін. Сіз граф Монте-Кристомен таныссыз ба?
— Сіз Дзакконе мырзаны айтып отырсыз ба?
— Дзакконе дейсіз бе?.. Ол кісінің аты-жөні Монте-Кристо емес пе еді?
— Монте-Кристо жердің аты, нақтырақ айтсақ, жартастың аты, ол ешқандай да фамилия емес.
— Жарайды, сіздің қалауыңыз білсін; демек, Монте-Кристо мен Дзакконе екеуі бір адамның аты болып шыққаннан кейін оған бола дауласпай-ақ қоялық.
— Сөзсіз екеуі бір адам.
— Дзакконе мырза жөнінде әңгімелессек.
— Қалауыңыз білсін.
— Әлгінде сізден оны білесіз бе деп сұрап ем.
— Бек жақсы білемін.
— Кім өзі?
— Мальталық кемелі байдың баласы.
— Иә, оны естігем; жұрт солай деседі; өзіңіз де түсінетін шығарсыз, полиция «деседі» дегенге қанағаттана алмайды ғой.
— Алайда, — деп қарсылық білдірді аббат, жайдары жымиып, — егер «деседі» дегендері ақиқат болып шықса, өзге әлеумет сияқты полицияның да қанағаттануына тура келер.
— Сөйтсе де, осы айтқаныңыздың ақиқатына көзіңіз жете ме?
— Көзіңіз жете ме дегеніңіз қалай?
— Ұқсаңыз, сударь, сіздің адал сөзіңізге шек келтіріп отырған жоқпын, тек осыған сенімдісіз бе деп сұрағаным ғой.
— Айтпақшы, мен Дзакконе әкейді білуші ем.
— Солай деңіз!
— Тіпті, бала күнімде оның ұлымен верфьтерде талай ойнағаным бар.
— Ал, оның графтық титулы ше?
— Е, оны сатып та алуға болады.
— Италияда ма?
— Барлық елде де.
— Ал, дәулеті мол деседі ғой өзінің, әлгі жұрт айтқандай...
— Енді бұл ақиқат сөз, — деді аббат, — шынында да, шалқар дәулеті бар.
— Ал сонда сіздің ойыңызша, шамамен қанша дейсіз?
— Нобайы жылына жүз елу-екі жүз мың ливр болса керек.
— Е, олай болса имантаразы екен, — деді келген кісі, — әйтпесе, үш, тіпті төрт миллион дегенді айтып жүр.
— Жылына екі жүз мың ливр түсім деген сөз, сударь, тұпа-тура төрт миллиондық капитал боп шығады.
— Бірақ жылына үш не төрт миллион түсім түседі екен деседі ғой, тегі!
— Жоға, олай болуы мүмкін емес!
— Сөйтіп, сіз оның Монте-Кристо аралын да білесіз бе?
— Сөз бар ма; Палермодан, Неапольден немесе Римнен Францияға теңізбен сапар шеккендердің бәрі де біледі мұны: кемелер аралдың жанынан өтеді.
— Жерұйық десіп жүр ғой?
— Бұл өзі жартас.
— Граф жартасты сатып алып қайтеді?
— Граф болудың амалы да, Италияда граф болу үшін әлі де графтық иелігің болуы шарт.
— Дзакконе мырзаның бозбалалық хикаяларынан, бәлки, сіздің естіген-білгендеріңіз бар шығар?
— Әкесінің бе?
— Жоқ ұлының.
— Дәп осыған көзім жете бермейді, өйткені, сол бозбала кезінде одан көз жазып қалып едім.
— Өзі соғысқа қатысқан ба?
— Байқауымша, әскери қызметте болған.
— Қай әскерде?
— Флотта.
— Сіз оның священнигі емессіз бе?
— Жоқ, сударь; ол лютеранин болса керек.
— Лютеранині қалай?
— Meн «болса керек» деп отырмын; дәп солай дей алмаймын. Мен Францияда қандай дінді қабылдаса да ерікті деп ойлаушы ем.
— Әлбетте солай; және қазір де бізге оның қандай дінде екені қажет емес, іс-әрекетін білу қажет. Полиция префектісі мырзаның атынан сізден сұранатыным: ол кісі туралы не білесіз, соның бәрін айтып берсеңіз.
— Оны аса қайырымды адам деседі. Шығыс христиандарына сіңірген айрықша қызметі үшін біздің әулие әкеміз папа оны Христ орденімен наградтады, бұл награда, задында, тек өте-мөте айрықша адамдарға ғана берілетін. Талай патшаларға, әртүрлі мемлекеттерге көрсеткен қызметі үшін алған бес яки алты жоғарғы ордені бар оның.
— Оларын таға ма өзі?
— Жоқ, бірақ мақтан тұтады; адамзат баласын жалмаушыларға емес, жарылқаушыларға берілетін наградалар маған көбірек ұнайды дейді өзі.
— Ендеше бұл мырза квакер болғаны ғой?
— Дәп солай, квакер екені рас; басына кең жиек қалпақ үстіне қоңыр сүртік кимейді бірақ.
— Ал достары бар ма?
— Бар, танитындардың бәрі онымен дос.
— Сонда да дұшпаны жоқ емес шығар?
— Жалғыз-ақ.
— Аты кім?
— Лорд Уилмор.
— Ол қайда қазір?
— Парижде.
— Ендеше, граф туралы мағлұмат бере ала ма маған?
— Бағалы мағлұмат бере алады. Үндістанда Дзакконе екеуі бір мезгілде болғаны бар.
— Оның қайда тұратынын білесіз бе?
— Әйтеуір, Шоссе-д'Антен жақта; бірақ не көшесін, не үй нөмірін анық білмеймін.
— Ол ағылшынды сіз жақтырмайсыз ба?
— Мен Дзакконені жақсы көремін, ал ол болса лордты иттен бетер жек көреді; сол себепті онымен мен де дүрдаразбын.
— Сіз қалай ойлайсыз, аббат мырза, Парижге келген бұл сапарынан бұрын граф Монте-Кристо, сірә, Францияда болды ма екен?
— Жоқ, сударь, мен мұны нақты білетінім рас. Францияда ешқашан болған емес, осыдан жарты жыл бұрын қажетті мағлұмат жинамақ болып менен көмек сұрағаны бар. Сонда өзімнің Парижге қашан баратынымды білмегендіктен оған Кавалькантиді жұмсаған едім.
— Андреа ма?
— Жоқ, әкесі Бартоломеоны.
— Әп-бәрекелде, енді сізге қоятын жалғыз-ақ сауалым бар және сізден талап етерім — арыңыздың алдында, адамға сүйіспеншілік һәм дін алдында маған ешқандай бұлталақсыз жауап берсеңіз.
— Құлағым сізде.
— Граф Монте-Кристо Отейльдегі үйді не мақсатпен сатып алғанын білесіз бе?
— Әрине, мұны маған өзі айтқан.
— Не мақсатпен?
— Палермода барон Пизанидің ашқан жындыханасы сияқты аурухана жасамақ ойы бар. Сіз ол аурухана жайлы хабардар ма едіңіз?
— Естуім бар.
— Бұл бір тамаша мекеме.
Осыны айтқанда аббат келген кісіге иіліп тағзым етіп, істеп отырған жұмысын одан әрі жалғастырмақ ниеті барып ұқтырғысы келген сыңай танытты.
Аббатың ойын мейманы ұқты ма, әлде беретін сұрақтары таусылды ма, кім білсін, әйтеуір орнынан көтерілді.
Аббат оны есікке дейін ұзатып салды.
— Сіз қайыр-садақаны тым аста-төк береді екенсіз, — деді келген кісі — қанша дәулетті адам деген атағыңыз болғанымен, мен де сіздің жарлы-жақыбайларыңызға бірдеңе тастап кетсем деп едім, қабыл алар ма екенсіз?
— Алдаразы болсын, сударь; бұл жалғандағы қастерлейтін жалғыз нәрсем — істейтін жақсылығымды тек өз қолыммен ғана істеу.
— Сөйткенмен де...
— Бұл менің біржола бекіген шешімім. Алайда, сударь, іздеңіз, іздесеңіз сіз де табасыз. Амал не әр дәулетті адамның жолшыбай көретіні тек қайыршылық қой!
Аббат есікті ашып, тағы да иіліп қоштасты, мейман да онымен иіліп қоштасып шығып кетті.
Экипаж оны тұп-тура Вильфорға жеткізді.
Бір сағаттан кейін сол экипаж тағы да ауладан шығып, Фонтен-Сен-Жорж көшесіне қарай бет алды. Содан №5 үйдің тұсына кеп бір-ақ тоқтады. Лорд Уилмор дәп осы үйде тұратын.
Бейтаныс мейманның қабылдау сұрап жазған өтінішіне лорд Уилмор кешкі сағат онда кездесуге келісім берген болатын. Полиция префектісі мырзаның өкілі онға он минут қалғанда келіп еді, оған лорд Улимор әлі келе қойған жоқ, бірақ сол кісі айтса болды, айтқаны айтқан, уақытында, тура онда келетіні кәміл десті.
Келген адам қонақжайда тоса тұрмақ болды.
Бұл қонақжайдың да мебельмен жабдықталған үйлердің кәдуілгі қонақжайларынан ешқандай да айырмасы жоқ екен. Камин үстінде жаңадан шығарылған екі севр вазасы, садағын тартып жатқан амур бейнеленген сағат, екі жармалы айна тұр, оның екі жағында екі гравюра бар екен: бірінде өзінің жетекшісімен келе жатқан Гомер бейнеленген де, екіншісінде қайыр сұрап тұрған Велизарий22 бейнеленген; қабырғада жапсырылған сұрғылт түсті қағазда сұрғылт сурет көрінеді; қара өрнегі бар қызыл мауытымен қапталған мебель, — міне, лорд Уилмордың қонақжайының көрінісі осындай болатын.
Қонақжайға күңгірт шыны шарлардан әлсіз жарық сәуле түсіп тұр, жанары жасыған полиция префектісі өкілінің жағдайын алдын ала ойластырғандай құдды.
Мейман он минут тосып отырған соң сағат онды соқты; сағат тілі бесінші мәрте соққан мезетте есік ашылып, қонақжайға лорд Уилмор келіп кірді.
Лорд Уилмор әжептәуір бойшаң адам екен, жирен самай шашы сиреген, өңі ақ құба, ақ сары шашына бурыл кірген. Өзі таза ағылшын мәнерінде киінген: үстінде мақта матадан пішілген алтын түймесі бар биік жағалы көк фрак, тегінде мұндайды 1811 жылдары киетін және ақ каземир жилет пен ақ панталон; панталоны өзіне тым қысқа екен, сол түстес матадан жасалған балақтауы болмағанда шолтиып тізесіне шығатын түрі бар.
Лордтың кіре сала айтқаны:
— Менің французша сөйлемейтінімнен хабардар ма едіңіз, сударь? — болды.
— Біздің тілімізде сөйлегенді жақтырмайтыныңызды білемін әйтеуір, — деп жауап берді оған полиция префектісінің өкілі.
— Бірақ сіздің французша сөйлей беруіңізге болады деп үстеді лорд Уилмор, — өйткені, өзім сөйлемесем де бәрін түсінемін.
— Ал менің, — деп қарсылық білдірді келген адам басқа тілге көшіп, — сізбен сұқбаттасарлық шамам бар, ағылшынша жап-жақсы білемін. Маған бола қысылмаңыз, сударь.
— О! — Мұны тек нағыз британдарға тән ырғақпен айтты лорд Уилмор.
Полиция префектісінің өкілі лорд Уилморға өзінің кепілхатын ұсынды. Британдарға тән енжарлықпен хатты аяғына шейін оқып шыққан ол:
— Түсініп тұрмын, тамаша түсініп тұрмын, — деді ағылшын тілінде.
Келген кісі сауал қоя бастады.
Оның берген сұрақтарының аббат Бузониге қойған сұрақтардан айырмасы жоқ десе де болғандай еді. Бірақ граф Монте-Кристоға жаны қас адам болғандықтан, лорд Уилмор аббат сияқты ұстамдылық жасап жатпады, сондықтан да қайырған жауабы ұзақ-сонарға кетті. Ол Монте-Кристоның жас кезі жайлы әңгімелей қеліп, оның он жасынан бастап, өмір-бақи Англиямен жауласып өткен үндістің ұсақ әміршілерінің біріне қызмет еткенін баяндады. Уилмор онымен сонда ұшырасыпты, екеуі екі жақтан қатысып бір-біріне қарсы соғысыпты. Сол соғыстың кезінде Дзакконе тұтқынға алынады да, блокшивке қамап, Англияға жөнелтілген жерінен қашып шығып, жүзіп құтылып кетеді. Осыдан кейін-ақ сан-санат сапарлары, дуэльдері, қисапсыз махаббат дағуасы басталыпты. Грецияда көтеріліс бұрқ ете қалғанда, Монте-Кристо грек әскерінің қатарында болады. Сонда жүргенде Фессал тауларынан күміс кенінің көзін табады ойда жоқта, табуын тапқанымен бұл жалпы еш пендеге сыр шашпайды. Навариннен23 соң, грек үкіметі күшіне мінген соң, Оттон корольден24 кен қорын пайдалануға кеңшілік етуін өтініп, рұқсат алады. Содан бастап адам айтқысыз байып кетеді; лорд Уилмордың сөзіне қарағанда, граф жылына бір миллионан екі миллионға дейін таза түсім тауып, отырады екен, Бірақ кеніш қоры бітіп қалса, граф та ә дегенше жерге қарап қалуы кәдік.
— Францияға келген себебін білмедіңіз бе? — деді келген адам.
— Теміржол құрылысында алыпсатарлық жасамақшы, — деді лорд Уилмор, — оның үстіне өзі тәжірибелі химик және өте жақсы физик, телеграфтың жаңа түрін ойлап тауып, енді соны жүзеге асырмақ ойы бар.
— Шамамен жылына шығыны қанша екен? — деп сұрады полиция префектісінің өкілі.
— Бес жүз не алты жүз мыңнан аспас, — деді лорд Уилмор, — сараң адам ғой.
Ағылшынның мұның бәрін өшпенділікпен айтып отырғаны бесенеден белгілі болды, енді басқаша жамандаудың ретін таппай графқа сараң деп жала жапқан түрі мынау.
— Оның Отейльдегі үйіне байланысты не хабарыңыз бар.
— Хабардармын, әрине.
— Не білгеніңіз бар?
— Қандай мақсатпен сатып алды деп сұрап тұрсыз ба?
— Иә.
— Бұл граф дегеніңіз — алыпсатар, сөз жоқ, күндердің күнінде тәжірибелері мен бос қиялы мұның түбіне жетеді: енді ол Отейльде, өз үйіне тақау жерде, Баньерде-Люшонның не болмаса Котренің шппалы суынан бір де кем түспейтін арасан суының көзі бар дегенді шығарыпты. Осы үйінде немістер айтқандай, Badehaus жасамақшы. Әлгі айтқан арасан суының көзін таппақ боп, өзінің бағын үш мәрте қопарып қазып шықты, сонда да ештеңе шығара алған жоқ, сол себепті, көріңіз де тұрыңыз, көп ұзамай маңайындағы үйлердің күллісін сатып алады әлі. Оған қаным қас болғандықтан, не теміржолының, яки электрлі телеграфының, не болмаса бұлау емханасының қырсығынан жұтап қалғанын бір көрсем деген үмітім бар. Қайда барса да соңынан қалмастан өкшелеп жүрмін, әйтеуір, түбі бір тақыршаққа отырары кәміл, сонда бір табаламақпын бәлемді.
— Неге оған өшіктіңіз? — деп сұрады келген адам.
— Өшіккен себебім, — деп жауап қатты лорд Уилмор. — Англияда болғанда бір досымның әйелінің басын айналдырып алғаны бар.
— Ал, егер сонша өштескен болсаңыз, неге кегіңізді қайтармайсыз?
— Е, мен графпен үш рет жекпе-жекке де шыққанмын, — деді ағылшын, бірінші жолы пистолетпен атыстық, екінші жолы сапы сілтестік, үшінші жолы ат үстінде шайқастық.
— Сөйтіп бұл дуэльдеріңіз немен тынды ақыры?
— Бірінші жолы қолымды күл-парша қылды, екінші жолы өкпеме сапы сұғып алды, ал үшінші жолы қалдырған жарақаты мынау.
Ағылшын құлағына дейін жетіп тұрған көйлегінің жағасын қайырып, тыртығын көрсетті, әлі де қанталап тұрғанына қарағанда жуырда түскен жарақат болса керек.
— Сөйтіп, оны атарға оғым жоқ, — деп таптай түсті ағылшын, — ақыры ажалы менен болады оның.
— Е, оған шейін біраз уақыт өтетін шығар, — деді полиция префектісінің өкілі.
— О, — деп ыңыранды ағылшын, — күн сайын тирге барып жүрмін, ал күн ара маған Гризье кеп тұрады.
Келген адамның білгісі келгені осы болса керек, нақтырақ айтсақ, ағылшынның бар білгені осымен тамамдалса керек. Сондықтан агент орнынан түрегеліп, лорд Уилморға тәжім етті, үй иесі де ағылшынға тән сыпайы қалпымен қоштасқан соң, үйден шығып кетті.
Оның соңынан сыртқы есіктің сарт етіп жабылғанын естіген лорд Уилмор өзінің ұйқыжайына барды да, қас пен көздің арасында әлгі ақ сары шашымен, жирен түсті жақ сақалымен, алмалы-салмалы тістерімен, жаңа біткен тыртық жарасымен қоштасып, лезде қара шашты, қоңырқай өңді, маржандай тістері жарқыраған кәдімгі граф Монте-Кристо кейпіне түсе қалды дереу.
Бір қызығы, де Вильфор мырзаның да үйіне қайта оралған адам полиция префектісінің өкілі емес, нақ де Вильфор мырзаның өзі болатын.
Көңіліне үлкен медет тұтардай ештеңе біліп жарымаса да, аса қауіптенердей де дәнеңеге көзі жетпеген соң осы екі кездесуден кейін король прокуроры кәдімгідей сабасына түсіп сабыр тапқандай-тын.
Соның арқасында Отейльдегі қонақасыдан кейін тұңғыш рет тыныш ұйықтағаны да осы түн.
XIII. ЖАЗҒЫ БАЛ
Күн артынан күн өтіп, Морсердің үйінде бал болатын сенбі күні де өз кезегімен жеткен кезде июль айының қайнап тұрған шағы болатын.
Кешкі сағат он мұғдары-тұғын; бар тәнін жұлдыз жапқан көк жүзінің ажарын ашып, әлгінде басылған нажағайдан қалған белгі — соңғы бұлттар етекке сырғып бара жатқанда, граф бағының нән ағаштары аспан аясында анық бой көрсетіп еді.
Төменгі қабаттағы залдан музыка үні, вальске үйіріле билеген жұптардың шат-шадымен дауыстары естіледі, кереге көз терезе қақпасынан жарық сәуле тысқа шашырай түсіп тұр.
Бақ ішінде ондаған малай абыр-сабыр боп жүр, күн райының бұрынғыдан да жақсара түскенін көріп көңілі енді ғана жайланған осы үйдің бибісі жаңа ғана кешкі асты осы бақта дайындауға тәртіп берген еді оларға.
Кешкі тағамды асханада берген жөн бе әлде, көгалдағы үлкен қалқаның астында отырып іше ме, мұны осыған шейін анық шешкен жоқ-ты. жұлдыздары жымыңдаған шайдай ашық аспанды көргенде барып дәмді көгалда беретін болды.
Бақтың аллеяларында итальяндардың салты бойынша түрлі-түсті шағын фонарьлар жағылған; дастарқан байлығынан ныспы хабары бар елдердің жоралғысын жасап, үстелдер гүлдермен, майшамдармен безендірілген; сән-салтанаттың дәл мұндай асып кеткен түрі шығын-тоғайда бір кездесері хақ.
Графиния де Морсер соңғы жарлықтарын беріп болып, қонақжайға оралған кезде бөлмелер келген меймандарға тола бастаған екен. Оларды бұл шаңыраққа тартып тұратын графтың биік мансабы емес, графиняның елден ерек қонағуарлығы болатын; Мерседестің ғажайып талғамының арқасында бұл бір айта жүретіндей, әрі тағылым-өнеге аларлық бал болатынына баршасы да кәміл сенімді еді.
Жоғарыда біз баян қылған оқиғалардан кейін запы боп қалған Данглар ханым де Морсер ханымға қонаққа барар-бармасын білмей дал болды; содан, ертесіне ханымның күймесі Вильфордың күймесімен жолда ұшырасып қалғаны бар емес пе. Белгі беріп, екі күймені бір-біріне тақау келтірген соң, күйме терезесінен король прокуроры:
— Де Морсер ханымда болатын шығарсыз? — деп сұрады.
— Жоқ, — деп тіл қатты Данглар ханым, — тым жайсызданып тұрғаным.
— Оныңыз бекер, — деп келіспеді Вильфор, Данглар ханымға мәніспен көз тастап, — сізді жұрттың ол үйден көргені жөн-ақ болар еді.
— Сіз солай ойлайсыз ба? — деп сұрады баронесса.
— Бұған сенімім кәміл.
— Ендеше барам.
Сонсоң екі күйме екі жаққа ажырап кете барды. Сөйтіп, онсыз да табиғатынан көрікті Данглар ханым балға үлде мен бүлдеге бөленіп, жарқырап келді. Баронесса қонақжайдың табалдырығынан аттай бергенде, қарсы беттегі есіктен Мерседес енген.
Данглар ханымды қарсылауға графиня Альберді жұмсады. Баронессаны қарсы алған виконт оның сән-салтанатына орай, реті келіп тұрған соң бірер ауыз мадақ сөзін айтып, қалаған жеріне апарып отырғызбақ болып қолын ұсынды.
Осы сәтте Альбердің өзі біреуді көзімен іздеп тұр еді.
— Менің қызымды жоқтап тұрсыз ба? — деп жымия сұрады баронесса.
— Ашығын айтсам, іздегенім рас, — деді Альбер, — оны қалдырып кетсеңіз, қатыгездік жасаған екенсіз.
— Оған қам жемеңіз, мадемуазель де Вильфорға кезігіп қалды да, екеуі бірге жүреміз десті; көрдіңіз бе, әне, бізді өкшелей кеп қалды олар да, екеуі де ақ көйлек киген. Біреуінің қолында бір шоқ камелия, ал екіншісінің бір шоқ ботагөз гүлі бар; десе де сізден сұрайын дегенім...
— Сіз де біреуді іздеп тұрсыз-ау деймін? — деп сұрады Альбер күлімсіреп.
— Граф Монте-Кристо келмеуші ме еді?
— Он жеті! — деп жауап қатты Альбер.
— Ол не деген сөз?
— Оның мәнісі, — деді виконт күліп, — сіз осымен ол кісіні сұрап тұрған он жетінші адамсыз деген сөз. Графтың жолы болғыш-ақ!.. Құттықтаса да болғандай екен...
— Сонда сіз жұрттың бәріне де жауапты осылай бересіз бе?
— Аһ, ғафу етіңіз, сізге әлі жауап қайырмаған екем ғой. Алаң болмаңыз, сударыня, жұрттың бәрін іңкәр қылған кісі келеді, келемін деп ілтипат білдірген.
— Кеше Операда болдыңыз ба?
— Жоқ.
— Ол кісі сонда болды.
— Міне, қалай? Бұрынғы ғадетіне басып, тағы да ойламаған жерден жұртты таңырқатқан жоқ па?
— Өйтпесе граф бола ма? Эльслер «Ақсақ әзәзілде» билеп жүрген, албан князінің қызы дән риза болды. Качугадан кейін граф бір шоқ гүлді әдемі шығыршықтан өткізіп, биші қызға қарай атып жіберсін, бұған тәнті болған биші үшінші актыда сол шығыршықты ұстап шықты емес пе сахнаға. Айтпақшы, оның албан княжнасы де келе ме?
— Жоқ, оны көре алмайтын болдыңыз: княжнаның граф үйіндегі жай-жапсары бізге беймағлұм.
— Сіз енді мені қоя тұрып, де Вильфор ханыммен барып сәлемдесіңіз, — деді баронесса, — сізбен сөйлескісі келіп тықыршып тұрғанын байқаймын.
Альбер Данглар ханымға иіле тағзым етті де, сөйлесуге сонадайдан емеурін танытқан де Вильфор ханымға қарай аяңдады.
— Бәстесуге бармын, — деді Альбер оның алдын орап, — не айтқалы тұрғаныңызды мен білемін.
— Шынымен бе?
— Егер үстінен түссем, мойындайсыз ба?
— Әрине.
— Шын ба?
— Шын.
— Сіз менен граф Монте-Кристо осында ма немесе ол келе ме деп сұрағалы тұрсыз.
— Жоға. Қазір оны ойлап тұрған жоқпын. Менің сұрайын дегенім, сіздің Францтен не хабар білетініңіз еді.
— Иә, кеше одан хат алғанмын.
— Не депті?
— Хат салған күні жолға шығамын депті.
— Тамаша. Жарайды, енді графтың жайын айтыңыз.
— Алаң болмаңыз, граф келеді.
— Оның есімі тек Монте-Кристо ғана емес екенін білуші ме едіңіз?
— Жоқ, онысын білмеуші едім.
— Монте-Кристо — аралдың аты, бұдан басқа оның фамилиясы және бар.
— Ешқашан да естіген емеспін.
— Демек, мен сізден гөрі біліңкірейді екем онда: оның аты-жөні — Дзакконе.
— Мүмкін.
— Өзі мальталық екен.
— Ол да ықтимал.
— Кемелі байдың баласы екен.
— Егер де осының бәрін өз аузыңыздан жар қылсаңыз жұртты қайран қалдырар едіңіз.
— Үндістанда қызмет етіпті, Фессалияда күміс рудниктері бар екен, Парижге келген мақсаты Отейльде арасан суымен емдейтін орын ашпақ көрінеді.
— Құдай ақы, жаңалықтың көкесі осы болды! — деді Морсер. — Мұны жұртқа айтуыма рұқсат етесіз бе?
— Рұқсат, бірақ та бірден бәрін айтпай, аз-аздан айтыңыз және мен айтты демеңіз.
— Неге?
— Өйткені, мұны біреулердің тың тыңдап біліп алған құпиясы десе де болғандай.
— Кім олар?
— Полиция.
— Демек, сонда сөз болған ғой...
— Кеше кешкісін префектіде. Өзіңіз де түсінесіз ғой, оның елден асқан сән-салтанатын көрген Париждің есі шықты емес пе, содан полицияның сұрастырып білгені ғой.
— Ол солай ғой! Енді тым бай деп, еркін жүргені үшін графты абақтыға қамау ғана қалып тұр.
— Ақиқатын айтар болсақ, әлгі жиналған мағлұматтар жайсыз болып шыққанда, ол да болмай қалмайтын еді.
— Байғұс граф! Өзіне мұндай қатер төнгенін ғой ол білмейді!
— Білмесе керек.
— Олай болса графты ескертіп қойған мақұл болар. Келісімен сөйтейін мен.
Осы кезде бұлардың жанына көзі жайнаған қара торы жас жігіт келіп, де Вильфор ханымға ізет білдіре бас изеді. Альбер онымен қол алысып амандасты.
— Сударыня, — деді Альбер, — сізге Максимилиан Моррельді, спаги капитанын, біздің даңқты, ең бастысы ержүрек офицерлеріміздің бірін таныстыруды өзіме мәртебе деп білем.
— Моррель мырзамен Отейльдегі граф Монте-Кристоның үйінде танысып та қойғанбыз, — деп де Вильфор ханым кейіс қабақ білдіріп, сырт айналды.
Мына сөзден кейін, әсіресе, де Вильфор ханымның үнінде ызғар жатқанын аңғарып, амалсыз жасып қалған Моррель бишара, іле-шала бұрыла жүргенде есіктен кіріп келе жатқан ақ көйлекті қызды көріп, қөңілі қайта марқайып қалды, қыздың бейкүнә аялы жанары өзіне қадалғанын байқады ол; сол қадалған қалпы қолындағы бір шоқ ботагөз гүлін ақырын ғана ерніне тигізді.
Бұл ишараны үнсіз ұғып, ұққанын көзімен сездіре Моррель де қол орамалын ерніне тигізді, кеудеде жүректері лүпілдей соққан күйі тұрып қалған осынау екі тірі тас мүсін шалқар залдың екі шетінде тұрып есеңгіреген халде, нақтырақ айтсақ, өзге дүниені мүлде ұмытқан күйде еді.
Осы кезде залға граф Монте-Кристо кіріп келмегенде, бір-біріне елти қараған екі жас осылай тұра берер ме еді, кім білсін; оны өзге жұрт аңғармай да қалатын-ды.
Туа біткен болмаса, жүре біткен қасиет пе, кім білсін, әйтеуір, қайда болса да граф жұрттың назарын бірден өзіне аударатын. Әйтсе де, өзгенің назарын өзіне аударатын нәрсе оның үстіндегі, қанша мінсіз тігілген болса да, ордендерін тақпай киген фрагы да, не болмаса ешқандай өрнексіз ақ жилеті де, яки, оқтай түзу аяғына сыптай боп, құп жарасып тұрған панталоны да емес-ті. Жұрттың назарын өзіне еріксіз тартатыны графтың қоңырқай өңі, толқын атқан қара шашы, ашық жүзі, мұңлы тұңғиық көзқарасы, жақтырмаған адамына менсінбей қарағаны беп-белгілі боп көзге ұрып тұратын ерні еді.
Меймандардың ішінде одан әдемі еркектер болғанымен, бейнелеп айтар болсақ, назар аударуға арзитыны жоқтұғын. Графтың ақылға кең, сезімі терең адам екені сырт көзге бірден байқалатын, дәйімі ой үстінде жүргеннен бет пішінінде, көзқарасында, ең ақыры қыбыр еткен қимылында да айрықша парасат, саралық бар.
Егер де шалқыған байлықтың әсерімен жұртты елең еткізген мұнда әлдеқандай бір құпия сыр жатпаса, жарықтық біздің Париж қауымы мұның ешқайсысын мүлде байқамаған да болар еді.
Қалай болғанда да, өзіне әуестікпен жапырлай қарасқан көген көздері мен жамырай амандасқан қалың жұртты қақ жарып граф де Морсер ханымға қарай беттеді; гүлге бөленген каминнің алдында тұрған графиня да есіктің қарсысындағы ілулі айнадан графтың келгенін көріп, қарсы алуға дайындалды.
Алдына келіп ізет білдіріп, тағзым еткен графқа баяу жымия бұрылып қарағаны да сол әзірліктің әсері.
Де Морсер ханым граф өзі сөз бастайды екен деп қалса керек, граф та оның тіл қатқанын тосып тұрса керек, әйтеуір, екеуі де ләм-мим деместен сол қалпы тұрып қалды; жадағай сөзбен осынау бір киелі сәттің қадірін түсіреміз деп қорыққан сыңайы бар екеуінің де. Графинямен бас изеп сәлемдесіп болған соң, Монте-Кристо өзіне құшағын жая ұмтылған Альберге қарай аяңдады.
— Де Морсер ханымды көріп те қойдыңыз ба? — деп сұрады Альбер.
— Сәлемдесіп, жүздескенім жаңа ғана, — деді граф, — Бірақ әкеңізді әлі көргенім жоқ.
— Әне тұр, көрдіңіз бе? Атақты үлкен адамдардың шағын тобымен саясат жайлы кеңес қозғап тұр.
— Осынау мырзалардың бәрі де атақты адамдар ма, шынымен? — деді Монте-Кристо. — Білсем бұйырмасын! Сонда атағы немен шыққан адамдар бұлар? Өзіңізге мәлім, атақты болудың түрі көп қой.
— Олардың бірі ғалым, анау ұзын бойлы, арық кісіні айтамын: Римнің маңынан кесірткенің ерекше бір түрін тапқан; сөйтсе, өзге кесірткелерден оның бір омыртқасы артық екен; ашқан жаңалығы туралы Ғылым академиясында баяндама жасады. Бұл жаңалық үлкен талас тудырды, бірақ түптің түбінде осы ұзын бойлы, арық мырза жеңіп шықты. Әлгі артық омыртқа ғылым әлемінде қырғын шу жасады; ұзын бойлы арық мырза бұрын тек құрметті легионның кавалері болатын, енді офицер кресі бар.
— Несі бар, — деді Монте-Кристо, — меніңше, еңбегі сіңген-ақ екен, ал егер енді тағы бір омыртқа тапса оны командор жасай ма?
— Әбден мүмкін, — деді Альбер.
— Ал мына біреуі, үстіндегі көк түсті жасыл кестелі оғаш фракті ойлап тапқанды айтам, кім өзі?
— Фрактің мұндай түрін киейін деп ойлап тапқан өзі емес; бұған Республика кінәлі: баршаға мәлім, оның көркемдік талғамы керемет еді ғой; академиктерге мундир кигізбек ниетпен, арнайы костюмнің кескін-пошымын сызуды Давидке25 тапсырған болатын.
— Солай деңіз, — деді Монте-Кристо, — ендеше бұл мырза академик болғаны ғой?
— Ғалымдардың сондай бір ерек тобына енгеніне бір апта боп қалды.
— Оның сіңірген қандай еңбегі бар, мамандығы қандай?
— Мамандығы дейсіз бе? Ол үй қояндарының басына түйреуіш сұғып, тауықтарды маренамен жемдеп, киттің мұртымен иттің жұлынын ұңғитын болса керек.
— Сол еңбегімен Ғылым академиясына алынған ба?
— Жоқ, француз академиясына деңіз.
— Бұған француз академиясының не қатысы бар?
— Сізге мұны қазір түсіндіріп берейін, жұрттың айтуынша...
— Оның әлгі тәжірибелері ғылымды тым ілгері апарып тастаған ғой, солай ма?
— Ол тамаша жазатын көрінеді.
— Онысы, тегінде, бұл кісі басына түйреуіш сұққан үй қояндарына, сүйегін қызылға бояған тауықтарға және жұлынын ұңғыған иттерге көрсеткен үлкен қошеметі шығар.
Альбер бұған қарқылдап күлді.
— Ал мына кісі ше? — деп сұрады граф.
— Қайсысын айтасыз?
— Бер жағынан үшіншісі.
— А, көк фрак кигенді айтасыз ба?
— Иә.
— Бұл — әкейдің әріптесі. Жуырда ол Пэрлер палатасының мүшелеріне мундир берілуіне қарсы ашына сөйлеген. Бұл мәселе бойынша сөйлеген сол сөзі жұрттың назарын аударды; бұрын либералшыл баспасөзбен қырғиқабақ болып жүретін. Бірақ сарай ниетіне шын жүректен наразылық білдіруі оны сол баспасөзбен қайта табыстырды. Елші ғып тағайындайды-мыс десіп жүр өзін.
— Ал, оның пэрлікке қандай құқы бар?
— Екі-үш күлдіргі опера жазған, «Ғасыр» газетінің бес-алты акциясы бар және бес жыл ма, алты жыл ма министрлікті жақтап дауыс берген.
— Бәрекелде, виконт! —деді күліп Монте-Кристо. — Ғажап чичероне екенсіз өзіңіз, енді сізге бір өтініш жасағалы тұрмын.
— Қандай?
— Мені бұл мырзалармен таныстырмай қоя тұрсаңыз, ал өздері танысуға ниет білдіріп жатса, алдын ала мені ескерте салсаңыз.
Осы кезде әлдекім келіп өзінің қолынан ұстағанын аңғарды граф, бұрылып қарап еді, Дангларды көрді.
— Ах, барон, бұл сіз бе едіңіз? — деді ол.
— Мені неге барон деп атадыңыз? — деді Данглар. — Бұл титулыма пәлендей мән бермейтінімді білуші едіңіз ғой. Ал виконт, сіздің жөніңіз басқа, әрине; сіз бұл лауазымды қастер тұтасыз ғой, солай емес пе?
— Әлбетте, — деп жауап қатты Альбер, — өйткені, виконт лауазымымынан айырылсам, онда ешкім болмағаным, ал сіз, барон титулымен қоштассаңыз да бәрібір миллионер боп қала бересіз ғой.
— Меніңше, бұл Июль монархиясы кезіндегі ең жақсы титул, — деп қарсыласты Данглар.
— Қырсыққанда, — деді Монте-Кристо, — барон, Францияның пэрі болмаса, академик сияқты миллионер дегеніңіз адамға мәнгілік берілген атақ емес; бұған Франкфурт миллионері Франк пен Пульманың тағдыры дәлел бола алады, екеуі де бүгін банкрот болды.
— Не дейді? — деді Данглар өңі қашып.
— Иә, бұл хабарды бүгінгі курьер жеткізген, олардың банкінде менің миллион қаралы қаржым жатқан болатын, бірақ мені дер кезінде ескерткендіктен, осыдан бір ай бұрын төлеуін талап еттім.
— Аһ, сайтан алсын, — деді Данглар. — Маған екі жүз мыңға вексель аударған болатын олар.
— Енді сіз де ескертілдіңіз ғой, олардың қойған қолының құны бес процент.
— Оныңыз рас, Бірақ мен тым кеш біліп қалдым ғой, — деді Данглар. — Олардың вексельдері бойынша төлеп жіберіп едім.
— Ендеше, — деді Монте-Кристо, — бұл екі жүз мың франкіңіз де сол бұрынғы шығынның аяғын құшып...
— Ш-ш! —деп оның сөзін бөлді Данглар, — бұл жайлы... әсіресе, кіші Кавалькантидің көзінше айта көрмеңіз, — деп үстеді сонсоң банкир Монте-Кристоға таяй түсіп, содан кейін жақын тұрған жас жігітке күлімсірей бұрылды.
Графты Данглардың қасында қалдырды да, Альбер анасымен сөйлесуге кетті. Кавалькантидің ұлымен амандаспақ боп Данглар да өз жайына кетіп, граф бір сәтке жалғыз қалды.
Бұл кезде қонақжайдың іші адам төзгісіз қапырық болатын.
Малайлар жеміс-жидек пен балмұздақ толы поднос тасып қапылып жүр.
Жіпсіп, терлеген бетін қол орамалмен сүртінген Монте-Кристо салқын сусыны бар поднос таяй бергенде, қол созбай тайқып кетті.
Де Морсер ханым Монте-Кристоны көзінен таса қылмай қадағалаумен болды. Подноспен әкелген сусыннан оның татып алмағанын да көріп тұрды графиня, тіпті, шегініп жол бергеніне шейін байқап қалды.
— Альбер, — деді ол, — сен не аңғардың?
— Нені айтасыз?
— Әкең түстікке қанша шақырса да, граф қабыл алған емес.
— Сөйтсе де, ертеңгі тамаққа маған келген болатын, біздің қауымға араласуының да басы сол еді.
— Сенде болғаны граф де Морсерде болғаны емес қой, — деп сыбырлады Мерседес, — осында келгелі бері одан көз айырған емеспін.
— Әлі бір дәм ауыз тиген емес.
— Онда не тұр?
— Граф тым ұстамды кісі.
Мерседес мұңая жымиды.
— Қазір қасына бар да, подносты таяу әкелген кезде дәм алуын өтін.
— Оның қажеті не, анашым-ау?
— Осы сөзімді жерге қалдырмашы, Альбер, — деді Мерседес.
Альбер анасының қолын сүйді де, графқа тартты.
Поднос таяу келгенде де Морсер ханым Альбердің қошемет көрсетіп дәм алуын қоймастан өтінгенін, тіпті, балмұздағы бар құтыны алып графқа өз қолымен ұсынғанын, бірақ мейманның көнбей қойғанын сырттай бақылап тұрды.
Альбер қайтып оралғанда графиняның өңі құп-қу болатын.
— Әне, көрдің бе, — деді анасы, — ауыз да тимеді ғой.
— Ол рас, бірақ оған неменесіне қиналдыңыз?
— Біле білсең, Альбер, әйел деген қызық халық қой. Егер граф менің үйімде дәм ауыз тигенде, тіпті, анардың дәнін талғаса да жаным жай табар еді. Кім білген, бәлки, ол француз тамағын жақтырмайтын шығар, не болмаса талғамы айрықша бөлек шығар.
— Тіпті де олай емес, Италияда ол ешқандай да тамақ талғаған жоқ; бүгін, тегі, сырқаттанып тұрған болса керек.
— Оның үстіне, — деді графиня, — өмір-бақи ыстық елдерде жүргендіктен, ыстыққа біздей шыдамсыз емес шығар?
— Олай болмас; өйткені граф қапырық екен деп қиналып, терезелерді ашқан соң, қақпағын да қоса ашса қайтер еді, — деді.
— Шынында да, — деді Мерседес, — осының бәрін ол әдейі істеп тұр ма екен, оны анықтаудың тәсілін таптым мен.
Соны айтып де Морсер ханым қонақжайдан шығып кетті.
Арада бірер минут өткенде, терезе қақпалары шалқасынан ашылды, енді терезелердің алдында өсіп тұрған жасмин мен ломонос бұталарының арасынан шағын аспа шамдармен жарқырап тұрған күллі бақты, қалқа астындағы құрулы столды түгел көруге болатын еді.
Жұп-жұп боп билеп жүргендер де, карта ойнап жатқандар да, әңгіме-дүкен құрып тұрғандар да мұны көріп, қуанғаннан жамырай шуласып, бөлмеге лап қойған таза ауаны кеуде кере жұтып рақаттанып қалды бәрі.
Осы сәтте бұрынғыдан бетер өң жоқ, түс жоқ Мерседес қайта кірді бөлмеге, түрі сол әлденеге тәуекел етіп, бекінген қалпы; графиняның басында бұл ілуде-шалу болатын жағдай.
Ол бірден күйеуін қоршап тұрған топқа қарай беттеді.
— Қонақтарымызды бұл жерде бөгемеңіз, граф, — деді де Морсер ханым. — Егер карта ойнамайтын болса, қапырық бөлмеде тұншыққанша, бақта таза ауа жұтқанды жөн көретін шығар өздері де.
— Сударыня, — деді 1809 жылы «Сирияға аттаналық» деп әндеткен қарт генерал қиылып, — баққа біз өздігімізден бармаймыз.
— Жарайды, — деді Мерседес, — ендеше өзім бастайын.
Сонсоң Монте-Кристоға бұрылып қарап:
— Марқабат етіп, граф, маған қолыңызды беріңізші, — деді.
Осы жай ғана сөздің өзінен граф шалқасынан түсе жаздады; іле-шала Мерседеске қадала қарады ол. Бұл жай оты жарқ ете қалардай бір мезет қана болғанымен, графиня үшін мәңгілік боп көрінді, өйткені Монте-Кристоның бұл қарасында терең мәніс жатқан-тұғын.
Ол графиняға қолын ұсынды, ал графиня оған сүйенген қалпы, нақтырақ айтсақ, құрттай қолының ұшын тигізер-тигізбес күйінде, рододендрон мен камелия көмкерген тас басқыштардың бірімен төмен түсті екеуі.
Бұлардың соңынан осы басқышпен де, көршілес басқышпен де шат-шадыман, мәз-мейрам болған жиырма шақты адам бақта серуен құрмақ боп ентелей лап қойды.
XIV. ТҰЗ-ДӘМ
Де Морсер ханым қасындағы серігін теплицаға баратын жасыл жөкелі аллеяның ішімен алып жүрді.
— Қонақжай тым қапырық, солай емес пе, граф? — деді ол.
— Иә, сударыня, барлық есіктер мен терезе қақпаларын ашқызу ойыңызға келгені — табылған ақыл болды.
Сөйлеп келе жатқан граф Мерседестің қолы дірілдегенін аңғарып қалды.
— Мына жеңіл көйлекпен, иығыңыздағы жалғыз торғын орауышпен тоңып қалмас па екенсіз? — деді ол.
— Сізді қайда ертіп келе жатқанымды білесіз бе? — деді графиня әлгі сауалды аяқсыз қалдырып.
— Жоқ, сударыня, — деп жауап қатты Монте-Кристо. — бірақ өзіңіз де байқап келесіз, қайда апарсаңыз да қарсы емен.
— Осы аллеяның шетінде көрінген сонау оранжереяға барамыз.
Ештеңе ұқпаған граф Мерседеске қарап еді, бірақ ол үн-түнсіз жүре берген соң, Монте-Кристо да ләм-мим деген жоқ.
Екеуі теплицаға кеп жетті, іші небір тамаша жеміске тұнып тұр екен; біздің жақтағы жеткіліксіз күн көзінің жылуын жоқтатпай, қажетті температурада ұстағандықтан июльдің бас шенінде-ақ жемісі пісіп үлгеріпті.
Графиня Монте-Кристоның қолын босатты да, жүзім сабағына таяу барып, бір шоқ мускат үзіп алды.
— Алыңыз, граф, — деп мұңая жымиғаны сондай, көзінен ыстық жас қазір ыршып кететін тәрізді еді. — Әрине, біздің француз жүзімі сіздің Сицилияның немесе Кипрдің жүзімдерінің шеніне бармайтынын да білемін, сөйтсе де, біздің терістіктің бишара күніне аяушылық жасарсыз деп үміттенем.
Граф иіле тағзым етіп, бір қадам кейін шетінді.
— Менің меселімді қайтармақсыз ба? — дегенде Мерседестің даусы жарықшақтана шықты.
— Сударыня, — деп ақталды Монте-Кристо, — сізден жалынып ғафу өтінемін, ғұмыры мускатты аузыма алған емес едім.
Мерседес күрсініп жүзім шоғын тастай салды.
Келесі қатарда жүзім сияқты оранжереяның қолдан берілген жылуымен өскен тамаша шабдалы пісіп тұрған. Мерседес таяп барды да, барқыттай шабдалының біреуін жұлды.
— Ендеше, мына шабдалыны көріңіз, —деді ол.
Бірақ тағы да граф көнер болмады.
— Япыр-ай, тағы да татпадыңыз ба! —деді графиня әбден жыларман болған адамдай күйзеліп. — Шынында да, жолым болмай қойды.
Екеуі де біраз уақыт үнсіз қалды; жүзім шоғының жанына шабдалы да барып топ ете түсті.
— Білесіз бе, граф, — деді ақыры, Мерседес, Монте-Кристоға жалбарына қарап, — арабтың мынадай бір тамаша дәстүрі бар: бір шаңырақтың астында дәмдес болған адамдар мәңгі-бақи дос болып қалады екен.
— Мен оны білемін, сударыня, — деп жауап қайырды граф, — бірақ біз қазір Арабияда емес, Франциядамыз ғой, ал Францияда нан мен тұзды бөлісетін дәстүр де, мәңгі достық та жоқ.
— Тіпті, солай болса да, — деді графиня, дір-дір етіп, Монте-Кристоның көзіне тура қарап тұрып, екі қолымен графтың қолына жанталаса жармасып, — қалай дегенмен де біз доспыз ғой, солай емес пе?
Демде жүрегі аттай тулап, граф құп-қу шүберектей боп кетті де, іле-шала қаны бетіне теуіп, басы айналғандай көзінің алды тұманданып, бірер секунд түк көрмей қалды.
— Әлбетте, сударыня, — деп тіл қатты ол, — бізге неге дос болмасқа?
Мерседестің күткені бұл емес еді — теріс айналып терең дем алғаны күрсінгендей боп шықты.
— Рақмет сізге, — деді ол.
Соны айтып, өзі енді алға түсті.
Tic жарып, тіл қатпастан екеуі күллі бақты айналып шықты.
— Граф, — деп Мерседес кенет сөз бастады, он минут үнсіз серуендегеннен кейін, — сізді көп көрген, көп сапарлаған, көп жапа шеккен деп жүргендері рас па?
— Иә, сударыня, мен көп жапа шеккен адаммын, — деп жауап берді Монте-Кристо.
— Бірақ енді бақыттысыз ғой?
— Әрине, — деп қостады граф, — өйткені, бұрын-соңды тағдырыма налығанымды көрген-білген ешкім жоқ қой.
— Ал, қазіргі бақытыңыз жаныңызға жай тапқызды ма?
— Қазіргі бақытымның арқасында бұрынғы көрген бақытсыздығымның бодауы қайтты деп білем.
— Сіз үйленген адамсыз ба?
— Үйленген? — Монте-Кристо шошып, қайталап сұрады. — Мұны сізге кім айтып жүрген?
— Ешкім айтқан жоқ, Бірақ Операға әдемі бір жас келіншекпен барғаныңызды талай көріпті.
— Ол мен Константинопольден сатып алған күң ғой, бұрынғы князьдің қызы өзі, менің қызым боп кеткен, өйткені, одан басқа бұл жалғанда жанашыр жақын адамым жоқ.
— Демек, жалғызбасты екенсіз ғой?
— Жалғыз бастымын.
— Сіздің апа-қарындастарыңыз... ұлыңыз... әкеңіз жоқ болғаны ғой?
— Ешкімім жоқ.
— Сүйенішсіз қалай өмір сүре аласыз?
— Бұған мен кінәлі емеспін, сударыня. Мальтада тұрғанымда бір қызды сүйіп едім, соған үйленбек болып жүргенімде соғыс тап келді де, жел айдаған қаңбақтай құйын ұшырып әкетті мені. Жанындай жақсы көреді ғой, өлсем де, моламды күзетер деп ойлаушы едім. Сөйтсем, мен қайтып оралғанша тұрмысқа шығып кетіпті. Жиырмадан асқан әр жігіттің басында болатын жағдай бұл. Өзгелерден гөрі жүрегім сезімтал болуы ықтимал, сол себепті қатты жапа шектім, менің орнымда басқа біреу болса дәл ондай күйзелмес еді, болған-біткені осы.
Құдды тынысы тарылған адамдай графиня тоқтай қалды.
— Сөйтіп, сол махаббат жүрегіңізде қара тас боп қатып қалған екен ғой. Өмірінде адам бір-ақ рет шындап сүйеді де... Содан қайтып ол әйелге ұшыраспадыңыз ба?
— Ешқашан да.
— Ешқашан да!
— Ол жүрген жерге аттап басқан емеспін.
— Мальтаға ма?
— Мальтаға.
— Қазірде де Мальтада ма ол әйел?
— Сонда болар.
— Соншама жапа шектіргенін кеше алдыңыз ба оған?
— Оған кештім.
— Тек соған ғана ғой: ал сүйіктіңізден айырған адамдарға әлі де өшсіз бе?
— Ешқандан өштігім жоқ. Не деп өшігем оларға?
Графиня Монте-Кристоның алдына кеп тұра қалды: қолынан хош иісті жүзім шоғының бір талын әлі тастамаған екен.
— Алыңыз-дағы, — деді ол.
— Ешқашан мускат жеп көрген емен, сударыня, — деп көнбеді Монте-Кристо, бұрын-соңды бұл жайлы әңгіме болмағандай жайбарақат сөйлеп.
Графиня әбден тауы шағылған адамдай жүзімді жол жиегіндегі бұтаға қарай атып жіберді.
— Илікпейді-ақ екенсіз? — деп сыбыр ете қалды ол.
Бұл сөздің өзіне қатысы жоқтай Монте-Кристо сол сабырлы қалпынан танған жоқ.
Осы кезде бұлардың алдынан жүгіріп Альбер шықты.
— Анашым, — деді ол, — үлқен бақытсыздыққа ұшырадық!
— Немене дейсің? Не боп қалды? — деп ұйқыдан енді оянған адамдай графиня дереу бойын тіктеп алды. — Бақытсыздыққа дейсің бе? Иә, шынында да, енді бақытсыздыққа ұшырайтын да кезім келген шығар!
— Де Вильфор мырза келді!
— Оған не бопты?
— Әйелі мен қызын алып кеткелі келіпті.
— Неге?
— Парижге маркиза де Сен-Меран келген екен. Сол кісі Марсельден шыққан соң, жол үстінде алғашқы аялдамада маркиз де Сен-Меранның қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар жеткізіпті. Соншалық шат-шадыман отырған де Вильфор ханым, тіпті, көпке дейін бұны түсіне алмады, өз құлағына өзі сенбеді: бірақ әкесінің, астарлап айтқанына қарамастан мадемуазель Валентина тұспалды бірден ұғып, төбесінен жай түскендей болып, табан астында талып қалды.
— Маркиз де Сен-Меран мадемуазель Валентина де Вильфорға кім болушы еді? — деп сұрады граф.
— Нағашы атасы болатын. Жиені мен Францты тездетіп қосудың қамымен келе жатқан беті еді оның.
— Ah, солай ма!
— Енді Францтың тоса тұруына тура келер. Тек маркиз де Сен-Меранның мадемуазель Дангларға да нағашы ата болмағаны-ақ өкінішті!
— Альбер! Альбер! Не деп тұрсың өзі? — деп еркелете жазғырды де Морсер ханым. — Сізді, граф, қатты сыйлайды, бұлай деуге болмайды деп айтып қойыңызшы өзіне!
Соны айтып графиня бірер қадам оқшау барып тұрды.
Монте-Кристо оған бір түрлі ойға шомған қалпы сүйіне, ет-бауыры елжірей қарағаны сондай, графиня ізінше кері қайтты.
Де Морсер ханым бір қолымен графтың қолын алып, екінші қолымен ұлының қолын қысып тұрып екеуінің қолдарын ұстастырды.
— Біз доспыз ғой, солай емес пе? — деді ол.
— Сізбен дос болам деп тырысуға батылым жете қоймас, сударыня, — деді граф, — сөйтсе де, өзіңізді қастер тұтатын қызметшіңіз деп білгейсіз мені.
Көңіліне қаяу түскен графиня бұлардан ұзап бара жатты: он қадам жүрмей жатып, қол орамалымен көзін сүрткенін граф байқап қалды.
— Сіздер әлденеге ренжісіп қалдыңыздар ма? — деді таңырқаған Альбер.
— Қайта керісінше, — деп жауап қайырды граф, — әлгінде өз көзіңше айтты ғой доспыз деп.
Бұлар қонақжайға қайтып оралған кезде Валентина мен ерлі-зайыпты Вильфорлар жаңа ғана жүріп кеткен екен.
Олардың ізінше Моррельдің асығыс шыққаны айтпаса да түсінікті болар.
XV. МАРКИЗА ДЕ СЕН-МЕРАН
Шынында да, осының алдында Вильфордың үйінде қайғылы жағдай болған.
Әйелі мен қызы балға кеткен соң, Вильфор ханым қанша өтінсе де бармай, үйде қалған король прокуроры қашанғы әдеті бойынша, іші иін тірескен істерден көрінбейтін кабинетіне кіріп, ішінен жауып алған болатын, кім болса да қисапсыз істерді көрген адамның есі шығары кәміл, бірақ жұмыс дегенде ішкен асын жерге қоятын Вильфор үшін жайшылықта мұның бәрі де бұйым емес-тін.
Бірақ бұл жолы жұмыс істеймін дегені әншейін желеу болатын: Вильфор жұмыс істеу үшін емес, оңашада қабырғасымен кеңесіп алайын деп кабинетін бекітіп алған еді. Кабинетіне енген соң аса бір маңызды нәрсе болмаса мазаламауға жарлық етіп, креслоға барып жайғасты да, соңғы аптада шымбайына батып, шырғалаңға салған не бәленің бәрін жүйе-жүйесімен бөліп, ойша талдауға кірісті.
Содан, алдында үюлі жатқан істерді қолға алудың орнына жазу столының суырмасын ашып, құпия серіппені басып қалды да, өз жазбаларының бір бумасын суырып алды, осынау аса бағалы қолжазбалардың ішінде Вильфордың тек өзіне ғана мәлім құпия шифрмен ұқыптап, тәртіп бойынша тізілген оның саясат саласында, қаржы мәселесінде, сот процестерінде немесе жасырын махаббат дағуаларында өзіне жау боп шыққан адамдарының аты-жөндері бар-ды.
Енді бойын үрей билеген кезде, дұшпандары қисапсыз көп болып көрінді оған: ал бұл есімдердің бәрі де, тіпті аса құдіретті, қатерлі дегендердің өзі де мұның талай күлкісін келтіргені бар: шырқау шыңға шығып алып, өзінің аяқ астында жатқан найза тастар мен ит тұмсығы өтпес қалың жынысқа, құлама жарларға, қысқасы, өзі қажымай-талмай өткен тар жол, тайғақ кешуіне көз жіберген жолаушының күлкісіне ұқсайтын еді Вильфордың бұл күлкісі.
Ол әлгі есімдердің бәрін асықпай қайта есіне түсіріп, ыждаһатпен қайта-қайта оқып, шұқшия зерттеп, өз жазбаларымен салыстырып шықты да, ақыры, үнсіз басын шайқады.
— Жоқ, — деп күбірледі ол, — бұл сырды біліп алып, мені құрту үшін, бұлардың ешқайсысы да, осынша ұзақ уақыт бойы күтіп, аңысын аңдып жүрмесі хақ. Кейде, Гамлет айтқандай, жер астына терең тепкілеп көмілгендердің де дабырасы көтеріліп, фосфор сәулесі тәрізді шартарапты шарлап кететіні болады, бірақ бұл сәуле жылт етпе ғана, тек тура жолдан адастырғаннан басқа зияны шамалы. Бәлки корсикан бұл хикаяны әлдеқандан бір священникке айтқан шығар, ол тағы біреуге жеткізуі мүмкін. Содан Монте-Кристо естіп қалған болуы керек те, тексеріп көрейін деп...
— Бірақ тексеріп қайтеді ол? — деп тағы да толғанды Вильфор аз-кем ойланған соң. — Монте-Кристо мырзаға, Дзакконе мырзаға, Мальта арматорының ұлына, Фессалиядағы күміс рудниктерінің қожайынына, Францияға алғаш келген сапарында мұндай беймағлұм, құпия және түк пайдасы жоқ фактіні тексеріп не қажеті бар? Оның бір досынан, бір жауынан — әлгі аббат Бузони мен жаңағы лорд Уилмордан сұрап білгендерімнен мен үшін ашық та айқын, айдан анық нәрсе мынау: бұрын-соңды, ешқашан да, ешқандай жағдайда да менің олармен ныспы байланысым болған емес.
Өз сөзіне өзі сенбесе де Вильфор осыны өз-өзінен қайталай берді. Жұртқа жария болып, сырым ашылып қалады-ау деп те қорыққан ол жоқ, мойындамауына болады, тіпті болмаса, жауабын берері кәміл, қабырғаға қанмен жазылған «Мене, Текел, Фарес» деген сөздердің бадырайып тұрғанынан да айылын жиған ол жоқ: бұл сөздерді кім жазғанын біліп алмақ болып жанын қоярға жер таппады Вильфор.
Король прокуроры енді ғана өрекпіген көңілін басуға тырысып, осы күнге шейін тыныш жатқан жауын өшіктірмеуді ойлап, оқта-текте саяси қайраткер санатында тым биік мансапты аңсап, тәтті қиялға шоматын ол енді от басы, ошақ қасының қуанышымен шектелетін болашағына ой жүгірткен сәтінде аула жақтан доңғалақтың дүңкілі естілгені. Сонсоң баспалдақпен біреудің әзер көтеріліп келе жатқан тықыры естілді де, іле-шала еңіреп жылап, дауыс салған үн шықты, қожайындарының қайғысына ортақ екенін білдіргісі келгенде малай әйелдер осылай бая-шая болатын.
Вильфордың тез барып кабинеттің есігін ашуы мұң екен, соны күтіп тұрғандай қолында шәлі мен қалпағы бар, егде жастағы бір әйел ай-шай жоқ кіріп келді. Ақ шашы қобырап мейіздей сарғыш тартқан маңдайын жауып кеткен, ал айналасын терең әжім торлаған көзі көп жылағаннан бұлаудай.
— О, неткен бақытсыздық, — деп бебеулей жөнелді ол, — неткен қасірет! Бұдан тірі қалмаспын! Жо-жоқ, мен де жер басып жүрмеспін енді!
Содан есікке таяу тұрған креслоға құлай кетіп, ал кеп еңіресін.
Ішке енуге бата алмай, есік көзінде ошарылып тұрып қалған жалшы-малайлар қожайынының бөлмесінен шыққан айқай-шуды естіп жүгіріп келіп, жұрттың арт жағынан бойлай қараған Нуартьенің камердинер шалы жаққа елеңдесті.
Вильфор әлгі әйелдің өз енесі екенін енді танып тұра ұмтылды.
— Құдайым-ау, сударыня, не боп қалды? — деп сұрап жатыр күйеу баласы. — Не болды мұнша егіліп? Маркиз де Сен-Меран сізбен бірге келген жоқ па еді?
— Маркиз де Сен-Меран өлген, — деді маркиза төбеден түскендей ғып, не айтып, не қойғанын білмейтін ауыш адамдай.
Вильфор шегіншектей беріп, қолын соғып қалды.
— Өлген! — деп бебеу қақты ол. — Өлген?.. Кенеттен дейсіз бе?
— Осыдан бір апта бұрын түстен кейін біз жолға шығуға қамданған едік, — деп сөзін одан әрі жалғастырды де Сен-Меран ханым. — Маркиз бірнеше күннен бері сырқаттанып жүрген: бірақ енді айналайын Валентинамызды көреміз ғой деген үміт оған күш-қуат беріп, науқасына да қарамастан жүрмек болды. Марсельден алты лье шықпай жатып, дағдысы бойынша, өзінің домалақ дәрісін ішіп, ұйықтап қалған, қатты ұйықтағаны сондай, көңіліме бір түрлі секем алдым. Бірақ оятуға батыл етпедім. Содан кенет екі бетінің қызарып, шеке тамырларының шодырайып кеткенін көріп қалғаным. Сонда да оятпадым: сол екі арада қас қарайып, көз байланды. Бір уақытта ол құдды түсінде бірдеңені ауырсынғандай ышқына дауыстады да, басы кейін қарай сылқ ете қалды. Дереу дауыстап камердинерді шақырып, көшірге тоқта деп әмір еттім де, маркизді оята бастадым, ішінде тұзы бар шишаны мұрнына апардым, бірақ кеш қалыппын, үзіліп кеткен екен. Эксқа дейін марқұмның жанында жападан жалғыз отырдым.
Вильфор тыңдаған күйі қалшиып тік тұр.
— Бірден дәрігер шақырдыңыз ғой, әрине?
— Әлбетте. Бірақ әлгінде айттым ғой — үзіліп кеткен екен.
— Солайы солай ғой, әйтсе де дәрігер байғұс маркиздің неден өлгенін анықтады ма?
— Ой, құдай-ай, әрине, айтты ғой: тегі, миына қан құйылса керек.
— Сонсоң қайттіңіз?
— Де Сен-Меран мырза егер Парижден тысқары жерде өлсем сүйегімді өзіміздің әулеттің қорымына әкеп қоятын болсын деуші еді ылғи. Мен оның сүйегін қорғасын табытқа салуға әмір еттім.
— Бишара болған анашым-ай! — деді Вильфор. — Мынадай ауыр соққыдан кейін қаншама машақатқа түскенсіз және жасыңыз болса кеп қалған.
— Осының бәріне құдай қуат берді маған: ал менің орнымда шалым болса, ол да осыны істер еді мен үшін. Қалай болғанда да, оны сол жерде қалдырғалы ақылымнан алжасқан адам тәріздімін. Тіпті, жылаудан қалдым. Рас, менің жасымда адамның көзінен жас шықпайды деседі жұрт, бірақ менің ойымша, қасірет шегеді екенсің, көзіннен жас шығуы шарт. Айтпақшы, Валентина қайда? Мұнда тек соған бола келмек едік қой. Валентинаны көргім келеді.
Валентинаны балға кетті десе, енесіне тым ауыр тиетінін білді Вильфор: сол себепті: «Қазір үйде жоқ, өгей шешесіне еріп шығып кетіп еді, іздеп тапқызайық», — дей салды.
— Осы қазір шақыртыңыз, осы қазір шақыртыңыз, құдай үшін, — деді маркиза.
Вильфор оны қолтығынан алып, немересінің бөлмесіне апарды.
— Демалыңыз, анашым, — деді ол.
Валентинаны қызының көзіндей көретін еді маркиза: дүниеден ерте өтіп, қабырғасын қайыстырып кеткен сол қызын еске салатын күйеу баласына қарады да, «анашым» деген сөзге көңілі босап, креслоның алдына жүрелеп отыра кетіп, ақ басын сүйеген қалпы ағыл-тегіл жылады.
Енесін күтуді әйелдерге тапсырды Вильфор: ал Барруа шал болса жаны қалмай, қожайынына алып-ұшып жетіп келді осы кезде: жалпы қария атаулыға өз қатарынан айырылудан ауыр қасірет жоқ. Де Сен-Меран ханым сол тізерлеген күйі құлшына дұға оқып жатқанда Вильфор жалдамалы күймеге кісі жіберді де, өзі әйелі мен қызын алып қайтпақ болып, де Морсер ханымның үйіне жөнелді.
Қонақжайдың есігінен кіріп келгенде өңі құп-қу болса керек, Валентина көре салып, құлындағы даусы құраққа шығып тұра жүгірді.
— Әжеңіз келді, Валентина, — деді Вильфор.
— Не боп қалды, әке? Не сұмдық? Атам ше? — деп сұрады қыз қалш-қалш етіп.
Жауап берудің орнына Вильфор қызын қолтығынан алды. Және дер кезінде ұстаған екен: Валентина талықсып, құлап бара жатты, де Вильфор ханым кеп бір қолтығынан демеп, күймеге отырғызуға жәрдемдесті.
— Бұл бір сұмдық екен! Кім ойлаған бұлай болар деп! Ақиқат, сұмдық екен! — дей берді ол.
Қайғыға ұшыраған семья жедел жүріп кетті, қалған жұрт қара жамылғандай боп қалды да, содан балдың берекесі қашты әбден.
Басқыштың етегінде өзін тосып тұрған Барруаны көрді Валентина.
— Нуартье мырза сізді бүгін көргісі келеді, — деді ол ақырын ғана.
— Әжесімен көрісіп болған соң кіріп шығады деңіз, — деді Валентина.
Дәп қазір әсіресе де Сен-Меран ханымға қажет екенін сезімтал қыз жүрегімен сезе білді.
Валентина келсе әжесі төсекте жатыр екен. Үн-түнсіз аймаласып табысқан екі жаралы жүрек күйзеле күрсініп, ыстық жас төкті, — міне әжесі мен немересінің қауышқан сәті еді бұл. Күйеуін ерте келіп, осы бір жан тебіренерлік көрініске куә болған де Вильфор ханым, әйтеуір, сырттай жылтыраса да, бишара жесір кемпірге аяушылық білдірумен болды.
Біраздан кейін ол еңкейіп күйеуінің құлағына сыбырлады.
— Қарсы болмасаңыз, — деді ол, — менің осы жерден кеткенім оңды болар, өйткені нені көрген сайын енеңіздің қайғысына қайғы жамалатын түрі бар .
Мұны де Сен-Меран ханым естіп қалды.
— Иә, иә, — деп сыбырлады ол Валентинаға, — мейлі, бара тұрсын: бірақ сен қал, қалайда қал.
Де Вильфор ханым шығып кеткен соң, әжесінін қасында Валентина жалғыз қалды, өйткені төтеннен келген ажалдан әбден есі шыққан король прокуроры да әйеліне ере шыққан.
Бұл кезде Барруа Нуартье мырзаға қайтып оралған болатын: үйдегі азан-қазан шуды естіген Нуартьенің не боп қалғанын біліп келуге малай шалды жұмсағанын жоғарыда айтқанбыз.
Жалшы қайтып келген соң, мешел шал жанары таймаған, ең бастысы соншалық ақыл-есті көзін соған қадап, жауап тосып отырып қалды.
— Үлкен бақытсыздыққа ұшырадық, сударь, — деді Барруа, — де Сен-Меран ханым жалғыз келді, күйеуі қайтыс бопты.
Сен-Меран мен Нуартье бұрыннан дос-жар адамдар емес-тұғын: бірақ өз қатарласының қазасын есту қай қарияға болса да ауыр тиетіні аян. Нуартье қасірет шеккен адамдай, не болмаса ауыр ойға шомған тәрізді сұлқ отырып қалды, әлден уақытта ол бір көзін жұмды.
— Мадемуазель Валентина ма? — деп сұрады Барруа.
— Нуартье мақұлдаған ишара білдірді.
— Ол бүгін балда, оны өзіңіз де білесіз, бал көйлегін киіп қоштасып шықты ғой.
Нуартье тағы да сол көзін жұмды.
— Мадемуазель Валентинаны көргіңіз келе ме?
Нуартье мақұлдаған белгі берді.
— Қазір де Морсер ханымдікіне барып алып келетін болуы керек, мен оны есік көзінен тосып алайын да, сізге кіре шығуын өтінейін. Солай ма?
— Иә, — деп ымдады мешел қарт.
Барруа есік алдында күтіп тұрып, атасының іздеп жатқанын айтып, Валентинаның есіне салғанын біз жоғарыда көрдік.
Әбден жапа шеккен де Сен-Меран ханым қажып-қалжырап, мазасыз ұйқы құшағына енісімен, Валентина Нуартье қарияға көтерілді, маркизаның жақсы көретін сусыны — оранжад құйылған графин мен стақаны бар шағын үстелді бас жағына таяу жерге сырғытып әкеп қойысты.
Сонсоң, әлгінде айттық, маркизаның ұйқысын бөлмей, Валентина атасының бөлмесіне көтерілген.
Валентина келіп Нуартьенің бетінен сүйіп еді, атасының айрықша елжірей қарағанын көргенде, қыздың көзінен ыстық жас ыршып кетті — жылай-жылай көз жасым сарқылған болар деп ойлаған еді Валентина.
Қарт оған көз алмай, тесіле қарады.
— Иә, иә, — деді Валентина, — жасыма, мейірбан атаң бар әлі дегің келіп тұр ғой, солай ма?
Көкейіндегі ойы дәп осы екенін ыммен ұқтырды шал.
— Иә, бұл таудай бақыт, — деп сөзін сабақтады Валентина. — Бәле-жәлеңнен енді сақтай гөр, құдая!
Уақыт түнгі бір болатын: ұйқы айналдырған Барруа, мұндай қайғы-қасірет әкелген ауыр күнді бастан кешкендердің бәріне де демалыс қажет екенін анғарды. Ол үшін өзінің перзентін көруден артық жан тыныштығы жоқ екенін айтпай, іште бүгіп қалды шал. Қайғымен құса болып, қалжырап, аяғын әзер басын тұрған Валетинамен қоштасып, Барруа шығып кетті.
Валентина ертесіне қайтып келсе, әжесі әлі төсек тартып жатыр екен: бұрынғыдан бетер дірілдеп-қалшылдап нашарлап қапты, көзі бұлыңғыр тартқан, тегі, бір соқпа жүйке ауруына шалдықса керек.
— Халіңіз қалай, әже, немене, бұрынғыңыздан нашарлап қалғансыз ба? — деп шыр ете қалды Валентина маркизаның мүшкіл халін байқап.
— Жоқ, айналайын, тәуірмін, — деді де Сен-Меран ханым. — бірақ сені ұзақ күтіп қалдым ғой. Әкеңді шақыртайын деп едім.
— Әкейді ме? — деп сұрады Валентина қобалжып.
— Иә, сөйлесетін әңгімем бар еді.
Валентина әжесінің өтінішін орындамауға дәті бармады және әкесін неге шақырып жатқанын да білмеді, сәлден кейін бөлмеге Вильфор келіп кірді.
— Сударь, — деп бастады де Сен-Меран ханым, ешқандай мәймөңкесіз, құдды уақыты жетпей қалатын адамдай абыржып, — сіз қызымызды тұрмысқа беретін ойымыз бар деп жазған екенсіз маған.
— Иә, сударыня, — деп жауап қатты Вильфор, — бұл ойласу былай тұрсын, әбден піскен мәселе.
— Болашақ күйеу балаңыздын аты-жөні Франц д’Эпине ме?
— Иә, сударыня.
— Оның әкесі генерал д'Эпине бізбен көңілі жақын адам еді ғой? Ұмытпасам, озбырлар Эльбадан қайтып оралуына екі күн қалғанда өлтіріп кетті ғой деймін оны?
— Өте дұрыс айтасыз.
— Якобиншінің немересіне үйленгеніне қысылып-қымтырылмай ма?
— Саяси көзқарас жөнінен келіспеушілік, бағымызға қарай, бүгінде ұмытылған, — деді Вильфор. — Әкесі опат болғанда Франц д'Эпине сәби еді ғой, ол Нуартье мырзаны біліп те жарымайды, тіпті, көріп-көрісуге де құштарлығы шамалы, қысқасы, енжар әйтеуір.
— Екеуін тең деп ойлайсыз ба?
— Қай жағынан алсаңыз да тең.
— Сөйтіп, бұл жігітіңіз...
— Жұрттың бәріне қадірлі.
— Тәрбиелі адам ба?
— Өзім білгендердің ішіндегі ең лайықтысы деп санаймын.
Бұл әңгіменің үстінде Валентина жақ ашқан жоқ.
— Олай болса, сударь, — деді де Сен-Меран ханым сәл ойланып, — тездетулеріңіз керек, өйткені, мен санаулы демім қалған адаммын.
— Сізге ме, сударыня! Сізге ме, әже! — десіп екеуі екі жақтан шу ете қалды Вильфор мен Валентина.
— Бекер айтпаймын ғой, — деді тағы да маркиза, — қыздың өз шешесі болмаған соң, ең болмаса әкесінің батасын алып қалсын, сондықтан асығуларыңыз керек. Сіздің есіңізден соншалық тез шығып, ұмыт болған менің байғұс Ренем жағынан бұл қыздың енді менен басқа жанашыр жақыны жоқ.
— Бишара қызға ана қажет болғанын есіңізден шығарып отырсыз, сударыня, — деді Вильфор.
— Өгей шеше ешқашан да туған анадай бола алмайды, сударь. Бірақ мұның бұл іске қатысы жоқ, қазір әңгіме Валентина жайлы: өлгендердің басын ауыртпай-ақ қояйық.
Маркиза осының бәрін апыл-ғұпыл асығыс айтқаны сондай, тіпті, сандырақтап жатыр екен деп те қалғандайсың...
— Сударыня, сіздің өтінішіңіз мүлтіксіз орындалады, — деді Вильфор, — әрі сіздің пікіріңіз менің ойыммен бір жерден шығып отыр, енді тек д'Эпине мырза қайтып оралысымен...
— Дегенмен де, әже, — деді Валентина, — бұл рәсімге келмейді ғой, қазір қаралы боп отыр емеспіз бе?.. Мұндай кезде тұрмысқа шығу жаман ырым екенін біле тұра сіздің мұныңыз қалай?
— Қарағым, — деп шорт кесті кемпір, — бұны әңгіме ғып қайтесің, ырым-жырым дегенің тек мүскіндердің ғана бағын байлайтын нәрсе. Менің өзімді де күйеуге бергенде шешем хал үстінде жатқан, бірақ бұдан бақытсыз боп қалғаным жоқ.
— Тағы да өлімді айтып кеттіңіз-ау сударыня! — деп қалды Вильфор.
— Тағы дейсіз бе? Өмір-бақи айтып келемін!.. Көп ұзамай өлем дедім ғой сіздерге, естисіздер ме? Бірақ күйеу баламды көріп өлуім керек, менің немеремді бақытты ет деп талап қоймақпын оған: бұл талабымды орындар-орындамасын көзінен оқып білсем деймін, қысқасы, мен оны танып алғым келеді; — иә, солай, — деп тоқтар болмады кемпір, осы кезде түр-әлпеті әлемтапырақ боп кетті, — егер де, ойлаған жерімнен шықпаса, лайықты адам болмаса — мен оны көрде жатсам да бәрібір тауып аламын.
— Сударыня, — деп басу айтты Вильфор, — мұндай ойдан аулақ болуыңыз керек, мұныңыз бекершілік. Өлгендер көрде мәңгі ұйқыда жатыр, енді қайтып келмейді.
— Иә, иә, әже, біраз сабыр етіңізші! — деді Валентина.
— Ал мен айтар болсам, сударь, мұның бәрі сіз ойлағаннан өзгеше. Түні бойы тыныштық көрмей шықтым. Өзімнің ұйықтап жатқан қалпымды өзім сырттай бақылап тұрдым, шыбын жаным көкірегімнен бөлініп ұшып кеткендей болды, көзімді ашайын десем аша алмаймын: міне, сөйтіп жатқанда, — бұған сіздердің илана қоюларыңыз неғайбыл екенін білем мен, әсіресе, сударь, сізді айтып отырмын, — көзім жұмулы қалпында осы бөлмеге мына бұрыштан, де Вильфор ханымның киінетін бөлмесінің есігі жағынан бір аппақ аруақтың үн-түнсіз енгенін көрдім мен.
Валентина шыңғырып жіберді.
— Сіздің қызуыңыз көтерілген болатын, сударыня, — деді Вильфор.
— Сенбесеңіз сенбей-ақ қойыңыз, бірақ мен бекер сөйлемеймін, сөйтіп, аппақ аруақты көрдім, жаратқан мені тек көзбен көргенге нанбас дегендей болды ма екен, бір уақытта стақанымның тарс ете қалғанын естідім, иә, иә, дәл осы стақан, мына стол үстінде тұрған.
— Түсіңізде аян берген ғой, әже.
— Жоқ, мұным түс емес, өйткені қолымды қоңырауға созып едім, әлгі елес лезде ғайып болды. Осы кезде қолына май шам ұстап, қызметші әйел кеп кірді.
— Сөйтсе, бөлмеде ешкім жоқ па екен?
— Аруақ тек көрінетін кісісіне ғана көрінеді, бұл менің шалымның аруағы. Ал менің шалымның аруағы маған келіп жүрсе, менің аруағым келіп неге қарағымды желеп-жебемеуге тиіс? Және біз екеуміздің байланысымыз бәрінен де күшті ғой деп ойлаймын.
— Сізден өтінерім, сударыня, — деді Вильфор еріксіз елжіреп, — қайдағы бір жаман ойларға беріле бермеңіз, бәріміз алақанға салып аялаған соң, мұның бәрін өзіңіз де ұмытып кетесіз...
— Жоқ, жоқ, ешқашан да олай болмақ емес! — деп бөліп кетті маркиза. — Д'Эпине мырза қашан келмекші?
— Әне-міне келіп қалар деп отырмыз.
— Жарайды. Келісімен маған хабарлаңдар. Тездетсеңдерші енді. Сосын, нотариусты шақыртыңдар. Барлық мұрамыздың Валентинаның қолына тиетініне көзімді жеткізіп кетейін деп едім.
— Аһ, әжетай, — деп сыбырлады Валентина кемпірдің күйіп-жанып жатқан маңдайына ернін тигізіп, — дәрменім жетер емес! Құдай-ау, күйіп жатырсыз ғой. Нотариус емес, дәрігерді шақырту керек қой.
— Дәрігерді? — деп иығын қиқаң еткізді кемпір. — Мен сырқат емеспін: тек сусын ішкім келеді, басқа ештеңенің қажеті жоқ. — Қашаннан оранжад ішем, өзің білесің ғой. Стақан стол үстінде тұр, бері берші.
Валентина графиннен стақанға оранжад құйды да, маркизаның айтуынша, елес жайлаған нәрсе болған соң, әжесіне стақанды қорқасоқтай ұсынды.
Маркиза бірден қағып салды.
Сосын жастыққа шалқалап жата кетті де:
— Нотариусты шақыртыңдар, нотариусты! —деп қайталады тағы да.
Вильфор бөлмеден шығып кетті. Валентина әжесінің жанында жалғыз қалды. Әжесіне шақыртпақ болған дәрігердің жәрдемі қыздың өзіне қажет тәрізді. Екі беті өртеніп, ентіге дем алып отыр, тамыры лыпылдай соғады.
Өзіне сыбайлас болып, қол ұшын берудің орнына де Сен-Меран ханым білместікпен тура хас жауының әрекетін істеп жатқанын сезгенде, Максимилиан қандай күйзелер екен деп іштей уайым жеп отыр қыз байғұс.
Валентина бәрін де әжесіне айтпақ болып талай рет оқталған. Әрине, егерде оның аты-жөні Максимилиан Моррель болмай, Альбер де Морсер, яки, Рауль де Шато-Рено болса ойланып бас қатырмас та еді. Өйткені Моррельдің тегі плебей болатын, ал тәкаппар маркиза де Сен-Меранның қарасүйектерді менсінбейтінін Валентина жақсы білетін. Сондықтан да тілінің ұшында тұрған құпия сырын талай рет айта алмай, жүрек түкпіріне бүгіп қалғанда, осыным бекершілік болар, ертең бұл әңгіме әкем мен өгей шешемнің құлағына тисе, осы күнімді көп қылары кәміл деп қынжылатын.
Арада екі сағаттай уақыт өтті. Қалтырап-дірілдеп жатқан де Сен-Меран ханымның ұйқысы тым мазасыз болды. Бір уақытта нотариус келді деп хабарлады.
Сыбырлап қана хабарласа да, мұны ести сала де Сен-Меран ханым басын жастықтан көтеріп алды.
— Нотариус па? — деді ол. — Кірсін деңіз, кірсін деңіз!
Есіктің арт жағында тұрған нотариус бөлмеге кіріп келді.
— Валентина, сен бара тұр, — деді де Сен-Меран ханым, — мына келген мырзамен мені оңаша қалдыршы.
— Дегенмен, әже...
— Бара ғой, бара ғой.
Валентина әжесінің маңдайынан сүйді де, көзіне қолорамалын басқан күйі шығып кетті.
Есік сыртында жолыққан камердинер қонақжайда дәрігер күтіп отырғанын айтты Валентинаға.
Валентина лезде төмен түсті. Келген дәрігер сол кездегі ең мәшһүр дәрігерлердің бірі болатын: Валентинаны сәби күнінен білетін, әрі жақсы көретін осы үйдің досжар адамы-тұғын. Жасы мадемуазель Валентинамен шамалас өзінің де қызы бар еді оның; шешесі құрт ауру болғандықтан, дімкәс туған қызының денсаулығын күйттеп сорлы әке жар құлағы жастық көрмейтін.
— Аһ, қадірмен д'Авриньи мырза, — деді Валентина, — сізді күтіп екі көзіміз төрт болды ғой! Жо-жоқ, алдымен Мадлен мен Антуанетт қалай, соны айтыңыз?
Мадлен — дәрігердің қызы еді, ал Антуанетт — жиені болатын.
Д' Авриньи мырза мұңая жымиды.
— Антуанетт тамаша, — деді ол, — Мадлен де шүкір, Бірақ мені шақыртқан өзіңіз ғой, қымбаттым? Кім ауырып қалып еді? Әкеңіз, де Вильфор ханым да ауру-сырқаудан аман шығар, әйтеуір? Ал өзіміздің халіміз нешік? Байқап тұрмын, ептеп жүйкеміз мазалайтын сияқты ғой. Сөйтсе де, дәл осы жерде менің пәлендей қажетім шамалы-ау деймін, тек уайымдай бермеу керек деген кеңес берсем бір сәрі.
Валентина қып-қызыл боп кетті. Көкейіңдегіні көзіңнен ұға қоятын д'Авриньидің ғаламат қасиеті бар болатын: тән ауруын рухани жолмен емдей білетін дәрігерлердің бірі еді ол.
— Жоқ, — деді қыз, — байғұс әжем еді сырқаттанып қалған. Айтпақшы, біздің қандай бақытсыздыққа душар болғанымызды сіз білмейсіз ғой, тегі?
— Тіпті, хабарым жоқ, — деді д'Авриньи.
— Сұмдық қой, — деді Валентина жыларман болып. — Нағашы атам қайтыс болды.
— Маркиз де Сен-Меран ба?
— Иә.
— Кенеттен бе?
— Миына қан құйылған.
— Миына қан құйылған дейсіз бе? — деп қайталады дәрігер.
— Иә, енді өмір бойы ерімен бір жүріп, бір тұрған бишара әжем шалым шақырып жатыр, бармасам болмайды дегенді шығарды. Жалынып сұраймын сізден, әжеме дем бере гөріңіз!
— Өзі қайда?
— Өз бөлмесінде жатыр, қазір онда нотариус бар.
— Ал Нуартье мырза қалай?
— Бұрынғысынша: көңілі сайрап тұр, не шара, сол сал боп қалған қалпы, сөйлейтін тіл және жоқ.
— Сізді бұрынғыдай елжірей жақсы көреді ғой, солай ма?
— Иә, — деді Валентина күрсініп, — мені өте жақсы көреді.
— Сізді жақсы көрмеу мүмкін бе, тегі?
Валентина мұңая күлімсіреді.
— Ал, әжеңіздің сырқаты не?
— Әбден жүйкесі құрып, діңкелеп біткен, ұйқысы да бір түрлі беймаза, өткен түнде ұйықтаи жатқанда, жаным тәнімнен бөлініп ұшып шығып, менің ұйқыдағы қалпымды көріп жүрді деп бүгін жеңістік бермей қойды. Әрине, мұнысы сандырақ. Ұйықтап жатқанда бөлмеме келіп аруақ кіргенін көзіммен көрдім, стақанымды ұстағанына шейін естідім деп сендірмек болды бізді.
— Мұнысы, тіпті, ақылға сыймайтын нәрсе екен, — деді дәрігер, — де Сен-Меран ханым галлюцинацияға шалдықты дегенді ғұмыры естіген емеспін.
— Әжейдің мұндай жағдайын өзім де бірінші рет көріп отырмын, — деді Валентина. — Бүгін таңертең әбден зәремді ұшырғаны: жынданып кеткен екен деп қалдым. Өзіңіз де білесіз ғой, д'Авриньи мырза, әжемнің қаншалық салқынқанды адам екенін, менің аңғаруымша, тіпті, сол кісінің өзі де қатты абыржып қалғандай көрінеді.
— Қазір көрейік, — деді д'Авриньи, — мұның бәрі бір түрлі тым оғаш жағдай екен.
Нотариус бұл кезде төмен түсіп келе жатқан: Валентинаға келіп, маркиза оңаша қалды деп хабарлады.
— Әжейге көтеріліңіз, — деді Валентина дәрігерге.
— Ал сіз ше?
— Жоқ, мен қорқып тұрмын. Сізге кісі жіберуіме тыйым салғаны бар. Оның үстіне өзіңіз айттыңыз ғой әлгінде, көңілім толқып, алабұртып, жайсызданып тұрмын. Бақтың ішінде біраз серуендеп қалпыма келейін.
Валентинаның қолын қысты да, дәрігер маркизаға кетті, ал бойжеткен болса баққа келіп кірді.
Қыздың гүл бақтың қай жерінде сеуендегенді жақсы көретінін тәптіштеп айтып жатудың қажеті бола қоймас. Үйді айнала өсіп тұрған гүлзарды бірнеше мәрте әрлі-берлі кесіп өтіп, белбеуіне не болмаса шашына қыстыру үшін бір тал роза гүлін үзіп алды да, саялы аллеямен жүріп отырып түкпірдегі сәкіге жетті, одан кейін қақпаның маңынан бір-ақ табылды Валентина.
Бұл жолы да, өз гүлінің ішінде біраз серуен құрғанымен, Валентина бір де бірін жұлған жоқ: әлі онша жүзінен байқала қоймаса да, қара жамылған жүрегі тіпті осынау қарапайым ғана сәндік белгісін де хош көрмеді: содан кейін өз аллеясына қарай бет алды. Аллеямен ұзаған сайын оған біреу өз атын атап шақырғандай көріне берді. Таңырқаған Валентина тоқтай қалды.
Өзін шынында да біреудің шақырып тұрғанын және ол дауыс Максимилиандікі екенін қыз сонда барып аңғарды.
XVI. УАҒДА
Бұл, шындығында да, кешелі-бері есі шығып жүрген Моррель болатын. Тек қана ғашықтарға һәм аналарға тән түйсікпен де Сен-Меран ханымның келуін және маркиздің дүние салуына орай Вильфорлардың үйінде өзінің Валентинаға деген махаббатына қатысы бар бір маңызды өзгеріс болуға тиіс екенін дәл болжап білді ол.
Оның түйсігі алдамағанын көріп отырмыз енді, дір-дір етіп, есі шығып сасқалақтап, каштандардың жанындағы қақпаның алдына еріккеннен келіп тұрған жоқ еді Максимилиан. Бірақ Моррельдің күтіп тұрғанын Валентина білген жоқ, оның келетін дағдылы уағы емес еді бұл: тек ғайыптан тайып, бағына қарай ойда жоқта баққа келе қалғаны болатын.
Сыңар аяқ жолмен келе жатқан қызды көре салып Моррель дауыстап шақырды: Валентина жүгіріп қақпаға барды.
— Осы араға қалай сап ете қалғансыз? — деді қыз.
— Иә, жазған достым, — деп жауап қатты Моррель. — Қандай жайсыз хабар барын білейін деп әрі өзім де жайсыз хабар айтқалы келдім.
— Байқаймын, бар бақытсыздық біздің үйге төнген екен! — деді Валентина. — Айта беріңіз, Максимилиан. Бірақ қасірет-қайғы онсыз да жетерлік.
— Мені жақсылап тыңдап алыңызшы, қымбаттым, — деді Моррель, алабұртқан көңілін басып, барынша анық сөйлеуге тырысып. — Айтқалы тұрғаным өте-мөте маңызды нәрселер. Тойыңызды қашан жасамақшы?
— Бері қараңыз, Максимилиан, — деді енді Валентина да, — сізден жасырып-жабарым жоқ. Бүгін таңертең мені күйеуге беру жайын әңгіме қылды. Өзіме сүйеніш болар деп жүрген әжем бұл некені қолдап қана қойған жоқ, тіпті, тойдың тез болғанына құштар, тек д'Эпине келген күннің ертесіне неке келісімшартына қол қоюға құлшынып отыр.
Терең күрсініп салған Моррель Валентинаға күйзеле, ұзақ қадалып қарады.
— Иә, — деді жуасып, — сүйген қызың келіп: «Сіздің өлім жазасын тартар уақытыңыз нақты белгіленді: оған бірер сағат қалды: енді бұған не шара, қарсы тұрар жайым жоқ», — деп жайбарақат айтқанын естуден артық не сұмдық бар. Ендеше былай, егер келісімшартқа қол қою үшін тек д'Эпиненің келуін ғана тосып отырған болса, егерде келген күннің ертеңіне сіз оған ұзатылар болсаңыз, онда сіз онымен ертең некеге отырасыз, өйткені д'Эпине бүгін таңертең келді.
Валентина ышқына дауыстап жіберді.
— Осыдан бір сағат бұрын граф Монте-Кристода болған едім, — деді Моррель. — Екеуміз әңгіме-дүкен құрдық: ол сіздің семьяға душар болған бақытсыздық жайлы сөз қылып, мен болсам сіздің қайғыңыз турасында баян етіп отырғанымызда, аулаға бір күйме кеп тоқтады кенет. Бұдан кейінгісін тыңданыз енді. Адамға не нәрсе болса да білдіреді дегенге дәп сол минутқа дейін сенбеуші едім, бұдан былай сенуге тура келетін шығар. Күйменің дүрсілін құлағым шалғанда-ақ бір түрлі тұла бойым түршігіп қоя берді. Көп ұзамай басқышпен көтерілген аяқ тықыры естілді. Дүңк-дүңк етіп кеп қалған командордан Дон Жуан да мендей шошымас. Бір уақытта есік ашылды да, әуелі Альбер де Морсер кірді. Неменеге сонша үргелектендім, қорыққанға қос көрінер деген-ау деп іштей өзімді қыжырта бастап ем, сөйткенше болған жоқ, Альберден кейін тағы бір адам кіріп келіп еді, граф жалма-жан: «Е, міне, барон Франц д’Эпине де кеп қалды!» — деп қуана қарсы алғаны. Сыр бермей, сабыр сақтауға зорға шамам жетті. Өңім қашып кетуі де ғажап емес, өн бойым қалтырап кеткені де рас: әйтсе де, жымиған қалпымнан жазған жоқпын. Бес минуттан кейін қайтып кеттім. Ал сол бес минут ішінде не айтып не қойғандарын естісем бұйырмасын. Жер болдым әбден.
— Байғұс Максимилиан-ай! — деп күбірледі Валентина.
— Содан тура осында тарттым, Валентина. Енді жауапты өзіңіз беріңіз — менің өмір сүру-сүрмеуім соған қарап қалды. Не істемек ойыңыз бар?
Валентина басын жерден алмай, ұнжырғасы түсіп кетті.
— Тыңдаңызшы, — деді Моррель, — біздің қандай тығырыққа душар болғанымызды ойлап, бас қатырып тұрғаныңыз бір бұл емес қой, адам торығып, түңіліп кетердей ауыр жағдай бұл. Енді құр бекер сары уайымға салынып жататын мұршамыз жоқ деген ойдамын мен: үнсіз егіліп жас төгіп, жапа шегетіндердің нәсібі бұл. Ондай адамдар жоқ емес, бар, олардың бұл фәниде мұншалық көнбістігі үшін о дүниеде жаратқан жар болса керек-ті. Бірақ кімде-кім күреске бел шешіп кіріссе, алтын уақытын зая жібермей, тағдырдың соққысына соққымен жауап береді дереу. Зұлмат тағдырға қарсы тұрар ойыңыз бар ма, Валентина? Жауап беріңіз, мен сізден осыны сұрап білгелі келгенмін.
Валентина селк ете қалды да, Моррельге шошына карады. Әкесінің, әжесінің, жалпы, семьяның дегеніне көнбей, қарсы шығу деген оның үш ұйықтаса да түсіне кірмеген нәрсе.
— Мұнымен не айтпақ едіңіз, Максимилиан? — деп сауал қойды қыз. — Күрес деп нені айтып тұрсыз? Онан да қадір білместік деңіз мұны! Әкемнің сөзін аяқасты қылып, өлім халінде жатқан әжемнің тілегін орындамауым керек екен ғой? Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес!
Моррель селк ете қалды.
— Жүрегіңіз жомарт адамсыз, сондықтан да мені ұқпауыңыз мүмкін емес: неге үндемей қалғаныңызды да, сүйікті Максимилиан, өзіңіз бек жақсы білесіз. Күресуіңіз керек дедіңіз-ау! Құдай сақтасын! Жо-жоқ. Өзімді өзім тежеп, жаңа сіз айтқандай, көз жасыма ерік беріп, жөнге келу үшін бар күш-жігерімді сарп етуім керек. Ал әкейді ренжітіп, санаулы демі қалған әжейді налыту дегенді айта көрмеңіз!
— Өте дұрыс айтасыз, — деді Моррель немқұрайды.
— Құдай-ау, бұл не дегеніңіз сонда! —деп шап ете қалды Валентина шамданып.
— Сізге тәнті болғандықтан айтып тұрғаным ғой, мадемуазель, — деп қарсылық білдірді Максимилиан.
— Мадемуазель дейді! — Валентина күйіп-пісті әбден. — Мадемуазель! Не деген өзімшілсіз! Менің соншалық торығып тұрғанымды көре тұрып, түк түсінбегенсисіз.
— Қателесесіз, керісінше, мен сізді тамаша түсініп тұрмын. Сіз де Вильфор мырзаға қарсы келуге жоқсыз. Маркизаның дегенінен шықпасам дейсіз, сөйтіп ертең барасыз да, күйеуіңізбен екеуіңізді мәңгі қосатын неке келісімшартына қолыңызды қоясыз.
— Басқаша не істей алмақпын?
— Мұны менен сұраудың қажеті шамалы, мадемуазель. Бұған келгенде мен төреші бола алмаспын, өйткені, өзімшілдігім жеңіп кетіп жүрер, — деп жауап қатты Моррель, қатқыл шыққан даусы мен түйілген жұдырығына қарап оның жыны кеп тұрғанын аңғару қиын емес-тін.
— Ал егерде сіздің ақылыңызға құлақ асқандай болсам, маған қандай кеңес берер едіңіз, Моррель? Кәне, жауап беріңіз. Тек, «Мұныңыз жөн емес», — деп айта салғанда тұрған мәселе жоқ. Не істеу керек екенін нақтылы айтып, кеңес берсеңіз бір сәрі.
— Шын айтып тұрсыз ба, Валентина? Ақыл-кеңес бергенімді қалайсыз ба анық?
— Әрине, қалаймын, Максимилиан; егерде орынды кеңес болса, оны қабылдаймын да. Маған қаншалық қымбат екеніңізді өзіңіз де білесіз ғой.
— Валентина, — деді Моррель, босап қалған тақтайды бір жағына ысырып қойып жатып, — менің жаңағы қызбалығыма ренжімегеніңіз рас екен дейін, соның дәлеліне қолыңызды беріңізші. Әбден басым қатып кетті, осы бір сағат ішінде басыма не бір сұмдық ойлар келді. Ал менің ақылымды алмайтын болсаңыз...
— Әуелі, қандай ақыл екенін айтсаңызшы?
— Ендеше, тыңдаңыз, Валентина.
Валентина көзін көкке қадап, бір күрсініп қойды.
— Meн өзім еркін адаммын, — деп жалғастырды сөзін Максимилиан, — дәулетім екеумізге жетіп жатыр. Ант-су ішейін, маған жар болғанша маңдайыңыздан да сүймеуге бармын.
— Қорқып барам, — деді Валентина.
— Менімен қашып кетіңіз, — деп сабақтады сөзін Максимилиан, — мен сізді апайымдікіне алып барамын; ол сізге апай болуға лайық адам. Біз Алжирге, Англияға не болмаса Америкаға кетіп қаламыз немесе сіз қолай көрсеңіз, достарымыз сіздің үй-ішінің көңілін тауып жарастырғанша провинциялардың бірінде бой тасалай тұрамыз.
Валентина басын шайқады.
— Өзім де осыны айтар деп ойлап едім, Максимилиан, — деді ол. — Дені сау адамның беретін кеңесі емес бұл; ал мүмкін емес деген бір-ақ сөзге тоқтап, сізді дәп қазір осы жерде қалдырып кетпесем, онда менің сізден де өткен кеңкелес болғаным.
— Басқа салды, біз көндік деп, тағдырға мойын ұсына бересіз бе; тіпті күресуге талаптанбайсыз ба? — деді Моррель тағы да тұнжырап.
— Өліп кетсем де оған бара алмаспын!
— Несі бар, Валентина, тағы да қайталайын, сіз өте дұрыс айтасыз, — деді Максимилиан. — Шын мәнісінде де, жарымес екенмін, ынтызарлық дегенің қанша сабырлы адамның өзін де шығаннан шығарып жіберетінін сіз дәлелдеп бердіңіз маған. Салқын ақылға жеңдіргеніңіз үшін сізге рақмет. Ендеше жарайды, осылай шештік, ертең сіз біржола, Франц д'Эпинеге қалыңдық боп шыға келесіз. Және бұл сахнадағы комедиялық шешімге қажет болғандықтан ойлап табылған неке келісімшартына қол қою рәсімі деп аталатын формальды нәрсе емес, жо-жоқ, бәрі де өзіңіздің еркіңізбен болып отырған нәрсе.
— Сіз тағы да мені азаптап тұрсыз, Максимилиан, — деді Валентина, — жарама пышақ ұрдыңыз! Өзіңіз-ақ айтыңызшы, егерде әлгінде берген кеңесіңізді апаңыз мақұлдар болса, сіз қайтер едіңіз?
— Мадемуазель, — деп қарсы болды Моррель, мысқылдай күліп, — мен өзімшіл адаммын, оны сіз өзіңіз айтқансыз. Өзімшіл болғандықтан да, менің орнымда басқа адамдар не істер еді дегенді ойлап бас қатырмаймын, тек өзім не істеймін, соны ғана ойлаймын. Ойлап отырсам, сізбен танысқалы бір жыл болған екен; ал сізді білгелі бері бақыттан үміткер басым, оны тек өзіңіздің махаббатыңызға байланысты деп ұғушы ем; күндердің күнінде сіз мені сүйемін дедіңіз; сол күннен бастап келешекті армандағанда сізбен мәңгі бір болам ғой деген сенім тұратын көкірегімде; бар өмір-тіршілігім тек сол сенімде болатын. Енді ештеңені ойлап бас қатырмаймын; тек бақытым баянсыз болды деймін де қоямын. Бағым жанар деп дәмеленіп ем, көзімнен бұл-бұл ұшты. Құмарпаздың ойын үстінде тек өзінде барын ғана емес, өзінде жоғын да ұттырып жіберетіні күнде болып жататын жағдай да.
Моррель мұның бәрін аса сабырлы күйде айтты; жүрек тереңіне бұл сөзден кейін қобалжу кіргенін байқамасын деп Валентина Моррельге аялы көзімен сынай қараған.
— Бірақ сонда да не істемек ойыңыз бар? — деп сұрады Валентина.
— Енді сізбен қоштасқалы тұрмын, мадемуазель. Айтқан сөзім құдайдың құлағына жетсе керек, жүрегімнің тереңінде не барын айны-қатесіз оқи білетін сол; құдай куә, сізге мамыражай, бақытты, рақат өмір тілеймін, мен туралы ойлаудан ада-күде арылатын болыңыз.
— О құдая, — деп күбірледі Валентина.
— Қош болыңыз, Валентина, қош болыңыз! — деді Моррель, басын төмен ие тағзым етіп.
— Сіз қайда барасыз? — деп шыр ете қалды қыз, шарбақтың арасынан қолын созып, Максимилианның жеңінен шап беріп ұстай алып; сүйген жігітінің тек сырт көзге ғана сыр бермей, сабырлы көрінуге тырысып тұрғанын аңғара қойды. — Қайда кетіп барасыз?
— Онсыз да азалы боп жатқан сіздің семьяңызға кесірімді тигізбейін деп тұрмын; сөйтіп мұндай жағдайда шын берілген адал адам қайтуы керек, соның үлгісін көрсетпекпін.
— Не істемек ойыңыз бар, соны айтыңызшы?
Моррель мұңая жымиды.
— Айтыңызшы енді, құдай үшін! — деп қыз қоймады.
— Сол ойыңыздан қайтқан жоқсыз ба, Валентина?
— Байғұсым-ау, өйтуге болмайды ғой маған, оны өзіңіз де білесіз ғой! — деп елпілдеді қыз.
— Ендеше хош-есен болыңыз!
Валентинаның шарбақты жұлқылай бастағанын көрген адам оның қажыр-қуатына таң қалғандай; бұған Моррельдің қайрылар түрі болмаған соң, асып-сасып қолын созып, жан ұшыра дауыстады:
— Не істемексіз? Менің білгім келеді! Қайда бара жатырсыз?
— О, әуре болмай-ақ қойыңыз, — деді Максимилиан сәл бөгеліп, — өзінің қырсық шалған тағдырының жауапкершілігін басқа біреуге артатын кісіңіз мен емеспін. Менің орнымда бөгде біреу болса, қазір д'Эпинеге барамын, дуэльге шақырып, онымен шайқасамын деп сізге қоқан-лоқы жасар еді... Бұл, әрине, есуастық. Бұған д'Эпиненің не қатысы бар? Бүгін ғұмырында мені бірінші рет көрді: дәу де болса, көргенін ендігі ұмытып та қалды. Екі үйдің адамдары сіздерді атастырып қойғанда, ол менің дүниеде бар-жоғымнан бейхабар-тұғын мүлде. Сол себепті, онда шаруам жоқ, ант етіп айтайын, одан өш алмақ ниетім де жоқ.
— Енді кімнен өш алмақсыз? Менен бе?
— Сізден бе, Валентина? Құдай сақтасын! Әйел дегеніңіз — қасиетті халық; ал өзің сүйген перизат сен үшін киелі адам.
— Демек, өзіңізден өзіңіз өш алмақсыз ба, әумесерлік қой бұл.
— Өйткені бәріне өзім кінәлімін, — деді Моррель.
— Максимилиан, — деп шақырды Валентина, — бері келіңіз, бері келіңіз деп тұрмын ғой сізге!
Максимилиан өзінің дағдысынша жұмсақ жымиып, таяу келді; егер өңінің қуқылдығы болмаса құдды ештеңе болмағандай.
— Енді мені тыңдап көріңіз, аяулы, қымбатты Валентина, — деді ол өзінің майда қоңыр даусымен, — адам алдында да, ағайын-туыс алдында, құдай алдында қызаратындай харам ойдан алты қыр алыс жүрген сіз бен біз сияқты кісілер бір-бірінің жүрек тереңіндегі сырларын ашық жатқан кітапты оқығандай оқи алмады. Мен роман персонажы емеспін, күйрек кейіпкерің мен емес, не Манфредтің, не Антонидің бейнесін ойнаған кезім болған жоқ. Бірақ басы артық сөз айтпастан, күйдім-жандым деп ант-су ішпестен өмірімді өз қолыңызға берген едім. Енді сіз менен кетіп бара жатырсыз және мұныңыз дұрыс та, бұл сөзді бұрын да айтқам, тағы да қайталап тұрмын; қалай болғанда да сізден айырылып қалған соң менің өмірім де бітті осымен. Сіз кетеді екенсіз. Валентина, демек, бұл жалғанда жалғыз қалғаным. тұрмыстағы апайымның өз бақыты өзінде; ол кісінің күйеуі маған тек жезде ғана — оның маған қатысы тек қоғами шарттылықпен байланысты; ендеше, менің өмірім, ендігі жерде мағынасыз өмірім, бұл дүниеде тірі пендеге қажет болмағаны. Мен енді былай істемекпін. Сіздің некеңіз қиылған секундына шейін шыдай тұрамын: кейде ғайыптап-ғайып кез болатын кездейсоқ жағдайды қапы жіберер жайым жоқ. шындығында да, осы уақыттың ішінде д’Эпине өліп қалуы ықтимал немесе сіздер алтарьға жақындай бергенде, көктен жасын түсуі мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамға бәрі де мүмкін тәрізді көрінбек, қалайда өзін ажалдан арашалап қалатын керемет бар деп біледі ол. Сөйтіп, ең соңғы минутқа дейін тоса тұрмақпын. ал үмітім үзіліп, басымнан бағым біржола ұшқанына көзім жеткенде бір құпия хатты жездеме жазамын да... және бір хатты полиция префектісіне жолдап, өзімнің шешімімді хабарлаймын; сонсоң не орманның бір жерінде, ордың жанында, бір өзеннің жағасына барып атылып өлемін. Бұрын-соңды Францияда өмір сүргендердің ішіндегі ең адал адамның баласы екенім қандай ақиқат болса, бұл сөзім де сондай ақиқат.
Валентина мұны естігенде қалш-қалш етті; ұстап тұрған шарбақты қоя бере салды да, екі қолы сылқ ете қалды, екі көзінен ыршыған жас бетінен сорғалай ақты.
Тәуекелге бел бұған Моррель қыз алдында сол тұнжыраған күйі тұра берді.
— Аясаңызшы, аясаңызшы мені, — деді қыз, — өзіңізді өзіңіз өлтірмейтін шығарсыз, дегенмен, солай емес пе?
— Арым алдында ант етейін, атылып өлем, — деді Максимилиан, — бірақ сізге бәрібір емес пе? Сіз өз парызыңызды өтейсіз ғой, сондықтан да арыңыз таза болады.
Екі қолымен кеудесін басып, Валентина тізерлей құлап түсті; көкірегі қарс айырылардай болды.
— Максимилиан, — деді ол, — достым менің, жалғандағы жақыным менің, құдай қосқан жарым менің, жалынып-жалбарынып айтарым: жапа шексең де тірі бол. Мүмкін, біз қосылар күн де туар бір кезде.
— Хош-есен болыңыз, Валентина! — деп қайталады Моррель.
— Құдайым-ай, — деді Валентина, әбден дағдарған адамдай, екі қолын көкке жайып, — өзің көрдің ғой, сол көнбіс қалпымда қалу үшін шамам келгенше аянған жоқпын, өтіндім де, өлердегі сөзімді айтып, көзімнің жасын төксем де илікпей қойды ғой. Ал ендеше, — деді ол сөзін жалғап, даусын қатайтып, көзін сүртіп жатып, — опық жеп өлгенше, ұяттан өлгенімді артық көрдім. Сіз өмір сүретін боласыз, Максимилиан, мен тек сіздікпін енді, басқа ешкімнің қажеті жоқ маған. Қашан, қай минутта, қазір дейсіз бе? Айтыңыз, әмір етіңіз, мен даяр.
Бірер қадам жерге тағы да ұзап кеткен Моррель қуанғаннан өңі қашып, көзі жайнап қайтып оралды да тор шарбақтан Валентинаға қолын созды.
— Валентина, — деді ол, — қымбатты достым менің, маған бұлай демей-ақ қойыңыз, онан да өзімнің өлгенім артық. Егерде мен сізді қалай сүйсем, сіз де мені солай сүйетініңіз рас болса, онда неге мен күшпен әкетуім керек сізді? Әлде сіз тек жаныңыз ашығаннан ғана өмір суруге мәжбүр етпексіз бе мені? Ондай болса өлгенім көп артық.
— Шындығында да, — деп күбірледі Валентина, — бұл дүниеде мені сүйетін жалғыз адам кім? Сол. Талай жапа шегіп, жабырқағанда жұбатқан кім мені? Сол. Бар үміт артатын адамым кім, амалым құрып абдырағанда аңсайтыным кім, жаралы жүрегімнің шипагері кім? Тек сол, тек сол ғана. Ендеше, сенікі де дұрыс, Максимилиан; ер деп етегіңнен ұстаймын да туған үйімді, қара орманымды, бәрін тастап соңыңнан еріп кете барамын... Осымен тамам! Жақсылықты білмейтін не деген рақымсыз едім, — деді Валентина еңіреп тұрып, — атамды тарс ұмытып кетіппін ғой!
— Жоқ, — деді Максимилиан, — сен оны тастап кетпейсің. Нуартье мырза мені шет көрмейді деген сияқты едің бірде; ендеше, біз қашып кетпес бұрын, алдын ала бәрін де айт атаңа. Оның қолдағаны — құдайдың қолдағаны бізді. Ал біз қосылысымен оны қолымызға аламыз; сонда екеуміз де ол кісіге немере боламыз. Оның сенімен қалай сөйлесетінін, оған қалай жауап қайыратыныңды маған өзің айтып бергенсің; көр де тұр, ишарамен тілдесуді мен де лезде үйреніп аламын әлі. Серт етемін, Валентина, алда тосып тұрған қайғы-қасірет емес, бақыт екеніне уағда беремін!
— Көрдің бе, Максимилиан, мені қаншалық билеп алғаныңды. Сенің айтқаныңның бәріне бастан-аяқ илануға әзірмін мен, бірақ та, осының бәрі есуастық қой. Әкенің қарғысына ұшыраймын; мен оны білем ғой, жүрегі тас боп қатып қалады да ғұмыры бір жібімейді. Онан да, бүйтейік, Максимилиан: егер алдап-сулап, жалынып-жалпайып, қалай боларын қайдам, сәті түсер болса, қысқасы, ретін тауып той мерзімін кейінге шегертсем, сіз тоса алар ма едіңіз?
— Тосатыныма ант етейін, ал сіз осы сұмдық неке ешқашан да қиылмайды, тіпті сізді пэрге, не священникке зорлап сүйреп ап барса да, бәрібір жоқ деген бір-ақ сөзді айтамын деп серт беріңізші.
— Қасиетті анамның атымен ант еттім сізге, Максимилиан.
— Онда тоса тұрамыз, — деді Моррель.
— Иә, тосалық, — деп қостай кетті Валентина, осы сөзден жүрегі енді орнына түскендей болып, — сәтін салса құтылып кету қиын ба?
— Мен сізге сенемін, Валентина, — деді Моррель. — Сіз не істесеңіз де бәрі орынды; бірақ сіздің жалынып-жалбарынғаныңызға құлақ аспаған күнде, егер әкеңіз, сондай-ақ де Сен-Меран ханым д’Эпине келісімшартқа қол қоюға ертең келсін деп көнбей отырып алса...
— Ондай жағдайда, Моррель... мен сізге сөз бердім ғой.
— Қол қоюдың орнына сіз...
— Сізге тартып отырамын, сөйтіп біз қашып кетеміз; бірақ оған дейін жаратқанның киепетіне қалармыз, көріспей-ақ қоялық; әлі күнге шейін үстімізден түспегенінің өзі ғажап қой, бұл да болса құданың құдіреті де; егер екеуіміздің кездесіп жүретінімізді біліп қалса, ешқандай үміт етуге болмас еді ғой.
— Жөн айттыңыз, Валентина; бірақ мен қалай білмекпін...
— Нотариус Дешан арқылы.
— Иә, оны білем мен.
— Және мен арқылы. Өзім хатпен хабарлаймын, сеніңіз маған. Құдайым-ай, бұл некеден сіз сияқты, менің де жаным түршігеді, Максимилиан!
— Рақмет, алдаразы болсын, Валентина, аяулым менің! Сонымен, бәріне де келістік қой; айтқан сағатыңызда мен осылай ұшайын, ал сіз мына қоршаудан өте саласыз, бұл онша қиын болмас; өзім көтеріп аламын; бақша қақпасының алдында сізді күйме күтіп тұратын болады — дереу апайымдікіне алып кетемін. Ел-жұрттан сонда барып жасырынамыз, болмаса, ешкімнен де бой тасаламаймыз, — оны өз қалауыңыз білсін, — бақытқа құштар көңілімізге, ісіміздің ақиқат дұрыстығына сол жерден медет табамыз, сөйтіп, бауыздап жатса, мыңқ етпейтін қошақанның кебін кимейтін боламыз.
— Жарайды, солай болсын! — деді Валентина. — Менің де, Максимилиан, сізге айтарым: не істесеңіз де сәттілік серігіңіз болсын.
— Сүйіктім менің!
— Қалай, әйеліңізге разысыз ба? — деп сұрады қыз мұңлы пішінде.
— Валентина, қымбаттым, иә деген сөзді тым қораш көріп тұрғаным.
— Сонда да айтқаныңыз мақұл.
Валентина соны айтып, шарбаққа еңкейе беріп, оттай ыстық демімен өртеп жіберердей боп, ернін Моррельге тоса беріп еді, екінші жағынан келіп жігіт те мұздай шарбақка жанай беріп, қадала сүйіп алды.
— Сау болыңыз, — деді Валентина, бақыттың бал дәміне мейірі қанбай, зорға ажырап, — сау болыңыз!
— Сізден хат күтейін бе?
— Иә.
— Рақмет, менің қымбатты қосағым, сау болыңыз!
Пәк ғашықтың ернін шөп еткізгені естілді де, іле-шала Валентина жөке аллеясын бойлап жүгіре жөнелді.
Бұта-қарағанға тиіп қыз көйлегінің судыр қаққаны басылып, аяң басқан сайын естілген құмдақ жолдың шықыры caп болғанша Моррель құлақ тосып тұрды; сонсоң көк жүзіне езіле-елжірей жымия қарап, осындай махаббат дарытқан жаратқанға шүкіршілік етіп, бұл да өз жайына кетті.
Үйге қайтып оралған соң Максимилиан кеш бойы, ертесіне күні бойы күтіп, ешқандай хабар ала алған жоқ. Тек үшінші күн дегенде, ертеңгі сағат он кезінде, нотариус Дешанға барғалы жатқанда почтадан хат алды да, Валентинаның қолтаңбасын ғұмыры көрмесе де содан келгенін бірден ұқты.
Хатта былай деп жазылған екен:
«Қанша жалынып-жалбарынып, жас төксем де ештеңе шығара алмадым. Кеше Филипп Рульский әулие шіркеуінде екі сағат болып, екі сағат бойы құдайға құлшылық еттім. Бірақ адамдар сияқты құдай да жар болмады маған; сонымен келісімшартқа қол қою бүгінгі кешкі сағат тоғызға тағайындалды.
Жүрегіме қандай адал болсам, сөзіме де сондай адалмын, Моррель. Мен сізге уағда бергем, жүрегім де — сіздікі!
Сонымен, кешке дейін хош боп тұрыңыз; тоғызға ширек сағат қалғанда, шарбақ жанында.
Сіздің зайыбыңыз Валентина де Вильфор.
P.S. Бишара әжем тым төмендеп барады: кеше сандырақтаумен болды; ал бүгін сандырағы асқынып, ақылынан алжаса бастағаны.
Әжемді осындай ауыр жағдайда тастап кеткенімді ұмыттырып жіберетіндей мені соншалық беріле сүйесіз ғой, солай ма?
Байқауымша, келісімшартқа бүгін кешке қол қойылатынын Нуартье атамнан жасыратын тәрізді».
Валентинадан алған мағлұматпен Моррель шектеліп қоймады, нотариусқа барып сұрады, келісімшартқа бүгін кешкі сағат тоғызда қол қойылатынын ол да растады. Сосын Монте-Кристоға соғып, бұл жағдайдың егжей-тегжейін біліп алды, Францтың өзі келіп салтанатты оқиғаның болатынын графқа хабарлапты; де Вильфор ханым шақыра алмағанына кешірім өтініп, өз тарапынан графқа хат жазып жіберіпті; маркиз де Сен-Меранның опат болуы, оның жесірінің сырқаттанып қалуы бұл салтанатты жағдайға қаралы рең беретін болғандықтан, графтың көңіліне қаяу түсіруге дәті бармағанын айта келіп, ханым оған есен-саулық тілепті.
Соның қарсаңында Францты де Сен-Меран ханымға апарып көрсетіпті, бұл оқиғаның құрметіне орнынан тұрған маркиза іле-шала қайта төсек тартып жатып қалыпты.
Әрине Моррель қатты абыржып келген болатын, мұны граф бірден байқады; сондықтан да Монте-Кристо оған, тіпті, жайылып жастық болды, бұған тебіреніп кеткен Максимилиан бар сырын ақтарып сала жаздады. Бірақ Валентинаға берген уағдасы есіне түсіп, жүрек тереңіндегі сырын шашпай сақтап қалды, әйтеуір.
Валентинаның хатын Максимилиан күн ұзағына бір жиырма рет оқыған болар. Өміріндегі жазып отырған алғашқы хаты бұл және бұған түрткі болған себеп қандай десеңізші! Хатты қайталап оқыған сайын, Валентинаны қалайда бақытты етуге тиіспін деп өзіне-өзі серт етумен болды Моррель. Шынында да, нартәуекелге бел буып отырған мынадай жас қыздың сүйген жігітіне не десе де хақы бар емес пе! Тек бұған бола сүйіктісі бәрін талақ еткен соң, жігітте не жан қалмақ! Ғашығына жан-тәнімен табынса керек-ті сол жігіт! Падишасы да, жан жары да сол перизат емес пе жігіт үшін; оны қастер тұтып, құлай сүю үшін бір жүрек аз тәрізді.
Валентина келіп өзіне: «Міне, келдім, Максимилиан, мен сіздікпін» деп айтады-ау дегенді ойлағанда Моррель елжіреп, ет жүрегі езіле жаздады.
Қашуға алдын ала ол бәрін әзірлеп қойған болатын: бақшаның ішіне әкеп, жоңышқаның арасына жиылмалы екі баспалдақ тығып тастаған; өзі айдауға тиісті екі аяқты арба әзір тұр; қасына қызметші ертпейтін болды; шамдарды әдейі жақпайды, бірақ бірінші көшеден айнала беpiп жақпақ-тұғын, өйткені, аса сақтық жасаймын деп жүріп полицияның қолына түсіп қалуың кәдік.
Оқта-текте Моррельдің тұла бойы түршігіп кетеді; осы күнге шейін тек қолын қысып, саусақтарының ұшын сүйгені болмаса, жақын жолап көрмеген дәрменсіз тыпыршыған тіршілік иесін қоршаудан түсіріп алып жатқанда құшағыма қысамын-ау дегенді ойлайтын.
Бірақ түс ауа, уағдалы сағаттың таяп қалғанын сезген Моррельдің оңаша қалғысы келді. Қаны басына теуіп тыншытпады, базбіреудің қойған сауалы да, досының үні де оның жынына тиер еді бұл сәтте; бөлмесін бекітіп алып, кітап оқымақ болды; бірақ көзі ештеңе көрмей, кітаптың жолдарын құр жүгірте қараумен әуреге түсті; ақыры кітапты лақтырып жіберді де, қашудың амалын басынан бастап қайта ойластыруға кірісті.
Уағдалы сағат таяп қалды.
Ынтызар Моррельдің сағат тіліне тыныштық берген күні жоқ; бүгін де тынымсыз түртпектей берген, енді соның салдарынан кешкі алтының кезінде сегіз жарымды көрсетіп тұрды сағаты. Енді ол жүретін уақыт болды деп шешті; келісімшартқа қол қою тоғызға тағайындалғанымен, шамасы, Валентина бұл мағынасыз әурешілікті күтіп бекер уақыт оздырмаса керек-ті. Сонымен өз сағатына қарап тура сегіз жарымда Меле көшесінен шыққан Моррель өз бақшасына енген сәтте Филипп Рульский шіркеуінің сағаты сегізді соғып жатты.
Ат жеккен жеңіл арбасын бұрын өзі жасырынып жүрген ескі қыстаудың құлаған жұртының тасасына қойды.
Бірте-бірте ымырт үйіріліп, бақтағы қалың жапырақ дәу қара жартас сияқты тұтасып көрінетін болды.
Сонда барып Моррель тығылып жатқан жерінен шығып, жүрегі лоблыған күйі шарбақтан ішке көз жіберді; бақ ішінде тірі жан жоқ. Сағат сегіз жарымды соқты.
Содан кейін жарты сағат күтті. Моррель қоршауды бойлап әрлі-берлі аяңдап жүріп, тақтайлардың арасындағы саңылауға қайта-қайта қарағыштай берді. бақтың іші қараңғылана түсті; бейуақта ағараңдаған көйлек көрінбес пе екен деп тесіле қарағанмен, ешкім көзге түспеді, мүлгіген тыныштықта аяң тықыры да естілген жоқ.
Ағаштардың арасынан көрініп тұрған үйдің шамы жанбай қойды, сол мелшиген өлі қалпында; неке келісімшартына қол қойылу сияқты маңызды оқиға болып жатқан үйге ныспы ұқсамайды.
Моррель сағатын суырып алды: қараса онға он бес минут қалған екен, бірақ сол мезетте екі не үш мәрте соққан шіркеу сағаты тоғыз жарым екенін хабарлап, оның қалта сағатының қате көрсетіп тұрғанын анықтап берді.
Демек, Валентинаның өзі белгілеген уақыттан жарты сағат асты деген сөз бұл: сағат тоғыз деп еді, тіпті одан да ертерек болмаса кеш емес, әйтеуір.
Моррель үшін бұл ең ауыр минуттар болатын; өткен әр секунд қорғасын балғамен жүрегін ұрып кеткендей әсерде еді.
Жапырақтың болар-болмас сыбырынан, желдің уф еткен лебінен Максимилиан селк ете қап, маңдайынан суық тер бұрқ ете түседі; тұла бойы түршігіп, қалш-қалш еткен қалпы әкелген басқышын қоршауға іліп қойды да, уақыт оздырмас үшін бір аяғын төменгі тепкішекке салып даяр тұрды.
Осылай біресе шошынып, біресе үміттеніп, жүрегі алып-ұшып, аузына тығылып тұрғанда шіркеу сағаты түнгі онды соқты.
— Жоқ, — деп күбірледі зәресі ұшқан Максимилиан, — келісімшартқа қол қою осынша ұзаққа созылуы мүмкін емес, тегінде күтпеген оқыс бір жағдай болса керек; бәрін алдын ала ойлап-пішіп, бұл рәсімнің бас-аяғы қаншаға барарын есептеп қойдым емес пе. Дәу де болса бұл тегін емес.
Көңілі аласұрған Моррель біресе шарбақтың жанымен әрлі-берлі адымдап кетеді де, біресе тұра қалып ып-ыстық маңдайын сұп-суық темірге басады. Келісімшартқа қол қойып болысымен Валентина есінен танып қалды ма екен әлде? Болмаса қашып шығуға ыңғайлана бергенде ұстап алды ма екен? Өзі ықтимал санаған тек осы жағдайдың екеуі де Моррельдің қабырғасын қайыстырды.
Қашып шыққан соң Валентина әлі құрып, осы бақтың бір жерінде құлап қалған болуы керек деген шешімге келді ол ақыры.
— Ал, олай болса, — деді Максимилиан көтеріңкі үнмен, сатымен жоғары тез-тез өрмелеп бара жатып, — қараптан-қарап тұрып айырылып қалуым мүмкін және онда бұған кінәлі тек өзім ғана болам!
Осы ақылды есіне түсіріп, түртпектеген шайтан құлағына қайта-қайта қоймастан сыбырлап әбден сендіргені соншалық, әлгі долбар енді Моррельге шындай көрінді. Бұрынғыдан да қоюлана түскен түн қараңғысында тесіле қараған сайын түнек торлаған аллеяда біреу жатқандай болды да тұрды оған. Желмен әлдекімнің ыңырсыған үні келіп жеткендей болған соң, Моррель тіпті дыбыстап шақырып көрмекке ниет еткен-тұғын.
Ақыры сағат он жарымды соқты; енді күтудің реті жоқ, не болса да болып тынды; Максимилианның екі шекесі солқылдап көзінің алды тұманданып кетті; ол енді қоршаудан екі аяғын асыра салбыратып жіберді де бақтың ішіне қарғып түсті.
Сосын ешкімге сездірмей Вильфордың бағына енді; мұның аяғы жақсылыққа апарып соқпасын білсе де оның енді тайынар түрі жоқ еді.
Ол жарды жағалап біраз жүрді де, бір уақытта аллеяны жүгіріп кесіп өтіп, қалың ағашқа қойып кетті.
Одан да лезде өте шықты. Енді оған анадай жерде Вильфордың үйі көрініп тұр.
Бақтағы қалың ағаштың арасынан қадала қарағанда көңіліне алған күдігінің расқа шыққанына Моррельдің көзі енді әбден жеткені: салтанатты күндерде самаладай жарқырап тұратын терезелер ізім-ғайым, бұлт басқан ай қараңғысында оның алдында сұп-сұр үйдің сүлбасы ғана елес бергендей.
Тек екінші қабаттың үш терезесінен өлеусіреген жарық оқта-текте өшіп-жанып тіршілік белгісін бергендей. Бұл үш терезе де Сен-Меран ханымның бөлмесінікі.
Қызыл перделердің ар жағындағы жарық толассыз маздап тұр. Бұл перделер де Вильфор ханымның ұйқыжайына тұтылған-тұғын.
Моррель мұның бәрін дәл бағдарлады. Валентинаның жүріс-тұрысын сағат сайын ойша бақылап отыру үшін үйдің ішкі құрылысын қоймастан сұрап, көңіліне жаттап алғаны сонша, онда бас сұқпай-ақ ол бес саусағындай білетін бәрін де.
Валентинаның келмей қалғанынан гөрі Моррель мына түнек басқан тымырсық үйдің көрінісінен қатты шошынды.
Қапа болып қанына қарайған ол енді ештеңеден тайынбауға бел буды, қалайда Валентинаны бір көріп, оның қандай бақытсыздыққа душар болғанына көз жеткізбек; оның нендей пәле екенінен де бейхабарлығы және рас-тын. Тоғайдың шетіне іліккен соң, алдындағы жан-жағы ашық гүлзарды тез кесіп өтпекке енді ыңғайлана бергенде, қарсы беттен кенеттен соққан желмен әлдекімнің даусы талып естілді.
Енді ол қалың бұта ішіне қайта шегініп, түн қараңғысын жамылып, қыбыр етпестен үн-түнсіз тұрып қалды.
Бәрін де алдын ала ойластырып үлгерді Моррель: егер бұл Валентина болып, осы тұстан жалғыз өткендей болса дыбыс бермек; ал жалғыз болмаған күннің өзінде де Валентинаның аман-есендігін өз көзімен көріп, көңілі тыншымақ; ал басқа бір бөгде адамдар болса, тың-тыңдап біpep сөзін ұғып қалса да осынау шытырман жайдың аужайын аңғарары хақ.
Осы кезде бұлттан шыққан айдың жарығымен қасына бір қара киімді кісіні ертіп Вильфордың есік алдына шыққанын көрді Моррель. Екеуі басқышпен төмен түсіп, аллеяға бет алды. Бері қарай беттеуі-ақ мұң екен, қара киімді кісінің дәрігер д' Авриньи екенін Моррель айны-қатесіз таныды.
Олардың өзіне қарай келе жатқанын көрген Моррель еріксіз шегіншектей берді; тек бұта-қарағанның ішінде өскен жабайы үйеңкі діңгегіне соқтыққанда барып амалсыздан тоқтауға мәжбүр болғаны.
Көп ұзамай Вильфор мен дәрігер аяқ басқан сайын шықыр-шықыр еткен дыбыс сап болды.
— Солай, қымбатты дәрігер, — деді король прокуроры, — бізге құдайдың қатерін тіккені ме бұл, не деген ауыр қаза! Неткен оқыс соққы десеңізші! Мені жұбатамын деп әуре болмаңыз, қайғы салған бұл жара жуырда жазыла қоймас. Үзіліп кетті, үзіліп кетті!
Маңдайынан мұздай қара тер шығып, Максимилианның тісі шықыр-шықыр ете қалды. Вильфордың өзі қарғыс атқан деп санаған бұл үйде кім болғаны сонда?
— Қымбатты де Вильфор мырза, — деп жауап қатқан дәрігердің даусын естігенде Моррельдің аза бойы қаза тұрды, — сізді мұнда ертіп келгенде көңіліңізді жұбатқалы келген жоқпын, қайта керісінше...
— Мұнымен не айтпақсыз? — деп үргелектеніп қалды король прокуроры.
— Менің айтайын дегенім, сіз душар болған бақытсыздықтың артында батпандай пәлесі жатуы кәдік.
— О, тәңір! — деп күбірледі Вильфор жұдырығын түйіп. — Тағы не айтпақсыз маған?
— Достым, бізден басқа тірі пенде жоқ қой бұл жерде, әйтеуір?
— Иә, әрине. Неге сонша сақтандыңыз?
— Өйткен себебім, сізге бір сұмдық хабар айтпақ едім — деді дәрігер, — қане, тізе бүгелікші.
Вильфор отырған жоқ, сәкіге сылқ ете қалды. Дәрігер оның иығына қолын салған күйі алдында тұр.
Моррель бір қолымен маңдайын басып, екінші қолымен жүретін басты.
«Үзіліп кетті, үзіліп кетті!» — деп тарсылдай соққан жүрегі миын шағып барады.
Тіпті, өзі де тіл тартпай кететін тәрізді көрінді.
— Айта беріңіз, дәрігер, құлағым сізде, — деді Вильфор, — қалай сілікпелеймін десеңіз де мен көндім бәріне.
— Әлбетте, де Сен-Меран ханым жасы келген кісі еді ғой, сөйтсе де, денсаулығы мықты болатын.
Он минуттың ішінде Моррельдің алғаш еркін тыныстағаны енді ғана.
— Қайғыдан өлді, — деді Вильфор, — иә, қайғыдан, дәрігер. Маркизбен қырық жыл отасып...
— Гәп қайғыда емес, қымбатты достым, — деп жауап берді оған дәрігер. — Рас, ілуде-шалу қасірет күйігінен кететіндер де болады, бірақ қайғы бір күнде, не бір сағатта, не он минут ішінде бәрібір өлтіре алмайды адамды.
Вильфор ләм-мим деген жоқ; тек алғаш рет басын көтеріп, дәрігерге үрейлене қарады.
— Жан тәсілім қылғанда сіз жанында болдыңыз ғой? — деп сұрады д'Авриньи.
— Әрине, — деп жауап қайырды король прокуроры, — кетпеңіз деп маған өзіңіз ғой сыбырлаған.
— Де Сен-Меран ханымның өлген ауруының белгілерін байқадыңыз ба сіз?
— Байқамай ше; арасына бірер минут салып, маркизаның талмасы үш мәрте ұстады және әр ұстаған сайын арасы жақындап, тым ауырлай түсті. Сіз келген кезде тынысы тарыла бастаған, сосын талып қалды, оны мен әшейін жүйкенің әсеріне жорыған едім. Бірақ қол-аяқтары қаздиып, мойны қақиып, бір түрлі адам шошынарлық кейіпте төсегінен көтеріліп келе жатқанын көргенімде шындап қорқайын дедім. Сіздің түріңізге қарап, мен ойлағандай емес, жағдайдың мүшкіл екенін аңғара қойдым. Ұстамасы басылған соң, қанша қарасам да сіз мен жаққа назар аудармадыңыз. Сіз тамырының соққанын санадыңыз, сол кезде талмасы екінші рет ұстады да, мен жаққа мүлде қарамай қойдыңыз. Екінші мәрте ұстаған талмасы бұрынғысынан ауыр болды; бағанағы алғашқы өзіміз көрген адам шошырлық қимыл-қозғалыс сол күйінше қайталанды да, еріндері көкпеңбек боп, тартыла берді. Ал үшінші мәрте талмасы ұстағанда маркиза дүнне салды. Алғашқы ұстамадан кейін мұны сіреспе екен деп ойлағам: мұны өзіңіз де растадыңыз.
— Иә, жұрт көзінше солай дедім, — деп қарсылық білдірді дәрігер, — Бірақ енді өзіміз оңаша қалдық қой.
— Сонда маған не айтпақ едіңіз?
— Айтпағым сол, сіреспе мен өсімдік уымен уланғанның нышаны біп-бірдей.
Вильфор орнынан атып тұрды да, үн-түнсіз мелшиіп бір минуттай қатып қалды, сонан кейін сәкіге қайтадан сылқ етті.
— Құдай-ау, дәрігер, өзіңіз не айтып отырғаныңызды түсінесіз бе? — деді ол.
Моррель не өңі екенін, не түсі екенін айыра алмай тұр.
— Тыңдаңыз мені, — деді дәрігер, — бұл айтқанымның қаншалық салмағы барын және оны кімге айтып отырғанымды бек жақсы білемін.
— Сонда қазір кіммен сөйлесіп отырмын деп білесіз: лауазым иесімен бе, әлде досыңызбен бе? — деп сауал қойды Вильфор.
— Досыммен, қазір тек досыммен ғана сөйлесіп отырмын. Сіреспенің белгісі мен өсімдік уымен уланғанның белгісінің ұқсастығы соншалық, әлгіде айтқан қорытындыма қол қоюға жүрегім дауаламас та еді. Сондықтан да, қайталап айтамын сізге, қазір лауазым иесімен емес, досыммен сөйлесіп отырмын. Ал досыма айтарым мынау: сағаттың төрттен үш бөлігіндей уақыт ішінде де Сен-Меран ханымның жанталасқанын, қалшылдап, құрысып-тырысқанын, ақырында үзіліп кеткеніне шейін бақылаумен болдым; енді оның уланып өлгеніне кәміл көзім жеткені былай тұрсын, керек десе, оның уланған уының атына дейін айта аламын, иә, нақты айтып бере аламын.
— Дәрігер, дәрігер!
— Бәрі де қолмен ұстатқандай: ұйқышылдық пен жүйке талмасының алма-кезек келуі, мидың әсіре қозуы, орталық жүйенің жансыздануы дәлме-дәл келіп тұр. Де Сен-Меран ханым өзіне берілген, бәлки, жаңылысып берілген шығар, бәрібір бруцин немесе стрихнинді аса көп мөлшерде ішкеннен өлген.
Вилфор жалма-жан дәрігердің қолынан шап берді.
— О, бұныңыз ақылға қонбайтын әңгіме! — деді ол. — Бұл түс шығар, тәңірім-ай, түс қой бұл! Сіздей адамның дәл осындай сұмдықты айтқанын тыңдаудың өзі қияметқайым ғой! Жалбарынайын сізге, дәрігер, ағыңыздан жарылыңызшы, бәлки, жаңсақ кеткен шығарсыз!
— Әрине, олай болуы да мүмкін, сөйтсе де...
— Сөйтсе де?
— Сөйтсе де жаңсақтық деп ойламаймын.
— Дәрігер, аясаңызшы мені, соңғы күндерде небір сұмдықты көріп бақтым ғой, тіпті, ақылымнан алжасып кетем бе деп те қорқам.
— Де Сен-Меран ханымды менен басқа қараған дәрігер болды ма?
— Жоқ.
— Маған рецептісін көрсетпей, дәріханадан жалпы дәрі алдырған жоқсыздар ма?
— Жоқ.
— Де Сен-Меран ханымның дұшпандары бар ма еді?
— Ондайын білген емеспін.
— Оның өлгенін көздеп жүрген ешкім жоқ па еді?
— Жоға, құдая, жоқ, әрине. Менің қызым — оның бірден бір мирасқоры; Валентина кіндіктен жалғыз... О, егерде бұлай болар деп ойлаған болсам, мұндай ойға бір мезет орын бергені үшін көкірегіме қанжар салып алар ем.
— О не дегеніңіз достым! — деп енді д'Авриньи жіг-жаппар болды. — Құдай сақтасын, біреу-міреуді кінәлаудан аулақпын. Мені тек оқыс болған бақытсыздық, қателік жайлы ғана айтып отыр деп түсініңіз. Бірақ кездейсоқ болсын, басқа болсын, мұның факт екені анық, сондықтан да бұл туралы сізге ашықтан-ашық айтпасқа арымның алдында шарам жоқ. Анықтап біліңіз.
— Кімнен? Қалай? Не жөнінде?
— Айталық, малай шал Барруа қателескен жоқ па екен; байқамай, өзінің қожайынына дайындалған әлдеқандай бір дәріні маркизаға сол беріп қойып жүрмесе?
— Менің әкеме дайындалған дәріні ме?
— Иә.
— Ау, Нуартье мырзаға дайындалған дәріні ішіп, де Сен-Меран ханым қалайша уланбақшы?
— Ол оп-оңай; өзіңіз білесіз, кейбір аурулар үшін дәрі удан жасалады, сал сондай аурулардың қатарына жатады. Сал боп қалған Нуартье мырзаның қол-аяғына жан бітірмек боп, мылқау боп қалған Нуартьеге тіл бітірмек боп емдей-емдей әбден амалым таусылған соң осыдан үш ай бұрын мен ең соңғы шараны қолданып ем. Міне, үш айдың жүзі болды, мен оны бруцинмен емдеп келемін. Сөйтіп, оған беріп жүрген осы соңғы дәрінің құрамында алты центиграмм бруцин бар; сал боп қалған Нуартье мырзаның органдары үшін мұның ешқандай зияны жоқ; оның үстіне, бруцинді бұл мөлшерде ішкенге дейін ол әсте-әсте мысқалдап ішіп бойын үйреткен ғой; бірақ басқа адамды өлтіру үшін осының өзі жетіп жатыр.
— Солай деңіз. Бірақ де Сен-Меран ханымның бөлмесі мен Нуартье мырзаның бөлмесі бір-бірімен мүлде жалғаспайды. Және енемнің бөлмесіне Барруа бас сұққан емес. Мен сізге мынаны айтпақпын, дәрігер. Өзіңізді ең білгір дәрігер деп санаймын мен, ең бастысы — жер-жаһандағы ең ақжүрек адам деп білемін сізді; міне, сондықтан да, өмірде қандай жағдайға душар келсем де сіздің сөзіңіз мен үшін жолыма шұғыла шашқан күн тәрізді, шамшырақ іспеттес. Сөйткенмен де, дәрігер, солай бола тұрса да, сізге кәміл сене тұрсам да, дәп қазір өз басым «Errare numanum est3» деген аксиомаға жүгінгім бар.
— Олай болса, Вильфор, — деді дәрігер, — менің әріптестерімнің ішінде дәп маған сенгендей сенетін адамыңыз бар ма?
— Неге олай дедіңіз? Онымен не айтпақсыз?
— Сол адамыңызды шақыртыңыз, мен оған барлық көрген-баққанымды баян қылайын, сонсоң біз өлікті сойып көреміз.
— Сөйтіп, удың ізін таппақсыз ба?
— Жоқ, уды емес, мен оны айтып отырған жоқпын; бірақ біз жүйке жүйесінің тітіркенісін айқындаймыз, сөз жоқ, кәдімгідей тұншығып өлгенін анықтаймыз, содан кейін барып сізге былай дейміз: қымбатты Вильфор мырза, егер бұл бейғамдық десек, қызметшілеріңізге бұдан былай ықтиятты болыңыз; ал өшпенділік болса — дұшпандарыңыздан сақтанғайсыз.
— Не деп тұрғаныңызды білесіз бе өзіңіз, д’Авриньи! — деп тіл қатты салы суға кеткен Вильфор. — Бұл сыр бізден басқа бөгде біреуге әйгі болды дегенше тексеріс жүреді деңіз, ал менің үйімде тергеу жүргізу — ақылға сыймайтын нәрсе ғой! Дегенмен де, — деп сөзін соза түсті келісімге келген король прокуроры, дәрігерге жалтақтай қарап, — егерде сіз қаласаңыз, егерде сіз қалайда талап етсеңіз, мен мұны істеймін. Шынында да, мен мұны қолға алуға тиіс те шығармын, бәлки; менің жағдайым осыны қажет етіп тұр. Бірақ дәрігер, көріп тұрсыз ба, құр сүлдерім отырғанын; мынадай қазадан кейін басымнан анадай шатақ шығып жатса оңай ма! Әйелім мен қызым бұл күйікке шыдай алмас. Ал енді, дәрігер, маған келер болсақ осы дәрежеге жеткенше және жиырма бес жыл бойы король прокурорының қызметін атқарып отырып, алуан түрлі жау таппау мүмкін емес. Жауларым жетіп жатыр. бұл іс елге жария болса, олардың мәз-мейрам боп, масайрайтыны кәміл, ал мен үшін бұл масқара. Күйкі ойларға берілгеніме ғафу өтінемін. Егер сіз священник болсаңыз, мұны айтуға дәтім шыдамас еді: бірақ сіз адамсыз ғой, адамдарды бек жақсы білесіз, дәрігер, а, дәрігер, сіз маған ештеңе айтқан жоқсыз-ау деймін, солай емес пе?
— Қымбатты де Вильфор мырза, — деді дәрігер толқи сөйлеп, — менің бірінші парызым — адамды сүю. Егерде ғылым осынша дәрменсіз болмағанда, мен де Сен-Меран ханымды құтқарып қалатын едім; бірақ ол кісі өліп кетті ғой; мен енді тірілердің қамын ойлауым шарт. Бұл сұмдық сырды жүрегіміздің тереңіне көміп тасталық. Ал егерде біреудің сұқ көзі мұны көре қалғандай болса, менің үндемегенімді біліп, надан десе дей берсін, қарсы емеспін. Бірақ сіз іздеу салыңыз, тынбастан тексеріңіз, күш-жігеріңізді аямаңыз, өйткені, бұл пәле тек мұнымен тоқтаса бір сәрі... Сөйтіп, жазықты адамды тапқан соң, егер тек таба алсаңыз, менің сізге айтарым: төрешісі өзіңізсіз, қалай деп шешсеңіз, солай болмақ!
— Рақмет сізге, дәрігер, рақмет! — деді Вильфор қуанғаннан есі шығып. — Ешқашанда өмірімде сізден артық досым болған емес.
Сонсоң, іле-шала дәрігер әлгі шешімінен айнып қала ма деп қорыққан адамдай, орнынан көтеріліп, досын үйге қарай ерте жөнелді.
Екеуі сөйтіп кете барды.
Құдды ауа жетпеген адамдай екі қолымен қалың бұтаны жарып ашып еді, Моррельдің аруақтай боп-боз өңіне ай сәулесі түскені.
— Жаратқанның өзі ғана жар болған екен маған, бірақ не деген сұмдық бұл! — деді ол. — Әй, бишара Валентина-ай! Мұншама қасіретке қалай шыдар екен?
Осыны айтып тұрып ол біресе қызыл перде тұтылған терезеге, біресе ақ перде тұтылған үш терезеге кезек-кезек қараумен болды.
Қызыл перделі терезедегі жарық өлеусіреп сөнуге айналған. Тегі де Вильфор ханым шамды өшірсе керек, терезеден тек түнгі шырақтың жарығы түсіп тұр.
Оның есесіне үйдің арғы жақ шетіндегі ақ перде тұтылған терезелердің бірі ашылды осы сәтте. Түн қараңғысында камин үстінде тұрған май шамның күңгірт сәулесі қалтырап, әлдекімнің балконда қараңдаған көлеңкесі көрінді. Моррель шошып кетті; біреудің еңіреп жылаған даусы құлағына шалынғандай болды.
Қанша ержүрек, әлеуетті жігіт болса да адам баласына тән екі бірдей құдіретті сезім бойын билеп, бір жағынан махаббат жүрегін тебірентсе, екінші жағынан қорқыныш көңіліне қаяу салып әбден діңкелегені соншалық, көзіне елес көрінетін болды.
Тасада жасырынып тұрғандықтан, Валентинаның оны көруі мүмкін емес-тұғын, бірақ сонда да терезе алдындағы қараңдаған көлеңке өзін шақырып тұрғандай болды оған; олқылы-толқылы көңіліне солай көрінді де, оған жалын атқан жүрегі қалтқысыз сенді. Алдамшы сезім ауанымен бұл ойын енді айны-қатесіз ақиқат деп білді ол; сол сол-ақ екен жастықтың арыны бой бермей бой тасалап тұрған жерінен атқып шықты. Көзге түсіп қалам-ау деместен, оқыс көрген Валентина шошына дауыстап жіберсе, бұл үйдің адамдары тік тұрар-ау деп те қауіптенбестен, ай жарығымен аппақ боп, көлбеген көл сияқты көрінген гүлзардан екі-ақ ырғып өтіп, ащы апельсин ағаштары өсіп тұрған есік алдындағы кеспектерге жетіп барды да, басқышпен лезде жоғары көтеріліп, есікті итеріп қалғанда есік оп-оңай-ақ ашылып кеткені.
Валентина оны көрген жоқ; көк жүзінде жүзіп бара жатқан күмістей аппақ бұлттан көз алмай қарап тұрған еді: бұлт бейнесі аспанға ұшып бара жатқан адамның сұлбасына ұқсайтындықтан, мұңлы қызға көкке ұшып кеткен әжесінің шыбын жаны сияқты көрінген.
Бұл кезде Моррель сенектен өтіп, басқыштың таянышын қарманып жүріп тауып алған; тепкішектерге төселген кілемнен оның аяқ тықыры сезіле қойған жоқ; әбден өршеленіп алған Моррель қазір Вильфордың өзі қарсы жолықса да тайынбас еді. Вильфорға тап келсе не істейтінін ойластырып та қойған-тұғын: не де болса көзбе-көз отырып, ағынан жарылмақ, Валентинаға деген шынайы махаббатын айтып ұғындырмақ, мұны мақұлдауын өтініп, жалынып-жалбарынбақ: қысқасы, Моррельде қазір ес жоқ болатын.
Сәтін салғанда, ешкім кезікпеді оған.
Үйдің ішкі құрылысы жөнінде Валентинадан біліп алған мағлұматының пайдасы оған дәп осы жерде тиді; басқышпен өрлеп жоғары алаңқайға оп-оңай шығып, тоқтап айналаға көз жүгірткен ол өксіп жылаған дауысты естіді де және жылаған кім екенін бірден танып, қалай қарай жүру керек екенін жазбай ұқты; бұрылып қарап еді, жартылай ашық есіктен жарық түсіп тұр екен, жылаған дауыс та сол бөлмеден шықты. Бұл есікті серпіп ашты да ішке енді.
Альковтың түкпіріндегі кереуетте бетін сейсеппен айқара жауып тастаған адам сұлбасы байқалды, тегі, өлген кемпір сол болса керек. Ойламаған жерден өзі біліп қалған әлгі құпия сырдан кейін өлік тіпті қорқынышты боп көрінді Моррельге.
Кереуеттің жанындағы жалпақ креслоның жастығына бетін басып, тас боп қарысып қалған екі қолын төбесіне қойып, тізерлеген қалпы еңіреген Валентина солқ-солқ етіп, өксігін баса алар емес.
Сәлден соң терезеден кейін шегінген ол енді дауыстап жаратқанға жалбарына бастады, мұны естігенде қара тас жібитіндей; күйік пен шер өзегін өртеген қыздың сөздері апыл-құпыл, бір-біріне қиыспай, ұғынықсыздау боп естілді.
Терезенің кереге көз қақпаларынан қараған ай майшамның жарығын өлеусіретіп, осынау қаралы көрініске мұңлы бозамық нұрын төкті.
Моррель шыдап тұра алмады; пәлендей діндарлығы болмаса да тым әсершіл-ді, жапа шегіп, егіліп жылаған Валентинаны көрген жігіт бұдан әрі үндемей төзіп тұруға дәті жетпеді. Бір күрсініп, қыздың есімін сыбырлай атап еді, креслоның барқыт тысы батып ізі қалған, жас жуған, құдды Магдалина Корреджоның өзіне қараған бет-жүзін көрді жігіт.
Мұны көрген Валентина таңырқаған жоқ. Жапа шегіп, әбден запыран құсқан жүрек ештеңеге селт етер емес.
Моррель сүйіктісіне қолын созды.
Валентина уағдалы жеріне неге келмегенін айтып түсіндіріп жатпастан, бетіне ақ жауып тастаған өлікті үнсіз нұсқады да, қайтадан еңіреп қоя берді.
Бұл бөлмеде ләм деп сөйлесуге екеуінің жүректері дауаламады. Құдды осындағы бір қалтарыста ернін саусағымен басып, жақ ашпауға үнсіз әмір етіп тура ажалдың өзі қарап тұрғандай екеуі де тылсым тыныштықты бұза алмады.
Бірінші боп тәуекел еткен Валентина болды.
— Мұнда қалай келдіңіз, достым? — деді ол. — Әттең не керек, егер осы үйдің есігін ажал ашпағанда, сізге хош келдіңіз деген болар ем.
— Валентина, — деді Моррель оның қолын қысып тұрып, даусы қалтырай шығып, — сізді сегіз жарымнан бастап тостым; сіз ақыры келмей қойдыңыз, не боп қалды деп есім шығып, қоршаудан қарғып түстім де, баққа еніп кеттім; содан осы қаза жөніндегі әңгіме...
— Қандай әңгіме дейсіз?
Моррель селк ете қалды; дәрігер мен Вильфордың әңгімесі есіне түсіп, сейсептің астынан кемпірдің құрысып-тырысқан қолын, қақшиып қалған мойнын, көкпеңбек ернін көріп тұрғандай болғаны.
— Малайларыңыздың әңгімесінен естіп білдім, — деді ол.
— Бірақ мұнда келгеніңіз бізді жар соқтырумен барабар ғой, достым, — деді Валентина ешқандай кейістік білдірместен.
— Кешіріңіз мені, — деді Моррель де жуып-шайып, — қазір кетемін.
— Жоқ, — деді Валентина, — сізді біреу болмаса біреу көріп қалуы мүмкін, осында қала тұрыңыз.
— Ал мұнда келсе ше?
Валентина басын шайқады.
— Ешкім келмейді, — деді ол, — оған қам жемеңіз, әне, сіздің қорғаныңыз.
Соны айтып ақ жамылған өлікті мегзеді.
— Ал д'Эпине не болды? Айтыңызшы, құдай үшін, — деді Моррель шыдамсыздана.
— Ол әжей үзілген сәтте келісімшартқа қол қоюға келіпті.
— Сұмдық-ай! — деді, өзімшілдігі ұстап, қуанып кеткен Моррель, мына қазаға байланысты той да беймағлұм мерзімге шегеріле тұратын болар деп ойлаған, сөйтсе, мұнысын құдай хош көрмеген екен.
— Әсіресе арқама аяздай батып тұрғаны, — деп сөзін сабақтады Валентина, — менің сүйікті әжем байғұстың өлер алдында тойды қайткенде де тездетіңдер деп жарлық бергені; құдай-ау, ол кісінің мені қорғамақ болғандағысы ғой бұл, сөйтіп онысы да маған қырсық болды емес пе.
— Есіттіңіз бе? — деді кенет Моррель.
Есік ашылып, әлдекімнің аяқ басқаны, дәліздің паркеті мен сатының баспалдақтары сықырлағаны естіліп тұрды.
— Кабинетінен шыққан әкем ғой, — деді Валентина.
— Дәрігерді шығарып салмақ қой, — деп үстеді Моррель.
— Оның дәрігер екенін қайдан білдіңіз? — деді таңырқаған Валентина.
— Жәй болжамым ғой, — дей салды Моррель.
Валентина оған қарап қалды.
Осы кезде сыртқы есіктің жабылғаны естілді. Сонсоң Вильфор баққа шығатын есікті барып өзі кілттеді де, басқышпен қайыра көтерілді.
Сенекке ене беріп, сәл-пәл бөгеліп қалды, тегі, не өз бөлмесіне кірерін, не Сен-Меран ханымның бөлмесіне кірерін білмей дағдарып тұрса керек. Моррель дереу терезе пердесінің тасасына барып тығылды. Ал Валентинамыз міз баққан жоқ, осынау қат-қабағат қасірет оған жайшылықтағы үрку-қорқу дегендІ ұмыттырып жібергендей.
Вильфор өз бөлмесіне кетті.
— Енді, — деді Валентина, — сіз сыртқы есіктен де, бақ арқылы да шыға алмайсыз.
Моррель сасқалақтап Валентинаға қарады.
— Енді тек мұның бір-ақ амалы бар және ең сенімдісі де сол, — деді қыз сөзін жалғастырып, — ол — атамның бөлмесі арқылы шығып кету.
Валентина орнынан көтерілді.
— Кеттік, — деді ол.
— Қайда? — деп сұрады Моррель.
— Атама.
— Мен Нуартье мырзаға бармақпын ба?
— Иә.
— Ақылға салып көрсеңізші, Валентина!
— Мұны баяғыда ойлап қойғам. Бұл дүниеде менің тек жалғыз ғана жанашырым бар, біз екеуміз де оған дәнекерміз... Кетейік енді.
— Байқас болыңыз, Валентина, — деді Моррель жүруге батыл етпей қипақтап, — байқас болыңыз; мұнда келгенімнің қандай есуастық болғанын мен енді ғана ұғып тұрмын. Қымбаттым, осының бәрін ақылға салып барып айтқаныңызға сеніміңіз кәміл ме?
— Әлбетте, — деді Валентина, — тек бейшара әжемді жалғыз қалдырып бара жатқаныма ыңғайсызданып тұрғаным, күзетемін деген уәдем бар еді.
— Өлім хақ қой кімге болса да, Валентина, — деді Моррель.
— Иә, — деп тіл қатты қыз, — Бірақ ұзақ кідірмеймін ғой. Кеттік.
Валентина тура дәлізбен жүріп барып, Нуартьенің бөлмесіне апаратын кішкене басқышпен төмен түсті. Моррель аяғының ұшымен басып, соңынан еріп келеді. Нуартьенің есігі алдындағы алаңшада бұлар малай шалға кезікті.
— Барруа, — деді Валентина, — біздің соңымыздан есікті бекітіңіз де, ешкімді жібермеңіз.
Соны айтып өзі бірінші боп кірді.
Тықыр еткен дыбысты қағыс жібермей құлағын тосып, сол қалпынша Нуартье өз креслосында отыр екен; не болып, не қойғанның бәрін Барруадан естіп-біліп алған қария есікке қарап елеңдеумен отырған; Валентинаны көргенде көзі жайнап кетті.
Немересінің жүріс-тұрысында, өзін-өзі ұстау мәнерінде бір байсалдылық, маңғаздық бары байқалды. Атасы бұған таң-тамаша; мұның мәнісін білмек болған Нуартье оған таңырқай қарады.
— Ататайым, — деді үздік-создық сөйлеп Валентина, — мені жақсылап бір тыңдашы. Осыдан бір сағат бұрын Сен-Меран әжем қайтыс болғанын өзің де білесің. Енді бұл дүниеде өзіңнен басқа мені жақсы көретін адам жоқ.
Қарияның мұны естігенде ет-бауыры езіле елжірегені көзінен көрініп тұр.
— Бар қайғы-мұңымды, тілегімді тек сізге ғана сеніп айтуыма болады ғой, солай емес пе?
Мешел шал мақұлдаған ишара білдірді.
Валентина Максимилианның қолынан ұстады.
— Ендеше, — деді қыз, — мына кісіге жақсылап тұрып қарашы өзің.
Қария Моррельге сынай қарап тұрып, сәл таңырқағандай болды.
— Бұл — Максимилиан Моррель. Марсельдің қадірмен негоциантының баласы, о кісі туралы өзің де, бәлки, естіген боларсың.
— Иә, — деп ымдады қария.
— Кіршіксіз ата даңқына Максимилиан да даңқ қоспақ, өйткені осы отыз жасында-ақ спаги капитаны, құрметті легион кавалері болып үлгерді.
Шал есімде дегендей белгі берді.
— Ендеше, былай ата, — деді Валентина шалдың алдына барып тізерлеп отыра кетіп, Максимилианды мегзеп, — мен осы жігітті сүйемін және тек соған ғана жар боламын! Егер мені зорлап басқа біреуге қосатын болса өлем, әйтпесе өзімді-өзім өлтіремін!
Тебіренген мешел шалдың көзінде тұңғиық ой бар еді.
— Саған Максимилиан Моррель ұнайды ғой, солай емес пе, ата? — деп сауал қойды Валентина.
— Иә, — деп ым қақты шал күтпеген жерден.
— Онда сен біздерді, өзіңнің перзенттеріңді әкейден қорғай аласың ғой?
Нуартье «оны жағдайға қарай көре жатармыз» дегендей ойға шомған қалпы Моррельге қадала қарады.
Максимилиан мұны бірден ұқты.
— Мадемуазель, — деді ол, — сіз әжейдің бөлмесіне қайтып барып қасиетті парызыңызды өтеңіз, ал маған Нуартье мырзамен бірер минут сұқбаттасуға кеңшілік етсеңіз?
— Жақсы, жарайды, өзім де соны қалар едім, — дегенді сездірді шал көзімен.
Сонсоң Валентинаға мазасыздана қарады ол.
— Мені қалай түсінбекші деп сұрағалы тұрсың ғой, ата?
— Иә.
— Оған қам жеме; сен туралы біз талай әңгіме-дүкен құрғанбыз, менің сенімен қалай сөйлесетінімді ол бес саусағындай біледі. — Сосын мұңлы жүзін Максимилианға бұрып тәтті жымиды да: — мен білгеннің бәрін бұл да біледі, — деп үстеді.
Соны айтып, тізерлеп отырған Валентина орнынан көтерілді де, Моррельге орындықты жылжытып қойды, Барруаға ешкімді мұнда кіргізбеуге жарлық етті; содан кейін атасын мейірлене сүйіп, Моррельмен мұңая қоштасып шығып кетті.
Валентинаның өзіне қаншалық сенетінін, оның барлық сырын бек жақсы білетінін Нуартьеге дәлелдемек болып, Моррель енді қолына сөздікті, қалам мен қағазды алды да, бәрін үстел үстіне, шамға тақау жерге апарып қойды.
— Ең әуелі, — деді ол, — сударь, өзімнің кім екенімді, мадемуазель Валентинаны неліктен сүйетінімді және қандай мақсатым барын сізге баяндап беруге рұқсат етіңіз.
— Құлағым сізде, — дегенді мегзеді Нуартье.
Сырт қарағанда жұртқа масыл сияқты көрінгенімен, өмір табалдырығынан енді аттаған әрі жас, әрі әдемі екі ғашықтың бірден-бір қорғанышы, бірден-бір таянышы, бірден бір төрешісі бола білген осынау қария адамның пысын басардай айбарлы адам болатын.
Оның аса мейірбан һәм сұсты кескін-келбетін көріп, көңілі қатты толқыған Моррель даусы жарықшақтанып әңгімесін айтуға кірісті.
Валентинамен қалай танысқанын, қалай ғашық болғанын, сөйтіп, жалғызілікті һәм жарым көңіл Валентинаның оған ықыласы қалай ауғанын әңгімеледі Моррель. Өзінің туған-туысқандары жайлы, жеке басының хал-ахуалы туралы, дәулеті хақында сыр шертті; әңгіме үстінде мешел шалға жалтақтап қараған сайын ол көзқарасымен:
— Жарайды, айта беріңіз, — деген ишара жасап отырды Максимилианға.
— Міне, сударь, — деді Моррель, әңгімесінің алғашқы жартысын тәмамдап, — сөйтіп, мен сізге өзімнің махаббатым туралы және арман-тілегім жайлы сыр шерттім. Енді біз екеуміздің жоспарымыз жайында айтсам ба екен сізге?
— Мақұл, — деп белгі берді қария.
— Сонымен, біз былай деп шештік.
Содан кейін ол Нуартьеге бақшаның ішінде жеңіл арбаны қалай тосқанын, Валентинаны алып қашпақ болғанын, одан апайының үйіне апарып некелескен соң, де Вильфор мырзаның өздеріне кеңшілік жасап, кешетін күнін тосып жүре тұрмақ ниетін баян қылды.
— Жоқ, — деп ымдады Нуартье.
— Жоқ дейсіз бе? — деп сұрады Моррель. — Демек, бұлай істеуге болмайды екен ғой?
— Жоқ.
— Сіз бұл жоспарды мақұл көрмейді екенсіз ғой?
— Жоқ.
— Онда мұның басқа амалы бар, — деді Моррель. Қария көзімен қандай деген сұрақ қойды.
— Мен Франц д'Эпинеге барамын, — деп сөзін жалғай берді Максимилиан, — және мұны мадемуазель де Вильфор жоқта сізге айтудың сәті түскеніне қуаныштымын, — сөйтіп, оны парасатты адамның тірлігін жасауға мәжбүр етпекпін.
Нуартьенің көзінде бұрынғысынша сұрақ нышаны бар еді.
— Менің қандай қарекет етпегімді білгіңіз келе ме?
— Иә.
— Ол былай. Әлгінде айтқанымдай, мен оған барамын да өзімнің мадемуазель Валентинамен қарым-қатынасымды айтып түсіндіремін. Егер де есті адам болса, қалыңдығынан өзі де бас тартар, сөйтіп сол сағаттан бастап өле-өлгенше мен оның тек шығарда жаны басқа адал досы болып қалмақпын. Ал өз пайдасын көздеп, ол бұған келіспей қойса, ия болмаса, мұнысы менің уағдаланып, серт байласқан қосағыма жасалған қиянат болатынын, Валентинаның тек мені ғана сүйетінін, менен басқа пенде баласын ғұмыры сүймейтінін айтып дәлелдеп, көзін жеткізгеннен кейін де көнбей, намысқа шауып жосықсыз іс қылса, онда мен жекпе-жекке шығамын және бәрін де өз қалауына саламын, сөйтіп, мен оны өлтіремін немесе ол мені өлтірер. Егер мен өлтірер болсам, ол Валентинаға үйлене алмайтыны белгілі; ал ол мені өлтірген жағдайда бәрібір Валентинаның күйеуге бармасы кәміл.
Ақжүрек жігіттің адал жүзіне дән ризашылықпен сүйсіне қарап отырды Нуартье; Моррельдің күллі сезім күйі жүзінен айтпай-ақ аңғарылып тұр; айнытпай салған нақты суретке алуан түсті бояу қаншалықты әр берсе, Максимилианның сүйкімді бет-әлпеті де әңгімесіне нәр бергендей.
Сөйтсе де, Моррель әңгімесін тәмамдаған кезде, Нуартье көзін бірнеше мәрте жұмды, мұнысы, әрине, келіспегендегісі.
— Жоқ дейсіз бе? — деді Моррель. — Демек, алғашқы жоспар сияқты мұны да мақұлдамағаныңыз ба бұл?
— Иә, мақұл көрмеймін, — деген нышан білдірді шал.
— Ендеше, не істеуім керек, сударь? — деді дағдарған Моррель, — де Сен-Меран ханым үзілер алдында немересінің тойын көп ұзатпай жасауды тапсырған; шынымен-ақ осыған көне сал демексіз бе?
Нуартье қимылсыз қатып қалды.
— Ұқтым, — деді Моррель, — не де болса тосуым керек.
— Иә.
— Бірақ созбұйдаға салсақ болды, біз құримыз, сударь. Валентинаның қарсыласуға дәрмені жоқ, сондықтан да оны бала сияқты еріксіз көндіре салады. Менің өзім де осында ғайыптан тайып тап келіп, не болып жатқанын біліп алғаным; тағы да сәтін салар екен деп, қол қусырып қарап отыруыма болмайды ғой енді. Сеніңіз маған, әлгінде айтқан екі амалдың бірі болмаса бірі кәдеге жарары анық, — бұлай кесіп-пішіп айтқанымды айыпқа бұйырмаңыз. Сол екеуінің қайсысын жөн көретініңізді айтсаңыз? Мадемуазель Валентинаның маған біржола сенім артуына рұқсат етесіз бе, тегі?
— Жоқ.
— Менің д'Эпине мырзаға баруымды қоштайсыз ба әлде?
— Жоқ.
— Құдайым-ау, онда жаратқанның жар болуын тілеген бізге кім қол ұшын бермек?
Мұны естігенде шалдың көзінде күлкі ойнады, жаратқанды айтқанда осылай миығынан күлетін әдеті. Якобиншіл шал сол қалпынша әлі атеист еді.
— Әлде сәті түсер дейсіз бе? — деп тақымдай түсті Моррель.
— Жоқ.
— Әлде өзіңіз бе?
— Иә.
— Өзіңіз бе?
— Иә, — деп қайталады қария.
— Менің не сұрап тұрғанымды дұрыс түсіндіңіз бе, сударь? Қадала сұрады деп айыпқа бұйыра көрмеңіз, өйткені менің өмірім сол сіздің жауабыңызға тіреліп тұр; сонда бізді құтқаратын өзіңіз бе?
— Иә.
— Бұған сенімдісіз бе?
— Иә.
— Бұған кепіл ала аласыз ба?
— Иә.
Мұны құптаған қарияның көзқарасындағы қайсарлықты көрген адамның оның шешіміне шәк келтіруі мүмкін емес-ті.
— О, рақмет сізге, мың да бір алғысымды айтам! Алайда, сударь, егер тәңірінің құдіретімен қайта тіл бітіп, күшіңізге мінбесеңіз, иә деуге дәрмен жоқ, креслода сал боп отырып қалған мына қалпыңызда ол некені қидырмауға қайтып қайрат қылмақсыз?
Жымиғанда шалдың жүзі жайнап сала берді; бет-әлпетінде қимыл жоқ, тек көздің күлгенін көрудің өзі бір сұмдық екен.
— Сөйтіп, тоса тұруым керек қой? — деп сұрады Моррель.
— Иә.
— Ал келісімшарт ше?
Шалдың көзінде тағы күлкі ойнады.
— Шынымен-ақ, оған қол қоймайды дегенді айтқыңыз келе ме?
— Иә, — деп белгі берді Нуартье.
— Демек, сөйтіп, келісімшартқа тіпті қол қоймайтын болды ғой! — деп дабырлай сөйледі Моррель. — О, мені жазғыра көрмеңіз! Мұншалық бақытқа кенеліп жатқанда көңілге зәредей де күдік алмауға болады: келісімшартқа қол қойылмайды ғой, әйтеуір?
— Жоқ, — деп жауап қайырды мүгедек.
Бұған Моррель бәрібір іштей илана қоймады. Өзі кемтар шалдың дәл бұлай уәде беруі шынында да таңғаларлық еді, сондықтан да көкірек қақтыға жоруға болғандай: егер жарымес адам өзінің ақылы кемістігін сезбестен шамасы келмейтін нәрсені істеймін деп бой бермесе оған кім сенбек? Керемет ауыр жүк көтергені туралы, әлжуаздың дәулерді жеңгені туралы, жасқаншақтың қисапсыз қазынасы жайлы, жарлы-жақыбайдың өзін ІОпитердей паң санайтыны жайында, мүскін шаруаның әңгіме айтуға үйір келетін әдеті, қашаннан.
Моррельдің көңілі қобалжып тұрғанын сезді ме, болмаса оның елп етіп бірден көне қалғанына күдік келтірді ме, кім білсін, Нуартье оған тесіле қарады, әйтеуір.
— Не айтпақ едіңіз сударь? — деп сұрады Моррель — Өз тарапымнан ешқандай қарекет жасамаймын деп уәде берсін деп тұрсыз ба?
Нуартьенің көзқарасы бұл да жеткіліксіз дегендей сол байсалды да байыпты қалпынан танған жоқ; бір уақытта шал Максимилианның бет-жүзінен қолына қарай көз жүгіртті.
— Мені ант етсін деп тұрсыз ба? — деп сұрады Максимилиан.
— Иә, — деп ишара етті салтанатты түрде мүгедек, — маған керегі сол.
Қарияның бұған үлкен мән беретінін аңғарды Моррель.
Максимилиан қолын созды.
— Арыммен ант етемін, — деді ол, — д'Эиине мырзаға қарсы әрекет етпес бұрын сіздің шешіміңізді күтетін боламын.
— Жарайды, — деді шал көзімен ымдап.
— Ал енді, сударь, — деді Моррель, менің кеткеніме қарсы болмайсыз ба?
— Иә.
— Мадемуазель Валентинаны көрмей кете берсем де?
— Иә.
Моррель құптағанын білдіріп, иіліп тағзым етті.
— Ал енді, — деді ол, — қызыңыз сияқты ұлыңыздың да сізді сүюіне рұқсат етесіз бе?
Нуартьенің көкейіндегі ойын жанарынан жаңылыспай оқуға болатын еді.
Шалдың маңдайына осыдан біраз бұрын Валентина сүйген жеріне ернін тигізді Моррель.
Сонсоң шалға тағы да тағзым етіп барып бөлмеден шығып кетті.
Есік алдында малай шалға кезікті Максимилиан; Валентина оны ескертіп қойған болатын — Моррельді тосып алды да, қап-қараңғы бұралаң дәлізбен ертіп әкеп, баққа шығатын есіктен ұзатып салды.
Бақ ішімен жүріп отырып Моррель қақпаға жетті; қабырғаға таяу өскен ағаштың бұтағынан ұстап, ә дегенше қоршаудың үстіне шықты да, зып беріп өзінің басқышымен лезде төмен түсті, жоңышқа егілген алаңда оны жеңіл арбасы күтіп тұрған.
Арбаға отыра салып, ұзақты күнгі әуре-сарсаңнан қалжыраса да, көңілі кәдімгідей орныққан Максимилиан түн ортасы әлетінде Меле көшесіндегі үйіне қайтып келіп, төсекке құлай кетіп, мас адамша бірден ұйқыға бас қойды.
XVII. ВИЛЬФОР ӘУЛЕТІНІҢ САҒАНАСЫ
Арада екі күн өткенде, сағат он шамасында де Вильфор мырзаның есігі алды қарақұрым халықтан көрінбей кетті, ал Сент-Оноре қыстағы мен де-ла-Пепиньер көшесінің ұзына бойына тоқтаған қаралы күймелер мен жеке меншік күймелердің ұшы-қиыры жоқ.
Осынау қисапсыз күйменің ішінде әсіресе біреуі көзге оғаш көрінеді, тегі, өзі жырақтан келсе керек. Түрі фургон іспеттес, қараға боялған; мұнда алғаш келгендердің бірі осы-тұғын.
Ғажабы сол, бұл күймемен марқұм маркиз де Сен-Меранның сүйегі жеткізілген екен, сөйтіп, жиылған жұрт енді бір емес, бірден екі өлік жөнелтетін болды.
Аза тұтушылар аз емес-ті: заманында XVIII Людовик пен X Карлдың шын берілген, адал сановниктерінің бірі болған маркиз де Сен-Меранның дос-жарлары көп-тұғын, оған қоғамдық әдет-ғұрып жолымен Вильформен қатысы барлар келіп қосылғанда бір қауым көпшілік құралды.
Дереу өкімет орындары мағлұмдап, екі процессияны қосып бір процессия түзуге рұқсат алынды. Алғашқы катафалк сияқты сән-салтанатпен әзірленген екінші катафалк та король прокурорының үйіне кешікпей жеткізіліп, маркиздің сүйегін почта фургонынан алып қаралы күймеге жайғастырысты.
Екі өлікті де Вильфордың өз семьясының мүшелеріне деп ертеректе арнайы әзірлеп қойған сағанасына — Пер-Лашез зиратында жерлейтін болды. Байғұс Рененің де сүйегі осы сағанада жатқан болатын, енді арада он жыл өткенде, әкесі мен шешесі де соның жанына қойылмақшы.
Сән-салтанатпен өлік жөнелткенді көруге әрқашанда әуес және толқып-тебіренген Париж жұртшылығы көне дәстүрден таймаған, өз принциптерінен табандылықпен айнымаған даңқы әмбеге аян ескі ақсүйек қауымның екі бірдей өкілін соңғы сапарға шығарып салып бара жатқан ғажайып процессияға қастер тұта, үнсіз ықылас білдіре қарап тұрды.
Қаралы күймеде отырған Бошан, Альбер, Шато-Рено үшеуі осы оқыс өлімді тілге тиек етісті.
— Мен де Сен-Меран ханымды өткен жылы Марсельде көрген едім, — деді Шато-Рено, — онда менің Алжирден қайтып келе жатқан бетім. Сонда ол маған жүз жасайтындай көрініп еді: керемет ширақ, қол-аяғы балғадай, ойы ұшқыр болатын. Қаншаға келген екен?
— Алпыс алтыда, — деп жауап қатты Альбер, — әйтеyip, Франц солай деді маған. Бірақ ол кісі кәрілік жеңіп өлген жоқ, құсадан өлді; маркиздің өлімінен кейін оңалмады ғой; шалы дүние салған соң ақылынан алжасқан деседі оны.
— Сонымен өзі неден өлген болды? — деп сұрады Бошан.
— Миына қан құйылған-мыс, болмаса, апоплексиядан дейді. Әлде екеуі де бір ауру ма?
— Солай десе де болады.
— Апоплексия? — деп қайталады Бошан, — Тіпті сенудің өзі қиын. Де Сен-Меран ханымды екі мәрте көргенім бар, кіп-кішкене, ап-арық, күйгелек адам болатын, толыққанды әйел емес-тін. Мұндай қағылез адамдар үшін апоплексия дегеніңіз ілуде-шалу болатын оқиға.
— Қалай болған күнде де, — деді Альбер, — маркиза қандай аурудан өлсе де немесе дәрігер көзін құртсын, бәрібір, енді бұдан былай де Вильфор мырза, немесе нақты айтсақ, мадемуазель Валентина, ал одан да айқындай түсер болсақ, менің досым Франц мол мұраға ие: меніңше, жылдық түсім сексен мың ливр.
— Анау якобиншіл Нуартье шал өлген соң, бұл мұраның көлемі екі есе көбейеді десе де болғандай.
— Сол атай мықты! — деді Бошан. — Tenacem propositi vurum4. Дәу де болса, ол мұрагерлерімді түгел өз қолыммен жерлеймін деп ажалмен бәс тігіскен болуы керек. Құдай біледі, ойдағысын орындап тынады әлі. Мың сегіз жүз он төртінші жылы Наполеонға: «Сіз құрып барасыз, өйткені сіздің империяңыз өсуден қажыған өсімдік сабағы іспеттес; енді республикаға арқа сүйеңіз де, тамаша конституция жасап беріп, майдан шебіне қайта оралыңыз, сонда бес жүз мың солдатты, екінші Маренго мен екінші Аустирлицті көзіңізден келтіремін. Идеялар ешқашан да өлмейді, падишам, тек қалғып кетуі мүмкін. Бірақ оянғанда бұрынғыдан бетер құдірет күшке ие болмақ», — деген тоқсан үшінші жылғы конвент мүшесі, тегі, осы шал болса керек.
— Задында, — деді Альбер, — ол адамдарды да әлгі идеялар сияқты көретін шығар. Тек менің білгім кеп тұрған нәрсем мынау — оның әйелінсіз күн көре алмайтын мешел шалмен Франц д'Эпине қалай сыйыса алар екен? Айтпақшы, Франц қайда өзі?
— Вильформен алдыңғы күймеде отыр; король прокуроры оны өз семьясының бір мүшесіндей көреді.
Қаралы шеру сапында бара жатқан күймелердің бәрінің де әңгімесі осы болды; бәрі де бірінен кейін бірі іле-шала болған осынау оқыс екі қазаға қайран қалысты, бірақ түнгі бақтағы серуен, д'Авриньи Вильфорға айтып берген сұмдық құпия сыр ешқайсысының ойына кіріп шыққан жоқ.
Бір сағат жүріп зиратқа жетті; күн тымық, бірақ бұлыңғыр болатын, қазір істелмек қаралы жол-жоралғыға ауа райы да сәйкес еді. Вильфор әулетінің сағанасына шұбаған тобыр ішінен өзінің жеңіл арбасымен жеке келген Моррельді Шато-Реноның көзі шалып қалды; жағалай тис отырғызылған соқпақпен өңі құп-қу болып, үн-түнсіз оқшау келе жатыр екен.
— Мұнда қайдан жүрсіз? — деді Шато-Рено, жас капитанды қолтығынан алып. — Сіз Вильфорды танушы ма едіңіз? Ол үйде неғып көрмей жүрмін әлі күнге шейін?
— Менің де Вильфор мырзамен таныстығым жоқ, — деп жауап қайырды Моррель, — де Сен-Меран ханымды білуші едім.
Осы кезде бұларды Альбер мен Франц қуып жетті.
— Танысу үшін онша қолайлы жер емес бұл, — деді Альбер, — алайда біз ырым-жырымға қарамайтын адамдармыз ғой, бәрібір. Моррель мырза, сізге Италияда бірге сапарлас болған, менің тамаша жолдасым Франц д'Эпине мырзаны таныстыруға рұқсат етіңіз. Қымбатты Франц, бұл кісі Максимилиан Моррель мырза, сен жоқта тапқан ғажайып досым. Мейірбаншылық, ақыл-парасат, сыпайыгершілік жайында сөз болғанда оның есімін аузымнан тастамайтынымды өзің де талай естисің әлі.
Моррель сәл екі ойлы боп тұрды. Өзінің сырттай, құпия түрде жұлдызы қарсы болып жүрген адамымен достарша қол алысып жатқаны барып тұрған екіжүзділік емес пе екен деді ол іштей өзіне-өзі. Бірақ осы сәтте өзінің берген серті мен қазір аза үстінде тұрғаны есіне түсті; сонсоң түсін билеп, сыр бермеуге тырысып, Францқа иіліп, ілтипат білдірген болды.
— Мадемуазель де Вильфор қатты қайғырулы ма? — деп сұрады Дебрэ Францтан.
— Айтпаңыз, — деді Франц, — бүгін таңертең көргенімде, тіпті танымай қала жаздадым.
Осы жай әңгіменің өзі Моррельдің жүрегіне оқтай қадалды, Демек, мына жігіт Валентинамен жүздесіп, сұқбаттасқан екен-ау?
Мұны естіген сәтте қызуқанды жас офицер өзін-өзі зорға тоқтатып, берген сертін бұзбауға шамасы әзер жетті.
Ол дереу Шато-Реноны қолтығынан ала салып, жерлеу бюросының қызметшілері екі табытты алдына апарып қойып та үлгерген сағанаға қарай бұрып әкетті.
— Жайлы мекен, — деді Бошан мавзолейге қарап тұрып, — жазғы сарай да осы, қысқы сарай да осы. Кейін кезегіңіз келгенде сіз де осында қоныс аударасыз, қымбатты Франц д'Эпине, өйткені, көп ұзамай сіз де бұл семьяның бір мүшесі боласыз да. Ал маған келсек, философ болғандықтан, жұпыны саяжай, шағын коттежді жөн көрем, әне, анау ағаштардың саясы лайық маған, тек мен бейбақтың сүйегінің үстіне қара тасты үйе бермегені мақұл. Өлер алдында жанымдағыларға Вольтердің Пиронға26 жазған «Ео rus5» деген сөзін айтамын, сонымен таматлы тамам... Е, тәйір алсын, босай бермеңіз, Франц, бәріне де мұрагер боп қалатын сіздің әйеліңіз ғой ақыр.
— Бошан, — деді Франц, — мінезіңіз адам төзгісіз-ау. Сіз саяси қайраткерсіз, нені болса да әжуалап, ештеңеге сенбеуге сізді үйреткен саясат. Солай бола тұрса да, басы жұмыр пенделердің ортасында жүріп, саясатыңыздан сәл-пәл қол үзген бақытты кезіңізде Депутаттар палатасының немесе Пэрлер палатасының вестибюлінде ылғи тастап кететін жүрегіңізге қайта қауышуға тырысқаныңыз абзал.
— Ой, құдайым-ай, — деді Бошан, — шын мәнісінде өмір деген не нәрсе? Ажал есігінің алдында кезекте тұратын мезет қой.
— Бошанды жек көре бастадым, — деп Альбер Францпен былайырақ бөлек кетті де, Бошан философиялық ой-толғамдармен енді Дебрэнің миын жейтін болды.
Вильфор әулетінің сағанасы биіктігі жиырма фут шамасы, ақ тастан қаланған, төрт бұрышты имарат болатын; ішкі жағында Сен-Мерандардың жайы Вильфорлардың жайынан бөліп қойылған, әрқайсысына кіретін жеке есіктері бар.
Мұнда әйтеуір басқа сағаналардағыдай орынды үнемдеу үшін этикеткаға ұқсатып сыртына жазу жазып, ішіне өлген адамдардың сүйегін салып қабат-қабат қаптатып қойған жексұрын жәшіктер жоқ екен; қола есіктің ар жағында бейіттен қабырғамен бөлінген кіреберіс тәрізді қара көлеңке алаң бар болып шықты.
Вильфорлар мен Сен-Мерандардың мүрделеріне кіретін, әлгінде өзіміз айтқан екі есік те осы қабырғадан ойып жасалған екен.
Марқұмның туған-туысқандары осы жерде алаңсыз аза тұтатын-ды. Пер-Лашезге серуен құруға келген жалғабаздардың немесе осында табыспақ болған ғашықтардың салған әні, даңғаза шуы, сенделген жүрісі, үн-түнсіз тұнжырай қараған, яки болмаса көз жасын төгіп дұға оқыған мұндағы қаралы жандардың көңілін әсте бөлмек емес.
Екі табыт та сағананың Сен-Мерандарға тиісті оң жақ бөлігіне апарып қойылды; екеуі де алдын ала осы табытты қою үшін әдейі істелген биік текшелер үстінде тұр; Вильфор мен Франц бастаған етжақын туыстар ғана енді бейіт ішіне.
Діни жоралғының бәрі сыртта істелген соң, енді ешқандай сөз сөйленбейтін болғандықтан, жиылған жұрт дереу тарқай бастады: Шато-Рено, Альбер, Моррель үшеуі бір жаққа. Дебрэ мен Бошан бір бөлек кетті.
Франц Вильфордың қасында қалды. Зират дарбазасына жете бергенде Моррель әлденені сылтауратып оқыс бөгелгені; өйткені жаңағы екеуінің қаралы күймемен өтіп бара жатқанын көріп, мұны өзінше жаман ырымға жорыған, содан қалаға жеткенше Шато-Рено, Альберлермен бір күйменің ішінде отырып келсе де, олардың не айтып, не қойғаны құлағына кірген жоқ.
Шынында да, дәп осы кезде өзімен қоштаспақ болған Францқа қарап Вильфор:
— Сізді енді қашан көрер екенмін, барон? — деді.
— Қалаған уақытыңызда, сударь, — деп жауап қайырды Франц.
— Неғұрлым тезірек болса игі еді.
— Қалауыңыз білсін; қажет десеңіз бірге кетелік?
— Сізге қолайсыз боп жүрмесе.
— О не дегеніңіз.
Сөйтіп, болашақ қайын атасы мен күйеу баласы бір күймеге отырған болатын; бұлар тұсынан өте бергенде, Моррельдің көңіліне қауіп алуы да тегін емес-ті.
Содан Вильфор мен Франц Сент-Онореге қайтып оралған.
Король прокуроры ешқайда бұрылмастан, не әйелімен, не қызымен ақылдаспастан қонағын бірден кабинетіне алып кірді де отыруын өтінді.
— Д'Эпине мырза, — деді ол, — мен бір нәрсені сіздің қаперіңізге салуға тиіспін; және бұл алғашқы ойланғандағыдай онша оғаш сияқты көрінбеуі де ықтимал, өйткені, көз жұмғандардың өсиетін орындау олардың аруағы алдындағы біздің ең бірінші парызымыз ғой. Сонымен, бұрнағы күні де Сен-Меран ханымның өлім халінде жатып айтқан соңғы тілегін есіңізге салуым шарт, яғни айтқанда, Валентинаның тойын қалай еткенде де бос созбұйдаға салуға болмайды. Марқұмның шаруасы бабында екені өзіңізге аян; оның қалдырған өсиеті бойынша Сен-Мерандардың күллі мұрасы Валентинанікі; нотариустың кешегі маған көрсеткен документтері бойынша неке келісімшартын түбегейлі жасауға негіз бар. Сіз өзіңіз нотариусқа барып, менің атымнан жаңағы документтерді көрсетуін өтінуіңізге болады. Біздің нотариусымыз — Дешанды Сент-Оноредегі Бове алаңынан табасыз.
— Сударь, — деп тіл қатты д'Эпине, — мадемуазель Валентина қасірет шегіп отырғанда, бәлки, күйеуге шығу жайын ойлағысы да келмейтін шығар қазір? Рас, менің қорқасоқтап отырғаным...
— Әжесінің ақырғы тілегін орындауға Валентинаның өзі өте-мөте ықыласты болмақ, — деп оның сөзін бөліп кетті Вильфор, — сізді сендіріп айтайын, оның тарапынан қарсылық болмайды.
— Ендеше, — деп жауап берді Франц, — менің тарапымнан да қарсылық болмауы себепті, өз қалауыңызша шеше беріңіз; мен өзім уағда берген адаммын және оны тек ризашылықпен ғана емес, қуана-қуана орындарым хақ.
— Олай болса, несін соза береміз, — деді Вильфор. — Келісімшарт бұрнағы күні қол қойылып бітуге тиіс еді, қазір даяр; оған нақ бүгін қол қоюға да болады.
— Аза тұтпақты қайтпекпіз? — деп қипақтады Франц.
— Оған қам жемеңіз, — деп қарсылық білдірді Вильфор, — менің үйімде әдептен озу деген ныспы болмайды. Мадемуазель де Вильфор белгіленген үш ай мерзімге өз мекені Сен-Меранға кетеді; мен өзінің деп бекер айтып отырған жоқпын, себебі ол мекен соныкі. Арада бір апта өткен соң, егер сіз наразы болмасаңыз, артық-ауыс сән-салтанатсыз, даңғаза-шусыз азаматтық неке қиылмақ. Немересінің тойы тек сол имениеде болғанын де Сен-Меран ханымның өзі өтінген. Тойдан кейін Парижге қайтып келе берулеріңізге болады, ал сіздің жұбайыңыз өгей шешесімен бірге ақырына шейін азасын осында тұтар.
— Дегеніңіз болсын, сударь, — деді Франц.
— Ендеше, — деп сабақтады сөзін Вильфор, — сіздің жарты сағат тоса тұруыңызды өтінер едім; оған шейін Валентина қонақжайға түсетін болар. Кісі жіберіп Дешанды алдыртайын, осы жерде некені жариялап, келісімшартқа қол қоямыз, сонсоң бүгіннен қалдырмай де Вильфор ханым Валентинаны имениесіне жеткізіп салар; ал біз онда бір жетіден кейін барармыз.
— Сударь, — деді Франц, — менің сізге жалғыз-ақ өтінішім бар.
— Қандай?
— Келісімшартқа қол қойыларда Альбер де Морсер мен Рауль де Шато-Ренолардың қатысқанын қалар едім; өзіңіз білесіз, олар менің куәгерлерім ғой.
— Оларға жарты сағат ішінде хабарлауға болады. Қалай, оларға өзіңіз барып хабарлағыңыз келе ме, әлде біреу-міреуді жіберейік пе?
— Өзім барып хабарлағаным жөн болар.
— Ендеше жарты сағаттан кейін сізді осында тосамын, барон; оған шейін Валентина да әзір болар.
Франц Вильфорға тағзым етіп, шығып кетті.
Сыртқы есік жабылар-жабылмастан Вильфор Валентинаға кісі жұмсап, жарты сағаттан кейін оның қонақжайда болуы керектігін, өйткені нотариус пен барон д’Эпиненің куәгерлері келетінін барып, ескертіп келуді тапсырды.
Мұндай күтпеген хабар күллі үйдің астын-үстіне келтірді. Де Вильфор ханым бұған сенер-сенбесін білмеді, ал Валентинаның төбесінен жасын түскендей болды.
Қыз сасқалақтап, қорғаныш іздеп, бөлме ішінде айналақтай берді.
Атасына бармақ болып, басқышпен төмен түсіп келе жатыр еді, Вильфор қарсы жолықты да, қолынан ұстап қонақжайға алып кірді.
Кіреберісте Барруаны көрген Валентина оған жалбарына қарады.
Валентина кірген соң бір минуттен кейін кішкене Эдуардты жетелеп, қонақжайға де Вильфор ханым келді. Бұл семья душар болған қайғының келіншекке ауыр тигені көрініп тұр; құп-қу өңінен әбден шаршап-шалдыққаны байқалады.
Ол жайғасып отырды да, Эдуардты алдына алды, өмірімнің мәні осы дегендей оқтын-оқтын ұлын бауырына құшырлана қысып қояды.
Сәлден кейін аулаға келіп кірген екі күйменің дүсірі шалынды құлаққа. Оның бірінде нотариус, ал екіншісінде достарымен Франц келген болатын.
Бірер минуттан соң бәрі жиналып болды.
Өңі боп-боз Валентинаның көзінің алды, шеке тамырлары көкпеңбек болып білеуленіп тұр.
Франц қатты қобалжулы.
Шато-Рено мен Альбер бір-біріне таңырқай қарасты; жаңағы зират басында емес, аза тұтудың реті енді келгендей көрінді оларға.
Барқыт перденің жанында қара көлеңкеде отырған де Вильфор ханым қайта-қайта ұлына қарап, еңкейе берген соң, оның бет-жүзінен қазіргі сәттегі көңіл күйін аңғару қиын болатын.
Вильфор қашанғы әдетінше сыр берер емес.
Заң қызметкерлеріне тән ыждаһаттылықпен әкелген күллі документтерін үстел үстіне жайып салды да, нотариус креслоға қайта жайғасып отырып, көзәйнегін түзеп қойып, Францқа қарап сөйледі:
— Франц де Кенель барон д'Эпине мырза сіз боласыз ба? — деп сұрады ол, Францты бек жақсы біле тұрып.
— Иә, сударь, — деп жауап берді Франц.
Нотариус оған бас изеді.
— Мен сізді алдын ала ескертуге тиіспін, сударь, — деді ол, — және мұны де Вильфор мырзаның атынан айтып отырмын мен; сіздің мадемуазель де Вильформен некеге отыратыныңызды білгеннен кейін Нуартье мырза өзінің немересіне байланысты шешімін өзгертіп, оған түгел тиесілі мұраны қалдырудан мүлде бас тартты, бұған қосарым, — деп сөзін соза түсті нотариус, — өсиет қалдырушының өз дәулетінің белгілі бір бөлегіне ғана қожалық етуіне құқы бар болатын, ал бәріне толайым үкім жүргізгендіктен өсиетнамаға қарсылық білдірмеді, демек, оның жарамсыз деп танылғаны.
— Ол рас, — деді Вильфор, — бірақ мен д'Эпине мырзаның есіне алдын ала мынаны салып қойғым келеді, әзірше менің көзім тірі тұрғанда, әкемнің өсиетнамасы жарамсыз деп табылмақ емес, өйткені лауазым дәрежем менің ондай дау-дамайға баруымды ныспы көтермейді.
— Сударь, — деді Франц, — бұл мәселенің мадемуазель Валентинаның көзінше көтерілгеніне қатты қынжылып тұрмын. Мен мадемуазель дәулетінің мөлшері қандай екеніне ешқашанда назар аударған емеспін, әрине, қанша азайды дегенмен менің дәулетімнен әлдеқайда артық екені және айқын. Біздің семья де Вильфор мырзамен туыс болуға ниет еткен және мұны зор мәртебе санайтыны рас; өз басым тек бақытты болсам деп едім.
Бұған ризашылық білдіріп, болар-болмас басын изеген Валентинаның екі көзінен аққан жас бетімен сорғалап бара жатыр еді.
— Дегенмен де, сударь, — деді Вильфор, болашақ күйеу баласына қарап, — тек үмітіңіз түгел ақталмады деп қапа болмасаңыз бұл оқыс өсиетнамада сіздің жеке өз басыңыз шамданарлықтай дәнеңе жоқ; бұл Нуартье мырзаның ақылынан алжасқанының салдары, Менің әкем мадемуазель де Вильфордың сізге тұрмысқа шыққанына қарсы болып отырған жоқ, оны жалпы күйеуге бергенге қарсы тегі, Валентина тұрмысқа кімге шықса оған шықсын, әкей бәрібір осылай қарсы болған болар еді. Кәрілік өзімшіл келеді, сударь, ал мадемуазель де Вильфор бар уақытын осы күнге шейін Нуартье мырзаға сарп етумен келген, енді қалай болғанда да, баронесса д'Эпиненің олай ете алмасы хақ. Әкейдің кәріп болып қалуы салдарынан маңызды шаруа жағдайын ақылдасу мүмкін емес, өйткені ұғынып жетпейді ол. Дәл осы сәтте өз немересінің тұрмысқа шыққалы жатқанын ұғуға зәрдесі жеткенмен, оның күйеуінің аты-жөні кім екені әкейдің есінен тарс шығып кеткеніне менің сенімім кәміл.
Вильфор осыны енді айтып ауыз жиып, Франц оған бас иіп ілтипат білдіремін дегенше болмай қонақжайдың есігі ашылып Барруа кіріп келді.
— Мырзалар, — деді ол мұндай салтанатты жағдайда қожаларына тіл қататын малайлардың үйреншікті үнінен даусы әлдеқайда қатқыл шығып, — Нуартье де Вильфор мырза тап қазір Франц де Кенель барон д'Эпинемен сөйлесуді қалайды.
Нотариус сияқты ол да жаңылысып кетпейін деп күйеуді толық титулымен атады.
Вильфор селк ете қалды, де Вильфор ханым тізесінде отырған баласын жерге түсірді, өңі аппақ қудай Валентина үн-түнсіз, тас мүсінге ұқсап орнынан көтерілді.
Альбер мен Шато-Рено осымен екінші мәрте, бұл жолы бұрынғыдан да бетер таңырқай қарасты бір-біріне.
Нотариус енді Вильфорға қарады.
— Бұл мүмкін емес, — деді король прокуроры, — басқаны былай қойғанда д’Эпине мырза дәл қазір қонақжайдан кетіп қала алмайды ғой.
— Менің қожайыным Нуартье мырза Франц д'Эпине мырзамен маңызды шаруа жайлы дәл қазір сөйлескенді қалайды, — деді Барруа тағы да тастай қылып.
— Ендеше, атама тіл біткен екен ғой? — деп қалды Эдуард шалдуар мінезінен танбай.
Бірақ оның бұл еркелігіне керек десе де Вильфор ханымның өзі де езу тартып жымия қоймады, осынау салтанат үстінде ешкімнің селт етер жайы жоқтұғын.
— Бұл өтініші орындалмайтын болды деп Нуартье мырзаға айта барыңыз, — деп мәлімдеді Вильфор.
— Ондай жағдайда, — деп беріспейді Барруа да, — өзін қонақжайға алып келуге жарлық беретінін ескертіп еді Нуартье мырза.
Жиналғандар жағасын ұстады.
Де Вильфор ханымның жүзінде күлкі ойнағандай болды.
Жаратқанның мұнысына шүкір еткендей Валентина көкке жалбарына қарады.
— Валентина, — деді Вильфор, — марқабат, барып біліп келіңізші, сіздің атаңыздың бұл тағы қай қиямпырыстығы екен.
Валентина есікке қарай тұра ұмтылып еді, бірақ Вильфор әлгі ойынан айнып қалды.
— Тұра тұрыңыз, — деді ол, — мен сізбен бірге барайын.
— Кешірерсіз, сударь, — деп, сөзге Франц араласты енді, — меніңше, Нуартье мырза мені шақырта кісі жіберген екен, оның тілегін орындауға тиіспін; оның үстіне о кісіге қошемет көрсетіп сәлемдесіп шығудың реті келмей жүр еді, мұндай сәті түскенін бақыт деп білемін.
— Аһ, құдайым-ай! — деді Вильфор, тегі, мазасы кетсе керек. — Бұл жерде сіздің қапылатын жөніңіз жоқ.
— Мені ғафу етерсіз, сударь, — деді Франц алған бетінен қайтпайтын адамдай тік кетіп. — Мен туралы қаншалық теріс пікірде болғанын Нуартье мырзаның көзін жеткізудің реті келіп тұрғанда қапы қалғаным болмас, шынайы ықыласыммен ондай ойынан қайтаруға біржола бекініп тұрмын.
Соны айтып, Вильфордың ойлануына мұршасын келтірместен, Франц та орнынан тұрып, суға кеткен тал қармайдының керімен, қуанғаннан басқышпен құлдыраңдап төмен түсіп бара жатқан Валентинаның соңынан ере кетті.
Вильфор да бұлардың соңынан ілесті.
Шато-Рено мен Морсер бұл жолы, үшінші мәрте, бұрынғыдан бетер таң-тамаша қап, бір-біріне үнсіз қарасты.
XVIII. МӘЖІЛІС ХАТ
Бастан-аяқ қара киінген Нуартье сол креслосына жайғасқан қалпы тосып отыр екен.
Өзі жүздеспек болған үш адамы бірдей кеп бөлмеге енген соң, қария есікке көз тастап еді, камердинер дереу бекіте қойды.
— Есіңізде,болсын, — деді Вильфор баяу ғана, қуанышын жасыра алмай тұрған Валентинаға, — егерде Нуартье мырза сіздердің некелесуіңізге залалын тигізетін бірдеңе айтатындай болса» ондайын ұғып-түсінуге сізге тыйым саламын.
Валентина қызарып кетті, бірақ ләм-мим деген жоқ.
Вильфор Нуартьенің қасына келді.
— Бұл Франц д'Эпине мырза, — деді ол әкесіне, — сіздің шақыртуыңызбен келіп тұр. Әлбетте, сіз бұл кездесуді көптен бері күтулі болатынсыз, егерде бұл кездесу Валентинаның тұрмысқа шығуына бөгет жасауыңыздың мүлде негізсіз екенін сізге дәлелдеп берсе, мен өзімді өте бақытты сезінер ем.
Нуартье оған оқты көзімен ата қарағанда Вильфордың өне бойы түршікті.
Сонсоң шал көзімен Валентинаны шақырды.
Атасымен өзгеше тәсілмен тілдесіп үйренген Валентина «кілт» деген сөзді тауып алды ә дегенше.
Сосын кәріп шалдың көзқарасын қадағалаумен болды; Нуартьенің көзі екі терезенің ортасында тұрған шағын шкафқа барып тоқтады.
Немересі барып сол жәшікті ашып еді, ішінен, айтқандай-ақ, кілт шықты.
Қыз кілтті алды, өзіме де керегі осы еді дегенді ұғындырды шал көзімен ымдап; содан кейін ішінде тек ескі-құсқы қағаздар ғана сақтауға болатын, баяғыдан қараусыз қалған ескілікті жазба үстелін нұсқады ол көзімен.
— Бюроны ашуым керек пе? — деп сұрады Валентина.
— Иә, — деп ишара етті шал.
— Жәшікті ашайын ба?
— Иә.
— Қоржын жәшікті ме?
— Жоқ.
— Ортаңғысын ба?
— Иә.
Валентина ортаңғы жәшікті ашты да, ішінен бір бума қағаз алып шықты.
— Сізге керегі осы ма? — деді қыз.
— Жоқ.
Енді Валентина қағаздарды бір-бірлеп ала бастады; ақыры жәшік босап қалды.
— Жәшікте ештеңе қалмады ғой, — деді ол.
Нуартье көзімен сөздікті мегзеді.
— Жарайды, ата, түсіндім, — деді Валентина.
Бұдан кейін ол сөздіктегі әліппенің әрпін бірінен соң бірін оқи бастады, «Қ» әрпіне жеткенде Нуартье оны тоқтатты.
Енді немересі сөздіктің беттерін аударыстырып отырып «құпия» деген сөзге жеткенше тоқтамады.
— Е, құпиясы бар жәшік екен ғой? — леп сұрады қыз.
— Иә.
— Ал оның сырын кім біледі?
Әлгінде ғана қызметші шал шығып кеткен есікті нұсқады Нуартье көзімен.
— Барруа ма?
— Иә, — деп көрсетті Нуартье.
— Оны шақыру керек пе?
— Иә.
Валентина есік көзіне барып Барруаны шақырды.
Бұл кезде әбден төзімі таусылған Вильфордың маңдайынан шып-шып тер шықты, ал Франц болса таң-тамаша боп, сілейіп қатып қалған.
Бөлмеге малай шал келіп кірді.
— Барруа, — деді Валентина, — атам маған ана бір шағын шкафтан кілт алып, столды ашып, оның мына жәшігін суыруға бұйырып еді; сөйтсе жәшіктің құпиясы бар екен; оның құпиясын, тегі, сіз білетін болсаңыз керек; ашыңызшы.
Барруа қожайынына қарады.
— Сөйтіңіз, — дегенді айны-қатесіз ұғындырды Нуартье көзімен.
Барруа оның сөзін екі қылған жоқ; жәшіктің екінші түбі ашылды да, ішінен белін қара лентамен бұған бір бума қағаз шықты.
— Сізге қажеті осы ма еді, сударь? — деп сұрады Барруа.
— Иә, — деп ишара қылды Нуартье.
— Бұл қағаздарды енді кімге беруім керек? Де Вильфор мырзаға ма?
— Жоқ.
— Мадемуазель Валентинаға ма?
— Жоқ.
— Франц д'Эпине мырзаға ма?
— Иә.
Бұған таңырқаған Франц шалға тақау кеп тұрды.
— Маған ба, сударь? — деді ол.
— Иә.
Франц Барруаның қолындағы буманы алып, сыртын ораған қағаздағы жазуды оқыды:
«Мен өлгеннен кейін досым генерал Дюранға табыс етілетін болсын; төтенше маңызы бар қағаздар болғандықтан генерал да өлерінде ұлына өсиет қып қалдырып, бұл қағазды көзінің қарашығындай сақтауды тапсыруы шарт».
— Мен бұл қағаздарды не істеуім керек, сударь? — деп cayал қойды Франц.
— Задында, осылай жабық күйінде сақтап қоюға тиіс шығарсыз, — деді король прокуроры.
— Жоқ, жоқ — деді Нуартьенің көзі.
— Мүмкін, мұны д’Эпине мырзаның оқуын қалайтын боларсыз? — деді Валентина.
— Иә, — деді шал көзімен мегзеп.
— Көрдіңіз бе, барон, атам бұл қағаздарды сіз оқысын деп өтініп отыр, — деді Валентина.
— Ендеше, тізе бүгелік, — деді әбден шарасы таусылған Вильфор, — бұған әжептәуір уақыт қажет болар.
— Отырыңыз, — деп ишара етті шал көзімен.
Вильфор отырды, ал Валентина атасының креслосына сүйенген қалпы тұра берді, Франц та шалдың алдында сол тік тұрған күйі қалды.
Құпия қағаз соның қолында болатын.
— Оқыңыз, — деді шал көзімен.
Франц қағазды буған лентаны шешті; бөлме іші жым-жырт бола қалды. Тым-тырыс тыныштықты бұзып, Франц оқи бастады:
«Мың сегіз жүз он бесінші жылдың бесінші февралі күні өткен бонапартшылдардың Сен-Жак көшесіндегі клубы жиналысының мәжілісхатынан үзінді».
Франц бөгеліп қалды.
— Мың сегіз жүз он бесінші жылдың бесінші февралі дейді. Менің әкемді дәл сол күні өлтірген болатын!
Валентина мен Вильфор тіс жарып, тіл қатқан жоқ; тек ғаріп шалдың көзі ғана әрі қарай оқи беріңіз деген айқын нышан білдірді.
— Ойбай-ау, менің әкем дәл осы клубтан шығысымен ұшты-күйлі жоқ болды емес пе, — деп тоқтар болмады Франц.
Нуартье көзімен оқи беріңіз дегенді мегзеді тағы да.
Франц әрі қарай оқыды:
«Біз, төменде қол қоюшылар, артиллерия подполковнигі Луи-Жак Борепэр, бригада генералы Этьен Дюшампи және пайдаланылатын жерлер басқармасының директоры Клод Лешарпаль, мың сегіз жүз он бесінші жылдың төртінші февралі күні Эльба аралынан хат алғанымызды, онда мың сегіз жүз төртінші жылдан мың сегіз жүз он бесінші жылға дейін императорға қызмет еткен, сондықтан да, он сегізінші Людовиктен поместьесінің атына байланысты барон д'Эпине титулын алғанына қарамастан, сөз жоқ, Наполеон әулетіне шын берілген, генерал Флавиен де Кенельге бонапартшылдар клубы мүшелерінің сенім білдіруі тапсырылғанын мәлімдейміз.
Осыған орай, ертесіне, яғни бесінші февраль күні болмақ мәслихатқа қатысуы үшін генерал де Кенельге шақыру қағаз жіберілген. Онда мәжіліс болатын үйдің нөмірі де, көшесінің аты да көрсетілмеген-тұғын; шақыру қағазына ешкімнің қолы да қойылмаған-ды, бірақ егер де генерал әзір болған жағдайда кешкі сағат тоғызда барып алып кетеміз деген ескертпесі бар-тын.
Мәслихат әманда кешкі сағат тоғыздан түн ортасына дейін созылатын.
Сағат тоғызда клуб президенті генералға барды; генерал әзір тұр екен; президент оған мәслихаттың қайда өтетіні сізге беймағлұм боп қалмақ, оның үстіне көзіңізді таңған шүберекті көтеріп қарауға әрекет етпеуге ант берсеңіз ғана клубқа қабылданасыз деп шарт қойды.
Генерал де Кенель бұл шартты қабыл алып, өзін қайда апара жатқанын білмекке әрекет жасамаймын деп арының алдында ант етті.
Генерал өз күймесін келтіруге алдын ала жарлық етіп қойған екен; бірақ президент оған мұның реті келмейтінін айтып түсіндірді, өйткені, көшірі қай көшемен жүріп-тұрғанын көріп қоятын болған соң, қожайынының көзін байладың не, байламадың не.
«Онда қайтпек керек?» — деп сұрады генерал.
«Мен келген күймемен кетеміз», — деді президент.
«Менің көшіріме сенуге болмайтын құпия сырды жасырмайтындай өз көшіріңізге соншалық сенімдісіз бе?»
«Біздің көшір — клуб мүшесі, — деді президент, — бізді статс-секретарь алып жүреді».
«Олай болса, — деді күліп генерал, — басқа қауіп және бар, — ол бізді аударып тастап жүрер».
Біз бұл әзілді генералды мәжіліске ешкім де әсте зорлап әкелмегеніне, оның бұл мәслихатқа өз еркімен қатысқанына дәлел ретінде келтіріп отырмыз.
Күймеге отырысымен президент генералға көзін байлауға уағдаласқандарын құлаққағыс етеді. Бұған ол ешқандай қарсылық білдірмейді; бұл үшін алдын ала күймеде әзірлеп қойған шәйі мата болатын.
Жолшыбай генерал көз таңғышты көтеріп қарағысы кеп әрекеттенген тәрізді көрінеді президентке: президент оның ант бергенін есіне салады.
«Иә, иә, оныңыз рас», — дейді генерал.
Күйме Сен-Жак көшесіндегі аллеялардың біреуіне тақау тоқтайды. Генерал күймеден президентке сүйеніп түседі; оның президент екенінен бейхабар генерал клубтың жай мүшелерінің біріне жориды; олар аллеяны кесіп өтіп, екінші қабатқа көтеріледі де, мәжіліс өтетін бөлмеге кеп кіреді.
Бұл кезде мәслихат басталып кеткен болатын. Бүгінгі кеште жаңа мүшемен танысатындарынан хабардар мүшелер түгел жиналған еді. Генералды залдың ортасына алып келген соң, көз таңғышыңызды алыңыз деді. Көзін байлаған шүберекті дереу жұлып алған ол заты тұрмақ атын естіп-білмеген қоғамның мәжілісінде бас қосқан көптеген таныс адамдарын көргенде өзі де қайран қалса керек.
Одан өзінің көзқарасы жайлы айтып беруін өтінгенде, Эльбадан келген хаттан бәрі онсыз да белгілі емес не деумен шектелді...»
Франц оқуын тоқтатты.
— Менің әкем роялшы болатын, — деді ол, — одан көзқарасы жайлы сұраудың не қажеті бар еді, мұны жұрттың бәрі білетін.
— Сіздің әкеңізбен қоян-қолтық араласып кеткенім де содан ғой, барон, — деді Вильфор, — пікірің бір жерден шыққан адаммен тіл табысу да оңай.
— Әрі қарай оқыңыз, — деді шалдың көзі.
Франц оқуын жалғастырды:
— «Сонда президент тұрып сөз алды да, генералдың толығырақ жауап беруін өтінді, бірақ де Кенель мырза әуелі өзінен не қажет ететіндерін білгісі келетінін айтып, илікпей қойды.
Сонан кейін, оны қолғабыс беретін адам ретінде клубқа кепілдік еткен сол Эльба аралынан келген хатты оқып берді генералға. Бұл хаттың тұтас бір тармағында Эльба аралынан қайтып оралу мүмкіндігі туралы айтылған болатын және бұдан кейінгі толығырақ жазылған хат Марсель арматоры Моррельдің «Фараон» кемесінің императорға шын берілген капитаны арқылы барып жетеді делінген.
Хат оқылып жатқанда әлгі бауырласымыз деп отырған генералымыз қайта наразы кейіпте, тіпті ашықтан-ашық жиреніш білдіріп отырды.
Хат оқылып болғаннан кейін де ол қабағын түйіп алып, тұнжыраған қалпы отырды да қойды.
«Иә, сонымен, генерал, — деп сауал берді президент, — бұл хат жөнінде сіз не айтар едіңіз?»
«Мен айтсам, — деп жауап қатты ол, — король Людовик он сегізіншіге ант бергеніміз жуырда ғана, енді оны экс-императорға бола бұзудың реті келмес».
Генералдың ашық жауап бергені соншалық, көзқарасының қандай екені айдан анық болды.
«Генерал, — деді президент, — бұл король Людовик Он сегізінші дегенді білмейміз, сол сияқты экс-император дегенді де ұқпаймыз. Біз үшін тек осыдан он ай бұрын зорлықтың күшімен, опасыздықпен Франциядан, өзінің державасынан қуғындалып кеткен ұлы мәртебелі император һәм король ғана бар».
«Кешірерсіздер, мырзалар, — деді генерал, — мүмкін сіздер үшін король Людовик Он сегізінші жоқ болса жоқ шығар, ал мен үшін ол бар екені хақ: барон дәрежесіне көтеpiп, мені фельдмаршал етіп тағайындаған сол, осы екі бірдей лауазымға ие болғаным бағы жанып соның Францияға қайта оралғанының арқасы екенін өлсем ұмытпаспын мен».
«Сударь, — мұны президент тым салмақтай айтты, — не айтып тұрғаныңызды білесіз бе өзіңіз; бұл айтқандарыңыз Эльба аралындағылардың сіз жөнінде қатты жаңылысқанын және бізді де қателікке ұрындырғанын дәлелдейді. Сізге бір кезде көрсетілген сенім мен ыстық ықыластың әсерімен шақыртылған екенсіз мұнда. Сөйтсек, біз жаза басыппыз; титул мен жоғарғы шен біз құлатпақ боп жүрген жаңа үкіметтің шашбауын көтеруге мәжбүр еткен екен сізді. Қолғабыс беруге сізді зорлап көндіргелі отырған біз жоқпыз; ешкімді де еркінен тыс, ар-ұжданымен санаспай қатарымызға тарта алмаймыз, бірақ мақсат-мүддеңізге сәйкес келмесе де сізді парасатты адамның ісін істеуге көндіреміз».
«Немене, сіздердің бұл қастандық істеріңізді біле тұрып жария қылмауды парасаттылық деп санайсыздар ма! Ал мен мұндайды сыбайластық деп білем! Көріп тұрсыздар ғой, менің сіздерден гөрі ашығырақ кеткенімді...»
— Е, әкей, әкей, — деді Франц оқуын үзіп, сені олардың неге өлтіргенін енді ұқтым!
Валентина Францқа еріксіз қарап қалды: әкесіне қабырғасы қайысып тұрған жігіттің қазіргі түріне адам сүйсінерлік.
Вильфор бөлме ішін әрлі-берлі кезіп жүр.
Бөлмедегі әрбір адамның бет-пішінін қапысыз қадағалап отырған Нуартье сол сұсты да тәкаппар қалпынан танған жоқ.
Франц қолжазбаны қайтадан оқи бастады:
«Сударь, — деді президент, — сізді бұл мәслихатқа шақыруын шақырғанмен ешкім зорлап сүйреп келген жоқ қой; көзіңізді байлайық дегенге келіскен өзіңізсіз. Бұл екі ұсыныстың екеуіне де өз ықтиярыңызбен келісе отырып, біздің Людовиктің тағының қамын соғып жүрмегендігімізді ғой сіз бек жақсы білдіңіз, әйтпесе, полициядан осынша сақтанатын не жөніміз бар. Біле білсеңіз, біреулердің құпия сырын ашу үшін перде киіп, сосын оны сыпырып тастап, өзіңе сенген адамдардың көзін құртудан оңай не бар дейсіз. Жо-жоқ, сіз әуелі кімді қолдайтыныңызды бізге ашық мойындаңыз: қазір патшалық құрып отырған кездейсоқ король жағындасыз ба, әлде ұлы-мәртебелі императорды жақтайсыз ба?
«Мен роялиспін, — деп жауап қайырды генерал, — Людовикке ант еткенмін және сол антыма берікпін».
Бұған наразы болған жұрт гуілдесіп кетті, клуб мүшелерінің көпшілігі түрлеріне қарағанда да д'Эпине мырзаның ойланбай айтқан әлгі артық-ауыз сөздерін қайтып алуға зорлап көндіруге ниет етіп отырған сыңайы бар. Президент орнынан қайта көтеріліп жұртты тыныштандырды.
«Сударь, — деді ол генералға, — сіз бенен біз қазір душар болып отырған жағдайдың арты неге апарып соғарын түсінетіндей аса парасатты адам деп білеміз сізді және де жаңағы ашық айтқан сөзіңіз сізге өз шартымызды қоюға тиіс екенімізді еске салып отыр: яғни айтқанда, сіз бұл жерде естіген білгеніңізді тірі пендеге тіс жармауға арыңыздың алдында ант етуге тиіссіз».
Генерал шап беріп сапысының сабынан ұстай алды да, өршелене сөйледі.
«Ар-ұжданды ауызға алған екенсіздер, ендеше оны аяққа таптаушы болмаңыздар және маған зорлықпен ештеңе де істете алмайсыздар!»
«Ал, сізге, генерал, — деп сөзін сабақтаған президенттің үнінде генералдың даурықпасынан гөрі ауыр зіл, ызғар жатыр еді, — берер кеңесім: сапыңызды қынына қайта салып қойсаңыз».
Генерал енді айнала көпшілікке сәл абыржи көз тастады. Сонда да бетінен қайтқан жоқ; ол ол ма, бұрынғыдан бетер қайратына мінді енді.
«Сіздерге олай деп ант ете алмаспын», — деді ол.
«Олай болса, сударь, — деді президент, сол салқынқанды қалпымен, — өлуіңізге тура келер».
Д'Эпине мырза боп-боз боп кетті де отырғандарды көзімен тағы бір шолып өтті; бұл кезде клубтың кейбір мүшелері бір-бірімен сыбырласып, сулықтарының астынан қаруларын қамдастырып жатқан.
«Генерал, — деді президент, — алаң болмаңыз; сіз ар-ұжданы бар адамдардың ортасындасыз, соңғы шараны қолданбас бұрын олар сіздің көзіңізді жеткізу үшін бар амалды аяп қалмасы кәміл; бірақ басқа жағынан келер болсақ, әлгінде өзіңіз айтқандай сіз қастандық жасаушылардың ішінде тұрсыз; біздің құпия сырымыз қазір сіздің қолыңызда, оны қалайда өзімізге қайтаруға тиіссіз».
Бұдан кейін орнай қалған тыныштықта көп мән бар еді; генерал жауап қатқан жоқ.
«Есікті бекітіңіздер», — деді президент сонда барып.
Бұл сөзден кейін өлі тыныштық қайта орнады.
Сонан соң барып генерал алға шықты да, зордан-молдан әрең дегенде:
«Менің ұлым бар. Баскесерлердің ортасында тұрғанда соның қамын ойлауым міндетті әуелі», — деді.
«Генерал, — деді сонда оған, жиналыс басқарушы әр қалпы, — егер бір адам әрқашанда елу адамға тіл тигізе алады десек, бұл әлсізге деген аяушылық белгісі деп білген жөн. Сөйтсе де, бұл құқын пайдалануы бекер болмақ оның. Сізге берер ақылым, генерал, ант етіңіз, бірақ бізге тіл тигізуші болмаңыз».
Мәжіліс ағасының пысы басқан генерал сабасына түсіп, сәл екі ойлы боп тұрды да, ақыры үстелге таяп келіп:
«Ант беру рәсімі қалай болмақ?» — деп сұрады президенттен.
«Мінекей:
«Мың сегіз жүз он бесінші жылдың бесінші февралі күні кешкі сағат тоғыз бен онның арасында көрген-білгенімді тірі пендеге тісімнен шығармасқа арыммен ант етемін; егер де осы антымнан аттар болсам, өзімді өлім жазасына кескенім деп білемін».
Денесі түршігіп кетсе керек, тегі; бірер секунд бойына не деуге білмей, генерал сілейіп тұрып қалды; ақыры, иттің етінен жек көре тұра, шарасыздан әлгі антты қайталап шықты, бірақ даусы өте жай шыққаны соншалық, біреу естіп, біреу естімей қалды; сондықтан клубтың кейбір мүшелері даусын қаттырақ шығарып, анықтап қайталап шықсын деп талап еткен соң генералдың мойын ұсынбасқа лажы қалмады.
«Енді кетсем деп едім, — деді генерал, — босадым ба ақыр?»
Президент орнынан тұрды да, қасына еретін үш адамды таңдап алып, генералдың көзін байлаған соң күймеге барып жайғасты. Үшеудің біреуі генералды алып келерде көшір боп барған адам-тұғын.
Клубтың басқа мүшелері үн-түнсіз тарқасты.
«Қайда апарып салайық сізді?» — деп сұрады президент.
«Қайда апарсаңыз онда апарыңыз, сіздерден құтылсам болғаны», — деп жауап берді д'Эпине мырза.
«Сударь, — деді сонда оған президент, — абай болыңыз, енді жиналыста отырған жоқсыз, жекелеген адамдардың ортасындасыз; егер жәбірлегеніңіз үшін жауап беруге мәжбүр етсін демесеңіз тіліңізді тарта сөйлеңіз».
Бұл сөздің ар жағында не жатқанын ұғып, байқас болудың орнына д’Эпине мырза қитыға түсті:
«Өз күймеңізде де әлгі клубыңызда отырғандай батырсына беретініңіз төрт адамның қалайда бір адамға шамасы келетінін білгеннен болар».
Президент күймені тоқтат деп әмір етті.
Бұлар тура Орм жағалауындағы өзенге түсетін сатының тұсына кеп тоқтаған екен.
«Неге бұл жерге тоқтадыңыз?» — деп сұрады д’Эпине мырза.
«Тоқтаған себебіміз, сударь, — деді президент, — сіз кісіге тіл тигіздіңіз, енді ол кісі сізден заңды түрде есесін қайтармай аттап қадам басқысы жоқ».
«Адам өлтірудің тағы бір тәсілі екен бұл», — деп генерал иығын қиқаң еткізді.
«Байқаңыз, сударь, — деп жауап қайырды президент, — егерде мен сізді жаңа өзіңіз айтқан адамдардың санатына, яғни айтқанда, өзінің дәрменсіздігін қорған ғып жүрген сужүректердің қатарына қоссын демесеңіз. Сіз біреусіз, сондықтан тек бір адам ғана шайқасады сізбен; сіздің өз сапыңыз бар екен, қамыс таяғымның ішінде менің де сапым бар; секундантыңыз жоқ екен, мына мырзалардың бірі сізге секундант болады. Енді көзіңізді таңған шүберекті аламын десеңіз де ықтиярыңыз».
Генерал көзін таңған орамалды дереу жұлып алды.
«Кіммен кез келгенімді енді білдім ғой», — деді ол.
Күйменің есігі ашылып, төртеуі де тысқа шықты...»
Франц тағы тоқтап қалды. Маңдайынан шып-шып шыққан мұздай терін сүртті; әкесінің қалай өлгені туралы бұл күнге дейін беймағлұм мәліметті ұлының өңі құп-қу боп, қалш-қалш етіп оқып тұрғанын көрудің өзі сұмдық еді.
Валентина қолын жайып дұға оқығандай болды.
Нуартье Вильфорға менменсіп, жиіркене қарап отырды.
Франц оқуын жалғастырды.
«Бұл, әлгінде айттық, бесінші февраль күні болатын.
Соңғы күндерде бес-алты градус аяз боп тұрған басқышқа мұз қатқан екен; генерал ұзын бойлы, етжеңді адам еді, өзенге төмен түсерде президент басқыштың таянышы бар жағын генералға қалдырды.
Екі секундант та оларға ере жүрді.
Қас қарайған кез-тұғын, басқыш пен өзеннің арасын әредік-әредік қар жапқан, қырау басқан майсаң болатын; сең жүрген кез еді; терең, қап-қара өзен қол созым жерде ағып жатты.
Секунданттардың бірі барып көмір таситын сүйретпе қайықтағы аспашамды алып, жарығымен қаруларды тексерді.
Президенттің сапысы кәдімгі қамыс таяқтың ішіне салып жүретін сапы болатын, өзі генералдың сапысынан бес дюйм қысқа еді әрі темір тостағы және жоқ-тұғын.
Генерал д'Эпине сапыларды жеребе тастап бөлелік деген ұсыныс айтты; бірақ президент оған жекпе-жекке шақырған өзім; онда мен әркім өз қаруыменен шайқасады деген ойда болғанмын деп көнбей қойды.
Секунданттар да бұған келіспеген еді, президент олардың үнін өшірді.
Шамды ортаға әкеп қойды; қарсыластар оның екі жағынан кеп қарама-қарсы тұрды; сөйтіп жекпе-жек басталып кетті.
Шамның жарығымен сапылар айқыш-ұйқыш сермелгенде жалтыл ойнағандай болды. Түн қараңғысында шайқасқан екі адам қараң-құраң етіп әзер көрінді.
Генерал күллі армияда үздік сайыскерлердің бірінен саналатын. Бірақ бірден күшті тегеурінге төтеп бере алмай шегініп кетті; шегіне беріп құлап түсті.
Секунданттар өлген екен деп қалып еді; бірақ оны жараламағанын білген қарсыласы қолын созып, орнынан түрегелуіне жәрдемдесті. Бұған бұрынғыдан бетер жыны ұстаған генерал қарсыласына қайтадан тұра ұмтылғаны.
Әйтсе де қарсыласы бір қадам шегінбестен оның шабуылына төтеп берді. Генерал қатарынан үш мәрте шегініп, үш мәрте қайта тап бермек болды.
Үшінші рет шегінгенде ол тағы да мұрттай ұшты.
Басқалар оны тайып құлаған екен деп қалған; дегенмен жуық арада орнынан көтеріле қоймаған соң секунданттар жанына кеп, қайта тұрғызбақшы боп әрекеттенді; бірақ генералды қапсыра құшақтай көтерген секундант қолына жып-жылы, сұйық бірдеңе тигенін сезді.
Бұл қан болатын.
Сәл-пәл талықсып кеткен генерал есін қайта жиды.
«Aһa, — деді ол, — маған жекпе-жекке жалдамалы қанішерді, полктағы сайыскерлер ұстазын шығарған екен ғой? »
Президент оған жауап қатқан жоқ, тек шам ұстап тұрған секундантқа келіп, жеңін түріп жіберді де, қолындағы екі жерден сапы тесіп өткен жарақатты көрсетті; сосын фрагінің шалғайын қайырып тастап, желетін ағытып жіберді де бүйірін көрсетті, онда да ырсиған жараның аузы көрініп тұр еді.
Сонда да президент ыңқ деген жоқ.
Генерал д’Эпине бес минуттен кейін жан тапсырды...
Франц соңғы сөздерді солғын оқығаны сондай, үні құмығып әзер естілді; сонсоң үннен қалды да, тұнған мұнарды сыпырып тастағысы келгендей көзін қолымен бір сипап өтті.
Бір минут үнсіздіктен кейін қайтадан оқи бастады:
«Президент сапысын таяғының ішіне тыға салды да, басқышпен қайта жоғары көтерілді; қар үстінде қан ізі сорғалап бара жатты. Ол ең жоғарғы басқышқа жетпей жатып, арт жағынан судың шалп ете қалғанын құлағы шалды: генералдың өлгеніне көзі жеткен соң сүйегін секунданттар өзенге атқан болатын.
Жұрт оны әлдекімдер торға түсіріп, көзін жойған екен деуі мүмкін, ал шынында, генерал, сөйтіп жекпе-жекте өз ажалынан өлді.
Осынау қайғылы оқиғаға қатысқандардың бірі болмаса бірін күндердің күнінде қастандықпен кісі өлтірген, болмаса адалдық заңын аяққа таптаған деген айып тағыла ма деген қауіппен ақиқатын анықтап, үшбу мәжіліс хатты куәландырып қолымызды қойдық.
Қол қойғандар: Борепэр, Дюшампи, Лешарпаль»
Өзі үшін адам айтқысыз ауыр осынау қолжазбаны Франц оқып тәмамдағанда өң жоқ, түс жоқ Валентина толқып, көзінің жасын сүртті, ал бұрышқа барып тығылған Вильфор қалш-қалш етіп, мына сұмдықтан бас сауғалар таяныш іздеген күйі қатыгез қарияға жалбарына қараумен болды.
— Сударь, — деді д'Эпине Нуартьеге, — сіз ғой осынау сұмдық оқиғаның бүге-шігесіне дейін білетін адамсыз және оны қадірмен адамдардың қолын қойғызып куәландырып алған екенсіз; дәл қазір көңіліме қаяу салсаңыз да, байқауымша, маған назар аударғаныңыз рас болса керек; ендеше маған істеген жақсылығыңыз болсын, соңғы өтінішім: клуб президентінің аты-жөнін айтып берсеңіз, түптің түбінде, әкемді кімнің өлтіргенін біле жүрейін.
Вильфор абдырап дереу есік тұтқасын іздей бастады. Атасының білегінде семсердің екі жерде ізі қалғанын талай көрген Валентина оның қандай жауап берерін елден бұрын сезіп, бір қадам кейін шегінді.
— Құдай үшін, мадемуазель, — деді Франц қалыңдығына қарап, — менің өтінішімді қолдаңызшы, тым болмаса екі жасымда жетім қалдырған кім екенін біліп алайын!
Валентина үн-түн жоқ, тұрған жерінде сілейіп қатып қалды.
— Бері қараңыз, — деді Вильфор, — маған салсаңыз, осы бір ауыр көріністі соза бермейік; оның үстіне адамдардың аты-жөндері әдейі бұрмаланған. Менің әкем ол президенттің кім екенін өзі де білмейді, ал егер білген күнде де оны айтып жеткізе алмайды, өйткені, сөздікте адамдардың есімі жоқ қой.
— Неткен бақытсыздық! — деп күйзелді Франц. — Әлгінде хатты оқып тұрғанда, аяғына шейін оқуға медет болған жалғыз үміт осы еді, ең болмағанда, әкемді өлтірген кісінің аты-жөнін білермін деп ойлап едім! Сударь, сударь, — деп жік-жапар болды ол Нуартьеге, — құдай үшін, қолыңыздан келген көмегіңізді аямаңызшы... жалынамын сізге, ишара білдіріп, ұқтырудың амалын жасаңызшы...
— Жарайды, — деп көзімен ымдады Нуартье.
— Мадемуазель, — деп дауыстады Франц. — Сіздің атаңыз... әлгі адамның атын айтайын деген емеурін білдірді... жәрдем етіңізші, сіз тілін білесіз ғой...
Нуартье сөздікке қарады.
Франц қолы дірілдеп әліппені ұстаған күйі барлық әріптерін М әрпіне дейін дауыстап атап шықты.
Осы әріпке келгенде шал мақұлдаған белгі берді.
— М? — деп қайталады Франц.
Оның саусақтары әр сөзді нұқып көрсеткенімен қария келіспеген нышан білдірумен болды.
Валентина екі қолымен бетін баса қойды.
Енді Франц әлгі М әрпіне қайта оралды.
— Иә, — деп мақұлдады шал.
— М... мен... сіз бе! — деп даусы тарғылдана шыққан Францтың төбе шашы тік тұрды. — Сіз бе, Нуартье мырза? Сонда әкемді өлтірген мына сіз бе?
— Иә, — деп жауап берді шал, тәккаппарлана Францтың көзіне тура қарап.
Франц креслоға сылқ етіп құлап түсті.
Енді болмағанда өлермен шалдың жанын жаһаннамға жөнелтуге шақ қалған Вильфор есікті ашып, бөлмеден атып шықты.
XIX. КАВАЛЬКАНТИ ҰЛЫНЫҢ ЖЕЛІ ОҢЫНАН ТУДЫ
Бұл кезде Бартоломео Кавальканти мырза өз міндетін өтемекке Парижден аттанып та кеткен болатын, онда да Австрия императоры ағзамның әскері қатарында қызмет ету үшін емес, Лукка аралындағы рулетка жаққа жөнеген; өйткені оған өзінің жаны құмар еді.
Парижге сапарлап келіп маңғаз да тәкаппар әкенің рөлін ойнап шыққан еңбегі үшін өзіне тиісті ақшалай сыйлықтың соқыр тиынына дейін қалдырмастан асқан ұқыптылықпен ала кеткені айтпай-ақ та түсінікті шығар.
Ол аттанып кеткеннен кейін, өзінің маркиз Бартоломео мен маркиза Олива Корсинаридің ұлы екенін ресми айғақтайтын документтердің бәрі Андреаның қолына тиген.
Сөйтіп, иісі шетелдік десе үйріліп түсетін және олардың кім екеніне қарап емес, кім болып көрінгеніне қарай қабыл алып қарым-қатынас жасайтын Париж қауымына кәдімгідей етене болып қалған жайы бар еді оның.
Парижде жас жігітке қойылар қандай талап бар? Екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алса, сәнді киінсе, батыл ойнай білсе, жүрген-тұрғанда алтын төлесе жетіп жатыр.
Сөз бар ма, Париждің өз адамдарына қарағанда шетелдікке қойылар талап жоқтың қасы.
Сонымен арада екі жеті өткенде Андреаның жағдайы онша жаман болмай шықты; оған граф десетін болды жұрт, елу мың ливр жылдық түсімі бар бай деп таныды оны және әкесінің шіріген байлығы Саравеццаның тас қашайтын орнында тығулы жатыр екен-мыс десіп жүрді бәрі.
Бағзы бір ғалым бұның бұлтартпайтын даусыз шындық екенін, әлгі айтылмыш тас қашайтын орынды өз көзімен көргенін баян қылғанда бұрынғы алып-қашты әңгіме енді байсалды мағлұматқа айналды; кәдімгідей қолымен қойғандай әсер ететін болды жұртқа.
Бір күні кешкісін Монте-Кристо Данглар мырзаға арнайы келген кезде оқырмандарымызбен өзіміз таныстырған Париж қауымының сол бір ортасының жай-жапсары осылай болатын: Данглардың өзі үйде жоқ еді, бірақ баронесса қабылдайды екен; келгеніңізді мағлұм етелік пе деген сауалға граф келісетінін білдірді.
Отейльдегі түстіктен кейін және одан соңғы оқиғалардан зәрезап болған Данглар ханым граф Монте-Кристоның атын естігенде аза бойы қаза тұратын. Егер есімі аталған соң іле-шала оның өзі көрінбесе, әлгі ауыр сезім еңсені көтертпейтін, ал бірақ керісінше, графтың өзі келсе, ашық жүзі, жайнаған көзі, жібек мінезі, Данглар ханым дегенде сызылып тұратын сыпайылығы көңілдегі түйткілді лезде шайып жіберетін. Осыншалық түсі игі адамның өзіне зәредей қастық ойлауы мүмкін емес тәрізді көрінетін баронессаға; тіпті қарау адамдардың өзі де пәлендей бір пайда көздемесе, ешкімнің де жаманшылыққа бармайтынын мойындайды; мән-мағынасыз, мақсатсыз істелген залалдан әркім-ақ зәрезап болмақ.
Монте-Кристо келіп кіргенде, оқырманға бұрыннан таныс будуарда, қызын Кавалькантидің ұлымен алдын ала көріп алып, сосын өзіне ұсынған суреттеріне баронесса елеңдей қарап отырған. Графтың келуі бұрынғысынша айрықша әсер етіп, оның есімін естігенде қапелімде шошынып қалған баронесса іле-шала оны күлімдей қарсы алды.
Граф та лезде үй ішіне көз жүгіртіп өтті.
Баронессаның жанындағы козеткаға жантайған Эженидің алдында Кавальканти тікесінен тік тұр екен.
Гете кейіпкері сияқты тұтас қара киінген, аяғында лактелген башмағы, сәнді тігісі көзге ұрған ақ шәйі шұлығы бар Кавальканти күтімі келіскен әжептәуір ақ саусақтарымен сарғыш шашын бір сппап өткенде, Монте-Кристоның ақылымен санаспай, даңғой жігіттің қызақайлыққа салып шынашағына таққан гауһар жүзігі жарқ-жұрқ ете қалғаны.
Шашын сипаған мезетте өзі мадемуазель Данглар жаққа өлеусірей қарай, қайта-қайта күрсінумен болды.
Ал мадемуазель Данглар болса сол қашанғы жұртқа кекесінмен қарайтын керенау, керім қалпынан бір танған жоқ. Андреаның мөлие қарап, дембіл-дембіл күрсінгені оның назарынан қағыс қалмады; задында Минерваның сауытынан өте алмай, жігіттің есіл еңбегі еш болғаны тәрізді, кей философтардың пайымдауынша, ондай сауытқа кейде Сафода27 ие болатын болса керек.
Эжени графқа салқын ғана бас изеп қоштасып, бұлардың әңгімеге кіріскенін пайдаланып, өзінің дәріс алуына арналған қонақжай жаққа өтіп кетті; көп ұзамай ол жақтан рояль үнімен аралас екі адамның дабдырлай сөйлескен көңілді дауыстары естілді, бұған қарап Монте-Кристо мадемуазель Данглардың Кавальканти мырза екеуінен гөрі өзінің ән үйрететін ұстазы мадемуазель Луиза д'Армильимен болғанын артық көргенін ұқты.
Данглар ханымның әңгімесін ұйып тыңдағандай көрініп отырған граф Аидреа Кавалькантидың көңілінде түйткіл барын бірден біле қойды: музыка тыңдамақ болып қонақжайдың есігіне таяп барған жігіт ішке кіруге батыл етпей, таңырқай сүйсінумен әуре.
Сөйткенше болмай банкир кеп кірді үйге. Рас, бірден назары Монте-Кристоға ауғанмен, іле-шала Андреаға зер салды ол.
Ал жұбайына келгенде оның баронессамен амандасуы кейбір еркектердің әйелдерімен күндегі үйреншікті әдетімен сәлемдескеніне ұқсас боп шықты, оның мәнісін бойдақтар тек отасу туралы көш-құлаш кодекс жарық көргенде барып білуі ықтимал.
— Немене, біздің бойжеткендер музыкамен бірге шұғылдануға шақырмады ма сізді? — деп сұрады Данглар Андреадан.
— Шақырмаса не шара, сударь, — деп Андреа, бұрынғыдан бетер қабырғасы қайыса күрсініп.
Данглар дереу барып, есікті шалқасынан ашып тастады.
Рояль жанындағы бір орындықта отырған екі қызды көрді бәрі. Екеуі әрқайсысы бір қолымен ойнап, өздерін өздері сүйемелдейді екен — өздері ойлап тапқан осы бір тәсілмен тамаша өнер көрсетіп отыр, тегі.
Ашық есіктің жақтауынан, Эженимен қатар отырған күйінде, Германияда жақсы көретін картиналардың біреуінің жанды бейнесін елестеткен мадемуазель д'Армильи шынында да әйбат-ақ болатын немесе, нақтырақ айтсақ, сүп-сүйкімді еді. Өзі кіп-кішкентай, талдырмаш келген, перінің қызындай алтын шашты, мадонна Перуджиноға ұқсаған аққу мойнынан иығына құлаған ұзын бұрымы бар, қажып-шаршағаннан көзі кіреуке тартқан. Өзінің өкпесі нашар, «Кремон скрипкаларындағы28» Антония сияқты бір күні ән салып тұрып үзіліп кетуі мүмкін десетін.
Монте-Кристо бойжеткендер отырған гинекейге29 дереу сұқтана көз тастады; бұл үйде мадемуазель д'Армильи жайлы талай естіп жүрсе де оны көріп тұрғаны осы.
— Ал, біздің не жазығымыз бар? — деп сұрады банкир қызынан. — қажетіміз болмағаны ма?
Сонсоң ол Андреаны қонақжайға өткізіп жіберіп, соңынан есікті жапқанда әлде әдейі істеді ме, жоқ па, кім білсін, әйтеуір, Монте-Кристо мен баронесса отырған жерден ештеңе көрінбейтін ғып жапты; алайда, Андреаның ізінше баронның да сонда кіргенін көрген соң, Данглар ханым, тегінде, ешқандай назар аудармаса керек.
Көп ұзамай граф рояльдың сүйемелдеуімен бір корсикан әнін шырқатқан Андреаның даусын естіді.
Осы кезде Андреаны ұмытып, Бенедеттоны есіне алып, жымиған қалпы әнге құлақ тосқан графқа Данглар ханым банкротқа ұшыраған қайдағы бір Милан фирмасының қырсығынан бүгін таңертең ғана үш жүз мың ба, әлде төрт жүз мың ба франкін жоғалтқан күйеуінің сыр бермей, сабыр сақтай білген қасиетін аузын ашып, көзін жұмып әңгімелеумен болды.
Шынында да барон кісі таң қалса таңғаларлық еді; егерде граф мұны баронессадан естімегенде немесе дәйімі мағлұмат тартып отыратын айла-тәсілімен біліп алмағанда баронның түріне қарап ештеңеден сезіктенбеген болар еді.
«Міне, қалай! — дел ойлады іштей Монте-Кристо. — Енді шығынға ұшырағанын жасыратын болған екен; осыдан бір ай бұрын онысын мақтап көруші еді».
Сонсоң айтқаны мынау болды:
— Дегенмен, сударыня, Данглар мырза биржаны бес саусағындай білетін адам, басқа бір жерде зиянына қалса, онысын әрқашанда сол биржадан қайырып алары анық.
— Сіз де жұрт сияқты қате ойлайды екенсіз, — деді Данглар ханым.
— Қате ойлағаны қалай? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Жұрттың бәрі Данглар мырза биржада ойнайды деп ойлайды, бірақ та, бұл жалған пікір.
— Ах, сударыня, шындығында да, Дебрэ мырзаның маған айтқан сөзі есіме түсіп отырғаны... Айтпақшы, Дебрэ мырза қайда жоғалып кетті осы? Оны үш-төрт күннен бері көре алмай жүрмін.
— Мен де, — деді Данглар ханым керги сөйлеп. — Десе де, әлгінде бір әңгімені бастап келе жатыр едіңіз, аяқтамадыңыз ғой.
— Не жайында еді?
— Дебрэ бірдеме айтты деп едіңіз...
— Иә, ол рас; сізді құмар ойынға үйір деп еді Дебрэ.
— Иә, шынымды айтсам, бір кезде солай болғаны да рас, — деді Данглар ханым, — бірақ енді одан біржола бой тартқанмын.
— Ал оныңыз бекер болған, сударыня. Тағдырдың алмағайып екенін білесіз ғой, ал алыпсатарлыққа келгенде істің сәті біледі, әрине. Егер мен әйел болған болсам, оның үстіне банкирдің әйелі болсам, күйеуімнің бақытына қанша сенсем де, қайткен күнде де өзімнің ешкімнен тәуелсіз дәулетім болғанын қалар едім, ол үшін тіпті күйеуіме бейтаныс адамның қолына шаруамды сеніп тапсыруға дейін барар ем.
Данглар ханым еріксіз жанып түсті.
— Мәселенки, — деді Монте-Кристо ештеңе байқамағансып, — неаполитен бонымен жасалған кешегі сәтті комбинацияны естіген боларсыз?
— Менде жоқ, — деп іле-шала жауап қайырды баронесса, — тіпті, ешқашан болған да емес; расында да, граф, биржа жайын індетіп кеттік білем; құдды екі делдал сияқтымыз. Онан да соры ашылмаған бишара Вильфорларды айтсаңызшы.
— А оларға не болып еді? — деп сұрады Монте-Кристо таң-тамаша боп.
— Осы жаққа аттанғаннан кейін де Сен Меран мырза үш күннен соң ба, әлде төрт күннен соң ба, жолда қайтыс болғанын өзіңіз де білесіз ғой, енді осында келгеннен кейін үш-төрт күннен соң маркиза қайтыс болды.
— Аһ, иә, оны естігенім бар, — деді Монте-Кристо. — Бірақ та, Клавдийдің Гамлетке айтқаны бар емес пе, бәрі табиғаттың заңы ғой: олардың әкелері өздерінен бұрын өлді де, бұлар аза тұтты; енді бұлар да ұлдарынан бұрын өледі де, ұлдары аза тұтатын болады.
— Мұнымен бітсе бір сәрі ғой.
— Бітпегені қалай?
— Гәп мынада. Олардың қызын тұрмысқа бергелі жүргенін білесіз ғой...
— Иә, Франц д'Эпине мырзаға бермек болатын... Немене, тойы болмай қалды ма?
— Франц берген уәдесін кеше ертесін қайтып алыпты-мыс.
— Қойыңызшы?.. Ал оған не себеп бопты?
— Белгісіз.
— Не дейді, жаратқан жаббарым-ау! Апыр-ай, бұл қасіретке де Вильфор мырза қалай шыдар екен?
— Бұрынғы дағдысынша, философтарша төзіп бағар.
Осы кезде Данглар қайтып келді.
— Сонда қалай, — деді баронесса, — сіз өз қызыңызды Кавальканти мырзамен оңаша қалдырып кеттіңіз бе?
— Ал мадемуазель д'Армильи ше, — деді барон, — оны адамға санамайсыз ба?
Сосын Монте-Кристоға бұрылып:
— Мына князь Кавальканти дегеніңіз бір өте-мөте еүйкімді жігіт өзі, солай емес пе, граф? — деді барон. — Бірақ шын князь ба өзі?
— Онысын білмедім, — деді Монте-Кристо, — әйтеуір, маған әкесін маркиз деп таныстырған, ендеше, оның граф болғаны ғой; бірақ менің байқауымша, өзі князь титулына онша құлықты емес қой деймін.
— Неге олай дейсіз? — деді банкир. — Егер өзі шынында да князь екен, онысын неге жасыруға тиіс? Әркімнің өз құқы бар. Өзінің шыққан тегін мойындамайтындарды суқаным сүймейді-ақ.
— Е, өйткені сіз айтулы демократсыз ғой, — деді Монте-Кристо күлімсіреп.
— Дегенмен, тыңдаңызшы, — деді баронесса, — егер ойламаған жерден де Морсер келе қалып, өзіне, Эженидің болашақ күйеуі есебінде, бас сұғуға рұқсат етілмеген бөлмеде отырған Кавальканти мырзаны көрсе, сіз не демексіз бұған.
— Сіз «ойламаған жерден» дегенді дәл тауып айттыңыз, — деп оған қарсы болды банкир. — Адалын айтар болсақ, оны өте сирек көретініміз сондай, оқта-текте бұл үйден «ойламаған жерден» көреміз десек те болғандай.
— Қысқасы, егерде келе қалып, қызыңыздың қасында отырған мына жігітті көргендей болса, оның көңіліне ауыр алып қалуы кәдік.
— Көңіліне алып дейсіз бе? Сіз қатты қателесесіз. Виконт мырза қалыңдығын қызғану дегенді ныспы білмейді, өйткені оған өліп-өшіп тұрғаны шамалы. Басқаны былай қойғанда, оның көңіліне алған-алмағанында менің шаруам не?
— Қалай дегенмен, қарым-қатынасымыз...
— Ах, сіздің қарым-қатынасыңыз бар екен ғой; қарым-қатынасымыздың қандай екенін білгіңіз келе ме? Шешесі берген балда ол менің қызыммен бар-жоғы бірақ рет биледі, ал Кавальканти мырза болса үш рет биледі және оған назар аударған виконт болмады.
— Виконт Альбер де Морсер мырза келді! — дел мәлімдеді камердинер.
Баронесса орнынан асығыс тұрды. Тезірек барып, шағын қонақжайдағы қызын ескертпек болып еді, бірақ Данглар оны қолынан ұстап тоқтатты.
— Қайтесіз, — деді ол.
Баронесса күйеуіне таңырқай қарады.
Монте-Кристо ештеңе байқамағансып отыра берді.
Альберт кеп кірді; өзі соншалық көрікті әрі өте көңілді еді.
Келе сала баронессаға еркінси, Дангларға жүрдім-бардым, ал Монте-Кристоға жылы шыраймен сәлемдесіп болған соң, баронессаға бұрылып қарап:
— Марқаббат етсеңіз, сұрайын дегенім, сізден, сударыня, — деді Морсер, — мадемуазель Данглардың көңіл күйі қалай?
— Тамаша, сударь, — деді ізінше Данглар, — ол қазір өзінің шағын қонақжайында Кавальканти мырзамен бірге музыкамен шұғылданып отыр.
Альбер бұған елең ете қоймады; бәлки, іштей ептеп қынжылса қынжылған да болуы керек, бірақ Монте-Кристоның өзінен көз алмай отырғанын сезіп сыр берген жоқ.
— Кавальканти мырзаның даусы тамаша тенор, ал мадемуазель Эжени рояльда Тальберг30 сияқты ойнайтынын айтпағанның өзінде ғажайып сопрано ғой. Бұл бір ғаламат концерт болса керек.
— Қалай болғанда да дауыстары жарасып тұр, — деді Данглар.
Альбер бұл сөздің астарын байқамаған тәрізді, ал Данглардың тұрпайы сөйлегеніне баронесса қызарып кетті.
— Мен де музыкантпын, — деп сабақтады ол сөзін, — әйтеуір ұстаздарым солай дейтін; енді мына қызықты қараңыз, менің даусым ешкіммен жарасқан емес-ті, басқа дауыстармен салыстырғанда, тіпті, сопраноға мүлде жуықтамайтұғын.
«Ашуланар тұсың осы!» дегендей Данглар қитыға жымиды.
— Сөйтіп, кеше, — деді ол, қалайда бір жанжал шығармақ ниетпен, — князь бен менің қызым екеуі топты жұртты таң қалдырды. Айтпақшы, сіз кеше осында болмап па едіңіз, сударь?
— Қай князь? — деп сұрады Альбер.
— Князь Кавалькантиды айтам, — деп жауап қайырды Данглар, Андреаның есіміне осы титулды қоймастан қосарлай айтып.
— Аһ, ғапу өтінемін, — деді Альбер, — оның князь екенін білмеуші едім. Демек, кеше князь Кавальканти мадемуазель Эжени екеуі қосылып ән салған екен ғой? Шынында да, тамаша болған болуы керек, ести алмай қалғаныма қатты опық жеп отырғаным. Бірақ сіз шақырғанда келе алмаған себебім: анамды баронесса Шато-Рено әжейге ертіп апаруға тиісті болып едім.
Соңсоң сәл үнсіздіктен кейін, ештеңе болмағандай-ақ жайбарақат:
— Мадемуазель Дангларға ізет білдіріп, сәлемдесіп шығуыма болар ма екен? — деп сұрады Альбер.
— Жоқ, сол сабыр етіңіз, құдай үшін, — деді банкир оны бөгеп, — тыңдап көріңізші, осы каватина керемет, та, та, та, ти, та, та, та, та; бұл бір ғажап нәрсе, қазір бітеді... бір секундтан соң; міне, тамаша! Жарайсың, жарайсың, жарайсың!
Соны айтып банкир есі шығып, қол шапалақтаумен болды.
— Шынында да, — деді Альбер, — әйбат-ақ екен, өз елінің музыкасын князь Кавалькантиден артық кім түсінуші еді. Жаңылмасам, әлгінде «князь» дедіңіз ғой деймін? Тіпті, князь болмаған күннің өзінде де оны князь жасап шығарады, Италияда бұл қиын шаруа емес. Әйтсе де тамаша әншілерімізге оралалық. Данглар мырза, мұнда бөтен адамдар барын ескертпестен мадемуазель Данглар мен Кавальканти мырзаға өзіңіз барып, тағы да бір ән салып беруін өтінсеңіз біз де ләззат алып қалар едік. Музыканы сәл алыстан тыңдап, рақатқа кенелгенге не жетсін, өзіңді ешкім көрмейтін қағаберіс қалтарыста отырсаң, сен де ешкімді көрмесең, сонда ғана орындаушы қысылып-қымтырылмайтын болады; сонда ғана ол жүрек сырын ашып, өз талантының құдіретін емін-еркін кәміл танытары анық.
Альбердің мұншалық салқынқандылығын көріп, бұл жолы Данглардың басы қатты.
Ол енді Монте-Кристоны оңаша алып кетті.
— Ал, біздің ғашық жігітіміз жайлы не ойыңыз бар? — деп сұрады ол.
— Меніңше, өзі салғырт-ақ, бұл даусыз енді. Бірақ амал қанша? Сіз уағда беріп қойдыңыз ғой!
— Әлбетте, уағда бергенім рас; бірақ оның мәні неде? Оның мәні өз қызымды сүймеген адамға емес, сүйген адамға беруде ғой. Енді өзіңіз көріп отырсыз, бұл жігіттің мәрмәр тастай сұп-суық, әкесі сияқты менмен екенін. Егерде бай болса, Кавальканти сияқты дәулеті болса бір сәрі ғой, онда тіпті, андай-мұндайына көңіл де бөлмес едік. Ашығын айтсам, қызымның пікірі қандай екенін әлі сұрап білген жоқпын; әйтсе де, талғамы жоғары болса...
— Кім білсін, — деді Монте-Кристо, — өзін жақсы көрген соң ондайын байқамадым ба екен, солай бола тұрса да, сізді сендіріп айтайын, виконт де Морсер дегеніңіз өте сүйкімді жігіт; сіздің қызыңыздың онымен бағы ашылады және ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бұл жігіттің бір лауазым-мансапқа қолы жетері кәміл; онсыз да әкесінің жағдайы тамаша ғой.
— Һм! — деп мырс етті Данглар.
— Әлде күдігіңіз бар ма?
— Басынан... не бәлені өткерген де.
— Бірақ әкесінің өткен өмірінің балаға қатысы жоқ қой.
— Тіпті, керісінше, әрине.
— Менің ақылымды алсаңыз, бұлай діттемеңіз. Осыдан бір ай бұрын сіз ғой қызыңызға Морсерді керемет тең деп білетінсіз... Енді менің шарам таусылып тұрғанын ұқсаңыз нетті: өйткені әлгі бозбала Кавалькантимен сіз біздің үйде таныстыңыз ғой, тағы қайталап айтайын, оның өзін мен мүлде білмейтін адаммын.
— Сіз білмесеңіз, мен білемін, — деді Данглар, — соның өзі жетіп жатыр.
— Сіз оны білуші ме едіңіз? Анықтап, сұрастырып көрдіңіз бе? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Ал, оның не қажеті бар? Бір көргеннен-ақ кімнің қандай адам екені беп-белгілі емес пе? Басқасын қайдам, әйтеуір, бай.
— Оған көзім жеткен жоқ.
— Бірақ сіз ол үшін жауапкерсіз ғой.
— Ол сөз емес, небәрі елу мың франк.
— Өте-мөте білімдар жігіт.
— Һм, — деп енді Монте-Кристо мырс ете қалды.
— Өзі музыкант.
— Итальяндардың бәрі музыкант.
— Байқайсыз ба, граф, сіз әділін айтпай тұрсыз.
— Иә, ағыннан жарылар болсам, сіздердің Морсерлермен сөз байласқандарыңызды біле тұра, өзінің дәулетті екенін пайдаланып, оның жолына кесе-көлденең тұрғанына қынжылатыным рас.
Данглар күліп жіберді.
— Өзіңіз нағыз пуритан екенсіз! — деді ол. — Өмірде әрдайым осылай болады.
— Әйтсе де, сіз бұлай біржола ат құйрығын кесіп кете алмайтын шығарсыз, қымбатты Данглар мырза; Морсерлер осы неке кесімді деп үміттеніп отыр.
— Солай ма?
— Сөз жоқ.
— Ендеше өздері кеп мәселені пісірсін. Бұл жөнінде сіз, қымбатты граф, әкесіне шет жағалап айтқаныңыз оңды-ақ болар еді, өйткені өзіңізді құшақ жая қарсы алды ғой.
— Мені ме? Оны қайдан көрдіңіз?
— Тіпті, сондағы балда көрдім десем де болады. Оған бола жазғыра көрмеңіз: графиня, тәкаппар Мерседес, ең ақыры ескі таныстарының өзімен де әзер тілге келетін менмен испан әйелінің өзі сізді қолтығыңыздан алып, оңаша баққа серуенге шығады, көп көзінен таза ең қалтарыс деген жерлерді аралатып, тек жарты сағат дегенде зорға оралғаны бар емес пе.
— Ah, барон, барон, — деді Альбер, — біздің тыңдауымызға бөгет жасадыңыз ғой; сіздей меломанның мұнысы нағыз тағылық!
— Уақасы жоқ, қылжақбас мырза, — деді Данглар.
Сонсоң қайтадан Монте-Кристоға бұрылды.
— Әлгіні әкесіне айтуды мойныңызға аласыз ба?
— Егер сіз қаласаңыз.
— Алайда, бұл жолы мәселе айқын да нақтылы шешілуі шарт. Ең әуелі ол өзі келіп қызыма құда түсуі керек, мерзімін белгілеуі қажет, қаржы жайын келісіп алғаныңыз абзал; қысқасы, не келісіп тынамыз, не болмаса біржола кетісіп тынамыз; бірақ түсініп тұрған шығарсыз, ешқандай кейінге шегерер лаж жоқ!
— Жарайды! Өзі келіп сөйлеседі ендеше.
— Дәп осыны күтіп өзімнің құмартып отырғаным да шамалы екенін айтпақпын сізге; дегенмен де бір жағына шығарып тынуға асықпын; біле білсеңіз, банкир өз сөзін жерге тастамауы керек.
Соны айтып Данглар да осыдан жарты сағат бұрынғы Кавалькантидың баласына ұқсап ауыр күрсінді.
— Жарайсың, жарайсың, жарайсың! — деп Альбер банкирге еліктеп айғай салды, романс енді аяқтала бергенде.
Данглар Альберге ала көзімен қарай бергенде, қызметшілердің бірі келіп әлдене деп күбір ете қалды.
— Қазір келем, — деді банкир Монте-Кристоға қарата сөйлеп, — тоса тұрыңыз; бәлки келіп, сізге әлдебір жаңалық айтуыма тура келер, оны кім білген.
Сосын бөлмеден шығып кетті ол.
Күйеуі шығып кетісімен баронесса барып қызының қонақжай бөлмесінің есігін ашып қалып еді, рояль жанында мадемуазель Эженимен қатар отырған Андреа шоқ басқандай атып тұрды.
Жымия иіліп тағзым еткен Альберге, тегі, ешқандай айылын жимастан, мадемуазель Данглар қашанғы әдетінше салқын сәлемдесті.
Кавальканти мүлде абдырап қалды; дереу Морсерге бас изеп еді, шекесінен қарап сәлемін әзер алғаны.
Бұдан кейін Альбер қоярда-қоймастан мадемуазель Данглардың даусын мадақтаумен болды, көпшіліктің айтуынша көңілден шыққан кешегі кешке қатыса алмағанына опық жейтінін айтты...
Жұрт назарынан тыс қалған Кавальканти Монте-Кристоны оңашалап әкетті.
— Ендеше, — деді Данглар ханым, — осыменен музыка да жетер, оны мадақтауымыз жеткілікті шығар, онан да барып шай ішелік.
— Жүріңіз, Луиза, — деді мадемуазель Данглар дос қызына.
Шай құралдап қойылған іргелес қонақжайға өтті бәрі.
Қонақтар ағылшындардың дағдысына еліктеп қасықтарын шыны аяқтарына сала берген сәтте бөлменің есігі қайта ашылып, Данглар кеп кірді, түріне қарағанда әлденеге көңілі қатты қобалжыған сыңайы бар. Мұны елден бұрын байқай қойған Монте-Кристо банкирге қарап елеңдеп қалды.
— Осы қазір Грециядан хат алдым, — деді Данглар.
— Сізді соған шақырған ба екен? — деп сұрады граф.
— Иә.
— Король Оттонның ахуалы қалай екен? — деп сұрады Альбер.
Данглар оған жақтырмай бір қарап қойды да, ләм-лим деген жоқ, ал Монте-Кристо лезде пайда болып, артынша ғайып болған банкирге деген аяушылық сезімін түрінен әлдекім аңдап қалар деп сақсынып теріс қарады.
— Бірге шығайық, жарай ма? — деді Альбер графқа.
— Қалауыңыз білсін, — деп жауап қайырды граф.
Банкирдің өзіне неге жақтырмай қарағанын ұқпаған Альбер бәрін біліп, түсініп отырған Монте-Кристоға қарап:
— Маған қалай қарағанын байқадыңыз ба? — деп сұрады.
— Иә, — деп тіл қатты граф, — бірақ онда не тұр?
— Бар пәле сонда, әйтсе де, әлгі Грециядан келген хат туралы не айтпақшы болды екен?
— Meн қайдан білейін?
— Сіздің сол елге ептеген қатысыңыз бар сияқты көрініп еді.
Монте-Кристо бұған үнсіз күлімсіреді — жауап беруден тайсақтаған адамның әдеті осы.
— Ана қараңыз, — деді Альбер, — өзі сізге қарай келе жатыр; ендеше мен барып мадемуазель Данглардың оюлы асыл тасын мақтап берейін; оған дейін әкешіміз айтатынын айтып та үлгерер сізге.
— Ақыры мақтайды екенсіз — даусын мақтаңыз, — деді Монте-Кристо.
— Жоға, оның әркім-ақ мақтауын жеткізер.
— Қымбатты виконт, — деді Монте-Кристо, — сіз тым еркінсіп барасыз.
Альбер жымиған қалпы Эжениге қарай беттеді.
Осы кезде Данглар кеп, графтың құлағына сыбырлады.
— Сіз маған тамаша ақыл берген екенсіз, — деді ол, — бір ауыз сөзбен айтқанда, «Фернан» мен «Янина» сұмдыққа душар бопты.
— Не деп тұрсыз! — деді Монте-Кристо.
— Иә, бәрін де өзіңізге айтып беремін. Бірақ мына жігітті осы жерден алып кетіңізші; оның дәл қазір осында болғаны маған тым қолайсыз.
— Өзім де сөйткелі отыр едім; біз бірге шығамыз; айтпақшы, оның әкесін өзіңізге жібергенімді сол бұрынғыша мақұл көресіз бе?
— Бұрынғыдан бетер қажетірек.
— Мақұл.
Граф Альберге иек қақты.
Дамаларға тағзым етіп қоштасып, екеуі қонақжайдан бірге шықты; Альбер мадемуазель Данглардың тәкаппарлығына мүлде самарқау қалпын сақтап қалды, ал Монте-Кристо болса банкирдің әйелі сақ болғаны жөн, сондықтан да өзінің қамсыз болашағын жағдайластырғаны мақұл деген кеңесін шығар алдында Данглар ханымның құлағына тағы да құйып кетті.
Майдан алаңына Кавальканти мырза ие болып қалды.
XX. ГАЙДЕ
Граф күймесі бульварды айнала берісімен-ақ Альбер ағынан жарыла ақтарылып, ұзақ қарқылдап ал кеп күлсін.
— Ал енді, — деді ол графқа. — Варфоломей түнінен кейін Екатерина Медичиге сауал қойған Тоғызыншы Карл сияқты сізден мынаны сұрап білгім келеді; қалай, сіздің ойыңызша, өзімнің шағын рөлімді жақсы ойнап шықтым ба?
— Қай мағынада? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Өзімнің бақталасымды Данглар мырзаның үйіне жайғастыру мәселесін айтам...
— Қандай бақталас?
— Қандайы несі? Өзіңіз қорғаштап жүретін Андреа Кавалькантиды айтам-дағы!
— Жосықсыз қалжыңды қайтесіз, виконт; Андреаны ешқандай да қорғаштап жүрген мен жоқ, әсіресе, Данглар үйінде ондай болған емес.
— Егер де ол жігіт қамқорлықты тілеп тұрса, онда сізге бұл үшін кінә артар едім. Бірақ менің бағыма қарай, ол ешқандай қолпашты керек қылмайды.
— Қалайша, сонда сізге ол жігіттің мадемуазельдің көңілін таппақ ойы бар сияқты боп көрінді ме?
— Кепілдік бере аламын: мінәжат қылғандай көзін алартып, әндеткені ғашықтардай; тәкаппар Эжениге қолы жеткенше асыққандай. Көрдіңіз бе, өлеңдетіп жібергенімді! Адал сөзім, бұған менің қылдай қиянатым жоқ. Әйтсе бәрібір, қайталап айтайын: оның бар арманы тәкаппар Эжени.
— Ертелі-кеш ойлайтыны сіз болсаңыз, онда тұрған не бар?
— Олай демеңіз, қадірмен граф; маған келгенде екеуі де безеріп қалды.
— Екеуі несі?
— Дәп солай: мадемуазель Эжени маған әзер дегенде тіл қатты, ал оның сырласы мадемуазель д'Армильи, тіпті, сәлемімді алмай қойды емес пе.
— Солай деңіз, бірақ әкесінің сіз дегенде жаны қалмайды ғой, — деді Монте-Кристо.
— Әкесі ме? Қайта жүрегіме мың сан қанжар сұққылаған соның дәп өзі; рас, мұның бәрі де сахнадан көретін, жүзі тұтқасына қарайтын қанжарлар, бірақ қыз әкесі оның бәрін нағыз қанжар деп ойлайды.
— Қызғаныш — сүйіспеншілік белгісі.
— Ол рас, бірақ мен қызғанған емен.
— Оның есесіне ол қызғанады.
— Кімнен? Дебрэден бе?
— Жоқ, сізден.
— Менен бе? Бәстесуге бармын, арада апта өтпей жатып-ақ мені қабылдамауға әмір етері кәміл.
— Қателесесіз, қымбатты виконт.
— Оны немен дәлелдейсіз?
— Сізге дәлел керек пе?
— Иә.
— Ендеше, мына мен граф де Морсердің құдалықпен баронға келуін өтінуге уәкілдік алған кісімін.
— Уәкілдік еткен кім?
— Баронның өзі.
— Әйтсе де, қымбатты граф, — деді Альбер, баронша аңысын аңдай сөйлеп, — сіз бұған бармайсыз ғой, солай емес пе?
— Жаңсақ айтып отырсыз, Альбер, мен уәде берген адаммын, уәдемде тұрамын.
— Ал, ендеше, — деп күрсінді Альбер, — білек сыбанып мені үйлендіруге кіріскенге ұқсайсыз.
— Жұрттың бәрімен де жақсы қатынаста болмақ ойым бар. Айтпақшы, әлгі Дебрэ жайында; оны баронессаның үйінен көрмейтін боп кеттім ғой.
— Ұрсысып қалған.
— Баронессамен бе?
— Жоқ, баронмен.
— Немене бірдеңе байқап қалып па?
— Міне, мұныңыз әдемі шықты!
— Көңіліне күдік алды деп ойлайсыз ба? — деп сұрады Монте-Кристо ақкөңіл аңғал көрініп.
— Ал керек болса! Өзіңіз көктен түскеннен саусыз ба, қымбатты граф?
— Мәселен, Конгодан келді дейік.
— Ой, онша қашық жер емес қой.
— Париж азаматтарының мінез-құлқын мен қайдан білейін?
— Беу, қымбатты граф, еркек дегеніңіз қайда болса да бірдей ғой; сіз адам баласының бір түрін қандай да болсын бір елде зерттеген болсаңыз, онда күллі тұқым-тегін білдім дей беріңіз.
— Ендеше Данглар мен Дебрэнің неменеге ұрсысатын жөні бар? Тату-тәтті-ақ сықылды еді ғой, — деді Монте-Кристо тағы да аңқаусып.
— Бәленің бәрі Изида31 тәңірияның тылсым сыры дәп осы жерден басталатындай боп тұр ғой; ал менің бұдан мағлұматым жоқ. Кавалькантидің баласы банкир үйінің бір мүшесі болған соң содан сұрап білерсіз.
Күйме тоқтай қалды.
— Miнe, біз де келіп жеттік, — деді Монте-Кристо, — әлі сағат он жарым, маған бас сұға кетіңіз.
— Қуана хош алам.
— Менің күймем сізді үйге жеткізіп салар.
— Жоқ, рақмет; менің күймем соңымыздан ілесіп отыруға тиіс болатын.
— Е, әне келеді, — деді Монте-Кристо, күймеден шыға беріп.
Екеуі үйге кірді; қонақжайда жарық бар екен, сонда өтті.
— Бізге шай беріңіз, Батистен, — деп әмір етті Монте-Кристо.
Батистен үн-түнсіз бөлмеден шығып кетті. Арада екі секунд өткенде подносын көтеріп қайта енді, подностың үстінде жоқ емес тағам жоқ, қиял-ғажайып ертегілеріндегі сияқты, тура жер астынан шыға келгендей.
— Білесіз бе, — деді Альбер, — мені қайран қалдыратын нәрсе сіздің байлығыңыз емес, сізден де дәулетті адамдар табылар; сіздің ақыл-парасатыңыз да емес, Бомаршенің ақылы асып түспесе де, әйтеуір, барабар болар; менің таңғалатыным — сіздің өзіңізге қызмет еткізе білетін қасиетіңіз: ләм-мим деместен, сол минутында, сол секундында, қоңырау қағысыңыздан нені қажет ететініңізді біле қоятын тәрізді құдды, және сізге керек нәрсе алдын ала әрқашан да даяр тұратын сияқты.
— Бұл сөзіңіздің жаны бар. Менің әдет-дағдымды жақсы біліп алғаны рас. Қазір өзіңіз де көресіз: сізге шайға ештеңе керек емес пе?
— Шынымды айтсам, шылымға қарсы болмас ем.
Монте-Кристо барып қоңырауды бір рет қағып қалды.
Сол-ақ екен бүйірдегі есік ашылып, таңдаулы латакиэ толтырылған ұзын сапты екі трубка ұстаған Әли кіріп келді.
— Бұл ғажап екен, — деді Альбер.
— Түк те ғажабы жоқ, бәрі де жай ғана нәрсе, — деп қарсылық білдірді Монте-Кристо. — Шай не кофе үстінде менің шылым шегетін әдетімді Әли жақсы біледі; менің шай сұратқанымды да біледі ол, осында сізбен бірге келгенімді біледі; оны шақырғанымды есіткен соң, неге шақырғанымды өзі де сезеді — өйткені, оның елінде трубка дегеніңіз қонақжайлықтың алғышартындай, міне біреу емес, екі трубка алып келгені де содан.
— Иә, әлбетте, не нәрсеге де түсінік ойлап табуға болар-ау, сонда да тек бір сіз ғана. Ау, бұ несі?
Морсер соны айтып, гитара үніне ұқсас саз естілген есік жақты мегзеді.
— Қымбатты виконт, байқауымша бүгін сізге тек музыка тыңдауды жазған екен; мадемуазель Данглардың роялінен құтылмай жатып, Гайденің лютнясына тап болғаныңызды көрмейсіз бе?
— Гайде! Тамаша есім! Лорд Байрон поэмаларынан басқа жерде де Гайде есімді перизат кездесетін болғаны ма?
— Әлбетте; Францияда сирек кездесетіні рас, бірақ Албания мен Эпирде бұл есім баршылық; ол парасаттылық, ибалылық, пәктік деген ұғымдарды білдіреді; бізді шоқындырғанда беретін кәдуілгі есім сияқты да.
— Неткен тамаша! — деді Альбер. — Маған салса, француз қыздарының есімдері мадемуазель Рахым, мадемуазель Тыныштық, мадемуазель Христиан Мейірбан боп келгенін қалар едім! Өзіңіз-ақ ойлап көріңізші, мадемуазель Данглардың аты Клэр-Мари-Эжени болмай, Парасат-Сыпайы-Пәк Данглар болса ғой! Атын атап шақырғанда нағыз тамаша сонда болар еді!
— Кеңкелес — деді граф. — Мұндай нәрсені айтқанда тым даурығуға болмайды, Гайде естіп қалуы мүмкін.
— Ренжіп қала ма?
— Жоға, — деді граф маңғазсынып.
— Өзі рақымшыл жан ба? — деп сұрады Альбер.
— Ол рақымшылдық емес, парызы; кәнизәктің өз қожайынына ренжуге құқы жоқ.
— Міне, енді сіз әзілге шаптырдыңыз! Осы заманда күң болушы ма еді?
— Гайде менің кәнизәгім болған соң, әрине, болғаны да.
— Жоқ, расында да сіздің іс-әрекетіңіз де өзгелерге ұқсамайды, сіздің қолыңызда бар нәрсенің өзі де өзгелердікінен бөлек! Граф Монте-Кристоның кәнизәгі! Францияда бұл дегеніңіз үлкен дәреже. Алтынды судай шашып жүрген мына сіздей адам бұдан жылына жүз мың экю пайда тапса керек-ті.
— Жүз мың экю дейсіз! Бұл байғұстың байлығы басынан асып жатқан болатын. Өзі қисапсыз қазынаның ортасында туған қыз, оның шалқар дәулетінің қасында «Мың бір түннің» кеніші түкке тұрмайды.
— Шынында да өзі княжна ма?
— Әрине, өз еліндегі ең текті асылзаданың бірі.
— Өзім де солай ойлап едім. Ендеше асыл текті княжна қалай кәнизак болып жүр?
— Тиран Дионисий32 қалай мектеп оқытушысы болып еді? Соғыстың аласапыраны, қымбатты виконт, тағдырдың тәлкегі.
— Шыққан тегі — айтылмайтын құпия ма?
— Жұрт үшін солайы солай. Бірақ сіз үшін құпия емес, қымбатты виконт, өйткені, сіз менің досымсыз, егер сыр шашпауға уәде берсеңіз, тісіңізден шығармайсыз, солай емес пе?
— Уәде етейін!
— Янина пашасының хикаясы жайлы естіп пе едіңіз?
— Әли-Тебелин жайында ма? Әрине, менің әкем соның қызметінде жүріп байыған ғой.
— Иә, ол есімнен шығып кетіпті.
— Ал Гайденің Әли-Тебелинге қандай қатысы бар?
— Гайде небәрі соның қызы ғана.
— Қалайша, Гайде Әли пашаның қызы ма сонда?
— Әли мен Василики арудың қызы.
— Сөйтіп, ол сіздің кәнизәгіңіз бе?
— Иә.
— Сонда қалай болғаны?
— Қалай болсын. Бір күні Константинополь базарына соқтым да сатып ала салдым.
— Мұныңыз ғаламат екен! Сізбен бұл фәниде емес, қиял дүниесінде жүргендей боласың! Маған мынаны айтыңызшы, сізден бір нәрсе сұрауға болар ма екен, тым ыңғайсыздау дегенмен...
— Құлағым сізде.
— Оны қасыңызға алып жүреді екенсіз. Операға апарады екенсіз.
— Сосын?
— Демек сауал қоюыма рұқсат па?
— Не жайында сұраймын десеңіз де еркіңіз.
— Ендеше, қымбатты граф, мені княжнаңызға апарып таныстырыңызшы.
— Құп болады. Бірақ қоятын екі шартым бар.
— Алдын ала қабыл аламын екеуін де.
— Біріншіден, Гайдемен танысқаныңызды тірі пендеге тіс жарып айтпайтын боласыз.
— Тамаша. (Альбер қолып көтерді) Ант еттім, міне!
— Екіншіден, әкеңіздің Әли пашаның қарамағында қызмет еткенін сездірмейтін боласыз.
— Бұған да ант-су, іштім, міне.
— Бәрекелде, виконт; осы екі рет берген антыңызды ұмытып кетпейсіз ғой, әйтеуір, солай емес пе?
— О, граф! — деп Альбер дауыстап жіберді.
— Жарайды ендеше, өзім де білемін, сіз арыңызға дақ салмайтын адамсыз.
Граф тағы да қоңырау қақты; Әли енді.
— Барып Гайдені ескерт, — деді граф оған, — мені келіп кофе ішеді де және достарының бірін таныстыруға рұқсат сұрайды деп құлаққағыс ет.
Әли тағзым етіп шығып кетті.
— Сонымен, келісіп алалық: оған ешқандай да тура сұрақ бермейтін боласыз, қымбатты виконт. Егерде бір нәрсе жайлы білгіңіз келсе тек маған қойыңыз сауалды, ал мен өзінен сұрап біліп аламын.
— Келістік.
Әли үшінші мәрте көрінді де, қожайыны мен Альбердің кіруіне рұқсат деген ишара білдіріп, перденің шалғайын көтерді.
— Жүріңіз, — деді Монте-Кристо.
Альбер шашын бір сипап қойып, мұртын ширатты, ал граф болса қайтадан қалпағын алды, қолына биялайын киді, сонсоң Альберді ертіп Гайденің жайына қарай жүрді, мұнда адал сақшыға ұқсап, есік көзін Әли күзетіп тұр екен, одан әріректе Миртоның басшылығымен шолғыншы қарауылдай үш француз әйелі сақадай сай дайын екен.
Гайде таң-тамаша болып, көзі бақырайып, бұларды бергі шеткі қонақжайда тосып отыр екен: өзіне Монте-Кристодан басқа еркектің келгенін көріп тұрғаны осы; диванның бұрышына жүрелей жайғасыпты, мың құлпырған алуан ою-өрнекті, жолақ бедерлі шығыс шәйісіне малынып отыр. Әлгінде өзі ойнаған музыкалық аспабы қасында жатыр. Өзін көруге көз керек екен.
Монте-Кристоны көрісімен Гайде орнынан күлімсірей көтерілді, оның жымиысында сәбидің пәктігі мен іңкәр жанның назы бар еді; қасына таяу кеп Монте-Кристоның созған қолына ол қашанғы дағдысынша ернін тигізді.
Өмірінде бірінші рет көрген, осынау бір елден ерек сән-салтанатқа таңырқай аңырған қалпы Альбер есік көзінде тұрып қалды, Францияда мұндай әдеп-әркен дегеніңіз ныспы жоқ-тұғын.
— Маған ертіп келгенің кім? — деп сұрады қыз Монте-Кристодан грек тілінде. — Бауыр ма, дос па, жә көзтаныс па, болмаса дұшпан ба?
— Дос, — деп жауап қайырды Монте-Кристо сол тілде.
— Аты-жөні кім?
— Граф Альбер; Римде менің қарақшылардың қолынан аман алып қалған жігітім.
— Менің онымен қай тілде сөйлескенімді қалайсың?
Монте-Кристо Альберге қарап бұрылды.
— Сіз осы заманғы грек тілін білесіз бе? — деді ол.
— Осы заманғы тұрмақ көне грек тілін де білмеймін, қымбатты граф, — деді Альбер. — Ешқашанда Гомер мен Платонның дәп мендей берекесіз, тіпті, егер де батылырақ айтсам, мендей самарқау шәкірті болмаса керек.
— Олай болған жағдайда, — деп сөзін сабақтап кетті Гайде Монте-Кристоның берген сауалын да, Альбердің қайтарған жауабын да түсінгенін байқатып, — мен не французша, яки болмаса итальян тілінде сөйлейтін болайын, егер де, әрине, мұны тек қожайыным қолайлы деп тапса.
Монте-Кристо сәл ойланып қалды.
— Онда сен итальянша сөйлейтін боласың, — деді ол.
Сонсоң Альберге қарап:
— Сіздің не қазіргі грек тілін, не көне грек тілін білмейтініңіз өкінішті-ақ, Гайде бұл тілдерді тамаша білетін еді. Бишара қыз енді сізбен итальянша сөйлесетін болды, соның салдарынан сіз ол жайлы дүдамал ойда қалуыңыз кәдік.
Граф Гайдеге ишара білдіріп, рұқсатын берді.
— Менің мырзам һәм әміршіммен бірге келген досымыз, хош келдіңіз, — деп қыз Рим акцентін қосып, тосқаналықтарша майда сөйлегенде Данте тілі Гомер тілімен үндестік тауып, әсем сазды боп шықты. — Әли, кофе, трубкалар әкел!
Әли жарлықты орындауға жөнелген сәтте Гайде Альберге жақын келіңіз дегендей нышан білдірді. Монте-Кристо Альберге жиналмалы орындықты нұсқады, сосын өзі де сондай орындықтың біреуін алып, екеуі аласа столға тақау кеп отырды, стол үстінде, дәп ортада галиян, оның айналасында тірі гүлдер, суреттер, музыкалық альбомдар жатыр екен.
Кофе мен трубкаларды алып Әли қайта оралды; бұл жаққа кіруге Батистеннің құқы жоқ-тұғын. Нубилық ұсынған трубканы Альбер кейін ысырып қойды.
— Алыңыз, алыңыз, — деді Монте-Кристо, — Париж қыздарындай Гайдені де дамыған дәуірдің адамы десе де болады; жағымсыз иісті жақтырмайтын болған соң, сигар оған қолай емес; ал шығыс темекісі хош иісті келеді ғой, оны өзіңіз де білесіз.
Әли шығып кетті.
Шыны аяқтарда кофе құюлы әзір тұрған болатын; дегенмен де Альберге арнайы шекер сауыт қойылды: Монте-Кристо мен Гайде қант салмай араби кофені араб салтымен ішетін. Гайде қолын созып, жапон кәрлен шыны аяғын ар жағынан қаны сыртқа теуіп тұрған сүйріктей саусақтарының ұшымен ғана іліп алып, ерніне рақаттана апарды, өзінің өте жақсы көретін тағамын ішіп-жегенде балалар осылай ләззат алатын.
Осы кезде қызметші әйел балмұздақ пен шербет салынған подностарын көтеріп кірді де, арнаулы екі кішкене үстелдерге бөліп қойды.
— Қымбатты қожайын және сіз, синьора, — деді Альбер итальянша, — менің таң-тамаша қалғанымды айыпқа бұйыра көрмеңіздер. Қайран қалатын да жөнім бар: менің алдымнан күллі Шығыс қарсы алғандай болды, амал не, әлі күнге шейін өзім көрмеген, бірақ көрсем деп дәйімі армандайтын нағыз Шығыспен жүздескендей болып отырмын. Және бұл Париждің дәп жүрегінде болып отыр ғой. Омнибустардың өткенін, лимонад сатушылардың қоңыраушаларын сыңғырлатқанын әлгінде ғана құлағым шалып қалды... Aһ, синьора, неге ғана грек тілін үйренбедім екен! Осынау ертегілер әлемінде отырып, сіздің әңгімеңізді грек тілінде тыңдағанымда бұл кеш мәңгі-бақи есімнен шықпайтын кеш болатын еді ғой.
— Мен итальян тілін жап-жақсы сөйлеймін, сондықтан сізбен де сұқбаттаса аламын, — деді Гайде байыппен сөйлеп. — Өзіңізге ұнайтын Шығыста отырғандай әсерде болуыңыз үшін тырысып көрейін ендеше.
— Не жайында әңгіме айтсам болар екен? — деп сыбырлай сұрады Альбер графтан.
— Қалауыңыз білсін: оның елі туралы, жастық шағы жайлы, есінде қалған өткен-кеткені жайында сұрауыңызға болады; жә болмаса, көңіліңіз соқса, Римнің жай-жапсары немесе Наполеон яки Флоренция хақында сауал қоямын десеңіз де еркіңіз білсін.
— Париж қызымен сұқбаттасуға болатын тақырыпта әңгіме-дүкен құру үшін грек қызын іздеудің қажеті де болмас еді, — деді Альбер. — Онымен Шығыс жайлы әңгімелесуге кеңшілік етсеңіз.
— Марқабат, қымбатты Альбер, бәрінен де оның жанына жағымды әңгіме осы.
Альбер Гайдеге қарап сөйледі:
— Грециядан қанша жасыңызда кетіп едіңіз, синьора?
— Онда мен бесте едім, — деп жауап қатты Гайде.
— Туған еліңіз есіңізде бар ма?
— Көзімді жұмсам болды, бір кезде көрген-білгенімнің бәрі көз алдыма кеп тұра қалады. Жалпы адам баласы екі түрлі көреді: бірі тәнмен көру де, екіншісі көңілмен көру. Тәнмен көргенің жадыңнан шығып кетуі ықтимал, ал көңілмен көргенің ешқашан да есіңнен кетпейді.
— Естеліктерді қай кезден бері білесіз?
— Тәй-тәй басқаннан бастап; менің анам Василики, Василики — шаһзада деген мағынаны білдіреді, — деп үстеді қыз еңсесін көтеріп, — бар алтын мәнетімізді әмиянға салып алып, екеуіміз де бет-аузымызды жамылғымен тұмшалайтынбыз, сосын анам мені қолымнан жетелеп алатын да, екеуіміз ел ақтап жүріп абақтыда жатқандар үшін қайыр сұрайтынбыз: «Қайыршыға қайыр бергенің — құдайға қарыз бергенің6» деп зарлаймыз. Әмиянымыз әбден толған соң-ақ сарайға қайтамыз; бізді қайыршы екен деп жұрттың берген садақа ақшасын, шып-шырғасын шығармай әкемізге сездірместен, монастырь игуменіне жөнелтеміз, ал игумен оны абақтыда жатқандарға үлестіріп беретін.
— Сонда неше жаста едіңіз?
— Үштемін, — деді Гайде.
— Сол үш жасыңыздан бергінің бәрін есіңізде сақтап қалдыңыз ба?
— Бәрі де жадымда.
— Граф, — деді Альбер сыбырлап, — өз өмірінде болған бір оқиғаны айтып беруіне синьораға рұқсат етіңізші. Әкем жөнінде Гайдемен әңгімелесуге өзіңіз тыйым салдыңыз, бірақ бәлки ол туралы қыздың өзі бірдеңе айтып беретін шығар, осындай перизаттың өз аузынан әкем жайлы әңгімені есту мен үшін қандай ғанибет екенін білсеңіз етті.
Монте-Кристо Гайдеге қарап, сөзіме қазір айрықша назар аудар дегенді білдіріп, қабағын қағып белгі берді де, оған грекше былай деді:
— patрos, hxn athn, mh dh onoma pрodoton cai pрodoбian, eipe hmtn7.
Гайде ауыр күрсініп еді, ай жүзін кіреуке шалғандай болды.
— Оған не дедіңіз? — деп сыбыр ете қалды Морсер.
— Сіздің бізге дос адам екеніңізді, одан қысылып-қымтырылмаса да болады дегенді ескерттім тағы да.
— Сонымен, — деді Альбер, — сіздің алғаш есіңізде қалған нәрсе тұтқындарға жәрдемдесу үшін қайыр сұрағаныңыз болды ғой; ал содан кейінгісі ше?
— Содан кейінгісі ме? Одан кейін көл жағасындағы сикомардың саясында жүргенім есімде қапты; қалың жапырақ арасынан көрініп, діріл қаққан айдыны күні бүгінгідей көз алдымда. Саялы бәйтерекке сүйеніп, жастықтардың үстінде әкем отыр; оның жанында шешем жатыр; ал мен құп-құйттай болып, оның кеудесіне түскен аппақ қудай сақалымен, беліне тағынған тұтқасы асыл тастармөн нақышталған қанжарымен ойнап жүрмін. Анда-санда бір албан келіп әкеме бірдеме дейді, оларына назар аударып жатқан мен жоқ, ал әкем болса, сол бір сарынмен не: «Өлтіріңдер!» немесе «Мен оны кештім!» деп жауап қайтарады ылғи.
— Жас қыздың аузынан шыққан мұндай сөзді театр сахнасынан естімегендіктен, өзіңді осының бәрі ақиқат деп сендірудің өз бір түрлі қызық екен, — деді Альбер. — Осындай әсерге толы балалық дәуіріңіздеп кейін, осындай таңғажайып өлкеден кейін, қалай, сізге Франция ұнады ма?
— Меніңше, Франция — ғажап ел, — деді Гайде, — бірақ мен Францияны қазір бар болмысымен қаз-қалпында көріп отырмын, өйткені оған кәдуескі әйелдің көзімен қараймын ғой енді; ал бір кезде мен сәбидің көзімен қараған туған елім көзіме қимас алтын бесігім боп көрінсе, нұр-шапаққа бөленген өлке боп елестейді де, көзіме қайғы-жер жайлаған мекен боп көрінсе, тұнжыр бұлт торлап тұрған өлкедей елестейді дәйім.
— Өзіңіз сондай жап-жассыз, синьора, — деді Альбер, аңдаусыз сөйлегенін өзі де аңғармай, — қалайша осынша қасірет шегіп үлгергенсіз?
Гайде Монте-Кристоға қарап еді, граф елеусіз емеурін білдіріп:
— Еіpe8 — деп сыбыр ете қалды.
— Сәби күніңде көңілінде жатталып қалған нәрсе ешқашан ұмытылмайды екен, әлгінде сізге айтқан екі оқиғадан басқа жастық шақтан есімде қалғандардың бәрі де бірөңкей мұңлы боп келеді.
— Айта беріңіз, айта беріңіз, синьора! — деді Альбер. — Сенсеңіз, сізді тыңдау мен үшін шексіз бақыт.
Гайде мұңая күлімсіреді.
— Ендеше сіз есімде қалған басқа да жағдаяттарды әңгімелеп бер деп қолқа салып отырсыз ғой, тегі? — деді ол.
— Жалынып сұрап отырғаным осы ғой менің.
— Жарайды, ендеше. Жасым төртке келген кезім болатын, бір күні кешке анам мені ұйықтап жатқанда оятып алды. Біз онда Янинадағы ақ сарайда тұратынбыз; құс жастықтардың үстінде ұйықтап жатқан жерімнен тұрғызып алған соң көзімді ашып қарап едім, шешем жылап тұр екен.
Жақ ашып, тіл қатпастан мені қолымнан жетелеп ала жөнелгені.
Оның көз жасын көрген соң, менің де жылағым келіп кетті.
«Үніңді шығарма, қарағым», — деді анам.
Көбінесе анамның тәтті айтқанына да, қатты айтқанына да көнбей қиқарланып, еркетотай басым, бала болған соң балалығымды істеп, қоймастан боздай беруші едім; бірақ бұл жолы анам бейбақтың үнінен бір сұмдықты сезіп қалдым да, дереу үнімді өшірдім.
Ол мені дедектетіп сүйреп келе жатыр.
Сонда барып көрдім, біз бір жалпақ сатымен төмен түсіп келеді екенбіз; сөйтсем, біздің алдымызда сандықтарды, қапшықтарды, небір әшекей бұйымдарды, асыл жиһаздарды, алтын салған әмияндарды көтеріп анамның малай әйелдері кетіп бара жатыр екен, нақтырақ айтсам, жүріп емес, жүгіріп барады бәрі.
Әлгі әйелдердің соңында сорайған мылтық асынған, пистолетпен қаруланған жиырма шақты сақшы бара жатыр, үстеріне костюм киген; ондай костюмдерді сіздер, француздар, Греция қайтадан тәуелсіз ел болғалы бері ғана көріп жүрсіздер. Сөзіме сенер болсаңыз, — деп сабақтады сөзін Гайде, осынау сұмдықты еске алғанның өзінен-ақ өңі қашып, — әлі ұйқысын ашып үлгермеген құлдар мен малай әйелдердің ұбақ-шұбақ шұбырындысын көргенде-ақ адамның үрейі ұшқандай еді, әлде өзім ұйқымды аша алмай келе жатқан соң олар да маған ұйқылы-ояу боп көрінді ме, кім білсін.
Қарамай шырақтардан түскен рабайсыз дәу көлеңкелер сатымен құлдилай көлбең қақты.
«Тезірек!» — деген әлдекімнің даусы шықты галерея түкпірінен.
Бұл дауысты естігенде құл-құтанның бәрі желді күнгі қоғадай жапырылды.
Әлгі дауысты танып мен селк ете қалдым.
Әкемнің даусы еді бұл.
Оқтанған қалпы, үстіне бар сәнді киімін малынта киген әкей елдің ең соңында келеді екен; өзінің ең жақсы көретін нөкері Сәлімге сүйенген әкей үріккен табынды алдына салып айдаған бақташыдай бізді қуалап келе жатыр.
— Менің әкем, — деді Гайде, басын жоғары көтерген тәкаппар қалпы, — ұлы адам болатын; Янинаның пашасы еді; Европада оны Әли-Тебелин деп атайтын, мұқым Түркия ол дегенде қалтырап тұрар еді.
Әкесін соншалық мақтан етіп, қастер тұта сөйлеген Гайденің бұл әңгімесінен Альбер амалсыз селк етіп, секем алып қалды.
Небір ғаламат елестерді оятатын пифия сияқты, пенде баласының аза бойын қаза тұрғызар қайғылы қазасынан кейін күллі қазіргі Европа ұлық тұтқан адамның қанға бөккен азалы аруағын шақырған қыздың жанарында зәре-иманыңды ұшырар қара жалын жарқ ете қалды қас қағым мезетте.
— Көп ұзамай-ақ, — деп баяндай берді Гайде, — шеру тоқтай қалды; біз сатының етегінде, көлдің жағасында екенбіз. Ентігін баса алмаған анам мені бауырына қыса түседі; оның арт жағында тұрған әкемді көрдім; қорқасоқтап, жан-жағына алақтай береді.
Алдымызда төрт мәрмәр басқыш қапты, оның ең төменгісіне жанаса бір қайық тербеліп тұр екен.
Біз тұрған жерден қарағанда құдды көлден өсіп шыққандай қарсы бетте бір қап-қара дәу ғимарат көзге шалынды; сөйтсе, біз барып паналайтұғын қамал екен бұл.
Қараңғы болғасын ба, әйтеуір, маған қамал әжептәуір алыс көрінді.
Біз қайыққа кеп отырдық. Ескен кезде ескектердің ешқандай дыбысы естілмегені есімде қалыпты; еңкейіп төмен қарадым мен; сөйтсем, ескектерді біздің қызметшілердің белдіктерімен орап тастаған екен.
Қайықта ескекшілерден басқалардың бәрі әйелдер еді, сонсоң менің әке-шешем, Сәлім төртеуіміз ғана болдық.
Жағалауда қалған Паликарлар төменгі басқышқа тізерлей кетті, қуғыншы келе қалғандай болса жоғарғы үш басқышты паналап бас сауғаламақ.
Қайығымыз көл бетінде ұшыртып келеді.
«Қайық неге тез жүзеді?» — деп сұрадым мен шешемнен.
«Үндеме, шырағым, — деді анам, — өйткені, біз қашып келеміз».
«Түк ұқсам бұйырмасын. Құдіреті күшті әкем неменеге қашады?» Жұрттың бәрі оның алдында құрдай жорғалайтын, оның девизі былай боп келетін:
«Мені жек көреді екен, демек қорыққаны».
Бірақ бұл жолы әкем шынында жан сауғалап қашып келе жатыр еді. Мұның бәрін кейін ол Янина қамалы гарнизонының ұзақ әскери қызметтен қажығанының салдары деп түсіндірді маған...
Әңгіменің осы тұсына келгенде өзінен көзін айырмай қадала қалған Монте-Кристоға жалтақтай қарады Гайде. Сосын, бірдеңені өз жанынан қосып айтайын дегендей, болмаса әлденені айтпай тастап кеткен адамдай біраз бөгеліп барып, асықпай сабақтады сөзін.
— Синьора, — деп іліп әкетті, қыздың әңгімесін ынты-шынтымен тыңдап отырған Альбер, — сіз жаңа Янина гарнизонының ұзақ әскери қызметтен қажығанын айтып барып тоқтағансыз...
— Сөйтіп әкемді ұстап әкелуге сұлтан жұмсаған сераскир Куршидтің жағына шығып кетеді әлгі гарнизон. Содан кейін әкей өзі имандай сенетін француз офицерін сұлтанға жібереді де, алдын ала салдырып, әзірлеп қойған шағын қамалға барып бассауғаламақшы болады, өзі ол қамалын катафюгион, яғни баспана деп атаған екен.
— Ал, сол офицердің есімі жадыңызда бар ма, синьора? — деп cayал қойды Альбер.
Монте-Кристо мен Гайде қас қаққанша бір-біріне қарап үлгерді сол мезетте; мұны Альбер аңдамай қалды.
— Жоқ, — деді Гайде, — есімде қалмапты; дегенмен, бәлки кейін есіме түскендей болса өзім айтармын сізге.
Енді болмағанда Альбер өз әкесінің есімін атауға ыңғайлана беріп еді, сол сәтте Монте-Кристо оған ескерту жасап, сұқ қолын шошайтты; өзінің ант бергені есіне түскен Альбер лезде тыйыла қалды.
— Сөйтіп, біз сол баспанаға қарай жүзіп келе жаттық, — деп әңгімесін жалғастырды Гайде.
Арабескімен айшықталған төменгі қабаттың террасы тура суға төніп тұр, екінші қабаттың терезелері көлге қарайды екен; міне, шағын сарайға таяу жүзіп келгенде бар көзімізге түскені осы ғана.
Бірақ төменгі қабаттың астында аралдың бойын қуалап кететін жерасты жолы, дағарадай үңгір бар екен. Анамыз екеуімізді қызметші әйелдермен қоса сонда алып келді; онда келсек алпыс мың әмиян мен екі жүз кішкене кеспек жатыр екен; әмияндарда жиырма бес миллиондық алтын тіллә, ал кеспектерде отыз мың фунт оқ-дәрі бар болатын.
Әлгі кеспектердің жанына сіздерге жаңа өзім айтқан Сәлім, әкемнің ең жақсы көретін нөкері, кеп тұрды; ұшында жанған пілтесі бар ақ сүңгісін қолына ұстап ол күн-түні кірпік қақпай қарауыл қараумен болды; оған тек әкем белгі берісімен-ақ әлгі баспананы, сақшыларды, пашаны, әйелдерді, қисапсыз алтынды оқ-дәрімен қопарып тастауға бұйрық берілген-тұғын.
Бұл сұмдықтан зәре-құты қалмаған біздің күңдеріміз таңның атысы, күннің батысы жаратқанға жалбарынып, аһылап-үһілеп, еңіреп-егілуден көз ашпады.
Көзі қап-қара, өңі құп-қу сол сарбаз ылғи көз алдымда тұрады да қояды; ажал жетіп, жаналғышым келерде де сол Сәлім боп келердей көрінеді маған.
Содан арада қанша уақыт өткенін білмеймін; ол кезде мезгіл мерзімін пайымдамайтын шағым ғой; анда-санда әкем сарайдың террасына шешем екеуімізді шақыртып алдырады; бұл мен үшін бір мәз-мереке болатын: өйткені» үңгірде өксіген елестер мен Сәлімнің лаулаған сүңгісінен басқа ештеңе көрмейтінмін. Үңгірдің аузында отырған әкем тұнжыраған қалпы шалғай көкжиектен көз алмайтын, көл айдынында пайда болған әрбір қара ноқатты қағыс жібермейтін; әкейдің қасына жантайған шешем оның иығына басын сүйейді, мен болсам әкемнің жанында ойнап отырамын; көкжиекте көрінген Пинд сілемін қызықтаймын, бала болған соң бәрі таңсық, бәрі үлкен боп көрінетін; көгілдір көл айдынынан көтеріліп сонадайдан көзге ұрып тұрған Янинаның сындарлы аппақ қамалдарына қараймын; қамал етегіндегі жасыл нуы алыстан көз жібергенде жартастарға өскен мүк тәрізді де, ал жақындан келсең дәу циния алып мирт болып шығады.
Бір күні таңертең әкей бізді шақыртып алдырды; өзі сабырлы көрінді, бірақ өңі күндегіден қуқыл екен.
«Сәл шыдай тұр, Василики, бүгін не болса да болып тынады; әміршінің фирманы жетуге тиіс бүгін, сөйтіп, менің тағдырым шешілмекші. Егер маған толық кешірім жасалса, онда біз сән-салтанатпен Янинаға ораламыз; ал жаманат хабар болса, бүгінгі түннен қалмай қашпақ керек».
«Ал, егер де олар қашуға мұрша бермесе қайтеміз?» — деді анам.
«Оған қам жеме, — деді әкем жымиып, — лаулаған жебесімен Сәлім олар үшін өзі-ақ берер жауапты. Олар менің өлгенімді тілейді, бірақ ешқайсысы да менімен бірге өлмек емес».
Әкейдің бұлай жұбатқанына анам жай күрсінді де қойды, өйткені, бұл сөз шын жүректен шықпаған еді.
Шешем оған ішіне мұз салған су құйып берді; біз қашып шыққалы безгек жабысқан әкем сусақ болып алған тұғын; сонсоң аппақ қудай сақалына иіссу жағып, трубкасын тұтатып беретін; кейде трубкадан ұшқан түтінге қарап әкем сағат бойы үнсіз сарсылып отырып қалатын.
Кенеттен әкей оқыс қимылдап қалғанда мен шошып кеттім.
Назарына іліккен ноқаттан көз айырмаған қалпы дүрбіні әкел деп бұйырды ол.
Шешем дүрбіні әкеп берді; өңі өзі сүйеніп тұрған гипс бағаннан бетер құп-қу болып кеткен еді.
Мен әкейдің қолы қалтырағанын байқап қалдым.
«Қайық!.. Екеу!.. Үшеу!.. — деп күбірледі ол, — төртеу!
Сонсоң әкейдің орнынан тұрып, мылтығын ала салып, сөредегі пистолеттерге өз қолымен оқ-дәрі толтырғаны есімде қалыпты.
— Василики, — деді ол анама қарап, өне бойы түршігіп дірілдеп тұрғаны байқалды, — біздің тағдырымыз шешілетін сәт таяп қалды; енді жарты сағаттан кейін ұлы әміршінің жауабы белгілі болады. Гайдені алып жер астына түс...»
«Сізді тастап кете алар емеспін, — деді анам, — егер алатын ажал болса, қожайыным, мені сізбен бірге алсын».
«Сәлім жаққа барыңдар!» — деп зекіді әкей.
«Бақыл болыңыз, әміршім!» — деп күбірледі шешем, әкейдің айтқанына үнсіз көніп, сонсоң тура ажалға мойын ұсынғандай иіліп тағзым етті.
«Василикиді алып кетіңдер», — деді әкем өзінің паликарларына.
Дәп сол кезде жұрт назарынан қалыс қалған мен жанына жүгіріп барып, әкеме екі қолымды бірдей созып едім, ол еңкейіп маңдайыма ернін тигізді.
Әкемнің соңғы сүйгені болды бұл; маңдайымдағы ыстық лебін әлі күнге дейін сеземін!
Төмен түсіп бара жатып, терраса жүзімінің арасынан біз келе жатқан қайықтарды көрдік, әлгінде ғана алыстан қара ноқаттай боп көрінген қайықтар демде су бетімен жылжыған құс тәрізді боп көзге айқын шалынды.
Бұл кезде қоршауды тасаланып, әкемнің аяқ жағында отырған жиырма паликар маржанмен, күміспен нақышталған ұзын мылтықтарын кезеніп, көздеріне қан толып, әлгі келе жатқан қайықтарды қадағалаумен болды; жерде патрондар бей-берекет шашылып жатқан; әкей оқтын-оқтын сағатына қарап қойып, дегбірі қалмай әрлі-берлі сенделіп жүр.
Ақырғы рет маңдайымнан сүйгізіп, әкемді соңғы көрген жолы менің есімде қалғаны осы.
Шешем екеуіміз жер астына түстік. Сәлім сол орнында міз бақпай әлі тұр екен; бізді көріп мұңая жымиды. Үңгірдің арғы жақ шетінен көпшік әкеп, Сәлімнің жанына жайғастық; басына қатер төнгенде өзіңе адал берілген адамға жақын болғың келеді ғой, құп-құйттай болсам да үлкен бақытсыздыққа душар келгенімізді жүрегім сезіп тұр.
Әкесі бұл жайлы ғұмыры жұмған аузын ашпаса да Янина уәзірі өмірінің соңғы сәті жайлы өзге жұрттан талай естіген, оның өлімі туралы сан алуан хикая оқығаны да бар. Әйтсе де, Гайденің жанарынан елес беріп, үнінен қайта жаңғырыққан, сол бір хикая жан тебірентерлік, мұң-шерге толы осынау элегия оны әрі қайран қалдырып, әрі аза бойын қаза тұрғызды.
Сол сұмдықты еске алып, бойы шіміріккен Гайде бір мезет үнсіз қалды; қолымен басын сүйеп отырғаны дауылды күні жерге бас иген гүлді еске салғандай, ал мұнар шалған жанары әлі де көкжиектегі жап-жасыл Пиндті, айнадай жарқыраған көкпеңбек айдынында өзі суреттеген қайғылы көрініс елес берген Янина көлін жіті шолып тұрғандай.
Монте-Кристо оған соншалық жаны ашып, елжірей қарады.
— Айта бер, қарағым, — деді ол грек тілінде.
Монте-Кристоның даусынан оянып кеткен адамдай Гайде басын көтеріп алды да әңгімесін сабақтады:
— Сағат төрт болатын; сыртта жап-жарық, күн ашық болғанымен жер асты қара көлеңке-тұғын.
Қара түнек аспан шалғайында жымың қаққан жалқы жұлдыз іспетті үңгірде жалғыз ғана жарық нүкте бар еді, ол — Сәлімнің алауы болатын.
Анам шоқынумен болды, ол — христиан еді.
Сәлім оқта-текте:
«Жасаған жаббар» деген құран сөзін қайталап қояды.
Дегенмен де анам әлі күдерін үзбеген болатын. Үңгірге төмен түсіп келе жатқанда әкем өзіне имандай сенетін, өзі Константинопольге жіберген французды көзі шалып қалғандай көрініпті; Француз сұлтанының жауынгерлері шетінен мейірбан, кеңпейілді боп келетінін әкей жақсы білетін. Анам сатыға таяп кеп тың тыңдады:
«Тақау кеп қалды, — деді ол, — дүние-ай, тек жақсылык хабар әкелсе игі-еді!»
«Неменеге қорқасың, Василики? — деді оған Сәлім, сол тәккаппар қалпында жылы ұшырай жұмсақ сөйлеп. — Егер олар жақсылық хабар жеткізбесе, біз олардың жанын жаһаннамға жібереміз!»
Соны айтып, сүңгісіндегі алауын тіктеп еді, тұрпаты ежелгі Криттің Дионисіне ұқсай қалды.
Бірақ, оңы-солын танып үлгермеген ақымақ бала нені түсінсін, сол сәтте мен осынау көзсіз ерлікті қатыгез қанпезерлікке балап, ауада жалаң қағып ажал шақырған жалын тілінен өлердей қорықтым.
Апамның да зәре-иманы қалмаған еді, оның қалш-қалш етіп тұрғанын аңғардым мен.
«Құдай-ай, анашым-ау, — деп безілдедім мен, — шынымен қазір өлгеніміз бе?»
Менің бұл сөзімді естіген күңдер бұрынғыдан бетер күңіреніп кетті, қайта-қайта дұға оқи берді.
«Құдайым жар болсын саған, балақайым, — деді маған Василики, — бүгінгі қорқып тұрған ғапыл өлімімен емес, ақ өліммен өлуге жазсын тәңірім сені».
Сосын естілер-естілмес қылып:
«Қожайын саған қандай жарлық берді?» — деп сұрады Сәлімнен.
«Егер ол маған қанжар беріп жіберсе, демек, сұлтанның кешпегені, онда мен бәрін де оқ-дәрімен қопарып тастаймын; ал жүзік беріп жіберсе — сұлтанның кешкені, онда мен оқ-дәріні өткіземін».
«Достым, — деді шешем, — егер мырзам қанжар беріп жіберсе, бізді мынадай сұмдық өлімге душар ете көрме; біз басымызды иіп тұралық, сен сол қанжармен тамағымыздан орып жіберерсің».
«Жарайды, Василики», — деді Сәлім сабырлы қалпымен.
Кенет біздің құлағымызға айғай-шу шалынды; тың тыңдап көрсек, қуанған адамдардың үні. Біздің паликарлар Константинопольге кеткен француздың атын атап жарлап жатыр; енді оның ұлы әміршіден жауап әкелгені және оның жақсылық хабар екені бесенеден белгілі болды.
— Япыр-ай, сол есімді жадыңызда ұстап қала алмадыңыз ба? — деді Морсер, қыздың есіне салып жіберуге құлшынып.
Монте-Кристо оған үнсіз белгі берді.
— Есімде жоқ, — деді Гайде.
— Шу күшейе түсті; әлдекімдердің аяқ тықыры естілді; біреу жерасты жолмен төмен түсіп келе жатты.
— Сәлім сүңгісін кезеніп тұра қалды.
— Көп ұзамай тыстағы күн сәулесінің талып жеткен бозамық нұрымен үңгір аузында қараңдаған көлеңке пайда болды.
— «Кім бұл? — деп айғай салды Сәлім, — Кім болсаң да енді қыбыр етпе!»
— «Сұлтанның даңқы арта берсін, — деп тіл қатты әлгі көлеңке. — Уәзір Әли толық кешірім алды: оның өмірін сақтап қалғаны былай тұрсын, күллі қазына байлығы мен дүние-жиһазы түгел өзіне қайтарылды».
Қуаныштан есі шығып дауыстап жіберген анам мені бауырына құшырлана қысты.
«Тоқта! — деді оған Сәлім, анамның сыртқа қарай тұра ұмтылғанын көріп. — Маған әлі жүзік келіп жетпегенін өзің де көріп тұрсың ғой».
«Ол рас», — деді де, анам тізерлей кетіп, жаратқанға жар бола гөр деп жалбарынып, тәңіріге жақындай түссін дегендей жалма-жан мені жоғары көтерді.
Содан кейін үнсіз қалған Гайденің қатты толқығаны сондай, өңі құп-қу боп, маңдайынан шып-шып тер шықты, тамағы құрғап, үні бітіп қалғандай көрінді.
Монте-Кристо стақанға мұз салған аз ғана су құйып беріп жатып, Гайдеге жылы шыраймен бұйыра сөйледі:
— Бекем бол, шырағым!
Көзін сүртіп, маңдайындағы терін сыпырған Гайде сөзін қайта жалғастырды:
— Қараңғыға әбден көзіміз үйреніп алған біздер пашаның жіберген адамын бірден тани қойдық; бұл келген өзіміздің досымыз болатын.
Оны Сәлім де танитын, бірақ ер жүрек жігіт дініне берік болатын — иліккен жоқ.
«Кім сені жіберген?» — деп сұрады ол.
«Мен біздің мырзамыз Әли-Тебелиннің атынан келіп тұрмын».
«Егер Әлидің атынан келген болсаң, оның маған не беріп жіберуге тиіс екенін білсең керек еді».
«Әлбетте, — деп жауап берді жаушы, — мен саған оның жүзігін алып келдім».
Соны айтып ол қолын жоғары көтерді; бірақ біз тұрған жер алыстау болған соң, қара көлеңкеде Сәлім оның қолындағы не нәрсе екенін ажырата алған жоқ.
«Қолыңдағы не нәрсе екенін көре алмай тұрмын», — деді Сәлім.
«Бері жақында, — деді жаушы, — болмаса мен барайын».
«Екеуі де болмайды, — деп жауап қайырды жас сарбаз, — қолыңдағыңды өзің тұрған жерге, күн көзі түсетіндей ғып қой да, өзің әрі шегіне тұр, мен жақсылап көріп алайын».
«Жарайды», — деді жаушы.
Сонсоң әлгі айтқан жерге қолындағы нәрсені қойды да, өзі былайырақ барып тұрды.
Біздің жүрегіміз алып-ұшып барады; әлгі нәрсе алыстан жүзік сияқты боп көрінді. Бірақ шынында да, әкемнің жүзігі ме, әлде басқа ма?
Қолынан алауын тастамай, Сәлім сол жерге өзі барып, әлгі жүзікті алғанда, жүзіне күн сәулесі түсті.
«Мырзамның жүзігі екен, — деді ол, жүзікті сүйіп, — әп-бәрекелде!»
Сәлім соны айтты да, алауын жерге тигізіп, аяғымен таптап өшірді.
Мұны көрген жаушы қуанғаннан екі санын шапалақтап, айғайлап жіберді. Тек соны күтіп тұрған сераскир Куршидтің төрт сарбазы атып-атып шықты да, қас қаққанша бір өзіне бес қанжар қадалған Сәлім мұрттай ұшты.
Қорыққаннан әлі де өңі кірмеген қанішерлер істеген мына қылмыстарына мәз боп естері шығып үңгірге тұра ұмтылсын, жарық қылар шала іздесті, қолдарына іліккен алтын толы қаптарға жапатармағай жармаса кетті.
Бұл кезде шешем ылдым-жылдым қалпы дереу мені дедектетіп сүйреп ала жөнелді, біз тек өзіміз ғана білетін жасырын жолмен жүріп отырып үңгірдің жоғарғы жағына апаратын басқышпен көтерілдік; келсек, мұнда нағыз аламан-тасыр боп жатыр екен.
Зал толы біздің қас дұшпандарымыз — Куршидтің чодоарлары екен.
Анам залдың есігін енді аша берем дегенде, пашаның гүр еткен даусы естілді.
Есіктің жарығынан сығалап, анам қалт тұра қалды; тура маңдай алдымда есіктің титтей саңылауы тап келмесі бар ма, мен содан ішке көз жүгірттім.
«Не керек сендерге?» — деді әкем, алтын әріппен жазылған жазуы бар қағаз ұстап тұрған адамдарға қарап.
«Біз марқабатты тақсырдың жарлығын саған айтқалы келдік, — деді әлгілердің біреуі. — Мына фирманды көріп тұрсың ба?»
«Иә, көріп тұрмын», — деді әкем.
«Ендеше, оқы; сенің басыңды алып келсін деген жарлық бар».
Әкем қарқылдап күліп жібергенде, күн күркірегендей болды, құдды адамның иманын ұшырарлық. Сол күліп тұрған күйі екі тапаншасын бір мезетте басып қалды. Екі мәрте гүрс ете қалғанда екі қанішер жер құшты.
Әкемді айнала қоршап, етпетінен жатқан паликарлар жалма-жан дереу ұшып тұрып атыса бастады; бөлменің іші тарс-тұрс атылған мылтық үнінен жаңғырығып, айналаны жалын жайлап, түтін қаптады.
Сол сәтте екінші жақ бүйірден патырлата мылтық атылып, дәл жанымыздағы тақтайды оқ шұрқ-шұрқ тесіп өтіп жатты.
Дүние-ай, оқ-дәрі ысы тұтып, өңі қарауытқан, қолына қайқы семсерін ұстап бораған оқтың ішінде қасқайып тұрған уәзір Әли-Тебелиннің, менің әкемнің, сол бір мезеттегі өр тұлғасын, құдіретті кейпін көрсеңіз ғой, шіркін! Жауларының жапырыла қашқанын айтсаңызшы!
«Сәлім! Сәлім! — деп аттан салды ол. — От иесі, өте парызыңды!»
«Сәлім опат болған, — деген әлдекімнің даусы бөлменің астынан шыққандай күңгірлей естілді, — ал сен де, Әли мырзам, сенің де өлген жерің осы!»
Сол заматта гүрс еткен үн естіліп, әкем тұрған жерді айналдыра еденнің сау-тамтығын қалдырмады.
Чодоарлар төменнен атқылап жатты. Солардың оғы дарып құлап түскен үш-төрт паликардың денелерін шұрқ-шұрқ оқ тесіп өтті.
Әкем арыстандай ақырып, еденнің оқ тиіп ойылған тұсынан тұтас бір тақтайды қақырата жұлып алды.
Сол сол-ақ екен, демде әлгі жырықтан жиырма мылтық бір мезгілде сатыр-сұтыр ете қалды да, жанартаудан атылғандай жалын тілі қабырғаның қаптауын лезде өртеп жіберді.
Осынау сұмдық тарсыл-гүрсіл даңғаза шудың ішінде бәрінен де қаттырақ шыққан екі мәрте атылған мылтық үнін және оған іле-шала екі мәрте жан даусы шығып шыңғырған дауысты естігенде төбе шашым тік тұрды. Әкемді өлімші ғып жаралаған да осы екі оқ болатын, екі мәрте естілген ащы дауыс та әкемдікі еді.
Терезе жақтауынан тас қып ұстап алған әкем сонда да құлаған жоқ. Бөлмеге кіріп, әкеммен бірге шәһит болуға бел буған шешем есікті қанша жұлқылағанмен аша алмады, іштен бекітіп қойған екен.
Оның айналасында жан тәсілім хал кешкен паликарлар жатыр: жараланған, не жараланса да жеңіл жараланған екі-үш паликар терезеден шықты.
Дәп осы сәтте төменнен соққан дүмпуге шыдамай күллі еден қақ айырылғаны. Әкем бір тізерлеп шөкелей қалды, семсер, тапанша, қанжарлармен қаруланған жиырма қол тек соны аңдып тұр екен, анталай ұмтылды, бір адамға бір мезетте жиырма соққы жауып кетті, ажылдасып-гүжілдескен қанпезерлер жаққан алапат алаудың ішінде әкем құдды аяғының астынан тозақ оты жанғандай қас қағымда ғайып болды.
Meн талықсып құлап бара жатқанымды сездім, анам есінен танып қалған болатын».
Гайде күңірене күрсінгенде екі қолы тізесіне сылқ ете қалды, сосын осыныма разы ма дегендей графқа жаутаңдай қарады.
Граф орнынан тұрып кеп, қыздың қолын алды да, грекше:
— Демалып, біраз есіңді жи, қалқам. Опасыздардың зауалын берер құдай барын ұмытпа, — деді.
— Не деген сұмдық оқиға, граф, — деді Альбер, өңі аппақ шүберектей боп кеткен Гайденің түрінен шошып, — буынсыз жерге пышақ ұрып, қоймастан қолқалағаныма өзім де қатты опық жеп отырмын.
— Уақасы жоқ, — деп тіл қатты Монте-Кристо, сосын қыздың басынан сүйеп тұрып былай деп үстеді: — Гайде ержүрек адам, басынан кешкен бақытсыздығын осылай әңгімелеп бергенде кейде жеңілейіп, терім кеңіп қалатыны бар.
— Олай болатын себебі, әміршім, өз қасіретімді айтқанда сіздің еткен жақсылығыңызды еске алып тәуба қыламын, — деді Гайде жалма-жан.
Альбер Гайдеге тамсана қарады; өзінің білгісі келіп емешесі құрып отырған нәрсені — графқа қалайша күң болғаны жайлы қыз әлі ләм-мим демеген болатын.
Граф пен Альбердің көздерінен нені мегзеп отырғандарын Гайде айтпай ұқты.
Қыз сөзін қайта сабақтады:
— Анамның есі кіргенде, біз сераскирдің алдынан барып бірақ шыққан екенбіз.
«Мені өлтіре беріңіз, — деді ол, — бірақ Әлидің жесірімін ғой, арымды аяққа таптай көрмеңіз».
«Оны маған айтпа», — деді Куршид.
«Енді кімге айтамын?»
«Өзіңнің жаңа қожайыныңа айт».
«Ол кім еді?»
«Әне тұр».
Соны айтып, Куршид әкемді өлтіруге өзгелерден гөрі көбірек күш салған қанішерлердің бірін нұсқады, — деп созды әңгімесін ызадан көзінде жасын ойнаған Гайде.
— Сөйтіп, — деп сауал қойды Альбер, — содан кейін барып сіз бұл кісінің күңі болған екенсіз ғой?
— Жоқ, — деп жауап берді Гайде, — ол бізді үйінде қалдыруға тәуекел етпеді де, Константинопольге жүріп бара жатқан құл сатушыларға сатып жіберді. Күллі Грецияны кешіп өтіп, өлдік-талдық дегенде император сарайының қақпасына жеттік ақыры. Сарай алдында жиылып қалған көлденең жұрт қақ жарылып бізге жол берді. Жұрттың бәрі жапырласып қарап жатқан жаққа анам да көз тастап еді, кенет құлындағы даусы құраққа шығып, қақпаның төбесінде найзаға шаншып қойған адамның басын нұсқады да, өзі жерге сылқ ете қалды.
Қарасам, әлгі бастың үстінде:
«Бұл — Янинаның пашасы, Әли-Тебелиннің басы» — деген жазу бар екен.
Еңіреп жүріп, анамды орнынан тұрғызбақ боп жанталастым; сөйтсем, анашым өліп қалыпты!
Мені базарға алып келді; базарда мені сатып алған бір бай армян болатын. Ол мені ұстаздар бөліп оқытып, тәрбиеледі , сосын жасым он үшке толғанда мені Махмут сұлтанға сатып жіберді».
— Ал одан, — деді Монте-Кристо, — гашиш сақтайтын зүмретімдей зүмрет беріп мен сатып алғам, Альбер, ол жайлы сізге айтқан болатынмын.
— О мырзам, сен һәм мейірбан, һәм ұлықсың! — деді Гайде, Монте-Кристоның қолынан сүйіп, — саған күң болған мен бақытты адаммын!
Өз құлағымен естіген осынау хикаяға Альбер таң-тамаша қалып отыр еді.
— Кофеңізді ішіп қойыңыз, — деді оған граф, — әңгіме бітті.
БЕСІНШІ БӨЛІМ
I. БІЗГЕ ЯНИНАДАН ХАБАРЛАЙДЫ
Нуартьенің бөлмесінен Францтың қатты күйзеліп, абдырап шыққаны сондай, тіпті оны Валентинаның өзі де аяп кетті.
Жаңағы қиямет әңгіменің үстінде оқта-текте үзіп-жұлып бірер ауыз тіл қатқаны болмаса сөзге араласпаған, ақыры кабинетіне тұра жөнелген Вильфор арада екі сағат өткенде мынадай хат алды:
«Бүгінгі көп мәселенің басы ашылғаннан кейін Нуартье де Вильфор мырза Франц д’Эпиненің үй-ішімен құдандалы боламын деп ойлай қояр ма екен. Бүгін ғана айқындалған жайттарды тегінде алдын ала біле тұрып, де Вильфор мырзаның өзі қалай ғана ескертпеген деп ойлағанда Франц д’Эпиненің аза-бойы қаза тұрады».
Мына соққыдан осы сәтте шөгіп кеткен король прокурорын көрген адам оның дәл мұны күтпегенін аңғарғандай еді. Шынында, ащы да болса дәп бұлай әкесі ашық айтады деген ой оның қаперіне де кірмеген болатын. Баласының пікірімен көп санаса бермейтін Нуартье мырза бұл жайлы ұлына құлаққағыс етуді жөн көрмеген-ді, сол себепті де Вильфор генерал де Кенельді, басқаша айтар болсақ, барон д'Эпинені бірме-бір жекпе-жекте емес, әлдеқандай бір қанішердің қолынан қаза тапқан деп ойлайтын ылғи.
Табиғатынан ибалы жігіттің жолдаған мына мәнсұқ хаты Вильфордың шамына қатты тиді.
Кабинетіне кірісімен, ізінше іле-шала әйелі кеп енді.
Нуартье мырза өзіне шақыртып алған Францтың кетіп отырғанына өзгелердің таңырқағаны соншалық, нотариус пен куәлердің ортасында қалған де Вильфор ханым енді қатты ыңғайсызданайын деді. Ақыры тәуекел етіп орнынан тұрды да, не боп қалғанын біліп келейін деп бөлмеден шығып кетті.
Вильфор оған Нуартье, д'Эпине үшеуінің әңгімесінен кейін Валентина мен Францтың некесі қиылмайтын болды деп тек тоқетерін айтты да қойды.
Мұны айтуға мүмкін болмағандықтан, қонақжайға қайтып келген соң де Вильфор ханым жиылған жұртқа Нуартье мырзаның соқпасы ұстап қалған сыңайы бар, сондықтан келісімшартқа қол қою кейінге қалдырылды дегенді айтты.
Қанша жалған дегенмен бұл хабар да осының алдында болған екі оқиғаның жалғасы іспетті әсер етті де, жиылғандар бір-біріне таңырқай қарасып тым-тырыс тарасты.
Ал, әрі қорқып, әрі аяқ астынан бақытқа кенеліп қалған Валентина болса, мәңгі түскен шығар деген бұғауды бір демде быт-шыт қылған жарымжан шалды елжірей сүйіп, енді бөлмеме барып демалайын деп рұқсат сұрады. Нуартье көзімен ымдап келісім берді.
Бірақ Валентина жоғары көтеріліп өз бөлмесіне барудың орнына атасынан шығысымен дәлізді бойлай жүріп отырып, кішкене есіктен жүгіріп баққа бір-ақ шықты. Әлгі әңгіменің үстінде әлдене боп кетеді деп өзі іштей қыпылдап отырған. «Ламмермур қалыңдығындағы» Ревенсвуд құсап, өңі құп-қу боп, қаһарына мініп Моррель кеп қалатындай сәт сайын елеңдеумен болды.
Сөйтсе, шарбаққа дер кезінде келген екен. Францтың зираттан Вильформен бірге кеткенін көріп, енді не боларын іші сезген Максимилиан солардың ізімен жүріп отырған екен. Францтың үйге қалай кіргенін, сонсоң біраздан кейін қайыра шығып, Альбер мен Шато-Реноны ертіп қайта оралғанын ол көріп тұрыпты. Сөйтіп, келісімшартқа қол қойыларына оның ешқандай күмәні қалмапты. Сәл мұршасы болса Валентина ақыры бір төбе көрсетер деп, сосын тәуекелге бел байлап, дереу бақшаға қарай жөнеп берген екен.
Ол қателескен жоқ-тұғын: шарбақтың саңылауына қарап, бұрынғысынша бұқпантайлап, қысылып-қымтырылмай тура қақпаға қарай жүгіріп келе жатқан Валентинаны көрді.
Көрді де көңілі орнықты: Валентина үн қатып, тілге келер келместен қуанғаннан Максимилиан тұрған жерінде ырғып түсті.
— Құтылдық! — деп дауыстап жіберді Валентина.
— Құтылдық! — деп қайталады Моррель өз бақытына өзі сенбей, — Сонда кім құтқарған бізді?
— Атам. Әрқашанда оны жақсы көретін болыңыз, Моррель.
Қартты шын көңіліммен жақсы көретін боламын деп Моррель табан астында ант-су ішті; әлбетте, бұл тегіннен-тегін емес-ті, осы сәтте ол Нуартье мырзаны досы яки әкесі сияқты жақсы көру былай тұрсын, тіпті, тәңіріндей табынған-ды.
— Ал сонда қалай болды өзі? — деп сұрады Моррель. — Қандай әрекет жасады?
Валентина оған бәрін де айтпақ болып оқтала беріп, кенет бұл әңгіменің артында жатқан сұмдық сырдың тек атасына ғана емес, сондай-ақ басқаларға да қатысы бары есіне түсіп, тартынып қалғаны.
— Мұның бәрін кейін бірде айтып берермін, — деді қыз.
— Сонда қашан?
— Сіздің зайыбыңыз болған соң.
Бұл сөзбен Моррельді неге де болсын көндіруге болатын еді; сол себепті осы естігенім бойға құт деп қыздың дегеніне көне кетті, ол ол ма, тіпті дәп қазір кетуге де келісті. Бірақ Валентинаның ертең кешке келемін деген уағдасын беруін шарт қып қойды.
Валентина уағда етті. Ол үшін бәрі де күрт өзгерді, осыдан бір сағат бұрын Францқа күйеуге шықпаймын дегенге сену қандай қиын болса, енді Максимилианға косыламын дегенге сену соншалық оңай болатын.
Бұл кезде де Вильфор ханым Нуартье мырзаның бөлмесіне кірген.
Нуартье қашанғы әдетінше оған міз бақпастан сұстана қарады да қойды.
— Сударь, — деді келіні шалға қарап, — Валентинаның тойы енді болмайтынын айтып жатпай-ақ қояйын, өйткені не болса да осымен тынды ғой.
Нуартье былқ еткен жоқ.
— Бірақ та, — деп сөзін сабақтады де Вильфор ханым, — бұл некеге менің атымен қарсы болғанымды және сондықтан құдалықтың бәрі менің еркімнен тыс жүргізілгенін сіз білмейсіз.
Нуартье келініне мұның себебін түсіндірер ме екен дегендей емеурін білдіре қарады.
— Ал, енді сіз хош көрмеген бұл некенің бұзылуына орай мен сізге арнайы бір өтінішпен келіп отырмын, мұны менің күйеуім де, Валентина да сізге батыл айта алмаған болар еді.
Нуартье түсінбеген сыңай білдірді.
— Сізден өтінбегім мынау еді, — деп сөзін жалғастырды де Вильфор ханым, — және бұлай қолқа салуға тек менің ғана құқым бар, өйткені, жеке басым одан ұтып-ұтылар дәнеңем жоқ, тағы да Валентинаны жақсы көрсеңіз деген де тілек емес бұл, оны әрқашанда жаныңыздай жақсы көретініңіз онсыз да белгілі, ол — дәулетіңізді соған мұра ғып қалдырсаңыз деген тілек еді.
Нуартьенің көзінен екі ойлы болып отырғаны аңғарылды; тегі келінінің бұл қолқасының себебін ойлап, таппай дағдарып отырса керек.
— Менің өтінішім мен сіздің ойыңыз бір жерден шығар деп үміттенуіме болар ма екен, сударь? — деді де Вильфор ханым.
— Иә, — деп көзімен мегзеді Нуартье.
— Олай болса, — деді де Вильфор ханым, — сізге дән риза болып, өзімді бақыттымын деп есептеймін.
Соны айтып, шалға тағзым еткен келіні бөлмеден шығып кетті.
Келесі күні Нуартье нотариусты шақыртты. Бірінші өсиетнаманың көзін құртып, жаңасы жасалды да, онда егер Валентина атасынан екі елі айырылмайтын болса ғана оның барлық дәулеті соған мұра боп қалатыны көрсетілді.
Маркиз Сен-Меран мен маркиза Сен-Мерандардың мұрагері болып қалған мадемуазель де Вильфор оның үстіне атасының ықыласы түскеннен кейін енді бір-ақ күнде үш жүз мың ливрге жуық жылдық өсімнің иесі боп шыға келетінін базбіреулер алдын ала есептеп те қойған еді.
Ал граф Монте-Кристо болса уәдесінде тұрып граф де Морсерге соғып шыққан-тұғын, сөйтіп, ол кетісімен-ақ, Дангларға өзінің әзір екеніне көзін жеткізу үшін де Морсер салтанатты жағдайда киетін генерал-лейтенанттық мундирін киіп, күллі орденін тақты да, ең жақсы деген ат-көлігін әзір қылуға әмір етті.
Содан Шоссе д'Антен көшесіне келіп, өзінің келіп тұрғанын Дангларға мәлімдеуге бұйырды, ал бұл кезде Данглар өзінің айлық ақша балансын есептеп жатқан.
Соңғы кезде, Данглардың қабағы ашық кезіне тап болу үшін мұндай есеп-қисаппен айналысқан уақытында келмеу керек еді.
Ескі досын көргенде Данглар еңсесін биік ұстап, тәкаппарси қалды да, креслода тіктеп отырды.
Ал табиғатынан барынша паң Морсер бұл жолы ақжарқын, жылы шырайлы болуға тырысты. Өзінің ұсынысын қуана хош аларына әжептәуір сенімді келген Морсер сыпайысып жатпай салғаннан істің жайына көшті.
— Мен сізге келдім, барон, — деді ол. — Сіз бен біз баяғыда ұйғарған шаруаның саудасын пісіре алмай жүрміз әлі...
Көптен бері хабарсыз кеткеніме дүрдараз боп қабақ шытып отыр екен деп ойлаған Морсер осы сөзімнен кейін Данглар жайнап сала берер деп күткен; бірақ бір ғажабы, қайта керісінше, үй иесі селт етпестен бұрынғыдан бетер тұнжырай түскені.
Морсердің сөзінің аяғын жұтып қойғаны да содан болатын.
— Қандай шаруа, граф? — деп сұрады банкир, әңгіменің не жайлы болып отырғанын ұқпағансып.
— Керемет педантсыз-ау, қымбатты барон, — деді граф — Рәсім-жоралғының бәрі түгел орындалуға тиіс екенін айтуды ұмытып кеткен екем. Жарайды, айыпқа бұйырмассыз. Менде өзі бар-жоғы бір-ақ ұл ғой және оны бірінші рет үйлендіргелі отырмын, демек бұл шаруа мен үшін мүлде тың іс, мақұл, мен көндім.
Шарасыз жымиған Морсер орнынан тұрып, Дангларға иіліп тағзым етті де былай деді:
— Барон, менің ұлым, виконт де Морсер үшін сіздің қызыңыз мадемуазель Эжени Дангларға құда түскелі келіп отырмын мен.
Бұл сөзімді құп алар деп ойлауға Морсердің құқы бар еді. Бірақ Данглар түксиген қалпы; тіпті, графқа қайта отырыңыз деп ілтипат та білдірместен:
— Сізге мұның жауабын беру үшін менің қабырғаммен кеңесуім шарт, граф, — деді.
— Қабырғаммен кеңесуім керек! — деп жақтырмай қалды таң-тамаша болған Морсер. — Немене, ойлануға уақытыңыз болмап па еді? Екі баланы қосайық деп біз алғаш әңгіме еткелі арада аттай сегіз жыл өтті ғой.
— Құдайдың құтты күні бір шаруаның құлағы қылтиып тұрады емес пе, граф, — деп жауап қайырды Данглар, — соның салдарынан бұрын кесіп-пішіп қойған нәрсені де өзгертуге мәжбүр болады жұрт.
— Бұл не деген сөз? — деп қынжылды Морсер. — Сізді ұқпай тұрмын, барон!
— Менің айтайын дегенім, сударь, міне, екі апта болып қалды, басқа бір жағдай кимелеп кетіп...
— Кешірерсіз, — деді Морсер, — бұлай түлкі бұлаңға салудың қажеті не бізге?
— Қайдағы түлкі бұлаң?
— Ашығын айталық та.
— Қалауыңыз білсін.
— Сіз граф Монте-Кристоны көрдіңіз бе?
— Мен оны жиі көріп тұрамын, — деді Данглар мардымсып, — біз дос-жар адамдармыз.
— Онымен бір кездескеніңізде осы некеге байланысты менің бейғамдығыма, тартыншақтай беретініме таңырқайтыныңызды тілге тиек еткен екенсіз де.
— Дұп-дұрыс айтасыз.
— Ендеше, өзіңіз көріп отырсыз, менің тарапымнан ешқандай бейғамдық та, тартыншақтық та жоқ, қайта керісінше, берген уәдеңізді орындар деген үмітпен келіп отырмын мен.
Данглар бұған жұмған аузын ашпады.
— Бәлки, одан бері айнып қалған шығарсыз, — деп үстеді Морсер, — иә болмаса, бұл жолы менің намысыма тию үшін шақыртқан шығарсыз?
Егер Морсер бұл қалпымен тереңдей берсе, істің аяғы насырға шабарын Данглар ұға қойды.
— Граф, — деді ол, — менің ұстамды қалпымды көріп таңырқауға толық құқыңыз бар, сізді бек жақсы түсініп тұрмын. Сенер болсаңыз, бұған өзім де қатты қынжылып тұрған жайым бар, бірақ мойын ұсынбасқа лажым болмай қалғаны.
— Мұның бәрі әшейін сылтау ғой, сударь, — деп көнер болмады граф, — кім білсін, менің орнымда басқа біреу болса мұны қанағат тұтуы да кәдік; алайда, граф де Морсер — көлденең көк атты емес қой. Егер ол бір адамға Морсер басымен келіп, берген уағдасын есіне салады екен, ал әлгі адам сертінде тұрмаса, Морсердің ең болмағанда оның себебін талап етуге қақысы бар.
Данглар сужүрек болатын, бірақ онысын сездірмеуге тырысатын; Морсердің сөз төркіні оның шамына тиіп кетті.
— Әрине, оның себебін түсіндіруге болады ғой, — деп сырғақсытты ол.
— Сонда не демексіз?
— Менің айтпағым — себебі болғанымен де оны түсіндіріп жату оңай шаруа емес.
— Сөйтсе де, — деді Морсер, — сіздің мына тиіп-қашты сөзіңізге көңілім көншімейтінін өзіңіз де мойындарсыз; қалай дегенмен біздің құдандалы болмаққа байласқан уағдамыздан тайқып кеткеніңізге көзім жетіп тұр.
— Олай емес, сударь, — деп жауап қатты Данглар, — мен бар болғаны бұрынғы шешімді кейінге шегеріп тұрмын.
— Әйтсе де, айтқаныңызға көніп, айдағаныңызға жүpiп, қашан рақымы түсер екен деп сарылып сарғая күтіп отыра береді екен деп ойламайтын шығарсыз мені?
— Олай болған жағдайда, граф, тосуға жайыңыз келмесе, біздің жоспарымызды жүзеге аспады деп есептелік.
Шадыр мінез, кекірт граф бұрқ ете қала жаздап, ернін тістеп қыршып алды; дәл бұл тұста тек өзінің ғана жұртқа күлкі боларын бірден ұқты ол. Есікке қарай беттей беріп, кенет ол ойынан айнып, ізінше қайтып оралды.
Жүзі кіреукеленіп, шамданып тұлан тұтқан графтың өңінен енді әлденеге беймазаланғаны байқалады.
— Тыңдаңызшы, қымбатты Данглар, — деді ол, — сіз бен біз таныс болғалы не заман, сондықтан да бір-бірімізбен ептеп санасқанымыз жөн болар. Сізден мұның мәнісін түсіндіргеніңізді қалар едім. Менің ұлыма деген ықыласыңызды өзгерткен қандай пәле екенін білуім керек қой ең болмағанда.
— Мұның тура виконттың жеке басына ешқандай қатысы жоқ, міне, менің бар айтпағым осы, — деп жауап қайырды, Морсердің кәдімгідей келеге кеп қалғанын көрген Данглар кәдуескі бетпақтығына басып.
— Сонда кімге қатысы бар? — деді өңі қашып, даусы жарықшақтана шыққан Морсер.
Морсердің көңілі қобалжығанын қапысыз қадағалаған Данглар оған бұрынғыдан бетер қоқилана қарады.
— Оны нақты айтпағаныма рақмет айтарсың әлі, — деді ол.
Қанша шыдап бақса да, ашуға булыққан Морсер қалшылдап кетті.
— Менің бұған толық хақым бар, — деді ол, зорға шыдап, — сондықтан да маған бәрін түсіндіруіңізді талап етемін. Мүмкін, де Морсер ханымға деген әлдеқандай бір өкпе-назыңыз бар шығар? Мүмкін, мені дәулеті шағын, терезесі тең емес дейтін боларсыз? Мүмкін, сізбен көзқарасым сәйкес келмес?
— Ол да емес, ол да емес, ол да емес, — деді Данглар, — өзім уағда бергенде оның бәрін білгендіктен менің тарапымнан мұным кешірілмес кінә болған болар еді. Қазбалап қайтесіз. Сіздің көңіліңізге бұлай қобалжу салғаныма өзім де опық жеп отырмын. Маған салсаңыз, осы әңгімені доғаралық. Сөйтіп, ортақ бір мәмілеге келелік: ат құйрығын кесіспелік те, мойнымызға ешқандай міндет алмай-ақ та қоялық. Асығып қайтеміз? Менің қызым он жетіде, сіздің ұлыңыз жиырма бірде. Тоса тұралық. Уақыт өте келе, бүгін біз үшін бұлдыр дүние ертең айдан анық көрінуі ықтимал; кейде ең жексұрын жаланың да бір-ақ күнде сыры ашылып қалатыны бар.
— Жала дейсіз бе? — деп ышқына сөйледі, өңі шөлмектей құп-қу Морсер. — Демек, маған жала жапқан ғой?
— Тағы да қайталаймын, граф, менен ешқандай түсінік талап етпеңіз.
— Сөйтіп, сударь, сіздің дегеніңізге тек үн-түнсіз көне беруім керек пе сонда?
— Бұл, әсіресе, менің арқама аяздай батып тұр, сударь. Иә, бұл жағдай сізден гөрі маған ауыр тиері кәміл, өйткені сізбен туыс боп кетермін деген дәмем бар еді: ал бұзылған некенің қырсығы күйеуден гөрі қалыңдыққа көбірек тиеді қашанда.
— Жарайды, сударь, бұл әңгімені доғарсақ доғарайық, — деді Морсер.
Сонсоң биялайын ашына жұмарлаған қалпы кетіп отырды.
«Берген уәдеңізді қайтып алып отырған себебіңіздің менің жеке басыма қатысы жоқ па?» деген сауалды Морсердің қоюына батылы бармады-ау деп Данглар бір түйіп қойды іштей.
Кешкісін ол достарымен ұзақ кеңесті; қонақ бөлмеде бикештердің жанынан айналып-үйіріліп бір шықпай қойған Кавальканти бұл үйден елдің ең соңынан кетті.
Ертесіне, ояна салысымен, Данглар газеттерді алдыртты; газеттер қолына тиісімен, басқасын жылы жауып қойып, бірден «Әділет даусы» газетін қолға алды.
Бұл газеттің редакторы Бошан болатын.
Данглар бандерольді алас-қапас жыртып ашып, дереу газетті алдына жайып салды, бас мақаладан селқос аттап өтіп, хроникаға жеткенде: «Бізге Янинадан хабарлайды» деп басталатын мақаланы айызы қанып, күлімсіреген күйі бастан-аяқ оқып шықты.
— Қатып кетті, — деді ол оқып болған соң, — міне, полковник Фернан туралы шағын мақала, осының өзі граф де Морсерге бажайлап бәрін түсіндіріп жатудан мені құтқарса керек-ті.
Дәл осы кезде, нақтырақ айтсақ, таңғы сағат тоғызда, барлық түймесін ұқыптап салған, қара киінген Альбер де Морсер өң жоқ, түс жоқ, өз-өзінен қапылып Елисей Далаңындағы үйге кеп жеткен болатын.
— Граф жарты сағат бұрын шығып кеткен, — деді есікші.
— Батистенді ертіп кетті ме? — деп сұрады Морсер.
— Жоқ, виконт мырза.
— Батистенді шақырыңызшы, сөйлесетін шаруам бар еді.
Есікші шығып кетті де, сәлден соң камердинерді ертіп қайтып оралды.
— Достым, — деді Альбер, — қазымыр екен деп айыпқа бұйыра көрмеңіз, дегенмен де, граф шынымен үйде жоқ па екен, соны тура өзіңізден сұрап білейін деген едім.
— Жоқ, сударь, — деп жауап қайырды Батистен.
— Тіпті, мен үшін де жоқ па?
— Сізді графтың әрқашанда қуана хош алатынын білем, сол себепті де сізді басқалармен қатар қоюға ешқашан да батылым бармас еді.
— Оныңыз рас; бір маңызды шаруаға байланысты көргім келіп еді. Қашан келер екен?
— Көп кешіге қоймас: сәскелікті сағат онға дайын болсын деген.
— Бәрекелде, ендеше мен Елисей Далаңымен біраз сейілдеп, сағат онда осында қайтып келейін. Егер граф менен бұрын келсе, күте тұруды өтінді дерсіз.
— Құп болады, сударь.
Жалдап мініп келген кабриолетін граф үйінің қақпасы жанында қалдырып, Альбер жаяу серуендеп кетті.
Жесірлер Аллеясының тұсынан өте бергенде, Госсе тирінің қасында тұрған күйме оған графтікі сияқты көрінген соң, келіп делбешіден сұрастырып анықтап біліп алды.
— Граф тирде ме? — деп сұрады одан Морсер.
— Иә, — деп жауап қайырды делбеші.
Айтқанындай-ақ, тирге таяй бергенде Альбер атылған мылтық даусын естіді.
Барып тирге кірді. Алдынан қызметші ұшырасты.
— Виконт мырза, кешірерсіз, — деді қызметші, — сәл тоса тұрсаңыз қайтеді?
— Неге, Филипп? — деп сұрады Альбер; тирге ылғи келіп жүретін жігіт бұған кәдімгідей таңырқап қалды.
— Өйткені, қазір жаттығып жатқан адам күллі тирді бір өзі жалдап алған; жұрт көзінше мылтық атпайды.
— Тіпті, сіздің көзіңізше де атпай ма, Филипп?
— Көріп тұрсыз ғой, сударь.
— Ал, пистолеттерін кім оқтап береді?
— Қызметшісі бар.
— Нубилық па?
— Негр.
— Солай деңіз.
— Мырзаны танушы ма едіңіз?
— Досым ғой, іздеп келіп ем.
— Онда әңгіме басқа. Барып айтайын.
Сөйтіп, әуестік жеңген Филипп тирге кіріп кетті. Іле-шала есік ашылып, шығып келе жатқан Монте-Кристо көрінді.
— Сізді өкшелей қуып келгенімді айыпқа бұйыра көрмеңіз, қымбатты граф, — деді Альбер. — Алдымен сізге айтайын дегенім, бұл жерде қызметшілеріңіздің ешқандай кінәсі жоқ; қоярда-қоймай ізіңізден қалмай жүрген мына мен. Сізде болып едім, серуендеп шығып кетті, сағат онда таңғы тамаққа оралады десті. Сонсоң мен де онға дейін сейілдей тұрайын деп шығып ем, ойламаған жерден күймеңізді көріп қалғаным.
— Сөз саптасыңызға қарағанда менімен таңғы асты бірге ішіп, дәмдес болады екен деп қуанып тұрғаным.
— Рақмет, қазір таңғы ас ішіп отыратындай жағдайым болмай тұрғаны; бәлки, кейінірек дастарқан басында жолығармыз да, бірақ онда келеңсіз адамдардың ортасында болуымызға тура кеп қалатын түрі бар!
— Не деп тұрғаныңызды түсінсем бұйырмасын.
— Қымбатты граф, бүгін дуэльге шықпақшы едім.
— Сіз бе? Неге?
— Шайқасу үшін шығам да, әлбетте!
— Оны түсініп тұрмын ғой, Бірақ не үшін сонда? Жекпе-жекке шығудың әртүрлі себебі бар емес пе?
— Арыма дақ салды.
— Ендеше, оның жөні басқа.
— Істің насырға шапқаны сондай, сізден бір жәрдем сұрай келіп тұрғаным.
— Қандай жәрдем?
— Менің секундантым болсаңыз.
— Бұл ойнайтын нәрсе емес; мұнда ыңғайсыз болар, бұл әңгімені үйге барып сөйлесейік. Әли, су берші.
Граф жеңін түрініп, тирге келетіндер қол жуатын шағын бөлмеге қарай өтті.
— Кіріңіз, виконт, — деп сыбыр ете қалды Филипп, — жақсыны көрмек керек.
Морсер ішке енді. Қабырғадағы тақтаға нысана ғып ойын карталары жапсырылған екен. Алыстан қарағанда Морсерге тұздан ондыққа дейін бір колода түгел жапсырылғандай көрінді.
— Пикет ойнаушы ма едіңіз? — деп сұрады Альбер.
— Жоқ, — деп жауап қайырды граф, — жай, колоданы түгендегенім ғой.
— Колоданы?
— Иә. Мыналар тұздар мен екіліктер ғой. Көрдіңіз бе, оқпен атып олардан үштіктер, бестіктер, жетіліктер, сегіздіктер, ондықтар жасап шығарғанымды.
Альбер жақындап барып көрді.
Шынында да карталарда суреті жоқ, бірақ болуға тиісті белгілердің тұсына оқтар дәл тиіп отырған екен де, алыстан қарағанда сол белгілерді оқпен салып шыққандай әсер қалдырады екен.
Тақтаға таяған Альбер сол тұстан жазатайым ұшып бара жатып графтың оғына іліккен үш қарлығашты жерден іліп алды.
— Тәйір алсын! — деді ол дауыстап.
— Амал қайсы, қымбатты виконт, — деді Монто-Кристо, Әли ұсынған сүлгіге қолын сүртіп жатып, — қолдың бос кезінде әйтеуір бірдеңені ермек қылу керек қой. Жарайды, жүрелік, мен әзірмін.
Сонсоң екеуі Монте-Кристоның күймесіне отырып, сәлден кейін №30 үйдің қақпасының алдына кеп тоқтады.
Монте-Кристо Морсерді өзінің кабинетіне ертіп кеп, креслоға отыруын өтінді. Екеуі де креслоға жайғасты.
— Ал енді байыптап әңгімелеселік, — деді граф.
— Көріп отырсыз ғой, бұған мүлде абыржып отырған мен жоқпын.
— Кіммен жекпе-жекке шықпақсыз?
— Бошанмен.
— Өзіңіздің досыңызбен бе?
— Жекпе-жекке адам достарымен де шығады.
— Бірақ оның бір себебі болуы керек қой.
— Себебі бар.
— Оның жазығы не?
— Кеше кешкісін оның газетінде... Онан да, өзіңіз оқып шығыңыз.
Альбер ұсынған газеттегі хабарды Монте-Кристо оқып шықты:
«Бізге Янинадан хабарлайды:
«Осы уақытқа шейін ешкім білмейтін, яки болмаса көпшілікке ешкім жария қылмаған факт бізге мағлұм болып отыр: қаланы қорғап тұрған қамалдарды ашып берген түріктерге сатылған бір француз офицері болып шықты, ол уәзір Әли-Тебелиннің ең сенімді адамы боп жүрген Фернан деген офицер екен».
— Онда не тұр? — деп сауал қойды Монте-Кристо. — Сіздің намысыңызға тиетіндей мұнда тұрған не бар?
— Мұнда тұрған не барыңыз қалай?
— Янина қамалдарын Фернан деген офицердің опасыздықпен ашып бергенінің сізге қандай қатысы бар?
— Қатысы болатын себебі, менің әкемнің, граф де Морсердің есімі — Фернан.
— Қалайша, сонда сіздің әкеңіз Әли пашаға қызмет еткен бе?
— Ол Грецияның тәуелсіздігі жолында айқасқан адам: ал мынау жабылған жала ғой.
— Тыңдаңызшы, қымбатты виконт, әуелі ақылға салып пайымдалық та.
— Еркіңіз білсін.
— Маған мынаны айтыңызшы, офицер Фернан мен граф де Морсердің бір адам екенін қазір Францияда кім біліп жатыр және, егер қателеспесем, бір мың сегіз жүз жиырма екінші, яки болмаса мың сегіз жүз жиырма үшінші жылы құлаған Янинаның бүгінде кімге қажеті бар?
— Зимияндығы да сонда ғой; қаншама жыл үн-түнсіз келіп, енді баяғыда өтіп кеткенді бықсытып, улатып-шулатып, лауазымы биік адамның атына кір келтірмек қой бар мақсаты. Мен әке мұрагері болғандықтан, оның атына шық жуыта алмаймын. Әлгі хабарды газетіне басқан Бошанға секунданттарымды жібермекпін, тек сонда ғана ол жала жапқанын мойындаса керек.
— Бошан оған бара қоймас.
— Олай болса, атысамын.
— Жоқ, сіз атыспайтын боласыз, өйткені оның грек армиясында бір емес, елу Фернан болуы ықтимал деп дәлелдеуі кәміл.
— Бәрібір жекпе-жекке шығамыз. Мұны аяқсыз қалдыра алмаймын... Өйткені, менің әкем өз атын даңққа бөлеген жаужүрек жауынгер...
— Не болмаса ол газетіне: «Бұл Фернанның граф де Морсер адасына ешқандай қатысы жоқ деуімізге толық дәлеліміз бар» деп жаза салуы кәдік.
— Мен үшін оның дұрыстап, ақиқат мойындағаны керек; мұндайын місе тұтпаймын мен!
— Сөйтіп, оған секунданттарыңызды жібермексіз бе?
— Иә.
— Оныңыз бекер.
— Яғни айтқанда, сіздің өтінішіңізді орындай алмаймын демексіз ғой?
— Дуэльге менің көзқарасымды өзіңіз де білесіз ғой; бұл жөнінде сізге Римде айтқаным есіңізде ме?
— Сөйте тұра, бүгінгі өз көзіммен көрген жағдай, тирде жаттыққаныңызды айтам, сіздің бұл көзқарасыңызға онша сәйкес келмесе керек.
— Қымбатты достым, ешқашанда елден ерекше болудың қажеті жоқ. Егер өңкей есуастардың ортасында өмір сүреді екенсіз, онда өзіңіздің де әумесер боп үйренгеніңіз абзал; Бошан екеуіңіздің дауыңыздан асып түспесе кем түспейтін желеу тауып, менімен шатақтасуға даяр тұратын жарымес аяқ аттап басқан сайын ұшырасуы мүмкін; сосын қалайда бір ілік тауып, мені жекпе-жекке шақырары кәміл, иә болмаса секунданттарын жіберуі ықтимал, тіпті болмағанда көпшіліктің көзінше балағаттап кетуі кәдік; әрине, ондай әңгүдікті шарасыздан өз қолыммен өлтіруге тура келеді.
— Басқаша айтқанда, өзіңіз үшін дуэльдің мүмкіндігін жоққа шығармайсыз ғой, тегі?
— Әлбетте!
— Ендеше, маған дуэльге неге шықпа дейсіз?
— Жалпы жекпе-жекке шықпаңыз деуден аулақпын, әрине; тек менің айтпағым, дуэль дегеніңіз ойыншық емес, бәрін де алдын ала ақылға салып сараптаған жөн.
— Сонда қалай, менің әкеме тіл тигізгенде Бошан ақылға салып пайымдады деп ойлайсыз ба?
— Ойланбай іс қылып және онысын мойындар болса, сіздің оған кек сақтайтын ретіңіз жоқ.
— Қымбатты граф, сіз тым кешірімшіл екенсіз!
— Ал сіз тым қатыгез екенсіз. Мысал үшін... естіп отырсыз ба, мысал үшін... Тек менің айтқан сөзіме шамданып қалып жүрмеңіз.
— Құлағым сізде.
— Мысал үшін, газеттегі факт рас болған екен делік...
— Әңгіме әкенің ар-намысы жайлы болғанда ұлы ешқандай бопсаға жол бермесе керек.
— Біздің заманымызда көп нәрсеге жол ашық қой.
— Сонысымен жексұрын да.
— Сонда сіз заманды тезге салмақсыз ба?
— Маған қатысы бар жерін жөндемекпін.
— Сіздің мұндай регорист екеніңізді білмеуші едім.
— Құдай солай жаратқан.
— Сөйтіп, ешқандай ақыл-кеңеске құлақ аспайды екенсіз ғой?
— Егер досымның айтқан ақылы болса құп алам.
— Мені досым деп есептейсіз бе?
— Әрине.
— Ендеше, Бошанға секунданттарыңызды жібермес бұрын әуелі мәселені анықтап алыңыз.
— Кімнен?
— Ең болмағанда Гайдеден сұрап біліңіз.
— Бұл мәселеге әйел затын араластырмақпын ба сонда? Ол маған не айта қойғандай?
— Әкесінің жеңіліске ұшырап, опат болуына сіздің әкеңіздің ешқандай кінәсі жоғын куәландыруы мүмкін, мәселен; жә болмаса ғайыптан тайып, әкеңіздің бұған қатысы бола қалған күнде де, мән-жайын түсіндіріп бере алады ғой, әйтеуір.
— Қымбатты граф, жаңа айттым ғой, мен мұндай болжалға жол бере ал-маймын деп.
— Демек, мұндай амалдан бас тартқаныңыз ғой?
— Бас тартамын.
— Үзілді-кесілді ме?
— Айтқаным — айтқан!
— Олай болса, сізге берер соңғы кеңесім бар.
— Жарайды, бірақ соңғысы болсын.
— Әлде, тыңдауға құлқыңыз жоқ па?
— Жоға, қайта өзім тілеп отырмын ғой.
— Ендеше Бошанға секунданттарыңызды жібермеңіз.
— Неге?
— Оған өзіңіз барыңыз.
— Бұл тіпті ақылға сыймайтын нәрсе ғой.
— Себебі, бұл шаруаның жөні бөлек.
— Оған менің өзім барғанымды неліктен жөн көріп отырсыз?
— Өйткені, сонда ғана бұл әңгімені Бошан екеуіңізден басқа еш пенде білмейтін болады.
— Мұныңызды түсінбей отырмын.
— Түсінбейтін түгі жоқ: егер Бошан кінәсін мойындайтындай болса, сіз бәрін де оның өз еркіне саласыз, сөйтiп, бәрібір түзету бергізесіз. Ал Бошан көнбеген жағдайда бұл құпия сырды бөгде екі адамға айтуға үлгересіз.
— Бөгде дос — ертең жау.
— Қойыңызшы!
— Е, Бошан ше?
— Сонымен...
— Сонымен, абай болыңыз.
— Сөйтіп, сіз менің Бошанға өзімнің барғанымды жөн дейсіз бе?
— Иә.
— Жалғыз өзім бе?
— Жалғыз барыңыз. Егерде қарсыласыңыздың шамына тимейін десеңіз, оны көлденең көзден сақтай білгеніңіз мақұл.
— Бұл сөзіңіздің жаны бар сияқты.
— Кеңесіме құлақ асқаныңызға дән ризамын.
— Ендеше өзім барайын.
— Сөйтіңіз, бірақ абзалы, жалпы бармағаныңыз.
— Ол мүмкін емес.
— Қалауыңыз білсін, сөйтсе де алғашқы ойыңыздан қайтқаныңыз ақыл болды.
— Ал қанша сақтық жасап, амалдап баққанмен, түптің түбінде дуэль болмай қоймайтын жаққа шықса, сіз менің секундантым боласыз ба?
— Қымбатты виконт, — деді Монте-Кристо байыппен, — сіздің қызметіңізден аянып қалмайтыныма бір мәрте көзіңіздің жеткені бар еді, бірақ бұл сапар буынсыз жерге пышақ ұрып тұрсыз.
— Қалайша?
— Бәлки, кейінірек өзіңіз де біле жатарсыз.
— Ал оған шейін ше?
— Оған шейін бұл сырды тісімнен шығармауға кеңшілік етсеңіз.
— Жарайды. Ендеше Франц пен Шато-Реноға қолқа салайын.
— Бәрекелде, Франц пен Шато-Реноға барыңыз.
— Ал, алда-жалда жекпе-жекке шығар болсам, семсерлесу мен пистолеттен атуға мені үйретуден қашпайтын шығарсыз?
— Жоқ, бұған да келісім бере алмаймын.
— Қандай қызық адамсыз өзіңіз! Демек, тегі ештеңеге араласқыңыз жоқ қой?
— Оныңыз рас.
— Олай болса, бұл әңгімені осымен доғаралық. Сау болыңыз, граф.
— Сау болыңыз, виконт.
Қалпағын алып, Альбер бөлмеден шығып кетті.
Қақпа алдында оны кабриолет күтіп тұрған; ашуын әзер дегенде басып Альбер Бошанға өзі барып жолықпақ болды; Бошан редакцияда еді.
Альбер редакцияға келді. Бошан ыс басқан қараңғы кабинетте отырған болатын, тегінде редакция үйі қашаннан сондай боп келеді және болашақта да сол қалпынан өзгермесі кәміл.
Оған Альбер де Морсер келді деп хабарлады. Өз құлағына өзі сенбеген Бошан қайталап сұрады; Альбердің есімін екінші мәрте естігеннен кейін де сеніңкіремей:
— Кіріңіз! — деп айғай салды.
Альбер кабинетке енді.
Кіріп келген досын көргенде Бошан жағасын ұстады.
Бума-бума қағаздардан аттап, кабинеттің сырлы еденінде жайрап жатқан үлкенді-кішілі әртүрлі газеттерден Альбер әзер дегенде әупіріммен өтті.
— Бері қарай, бермен келіңіз, қымбаттым, — деді Бошан Альберге қолын созып, — сізді қай құдай айдап келген? Кішкентай балаға ұқсап адасып келгеннен саумысыз, әлде менімен бірге таңғы ас ішпек ойыңыз бар ма? Өзіңізге орындық іздеп тауып алыңыз; әне, қазотының жанында біреуі тұр, әйтеуір, осы гүлді көргенде газеттен басқа да дүние бар екен-ау деген ойға келемін.
— Өзім де сол газетіңізге байланысты шаруам боп келіп едім, — деді Альбер.
— Сіз бе? Ол не шаруа?
— Түзету беруіңізді талап еткелі келдім.
— Түзету дейсіз бе? Нені? Ау, отырсаңызшы!
— Рақмет, — деді Альбер тағы да басын сәл изеп.
— Түсіндірсеңізші жөндеп?
— Біздің семья мүшелерінің біреуінің намысына тиетін бір хабарыңыздың жалған екенін жарияласаңыз екен.
— О не дегеніңіз! — деді таң-тамаша болған Бошан. — Қандай хабар ол? Олай болуы мүмкін емес!
— Янинадан алған хабарыңызды айтам.
— Янинадан.
— Иә. Менің не жайлы айтып тұрғанымды шынымен ұқпадыңыз ба?
— Түк түсінсем бұйырмасын... Батист, кешегі газетті берші, — деп айғайлады Бошан.
— Керегі жоқ, менде бар.
Бошан газеттегі:
«Бізге Янинадан хабарлайды» — деп басталатын шағын хабарды бастан-аяқ оқып шықты.
— Мұның қаншалықты қиын мәселе екенін енді өзіңіз де аңғарған шығарсыз, — деді Морсер, Бошан әлгі хабарды оқып болған соң.
— Бұл офицер сізге туысқан ба еді? — деп аң-таң болды журналист.
— Иә, — деп жауап қайырған Альбер қызарып кетті.
— Сонда маған қайт дейсіз? — деді Бошан жуасып.
— Маған керегі, Бошан, сіздің өз газетіңізде әлгі хабардың жалған екенін растауыңыз ғана.
Бошан Альберге жылы ұшырап, байыптай қарап қалды.
— Әуелі ақылдасайықшы, — деді ол, — өйткені, берілген материалды жалған деп хабарлау оңай нәрсе емес. Отырыңызшы, әлгі хабарды мен тағы бір оқып шығайын.
Альбер отырған соң, Бошан досының шамына тиген жолдарды қайтадан қадағалай оқып шықты.
— Өзіңіз де көріп отырсыз, — деді Альбер қаттырақ кетіп, — сіздің газетіңіз біздің үйдің адамына тіл тигізіп отыр, менің түзету беруді талап етуім де сондықтан.
— Сіз... талап етесіз бе...
— Иә, талап етемін.
— Қымбатты виконт, сізге нашар дипломат екеніңізді айтуға рұқсат етіңіз.
— Дипломат болу ойыма да кіріп-шыққан емес, — деп қарсылық білдірді Альбер орнынан тұрып жатып. — Әлгі хабарға түзету беруді талап етемін және солай болады да. Сіз менің досымсыз, — деп сабақтады сөзін Альбер, Бошанның дереу басын кегжитіп алғанын көріп нығарлай сөйлеп, — мені бір адамдай біледі деген сенімдемін, сол себепті соншалық таусыла сөйлегенімді сіз ұғуға тиіссіз.
— Рас, сіздің досыңызбын, Морсер. Егер дәл бұлай доқ көрсететін болсаңыз оны ұмытуым да ғажап емес... Әлі де кеш емес, қайтеміз сол бет жыртысып... Сіз шамданып, шиыршық атып тұрсыз... Онан да маған Фернанның сізге қандай туыс екенін айтыңызшы?
— Ол — менің әкем, — деді Альбер. — Фернан Мондего, граф де Морсер — қарт сарбаз, жиырма рет майданға кipген адам, енді оған жала жауып, күйе жақпақ.
— Сіздің әкеңіз бе? — деді Бошан. — Е, ендеше әңгіме басқа, онда қапа болатын жөніңіз бар, қымбатты Альбер... Тағы бір мәрте оқиықшы өзін...
Бошан бұл жолы әр сөзін салмақтап газеттегі хабарды тағы бір рет оқып шықты.
— Бұл Фернанның сіздің әкеңіз екені жөнінде мұның қай жерінде жазылған? — деп сұрады Бошан.
— Еш жерде жазылмаған, оны біліп отырмын; бірақ жұрт көреді ғой. Менің түзету беруді талап етіп келіп отырған себебім де содан.
Талап етем дегенді естігенде Бошан Альберге тіктеп қарады да, іле-шала назарын төмен салып, сәл ойланып қалды.
— Түзету бересіз бе, жоқ па? — деп қайталады Альбер бойын кернеп бара жатқан ашуды әзер дегенде тежеп.
— Беремін, — деді Бошан.
— Е, құдайға шүкір! — деді Альбер.
— Онда да бұл хабардың жалған екеніне көзім жеткен соң барып беремін.
— Қалайша!
— Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді деп білемін және оның ақ-қарасын қалайда анықтаймын мен.
— Мұның зерттейтін несі бар, сударь? — деді Альбер, терісіне сыймай. — Егер де әңгіменің менің әкем туралы болып отырғанына шәк келтіретін болсаңыз бұлтармай ашығын айтыңыз; ал әкем жайлы екеніне сенеді екенсіз, онда талабымды қанағаттандырыңыз.
Бошан қашанғы дағдысынша Альберге жымия қарады, мұндайда оның не жақтырып отырғанын, не жақтырмай отырғанын айырып болмайтын.
— Сударь, егер де сіз осылай сөйлесуді қолай көрсеңіз, — деп қитыға сөйледі Бошан, — талабыңызды қанағаттандыру үшін ғана келген болсаңыз, менімен достық жайлы сөйлесіп, басқа да көр-жерді әңгіме қылып, жарты сағат бойы шыдамымды тауысқанша, бірден осыдан бастауыңыз керек еді ғой. Өзіңіз осылай сөйлесуді қалайсыз ғой, тегі?
— Егер де әлгі пасық жаладан құтқармасаңыз солай болғаны!
— Сәл сабыр етіңіз! Маған дөңайбат көрсетпеуіңізді өтінемін, Фернан де Мондего виконт де Морсер мырза, дұшпаным тұрмақ досымның сөзін басымнан асырып көрген емен. Ант-су ішуге даярмын, бұған менің қылдай қиянатым жоқ еді, бірақ сіз сонда да әлгі Фернан туралы хабарға түзету бер деп болмай отырсыз ғой, солай ма?
— Иә, мен осыны талап етіп отырмын! — деді Альбер ашуын ірке алмай.
— Әйтпесе, дуэльге шығасыз ба? — деп сөзін соза түсті Бошан сол самарқау қалпы.
— Иә! — деп қойып қалды Альбер, зірк етіп.
— Ендеше, марқабатты мырза, менің сізге берер жауабым мынадай болмақ, — деді Бошан, — бұл хабарды басқан мен емес едім, ол жөнінде мүлде бейхабар болатынмын. Алайда, сіз өзіңіз оған менің назарымды аудардыңыз, енді бұл мағлұмат мені қызықтырып отыр! Сол себепті, білетін адамдар мұның анық-толығына көзімізді жеткізгенше әліптің артын баға тұрамыз.
— Сонымен, марқабатты мырза, — деді Альбер орнынан көтеріліп, — қайтып барған соң, секунданттарымды жіберемін; сіз олармен жекпе-жекке қай жерде қалай көрінетініңізді, қандай қаруды қалайтыныңызды ақылдаса жатарсыз.
— Өте жақсы, марқабатты мырза.
— Сөйтіп, құп көрсеңіз, бүгін кешке, не болмаса, әрі кеткенде ертең кездесетін шығармыз.
— Жо-жоқ, жоқ! Мен жекпе-жектің уақыты келгенде ғана шығамын, ал менің ойымша (дуэльге сіз шақырғаннан кейін өз пікірімді айтуға менің қақым бар) оған әлі ерте. Сіздің сайысқа шебер екеніңізді білем, менің өзім де біршамаға жарап қалармын; сіздің алты мәрте сілтегенде үш рет нысанаға дөп тиеріңіз маған аян, мен де сол шамаға жуықтаймын; сіз бен біздің дуэліміз деген бұл үлкен шаруа, өйткені сіз ержүрек адамсыз, сондай-ақ мен де... қоянжүрек емеспін. Сондықтан да, жеткілікті себебі болмай тұрып, сізді өлтіруге де немесе сіздің қолыңыздан өлуге де ешқандан құлқым жоқ. Енді өз тарапымнан және үзілді-кссілді сауал қоймақпын. Әлгінде айтқан уәжіме қарамастан, және тағы қайталап, арымның алдында ант етін айтайын сізге: бұл мақала туралы мен мүлде бейхабар адаммын, ал Фернан деген есімді оқығанда оның граф де Морсер екені дәп мына сіздей әпенді болмаса басқа тірі пенденің қаперіне де келмесі хақ, иә тіпті осымен де санаспастан, түзету бермесем, мені өлтіруге шынымен әзірсіз бе?
— Әлбетте, мен дегенімнен қайта алмаймын.
— Жарайды, ендеше, марқабатты мырза, бір-бірімізбен қырықпышақ болып қырылысуға мен әзірмін, бірақ бұған шейін маған үш апта мұрсатана керек. Үш аптадан кейін мен сізге: «Бұл — жалған мәлімет», — деймін де газетке сол туралы хабар беремін; не болмаса: «Бұл — ақиқат» деймін де, өзіңіздің қалауыңыз бойынша, қынабынан семсерімізді суырамыз, яки жәшіктен пистолет аламыз.
— Үш апта! — деп зіркілдеді Альбер, — үш апта емес, мені абыройдан айыратын үш бірдей мәңгілік қой бұл!
— Егер біз дос күйімізде қалғанда мен, сабыр сақта, достым, деген болар едім; ал сіз маған қас боп шыққаннан кейін, онда менің шаруам қанша, марқабатты мырза, демекпін.
— Жарайды, үш апта болса болсын, — деді Альбер. — Бірақ есіңізде сақтаңыз, үш аптадан кейін ешқандай мұрсатана деген болмайды, амалдап құтылып кететіндей ешқандай желеу дегенді қоятын боласыз...
— Альбер де Морсер мырза, — деді Бошан да орнынан көтеріліп, — үш апта мерзім өтпей тұрып мен де сізді терезеден атып жібере алмаймын, сол сияқты сіздің де мені іліп-шалуға құқыңыз жоқ. Бүгін жиырма тоғызыншы август; демек, бұл жиырма бірінші сентябрьге дейін деген сөз. Ал әзірше, және бұл сөзімді джентельменнің кеңесі деп білгейсіз, — шынжырлаулы тұрған екі ит құсап бір-бірімізге атылмағанымыз абзал.
Соны айтып, Бошан Альберге салқын бас изеп, теріс бұрылды да, баспахана жаққа кетті.
Жолында жайрап жатқан бума-бума газеттерді сәнді таяғымен әрлі-берлі осқылап Альбер өшін содан алғандай болды; сосын баспахана жаққа әлденеше рет қарап, кабинеттен шығып кетті.
Ешқандай жазығы жоқ газеттерді сабалаған Альбер енді өзінің кабриолетінің алғы таянышын таяғымен төпелеген күйі бульвардан өтіп бара жатқанда басын тік ұстап, екі көзі жалт-жалт етіп, ширақ басқан қалпы қытай моншаларының жанымен Мадлен шіркеуіне қарай беттеген Моррельді көзі шалып қалғаны.
— Міне, бақытты адам! — деді Альбер күрсініп.
Бұл жолы ол қателеспеген болатын.
II. ЛИМОНАД
Моррель, шынында да өте бақытты еді.
Нуартье қария әлгінде оны шақыруға кісі жіберген болатын; бұл шақырыстың себебін білуге құмартып, көңілі алып-ұшқан жігіт жалдаған тұғырдың тұяғынан гөрі өз аяғына сеніп, тіпті кабриолет те алған жоқ; Сент-Оноре предместьесіне қарай аяғы-аяғына жұқпай келе жатыр.
Моррельдің ширақ адымдағаны соншалық, Барруа байғұс соңынан әзер ілесіп келеді. Моррель отыз бір жаста, ал Барруа алпыста-тұғын. Моррель махаббатқа мас болатын, Барруа болса әрі ыстықтап, әрі шөлдеп қаталап келеді. Мақсат-мүддесі де, жас мөлшері де бір-бірінен алшақ осынау екі адам табаны екі жаққа бөліп тұрған, тек ұшар басында ғана бір-ақ тоғысатын үш бұрыштың екі қабырғасы іспетті еді.
Үш бұрыштың ұшар басы тез барып Моррельді ертіп кел деп Барруаны жұмсаған Нуартье болатын, оның сөзін екі қылмай екі өкпесін қолына ала жүгірген Максимилиан қызметші шалды қансорпа қылды. Махаббат сезімі қанат бітірген Моррель Нуартьенің бөлмесіне келіп кіргенде, керек десе, ентіккен де жоқ еді, ал сүйіспеншілік дегенді баяғыда ұмытқан Барруаның ақ тер, көк тері шыққан болатын.
Қызметші шал Моррельді бізге белгілі оңаша есік арқылы ертіп кірді де, кабинеттің есігін ішінен бекітіп қойды, көп ұзамай естілген сусылдаған көйлек сыбдыры Валентинаның келгенінің куәсі еді.
Қара киінгенінің өзі де Валентинаға құп жарасып, ажарын ашып тұрған-ды.
Өң мен түстің арасында тұрғандай болған Моррель тіпті Нуартьемен сұқбаттаспаса да дән ризатұғын; бірақ сәлден соң паркетпен сырғыған жылжымалы креслоның дыбысы естілді де, іле-шала қария көрінді.
Валентина екеуі әбден күдер үзіп, дағдарған кезде қарияның өзі араласып, құтқарып қалғаны үшін алғысын жаудырған Моррельдің сөзін Нуартье жылы шыраймен тыңдады. Содан кейін өзі айтуға мәжбүр сөз кезегін жүрексіне тосып, шеткерірек отырған Валентинаға Моррель жаутаңдай қарап қалды.
Нуартье енді Валентинаға назар аударды.
— Маған айт деген сөзіңізді айтайын ба? — деп сұрады қыз.
— Иә, — деп ымдады Нуартье.
— Моррель мырза, — деді сонда барып Валентина, өзін көзімен ішіп-жеп отырған Максимилианға қарап, — соңғы үш күннің ішінде атам сізге айтпақ болған әңгімесінің біразын маған түсіндіріп еді. Сізді шақыртқандағы ойы соны маған айтқызбақ болатын. Маған тілмәш болуды жүктеп отыр, сөйтіп мен атамның айтқанын сізге сөзбе-сөз жеткізбекпін.
— Соны естігенше өзім де асықпын, — деп жауап қайырды Моррель, — айта беріңіз, өтінемін сізден.
Валентина назарын төмен салды, мұны Моррель жақсылыққа жорыды: өйткені, Валентина өзін шын бақытты сезінгенде ғана осылай әлсіздік білдіретін.
— Атай бұл үйден қоныс аудармақшы, — деді қыз. — Барруа қазір үй қарастырып жүр.
— Ал, сіз ше, — деді Моррель, — Нуартье мырза Сізді жанындай жақсы көреді емес пе және ол сізсіз тұра алмайды ғой?
— Мен атамнан айырылмаймын, — деп жауап қайырды Валентина, — бұл шешілген мәселе. Бірге тұратын боламын. Егер Вильфор мырза келісімін берсе, бірден кетемін. Ал қарсы болса, кәмелетке толғанша, он ай тоса тұрамын. Сол он айдан кейін өз еркім өзімде әрі тәуелсіз боламын, сөйтіп...
— Сөйтіп? — деп іле қайталады Моррель.
— ...сөйтіп, атамның келісімі бойынша, сізге берген уәдемнен шығамын.
Соңғы сөздерді Валентинаның естілер-естілмес қылып жай айтқаны соншалық, аузынан шыққан әр сөзін қадағалап отырмаса, Моррельдің естімей қалуы да мүмкін еді.
— Ата, сіздің айтайын деген ойыңызды толық жеткізе алдым ба? — деп үстеді Валентина Нуартье мырзаға қарай бұрылып.
— Иә, — деп көзімен ишара білдірді қария.
— Кейін, атаммен бірге тұрғанда, — деп қосты тағы да Валентина, — мейірімді, қадірмен қамқоршымның қасынан Моррель мырза келіп мені көріп тұруына кеңшілік болмақ. Егер біздің бейкүнә жүрегімізді жалғап тұрған нәзік сезім тінін қамқоршымыз қолдап, қоштағандай болса, мұндай сыннан кейін біздің болашақ бақытымызға сол іңкәр сезім ұйтқы бола алса, (қиындықта жалындаған жүректер арманына қолы жетсе бойкүйез тартады деген сөз және бар!) Моррель мырзаның келіп құда түсуіне рұқсат; мен күтемін.
— Мұншалық бақытқа ие болардай менің не қадірім өтіпті? — деп тебіренді Моррель тәңірінің алдында тұрғандай қарияға да, періштенің алдында тұрғандай Валентинаға да тізе бүгіп, тәжім етуге даяр қалпы.
— Ал оған шейін, — деп сөзін жалғастырды Валентина сыңғырлаған даусымен нақпа-нақтай сөйлеп, — егер тек бізді айыруға күш салып жүрмесе, қалайда менің ата-анамның дегенінен шықпайтын боламыз. Сонымен, тағы қайталап айтамын, өйткені, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы, біз әліптің артын бағамыз.
— Және осы бір ауыз сөз үшін, — деді Моррель қарияға мойын бұрып, — қандай құрбандыққа да қуана-қуана тайсалмай баратыныма серт берем.
— Сондықтан да, достым, — деп сөзін сабақтаған Валентина өзіне жалт қарағанда Максимилианның жүрегі шым ете қалды, — көзсіз ерлікті қоялық. Енді бүгінгі күннен бастап сіздің есіміңізді лайықты дәрежеде алып жүруге жаралғанмын деп санайтын жанның атына кір келтірмеуге тиіс боласыз.
Моррель қолымен жүрегін басты.
Нуартье оларға елжірей қарады. Барлық сырға қанық Барруа бұлардың қасында тұрып, жалтыр маңдайынан шып-шып шыққан моншақ терін сүртіп жатып жымиып қойды.
— Байғұс Барруаның ақ тер, көк тері шыққан екен, — деді Валентина.
— Оныңыз рас, мадемуазель, — деді Барруа, — өкпем өшкенше жүгірдім емес пе; ал Моррель мырза болса, обалы не керек, менен де жылдамырақ жүгірді.
Нуартье көзімен лимонад құйылған графин мен стақан подносты мегзеді. Графин жартылай бос еді, осыдан жарым сағат бұрын Нуартьенің өзі лимонад ішкен болатын.
— Ішіңіз, Барруа, — деді Валентина, — лимонад ішкіңіз келгенін көзіңізден байқап тұрмын.
— Шынымды айтар болсам, — деп жауап қайырды Барруа, — қаталап өлгелі тұрмын, сіздің денсаулығыңыз үшін бір стақанын тартып жіберейін.
— Іше қойыңыз, ендеше, — деді Валентина, — сосын ізіңше қайтып кел.
Подносты алып коридорға шыққан Барруаның Валентина құйған бір стақан лимонадты шалқайып тұрып тартып жібергенін жартылай ашық тұрған есіктің саңылауынан жұрттың бәрі көрді.
Валентина мен Моррель Нуартьенің көз алдында қоштасып бола бергенде, Вильфордың бөлмесіне баратын баспалдақ жақтан қоңырау үні естілді.
Валентина қабырғадағы сағатқа қарады.
— Түс боп қапты, — деді ол, — бүгін күн сенбі ғой; ата, бұл келген, тегінде, дәрігер болса керек.
Нуартье өзі де солай ойлайтынын білдіріп, белгі берді.
— Ол қазір осында келеді; Моррель мырзаның тегі, кеткені жөн шығар, ата, солай ма?
— Иә, — деп емеурін білдірді қария.
— Барруа! — деп шақырды Валентина, — Барруа, бері келіңіз!
— Келе жатырмын, мадемуазель, — деген даусы естілді қызметші шалдың.
— Барруа сізді есікке дейін ұзатып салады, — деді Валентина Моррельге. — ал офицер мырза, біздің бақытымызға нұқсан келетіндей енді ешқандай ағаттық жасамасын деп атам сізге ақыл айтып отыр, осыны жадыңыздан шығармауыңызды өтінемін.
— Мен күтемін деп уағда берем, — деді Моррель, — уағда берген соң күтемін де.
Осы кезде Барруа келді.
— Кім қоңырау қаққан? — деп сұрады Валентина.
— Дәрігер д'Авриньи, — деді Барруа шайқалақтап.
— Сізге не болған? — деді Валентина.
Шал ешқандай жауап қатқан жоқ; қожайынына үргелектене қарап, құлап кетпес үшін қалтыраған қолымен қармана берді.
— Құлағалы тұр ғой! — деді шошынған Моррель.
Шынында да, Барруа қарадан қарап тұрып бұрынғыдан бетер қалтырап-дірілдей бастады; талма ауруы ұстағандан түрі бұзылып кетті.
Барруаның жаны қысылғанын көрген Нуартье оған жаны ашып, жан-жағына жалтақтай көз тастады.
Барруа қожайынына бір қадым аттап таяй берді.
— Тәңірім-ай, тәңірім-ай, — дей берді ол, — маған не болған? Көзім қарауытып... ауырсынып тұрмын. Басым күйіп-жанып барады. Тиісе көрмеңіздер маған, тиіспеңіздер!
Көзі алақ-жұлақ етіп, шарасынан шығып бара жатқандай болды, басы шалқалақтап, тұла бойы қалшылдап қалтырай берді.
Зәре-иманы ұшқан Валентина шыңғырып жіберді; әлдеқандай бір төнген қауіп-қатерден арашалағандай Моррель оны қапсыра құшақтай алды.
— Д'Авриньи мырза, д'Авриньи мырза! —деп айғайлағанда Валентинаның даусы қарлыға шықты. — Мұнда, мұнда келіңіз, жәрдем бере көріңіз!
Барруа тұрған орнында бұрылып, бір адым кейін шегіне берді де, шатқаяқтап барып, Нуартьенің тізесін құшқан күйі сылқ етіп құлап түсті.
— Мырза! Мейірбан мырзам! — деп ышқына дауыстады ол.
Осы кезде айғай-шуды естіп, бері қарай келе жатқан Вильфор көрінді.
Мұны көрген Моррель есі кіресілі-шығасылы Валентинаны дереу қоя беріп, бөлменің түкпіріне қарай тура атылды да ауыр перденің артына барып тығылды.
Өңі құп-қу шүберектей болып, жан тәсілім жатқан Барруаға алдынан жылан шыға келген адамдай Максимилиан шошына қарап тұрды.
Тынышы кетіп, тықыршып, Нуартье қатты күйзелді. Малайы емес, досындай жақын көретін бишара шалға қайтсе де көмек бермек боп жаны қалмай отыр. Өлім мен өмірдің арасында жанталасқан сорлыға мешел қарияның қабырғасы қайысқаны өңінен-ақ көрініп тұр: шеке тамырлары шодырайып, көзінің айналасындағы әлі де тіршілік нышаны бар бұлшық еті түйіле қалды.
Бет-аузы жыбыр-жыбыр етіп, көзіне қан толып, басы шалқалақтаған Барруа Нуартьенің аяғын құшқан күйі еденде жатыр, оның тастай боп тартылып қалған аяғы бүгілудің орнына шарт сынатын тәрізді.
Аузынан ақ көбігі ақтарылып, тынысы тарыла бастады.
Табалдырықтан аттасымен-ақ назары ауған осынау сұмдық көріністен көз алмаған Вильфор мелшиіп тұрып қалған.
Моррельді көрген ол жоқ.
Үн-түнсіз тұрып қалған Вильфордың өңі қуқыл тартты.
— Дәрігер! Дәрігер! — деді ол бір уақытта жан даусы шығып есікке қарай тұра ұмтылып. — Мұнда келіңіз! Тезірек!
— Сударыня! — деп өгей шешесін шақырды Валентина баспалдақтың қанатына жармаса беріп. — Бері келіңіз! Тезірек жетіңіз! Иіскейтін тұзыңызды ала келіңіз!
— Не боп қалды? — деді де Вильфор ханым сыздана салқын тіл қатып.
— Бері келіңіз, мұнда келіңіз!
— Дәрігер қайда әлгі? — деп айғайға басты Вильфор.
Де Вильфор ханым аяғын санап басып, басқышпен төмен түсіп келе жатты; тақтай баспалдақтардың сықырлағанына шейін айқын естіліп тұрды. Ханым бір қолындағы қол орамалымен бетін сүртіп келеді, екінші қолында иіскейтін тұз салынған шишасы бар.
Есік көзіне тақай беріп де Вильфор ханым әуелі Нуартьеге көз тастады, мынадай жағдайға байланысты өңінен қатты толқығаны сезіліп тұрғаны болмаса, қария сап-сау, тың көрінді; содан кейін барып ханым өлім халінде жатқан Барруаға қарады.
Өңі сұп-сұр боп кеткен де Вильфор ханымның көзі лезде малай шалдан тайқып кетті де, қайтадан атасына ауды.
— Құдай үшін, сударыня, дәрігер қайда? — деп қайталады Вильфор тағы да. — Сізге кетіп еді ғой. Апоплексия екенін өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, егер қан құйсақ, аман алып қалуға болады әлі.
— Жағымсыз бірдеңе жеген жоқ па екен? — деп сұрады де Вильфор ханым тура жауаптан тайқып.
— Таңертең тамақ ішкен жоқ болатын, — деді Валентина, — атам оны бір асығыс шаруамен жұмсап жіберген-ді. Өзі әбден титықтап келіп, бір стақан лимонад ішкені әлгінде ғана.
— Шарап неге ішпеген? — деді де Вильфор ханым. — Лимонад өте зиян ғой.
— Лимонад осы жерде, атамның графинінде тұрған. Шөлден қаталап келген бишара Барруа әзір тұрған соң іше салған ғой.
Де Вильфор ханым селк ете қалды. Нуартье оған қашанғы әдетінше зер сала қарады.
— Өзінің мойны қысқа екен! — деді ханым.
— Сударыня, — деді Вильфор, — мен сізден д'Авриньи қайда деп сұрaп тұрмын ғой! Құдай үшін, жауап беріңізші!
— Ол Эдуардты қарап жатыр; баланың сырқаттанып қалғаны, — деді де Вильфор ханым жауап беруден енді жалтарудың жөнін таппай.
Вильфор дәрігерді ертіп келмек боп, сатымен тұра жүгірді.
— Алыңыз, — деді де Вильфор ханым Валентинаға шишаны беріп жатып, — оған, тегі, қан құятын болар. Мен өз бөлмеме кеттім, қанды көруге дәтім шыдамайды.
Соны айтып ол да күйеуінің соңынан кетті.
Моррель барып тығылған қараңғы бұрыштан шығып еді, абыр-сабыр болып жатқан жұрт оны елеген де жоқ.
— Тезірек кетіңіз, Максимилиан, — деді оған Валентина, — және мен шақырмай келуші болмаңыз. Барыңыз.
Моррель ымдап Нуартьемен ақылдасты. Барынша сабыр сақтап, сыр бермей отырған Нуартье оған мақұлдаған емеурін білдірді.
Валентинаның қолын жүрек тұсына басып қоштасқан Максимилиан бүйірдегі дәлізбен ақырын шығып кетті.
Осы кезде қарама-қарсы жақтағы есіктен Вильфор мен дәрігер кіріп келе жатыр еді.
Барруа сәл-пәл есін жияйын деген: соқпасы басылған шал енді ыңқылды үдетіп, бір тізерлеп көтеріліп отырды.
Д'Авриньи мен Вильфор Барруаны көтеріп апарып қол арбаға жатқызды.
— Не қажет, дәрігер? — деп сұрады Вильфор.
— Су мен эфир әкелсін. Үйде эфир табыла ма?
— Иә, бар.
— Ендеше тез барып скипидар майы мен құстыратын дәрі әкелсін.
— Тез әкеліңдер! — деп бұйырды Вильфор.
— Ал енді бөлмені босатыңыздар.
— Мен де шығуым керек пе? — деп жасқана сұрады Валентина.
— Иә, мадемуазель, алдымен сіз шығыңыз, — деді дәрігер қатқыл үнмен.
Валентина д'Авриньиге таңырқай қарады да, атасының маңдайынан бір сүйіп, бөлмеден шығып кетті.
Тұнжыраған дәрігер оның соңынан есікті өзі барып жапты.
— Ана қараңыз, дәрігер, көрдіңіз бе, есі кіріп келеді; әшейін талып қалған екен.
Д'Авриньи томсырая жымиды.
— Қалайсыз, Барруа? — деп сұрады дәрігер.
— Аздап тәуірмін, сударь.
— Эфир қосқан су ішуге шамаңыз келе ме?
— Ішіп көрейін, бірақ маған жолай көрмеңіз.
— Неге?
— Саусағыңыздың ұшы сәл тиіп кетсе болды, демде талып қалатын сияқтымын.
— Ендеше, ішіп көріңіз.
Барруа стақанды көкпеңбек ерніне апарды да, жартылай ішіп салды.
— Қай жеріңіз ауырады? — деді дәрігер.
— Ауырмайтын жерім жоқ; тұла бойым құрысып-тырысып әкетіп барады.
— Басыңыз айнала ма?
— Иә.
— Құлағыңыз шулай ма?
— Шулағанда сұмдық.
— Қашаннан бері шулайды?
— Осы әлгінде ғана.
— Бірден бе?
— Күн күркірегендей болды.
— Кеше қалай едіңіз? Ал бұрнағы күні ше?
— Сап-сау болатынмын.
— Ұйқыңыз келмей ме? Асқазаныңыз көтертпей тұрған жоқ па?
— Жоқ.
— Бүгін не жеп едіңіз?
— Таң атқалы нәр сызған жоқпын; бар болғаны Нуартье мырзаның графинінен бір стақан лимонад іштім.
Соны айтып Барруа креслосында қыбыр етпестен мелшиіп отырған қалпы айналасындағылардың әрбір қимылын, әрбір сөзін қапысыз қадағалап отырған Нуартьеге қарап басын изеп қойды.
— Ол лимонад қайда? — деді дереу дәрігер.
— Төменде, графинде.
— Қайдағы төменде?
— Ас бөлмеде.
— Барып алып келейін бе, дәрігер? — деп сұрады Вилфор.
— Жоқ, ешқайда кетпеңіз, ауру стақандағы эфир қосқан суды түгел ішетін болсын, соны қадағаларсыз.
— Лимонад ше?
— Оған өзім барам.
Д'Авриньи есікке қарай тұра ұмтылды да, қосалқы басқышпен жанталаса жүгірген бойы жолшыбай де Вильфор ханымды қағып құлатып кете жаздады, ол да ас бөлмеге бара жатқан-тұғын.
Ханымның жан даусы шықты.
Оған назар аударған д'Авриньи жоқ; әй-шайға қарамастан, соңғы басқыштардан бір-ақ ырғып, ас бөлмеге қойып кетті, кіре сала көргені ширек мөлшерінде ішінде лимонады бар поднос үстінде тұрған графин болды.
Сол сол-ақ екен жемтігін көрген қыран бүркіттей тарпа бас салды.
Содан ізінше кейін қайтқан дәрігер екі иінінен дем алып бірінші қабатқа көтеріліп, Нуартьенің бөлмесіне қайта кеп кірді.
Бұл кезде де Вильфор ханым жай басып, өз бөлмесіне қарай көтеріліп бара жатқан.
— Мынау сол графин бе? — деп сұрады д'Авриньи.
— Сол графин, дәрігер мырза.
— Мынау сол сіз ішкен лимонадтың қалдығы ма?
— Солай шығар.
— Дәмі қандай еді?
— Кермек болатын.
Дәрігер алақанына бірер тамшы тамызды да, аузына апарып, шараптың дәмін айырғандай тілінің ұшын тигізді де іле-шала каминге түкіріп тастады.
— Сол лимонад екен, — деді ол. — Бұдан сіз де іштіңіз бе, Нуартье мырза?
— Иә, — деп ишарат білдірді қария.
— Сіз ішкенде де кермек татып тұр ма еді?
— Иә.
— Дәрігер мырза, — деп айғай салды Барруа, — тағы да күйдіріп барады! Рақымы мол жаратқан, өзің жар бола гөр!
Дәрігер енді Барруаға көмекке ұмтылды.
— Әлгі құстыратын дәрі қайда, Вильфор?
Вильфор бөлмеден атып шығып аттан салды:
— Әлгі дәрі қайда? Әкелдіңдер ме?
Ешкім жауап қатқан жоқ. Жұрттың бәрінің есі шығып кеткен.
— Егер өкпесіне ауа жібере алсам, бәлки тұншықпас еді, — деді д'Авриньи жан-жағына айналақтап — Шынымен ештеңе жоқ па? Ештеңе жоқ па әлі!
— Дәрігер, — деді Барруа жан даусы шығып, — мені ажалдан арашалап алғайсыз! Өліп барамын, құдай-ай, өлдім ғой!
— Қауырсын! Қауырсын бар ма? — деді дәрігер.
Кенет стол үстінде жатқан қауырсын қаламды көзі шалып қалды.
Соны ала салып жанталасып жатқан Барруаның аузына сұқпақ болып еді, жағы қарысып қалған екен, бұл әрекеттен ештеңе өнбеді.
Алғашқыға қарағанда бұл жолы Барруаның талмасы қатты ұстады. Жан ұшырып қол арбада дөңбекшіген сорлы еденге домалап түсті де, сол қалпы сұлқ жатып қалды.
Оған жәрдем беруге ешқандай дәрмені болмаған соң, дәрігер Нуартьенің қасына келді.
— Халіңіз қалай? — деп сыбыр ете қалды ол. — Тәуірсіз бе?
— Иә.
— Ішіңіз ауырмай ма?
— Жоқ.
— Жексенбі сайын ішіңіз деп берген дәріден кейін тәуірлендіңіз ғой?
— Иә.
— Мына лимонадты дайындап берген кім сізге? Барруа ма?
— Иә.
— Оған лимонад іш деген сіз бе едіңіз?
— Жоқ.
— Де Вильфор мырза ма?
— Жоқ.
— Де Вильфор ханым ба?
— Жоқ.
— Ендеше, Валентина шығар?
— Иә.
Терең күрсініп, есінегенде Барруаның тісі шақыр-шұқыр ете қалғанын байқаған д'Авриньи енді соған жүгірді.
— Барруа, — деді дәрігер, — сөйлеуге шамаңыз келе ме? Барруа әлдене деп жауап қатқан болды.
— Достым, қалайда тырысып көріңіз. Барруа қанталап кеткен көзін ашты.
— Лимонадты дайындаған кім?
— Өзім.
— Оны дайындай салысымен бердіңіз бе қожайыныңызға?
— Жоқ.
— Ендеше қайда қойып едіңіз?
— Буфетте тұрған; мені аяқ астынан шақырып кеткен-тұғын.
— Лимонадты мұнда әкелген кім?
— Мадемуазель Валентина. Д'Авриньи маңдайын бір сипап қойды.
— О, жаратқан! — деп күбірледі ол.
— Дәрігер, дәрігер! — деп дауыстады Барруа, тағы да талмасы ұстағалы жатқанын сезіп.
— Әлгі құстыратын дәріні неге әкелмей жатыр? — деп жанықты дәрігер.
— Мінекей, — деді бөлмеге қайтып келген Вильфор.
— Кім дайындаған?
— Дарушы, өзі менімен еріп бірге келді.
— Ішіңіз.
— Халім жоқ, дәрігер кеш қалдыңыз. Тамағым бітіп, тұншығып барам! Ойбай, жүрегім... басым... Жаным көзіме көрінді-ау! Қашанғы азап шегер екем?
— Жоқ, достым, — деді дәрігер, — енді көп азап шекпессіз.
— Оны біліп жатырмын! — деп дауыстады сорлы шал. — Жаратқан, бір өзің жар бола гөр!
Сонсоң өкіріп-бақырып, құдды төбесінен жай түскендей шалқалай құлады.
Д'Авриньи қолын шалдың жүрегіне басып байқады да, ерніне айнаны тосты.
— Қалай екен? — деп сұрады Вильфор.
— Маған қалай болғанда да тезірек аздаған қоғажай шырынын жеткізсін.
Вильфор дереу ас бөлмеге жөнелді.
— Шошымай-ақ қойыңыз, Нуартье мырза, — деді д'Авриньи, — көрші бөлмеге апарып ауруға қан құямын кәзір; өйтпесе, мұндай талма ұстағанды көрудің өзі бір қиямет.
Сосын Барруаны қолтығынан демеп, әзер дегенде көрші бөлмеге алып кетті де, ізінше Нуартьенің бөлмесіне қайта оралып лимонадтың қалдығын әкетті.
Нуартьенің оң көзі жұмық болатын.
— Валентинаны шақырайық па? Валентинаны көргіңіз келе ме? Қазір сізге шақырып келсін деп әмір етейін.
Вильфор басқышпен қайта көтеріліп келеді екен, д'Авриньи оған дәлізде ұшырасты.
— Сонымен қайтті? — деп сұрады Вильфор.
— Жүріңіз, — деді д'Авриньи.
Сөйтіп, Вильфорды Барруа жатқан бөлмеге ертіп алып барды.
— Әлі есінен танып жатыр ма? — деп сұрады король прокуроры.
— Өліп қалды.
Мұны естіген Вильфор шегіншектей беріп, басын ұстай алды да, өлікке қарап есі қалмай жан даусы шықты:
— Ойпырай, оқыстан өлді-ау!
— Тым оқыс болды, солай емес пе? — деді д'Авриньи. — Дегенмен, сіз бұған таңданбасаңыз керек; Сен-Меран мырза мен Сен-Меран ханым да тап осылай аяқ астынан опат болды ғой. Иә, сіздің үйде адамдар тым тез өле салатын болып тұр, де Вильфор мырза.
— Қалайша! — деп есі шығып шошына дауыстап жіберді король прокуроры. — Сіз баяғы сұмдық болжалыңызды қайта еске алып тұрғаннан саусыз ба?
— Иә, сударь, — деді д'Авриньи қыбы қанып, — және мен оны бір сәт те есімнен шығарған емеспін. Ол ойымның дұрыстығына шүбәланбай көзіңіз жетсін десеңіз менің сөзіме зер салып тыңдауыңызды сұраймын, де Вильфор мырза.
Вильфордың тұла бойы түршігіп кетті.
— Ешқандай жарақат салмай, кісі өлтіретін де удың түрі болады. Мен ондай уды жақсы білемін, оның қалай әсер ететінін, қандай залал келтіретінін де зерттеген едім. Қазір Барруаның сондай умен уланып өлгенін анықтап отырмын, бұрын де Сан-Меран ханым да осындай удан өлген болатын. Адамның дәл осы умен уланғанын айны қатесіз анықтап беретін тәсіл бар. Қандай да болмасын бір қышқылмен қызыл түске боялған лакмус қағазы бұл удың әсерімен қайтадан көк түске енеді, ал қоғажай шырыны жасыл түске боялады. Қазір біздің қолымызда лакмус қағазы жоқ, оның есесіне әне, қоғажай шырынын әкеле жатыр.
Дәлізде әлдекімнің аяқ басқан тықыры естіледі; дәрігер есікті болар-болмас ашты да, қызметші әйелдің қолындағы ішінде екі-үш қасық шырыны бар шишаны алды да, есікті қайтадан қапсыра салды.
— Қарап тұрыңыз, — деді ол жүрегі аттай тулаған король прокурорына, — міне, мына шишаға қоғажай шырыны құйылған, ал мына графинде Нуартье мен Барруаның ішкен лимонадының қалдығы бар. Егер лимонад, алда-жалда қоспасыз таза да зиянсыз болса мына шырынның түрі бұзылмауға тиіс; ал лимонадқа у қосылған болса шырынның түсі жасыл боп өзгеріп кетеді. Енді көріңіз!
Дәрігер асықпай-саспай графиндегі лимонадтан шишаға бірер тамшы лимонад тамызды, сол сол-ақ екен, заматында шишаның түбіндегі шырын лайланып сала берді; әуелі көк ніл түске енді де, іле-шала түссіз мөлдірленіп, оның артынша зүмреттей шым жасылға айналды да, сол күйінше өзгермей қалды.
Мына тәжірибеге шүбә келтіруге болмайтын еді.
— Бишара Барруа жалған ангустурамен, яки болмаса әулие Игнатийдің жаңғағымен уланған екен, — деді д'Авриньи, — енді бұған құдай алдында да, адам алдында ант-су ішуге әзірмін.
Вильфор жұмған аузын ашқан жоқ. Екі қолын көкке жайып, екі көзі шарасынан шыға жаздап, иманы ұшып, креслоға гүрс етіп құлап түсті.
III. АЙЫПТАУ
Д'Авриньи көп ұзамай-ақ осынау құтсыз бөлмедегі екінші өлікке ұқсап, серейіп сұлап түскен король прокурорының есін кіргізіп алды.
— Менің үйім ажал жайлаған үй болды! — деп өксумен болды Вильфор.
— Және қылмыстың ұясы деңіз, — деді дәрігер.
— Дәп қазір қандай халде отырғанымды сізге айтып жеткізуім мүмкін емес, — деп бебеу қақты Вильфор, — иманым ұшып, қабырғам қайысып, есімнен танар түрім бар.
— Солай деңіз, — деді д'Авриньи міз бақпастан, түсін бермеген қалпы, — әйтсе де, енді біздің іске кірісетін уақытымыз жетті; менің байқауымша, шетімізден жалмап келе жатқан ажалға тосқауыл қояр мезгіл болды. Аяққа тапталған заң күшіне еніп, жазықсыз құрбан боп кеткендердің кегі қайтатынына кәміл сенімім болмағандықтан, өз басым бұл құпияны енді сақтап қала алмаймын.
Вильфор бөлменің ішін түнере шолып өтті.
— Менің үйімде болды-ау! — деп күбірледі ол. — Менің үйімде!
— Маған құлақ салыңыз, Вильфор, — деді д'Авриньи, — еркек емессіз бе, бекем болыңыз. Заңды сақтаушы болғандықтан сіздің ар-ұжданыңыз осындай құрбандыққа баруыңызды міндеттейді.
— Не деген сұмдық сөз, дәрігер! Сонда өзімді құрбан етуім керек қой!
— Бар гәп сонда ғой.
— Демек, біреу-міреуде күдігіңіз болғаны да?
— Ешкімнен де күдіктенбеймін. Ажал сіздің есігіңізді қақты, сонсоң ішке кірді, әне үйдің ішін аралап жүр, аралағанда да беталды жүрген жоқ, бәрін де алдын ала ойластырып, кесіп-пішіп қойған — бөлме-бөлмені кезіп жүр, мен оның ізімен өкшелеп, жүрген жолын көріп келемін. Баяғылардың даналығынан айныған емен; қараңғыда қарманып жүргендеймін; өйткені менің сіздің семьяға деген адал достығым мен өз басыңызды құрмет тұтуым менің екі көзімді тарс қып таңып тастаған таңғышпен бара-бар ғой; міне, сөйтіп...
— Айта беріңіз, дәрігер, құлағым сізде.
— Сіздің үйіңізде, бәлки, сіздің семьянызда жүз жылда бір ұшырасатын сұрқияның бірі қоныс тепсе керек, тегі. Локуста33 мен Агриппина бір кезде өмір сүргені рас, бірақ бұл шыған тоғайда бір болатын жағдай, осының өзі небір сұмдық, зұлымдықпен аты шыққан қарабет Рим империясын, құдіреттің өзі қалайда құртпақ болғанына дәлел. Ал Брунгильда34 мен Фредегонда тақсірет тартқанның салдары, дүниеге жаңа келген цивилизация дүлей күштің көмегімен болса да рухты тануға осылай қам қылған. Бұл әйелдердің бәрі де һәм жас, һәм көрікті болған. Олар да осы үйдегі қылмыскер тәрізді әу баста бейкүнә, пәк боп жаралған.
Ышқына дауыстаған Вильфор қолын құшырлана уқалап, дәрігерге өлеусірей қарап қалды.
Бұған міз бақпастан дәрігер сөзін соза түсті:
— Қылмыс кімге пайдалы болса, соны ізде деген заң ғылымының бір аксиомасы бар.
— Дәрігер! — деп шыр-пыр болды Вильфор. — Осынау қырсық қағиданы ұстанамын деп адамзаттың әділ соты қанша мәрте жаңылысып жаза басты! Әрине, әрине маған танық нәрсе, алайда, менің аңдауымша, бұл қылмыс...
— Демек, сіз бұл жерде қылмыс болып отырғанын мойындайсыз ғой?
— Әлбетте, мойындаймын. Мойындамасқа не шара? Бірақ ойымдағыны айтып шығуға мұрсатана беріңіз. Қалай десеңіз де, осынау қылмыстың ең басты құрбаны өзім екенімді ішім сезеді. Беймағлұм таяп келе жатқандай көрінеді.
— Адам баласы, — деп күбірледі д'Авриньи, — тірі мақұлық атаулының ішіндегі ең өзімшілі, кеудесінде жаны барлардың ішіндегі ең менмені. Мынау күн көзінің тек өзі үшін сәуле шашып тұрғанына, жердің де тек өзі үшін айналатынына, ажалдың да тек өзіне ғана қауіп төндіретініне оның сенімі кәміл. Шөптің басына өрмелеп шығып құдайын қорғаған құмырсқа дерсің құдды! Ал құрбан боп кеткендер ше? Маркиз де Сен-Меран, Нуартье мырза...
— Қалайша? Нуартье мырза дегеніңіз қалай?
— Қалай болсын! Немесе, сіз сонда сорлы малай шалды өлтірмек болды деп ойлайсыз ба? Жоқ, ол шал Шекспирдің Полонийі35 сияқты қосақ арасында бос өліп кетті. Көздегені Нуартье ғой, лимонадты ішуге тиіс адам сол болатын. Нуартье оны ішті де; ал бишара Барруа болса оны байқамай ішіп қалды; өлер Барруа өліп кетті ғой, Бірақ өлуге тиіс адам Нуартье мырза-тұғын.
— Ендеше әкей неғып өлмей қалды?
— Оның себебін мен сізге де Сен-Меран ханым опат болған күні кешкісін бақ ішінде айтып түсіндіргенмін. Оның өлмей қалғаны — Нуартье мырзаның бұл уға еті өліп кеткен. Оған әсер етпейтін мөлшердегі у басқа адамды өмірем қатырады. Қысқасы, жер бетінде тірі пенде баласы, тіпті, кісі өлтіргіш қаскүнем де менің Нуартье мырзаны бір жыл бойы бруцинмен емдеп жүргенімді білмейді, бірақ ол бруциннің сұмдық күшті у екенін бек жақсы біледі, оған тәжірибе жүзінде де көзі жеткені рас.
— О жаратқан! — деп күбірлеп Вильфор қолын уқалай берді.
— Енді қылмыскердің істеген әрекетін еске алып көрелік. Ол әуелі маркизді өлтірді.
— Дәрігер!
— Солай екеніне ант-су ішуге әзірмін. Маркиздің қалай өлгені жайлы естіген әңгімем өз көзіммен көрген өлімге айны-қатесіз ұқсайды.
Вильфор енді сөз таластырып жатпады. Тек аһылап-үһілей берді.
— Әуелі маркизді өлтірді, — деп нықтай түсті дәрігер, — сосын маркизаны өлтірді. Сөйтіп, бір емес, екі бірдей мұраға ие болатын болды.
Вильфор маңдайынан сорғалаған терді сүртіп қойды.
— Жақсылап тыңдап алыңыз.
— Бір сөзіңізді қағыс жібергем жоқ, — деп сыбырлады Вильфор.
— Нуартье мырза, — деп сабақтады сөзін д'Авриньи сшқандай мәймөңкесіз, — өзінің өсиет хатында бар дәулетін жарлы-жақыбайларға мирас қылап қалдырды да, сізді және сіздің семьяңызды мақрұм қалдырды. Енді одан түсер түк пайда жоқ еді. Бірақ бір жолға оны аяп қалды, тиіскен жоқ. Бірақ бірінші өсиет хатын құртып, жаңадан екіншісін жазуы мұң екен, кісі өлтіргіш сұм, тегі, бұл шал тағы үшіншісін жазып жүрер деп қауіптенсе керек, дереу Нуартье мырзаға у берді. Егер мен жаңылыспасам, екінші өсиетхат бұрнағы күні жазылса керек. Өзіңіз де көріп отырсыз, ол қапысын жіберген жоқ.
— Аясаңыз етті мені, д'Авриньи!
— Ешқандай аяугершілік болмақ емес, сударь. Дәрігердің қасиетті парызы ешқашан да оны бұлтартпайды, оның тіршілік берген өмір бастауының сырына да үңілетіні, өлімнің тымырсық тылсымын да зерттейтіні сондықтан. Жасалар қылмыс жасалған екен, қылмыскерді көрген тәңірінің өзі шошып теріс айналған кезде, міне, қанішер деп көрсету дәрігердің борышы.
— Қызымды аяй гөріңіз! — деп сыбырлады Вильфор.
— Мұны да, мінекей, сіз, әкесі, өзіңіз атап отырсыз!
— Валентинаны аясаңыз кетті! Жоқ, бұлай болу мүмкін емес! Онан да өзімді өзім айыптағаным жеңіл маған! Валентина деген тұрған бойы саф алтын, бейкүнә періштенің өзі!
— Ешқандай аяушылық болатын жөні жоқ, король прокуроры мырза! Бәрі де соқырға таяқ ұстатқандай: маркиз де Сен-Меранға жіберген дәріні буып-түйген де мадемуазель де Вильфордың өзі болатын, іле-шала маркиз опат болды.
Мадемуазель де Вильфор маркиза де Сен-Меранға сусын дайындап беріп еді; маркиза да көп ұзамай өліп тынды.
Күнде ертеңгісін Нуартье мырза түгел ішіп қоятын графиндегі лимонадты Барруаның қолынан алған да мадемуазель де Вильфор, тек құдай сақтап қарияның өлмей қалғанын айтыңыз.
Мадемуазель де Вильфор — әне, қылмыскер де у беруші де соның өзі! Король прокуроры мырза, мен мадемуазель де Вильфорды қылмыскер деп айыптаймын, енді сіз өз міндетіңізді атқаратын болыңыз!
— Дәрігер, сізбен таласып, өзімді ақтап тұрған мен жоқ, сенемін сізге, әйтсе де, мені масқара қылмаңыз, мені жұртқа күлкі ете көрмеңіз!
— Вильфор мырза, — деп сөзін сабақтады дәрігер бұрынғыдан бетер өршеленіп. — Рас, кейде болмашы шарттылықпен санасумен бас тартатын жағдай да болады. Егерде сіздің қызыңыз тек бір қылмыс жасаумен ғана шектелсе, онда енді екінші рет тағы да қылмыс жасауы ықтимал деп ойлап, мен сізге қызыңызды сақтандырыңыз, өзіңіз жазалаңыз, көз жасын төгіп, жаратқан тәңірге мінәжат қылып, қалған ғұмырын монастырьлардың бірінде өткізетін болсын деп ақыл-кеңес берген болар едім. Егерде ол екінші мәрте қылмыс жасаған болса, мен сізге, бері қараныз, Вильфор, міне у, мұны қайтаратын у жоқ, жай түскендей демде жайратып салады, мұны ішкен адам табан астында тіл тартпай кетеді; қызыңызға осы уды беріңіз де, шыбын жанын жаббар иенің бір өзіне тапсырып, арыңызға дақ түсірмей сақтап қалыңыз, жақыныңызды жаһаннамға жібермей тұрғанда өміріңізді арашалап алыңыз деген болар едім! Зымиян күлкісімен, жылы сөйлеп, мысықтабандап сізге таяп келе жатқанын әлден-ақ көріп тұрмын! Оны бірінші боп өз қолыңызбен көзін жоймасаңыз күніңіз қараң! Егерде қызыңыз тек екі адамның ғана қанын мойнына жүктеген болса, мен сізге осылай дер едім! Бірақ ол үш адамның жан тәсілім қылғанын көрді, үш адамның үзіліп бара жатқанын көзімен көріп тұрды. Үш өліктің алдында тізе бүгіп, мінәжат қылды. Мұндай у беріп, кісі өлтіруді әдет қылған адамды дереу жендеттің қолына табыс ету керек! Сіз ар-ұжданы жайлы сөз қозғадыңыз әлгінде; менің осы айтқанымды екі қылмай орындасаңыз, атыңыз айдай әлемге жайылмақ!
Вильфор тізерлеп отыра кетті.
— Сіздің жігер-ырқыңыз менде қайдан болсын, — деді ол, — бірақ та, әңгіме өз қызыңыз жайлы болса сізді де көріп алған болар едім.
Д'Авриньи бозарып кетті.
— Дәрігер, анадан туған соң-ақ басы жұмыр пенде баласына бейнет кешпек хақ, өлім хақ; мен не де болса азап пен тозаққа төзіп, дәм таусылар сағатымды күтіп алам.
— Абай болғайсыз, — деді д'Авриньи, — оны ұзақ тосып қалуыңыз кәдік; тек көз алдыңызда әкеңіз, жұбайыңыз, бәлки, ұлыңыз опат болғаннан кейін барып сіз үшін ажал сағаты соқпасына кім кепіл.
Деміккен Вильфор дәрігердің қолына жармасты.
— Аясаңызшы мені, — деп жік-жапар болды ол, — қол ұшын берсеңізші... Жо-жоқ, менің қызымның зәредей жазығы жоқ... Бізді тура соттың алдына алып барыңыз, мен соның өзіне де: жоқ, қызым кінәлі емес деп айта аламын! Менің үйімде ешқандай қылмыс жасалған жоқ... Естіп тұрсыздар ма, мен өз үйімде қылмыс болғанын әсте қаламаймын... Өйткені, үйде қылмыс жасалды деген сөз — ол да бір, жеті ағайынды жұт та бір. Құлақ асыңыз маған да бір, мені кім өлтірсе де сізге бәрібір емес пе?.. Немене, маған дос па едіңіз сондай-ақ? Сіз де адамсыз ба? Немене, сізде де жүрек бар ма? Жоқ, сіз дәрігерсіз! Miнe, сондықтан да сізге айтарым мынау: жоқ, қызымды жендеттің қолына тапсыра алмаймын мен!.. Осы ой менің жанымды жегідей жеп бара жатқан, соны ойлағанда жынды кісіше, өзіме өзім қол сала жаздаймын! Ал сіз қателескен болсаңыз ше, дәрігер? Егер ол менің қызым емес, басқа біреу болып шықса ше? Егерде күндердің күнінде аруаққа ұқсап құп-қу болып сізге жетіп келіп: «Қанішер, менің қызымды өлтірген мына сен!» десем қалай болмақ?! Егер солай болып шықса... мен адал христианмын, д'Авриньи... онда өзімді өзім өлтірерім хақ.
— Жарайды, — деді дәрігер біраз ойланып барып. — Мен тоса тұрайын онда.
Вильфор оған шүбәлана қарады.
— Бірақ тегінде — деп сөзін әрман созды д'Авриньи нақпа-нақтап, — егерде үйіңізде біреу-міреу басы ауырып, балтыры сыздар болса, яки өзіңіз талма ауруға душар болсаңыз мені шақырта кісі жібермеңіз, бәрібір келмеймін. Бұл сұмдық сырды тісімнен шығармауға мен бақилымын, бірақ та сіздің үйді жайлаған қаскүнемдік пен қасірет-қайғыдан өзегімді өкініш өртеп, опық жеп, ұяттап безгеннен сақтасын да мені.
— Сіз мені жалғыз тастап барасыз ба, дәрігер?
— Иә, өйткені, екеуіміздің жолымыз екі айырылды, сізге еріп эшафоттың жанына барып қалыппын. Бұл сұмдық енді қайталанар болса қабағат қасірет сонымен тынбақ. Хош болыңыз!
— Дәрігер, жалынып тұрмын ғой сізге!
— Мұндағы көрген-білгенім ой-санамды түгел харамдап бітті мұқым. Сіздің үйіңіз дегенде аза бойым қаза тұрады. Хош болыңыз, сударь!
— Бір ауыз сөз, дәрігер, енді бір-ақ ауыз сөз айтайыншы! Сіз мені жарым көңіл күйімде жалғыз тастап бара жатырсыз және әлгі сөзіңізден кейін жаным бұрынғыдан бетер құлазып қалды. Сұмдық-ай, сорлы Барруаның оқыс опат болғанын жұрт неге жорымақ енді?
— Оныңыз рас, — деді д'Авриньи, — ендеше мені шығарып салыңыз.
Дәрігер бөлмеден алдымен шықты, Вильфор болса оның соңынан еріп келеді; естері шығып елеңдескен қызметші, малайлар дәрігер өтетін жолда — дәлізде, басқыштарда иіріліп, ұйлығып тұр екен.
— Сударь, — деді д'Авриньи Вильфорға өзгелер еститіндей ғып даусын көтере сөйлеп. — Барруа байғұс соңғы жылдары тым салбөкселеніп кетіп еді ғой; өмір-бақи қожайынымен бірге салт жүріп, не күймемен күллі Европаны шарлап сапарлап үйренген адамға сал боп креслода отырып қалған ауруды күту діңкелетіп біткен екен. Өзі қысқа мойын етжеңді кісі де, қимылсыз отыра берген соң бойына қаны тарамайтын бопты да, соның зардабынан кеп апаплексия соққан, мені тым кеш шақыртқан екенсіздер. Айтпақшы, — деп сыбырлады ол тағы да, — қоғажай шырынын пешке төге салуды ұмытпағайсыз.
Сонсоң дәрігер ләм-лим деместен, Вильфорға қол беріп те қоштаспастан, малайлар егіле жас төгіп азан-қазан боп шуласқан үйден шықты да жүре берді.
Сол күннің кешінде Вильфор үйінің күллі жалшы, малайлары ас бөлмеге жиылып, өзара ақылдасып алған соң, бізді біржола босатыңыз деген тілек айтпақ боп, де Вильфор ханымға барды топырласып. Қаншама үгіттеп бақса да, тіпті, жалақыларыңызды көбейтейік деп сылап-сииаса да мүлде көнер болмады.
— Бұл ажал жайлаған үйден алыс жүргіміз келеді — десіп, азарда-безер болды бәрі.
Сөйтіп, қаншама жалынып-жалпайғанға қарамастан, әрине, сіздердей мейірбан қожайындарды, әсіресе, ақкөңіл, ақпейілді, жүрегі жомарт мадемуазель Валентинаны қимаймыз, бірақ не шара десіп жамырай қоштасып, жөн-жөндеріне кетіп отырды.
Сол кезде Вильфор Валентинаға қараған.
Қыз жылап тұр екен.
Мына ғажапты қараңыз, қызының көз жасын көріп қанша іші-бауыры елжіреп тұрса да, сол сәтте Вильфор де Вильфор ханымға да көз тастап еді, нажағай ойнаған көк төсінде қалың бұлтты оқыс қақ жарып тіліп өткен құйрықты жұлдыз тәрізді жұбайының миығынан бір жымысқы күлкі жылт ете қалып, заматында ізім-ғайып жоқ болғандай көрінді.
IV. НАУБАЙШЫ ҚАРТТЫҢ БАСПАНАСЫ
Данглардың салқын қабақпен қарсы алғанына пұшайман граф де Морсер әрі ұялғанынан бетінен оты шығып, әрі ызадан жарылардай боп қайтқан күннің кешінде мұртын ширатып, шашын бұйралатып, опа-далап жағынған, қолына шап-шақ ақ шаңқан биялай киген Андреа Кавальканти күймесінің үстінде тік тұрған қалпы Шоссе-д'Антендегі баикирдің үйіне келіп ат басын бір-ақ тартты.
Ол қонақ бөлмеде айналақтап біраз жүріп алды да, ретін тауып Дангларды терезенің алдына ертіп әкеп, әуелі оны-мұны сөз ғып алдарқатқан соң, артынша-ақ зиялы әкесі кеткеннен кейін өзінің қатты толқып жүргенін тілге тиек қылды. Содан бері деді ол, шын бақыттың кепілі деп білетіннің баршасын өзімді туған ұлындай жатырқамай бауырына тартқан банкирдің қонақжай шаңырағынан таптым, ал мұны кімде-кім болсын құштарлық сезімнен жоғары қоя білуге тиіс; ал ынтызар көңілдің дауасын мадемуазель Данглардың жарқыраған жанарынан тапқанын мойындады жігіт.
Данглар оны ұйып тыңдады; соңғы бірнеше күн бойы өзі де осыны күтіп жүрген; ақыры айтқаны айдай келген банкирдің Морсерді тыңдағанда тұнжырап ашылмаған қабағы жадырап, жүзі жайнап сала берді.
Дей тұрса да, жігіт ұсынысын қабылдамас бұрын өз көңіліндегі түйткілін айтып қалуды лазым көрді.
— Виконт, — деді Данглар, — неке жайын ойластыруға сіз әлі тым жас емессіз бе?
— О не дегеніңіз, сударь, — деп қарсылық білдірді Кавальканти. — Италияда текті семьяларда жастай тұрмыс құру салты бар; бұл өзі бір ақылға сыйымды ғұрып. Мынау боямалы жалғанда қолына қонған бақыт құсынан айырылып қалу әбестік.
— Жарайды, — деді Данглар, — менің көңіліме майдай жаққан бұл ұсынысыңызды менің жұбайым мен қызым да хош көріп қабыл алды делік мәселен, ал сонда оның шаруа жағдайын кіммен ақылдаспақпыз? Меніңше, мұндай маңызды мәселені өз баласының қамын ойлаған әкелер ғана шеше алса керек.
— Менің әкем ақыл-парасаты мол, дана кісі ғой; Францияда үйленуге ниет қыларымды құдды алдын ала болжап білгендей кетерінде менің жеке басымды куәландыратын документтермен қоса әкейдің қолхат қалдырғанын қайтерсіз; онда, егер де менің таңдап тапқан қалыңдығымды мақұл көргендей болса, той болған күннен бастап жыл сайын маған жүз елу мың ливр беріп тұруға міндеттенген. Бұл қаржы, менің пайымдауымша, әкейдің жылдық түсімінің бір ширегі болса керек.
— Ал мен болсам, — деді Данглар, — қызымның қалыңына бес жүз мың франк бөлуді ұйғарып жүр едім; оның үстіне менің жалғыз мұрагерім сол ғой.
— Міне, көрдіңіз бе, — деді Андреа, — егер менің ұсынысыма баронесса Данглар мен мадемуазель Эжени оң көзімен қарағандай болса, істің оңға басқалы тұрғаны. Сонда бұл біздің жылдық түсіміміз жүз жетпіс бес мың болады деген сөз. Оған қоса, маркизді көндіре алғандай болсам, рента төлемей, капиталдың өзін менің еркіме бергендей күн туар (ия, оның оңай емесін өзім де білем, бірақ бәлки, сәті түсіп қалмасына кім кепіл): ал олай болған жағдайда сіз біздің екі-үш миллионды айналымға жібересіз; ал көзін таба білгенге мұндай қаржы әрқашанда он проценттен дөңгелектері хақ.
— Ешқашан да өз басым төрт проценттен артық төлеп көрген емеспін, — деді банкир, немесе, нақтырақ айтқанда, үш жарым процент. Бірақ күйеу балама бес процент төлеген болар едім; ол онда түскен пайданы қақ бөліп аламыз.
— Әне, папатай, қатып түсті, — деді Кавальканти, қаншама жанын салып, ақсүйексіп, мипаздап сөйлегенімен де арасында аңдаусыз сыр беріп қалып, доғалдығына басып.
Сөйтсе де, іле-шала жуып-шайып:
— Ғафу етерсіз, барон. — деп үстеді ол тағы да, — көрдіңіз бе, жылт еткен үміт ұшқынының өзі ақылымнан адастырар түрі бар; ал бұл арманым орындала қалса не болмақ?
— Дегенмен де, — деді Данглар риясыз әңгіменің аяғы лезде шаруа жайына қарай ойысып кеткенін аңдамастан, — дүние-мүлкіңіздің сізге әкеңіздің бермеуіне болмайтын бөлігі де болса керек еді?
— Қай бөлігін айтасыз? — деп сұрады Андреа.
— Анаңызға тиісті бөлігін айтып отырмын.
— Иә, менің анам Олива Корсинаридің бөлігін айтып отырсыз ғой.
— Қалай, бұл бөліктің көлем-мөлшері үлкен бе?
— Адалын айтар болсам, — деді Андреа, — мен ешқашанда бұл жайлы ойлап көрген емес едім, әйтсе де өз жорамалым бойынша, аз дегенде екі миллионнан кем болмаса керек.
Данглардың қуанғаннан есі шығып кетті. Ол жоғалған кенішін қайта тапқан тас сараңдай, яки болмаса суға кетіп бара жатқан сорлының оқыс табаны жерге тигенін сезген сәттегі халіндей күйде еді қазір.
— Сонымен, барон, — деді Андреа, банкирге ізет көрсете, ілтипатпен басын иіп, — үміт үзбеуге батылдық ете алар ма екем...
— Виконт, — деп жауап қатты Данглар, — сене беруіңізге болады; және иланар болсаңыз, алда-жалда сіз жақтан бір ши шығын жүрмесе бұл шешілген мәселе деп білемін.
— О, барон, неткен бақытты едім мен! — деді Андреа.
— Сөйтсе де, — деп ойын өрбіте түсті Данглар, — біздің Париждің зиялы қауымында өзіңізге қамқорлық жасап жүрген граф Монте-Кристоның сізбен бірге келіп бұл ұсынысыңызды қолдамағаны қалай?
Андреа ептеп қызарайын деді.
— Бұл менің тура графтан келіп отырған бетім, — деді ол, — сөз бар ма, өзі бір әйбат-ақ адам ғой, әйтсе де ғажап қызық кісі бір түрлі. Бұл ойымды толығымен қуаттап-ақ отыр; ол ол ма, түскен түсімді берумен шектелмей, әкейдің маған капиталдың өзін беретініне де ол шүбә келтірмейтінін айтты маған; бұған әкейдің келісімін бергізуге күш салатынын да жасырған жоқ; бірақ та біреу үшін бір жерге ғұмыры құдалыққа барып көрмегенін және мұндай жауапкершілікті ешқашанда мойнына жүктемейтінін ашық айтты. Дей тұрғанмен де, обалы не, әділін айту керек, маған құрмет білдіріп, өзінің бұл әдетіне дәл осы жолы опық жеп отырғанын мойындады ол тағы да. Өйткені, бұл некенің бақытты боларына кәміл сенемін деді. Солай бола тұрса да, ресми түрде бұл мәселеге ада-күде араласпағанымен, егер де сіз ол кісімен кеңеспек ниетте болсаңыз, өз пікірін айтудан бұлтармайтынын растады граф.
— Әп-бәрекелде.
— Ал енді, — деді Андреа жайма-шуақ жымиып, — қайын атаммен болған сұқбат осымен тамам, бұдан былайғы әңгіме банкирмен болмақ.
— Менде қандай бұйымтайыңыз бар еді? — деді күлін Данглар.
— Ертең жоқ бүрсігүні сізден бір төрт мың франк шамасында аламын-ау деймін; бірақ бұл айда менің әжептәуір шығындалып қалу мүмкіндігім барын және ондай жағдайда бойдақтың болмашы қаржысы жұғын да болмай қалуы кәдік екенін граф та бек жақсы біліп отыр; маған жиырма мың франкқа чек жазып бергені де сондықтан, ол, мінекей. графтың өзі қол қойғанын көріп тұрған шығарсыз. Осы жеткілікті шығар?
— Маған десеңіз миллионға жаздырып әкелсеңіз де қабылдауға әзірмін, — деді Данглар, чекті қалтасына салып жатып. — Ертең өзіңізге қолайлы сағатты белгілеңіз, сол уақытта менің кассирім өзіңізге кіріп шығады, ал сіз жиырма төрт мың франкты алдым деп қол қойсаңыз болғаны.
— Сіз қолай көрсеңіз, ертеңгі сағат он дұрыс шығар; қайтсе де ертерек болғаны мақұл; ертең қалаға кетпек ойым бар.
— Жарайды, сағат он болсын, ендеше. Бұрынғыша, Ханзадалар мейманханасында ғой, солай ма?
— Мақұл.
Ертесіне уағдалы сағатында жиырма төрт мың франкты Кавалькантиға табыс еткен банкирдің ықтияттылығына кім де болса ден қойғандай еді; ақша қолға тиісімен екі жүз франкті Кадрусске деп қалдырып, Андреа бөгелместен тысқа шықты.
Оның үйде кідірмеген басты себебі қауіпті досына кездесіп қалам ба деп тайсақтап еді; тым кештетіп оралғаны да содан. Аулаға енуі мұң екен, қолына күнқағарын ұстап өзін тосып тұрған мейманхана швейцарына ұшырасты.
— Сударь, — деді ол, — әлгі адам келді.
— Ол қайсысы? — деді Андреа немқұрайды, тек жақсы біліп тұрса да, жорта түк білмегенсіп.
— Марқабатты мырза, сіз өзіңіз шағын пенсия беріп тұратын адамды айтам.
— Е, иә, — деді Андреа, — менің әкемнің малай шалы ғой. Мен тастап кеткен екі жүз франкті бердіңіз бе оған?
— Бердім, марқабатты мырза.
Андреаның айтуымен қызметшілер оны «марқабатты мырза» десетін.
— Бірақ ол ақшаны алған жоқ, — деді швейцар тағыда.
Андреа бозарып кетті; бірақ айнала тас қараңғы болған соң, оны ешкім байқаған жоқ.
— Қалай? Алған жоқ па? — дегенде даусы қалтырай шықты.
— Алмады; ол марқабатты мырзаны көргісі келді. Сізді үйде жоқ десем де болмады. Ақыры, әзер дегенде иланды білем, алдын ала әзірлеп алып келген хаты бар екен, соны сізге қалдырып, жайына кетіп отырды.
— Бері беріңіз, — деді Андреа. Сосын күйменің аспа шамының жарығымен хатты оқып шықты.
«Менің қайда тұратынымды білесің ғой, ертең таңғы сағат тоғызда сонда күтем».
Әлдекім ашып, хаттың ішінде не жазылғанын әуестікпен оқып, біліп қойған жоқ па екен деп қауіп ойлаған Андреа пешетін ұқыптап қарап шықты. Бірақ хаттың асқан ептілікпен салынғаны сондай, оны оқымақ болған адам қайткенде де пешетін бұзып ашпаса болмайды екен, ал пешетке ешқандай зақым келмепті.
— Жарайды, — деді ол. — Байғұс! Өзі бір жаны жоқ неме!
Бұл сөзге сүттей ұйыған швейцар не жас мырзаға сүйсінерін, яки болмаса, малай шалға таңырқарын білмей дағдарып қалды.
— Тез атты доғарып, маған көтеріл! — деді Андреа атқосшысына.
Екі-ақ ырғып, бөлмесінен бір-ақ шыққан ол дереу Кадрусстың хатын өртеп, керек десе, күліне дейін жоқ қылды.
Дәп осы кезде атқосшысының жетіп келгені.
— Сенің бойың менімен пара-пар, Пьер, — деді оған Андреа.
— Оны өзіме мәртебе көрем, — деп жауап қатты атқосшы.
— Саған кеше жаңа ливрея әкеп беруі керек еді.
— Оныңыз рас, сударь.
— Осындағы бір гризеткамен әуейі боп қалып ем, бірақ не лауазымымды, не болмаса қандай адам екенімді оған ашып айтуға құлқым жоқ. Сол себепті ливреяң мен куәлік қағаздарыңды маған бере тұр, жазатайым трактирде түнеп қалғандай болсам қажетке жарар.
Пьер көне кетті.
Арада бес минут уақыт өткенде, адам танығысыз кейіпке енген Андреа мейманханадан шықты да, кабриолет жалдап алып, Пикпюстегі «Қызыл ат» трактиріне жеткізіп салуды бұйырды.
Ханзадалар мейманханасынан қалай елеусіз шығып кетсе, түнеп шыққан трактирінен ертесіне Андреа солай жылыстап шығып кетті де, оның келген-кеткенін тірі пенде сезбей қалды; сонсоң Сент-Антуан предместьесінен өтіп, бульварды бойлап отырып Менильмонтан көшесіне шейін барды да, сол қол жақтағы үшінші үйдің есігі алдында тоқтай қалып, қызметші көріне қоймаған соң, кімнен жөн сұрасам екен деп айналақтай берді.
— Сымбатты жігіт, кімді іздеп жүрсіз? — деп тіл қатты ләпкесінің алдында тұрған жеміс сатушы әйел.
— Пайтен мырзаны іздеп едім, майбөксе, — деп жауап қатты Андреа.
— Бұрынғы наубайшы ма? — деп қайталай сұрады сатушы.
— Дәп өзі.
— Осы ауланың ар жақ шетінде, сол жақта, төртінші қабатта.
Андреа сол бағытпен барып, төртінші қабатқа көтеріліп, есіктің сыртында салбырап тұрған қоянның сирағын ызалана тартып қалды. Сол-ақ екен, қоңырау безілдеп қоя берді.
Сөйткенше болмай, есіктегі темір тордың ар жағынан Кадрусстың бет-пішіні көзге шалынды.
— Уақтылы келдің! — деді ол.
Соны айтып, есіктің ысырмасын ашты.
— Уақтылы келмей, не бопты! — деді Андреа, есіктен ене беріп.
Кіре сала күнқағарын атып жіберіп еді, орындыққа жетпей, жерге түсті де, бөлменің ішінде дөңгелеп жөнелді.
— Жә, жә, балақан, ашуланбай-ақ қой! — деді Кадрусс. — Сенің қамыңды қалай ойлайтынымды көрдің бе, міне, қандай тамақ әзірлеп қойғанымды көре қал; тәйір алсын, бәрі де сенің жақсы көретін тағамың!
Андреа, шынында, түрлі тағамның иісін бірден сезді: шебер дайындалған тамақтың өткір иісі жас жігіттің ішкі сарайын ашып жібергендей болды; қарапайым провансаль дастарқанының көркі жас май сарымсақ қоспасы да осыдан табылды; қуырған балық иісі шығады; бәрінен де жұпар жаңғағы мен қалампырдың хош иісі мұрынды қытықтап алып бара жатыр. Осынау алуан иіс шойын пештің үстінде беті қақпақпен жабулы тұрған екі шұңғыл аяқ пен тандыр пештегі быжылдап жатқан кастрюльден кеп тұр.
Одан басқа Андреаның көзіне шалынғаны іргелес бөлмедегі мұнтаздай стол үстіндегі екі адамға арнап әзірлеп қойған ыдыс-аяқ, сондай-ақ бірінің аузы жасыл тығынмен, екіншісі сары тығынмен бекітілген екі шөлмек шарап, шағын графин толы арақ жанынан көргені тәрелкедегі капуста жапырағына ұқыптап майдалап турап салып қойған жеміс болды.
— Ал, бұған не дейсің, балақан? — деді Кадрусс. — Иісі қандай? Өзің білесің, мен деген айтулы аспаз едім ғой: есіңде ме, саусақтарыңа дейін жалап қоятыңдарың, түге? Әсіресе менің әзірлеген тұздықтарыма елден бұрын сенің жалаң қағып, тамсанып тұратының әлі есімде.
Кадрусс енді пияз аршуға кірісті.
— Жә, болды, болды, — деді Андреа қынжылып, — егер мені тек таңғы ас ішуге шақырған болсаң, тәйір алсын сені!
— Ұлым, — деді Кадрусс жанашырлықпен, — адам деген дәм үстінде сырласар болар; басқаны былай қойғанда, жақсылықты білмейтін неме! Немене, ескі досыңды көргеніңе қуанбайсың ба, тым болмаса! Мен болсам, міне, көз жасыма ие бола алар емеспін.
Кадрусс шынында да егіл-тегіл болды, тек бір қиын жері, бір кезгі шарапханашы қуаныштан көз жасын көл қылды ма, әлде, көзін пияз ашытты ма, соны айыру мүмкін болмады.
— Онан да жағыңды қарыстырсаң етті, мүттәйім! — деді Андреа. — Маған бауырың езіліп бара жатпаған шығар, мұқым?
— Сенбесең қой, жақсы көретінім рас, — деді Кадрусс, — бәлки, бұл менің жамандығым шығар, бірақ оған қылар шара жоқ.
— Бір пәлеге ұрындыру үшін шақыртып алғаның содан екен ғой.
— Қойсаңшы! — деді Кадрусс, алжапқышына лөкет пышағын сүртіп жатып. — Егер шын жақсы көрмеген болсам, сенің айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүріп, осынша иттен ілгері, адамнан кейін күн кешер ме ем? Көріп тұрсың ғой: сенің үстіңе кигенің малайыңның ливериясы, демек, малайың болғаны да; ал менің малайым жоқ; сол себепті көкөністі өз қолыммен мықшыңдап аршып жатқаным мынау; сен болсаң менің әзірлеген тамағымнан ауыз тиюге де жиренесің, өйткені құдайдың құтты күні Ханзадалар мейманханасындағы табльдот9 басында, яки болмаса Кафе-де-Париде тамақтанасың сен. Ау, мен де малай жалдап, күйме мініп шалқақтап жүрмес пе едім, мен де қалаған жерімнен тағам татпас па едім; ал мен неге соншама бәрінен мақрұм қалмақпын? Өйткені, құйттай Бенедеттомның көңіліне қаяу түспесін деймін. Мұнымның дұрыстығына өзің де қол қоятын шығарсың.
Соны айтып Кадрусс елжірей қарағанда Андреаның иланбасқа шарасы қалмады.
— Жарайды, — деді Андреа, — мені жақсы көреді екенсің-ақ делік. Бірақ мені қоярда-қоймай таңғы тамаққа шақырып алғаныңа жол болсын?
— Иә, сені көргім келді, балақан.
— Тек көру үшін ғана ма, оның не қажеті бар? Ойбай-ау, біз бәрін де келісіп қойып едік қой.
— Еһ, асыл достым, менің, — деді Кадрусс, қосымша бөлек-салақсыз өсиетнама болғанын қашан көріп ең? Жоқ, дегенмен, әуелі дұрыстап тамағымызды ішіп алайық. Тізеңді бүк, алдымен сенің құрметіңе әзірлеп пісірген майшабақ пен жүзім жапырағына ораған жас майдан басталық, құдайдан безген қырсық. Бірақ байқаймын, сен менің бөлмемнің ішін тінте қарап, сабан орындықтарым мен қабырғаларға ілулі тұрған сутегін суреттерді бағдарлап тұрсың. Қайтерсің енді, бұл саған Ханзадалар мейманханасы емес!
— Міне, көрдің бе, енді құдайдың зарын қылып, сары уайымды сапырып отырғаныңды; ал сенің бар арманың демалысқа шыққан наубайдың тыныш тұрмысы еді ғой.
Кадрусс күрсініп салды.
— Ал енді неғыл дейсің? Арманың орындалды ғой.
— Нағыл дейін, арманым арман күйінше қалды; өйткені, сүйікті Бенедетто, демалысқа шыққан наубайшы дегенің, тұрақты түсім алып отыратын дәулетті адам.
— Сенің де алып отырған түсімің бар ғой.
— Менің бе?
— Әрине, сенің; мен әкеп берген екі жүз франкың түсім емей немене?
Кадрусс иығын қиқаң еткізді.
— Зордан-молдан, немқұрайды берген ақшаны алудың өзі де бір ақырет, — деді ол, — оның үстіне қазір бар да, қазір жоқ баянсыз ақша ғой бұл. Өзің де түсінетін шығарсың, сенің шаруаң шалқайып кете ме деп қорыққаннан, күнделікті ішіп-жемнен жырып, маған ақша үнемдеуге тура келетінін. Еһ, достым-ай! Біздегі... әлгі бір священник айтқандай, бақыт деген баянсыз нәрсе ғой. Сөйтсе де, сенің маңдайыңа біткен бақ, тепкілесе кетпейтін бақ, оны бек жақсы білем мен; сен, сұмқадан, Данглардың қызына үйленгелі жүрсің.
— Немене? Данглардың дейсің бе?
— Әлбетте, Данглардың қызы! Әлде, барон Данглар деуім керек пе еді? Мәселенки, граф Бенедетто дегенім сияқты, қалай айтса да соның бәрібір емес пе? Айтпақшы мен Данглармен доспын ғой, егер қара басып, ұмытып қалып жүрмесе сенің тойыңа мені арнайы шақыратын жөні бар оның... өйткені, ол менің тойымда болған, иә, иә, иә, менің тойымда. Иә, ол кезде кеудесіне бұлай нан піспеген кезітұғын; Моррель мырзаның майда қызметкері болатын онда. Онымен де, граф де Морсермен де талай дәм-тұздас, дастарқандас болғаным бар... Көрдің бе, менің қандай адамдармен таныс-біліс екенімді, егер де солармен қайта аралас-құралас боп кетуді көздесем, екеуміз сол қонақжайларда ұшырасып жүрген болар едік.
— Қызғаныштан ішің күйгеннен ысқыртып жібердің-ау, Кадрусс.
— Бопты, Benedetto mio. Саспа, бекерге бөсетін кісің мен емес. Көрерсің әлі, күндердің күнінде біз де шыттай киініп, шірене басып барып, бір байдың қақпасы алдында: «Марқаббат, ашыңыз!» деп тұрармыз. Ал әзірше, отыр да тамағыңды іш.
Әзірлеген тағамдарын қонағына жеріне жеткізе мақтап, Кадрусс өзі бас болып, тамақты қарбыта жеуге кірісті. Қонақ та енді іркілудің ретін таппаса керек, дереу шөлмектің аузын ашып буйабеске, сарымсақ қосқан прованс майына қуырылған трескаға жаудай тиді.
— Ә, достым, — деді Кадрусс, — өзің кәрі аспазыңмен ептеп мәмілеге келіп қалғаннан саумысың?
— Қойдым, — деп жауап қайырды өзге қам-қарекеттің бәрін бір мезетте құлқыны ұмыттырып жіберген жас жігіт.
— Қалай, сұрқия, дәмді ме екен?
— Керемет дәмді! Осындай тәтті тағамды пісіріп жеп жүрген адамның өз тірлігіне өзі неге наразы болатынын ұқсам бұйырмасын.
— Байқайсың ба, — деді Кадрусс, — мені жегідей жеп бара жатқан уайым бар ғой.
— Қандай?
— Біреудің есебінен күн көріп жүргенімді ойлап уайымдаймын, мен өмір-бақи асымды адалдап ішкен адаммын ғой.
— Уайымдайтын нәрсені тапқан екенсің, — деді Андреа, — сендейдің екеуін асырауға шамам келеді, саспа.
— Жоқ, шынымды айтсам, құй сен, құй сенбе, әр айдың аяғында әбден берекем қашады.
— Қойсаңшы, Кадрусс!
— Қиналғаным сондай, кеше анау екі жүз франкыңды да алмай кеттім.
— Өйткені, мені көргің келді ғой; әлде, қысылып, намыстанып алмай кеттім демек пе едің?
— Өзі де солай. Ол ол ма, маған сонда бір ой келгені бар.
Андреа селк ете қалды. Кадруссқа ой келді дегенше, оның аза бойы қаза тұратын.
— Көрмейсің бе, — деп сөзін сабақтады Кадрусс, — әр айдың бірінші күнін тосумен өмір сүргеннен жиіркенішті не бар дейсің.
— Еһ, — деп толғанды Андреа, Кадрусстың не бүкпесі барын індетпекке бел буып, — адамның бар ғұмыры тосумен өтпей ме? Ал мына мен қайтып өмір сүріп жүрмін? Менікі тек сарыла күту.
— Өйтетін жөнің бар, себебі, сен небәрі екі жүз франкты сарғая тосып сорламайсың ғой, сенің көздегенің бес не алты мың, әйтпесе он, тіпті болмаса он екі мың. Сен деген біздің ішіміздегі алаяғымызсың ғой. Қашанда қасқа Кадрусстан бүгіп, тығып жүретін әмияндарың болатын сенің. Құдай сәтін салғанда, ондайды сезе қоюға Кадрусстан иісшіл жан жоқ, әйтеуір.
— Тағы да сандалып кеттің, — деді Андреа, — қайдағы-жайдағы, өткен-кеткенді қопсытып қоймайды екенсің өзің; айтшы маған, құдай үшін, осының бәрі неме керек?
— Сен небәрі жиырма бірде ғанасың, өткенді ұмыту сен үшін сөз емес; ал мен болсам елудемін, өткеніме қайтып орала беретінім де сондықтан. Жарайды, енді шаруа жайын әңгімелейік.
— Сөйтші, бәсе.
— Мен сенің орныңда болсам...
— Иә?
— Капиталымды кәдеге асырған болар едім.
— Қандай кәдеге?
— Үй, жер сияқты мүлік сатып алып, сайлау правосына ие болғым келеді деп жарты жыл бұрын ақша сұрап алар болар едім. Ал ақша қолға тиген соң, табанымды жалтыратар ем.
— Жөн, жөн, жөн, — деді Андреа. — Бұл, шынында, ойланатын нәрсе екен!
— Сүйікті достым, — деді Кадрусс, — менің дастарқанымнан дәм татып отырып, менің ақылымды ал: сонда сенің денің сау, тәнің таза болмақ.
— Ал неге өз ақылыңды өзің пайдаға асырмасқа? — деді Андреа. — Неге жарты жылдық, тіпті болмаса бір жылдық ақшаңды кәдеге жаратып, Брюссельге тартып отырмайсың? Мұнда бұрынғы наубайшы болғансып күн өткізгенше, онда нағыз банкроттың өзі боп шыға келмейсің бе? Мұны қазір жұрт мәртебе көреді.
— Бірақ қалтамдағы мың екі жүз франкпен онда не қырмақпын?
— Қандай нысапсыз боп барасың өзің, Кадрусс! — деді Андреа. — Осыдан небәрі екі ай бұрын аштан өлгелі жүр едің.
— Тәбет те тамақ үстінде келеді, — деп Кадрусс, тісін ақситқанда түрі ыржалақтаған маймылдан, жә болмаса, аузын ырситқан жолбарыстан аумай қалғаны. — Сондықтан да, өзімше құрған жоспарым бар, — деп үстеді ол жасы ұлғайғанына қарамастан әлі де аппақ қаладай, сойдақ тістерімен үлкен бір тілім нанды опырып түсіп.
Кадрусстың ойы емес, жоспары барын білгенде Андреаның жаны бұрынғыдан бетер түршікті: ойы — мәселенің төркіні болса, енді жоспарының жүзеге асып кету қаупі туды.
— Апыр-ау, ол қандай жоспар? — деді Андреа. — Сенде қандай жоспар болушы еді!
— Болмағанда ше! Екеуіміздің сол бір мекемеден құтылып кетердегі жоспарды құрған кім еді? Мен сияқты едім-ау. Одан мен жаман болып қалған жоқпын, өз ойымша; әйтпесе мына сен екеуіміз дәп осы жерде бұлай отырмаған болар едік!
— Иә, оған дауым жоқ, — деді Андреа, — кейде шаруаның көзін тауып кететінің бар. Жә, онан да әлгі жоспарыңды айтшы?
— Бері қара, — деп сөзін жалғастырды Кадрусс, — жалғыз су шығын шығармастан сен маған он бес мың франк тауып бере алар ма едің... жоқ, он бес мың аз, отыз мың франктан кемге дұрыс жолға түсіп, жөнсулы адам болуға келісе алмаспын.
— Жоқ, — деді Андреа салқын, — оған шамам келмейді.
— Байқап отырмын, сен мені түсінген жоқсың, — деп соза түсті Кадрусс, бетпақтырмай безеріп, — мен жаңа жалғыз су шығын шығармай дедім ғой.
— Сондағы ойың не? Немене, мені ұрлық жасап, бәрін бүлдіріп, сенің де, менің де күнімді қараң қылсын деп отырсың ба; сосын бізді тағы да бір жерге жөнелтсін дегенің бе бұл?
— Мені қойшы, — деді Кадрусс, — маған бәрібір, әкете берсін. Біле білсең, мен бір түрлі қызық адаммын, кейде сол жақтағы серіктерді сағынатыным бар, дәп мына сендей безбүйрек емеспін! Сен болсаң оларды енді қайтып көрмегеніңе қуанбасаң қайғырмассың!
Бұл жолы Андреа селк ете қалып, өңі құп-қу боп кетті.
— Құтырмасаңшы, Кадрусс, — деді ол.
— Жоға, сен құр бекерге шошыма, Бенедетто, өзің араласпай-ақ, тек маған әлгі отыз мың франкты қолға түсірудің жолын көрсет, одан арғысын өзім көре жатармын.
— Жарайды, ойластырып көрейін, — деді Андреа.
— Ал, әзірше сен менің пенсиямды бес жүз франкке өсіре тұр, жарай ма? Бір қызметші әйел жалдағым келіп жүргені.
— Мақұл, бес жүз франкыңды аласың, — деді Андреа, — Бірақ бұл маған ауыр соғады, Кадрусс... сен тым артық кеттің...
— Онда тұрған не бар! — деді Кадрусс. — Сен деген түпсіз тұңғиықтан көсіп алып жатырсың ғой!
Тегі, Андреаның өзі де осы сөзді айтар-ау деп тосып тұрса керек; көзі заматында жалт ете қалды да, іле-шала сабасына түсе қойды.
— Оның рас, — деп жауап қатты Андреа, — қамқоршым менен жақсылығын аямайды.
— Не деген сүйкімді қамқоршы! — деді Кадрусс. — Сонда өзі ай сайын беріп тұра ма саған?..
— Иә, бес мың франктан беріп тұрады, — деді Андреа.
— Маған қанша жүз беруге уағда етсең, соншама мың алады екенсің ғой, — деп қалды Кадрусс, — олжабайлар олжаға батады деп жұрт рас айтады. Айына бес мың франк де... Тәйір алғырды, осынша ақшаны қайда сыйғызуға болады?
— Құдайым-ай! Оны шығындау оңай ғой, бірақ мен де сен сияқты өз капиталым болуын армандаймын да.
— Капитал... түсінікті болды... жұрттың бәрі де капиталым болса екен дейді.
— Ал менің капиталым болатыны анық.
— Сонда оны кім береді саған? Сенің князің бе?
— Иә, менің князім; әттең, не керек, тек әлі тоса тұруға мәжбүрмін де.
— Нені тоса тұруға?
— Оның өлімін.
— Князіңнің өлгенін күтесің бе?
— Иә.
— Неге?
— Өйткені, өзінің өсиетнамасына ол мені кіргізбекші.
— Шын айтасың ба?
— Имандай шыным!
— Саған тиістісі қанша болмақ?
— Бес жүз мың!
— Сен де бөседі екенсің!
— Қалжыңсыз айтам.
— Мүмкін емес!
— Кадрусс, осы сен маған доссың ба?
— Өле-өлгенше.
— Ендеше, саған бір сыр айтайыншы.
— Айт.
— Бірақ есіңде болсын...
— Тірі пендеге тісімнен шығармаймын.
— Ендеше, бар ғой, менің байқауымша... Андреа кілт тоқтап, айналасына жалтақтай қарады.
— Сенің байқауыңша... қойшы, құр бекерге үргелектенбей. Бізден басқа ешкім жоқ.
— Өз байқауымша, туған әкемді тапқан сияқтымын.
— Шын әкеңді ме?
— Иә.
— Кавальканти әкей ме?
— Жоға, ол өз жайына кетті ғой; сен айтқандай, шын әкемді деп тұр емеспін бе.
— Сонымен, шын әкең...
— Кадрусс, шын әкем — граф Монте-Кристо.
— Не деп тұрсың!
— Рас; тек сонда ғана бәрі түсінікті болмақ. Өзі мұны, тегі, ашық мойындай алмайтын болса керек, бірақ оның есесіне, Кавальканти шал мені ұлым деп мойындап шықты және соның ақысына елу мың франк ақша алды.
— Саған әке болғаны үшін елу мың франк алды дейсің бе? Мен, тіпті, соның жарты бағасына да, жиырма мыңға да, он бес мыңға да келісе салған болар едім. Сонда қалайша мені ойламадың, рақметі жоқ жұқсыз неме?
— Е, оны мен қайдан біліппін? Мұның бәрі біз анда жүргенде алдын ала кесіп-пішіп қойылған ғой.
— Оның рас, иә. Сөйтіп, ол өзінің өсиетнамасында...
— Маған бес жүз мың франк мұра қалдырмақ.
— Сенімің кәміл ме?
— Өзі көрсеткен маған; және тек бұл ғана емес...
— Немене, мен айтқандай тағы да қосымшасы бар ма?
— Болса керек.
— Ендеше, онда?..
— Онда мені өз ұлы екенін мойындайды.
— Не деген мейірбан, неткен аяулы, неткен қадірмен әке! — деп лепіре сөйледі Кадрусс, тәрелкені атып жіберіп, екі қолымен қайта қағып алды.
— Міне, көрдің ғой! Енді мені осыдан кейін де сенен сыр жасырады деп жазғырар ма екенсің!
— Оның рас; маған сенім білдіргенің үшін-ақ сені құрмет тұтуға болады. Сонда қалай, әлгі киязь, сенің әкеңді айтып отырмын, бай адам ба, шіріген бай ма?
— Бай болғанда қандай! Қанша ақшасы бар екенін өзі де білмейді.
— Олай болуы мүмкін емес!
— Мен білмегенде кім біледі енді; мен болсам құдайдың құтты күні араласып жүрген адаммын ғой. Жуырда банк қызметкерінің үлкендігі тап мына сенің дастарқаныңдай күмәжникке салып оған елу мың франк әкелгені бар; ал дәп кеше банкирдің өзі оған алтынмен тұпа-тура жүз мың әкеп тастады.
Кадрусстың әбден есі шықты; Андреаның әңгімесінен металл үнін естігендей, құдды саудыраған алтын шақаның сыңғыраған дыбысы құлағына келгендей болды.
— Сөйтіп, сол үймен араласып тұрасың, ә? — деп жағасын ұстады ол.
— Құдайдың құтты күні.
Кадрусс үннен қалды; оның бір үлкен ойға берілгені айқын еді.
Кенет ол дабдырлай жөнелді.
— Осының бәрін көрмекке құмартып тұрғаным! Мұның бәрі бір керемет болуға тиіс қой!
— Иә, оның рас, — деді Андреа, — ол кісі керемет тұрады.
— Айтпақшы, өзі Елисей Далаңында тұрмаушы ма еді осы?
— Отызыншы нөмірде.
— Отызыншы нөмір дейсің бе? — деп қайталады Кадрусс.
— Иә, ғажайып оқшау үй, ауласы, бағы бар, сен оны білуге тиіссің!
— Әбден ықтимал; бірақ менің білгім келіп отырғаны сыртқы сәулеті емес, ішкі жағы; керемет жиһаздап тастаған шығар!
— Сен осы Тюильриде болып көрдің бе?
— Жоқ.
— Оның үйі Тюильриден де көш ілгері.
— Андреа, шыныңды айтшы, әлгі қайырымды Монте-Кристо әмиянын түсіріп алған кезде еңкейіп жерден іліп алудың өзі бір ғанибет шығар, ә?
— Оны күтіп әуре болудың қажеті жоқ, — деді Андреа, — графтың үйінде ақша дегеннің онсыз да бақтағы алмадай кез келген жерде шашылып жатады.
— Ретін тауып, бірде сол үйге ертіп апарсаң етті.
— Қалай ретін табам? Кім деп апарам сені?
— Оның рас енді; дегенмен сенің әңгімеңнен аузымның суы құрыды. Қайткен күнде де мен оны өз көзіммен көруім керек, әйтеуір, түбі бір амалын табам ғой.
— Қойсаңшы, Кадрусс!
— Еден сүртуші едім дермін.
— Онда аяқ аттап бассаң кілем.
— Тәйір алсын! Демек, тек ойша көз алдыма елестетумен тынады екем де.
— Сенсең, ең абзалы сол.
— Десе де, онда не барын айтып берші маған.
— Оны қалай айтып беремін?
— Одан оңай не бар дейсің. Үйі үлкен бе?
— Үлкен де емес, кіші де емес.
— Ал, бөлмелері қалай орналасқан?
— Е, оның жобасын білгің келеді екен, ендеше қағаз бен сия алып кел.
— Қазір әкелем! — деп лып ете қалды Кадрусс.
Жалма-жан барып, көнетоз жазу столынан бір парақ қағаз, сия мен қалам алып келді.
— Мінекей! — деді Кадрусс. — Қағазға жобасын сыза ғой, ұлым.
Андреа болар-болмас жымиды да, қолына қалам алып, іске кірісті.
— Үйдің жанында, өзіңе айтқанымдай, ауласы бар, бағы бар, мінекей, көріп ал.
Соны айтып Андреа бақтың, ауланың, үйдің сұлбасын сызып шықты.
— Шарбағы биік пе?
— Жоға, сегіз не он футтай болар, одан биік емес.
— Бұл нағыз барып тұрған бейғамдық, — деді Кадрусс.
— Аулада ащы апельсин ағаштары отырғызылған кеспектер бар, айнала көгал, гүлзар...
— Аула ішінде құрып тастаған қақпандары жоқ па?
— Жоқ.
— Ал, ат қоралары қайда?
— Қақпаның екі жағында, міне, мына жерде, сонсоң мұнда.
Андреа қағазға сызып көрсетті.
— Маған үйдің төменгі қабатын жобалашы, — деді Кадрусс.
— Төменгі қабатта — асхана, екі қонақжай, бильярдхана, сенек, үлкен басқыш және ішкі басқыш бар.
— Терезелері қандай?
— Терезелері ғажап енді, үлкен әрі кең; әрқайсына бойы сендей адам еркін сыйып кетеді-ау деймін, шамасы.
— Мұншалық дағарадай терезелері бар үйге арнайы басқыштар жасап не жыны бар десеңші...
— Амал қайсы? Байлық та!
— Ал терезелерінің қақпағы бар ма?
— Бары бар-ау, бірақ олары ғұмыры жабылмайды. Граф Монте-Кристо дегеніңіз бір қызық адам, тіпті, түнде де аспанға қарап жатуды ұнататынын қайтерсің.
— Ал, қызметшілері қайда ұйықтайды?
— Олардың үйі бөлек. Кіреберіс оң жақта өрт сөндіретін сатылар тұратын сарай бар. Әне, қызметшілерге арналған бөлмелер сол сарайдың үстіңгі қабатында, бас-басына бір-бір бөлме; үйден сарайға қоңыраулардың сымы тартылған.
— Сайтан алсын, ол қоңырауларды!
— Саған не болды?..
— Жәй әшейін. Менің айтайын дегенім, бұл қоңырау деген бәлең қымбат болады; айтшы маған құдай үшін, неме керек солар?
— Бұрын түнімен ауланы ит күзететін, бірақ оны Отейльге апарып тастады, өзің келген үйді білесің ғой, соны айтам?
— Білем.
— Мен оған кеше: «Граф, сіздің мұныңыз тым бейғамдық болмақ, өйткені, сіз Отейльге кеткенде қызметшілеріңізді түгел алып кетесіз де, мына үй иесіз ылғи қаңырап қалады», —дегенім бар.
«Онда тұрған не бар?» — деді ол.
«Не болсын, күндердің күнінде үптеп кетер».
— Ол не деді?
— Не деді дейсің бе?
— Иә.
— Ол: «Үптесе үптей берсін», — деді.
— Андреа, ол үйде бір құйтырқысы бар стол тұрған болса керек.
— Қандай құйтырқысы бар?
— Мынадай құйтырқысы болады: үйге кірген ұры болса сарт дегізіп қолынан ұстай алады да, бірден музыка ойнай жөнеледі. Соңғы көрмеде сондай үстелді көрсетіпті дегенді құлағым шалғаны бар.
— Онда бар болғаны қызыл ағаштан жасалған секретер тұр, оның да кілті қашан көрсең аузында тұрады.
— Сонда сенің графыңды ешкім тонап кетпей ме?
— Жоқ, оның қызметшілерінің бәрі адал адамдар.
— Япыр-ай, әлгі секретерде ақша дегенің пішен болар!
— Онда, бәлки... бірақ кім білген соны!
— Ал, өзі қай жерде тұрған нәрсе?
— Үйдің екінші қабатында.
— Кәне, балақай, енді сол екінші қабатыңның да нобайын сызып келтіре ғой.
— Мақұл.
Андреа қайтадан қолына қалам алды.
— Miнe, көрдің бе, екінші қабатта кіреберіс бөлме, қонақжай бар; қонақжайдың оң жағында — кітапхана мен кабинет, ал сол жағында — жатынбөлме мен будуар. Әлгі секретер сол будуарда тұр.
— Ал онда терезе бар ма?
— Екі терезе бар: мына жерде, сосын мұнда.
Андреа графтың кең жатын бөлмесіне іргелес, үйдің бұрышына орналасқан шағын бөлменің екі терезесін сызып көрсетті.
Кадрусс ойланып қалды.
— Қалай, Отейльге жиі барып тұра ма? — деп сауал қойды ол.
— Аптасына екі-үш рет; мәселен, ертең сонда баруға қамданып жатқан, күн ұзағына сонда болып, кешкісін қонып қалмақ.
— Қонатынына сенімің кәміл ме?
— Мені сонда түстік ішуге шақырған.
— Әне, өмір деп соны айт! — деді Кадрусс. — Шаһарда да үйі бар, шаһардың сыртында да үйі бар.
— Бай болған соң солай болады да.
— Сөйтіп, сонда барып түстік ішпексің бе?
— Сөйтсем керек.
— Сонда қалай, түстік ішкеннен кейін қонып қалмақсың ба?
— Қалауым біледі де. Графтың үйі не, өз үйім не.
Жігіттің жүрек тереңінде жатқан сарын біліп алғысы келгендей Кадрусс енді оған өңменінен өте қарады. Ал Андреа болса жайбарақат шылым сауытын ашып, ішінен «гавана» алды да, селқос қалпы түтін сақинасын ұшыра бастады.
— Өзіңнің бес жүз франкыңды қашан алмақ ойың бар? — деп сұрады ол әлден уақыттан соң Кадрусстан.
— Егер қалтаңда болса қазір алуға да әзірмін.
Андреа қалтасынан жиырма бес луидорды суырды.
— Сарғыш қой бұларың, — деді Кадрусс, — жоқ, мұныңа рақмет!
— Немене, менсінбейсің бе?
— Жоға, қайта керісінше, қатты құрметтеймін, бірақ ала алмаймын.
— Есерсоқ-ау, осыны ұсатқанның өзінен пайда табасың ғой: алтын ақшаны ұсатқанда үстіне бес су қосып береді.
— Білем ғой, бірақ ақша айырбастаған адам, сосын сорлы Кадрусстың соңына біреуді салып қойсын дейсің бе; сонсоң оны ұстап алсын; содан кейін қандай арендатордың өз борышын алтынмен өтегенін ол байғұс түсіндіріп арамтер болсын дейсің ғой. Ақымақ болма, балақай, онан да жай күмісіңді әкел, әйтеуір бір монархтың суреті бар әлгі дөңгелектерді айтамын. Бес франктық мәнет кім көрінгеннің қалтасынан шығады.
— Ойбай-ау, мен енді бес жүз франктың күмісін қалтама салып жүре алмаймын ғой; онда қамбал жалдауыма тура келетін еді.
— Жарайды, ендеше, қонақ үйдегі швейцарға тастап кетерсің, ол өзі бір адал адам, содан барып алармын.
— Бүгін бе?
— Жоқ, ертең; бүгін қолым тимейді.
— Мақұл; ертең Отейльге бара жатқанда сол швейцарға тастап кетермін ендеше.
— Бұл сөзіңе сенуіме болады ғой?
— Болғанда қандай?
— Оны сұрап тұрған себебім, әлгі жалдап алмақ болғaн қызметші әйелмен алдын ала келісіп қоймақшы едім.
— Келісе бер. Бірақ осымен тамам ғой? Енді қайтып менің мазамды алмайсың ғой?
— Ешқашанда.
Сонсоң Кадрустың аяқ астынан тұнжырай қалғанын байқаған Андреа тағы не пәле ойлап отыр екен деп қылп өте қалды. Енді қайтсе де сыр бермей жайбарақат, жаймашуақ болуға тырысты.
— Неменеңе мәз-мейрам болып отырсың, — деді Кадрусс, — сені көрген адам алар мұрасын алған екен деп ойлап қалуы кәдік.
— Өкінішке орай, әлі қолыма тиген жоқ! Бірақ соны алған күні бар ғой...
— Онда қайтпексің?
— Жалғыз-ақ айтарым сол: достарымды бәрібір ұмытпаған болар едім.
— Ұмытып не көрініпті, сен ұмытшақ емессің ғой!
— Мен ендеше, шақырып алғанда, амалдап ақша сұрайтын шығар деп қалып ем.
— Мені айтып тұрсың ба! Айтарсың-ау! Қайта мен саған жанашырлықпен ақыл-кеңес бергелі тұрмын.
— Қандай ақыл?
— Анау бриллиант жүзігіңді осында қалдырып кет. Сен, немене, бізді ұстап алсын деп отырсың ба? Екеумізді де құртпақсың ғой сөйтіп?
— Не боп қалды? — деп сұрады Андреа түк ұқпай.
— Не болушы еді? Сен ғой өзіңді жұрт малай екен деп қалсын деп үстіңе ливрея киесің, ал ендеше анау саусағыңдағы бес мың франктық бриллиантыңа жол болсын.
— Сайтан алсын сайтан алғырды! Дәп үстінен түстің! Осы саған неге нарық белгілеуші болмасқа?
— Ол рас, бриллиантқа келгенде көзім қарақты; бір кезде өзімде де болған.
— Нағыз мақтанатын тұсың осы тұс қой! — деді Андреа, сонсоң тағы да емізіктенгеніме ашу шақырып жүрер ме екен деп қауіптенген Кадрусске ешқандай қабақ шытпастан аңқ етіп жүзігін ұстата салды.
Кадрусстың жүзікке шұқшия қарағанын көрген Андреа асыл тастың қырларын қызықтап жатыр екен деді де қойды іштей.
— Мынау жасанды бриллиант, — деді Кадрусс.
— Денің сау ма? — деп Андреа бұрқ ете қалды.
— Оған бола ренжімей-ақ қой, қазір анықтаймыз.
Сосын Кадрусс терезеге таяп кеп, асыл таспен шынының бетін бір сызып өтіп еді, сырт ете қалды.
— Confiteor!10 — деді Кадрусс, жүзікті шынашағына салып жатып. — Қателескен екем; бірақ алаяқ зергерлердің жасанды тастарды өңдегенде тігісін сездірмей жер соқтырып кететіндері соншалық — солардың дүкеніне барарда зәре-иманың қалмайды-ақ! Міне, бұл да бір қалып бара жатқан кәсіп.
— Иә, сонымен, — деді Андреа, — енді тамам ғой? Әлде тағы бірдеңе қажет пе? Әйтпесе, мына күртемді берейін, жә болмаса күнқағарымды да қоса беріп құтылайын ба? Айт, оған бола қысылып-қымтырылмай-ақ қой.
— Жоға, сен, шынында да, жақсы жігітсің. Енді сені жолыңнан қалдырмайын, шамыңа да тимей-ақ қояйын.
— Бірақ байқа, бриллиантты сатарда, әлгінде өзің айтқан алтын ақшаның шатағындай бір пәлеге душар болып жүрме.
— Қам жемей-ақ қой, бұл жүзікті сатқалы тұрған мен жоқ.
«Әйтеуір бүрсігүнге дейін шыдайтып шығарсың», — деп ойлады Андреа.
— Бақытты баукеспесің сен, — деді Кадрусс. — Қазір ғой малайларыңа, сәйгүліктеріңе, күймелеріңе және қалыңдығыңа қайтадан барып қауышасың, ә?
— Әрине, — деді Андреа.
— Менің Данглар досымның қызына үйленген тойың болған күні маған бір татымды тарту жасайтын шығарсың енді?
— Бұл сенің ойдан шығарған құрғақ қиялың екенін өзіңе айттым ғой.
— Қанша қалың бермекші?
— Мен саған айттым емес пе...
— Миллион ба?
Андреа иығын қомдай салды.
— Жарайды, миллион делік, — деді Кадрусс, — бірақ қанша ақшаң болса да, байыған үстіне байи беруіңе тілектеспін.
— Рақмет, — деді Андреа.
— Бұл шын жүректен айтқан сөзім, — деп үстеді Кадрусс қарқ-қарқ күліп. — Тұра тұр, шығарып салайын.
— Қайтесің әуре болып.
— Әуре болмасқа болмайды.
— Неге?
— Өйткені, менің құлпымның кішкене кілтипаны бар еді; сақтық үшін істеп жүрген амалым ғой; Юре мен Рише қисындаған, кейін Гаспар Кадрусс қарап, жөндеп шыққан құлып бұл. Сен капиталист болғанда саған да осындай құлып салып берем.
— Рақмет, — деді Андреа, — керек болғанда бір апта бұрын сені өзім ескеріп қоярмын.
Екеуі сонымен қош айтысты. Андреаның төмен түсіп, одан кейін ауланы кесіп өтіп, ұзап кеткеніне әбден көзі жеткенше Кадрусс басқыш алаңынан кетпей соңынан қарап тұрды. Тек содан кейін барып, жалма-жан бөлмесіне қайтып келіп, есікті ұқыптап құлыптады да, Андреа тастап кеткен жоспарды тәжірибелі сәулетшіге ұқсап зерттей бастады.
— Байқауымша, — деді ол өзіне-өзі, — әлгі сүйікті Бенедеттоның мұрадан дәмесі зор; ал балақайдың қолына бес жүз мың франк тиетін күнді жақындатқан адам оның ең жақын достарының бірінен саналса керек.
V. ҰРЛЫҚ
Жоғарыда біз әңгіме еткен оқиға болған күннің ертесіне, бірнеше қызметшісімен, бастықтырып көрмек болған бірер атын жетекке алып, қасына Әлиді ерткен граф Монто-Кристо Отейльге жүріп кеткен.
Андреа сияқты, графта да онда бара қояйын деген ой жоқ болатын. Бұған негізінен үй жайлы, кеме жайлы жаңалық хабар жеткізген Бертуччоның Нормандиядан қайтып оралуы себепші болды. Үй әзір боп қалған-тұғын, ал кеме болса сайдың тасындай алты адамдық экипажы бар, ресми шаруаның бәрін жайғап болып, бір аптадан бері теңізге шығуға сақадай сай күйі шағын айлақта салдауырда тұрған. Шаруаға тындырымды екенін айтып, Бертуччоны мақтаған Монте-Кристо енді жол жүруге әзірлене бер деп алдын ала оған құлаққағыс қып қойды, өйткені, граф бір айдың мұғдарында Франциядан жүріп кетпек ойда болатын.
— Ал, әзірше, — деді оған граф, — бір түн ішінде Парижден Трепорға бару қажет болып қалуы ықтимал; сондықтан сегіз жерге бекет қойып, лау дайындағаның жөн, сонда елу лье жерге тоғыз сағатта дік ете түсетін боламын.
— Марқабатты мырза бұл жайлы маған бұрын да айтқан болатын, — деп жауап қайырды Бертуччо — аттар қазірдің өзінде дайын. Ол аттарды мен өзім жүріп сатып алғам, сөйтіп, ең ыңғайлы деген бекеттерге әзірлеп қойдым, яғни айтқанда, көбіне-көп жолаушы тоқтамайтын қыстақтарға дайын қылдым.
— Әп-бәрекелде, — деді Монте-Кристо, — мен енді мұнда небәрі бір-екі күн ғана кідірермін, сен осы шаруаңды жайғай бер.
Граф тапсырған шаруаны жайғамақ болған Бертуччоның бөлмеден шығып кетуі-ақ мұң екен, кіріп келе жатқан Батистен көрінді; қолына ұстаған алтын жалатқан подносқа салған хаты бар.
— Сіз неге келдіңіз? — деп сұрады граф, оның шаң-шаң боп жетіп келгенін көріп. — Шақыртпаған сияқты едім ғой?
Батистен ләм-лим деместен, графқа таяп келді де әлгі хатты ұсынды.
— Өте тығыз, һәм маңызды хабар, — деді ол.
Граф хатты ашып, оқи бастады:
«Бүгін түнде Елисей Далаңындағы үйіне ұры түсетінін айтып, граф Монте-Кристоны ескертпекпіз; ұры будуарда тұрған столдың ішінде документтер бар деп ойлайды, оның мақсаты соны ұрлау; граф Монто-Кристо өзі де ержүрек адам ғой, бұған полицияны араластырып әуре болмаса керек, ал полиция араласқан жағдайда осы хабарды беріп отырған адам қатты залал шекпек. Будуар мен жатын бөлменің арасындағы қабырғадағы тесіктен қарап тұрып, әйтпесе, сол будуардың өзінде жасырынып тұрып, ұрының сазайын графтың өзі де бере алады. Ол маңайда басы артық адамның болуынан немесе алдын ала сақтың жасаудың салдарынан қаскүнем секем алуы кәдік, ондай жағдайда граф Монте-Кристоның өзі де ұрының түр-түсін ажыратып біле алмай қалады да, оқыстан қаскөйдің үстінен түсіп, графты хабарландырып, ескертіп отырған адамның еңбегі зая кетуі мүмкін, сөйтіп, бұл сапар жолы болмай қалған күнде сол сұмқадан қайтадан қылмыс жасаса, графты дер кезінде екінші мәрте сақтандыруға оның шамасы келмей қалуы да ықтимал».
Әп дегеннен графқа бұл ұрының өзінше құрған тұзағы, жасаған айла-шарғысы шығар, болмашы нәрсеге көңілімді алаңдатып, үлкен қауіп-қатерден назарымды басқа жаққа аудармақ болса керек деген күдік келді. Өзін ескерткеніне де қарамастан, дереу хатты полицей комиссарына жөнелткелі жатыр еді, тегі, беймағлұм жанашырының сақтандырғаны мұрындық болды ма кім білсін, табан астында оған, шынында да, тек өзім ғана танитын әлдеқандай бір дұшпаныммен бетпе-бет келіп қалмас па екем, өзін өлтірмек болған маврға тап келген Фиеско сияқты аса қажет кезінде өзім ғана бір кәдеге жаратар жағдайдың сәті түсіп жүрер ме екен деген ойдың сап ете қалғаны.
Графтың сыры бізге мәлім; оның рухы биік, ержүрек адам екенін, асқақ парасат иелеріне тән құдірет күшпен қаласа тау қопарып тастайтынын айтып жатпасақ та болар. Басынан кешкен бар ғұмыры, тағдыр деп аталатын тәңіріне, ыбылыс деп атауға лайық бұл фәнидің жалғанына қарсы тайсалмай тайталасуды мұрат тұтқан және сол шешімінен шегініп көрмеген графтың күллі тіршілік қарекеті оған соның өзінен әлдеқандай бір беймағлұм таңсық ләззат алуға бойын үйреткені бар.
— Олардың менен документ ұрлап кетуге бел байлауы екіталай нәрсе, — деді Монте-Кристо, — олардың мақсаты мені өлтіру; бұлар ұрылар емес, қанішерлер. Полицей префектісі мырзаның менің жеке басымның шаруасына араласуын мен әсте қаламаймын. Префектураға салмақ салып, өлігімді артпауға шамам келетіндей дәулетім бары және рас.
Хатты әкеп беріп, шығып кеткен Батистенді граф қайыра шақырып алды.
— Тез Парижге қайтып барыңыз, — деді ол, — онда қалған қызметшілердің бірін қалдырмастан осында ертіп келіңіз. Олардың бәрінің де мұнда керегі болып тұр.
— Сонда қалай, үйде ешкім қалмай ма, граф мырза? — деп сұрады Батистен.
— Неге, қақпашы қалады.
— Бәлки, қақпашы отырған жер мен үйдің арасы тым алшақ екенін граф мырзаның ескергені жөн болар.
— Онда тұрған не бар?
— Үйді үптеп кетсе, қақпашы ештеңе естімей қалуы да мүмкін.
— Сонда үптейтін кім?
— Ұрылар да.
— Сіз барып тұрған есексіз, сударь. Қызметшілерден жетімсіздік көргеннен гөрі мен үшін сол үйді түп-түгел үптеп кеткенінің өзі көп артық.
Батистен тағзым етті.
— Сіз ұғып тұрсыз ба, — деді граф, — бірін қалдырмастан, осында түгел алып келіңіз; бірақ үй-жай сол қалпынша тұра берсін; тек төменгі қабаттағы терезе қақпақтарын қаусыра салыңыз; сонымен тәмат тамам.
— Ал, екінші қабаттағыны ше?
— Олардың ешқашанда жабылмайтынын өзіңіз де білесіз. Барыңыз.
Сонсоң граф оған түскі асты өзінің оңаша отырып ішетінін, өзіне тек Әлидің қызмет ететінін айтуға бұйырды.
Қашанғы әдетінше тамағын асықпай ішіп болған соң, Әлиге соңымнан еріп отыр деп әмір етті да, граф қақпадан өтіп, сейілдеп жүрген адамдай Булон тоғайына шейін барды, сосын байқаусыз бұрылып кеткендей, Париж жаққа беттеді, сөйтіп, ымырт үйіріле Елисей Далаңындағы өз үйінің қарсы бетінен бір-ақ шыққаны.
Үйдің іші қап-қараңғы екен; Батистен айтқандай, үйден қырық қадам жердегі қақпашының үйшігінен болар-болмас жарық сәуле белгі береді.
Ағашқа сүйеніп тұрған қалпы біреу-міреу жол торып жүрген жоқ па деген оймен Монте-Кристо екі қатар аллеяны, өткен-кеткендерді, іргелес көшелерді өткір көзімен жіті шолып шықты. Он минуттың ішінде өзінің ізін аңдып жүрген бейсауат ешкімнің жоғына көзі кәміл жетті.
Содан кейін лып етіп, Әлимен бірге жүгіріп барып шағын қақпаға кіріп кетті де, кілтімен ашып, қосалқы басқышпен жоғары көтерілген, терезе жабындардың ешқайсысына да тимей ептеп басып, жатын бөлмеге енді; иесіз тұрған үйге қожайынның қайтып оралғаны қақпашының қаперіне де кіріп-шыққан жоқ.
Бөлмеге енісімен граф Әлиге аялда деп белгі берді; сонсоң өзі будуарға өтіп, ішін асықпай қарап шықты; мұнда бәрі бәз қалпында екен; секретер де сол бұрынғы орнында боп шықты, кілті де аузында тұр. Граф екі бұрап жауып, кілтті суырып алды да, жатын бөлменің есігіне таяп кеп, ысырманың тұтқасын босатып алып, будуардан шығып кетті.
Бұл кезде Әли графтың айтқан қарулары: келте карабин мен тирде ататын пистолеттер сияқты дәл көздеуге мүмкіндік беретін екі қосауыз пистолетті үстел үстіне жайғастырып қойып жатқан. Ал мұндай қарулармен граф бес адамды бірден сұлататын еді.
Сағат тоғыз жарым шамасы болатын; граф пен Әли асығыс-үсігіс бір сындырым нанмен бір стақан испан шарабын ішіп алды; сонсоң граф іргелес бөлмеде не болып жатқанын бақылап отыруға арналған ысырмалы тақтайшаның серіппесін басты. Пистолеттері мен карабинін қасына сайлап қойды, ал Әли болса сонау кресшілер жорығы заманынан бері формасы өзгермеген араби айбалтаны ұстап оның жанында сақадай сай тұрған.
Будуардың терезесі сияқты, Елисей Далаңына қарайтын жатын бөлменің бір әйнегінен графқа көше жақ жақсы көрініп тұр.
Арада екі сағат уақыт өтті, айнала көзге түртсе көргісіз еді, сөйтсе де түз адамы болғандықтан, көзі қырағы Әли де, қараңғы түнекке әбден көзі үйренген граф та ауладағы әp бұтаның болар-болмас қозғалғанына шейін қалт жібермей қапысыз қадағалаумен отыр.
Қақпашының шырағы өшкелі не заман.
Егер де шынымен ұрылар үйге түсуге тәуекел еткен болса, терезеден түспей, төменгі қабаттағы басқышпен көтерілуге тиіс деп ойлауға болатындай еді. Монте-Кристо қаскүнемдердің мақсаты үйді тонау емес, өзін өлтіру болса керек деп түйді. Олай болған күнде, олар жатын бөлмені аңдыса керек, ал оған енудің амалы: не жасырын басқышпен көтеріледі, не будуардың әйнегінен түседі.
Граф Әлиге басқышқа шығар есіктің алдын күзеттіріп қойды да, өзі будуарды бақылаумен болды.
Жарымжандар үйіндегі жарсағат ширегі кем он екіні соқты; батыстан ескен өкпек желмен үш мәрте күңгір еткен дыбыс айқын естілді.
Сағаттың соңғы үні семіп үлгерместен граф будуар жақтан ақырын ғана әлдененің сықыр ете қалғанын аңдай қалды; сол сол-ақ екен; ізінше екі мәрте сықыр және естілді; ал әлгі сықырды құлағы төртінші мәрте шалғанда граф шүбәлануды қойды: әлдекімнің сұғанақ, епсекті қолы алмаспен әйнекті сызып кесіп жатыр еді.
Графтың жүрегі соғып кетті. Қанша қауіпке бойы үйреніп, еті өлген адам болса да, төнген қатерді қарсы алуға қаншама әзірмін дегенмен де сол мезетте жүрегінің аттай тулағанына, тұла бойын билеген сәл-пәл дірілге қарап, қиял мен шындықтың ойға алған нәрсе мен оны жүзеге асырудың арасы қаншалық алшақ екенін әрқашанда айқын сезінбек.
Монте-Кристо белгі беріп, Әлиді ескертіп қойды; бұдан қауіптің будуар жақтан төнгенін ұққан ол өзінің қожайынына тақау кеп тұрды.
Өз жауларының кім екенін және қанша адам екенін білгенше Монте-Кристоның тағаты жетер емес.
Алмаспен тілгенде сықыр-сықыр ете қалған терезе граф бақылап тұрған көзге тура қарама-қарсы болатын. Енді содан көз айырмады. Түн қараңғысында әлдененің ербиіп қарауытқан сұлбасын граф жазбай таныды; сосын, құдды сыртынан қағаз жапсырып қойғандай терезе шынысы тас түнек бола қалды да, іле-шала әйнек шатыр етті, бірақ жерге қирап түскен жоқ. Сонсоң әлгі ойықтан ішке сұғынған қол терезенің ілгешегін іздей бастады; сол мезетінде терезе ашылды да, ішке біреу енді. Кірген адам жалғыз болатын.
— Міне, жүрек жұтқан баукеспе! — деп күбірледі граф өз-өзінен.
Осы кезде иығына жайлап қана Әли қол тигізген соң граф бұрылып қарап еді, сөйтсе қызметшісі жатын бөлменің көше жаққа қараған терезесін мегзеп тұр екен.
Монте-Кристо енді солай қарай үш қадам аттап басып барып тоқтады; ол өзінің адал қызметшісінің керемет байқампаз, жітілігін бек жақсы білетін. Шынында да ол көп ұзамай қарсы беттегі қақпадан әлдекімнің қараңдап өтіп барып, жанындағы тас тұғырға шығып, үйде не боп, не қойғанын білмек болып, бойлай қарағанын байқады.
— Хош, — деді граф, — бұлар екеу екен: бірі іске кірісті, ал екіншісі оны сыртта күзетіп тұр.
Көшедегіге ықтият болғайсың деп Әлиге ишарат білдіріп ескерткен Монте-Кристо енді будуарға енген ұрыны бақыламақ болып, бұрынғы орнына қайтып келді.
Сөйтсе, будуарға түскен ұры бұл кезде мысық табандап, екі қолын алға созған күйі бөлменің ішін байқастап жүр екен.
Ақыры, бөлменің ішін әбден зерттеп болса керек, ұры будуардағы екі есіктің екеуінің де ысырмасын жауып, тарс бекітіп тастады.
Ол жатын бөлмеге шығатын есікке қарай беттеген кезде бері қарай өтеді екен деп қалған Монте-Кристо дереу пистолетіне жармасты; бірақ іле-шала мыс топсалы жарманың баяу сырғыған дыбысы естілді. Бұл ұрының сақтық үшін істеген амалытұғын, есіктің қапсырма темірін алдын ала графтың алып тастағанынан мүлде бейхабар түнгі келімсек енді асықпай-саспай іске кірісуге болады деп шешсе керек.
Кең қалтасынан әлдеқандай бір затты алып шағын үстелдің үстіне қойған соң, ұры секретерге кеп, тартпаның аузын сипалап көрді де, күтпеген жерден кілттің болмай шыққанына көзі жетті.
Бірақ әккі баукеспе бәрін де алдын ала ойластырып қойған екен. Графтың құлағы дағдылы сылдырды шалып қалды: әдетте бұзылған құлыпты жөндеуге келген слесарьдың қолындағы бір топ желбезек кілт осылай сылдырлайтын. Ұрылар мұндай топ кілтті «бұлбұлдар» деп атайтын, тегі түн қараңғысында құлыптарды ашқанда зың ете қалатын дыбысына құлақ құрышы қанып, сүйсінетін болса керек.
— Е, бұл жай ғана ұры болды, — деп күбірледі Монте-Кристо көңілі толмай.
Секретердің құлпына дәл түсетін кілтті таппай қараңғыда ұры біраз әуре болды. Сонда барып ол әлгінде өзі столға қойып кеткен нәрсені қолына алып, серіппесін басып қалып еді, әлсіз жарық түсті, бірақ қанша әлсіз болғанымен ұрының қолы мен бет-жүзі айқын көрініп қалды.
— Ал керек болса! — деп күңк ете қалған Монте-Кристо таң-тамаша болып кейін шегіншектей берді. — Мынау әлгі...
Әли айбалтасын оқтала берді.
— Қыбыр етпе, — деді оған Монте-Кристо сыбырлап, — айбалтаңды орнына қой; енді бізге қарудың қажеті жоқ.
Сонсоң даусын бұрынғыдан бетер бәсеңдетіп граф тағы бірер сөз айтты, өйткені әлгінде таңырқай күңк ете қалғанда, үні қанша баяу шықты дегенмен секемшіл ұры селк етіп, ежелгі заманның шырақшыларының кейпінде сілтідей тынып, қатып қалған болатын.
Граф айтарын айтып болған соң, Әли аңдап басып қабырғадағы қуысқа таяп кеп, еппен ғана киімілгіштен малынған қара түсті сырт киім мен үшкіл телпекті алды. Бұл кезде Монте-Кристо үстіндегі сүртүгін, желеті мен көйлегін жалма-жан шешіп үлгерген болатын; жылжымалы тақтайшаның саңылауынан сығырайып түскен сәулемен графтың кеудесіндегі икемді, жұқа сауытты ажыратуға болатын еді, қанжар салып алар деп қауіптенуді қойған соң, Францияда бұл күнде мұндай сауытты XVI Людовиктен кейін ешкім кимейтін болған, қапыда қанжар сілтер деп үнемі сауыт киіп сақтанып жүрген корольдің ажалы да қанжардан емес, балтадан болғаны әмбеге аян.
Граф үстіне ұзын желбегей жамылғанда әлгі сауыт демде сырт көзге көрінбей қалды, ал басына төбесі жалтыр парик кигенде шашының бар-жоғы білінбейтін болды; бұдан кейін париктің үстінен үшкіл телпек киген граф аумаған аббаттың өзі болды да қойды.
Біраз тың тыңдап, бейсауат дыбыс естілмеген соң, ұры бойын қайта жазып, Монте-Кристо киімін ауыстырып жатқанда, секретерге кеп «бұлбұлымен» шытырлатып құлыпты аша бастаған болатын.
— Жарайды, мақұл, әлі бірер минут күйбеңдей тұр! — деп күбірледі граф; тегі, ұры қанша әккі болғанымен, құлыптың әлдеқандай бір кілтипанына сенген түрі бар.
Сонсоң Монте-Кристо терезе жанына келді.
Тыстағы адам бұл кезде тұғырдан түсіп, көшеде ірлі-берлі сенделіп жүр екен; Бірақ мына қызықты қараңыз: біреу-міреу кеп қалар деп Елисей Далаңы жақты, яки болмаса, Сент-Оноре предместье тұсын қадағалаудың орнына оның бар есіл-дерті графтың үйінде не болып жатқанын білу болса керек, әйтеуір будуар жаққа мойын созумен әуре.
Мұны бақылап тұрған Монте-Кристо бір кезде алақанымен маңдайын қойып қалды да, үн-түнсіз миығынан күлді.
Сонсоң Әлидің жанына қайтып келді.
— Осы қараңғы таса жерден қозғалушы болма, — деді ол Әлиге естілер-естілмес қып, — және не естіп-білсең де, не болып, не қойса да оған назар аударып, бұл жерден шығып жүрме, өзім атыңды атап шақырғанша қасыма келуші болма.
Әли басын шұлғыды.
Сосын, Монте-Кристо шкафтан жанып тұрған май шамды алды да, ұрының құлыпты ашуға ынты-шынтымен кіріскен сәтін бағып тұрып, есікті аңдаусыз ашып, жарық сәулені оның бетіне бағыттады.
Есіктің тықырсыз ашылғаны сондай, ұры ештеңенің сыбысын сезбей қалды. Бірақ аяқ астынан бөлменің жарқырап кеткенін заматында аңғарды ол.
Ұры кейін бұрылып қарады.
— Кеш жарық, қымбатты Кадрусс мырза! — деді Монте-Кристо. — Түннің бір уағында мұнда неғып жүрсіз?
— Аббат Бузони! — деді Кадрусс абдырап.
Екі есіктің екеуін де тарс бекітіп тастағанына сенімі кәміл ұры осынау жұмбақ жанның төбеден түскендей қайдан тап ете қалғанына ақылы жетпей дағдарып, тұрған орнында тастай қатты да қалды, қолындағы топ кілті жерге түсіп кетті.
Терезе жақтан келген граф зәре-иманы ұшқан Кадруссқа кейін шегінер жер қалдырмай, жолын қиып тастаған еді.
— Аббат Бузони! — деді тағы да аузына басқа сөз түспей абдыраған Кадрусс графқа қарап.
— Иә, аббат Бузонимін! — деді Монте-Кристо. — Дәп соның өзі; және мені жыға танығаныңызға өте қуаныштымын, қымбатты Кадрусс мырза; бұл сіздің жадыңыздың мықты екеніне айқын дәлел болмақ, өйткені, сіз бен біз, егер жаңылыспасам, он жылдан бері көріспедік-ау деймін.
Мұншалық салқынқандылықпен графтың кекетіп, өктем сөйлегенін көргенде, Кадрусстың мүлде жүні жығылып, әбден есі шығып, есеңгіреп қалды.
— Аббат! — деп мыңқылдады ол екі қолын сермелеп, тісі тісіне тимей.
— Сонымен, граф Монте-Кристоны үптемек болғаныңыз ғой! — деп жалғастырды сөзін жалған аббат.
— Аббат мырза, — деп күмілжіді Кадрусс, графтың тұсынан терезе жаққа лып ете қалмақ боп жаны шығып, — аббат мырза, тіпті, өзім де білмей қалдым... сенер болсаңыз... ант ұрсын...
— Кесілген шыны, — деп сабақтады сөзін граф, — жасырын шам, бір топ кілт, жартылай бұзылған секретер — мұның бәрінен жағдай айтпаса да түсінікті болды.
Бой тасалар қалтарыс іздеп, кірерге тесік таппай амалы құрыған Кадрусс жан-жағына алақтаумен болды.
— Көріп тұрмын, бәз қалпыңызда қалыпсыз, кісі өлтіруші мырза, — деді граф.
— Аббат мырза, оның бәрін білетін болсаңыз, оған кінәлі мен емес, Карконта екенін де білуіңіз керек; мұны сот та айғақтаған: мені тек галераға11 жіберуге үкім шығарғаны да сондықтан.
— Онда қайтып баруға тырысатындай, немене, мерзіміңізді өтеп қойып па едіңіз?
— Жоқ, аббат мырза, мені бір адам босатып алған.
— Ендеше, ол кісі қоғамға көп жеңілдік жасаған екен.
— Бірақ, мен уағда берген едім... — деді Кадрусс.
— Сөйтіп, каторгадан қашып кеттің ғой? — деп Монте-Кристо оның сөзін бөліп жіберді.
— Басқа лаж болмады, — деп жауап қайырды зәре-құты қалмаған Кадрусс.
— Ауыр қылмыс қайталанып отыр ғой, сонымен?.. Бұл үшін егер мен жаңылыспасам, гильотинаға кесетін еді ғой. Менің елімдегі қушыкештер айтқандай, онда тіпті, шаруа шатақ болғаны, диаволо.
— Аббат мырза, мені бір шайтан азғырғаны...
— Қылмыскердің бәрі солай дейді.
— Тұрмыс қысып...
— Қойыңыз, — деп Бузони жиіркенішпен, — жоқ адам қайыр сұрайды, дүкеннен нан ұрлар болар, бірақ өлсе өздігінен кеп иесіз үйге түсіп, секретерін бұзбайды. Сонда немене, менен алған алмасыңыз үшін зергер көпес Жоаннес қырық бес мың франкті өз қолымен санап бергенде, әрі асыл тасты, әрі әлгі ақшаны иемденіп қалу үшін оны өлтіргенде де сіз жоқшылықтан өлтірдіңіз бе?
— Кеше гөріңіз мені, аббат мырза, — деді Кадрусс, — сіз мені бұдан да бір мәрте құтқарып едіңіз, енді осы сапарда да құтқарып жіберіңіз.
— Ол тәжірибені енді қайталауға аса құлқым соғып тұрған жоқ.
— Сіз мұнда жалғызсыз ба, аббат мырза? — деп сұрады Кадрусс, жалбарына алақанын жайып. — Әлде мені ұстатқалы әзірлеп қойған жандармдарыңыз бар ма?
— Менен басқа ешкім жоқ, — деді аббат, — егер бәрін мойындап, маған ақ адал шыныңызды айтар болсаңыз менің көңілшектігімнен әлі талайлардың сорлауы мүмкін екенін біле тұра сізге аяушылық етіп босатып қоя беруге мен даяр.
— Аббат мырза, — деп елпілдеді Кадрусс, Монте-Кристоға бір қадам жақындап, — міне, сіз шын мәнісінде менің құтқарушымсыз.
— Сіз әлгінде каторгадан қашып кетуіңізге біреу жәрдем етті дедіңіз бе осы?
— Бұл айдай ақиқат, менің сөзіме бағыңыз, аббат мырза!
— Ол кім?
— Бір ағылшын.
— Аты-жөні кім?
— Лорд Уилмор.
— Мен оны танимын; сөзіңіздің анық-танығын тексеремін әлі.
— Аббат мырза, бұл айтып тұрғаным кәміл шындық.
— Сөйтіп, әлгі ағылшын сізге қамқорлық жасаған екен ғой.
— Маған емес, менімен бір шынжырмен кісенделген корсикан жігітке жақсылық жасады.
— Корсикан жігіттің аты-жөні кім еді?
— Бенедетто.
— Бұл тек есімі ғана ғой.
— Оның фамилиясы жоқ, тастанды бала болатын.
— Ол жігіт те сізбен бірге қашты ма?
— Иә.
— Қайтіп?
— Біз Тулонның түбіндегі Сен-Мандриеде жұмыс істеп жатқанбыз. Сіз Сен-Мандриені білуші ме едіңіз?
— Білемін.
— Сөйтіп, түс әлетінде сағат бірге шейін жұрттың бәрі қалың ұйқыда жатқанда...
— Каторжниктер түсте дамылдайды екен де! Осыдан кейін оларды қайтып аярсың! — деді аббат.
— Енді қалай деп едіңіз, — деп қалды Кадрусс. — Ылғи жұмыс істей беруге болмайды ғой, ит деп пе едіңіз бізді.
— Ит болмағаныңыз иттердің бағы да — деді Монте-Кристо.
— Жұрт дамылдап жатқанда біз оқшауырақ, оңаша шығып, әлгі ағылшын берген егеумен бұғауымызды егеп үздік те, жүзіп қашып құтылдық.
— Соныменен Бенедетто не болды?
— Білмеймін.
— Сіз білуге тиіссіз.
— Рас, білмеймін. Біз Гиерде айырылысқанбыз.
Соны айтып, сөзінің ақиқат екенін дәлелдегісі келген адамдай Кадрусс сол сабырлы қалпы өзін сынай қарап тұрған аббатқа тағы да бір қадым жақындай түсті.
— Сіз жалған айтып тұрсыз, — деді ызбарлана сөйлеген аббат Бузони.
— Аббат мырза!
— Жалған айтып тұрсыз! Ол бұрынғысынша сізбен дос, тіпті, сыбайласыңыз болуы да мүмкін.
— Аббат мырза!
— Тулоннан қашып шыққалы қалай күн көріп жүрсіз? Жауап беріңіз.
— Қалай болса, солай.
— Сіз жалған айтып тұрсыз! — деп үшінші мәрте қайталады аббат бұрынғыдан бетер өктем сөйлеп.
Кадрусс аббатқа шошына қарады.
— Сіз, — деп сөзін жалғастырды аббат, — соның берген ақшасымен күнелтіп жүрсіз.
— Иә, оныңыз рас, — деді Кадрусс, — Бенедетто бұл күнде бір асыл текті ақсүйекке бала болып алған.
— Ақсүйекке қалайша бала болмақ ол сонда?
— Асыранды баласы болған.
— Ол ақсүйектің аты кім?
— Граф Монте-Кристо, осы үйдің иесі.
— Бенедетто — графтың ұлы деймісіз? — деді, енді шынымен қайран қалған Монте-Кристо.
— Иә, рет-жөні солай. Оған жалған әке іздеп тапқан да граф, айына төрт мың франк беріп отыратын да граф, өсиетнамасында оған бес жүз франк мұра қалдыратын болған да сол граф.
— Ал керек болса! — деді жалған аббат, мәселенің байыбына енді-енді ғана көзі жетіп. — Ал қазір ол жігіттің есімі қандай?
— Андреа Кавальканти.
— Ендеше ол менің досым граф Монте-Кристонікінде болып жүретін, мадемуазель Дангларға үйленгелі жүрген болды ғой?
— Дәп өзі.
— Бұған қалай төзіп жүрсіз, жазған-ау! Оның өмір тарихын біле тұрып, қандай қаныпезер екенін көре тұрып қалай шыдайсыз?
— Жолдасыма неге бөгет жасауға тиіспін мен? — деп сауал қойды Кадрусс.
— Рас, енді Данглар мырзаны ескерту менің міндетім.
— Өйте көрмеңіз, аббат мырза!
— Неге?
— Өйткені, бізді жеп жүрген нанымыздан қағасыз.
— Сонда қалай, екі сұмқаданның күнкөрісі үшін солардың қулық-сұмдығына әмпей, олардың қылмысына ортақ, сыбайлас болуым керек екен ғой сіздің ойыңызша?
— Аббат мырза! — деп жік-жаппар болды Кадрусс бұрынғыдан да тақай түсіп.
— Бәрін де айтамын.
— Кімге?
— Данглар мырзаға.
— Атаңның басын айтарсың! — деп зірк еткен Кадрусс пышағын суырып алып, графтың өңменінен періп қалды, — енді айтқаныңды көріп алайын, аббат!
Сілтеген пышағының графқа дарымай кейін серіпкенін көргенде Кадрусстың есі шығып кетті.
Граф заматында сол қолымен лып еткізіп Кадрусстың білезігінен шап беріп ұстай алып қатты сығып қалып еді, жаны көзіне көрінген қанішер ышқына шыңғырып жіберді, қолындағы пышағы жерге түсіп кетті.
Бірақ оның шыңғырғанына селт еткен граф жоқ, Кадрусс әуелі тізерлей құлап, одан соң етпетінен жалп ете түскенше қолын бұрай берді.
Сонсоң аяғымен қаскүнемнің басын басып тұрды да:
— Басыңның мылжа-мылжасын шығару керек еді сен иттің, — деді.
— Жаздым, жаңылдым! — деп безек қақты Кадрусс.
Граф оның басынан аяғын алды.
— Тұр! — деді Монте-Кристо.
Кадрусс түрегелді.
— Ойпырау, қолыңыздың қаттысын-ай, аббат мырза! — деді ол жаны кеткен оң қолын сол қолымен уқалап тұрып. — Неткен алапат күш!
— Өшір үніңді! Сендей қанқұмар хайуанды ауыздықтау үшін тәңірімнің өзі маған қуат берген. Есіңде болсын, жауыз, мен әманда тек құдай атымен іс қылам. Егер осы жолы да жаның қалса, ол тек жаратқан жаббардың жар болғаны!
— УҺ! — деп күңк етті Кадрусс есін әзер дегенде жиып.
— Міне, саған қағаз бен қалам. Мен не айтсам, соны жазатын боласың.
— Мен жаза білмеймін, аббат мырза.
— Өтірік айтпа; қолыңа қалам ал да жаз.
Кадрусс отырып, шарасыздан жаза бастады:
«Марқабатты тақсыр, сіз өз үйіңізде хош алып қабылдап жүрген және қызыңызды бергелі жүрген адамыңыз — менімен бірге Тулон каторгасынан қашып кеткен қашқын каторжник; оның нөмірі 59 да, менің нөмірім 58 болатын.
Оның аты Бенедеттотұғын; ал өзінің шын атын ол білмейді, өйткені ғұмыры әке-шешесін көріп-білген жан емес».
— Қолыңды қой! — деді ақырында граф.
— Мені құртайын дегеніңіз бе?
— Әумесер, егер көзіңді құртпақ болсам, сені полицияға жөнелтпес пе ем; оның үстіне бұл хат иесіне жеткен кезде, сенің ештеңеден қауіп ойламайтын жағдайда болуың да ықтимал, қолыңды қой.
Кадрусс қол қойды.
— Енді былай деп жаз: барон Данглар мырзаға, банкирге, Шоссе-д'Антен көшесі.
Кадрусс адресті жазып шықты.
Аббат хатты алып алды.
— Енді тай, — деді ол.
— Қай жолмен кетейін?
— Келген жолыңмен.
— Мына терезеден шықсын деп тұрсыз ба мені?
— Терезеден кірген өзің ғой.
— Маған бәле ойлап тұрған жоқсыз ба, аббат мырза?
— Ақымақ, саған не бәле ойлаушы ем?
— Неге мені қақпадан шығарып жібермейсіз?
— Қақпашыны оятып қайтем?
— Аббат мырза, саған өлім тілемеймін деп өз аузыңыздан айтыңызшы маған.
— Тәңірі не қаласа, мен соны қалаймын.
— Ендеше төмен түскенше мені өлтірмеймін деп серт етіңізші.
— Нағыз сужүрек сүмелек екенсің өзің!
— Енді маған не істемекшісіз?
— Оны сенің өзіңнен сұрау керек. Бақытты адам болсын деп едім, кісі өлтіруші боп шыққан өзің ғой!
— Аббат мырза, — деді Кадрусс, — енді ақырғы рет бір кеңшілік етіңіз-дағы.
— Жарайды, — деді граф. — Ешқашан да сөзімді жұтпайтынымды білесің ғой?
— Иә, — деді Кадрусс.
— Егерде осыдан үйіңе есен-сау оралатын болсаң...
— Сізден басқа менің қорқатын кімім бар?
— Егерде осыдан үйіңе есен-сау оралатын болсаң, Парижден тай, Франциядан табаныңды жалтырат; қайда жүріп, қайда тұрсаң да адал өмір сүретін болсаң, мен саған аздан қаражат бөліп қарасып тұрармын; тек, егерде осыдан үйіңе есен-сау оралатын болсаң, онда...
— Онда? — деп сұрады Кадрусс қалш-қалш етіп.
— Онда тәңірі сенің күнәңды кешкен екен деймін де, мен де кешер боламын.
— Сіз менің төбе шашымды тік тұрғыздыңыз ғой! — деп мыңқылдады Кадрусс шегіншектей беріп.
— Енді кете бер! — деп граф Кадрусске терезені нұсқады.
Графтың берген уағдасына онша сеніңкіремеген Кадрусс терезеден шығып, бір аяғын жиылмалы сатыға салды да, сол қалпы қалшылдап-дірілдеп қалшиып тұрып қалды.
— Енді түсе бер, — деді аббат екі қолын қусырынып.
Ақыры бұл жақтан ешқандай қатер төнбесіне көзі жетсе керек, Кадрусс сатымен төмен түсе бастады.
Сол кезде граф қолына май шамын ұстаған күйі терезеге таяу кеп тоқтады, біреудің терезеден түсіп келе жатқаны, ал екінші адамның оған жарық қылып тұрғаны көрініп тұр еді.
— Мұныңыз не, аббат мырза? — деді Кадрусс. — Егер қарауыл көре қалса...
Соны айтып ол майшамды үрлеп өшірді.
Сонсоң төмен түсіп кетті; тек жерге аяғы тигенде барып Кадрусстың жүрегі орнына түсейін деді.
Өзінің жатын бөлмесіне қайтып оралған Монте-Кристо бақтың ішін, сонсоң көше жақты лезде шолып өтіп еді, әуелі көзіне шалынғаны — төмен түскен соң, бақты айналып өтіп, алғаш осында кірген жерінен емес, басқа жерден шығып кету үшін жиылмалы сатысын қоршаудың қарсы жақ беттегі шетіне апарып іліп жатқан Кадрусс болды.
Сосын, көше бетке қайыра көз тастап еді, бағанадан сырттан торып, тосып тұрған адамның көше бойлап Кадрусс кеткен жаққа қарай жүгіріп бара жатқанын, содан дәп Кадрусс ар жаққа өтпек болған бұрыштың тұсына барып тоқтағанын көрді.
Сатымен асықпай-саспай көтерілген Кадрусс ең жоғарғы басқышқа шыққан соң көшеде бейсауат ешкім жоқ па екен деп, қоршаудың ішінен жақсылап қарап алды.
Көшеде тірі пенде жоқ болатын, айнала құлаққа ұрған танадай.
Жарымжандар үйінің жарсағаты түнгі бірді соқты.
Кадрусс енді қоршауға аяғын алшайтып мінген қалпы, сатысын өзіне тартып алды да, іле-шала қабырғаның сырт жағына орнықты ғып іліктіріп, өзі сонымен төмен түсе бастады, яки, нақтырақ айтсақ, сатының сырғауылымен еңіске қарай сырғанай жөнелді; бұл оның машықты кәсібі екені байқалды.
Бір сырғанап кеткен соң енді тоқтар болмады; сатының орта шеніне жете бергенде, қараңғы бұрыштан әлдекімнің атқып шыққанын байқап қалғанымен, аяғы жерге тиер-тиместе әлгі адамның өзіне қол сілтегенін Кадрусс өз көзімен көргенімен не шара, тоқтауға мүмкіндігі болмады; қорғанып үлгеруге мұршасын келтірмей ту сыртынан бар пәрменімен құлаштай ұрғанда, кенет сатыны қоя берген Кадрусс жан даусы шықты:
— Құтқарыңдар!
Сол мезетте бүйірден тиген екінші соққыдан Кадрусс ұшып түсті.
— Өлдім! — деп ышқына ойбайлады ол.
Әлгі қаскүнем енді Кадрусстың шашынан шап беріп ұстай алды да, көкірегінен тағы бір періп өтті.
Бұл жолы да шыңғырмақ болып еді, бірақ Кадрусстың тек ыңырсуға ғана шамасы келді, пышақ тиген үш жарақатынан бірдей қан атқылап жатты.
Құрмалдығының үні шықпай қалғанын байқаған қанішер оның шашынан тартып, басын көтеріп көріп еді, Кадрусстың көзі жұмылып, аузы қисайып кеткен екен. Оны өлдіге жорып, басты тастай салды да, лезде ғайып болды.
VI. ҚҰДАЙДЫҢ ОҢ ҚОЛЫ
Өлмеші Кадрусстың үні:
— Аббат мырза, құтқарыңыз! Құтқарыңыз! — дегендей өлеусірей шықты.
— Не боп қалды? — деп сұрады Монте-Кристо.
— Құтқарыңыз! — деп қайталады Кадрусс. — Мені өлтіріп кетті.
— Қазір барамыз, шыдай тұрыңыз.
— Бітті бәрі де! Кеш қалдыңыз! Қалай өлгенімді көретін болдыңыз енді. Жайратып кетті ғой! Қызыл ала қан қылды!
Кадрусс есінен танып қалды.
Әли мен қожайыны екеуі екі жақтан көтеріп, жаралы Кадруссты үйге әкеп енгізді. Монте-Кристоның бұйрығымен Әли ұрыны шешіндіріп еді, үш жарақатты көрген адамның аза бойы қаза тұрғандай екен.
— Құдая, — деді граф, — сенің зауалың кейде кешігіп келетіні бар; бірақ кешіккен сайын кесепаты сұмдық-ау.
Әли енді не істейміз дегендей қожайынына қарады.
— Сент-Оноре предместьесіне аттан қазір, сонда барып король прокуроры де Вильфор мырзаны осында алып кел. Жолшыбай қақпашыны оятып, дәрігерге жұмса.
Жалған аббатты әлі есі кірмеген Кадрусстың жанында қалдырып, Әли қожайынының бұйрығын орындауға жөнелді.
Бақытсыз бейбақ есі кіріп, қайта көзін ашқанда одан бірер қадам жерде отырған граф қабағын қарс жауып қабырғасы қайысып, күбірлеп дұға оқығандай кейіпте еді.
— Дәрігер, дәрігер, — деп ыңырсыды Кадрусс.
— Дәрігерге кісі жібердік, — деп тіл қатты аббат.
— Одан көмек жоқ, оны білемін, мен бәрібір өлген адаммын, бірақ бәлки, сәл демей тұрса, айтарымды айтып кетер едім.
— Не жайында?
— Мені өлтірген кісі жайлы.
— Е, оны білуші ме едіңіз?
— Білмей ше! Бенедетто ғой.
— Әлгі корсикан жігіт пе?
— Дәп сол.
— Өзіңіздің жолдасыңыз ба?
— Иә. Егер мен графты өлтіргендей болсам, мұраға ие болармын деген үмітпен, ал граф мені өлтіргендей жағдайда менен құтылмақ оймен осы үйдің жобасын маған берген сол. Енді көшеде аңдып тұрып, қапысын тауып өлтіріп кеткені мынау.
— Бірден дәрігерге де, король прокурорына да кісі жіберем.
— Үлгермейді, — деді Кадрусс, — бойымдағы барлық қаным ағып бітетінін сезіп жатырмын.
— Сабыр етіңіз, — деді Монто-Кристо.
Сонсоң бөлмеден шығып кетті де, қолына бір шиша ұстап қайта оралды.
Қос жанары таскөзденіп адам шошырлық кейіпте қимылсыз қатып қалған өлексе, дәтке қуат берер жәрдем келерін іштей түйсініп, граф шығып кеткен есікке тесіле қараумен болған.
— Тезірек, аббат мырза, тезірек! — деді ол, — Есімнен қазір танғалы жатырмын.
Жарадар бейбақтың жанына келіп, Монте-Кристо оның көкпеңбек ерніне шишадан үш тамшы тамызды.
Кадрусс терең күрсінді.
— Тағы да... тағы да... — деді ол. — Сіз мені тірілтіп келе жатырсыз.
— Енді екі тамшы тамызсам өліп кетесіз, — деп түсіндірді аббат.
— Неғып әлі келмей жатыр? Қанішердің атын айтып өлейін деп едім!
— Қаласаңыз айтқаныңызды қағазға жазып отырайын? Соңына қолыңызды қоярсыз.
— Иә... иә... — деді Кадрусс, өлсем де кегімді ала кетейін деген ойдан көзіне нұр жүгіріп.
Монте-Кристо жаза бастады:
«Мен Тулонда каторгада бірге болған жолдасым, 59 нөмірлі қылмыскер, қанішер корсикан Бенедеттоның салған жарақатынан өліп бара жатырмын».
— Тезірек, тезірек! — деді Кадрусс. — Әйтпесе, қол қойып үлгерер емеспін.
Дереу Монте-Кристо ұсынған қаламмен соңғы күшін сарқып қолын қойды да, Кадрусс шалқалап жата кетті.
— Қалғанын өз аузыңызбен айтып берерсіз, аббат мырза, — деді ол. — Оның өзін Андреа Кавальканти деп атайтынын айтарсыз. Ханзадалар мейманханасында тұрады дерсіз, сосын... Құдайым-ай өліп барамын!
Кадрусс тағы да есінен танып калды. Аббат шишасынан қайыра тамызып еді, жарадар Кадрусс көзін тағы да ашып алды.
Талықсып жатса да, қайтсем кегімді қайтарамын деген ой оның көкейінен кетпей қойды.
— Бәрін де айтып бересіз ғой, аббат мырза, солай ма?
— Бәрін де айтамын, әрине және басқасын да ұмытпаспын.
— Басқа немене айтасыз?
— Граф сізді өлтірер деген үмітпен ол осы үйдің жобасын сызып берген болса керек дегенді айтпақпын. Графқа хат жіберіп, оның алдын ала ескерткенін де жасырмаймын; сонсоң граф үйде болмағандықтан әлгі хаттың менің қолыма тигенін, сөйтіп сізді өзім күтіп алғанымды әңгімелеп бермекпін.
— Оны өлім жазасына кеседі ғой? — деді Кадрусс. — Өлім жазасын береді деп осыған уәде етсеңізші? Мен осы үмітпен өлейін, бұлай өлу маған жеңіл.
— Ол сіздің ізіңізбен іле-шала келді деймін, — деп сабақтады сөзін граф, — және ылғи аңдумен болды; сіздің терезеден шыққаныңызды көріп, жүгіріп бұрышты айналып кетті де, сонда тығылып қалды деп айтам.
— Ендеше, сіз бәрін көріп тұрған екенсіз де.
— «Егерде осыдан үйіңе есен-сау оралатын болсаң, тәңірі сенің күнәңды кешкен екен деймін де, мен де кешер боламын», — деген сөзімді есіңе түсір.
— Біле тұрып сақтандырмағаныңыз ба? — деп безілдеді Кадрусс, шынтақтай көтерілмек боп жанталасып. — Осынан шығысымен оның өлтіретінін біле тұрып, мені ескертпеген болдыңыз ғой ендеше?
— Ескертпедім, өйткені Бенедеттоны құдайдың саған жіберген зауалы деп білдім, ал оған қарсылық етуді күпіршілік санаймын.
— Құдайдың зауалы! Оны маған айтпай-ақ қойыңыз, аббат мырза. Егер құдай бар болса талай адамның сазайын тартарын сіз өзгеден гөрі жақсырақ білсеңіз керек.
— Бақұл болу керек, — деді аббат, өлім аузында жатқан Кадрустың иманын үйіріп, — бақұл болу керек.
Қайран қалған Кадрусс графқа аңыра қарады.
— Оның үстіне, — деді аббат, — иісі пенде баласына жаратқанның рақымы мол, саған да көп рақым етті ол. Ең әуелі ол баршамызға әке, сонан кейін барып әділ қазы.
— Сонда құдайға сенетін болғаныңыз ба? — деді Кадрусс.
— Егерде мен осы күнге дейін қарғыс атып, сенбей келген болсам, — деді Монте-Кристо, — онда мына сені көріп тұрып бәрібір құдайдың барына енді сенген болар едім.
Кадрусс көкке қарап жұдырығын түйді.
— Бері қара, — деді аббат, өлмеші ұрыға қолын жая төніп, құдды сөзіне кәміл сенуге әмір еткендей, — өзің өлім аузында жатып жоққа шығарған тәңірің мына сен үшін қандай жақсылық істегенін біліп ал: ол деніңе саулық берді, бойыңа қуат берді, еңбек етіп күнелтуге нәсіп қылды, тіпті, достар тауып берді, саған қысқасы, ақ тілеумен, адал өмір сүрген, ар-ожданы таза басы жұмыр пенде қанағат тұтар тіршілік берді. Мұндай кеңшілік жасай бермейтін тәңірінің бұл рақымына шүкірлік етудің орнына сен не істедің? Сен жатыпішер жалқау боп, маскүнемдікке салындың, мас күйіңде ең жақын достарыңның бірін сатып жібердің.
— Құтқарыңдар! — деп байбалам салды Кадрусс. — Маған уағызшы қажет емес, дәрігер қажет; бәлки, бұл жарақаттан өлмейтін шығармын, мені аман алып қалуға болатын шығар!
— Бұл жарақаттан тірі қалмайсың бәрібір, егер әлгі шишадан тамызбағанда баяғыда тіл тартпай кететін ең. Онан да айтқанды тыңда!
— Өзіңіз қызық священник екенсіз! — деп сыбырлады Кадрусс. — Өлім аузында жатқан адамның көңілін жұбатудың орнына, оны соңғы үмітінен айырмаңыз!
— Құлағың сал, — деп сөзін жалғастырды аббат, — досыңды сатып кеткенде тәңірі сені жазалаған жоқ, бірақ тәубасына келсін деп қайыршылыққа душар қылды, сен аш жүрдің. Бұл дүниеде адал еңбек етіп, рақатын көрудің орнына сен ғұмырыңның тең жарымын күншілдікпен өткіздің. Қылмыс жасауға сол кезде-ақ ниет еткен болатынсың, оны жоқшылықтан деп желеу ғып, өзіңді-өзің жұбатқан болдың. Құдай жарылқап, мен арқылы сендей жоқ-жітікті аяқ астынан дәулетке қарқ қылды. Аспаннан түсе қалған, өңің түгіл түсіңе кіріп-шықпаған бұл байлық қолыңа тиісімен саған енді аз көрінді, ашкөздікпен байыған үстіне байығың келді. Бірақ қайтіп байымақ керек? Сөйтiп, кісі өлтіру қажет болды. Сен баюын байып тындың, ал мұны хош көрмеген тәңірі күллі бергенін қайтып алды да, сені адамзат сотының алдынан бірақ шығарды.
— Мен емес, — деді Кадрусс, — еврейді өлтірмек болған мен емес, Карконта болатын.
— Хош, — деді Монте-Кристо. — Сөйтіп, шапағаты шексіз жаббар ие өлім жазасына лайық болсаң да саған кәрін тіккен жоқ, сенің сөзіңнің соттардың көңілінен шығуына кеңшілік етті, соның арқасында сен тірі қалдың.
— Сөз болғаныңа! Мені мәңгі каторгаға кесті емес пе? Жарылқағаны сол ма!
— Бірақ сен сорлы, ол жақсылықтың қадірін білдің бе. Өлім жазасын күтіп иманы ұшып отырған сен арамза мәңгілік масқара болып каторгаға айдалатыныңды естігенде төбең көкке бір-ақ жетті. Өйткені басқа каторжниктер сияқты сен де өзіңді каторгадан құтылып кетуге болады, ал көрден құтыла алмайсың деп жұбаттың. Және айтқаның айдай келді: ойламаған жерден абақтының қақпасы сен дегенде айқара ашылды. Өмірімде екі адамды қуғын-сүргіннен құтқарып сауабын алармын деп өзіне серт еткен ағылшынның күтпеген жерден келе қалғаны; сәтін салып, оның назары жолдасың екеуіңе түскені; тағы да құдайдың рақымымен бағың жанып, құдды көктен түскендей көп ақшаға қарық болып, рақатқа баттың да қалдың; өмір-бақи каторжник боп өтуге тиісті мына сен тағы да адам санатына қосылып, дұрыс өмір сүруге мүмкіндік алдың; әне, сол кезде, осымен үшінші мәрте қара басып, сені тағы да құдай ұрды. Маған бұл да аз деп қомсындың сен; ал шындығында, ғұмыры бұлайша баққа кенелген жоқ едің; сөйтіп, ешқандай себепсіз, дәлел-дәйексіз сен үшінші рет қылмыс жасадың. Сонымен, тәңірінің де төзімі бітті. Тәңірі зауалыңды берді.
Кадрусс талықсып бара жатты.
— Су... — деді ол, — су беріңдер... күйіп-жанып барам! Монте-Кристо оған бір стақан су берді.
— Суайт қой Бенедетто, — деді Кадрусс, стақанды қайтып беріп жатып, — амалын тауып құтылып кетеді әлі.
— Ешкім де құтылып кете алмайды деп отырмын ғой саған... Бенедетто сазайын тартады!
— Онда сіз де жаза тартуға лайықсыз, — деді Кадрусс, — өйткені, сіз священник ретінде міндетіңізді адал атқармадыңыз ғой... Бенедеттоның мені өлтіруіне жол бермеуіңіз керек еді.
— Мен бе! — деген графтың зәрлі күлкісін көргенде өлім халінде жатқан Кадрусстың жүрегі тоқтап қалғандай болды. — Сілтеген пышағың үстімдегі сауытыма тиіп қақ бөлінген соң, Бенедеттоның өлтіруіне жол бермеуге мен борышкер екенмін ғой! Әлбетте егер сен тобаңды біліп, тәубаға келген болсаң бір сәрі, онда Бенедеттоға бөгет жасауым мүмкін еді. Бірақ та сен сол қанішер қалпыңда қалған соң, тәңірінің жіберген зауалына ара тұрмайын дедім.
— Мен құдайға сенбеймін! — деп барқырады Кадрусс. — Сен де сенбейсің оған... жалған айтасың... жалған!
— Өшір үніңді, — деді аббат, — бойыңдағы қаныңнан түгел айырылып, қансырап біттің... құдайға сенбеген мына сен құдайдың кәрінен опат болдың! Құдайдан безген мына сен бір ауыз дұға оқып тәубаға келсең, бір тамшы жас төксең, жаратқан күнәңды кешуге қашан да әзір... Қанішердің қанжарын қапысыз сілтеткен тәңірі, сөйтіп сені сол тұрған жеріңде өмірем қаптырған тәңірі, енді тәубасына келсін деп саған тағы да бірер минут мұрсатана беріп отыр... Қабырғаңмен кеңес те тәубаңа кел!
— Жоқ, — деді Кадрусс, — жоқ, ешқандай да тәубаға келмеймін. Құдай да жоқ, құдіреті те жоқ, бәрі тек кездейсоқ нәрсе.
— Құдірет бар, құдай бар, — деді Монте-Кристо. — Қарашы өзің: міне, мына сен болсаң құдай жоқ деп, дүниеден күдер үзіп бақиға аттанып бара жатырсың, ал мен болсам, әрі бақытты, денсаулығым темірдей күйімде, қанша жоқ деп байбалам салғанмен, бәрібір іштей өзің сенетін тәңірге сенің алдыңда, міне, жалбарынып тұрмын.
— Осы сіз кімсіз? — деді Кадрусс, графқа өлеусірей қарап.
— Жақсылап көріп ал, — деп Монте-Кристо, май шамды алып өзінің бетіне жақындатты.
— Сіз аббат... аббат Бузонисіз.
Сол сәтте Монте-Кристо басындағы паригін дереу жұлып алып, қуқыл өңіне құп жарасқан ұзын қара шашын бір сілкіп тастады.
— Құдая, — деді есі шыққан Кадрусс, — егер мына қара шашыңыз болмаса, сізді құдды әлгі ағылшын, лорд Уилмор екен деп қалатын едім.
— Мен аббат Бузони де емеспін, лорд Уилмор да емеспiн, — деп тіл қатты Монте-Кристо. — Жақсылап қарап ал өткенге көз жібер, баяғы өткен күндерінді еске алып көр.
Графтың мына сөздерінің бір сиқыры бардай-ақ жантәсілім сорлының сана-сезімі соңғы рет қайта оянды.
— Шынында да, — деді ол, — бір жерде көрген адамым сияқтысыз, сізді бұрыннан білетін сияқтымын.
— Ия, Кадрусс, сен мені көргенсің, білетінсің.
— Япырай, кім болдыңыз сонда? Ал мені білетін болсаңыз неге өлімнен арашалап қалмайсыз?
— Өйткені, сені енді құтқару мүмкін емес, Кадрусс; осы жарақаттан өлесің сен. Егер сені құтқарып қалатындай мүмкіндік болса, онда мен мұны жаратқанның саған соңғы рет жасаған кеңшілігі деп біліп, әкемнің аруағымен ант етейін, сені тірі алып қалуға, сөйтіп, тәубаңа келуіңе күш салып тырысып баққан болар едім.
— Әкемнің аруағымен дейсіз бе? — деді көзінде соңғы рет өмір ұшқыны білінген Кадрусс, сонсоң орнынан көтеріліп, ең қасиетті антты аузына алған адамның бет-жүзін анықтап көріп алмақ болды, — япырай, кімсіз өзіңіз?
Граф жантәсілім боп жатқан Кадруссты бақылаумен болды. Бұл оның соңғы тұяқ серпісі екенін бірден ұқты; сосын Кадрусқа еңкейіп, үн-түнсіз мұңая қарап тұрды да:
— Мен... — деп құлағына сыбырлады, — мен... — Өз аузымен айтқанды өз құлағыммен естіп қалармын деп шошынған адамдай, есімін естілер-естілмес қып, күбір ете қалды.
Мұны ести сала, Кадрусс жан-дәрмен орнынан тізерлей тұрып қолын ілгері соза түсті де, шалқалақтай беріп екі қолын көкке жайды:
— О тәңірім-ай, тәңірім-ай, — дей берді ол, — сені жоқ деп күпірлік еткенім үшін кеше гөр мені; барсың сен, көктегі шын қамқор әкем де сенсің, жердегі әділ қазым да сенсің! Жаратқан жаббарым-ай, саған сенбей келіп едім өмір-бақи! Жаббар ием, өзің берген шыбын жанды өзің ал!
Соны айтып, Кадрусс көзі жұмулы қалпы ақырғы рет ышқына дауыстап, шалқасынан түсті де жан тапсырды.
Аққан қан да пышақ кескендей тыйылды.
Ол үзіліп кеткен еді.
— Біреу! — деді граф, неге екені белгісіз, сұмдық қиналып барып өлген Кадрусстың әлемтапырық түріне тіктей қарап.
Арада он минут уақыт өткенде дәрігер мен король прокуроры да келіп жетті, бірін қақпашы, екіншісін Әли ертіп әкелген еді, бұлар келгенде аббат Бузони өліктің бас жағында дұға оқып отырған болатын.
VII. БОШАН
Парижде екі апта бойына жұрттың әңгімесі жүрек жұтқан әлдекімдердің графтың үйін тонамаққа әрекет жасағаны жайлы болды. Өлген ұры өзін өлтірген Бенедетто деген кісі екенін растап, қолхат қалдырған екен. Кісі өлтірген адамның ізіне күллі тыңшыларды салып қоюға полицияға тәртіп берілді.
Кадрусстың пышағы, жасырын шамы, бір топ кілті, сондай-ақ, ұшты-күйді жоқ боп кеткен желеткесінен басқа киімінің бәрі қатталып, іске тіркелді; өлік мүрдеханаға жөнелтілді.
Жұрттың сұрағына граф: «Мен бұл кезде Отейльде едім, не болып не қойғанын тек аббат Бузониден ғана естіп білдім, бір қызығы, өзі дәп сол түні үйде қалып, кітапханадағы кейбір сирек кездесетін кітаптардан қажетті үзінділер көшірмек болып менен рұқсат сұрап алған еді», — деп жауап қайырды.
Өзінің көзінше Бенедеттоның есімі аталған сайын тек Бертуччо ғана құп-қу боп кететін; бірақ оның өң-түсінің өзгергеніне зер салған пенде баласы болмады.
Қылмыс жасалған жерге арнайы шақырылған Вильфор бұл істі өзі жүргізуге ықылас білдіріп, қылмысты істі анықтауды өз жауапкершілігіне алған кездегі қашанғы әдеті бойынша бұған да ынты-шынтымен кірісіп кетті.
Солай бола тұрса да, арада үш апта өткенімен соншалық ұқыпты түрде жүргізілген тексерістен түк нәтиже шыққан жоқ; бірте-бірте бұл қаскүнемдік жайлы әңгіме де саябырсып, сыбайласын өлтіріп кеткен ұрыны да жұрт ұмытып, енді барша көпшіліктің назары мадемуазель Данглар мен граф Андреа Кавалькантидің болашақ тойына ауды.
Бұл неке жайлы ресми түрде ел-жұрт құлақтандырылып, енді Андреа банкирдің үйіне болашақ күйеу баласы ретінде келіп кетіп жүрген болатын.
Кавальканти әкейге де хат арқылы хабар етілді; жолдаған жауабында ол бұл некені барынша қолдайтынын айтып, Пармадағы қызметін тастап қазір кетіп қалуға мүмкіндігі болмай тұрғанына қатты қынжылып, жылына жүз елу мың ливр түсім беріп тұратын капитал бөлуге келісімін білдіріпті.
Оның үш миллионын Данглардың қарамағына беретін боп пәтуаласты, бұл қаржыны ол айналымға жібермек: рас соңғы кезде биржада бір жолы болмай қойған болашақ қайын атасының жағдайы әлде қайтіп кетер екен деп жас жігітке жаны ашып, күңкілдеп күдік айтқандар да болмай қалған жоқ; бірақ банкирге риясыз көңілмен кәміл сенген Андреа көлденеңнің бұралқы сөзіне ерген жоқ, ол ол ма әдеп сақтағаны соншалық, тіпті бұл жайлы баронға да ләм-мим деп аузын ашпады.
Тегінде граф Андреа Кавалькантиге баронның көңілі қатты құлағаны тегін болмаса керек.
Ал мадемуазель Эжени Данглар болса, тегі тұрмысқа шыққанды қаншама жақтырмайды десек те, Морсерден құтылу үшін Андреаның араласа бастағанын қуана құптағаны рас; бірақ кейінірек етене жақындасып бара жатқанын көргенде оған іштей тыжырынып жүрді.
Задында бұл жағдай барон назарынан тыс қалмаса керек; әйтсе де қызының сырттай бергенін әшейін назы шығар деп жорамалдаған барон оны көрмегенсіді.
Бұл кезде Бошанның айтқан кесімді мерзімі де таяп қалған-тұғын. Дер кезінде ақыл-кеңесін беріп мәселені ушықтырмауға себін тигізген Монте-Кристоның жақсылығына де Морсердің көзі жетер болды; газеттегі генералға қатысты хабарға ешкім зер салған жоқ, сөйтіп бір кездегі Янина қамалын жауға ашып берген сатқын офицер бүгінде Пэр палатасында мәслихат құрып отырған зиялы граф екен деген ой тірі пенденің өңі түгіл түсіне кіріп шықпады.
Соған қарамастан, әлгі газеттегі хабарды өзіне қастандық ойлаған адамның әдейі бастырғанына зәредей күдік келтірмеген Альбер қатты қорланып жүрді. Оның үстіне екеуара әңгімелескенде сөз тамам бола келе Бошанның өрекпуін көңіліне алып қалғантұғын. Сол себепті, егер Бошан қарсы болмаса, шын себебін секунданттарға да жария қылмастан, Альбер қалайда жекпе-жекке шығуды аңсап тықыршумен жүрді.
Альбер кіріп шыққаннан кейін Бошанды көрдім-білдім деген адам болмады; іздеп барғандарға бірер күнге сапарлап кеткен дегеннен басқа жауап бермепті.
Ұшты-күйді қайда жоқ боп кетті екен? Одан жұрт бейхабар-тұғын.
Бір күні ертеңгісін камердинер Альберді оятып, Бошан келіп тұр деп хабарлады. Көзін тырнап аша салып, Альбер оған шылым шегетін бөлмеде сәл тоса тұрсын деп айтуды бұйырды да, жалма-жан киініп, төмен түсті.
Бошан әрлі-берлі адымдап, сенделіп жүр екен. Мұны көріп қалт тоқтай қалды.
— Бүгін менің баруымды күтпестен, өзіңіздің келгеніңізді жақсылыққа жорып тұрмын, — деді Альбер. — Ал енді айтыңызшы тезірек, сізге қолымды созып тұрып: кәне, Бошан, қателескеніңізді мойындар болсаңыз, сол дос қалпымызда қалалық деп айта алам ба? Әлде қандай қаруды қалайсыз деп сұрауға мәжбүр етесіз бе?
— Альбер, — деп мұңая сөйлеген Бошанға Морсер таң-тамаша қалды, — әуелі жайғасып отыралық, сосын барып әңгімелесейікші.
— Алайда, сударь, отырмас бұрын, сіз менің сауалыма жауап қайтаруға тиіс секілді едіңіз?
— Альбер, — деді журналист, — кейде жауап қайырудан асқан қиямет болмайды.
— Ендеше, сударь, сіздің жүрегіңізді жеңілдетейін де, әлгі сауалымды қайта қояйын: газеттегі хабарыңызды қайтып аласыз ба, жоқ па?
— Морсер, мәселе Францияның пэрі, генерал-лейтенант граф де Морсер сияқты адамның өміріне, ар-намысына, қоғамдағы орнына тікелей байланысты болып отырғанда не иә, не жоқ деп шолақ жауап берудің реті келмес.
— Ал, сонда қайтпек керек?
— Мұндайда мына менше қарекет жасайды, Альбер. Әңгіме күллі бір семьяның жақсы аты, жаман аты жөнінде болып отырғанда ақшаның да, уақыттың да, күш жұмсап, тізеге салудың да ешқандай қажеті жоқ болса керек. Жан досыңмен жекпе-жекке шығады екенсің, көңіліңде дүдамал, сезік қалмауы керек, өзіңе өзің кәміл сенімді болуың шарт деуі қажет. Үш жыл бойы дос құшағы жаңылмаған адаммен семсерлесер болсаң немесе атысуға шықсаң, ең болмағанда, неліктен бұған бел буғаныңды біліп алуың керек, сонда ғана өз өмірін қорғамақ адамға аса қажетті адал жүрек, пәк арыңмен шайқасқа шығасың десе керек өзіне-өзі.
— Жарайды, жақсы, — деді Альбер тыпыршып, — сонда мұның тоқетері не?
— Мұның тоқетері сол, менің Янинадан оралып келіп тұрғаным осы.
— Янинадан? Сіз бе?
— Иә, мен.
— Мүмкін емес!
— Қымбатты Альбер, міне, паспортым; соғылған белгілерін көріңіз: Женева, Милан, Венеция, Триест, Дельвино, Янина. Қалай дегенмен де, бір республиканың, бір корольдіктің және бір империяның полициясына сенетін шығарсыз?
Паспортқа көз жүгірткен Альбер Бошанға аңыра қарады.
— Япыр-ай, Янинада болдыңыз ба? — деп қайталай түсті ол.
— Альбер, егер де сіз маған бейтаныс бөгде жат адам болсаңыз бір сәрі, болмаса, қайдағы бір лорд болсаңыз екен, яки осыдан бірер ай бұрын жекпе-жекке шақырған, ақырында құтылу үшін өзім өлтіріп тынған әлгі ағылшын болсаңыз сөз басқа, онда бүйтіп әуре-сарсаңға түспейтінімді бек жақсы түсінесіз ғой; бірақ сізді қадір тұтқандықтан қалайда осылай еткенім жөн сияқты көрінгені. Баруыма бір апта, қайтуыма бір апта уақыт кетті; төрт тәулік карантинде жіпсіз байландым, екі күн сол барған жерімде болдым — қысқасы, сөйтіп аттай үш апта уақытым кетті. Бүгін түнде қайтып оралдым, міне, содан сізге келіп жеткенім осы.
— Құдайым-ай, осынша созып қажеті не, Бошан! Heгe мүдіре бересіз, мен тықырши күткен хабарды неғып айтпай тұрсыз?
— Мәселенің шындығына келер болсақ, Альбер...
— Айтуға құдды батыл етпей тұрған сияқтысыз ғой.
— Иә, жүрексініп тұрмын.
— Немене, тілшіңіздің сізге жалған хабар жібергенін мойындауға жүрексінесіз бе? Ондай кекірттікті қойыңыз да ашық мойындаңыз, Бошан; сіздің ер көңілді жігіт екеніңіз әмбеге аян ғой.
— Тіпті де олай емес, — деп сыбырлады журналист, — қайта бәрі керісінше...
Альбердің өңі құп-қу шүберектей боп кетті; бірдеңе демек болып еді, сөзі көмейіне кептеліп тұрып қалды.
— Достым, — деді Бошан жайылып жастық болып, — сеніңіз маған, сізден кешірім сұрау мен үшін бақыт болар еді және қылша мойным талша дер едім; Бірақ не шара...
— Сонда қалай?
— Хабар ақиқатқа сәйкес боп шықты достым.
— Қалайша! Сонда әлгі француз офицері...
— Иә.
— Әлгі Фернан?
— Иә.
— Өзі қызмет етіп жүрген пашаға опасыздық етіп, қамалын жауға ашып берген...
— Ақиқатын айтты деп сөге жамандай көрмеңіз мені, достым; сол адам — сіздің әкеңіз екен!
Альбер сол сәтте Бошанға дүрсе қоя беретіндей болып еді, бірақ досының қас-қабағын аңдап, амалсыздан тосылып қалды.
— Мінекей, достым, — деді Бошан, қалтасынан қағаз суырып беріп жатып, — егер дәлел қажет болса.
Альбер ала салып, қағазды жазып көрді; бұл қағаз Янинаға аты мәлім төрт азаматтың Әли-Тебелин уәзірдің қызметінде жүрген полковник Фернан Мендегоның екі мың әмиян үшін Янина қамалын опасыздықпен сатып жібергенін растаған тілхаты екен.
Төрт азаматтың қойған қолын консул куәландырыпты.
Мұны көрген Альбер шатқалақтап барып, креслоға сылқ құлап түсті.
Әкесінің фамилиясы толық жазылған, енді шәк келтірудің жөні жоқ.
Әбден жер болған Альбер қолқасы білеуленіп, сәлден соң еңіреп қоя берді.
Қайғымен құса болып отырған досына қабырғасы қайысқан Бошан жанына келіп:
— Альбер, — деді, — енді мені түсінген шығарсыз? Бәрін де өз көзіммен көріп, ақ-қарасын анықтайын деген едім, ондағы ойым бұл мәселе сіздің әкеңіздің пайдасына шешілер, сөйтіп, оның атына шаң жуытпай қорғап қалармын деген ниет болатын. Сөйтсем, бәрі керісінше боп шықты, мен жинаған мәліметтерге қарағанда Әли пашаның генерал-губернатор дәрежесіне дейін лауазымын көтерген әлгі нұсқаушы-офицер Фернан Мондего дегеніңіз граф Фернан де Морсердің дәп өзі екен; бұған көзім жеткен соң сіздің маған деген дос көңіліңізді жадымда тұтқан қалпымда бірден өзіңізге алып-ұшып жеткенім.
Күндізгі жарыққа қарауға жүзі шыдамаған адамдай бетін басып Альбер әлі сол креслода сұлаған қалпы жатыр еді.
— Сізге алып-ұшып жетіп келген себебім, — деп сөзін сабақтады Бошан, — біздің мынау алмағайып заманымызда әкелеріміздің кінәсі балаларының бетіне шіркеу болмаса керек дегенді айтпақ едім, Альбер. Біз дүниеге келген аласапыран революциялар дәуірінде әскери мундиріне, яки болмаса сот мантиясына дақ түсірмей, не қан шашыратпай, сүттен ақ, судан таза күйінде өткен адамдар некен-саяқ, Альбер. Енді, дәлел-себептің күллісін тауып келгеннен кейін, бар құпия сырыңыз менің қолымда тұрғанда сіздің жекпе-жекке шақыруыңызды, оны өзіңіздін ақ-адал арыңыз да қылмыс деп санарына сенімім және кәміл, иә ондай ағаттыққа баруға мені ешқандай пенде баласы көндіре алмасы хақ; алайда, сіздің енді талап ете алмайтын нәрсеңізді өз ықтиярыммен беруге мен әзірмін. Сұмдықтың бетін ашатын мағлұматтарды, менен басқа ешкімде жоқ осынау куәлік қағаздарды біржола жоқ қылып жібергенімді қалар ма едіңіз? Адам шошырлық осынау құпия сырдың екеуіміздің арамызда ғана қалғанын тілеймісіз? Менің арыма сеніп тапсырсаңыз, жабулы қазан жабулы күйінде қалмақ. Айтыңызшы маған, осыны қалайсыз ба, Альбер? Көңіліңіз соға ма осыған, достым?
Альбер Бошанның мойнына асыла кетті.
— Абзал досым менің! — деп емірене тіл қатты ол.
— Алыңыз, — деді Бошан, қағаздарды Альберге беріп жатып.
Альбер жалма-жан ала салып, күлпарша ғып жыртып тастамақ болып тұрды да, күндердің күнінде бір жапырағы сау қалса жел көтеріп кетіп жүрер де, аңғалдығым шекеме тиер деп ойлаған ол сигар тұтату үшін ылғи маздатып қоятын май шамның жалынына ұстап тұрып, қағаздарды түгел жағып жіберді.
— Теңдесі жоқ, қымбатты достым менің! — деп күбірледі Альбер қағаздарды жағып жатып.
— Жаман түс көргендей бәрі де ұмыт болсын, — деді Бошан, — қап-қара күйе шалған мына қағаздағы соңғы жылт-ұшқын тәрізді осының бәрі ғайып болсын, мына күлге айналған қағаздың үстінде көтерілген соңғы түтін тәрізді ұшты-күйлі жоқ болсын!
— Иә, иә, — деді Альбер, — осыдан кейін тек біздің мәңгілік достығымыз ғана қалатын болсын; бұған алдыңызда ант етемін, құтқарушым! Бұл достығымызды балаларымыз қастер тұтатын болады; атыма дақ түспегені үшін сізге қарыздар екенімді бұл достық мәңгі-бақи есіме салып тұрары кәміл. Егер де мұны біреу-міреу біліп қалған күнде, Бошан, сізге айтарым, атылып өлген болар едім немесе, жоқ, тек анам үшін ғана тірі қалар едім, соның өзінде де Францияда қалмасым хақ.
— Айналайын, Альбер! — деп тебіренді Бошан.
Бірақ өнe бойын оқыс билеген һәм сәл-пәл жасандылау көрінген қуаныш сезімі лезде сап болды да, Альбер енді бұрынғыдан бетер жабырқап, жасып қалды.
— Нe боп қалды? — деп сұрады Бошан. — Айтыңызшы, не болды сізге?
— Бір түрлі көңілім жетімсіреп қалды, — деді Альбер. — Бошан, егер де біле білсеңіз, атына дақ түспеген әкесін мақтан тұтып өскен ұлдың сенімі мен қадір-құрмет сезімінен бірден ада болмағы оңай емес. Аһ, Бошан-ай! Енді әкеммен қалай жүздеспекпін? Сүймек болған кезінде қалай жалтарып шығам, құшағын жайғанда қалай тайқып кетем?.. Бошан, дүниеде мендей бақытсыз адам жоқ қазір. Сорлы болған анашым-ай! — деп сөзін соза түсті ол, графиняның суретіне жас толы көзін қадап. — Егер мұны білген болса, қандай жапа шегер еді!
— Босай берме, достым! — деді Бошан, Альбердің қолын қысып.
— Сөйтсе де, сол хабар сіздің газетіңізде қалай жарияланып жүр өзі? — деп күйіп-пісті Альбер. — Осының артында сұмдық бір өшпенділік жатыр, бізге белгісіз әлдеқандай бір дұшпан тұр.
— Ендеше мұқым бекем болғаныңыз керек, — деді Бошан. — Сіздің жүзіңізде күйініштің ізі де болмауы тиіс; күн күркіреп, найзағай ойнағанша ешкім сезіп-білмейтін қатерлі тылсым күшін ішке бүгіп, ажал мен апатын білдірмей бойында сақтайтын қара бұлт тәрізді бұл қайғы да шемен боп қатып, ішіңізде жата берсін. Достым, бойдағы бар күш-қуатыңызды сол жасын ойнар кезге сақтай тұрыңыз.
— Сонда бар пәле мұнымен бітпейді деп ойлайсыз ба? — деп сұрады Альбер есі шығып.
— Ештеңе ойлап отырған мен жоқ, сөйтсе де, неге көзіміз жетіпті, түптің түбінде бәрі мүмкін. Айтпақшы...
— О не тағы? — деді Альбер, Бошанның әлденеге екі ойлы болып тұрғанын көріп.
— Сіз осы мадемуазель Данглардың болашақ күйеуі болып есептелесіз бе әлі?
— Дәл қазір оны несіне сұрадыңыз?
— Сұраған себебім, біз бас қатырып отырған мәселенің сол некенің болар-болмасына тікелей қатысы бар сияқты көрінеді маған.
— Қалайша, — деп шамданып қалды Альбер — сонда сіздің ойыңызша, Данглар...
— Мен тек әшейін тойдың жайы не болып жатыр дегенді ғана сұрап отырмын. Тәйір алсын, сөзімнің өңін айналдырып, мен айтпағанды айтты қылмаңызшы және өзгеше астар іздеп, өзгеше мән бермеңізші!
— Жоқ, — деді Альбер, — той болмайтын болды.
— Жақсы, — деді Бошан.
Сосын жас жігіттің қайта қамығып, жабыға қалғанын көрген ол:
— Альбер, онан да менің ақылымды алсаңыз, таза ауаға шығайық; күймеге отырып, болмаса салт жүріп Булон тоғайында серуен құрып қайтайық; кәдімгідей сергіп қаласыз; сосын орайы келген бір жерден таңғы тамағымызды ішейік, тек содан кейін барып бет-бетімізге тарқармыз.
— Құба-құп, — деді Альбер, — бірақ жаяу жүрейік біраз, аздап шаршағаным пайдалы шығар деп тұрмын.
— О да жөн шығар, — деді Бошан.
Екі дос аяңдап отырып, бульварды бойлап кетті. Мадлен шіркеуіне жеткенде:
— Бері қараңыз, — деді Бошан, — бәрібір тұсына кеп қалған екенбіз, ендеше граф Монте-Кристоға соғып шығайық; көңіліңізді бір көтеріп тастайды; жабыққан адам графқа барғанда бір жасап қалады, өйткені жай-жапсарыңды сұрап әсте басыңды қатыру дегенді білмейді ол; ал меніңше, мұндайда әрнені қазбалап індетпесе болды, көңіл жұбатар ондай кісіні іздесең таппайсың.
— Оныңыз рас, — деді Альбер, — кірсек кіре шығайық, өзі бір сондай жақсы көретін адамым.
VIII. САЯХАТ
Жастардың бірге келгенін көріп, Монте-Кристо қатты қуанып қалды.
— Сонымен бәрі анықталып, орны-орнына келтіріліп бітті ғой, әйтеуір? — деді ол.
— Иә, — деді Бошан, — әлгі бір қисынсыз сыбыр-жыбырлар өз-өзінен өшті, егер ол сыбыс қайта туатындай болса, ең әуелі өзім бас болып қарсы шығамын. Енді соны сөз етпесек те болады.
— Мына Альбер куә, — деді граф, — мен де оған тап осындай ақыл айтқанмын. Реті келгенде айтайын, мен бір жағымсыз іспен айналысып жатыр едім, — деді ол тағы да.
— Ол нендей іс? Хат-қағазыңызды реттеп отыр ма едіңіз? — деді Альбер.
— Абырой болғанда, өз қағаздарым емес, әйтеуір! Менің хат-қағаздарым әрдайым реттеулі тұрады, өйткені со құрғырың менде мүлде жоқ. Мен Кавальканти мырзаның қағаздарын қарап отырғанмын.
— Кавальканти? — деді Бошан қайталап.
— Графтың оған қамқор болып жүретінін білмеуші ме едіңіз? — деді Альбер.
— Сіз жаңсақ айтып тұрсыз, мен ешкімге де қамқорлық жасамаймын, әсіресе, Кавалькантиге, — деді Монте-Кристо.
— Ол менің орныма мадемуазель Дангларға үйленгісі келеді, ал осы жайт мені қатты қинайды, мұны қымбатты Бошан өзіңіз де білесіз ғой, — деді Альбер жымиып күлмек болып күштеніп.
— Қалайша! Кавальканти мадемуазель Дангларға үйленеді дейсіз бе?
— Сіз не, аспаннан түстіңіз бе? Өзіңіз хабар-ошарға құмар журналиссіз! Бүкіл Париж гулеп соны сөз етіп жүр ғой.
— Осы некені ұйымдастырған сізсіз бе, граф? — деді Бошан.
— Мен бе? Рақым етіңіз, жаңалық жасаушы мырзам, ондай өсекті тарата көрмеңіз! Құдай сақтасын! Біреудің некелесуіне араласып мені жын соғып па? Жоқ, сіз әлі мені білмейді екенсіз, қайта мен оған қарсы болғанмын. Тіпті айттыруға барудан да бас тартқанмын.
— Енді түсіндім, ортақ досымыз Альбердің қамын ойлағансыз-дағы, — деді Бошан.
— Жоқ, мен үшін емес, — деді Альбер. — Граф сөзіме куәлік қылудан бас тарта қоймас, мен көптен бері бұл кісіден сол қадені болдырмауға көмектесіңіз деп өтініп жүргенмін. Граф ол үшін маған алғыс айтпай-ақ қойыңыз дейді. Солай-ақ болсын, бірақ мен енді, бұрынғының адамдары сияқты белгісіз бір құдайдың басына шырақ жағатын болдым-дағы.
— Егер нансаңыз, — деді Монте-Кристо, — олармен арамыздың алшақ жатқаны сондай, әлгі бір күйеу жігітпен де, оның қайын атасымен де тап қазір тұзымыз жараспай жүр, тек әлі де болса, тұрмысқа шығуға құлқы жоқ, бас бостандығын жан-тәнімен жақсы көретін мадемуазель Эжени ғана азаттықтан бас тарт деп азғырмағаным үшін, маған деген алғыс сезімін сақтап қалған сияқты.
— Бұл той ұзамай болатын шығар?
— Иә, мен қанша айтсам да қарайтын емес. Ал өз басым ана бір жас жігітті білмеймін; оның өзі бай, текті семьядан шыққан дейді жұрт; бірақ мен үшін мұның бәрі «сыбыс» қана. Осы жайтты Дангларға айта-айта құлағын сарсыттым білем, бірақ ол әлгі итальян жігітіне құлай беріліп есі шығып кетіпті. Мен тіпті оған аса маңызды бір жайтты жеткізуді жөн көрдім: осынау жас жігітті нәресте күнінде ауыстырып алған ба, әлде сығандар ұрлап әкеткен бе, әлде оны күтушісі бір жерде қалдырып кеткен бе — анық-қанығын білмеймін, әйтеуір, сондай бір бәлесі бар. Бірақ менің анық білетін бір нәрсем — он жылдан аса уақыт бойы әкесі баласынан мүлде бейхабар болған. Солай он жыл тентіреп жүргенде оның не істеп, не қойғанын бір құдайдың өзі ғана біледі. Ол менің осы ескертпеме де құлақ аспады. Маған: майорға хат жазыңыз, ол документ-деректерді жіберсін деген өтінішін айтты; сондағы документтері мынау. Мен бұ қағаздарды Дангларларға жіберемін, бірақ Пилат сияқты, оны көрген де, білген де жоқпын деп аңқиып қарап отырамын.
— Ал, мадемуазель д’Армильи ше? Зерек шәкіртін алып кеткеніңіз үшін ол бикеш сізге ренжімей ме? — деді Бошан.
— Пәлі, мен о жағын білмеймін; бірақ ол бикеш Италияға кететін сияқты. Данглар ханым со серігінің қамын ойлап, маған келіп, итальян импрессариоларына таныстыру хат жазып беруімді сұрады. Мен Валле театрының директорына хат жазып бердім, ол кісі менің алдымда борыштар болып қалған-ды. Ау, Альбер, сізге не болды? Бір түрлі жабығып тұрсыз ғой. Өзіңіз де байқамай, мадемуазель Дангларға ғашық болып қалғаннан саумысыз?
— Ондайдан сау сияқтымын, — деді Альбер мұңая күліп.
Бошан асықпай суреттерді қарай бастады.
— Қайткенмен де сіз бүгін бұрынғыдай емессіз. Не болғанын айтсаңызшы? — деді Монте-Кристо сөзін жалғап.
— Басымның сақинасы ұстап тұрғаны, — деді Альбер.
— Олай болса, қымбатты виконт, мен өзім күйден тайған кездері әрдайым жаныма сая, дертіме шипа болатын керемет бір дәруді ұсынып көрейін, — деді Монте-Кристо.
— Қандай дәру? — деді Альбер.
— Қоныс өзгерту дәруі.
— Солай ма? — деді Альбер.
— Иә. Тап қазір менің де жайым болмай жүр, сол себепті де бір жаққа кетсем бе деген ойым бар. Қаласаңыз, бірге жүрейік.
— Жайыңыз болмай жүр ме, граф? Неліктен? — деді Бошан.
— Сізге бәрі де оңай; егер үйіңізде тергеу жүргізіле бастаса, көрер едім!
— Тергеу? Қайдағы тергеу?
— Пәлі деген, мені өлтіргісі келген бір құрметті кісінің ісі жайлы тергеуді де Вильфор мырзаның өзі жүргізіп жатыр, ол өзі, сыңайы, каторгадан қашқан бір қарақшы болса керек.
— Ах, иә, мен оны газеттен оқығанмын. Сол Кадрусс дегеннің өзі кім екен? — деді Бошан.
— Прованстың қайдағы бір дардан қашқан сұмы көрінеді. Марсельде қызмет істеп жүргенде Вильфор ол жайлы бірдеңе естіген сияқты, ал Данглар оны тіпті көрген едім дейді. Сол себепті де король прокуроры мырза бұл істі тексеруге қызу кірісті, осы іске полиция префектісі де қатты назар аударған тәрізді. Солардың айрықша көңіл бөлуінің арқасында — әрине, бұл үшін мен о кісілерге қатты ризамын — міне, қазір екі аптадай болды, Кадруссты өлтірген осы қаныпезер дегенді сылтау етіп, менің үйіме Париж бен оның төңірегінен ұсталған бандит атаулының бәрін көрсетуге әкеледі. Егер іс тап осы қарқынымен жүре берсе, енді бір үш айдан кейін, біздің аты әйгілі француз корольдігінде менің үйімнің жоба-жоспарын жатқа білмейтін бірде-бір алаяқ, бірде-бір қаныпезер қалмайды. Менде енді үйімді түгелдей олардың қарауына беріп, кетіп қалудан басқа лаж қалмады. Менімен бірге жүріңіз, виконт!
— Жүргенде қандай!
— Демек, бел байладыңыз ғой?
— Иә, бірақ біз қайда барамыз?
— Мен сізге ауасы таза, у-шу дыбысының өзі кісіні әлпештеп тербететін жерге, кісі қанша тәкаппар болғанымен, тәубаға келіп, өзінің дәрменсіз пенде ғана екенін сезінетін жерге кетеміз деп айтып едім ғой. Жұрт мына мені Август әулие сияқты әлемнің әміршісі деп атаса да, өз басым тап осылай кішірейіп, мүшкіл халге түскенді қатты ұнатамын.
— Сонда ол қай жақта?
— Теңізде, виконт. Білесіз бе, мен өзім теңізшімін; тіпті сәби күнімде Мұхит шалдың қолында, Амфитрита36 арудың кеудесінде маужырап ұйқтап қалады екенмін: қарияның жасыл шекпенімен, арудың көгілдір көйлегімен ойнайды екенмін. Мен теңізді ашынамдай жақсы көремін, егер көп уақыт көрмесем, катты сағынып, аңсап қаламын.
— Кеттік, граф!
— Теңізге ме?
— Иә.
— Келісесіз ғой.
— Әлбетте.
— Олай болса, виконт, бүгін менің есігімнің алдында жол күймесі тұрады, оған отыру төсекке жатқанмен бірдей; күймеге төрт сәйгүлік жегіледі. Айтпақшы, Бошан, менің күймеме төрт адамның емін-еркін жайғасып отыруына болады. Бізбен бірге серуендегіңіз келе ме? Шын пейілмен шақырамын.
— Мың алғыс, теңізде жуырда ғана болғанмын.
— Қалай, сіз теңізде болдыңыз ба?
— Иә, болдым. Борромей аралдарына шағын бір саяхат жасап, қайта оралған бетім осы.
— Бәрібір, кеттік! — деді Альбер.
— Жоқ, қымбатты Морсер, егер мен мұндай құрметтен көпе-көрнеу бас тартсам, онда баруға мүмкіндігім жоқ екенін түсінуіңіз керек қой. Мұның үстіне, — деді ол даусын бәсеңдетіп, — тап қазір мен Парижде қалуға ділгір болып жүрген кісімін, тым болмаса газетке түскен хат-хабарларға ықтият боламын ғой.
— Сіз адал доссыз және әділін айтып тұрсыз; бәрін де бақылап, тексеріп тұрарсыз, әлгі бір қырсық хабарды берген дұшпанды табуға тырысарсыз, — деді Альбер.
Альбер мен Бошан қош айтысты; бөтен кісінің көзінше айта алмаған сөздерін олар бір-бірінің қолын қысу арқылы білдірді.
— Осы Бошанның өзі жақсы жігіт, рас па, Альбер?! — деді Монте-Кристо журналист кетіп қалғасын.
— Алтын жігіт деп есептеймін. Мен өзін сұмдық жақсы көремін. Ал енді маған қайда барсақ та бәрібір — сонда да қайда аттанатынымызды айтсаңыз?
— Егер қарсы болмасаңыз, Нормандияға жүреміз.
— Тамаша! Біз онда табиғат аясында боламыз ғой, солай ма? Өзге кісілер, көрші-қолаң атымен жоқ қой?
— Сейіл-серуен құру үшін біздің арғымақ аттарымыз болады, аң аулау үшін ит, құсымыз болады, балық аулау үшін қайық аламыз — бар болғаны осы.
— Маған керегінің өзі сол; мен тек шешеме ескертейін де, сіздің құзырыңызға қайтып келейін.
— Жалпы сізге рұқсат ете ме?
— Нені айтасыз?
— Нормандияға баруға.
— Маған ба? Не істесем де өз еркім өзімде емес пе?
— Иә, сіз қалаған жағыңызға саяхаттап жүре бересіз, оны білемін, біз Италияда кездесіп едік қой.
— Ендеше ойланатын несі бар?
— Бірақ сіздің Монте-Кристо атты кісімен бірге жүруіңізге рұқсат бере ме?
— Сіз ұмытшақ екенсіз, граф.
— Неге?
— Менің шешемнің сізді қатты ұнататынын айтып едім ғой?
— «Әйелдер құбылмалы келеді», — деген Франциск Бірінші. «Әйел толқын тәрізді», — деген Шекспир; бұлардың біреуі — ұлы король, екіншісі — ұлы ақын; әрине олардың екеуі де әйел табиғатын жақсы білген шығар.
— Иә, бірақ менің шешем отбасының салпы етек әйелі ғана емес, ол нағыз әйел.
— Кешіріңіз, мен сізді түсініңкіремей қалдым.
— Менің айтайын дегенім — менің шешем сезімге сараң, ал егер біреуді жақсы көре қалса, оны өмір бойы жақсы көріп өтеді.
— Солай ма! — деді Монте-Кристо күрсініп, — сонда сіз шешеңіз маған мүлде селқос қараудың орнына оң қабағын беріп, жарылқап тастады деп ойлайсыз ба?
— Мен сізге бұрын да айтқанмын, енді тағы да қайталайын, сіз шамасы, шынында да, елден ерек, ғажайып кісі болуыңыз керек, — деді Альбер.
— Жә, жетеді!
— Иә, өйткені менің шешем сіздің жұртты қызықтырған, сұқтандырған демей-ақ қояйын, қасиетіңізді аңғармай қала алмады. Екеуміз оңаша қалғанда біз тек сізді ғана сөз етеміз.
— Онда шешеңіз әлгі Манфредке сенбе деп кеңес беретін шығар?
— Қайта ол маған: «Альбер, графтың дегдар кісі екеніне көзім анық жетеді; оған жақсы көрінуге тырыс», — дейді әрдайым.
Монте-Кристо бұрылып, бір күрсініп алды.
— Шынымен солай деді ме?
— Олай болса, — деді Альбер сөзін жалғап, — шешем менің бұл сапарымды шын ниетімен қолдамаса, қарсы шықпайды, өйткені бұл оның маған айтқан ақылымен үндесіп жатыр.
— Ал, ендеше, кешке дейін сау болыңыз. Сағат бесте осында келіңіз. Біз қажетті жерге түн ортасында немесе түнгі сағат бірде барып жетеміз, — деді Монте-Кристо.
— Қайда! Трепорға ма?
— Трепорға немесе оның төңірегіне.
— Сіз сегіз сағатта қырық сегіз лье жерге жетпекшісіз бе сонда?
— Бұл қайта тым ұзақ, — деді Монте-Кристо.
— Сіз онда сиқыршы болдыңыз! Көп ұзамай теміржолды ғана емес — оны жасау онша қиын емес, әсіресе Францияда телеграфты да басып озасыз ба деп ойлаймын.
— Бірақ бізге діттеген жерге жетуіміз үшін, не дегенмен сегіз сағат уақыт керек, сондықтан кешікпеңіз.
— Қам жемеңіз, мен мүлде басым бос адаммын — тек жолға ғана әзірленуім керек.
— Сөйтіп, сағат беске келістік.
— Иә, беске.
Альбер шығып кетті. Монте-Кристо оған күлімсіреп бас изеді де, бір қалың ойға батып, үнсіз тұрып қалды. Ақырында мазасыз ойдан құтылғысы келгендей маңдайын бір сипады да, қоңырауға барып, оны екі рет қақты. Ішке Бертуччо кірді.
— Бертуччо, — деді Монте-Кристо, — бұрын айтқанымдай, Нормандияға ертең де, арғы күні де емес, тап бүгін кешкі сағат бесте кетемін; сағат беске дейін сіздің уақытыңыз жетіп артылып жатыр; бірінші бекеттің атшылары ескертілсін, соған нұсқау беріңіз. Менімен бірге виконт де Морсер жүреді. Барыңыз.
Бертуччо кетіп қалды, соның ізінше күйме тура сағат алтыда Понтуаздан өтеді дегенді айтпақ болып, со жаққа хабаршы шауып ала жөнелді. Понтуаздағы атшы шабарманды келесі бекетке, ал ол өз тарапынан хабарды әрі қарай жөнелтті; арада алты сағат өткенде жол бойындағы күллі бекет тегіс хабарланды.
Жүрер алдында граф Гайдеге көтеріліп, жол-сапарға шығатынын және қайда баратынын айтты, күллі үйді соның қарауына табыстап кетті.
Альбер дәл уақытында келді. Ол күймеге көңілсіз, тұнжырап келіп отырды. Бірақ сәлден кейін құйындатқан күйме жүрісіне разы болып, жаны жадырап сала берді. Альбер өмірінде тап осылай жылдам жүруге болады деп әсте ойламаған еді.
— Франция жолдарымен жылдам жүруге тіпті мүмкіндік қалмай барады, — деді Монте-Кристо. — Почта көліктерімен сағатына екі лье алып жүруден өткен азап жоқ, бір саяхатшының екінші саяхатшының рұқсатынсыз, оны басып озуына тыйым салатын қолапайсыз заң да бір бөгет; қайдағы бір ауру немесе әңгүдік біреу дені сау, жүрдек те ширақ кісілердің бәрінің жолын бөгеуі мүмкін. Мен өз көшірім, өз сәйгүліктеріммен жүремін-дағы, тап осындай қолайсыз жағдайларға кездеспеймін. Дұрыс айттым ба, Әли?
Осыдан кейін граф терезеден сыртқа басын шығарып, аттарға жай ғана қиқулап дыбыс берді, сол-ақ екен, оларға қанат біткендей болды; олар енді зауламай, ұшып келе жатқан сияқты болып көрінді. Күйме Король жолымен найзағайдай жалт етіп өте шыққанда, жолаушылардың бәрі осынау ағып бара жатқан құйрықты жұлдызға бұрылып қарайды. Әли қожасының даусын естіп, маржан тістерін ақсита күлімсірейді, әлеуетті қолымен делбені қысып, тоқпақ жалдары желмен желбіреген аттарды ышқынта айдайды. Шөл даланың перзенті Әли өзінің үйреншікті ісіне кірісіп кеткен-ді, бұрқылдаған шаң арасында аппақ бурнус киген қара кісі отты көзі жалтылдап, сырттан қарағанда ала құйынның иесі немесе қара дауылдың құдайы сияқты болып елестейді.
— Мұндай ләззатты, жедел жүру ләззатын мен өмірде сезінбеген екенмін, — деді Альбер рақаттанып.
Қарсы соққан жел айдап кеткендей-ақ оның қабағындағы кірбең мүлдем тарады.
— Мынадай сәйгүліктерді қайдан аласыз? Әлде бұларды сіздің тапсырмаңыз бойынша өсіре ме? — деді Альбер.
— Әлбетте өсіреді. Осыдан алты жыл бұрын мен Венгрияда аузымен құс тістеген керемет бір жүйрік айғырға тап болдым. Оны қаншаға сатып алғаным есімде қалмапты; ақшаны Бертуччо төлеген. Со жылы айғыр үйірінен отыз екі құлын өрбіді. Сіз бен біз сол айғырдан тараған тұқымды түгел көреміз әлі. Олардың бәрінің маңдайындағы төбелі болмаса, бірде-бір дағы жоқ шымқайлар, өйткені жылқы заводының осынау еркесінің үйірін іріктегенде, паша гареміне сұлуларды қалай таңдап алса, биелерді бұған да солай таңдап алған.
— Ғаж-жап!.. Бірақ шыныңызды айтыңызшы, граф, осынша аттың сізге қажеті қанша?
— Өзіңіз көріп келесіз, мен олармен сейіл-серуен құрамын.
— Бірақ сіз ұдайы жол жүре бермейсіз ғой.
— Олардың қажеті болмай қалған кезде Бертуччо сатып жібереді; ол бұдан қырық мыңдай пайда табамын дейді.
— Бірақ со сәйгүліктерді сатып алатындай Европаның корольдері онша бай емес қой.
— Олай болған күнде Бертуччо оларды Шығыстың кез келген әміріне сатады, ал әмір осы аттарды сатып алу үшін бар қазынасын да аямайды, бірақ қол астындағы кісілердің табанын таяқтап, қайтадан қазынасын толтырып алады.
— Маған қандай ой келгенін білесіз бе, граф?
— Айтыңыз.
— Меніңше, Европаның сізден кейінгі ең бай адамы Бертуччо болса керек.
— Сіз қателесесіз, виконт. Менің бір білетінім, егер Бертуччоның қалтасын ақтарып қарасаңыз, көк тиын да таба алмайсыз.
— Рас па? Сіздің Бертуччоңыз да керемет болды ғой онда?! Қымбатты граф, мені ғажайыптар ғаламының алыс түкпіріне қарай сүйрей бермеңіз, әйтпесе, ескертіп қояйын, сізге сенуден қаламын, — деді Альбер.
— Альбер, менде ешқандай ғажайып жоқ; цифрлар мен салауатты ақыл-ой — бар болғаны осы. Сізге бір жұмбақ айтайын, шешіңізші: іс басқарушы ұрлайды, бірақ неге ұрлайды?
— Меніңше, оның табиғатының өзі солай, оның ұрлайтын себебі — ұрламай тұра алмайды, — деді Альбер.
— Сіз тағы қателестіңіз: оның ұрлайтын себебі — қарауында әйелі, бала-шағасы бар, сосын өзінің де, үй ішінің де жағдайын жақсартқысы келеді, ең бастысы, ол қожайынымен ұдайы бірге істесе беретініне сенбейді, сондықтан да болашақ өмірін қамтамасыз еткісі келеді. Ал Бертуччо болса, жалғызбасты. Ол менің ақшамды бет-жүзіне қарамай жұмсай береді; ол менімен өле-өлгенше айырылыспайтынын біледі.
— Қайдан біледі?
— Өйткені, мен одан артық қызметшіні таба алмаймын.
— Сіз шамасы сиқырлы бір шеңбер ішінде, ғайып шеңбері ішінде айналып жүре беретін боларсыз.
— Жоқ, бұл — сенім. Мен үшін ең жақсы қызметші — өмірі мен өлімі ашсам — алақанымда, жұмсам — жұдырығымда болатын қызметші.
— Ал, Бертуччоның өмірі мен өлімі сіздің қолыңызда ма? — деді Альбер.
— Иә, — деді Монте-Кристо ызбармен.
Әңгіме-кеңесті темір есік сияқты тарс жабылып, тұйықтап тастайтын бір сөздер болады. Графтың «иә» дегені де тап солай естілді.
Жолдың қалған бөлігінде де бұлар желмен жарысып отырды; сегіз бекетке бөлініп қойылған отыз екі ат қырық сегіз льені сегіз сағатта құйғытып өтті.
Түн жарымда бұлар бір тамаша паркке келіп жетті. Қақпашы ашық дарбаза алдында тұр екен. Оны соңғы бекеттің атшысы ескертіп қойыпты.
Түнгі бірден асқан шақ. Альберді әзірленген бөлмесіне ертіп кіргізді. Ванна мен ауқат әзір екен. Күйменің артына отырып келген малай мұның дәйекшісіне айналды; ал мінберде отырған Батистен графқа қызмет ете бастады.
Альбер ваннаға түсіп, ауқаттанды да, ұйқыға бас қойды. Түн бойы оны бір сарынды теңіз шуы әлдилеп жатқандай еді. Төсектен тұрысымен ол әйнекті, есікті айқара ашып жіберіп, аядай террасаға шықты; алдында шалқыған теңіз, яғни шетсіз-шексіз айдын жатты, ал артында — қалың тоғаймен жалғасқан әдемі парк бар еді.
Шағын қойнауда тұмсығы үшкір, рангоуты сұңғақ кішкене корвет толқын үстіне тербеліп тұрды. Гафелде Монте-Кристоның гербі басылған жалау желбірейді: гербте көгілдір теңіз аясында қара кресті алтын тау бейнеленіпті. бұл Монте-Кристоның Голгофаны еске салатын есімін тұспалдап-бейнелеудің бір әдісі болса керек-ті, ал осы Голгофаны құтқарушының құштар пейілі алтыннан да асыл тауға айналдырған ғой; бәлкім, бұл құдайдың қасиетті қаны тамған масқара қорлық кресі жайлы сөз болса да ғажап емес-ті немесе осынау жұмбақ кісінің жан баласы білмейтін өткен өмірінің бір қасіретті драмасын да мегзеуі мүмкін-ді.
Корветтің төңірегінде көрші деревнялардағы балықшылардың бірнеше қайығы тербеледі, бұлар өз королінің әмірін мөлие күтіп тұрған қарапайым халық сияқты.
Монте-Кристо тым болмаса екі күндей аялдайтын жердің бәрін жасаулы қалыңдықтай жайнатып қояды. Сол сияқты, бұл мекенжайда да тұрмыс-тірлік мейлінше бай, сән-салтанатпен реттеліп қойылыпты. Сол себепті де мұндағы әмір алғашқы сәтінен-ақ бапты да бипаз, қызықты болып көрінді.
Альбер кірмеліктен екі мылтық пен аңшылыққа керекті нәрселердің бәрін де тапты. Бірінші қабаттағы бөлмелердің бірі әртүрлі құрал-саймандарға толы екен, бұларды кәнігі балықшы-ағылшындар — өйткені олар сабырлы да сыбай-сылтаң жұрт қой — қанша күш-жігер жұмсаса да, атам заманғы француз қармақшыларының үйреншікті құралына айналдыра алмай келеді.
Ұзақ күн әр қилы қызғылықты іс-әрекетпен өтті, Монте-Кристо бұған келгенде алдына жан салмайды екен: парктен бұлар он шақты қырғауыл атып алды, бұлақтан форель аулады, теңізге қарайтын күнсаяда түстенді, кітапханаға барып шай ішті.
Үшінші күннің кешінде уақытты осылай өткізуден әбден қалжырап шаршаған Альбер терезе алдындағы креслоға қисайып ұйықтап кетті, ал бұл тірлікті баланың ойынындай көрген Монте-Кристо архитекторымен бірге отырып, үй ішіне салынатын оранжереяның жобасын жасай бастады. Кенет тасты жолмен жүрген ат тұяғының тасыры естілді де, Альбер басын көтерді: ол терезеге қарап, жолмен келе жатқан өз камердинерін көріп, аң-таң қалды және оның мына жүрісі көңілінде алаң туғызды. Альбер Монте-Кристоны әуреге салмайын деп оны жүрерде тастап кеткен-ді.
— Мынау Флорантен ғой. Шынымен-ақ апам ауырып қалды ма екен? — деді Альбер креслодан ұшып тұрып.
Осыны айтты да, есікке қарай тұра ұмтылды.
Монте-Кристо оны көзімен бақылап отырды да, жігіттің камердинеріне жүгіріп барғанын, ананың аптығын әзер басып, қалтасынан шағын бір пакетті алғанын көрді. Пакетте газет пен хат бар екен.
— Хат кімнен? — деді Альбер шыдамсыздана.
— Бошан мырзадан... — деді Флорантен.
— Сізді мұнда жұмсаған Бошан ба?
— Иә, сударь. Ол мені шақырып алып, жолыма ақша берді де, маған почта көлігін тауып, менен мына пакетті тоқтаусыз сізге тапсырамын деген уәде алды. Міне, сізге он бес сағатта келіп жеттім.
Альбер хатты жүрексіне ашты. Хаттың бірінші жолдарын оқып болмай жатып, оның ащы даусы шығып кетті де, тұла бойы қалтырап, газетке жармасты.
Кенет оның көзі қарауытып, теңселіп кетті, егер оны Флорантен ұстай алмағанда, құлап қалуы да мүмкін-ді.
— Байғұс бала! — деді Монте-Кристо күбірлеп, ол тіпті өз сөзін өзі де естімеген болуға тиіс. — Әкенің күнәсі балаларының үшінші, төртінші буынына дейін зардабын тигізеді деген рас екен.
Бұл кезде Альбер бар күшін жинап, әрі қарай оқи бастады. Сосын тершіген маңдайына түскен шашын кейін сілкіп, хат пен газетті умаждай берді.
— Флорантен, атыңыз қайтадан Парижге жете ала ма? — деді ол.
— Бұл әбден зорығып қалған почта мәстегі ғой.
— Құдай-ай! Сіз кеткенде үй ішінде не болып еді?
— Бәрі де қаз-қалпында болатын; бірақ Бошан мырзадан қайтып келсем, графиня жылап отыр екен; ол сіздің қашан келетініңізді білу үшін маған кісі жұмсапты. Сосын мен оған Бошан мырзаның тапсырмасымен сізге бара жатқанымды айттым. Әуелде ол кісі мені тоқтатқысы келгендей қолын соза берді де, сәл ойланып барып: «Барыңыз, Флорантен, балам қайтып келсін», — деді.
— Қам жеме, апатай, қайтып келемін, сосын оңбағанның сазасын беремін!.. Бірақ ең әуелі аттануым керек, — деді Альбер.
Сосын ол өзін Монте-Кристо күтіп отырған бөлмеге келді.
Бұл тіпті манағы жігіт емес-ті: бес минут ішінде ол кісі танымастай болып өзгерген: тамағы қарлығып, бет-аузы теңбіл-теңбіл болып қызарып, ісіңкі қабақ астынан көзі оттай жанады, мас кісі сияқты былғалақтап, жүрісі де өзгеріп кетіпті.
— Граф, сіздің ізгі меймандостығыңызға көптен-көп рақмет, қонақжай мекеніңізде әлі де қуана-қуана қалар едім, бірақ Парижге қайтуым керек, — деді ол.
— Не болып қалды?
— Сұмдық бір қасіретке ұшыраппыз! Рұқсат болса, мен жүрейін, әңгіме менің өмірімнен де қымбат нәрсе жайлы. Сізден жалынып-жалбарынып өтінетін бір тілегім, менен ештеңені де сұрамаңыз, тек көлік берсеңіз болғаны!
— Менің атқорам түгелдей сіздің қызметіңізге дайын, виконт, бірақ сіз салт атпен кетсеңіз қатты қиналасыз ғой, одан да күймемен кетіңіз, — деді Монте-Кристо.
— Жоқ, онда ұзақ жүріп қаламын; мен шаршаудан қорықпаймын, қайта ол маған демеу болады.
Альбер оқ тиген кісідей тәлтіректеп бірнеше қадам басып барды да, есіктің алдындағы бір орындыққа құлай кетті.
Монте-Кристо оның екінші рет әлсіреп қалғанын көрмеді, ол терезе алдына барып:
— Әли, виконтке ат әзірле! Тезірек, ол асығулы! — деп айқайлап тұрған.
Осы сөздерден кейін виконт өзіне-өзі келді де, бөлмеден жүгіріп шықты, граф оның соңынан жүрді.
— Сізге мың алғыс! — деді Альбер атқа секіріп мінгесін күбірлеп. — Флорантен, үйге тезірек жетерсіз. Маған тың ат беру үшін шартты пароль керек пе еді?
— Сіз мініп келген атыңызды қалдырасыз, сосын қолма-қол басқа атты ерттеп береді.
Альбер атқа тақымын баса беріп, кідіріп қалды.
— Бәлкім, сіз менің тосыннан-тосын кетіп қалғанымды ыңғайсыз көрерсіз, бір түрлі түсініксіз, нақұрыстың ісі дерсіз. — Газеттің бірнеше жол хабарының кісіні кейде шарасыз халге түсіретінін білмейсіз ғой. Міне, оқыңызшы, бірақ менің қорлықтан қызарғанымды көрмес үшін, оны мен кеткеннен кейін оқыңыз, — деді ол газетті графқа бере салып.
Ол өкшесіне қыстырған шпорды аттың бүйіріне қадай берді, бұрын мұндай тепкіге дағдыланбаған жануар, үстіндегі кісінің мына қылығына түсінбей, ыршып түсті де, адырнадан атылған жебедей зымырай жөнелді.
Граф осынау салт аттыға жаны ашып, қашан көзден таса болғанша аянышпен қарап тұрды да, сосын барып, газет хабарын оқып шықты.
«Бейтарап дауыс» газеті осыдан үш апта бұрын жазған, Янина пашасы Әлидің қызметінде болған француз офицері, Янинаның қамал-сарайларын жау қолына тапсырып қана қоймай, өзінің жарылқаушы мырзасын опасыздықпен түріктерге сатқан офицер, шынында да о кездері Фернан деп аталыпты, мұны бізге құрметті әріптесіміз хабарлады; бірақ содан бері ол өз есіміне дворян лауазымы мен поместьесінің атын да қосып алған.
Қазір ол граф де Морсер деп аталады және Пэрлер палатасы мәжілісіне қатысады».
Сонымен, Бошан жомарт көңілмен жұрттан жасырғысы келген сұмдық сыр, елес сияқты қайтадан қаруланып бой көтерді, ал безбүйрек рақымсыз біреуден бұл хабарды білген екінші бір газет Альбер Нормандияға кеткеннен үш күн кейін, әлгі бірнеше жол хабарды басады, бұл бақытсыз жігітті жындандырып жібере жаздап еді.
IX. СОТ
Таңертеңгі сағат сегізде Альбер құйындай ұйтқып, Бошанның үйіне кіріп келді. Камердинер ескертіліп қойылған еді, сол себепті де жаңа ғана ваннадан шыққан мырзасына Морсерді ертіп кірді.
— Сонымен, — деді Альбер.
— Сонымен, бейбақ досым, мен сізді тықырши күтудемін, — деді Бошан.
— Ендеше, мен де жеттім, міне. Көп сөйлеп қайтеміз, Бошан, мен сіздің мейірімді де дегдар кісі екеніңізді анық білемін және сіз соны басқа біреуге айтты ғой деп те ойламаймын. Мұның үстіне сіз мені осында шақыртып алдыңыз, бұл да қимас достықтың белгісі. Сол себепті де басы артық әңгімеге уақыт кетірмелік. Осы соққының кімнен шығып жатқанынан хабарыңыз бар ма?
— Мен қазір сізге ел аузындағы кейбір қауесетті жеткізейін.
— Айтпақшы, сіз әуелі маған осы арада не болып, не қойғанын егжей-тегжейлі айтып беріңізші.
Сонымен Бошан қайғы мен ұяттан еңсесі түскен Альберге төмендегі жайтты баяндап шықты.
Хабар осыдан үш күн бұрын, ертеңгілік, «Бейтарап дауыс» емес, басқа газетте, Үкімет газетінде басылыпты. Бұл хабар көзіне түскенде Бошан ертеңгі асын ішіп отыр екен; ол дереу күймесін алдырып, ішіп отырған асын тастап, асығыс әлгі редакцияға барады.
Бошанның саяси көзқарасы сол газет редакторының көзқарасына мүлде қарама-қарсы болса да, — тірлікте мұндай жайттар көп кездеседі ғой — екеуі көптен сыралғы дос екен.
Бұл кіріп барғанда редактор өз газетін қолына алып, қызылша қанты жайлы бас мақаланы рақаттана оқып отыр екен, шамасы, оны өзі жазған болуға тиіс.
— Қымбаттым, сіздің қолыңыздан газетіңіздің бүгінгі нөмірін көріп тұрмын, ендеше мұнда неге келгенімді түсіндірмей-ақ қояйын, — дейді Бошан.
— Сіз шынымен-ақ қамыс қантын жақтайсыз ба сонда? — дейді Үкімет газетінің редакторы.
— Жоқ. Ол мәселеде тіпті де шаруам жоқ. Мен сізге мүлде басқа себеппен келдім, — деп жауап қатады Бошан.
— Қандай себеппен?
— Морсер жөніндегі хабарды қуалап келдім.
— Е, солай деңіз, қызықты хабар ғой, ә?
— Оның қызықтығы сондай, мұны жазықсыз әшкерелейтін хабар деп айыптауға болады, ал процестің аяғы немен бітері әлі белгісіз.
— Жоқ, олай емес: сол хабармен бірге біз оны растайтын документ-деректердің бәрін алдық, демек Морсердің осы жолы үндемей қалатынына көзіміз жетеді. Бұған қоса, біз, өздеріне көрсетіліп жүрген құрмет-қошаметке лайық емес оңбағандарды әшкерелеп, отанымызға көмек көрсеттік.
Бошан ыңғайсызданып қалды.
— Бірақ сізге осындай дәйекті деректерді берген кім? Бұл мәселені әуелі біздің газет сөз етті де, артынан тиянақты дәлелі болмағасын үндемей қалуға мәжбүр болды; ал шындап келгенде Морсерді елден бұрын әшкерелеуге біз ғана мүдделіміз, өйткені ол — Францияның пэрі, ал біз оппозицияны қолдаймыз, — деді ол.
— Оның ешбір қиындығы болмады; біз сенсация қуалағанымыз жоқ, хабардың өзі келіп, дәл төбемізден түсті. Кеше бізге Янинадан қолында әшкерелейтін документтері бар бір кісі келді; біз мұндай айыптауды газетке бере салудан жүрексіндік, бірақ ол кісі, егер біз бұдан бас тартсақ, мақала басқа газетте шығады деп мәлімдеді. Қызғылықты хабардың не екенін өзіңіз де білесіз ғой, Бошан, біздің мұндай мүмкіндіктен айырылғымыз келмеді. Енді берер соққы берілді; ол пәрменді соққы болды және оның жаңғырығы күллі Европаға естілетін шығар.
Бошан енді тек бас иіп, қоштасу керек екенін түсінді де, бөтен лажы қалмағасын сыртқа шығып, Альберге хабаршы жіберіп, шақыртпақ болды.
Бірақ ол хабаршы жүріп кеткеннен кейін болған оқиғаларды Альберге жазып жібере алмады. Сол күні Пэрлердің палатасы гуілдесіп, ырду-дырду болып жатқан, әдетте байсалды қалпынан бір танбайтын беделді мәжілістің мүшелері әбігерге түскен-ді. Бүгін барлығы бірдей тиісті уақытынан ерте келіп, осы бір кесірлі оқиғаны сөз ете бастады, әрине бұл оқиғаның жұртшылық назарын Жоғарғы палатаның аса көрнекті өкіліне жаппай аударатыны кәміл еді.
Бұлардың кейбіреулері газет хабарын оқып, талқылап жатса, екінші біреулері жоғарыдағы фактілерді растайтын жайттарды есіне түсіріп тұрды. Олар қызметтес серіктері граф де Морсерді жақсы көрмейтін. Тосын көтерілген күллі мансапқорлар сияқты, ол өзінің кісілік салауатын өркөкірек менмендік арқылы көрсетуге тырысатын. Шынайы ақсүйектер оған сырттай күліп жүрді; дарынды кісілер оны көзге ілмеді. Атына-атағына шаң жуытпаған әйгілі жауынгерлер одан іштей жиіркенеді. Өз кінәсін жууы үшін графтың құрбандыққа шалынып кетер қаупі туды. Енді оны жаратқанның өзі қырына алса, қалған жұртқа не жорық, бәрі жиналып, оны құрбандыққа лайықтап қойған.
Тек граф де Морсердің өзі ғана ештеңені білмеді. Ол өзін масқаралайтын хабар басылған газетті алмайтын, таңертеңгілік ол ұзақ отырып хат жазды, сосын жуырда сатып алынған атқа мініп, сынап көрді.
Сөйтіп, үйреншікті уақытында күймесінен шығып, бұрынғы кекірейген қалпы, жұртқа паңдана қарап, астамси басып, дәлізден өтті де, курьерлердің қысыла именгенін, әріптестерінің салғырт сәлемдескенін де байқамай, залға келіп кірді.
Морсер келіп кіргенде, мәжіліс басталған екен.
Біз жоғарыда айтқанымыздай, граф әлі не болғанын білмей, үйреншікті әдетімен келе жатса да, жұртқа оның бет пішіні, жүріс-тұрысы бұрынғыдан да астам көрінді, сол себепті де өзінің ар-намысын көздің қарашығындай сақтайтын мәслихат мүшелеріне оның тап бүгін дәл осылай кекірейіп келуі жүгенсіз тасырлық болып көрінді де, бәрі бірдей мұны әдепсіздік деп тапты. Ал кейбіреулері кеселді кесірлік, енді біреулері тіпті қорлағандық деп ұқты.
Күллі палатаның делебесі қозып, жарыссөзді асыға күтіп отырғаны белгілі еді.
Әлгі әшкере хабар басылған газет бәрінің қолында бар еді, бірақ әрқашандағы әдетпен, ешкім де бірінші болып сөйлеу жауапкершілігін өз мойнына алмады. Ақырында Палатаның ең құрметті пэрлерінің бірі, граф де Морсердің ашық жауы, көптен күткен киелі сәті енді келіп жеткендей-ақ, салтанатпен, баяу басып трибунаға көтерілді.
Залда үрейлі тыныштық орнады; әдетте өз тыңдаушыларының жылы қабағын көрмейтін шешенге бұлардың осы жолы неліктен соншама ынта-ықыласының түсе қалған себебін түсінбеген тек Морсер ғана болды.
Шешеннің: «Мен қазір Палатаның жұмысына тікелей қатысы бар, өмірдің өзі тудырған аса маңызды, қасиетті бір мәселені айтайын деп тұрмын, сол себепті де, халайық, мені зейін қойып тыңдауларыңызды сұраймын», — деген сөзін көңілінде ештеңе жоқ граф құлағына да ілмеді.
Бірақ шешен Янина жайлы және полковник Фернан туралы сөз етуі мұң екен, граф де Морсер қанын ішіне тартып, сазарып сала берді, со замат қаумалай отырған халық жыбырласып, бәрі бірдей уәделесіп қойғандай-ақ графқа көзін тікті.
Кісінің жан жарасын көруге болмайды, бірақ оны ешқашанда жаба алмайсың. Адамды ұдайы қинап, азап-тозақтан көз аштырмайтын сол жара кісі жанының терең түкпірінде жазылмаған күйі мәңгі қала береді.
Өлі тыныштық орнаған кезде шешен газет хабарын оқып шықты. Жұрт дуылдасып барып, шешен қайта сөйлей бастағанда, су сепкендей басыла қалды. Ол сөзін мойнына алған міндеттің қиындығынан бастады: әңгіме граф де Морсердің ар-намысы, күллі Палатаның ар-намысы жайлы болып отыр, міне, осылардың ар-намысын сақтау үшін ғана мен жарыссөзді бастадым, ал жарыссөз кезінде кісінің жеке басының мәселелеріне, сол себепті де ең қиын мәселелерге тоқтауға тура келеді. Сөзінің соңында ол істі мұқият және мейлінше жедел тексеруді, өтірік-өсекті түптамырымен жұлып тастап, қоғамдық пікірде биік тұрған жайсаң жанды масқаралап, қорлағаны үшін кінәлінің сазасын беріп, граф де Морсердің жақсы атын арашалап қалуды талап етті.
Морсердің табан астында, ойламаған жерден жабысқан мына сұмдықтан жаны түршігіп, жасып қалғаны сондай, әріптестеріне көзі бұлдырай қарап, бірер сөз айтып, күбірлегені болмаса, жарытып ештеңені де айта алмады. Оның осылай абыржып қалғанына жұрт аяушылық білдіргендей болды, ал абыржу дегеннің өзі кінәсіз кісінің аң-таң қалғанынан да, кінәлі кісінің жерге қарап, қысылып қалғанынан да тууы мүмкін, кім білген. Нағыз жомарт жанды, кең пейіл кісілер, дұшпанының қасіреті өздерінің өшпенділігінен ауыр түсіп жатса, оған кешірім жасайды ғой.
Председатель мәселені дауысқа салды, сөйтіп оны тексеру жайлы шешім қабылданды.
«Өзіңізді-өзіңіз қорғап сөйлеу үшін сізге қанша уақыт керек», — деген сауал қойылды графқа.
Алғашқы соққыдан есеңгіреп қалған Морсер, енді есін жинап, бұрынғы күйіне түскен-ді.
— Пэр мырзалар, — деді ол жауабында, — өз залымдығының тасасында тығылып жүрген беймағлұм жаулардың шабуылын тойтару қажет болып тұрғанда, уақыт деген сөз болып па; бір сәтке ғана көзімді соқыр етіп, көңіліме жара салған мұндарларға мен қатал да қаһарлы соққы беруге тиіспін. Сіздердің сапыңызда болуға лайық екенімді мына өздеріңізге, бауырларым, дәлелдеп беру үшін, сылдыр сөзбен ақталғаннан гөрі қанымды төккенім жөн болар еді!
Оның бұл сөзі жиналған кісілерге кәдімгідей жақсы әсер қалдырды.
— Сол себепті де менің бір өтінетінім, тексеру ісі мүмкін қадарынша тез өткізілсе екен, сонда мен Палатаға қажетті документтің бәрін әкеліп берер едім, — деді Морсер сөзін аяқтап.
— Сізге қай күнді тағайындасақ жөн болар екен? — деді председатель.
— Бүгінгі күннен бастап мен өзімді Палатаның қарамағына беремін, — деді граф.
Председатель қоңырау қақты.
— Тексерудің бүгін өткізілгенін Палата қалай ма, қаламай ма?
— Қалаймыз, — деп жауап қатты жиналыс бір дауыспен.
Морсер әкеліп көрсететін документтерді қарауға он екі адамнан комиссия құрылды. Комиссияның бірінші мәжілісі кешкі сегізде палата үйінде өткізілетін болды. Егер бұл үшін мәжіліс өткізу керек болса, оларды да сол үйде, сол мезгілде өткізбек болып келісті.
Осындай қаулы қабылданысымен, Морсер кетуге рұқсат сұрады: ол қажетті документтерді жинастыруы керек, өзіне ғана тән әккілікпен, зұлымдықпен ондай деректерді баяғыда әзірлеп қойған-ды, өйткені Морсер мұндай апаттың бір кезде болмаса бір кезде болатынын күн ілгері ойлаған еді.
Бошан осының бәрін Альберге жыр етіп айтып берді.
Альбер оның сөзін бірде ызалана дірілдеп, бірде ұялғаннан жерге кірердей болып қызарып тыңдады. Бошан Янинаға барып қайтқалы бері ол әкесінің кінәлі екенін білетін, енді міне әкесінің кінәсіз екенін қалай дәлелдейтініне түсіне алмай таң қалды, ол тіпті бұдан үмітін де үзген еді.
— Сосын не болды? — деді ол Бошан үндемей қалғасын.
— Сосын ба?
— Иә.
— Досым-ау, мұны айту маған оңайға түспейді. Одан кейін не болғанын қайткен күнде де білгіңіз келе ме?
— Мен оны білуім керек және басқа біреуден естігеннен гөрі, сіздің өзіңізден білгенім әлдеқайда жақсы.
— Олай болса, бойыңыздағы бар жігер-қайратыңызды жинаңыз. Сізге ерліктің керек жері енді келген сияқты, — деді Бошан.
Өз өмірін қорғауға тәуекел еткен кісі ең әуелі сауытының беріктігін тексеріп, шпагасының өткірлігін байқап иіп көретіні сияқты, Альбер де өзінің күш-қуатын сынағысы келгендей маңдайын алақанымен бір сипап қойды.
Ол өзін әлі де болса әлеуетті екенмін деп ойлады, өйткені көңілі алабұртып, делебесінің қозғанын бойын кернеген қайрат-жігер шығар деп қалды.
— Сөйлеңіз, — деді ол.
— Кеш те түсті, — деді Бошан сөзін жалғап. — Күллі Париж сол сәтті демін ішіне тартып тосты. Жұрттың көпшілігі сіздің әкеңіздің төбесі көрінсе болды, айыптау ісінің қарасы өзді-өзінен өшеді десті; өзге бір кісілер сіздің әкеңіз енді мүлде келмейді дегенді айтты. Олардың ішінде тіпті Морсер мырзаның Брюссельге кетіп қалғанын көрдік дегендері де болды, ал полициядан: «Оның паспортын жөндеп алғаны рас па», — деп сұраған әуейілер де табылды.
Комиссия мүшелерінің бірі болып саналатын жас пэрді, менің залға кіруіме көмектесіңіз деп азғырып, қолдан келген шаралардың бәрін жасағанымды жасырғым келмейді сізден. Ол мені сағат жетіде күймесімен келіп алып кетті де, жұрт әлі жиналмай тұрғанда, Палатаның курьеріне табыстады, курьер мені дереу бір ложаға кіргізіп, қамай салды. Мен бір ұстынның тасасында, тас қараңғыда отырдым. Және алдағы сұмдық мәжілістің әрбір сөзін естіп, кісілерін өз көзіммен көретін шығармын деп үміттендім.
Дәл сағат сегізде жұрттың бәрі де жиналды.
Де Морсер мырза сағат қоңырауы ең соңғы рет соққан кезде кіріп келді. Оның қолында біраз қағазы бар екен, ол кәдуілгідей салмақты да сабырлы көрінді; бұрынғыдан кекіреймей, қарапайым пенде күйіне түсіпті, үстінде сыпайы да жұпыны киім, кәрі әскери қызметшілердің әдетімен, күллі түймелерін түймелеп қойыпты.
Оның келгенін жұрт жылы жүзбен қарсы алды. Комиссия мүшелері де іш тартатын тәрізді, кейбіреулері тіпті графтың қасына барып, қолын қысып, амандасып та жатыр.
Альбер әңгіменің осындай бір сәттерінде жүрегі жарылып кететіндей қиналып отырғанын сезді, қанша азаптанғанымен, ол жұртқа қатты ырза, басына ауыр сын түскенде әкесіне құрмет көрсеткен кісілерді барып құшақтағысы да келді.
Сол сәтте курьер кіріп, председательге бір хат әкеліп тапсырды.
«Де Морсер мырза, сөз сізге беріледі», — деді председатель хатты ашып жатып.
— Граф өзінің қорғану сөзін бастады. Сізден несін жасырайын, Альбер, ол кереметтей шешен сөйледі және сөзін өте шебер құрған екен, — деді Бошан әңгімесін сабақтап.
— Ол Янинаның уәзірі өмірінің соңғы минуттарына дейін бұған толық сенгенін, сұлтанмен тікелей келіссөз жүргізуді өзіне тапсырғанын дәлелдейтін документтерді көрсетті, ал уәзірдің амандығы мен ажалы осы келіссөзге байланысты еді. Ол өкімет билігінің белгісі болып саналатын жүзікті көрсетті. Әли паша хат-қағаздарын осы жүзікпен желімдеп басады екен, граф келіссөзден қайтып келгеннен кейін, күн демей, түн демей, кез келген уақытта өзіне, тіпті гареміне де еркін кіруі үшін міне сол жүзікті ол бұл кісіге береді. Біздің сорымызға қарай, келіссөз сәтсіз аяқталды, — деді ол, өзімнің жарылқаушы мырзамды қорғау үшін жеделдетіп қайтып келсем, ол байғұс өліп қалыпты. Бірақ — деді граф, — Әли пашаның маған шексіз сенетіні сондай, өлерінен бұрын сүйікті әйелі мен қызын табыстап кетті.
Осы сөздерді естігенде Альбер селк етіп, шошып қалды, өйткені Бошан әңгімесін айтқан сайын, оның есіне Гайденің хикаясы түсе бастаған еді, сөйтіп грек аруының осынау тапсырма жайлы, әлгі бір жүзік жайлы және өзінің күңдікке сатылып кеткені жайлы айтқан әңгімесі қаз-қалпында ойына келе қалды.
— Графтың сөзі жұртқа қалай әсер етті? — деді Альбер елең етіп.
— Шынымды айтайын, ол мені де, күллі комиссияны да елжіретіп жіберді, — деді Бошан.
Сол кездері председатель әлгінде әкеліп берген хатқа салғырт көз жүгірте бастады; бірақ хаттың алғашқы жолын оқысымен-ақ оған шұқшиды да қалды; хатты бір рет оқып шыққасын, қайталап тағы да оқыды, сосын граф де Морсерге ойлана көз тастады.
«Граф, — деді ол, — Сіз жаңа ғана бізге Янинаның уәзірі әйелі мен қызын маған табыстап кетті деп едіңіз ғой?»
«Иә, сударь, — деді Морсер, — бірақ басқа істердегі сияқты, бұл істе де жолым болмады. Мен қайтып келсем, Василика мен оның қызы Гайде із-түзсіз жоғалып кеткен екен».
«Сіз оларды білуші ме едіңіз?»
«Пашаға жақын-жуық жүргендігімнің және ол кісінің маған шексіз сенуінің арқасында, мен оларды талай рет көргенмін де».
«Олардың кейінгі жай-күйінен хабарыңыз жоқ па?»
«Иә, сударь. Олардың бастарынан өткен қайғы-қасіретке, бәлкім, жоқшылыққа ма, шыдамағанын есіткенмін. Ол кезде мен бай емес едім, жанымды ұдайы шүберекке түйіп жүрдім, сол себепті де, қанша қатты опынсам да, оларды іздеп тауып алуға жағдайым келмей қойды».
Председатель қабағын түйді.
«Мырзалар, — деді ол. — Сіздер граф де Морсердің түсінігін тыңдадыңыздар. Граф, осы айтқан сөзіңізді қуаттайтын бір куә таба аласыз ба?»
«Бір өкінішті жері, таба алмаймын, — деді граф, — уәзірдің төңірегіндегі кісілер немесе оның сарайында менімен дидарласқан кісілер баяғыда қайтыс болған немесе жер бетін кезіп кеткен; менің білуімше, өз отандастарымның ішінде сол қырғын соғыстан аман қалған мен ғана; менде тек Әли-Тебелиннің хаттары ғана бар еді, оны өздеріңізге бердім; менің қолымда оның ерік-билігінің белгісі — жүзігі ғана бар, ол — мінеки. Менің қолымда тағы бір аса дәйекті дәлелім бар, атап айтсам, әлгі белгісіз біреудің жаласынан кейін, менің ақ-адал адам екенімді жоққа шығаратын бірде-бір жаңа дәйек табылмады ғой, ең соңында айтарым, менің кір шалмаған әскери қызметім және бар емес пе!»
Жиналғандар күбірлесіп құптасып жатты; тап сол сәтте, Альбер, жаңадан ешкім келіп килікпеген күнде, әкеңіздің ар-намысы сақталып, құтылып шыға келер еді.
Тек жұрт дауыс берсе болғаны; бірақ сол арада председатель сөз алды.
«Мырзалар, — деді ол, — граф, сіз де, осында аса маңызды хабары бар бір куә келіп тұр екен, сол куәні қуана-қуана тыңдайсыздар ғой деп ойлаймын, ол кісі куәлік етуге тілек білдіріпті. Графтың әлгідей дәйекті сөздерінен кейін, біз мына куәгер кісінің, әріптестеріміздің сөзін қуаттап, оның мүлде кінәсіз екенін дәлелдеп шығатынына күмәнданбаймыз. Жаңа ғана менің қолыма келіп түскен хат мынау; осы хатты сіздерге оқып берейін бе, әлде, сіздер оны жария етіп, көңіл бөлмей-ақ қояйық деген шешім қабылдайсыздар ма?»
Граф де Морсер сұрланып, жұдырығын қысып қалғанда, қолындағы қағазы сытырлап кетті.
Комиссия хат тыңдалсын деген қаулы алды; граф тұңғиық ойға малтып отырып, өз пікірін білдірмеді.
Сол арада председатель жұртқа мынандай хатты жария етті:
«Председатель мырза!
Генерал-лейтенант граф де Морсердің Эпир мен Македониядағы іс-әрекетін тексеретін тергеу комиссиясына мен дәлме-дәл мәліметтер бере аламын».
Председатель бір сәт тым-тырыс тұрып қалды.
Граф де Морсер қуарып сала берді; председатель тыңдаушылардан сауалына жауап күткендей жан-жағына қарады.
«Оқи беріңіз!» — деді жұрт жамырасып.
Председатель әрі қарай оқи бастады:
«Әли паша менің қолымда өлді және өмірінің соңғы минуттары көз алдымнан өтті; Василика мен Гайденің қандай күйге ұшырағанын да білемін; мен комиссияға қызмет көрсетуге де дайынмын, тіпті мені үлкен құрметке ие етіп, сөзімді тыңдауыңызды өтінер едім. Үшбу хатты өзіңізге апарып тапсырған кезде мен Палатаның вестибюлінде боламын».
«Осынау куә, яки дұрысырақ айтсам, дұшпан кім екен?» — деді граф барлыққан дауыспен.
«Біз оны қазір білеміз, — деді председатель. — Комиссияның осы куәні тыңдағысы келе ме?»
«Иә, тыңдайық!» — десті жұрт бір кісідей.
Председатель курьерді шақырып алды.
«Вестибюльде тұрған біреу бар ма?» — деді ол.
«Бар, председатель мырза».
«Кім?»
«Қасында күтушісі бар бір әйел».
Жұрт бір-біріне қарасты.
«Сол әйелді мұнда шақырыңыз», — деді председатель.
Бес минуттан кейін курьер қайтып келді. Жұрттың бәрінің көзі — есікте, мен де елмен бірге асыға күттім, — деді Бошан сөзін сабақтап.
— Курьерге ілесе, басынан аяғына дейін бүркеншікке оранып алған бір әйел келе жатты. Оның бүркеулі бәденіне, әтірінің хош иісіне қарап, үлбіреген жас ару екенін байқауға болатын еді.
Председатель бейтаныс әйелден бүркемесін ашып көрінуін сұрады, жұрттың көз алдына грек костюмін киген бір жас қыз жалт етіп шыға келді. Бұл бір ғажайып сұлу жан еді.
— Бұл — соның өзі! — деді Альбер.
— Кім дейсіз?
— Гайде.
— Оны кім айтты?
— Жай, тек болжап отырғаным ғой. Бірақ әңгімеңізді айта беріңіз, Бошан, өтінемін. Өзіңіз көріп отырсыз, әңгіменің ақырына таяп қалсақ-тағы, мен теріс мінез көрсетпей, жайбарақат тыңдап отырмын ғой.
— Де Морсер мырза сол қызға әрі таңырқай әрі үрейлене қарады, — деді Бошан сөзін сабақтап. — Осынау әсем еріннен шығар сөз оған өмір не өлім болып жабысады.
Өзге жұрт бейтаныс қыздың кенет келгеніне қайран қалып, қызығып-қызынып кеткені сондай, де Морсер мырза енді құтылып кете ме, әлде тұтылып қала ма — оларға бәрібір болып көрінді.
Председатель қызға отырыңыз деп ілтипат жасап еді, ол басын шайқады. Граф болса, креслосына сылқ етіп отыра кетті; тізесі қалтырап, тұра алмаса керек.
«Сударыня, — деді председатель, — сіз комиссияға Янинада болған оқиғалар жөнінде мәлімет бергім келеді және сол оқиғалардың куәсі болғанмын деп жазған едіңіз».
«Жазғаным рас», — деді бейтаныс қыз бір мұңлы сиқырлы дауыспен, Шығыстың барша тұрғындары сияқты, мұның үні де кереметтей әуезді еді.
«Дегенмен, өзіңізге бір ескертпе жасауға рұқсат етіңіз, ол кезде сіз тым жас болдыңыз ғой», — деді председатель.
«Мен төрт жаста едім; бірақ мен үшін сол оқиғалардың керемет маңызды болғаны сондай, оның ешбір кезеңін, жай-жағдаятын ұмытқан жоқпын, тіпті уақ-түйектеріне дейін жадымда жатталып қалыпты».
«Бірақ сол оқиғалар сізге несімен маңызды, несімен қымбат және сол апат өзіңізге соншалық қатты әсер ететіндей сіз кім едіңіз?»
«Мәселе менің әкемнің өмірі, не өлімі жайлы болды, — деп жауап қатты бейтаныс қыз, — мен Янинаның пашасы Әли-Тебелин мен оның ғашық жары Василиканың қызы — Гайдемін».
Қыздың өңі әуелі ұяң ғана шырайланып, артынан айбындана дуылдап, көзі оттай жайнап тұрып айтқан салмақты сөздері жиналыста отырған кісілердің сай-сүйегін сырқыратты.
Граф де Морсер табанының астындағы жер ойылып түскендей-ақ қызға сұмдық шошына қарады.
«Сударыня, — деді председатель оған құрметтей басын иіп, — сізге тағы бір сауал қоюыма рұқсат етіңіз, бірақ мені шүбәланды екен деп ойлап қалмаңыз және бұл менің ең соңғы сауалым болмақ. Сіз әлгі сөзіңізді дәлелдеп бере аласыз ба?»
«Иә, дәлелдей аламын, — деді Гайде, бүркеншігінің бір қатпарынан жұпар иісті атлас қалтаны алып, — міне, әкем өз қолымен жазып, әскербасылары қол қойған, менің туған жылым жайлы куәлік; мынау менің шоқындырылғаным туралы куәлік, өйткені әкем маған шешемнің діні рухында тәрбиеленуіме келісім беріпті; бұл куәлікке Македония мен Эпирдің ұлы әміршісінің мөрі басылған; ең соңғысы (бұл шамасы ең маңызды документ болуға тиіс), француз офицерінің шешем мен мені армян саудагері Эль-Коббирге сатқаны жөніндегі куәлік, әлгі офицер Портамен жасасқан жиіркенішті шартында жалпы олжаның бір үлесі деп өзін жарылқаушы мырзаның әйелі мен қызын сұрап алып, оларды мың әмиян ақшаға яғни төрт жүз мың франкке сатып жіберді».
Осындай жан түршігерлік айып тағылып жатқан кезде, графтың көзі қанталап, өңі көкпеңбек болып, өліктей қуарып кетті, ал жиналыс бұл айыптау сөзін тұнжырай тыңдап отырды.
Бұрынғы байсалды қалпынан айнымаған күйі (бірақ оның жайбарақат байсалды қалпы өзге әйелдің долы ашуына бергісіз еді), Гайде председательге күңдікке сатылғаны жөніндегі араб тілінде жазылған куәлікті ұсына берді.
Қыз ұсынған документтердің кейбіреулері араб, жаңа грек, түрік тілдерінде жазылуы мүмкін деп табылғаннан кейін, мәжіліске Палатаның өз тілмашы шақырылды; оған кісі жіберілді.
Мысырға жасалған Ұлы Жорық кезінде араб тілін оқып, үйренген парасатты пэрлердің бірі, тілмаш куәлікті көпшілікке естірте жариялап жатқан кезде, пергаментке қарап отырды.
«Мен, тұтқындармен сауда жасаушы, ұлы мәртебелі сұлтанның гареміне қыз-келіншек дайындаушы Эль-Коббир падишаға тапсыру үшін құны екі мың әмияндық зүбәржатты франк бекзаты Монте-Кристодан алғаныма куәлік етемін, бұл асыл тас Янинаның пашасы марқұм Әли-Тебелин мен оның ғашық жары Василиканың туған қызы, он бірлер шамасындағы Гайде атты бүлдіршіндей жас тұтқын-христианка үшін төленген ақша ретінде алынды, үшбу қызды осыдан жеті жыл бұрын, өзінің Константинопольге жете бере қайтыс болған шешесімен бірге, маған Әли-Тебелиннің қызметінде жүрген франк полковнигі Фернан Мондего есімді кісі сатқан болатын.
Жоғарыда айтылған сауданы мен ұлы мәртебелі сұлтанның есебінен және оның тікелей тапсыруымен мың әмиянға жасадым.
Ұлы ағзамның рұқсатымен, хижраның 1247 жылы жазылды.
Қол қойған: Элъ-Коббир.
Бұл куәлікті дұрыс, даусыз хақиқат және шын екеніне анық көз жеткізу үшін оған ұлы мәртебелі сұлтанның мөрі басылды, сол мөрді қойдыруды сатушы өз міндетіне алады».
Саудагердің қолымен қатар шынында да падишаның мөрі басулы тұр екен.
Куәлік оқылып біткеннен соңғы осынау көріністен кейін залды өлі тыныштық басты; графтың күллі сезімі тап қазір көзіне келіп жиналған еді, оның өз еркінен тыс Гайдеге шаншыла қараған көзі қан мен отты қабат шашып тұрғандай.
«Сударыня, — деді председатель, — біз граф Монте-Кристодан біраз түсінік ала алмас па екенбіз, менің білуімше, ол кісі сізбен бірге Парижде жүріп жатқан болуға тиіс».
«Сударь, менің екінші әкем, граф Монте-Кристоның Нормандияға жүріп кеткеніне үш күн болды».
«Олай болса, сударыня, — деді председатель, — мәлімдеме жасауды сіздің есіңізге салған кім? Палата бұл үшін сізге алғыс айтады. Алайда сіздің қайда туғаныңызды, бастан өткерген бақытсыздығыңызды ескерсек, бұл әрекетіңіз орынды-ақ».
«Сударь, — деді Гайде, — бұл әрекетті маған жасатқан өлілерге деген құрмет және өзімнің айықпас қасіретім. Meн қанша христианка болсам да, құдай мені кешірер, әманда ержүрек әкемнің кегін қайтаруды армандаушы едім. Сосын француз жеріне табаным тиген күннен бастап, опасыз зұлымның Парижде тұратынын білген кезден бастап, менің құлағым да, көзім де жалғанның жаңалығына ашық болды. Мен өзімнің дегдар қамқоршымның үйінде оңаша, оқшау тірлік кешіп жатырмын, менің бұлай тұратын себебім, тыныштық пен таса саяжайды ұнатамын, бұл менің өз ойыммен өзім болып жайбарақат жүруіме жағдай жасайды. Бірақ граф Монте-Кристо маған әкемдей қамқорлық көрсетеді, сол себепті де дүниенің күллі қызық-шыжығынан қалыс қалғым келмейді; рас, маған өмірдің тек жаңғырығы ғана жетіп жатады. Мен барлық газеттерді оқимын, барлық журналдарды аламын, жаңа музыканы білемін. Міне, сөйтіп өзге кісілердің өмірін, сырттай, бір бүйірден болса да, бақылап отырып, бүгін ертеңгілік Пэрлер Палатасында не болғанын және бүгін кешқұрым не болатынын білдім... Содан кейін әлгі хатты жаздым».
«Қалай, сонда Монте-Кристо сіздің мына ісіңізді білмей ме?» — деді председатель.
«Ештеңені де білмейді, тіпті мен ол мұны білген кезде қостамай ма деп қорқамын; қанша айтқанмен, бұл мен үшін ұлыстың ұлы күні, — деді қыз сөзін жалғап, шоқтай жанған көзін көкке көтеріп, — әкемнің кегін алған құтты күнді көрдім-av, ақыры!»
Граф осы уақыт ішінде тіс жарып тіл қатпады. Сұлу әйелдің хош иісті тынысынан күллі өмірі тас-талқан болған осынау адамға әріптестері мүсіркей қарап қояды; бақытсыз қара күн оның маңдайына зауал ізін сала бастап еді.
«Де Морсер мырза, — деді преседатель, — мына бикештің Янинаның пашасы Әли-Тебелиннің қызы екенін мойындайсыз ба?»
«Жоқ, — деді граф қинала орнынан тұрып, — мұның бәрі менің жауларымның айласы».
Есіктен біреудің кіруін күтіп тұрған кісідейін, со жақтан көз айырмай тұрған Гайде жалт қарап, графты көрді де, қатты шыңғырып қалды.
«Сен мені танымайды екенсің ғой, — деді ол дауыстап, — бірақ мен сені танимын! Сен менің әзиз жанды әкемнің әскерлерін оқытқан француз офицері Фернан Мондегосың. Янина қамалын опасыздық жасап, дұшпанға сатқан сенсің! Өз жарылқаушыңның өмірі, не өлімі жайлы сұлтанмен келісу үшін әкем сені Константинопольге жібергенде, оған толық кешірім жасалды деген жалған фирман әкелген де сенсің! Со фирманның арқасында, от сақтаушы Сәлімді өзіңе бағындыру үшін, сен пашаның жүзігін алдап алдың! Сәлімді бауыздаған да сен! Шешем екеумізді саудагер Эль-Коббирге сатқан да сен! Қанішер! Қанішер! Қанішер! Мырзаңның төгілген қаны әлі күнге дейін маңдайыңда басулы тұр! Әне, қараңдаршы!»
Бұл сөздердің құдіретті сеніммен айтылғаны сонша, жұрттың бәрі графтың маңдайына қарасты, маңдайындағы Әлидің қаны әлі кетпегендей-ақ, оның өзі де сасқанынан байқамай маңдайын ұстай алды.
«Демек, сіз граф де Морсерден сол баяғы офицер Фернан Мондегоны таныдым дейсіз ғой?»
«Мен оны танымайды дейсіз бе? — деді Гайде дауыстап. — Шешем байғұс маған былай деп еді: «Сен азат болатынсың! Сені жанындай жақсы көретін әкең бар еді, ол тірі қалғанда королевадай тұрмыс кешер едің! Ана кісіге жақсылап қарап ал, сені күң еткен де сол, әкеңнің басын найзаға шанышқан да сол, бізді сатқан да, ұстап берген де сол! Оның оң қолына қара, үлкен тыртығы бар. Егер бір кездері оның түсін танымай қалсаң, осы қолына қарап тауып аласың, саудагер Эль-Коббир ақшаны оның осы қолына санап салған! Мен оны танымайды дейсіз бе? Ол мені енді танымаймын деп айтып көрсінші!»
Қыздың әрбір сөзі графқа қанжардай қадалып, әл-дәрменінен айырыла берді; Гайде соңғы сөздерін айтқан кезде ол жарақаттан тыртық болып біткен қолын еркінен тыс аңдамай қойнына тықты да, дымы құрып, креслоға сылқ құлап түсті.
Теріскейден құтыра соққан қатты желден саудырай түскен жапырақ қалай ұйтқитын болса, осы арада көргенінен, естігенінен жиналған жұрттың ойы да солай ұйтқып сапырылысып жатты.
«Граф де Морсер, — деді председатель, — енді көп езіле бермей, бізге жауап беріңіз. Құдайдың қаһары алдында бәріміз қалай тең болсақ, Палатаның Жоғарғы әділ соты алдында да тап солай теңдеспіз; ол жауыңызбен емін-еркін шайқаспай тұрып, дұшпаныңыздың сізді жаншып тастауына жол бермейді. Бәлкім, сіз мұны қайта тексеруді қаларсыз? Палатаның екі мүшесін Янинаға жіберіп алсақ қайтеді? Сөйлеңіз!»
Граф жауап қайтармады.
Сол заматта комиссия мүшелері бір-біріне үрпие көз тастады. Бәрі де генералдың өктем, қайсар мінезін білетін. Сондай кісінің қорғануға дәрменсіз болып қалғаны — әбден титықтап діңкелегені де, бірақ жұрттың бәрі осы бір ұйқыға ұқсас үнсіздіктен кейін ол күндей күркіреп оянатын шығар деп ойлады.
«Кәне, қандай шешімге келдіңіз?» — деді председатель.
«Ешқандай да», — деп күңк етті граф орнынан тұра беріп.
«Демек, Әли-Тебелиннің қызы ақиқат шындықты айтқан екен дағы? — деді председатель. — Демек, әлгі айыпкер «жоқ» деп айта алмайтын айбарлы куә осы екен ғой? Демек, сіз айыпта айтылған қылмыстың бәрін жасаған болдыңыз, солай ма?»
Графтың айналасындағы кісілерге жалбарына, жаутаңдай қарағаны сондай, оның мына кейпінде тіпті хайуан екеш хайуан жолбарыстың да жаны ашыр еді, бірақ сот-қазылардың жанын жібіте алмады. Сосын ол күрсініп көкке қарады да, тап бір үй төбесі табанда қақ айырылып, басқа бір қаһарлы сот, тәңірі сотының мәжілісі басталатындай, басқа бір қазы, мұғраж қазысы жерге келіп түсетіндей шошып, қайтадан көзімен жер шұқып кетті.
Ол кенет, ойламаған жерден, мойнын қылғындырған жағасын жыртып тастады да, ес-түсін білмей түтеп, залдан шығып жүре берді; оның тақ-тұқ басқан қадамы қаңыраған шатыр астында жауыздықтың үніндей естіліп тұрды, оған іле-шала графты ала жөнелген күйме тасыры Флоренция портигінің ұстындарын сілкіндіріп жіберді.
«Мырзалар, — деді председатель әбден жым-жырт тыныштық орнағаннан кейін, — граф де Морсер екіжүзділік, сатқындық, арсыздық жасағаны үшін айыпты ма?»
«Иә!» — деп жауап қатты тергеу комиссиясының мүшелері бір кісідей үн қосып.
Гайде мәжіліс аяқталғанша болды, ол графқа кесілген үкімді жайбарақат отырып тыңдады, бірақ оның түріне қарап, қуанып отырғанын не аяп отырғанын айыру қиын еді.
Сосын ол бүркеншігін бетіне түсіріп, жиналыс мүшелеріне сән-салтанатпен сыпайы ізет көрсетіп, Вергилидің әулие әйелдері сияқты кербез басып шығып кетті.
X. ЖАНЖАЛ
— Жұрттың жаппай үнсіз қалғанын, залдың қараңғылығын пайдаланып, мен елеусіз шығып кеттім, — деді Бошан сөзін сабақтап. — Есік алдында маған ложаны ашып беретін курьер тосып тұр екен. Ол мені толып жатқан дәліздермен алып өтіп, Вожирар көшесіне шығатын бір шағын есікке ертіп әкелді. Мен сыртқа әрі таланып, әрі тәнті болып шықтым, — кешіріңіз, Альбер, — сіз үшін талансам, әкесінің кегін қайтарған қыздың парасаттылығына тәнті болып қайттым. Иә, Альбер, имандай шыным, осы бір әшкерелеу қайдан шықпасын, менің айтарым бір-ақ сөз: бәлкім, ол жаудың қолынан шыққан болар, бірақ ол жау құдіреттің мезгеулі қаруы ғана.
Альбер басын қос қолдап қысып отырып қалды. Ол сосын ұяттан дуылдап, көз жасымен бұлауланып кеткен жүзін көтерді де, Бошанның қолынан шап беріп ұстай алды.
— Досым, — деді ол, — менің өмірім енді осымен тамам болды. Әрине, мен сіздің сөзіңізді қайталап, бұл соққыны берген құдірет деп әсте де айтпаймын, қайта маған кектеніп жүрген кісінің ізіне түсемін; ал оны тапқаннан кейін, не ол мені өлтіреді, не мен оны өлтіремін; егер жиіркеніш сезімі жүрегіңіздегі достық ниетті жоймаған болса, онда мен сізден сырлас достың көмегін күтемін.
— Жиіркеніш дейсіз бе, досым? Бұл сұмдыққа сіз кінәлі емессіз ғой. Жоқ, құдайға шүкір, әкелердің әрекеті үшін балаларын жауапқа тартатын әділетсіз салттың уақыты баяғыда өткен. Өзіңіздің күллі өміріңізді еске алып көріңізші: рас, сіз әлі жассыз, бірақ сіздің таңыңыздай тап-таза болып, мөлдіреп атқан таң жоқ шығар! Жоқ, Альбер, маған сеніңіз. Сіз әлі он екіде бір гүліңіз ашылмаған бозымсыз, бақ-дәулетіңіз бір басыңызға жетеді, Франциядан кетіңіз! Тірлігі қайнап, таңдау-талғамы күн сайын өзгеріп жататын орасан зор Вавилонда бәрі де тез ұмытылады. Сіз енді бір үш жылдан кейін, әлдебір орыс княжнасына үйленіп қайтып келесіз, сол кездері кеше не болып, не қойғанын, әсіресе бұдан он алты жыл бұрын не болып, не қойғанын кім жадында сақтап жүреді дейсіз.
— Сізге мың алғыс, қымбатты Бошаным, осынау ақыл-кеңесті айтқызып отырған ақ пейіліңізге мың алғыс, бірақ ол мүмкін емес. Meн сізге тілегімді айтып едім, ал енді керек болса, «тілек» деген сөзді «ерік» деген сөзбен ауыстырамын. Бұл істің маған тікелей қатысы бар екенін түсінуіңіз керек, сол себепті де мен оған сіздің көзіңізбен қарай алмаймын. Сіздің ойыңызша, құдіреттің әмірімен болып жатқан нәрсенің шыққан көзі көкте емес, мына лас жерде болуға тиіс. Несін жасырайын, менің ойымша, бұл арада құдіреттің ешқандай қатысы жоқ, осы жайт, бәлкім, менің бақытым да болар, өйткені көк тәңірісінің алғысы мен жазасын жеткізетін көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін хабарының орнына, көзге көрінетін, иісі сезілетін бір жанды тауып аламын да, осы айдың жүзінде бастан кешкен күллі қасірет-тозағым үшін одан кегімді қайтарамын деп ант етемін. Қайталап айтайын, Бошан, мен енді адамдардың әлеміне, материалдық әлемге қайта оралғым келеді, егер сіз, өзіңіз айтқандайын, маған шынымен дос болсаңыз, мені аямай соққан қатыгез қолды табуға жәрдемдесіңіз.
— Мақұл! — деді Бошан. — Егер сіз менің жерге түсуіме құштар болсаңыз, соны жасайын; егер сіз жауыңызды іздей бастасаңыз, мен де сізбен бірге іздеймін. Және оны табамын да! Өйткені сіздің ар-намысыңыз оны табуға қалай іңкәр болса, менің де ар-намысым тап солай іңкәр болып отыр.
— Олай болса, Бошан, біз іздестіруді дереу, тап қазір бастауымыз қажет. Кешіккен әрбір минутымыз маған ұзақ жылдай көрінеді; өсекші әлі жазасын алған жоқ: демек оның жаза тартпаймын деп үміттенуі де ғажап емес; бірақ арыммен ант етейін, солай ойласа, ол сұмдық қателеседі!
— Сөзіме құлақ салыңызшы, Морсер...
— Менің байқауымша, сіз бірдеңені білесіз, Бошан; сіз маған тірлікті қайта сыйлап тұрсыз!
— Мен ештеңені де анық білмеймін, Альбер; бірақ тас қараңғыға сызаттай түскен бір сәуле бар; егер біз сол сәулені қуалап жүре берсек, бәлкім, мақсатымызға да жеткізіп қалар.
— Айтыңызшы! Мен шыдамай өртеніп барамын.
— Мен сізге Янинадан қайта оралғанда айтқым келмеген бір нәрсені енді айтайын.
— Құлағым сізде.
— Оқиға былай болған екен, Альбер. Әрине мәлімет алу үшін менің ең әуелі қаладағы бірінші банкирге барғаным түсінікті шығар; мен сол іс туралы сөз қозғай бастағаннан-ақ, тіпті сіздің әкеңіздің атын атамай жатып-ақ, банкир сөйлеп кетті:
«Сіздің маған қандай жұмыспен келгеніңізді сеземін, — деді ол».
«Қалайша?»
«Осы жайлы маған біреудің сұрау салғанына әлі екі апта да толған жоқ».
«Кім?»
«Париждің бір банкирі, менің корреспондентім».
«Оның есімі кім?»
«Данглар».
— Данглар! — деді Альбер дауыстап. — Рас, ол көптен бері күншіл қысастықпен менің сорлы әкемнің қыр соңынан қалмай келеді, ол өзін демократпын деп есептейді, бірақ граф де Морсердің пэр болғанын көре алмайды. Және әлгі бір іске аспай қалған құда түсу... Иә, бұл тап солай!
— Осыны зерттеп тексеріңіз, Альбер, бірақ күні бұрын қызып, еліріп кетпеңіз, егер шынында да солай болса...
— Егер осылай болып шықса, онда бастан кешкен бүкіл азап-тозағымның есесін Данглардан қайырамын, — деді Альбер өрекпіп.
— Байқас болыңыз, ол кәрі кісі ғой.
— Ол менің семьямның ар-намысына қалай қараса, оның жасына мен де солай қараймын. Егер ол менің әкемнің жауы болса, неге ашықтан-ашық тиіспейді? Ол ермен ер есебінде бетпе-бет кездесуден тайсақтаған ғой!
— Альбер, мен сізді айыптамаймын, тек басу айтып отырмын. Сақ болғайсыз.
— Қорықпаңыз, айтпақшы, сіз менімен бірге жүріңіз, Бошан; бұндай мәселені сөз еткенде қасыңда куә тұруға тиіс. Егер Данглар айыпты болса, бүгін Даңглар өледі немесе мен өлемін. Шайтан алсын, Бошан, мен өз құрметіме арналған жерлеуді зор салтанатпен өткіземін.
— Жарайды, Альбер. Бір шешімге бел байлағаннан кейін оны дереу орындау керек. Данглардың үйіне барғыңыз келе ме? Кеттік ендеше.
Олар жалдамалы күймені шақыртты. Банкирдің үйіне келгенде қақпа алдынан фаэтон мен Андреа Кавалькантидің қызметшісін көрді.
— Сәті түсуін қараңызшы! — деді Альбер тұнжырап. — Егер Данглар жекпе-жекке шығудан бас тартса, мен оның күйеу баласын өлтіремін. Князь Кавальканти, кәне, сайыспай көрсін менімен!
Банкирге бұлардың келгенін хабарлады, кеше болған оқиғаны жақсы білетін Данглар Альбердің атын естісімен, қабылдай алмайтынын білдірді. Бірақ ол кешеуілдеп қалды, өйткені Альбер малайға ілесе жүрген, банкирдің жауабын өз құлағымен естісе де, есікті шалқайта ашып, Бошанмен бірге банкирдің кабинетіне кіріп келді.
— Кешіріңіз, сударь, — деді ол дызақтап. — Мен өз үйімнің қожасы емеспін бе, кімді қабылдап, кімді қабылдамайтыным өз еркімде шығар? Меніңше, сіз еркінсіп кеткен сияқтысыз.
— Жоқ, сударь, — деді Альбер сызданып, — егер қорқақ атанғыңыз келмесе, кейбір кісілерді қабылдамай тастауға болмайды, бірақ әлбетте, қорқақтарға шара жоқ.
— Сізге не керек, сударь?
— Маған керегі, — деді Альбер оған жақындай түсіп және камин алдында тұрған Кавалькантиді көрмеген болып, — бізді тірі жан мазаламайтын оңаша жерде сізбенен он минуттай ғана жүзбе-жүз кездескім келеді; бұдан өзге өтінішім жоқ және кездескен екі кісінің біреуі сол арада тұра алмай қалады.
Данглар қорқып кетті. Кавальканти ұмсынып, қозғала берді. Альбер оған жалт қарады.
— Рақым етіңіз, — деді ол, — егер көңіліңіз шапса, сіз де келіңіз, князь, оған толық правоңыз бар, сіз семьяның бір мүшесі болуға жақын жүрген кісісіз, мен ниет білдіргендердің бәрін осындай кездесуге шақырамын.
Кавальканти ештеңеге түсінбей, Дангларға таңырқай көз тастады, ал анау орнынан созалаңдай көтеріліп, бұлардың арасына келіп тұрды. Жігіттің Андреаны тілімен бір түйреп өткеніне қарап, ол Альбердің әуелде өзі ойлаған жұмыспен емес, басқа бір себептермен келгенін шамалады.
— Бері қараңыз, сударь, егер мен сізден гөрі оны артық көргенім үшін графпен жанжалдасқыңыз келсе, онда алдын ала ескертіп қояйын, бұл істі қолма-қол король прокурорына беремін, — деді ол Альберге.
— Сіз қателесесіз, сударь, — деді Альбер түнере күлімсіреп, — тұрмыс құрып жатуға қолым да тимейді. Кавальканти мырзаға тиіскен себебім, маған бұл кісі біздің әңгімемізге килігетін сыңай танытқандай болды. Ал жалпы, сіз дұрыс айттыңыз, мен бүгін көрінген кісімен шатасуға даярмын; Бірақ қам жемеңіз, Данглар мырза, бірінші кезек сіздікі.
— Сударь, — деді Данглар ыза мен қорқыныштан аппақ болып дірілдеп, — тағы да ескертейін, егер жолай менің алдымнан құтырған ит шықса, мен оны табанда өлтіремін және өзімді сол үшін айыптымын деп санамаймын, қайта қоғамға пайдамды тигіздім деп есептеймін. Демек, сіз құтырған болсаңыз, оның үстіне мені қапқыңыз келсе, күнілгері айтып қояйын: онда сізге ешбір аяушылық етпей, қылжита саламын. Сіздің әкеңіздің ар-намысы төгілген екен, онда менің қандай кінәм бар?
— Кінәлісің, сұмырай! Бұл — сенің кінәң! — деді Альбер аңырып.
Данглар бір қадам кейін шегінді.
— Менің кінәм! Қайдағы кінә? — деді ол. — Сіз не, жынданғаннан саумысыз? Грек оқиғасын мен қайдан білейін? Соншалық мен со елдерді аралаппын ба? Сіздің әкеңізге Янинаның қамалдарын сат деген мен бе?..
— Өшір үніңді! — деді Альбер тістеніп, — Жоқ, бұл дауды тудырған сіз емессіз. Бірақ асқан зұлымдықпен осы сұмдықты ұйымдастырған мына сіз боласыз.
— Мен бе?
— Иә, сізсіз! Әйтпесе сыбыс қайдан шықты?
— Меніңше, ол жөнінде газетте жазылған сияқты еді: сыбыс Янинадан шықпағанда, қайдан шықты дейсіз!
— Янинаға жазған кім?
— Янинаға ма?
— Иә. Менің әкем туралы хат жазып, мәлімет сұраған кім?
— Меніңше, Янинаға хат жазуға ешкімге тыйым салынбаған сияқты.
— Қалай болса да, хатты жазған бір-ақ адам.
— Бір-ақ кісі дейсіз бе?
— Иә, бір-ақ кісі, ол — мына сіз.
— Әлбетте, жазғаным рас: меніңше, егер қызыңды бір жас жігітпен тұрмыс құруға береді екенсің, ендеше сол жігіттің үй іші туралы мәлімет жинағанның несі айып; ол кісінің правосы ғана емес, міндеті де.
— Сударь, сіз хат жазғанда, қандай жауап алатыныңызды жақсы біліп жаздыңыз ғой? — деді Альбер шұқшиып.
— Өтірік айтсам, ант ұрсын, — деді Данглар имандай шынын айтып, бәлкім, бұл сезім өн бойын билеген қорқыныштан гөрі, осынау бақытсыз баланы шын пейілмен аяғандықтан туған болар, — Янинаға хат жазу үш ұйықтасам да түсіме енбес еді. Әли пашаның ондай қайғылы халге ұшырағанын мен қайдан білейін?
— Демек, сізге біреу хат жаз деп кеңес берген ғой?
— Әрине.
— Кеңес берді ме?
— Иә.
— Кім?.. Айтыңыз... Мойындаңыз...
— Тыңдаңыз ендеше; мен сіздің әкеңіздің өткен өмірі туралы сөз еттім, оның байлығының қайдан шыққаны тірі жанға белгісіз дедім. Менімен әңгімелескен кісі, сіздің әкеңіз өзінің бақ-дәулетін қайдан тапқан деп сұрады. Мен: Грециядан тапқан деп жауап бердім. Сол мезетте ол кісі тұрып: Янинаға хат жазыңыз, — деді.
— Сол ақылды берген кісі кім?
— Граф Монте-Кристо, сіздің досыңыз.
— Граф Монте-Кристо сізге Янинаға хат жазыңыз деп кеңес берді ме?
— Иә, сосын мен хат жаздым. Менің жұртпен жазысқан хат-хабарымды көргіңіз келе ме? Қазір көрсетейін.
Альбер мен Бошан бір-біріне қарасты.
— Сударь, сіз қазір графтың Парижде жоқ екенін, сол себепті де ақтала алмайтынын біліп айыптап тұрсыз, — деді осы уақытқа дейін ләм деп тіл қатпаған Бошан.
— Мен ешкімді де айыптамаймын, сударь, — деді Данглар, — мен тек болған істі ғана баяндап тұрмын, осы арада айтқанымды граф Монте-Кристоның көзінше де айтуға әзірмін.
— Граф сіздің қандай жауап алғаныңызды біле ме?
— Мен оған жауап хатты көрсеткенмін.
— Ол менің әкемнің аты Фернан, фамилиясы Мондего екенін біле ме?
— Иә, мен мұны оған ілгеріде айтқанмын: қысқасы, мен осы орнымда кім отырса, соның істейтін ісін ғана жасадым, бәлкім, тіпті одан әлдеқайда аз жасаған да шығармын. Сол жауапты алған күннің ертеңіне сіздің әкеңіз граф Монте-Кристоның ақылымен ресми түрде қызымды айттыруға келді, мәселені біржолата шешу үшін осылай ескіден қалған әдет қой, бірақ мен оның бетін қайтардым, үзілді-кесілді қайтарып тастадым, бұл — шын сөзім, сонда істің мән-жайын түсіндірмедім де, дау-дамайсыз құтылдым. Шынында да, оны жария етудің қажеті қанша? Бір жақтағы де Морсер мырзаның ар-абыройында немесе ар-абыройынан айырылуында менің қандай шаруам бар? Бұл ақша курсының өсуіне не төмендеуіне әсер етпейді ғой.
Альбер бетінің қызарып бара жатқанын сезді. Сөз жоқ, Данглар өзіне-өзі кәміл сенетін, ісіне мығым. Бірақ аса қу, жексұрын кісі сияқтанып сөйледі, бірақ жүрек әмірімен емес, қорыққаннан ғана ақиқат шындықты түгел айтпағанмен, оның бір кішкене бөлшегін айтқан сияқты. Ал Альберге не керек? Бұған керегі — Данглардың немесе Монте-Кристоның өз кінәсін көп немесе аз дәрежеде мойындауы емес; бұған — жасаған қысастығына жауап беретін кісі керек, бұған — жекпе-жекке шақыруды қабыл алатын кісі керек, ал Данглардың сайысқа шықпайтыны айдан анық еді.
Сонымен бұрын ұмыт болған немесе елеусіз өткен-кеткен жайттардың бәрі енді мұның көз алдына елестеп, жадына қайта түсе бастады. Әли пашаның қызын сатып алғаннан кейін, әрине, Монте-Кристо осының бәрін де білген; бәрін білгеннен кейін, ол Дангларға Янинаға хат жаз деп ақыл берген. Жауапты білгесін, Альберді Гайдемен таныстыруға келіседі; қыз қасына барғаннан кейін, ол әңгімені жайымен Әлидің қазасына қарай аударып жіберді де, Гайденің еркін сөйлеуіне жол ашты (бірақ қызға грекше айтқан бір сөзінде, шамасы, ол Гайдеге со кісінің Альбердің әкесі екенін сездірме деген болуға тиіс); мұның үстіне, ол Гайденің көзінше әкеңіздің атын айтпаңыз деп өтініп еді-ау. Ақырында ол Альберді Нормандияға сол жанжал туатын күні алып кетті емес пе! Енді шүбәлануға болмайды, осының бәрі әдейі, саналы түрде жасалған, Монте-Кристоның мұның әкесінің жауларымен сыбайлас екенінде дау жоқ.
Альбер Бошанды шеткерірек шығарып, осы ойының, күмән-күдігінің бәрін алдына жайып салды.
— Сіз дұрыс айтасыз, — деді ол. — Осы оқиғаның құлқынға қатысы бар тұрпайы жағын, ақша жағын Данглар біледі. Сіз енді түсінік сөзді граф Монте-Кристодан талап етуіңіз керек.
Альбер артына бұрылды.
— Сударь, — деді ол Дангларға, — мен сізбен әлі де болса қоштаспайтынымды түсінуіңіз керек; бірақ мен сіз таққан айыптың қаншалықты әділ екенін білуге тиіспін, осыған көзімді жеткізу үшін қазір граф Монте-Кристоға барамын.
Сосын банкирге иіліп ізет көрсетіп, ал Кавалькантиге көз қиығын да салмастан Бошанға ілесіп шығып кетті.
Данглар бұларды есікке дейін шығарып салды да, табалдырық қасында тұрып, Альберге: «Граф де Морсерге өшіге қоятындай, менің онда ешқандай есем кеткен емес, — деді тағы да.
XI. МАСҚАРАЛАУ
Банкирден шығысымен Бошан тоқтай қалды.
— Альбер, мен сізге айттым ғой, ендігі түсінікті граф Монте-Кристодан алуыңыз керек, — деді ол.
— Иә, біз оған барамыз қазір.
— Сәл кідіріңіз; графқа бармай тұрып, жақсылап ойланып алыңыз.
— Мен не ойлауым керек сонда?
— Бұның қиын қадам екенін ойлаңыз.
— Немене, оған бару менің Дангларға барғанымнан қиын ба екен?
— Иә, Данглар — істің адамы, ал іскер кісілер, өзіңізге мәлім, өз капиталының құнын жақсы біледі, сол себепті де сайысқа шыға бермейді. Граф Монте-Кристо, оған қарама-қарсы, джентльмен, әйтеуір түр-пошымы соған ұқсайды; бірақ сіз ол джентльмен тонын жамылып жүрген кісі өлтіруші деп сескенбейсіз бе?
— Мен бір-ақ нәрседен: ол сайыстан бас тарта ма деп қорқамын.
— Ендеше, абыржымаңыз, ол кісі ақиқат сайысқа шығады. Мен тіптен ол шайқасқа шебер ме деп те қорқамын, әйтеуір, абай болыңыз! — деді Бошан.
— Досым, — деді Альбер жадырай күліп, — маған керегінің өзі осы; маған әкем үшін қаза табудан асқан бақыт жоқ; бұл бәрімізді де құлан таза құтқарады.
— Бұл — шешеңіздің ажалы ғой!
— Байғұс мамам, — деді Альбер көзін уқалап, — иә, мен оны білемін, бірақ лаж қанша, оның ұяттан өлгенше, қасіреттен өлгені артық.
— Алған бетіңізден қайтпайсыз ғой, Альбер?
— Иә, қайтпаймын.
— Ендеше, кеттік! Біздің оны үйінен таба алатынымызға көзіңіз жете ме?
— Ол менің ізімше қайтуға тиіс еді, ендігі Парижге келген де шығар.
Олар күймеге отырып, Елисей Далаңына жүріп кетті.
Бошан жалғыз кіргісі келіп еді, бірақ Альбер сол арада: «Бұл жекпе-жек басқа дуэльдерден өзгешерек, сондықтан да мен бұрынғы салтты бұзғым келеді», — деді.
Альберге маза бермей жүрген сезімнің қастерлігі сондай, Бошан оның өтініш-тілегінің бәрін айтқызбай орындауға мәжбүр-тін. Сол себепті де осы жолы да оның дегенін істеп, досының соңынан ере берді.
Альбер қақпадан есік аузына дейін дедектеп жүгіріп келді. Оның алдынан Батистен шықты.
Граф шынында да қайтып оралыпты; ол Батистенге: «Кім сұраса да, мен үйде жоқпын», — деп ескертіпті.
— Мархабатты мырза ваннаға түсіп жатыр, — деді Батистен Альберге.
— Ваннадан кейін ше?
— Түскі асқа отырады.
— Түскі астан кейін ше?
— Тынығады.
— Содан кейін?
— Операға барады.
— Сіз оны анық білесіз бе? — деді Альбер.
— Білгенде қандай, граф күйме дәл сағат сегізде әзір тұрсын деп әмір етті.
— Өте жақсы, маған басқа ештеңенің керегі жоқ, — деді Альбер.
Сосын ол Бошанға қарады.
— Бошан, егер сіз басқа бір жаққа баратын болсаңыз, онда қазір барыңыз; егер бүгін кешке біреумен кездесемін деп уәде берсеңіз, оны кейінге қалдырыңыз. Өзіңіз де түсінген шығарсыз, операға менімен бірге барасыз ғой деп үміттенемін. Егер мүмкін болса, Шато-Реноны да ерте келсеңіз.
Бошан Альбермен қоштасып, сегізге он бес минут қалғанда оның үйіне келмекші болып кетіп қалды.
Үйіне қайтып келгесін, Альбер: «Бүгін кешке операда менімен кездесулеріңізді қатты өтінемін», — деп, Францқа, Дебрэ мен Моррельге кісі жіберді.
Сосын ол шешесінің бөлмесіне барды. Кеше болған оқиғадан кейін ол ешкімді қабылдамайтынын айтып, есігін жауып алған; сұмдық жанжалдан жаны түршіккен кейуана төсек тартып жатып қалыпты.
Альбердің келуі Мерседеске мұның өзі ойлағандай әсер етті: шешесі баласының қолын ұстай алып, еңіреп жылап жіберді. Көз жасы оның көңілін біраз жеңілдеткендей болды.
Альбер шешесінің қасында үнсіз ұмсынып тұрды. Оның түюлі қабағына, сұрланған түріне қарап, қайткен күнде де дұшпанынан кегін қайтаруға біржолата берік бел байлағанын білуге болатын еді.
— Де Морсер мырзаның дұшпандары бар ма, апатай, сіз оны білмейсіз бе? — деді ол шешесіне.
Мерседес дір ете қалды; ол Альбердің: «әкемнің» деген сөзін айтпағанын аңдады.
— Досым-ау, — деді шешесі, — граф сияқты жоғары қызметте жүрген кісінің жасырын жаулары көп болады. Ал ашық жаудың онша қауіпті болмайтынын өзің де білесің.
— Иә, оны білемін, сол себепті де сіздің көрегендігіңізге көп үміт артамын және назарыңыздан ештеңенің де қағыс қалмайтынына кәміл сенемін!
— Сен мұны маған неге айтып тұрсың?
— Мұны айтқан себебім, мәселенки, граф Монте-Кристоның біздің үйдің балында мүлдем дәм татпай қойғанын байқадыңыз ғой.
Мерседестің тұла бойы дірілдеп, кереуеттен басын көтерді.
— Граф Монте-Кристо! — деді ол дауыстап. — Бірақ оның сен сұрап тұрған нәрсеге қандай қатысы бар?
— Өзіңіз білесіз, апатай, граф Монте-Кристо шығыстың көп әдет-ғұрыптарын ұстанады, ал Шығыста дұшпанынан кек алу хақын сақтап қалу үшін оның үйінен нәр татпайды.
— Граф Монте-Кристо біздің жауымыз ба? — деді Мерседес өңі қуқыл тартып. — Оны саған кім айтты? Неліктен айтты? Сен сандырақтап тұрсың-ау, Альбер. Граф Монте-Кристодан біз шынайы ықыластан өзге ештеңе аңғарған жоқпыз. Граф Монте-Кристо сені өлімнен құтқарды, оны бізбен таныстырған да өзіңсің. Альбер, жалынамын қарашығым, бұл пікірден арыл. Менің саған айтар бір ақылым, тіпті сенен сұрар бір өтінішім: оның дос пейілін көзіңнің қарашығындай сақта.
— Апатай, осы адамға шық жуытпайтын бір себебіңіз бар сияқты, — деді Альбер шешесіне тұнжырай қарап.
— Менде ме? — деді Мерседес дауыстап, екі беті заматында ду етіп қызарды да, қайтадан аппақ болып қуарып сала берді.
— Иә, — деді Альбер, — ол кісіден біз тек жамандық күтуге тиіспіз, ал сіз оған тиме дейсіз, мұныңыз қалай?
Мерседес селк ете түсті де, баласына сынай қарап қалды.
— Сен бір түрлі түсініксіз сөздерді айтып тұрсың, мұндай күдік қайдан пайда болды?! Графты жаратпауыңа не себеп? Осыдан үш күн бұрын сен оның Нормандиядағы үйінде қонақ болдың; осыдан үш күн бұрын мен де, тіпті сен де, оны ең жақын досымыз деп есептегеніміз қайда.
Альбер тек мысқылдай бір жымиды да қойды; Мерседес оның осы күлкісін көріп, әйелге, анаға тән зеректікпен бәленің мәнісін де біле қойды; бірақ табиғатынан жігерлі әрі сақ Мерседес өзінің сасып қалғанын, көңіліндегі қауіпті сездірмеді.
Альбер үндемей қалды. Біраздан кейін графиня тағы сөз бастады.
— Менің хал-жайымды білейін деп келдің бе, сенен несін жасырайын, денсаулығым нашар. Менің қасымда болшы, Альбер, жалғыздықты жаным қаламайды, — деді ол.
— Апатай, егер шегеруге төзбейтін асығыс жұмысым болмаса, қасыңыздан кетпес едім, — деді баласы елжіреп.
— Қайтейін, басқа лаж бар ма? Бар, бара ғой, Альбер, мен сені балалық борышыңның құлы етпейін, — деді Мерседес күрсініп.
Альбер бұл сөзді естімеген болып, шешесімен қоштасып, сыртқа шықты.
Ол есікті жаба салысымен-ақ, Мерседес ең сенімді қызметшісін шақырып алып, оған: «Альбер қайда барса да, соңынан қалмай еріп жүр-дағы, болған істі дереу хабарлап отыр», — деп тапсырма берді.
Сосын ол күтушісін алдырып, бірдеңе бола қалса дайын отырайын деп, әлсіздігіне қарамай киініп алды.
Қызметшіге берген тапсырманы орындау қиын емес-ті. Альбер өз бөлмесіне келіп, мәйпездеп мұқият киінді. Сегізге он минут қалғанда Бошан келді; Шато-Реноны көріпті, ол шымылдық ашылғанға дейін алғашқы қатардағы креслоның бірінде, өз орнымда боламын деп уәде етіпті.
Жас жігіттер Альбердің пәуескесіне келіп мінді, ол қайда бара жатқанын жасырғысы келмегендей:
— Операға! — деді дауыстап.
Төзімі таусылған жігіт театрға спектакль басталмай тұрғанда келді.
Шато-Рено өз креслосында отыр екен; Бошан оны бұрынырақ ескертіп қойғандықтан, Альбер оған мән-жайды түсіндіріп жатпады. Әкесінің кегін қайтарғысы келген бала мақсаты айқын еді, сол себепті де Шато-Рено оған мұндайды қойыңыз деп азғырмады, тек қызметіңізге әзірмін деген ниетін білдірді де қойды.
Дебрэ әлі келмепті, бірақ оның опера спектаклін, кей-кейде болмаса, құр жібермейтінін Альбер жақсы білетін. Шымылдық ашылғанша Альбер театрды кезіп жүрді де қойды. Ол Монте-Кристоны дәлізде немесе басқышта кездестіремін ғой деп ойлаған. Қоңырау соғылысымен ол қайтып келіп, Шато-Рено мен Бошанның арасындағы орнына отырды.
Ол ұстындар арасындағы ложадан көзін алмады, бірақ бірінші акт кезінде ложа ұдайы жабық тұрды.
Ақырында екінші акт басталар кезде, Альбер шыдамай сағатына жүзінші рет пе қараған кезде, ложаның есігі ашылды да, қара киінген Монте-Кристо кіріп келіп қоршауға сүйеніп, көрермендер залына қарай бастады. Оның соңынан, қарындасы мен күйеу баласын көзімен іздеп, Моррель кірді. Моррель оларды бельэтаждан көріп, қолымен белгі берді.
Граф залға қарап тұрып, өңі шөлмектей қуарып, көзі жалтылдап, мұны жанарымен жаныға іздеп отырған біреуді көрді; ол, әрине, Альберді бірден таныды, бірақ оның ренішті жүзін көріп байқамаған сыңай білдірді. Көңілдегі күдігін сездірместен ол орнына отырып, қабынан бинокльді алып, қарсы жаққа қарай бастады.
Бірақ Альберді қанша көрмеген сыңай танытып отырса да, граф оны көзінен таса қалдырмады, ал екінші акт аяқталып, шымылдық түсірілген кезде, Альбердің екі досын ертіп, партерден шыққаны оның ештеңені мүлт жібермейтін жіті көзінен қағыс қалмап еді.
Соған іле-шала оның жүзі көрші ложаның есігінен жылт етіп бір көрінді. Граф жанжалдың жақындап келе жатқанын сезді, сосын ложа есігі кілтінің бұралған дыбысын естіп, тап сол сәтте Моррельмен көңілі хошуақтанып, жадырай сөйлесіп тұрса да, қазір не болатынын кәміл біліп, соған іштей дайын тұр еді.
Есік ашылды.
Граф бұрылып, аппақ болып дірілдеп тұрған Альберді көрді; оның артында — Бошан мен Шато-Рено.
— А-а! Міне, менің салт аттым да шапқылап жетті, — деді ол ашық жарқын дауыстап, оның сәлемі сыпайы қауымның үйреншікті жылусыз жымиюына мүлде ұқсамайтын. — Қайырлы кеш, де Морсер мырза!
Өзін-өзі ұстауға келгенде алдына жан салмайтын бұл кісінің жүзі жадырап, мейірім төгіп тұрғаны.
Дәл осы сәтте ғана Моррельдің есіне виконттың ештеңені ашып айтпай, кешқұрым операда болыңыз деп өтінген хатын алғаны түсті; сол-ақ екен, ол қазір не болып, не қоятынын бірден түсінді.
— Біз бұл араға көлгірсіп тәтті сөйлесуге немесе жалған достық пейілін білдіруге келген жоқпыз, біз сізден түсінік талап ете келдік, граф, — деді Альбер.
Ол тістене сөйледі, даусы жарықшақтанып шықты.
— Операда түсінісу? — деді граф сабырмен, оның байсалды қалпынан, тесіле қараған өткір көзінен мүлде асып-саспайтын өзіне сенімді кісі екені көрініп тұрды. — Париждің әдет-әдебімен таныстығым аз болса да, сударь, бұл ара кісіден түсінік талап ететін жер емес тәрізді.
— Дегенмен, егер іздеген кісің жасырынып жүрсе, оның үстіне кіре алмайтын болсаң, өйткені, ол бірде ванна қабылдап, енді бірде ауқаттанып, ұйықтап жатады, онымен кездескен жерде тілдесуге тура келеді, — деді Альбер дызылдап.
— Мені табу қиын емес, егер мен жаңылмасам, сударь, сіз кеше ғана менің қонағым болып едіңіз ғой, — деді Монте-Кристо.
— Кеше, сударь, сіздің қонағыңыз болғаным рас, өйткені кім екеніңізді білмедім, — деді Альбер еліріп.
Көрші ложадағы, дәліздегі кісілер естісін деп, Альбер бұл сөздерді әдейі даусын көтеріп, қатты айтты; шынында да бұлардың ерегісіп-егесіп қалғанын естіп, көрші ложадағылар бұрылып қарасты, ал дәлізден әрлі-берлі өтіп жатқан кісілер Бошан мен Шато-Реноның артына келіп, шоғырланып тұра қалысты.
— Сіз қайдан пайда болдыңыз, сударь. Бәлкім, ақылыңыздан адасқан шығарсыз? — деді Монте-Кристо байсалды қалпынан танбай.
— Сіздің зұлымдығыңызды түсінуге және сол үшін өзіңізден кегімді қайтарғым келетінін түсіндіруге ақылым жетеді, — деді Альбер түтігіп.
— Мархабатты мырза, мен сізді түсінбедім, бірақ қалай болған күнде де, даңғырлап қатты сөйлеп кеттіңіз деп есептеймін. Meн бұл арада өз орным, өз жайымда отырмын, мархабатты мырза, және бұл жерде дауыс көтеруге менің ғана хақым бар. Кетіңіз! — деді Монте-Кристо салмақпен.
Сосын граф қолын шошайтып, есікті нұсқады.
— Мен сіздің өзіңізді бұл арадан шығуға мәжбүр етемін, — деді Альбер қолындағы биялайын қалшылдай умаждап, граф сол биялайдан көзін айырмай тұр.
— Жарайды, — деді Монте-Кристо жайбарақат, — сіздің жанжал іздеп келгеніңізді көріп тұрмын, сударь; бірақ сізге бір кеңес беруге рұқсат етіңіз және оны есіңізде сақтауға тырысыңыз: жанжалдың өзін у-шуға айналдыру жаман әдет. Айқай-шу жұрттың бәріне бірдей қолайлы бола бермейді, де Морсер мырза.
Бұл атты естіген жұрт гу ете қалды. Кешеден бері Морсердің аты ауыздан ауызға көшіп жүрген.
Альбер бұл тұспалды елдің бәрінен бұрын жақсы түсінді, сол себепті де биялаймен графтың бетін бір соғуға бейімделе бергенде, Моррель оның қолын қағып жіберді, сол мезетте жігіттің қимылы әдептен асып кетеді деп қауіптенген Бошан мен Шато-Рено оны жауырынан ұстап алды.
Бірақ Монте-Кристо орнынан тұрмай-ақ, қолын созып, Альбердің дірілдеген қолынан ылғалданып, умаждалып қалған биялайды жұлып алды.
— Сударь, мына биялайды сіз маған лақтырдыңыз деп есептеймін және оны өзіңізге оқпен бірге қайтарамын. Енді ложадан шығуға қам жасаңыз, әйтпесе дәйекшілерімді шақырып аламын да, сізді сыртқа шығарып тастаңыз деп әмір етемін, — деді Монте-Кристо қатуланып.
Көзі қанталап кеткен Альбер мас кісідей тәлтіректеп, бірнеше қадам кейін шегінді.
Моррель осыны пайдаланып, есікті жапты.
Монте-Кристо ештеңе болмағандай қайтадан бинокльді алып, көзіне тақай берді.
Бұл адамның жүрегі шойыннан құйылып, бет пішіні мәрмәрден қашалғандай еді.
Моррель графқа еңкейді.
— Сіз оған не қиянат істеп едіңіз? — деді ол күбірлеп.
— Мен бе? Өз басым оған ештеңе де істеген жоқпын, — деді Монте-Кристо.
— Алайда, осы түсініксіз егестің бір себебі бар шығар?
— Граф де Морсердің басы дау-дамайға түскелі бері байғұс бала ақыл-есінен айырылған тәрізді.
— Оған сіздің қандай қатысыңыз бар?
— Гайде Палатаға оның әкесінің опасыз сатқындығын хабарлапты.
— Иә, осы ложада сізбен бірге отырғанын көрген грек қызы, тұтқыныңыз, — Әли пашаның қызы дегенді естігенмен нанбап едім, — деді Моррель.
— Дегенмен, сол рас.
— Мен енді ғана түсіндім, әлгі жанжал күні бұрын әзірленген, — деді Моррель.
— Неге олай деп ойлайсыз?
— Meн Альберден бүгін операға келіңіз деген хат алғанмын. Ол сізді масқаралайтын кезде куә болып, қасымда тұрсын деген ғой.
— Мүмкін, — деді Монте-Кристо сазарып.
— Бірақ сіз оған не істейсіз?
— Кімге?
— Альберге.
— Альберге не істейсіз дейсіз бе, Максимилиан? Мен сізді қазір көріп, қолыңызды қысып отырғаным қалай анық болса, ертең ертеңгілік оны өлтіретінім тап солай анық. Міне, менің қолымнан келетіні осы ғана.
Моррель де өз кезегінде Монте-Кристоның қолын алып қысып еді, оның самарқау да салқын екенін сезіп, шошып кетті.
— Ах, граф, әкесі оны керемет жақсы көреді! — деді ол.
— Тек оны маған айтпаңыз? Әйтпесе, оны кешеуілдетпей өлтіруім мүмкін! — деді Монте-Кристо дауыстап, сөйтіп алғаш рет бұл кісінің де ашуланатыны белгілі болып қалды.
Моррель қайран қалып, оның қолын босатып жіберді.
— Граф, граф! — деді ол.
— Қымбатты Максимилиан, — деді граф оның сөзін бөліп. — Одан да Дюпренің мына арияны қалай айтатынын тыңдаңызшы:
О Матильда, жанымның періштесі...
Білесіз бе, Дюпрені мен Неапольде бірінші рет көріп, бірінші болып қол соққанмын. Бәрекелде, жарайсың!
Моррель енді бұдан кейінгі әңгімеден түк өнбейтінін сезіп, үндемей қалды.
Бірнеше минуттан кейін ойын бітіп, шымылдық жабылды. Есікті біреу келіп қақты.
— Кіріңіз, — деді Монте-Кристо, оның даусынан қобалжудың ізі де білінбеді.
Бошан келіп кірді.
— Қайырлы кеш, Бошан мырза, келіңіз, отырыңыз, — деді, Монте-Кристо осы кеште журналисті тұңғыш көріп отырған кісідей.
Бошан ізет жасап иіліп, ішке кіріп отырды.
— Граф, әлгіде өзіңіз де көрген шығарсыз, мен де Морсер мырзаның қасында болғанмын, — деді ол Монте-Кристоға.
— Бұдан сіздер түскі асты да бірге ішті деген қорытынды жасауға болады ғой, — деді күліп Монте-Кристо. — Сіздің оған қарағанда әлдеқайда ұстамды екеніңізді көріп қуанып қалдым.
— Граф, — деді Бошан, — Альбердің әулекіленіп кеткенін мен әрине, мойындаймын, сол үшін сізден өздігімнен кешірім де сұраймын. Енді сізден кешірім сұрап алғаннан кейін — қайталап айтайын, өз атымнан кешірім сұрағаннан кейін, граф, мен сізді салауатты, дегдар кісі ретінде, Янинаның тұрғындарымен жасаған қарым-қатынасыңыз жөнінде азды-көпті түсінік береді ғой деп сенемін; содан кейін әлгі жас грек қызы жайлы бірер сөз айтпақпын.
Монте-Кристо оған бір қарап, сөйлетпей тастады.
— Міне, менің күллі үмітім зая кетті, — деді ол күліп.
— Неге? — деді Бошан.
— Неге дері бар ма; сіздер бәріңіз жиналып, мені бір ұшқалақ-ұрма кісі деп ойладыңыздар; сіздіңше, мен JIapa, Манфред немесе Лорд Рутвен сияқты кісімін; сосын менің мінезімнен көбіңіз жерігеннен кейін, өздеріңіз бұрын жасап алған бейнені бұзып, енді мені қарадүрсін, қаймана біреулердің қатарына қосқыңыз келеді. Сіз менен ұятсыз сұмпайы болуды талап етесіз; қысқасы, сіз маған дікілдеп, түсінік беруімді талап етесіз. Рақым етіңіз, Бошан мырза, мені мазақтап тұрғаннан саумысыз?
— Бірақ кейде кісінің ар-намысы талап ететін... — деді Бошан менменсіп.
— Сударь, — деді осынау өзгеше кісі Бошанның сөзін үзіп, — граф Монте-Кристо ғана талап ете алады. Сондықтан да, менің сізден бір өтінетін нәрсем — енді бір сөз де айтпаңыз. Мен ойыма не келсе, соны істеймін, Бошан мырза, және сенсеңіз, істеген ісімнің бәрі ойдағыдай керемет болып шығады.
— Сударь, естияр кісілерді бұлай сылдыр сөзбен шығарып салмайды; ар-намысқа кепіл сөз керек, — деді Бошан.
— Сударь, мына мен — тірі кепілмін, — деді Монте-Кристо айылын да жимай, бірақ көзі айбат шегіп, жалт етті. — Біздің екеуміздің де тамыр-тамырымызбен қан ағады, соны екеуміздің де төккіміз келеді — біздің ара кепіліміз осы емес пе! Осы жауабымды виконтқа жеткізіңіз және ертең ертеңгілік, сағат онды соқпай тұрған кезде, мен оның қанының түсі қандай екенін көремін деп айтты деңіз.
— Олай болса, енді сізбен жекпе-жек шартына келісуім керек, — деді Бошан.
— Маған соның бәрібір, сударь, — деді Монте-Кристо, — және сондай болмашы нәрсе үшін спектакль кезінде кісінің мазасын аласыз. Францияда шпагамен сайысушы ма еді, әлде пистолетпен атысушы ма еді? Отарлы аймақтарда карабинді қалайды. Аравияда қанжарды пайдаланады. Ендеше өзіңізді жұмсаған кісіңізге айта барыңыз, ел алдында масқараланған мен болсам да, ең ақырына дейін эксцентрик кісі болып қалу үшін, қару таңдауды да соның еркіне бердім, дауласпаймын да, қарсыласпаймын да, не айтса соған көнемін; есіттіңіз бе, бәріне де, қанша қолапайыз десеңіз де, тіпті шар тастап сайысуға да көнемін; бірақ менің жөнім басқа. Мен өзімнің кәміл жеңетініме сенемін.
— Шынымен-ақ сенесіз бе? — деді Бошан графқа абыржи қарап.
— Әлбетте, сенемін, — деді Монте-Кристо иығын қушитып. — Әйтпесе, мен де Морсер мырзаның шақыруын қабылдамас та едім. Мен оны өлтіремін, іншалла солай болуға тиіс, солай болады да. Бірақ бір өтінішім, сайысатын жер мен қарудың түрін маған бүгін хабарласаңыз; мен жұртты күттіріп қоюды қаламайтын кісімін.
— Венсен орманында, ертеңгі сағат сегізде, пистолетпен келесіз, — деді Бошан, алдындағы кісінің жанкешті желбуаз екенін немесе құдай артық жаратқан жан екенін айыра алмай дал болып.
— Бәрекелде, сударь, — деді Монте-Кристо. — Енді біз көңілді бір демдеп, келісіп алғаннан кейін, сізден спектакльді алаңсыз тыңдауға рақым етуіңізді сұраймын және Альбер досыңызға мұнда қайта келмеуге кеңес беріңіз; әдепсіз мінезінен ол тек зиян шегеді. Ол одан да үйіне барып, жақсылап тұрып ұйықтасын.
Бошан ештеңені ұқпай, аң-таң болып кетіп қалды.
— Ал енді менің сізге сенуіме бола ма? — деді ол Моррельге бұрылып.
— Әлбетте, — деді Моррель, — мен сіздің қызметіңізге әзірмін, граф, бірақ дегенмен де...
— Не?
— Осының түпкі себебін білсем, өте жақсы болар еді, граф...
— Басқаша айтсақ, бас тартасыз ғой?..
— Мүлде олай емес.
— Түпкі себебі? — деді граф қайталап. — Ана жігіт ештеңені білмей, соқыр кісі сияқты әрекет етіп жүр. Мұның түпкі төркіні құдай менен маған ғана мәлім. Моррель, мен саған адал сөзімді айтайын, әлгі сырды білетін құдай бізді жақтайтын болады.
— Осының өзі-ақ жетіп жатыр, граф. Сіздің екінші секундантыңыз кім болады? — деді Моррель.
— Ондай істі тапсырайын десем, Парижде мен, Моррель, сізді және сіздің күйеу балаңыз Эмманюельден басқа ешкімді де білмеймін. Қалай ойлайсыз, Эмманюель маған сондай қызмет көрсетуге келісімін берер ме екен?
— Өзім үшін қалай жауап берсем, ол үшін де солай жауап беремін, граф.
— Жақсы! Маған керегінің өзі осы. Сонымен ертең таңертеңгі сағат жетіде біздің үйде кездесеміз ғой?
— Келеміз.
— Тыныш! Шымылдық ашылды, енді тыңдайық. Мен осы актінің бірде-бір нотасын тыңдамай қалған емеспін. «Вильгельм Тель» — тамаша опера.
XII. ТҮН
Граф Монте-Кристо үйреншікті әдетімен Дюпрэ өзінің әйгілі ариясы «Соңымнан еріңдерді!» айтып болғанша тыңдап отырды да, тек содан кейін ғана орнынан тұрып, ложадан шықты.
Моррель театр алдында, ертең сағат жетіде Эмманюель екеуі келмекші болған уәдесін тағы бір қайталап, графпен қоштасты.
Сосын тап осылай жадырап күлген күйі граф күймесіне барып отырды.
Бес минуттан кейін үйіне келіп жетті.
Графты мүлде білмейтін кісі болмаса, оның үйіне кірісімен, ашу бұған даусы дірілдеп:
— Әли, менің тұтқасы піл сүйегінен жасалған пистолетімді әкел! — деген сөзін естіп, таң қалмас еді.
Әли бір қобдишаны алып келді, граф қаруын қолына алып, байыптап қарай бастады, әрине, өмірін бұршақтай қорғасынға табыстайтын кісінің бұлай етуі әбден орынды еді.
Бұл — үй ішінде мергендікке машықтану үшін, Монте-Кристоның әдейі өзге үлгімен жасатқан пистолеті еді. Ату үшін бұған пистон да жарай беретін, көрші бөлмеде отырған кісі графтың, атқыштар айтқандайын, машықтанып жатқанын сезе бермейтін.
Ол қолына пистолетін алып, жамбы орнына жүретін темір тақтайшадағы нүктені қарауылға іліндіре бергенде, кабинеттің есігі ашылып, Батистен кірді.
Граф сөйлемек болып ыңғайлана бергенде, ашық есік сыртындағы күңгірт дәлізден беті бүркеулі бір әйелді көзі шалып қалды; ол шамасы Батистеннің соңын ала кірсе керек.
Әйел графтың қолындағы пистолетін, стол үстінде жатқан екі шпаганы көрді де, бөлмеге кимелей кіріп келді.
Граф иек қағысымен, Батистен шығып, есікті жауып кетіп қалды.
— Сіз кімсіз, сударыня, — деді граф беті бүркеулі әйелге.
Бөлмеде оңаша қалған-қалмағанын білгісі келгендей, әйел айналасын көзімен бір шолып өтті де, тап бір тізерлеп отыра кететін кісідей-ақ басы жерге жеткенше иіліп, екі қолын жалбарына созып, кеудесіне басты.
— Эдмон, сіз менің баламды өлтірмейсіз! — деді ол.
Граф сасқанынан бір қадам кейін шегініп, айқайы көмейінде көміліп, қолынан пистолеті түсіп кетті.
— Сіз кімнің есімін атадыңыз, де Морсер ханым? — деді ол.
— Сіздің, мына сіздің есіміңізді айттым, бәлкім, оны тек мен ғана ұмытпаған шығармын. Эдмон, сізге келген де Морсер ханым емес, Мерседес.
— Мерседес өлген, сударыня, мен ол есімдес басқа әйелді білмеймін, — деді граф Монте-Кристо.
— Мерседес тірі және Мерседес ештеңені де ұмытқан емес, көре салысымен, жо-жоқ, тіпті көрмей жатып, өзіңізді даусыңыздан таныған жалғыз менмін, Эдмон. Дауыс әуеніңізден айнытпай таныдым; міне, содан бері ол сіздің соңыңыздан көлеңкеңіздей ереді де жүреді, көзінен таса қалдырмайды, ол сізден қатты қорқады және граф де Морсерге есеңгірете соққы берген кімнің қолы екенін ол айтпай-ақ, іздемей-ақ сезді.
— Фернанға деп айтқыңыз келген шығар, сударыня, — деді Монте-Кристо күйіне күліп. — Сіз қазір жұрттың есімін еске түсіре бастаған екенсіз, ендеше, түгел еске түсірейік.
Монте-Кристоның «Фернан» есімін сұмдық өшпенділікпен айтқаны сондай, Мерседестің тұла бойы түршігіп кетті.
— Өзіңіз де көрдіңіз, Эдмон, мен қателеспеппін. Баламды құтқарыңыз деп сізге тегіннен-тегін айтпаппын, — деді Мерседес дауыстап.
— Сіздің балаңызға мені жау деп кім айтты, сударыня?
— Ешкім де айтқан жоқ! Бірақ ана атаулы — көреген. Мен өзім қауіптеніп, баламның соңынан операға бардым, сондағы бір ложаға жасырынып тұрып, бәрін де көрдім.
— Олай болса, сударыня, Фернанның баласының мені масқаралағанын көрген екенсіз ғой? — деді Монте-Кристо самарқау.
— Аяңыз!
— Өзіңіз куә болдыңыз, — деді граф сөзін жалғап, егер менің достарымның біреуі, Моррель мырза, қолынан ұстай алмағанда, ол менің бетіме биялайын лақтыратын еді.
— Сөзіме құлақ қойыңызшы. Менің балам да сіздің сырыңызды аңғарып қалған; әкесінің басына түскен бақытсыздықты ол сізден көреді.
— Сударыня, — деді Монте-Кристо, — сіз қателесесіз; бұл — бақытсыздық емес, зауал. Мен де Морсер мырзаға соққы берген жоқпын, оны жазалаған жазмыштың өзі.
— Ал сіз неге жазмыштың орнын басқыңыз келеді? — деді Мерседес дауыстап. — Жазмыш мұны баяғыда ұмытса да, сіз неге ұмытпайсыз? Сіздің бір жақтағы Янинада, оның уәзірінде не жұмысыңыз бар, Эдмон? Әли-Тебелинге опасыздық жасап, сатып кеткен Фернан Мондего сізге не істеді соншалық?
— Дұрыс айтасыз, сударыня, — деп жауап қатты Монте-Кристо, — осының бәрі тек француз офицері мен Василиканың қызына ғана қатысы бар. Сіз әділін айттыңыз, менің онда жұмысым жоқ, егер мен кегімді қайтарамын деп ант-су ішсем, француз офицерінен, граф де Морсерден емес, балықшы Фернаннан, каталан қызы Мерседестің ерінен кегімді қайтарамын деп ант-су іштім.
— Тағдыр талайыма салғасын бір қате жасап едім, соған бола осынша кектену сұмдық қой! — деді графиня даусын көтеріп. — Бұған мен кінәлімін, Эдмон, егер кек алғыңыз келсе, менен алыңыз, сіз жоғалып кеткесін, меңіреу жалғыздыққа шыдауға төзімім де, күшім де жетпеді.
— Ал мен неге жоғалып кеттім? Сіз неге жалғыз қалдыңыз? — деді Монте-Кристо дауыстап.
— Өйткені сізді тұтқынға алды, Эдмон, өйткені сіз түрмеге қамалдыңыз.
— Ал мені неге тұтқынға алды? Неге түрмеге қамады?
— Мен оны білмеймін, — деді Мерседес.
— Иә, сіз оны білмейсіз, сударыня, әйтеуір өз басым сізді білмейді ғой деп ойлаймын. Білмесеңіз айтайын. Менің тұтқынға алынып, түрмеге қамалған себебім, өзіңізге үйленуге тиісті болған күннің алдында, «Резервтің» сұхбат-жайында Данглар деген кісі мына бір хатты жазады, оны Фернан өз қолымен апарып почтаға салады.
Монте-Кристо столға барып, жәшікті ашты да, одан жазуы көмескілене бастаған, сарғайып кеткен бір қағазды алып, Мерседестің алдына әкеліп қойды.
Бұл Данглардың король прокурорына жазатын баяғы хаты еді, оны граф Монте-Кристо Томсон мен Френч фирмасының агенті ретінде де Бовиль мырзаның кабинетінде болғанда Эдмон Дантестің іс қағазынан алған-ды.
Мерседес оны жаны түршіге оқып шықты:
«Тәж-тақ пен дінді жақтаушы бір кісі король прокуроры мырзаға төмендегідей бір хабарды жеткізгісі келеді: тап бүгін Смирнадан, жолай Неаполь мен Порто-Феррайоға келген, «Фараон» кемесі капитанының көмекшісі Эдмон Дантестің Мюраттан узурпаторға, ал узурпатордан Париждегі Бонапарт комитетіне арнаулы хаты болған.
Егер ол ұсталатын болса, оны әшкерелейтін хат соның өзінің қалтасынан немесе әкесінен, әлде «Фараондағы» каютасынан табылады».
— Құдай-ай! — деді Мерседес күңіреніп, тершіген маңдайын ұстап. — Және осы хатты...
— Мен ол хатты екі жүз мың франкке сатып алдым, сударыня. Және өзі қымбат емес те, өйткені осы хаттың арқасында бүгін сіздің алдыңызда ақталып тұрмын, — деді Монте-Кристо.
— Осы хаттың кесірінен...
— Мені тұтқынға алды; мұны сіз білесіз; бірақ сіз, сударыня, менің қамауда қанша отырғанымды білмейсіз. Өзіңізден ширек льедей жерде, Иф қамалының зынданында он төрт жыл бойы ішқұста болып жатқанымды білмейсіз. Ұзаққа созылған он төрт жыл бойы, әуелден қабылдаған кек антын құдайдың құтты күні қайталап жүрдім, ал мен ол кезде сіздің мені ұстатқан Фернанға тұрмысқа шыққаныңызды, әкемнің өлгенін, аштан өлгенін білмеуші едім!
Мерседес тәлтіректеп қалды.
— Құдай-ай, сақтай гөр! — деді ол.
— Бірақ осының бәрін мен он төрт жыл қамауда жатқан түрмеден шыққаннан кейін барып білдім. Мерседестің өмірімен, әкемнің өлімімен ант етіп, Фернаннан кегімді аламын дегенім, міне, сондықтан... енді содан кегімді алып жүрмін.
— Сізді көрсеткен Фернан сорлы екенін анық білесіз ғой?
— Құдай алдында жан-иманыммен ант етейін, сударыня, оны жасаған сол. Бірақ бұл француз азаматының ағылшынға сатылғанынан жаман нәрсе емес; испан болып туған кісінің испандарға қарсы соғысқанынан, Әлидің қызметін атқарған офицердің Әлиді опасыздықпен сатып, өлтіргенінен жексұрын нәрсе емес. Бұлардың қасында менің сізге көрсеткен хатым не ол? Ол — жақсы көрген жігіттің айласы ғана, ондайды сол жігітке күйеуге шыққан әйелдің кешіретінін түсінемін де мақұлдаймын, бірақ оны қалыңдығынан айырылған адам кешірмейді. Француздар опасыздан өшін алмады, испандар опасызды атпады, көрде жатқан Әли байғұс опасыздың жазасын бермеді; бірақ сол қарабет келмеске жіберіп, көзін жойған, көрге көмілген мен, құдайдың мейірімі түсіп, сол моладан аман шықтым, ендеше мен құдай алдында кек алуға міндеттімін; ол мені кегін қайтарсын деп жұмсаған, енді, міне, осы араға келіп тұрмын.
Бақытсыз бейбақ бетін басып, орылған шөптей құлап түсті.
— Кешіріңіз, Эдмон, мен үшін, менің сізге деген махаббатым үшін кешіріңіз! — деді ол.
Ерлі әйелдің әдебі жаралы жүректі еркіне жібермегендей.
Оның басы иіліп, маңдайы еденге тие берді.
Граф ұмтылып келіп, әйелді демеп тұрғызды.
Енді міне ол креслода отырып, қайғы жасынан көз алды тұманданып, Монте-Кристоның айбарлы жүзіне қарайды, қарайды да оның басынан кешірген қасірет пен өшпенділіктің суық ізін көреді.
— Осы бір ант атқан әулетті қалай құртпассың! Оны жазала деп әмір еткен құдіретке қалай құлақ аспаймын! Жоқ, ол менің қолымнан келмейді! — деп күбірледі граф.
— Эдмон, — деді ана бейбақ қиналып, — құдайым-ай, мен сізді Эдмон деп атаймын, сіз мені неге Мерседес деп атамайсыз?
— Мерседес! — деді Монте-Кристо қайталап. — Иә, сіз дұрыс айтасыз, бұл есімді атағанда аузым бал татиды, арада ұзақ жылдар өткеннен кейін, бүгін, алғаш рет осы есім менің аузымнан әдемі әуендей болып шығады. Мерседес, мен сіздің атыңызды сағынышпен күрсіне қайталар едім; аурудан ыңқылдап жатып, соңғы үмітім кесілгенде шарасыз үнмен қырылдап жатып қайталар едім; мен бұл есімді түрменің сабан төсегі үстінде суықтан бүрісіп жатып айтқанмын; мен оны зынданның тас еденінде аунап, ыстықтан шаңырқап жатып айтқанмын. Мерседес, кек алмасам болмайды, өйткені он төрт жыл азап шегіп, он төрт жыл көз жасын көл еткенмін, қарғағанмын күллі әлемді! Сізге айтарым, Мерседес, мен кегімді қайтаруым керек!
Бір кезде жанындай сүйген әйелдің өтінішіне шыдамай, сыр алдырып қоярмын деп қорыққан граф өшпенділігін қоздыру үшін өткенді есіне алды.
— Кегіңізді алыңыз, Эдмон, бірақ кінәлі кісілерден алыңыз; кегіңізді одан, менен алыңыз, тек менің балама кектене көрмеңіз! — деді сорлы ана азар да безер болып.
— Қасиетті кітапта: «Әкелердің кінәсі балаларының үш-төрт буынына дейін кетеді», — делінген. Егер құдай өзінің пайғамбарына осылай деген болса, мен неліктен құдайдан да мейірімдірек болуым керек? — деді Монте-Кристо.
— Өйткені уақыт та, мәңгілік тірлік те құдайдың қолында, адам оның бәрінен де құр қалған.
Монте-Кристо кеудесін кере күрсінді ме, ыңыранды ма, әйтеуір, қос алақанымен басын сығымдады.
— Эдмон, — деді Мерседес графқа қолын созған күйі сөзін жалғап. — Мен сізді көргелі-білгелі бері алдыңызға бас иіп, атыңызды қошеметтеп шық жуытпай келдім. Эдмон, досым менің, жүрегімнен ұя салған сол бір жарқын да ізгі бейнеге кір түсірмеңізші! Эдмон, сізді әлі тірі санап үміттеніп жүргенде де, өлгеніңізге көзім жеткеннен кейін де, бір өзіңізге бағыштап, құдайға жалбарынып, қанша дұға қайырғанымды білмейсіз ғой! Иә, сіз мен үшін өлдіңіз! Мен сіздің мәйітіңіз бір сұсты мұнараның астына қойылған шығар деп ойладым. Түрмешілер тұтқындардың өлігін лақтырып тастайтын шыңырауға сіздің денеңізді де лақтырған шығар деп егіліп жылайтынмын. Дұға оқу мен жылаудан басқа сіз үшін мен сорлы не жасай алушы едім, Эдмон? Тыңдаңызшы, он жыл ұдайы мен бір ғана түсті көрдім. Ел арасына мынадай бір сыбыс тараған екен деймін: сіз қашып шықпақ болып, бір өлген тұтқынның орнын аласыз, соның кебіне оранасыз: сосын әлгі тірі өлікті Иф қамалының биігінен лақтырады; тасқа құлаған сіздің жантәсілім еткен даусыңызды естігеннен кейін барып әуелі көрбан болып, кейін жендетке айналған сойқандар кебіндегі басқа жан екенін білген екен деймін. Эдмон, жан дегендегі жалғыз баламның өмірімен ант етейін, ұзақ он жыл бойы, түн сайын мен жартастың ұшар басынан қорқынышты бірдеңені лақтырып жатқан кісілерді түсімде көріп жүрдім; он жыл бойы, әрбір түн сайын біреудің жан даусынан тұла бойым мұздай болып дірілдеп, шошып оянамын. Егер нансаңыз, Эдмон, кінәм қанша ауыр болса да, талай қасіретті мен де бастан өткердім.
— Ал, сіз әкеңіздің өзіңізден алыс бір қиянда өлейін деп жатқанын сезгеніңіз бар ма? — деді граф ашынып. — Қара басың қамауда, тұңғиықтың түбінде тұншығып жатқанда, сүйген әйелің бәсекелес дұшпаныңа еріп кетті-ау деген ой жаныңызды жегідей жеп, азаптанған кезіңіз болды ма?..
— Жоқ, бірақ мен жанымдай сүйген адамның баламды өлтіруден тайынбайтынын көріп тұрмын, — деді Мерседес оның сөзін бөліп.
Мерседестің осы сөзді қасіреттен қан жылап, беті қайтып, тауы шағылып айтқаны сондай, граф еріксіз егіліп сала берді.
Сонымен, арыстанға тұзақ түсті; қатыгез кекшіл жуасыды.
— Сіз сонда не талап етесіз? — деді ол. — Балаңызға аяушылық білдір дейсіз бе? Мақұл, ол енді өлмейді.
Мерседестің қуанғаннан даусы шығып кетті. Монте-Кристоның көзінен де жас көрініп, әп-сәтте жоқ болды; шамасы жаратушы жаниеміз оны әкелуге періштені жұмсаса керек, өйткені құдай алдында осынау көз жасы Гузерат пен Офирдің ең әсем інжуінен әлдеқайда қымбатырақ болса керек-ті.
— Көп рақмет саған, Эдмон, мың рақмет! — деді ол дауыстап, графтың қолын алып сүйіп жатып. — Сен маған ұдайы осындай болып елестейтінсің, ұдайы сенің осы жайсаңдығыңды жақсы көргенмін. Енді мұны еркін айта аламын!
— Өйткені енді Эдмон байғұсты ұзақ сүйе алмайсыз. Өлген кісі моласына қайтады, елес қайтадан ғайып болады, — деді Моніе-Кристо жабығып.
— Сіз не дедіңіз, Эдмон?
— Мен, Мерседес, сіз менің өлгенімді тілейді екенсіз, енді өлуім керек дедім.
— Өлім? Оны кім айтты? Ажалды әңгіме қылған кім? Сіз неге өлім жайлы ойға қайта айналып соғасыз?
— Зал толы жұрт алдында, көпшіліктің көзінше, сіздің достарыңыз бен ұлыңыздың дос-жарандары қаумалап қарап тұрғанда, бала жекпе-жекке шақырып, масқара болып сөз естіген мен, енді менің кешірім жасағанымды өзінің жеңісі деп мақтанатын балаңыздың әдепсіз қылығынан кейін, шынымен-ақ тірі қалады деп ойлайсыз ба? Сізден кейін, Мерседес, дүниеде мен тек өзімді ғана жақсы көретінмін, яғни кісілік парасатымды, жұрттан мені биік көрсететін күш-жігерімді жақсы көретінмін, менің өмір-тірлігім де осыған байланысты еді. Сіздің бір сөзіңіз мені сындырды. Енді өлуім керек.
— Сіз кешірім еткен екенсіз, Эдмон, енді ол жекпе-жек болмайды.
— Жекпе-жек болады, бірақ сіздің балаңыздың қанының орнына, жерге менің қаным төгіледі, — деді Монте-Кристо салтанатпен.
Мерседес шыңғырып, Монте-Кристоға қарай ұмтылып барып тоқтай қалды.
— Эдмон, сіз тірі қалып, өзіңізді қайта көргелі бері мен құдайдың бар екеніне күмән келтірмеймін және күллі жан-жүрегіммен соның құдіретіне құлдық ұрамын. Оның шарапатынан үміт етсем, сіздің сертіңізге сенемін. Сіз, Эдмон, менің балам өлмейді дедіңіз ғой, рас па?
— Иә, рас, сударыня, — деді Монте-Кристо, Мерседестің ешбір сөзге келмей, үрікпей де қорықпай, дау-дамайсыз, мұның өз өмірін құрбан еткелі тұрғанын жайбарақат қабылдай салғаны жанына батты.
Мерседес графқа қолын ұсынды.
— Эдмон, — деді ол графқа жас толы көзімен қарап, — сіз кең пейілді, жомарт жанды азаматсыз! Алдыңызға үміт-сенімі кесіліп келген бейбақ әйелге дегдар көңілмен аяушылық білдірдіңіз. Мені қартайтқан өткен-кеткен жылдар емес, қайғы мен қасірет, енді мен қылықты күлкіммен де, жәудіреген көзіммен де, өзімнің Эдмоныма бір кезде ынтық болған Мерседесін елестетіп, есіне түсіре алмаймын. Сеніңіз маған, Эдмон, мен де көп қасірет шектім. Міне, енді өмір зая өтіп барады, ал есіңде бірде-бір қуанышты сәт қалмайды, жүрегімде үміт оты жанбайды деген сезімнен ауыр нәрсе жоқ екен; бірақ бәрі де жердегі тірлікпен бітпейді. Жоқ! Бар үміт мұнымен бітпейді, мен оны жүрегімде әлі де өлмей қалған ынтызар ықыласпен сеземін. Тағы да қайталап айтайын, Эдмон, кісі кінәсін тап сіздей кешіру — тамаша, дегдар жүрек, дарқан пейілдің сыйы!
— Сіз осыны қанша айтсаңыз да, Мерседес, мен жасаған құрбандықтың қиындығын әлі де білмейсіз. Егер жасаған жаниеміз өз құдіретімен әлемді жаратып, бей-берекет жансыз дүниеге жан кіргізіп, кейін, біз жасайтын жамандық пен жауыздыққа налып, ақ ниетті періштеміз киелі көзінен жас төгіп жүрмесін деп, әлемді жасап бітірмей, аяқсыз қалдырса, не болар еді? Егер дүниенің бәрін ойлап, бәрін жасап бітіріп, енді дайын ісіне қарап, қуанарға келгенде, құдай тағалам күнді сөндіріп, әлемді мәңгі түн түнегіне итере салғанда не болар еді? Осыны көз алдыңызға елестетіп көріңізші, сонда, бәлкім, түсінерсіз, жоқ, өмірмен бақұл айтысқанда менің неден айырылатынымды сіз сонда да түсінбейсіз.
Мерседес графқа ырза көңілмен таң қалып, тәнті бола қарады.
Зілдей ауыр ойдан қажығандай, Монте-Кристо басын төмен салып, дірілдеген қолымен маңдайын басты.
— Эдмон, мен сізге енді бір ғана сөз айтайын, — деді Мерседес.
Граф күйіне күлімсіреді.
— Эдмон, — деді ол сөзін сабақтап, — егер менің бет ажарым ескіріп, көз жанарым сөніп, сұлулығым солса да, егер, тоқетерін айтсақ, қазіргі Мерседес күллі кескін-кейпімен бұрынғы Мерседесті мүлде еске түсірмейтін болса да, жүрегі баяғы жүрек екенін өзіңіз де көресіз әлі!.. Хош, Эдмон, менің құдайдан өзге сұрар тілегім жоқ. Мен сізді баяғыдай дегдар, кең пейіл жомарт қалпыңызда қайта көрдім. Хош, Эдмон... хош, Құдай жарылқасын сізді!
Бірақ граф ләм деп жауап қатпады.
Мерседес кабинеттің есігін ашып, граф бір қалың, өкінішті ойдан оянам дегенше, көзден таса болды.
Граф Монте-Кристо де Морсер ханымды Елисей Далаңымен ала жөнелген күйме даусын естіп, басын көтергенде, Мүгедектер үйінің сағаты түнгі сағат бірді соққан еді.
— Есуас, — деді ол өзіне өзі, — кек алуға бел байлаған күні кеудемнен жүрегімді неге жұлып алмадым екен!
XIII. ЖЕКПЕ-ЖЕК
Мерседес кетіп қалғаннан кейін Монте-Кристоның үйін қайтадан қараңғылық басты. Оның іші, маңайы жым-жырт тыныштыққа бөленді; шаршаған дене ұйқыдан қалай тыным тапса, оның жігерлі ой-санасы да солай тыным тапты.
«Бұл не?! — деді ол өзіне-өзі, шам мен шырағдандар жанып бітуге тақалып, шаршаған дәйекшілер кірмелікте асыға күтіп тұрған кезде. — Бұл не?! Шынымен-ақ сонша еңбекпен, қам-харакетпен, ұзақ уақыт бойы салынған үй қас қағымдай бір сәтте, бір ғана сөзден, бір үрлегеннен қалмай құлағаны ма! Өзге жандардан өзімді биік санап, соны мақтап тұтқан мен, Иф қамалының зынданында көзге ілгісіз сорлы болып, енді зор құдіретке ие болған шағымда, ертең шынымен-ақ, бір уыс топыраққа айналмақпын ба! Менің қимасым өмір емес: жұрттың бәрі ұмтылатын жан тыныштығы, шаңырқап, шаршап-шалдығып, ынтызар болатын тыным-тыныс, қараңғы зынданыма Фариа келіп кіргенге дейін, өз басым ұзақ аһілеп, ұзақ қиналып, аштықтың азапты жолымен ұзақ сапар шегіп діттеген демалысым осы ажал емес пе екен? Мен үшін өлім деген не? Көбірек тыным алу, көбірек тыныш болу ғой. Жоқ, менің қимайтыным өмірім емес; мен тек ұзақ пісіп келіп, мүқият әзірленген мақсат-мұратымның күйрегеніне өкінемін. Жасаған ием оны әп-сәтте қағып тастады, ал мен оны құдай тағалам қолдайды деп жүргенмін. Демек, олардың жүзеге асуына жаппар иемнің рұқсаты болмағаны да!
Әлемнің өзі сияқты ауыр осынау зауалды көтеріп, ақырына дейін жеткізбекші болсам да, ол менің тілек-талабыма сай келеді екен де, күш-қайратыма сай келмейді екен; ол менің ерік-жігеріммен үндескенімен, билігі қолымдағы нәрсе болмай шықты, сол себепті де мен оны жарты жолда қалдыруға тиіспін. Он төрт жыл өмірден баз кешіп жүріп, он жыл үміт шырағына сеніп жүріп, құдайға құлшылық етуді үйренген қайран басым, енді қайтадан фаталист болуым керек!
О, құданың құдіреті, міне, осының бәрі өліп қалды деп жүрген жүрегімнің тек мұз боп қатып қалғанының кесірінен болды. Өйткені ол қайта оянды, лүпілдеп қайта соқты, өйткені мен әйел даусын естігенде елжіреп, қайта соққан жүрек бұлқынысына шыдай алмадым!»
«Бірақ — деп ойлады граф алдағы жекпе-жектің суреттерін қиялымен көз алдына елестетіп, — осындай ізгі жүректі әйелдің мен сияқты әлі тауы шағылмаған қайратты азаматты салқынқанды, самарқау кейіппен ажалға қия салуы мүмкін емес, тіпті де мүмкін емес! Оның аналық махаббат, дәлірек айтсақ, аналық есуастық жетегіне көзсіз еріп кете беруі мүмкін емес. Кісінің кейбір жақсы қасиеттерінің өзі шектен шығып кеткенде кесірлі кеселге айналады. Жоқ, бәлкім, ол сыртқа көз қылып, көңіл аулау үшін жанұшырып келіп, арамызға арашаға түсер, сонда осы арадағы сән-салтанатпен көрінген қадір-қасиет жекпе-жек үстінде күлкіге айналар».
Графтың жүзі әбден қорланған тәкаппар жанның жүзіндей болып қызарып кетті.
«Күлкіге айналады», — деді ол қайталап, — сонда күлкіге айналатын мен бе... Мен күлкі болам ба?! Жоқ, одан да өлгеннің өзі артық!
Мерседеске балаңның кінәсін кештім деп уәде беріп, өз басына зор бәле тауып алғанын қияметтей қиын іс санаған граф осыған қайта айналып соға берді.
«Кең пейіл көрінемін деп осынау боқмұрын баланың пистолетіне қозғалмайтын жанды жамбы болу — барып тұрған ақымақтық, ақымақтық болды! Менің қазамның — өзімді өзім өлтіру екеніне ол ешқашан да сенбейді, ал бірақ менің ар-намысым (құдай-ау, бұл даңғойлық емес, тек әділ мақтаныш қой!)...иә, атымның ар-намысы бір ғана нәрсені талап етеді: мен біреудің зорлауымен емес, өз тілеуім, өз еркіммен дұшпанға кезеулі қолымды кейін тартып алып, өзімді-өзім жайратқанымды өзге жұрт білуге тиіс; осылай ету керек және осылай болады да».
Сол-ақ екен, ол қолына қалам алып, жазу столының құпия жәшігінен өзі Парижге келгеннен кейін жазылған өсиет қағазды тауып, оған біраз нәрселерді қосты, мұны тіпті әңгүдік кісілердің өзі оқыса да, оның қазасының ақиқат себебіне бірден түсінер еді.
«Құдіретті құдайым, — деді ол жүзін көкке көтеріп, — мен мұны өзім үшін ғана емес, сен үшін де жасап отырмын. Он жыл бойы мен өзімді сенің қаһарыңның қаруымын деп санап келдім, ендеше мына Морсерден басқа Данглар, Вильфор сияқты жауыздар, тіпті сол Морсердің өзі де, бір кездейсоқ сәтті жағдай бізді хас жауымыздан құтқарды деп ойламауға тиіс. Қайта, керісінше, олар құдайдың соғайын деп тұрған зауалын ерік-жігерімнің күшімен өзімнің тоқтатқанымды білуі керек; осы дүниеде тартпаған жазасын, ана дүниеде тартатынын, олар үшін өткінші уақыт мәңгілікпен ауысқанын білуі керек.
Осындай ауыр, шүбәлі ойлар жанын жегідей жеп, шерлі көңілі құса болып, дерт шалған кісідей көз іліндіре алмай отырғанда, терезе әйнегінен ағарып атқан таң нұры графтың алдында жатқан көгілдір қағазды жалтыратып жіберді, осы қағазға ол әлгінде ғана құдайға мінәжат айтып, өзінің өлер алдындағы сөздерін түсірген еді.
Сағат таңертеңгі бес-тұғын.
Кенет оның құлағына біреудің әлсіз ыңыранған даусы естілді: Монте-Кристоға әлдекім тұншыға күрсінгендей болды; ол артына бұрылып, айналасына көз салды, ешкімді көре алмады. Бірақ күрсініс тағы қайталанды, енді оның күдігі шындыққа айналды.
Осыдан кейін граф орнынан тұрып, есікті абайлап ашып, мейманжайға қарап еді, креслодан Гайдені көрді; ол ажарлы ақ жүзін көкке беріп, жансыз қолы салбырап ұйықтап жатыр; бұл бөлмеден шықса, мені көрмей кетпесін деп, креслоны есік алдына жақындатып қойыпты, бірақ ұйқы, жастықтың тәтті ұйқысы, көп күтіп шаршаған қызды қалжыратып, алып соқса керек-ті.
Монте-Кристо есікті ашқанда, ол оянбады.
Ол қызға мейірім мен өкінішке толы көзбен елжірей қарап тұрып қалды.
«Мерседес баласын есінен бір елі шығармайды, ал мен қызымды мүлде ұмытып кетіппін!» — деді ол күбірлеп.
Ол мұңайып басын шайқады.
«Гайде байғұстың мені көргісі келіпті, менімен сөйлескісі келіпті, ол бір бәленің боларын біліп, содан қауіптенген сияқты... Мен онымен қоштаспай кете алмаймын, мұны біреуге табыстамай өле алмаймын».
Сосын жайымен орнына келіп отырып, әуелгі сөздерінің астына тағы да бір жаңа сөздер қосты:
«Мен Марсельдегі кеме иесі, менің бұрынғы қожайыным Пьер Моррельдің баласы, спаги капитаны Максимилиан Моррельге жиырма миллион капиталды мұра етіп қалдырамын, осы қаржының бір бөлігін ол қарындасы Жюли мен күйеу баласы Эмманюельге беруге тиіс, әрине, егер ол мұндай байлық екі жастың бақытына кесірін тигізбейді деп есептесе. Осы жиырма миллион Монте-Кристо аралындағы менің үңгірімде тығулы жатыр, ол үңгірге кіретін тесік Бертуччоға мәлім.
Егер оның жүрегі бос болып, Янинаның пашасы Әлидің қызы Гайдеге үйленгісі келсе, онда ол менің соңғы әмірімді емес, соңғы тілегімді орындайды, өйткені мен Гайдені сүйікті әкесіндей-ақ баулыдым, ал ол мені туған қызымдай жақсы көрді.
Осы өсиет қағаз бойынша Гайде менің артымда қалған күллі дүние-мүлкімнің мұрагері болып табылады, бұл мүліктер Англияның, Австрия мен Голландияның жерлері мен мемлекеттік қағаздарының және сол сияқты менің сарайларым мен үйлерімнің құнына кіреді, ал мұның бәрі, әлгі жиырма миллион мен қызметшілеріме мұра етіп қалдырған соманы есептемегенде, шамамен, алпыс миллионға жетеді».
Ол өсиеттің соңғы жолын жазып бітіре бергенде, ту сыртынан бір әлсіз дауысты есітті де, қолынан қаламы түсіп кетті.
— Гайде, сен мұны оқыдың ба? — деді ол.
Тұтқын қызды кірпігіне түскен таң шапағы оятып жіберіпті; ол орнынан көтеріліп, түкті кілем үстімен ың-шыңсыз жұмсақ басып, графтың ту сыртына келіп тұрған-ды.
— Әміршім менің, — деді ол бұған жалбарына қолын созып, — сен мұны құлқын сәріден неге жазып отырсың? Өзіңнің барша байлығыңды неге маған мұраға қалдырасың? Сен мені шынымен-ақ тастап кетпекпісің?
— Мен бір алыс жолға аттанбақпын, досым, — деді ол әрі мұңлы, әрі еркелеткен дауыспен. — Ал егер сол сапарда маған бірдеңе бола қалса...
Граф үндемей қалды.
— Онда не болады?.. — деді қыз өктем дауыспен, ол өзінің қожасымен ешқашан да тап осылай сөйлеспеген.
— Маған не бәле ұшырасса да, қызымның бақытты болғанын қалаймын, — деді Монте-Кристо сөзін жалғап.
Гайде қайғылана күлімсіреп, жайымен басын шайқады.
— Сен өлім жайын ойлап тұрсың ба, мырзам, — деді қыз.
— Бір данышпан оны кісі жанын азаптан құтқаратын ой депті, қарғашым.
— Егер сен өлсең, күллі байлығыңды басқа біреуге мұра етіп қалдыр, өйткені сен өлсең... маған ешбір байлықтың керегі жоқ, — деп жауап берді Гайде.
Сосын ол өсиет қағазды алып, жыртып-жыртып, еденге лақтыра салды. Тұтқынның әдетінде болмайтын осындай тосын ашудан кейін ол есінен танып, кілем үстіне құлап түсті.
Монте-Кристо еңкейіп, оны көтеріп алды және ол осы бір ай жүзді аруға, оның жабулы ұзын кірпігіне, былқ-сылқ дәрменсіз денесіне қарап, тұңғыш рет, бәлкім, осы еркетай мені қызым ретінде ғана жақсы көрмейтін шығар деп ойлады.
— Бәлкім, мен әлі бақыттың не екенін сезінетін де болармын, — деді ол мұңайып.
Ол ес-түссіз Гайдені бөлмесіне апарып, күтушілерінің қолына берді. Өзі кабинетіне келіп, есігін жедел жауып алды да, өсиет қағазды қайта жазды.
Ол шаруасын бітіре бергенде, аулаға кірген күйменің дыбысы естілді. Монте-Кристо терезе алдына келіп қарап, Максимилиан мен Эмманюельді көрді.
— Дұрыс, мен дәл мерзімінде бітірген екенмін, — деді ол.
Ол сөйтіп өсиет қағазға үш рет мөрін басып, қатырып тастады.
Енді бір минуттан кейін ол мейманжайдан басқан аяқтың тықырын естіп, есікті барып аша берді.
Ішке Моррель кірді.
Ол белгіленген уақыттан жиырма минут бұрын келіпті.
— Мүмкін, мен ерте келген шығармын, граф, — деді ол, — бірақ шынымды айтсам өзім де, үй ішінің өзге кісілері де бір сәт көз іліндіре алмадық. Жанымды жан тапқызу үшін сізді, сіздің арқа сүйер сабырлы кейпіңізді көруім керек болды.
Монте-Кристо өзін жігіттің шын көңілден жақсы көретініне жаны елжіреп, Максимилианға қол берудің орнына оны бас салып құшақтай қойды.
— Моррель, — деді ол, — мен үшін бүгінгі күн бір құтты күн болды, өйткені сіз сияқты жайсаң жігіттің өзімді жақсы көретінін білдім. Есенсіз бе, Эмманюель. Қалай, Максимилиан, менімен бірге жүресіз бе?
— Әлбетте. Сіз бұған шынымен-ақ күдіктеніп пе едіңіз?
— Ал мен кінәлі болып шықсам...
— Мен кешегі жанжалдың басынан аяғына дейін болдым және түнімен сіздің ұстамдылығыңызды есіме түсірдім, сосын өзіме-өзім: «Түсі игіден түңілме» деген рас болса, шындық сіздің жағыңызда болар, — дедім.
— Дегенмен, Альбер сіздің досыңыз ғой.
— Біз жай ғана таныспыз.
— Сіз менімен танысатын күні Альбермен де таныстыңыз ба?
— Иә, дұрыс айтасыз; өзіңіз де байқап тұрған боларсыз, егер сіз мұны айтпағаныңызда, ол, бәлкім, менің есіме де түспес еді.
— Рақмет, Моррель.
Сосын граф қоңырауды бір рет қақты.
— Мына қағазды менің нотариусіме апарып берсін, — деді ол заматында кіріп келген Әлиге. — Бұл менің өсиет қағазым, Моррель. Мен өлгеннен кейін сіз онымен танысасыз.
— Сіз өлгеннен кейін? Мұныңыз не? — деді Моррель дауыстап.
— Бәрін де күні бұрын ойлау керек, досым. Кеше біз айырылысқаннан кейін қайда болдыңыз?
— Мен бірден Тортонидің үйіне тура тарттым, өзім де ойлағандай, онда барсам, Бошан мен Шато-Рено отыр екен. Несін жасырайын, мен оларды іздеген едім.
— Бәрі де келісілгеннен кейін, оның қажеті қанша?
— Тыңдаңызшы, граф, бұл жекпе-жек аса жауапты, кісі құтылмайтын дуэль ғой.
— Сіз не, оған күмәнданып па едіңіз?
— Жоқ. Ол сізді жұрттың көзінше масқара етті, қазір жұрт соны гу-гу сөз етіп жүр.
— Сөз етсе қайтеміз?
— Мен оларды басқа қару таңдауға, пистолетті шпагамен ауыстыруға көндірем бе деп ойлап едім. Оқ — соқыр неме ғой.
— Қалай, көндірдіңіз бе? — деді Монте-Кристо жалма-жан көзінен үміт ұшқыны жылт етіп.
— Жоқ көнбеді, өйткені сіздің кәнігі сайыскер екеніңіз жұрттың бәріне мәлім екен.
— Солай деңіз! Оны кім айтты екен?
— Сайыс мұғалімдері, олардан сіз асып түсіпсіз.
— Сөйтіп сіздің жолыңыз болмаған екен-дағы?
— Олар үзілді-кесілді бас тартты.
— Моррель, сіз менің пистолетті қалай ататынымды бұрын көріп пе едіңіз? — деді граф.
— Ешқашанда көрген емеспін.
— Ендеше көріңіз, біздің әлі уақытымыз бар.
Монте-Кристо түнде, Мерседес кірген кезде, қолына ұстап тұрған пистолеттерді алып, крестің тұзын тақтайшаға жапсырды да, төрт рет атып, оның үш жапырақшасы мен сабағын төрт оқпен тесіп тастады.
Бұл атқан сайын Моррельдің жүзі қуқыл тарта берді.
Ол Монте-Кристоның осы кереметті жасаған оғын алып қарап еді, кәдімгі бытырамен қарайлас екен.
— Мынау сұмдық екен, қарашы, Эмманюель! — деді ол шошып.
Сосын Монте-Кристоға бұрылып:
— Граф, әулиелер атымен өтінейін, Альберді өлтірмеңіз! Байғұс баланың шешесі бар ғой! — деді ол қиылып.
— Дұрыс айтасыз, бірақ менің шешем жоқ! — деді Монте-Кристо салқын.
Бұл сөзді оның бей-жай айта салғаны сондай, Моррельдің аза бойы қаза тұрды.
— Масқара болған сізсіз ғой.
— Әлбетте, бірақ онымен не айтпақшысыз?
— Демек, бұл — сіз бірінші болып атасыз деген сөз.
— Мен бірінші болып атамын ба?
— Иә, мен осыған көндірдім, дұрысын айтсам, талап еттім; біз оларға көп жеңілдік жасадық, сол себепті де олар бұған келісті.
— Ара қашықтығы қандай?
— Жиырма қадам.
Граф ызғарлана күлімсіреді.
— Моррель, әлгіде өзіңіз көзбен көрген нәрсені ұмытпаңыз, — деді ол.
— Міне, сол себепті де сіздің тек көңіліңіз қобалжып кетіп, Альбер аман қалса, басқадан үміт етпеймін, — деді Моррель.
— Көңілім қобалжып? — деді Монте-Кристо.
— Немесе, досым, кең пейіл мәрттігіңіз ұстап демекшімін; сіздің атқанда мүлт жібермейтініңізді біле тұра, басқа кісіге айтсам күлкі болатын бірдеңені айтқым келеді.
— Сонда не айтпақшысыз?
— Оның қолын немесе басқа бір жерін көздеңіз, әйтеуір өлтірмесеңіз болғаны.
— Ендеше, Моррель, менің не айтатыныма құлақ салыңыз, — деді граф, — сіз маған Морсерді аяңыз деп айтпай-ақ қойыңыз: Морсер онсыз да аман қалады, тіпті дос-жарандарымен бірге ойнап-күліп үйіне қайтады, ал мен болсам...
— Ал, сонда сіз?..
— Оның жөні басқа, мені зембілмен әкетеді.
— Сіз не айтып тұрсыз, граф? — деді Максимилиан азар да безер болып.
— Иә, қымбатты Моррель, Морсер мені өлтіреді.
Моррель графқа аңырып қарап қалды.
— Бүгін түн сізге бірдеңе болды ма, граф?
— Филипп түбіндегі шайқас қарсаңында Брут нені керсе37, мен де соны көрдім: мен бір елеспен кездестім.
— Сосын?..
— Сосын сол елес маған: бұл дүниеде тұрғаның жетеді, — деді.
Максимилиан мен Эмманюель аңқиып біріне-бірі қарады.
Монте-Кристо сағатын алды.
— Кеттік. Жетіден бес минут кетіпті, жекпе-жек тура сағат сегізге тағайындалған, — деді ол.
Дәлізбен жүріп келе жатқанда Монте-Кристо бір есіктің алдына келіп тоқтады, әдеп сақтап ілгері озып кеткен Максимилиан мен Эмманюель, біреудің солқылдап жылағанын, оған екінші біреудің ауыр күрсініп жауап қатқанын естігендей болды.
Күйме дайын тұр екен; Монте-Кристо секунданттарымен бірге отырды.
Сағат дәл сегізде олар белгіленген жерге келді.
— Міне, біз де келіп жеттік және бірінші болып келіппіз, — деді Моррель күйменің терезесінен басын шығарып.
— Кешірім өтінемін, сударь, меніңше, әне бір ағаштың түбінде күйме тұрған сияқты, — деді қожайынын шығарып сала келген Батистен.
Монте-Кристо күймеден жеңіл секіріп түсті де, серіктерінің түсуіне көмектеспек болып, Эмманюель мен Максимилианға қолын ұсынды.
Максимилиан жерге түскесін де графтың қолын ұстап тұра берді.
— Құдайға шүкір, — деді ол, — мынадай қол тек өзінің әділдігіне көзі жетіп, басын бәйгеге тіккен адамдарда ғана болатын шығар.
— Шынында да, ана жақта бір жас жігіттер сейілдеп жүр, шамасы, біреуді күтетін тәрізді, — деді Эмманюель.
Монте-Кристо Моррельді бірнеше қадам жерге, шетке қарай бөліп әкетті.
— Максимилиан, қалай, жүрегіңіздің иесі жоқ па? — деді ол.
Моррель Монте-Кристоға таңырқай бір қарады.
— Мен сізге сырыңызды айт деп тұрған жоқпын, қымбатты достым, тек жай ғана мәселенің мән-жайын сұрап тұрмын; маған иә немесе жоқ деп жауап беріңіз. Менің сізден сұрайын дегенім осы ғана.
— Мен ғашықпын, граф.
— Қатты ғашықсыз ба?
— Оны өмірімнен де артық сүйемін.
— Тағы бір үміт өшті. Сорлы Гайде, — деді Монте-Кристо ауыр күрсініп.
— Қойыңызшы, граф, егер мен сізді жақсы білмесем, әлжуаз біреу екен деп ойлап қалар едім, — деді Моррель.
— Неге? Аса қымбат көретін аяулыммен айырылысарда күрсінгенім үшін бе? Сіз солдатсыз, Моррель, ерліктің не екенін жақсы білуіңіз керек еді. Мен өз өмірімді аяп тұр деймісіз? Жиырма жыл бойы өмір мен өлімнің арасында болған мен үшін өмір сүру мен өлудің айырмасы жоқ. Бірақ қам жемеңіз, Моррель: осы әлсіздікті, егер бұл шынымен әлсіздік болса, сіз ғана көріп тұрсыз. Мен тірліктің мейманжай сияқты бірдеңе екенін білемін, одан дәл мерзімінде, жұрттың бәрімен сыпайы қоштасып, картаға ұттырған қарызыңызды төлеп, жақсы атпен кете білуің керек.
— Құдайға шүкірлік ендеше, осы сөзді тауып айттыңыз. Ал сіз пистолеттерді ала келдіңіз бе? — деді Моррель.
— Мен бе? Неге? Мен ана мырзалар өз пистолеттерін әкелген шығар деп сенемін.
— Барып білейін, — деді Моррель.
— Мақұл, бірақ ешбір келіссөз жүргізбеңіз.
— Алаң болмай-ақ қойыңыз.
Моррель Бошан мен Шато-Реноға қарай беттеді. Олар Моррельдің өздеріне қарап келе жатқанын көріп, бұған қарай бірнеше қадам аттап барып тоқтады.
Жас жігіттер бір-бірімен жадырай, жарқылдай көріспегенімен, сыпайы амандасты.
— Кешіріңіздер, мырзалар, мен де Морсер мырзаны көре алмай тұрмын, — деді Моррель.
— Бүгін ертеңгісін ол бізбен жекпе-жек болатын жерде кездесемін, соны ескерт деп әдейі кісі жіберіпті.
— Қызық екен, — деді Моррель.
Бошан сағатына қарады.
— Сегізден бес минут кетті; бұл әлі кеш емес, Моррель мырза, — деді ол.
— Менің айтайын дегенім ол емес, — деді Максимилиан.
— Міне, күйме де дәл мерзімінде келіп жетті, — деді Шато-Рено бұлардың сөзін бөліп.
Бұлар тұрған торапқа келіп тоғысатын аллеямен бір күйме зымырап келе жатты.
— Мырзалар, — деді Моррель, — өздеріңізбен бірге пистолеттерді ала келуге қам жасаған шығарсыздар? Граф Монте-Кристо маған өз пистолеттерімді пайдаланудан бас тартамын деп мәлімдеді.
— Біз осылай болатынын күні бұрын біліп едік, сол себепті де осыдан бір апта бұрын, бір кәдеме жарар деп сатып алған пистолеттерімді әдейі әкелдім. Олар су жаңа, әлі бір рет те атылған жоқ. Соларды көруге қалай қарайсыз? — деді Бошан.
— Егер сіз: де Морсер мырза бұл пистолеттермен таныс емес дейтін болсаңыз, әрине, маған осы сөзіңіз де жетіп жатыр.
— Мырзалар, бұл келген тіпті де де Морсер емес. Қараңыздаршы! — деді Шато-Рено.
Шынында да бұларға қарай Франц пен Дебрэ жақындай берді.
— Сіздер бұл араға қалай келдіңіздер, мырзалар? — деді Шато-Рено екеуінің қолын алма-кезек қысып.
— Біздің бұл араға келген себебіміз, Альбер ертеңгісін жекпе-жек болатын жерге келіңіздер деп өтініпті, — деді Дебрэ.
Бошан мен Шато-Рено бір-біріне таңдана көз тастады.
— Мырзалар, істің мән-жайына түсінген сияқтымын, — деді Моррель.
— Ендеше айтыңызшы.
— Кеше күндіз мен де Морсер мырзадан хат алдым, Альбер сол хатында менен кешқұрым операда бол деп өтініпті.
— Мен де алдым, — деді Дебрэ.
— Мен де, — деді Франц.
— Біз де, — десті Шато-Рено мен Бошан.
— Ол сіздердің жекпе-жекке шақырғанда болуларыңызды қаласа, ал енді жекпе-жекті де келіп көрсін деген ғой, — деді Моррель.
— Иә, бұл өзі шынында да, солай болуы керек, шамасы, сіздің сөзіңіз жөн болар, Моррель мырза, — десті жігіттер.
— Бірақ не десек те Альбер әлі келген жоқ, ол, міне, он минут кешікті, — деді Шато-Рено күбірлеп.
— Әне, өзі де көрінді, салт келеді; қараңыздаршы, көсілте шауып келеді, қасында дәйекшісі бар, — деді Бошан.
— Абай болмай ма екен, пистолетпен атысар алдында атпен шапқылағаны несі? Қанша ақыл айтсаң да қонбайды! — деді Шато-Рено шытынап.
— Пәлі, мынаған не болған, қараңыздаршы, мойнында галстук, үстінде — ашық сүртік, ақ желет; ал енді қарнының үстінен неге бір шеңбер сызып қоймады екен — сонда әрі оңай, әрі тезірек болар еді!
Бұл кезде Альбер жігіттерге он қадамдай жақындап келіп қалған еді; ол атының басын тежеп, қарғып түсті де, тізгінін дәйекшісіне лақтыра салды.
Өзі аппақ болып, көзінің айналасы қызарып, ісіп кетіпті. Түнімен кірпік ілмеген тәрізді.
Бұрын табиғатында болмаған салауатты күйге түсіп, қайғырып тұрған жайы бардай.
— Шақырғанға келгендеріңіз үшін сіздерге шын көңілден алғыс айтамын, мырзалар. Сенсеңіздер, осы достық пейілдеріңізге қатты ризамын, — деді ол.
Моррель шеткерірек тұрған; Морсер келісімен, ол әрірек барып тұрды.
— Сізге де ризамын, Моррель мырза. Өтінемін, бері жақындаңызшы, сіз бұл арада бөтен кісі емессіз, — деді Альбер.
— Сударь, сіз, бәлкім, білмейтін де шығарсыз, мен граф Монте-Кристоның секундантымын, — деді Максимилиан.
— Өзім де тап солай деп ойлап едім. Онда тіптен жақсы! Осы арада өздеріңіздей қадірменді кісілер неғұрлым көп болса, менің де жаным соғұрлым жай таба берер.
— Моррель мырза, — деді Шато-Рено, — сіз де Морсер мырзаның келгенін, біз сол кісінің хұзырында екенімізді граф Монте-Кристоға айта беруіңізге болады.
Моррель осы тапсырманы орындау үшін бұрылып кете берді.
Бошан сол сәтте күймеден пистолет салынған жәшікті алып жатты.
— Тоқтай тұрыңыздаршы, мырзалар, менің граф Монте-Кристоға айтатын бірер сөзім бар, — деді Альбер.
— Оңаша ма? — деді Моррель.
— Жоқ, бәріңіздің алдыңызда.
Альбердің секунданттары бір-біріне таңырқай қарасты; Франц пен Дебрэ екеуі күбірлесіп, қысқа пікір алысты, ал осынау қысқа іркілісті пайдаланған Моррель, аллеяда Эмманюельмен бірге жүрген графтың қасына келді.
— Оған мен неге қажет болдым екен? — деді Монте-Кристо.
— Оллаһи, білмеймін, бірақ сізбен сөйлескісі келеді.
— Ол жігіт маған қайтадан тіл тигізіп, құдайға күпір болып жүрмесін, соны айт! — деді Монте-Кристо.
— Оның мұндай құлқы жоқ сияқты, — деді Моррель.
Граф Максимилиан мен Эмманюельді ертіп, Альберге қарай беттеді. Қасына дос-жарандарын алып, мұның алдынан шығып келе жатқан Альбердің көңілі қобалжып, өңі құбылып келе жатса, графтың байсалды ашаң жүзіне сабыр ұйып қалған-ды.
Альбер мен граф бір-біріне үш қадамдай жерге келіп тұра қалысты.
— Мырзалар, — деді Альбер, — жақынырақ келіңіздер, тап қазір граф Монте-Кристоға айтқалы тұрған сөзімнің бірде-бірі естілмей қалмаса екен деймін. Өйткені менің осы сөзім сіздерге қанша тосын болып көрінсе де, менің бұл кісіге айтар сөзімді естігісі келетін құлаққа түгел қайталап жеткізулеріңізді сұраймын.
— Құлағым сізде, сударь, — деді Монте-Кристо.
— Граф, — деп сөз бастады Альбер, оның даусы әуелгі кезде дірілдеп шықса да, сөйлеген сайын қатая берді. — Мен сізді граф де Морсердің Эпирдегі қылығын жария еттіңіз деп айыптап едім, өйткені граф де Морсер мың жерден кінәлі болса да, сіздің оны жазалауға хақыңыз жоқ деп есептегенмін. Ал енді қазір сіздің оған хақыңыздың бар екенін кәміл білемін. Сізді менің көз алдымда ақтайтын нәрсе — Фернан Мондегоның Әли пашаға жасаған қиянаты емес, балықшы Фернанның сізге жасаған опасыздығы және сол сатқындықтың салдарынан туған, ел құлағы естімеген сұмдықтар! Сол себепті де мен сізге және жұрттың бәріне жария етіп, мына сөздерді айтпақпын: иә, сударь, сіздің менің әкемнен кек алуға әбден хақыңыз бар, ал мен соның баласы, бізге бұдан да қатал жаулық жасамағаныңыз үшін алғыс айтамын!
Осынау тосын оқиға куәлерінің төбесінен найзағай оты келіп түсе қалса, соның өзі бұ кісілерді Альбердің сөзіндей аң-таң етіп, есінен тандыра алмас еді.
Монте-Кристо жайымен көкке жүзін көтерді, оның көзінен шексіз алғыс-мінәжат нұры құйылып тұр еді. Рим қарақшыларының қолына түскенде де саспаған, жаужүрек, жалын атқан жігіттің тап осындай оқыс қорлыққа дәті жетіп барғанына графтың ақылы жетпей қойды. Ол бұған Мерседестің ықпалы тигенін, бұл кешегідей құрбандыққа барғанда, оның ізгі жүрегінің неге үнсіз қалғанын енді ғана түсінді.
— Ал, енді, сударь, егер сіз менің осы кешірім сұрағанымды хош көрсеңіз, тағы бір өтінішім — қолыңызды беріңіз! Кісі бойынан өте сирек кездесетін қасиет — пәктік, тазалық сізде жетіп жатыр; міне осы қасиеттен кейінгі кісінің ең бір үлкен қасиеті өзіңнің бұрыстығыңды, шындықтан ауып кеткеніңді мойындау деп есептеймін. Бірақ бұл мойындау — менің жеке басымның ісі. Мен адамшылық тұрғысынан алғанда дұрыс жасадым, ал сіз құдірет сілтеген жолмен жүрдіңіз. Біздің екеуміздің біреуімізді ажалдан арашалап қалу тек періштенің қолынан ғана келуі мүмкін еді, сол періште көктен жерге келіп түсті, бірақ ол біздің өзара достасып кетуіміз үшін түскен жоқ — қырсық соққанда, ол мүмкін емес — біздің бір-бірімізбен сыйласып жүретін кісі болып қалуымыз үшін түсті.
Монте-Кристо көзіне жас алып, тынысы тарылып, Альберге қолын созды, ол графтың қолын алып, тұла бойы елжіреп қыса берді.
— Мырзалар, — деді ол, — граф Монте-Кристо менің кешірім сұрағанымды қабыл алуға келісті. Мен бұл кісіге ұшқалақтық жасап, ойланбай барып ұрындым. Ұшқалақтан ақыл шықпайды. Мен әдепсіз болдым. Қазір енді кінәмді жудым. Ар-ұяттың әмірінен шыққаным үшін жұрт мені сужүрек сұмпайы деп кінәламайтын шығар деп сенемін. Бірақ қанша айтқанмен, менің бұл ісімді теріс түсінетін кісі болса, — деді ол басын кекшитіп, күллі достары мен дұшпандарына айбат шеккендей, — онда мен олардың өзім жөніндегі пікірін өзгерттіруге тырысамын.
— Бүгін түнде нендей оқиға болды екен? — деді Бошан Шато-Реноға. — Меніңше, енді біздің рөліміздің кісі қызығатын құны қалмады.
— Шынында да, Альбердің мына жасаған ісі — иә ездің ісі, иә ердің ісі, — деді барон.
— Мұның өзі не болып кетті? — деді Дебрэ Францқа қаpaп. — Граф Монте-Кристо Морсердің абыройын айрандай төкті, ал оның баласы граф дұрыс істеді дейді! Егер менің үйімде Янинадағыдай он оқиға өтсе де, борышымды білер едім: он рет төбелесер едім.
Монте-Кристоның ұнжырғасы түсіп, қолы әл-дәрменсіз салбырап, жиырма төрт жылдың естелігі зіл қара тастай еңсесін басып, Альберді де, Бошанды да, Шато-Реноны да, тіпті сол арада тұрған кісілердің бәрін де біржолата ұмытып кетті; ол жан дегенде жалғыз ұлының өмірін өзіме қи деп жалбарынып келген жүрек жұтты әйелді, оған бұның өз өмірін құрбандыққа ұсынғанын есіне алды, енді сол әйелдің семьяның тылсым құпиясын ашып, ел естімеген сұмдықты мойнына алуы арқылы мұны бір ажалдан құтқарып қалғанын, енді осындай бәлені білген жігіттің әкеге деген балалық сезімнен, мүмкін, біржолата айырылатынын ойлап, тебіреніп кеткен еді.
— Тағы да құданың құдіреті! Иә, өзімнің жаратушы жаппар ием жіберген кісі екеніме енді ғана көзім жетті! — деді ол күбірлеп.
XIV. AНA МЕН БАЛА
Граф Монте-Кристо жас жігіттермен байсалды кейіппен, мұңая жымиып қоштасты да, Максимилиан, Эмманюель үшеуі күймеге отырды.
Альбер, Бошан мен Шато-Рено үшеуі майдан даласында калып қойды.
Альбер секунданттарына сынай қарады, мұның көзқарасынан именіп, жүрексініп тұрғаны көрінбесе де, серіктерінен болған оқиға жөніндегі пікірлерін білгісі келетіні байқалған.
— Құттықтаймын, қымбатты дос! — Өзгелерінен гөрі елгезек болғандықтан ба, әлде көлгірлігі аз болғандықтан ба Бошан бірінші болып тіл қатты. — Жаман оқиға табан астынан тынды-ау, әйтеуір.
Альбер жауап қатпады.
Шато-Рено қонышын солқылдақ шыбықпен шапаттап тұрған.
— Кететін уақыт болған жоқ па осы? — деді ол ақырында ыңғайсыз үнсіздікті бұзып.
— Еркіңіз білсін, — деді Бошан, — тек маған Морсерге тәнті болғанымды білдіруіме рұқсат етіңіз; ол біздің заманымызда аса сирек ұшырасатын... кең пейіл серінің дарқан мінезін көрсетті.
— Иә. — деді Шато-Рено.
— Және мұның өзін байсалды ұстағанына қайран қалмасқа болмайды, — деді Бошан сөзін жалғап.
— Күмән бар ма, басқаны қайдам, мұндай іс менің қолымнан келмес еді, — деді Шато-Рено көпе-көрнеу салқын сөйлеп.
— Мырзалар, — деді Альбер олардың сөзін бөліп, — Граф Монте-Кристомен екеуміздің арамызда тірлікте кездесе бермейтін өзгеше жағдай болғанын түсінбеген сияқтысыздар...
— Жо-жоқ, түсінгенде қандай, — деді Бошан оған қарсы дау айтып, — бірақ біздің өсекшілеріміз сіздің мәрт батырлығыңызды бағалай қояды дейсіз бе, ерте ме, кеш пе, сіз, әйтеуір, оларға өзіңіздің осы қылығыңызды түсіндіруге мәжбүр боласыз және түсіндіргенде жанталаса қимылдауға тура келер, ол сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізге зиян келтіруі мүмкін. Сізге достық кеңес берейін бе? Көп кідірмей Неапольге, Гаагаға немесе Санкт-Петербургке кетіңіз — рақат, тыныш жақ деседі, біздің есалаң Парижге қарағанда, о жақта ар-намыс мәселесін де ақылмен өлшейтін көрінеді. Сол жаққа барғасын, жатпай-тұрмай пистолет атуға, сайысуға жаттығыңыз. Арада біраз жыл өткеннен кейін жұрт сізді біржолата ұмытады немесе сіздің асқан сайыскер ретіндегі даңқыңыз Парижге жетеді, содан кейін жайбарақат Парижге қайта оралыңыз. Бұл сөзіме қалай қарайсыз, Шато-Рено?
— Осы пікіріңізді толық қостаймын. Әдетте, болмай қалған жекпе-жектен кейін аса қиын жекпе-жектер туындайтын, — деді барон.
— Көп рақмет, мырзалар, — деді Альбер салқын раймен, — кеңестеріңізді қабылдаймын, бірақ оны сіздер бергендіктен ғана қабылдап тұрған жоқпын, өйткені қалай болған күнде де Франциядан кетуге бел байлаған кісімін. Және сіздерге секундант болуға келіскендеріңіз үшін де рақмет айтамын. Егер сіздердің сөздеріңізді құлағыма құйып алып, кейін осы жасаған жақсылықтарыңызды есіме түсіріп жүрсем, төрелігін өздеріңіз айтарсыздар, сол қызметті жоғары бағалағаным емес пе.
Шато-Рено мен Бошан бір-біріне қарасты. Альбердің сөзі бұлардың екеуіне бірдей әсер етті. Бірақ жігіттің осы алғысын қатуланып тұрып айтқаны сондай, егер бұл үшеуі осы әңгімесін жалғай берсе, ыңғайсыз бір жағдайға ұшырары хақ еді.
— Қош, Альбер! — деді Бошан асығыс, сосын қолын самарқау соза салды, бірақ Альбер бір қалың ойға шомып кетті ме, қайдам, әйтеуір серігінің созылған қолын байқамаған сыңай танытты.
— Қош болыңыз, — деді Шато-Рено да өз тарапынан, таяғын сол қолына ұстап тұрған барон, оң қолын бұлғап қоштасу белгісін жасады.
— Қош болыңыздар! — деді Альбер күбірлеп. Бірақ ол көз жанарымен көп нәрсені айтты: оның көзінен ішіндегі ашу-ыза, жиіркеніш, реніш сезімі қат-қабат көрінген.
Екі секунданты күймеге отырып, жөнеп кеткеннен кейін де, ол біраз уақыт қалшиып тұрып қалды. Сосын дәйекшісі ағашқа байлап қойған атын жедел шешіп алып, оған қарғып мінді де, Парижге қарай құйғытып шаба жөнелді. Арада ширек сағат өткеннен кейін ол Эльдер көшесіндегі оқшау үйге келіп кірді.
Аттан түсіп жатқанда, оған терезе пердесінің тасасынан граф де Морсер қарағандай болып көрінді: баласы бір күрсініп, флигеліне кіріп кетті.
Табалдырық алдында тұрып, ол бала күнінен рақат-қызығын көрген осынау бай жиһаз-мүлікке соңғы рет көз тастады. Соңғы рет картиналарына байыптай қарады. Суреттегі кісілер оған жымиып күліп тұрған сияқтанды, ал пейзаждар табиғи бояуларымен тіріліп, құбыла-құлпырып кеткендей еді.
Сосын ол емен кәсектен анасының портретін алып шиыршықтады, алтындалған кәсек үңірейіп қала берді.
Жігіт асықпай өзінің ғажайып түркі қылыштарын, тамаша ағылшын мылтықтарын, жапон кәрлендерін, күмістелген ыдыс-аяқты, Фешер мен Баридің38 қолтаңбасы бар көркем қоланы реттеп қойды; шкафтарды ашып қарап, кілттеді; қалтасындағы ақшасының бәрін столдың жәшігін ашып тастай салды, құтылар мен қобдишаларда, этажеркаларда жатқан асыл бұйымдарды ақшаның үстіне апарып қосты; күллі заттардың толық тізімін жасап, оны көп столдың біреуінің үстіне, көрнекті жерге қойды, бұл столды ыбырсып жатқан кітаптар мен хат-қағаздардан тазартты.
Осы жұмысқа кірісе берген кезде, енді мені мазаламаңыз деген әміріне қарамай, камердинері ішке кіріп келді.
— Сізге не керек? — деді Альбер оған, бұл сөзді ашуланғаннан гөрі жабыға айтып.
— Кешіріңіз, сударь, сіз мені мазалама деп едіңіз, бірақ мені граф де Морсер шақырып жатыр, — деді камердинер.
— Шақырса қайтемін? — деді Альбер.
— Графқа сізден рұқсатсыз баруға имендім.
— Неге?
— Өйткені граф, шамасы, менің сізбен жекпе-жек болатын жерге еріп барғанымды білетін болуға тиіс.
— Мүмкін, — деді Альбер.
— Ол кісінің мені шақырып жатқаны, ана жақта не болғанын білгісі келетін шығар. Оған не деп жауап беруге бұйырасыз?
— Шындықты айтыңыз.
— Сонда жекпе-жек болмады дейін бе?
— Сіз оған мен Монте-Кристодан кешірім сұрады деп айтасыз; енді барыңыз.
Камердинер ізетпен иіліп шығып кетті.
Альбер қайтадан жиһаз-мүлкін хаттауға отырды.
Ол осы жұмысын аяқтай бергенде, аула ішіндегі ат тұяғының дүбірі, терезенің шынысын зырылдатып жіберген күйме доңғалағының тасыры назарын аударды. Ол терезе алдына барып, әкесінің күймеге отырып, кетіп бара жатқанын көрді.
Оқшау үйдің қақпасы графтың артынан жабылмай жатып, Альбер шешесінің бөлмесіне барды; келгенін білдіретін ешкім болмағасын, Альбер бірден Мерседестің жатын бөлмесіне келіп, өз көзіне өзі сенбей тебіреніп, есік алдында тұрып қалды.
Анасы мен баласының ойы бірдей екен: Мерседес әлгіде ғана Альбер айналысқан шаруамен шұғылданып жатыр екен.
Бәрі де тап-тұйнақтай етіп жиналыпты: кесте-шілтерлер, асыл бұйымдар, алтын заттар, төсек-орын, ақша шкафтарға салыныпты, енді Мерседес солардың кілтін іріктеп отыр екен.
Альбер анасының жолға әзірленіп жатқанын көрісімен бәрін бірден түсініп: «Мама!» — деп айқайлап жіберді де, Мерседестің мойнынан құшты.
Бұлардың бет пішінін тап осы сәтте көрген суретші ғажайып бір картинаны салар еді.
Осындай нар тәуекелге бел байлағанда, Альбер тіпті де қаймықпаған, енді шешесінің даярланып жатқанын көріп, шошып кетті.
— Не істеп жатырсыз? — деді ол.
— Ал өзің не істедің? — деді шешесі.
— Менің жөнім басқа ғой! — деді Альбер дауыстап, көңілі қобалжып кетіп. — Сіздің де сондай бір тоқтамға келуіңіз мүмкін емес, өйткені мен бұл үйден кетпекпін... сізбен қоштасайын деп келіп едім.
— Мен де, Альбер, мен де кеткелі жатырмын. Балам менімен бірге жүретін шығар деп ойлап едім, шынымен-ақ қателескенім бе? — деді Мерседес.
— Aпa, — деді Альбер байыппен, — мен өз басыма түсетін қиыншылықты сізбен бөлісуге тіпті де келіспеймін; бүгіннен бастап, менің атым да, ақшам да болмайды; күн көруім қиындайды, несібеме деген бір жапырақ нанымды тапқанға дейін, дос-жарандарымның біреуінен жәрдем сұрамақпын. Сол себепті қазір мен Францқа барамын да, өз есебім бойынша, қажетіме жетер-ау деген аз ғана ақша қарызға алмақпын.
— Байғұс балам! Сен аштық, жалаңаштық көреді деген не сұмдық! Айтпашы, жаным, әйтпесе, мен алған бетімнен қайтып қалуым мүмкін! — деді Мерседес дауыстап.
— Мен алған бетімнен өлсем де қайтпаймын, — деді Альбер. — Басым болса жас, күш-қайратым бойымда, батырлықтан құр алақан емеспін; кеше ғана мен құрыштай ерік-жігер дегеннің не екенін білдім. Өлшеусіз қасірет шеккен кісілер бар, бірақ олар да өлген жоқ, құдай қолдағасын, бұрын бұзылған бақытының ескі жұртына келіп, үміт-сенімнің жұрнағына жаңа өмір орнатқан. Мен сондай бір жайтты білдім, апа, сондай адамдарды көрдім. Дұшпаны лақтырып тастаған шыңырау түбінен олардың қайраты тасып, атағы әлемді жарып, қайта шыққан, жеңіс желігіне түскен дұшпанның сағын сындырып, түпсіз құзға лақтырып тастаған. Жоқ, бүгінгі күннен бастап мен өзімнің өткен өміріммен ат құйрығын кесісемін және одан сабақты жіп алмаймын, тіпті атымды да алмаймын, өйткені — түсініңіз мені — сіздің балаңыз жұрт алдында қызарып, именшектей беретін арам кісінің есімін иемдене алмайды.
— Альбер, балам, — деді Мерседес, — егер мен руһым қатты, жігерлі жан болсам, осы ақылды саған өзім-ақ берген болар едім; ал мен дәрменсіз даусымды шығармадым. Бірақ сенің ар-ұятың оянып сөйлепті. Ендеше, сол арыңның үніне құлақ ас, Альбер. Сенің дос-жарандарың бар — уақытша олармен қатынасыңды үз; бірақ анаңның қамын ойласаң, өмірден күдер үзбе! Сенің жасыңда өмір тамаша қызық болады, ал сен сияқты ізгі жүректі жігітке кір шалмаған ат керек, ендеше сен менің әкемнің есіміне ие бол; оны Эррера деп атаушы еді. Мен сені жақсы білемін, Альберім. Сен қандай атты алсаң да, ұзамай сол атты әлемге әйгілі етесің. Тек содан кейін ғана, досым, Парижге қайтып кел, басыңнан өткерген қайғы-қасіретің даңқыңды асыра түседі. Бірақ менің үмітім ақталмай, жазмыш мұны саған қоспаса, сорлы шешеңді соңғы сенімінен айырмасаң болғаны; мен тек осы ойды өзек қылып қана күнелтемін, өйткені менің енді алдымнан күтерім аз, осы үйдің табалдырығын аттасам болды, ажалымды табамын.
— Сіздің тілегіңізді орындаймын, апа, — деді Альбер, — үміт-сеніміңізге де ортақпын. Сіздің тазалығыңыз бен менің кінәсіз екенімді көріп, құдай тағаланың мейірімі түсер... Ал енді біз тәуекелге бел байлаған екенбіз, іске кірісейік. Де Морсер мырза осыдан жарты сағат бұрын үйден кетіп қалды. Ың-шыңсыз, ешбір түсінік бермей кетіп қалуға бұл өте қолайлы кез.
— Мен сені күтемін, балам, — деді Мерседес.
Альбер көшеге шығып кетіп, пәуескемен қайта оралды. Ол Қасиетті Әкелер көшесіндегі бір шағын ғана пансионды есіне алып, шешесіне содан жұпыны да жайлы бір пәтерді жалдамақшы болды.
Пәуеске үй қақпасына жетіп тоқтағасын Альбер жерге түсті, со замат оған бір кісі тақап келіп, қолына хат ұстатты.
Альбер Бертуччоны таныды.
— Графтан, — деді іс басқарушы.
Альбер хатты алып, ашып оқи бастады.
Оқып шыққаннан кейін, көзін жүгіртіп Бертуччоны іздеп еді, ол кетіп қалыпты.
Сосын ол көзіне жас алып, Мерседеске қайтып барды да, оған үн-түнсіз хатты ұсына берді.
Мерседес хатты дереу оқып шықты:
«Альбер!
Мен сіздің діттеген ойыңызды тап қазір жүзеге асырып жатқаныңызды білемін — байқайсыз ба, елгезектік маған да жат емес. Сіз еркінсіз, графтың үйін тастап кеткелі жатырсыз және өзіңіз сияқты еркін шешеңізді де алып кетесіз. Бірақ ойлаңызшы, Альбер: сіздің анаңыздың алдындағы борышыңыз оған беретін көмегіңізден әлдеқайда зор ғой, ізгі жүректі, байғұс балам! Күрес-тартыс пен азап-тозақты өзіңізге қалдырыңыз-дағы, әуелгі кезде кісі құтылмайтын кедейліктен анаңызды арашалап қалыңыз; өйткені ол басына түскен бақытсыздықтың көлеңкесін де көретін кісі емес, ендеше құдай тағалам кінәсіз кісінің кінәлі кәззап үшін қасірет тартуына жол бермейді.
Сіз екеуіңіздің сабақты жіп алмай, Эльдер көшесіндегі үйден кететіндеріңізді білемін. Мұны қайдан біледі деп алаң болмай-ақ қойыңыздар. Біледі екенмін, сол да жетіп жатыр.
Альбер, тыңдаңызшы мені.
Осыдан жиырма төрт жыл бұрын қуаныш пен мақтанышты қанат қылып байлап, туған еліме қайтып келе жаттым. Менің қалыңдығым бар еді, Альбер, өз басым оны әулие періште санайтынмын, сол қалыңдығыма ауыр еңбекпен, қажымай-талмай жинаған жүз елу луидорымды апарып бермекші едім. Бұл со қыздың ақшасы, мен оны соның өзіне ғана бағыштағанмын, бірақ теңіздің опасыз екенін білгендіктен де, мен қазынамызды Марсельдің Мельян аллеясындағы әкем тұратын үйдің аядай ауласына көміп тастадым.
Сіздің анаңыз, Альбер, осынау сүйкімді, кедей үйді жақсы біледі.
Жуырда Парижге келе жатып, жолай Марсельге соқтым. Сол бір өкінішті естелікке толы үйді көре кетуге бардым; кешқұрым қолыма күрек алып, бір кезде қазынамды көмген мүйісті таптым. Темір жәшік бұрынғы орнында жатыр екен, оған ешкім де тимепті; ол ғажайып бір інжір ағашының түбіне көмілген, сол ағашты әкем баяғыда, мен туған күні отырғызған екен.
Осы ақша бір кездері өзім жаныма балап жақсы көрген әйелдің тыныш, қамсыз тірлік кешуіне бағышталған еді, енді бүгін де, жазмыштың жан баласы түсінбейтін қасіретті бір құбылысының арқасында, тағы да сол қажетке жарағалы тұр. Альбер, мені дұрыс түсініңіз: мен осынау бейбақ әйелге сан миллион ақша бере алар едім. Бірақ мен оған ілгеріде, ғашығымнан айыратын қаралы күні, жарлы лашығының шатыры астында ұмыт қалған бір жапырақ несібе-нанды ғана қайтарып отырмын.
Сіз кең пейіл, жомарт жанды жігітсіз, Альбер, бірақ бәлкім, менмендік пен өкпе көзіңізге кіреуке болып жүрген шығар; егер сіз менің пейілімнен бас тартып, мен беретін нәрсені басқа біреуден алатын болсаңыз, шешеңізге деген бір жапырақ нанды алмай қою сіз тарапынан жасалған рақымсыз қаталдық болатынын айтуым керек және бұл көмекті әкесі сіздің әкеңіздің кесірінен тірліктен баз кешіп, аштық азабынан өлген кісінің ұсынып отырғанын ұмытпаңыз».
Альбер боп-боз болып, шешесіне не дер екен деп қыбыр етпей қарап тұрып қалды.
Мерседес құдайға шүкіршілік етіп, көкке жүзін көтерді.
— Мен алдым мұны, менің үлесімді ғибадатханаға беруге оның толық қақысы бар, — деді ол.
Сосын хатты кеудесіне жасырып қойды да, баласының қолтығынан ұстап, тіпті өзі де ойламаған ширақтықпен нық басып басқышқа шықты.
XV. ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРУ
Бұл кездері Эмманюель мен Максимилианды ертіп, Монте-Кристо қалаға қайтып келген-ді.
Олар шаһарға көңілді оралды. Эмманюель жанжалдың бейбіт біткеніне жан-тәнімен қуанды және өзінің тыныштықты жақсы көретінін жасырмай, ашық айтып келе жатты. Моррель күйменің түкпіріне шалқалап отырып алып, күйеу баласының қуанышын сөзбен білдіруіне бөгет жасамады, осы жағдайға өзі де шын көңілден үнсіз қуанулы, бірақ мұның қуанышы жалт-жұлт еткен көзінен ғана көрінеді.
Олар Трон заставасының қасынан Бертуччоны кездестірді, ол постыдағы күзетші сияқты қалшиып тұр екен.
Монте-Кристо күйме терезесінен басын шығарып, онымен күбірлесіп тіл қатысты, сол-ақ екен, басқарушы жедел басып жүріп кетті.
— Граф, — деді Эмманюель Пляс-Рояльге келгенде, — рақым етіп, күймені біздің үйдің қасына тоқтатыңызшы, әйелім сіз бен менің қамымды ойлап, бір сәт те болса көңілі қобалжып, толқып жүрмесін.
— Егер өзіміздің әлдеқандай болып, салтанатпен қайтқанымыз кісі күлерлік жайт болмаса, мен графқа бізге кіре кетіңіз дер едім. Бірақ граф та жүрегі лүпілдеп күтіп отырған біреудің көңілін аулау, жұбатуға асығулы шығар. Міне, біз де келіп жеттік, Эмманюель. Біз досымызбен осы арада қоштасалық та, оның жолына бөгет болмалық, — деді Моррель.
— Тұра тұрыңыз, мен тап осылай екі серігімнің екеуінен бірдей оп-оңай айырылғым келмейді; сіз, Эмманюель, өзіңіздің әсем әйеліңізге жүре беріңіз және оған менің дұғай-дұғай сәлемімді жеткізіңіз; ал сіз, Моррель, мені Елисей Далаңына дейін шығарып салыңыз.
— Тамаша, өзімнің де сіз жаққа баруым керек еді, граф, — деді Максимилиан қуанып.
— Ертеңгі асқа келесің бе? — деді Эмманюель.
— Жоқ, — деді Максимилиан.
Есік сарт етіп жабылып, күйме өз жолымен жүре берді.
— Көрдіңіз бе, менің келгенім сізге бақыт әкелді. Басыңызға осындай ой келген жоқ па? —деді Максимилиан графпен оңаша қалғаннан кейін.
— Ойладым, ойлағанда қандай, сондықтан да сізбен енді қайтып ешқашан да айырылысқым келмейді, — деді Монте-Кристо.
— Бұл керемет! — деді Моррель өз ойына өзі жауап беріп.
— Сонда не керемет? — деді Монте-Кристо.
— Әлгіде болған нәрсені айтам-дағы.
— Иә, Моррель, сіз дұрыс айттыңыз, бұл — керемет! — деді Монте-Кристо оған күлімсірей жауап қатып.
— Қанша айтқанмен, Альбер — батыр жігіт! — деді Моррель сөзін жалғап.
— Батыр болғанда қандай, оның төбесінен қанды қанжар төніп тұрғанда, жайбарақат ұйықтап жатқанын өз көзіммен көргенмін, — деді Монте-Кристо.
— Мен де оның екі рет жекпе-жекке шығып, сайысқанын көргенмін және ол кереметтей шайқасты; бірақ осының бәрі оның бүгінгі іс-әрекетімен қабыспай жатқан сияқты.
— Бұл — сіздің ықпалыңыз, — деді Монте-Кристо жымиып.
— Альбердің әскери қызметте болмағаны — бақыты! — деді Моррель.
— Неге?
— Барьер алдында тұрып кешірім сұрау! — деп жас капитан басын шайқады.
— Моррель, сөзге құлақ қойыңыз! — деді граф жұмсақ үнмен. — Тоқмейіл тоғышарлардың жалған намысын сіз де шынымен-ақ қолдайтын болғаныңыз ба? Егер Альбер батыр болса, мұны қорыққанынан жасамағанын өзіңіз де білесіз ғой; оның тап бүгінгідей мінез көрсетуіне, әрине, дәйекті дәлелі болғаны даусыз, ендеше оның бұл қылығын қаһармандық деп айтқан жөн шығар.
— Әрине, әрине, бірақ мен бұл арада испандардың сөзімен: ол кешегіден гөрі азырақ батыр болды, — дегенді айтпақпын.
— Сіз менімен таңғы асты бірге ішесіз ғой, Моррель, солай ма? — деді граф әңгімені өзгертіп.
— Жоқ, мен сізбен сағат онда қоштасамын.
— Сіз біреумен ауқаттанамын деп уәделесіп пе едіңіз?
Моррель күлімсіреп, басын шайқады.
— Бірақ әйтеуір бір жерден ауқаттанасыз ғой.
— Мен аш емеспін, — деді Максимилиан дәлел тауып.
— Менің байқауымша, адамның тәбетін шаптырмайтын екі сезім бар, — деді граф: ол — қайғы мен махаббат. Сәтін салғанда, мен сіздің жадырап, көңілді келе жатқаныңызды көрдім — демек, оның қайғы болмағаны... Сонымен, сіздің бүгін ертеңгісін маған айтқан сөзіңізге қарағанда, мен...
— Оған шара бар ма, граф, мойындамағанда қайтемін енді, — деді Моррель жайдары жүзбен.
— Сонда маған ол жайлы жұмған аузыңызды ашпайсыз ба, Максимилиан? — деді граф елең етіп, осы сөзінен оның Максимилианның сырын білгісі келгені анық байқалды.
— Бүгін ертеңгілік, граф, менде жүрек барына көзіңіз кәміл жеткен болар деп ойлаймын, солай ғой?
Жауап орнына Монте-Кристо Моррельге қолын созды.
— Енді қазір менің жүрегім Венсен орманынан, сізден, басқа жаққа кетіп қалған екен, оны қуып жетпесем болмайды ғой, — деді жігіт сөзін сабақтап.
— Барыңыз, досым, барыңыз ендеше, — деді граф баяу. — Ал бірақ жолыңызда кездейсоқ кедергілер бола қалса, бұл дүниеде менің қолымнан көп нәрсе келетінін және өзім жақсы көретін кісілерді демеп-жебеп жіберуді бақыт деп санайтынымды, сізді, Моррель, жақсы көретінімді ұмытпай, есіңізге ала жүрерсіз.
— Мақұл, мен оны есімнен шығармаймын, өзімшіл балалар әке-шешесінің көмегі қажет болғанда оларды қалай есіне алатын болса, мен де сізді тап солай есіме алайын. Егер мен сондай көмекке зәру бола қалсам — ондай кездің ұзамай-ақ келері хақ — мен сізге жәрдем сұрай барармын, граф, — деді Максимилиан.
— Жақсы, маған уәде бергеніңізді ұмытпаңыз. Көріскенше.
— Көріскенше, граф.
Олар Елисей Далаңындағы үйге жақындай берді. Монте-Кристо есікті ашып жіберді. Моррель жерге секіріп түсті. Басқышта графты Бертуччо тосып тұр екен.
Моррель Мариньи көшесімен жүріп кетті де, Монте-Кристо тездетіп Бертуччоға қарай беттеді.
— Қалай? — деді ол.
— Әйел үйін тастап кеткелі жатыр, — деп жауап қатты іс басқарушы.
— Баласы ше?
— Оның камердинері Флорантен Альбер де солай істеуге қамданып жатыр дейді.
— Жүріңіз.
Монте-Кристо Бертуччоны ертіп, кабинетіне кірді де, өзімізге белгілі хатты жазып, іс басқарушысына берді.
— Ал енді барыңыз, жеделдетіңіз. Айтпақшы, менің келгенімді Гайдеге хабарласын, — деді ол.
— Мен мұндамын, — деді Гайде дауыстап, ол келген күйменің дыбысын естісімен жүгіріп төмен түсіп, графтың жараланбай, есен-сау келгенін көріп, жүзі жайнап, төбесі көкке тигендей болып тұрған.
Бертуччо шығып кетті.
Тап осы кездесуді тықыршып, шыдамсыздана күткен Гайде, әкесін қайта көрген әдепті қыздай, ынтызар ғашығын қайта көрген ғашық жардай жүрегі жарыла қуанып, бір рақат бақыт сезімін басынан өткерді.
Әрине, мына Гайде сияқты, өз сезімін ашықтан-ашық білдірмесе де, Монте-Кристоның қуанышында да шек болмады; қуаңшылықтан тандыры кепкен жерге жаңбыр қалай нәр берсе, қасіретті жүрекке қуаныш та сондай әл берді; жер мен жүрек сол нәр-құнарды құмарта сіңіріп жатады, бірақ сырт көз байқай бермейді.
Соңғы күндері күдер үзген үмітінің қайта жанарын сезінгендей: дүниеде екі Мерседес бар екен, мұның әлі бақытты болуы да ғажап емес.
Оның қуаныштан шоқтай жайнаған көзі Гайденің тұманды көзіне құмартып қарай берген кезде, кенет есік жайымен ашыла берді.
Граф қабағын түйді.
— Де Морсер мырза! — деді Батистен, осы бір есім оның мезгілсіз кіріп келгенін ақтайтындай-ақ.
Расында да графтың қабағы ашылайын деді.
— Қайсысы? Виконт па, әлде граф па? — деді ол.
— Граф.
— Құдай-ау, бұл оқиға әлі аяқталған жоқ па еді? — деді Гайде дауыстап.
— Соның аяқталған-аяқталмағанын әлі де білмеймін, қарғашым, бірақ сен одан қорықпа, — деді граф Монте-Кристо қыздың қолынан ұстап.
— Бірақ бұл жексұрын...
— Бұл адам менің алдымда дәрменсіз, оның баласымен егескен кезде қорқу керек еді, — деді Монте-Кристо.
— Сен менің қанша қасірет шеккенімді ешқашанда білмейсің, сұлтаным, — деді Гайде.
Монте-Кристо жымиып күлді.
— Әкемнің моласымен ант етейін, бақытсыздыққа тап болатын кісілер бар шығар, бірақ ол мен болмаспын, — деді ол.
— Мен саған құдайдай сенемін, сұлтаным, — деді қыз графқа маңдайын тосып.
Монте-Кристо осынау айдай нұрлы ақ маңдайды шөп еткізіп бір сүйіп еді, қос жүрек қатар соғып ала жөнелді; біреуі асаудай тулап, екіншісі дүрсілдей жай ғана соқты.
— Құдіретті құдайым-ай, — деді граф сыбырлап, — мені тағы біреуге ынтық етіп қоймақсың ба!.. Граф де Морсерді мейманжайға шақырыңыз, — деді ол Батистенге, бүлдіршіндей грек аруын құпия басқышқа ұзатып бара жатып.
Бұл келістің себебін түсіндіргеніміз жөн болар, өйткені мұны, бәлкім, Монте-Кристо күткенімен, біздің оқушыларымыздың күтпегені кәміл.
Жоғарыда айтқанымыздай, Альбер құсап Мерседес те үй мүлкін хаттағанда, өзінен кейін үй ішін тап-тұйнақтай етіп реттеп кету үшін, асыл бұйымдарын жинастырып, шкафтарды жауып, кілттерді бір жерге қойып жатқан кезде, ол дәлізге шығатын әйнекті есік сыртынан графтың тұнжыраған сұп-сұр жүзі көрінгенін байқамаған. Өзі ешкімге көрінгісі де, тысырын естірткісі де келмей, осынау есік тасасынан ұрлана қараған кісі де Морсер ханымның бөлмесінде не болып, не қойып жатқанын көріп те, естіп те тұр еді.
Сосын жаңағы есіктен баяу жылжып кеткен әлгі қара сұр кісі жатын бөлмесіне барып, қолы дірілдеп, аула жақтағы терезенің пердесін ысырды.
Ол тап осылай үнсіз қыбыр етпей, өз жүрегінің дүрсілдей соққанын тыңдап, он минуттай мелшиіп қатып қалды. Осы он минут оған жылдай болып көрінді.
Тап осы кезде, жекпе-жек болған жерден қайтып келе жатқан Альбер, терезе алдында өзін күтіп тұрған әкесін көріп, сырт айналған.
Графтың көзі бақырайып сала берді, ол Альбердің Монте-Кристоға тіл тигізіп, масқаралағанын білетін, күллі әлемде мұндай масқарадан кейін екеуінің біреуі өліп тынбайтын жекпе-жек болады, Альбер дін аман, есен-сау оралды; демек, ол әкесінің кегін қайтарған болды.
Көкжиекті жапқан қара бұлтқа кіріп, көрінбей кеткен күннің соңғы шұғыласы молаға сыздықтап түскені сияқты, ғажайып бір қуаныш оның түюлі қабағын ашып жіберді.
Бірақ біз ілгеріде айтқандайын, Альбер жоғары көтеріліп, мұның бөлмесіне келіп, өзінің жеңіске жеткенін айтады екен деп әкесі бекер дәметіпті. Баласы әкесінің ар-намысын қорғамақ болып, сайысқа бара жатқанда соқпай кеткені түсінікті-ақ делік; бірақ әкесінің арын жоқтап, өшін алып келгеннен кейін, жүгіріп келіп, мұның құшағына кірмегені қалай?
Міне, осыдан кейін ғана граф, Альберді көре алмайтын болғасын, оның камердинеріне кісі жұмсаған, Альбердің камердинеріне: графқа ештеңені жасырмай айт деп әмір еткенін біз білеміз ғой.
Арада он минут өткеннен кейін басқыштан үстіне әскери жағалы қара сүртік, қара шалбар киген, қара биялайлы граф де Морсер көрінді. Тәрізі, бұрынырақ даярла деп әмір еткен бе, әйтеуір, ол басқыштан түсіп үлгірмей жатып, алдынан күймені көлденең тарта берді.
Камердинер жалма-жан екі шпаға оралған плащты күйме ішіне әкеліп қойды да, есікті жауып, көшірдің қасына барып отырды.
Көшір қожайынның әмірін күтті.
— Елисей Далаңына, граф Монте-Кристоның үйіне! Жылдамдат! — деді генерал.
Жер тарпыған сәйгүліктер сауырына шыпыртқы тигесін жұлып ала жөнелді. Енді бір бес минуттан кейін олар графтың қақпасының алдына келіп тоқтады.
Морсер күйме есігін шыдамсыздана ашып, ол тоқтамай жатып жас жігіт сияқты аллеяға секіріп түсті, сосын қоңырау соғып, камердинерімен бірге шалқайта ашылған есікке екпіндеп кіре берді.
Батистен қолма-қол Монте-Кристоға граф де Морсердің келгенін хабарлады, ал Монте-Кристо Гайдені шығарып салып, Морсерді мейманжайға шақыр деп әмір етті.
Генерал артына бұрылып, табалдырықтан Монте-Кристоны көрген кезде, мейманжай ішін үшінші рет айналып шыққан еді.
— А, де Морсер мырзамысыз! Өз құлағыма өзім сенбей қалғаным, — деді Монте-Кристо байыппен.
— Иә, бұл — менмін, — деді граф; оның ерні дірілдеп, алқынып әрең сөйлейді.
— Таң атпай жатып, граф де Морсер мырзаны көру ғанибетіне ие болғаным үшін кімге, неге қарыздар болып қалғанымды білгім келер еді, — деді Монте-Кристо сыпайы.
— Бүгін құлқын сәріден сіз менің баламмен сайыстыңыз ғой, сударь? — деді генерал.
— Оны білуші ме едіңіз? — деді граф.
— Иә, білемін, оның үстіне менің баламның сізбен айқасуға, қолынан келгенінше өлтірмей тынбауына негіз боларлық салмақты себебі бар еді.
— Дұрыс айтасыз, сударь, оның бұған аса салмақты себептері болды. Бірақ қанша айтқанмен, өзіңіз көріп тұрсыз ғой, ол мені өлтірген жоқ, тіпті сайысқа түспеді де.
— Дегенмен, оның көз алдында сіз әкесінің ар-намысын аяққа басқан айыпкер, ал менің алдымда үй-орманымның басына түскен сұмдық қайғы-қасіретке кінәлі кәззапсыз.
— Мұныңыз дұрыс, сударь, бірақ мен басты айыпкер емеспін, қосалқы айыпкермін, — деді Монте-Кристо кісінің жаны түршігетін салмақтылықпен.
— Сіз, шамасы, одан кешірім сұрағансыз ғой немесе қажетті түсінік бердіңіз бе?
— Мен оған ешқандай да түсінік берген жоқпын және кешірім сұраған мен емес, оның өзі.
— Ендеше, сіздің ойыңызша, оның бұл мінезінің астары қандай?
— Бәрінен де айқын бір нәрсе, ол басқа біреудің менен де көбірек кінәлі екенін кәміл білген болуға тиіс.
— Сонда кім болғаны?
— Оның әкесі.
— Солай-ақ болсын делік, бірақ сіз айыпкердің өз кінәсін көзіне шұқып көрсеткенді жақтырмайтынын білуіңіз керек қой, — деді Морсер қанын ішіне тартып сазара түсіп.
— Мен оны білемін... Сол себепті де оқиға осылай бітеді ғой деп күткенмін.
— Сіз сонда менің балам қоянжүрек қорқақ болады деп ойладыңыз ба?! — деді граф дауыстап.
— Альбер де Морсер тіпті де қорқақ жігіт емес! — деді Монте-Кристо.
— Егер жігіттің қолында шпагасы болып, алдында қанқұйлы жауы тұрып, төбелеспесе — ол қорқақ болмағанда кім қорқақ! Егер ол осы арада тұрса, мен мұны бетіне тура айтар едім!
— Сударь, — деді Монте-Кристо салқын, — сіз маған үй ішіңіздің шырғалаңын талқылауға келген жоқ шығарсыз деп ойлаймын. Осының бәрін сіз балаңызға айтарсыз, бәлкім, ол бір жауабын табатын шығар.
— Жоқ, жоқ, — деді генерал жымиған болып, — сіз өте дұрыс айттыңыз, мен бұл үшін келген жоқпын! Мен сізге өзіңізді ата жауым деп есептейтінімді айту үшін келдім! Мен сізге өлердей қаспын! Мен сізді өмір бойы білетін, өзіңізбен өмір бойы өштесіп келе жатқан кісі сияқтымын. Ақыры, қазіргі жас жігіттер сайысқысы келмейді екен, онда өзіміз сайысамыз-дағы... Сіз бұған келісесіз бе, сударь?
— Толығынан келістім; сол себепті де, әлгіде сізге оқиғаның осылай бітуін күткенмін дегенде, сіздің осында келетініңізді де ескергенмін.
— Ендеше жақсы болды... Сіз дайынсыз ғой?
— Мен әрқашан да әзірмін.
— Біз қашан екеуміздің біреуіміз өлгенше шайқасамыз, түсіндіңіз бе? — деді ашуға булыққан генерал тістеніп.
— Иә, екеуміздің біреуіміз өлгенше, — деді граф Монте-Кристо да басын изеп.
— Кеттік ендеше, бізге секунданттың керегі жоқ.
— Әлбетте, керегі жоқ, біз бір-бірімізді жақсы білеміз, — деді Монте-Кристо.
— Қойыңыз, біз қайта бір-бірімізді мүлде білмейміз, — деді граф.
— Көп сөйлеп қайтеміз! — деді Монте-Кристо бұрынғыша салқын, самарқау кейіппен. — Сіз әлгі Ватерлоо шайқасының алдында қашып кететін сужүрек солдат Фернан емессіз бе? Сіз әлгі Испаниядағы француз армиясына жол көрсетуші тыңшы болып қызмет атқарған поручик Фернан емессіз бе? Сіз әлгі өзіңізді жарылқаушы Әлиге опасыздық жасап, сатып кеткен, өлтірген полковник Фернан емессіз бе? Міне, осы Фернандардың бәрі бірігіп келіп, Францияның пэрі, генерал-лейтенант граф де Морсерге айналған жоқ па?
— Оңбаған, жексұрын, — деді генерал, әлгі сөздер оған темірді қыздырып қарғыс таңбасын басқанмен бірдей болды, — мені өлтірер алдында сен менің күллі айыбымды мойныма қойып берейін дедің бе! Жоқ, сен мені мүлде білмейсің деп айтқым да келмеп еді; сенің әзәзіл шайтан болып, қараңғы түнекке айналған өткен өміріме кіргеніңді, қандай шырақтың жарығы екенін білмеймін, әйтеуір бір жарықпен соның әрбір бетін тәптіштеп оқып шыққаныңды кәміл білемін. Бірақ менің ел алдында масқара болып, көрген қорлығым, мүмкін, сенің жалған жарқылыңнан әлдеқайда артық шығар! Иә, сен мені жақсы білесің, оған ешқандай күмәнім жоқ, бірақ мен сені, алтын мен асыл тасқа малынып жүрген алаяқ, тіпті де білмеймін! Парижде сен өзіңді граф Монте-Кристо деп атайсың; Италияда — Саяхатшы Синдбадпын дейсің; Мальтада — есімде жоқ, тағы біреудің атын жамыласың. Бірақ мен сенің жүздеген есіміңнің ішінен нағыз өз атыңды білгім келеді және соны айтуыңды талап етемін, өйткені шпагамен жүрегіңді түйреген кезде, сенің сол атыңды дауыстап айтпақпын!
Граф Монте-Кристо аруақтай болып кетті; қаһарлы көзінен от ұшқындады; ол дереу көрші бөлмеге кіріп кетті де, галстугін, сүртігі мен желетін шешіп тастап, матрос күрткесі мен шапкасын киіп, қою қара шашын маңдайына қобырата түсіріп жіберді.
Сосын ол қайтып келіп, екі қолын кеудесіне айқастыра ұстады да, мейірімсіз жүзі бедірейіп, қорқынышты елестей болып, генералға қарай үн-түнсіз жақындай берді. Оның ойламаған жерден кетіп қалғанына аң-таң болған Морсер аңырып күтіп тұрған. Ал енді мүлде өзгеріп кеткен Монте-Кристоны көргенде оның буын-буыны босап, тісі-тісіне тимей сақылдай бастады. Ол жайымен жылжып кейін шегіне берді, сосын бір столға соқтығып, сілейіп тұрып қалды.
— Фернан, — деді айқайлап Монте-Кристо, — менің жүздеген атымның ішінен біреуін айтсам болғаны — сенің ісің бітіп жатыр; сен сол есімді таптың ғой, солай ма? Есіңе түсті ме? Өйткені мен қанша қайғы-қасірет шеккеніме, жан түршігерлік азап-тозақ тартқаныма қарамастан, енді, міне, сенен кек алатыныма қуанып, жаным жасарып, жаңғыра түлеп, алдыңа келіп тұрмын, менің қалыңдығым Мерседеске... үйленгелі бері сен мені түсіңде тап осы жас қалпымда талай рет көрген де шығарсың!
Генералдың басы шалқайып, көзі ақшаңдап, қолын созып, осынау қорқынышты бейнеге тілсіз қарап тұрып қалды. Сосын құлап кетпес үшін қабырғаға қалшылдай сүйеніп, ыбылжып есікке дейін жетті де, шегіншектеп шығып бара жатып, жан ұшыра:
— Эдмон Дантес! — деп айқайлап жіберді.
Сосын ол жан далбаса жүгіріп басқышқа дейін жетті, мас кісідей тәлтіректеп, ауланы басып өтті де, камердинердің қолына барып құлай кетті, сосын:
— Үйге, үйге! — деді күбірлеп естілер-естілмес.
Жолай келе жатқанда дәйекшілерінен ұялғанынан және салқын ауамен тыныстаған соң, есін жинап, шашыраған ойын түйді; бірақ баратын жері қашық емес-ті, үйіне жақындаған сайын оның жаны күйзеліп, торыға бастады.
Үйіне бірнеше қадам қалғанда күймені тоқтатып, далаға шықты.
Үйдің қақпасы айқара ашылыпты. Осындай бай үйге күйме шақыртқанына қайран қалған көшір ауланың дәл ортасында селтиіп тұр екен; граф оған үрке көз тастады, бірақ біреумен тілдесуге дәті бармай, бөлмесіне қарай тұра ұмтылды.
Басқышпен екі кісі түсіп келеді екен; бұл олармен бетпе-бет кездесіп қалмайын деп, бүйірдегі бөлмеге жып беpiп кіріп кетті.
Бұл баласының қолына сүйеніп келе жатқан Мерседес еді. Ана мен бала үйлерін тастап, біржолата кетіп бара жатқан.
Олар шымылдық тасасында тығылып тұрған бақытсыз сорлыны жанап өте шықты, тіпті оған Мерседестің жібек көйлегенің етегі тигендей болды, жанына балаған жалғызының:
— Енді берік болыңыз, апа! Тезірек кетейікші осы арадан, енді бұл біздің үйіміз емес, — деген сөзінің жылы лебі бетін желпіп өткендей болды.
Сөз де бітті, олардың басқан аяғының тықыры да алыстай берді.
Граф штоф шымылдығынан ұстап, бойын жазды. Әйелі мен баласы бірдей жұртқа тастап кеткен сорлы әке, кеудесінен лықсып шығып, тамағына тығылып келіп қалған, сөнген үміт өксігін басуға тырысты.
Ұзамай ол пәуеске есігінің жабылғанын, көшірдің ат айдаған даусын, ауыр арбаның дүрсілінен терезе әйнектерінің зырылдап кеткенін есітті. Со замат ол жатын бөлмесіне жүгіріп барып, осынау жарық дүниеде жанындай жақсы көрген асылдарын тағы да бір рет қарамақшы болды; бірақ пәуеске кетіп қалды. Мерседес те, Альбер де соңғы рет артына көз тастап, қаңырап қалған бос үйге, бірі — жұртта қалған еріне, бірі — әкесіне қош-қош айтып, аяныш білдірмеді.
Пәуескенің дөңгелегі кең көшенің тастарына тасыр-тұсыр тиген сәтте, гүрс етіп мылтық атылды да, жатын бөлменің ашық терезесінен бұрқ етіп түтін көтеріліп, көп ұзамай сейіліп кетті.
XVI. ВАЛЕНТИНА
Моррельдің қайда асыққанын, кіммен кездесуге тиіс екенін оқушыларымыз ендігі түсініп те қойған шығар.
Монте-Кристодан бөлініп кеткеннен кейін, ол асықпай Вильфордың үйіне қарай беттеді.
Біздің асықпай деп отырған себебіміз, Моррельдің әлі де жарты сағаттай уақыты бар, ал ол енді бес жүз қадамдай жүрсе, діттеген жеріне жетеді; бірақ әлі біраз уақыты болса да, ол Монте-Кристомен тезірек қоштасып кетуге асықты, өйткені өз ойымен өзі оңаша қалып, біраз толғанып алмақшы еді.
Ол өзіне тағайындалған уақытты анық біледі: Нуартье қарияға таңғы ас беретін мезгіл, қыз осы бір шарапат сауабы мол ізгі парызын атқарып жатқан кезде, үстіне тірі жан басып кірмейтінін анық біледі. Нуартье мен Валентина мұның аптасына екі мәрте келуіне рұқсат еткен, енді сол правосын пайдаланбақ болып келе жатқан беті.
Моррель кіріп келісімен, жігітті тосып тұрған Валентина оны қолынан жетелеп, атасына алып келді. Өзі шөлмектей бозарып, әлденеден қатты толқып жүрген тәрізді.
Қыздың толқып жүргені операдағы жанжалдан екен: Альбер мен Монте-Кристоның егесіп қалғанын жұрттың бәрі (зиялы қауым әмәнда бар нәрседен хабардар) біледі екен. Вильфор үйіндегілердің барлығы бұл жанжалдың аяғы жекпе-жекпен бітетініне ешбір күмән келтірмеген. Валентина әйелге тән сезімталдықпен Моррельдің Монте-Кристоға секундант болатынын бірден түсінді, бірақ Максимилианның батырлығын, графты жақсы көретінін білетін қыз, ол бейтарап куә ретінде қарап тұра бермес деп қорықты.
Сол себепті де қыздың жекпе-жектің қалай өткені жайлы жігіттің жауабын жаныға тыңдағанын оп-оңай сезген боларсыздар, ал дуэьдің ойламаған жерден сәтті аяқталғанын естігенде, Моррель ғашығының көзі жайнап, қуанып қалғанын байқады.
— Ал, енді, — деді Валентина Моррельге атасының қасына отыр деген белгі беріп, өзі шалдың аяғы қойылған сәкіге жайғасты, — өзіміздің шаруамызды сөз ете беруімізге болады. Өзіңіз де білесіз ғой, Максимилиан, бір кездері атам де Вильфор мырзаның үйінен көшіп кетіп, бөлек тұрмақшы да болған.
— Иә, мен ол жоспарды әлі ұмытқан жоқпын, оны қатты қолдағанмын, — деді Максимилиан.
— Ендеше, мен сізді қуантайын, Максимилиан, атам соңғы кездері сол ойға қайта-қайта оралып жүр, — деді Валентина.
— Дұрыс-ақ! — деді Максимилиан.
— Атамның бұл үйден неге кеткісі келетінін білесіз бе? — деді Валентина сөзін жалғап.
Нуартье немересіне енді үндеме деп әмір еткендей раймен қарап отырды; бірақ Валентина атасына қарамады: сол сәтте оның есіл-дерті — көзі де, күлкісі де Моррельге ауып кеткен еді.
— Нуартье мырзаның тілегі нендей себептерден туса да, мен соған қосыламын, — деді Моррель дауыстап.
— Мен де шын көңілден қостаймын. Ол Сент-Онере төңірегінің ауасы менің денсаулығыма зиянды деп есептейді, — деді Валентина.
— Сіз білесіз бе, Валентина, Нуартье мырза өте дұрыс айтады; міне екі аптаның жүзі болды, маған сіз сырқаттанып жүрген сияқты болып көрінесіз, — деді жігіт.
— Иә, менің дімкәстанып жүргенім рас, сол себепті де атам мені өзі емдемек болды, оның білмейтін бәлесі жоқ және мен оған керемет сенемін, — деді Валентина.
— Сонда сіз шынымен-ақ науқас болғаныңыз ба? — деді Моррель жұлып алғандай.
— Жоқ, бұл науқас емес. Бірақ әйтеуір мазам жоқ, бар болғаны сол. Тамаққа тәбетім шаппайды және маған күллі ағзам белгісіз бірдеңемен арпалысып жатқандай болып көрінеді.
Нуартье Валентинаның бірде-бір сөзін қалт жібермей тыңдап отыр.
— Сіз, сол беймәлім науқастан немен емделіп жүрсіз?
— Әйтеуір, күн сайын ертеңгілік атам ішетін дәрінің бір шай қасығын мен де ішіп аламын; менің айтайын дегенім, әуелі бір қасықтан бастасам, қазір төрт қасықтан ішемін. Атам осы дәріні ауру атаулының шипасы дейді.
Валентина жай ғана күлімсіреді. Бірақ оның күлкісі де бір түрлі жәбір көріп, жабыққан кісінің күлкісіндей еді.
Махаббат сезіміне елтіген Максимилиан оған жаны ашып, үнсіз қарап отыр; қыз кереметтей ажарлы еді, бірақ оның ақ жүзі күннен-күнге шөлмектей бозарып, жұқарып бара жатқандай, көз жанары да әдеттегіден өткірленіп, жалт-жұлт етеді, бұрынғы балғын ақ білегі енді кеп жатып сарғайып кеткен балауыздан мүсінделген тәрізді.
Максимилиан көзін Валентинадан аударып, Нуартьеге қарады; ол өзінің ойлы, тылсым көзімен немересіне елжірей қарап, айналып-толғанып отыр екен, бірақ ол да, Моррель сияқты, құпия бір дерттің нышанын көретін сияқты. Бірақ сол нышанның әлі де зәредей, әлсіз екені сондай, мұны атасынан өзге тірі жан сезбес еді.
— Бірақ бұл дәрі Нуартье мырзаға арналып әзірленген ғой? — деді Моррель шыдамай.
— Иә, оның дәмі сұмдық кермек, осы дәріден кейін, нені ішсем, соның бәрі кермек татып тұрады, — деді Валентина оған мән-жайды түсіндіріп.
Нуартье немересіне сұраулы көзбен қарады.
— Мұным рас, ата, — деді Валентина, — әлгіде сізге келе жатқанда қант суын ішіп едім, оның кермек татығаны сондай, стақанды тауыса алмадым.
Нуартье боп-боз болып, бірдеңе айтқысы келгендей белгі берді.
.. Валентина сөздікті әкелмек болып орнынан тұрды.
Нуартье бірдеңеден шошынғандай немересінен көз жазбады.
Қыздың бетіне қан жүгіріп, дуылдап қызара берді.
— Бір түрлі қызық, менің басым айналып барады. Күн тиіп қалғаны ма? — деді ол көңілдене дауыстап.
Кенет теңселіп барып, столдың шетінен ұстай алды.
— Қайдағы күн! — деді Моррель таңырқап, ол Валентинаның сырқатынан гөрі Нуартьенің түрінен сескенейін деді.
Ол қыздың қасына жүгіріп барды. Валентина жымиып күлді.
— Абыржыма, атажан, — деді ол Нуартьеге, — сіз де қобалжымаңыз, Максимилиан. Уақа емес, басым айналуын қойды. Әне, тыңдаңызшы, аулаға бір күйме келіп кipген сияқты.
Қыз есікті ашып, дәліздің терезесінен жүгіріп барып қарады да, дереу қайтып келді.
— Иә, — деді ол, — Данглар ханым мен қызы екеуі ғой келген. Қош болыңыз, мен кеттім, әйтпесе, қазір мені іздеп осында келеді; айтпақшы, көріскенше, Максимилиан, атаймен бірге отыра тұрыңызшы, мен олармен көп сөйлеспеймін деп уәде берейін.
Моррель қызды көзімен ұзатып салды, оның соңынан есіктің жабылғанын көріп, де Вильфор ханымның бөлмесі мен өз бөлмесіне апаратын шағын басқышпен көтеріліп бара жатқанын есітті.
Немересі кетісімен, Нуартье Моррельге сөздікті қолыңа ал деген белгі берді.
Моррель оның тілегін қолма-қол орындады; Валентинаның көмегімен ол шалдың ым-жымын түсінуге тез дағдыланып кеткен-ді.
Алайда қайта-қайта әліппені ақтарып, қалың сөздіктен қажетті сөздерді іздеп табам дегенше, сөйтіп, шалдың ойынан төмендегідей сөйлем болып құраламын дегенше он минуттай уақыт өтті:
«Валентинаның бөлмесінен су құйылған стақан мен графинді әкеліңіз».
Моррель дереу Барруаның орнында жүрген малайды қоңырау қағып шақырып алып, Нуартьенің атынан әлгі бұйрықты берді.
Бір минуттан кейін малай қайтып келді.
Графин мен стақан бос екен.
Нуартье бірдеңе айтқысы келетінін білдірді.
— Графин мен стақан неге бос тұр? Валентина стақандағы суды түгел ішкен жоқпын деп еді ғой, — деді ол.
Осы ойды сөзге айналдыруға тағы да бес минуттай уақыт жұмсалды.
— Білмеймін, — деді малай, — бірақ мадемуазель Валентинаның бөлмесіне күтуші кірген болатын; бәлкім, суды сол әйел төге салған шығар.
— Соны күтушіден сұраңызшы, — деді Моррель Нуартьенің ойын көзінен танып.
Малай шыға салысымен қайтып келді.
— Мадемуазель Валентина әлгіде бөлмесіне кіріп, стақанда қалған суды ішіпті; ал үйректерге көлшік жасау үшін графиндегі суды Эдуард мырза шұқырға құйыпты, — деді малай.
Күллі бақ-дәулетін картаға тіккен құмарпаз ойыншы сияқтанып, Нуартье жалбарынып көкке қарады.
Сосын шалдың көзі айналып есікке барды да, соған қарап, қадалып тұрып алды.
Данглар ханым қызымен бірге келді дегенде, Валентина қателеспепті; де Вильфор ханымның өзі қабылдаймын дегесін оларды соның бөлмесіне ертіп апарды; Валентинаның өз бөлмесі арқылы өткені де сол себептен екен; бұл бөлме өгей шешенің бөлмесімен бір қабатта болатын, бұлардың арасында тек Эдуардтың бөлмесі ғана бар-тұғын.
Мейман әйелдер аса маңызды бір жаңалықты хабарлайтындай-ақ, ресми түрмен сыпайы келді.
Бір қауымның адамдары өз ара қарым-қатынастың әр алуан түрлерін оп-оңай қағып алып, ұғып жатады. Осынау екі әйелдің сән-салтанатпен ыздиып келгеніне орай, Вильфор ханым да бойын түзеп, сәнденіп шыға келді.
Сол сәтте Валентина кіріп келді де, сәлемдесу қайта басталды.
— Қымбатты құрбым, — деді баронесса екі қыз қол ұстасып табыса кеткеннен кейін, — мен Эжениді ертіп, өзіңізге келгенде, таяудағы уақыт ішінде қызым мен князь Кавалькантидің үйлену тойы болатынын елден бұрын әдейі айтқалы келдім.
— Олай болса, сізді шын көңілден құттықтауға рұқсат етіңіз. Мен князь Кавалькантиді кісілігі мол, көргенді жігіт деп есептеймін, — деді Вильфор ханым.
— Егер достарша сөйлессек, — деді баронесса күлімсіреп, — княздің әлі де көп қасиеттерін көрсете алмай жүргенін айтуым керек. Сол жігіттің толып жатқан, бір түрлі түсініксіз қылығына қарап, біз, француздар, оның итальян немесе неміс ақсүйегі екенін бір қарағаннан-ақ танимыз. Бірақ соған қарамастан, оның өзі, шамасы, ізгі жүректі, ақылды кісі болса керек, ал мәселенің практикалық жағына келсек, Данглар мырза оның байлығы ұшан-теңіз дейді; иә, ол тап солай деп айтты.
— Ал, мұның үстіне, — деді Эжени, де Вильфор ханымның альбомын парақтап көріп отырып, — сударыня, өзіңіздің сол жігітке келгенде емешегіңіз өзгеше үзіліп тұратынын айтуды ұмытпаңыз.
— Оған сіз де кет әрі емес шығарсыз, оны сұрамай-ақ қойсам қайтеді? — деді Вильфор ханым.
— Зәредей де құлқым жоқ соған, сударыня, — деді Эжени үйреншікті еркіндігіне басып. — Сол жігіт кім болса ол болсын, өз басым, әйтеуір, қайдағы бір тіршіліктің қам-қарекетіне бола, күйеудің қас-қабағына қарап, айтқанын екі етпей орындау үшін, сау басыма сақина салар жайым жоқ. Менің есіл-дертім — артист болу, демек өз жүрегіме, өзімнің ой-пікіріме, қысқасы, өзіме-өзім қожа болып, емін-еркін жүріп-тұрғым келеді.
Эженидің бұл сөздерді ештеңеден қаймықпай, қатты айтқаны сондай, Валентина қып-қызыл болып, қымсынып қалды. Именшек те ұяң бикеш әйелге тән ұялшақтықтан мақұрым қайратты ерке тотайдың мына қылығын ерсі көрді.
— Айтпақшы, — деді ол сөзін жалғап, — әйтеуір, түбінде бір күйеуге шығу о баста маңдайыма жазылған екен, құдай тағаланың мені, тым болмаса де Морсер мырзаның құрығынан құтқарғанына мың да бір шүкіршілік; егер жаппар ием жар болмағанда, ендігі со бір абыройсыз сүмелектің әйелі болып отырар едім ғой.
— Ол рас, — деді баронесса кейбір ақсүйек әйелдерге тән өзгеше бір аңқау кейіппен, олар бұл әдетінен қарапайым жұртпен араласса да құтыла алмайды, — иә, ол рас, егер Морсерлер құлшына кіріссе, қызым ендігі Альбердің әйелі болып отыратын еді; генерал бізбен құда болуға қатты күш салды, тіпті Данглар мырзаның келісімін алу үшін, үлкен басын кішірейтіп келгені де бар; сәті түскенде, біз, әйтеуір, со бәледен аман қалдық.
— Құдай-ау, әкесі қарабет екен деп, баласын да жазаламақ па бұл жұрт? — деді Валентина биязы ғана. — Меніңше, генералдың опасыз болғанына виконт тіпті де айыпты емес.
— Кешіріңіз, қымбаттым, — деді қатыгез Эжени, — виконт әкесінен онша алыс кетпесе керек, жұрттың айтуынша, кеше операда граф Монте-Кристоны жекпе-жекке шақырып, бүгін атысар алдында одан кешірім сұрапты дейді.
— Мүмкін емес! — деді де Вильфор ханым.
— Ах, қымбаттым, — деді Данглар ханым әлгіде өзіміз айтқан аңқаулықпен, — шынында да солай болса керек. Мен мұны жекпе-жек кезінде сол арада болған Дебрэ мырзадан есіттім.
Мұның бәрін Валентина да жақсы білетін, бірақ айтқысы келмеді. Оның ойы енді жекпе-жек мәселесінен ойысып, Нуартьенің бөлмесіне барды, онда мұны Моррель күтіп отыр ғой.
Терең бір ойға батып кеткен Валентина бірнеше минут бойы әңгімеге араласпай шет қалыпты; ол тіптен әңгіменің не жайлы болып жатқанын да білмейді екен, кенет Данглар оны қолынан ұстай алды.
— Сізге не керек, сударыня? — деді ол қолын тап бір электр тогы соғып кеткендей шошынып.
— Сіз ауырып тұрсыз ба, қымбатты Валентина? — деді баронесса оған.
— Ауырып? — деді ол таңырқап өзінің ып-ыстық болып бусанып тұрған маңдайын сипап.
— Иә, айнаға барып өзіңізге қараңызшы; соңғы бір минуттың ішінде бет-әлпетіңіз кемінде төрт рет құбылған шығар.
— Расында да солай, сен тіпті қуарып кетіпсің! — деді Эжени дауыстап.
— Қам жемеңіз, Эжени; бірнеше күннен бері мен тап осындай дімкәс халде жүрмін.
Қанша аңқау, қарапайым дегенмен, Валентина осыны сылтау етіп кетіп қалуға болатынын лезде түсінді. Тіпті де Вильфор ханымның өзі бұған көмекке келді.
— Бөлмеңізге барыңыз, Валентина, сіз шынында да сырқаттанып тұрсыз; меймандарыңыз бізді кешіре жатар; барыңыз да, бір стақан суық су ішіңіз, біраз жеңілдейсіз, — деді ол қамқорсып.
Валентина Эженидің бетінен бір сүйіп, орнынан енді ғана тұрып, қоштаса бастаған Данглар ханымға иіліп тәжім етіп, бөлмеден шығып кетті.
— Байғұс бала, — деді де Вильфор ханым Валентинаның соңынан есік жабылғаннан кейін, — кейінгі кезде мен осыған қатты алаң болып жүрмін, тіпті ауырып қала ма деп те қорқамын.
Ал бұл кезде Валентина еліре басып келе жатқанын өзі де сезбей, Эдуардтың бөлмесінен өтті, інісінің қиқаңдағанын да елемей, өзінің жатын бөлмесін жанай, шағын басқышқа келіп жетті. Бұл енді төрт тепкішекті басып төмен түседі, әне, Моррельдің де даусы естілді дей бергенде, кенет көз алды бұлдырап, жансыз аяғы басуға келмей, қолы басқыш қоршауын ұстай алмай, жан дәрмен қабырғаға сүйене берді, бірақ ол енді басқышпен жүре алмай домалап түсті.
Моррель ұшып тұрып, есікті ашып, жерде жатқан Валентинаны көрді.
Жігіт оны дереу абайлап көтеріп әкеліп, креслоға отырғызды.
Валентина көзін ашты.
— Менің икемсіздігім-ай, осы! — деді ол жан ұшыра тез сөйлеп. — Тіпті жөнді жүруден де қалып барамын ба қалай. Алаңға дейін әлі үш тепкішек бар екенін ұмытып кетіппін.
— Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па, Валентина? — деді Моррель ентелеп.
Валентина бөлме ішіне көз жүгіртіп, бір қарап шықты. Ол Нуартьенің қатты қорыққанын көзінен аңғарды.
— Абыржыма, атажан, бұл ештеңе емес, менің тек азғана басым айналып кеткені, — деді қыз күлімсіремек болып.
— Тағы да басың айналды! Өзіңізді-өзіңіз күтсеңізші, Валентина, өтінемін, жалынамын! —деді Моррель не істерін білмей өз қолын өзі уқалап.
— Енді бәрі өтті де кетті, — деді Валентина, — болмашы бірдеңе деп айттым ғой. Ал енді мен сіздерге бір жаңалық айтайын, тыңдаңыздар: бір аптадан кейін Эжени күйеуге шығады, ал енді үш күннен кейін олардың некелесу құрметіне арналып, үлкен той болады. Біздің бәріміз де: әкем де, де Вильфор ханым да, мен де... шақырылдық. Менің бар түсінгенім осы.
— Біздің кезегіміз қашан келеді, құдайым-ау? Валентина, атаңыз сіздің ықпалыңыздан шықпайды, бұл кісі де бізге: «тез арада!» — деген жауап беретіндей бірдеңе жасаңызшы.
— Атамды асықтырып, соны күн сайын есіне салу үшін сіз мені пайдаланбақшысыз ба? — деді Валентина.
— Иә, құдай үшін тездетіңізші! Сіз қашан мендік болғанша, Валентина, өзіңізден айырылып қаламын ба деп зәрем жоқ, — деді Моррель дауыстап.
— Бәрекелде, Максимилиан, — деді Валентина өне бойы қалтырап кетіп. — Мұнша сужүрек боларсыз ба? Сіз әлгі жұрт қорқуды білмейтін жігіт дейтін офицерсіз ғой. Ха-ха-ха!
Қыз ауру кісідей сақылдап ұзақ күлді; сосын қолы сіресе тартылып, басы кейін шалқайып, қыбыр етпей қалшиып тұрып қалды.
Нуартьенің көмейіне келіп тығылған үрейлі жан даусы көзіне шығып, муз болып қатты да қалды.
Моррель дереу көмекке дәрігер шақыру керектігін ұқты.
Ол бар күшімен қоңырауды қағып жіберді; Валентинаның бөлмесінде жүрген күтуші мен Барруаның орнын басқан малай екеуі бірдей үрпиісіп жүгіріп келді.
Валентинаның аруақтай аппақ, сұп-суық болып, бедірейіп тұрғаны сондай, ол екеуі айтқан сөзге құлақ аспай, осынау қарғыс атқан үйдегі үрейге бой алдырып, қорыққанынан ойбай салып, дәлізбен қаша жөнелді.
Данглар ханым мен Эжени тап сол сәтте жүргелі жатқан; олар бұл әбігердің себебін де білді.
— Әлгіде сіздерге айтып едім ғой! Байғұс бала! — деді дауыстап де Вильфор ханым.
XVII. МОЙЫНДАУ
Тап сол минутта Вильфор мырзаның кабинетінен оның:
— Не болып қалды? — деген даусы шықты.
Моррель Нуартьеге қарап еді, шал салмақты, салқынқанды қалпына келген екен, ол бұған көзімен кішкене хұжраны мегзеді, ілгеріде осындай бір жағдай болып қалған кезде, жігіт сонда барып бой тасалаған болатын.
Ол қалпағын алып, перденің тасасына барып жасырынғаны сол еді, дәлізден король прокурорының келе жатқан тықыры естілді.
Вильфор бөлмеге жүгіріп кірді де, Валентинаны көріп, құшақтай алды.
— Докторды! Докторды шақыр!... Д'Авриньиді! — деді Вильфор айқайлап. — Жоқ, одан да өзімнің барғаным жақсы болар.
Содан ол бөлмеден атып шықты.
Ал екінші есіктен Моррель де жүгіріп шыға берді.
Оның есіне сұмдық бір жайт түсіп, жүрегіне қадалып тұрып алды: де Сен-Меран ханым қаза табатын түнде, ол ойламаған жерден Вильфор мен дәрігердің әңгімесін аңдамай естіп қалған, енді сол әңгіме мұның есіне түсті; қыз дертінің түрі де Барруаның өлер алдындағы дертінен айнымайды.
Ол со мезгілде осыдан екі сағаттан астам уақыт бұрын Монте-Кристоның:
«Сізге не керек болып қалса да, маған келіңіз, Моррель, менің қолымнан көп нәрсе келеді», — деген сөздері тап қазір айтылғандай, құлағына ап-анық естілгендей болды.
Ол Сент-Онерден оқша атылып; Матиньон көшесіне шықты. Матиньон көшесінен Елисей Далаңына қарай тұра жүгірді.
Бұл кездері Вильфор жалдамалы күймемен д'Авриньидің үйіне жеткен еді, оның қоңырауды қатты қаққаны сондай, дәйекші есікті өңі қашып, үрейлене ашты. Вильфордың ләм деуге тілі жетпей, басқышқа қарай тұра ұмтылды. Дәйекші оны көптен танитын, соңынан тек:
— Доктор кабинетінде, король прокуроры мырза! — деп айқайлап үлгерді.
Вильфор ішке кірді, дұрысын айтсақ, алқынып жетіп келді.
— Ә, бұл сіз бе едіңіз! — деді д' Авриньи.
— Иә, доктор, — деді Вильфор есікті нығыздап жауып жатып, — мен осы жолы да, екеуміз оңаша қалдық па деп сұраймын. Доктор, менің үйіме құдайдың қарғысы жауды!
— Не болды! Тағы біреу ауырып қалған жоқ па? — деді дәрігер, сырттай салқын болғанымен, ол іштей қатты қобалжып қалды.
— Иә, доктор, иә, ауырып қалды! — деді Вильфор басын қолымен қыса ұстап.
Д' Авриньидің көз жанары:
«Мен оны айтқанмын», — деп тұрғандай.
Ол асықпай әр сөзін шегелей сөйледі:
— Енді бұл жолы кім өлгелі жатыр? Біздің қылмысты әлсіздігімізді бетімізге басып, Алланың алдына баратын кезекті құрбан болған сорлы кім?
Іштей азап шеккен Вильфор байғұс еңкілдеп жылап қоя берді, ол дәрігерді қолынан шап беріп ұстай алды:
— Валентина! Ендігі кезек Валентинаға жетті! — деді ол демігіп.
— Қызыңыз ба? — деді әрі қорқып, әрі қайран қалған д' Авриньи дауыстап.
— Со жолы қателескеніңізге енді көзіңіз жеткен болар, — деді Вильфор сыбырлап, — ол байғұсқа қолдан келген көмегіңізді көрсетіп, бір кезде күдіктенгеніңіз үшін со мұңлықтан кешірім сұраңыз.
— Сіз маған кісі жұмсаған сайын, бұрын ұдайы кешігіп қалушы едік, бірақ соған қарамастан, тағы да барайын: тек тезірек жетелік, жауларыңызға шабандық көрсетуте болмайды, — деді д' Авриньи.
— Бұл жолы, доктор, сіз мені дәрменсіздік жасадыңыз деп кінәлай алмайсыз. Осы жолы мен қанішер жауыздың кім екенін қайтсем де білемін, енді ол менен рақым күтпесін!
— Өш алу қайда кетеді, ең әуелі әлгі құрбан болған сорлыны құтқарудың жолын қарастыралық. Кеттік, — деді дәрігер асығып.
Моррель Монте-Кристоның үйіне келіп, есігін қағып жатқан сәтте, Вильфорды осында әкелген күйме, енді д'Авриньи екеуін алып, қайтадан шаба жөнелді.
Граф өзінің кабинетінде отырған және әлгіде ғана Бертуччоның асығыс жіберген хатын оқып, қатты ойланып қалған-ды.
Осыдан екі сағат бұрын ғана өзімен бірге болып, қоштасып кетіп қалған Моррельдің енді қайтып келгенін хабарлағанда, граф аң-таң қалып, басын көтерді.
Соңғы екі сағатта граф үшін де, Моррель үшін де, шамасы, көп нәрселер өзгерген сияқты: ол графпен қоштасарда жадырап күліп кеткен, енді салы суға кеткендей еңсесі түсіп тұр.
Граф орнынан ұшып тұрып, оған қарсы жүрді.
— Не болды, Максимилиан? Түсіңіз өзгеріп кетіпті, алқынып тұрсыз ғой, — деді ол.
— Иә, қос өкпемді қолыма алып, жүгіріп жеткенім осы, сізбен сөйлесуім керек, — деді ол.
Моррель креслоға сылқ етіп отыра кетті.
— Сіздің үйдің адамдары аман ба, әйтеуір? — деді граф бір мейірімді үнмен, осыдан кейін жігіт бұл кісінің адалдығына мүлде шүбә келтірмеді.
— Көп рақмет, граф, біздің үйдің адамдары тегіс аман, — деді Моррель өзі әңгімені қалай бастарын білмей аңырып тұрған тәрізді.
— Ендеше жақсы болған екен, маған бірдеңе айтпақшы болып па едіңіз? — деді граф көңілінің түйткілі күшейіп.
— Иә, мен сізге әлгіде ғана ажал енген бір үйден жүгіріп келген бетім осы, — деді Моррель.
— Сонда сіз Морсерлерден келдіңіз бе? — деді Монте-Кристо.
— Жоқ, немене, Морсерлердің біреуі қайтыс болып па? — деді Моррель.
— Генерал өзін-өзі атыпты, — деді Монте-Кристо.
— Мынау бір сұмдық қасірет екен! — деді Максимилиан дауыстап.
— Бұл графиня мен Альберге келген қасірет емес, әкенің, күйеудің ар-намысынан айырылғанын көргенше, оның ажалын көргені артық; ел алдындағы масқараны қан жуады, — деді Монте-Кристо.
— Бейбақ графиня! Бәрінен де мен сол әйелді аяймын! — деді Максимилиан.
— Альберді де аяңыз, Максимилиан: сенсеңіз, ол графиняның өзіне лайықты ұлы. Бірақ енді сізге келелік, сіз мені көрмек болған екенсіз; егер өзіңізге бір пайдам тисе, қатты қуанар едім.
— Иә, мен сізге құдайдың өзі ғана демейтін бір іске қол ұшын береді ғой деп қатты дәмеленіп келдім.
— Айтыңыз ендеше!
— Осындай құпия сырды біреуге айтуға бола ма, болмай ма — оны өзім де білмеймін; бірақ тағдырдың жазуы солай шығар, айтпасыма болмайды.
Моррель күмілжіп үндемей қалды.
— Мен сізді жақсы көремін, оны өзіңіз де білесіз, — деді Монте-Кристо Моррельдің қолын қысып.
— Сіздің сөзіңіз жігеріме жігер қосты, жүрегім де сізден ешбір сыр жасырма дегендей.
— Иә, Моррель, бұл да құдайдың салғаны. Енді, жүрегіңіз қаласа, маған ойыңыздағы нәрсенің бәрін де айтыңыз.
— Граф, сіздің атыңыздан ауырып қалған бір бикештің жай-күйін біліп қайтуға Батистенді жіберуге рұқсат етесіз бе? Сіз ол қызды білесіз.
— Қызметшілерімді былай қойғанда, менің өзім де сіздің қарауыңыздамын.
— Мен оның тәуір болған-болмағанын білуім керек: әйтпесе, жынданып кететін түрім бар.
— Батистенді шақырайын ба?
— Жоқ, оған өзім-ақ айтайын.
Моррель дәлізге шығып, Батистенді шақырып алып, оған күбірлеп бірнеше сөз айтты. Камердинер асығыс шығып кетті.
— Қалай? Жібердіңіз бе? — деді Монте-Кристо қайта кірген Моррельге.
— Иә, менің көңілім енді ғана жай табайын деді.
— Ал мен сіздің сөзіңізді күтудемін, — деді күлімсіреп Монте-Кристо.
— Иә, мен сізден ештеңені де жасырмаймын, тыңдаңыз. Бір күні кешке салым сенделіп жүріп, мен бір бау ішінен келіп шықтым, қалың бұта тасасында тұрғанмын, тірі жан бұл арада өзге біреу бар екен деп ойламайды. Мені жанап екі кісі өтті; әзірге олардың атын атамауға рұқсат етіңіз. Олар күңкілдесіп, жайымен сөйлесіп бара жатты, бірақ мен бұл екеудің әңгімесін қайтсем де естуім керек еді, сол себепті де құлағымды тігіп, олардың сөзін түгел тындадым.
— Түріңіздің қуқыл тартқанына қарағанда аса жайсыз әңгіме болды ғой шамасы.
— Иә, досым, сұмдық жаман нәрсе! Сол үйде жаңа ғана бір кісі дүние салса керек. Сөйлесіп тұрған екі кісінің біреуі қожайын да, екіншісі дәрігер екен. Үй иесі қасындағы дәрігерге көңліндегі күмән-күдігін, қайғы-мұңын шертіп жатты, өйткені осы бір айдың ішінде, кек періштесі әзірейіл құдай тағаланың қаһарын тап осылардың басына әкеліп төккендей-ақ, мұның үйінен ойламаған жерден, көзді ашып-жұмғанша, екі адам жан тәсілім етіпті.
— Солай деңіз! — деді Монте-Кристо Моррельге қадала қарап, ол жарық тұп-тура қонақтың жүзіне түскенде, өзін көлеңкеде қалдыратындай етіп, креслосын елеусіз бұрып қойды.
— Иә, бір айдың ішінде ажал сол үйге екі рет кіріп шықты, — деді Максимилиан сөзін жалғап.
— Ал, доктор оған не деп жауап қайтарды? — деді Монте-Кристо.
— Ол ма?.. Ол: «Бұл қаза оған табиғи қаза болып көрінбейтінін, оны тек бір ғана себеппен түсіндіруге болатынын айтты...»
— Қандай себеп екен?
— У берген деді.
— Шынында да солай ма екен? — деді Монте-Кристо жеңіл жөткірініп, ол қатты тебіренгенде осылай жөткірініп, бетінің қызарып, не бозарып кеткенін жасыратын немесе қасындағы кісінің әңгімесін қалай тыңдап отырғанын сездірмейтін. — Шыны сол ғой, Максимилиан? Сіз осының бәрін өз құлағыңызбен есіттіңіз бе?
— Иә, қымбатты граф, мен мұның бәрін өз құлағыммен есіттім және доктор сол арада: «Егер осындай жағдай тағы қайталанатын болса, онда мен әділ сотқа баруды өзіме міндет санаймын», — деп қатты ескертті.
Монте-Кристо жігітті асқан сабырмен жайбарақат отырып тыңдады, мұнысы, бәлкім, жасанды да мінез шығар, кім білген.
— Сосын, — деді Максимилиан сөзін жалғап, ажал әлгі үйге үшінші рет кірді, бірақ үй иесі де, доктор да ешкімге ештеңе деп сыр білдірмеді, енді ажал, бәлкім, төртінші рет кимелеп кіріп келер. Граф, айтыңызшы, осындай сұмдық сырды біле тұра, мен не істеуге тиістімін?
— Қымбатты достым, — деді Монте-Кристо, — сіз маған жұрттың бәрі білетін жайтты айтып отырсыз. Осы әңгімені естіген үйіңіз маған көптен мәлім немесе мен тап сондай бір үйді білемін; ол үйде де бау-бақша, бала-шағаның әкесі, дәрігері бар, онда да бірінен соң бірі, тосыннан, түсініксіз бір ажалдан, үш адам бірдей өлген; маған жақсылап қараңызшы: — мен ешкімнің де жасырын сырын естіген жоқпын, соған қарамастан осының бәрін сізден кем білмеймін. Бірақ мені ар-ұятым неге азаптамайды? Өйткені оның маған ешқандай қатысы жоқ. Сіз: кек періштесі сол үйге құдай тағаланың қаһарын жаудырған сияқты дейсіз. Бұл солай емес деп кім айтты сізге? Қылмысты көруге міндетті кісілер көрмей жүргенде, сіз оны көріп қайтесіз. Егер ол үйге жаратушы жан иемнің өзі қаһарын тігіп жатса, Максимилиан, бұрылып жүре беріңіз, құдайдың әділ сотына бөгет болмаңыз.
Моррель шошып қалды. Графтың даусы өзгеше салтанатпен, қатал да қаһарлы болып естілді.
— Бірақ сіз ол ажалдың қайталанатынын қайдан білесіз? — деді граф даусын күрт өзгертіп, тіпті бұ жолы мүлде басқа кісі сөйлегендей болды.
— Со сұмдық қайталанды ғой! Осында келіп отырғаным соның салдары емес пе? — деді Моррель дауыстап.
— Meн оған не істей аламын, Моррель? Бәлкім, сіз менің король прокурорын ескерткенімді жөн көретін шығарсыз?
Монте-Кристоның «король прокуроры» деген сөзді даусын құбылта сызданып, нығарлап айтқаны сондай, Моррель отырған жерінен ұшып тұрды.
— Граф, сіз менің кімді айтып отырғанымды білесіз бе? — деді ол саңқ етіп.
— Әлбетте, білемін, досым, және осыны дәлелдеу үшін ештеңені де жасырмай айтайын, яғни қатысатын кісілердің атын түгел атап шығайын. Сіз Вильфордың бауында серуендепсіз. Сіздің сөзіңізден менің түсінгенім, сол оқиға маркиза де Сен-Меран қаза тапқан күннің кешінде болған. Ал сіз Вильфор мен д'Авриньидің маркиз де Сен-Меранның өлімі және одан да өткен ғажап жолмен маркизаның қаза тапқаны жайлы әңгімесін естігенсіз. Д'Авриньи маркиздің уланып өлгенін, тіпті екеуінің де удан кеткенін айтқан. Міне, содан бері бұл дүниеде аса сирек кездесетін жақсы кісі мына сіз, осы құпияны айтайын ба, айтпайын ба, деп шерлі жүрегіңізді қан жылатып, ар-намысыңызды азапқа салып, әбігерге түсіп келесіз. Қымбатты досым, біз орта ғасырда өмір сүріп отырған жоқпыз, тап қазір қасиетті инквизиция да, ерікті соттар да жоқ. Сіз көп қиналып қайтесіз? «Ар-ождан, саған не керек?» — депті Стерн39 бір кезде. Қой осы да жетер, досым, егер олардың ұйқысы келсе, ұйықтасын, ал егер ар азабын тартса, көзін іліндіре алмай, сергелдеңге түссін, ал сіз алаңсыз ұйықтай беріңіз, құдайға шүкір, арыңыз таза ғой, әйтеуір.
Моррельдің бет-аузы азап көрген кісідейін кіржиіп кетті; ол Монте-Кристоның қолынан ұстай алды.
— Әлгі бәле қайта келіп соқты! Естіп тұрсыз ба?
— Мейлі, соға берсін! Мейлі, — деді граф, бірақ со заматта жігіттің өжеттігіне түсінбеген кісідей Максимилианға сынай көз тастады. — Бұл — Атридтердің семьясы40. Оларды жазалаған құдай, енді олар сол жазасын тартып жатыр; олар әлгі балалар қиып жасайтын қағаз адамдар сияқты құрып бітеді; тіпті екі жүздей болса да, иесінің бір үрлегенінен қалмай, бәрі де бірінен соң бірі жығылады. Осыдан үш ай бұрын маркиз де Сен-Меран қаза тапты, содан бір ай кейін — маркиза қайтыс болды; жуырда — Барруа дүние салды, бүгін — Нуартье шал немесе бүлдіршін Валентина жан тапсыратын шығар.
— Сіз оны да білуші ме едіңіз? — деп Моррель үрейлене дауыстап жіберді, аспан қаусап жерге түсіп жатса да, мыңқ етпейтін Монте-Кристоның өзі жігіттің мына түрінен шошып, селк ете түсті. — Сіз оны білсеңіз де, үндемегеніңіз қалай?
— Онда менің не жұмысым бар? — деді Монте-Кристо иығын қушитып. — О кісілердің маған қажеті қанша, біреуін құтқару үшін, екіншісін құртып қайтемін? Имандай шыным, олардың қанішеріне де, құрбанына да жаным ашымайды.
— Бірақ мені, мені қайтесіз?! Мен оны өлердей сүйемін! — деді Моррель ышқына айқайлап.
— Сіз сүйесіз бе? Кімді? — деді Монте-Кристо орнынан атып тұрып, ол Моррельдің қолынан шап беріп ұстай алды.
— Мен оған өлердей ғашықпын, құмармын, ынтызармын. Соның көз жасын құрғату үшін жанымды пида етуге әзірмін. Есіттіңіз бе! Мен Валентина де Вильфорды сүйемін, ал оны өлтіргелі жатыр! Мен оны сүйемін, сол себепті де бір құдайдан, сізден сол қызды қалай құтқаруды үйретіңіз деп жалынамын!
Монте-Кристо аңдамай айғайлап жіберді, оның осы бір жан даусы жаралы арыстанның ақырғанына ұқсады.
— Бақытсыз бала! Сен Валентинаны жақсы көреді екенсің ғой! Сен сол қарғыс атқан тұқымның қызын жақсы көресің! — деді ол дауыстап өз қолын өзі күйіне уқалап.
Моррель өмірінде бет-аузы тап осындай әлем-тапырық болып, көзі ызғарланып кеткен адамды көрген емес. Майдан даласында да, Алжирдің ажал кезіп жүретін құтырма түндерінде де ол Үрей атты тажалдың жиіркенішті жүзіне талай рет тайсалмай қараған. Сонда да ол жүзі мен көзінен найзағай оты шатырлаған тап осындай сұсты бейнені кездестірмеген.
Ол сескеніп, кейін шегіне берді.
Осылай бір бұрсанып алғаннан кейін, ішкі жалыннан көзі қарығып қалғандай, Монте-Кристо көзін жаба қойды; ол өзін-өзі билеп, сабасына түсу үшін өліп-тірілгендей қатты қиналады екен. Ауа райы бұзылып ашылғаннан кейін, ақ көбік атып, буырқанып жатқан тентек теңіз күн шуағына маужырап жуаситыны сияқты, бірте-бірте оның кеудесіндегі қара дауыл да басылғандай болды.
Осы бір ауыр үнсіздік, өз-өзімнен іштей арпалысқан қиын сәт жиырма секундке ғана созылды.
Граф өңі құп-қу болып, басын көтерді.
— Көрдіңіз бе, досым, — деді ол бұрынғы үйреншікті үнімен, — құдай тағалам тірі пенденің басына түскен алапат ауыртпалыққа жаны ауырмай, самарқау қарап тұра беретін енжар, кердең кісілерді қалай жазалайтынын. Осынау ауыр трагедияның өзімнің көз алдымнан қалай өтіп жатқанын мен шімірікпей, бейтарап бақылап тұра бердім. Жолдан тайған періште сияқты, мен де кейбір адамдардың құпия шымылдығын (ал байлар мен құдіреті күштілер құпия сырды сақтай біледі) түсіріп жіберіп, жасайтын зұлымдықтарын көріп, бейқам күліп жүргенмін, ал енді қарасам, ирелеңдеген ізін бағып жүрген сол жылан айналып келіп өзімді шақты және дәл жүрегімнен шақты!
Моррель тұншыға ыңыранып қалды.
— Қой, енді зарлана бермеңіз, батыл болыңыз, күш-жігеріңізді жинап, жақсылықтан күдер үзбеңіз, өйткені мен қасыңыздамын. Сізді жатпай-тұрмай қорғаймын, — деді граф.
Моррель мұңайып басын шайқады.
— Мен сізге күдер үзбеңіз дедім ғой! Біліп қойыңыз мен өмірде өтірік айтпаймын, өмірде қателеспеймін. Қазір уақыт шаңқай түс, Максимилиан; маған кешке емес, ертең ертеңгілік емес, тап бүгін, тал түсте келгеніңіз үшін жаратқанға жалбарыныңыз. Тыңдаңыз мені, Максимилиан, қазір шаңқай түс: егер Валентина әлі тірі болса, ол өлмейді.
— О тоба! Мен кеткенде ол ажал аузында жатқан! — деді Моррель дауыстап.
Монте-Кристо көзін қолымен басты.
Сұмдық сырға толы осынау ми ішінде не болып жатыр екен? Осынау мейірімді де рақымсыз ақыл иесінің құлағына сыбырлап кеткен жақсылық періштесі ме, әлде, жамандық періштесі ме? Және не деп сыбырлады?
Оны тек бір құдай ғана біледі!
Монте-Кристо басын көтерді, бұ жолы оның жүзі ұйқыдан жаңа ғана оянған нәрестенің жүзіндей жайнап тұрған.
— Максимилиан, — деді ол, — алаңдамай үйіңізге қайта беріңіз; мен сізге ешбір әрекет жасамаңыз, неде болса, байқап көрейін деп жоққа ұрынбаңыз, көңіліңіздегі түйткілді жұртқа сездірмеңіз деп бұйрық беремін. Хабар өзімнен болады, барыңыз.
— Сіздің салқынқанды сабырыңыздан қорқамын, граф, — деді Моррель. — Сіз не, ажалға да әміріңізді жүргізе аласыз ба? Екі аяқты, жұмыр басты пендесіз бе?. Әлде, періштесіз бе? Бәлкім, құдай шығарсыз?
Қауіп-қатерден ғұмырында тайсалып көрмеген жас офицер енді зәре-құты қалмай, Монте-Кристо алдынан шегіне берді.
Бірақ Монте-Кристо бұған бір түрлі мұңайып, елжірей қарап тұр екен, со замат Максимилианның көзі ыстық жаспен шыланды.
— Менің қолымнан көп нәрсе келеді, досым. Барыңыз, менің енді оңаша қалуым керек, — деді граф.
Монте-Кристоның айналасындағы кісілерді дереу бағындырып ала қоятын түсініксіз бір ғаламат күшіне мойынсұнған Моррель қарсыласып әуре болмады. Ол графтың қолын қысып, шығып кетті.
Бірақ қақпа алдына шыққасын, Матиньон көшесінің бұрышынан қарасы көрінген Батистенді күтіп, аялдай берді.
Тап осы кездері Вильфор мен д'Авриньи асығып-үсігіп король прокурорының үйіне келген. Бұлар келгенде Валентина әлі ес-түссіз жатыр екен, дәрігер оны мейлінше құпия қарады, өйткені сұмдық құпия сырды білетін дәрігердің мейлінше сақ болуы керек-ті.
Д'Авриньидің жүзінен көз алмаған Вильфор оның соңғы үкімін күтті. Ауру Валентинадан бетер қуарып, дәрігердің жауабын Вильфордан бетер шыдамсыздана күткен Нуартье де, күллі жан-жүрегі мен ақыл-ойының күш-жігерін жанарына жинап, үзіліп кетердей болып отыр.
Ақырында д'Авриньи:
— Ол әлі тірі, — деді жайымен ойлана тіл қатып.
— Әлі дейсіз бе! Қандай сұмдық сөз мынауыңыз, доктор! — деді Вильфор дауыстап.
— Иә, қайталап айтайын: ол әлі тірі және мен осыған қайран қалып тұрмын.
— Бірақ ажалдан құтылды ғой, әйтеуір? — деді әкесі.
— Тірі қалғасын, әрине, солай болады.
Сол сәтте д'Авриньидің көзі Нуартьенің көзімен ұшырасып қалды. Шалдың бәрін түсініп, бәрін көріп, біліп отырған және тап қазір шексіз қуанышқа толы нұрлы, ақылды көздеріне қарап, ол қатты таңданды.
Қаны қашып, қуқыл тартқан бетінен көгерген ерні әзер көрініп жатқан ауру қызды дәрігер қайтадан креслоға жайғастырды да, мұның әрбір қимылынан көз жазбай, қадалып отырған Нуартьеге қарап тұра берді.
— Де Вильфор мырза, рақым етіп, мадемуазель Валентинаның күтушісін шақырып келе қойыңызшы, — деді бір кезде дәрігер.
Вильфор қолымен сүйеп тұрған қызының басын абайлап босатып, күтушіні шақырмақ болып шығып кетті.
Вильфор есікті жауып шығысымен, д'Авриньи Нуартьенің қасына жетіп келді.
— Сіз маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз? — деді ол.
Шал мақұлдап көзін жұмды, өзімізге мәлім, шалдың еркінде жалғыз осы мақұлдау белгісінен басқа ештеңе де қалмаған еді.
— Тек менің өзіме ғой?
— Иә, — деді Нуартье ымдап.
— Мақұл, ендеше мен сізбен жалғыз қалуға тырысайын.
Сол мезетте күтушіні ертіп Вильфор да келді, күтушінің соңынан де Вильфор ханым келді.
— Сорлы балаға не болды? — деді ол дауыстап. — Әлгіде ғана менде болған, аздап мазам кетіп тұрғаны деген, бірақ бұлай болады деп ойламап едім.
Жас әйел осыны айтқаннан кейін көңілі бұзылып, көзіне жас алып, аналық қамқорлық жасап, Валентинаның қасына барды, қолынан ұстады.
Д'Авриньи елеусіз тұрып, Нуартьені сырттай бақылады. Шалдың көзі бақырайып, жүзі қуарып, маңдайы тершіп кетті.
Нуартьенің қайда қарап отырғанын аңдып тұрып, екінші сөзбен айтқанда:
— Байғұс баланың төсекке жатқаны жақсы. Кәне, Фанни, біз екеуміз барып, еркешімізді жайғастырайық, — деп бәйек болып тұрған де Вильфор ханымға бір қарап:
— Мәс-селе қайда жатыр! — деді іштей д'Авриньи.
Осы ұсыныстың арқасында Нуартьемен оңаша қалуға мүмкіндік туатынын ойлаған д'Авриньи, оны мақұлдап басын изеді, бірақ өзінің рұқсатынсыз науқас қызға бірдеңе беруге үзілді-кесілді тыйым салды.
Олар Валентинаны алып кетті; ұстамалы науқас соққысынан әлсіреп қалған қыздың ес-ақылы кіргенімен, ол мүлде қозғала алмайды, тіпті сөйлеуге де халі болмады. Алайда оның көзімен атасын тауып алып, қоштасуына ақылы да, күші де жетті, ал байғұс шал мына жұрт кеудесінен жүрегін жұлып алып бара жатқандай-ақ, қимылдарға шара жоқ, қиыла қарап қала берді.
Д'Авриньи ауру қызды бөлмесіне ұзатып апарғаннан кейін, ішірткі жазып, Вильфорға берді де: «Аптекаға өзіңіз барып, дәріні әзірлегенде қасында тұрыңыз, сосын оны осында әкеліп, мені қызыңыздың қасында күтіңіз», — деген тапсырма берді.
Осыдан кейін ол Валентинаға ештеңе бермеңіздер деген әмірін қайта айтып, Нуартьенің бөлмесіне келіп кірді де, есікті мықтап жауып, өздерінің сөзін бөтен ешкім естімейтініне көзін әбден жеткізгесін барып, шалға бұрылып:
— Сіз немереңіздің науқасы жайлы бірдеңе білуші ме едіңіз? — деп сұрады.
— Иә, — деді, шал ымдап.
— Уақытты босқа өткізбелік; мен сізге сауал қоямын, сіз жауап қайтарыңыз.
Нуартье жауаптасуға әзірмін деген белгі берді.
— Сіз Валентинаның ауыратынын күні бұрын білдіңіз бе?
— Иә.
Д'Авриньи бір сәт ойланып қалды, сосын Нуартьеге төніп, жақын келді.
— Енді мен қазір айтқалы тұрған сөзім үшін әуелі кешірім өтінемін. Бірақ біз бүгінгі күні басымызға түскен қорқынышты жағдайдың болмашы бір бөлшегін де елеусіз қалдыра алмаймыз. Сіз Барруа байғұстың қалай өлгенін көрдіңіз бе?
Нуартье көзін көкке көтерді.
— Оның неден өлгенін білесіз бе? — деді д'Авриньи Нуартьенің иығына қолын қойып.
— Иә, — деп белгі берді шал.
— Сіз оны өз ажалынан өлді деп есептейсіз бе? Нуартье кезерген жансыз ернімен жылусыз жымиған тәрізденді.
— Сонда сіз Барруаға у берді деп күдіктендіңіз бе?
— Иә.
— Қалай, сіздіңше, Барруа қаза тапқан у оған әдейі берілген бе?
— Жоқ.
— Барруаны қате соққан қатыгез қол, бүгін Валентинаны алып соқты деп ойлайсыз ба?
— Иә.
— Ендеше, қыз да өле ме? — деді д'Авриньи Нуартьеден көзін жазбай.
Ол осы сөздің шалға қалай әсер ететінін көргісі келді.
— Жоқ! — деді шал масаттана жадырап, оның мына кейпіне ең зерек кісінің өзі түсінбей қалар еді.
— Сонда сіз ол тірі қалады деп үміттенесіз бе? — деді д'Авриньи таң қалып.
— Иә.
— Не нәрсеге сенесіз сонда?
Шал көзімен жауап бере алмайтынын түсіндірді.
— Е, дұрыс, — деді күбірлеп дәрігер. Сосын тағы да Нуартьеге тіл қатты:
— Кісі өлтіруші осы ниетінен қайтады деп есептейсіз бе?
— Жоқ.
— Демек, сіздіңше, у Валентинаға өлетіндей зиян келтірмейді ғой шамасы?
— Иә.
— Сіз, әрине, біреудің Валентинаны улағысы келетінін менен кем білмейсіз ғой, әйтеуір?
Шал көзімен бұған мүлде күдіктенбейтінін білдірді.
— Валентина қауіп-қатерден құтылады деп үміттенуіңізге не себеп?
Нуартье қадалып, бір нүктеден көзін алмай қойды, д'Авриньи шал қадалып отырған жаққа қарап, қарияның күнде таңертеңгілік ішетін дәрісі құйылған шыныны көрді.
— Е, гәп мына жақта екен ғой! — деді д Авриньи кенеттен басына бір қызық ой келіп. — Сіз сонда...
Нуартье оның сөзін аяқтатпады.
— Иә, — деді ол.
— Қызды у зардабынан сақтандырғансыз ба...
— Иә.
— Оны аз-аздан үйреттіңіз ғой...
— Иә, иә, иә, — деді шал өзін дәл түсінгеніне жаны қалмай қуанып.
— Сіз, шамасы, менің өзіңізге берілетін дәрі ішінде бруцин бар дегенімді естігенсіз ғой?
— Иә.
— Сіз немереңізді там-тұмдап осы уға үйреткеніңізде, кейінгі у зардабын денеге дарытпау үшін жасадыңыз ба?
Нуартьенің көзі жайнап сала берді.
— Ақырында дегеніңізге жеттіңіз! — деді д'Авриньи дауыстап. — Егер сіз осы сақтық шарасын қолданбағаныңызда әлгі у Валентинаны өлтіретін еді, мына соққының қатты болғаны сондай, қас қағымда қылжита салатын еді; бірақ байғұс ажал аузынан қайтты, енді басқасын қайдам, Валентина осы жолы аман қалды.
Көкке қарап, құдайға шүкіршілік еткен шалдың көзінде шексіз қуаныш шұғыласы бар еді.
Сол минутта Вильфор қайта оралды.
— Сіз жазып берген дәрі осы, доктор, — деді ол.
— Оны көзіңізше әзірледі ме?
— Иә, — деп жауап берді король прокуроры.
— Сіз оны қолыңыздан шығарған жоқсыз ба?
— Шығарған жоқпын.
Д'Авриньи шыныны алып, бірнеше тамшысын алақанына тамызып, дәмін татып көрді.
— Жарайды, — деді ол, — енді Валентинаға барайық, мен қажетті нұсқау берейін, ал оны ешкімнің бұзбауына өзіңіз бақылау жасайсыз.
Д'Авриньи, қасына Вильфорды ертіп алып, Валентинаның бөлмесіне кіре берген мезгілде, бір кербез итальян священнигі бір қалыппен аяғын санап басып, аспай-саспай, баппен сөйлеп жүріп, Вильфордың особнягімен жалғасып жатқан үйді жалдап алды.
Олардың қалай келіскені белгісіз, әйтеуір, арада екі сағат өткеннен кейін осы үйдің күллі тұрғындары жым-жылас көшіп кетті. Бірақ бұл үйдің іргетасы онша берік емес екен, ұзамай ол құлайды екен деген сыбыс тараған-ды, бірақ бұған қарамастан, сол күнгі кешкі сағат бестің кезінде жаңа тұрғын жұпыны дүние-мүлкімен осы үйге келіп, кіріп алды.
Жаңа тұрғын бұл үйді үш жылға ма, алты немесе тоғыз жылға ма, әйтеуір, көп уақытқа жалдапты, жарты жылдың ақысын бұрын төлеп қойыпты, енді жаңа тұрғын кім десек, біздің жоғарыда айтқанымыздай, ол итальян священнигі еді, өзін синьор Джакомо Бузони деп атайтын.
Бұл үйге қолма-қол жұмысшылар шақырылды, көшенің осы жақ басымен сол күні түнде кездейсоқ жүрген бірлі жарымды кісілер осынау ескі үйдің іргесін қайтадан жаңартып жатқан тас қалаушылар мен балташыларға таңырқай қарасты.
XVIII. БАНКИР МЕН ҚЫЗЫ
Осының алдындағы тараудан біз Данглар ханымның де Вильфор ханымға енді көп ұзамай мадемуазель Эжени Данглар мен Андреа Кавалькантидің үйлену тойы болатынын ресми түрде хабарлауға келгенін білеміз.
Осы ресми хабар мүдделі кісілердің өзара бір келісімге келгенін дәлелдеп бергендей еді; бірақ сол келісімнің алдында бір оқиға болғанын оқушыларымызға баяндап беруіміз керек.
Сол себепті де біз сіздерден біраз уақыт кейінге қайға оралып, осы бір айтылмыш күні таңертең, ілгеріде суреттеп өткен, аса бай, алтындалған мейманжайға келуіңізді сұраймыз, бұл мейманжай — оның иесі барон Данглардың мақтанышы еді.
Ертеңгі сағат он кезінде, қалың ойға шомған барон Данглар мейманжай ішін ілгері-кейін кезіп жүрді, ол, шамасы, бірдеңеге алаң болса керек, әйтеуір, бір болмашы тықыр естілсе-ақ тоқтай қалып, есік жаққа бұрылып қарай береді.
Ақырында, шыдамы әбден таусылған кезде, ол камердинерді шақырып алды.
— Этьен, — деді ол, — мадемуазель Дангларға барып, маған мейманжайда күте тұр деп неге айтқанын және не себептен мені осы арада сарғайтып, ұзақ күттіріп қойғанын біліп келіңізші.
Өзінің көңілсіз екенін осындай бір дөкір мінез арқылы көрсеткеннен кейін, барон аздап сабасына түсейін деді.
Шынында да мадемуазель Данглар төсегінен тұрмай жатып, бароннан қабылдауын өтініп және кездесетін жер алтындалған мейманжай екенін айтуға күтушісін жіберген. Бұл өтініштің бір түрлі өзгешелігіне және ең бастысы тым ресми екеніне қарап, банкир қайран қалған және қызының өтінішін бірден қабылдап, мейманжайға бірінші болып өзі келген.
Этьен ұзамай жауап әкелді.
— Мадемуазель Эженидің күтушісі маған: «Мадемуазель Эжени киініп болып қалды, қазір келеді деп хабарлады», — деді ол.
Осы жауапқа ырза болғандай Данглар басын изеді.
Күллі зиялы қауым мен қызметшілерінің арасында Данглар мейірбан кісі, биязы әке болып есептелетін, осынау тірлікте ойнап жүрген комедиясындағы демократиялық қайраткер рөлі одан осыны талап ететін; осы рөл оған лайық болып көрінетін, мәселенки, көне дүние театрында әкелер маскасында аузының оң езуі жоғары көтеріліп, күліп тұрса, сол езуі төмен түсіп, жылап тұратын.
Бірақ қолма-қол қоса айтатын бір нәрсе, отбасы-ошақ қасында оның күлегеш езуі жылампаз езуімен теңесетін: демек, көп ретте ақ көңіл, жайдары кісі жоғалып кететін де, оның орнын дөрекі ер мен топас әке келіп басатын.
— Егер менімен шындап сөйлескісі келсе, әлгі есуас қыз менің кабинетіме неге келе салмайды? Сонда ол менімен не мәселе жөнінде сөйлеседі, а? — деді күбірлеп өзіне-өзі Данглар.
Мазасын алған осы бір ойға ол жиырмасыншы рет орала бергенде, есік ашылды да, итальян операсындағы креслосына барып отыра кететін кісідей, үстіне қара гүлмен өрнектелген қара атлас көйлек, қолына биялай киген, бірақ жалаңбас Эжени ішке келіп кірді.
— Сен қызықсың, Эжени. Екеуміз жайласып алып, асықпай сөйлесетін менің кабинетім тұрғанда, мына салтанатты мейманжайды қайтеміз? — деді дауыстап әкесі.
— Сіз өте дұрыс айтасыз, сударь, — деді Эжени әкесіне отырыңыз деп белгі беріп. — Сіз маған алдымыздағы әңгімеге қатысы бар екі сауал қойдыңыз. Мен қазір соның екеуіне де жауап беремін, бірақ үйреншікті әдетті жинап қойып, екінші сұрақтан бастайын, өйткені, ол оңайлау. Біз сөйлесетін орынға мейманжайды таңдап алған себебім, банкир кабинетінің қолайсыз әсері мен ықпалынан құтылғым келді. Қанша алтын жалатылғанымен, касса кітаптары, қамалдың қақпасы сияқты жабық тұратын жәшіктер, қайдан пайда болатынын жан білмейтін қыруар көп кредит билеттері, Англиядан, Голландиядан, Испания мен Индиядан, Қытай мен Перуден ағылып келіп жататын буда-буда хаттар әкемнің ақыл-ойына әрдайым өзгеше ықпалын тигізіп, бұл дүниеде қоғамдық дәреже мен сенімді кісілерінің пікірінен басқа да маңызды, қасиетті нәрселер барын ұмыттыруға мәжбүр етеді. Менің қонақжайды таңдап алғаным да осыдан, мұнда біздің, сіздің, мені мен шешемнің күлімсіреп түскен бақытты портреттері, әртүрлі әсем табиғат көріністері, кісі жанын елжірететін қойшы тірлігінің көріністері, алтындалған әсем рамалар да ілулі тұр. Мен сырт сұлулықтың әсерлі күшіне қатты сенемін. Бәлкім, сіз тарапына келгенде, қателесетін де шығармын. Бірақ оған лаж бар ма? Егер мен кейде қиялға бой алдырмасам, артист жанды адам болып аталмас та едім.
— Керемет, — деді осынау ұзақ сөзді самарқау, салқын отырып тыңдаған Данглар, бірақ ол өз ойымен өзі болып, қызының әңгімесінен сол көкейіндегі ойына дәлел іздеп отырып, оның бір сөзіне де түсіне алмады.
— Хош, сонымен, біз екінші мәселені азды-көпті шештік қой деп ойлаймын, — деді еркекке тән еркіндікпен қысылмай-қымтырылмай қимыл-әрекет жасап, сөйлеп дағдыланған Эжени, — меніңше, сіз осы жауабымды қанағат тұтасыз ғой деп ойлаймын. Енді бірінші сұраққа көшелік. Сіз менен неге қабылдауыңызды өтінгенімді сұрайсыз. Мен оған екі ауыз сөзбен жауап берейін: менің граф Андреа Кавалькантимен тұрмыс құрғым келмейді.
Данглар креслосынан бір ыршып түсіп, қайта отырды.
— Иә, сударь, — деді Эжени сөзін бұрынғыша салмақпен жалғай түсіп. — Сіз, немене, таң қалып отырсыз ба? Рас, осы неке мәселесі сөз болғалы бері мен ләм деп қарсылық көрсеткен жоқпын, бірақ қажет бола қалса, кез келген уақытта өзімнен келісім сұрамаған кісілердің еркіне батыл қарсы шығатыныма кәміл сендім. Бірақ осы жолы менің сабыр ойлап, жайбарақат жүруімнің, бойкүйездігімнің, философтар айтқандай-ақ, көзі басқа жақта жатыр еді. Өзіңізді жақсы көретін елгезек қызыңыз есебінде (қыздың қып-қызыл ерніне күлкі ойнады), айтқаныңызға көніп, айдауыңызға жүрмек болдым.
— Сосын не болды? — деді Данглар.
— Не болушы еді, сударь, — деді Эжени, — қолымнан келгенше тырысып бақтым, бірақ енді қанша күш салсам да, айтқанға көне беру қиын екеніне көзім жететін де уақыт болыпты.
— Алайда, кежегеңнен кейін тартуыңның себебі неде, Эжени? — деді Данглар абыржып, тайыз кісі болғандықтан, ол қызының терең ақыл, берік еркінің белгісін көрсететін қатыгез логикасы мен салқын сабырынан қатты шошыған еді.
— Себебі? — деді Эжени. — О тоба! Андреа Кавальканти жұрттан ақыл-есі кем, көріксіз де жексұрын жігіт емес. Еркектерді кескін-кейпіне, дене бітіміне қарап сынайтын кісілерге жүгінсек, ол тіпті сүйкімді жігіттердің қатарына да қосылып кетуі мүмкін; өзгелерден гөрі осы жігіт көңіліме қонбайды деп тағы да айта алмаймын — өйткені бұлай деп тек институтка ғана ойлауы мүмкін, мен олардан биікпін. Мен ешкімді де жақсы көрмеймін, сударь. Сіз оны білесіз бе? Ендеше, өзім аса ділгір болмайтын біреуді өмір серік етіп алып, кіріптар болғаннан не пайда?! Бір данышпан кісі: «Басы артық ештеңе болмасын»41, — десе, екінші бір данышпан: «Өзімдікін өзім тасимын», — деген ғой. Осы бір нақыл сөзді маған латынша да, грекше де үйреткен; егер қателеспесем, осы сөздің біреуін Федру, біреуін Бианту айтқан. Демек, қымбатты әке, өмір-тірлік күйреген шақтарда — өйткені өмір дегенің — біздің үмітіміздің тынымсыз күйреуі — мен басы артық бос мүліктерді кемеден лақтырып тастаймын, сонымен іс тамам. Мен жалғыз қалу правосынан, демек бас бостандығымды сақтау правосынан айырылғым келмейді.
— Бейбақ! — деді Данглар өңі қуқылдана күбірлеп, өйткені күтпеген жерден пайда болған бөгеттің өткел бермейтінін өз тәжірибесінен білетін.
— Бейбақ! — деді Эжени ежірейіп. — Жоқ, тіпті де бейбақ емеспін! Сіздің сөзіңіз, сударь, маған театрдағы сияқты, қыздырманың қызыл сөзі болып көрінеді. Қайта мен бақыттымын. Өзіңіз-ақ айтыңызшы, төрт құбылам түгел емес пе? Жұрт мені сұлу дейді, білген кісіге мұның өзі бір игілік, ел мені жылы қабағымен қарсы алады. Несін жасырайын, өзім де соны жақсы көремін — ақ жарқын адамдардың кем-кетігі байқала бермейді. Мен ессіз кісі емеспін, әуелден зерек те алғыр болып жаратылыппын, соның арқасында тіршілікте көңіліме ұнаған нәрсенің бәрін де қамтып қалуға тырысамын, тіпті маймыл екеш маймылдың өзі де жаңғақты тісімен жарып, ішіндегі дәнегін жеу үшін сондай бір әрекет жасамай ма? Мен — бай-бағыланмын, өйткені Францияда сізден өткен бай, дәулетті кісі кемде-кем, мен — сіздің жан дегендегі жалғыз қызыңызбын, құдайға шүкір, сіз, әйтеуір, әлгі немере сүйгізбегені үшін, қыздарын әке мұрасынан қағатын қасарыспа-қалша әкелер санатына жатпайсыз. Оның үстіне алысты алдынан болжайтын заң мені мұрадан толық айыру правосын сізден баяғыда алып қойған, сол сияқты заң сізді мені тұрмысқа зорлап шығару правосынан да айырған. Ендеше, әрі сұлу, әрі ақылды, әлгі бір комедиялық операларда айтылатын, талантымен жұртты табындыратын бай ерке-шораңыз мен емей кім кәне! Иә, бұл нағыз бақыт емес пе, сударь! Ал сіз мені бейбақ дейсіз.
Қызының өжет мінез танытып, тәкаппарси күлгенін көрген Данглар шыдамай ақырып жіберді. Бірақ Эжени әдемі қара қасын керіп, бұған сауалды кейіппен таңырқай қарап қалғанда, әкесі табанда теріс айналып кетті де, сақтықтың темірдей тегеурінді ырқына көніп, сабасына түсті.
— Осы айтқанның бәрі рас, қызым, — деді ол күлімсіреп, — сен өзіңді суреттегендей сүйкімді жансың, тек бір ғана пунктте ақауың бар: оны мен тікелей айта алмаймын; оны өзіңнің аңғарғаныңды жөн көремін.
Тәкаппар көңілмен өз басына апарып қондыра салған тәжсәукеленің бір інжуіне күмән келтірген Дангларға Эжени кәдімгідей қайран қалған сыңай танытты.
— Өзің сияқты ақылды қыздың күйеуге шығудан бас тартуына қандай сезім-сезіктің әсер еткенін сен маған келістіріп айтып бердің. Ал енді мен сияқты қайсар әке, сені қайтсе де тұрмыс құруға көндірмек болғанда, оның нендей себептерге жүгінгенін айтатын кезек маған келген сияқты, — деді банкир сөзін жалғап.
Эжени иіліп тәжім етті, бірақ әке сөзін тыңдап тұрған көнбіс қыз ретінде емес, таласа кетуге дайын қарсылас ретінде тәжім етті.
— Қандай әке болмасын, өз қызына тұрмысқа шық деген сөзді айтқанда, — деді Данглар сөзін сабақтап, — әрқашанда оның мұндай некені қалайтын бір дәйекті себебі болады. Сенің әлгіде ғана айтқаныңдай, көкейкесті бір арманы болады — яғни олар немерелері арқылы өз өмірін жалғастырғысы келеді. Әуел бастан айтып қояйын — мен ондай дәрменсіздіктен арқан бойы аулақпын. Семья қуанышы дегенге де самарқау-салқынмын. Мұны мен өмірге философтарша қарайтын қызымның алдында мойындауға тиіспін, өйткені ол со самарқаулықтың төркінін түсінеді және оны қылмыс деп санамайтынына көзім жетеді.
— Тамаша, неде болса ашық сөйлесейік, бәрінен де сол артық, — деді Эжени.
— Сенің нені болса да ашық айтуға құмар екеніңді, жалпы алғанда құптамасам да, түрлі-түрлі тауқыметтер туғанда менің де соған жүгінетінімді өзің де көріп отырсың. Хош, әңгімемді жалғай берейін. Meн саған ол жігітті бақытты болуың үшін қосайын деген жоқпын, шынымды айтсам, сол сәтте сен менің есіме кіріп те шыққан жоқсың. Сен ашық айтқанды жақсы көресің — мен де ашық сөйлеп тұрмын ғой деген үміттемін. Қайсыбір сауда-саттық мүдделері тұрғысынан қарағанда, сенің сол кісімен тезірек тұрмыс құрғаның қажет болған-ды маған.
Эжени таңдана қабағын керді.
— Мен саған қалай баяндамасам, істің мән-жайы да тап солай, оған ашуланба, кінә өзіңнен. Поэзиядан аулақ жатқан, жанға жайсыз тиетін бірдеңе жұғып қалатындай-ақ банкирдің кабинетіне кіруден қорқатын, өзің сияқты өнерпаз кісілермен сөйлескенде, финанс, есеп-қисап мәселесін жетіскендіктен сөз етіп отырған жоқпын, бұған сенуіңе болады.
— Бұрнағы күні, — деді ол сөзін жалғап, — менен мың франк алу үшін — түйреуіштеріңе деп мен саған ай сайын осынша ақша беремін — ештеңені елең қылмай, кимелей кіріп келген осынау кабинеттен, банкирдің кабинетінен, қымбатты қызым, сенен несін жасырайын, көп нәрсені үйренуге болады, ол тіпті тұрмысқа шыққысы келмейтін жас бойжеткендердің де кәдесіне асады. Мәселенки, сол кабинеттен мынадай бір жайтты білуге болар еді — бірақ сені жүйкелете бермейінші деп жаным ашығандықтан оны мен саған осы арада, қонақжайда айтайын — денеге жан қандай қажет болса, банкирге де кредит сондай қажет. Тыныс алудан дене қалай жанданса, кредит те банкирді солай жандандырады, бірде Монте-Кристо маған осы мәселе жайлы лекция оқып берген еді, мен оны ешқашан да ұмытпаймын. Сол лекциядан кредиті құри бастаған банкир ұзамай өлікке айналатынын білуге болар еді, ал енді осы таяу уақыт ішінде, тап қазір логикалық жүйемен ой толғап тұрған қыздың әкесі деген құрметке ие болған банкир сондай бір бәлеге ұрынатыны ақиқат.
Бірақ Эжени бұл соққыдан именіп, жерге қараудың орнына кекірейіп шыға келді.
— Сіз тақыр кедей болып қалдыңыз ба? — деді ол.
— Сен дәл айттың, қызым. Иә, менің кедейленіп қалғаным рас, — деді Данглар жұдырығын түйіп, бірақ қанша безбүйрек болғанымен, сазарған жүзінде ақылды адамның жымысқы күлкісін сақтап қалды.
— Солай деңіз!
— Иә, мен кедейленіп қалдым. Сонымен, ақын айтқандай, тылсым сырдың беті ашылды. Ал енді қызым, қайткен жағдайда бұған қол ұшын бере алатыныңды тыңда — бірақ маған емес, өзіңе көмектесетініңді ұмытпа.
— Егер осы апат менің шамбайыма қатты батты деп ойласаңыз, онда сіздің нашар психолог болғаныңыз, сударь, — деді Эжени дауыстап. — Meн кедейленіп қалыппын ба? Мейлі, маған бәрібір емес пе? Өзіммен бірге талант-дарыным қалмай ма? Анау атақты Пасте, Малибран немесе Гризи42 сияқты, мен де, қанша бай болғандарыңызбен мына сіздер маған ешқашанда тауып бере алмайтын нәрсені: жүз елу мың ливр табысты таба алмайды деп ойлайсыздар ма? Және сол табыс үшін мен тек өзіме ғана борышты боламын ғой. Ол ақшаны мен сіздің түйілген қабағыңыз бен ысырапқор деп кейіген сөздеріңізден именіп жүріп тапсам, енді оны жұрттың дуылдаса қол соғып, гүлден шашу шашатын құрмет-қошаметінен қоса алатын боламын. Тіпті мен талантты болмаған күннің өзінде, жымысқы күлкіңізге қарағанда, сіз оған мүлде сенбейтін де сияқтысыз, — тәуелсіз, еркін жүруге жаралған жанмын және сол сезім маған әлемнің күллі қазынасынан да, тіпті өмірдің өзінен де қымбат.
Жоқ, мен өзім үшін өкінбеймін және тағдырым қалай болады деп қам жемеймін; әрқашанда қасымда кітаптарым мен қарындаштарым, роялім болады, бұлар онша қымбат мүліктер емес, кез келген уақытта сатып аламын. Бәлкім, сіз мені Данглар ханым үшін қиналып жүр екен деп ойларсыз, тіпті де олай емес, егер мен жаңылмасам, ол кісі сақтық шараларын шебер ойластырған, сол себепті де, сізге төнген апат ол кісіге қауіпті емес. Данглар ханым ештеңеден қорықпаса да болады, — анық білетін бір нәрсем, өзінің жай-күйін жақсартам деп жанталасқанда ол кісі, әйтеуір, менің жай-күйімді ойлап, алаң болған жоқ. Менің бас бостандығын жақсы көретінімді желеу етіп, ол кісі бетіме жел болып тиген емес, — құдайдың мұнысына да шүкіршілік.
Жоқ, сударь, бармақтай бала кезімнен-ақ мен айналамда не болып, не қойып жатқанының бәрін көріп, біліп жүрдім; және бәрін де ойдағыдай түсініп жүрдім, содан ба әйтеуір, сіздің банкроттығыңыз маған онша қатты әсер еткен жоқ, тек өзіңізге де сол керек еді деймін де қоямын, ес білгелі бері мені бір тірі пенде жақсы көрген емес. Мейлі, солай-ақ болсын! Демек, мен де құдайдың бірде бір пендесін жақсы көрмеймін, соның өзі жақсы! Сіз енді менің не ойлайтынымды жақсы білесіз.
— Олай болса, — деді Данглар ашудан сұп-сұр болып, қанын ішіне тартып, әйткенмен қызының сөзі әкесінің көңіліне келген жоқ-тын, — олай болса, сен бұрынғыша қасарып, мені тақыр кедей еткің келеді екен-дағы.
— Тақыр кедей еткім келеді? Мен бе? Түсінбедім, — деді Эжени.
— Ендеше, мен ризамын, алдымнан үміт отының жылт еткенін қарашы; онда сөзге құлақ сал, қызым.
— Құлағым сізде, — деді Эжени әкесіне қадала қарап, қызының өктем де өткір көзінен қаймыққан әке одан жанарын тайдырып әкетуге аз қалды.
— Князь Кавальканти, — деді ол сөзін жалғап, — саған үйленгісі келеді және сонымен бірге менің банкіме үш миллионды салмақ.
— Жағымды іс екен, — деді Эжени тыжырына биялайын сипап отырып.
— Сен, шамасы, осынау үш миллионды пайдаланып кетеді деп ойлап отырған сияқтысың? — деді Данглар, — Мүлде олай емес, осы үш миллионның арқасында маған тағы тоғыз миллион келіп қосылады. Біз, тағы бір банкир екеуміз, темір жол концессиясын алдық. Бұл өнеркәсіптің біздің заманымызда көзді ашып-жұмғанша шаш-етектен баюға мүмкіндік беретін бірден-бір тиімді саласы, біздің қайырымды Париждіктер арасында, ашық ауыз алып-сатарлар арасында, өзінің кісі қиялына сыймайтын Миссисипиімен алаяқ Лoy43 бір кезде тап осындай табысқа ие болған еді. Ілгеріректе Огайо жағалауындағы бір акр тың жерге ие болу қандай жеткілікті болса, менің бақай есебіме жүгінсек, темір жолдың миллионнан бір бөлігіне ие болудың өзі бізге сондай жеткілікті. Ақшаны осылай кепілдіккс жаратудың өзі үлкен табыс, өйткені ақшаңның орнына он бес, жиырма, жүз фунт темір аласың. Хош, сонымен, тап осы бүгіннен бастап есептегенде, енді бір аптадан кейін, мен өз үлесімнің есебіне төрт миллион франк өткізуім керек. Осынау төрт миллион, әлгi бір әзірде айтқанымдай, бұған қосымша он немесе он екі миллион табыс әкеледі.
— Айтпақшы, бұрнағы күні сіздің кеңседе болғанымда, оны өзіңіз де ұмытқан жоқсыз, — деді Эжени қарсы дау айтып, — бес жарым миллион ақшаны инкассалап (осылай деуші ме еді?) жатқаныңызды өз көзіммен көрген едім, сіз маған тіпті қазынаның екі облигациясын да көрсеттіңіз, сонда осынау қағаздар, жай отындай жарқ етіп, менің көзімнің жауын алмағанына біраз таң қалғандай болдыңыз, білем.
— Иә, дұрыс айтасыз, бірақ ол бес жарым миллион менің ақшам емес, ол менің жұрт сеніміне ие болғанымның бір айғағы. Мәселенки, ел мені демократ деп есептейтін болғандықтан да, Баспаналар Басқармасы маған қатты сенеді, ал әлгі бес жарым миллион солардың ақшасы, егер кез келген басқа бір уақыт болса, мен көп ойланбастан-ақ сол ақшаларды қажетіме жаратар едім, бірақ тап қазір менің қыруар шығынға ұшырап қалғанымды жұрттың бәрі де біледі және өзіңе әлгіде ғана айтып едім ғой, мен кредиттен бірте-бірте қағылып келемін. Баспаналар Басқармасы кез келген уақытта өз ақшасын қайтарып алуы мүмкін, егер мен со кезде оны жұмсап жіберген болсам, онда дереу өзімді банкротпын деп жариялауым керек. Мен банкрот болуға қарсы емеспін, бірақ банкроттық кісіні жарлы-жақыбай етпей, байытуға тиіс. Ал егер сен Кавалькантиге тұрмысқа шығып, мен оның үш миллионын алатын болсам немесе жұрт мені сол ақшаны алады деп ойласа да жетіп жатыр — онда кредитім табанда қалпына түседі. Сосын менің хал-жағдайым қолма-қол жақсарады да, «уһ» деп еркін бір дем аламын, бұлай дейтін себебім, міне, екі айдың жүзі болды, мені бір қырсық шалды-дағы, бір түпсіз терең тұңғиыққа түсіп кететіндей боламын да жүремін. Қалай, сен менің сөзіме түсіндің бе?
— Әбден түсіндім. Сіз мені сонда үш миллионға аманат етіп бермекшісіз ғой?
— Баға қымбаттаған сайын, құрмет-қошамет те арта түседі. Ақшаның мөлшері артса — құныңның да қымбаттағаны.
— Рақмет, сударь. Тағы бір сөзім бар. Сіз маған Кавальканти мырзаның ақшасын сыртқа дұшпан көзі ретінде ғана пайдаланып, капиталдың өзіне тимеймін деген уәде бере аласыз ба? Мен мұны тек қара бастың қамын ойлап қана айтып отырған жоқпын, секемшіл болғандықтан айтып отырмын. Мен сіздің жай-күйіңізді жақсартуға жәрдем беруге әзірмін, бірақ өзге адамдардың қалтасын қағып, кедейлендіру ісінде сізбен сыбайлас бола алмаймын.
— Мен саған айттым ғой, осы үш миллионның жебеуімен... — деп дауыстай берді Данглар.
— Осы үш миллионға тимей-ақ, қиындықтан құтылып кетемін деп есептейсіз бе сонда?
— Одан үмітім бар, бірақ екеуің некелескен күнде ғана сол үмітім жүзеге асады.
— Менің жасауыма беремін деген бес жүз мың франкты сіз Кавалькантиге төлей аласыз ба?
— Сендер Мэриядан қайтып келісімен, ол со ақшасын алады.
— Ендеше, жақсы.
— Жақсы деген сөзіңе қалай түсінуге болады?
— Бұл — мен некеге қол қоюға ризамын, бірақ өз еркім өзімде болады деген сөз.
— Оған дау жоқ.
— Олай болса — келістім, мен сізге, сударь, Кавальканти мырзамен тұрмыс құруға әзір екенімді білдіремін.
— Бірақ сен не істемекшісің сонда?
— Ол менің құпиям. Егер мен сіздің сырыңызды біліп алып, өз сырымды білдіріп қойсам, сізден қандай артықшылығым болмақ?
Данглар ернін қыршып алды.
— Хош, енді сен ресми орындарға баруға келісім бересің ғой? — деді ол.
— Иә! — Эженидің жауабы қысқа болды.
— Үш күннен кейін неке шартына қол қоюға да келісесің ғой, солай ма?
— Иә.
— Ендеше мен де өз тарапымнан саған: «жақсы!» — деп жауап беремін.
Осыдан кейін Данглар қызының қолын алып, бір қысып қойды.
Бірақ бір ғажабы — қызының қолын қысқан кезде оған:
«Көп рақмет саған», — деп айтуға жүрегі дауаламады, ал қызы болса, тіпті езу тартып күлмеді де.
— Біздің келіссөзіміз осымен бітті ме? — деді Эжени орнынан тұрып жатып.
Енді сөйлесетін сөз қалмады дегендейін Данглар басын изеді.
Енді бір бес минут өткен шамада мадемуазель д’Армильидің нәшпен басқан саусақтарынан рояль сұңқылдай жөнелді де, мадемуазель Данглар Браванционың Дездемонаны қарғауын44 шырқап жіберді.
Ария айтылып бітісімен, бөлмеге Этьен келіп кірді де, Эжениге көліктің дайын екенін, баронессаның оны күтіп тұрғанын мәлім етті.
Осынау бикеш пен ханым Вильфорлар үйіне келгенде біз де сонда болғанбыз, олар сол үйден басқа жерлерге бару үшін қоштасып шығып кеткен-ді.
XIX. НЕКЕ ШАРТЫ
Біз жоғарыда жазған көріністен кейін, арада үш күн өткенде, мадемуазель Эжени Данглар мен Андреа Кавальканти (банкир оны әлі күнге дейін князь деп атайтын) екеуінің неке шартына қол қоятын мерзімі де келіп жетті. Кешкі сағат бестердің кезі еді, самал жел Монте-Кристо үйінің алдындағы алақандай баудың жасыл жапырағын желпіп тұрған; граф далаға шығуға әзірленіп жатқан, оның күймесіне жегілген сәйгүліктер аяқтарымен жер тарпып, осыдан ширек сағат бұрын орнына келіп отырған көшірдің ырқына әзер-әзер көніп, шиыршық атады. Тап осы кезде қақпадан өзіміз әлденеше рет көрген бір әсем пәуеске келіп кіре берді, ұмытпасақ, біз оны бәрімізге белгілі Отейльдегі кеште көрдік қой деймін; Андреа Кавальканти сол пәуескеден жайлап түсе берді десек дәл болмас, ол басқыш тепкішегіне секіріп түсті, өзі князь әулетімен туыстас болатын кісідей көңілі көтеріңкі жадырап жайнаң қағады.
Ол әдеттегі дөкір еркіндігіне басып, графтың есен-саулығын сұрады да, екінші қабатқа қас қағымда жүгіріп шығып, басқыш алаңында соның өзімен жүзбе-жүз кездесіп қалды.
Мұны көріп, граф аялдай берді. Бірақ екпіндей кірген Андреа Кавалькантиді енді ешкім де тоқтата алмас еді.
— Сәлеметсіз бе, қымбатты граф! — деді ол Монте-Кристоға дауыстап.
— Ә, Андреа мырзамысыз! Хал қалай? — деді ол дағдылы әзіл-мысқылы аралас үнмен.
— Өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, халім тамаша! Сізге айтатын мың-сан әңгімем бар. Бірақ бәрінен бұрын маған: сіз далаға шығайын деп тұрсыз ба, әлде, көшеден келдіңіз бе, соны айтыңызшы?
— Далаға шығайын деп тұрмын.
— Олай болса сізді жолыңыздан қалдырмас үшін, егер рұқсат болса, күймеңізге отырайын, ал Том біздің соңымыздан еріп жүрер.
— Жоқ, — деді граф іштей жиреніп тұрғанын сездіргісі келмей жымиып, оның осы бір жылпос жас жігітпен қатар отырғысы келмеді, — қымбатты Андреа мырза, мен сіздің сөзіңізді осында тыңдағанды жөн көремін; бөлмеде отырып сөйлескенге не жетсін және сөзімізді жерге түсірмей қағып алатын қасымызда көшір де болмайды.
Сосын граф екінші қабаттағы шағын мейманжайға келіп кірді де, бір аяғын екінші аяғының үстіне қойып, шалқайып отыра кетті, қонағын да отыруға шақырды.
— Қымбатты граф, — деді Андреа жайнап, — өзіңізге мәлім, неке қию рәсімі бүгінге белгіленген: кешкі сағат тоғызда қайын атамның үйінде шартқа қол қойылады.
— Солай ма? — деді Монте-Кристо.
— Қалай, сіз мұны естімеп пе едіңіз? Данглар сізге шынымен-ақ хабар бермегені ме?
— Хабар берген, — деді граф, — кеше шақыру хатын да алғанмын, бірақ бір есімде қалғаны, онда тойдың сағаты көрсетілмеген.
— Олай да болуы ғажап емес; қайын атам, шамасы, бұл оқиға жұрттың бәріне бірдей мәлім деп ойлаған да шығар.
— Ендеше, тойыңыз құтты болсын, Кавальканти мырза, — деді граф Монте-Кристо, — қосағыңыз дәулетті жерден; оның үстіне мадемуазель Данглардың өзі де көрікті бикеш қой.
— Дұрыс айтасыз, — деді Кавальканти сыпайы ғана.
— Ең бастысы, ол бикеш асқан бай; естіген құлақта жазық жоқ, — деді Монте-Кристо.
— Сіз оны аса бай деп ойлайсыз ба?
— Шүбә бар ма; жұрт: «Данглар әккі кісі ғой, ол кем дегенде өз байлығының тең жартысын жасырып жүр», — деседі.
— Ал ол кісі он бес, жиырма миллиондай ғана ақшам бар дейді, — осыны айтқанда Андреаның көзі қуаныштан жайнап кетті.
— Бұған қоса, — деді Монте-Кристо сөзін жалғап, — ол кісі Құрама Штаттар мен Англияда үйреншікті болып кеткен, ал Францияда бұрын болып көрмеген, жаңа бір пайдалы операциямен айналыспақ.
— Иә, мен оны білемін, сіз о кісі жуырда ғана ие болған теміржол концессиясын айтып тұрсыз ғой шамасы?
— Тап соның өзі. Жалпы жұрттың айтуына қарағанда, ол осы істен ең кемі он миллион пайда табады.
— Он миллион! Сіз солай ойлайсыз ба? бұл ғажап! — деді Кавальканти осынау алтынға бергісіз сөздердің сыңғырына елтіп.
— Осы байлықтың бәріне өзіңіздің ие болатыныңызды айтпасам да болады, — деді Монте-Кристо сөзін үстемелеп, — мадемуазель Данглар оның жан дегендегі жалғыз қызы, ендеше, мұнысы әділ-ақ. Ал сіздің өз байлығыңыз, әкеңіздің айтуына қарағанда, қалыңдығыңыздың байлығынан аздап кем сияқты. Бірақ сол ақша жайын әңгіме етпей-ақ қоялықшы. Білесіз бе, Андреа мырза, сіз осы мәселені асқан айлакерлікпен тез дөңгелетіп тастадыңыз ғой деп ойлаймын.
— Иә, жаман емес, мен өзім әуелден елші-дипломат болып туған жанмын, — деді Андреа масайрап.
— Пәле, дұрыс айтасыз, елші де боласыз әлі, ешкім де елшілікке оқу-шоқумен жеткен емес, оған сезімталдық керек... Сонымен сіздің жүрегіңіз де тұтқындалып қалған ба?
— Солай ма деп қорқамын, — деп жауап қатты Андреа. Француз театрының сахнасынан Дорант немесо Валер Альцестке43 тап осындай дауыспен жауап қайтаpap еді.
— Қалыңдығыңыз жақсы көретін шығар сізді?
— Маған тұрмысқа шығып жатқаны — жақсы көргені-дағы, — деді Андреа миығынан күліп. — Бірақ қанша айтқанмен, бір елеулі жайтты ескермеске болмайды.
— Ол нендей жайт?
— Ол ма? Ол мынадай мәселе: бұл істе маған ересен көмек көрсеткендер бар.
— Қайдағыны айтпаңызшы!
— Оған тіпті күмәндануға да болмайды.
— Сондағы көмектескен қандай жағдай?
— Жағдай емес, мына сізсіз.
— Мен бе? Қойыңызшы, князь, — деді Монте-Кристо оның титулын әдейі атап. — Мен сізге не жасаппын сонша? Өзіңіздің атақ-дәрежеңіз де, қауымдағы жай-күйіңіз бен жеке басыңыздың қадір-қасиеттері де жетіп жатқан жоқ па?
— Жоқ, — деді Андреа, — сіз не десеңіз, о деңіз, граф, бірақ мен өз басым, сізді мына зиялы қауымнан алатын орныңыз менің атақ-дәрежемнен де, қауымдағы жай-күйім мен жеке басымның қасиеттерінен де артық, асыра қызмет атқарды деп білемін.
— Сіз қатты адасып отырсыз, сударь — деді Монте-Кристо, Андреаның сөзіндегі зұлымдықтың нышанын сезіп қалып, — мен сіздің қадірменді әкеңіздің байлығы мен атақ-дәрежесіне қанық болғаннан кейін барып қана, өзіңізге қамқорлық жасай бастадым. Сізбен танысу ғанибетіне ие болғаным үшін мен кімге борыштар екенмін осы? Сіздің өзіңізді де, қадірменді әкеңізді де ешқашанда көрген жоқ едім ғой. Иә, бұл үшін мен өзімнің екі досыма — лорд Уилмор мен аббат Бузониге борыштар екенмін. Сізді, кепілдікке алуға демеймін, зиялы қауымға қосуыма не себеп болды? Тек әкеңіздің Италияға белгілі, ел құрметтейтін есімі ғана; ал сіздің өз басыңызды мен тіпті де білмеймін.
Графтың байсалды кейпінен, қысылып-қымтырылмай, емін-еркін сөйлеуінен, Андреа тап осы сәтте бір қарулы құрыш қолдың өзін тырп еткізбей ұстап алғанын, енді бұл қысқыштан оңайлықпен құтыла алмайтынын ә дегеннен сезді.
— Айтыңызшы, граф, менің әкем шынында да бай кісі ме? — деді ол.
— Солай болуға тиіс, — деді Монте-Кристо.
— Менің Дангларға өткізетін ақшам келді ме екен, сіз оны білмейсіз бе?
— Хабар алғаным рас.
— Е, онда үш миллион...
— Үш миллион жолда келе жатқан болуға тиіс.
— Мен оны ақиқат аламын ғой?
— Меніңше, тап осы кезге дейін сіз уәделі нәрсенің бәрін алып келдіңіз білем!
Андреаның бұған қайран қалғаны сондай, бір сәт соны есіне түсірмек болып, күмілжіп ойланып та қалды.
— Олай болса, сударь — деді ол сәл үнсіз тұрғасын, — менің сізге салатын бір қолқам бар, егер сол қолқам көңіліңізге қонбаса да, мені дұрыс түсінерсіз ғой деп сенемін.
— Сөйлеңіз, — деді Монте-Кристо.
— Басқа біткен бақ-дәулеттің арқасында көп кісілермен таныстым, өткен уақытты қайдам, әйтеуір, тап қазір дос-жарандарым жетіп жатыр. Бірақ осындай неке тойын жасарда, күллі Париж қауымы алдында мен атақ-даңқы жұртқа әйгілі бір кісіге арқа сүйеуім керек, егер мені қасиетті алтарь алдына әкем жетелеп апармаса, құдіретті бір кісі жетелеп апаруға тиіс; ал менің әкемнің келмейтіні рас қой?
— Ол — қаусаған шал, жолға шықты дегенше кәрі жарақаттары сырқырап, мазасын алады.
— Оны білемін ғой. Сол себепті де сізге осындай өтініш айтып отырмын.
— Маған ба?
— Иә, сізге.
— Құдайым-ау, ол қандай өтініш?
— Әкемнің орнына жүрсеңіз.
— Қалай, қалай, қымбаттым? Сізбенен жиі-жиі сұқбаттасып сөйлесіп жүрсем де, мені әлі күнге дейін жете білмейді екенсіз, әйтпесе тап осындай өтінішпен келер ме едіңіз? Менен жарты миллион ақшаны қарызға сұраңыз, мұнша қыруар ақшаны қарызға беру қанша ерсі көрінгенімен, шынымды айтайын, онда сіз мені бір қиын қолқадан құтқарасыз. Мен сізге бұрын да айттым білем, граф Монте-Кристо осы арадағы қауымның қам-қаракетіне қанша араласып жүрсе де, Шығыс моралінің ережелерін, тіпті оның қате сенім-нанымдарының өзін ешқашан да ұмытпайды деп. Менің Каирде гаремім, Смирнада гаремім, Константинопольде де гаремім бар, сөйте тұра қалайша өкіл әке болмақпын! Ешқашан да бола алмаймын!
— Сонымен сіз бас тартасыз ба?
— Үзілді-кесілді! Тіпті сіз менің ұлым болсаңыз да, туған інім болсаңыз да, бәрібір, одан бас тартқан болар едім.
— Қап, әттеген-ай, жолым болмағанын қарашы! — деді дауыстап беті қайтқан Андреа. — Енді не істедім?
— Жүздеген достарыңыз бар, әлгіде өзіңіз де айтып едіңіз ғой.
— Иә, айтқанмын, бірақ Данглардың үйіне мені өзіңіз ертіп апарып едіңіз ғой.
— Олай емес! Фактілерді еске түсірелік, сіз ол кісілермен бірге менің Отейльдегі үйімде түскі тағамда болдыңыз да, сол арада таныстыңыз; ендеше, мұның сіз айтқаннан көп айырмашылығы бар.
— Иә, бірақ менің үйленуіме... сіз, көмектестіңіз...
— Мен бе? Зәредей көмектессем бұйырмасын; менің атымнан банкирдің қызына құда түсіңіз деп өтінгеніңізде, не деп жауап қайтарғанымды есіңізге түсіріңізші. Жоқ, сүйікті князь, мен ешқашанда біреулердің неке қиюына араласпаймын, бұл — менің ұстанған принципім.
Андреа ернін тістеп қалды.
— Бірақ сіз бүгін со жерге барасыз ба?
— Ол араға күллі Париж барушы ма еді?
— Әлбетте.
— Ендеше, мен де барамын, — деді граф.
— Сіз неке шартына қол қоясыз ба?
— Оған қарсы бола қоймаспын. Дүниенің бәріне шүбәлана қарағаннан не пайда.
— Осыған да шүкіршілік! Егер сіз көп нәрсеге көнбесеңіз, көнгеніңізді қанағат тұтамын-дағы. Тағы бір сөзім бар еді, граф.
— Рақым етіңіз.
— Маған бір ақыл-кеңес берсеңіз.
— Ол оңай емес! Кеңес беру — демеп жіберуден қымбат.
— Ондай кеңесті қысылмай-ақ бере беріңіз, граф, ешкімге де борыштар болмайсыз.
— Сөйлеңіз.
— Әйелімнің жасауының құны бес жүз мың ливр ма, қалай?
— Осы цифрды маған барон Данглардың өзі айтқан.
— Мен оны алуым керек пе, әлде нотариуста қалдыруым керек пе?
— Мұндай кезде, әдетте, жұрт мынадай амал жасайды: неке шартына қол қойыларда екі нотариус өзара, соның ертеңіне немесе арада бір күн өткеннен кейін кездесуге сөз байласады; осы кездесу кезінде олар жасау, қалыңмал документтерімен алмасады да, соны растап, бір-біріне сенімхат береді. Сосын неке қиылғаннан кейін олар сол миллиондарды семья басы ретінде мына сізге тапсырады.
— Гәп мынадай, — деді Андреа өзінің мазасызданып жүргенін жасыра алмай, — менің қайын атам біздің капиталымызды әлгіде өзіңіз айтқан теміржол концессиясы деген бәлеге жұмсайтын түрі бар.
— Оған қам жемеңіз, — деді Монте-Кристо байсалды. — Сондай әдіспен сіз капиталыңызды бір жылдың ішінде үш есе арттырасыз, қалың жұрттың айтып жүргені де сол. Барон Данглар жақсы әке және есеп-қисапқа жүйрік кісі.
— Олай болса, сіздің маған өкіл әке болудан бас тартқаныңыз жаныма қатты батқанын есептемесек, бәрі де ойдағыдай екен, — деді Андреа.
— Бұл жайтты сіз менің тап осындай оқиға кездерінде көрінетін кінәмшіл мінезімнен өзге ештеңеге де жорымасаңыз жетіп жатыр.
— Қайтейін, қолдан келер қайран жоқ, сіздің айтқаныңыз-ақ болсын. Кешке керіскенше! — деді Андреа.
— Иә, көріскенше!
Монте-Кристо жымиып күліп тұрса да, ерні сәл ғана кезеріп, тыжырынып қалған, Андреа соған қарамастан графтың қолын алып, құшырлана қысты да, пәуескесіне қарғып мініп, заулай жөнелді.
Дос-жарандарының банкирдің үйіне сән-салтанатпен, сыланып-сипанып келуіне себі тиер деген оймен, ол кешке дейін қалған уақыт ішінде ат үстінен түспей, талай кісілермен жүздесті, соңғы бірнеше ай ішінде талайлардың көкейін тесіп, басын айналдырса да, әзірге тек Данглардың қолына ғана келіп түскен, аты шулы сиқырлы акцияларды әлгі таныстарына үлестіріп бермекші болып, сөзбен жарылқап тастады.
Кешқұрым, сағат сегіз жарымды соққанда, Данглардың үлкен мейманжайы, осы мейманжайға келіп қосылатын галерея мен со қабаттағы өзге үш мейманжай иіссуын аңқытып, ыздия киінген жұртқа ығы-жығы толып кетті, осы бір қалың нөпір бұл үйді жақсы көргендіктен жапа-тармағай ағылып жатқан жоқ, осыдан бірдеңені көруге құмартып, жанығып-жалаңдап келіп жатқан-ды.
Егер Академияның мүшесі болса, осындай той-томалақ кештерін айналып келгенде, ұшқалақ көбелектер, ашқұрсақ бал аралары мен ызыңдаған аралар келіп қонатын гүлзарларға теңер еді.
Несін айтасыз, мейманжайлардың бәрінде де самала шырақтар көз қаратпай жарқырап тұрды, алтындалған бедерлер, ою-нақысты қалың жібекпен көмкерілген қабырғаларда ойнаған ақ шұғыла, осынау үйдің әсіре байлығын бейнелейтін жарасымсыз жиһаз-жабдық астамси жалтылдап жатты.
Мадемуазель Эжени әрі сәнді, әрі мәнді, жұпыны киініпті. Ол үстіне ақ гүлмен кестеленген ақ жібек көйлек киіп, мойыл қара шашына енді ғана шешек бүрін төккен ақ раушан қыстырған, бойына бірде-бір асыл тас қадамаған — қыздың күллі үлде мен бүлдесі осы ғана.
Эженидің өзімшіл өр кеудесінен туған тәкаппар да паң көзқарасы ғана оның осынау жұпыны киіміне мүлде қарама-қайшы: өйткені қыздың өзі үстіндегі әсем киімін кісі күлерлік қолапайсыз нәрсе деп ойлайтын.
Одан бірнеше қадамдай жерде Данглар ханым Дебрэ, Бошан, Шато-Реномен әңгімелесіп тұр. Сән-салтанат күні болғасын Дебрэ бұл үйге қайта келген, бірақ ешбір айрықша құрмет-қошемет жасалмайтын, көп қонақтың бірі-тін.
Депутаттар мен финансистер жағалай қоршап алған Данглар, оларға алым-салық салудың жаңа бір жүйесін тәптіштеп түсіндіріп тұрды, егер ел жағдайы шиеленісіп кетіп, Үкімет оны министр қызметіне лажсыздан шақыра қалғандай болса, ол осы шараны қолма-қол жүзеге асырмақ еді.
Андреа Опера театрына күн құрғатпай баратын аса сәнқой, қырымпоз жігіттердің бірін қолтығынан алып, тұрпайылау кейіппен — өзінің іштей именіп, қысылып жүргенін сездірмес үшін ол оспадар мінез көрсетуге мәжбүр болған, — болашақта не істеп, не қоятынын баяндай бастады, жылына жүз жетпіс бес мың табыс түсетін дәулеті барда, Париждің зиялы қауымына үлгі-өнеге болатын небір нәзік те әсем жиһаз-мүліктерді қалай жинайтынын келістіре суреттеп берді.
Ал қалған қонақтар лек-легімен зүбәржат, лағыл, інжу, маржан гауһар тастарын жарқылдатып, бір мейманжайдан екінші мейманжайға қарай әрі-берлі ағылып жатты.
Әрдайымғы әдет бойынша, саркідір тартқан кәрі әйелдер үлде мен бүлдеге ораныпты, әсіресе кеспірсіз әйелдер көстеңдеп, көрінген жерден көзге ұра береді. Ал егер бір ғажайып лалагүл немесе хош иісті раушангүл тәрізді перизаттар кездесе қалса, әдетте, олар шеткері бір бұрышта, шәлі оранған шешесінің немесе ұжмақ құсы бейнеленген сәукелелі жеңгесінің артына тығылып тұрар еді.
Осынау сеңдей соғылысып, жамырай күліскен, гу-гу сөйлескен жұрт арасынан финанс әлеміне мәшһүр, әскери топтарға аса сыйлы-құрметті бір кісілердің, әдебиеттің әйгілі өкілдерінің есімін атап, дауыстаған малайлардың үні саңқылдап, ерекше естіледі; со сәттері қаумалаған жұрт жаппай қозғалып, жаңа келген жайсаңға ізет көрсетеді.
Егер кейбір кісілердің есімдері осынау қалың нөпірді тебірентіп-толқытып жатса, бұлар тіпті елеп-ескеріп, көз қиығын да салмайтын, әйтпесе мырс етіп бір күліп, тыжырынып, жиырыла қоятын кісілер есімі қанша десеңізші.
Ұйқыдағы Эндимион46 бейнесіндегі абажадай ауыр сағаттың алтын тілі дәл тоғызды соққан сәтте және соның механикалық ойын айнытпай табатын қоңырау күмбірлеп, тоғыз рет соққан сәтте, граф Монте-Кристоның есімі аталды, со мезетте электр ұшқыны соғып өткендей-ақ, абыр-сабыр болып жатқан жұрт сап тынып, есік жаққа қарай берді.
Дағдылы әдеті бойынша, граф үстіне жұпыны қара фрак киіпті, ақ желеті оның кең де шалқақ кеудесіне қона қалыпты; мойылдай қара жағасы айбарлы ақсұр жүзін айрықша ашып тұр, бойындағы бірден-бір қымбат нәрсе — сағат шынжыры ақ желет қалтасынан алтын жіптей болып, әзер көзге шалынды.
Сол заматта есік алдындағы жұрт жағалай, алқа-қотан иіріліп тұра қалды.
Граф ә дегеннен-ақ мейманжайдың алыс шетінен Данглар ханымның, ал оның екінші шетінде Данглардың өзінің тұрғанын көрді, ал мадемуазель Эжени есікке қарама-қарсы бетте тұр екен.
Ол ең әуелі де Вильфор ханыммен шүйіркелесе сөйлесіп тұрған баронессаға барып, иіліп тәжім етті. Валентина науқасынан әлі айыға қоймағасын, де Вильфор ханым мұнда жалғыз келіпті, сосын ол жапырыла жол беріп жатқан қонақтар арасынан өтіп, Эженидің қасына барды да, оны салқын қабақ, сараң сөзбен селқос құттықтағаны сондай, тәкаппар артистка бұны кәдімгідей көңіліне алып қалды.
Оның қасында Луиза д'Армильи тұр екен. Италияға баруы үшін ондағы таныстарына таныстыру хат жазып бергеніне риза екенін білдіріп, бикеш графқа шын жүректен алғыс айтты, өзінің сөзіне қарағанда, ол со хатты барысымен дереу пайдасына жаратпақ көрінеді.
Қыздармен сөйлесіп болғаннан кейін, ол бұрыла бергенде өзімен сәлемдеспекке келген Дангларды көрді.
Тәрбиелі кісілерге қойылатын талапты түгел орындап біткеннен кейін Монте-Кристо жан-жағына жіті көз тастап, салмақты сабырмен қасқайып тұра қалды. Белгілі бір қауымның, айтулы бір топтың өкіліне ғана тән кейіппен шіреніп: «Мен тиісті қаде-міндеттің бәрінен құтылдым; енді басқа кісілер менің алдымдағы міндетінен құтылсын», — деп тұрғандай еді.
Қосалқы мейманжайда жүрген Андреа, жұрттың жапырласып кеткеніне қарап, Монте-Кристоның келгенін сезді де, графпен жолыққанша асықты.
Қонақтар оны кимелей қоршап тұр екен. Бәрі де аңқиып, соның аузына қарап қалыпты, өйткені сараң сөйлесе де, ешбір сөзін тегін айтпайтын кісіні жұрт тап осылай зейін қоя тыңдайды ғой.
Сол мезетте мейманжайға нотариустер келіп кірді де, неке шартына қол қоюға әдейі әзірленіп, үстіне барқыт жабылған алтын жалатылған стол үстіне әлденелер жазылған қағаздарын әкеліп тастай салды.
Нотариустың біреуі орындыққа отырды да, екіншісі түрегеп тұра берді.
Осынау салтанатты кешке қатысушы кісілердің көз алдында басқаша айтқанда, Париж қауымының тең жартысының көзі алдында қол қойылатын шартты жариялау қадесі жасалуға тиісті. Жұрттың бәрі жайғасып отырды, дәлірек айтсақ, әйелдер жағы бір бөлек дөңгелене отырды да, Буало айтқандайын, «жігерлі стильге» самарқау қарайтын еркектер жағы Андреаның қолды-аяққа тұрмай, дызақтап жүргенінен, Данглардың төңірегіне жіті көз тастап ойланғанынан, Эженидің ештеңемен ісі жоқ жайбарақат тұрған қалпынан, ал баронессаның осы бір маңызды іске мән бермей, ұшып-қонып, мәз-мейрам болып жүрген парықсыздығынан сөз қашырып, пікір алысып тұрды.
Жым-жырт болған жұрт алдында неке шарты оқылды. Бірақ шарт оқылып бітісімен, мейманжайлардағы гуілдескен үн бұрынғыдан да күшейіп кетті. Жас жұбайлардың болашақ өміріне шұғыла шашқан осынау қыруар қаржы: миллиондаған ақша, оған қосымша қалыңдықтың арнаулы бөлмедегі жасауы мен гауһар тастарының көрмесі бақталас, күншіл көптің қиялынан да асып түсіп, таң қалдырып тамсандырды.
Жас жігіттердің көз алдында мадемуазель Данглардың сұлулығы дереу қол жетпейтін биікке көтерілді, сол сәтте бұл бикеш оларға күннен де сұлу болып көрінді.
Ал әйелдер жағына келетін болсақ, әрине, олар мына миллиондаған ақшаны қызғануын қызғанды-ақ, бірақ өздеріндей хас сұлуларға мұндай байлықтың қажеті де жоқ деп ойлады.
Дос-жарандарының ортасында жағалай құттықтап, мақтап-мадақтап жатқан жұрттың жарамсақ сөздеріне елтіп, осы бір көрген түс сияқты оқиғаны шын көңілден ақиқат шындық екен деп ойлап қалған Андреа, ақыл-есінен айырылу халіне жеткен еді.
Нотариус асқан салтанатпен қолына қалам алып, оны жоғары көтеріп тұрып:
— Мырзалар, неке шартына қол қоюға кіріселік, — деді дауыстап.
Шартқа әуелі барон, сосын Кавальканти-әкенің өкілі, сосын баронесса, одан кейін сол кездің гербілі қағазға жазылатын жексұрын тілімен айтсақ, некеленуші жастар қол қоюға тиісті болды.
Барон қолына қалам алып, қол қойды; оған ілесе өкіл қолтаңбасын қондырды.
Де Вильфор ханыммен қолтықтасып стол қасына баронесса да жақындай берді.
— Достым, — деді ол күйеуіне, қолына қаламды ала беpiп, — кісі қынжыларлық бір іс болыпты. Адам өлтіру мен кісі тонауға байланысты бір тосын жайттың кесірі тиіп, біз де Вильфор мырзаны көру мүмкіндігінен айырылып қалдық, граф Монте-Кристо әлгі бір тосын қылмыстың құрбаны бола жаздапты.
— Ой, құдайым-ай! — деді Данглар «маған онан келіп-кетері жоқ» деген сөзді қалай енжар айта салатын болса, тап солай салғырт сөйлеп.
— Со кісінің келе алмай қалуына мен жазған себепкер болып қалдым ба деп қорқамын, — деді Монте-Кристо бұлардың қасына жақын келгесін.
— Сіз бе, граф? Қалайша? — деді шартқа қол қойып болғасын Данглар ханым. — Олай болса, сақтаныңыз, мен онда сізді ешқашанда кешірмеймін.
Андреа күдіктеніп тұра қалды.
— Қойыңыз, оған менің ешқандай қатысым жоқ, кейін оған өзіңіздің көзіңізді жеткіземін, — деді граф.
Жұрт мұның сөзіне табанда құлағын тіге қойды; Монте-Кристо сөйлегелі тұр, бұл өте сирек кездесетін жайт.
— Сол бір бақытсыз сорлының тап менің үйімде өлгенін ұмытпаған шығарыздар? Ол мені тонау үшін ұрланып үйге кіреді де, біздікінен далаға қайта шыққанда өлтіріледі және тергеушілер оны өлтірген соның сыбайласы деген болжам айтады.
— Иә, — деді Данглар.
— Оған қолма-қол жәрдем көрсету үшін байғұсты табанда шешіндіреді де, киімдерін бұрышқа тастай салады, оны кейін тергеу орындарының адамдары келіп алып кетті, олар әлгі байғұстың күртесі мен шалбарын алыпты да, желетін тастап кетіпті.
Андреаның өңі сұп-сұр болып, жайымен есікке қарай жылыстай берді, ол көкжиекті бұлт торлай бастағанын көріп, енді ұзамай со жақтан дауыл соға ма деп сескенді.
— Сонымен бүгін тап жүрек тұсынан тесіліп, қанға боялып қалған сол бір қырсық желет те табылды.
Әйелдердің қышқырған даусы шығып кетті, олардың кейбіреулері талып құлап түсуге бейімделе бастады.
— Оны маған әкеліп көрсетті. Со шүберектің қайдан шыққанын тірі жан білмейді; тек менің басыма, осы әлгі өлтірілген байғұстың желеті емес пе екен деген бір ой келді. Зұлымдықтың белгісіндей болып қалған со бір киімді жиіркене тыжырынып тұрып, абайлап қарап жатқан менің камердинерім, кенет сипалап жүріп, соның қалтасынан бір қағазды тауып алды; бұл біреуге жіберілетін хат екен, кімге дейсіздер ғой? Сізге, барон!
— Маған ба? — деді Данглар дауыстап.
— Иә, сізге жіберілуге тиіс екен, со қағаз қанға бөгіп қалса да, мен одан сіздің есіміңізді анық оқыдым, — деді Монте-Кристо таң қалып, таңдай қағып жатқан кісілер арасында тұрып.
— Бірақ де Вильфор мырзаның осында келуіне сол іс қалайша кедергі жасады? — деді Данглар ханым күйеуіне мазасыздана қарап.
— Оны түсіну қиын емес, сударыня, — деді Монте-Кристо, — сол желет пен әлгі бір хат, сот тілімен айтқанда, дәлелді айғақ болып табылады; мен оның екеуін де король прокуроры мырзаға беріп жібердім. Қымбатты барон, өзіңіз де білесіз, қылмысты іспен кездескенде ең дұрысы — заң жолымен әрекет жасау; бәлкім, бұл арада сізге қарсы бір қылмысты іс ойластырылған шығар, кім білген.
Андреа Монте-Кристоға қадала бір қарап, екінші мейманжайға барып бой тасалады.
— Ол да ғажап емес, әлгі өлтірілген кісі — бұрынғы қарақшы көрінеді ғой? — деді Данглар.
— Иә, ол бұрынғы қарақшы, Кадрусс деген біреу, — деді граф оған.
Данглардың өңі бозара бастады; Андреа екінші мейманжайдан жылжып өтіп, ауызғы бөлмеге келді.
— Ау, сіздер неге қол қоймайсыздар? — деді Монте-Кристо. — Байқаймын, менің сөзім бәріңізге қатты әсер етті білем, бұл үшін сізден, баронесса, және мадемуазель Данглардан бас иіп, кешірім сұраймын.
Неке шартына жаңа ғана қол қойған баронесса нотариуске қаламды ұсына берді.
— Князь Кавальканти, князь Кавальканти, қайдасыз! — деді нотариус дауыстап.
— Андреа! Андреа! — деп айқайлады сол арада тұрған бірнеше жас жігіт, текті итальянмен көңілдес дос болып алған жастар оның атын атап дағдыланып кеткен-ді.
— Князьді шақырыңдаршы, қол қойдыруға тосып тұрғанымызды айтыңдар, — деді Данглар малайлардың біріне.
Тап сол мезетте бейне бөлме ішіне біреуді жеп-жалмап қоятындай болып алақтап бір құбыжық кіріп кеткендей-ақ, күллі қонақтардың зәре-құты қалмай дүрлігісіп, үлкен мейманжайға келіп кірді.
Шынында да жұрттың үркіп-қорқатын да, шошына дауыстайтын да себебі бар еді.
Әрбір мейманжай есігінің алдына қос-қостан жандарм қойып, бір жандарм офицері Данглар мырзаға қарай беттей берді, оның алдында мойнына шалма салған полиция комиссары келе жатты.
Данглар ханым бір шыңғырып жіберді де, талып түсті.
Қара басының қамын ойлап, қорқып кеткен Данглардың өңі қонақтарының көз алдында өзгеріп сала берді (кейбір ар-ұяты нәгүмән адамдардың сезіктеніп жүретін әдеті емес пе).
— Сізге не керек, сударь? — деді Монте-Кристо полиция комиссарына қарай бір аттап.
— Сіздердің қайсыңызды Андреа Кавальканти деп атайды? — деді комиссар, граф сөзін жауапсыз қалдырып.
Қонақжайда тұрған жұрт таң қалып, бір кісідей гу етті.
Көпшілік князьді іздей бастады. Жұрт оны сұрастыра бастады.
— Сол Андреа Кавальканти дегендеріңіздің өзі кім? — деп сұрады сасқанынан Данглар мырза.
— Тулоннан қашқан каторжник.
— Ол қандай қылмыс жасапты?
— Оған айдауда бірге болған серігі Кадрусс деген біреуді граф Монте-Кристоның үйінен шығып келе жатқанда өлтірді деген айып тағылады, — деді комиссар байсалды дауыспен.
Монте-Кристо айналасына тез көз жүгіртіп шықты.
Андреа ғайып болыпты.
XX. БЕЛЬГИЯҒА БАРАТЫН ЖОЛ
Жандарм офицері ойламаған жерден оқыс келіп, жұртты біраз шошытып барып, оның ізінше алаяқ күйеуді әшкерелегеннен кейін, осындағы кісілер арасында тап бір оба мен тырысқақ дерті тарағандай-ақ үлкен үй іші әп- сәтте қаңырап бос қалды. Осы арадан тезірек кетіп, дұрысын айтсақ, дереу қашып, қарасын батырмақ болған жұрт күллі есіктер мен басқыштарға қарап ұмтылысты; ауыр апат кезінде көңіл аулайтын жұбату сөздерін тіпті ең жақын достарының өзінен есіту оңай емес, бұл да тап сондай оқиғалардың бірі еді.
Бүкіл үй ішінде әуелі Данглар мырзаның өзі қалды, ол кабинетін тарс жауып алып, жандарм офицеріне жауап беріп жатты, зәресі қалмай қорқып кеткен Данглар ханым өзімізге таныс будуарына барып жасырынды; сосын Эжени бикеш бұрынғы тәкаппар қалпынан танбай тыжырынып, өмірде қасынан тастамайтын серігі Луиза д'Армильиді ертіп, бөлмесіне кетіп қалды.
Ал енді толып жатқан дәйекшілерге келетін болсақ, бұлардың саны бұл кезде әдеттегіден әлдеқайда асып кеткен, өйткені айтулы тойға байланысты Кафе-де-Париден балмұздақшылар, аспаздар мен метрдотельдер жалданып алынған, енді солар бұларға сыр білдіруді ар көретін қожайындарына өкпелеп, буфеттерде, асханаларда, дәйекшілер бөлмелерінде топырласып тұрып алып, өздерінің қызмет-міндеттеріне көңіл аудармай қойды, тіпті, о шаруаның өзінен-өзі тоқтап қалғаны да белгілі ғой.
Әр алуан ойларға беріліп, абыржып, әбігерге түскен әртүрлі адамдар ішінен біз назар аударуға тұратын кісі екеу-ақ: олар Эжени Данглар мен Луиза д'Армильи. Әлгіде айтқанымыздайын, қалыңдық тәкаппар кейіппен жұртқа тыжырына бір қарап, қасына серігін ертіп, намысы қорланған королева сияқты кекірейіп кетіп қалған, осы жайтқа мұның өзінен гөрі қасындағы серігі қатты толқулы еді. Өз бөлмесіне келгесін, Эжени есікті кілттеп жаба қойды, ал Луиза болса, креслоға барып, сылқ етіп отыра кетті.
— О, құдайым-ай, мұндай да сұмдық болады екен! — деді ол. — Бұлай болады деп кім ойлаған? Андреа Кавальканти... алдамшы... қанішер... алаяқ қашқын!..
Эжени өзін-өзі мысқылдағандай мырс етіп күліп жіберді.
— Иә, шынында да маған «Қырсыққанда қымыран іридінің» кері келді, — деді ол. — Морсерден енді құтылдым ба деп жүргенде, Кавалькантиге ұрынғанымды қарашы!
— Оларды бір-бірімен салыстыруға қалай ғана аузың барады, Эжени?
— Үндеме, еркек атаулының бәрі де оңбаған, мен енді оларды жек көріп қана қоймай, со сұмырайлардан жиіркенемін де, сол үшін де бақыттымын.
— Енді не істейміз? — деді Луиза.
— Не істейміз дейсің бе?
— Иә.
— Үш күннен кейін не істейміз деп едік?.. Кетеміз бұл арадан.
— Неке тойы болмаса да, кете бересің бе?
— Тыңда, Луиза. Мен зиялы қауымның, біздің әлгі нота қағазымыз сияқты бөлініп, сызылып, кесіліп-пішіліп қойылған өмірін өлердей жек көремін. Менің өмір бойы аңсап, арман етіп келе жатқан-нәрсем — артист болу, ешкімнен тәуелсіз азат тірлік кешу, со тірлікте сен тек өзіңе ғана сенесің, өзіңе-өзің ғана борыштарсың. Енді бұл арада қалғаннан не пайда? Не үшін қаламын? Араға ай салмай жатып, тағы да күйеуге беруі үшін бе? Сонда кімге береді? Бәлкім, Дебрэге берер? Бір кезде оны да сөз еткен. Жоқ, Луиза, болмайды. Бүгінгі оқиға — менің ойымның дұрыстығына дәлел; мен оны іздеген де, тілеген де, сұраған да жоқпын; оны маған бір құдайдың өзі жіберген екен, іске сәт!
— Сен сұмдық батырсың, қайраттысың! — деді әлжуаз ақ сары қыз қара шашты серігіне.
— Сен мені білмеуші ме едің? Одан да, Луиза, әлгі жол қамын қарастыралық. Саяхат күймесі.
— Сәті түскенде, оны осыдан үш күн бұрын сатып алғанбыз.
— Сен оны тиісті жерге жеткіз деп пе едің?
— Иә.
— Паспорттарымыз қайда?
— Мінеки!
Сабырлы-салқынқанды Эжени қағазды жазып жіберіп: «Леон д'Армильи мырза, жиырма жаста, суретші, қара көзді, қара шашты жігіт, қарындасымен бірге саяхаттап жүр», — деген сөздерді оқып шықты.
— Тамаша? Бұл паспортты қалай алдың?
— Граф Монте-Кристодан маған Рим мен Неаполь театрларының директорларына таныстыру хат жазып беріңіз деп өтінгенімде, мен оған әйел киімімен жүруден жүрексінетінімді айтқан едім; ол менің сөзімді мақұл көріп, ер кісінің паспортын тауып бермек болды, арада екі күн салғасын оны алдым-дағы; «Қарындасымен бірге саяхаттап жүр», — деген сөздерді қосып жаздым.
— Олай болса, — деді көңілденіп Эжени, — біз заттарымызды жинастыра берелік; үйлену кешінде кетудің орнына біз енді неке шартына қол қою кешінде кететін болдық — бар өзгеріс осы ғана.
— Жақсылап ойланшы, Эжени.
— Мен ойланатын ештеңе де қалған жоқ енді, осы арадан туғалы бері табыстың өсуі, кемуі, испан фондысы, Гаити заемы сияқты сөздерді есіте-есіте әбден құлағым сарсыған. Өзің ойланшы, Луиза, соның орнына — бізді таза ауа, азаттық, сайраған құстар, Ломбардия жазығы мен Венеция каналдары, Рим сарайлары мен Неаполь жағалауы күтіп тұр. Біздің бар ақшамыз қанша осы?
Луиза жазу столының тартпасынан құлыптаулы әмиянды алып, оны ашып көрді: онда жиырма үш кредит билеті бар екен.
— Жиырма үші мың франк, — деді ол.
— Ең аз деп есептегеннің өзінде, тап осы қаралы ақшаның інжу, гауһарлары, алтын бұйымдары тағы бар, — деді Эжени. — Біз, сенімен екеуміз, баймыз. Қырық бес мың ақшаға екі жыл ұдайы хан қызындай тұра аламыз немесе төрт жылдай тәп-тәуір тірлік кешеміз. Бірақ араға жарты жыл салмай жатып, біз сөз өнерімізбен бұл капиталды екі есе арттырамыз. Кәне, сен ақшаны ал, мен қобдишаға ие болайын; егер екеуміздің біреуіміз қырсық шалып, күтпеген жерден қолымыздағы қазынамыздан айырылып қалатындай болсақ, онда біреуімізде байлығымыздың тең жартысы қалады ғой. Ал енді жол жабдығына кіріселік.
— Тұра тұр, — деді Луиза, ол Данглар ханымның бөлмесіне кіретін есік алдына барып, құлағын тосты.
— Cен неден қорқып жүрсің?
— Қамсыз қалмайық деп жатқаным-дағы.
— Есік кілттеулі.
— Бізге аш деп әмір етуі мүмкін.
— Әмір ете берсін, бәрібір ашпаймыз.
— Сен нағыз амазонкасың, Эжени.
Сонымен екі қыз білекті түріп тастап, жол-сапарға қажет болады-ау деген заттардың бәрін чемоданға сала бастады.
— Міне, дайын болды, — деді Эжени, — ал енді мен киім ауыстырып кием дегенше, сен мынаны мұқияттап жап.
Луиза аппақ нәзік саусақтары майысып, чемоданның қақпағын қанша жабам десе де, жаба алмай қойды.
— Менің қолымнан келер емес, күшім жетпеді, өзің жапшы, — деді қыз өтініп.
— Мен өзімнің Геркулес екенімді, сенің шөлмектей бозарған Омфала екеніңді ұмытып кетіппін, — деді Эжени күліп.
Ол чемоданды тізесімен бір басып, әлеуетті аппақ қолымен оның қақпағын қабыстырып жіберді, ал Луиза дереу шырт еткізіп, құлпын жаба қойды. Осы шаруаны бітіргеннен кейін, Луиза әрдайым қалтасынан тастамайтын кілтті алып, комодты ашты да, одан жылы жол шекпенін алды.
— Көрдің бе, мен бәрін де күні бұрын әзірлеп қойғанмын. Мына шекпенді жамылсаң тоңбайсың, — деді ол.
— Сен ше?
— Өзің білесің, мен ешқашанда жаурамаймын: оның үстіне мына ер костюмі...
— Сен осы арада киінесің бе?
— Әрине.
— Үлгіресің бе?
— Ой, сужүрегім-ай, ештеңеден де қорықпа; үйдегілердің бәрі де әлгі жанжалмен әуре болып жүр. Ал оған қоса, менің бөлмемді тарс жауып алып отырғаныма құдайдың тірі жаны күдіктенбейді. Ойласайшы, мен жанымды қоярға жер таба алмай, қасіреттеніп жүрген жоқпын ба.
— Иә, дұрыс айтасың, алаңдамасақ та болады.
— Енді маған киінуге көмектесші.
Шекпен алған комодтың ішінен Эжени башмақтан бастап, сүртігіне дейін бар, еркек костюмін, іш киімдерді түгел суырып алды, мұнда басы артық ештеңе жоқ болса да, қажет нәрсенің бәрі бар еді. Басқа жыныстың костюмін бұрын да талай рет киген бе, әйтеуір, Эжени қолы жып-жып етіп, жеделдетіп, көйлек-шалбарын киіп, галстукті байлап, жабық сүртігін түгелдей түймелегенде, костюм сұңғақ та жіңішке денесіне құйып қойғандай шап-шақ болып, жараса кетті.
— Қандай әдемі! Рас, керемет жарасады! — деді Луиза серігіне таңырқай қарап. — Әйел атаулының бәрі қызығып та, қызғанып та жүретін толқын бұрымыңды қайтесің, оны ер қалпағының астына қалай жасырасың?
— Қазір көресің, — деді Эжени.
Осыны айтты да, салалы саусақтарының арасына әрең сыятын тоқ бұрымын сол қолымен қамти ұстап, оң қолына үлкен қайшыны алып, қышырлатып кесе бастады, сүртігіне шаш тимесін деп шалқайып тұрған қыздың қолаң шашы толқынданып жерге үзіліп түсе берді.
Сосын Эжени абайлап самай шашын да кесті, бірақ осыған жаны күйіп, өкінген қыз сыңайы көрінбеді — қайта мойыл қиғаш қас астындағы көзі бұрынғыдан бетер жайнап, ойнап тұрғандай еді.
— Ах, шашың қандай тамаша еді! — деді Луиза мұңайып. — Обал болды-ау!
— Қайта осылай болғаны бұрынғыдан жүз есе жақсы емес пе? Қарашы, мен қазір бұрынғымнан сұлу емеспін бе? — деді Эжени қысқа бұйра шашын сылап-сипап жатып.
— Сен сұлусың, әрқашанда сұлусың! — деді Луиза дауыстап. — Бірақ біз енді қалай қарай жүреміз?
— Егер қарсы болмасаң, Брюссельге қарай жүре береміз. Ең жақын шекара со жақта. Біз Брюссельді, Льежді, Аахенді басып өтіп, Рейн өзенімен жүзіп, Страсбургке жетеміз, сосын Швейцария арқылы жүріп, Сен-Готардан асып, Италиядан барып бір-ақ шығамыз. Қалай, келісесің бе бұған?
— Әлбетте, келісемін.
— Сен маған неге тесіліп қарай қалдың?
— Мына түріңмен кереметтей сүйкімдісің; жұрт сені мені алып қашып барады деп ойлайды.
— Шайтан алғыр-ау, өзі де солай емес пе!
— Сен, Эжени, енді боқтауды да үйренейін дегенсің бе, қалай?
Өзге жұрттың ойлауынша, тап осындай кезеңде, осы бір екі қыздың екеуі де — біріншісі өзі үшін, екіншісі досына жаны ашып, егіліп жылауы керек еді, бірақ олар сықылықтап күліп жүріп, жолға әзірлену кезінде шашылып қалған нәрселерді реттеп жинай бастады.
Осыдан кейін бұлар шырақтарды өшіріп, төңірегіне жіті көз тастап, елеңдеп тың тыңдап, будуардың құпия басқышқа шығатын есігін абайлап ашты да, аулаға қарай беттеді. Эжени бір қолымен чемоданды тұтқасынан көтеріп, алда келе жатты, ал оның соңынан чемоданның екінші тұтқасын қос қолдай ұстап, Луиза келе жатқан. Аула құлазып бос қалған. Сағат түн жарымды соқты. Қақпа күзетшісі әлі жатпапты. Эжени жайымен ұрланып барып қараса, қадірменді күзетші креслоға жантайып, қалғып барады екен. Ол Луизаға қайта келіп, әлгіде жерге қойған чемоданды қолға алып, екеуі қабырғаға жабыса, жылжып барып, қақпа тасасына кіре берді. Эжени Луизаға қараңғы мүйіске тығыла тұр деп әмір етті де, егер күзетші көзін ашып қалса, бір өзін көрсін дегендейін, шам жарығының мол түсетін жеріне барып тұрды.
— Ашыңыз! — деді ол ашық әуезді үнмен.
Эженидің ойлағанындай-ақ, қақпашы креслодан тұрып, кімнің шыққалы жатқанын көру үшін бірер аттап, тесікке жақындады; бірақ жіңішке таяқшасымен қонышын шыдамсыздана шапаттап тұрған жас жігітті көрісімен ілмек бауын тартып қалды, Луиза жалма-жан ашылған қақпадан лып етіп далаға шықты. Эженидің жүрегі әдеттегіден жиірек соғып кетсе де, сыртқа сыр білдірмейін дегендей маңғазданып көшеге шыға берді.
Олар чемоданын сол арадан өтіп бара жатқан шабарманға тапсырып, оған: Виктуар көшесі №36 үй — деген адресті берді де, со кісінің соңынан жүрді, ер кісіні көргесін Луизаның жүрегі орнына түсейін деді; ал енді Эжениге келетін болсақ, ол Юдифь немесе Далила сияқты жүрек жұтқан пәлекет еді.
Тиісті үйге келгеннен кейін, Эжени шабарманға чемоданды жерге қой деп белгі беріп, оған ақы-пұлын төлеп, кетуіне рұқсат етті, сосын барып терезе қақпасын тықылдатып қаға бастады.
Қос қашқын келген үйде бір қарапайым кестеші әйел тұрушы еді, Эжени онымен күн ілгері келісіп қойған. Ол әлі жатпаған екен, қолма-қол есік ашты.
— Мадемуазель, — деді Эжени, — қақпашыға айтыңызшы, сарайдан күймені шығарсын, сосын оны жүрдек көлік әкелуге почта станциясына жұмсаңыз.
— Мен саған таң қалып, тәнті болып тұрмын, тіпті енді сені құрметтеп-қошаметтей бастасам ба деген де ойым бар, — деді Луиза.
Енді бір ширек сағат өткен шамада, көшір мен аттарды алып, қақпа күзетшісі де қайтып келді, аттар табанда күймеге де жегілді; чемодан күйме артына таңылды.
— Жол жобасы мінеки, қай жолменен жүреміз, жас қожа? — деді көшір ізетпен.
— Фонтенблоға баратын жолмен жүріңіз, — деді Эжени ер даусына салып.
— Қалай? Сен не дедің? — деді Луиза.
— Мен із жасырмақпын, — деді Эжени, — біз жиырма луидор төлеген әлгі әйел, қырық луидор төлесе, бізді көрсетуі ғажап емес; Бульбарларға жеткесін басқа жолмен жүруге әмір етеміз.
Осыдан кейін ол аяғы тепкішекке тиер-тиместе күймеге бір-ақ секіріп мінді.
— Әр уақыттағы сияқты, сен осы жолы да дұрыс айттың, Эжени — деді Луиза серігінің қасына отырып жатып.
Арада ширек сағат өткеннен соң, Эженидің айтуымен көшір жол бағытын өзгертті де, шыпыртқысын үйіріп қойып, Сен-Мартен заставасынан өтіп бара жатты.
— Ақырында Парижден де шықтық-ау, әйтеуір, — деді Луиза иығынан ауыр жүк түскендей бір күрсініп.
— Иә, қымбаттым, сені сәтімен алып қаштым білем, — деді Эжени оған.
— Иә, және күш жұмсамай-ақ алып қаштың, — деді Луиза.
Данглар сөйтіп қызынан біржола айырылған еді.
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
I. «ҚОҢЫРАУ МЕН ШЫНЫ» МЕЙМАНХАНАСЫ
Әзірше біз мадемуазель Данглар мен оның серігін Брюссельге баратын жол үстінде қалдырайық та, бақ-дәулет қуалап, заулап келе жатқан жерінен қырсық шалып, кідіріп қалған Андреа Кавалькантиге қайта оралайық.
Осынау Андреа Кавальканти уыздай жас болғанымен, аса ақылды, жылпос жігіт-тұғын.
Сол себепті де мейманжай іші абыр-сабыр болып, әбігерге түсе бастағаннан-ақ, өзіміз көргеніміздей-ақ, ол жай жылжып есікке жақындап келді де, сып беріп екі бөлмеден өтіп, ызым-қайым жоқ болды.
Біз елемей-ескермей кетуге мүлде болмайтын бір жайтты айтпай ұмытып кетіппіз. Кавальканти ұрланып өткен бөлмелердің бірінде гауһар тасты құтылар, кашемир шәлілері, валенсьен шілтерлері, ағылшын маталары көрмеге қойылған-ды, бұл әлгі аты аталмай жатып, бойжеткендердің жүрегін лүпілдетіп қоя беретін, тұрпайы тілде «жасау» деп аталатын, көз жауын алатын әдемі асыл бұйымдардың жиынтығы еді.
Осы бөлмеден өтіп бара жатып, Андреа өзінің аса ақылды, жылпос жігіт қана емес, алдын ойлайтын мәттақам пәлекет екенін де көрсетті, көрсеткені сол, — көрмеге қойылған асыл тастардың ең ірілерін қалтасына сала кетті.
Осындай оңай олжаға жолыққан Андреаның жылпостығы бұрынғыдан екі есе артқандай еді, сол себепті де ол терезеден секіріп түсіп, жандармдардан құтылып кете барды.
Ежелгі заманның атлеттері сияқты ұзын бойлы, спартан сияқты, денесінде бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған Андреа он бес минут бойы, қайда бара жатқанын өзі де білмей, беталды дедектеп жүгіре берді, есіл-дерті — не болса да өзін ұстап қала жаздаған жерден аулағырақ қашып кету.
Әлгі бір қоянды-ініне, ұры-қарыны — қаланың шетіне апаратын сезім-түйсігіне сенген жігіт, Мон-Блан көшесінен бұрылғанда, Лафайет көшесінің бітетін жерінен келіп бір-ақ шыққанын көрді.
Қара терге түсіп, екі иінінен алқына дем алған Андреа осы араға жетіп, аялдай берді.
Ол соқа басы сопайып жалғыз тұр; сол жағында құлазып Сен-Лазар даласы жатыр да, оң жағында — тұтасып, орасан зор Париж жатыр.
— Шынымен-ақ құрығаным ба? — деді ол өзіне өзі. — Егер жауларымнан гөрі тезірек қимылдасам — құрымаймын. Менің құтылу-құтылмауым енді тек қашықтық мәселесіне ғана айналды.
Сол арада ол Пуассоньер жақтан келе жатқан пәуескені көрді. Трубкасын тістеп алған көшірдің қабағы салыңқы, шамасы Сен-Дени жаққа қарай кетіп бара жатқан тәрізді.
— Ей, бауырым! — деді Бенедетто.
— Не бұйырасыз? — деді көшір.
— Атыңыз қалай, болдырып келе ме?
— Болдырды?! Қайдағы болдырған?! Ұзақты күн қарап тұрды. Қарға адымындай қысқа төрт-ақ жерге барып қайттық, шай-суға деп жиырма су алдық, небәрі жеті франк қана, осының жартысын қожайынға беруім керек.
— Сол жеті франкіңізге тағы да жиырма франк қосып алуға қалай қарайсыз?
— Қуана-қуана қосайын, жиырма франктен кім қашушы еді? Не істеуім керек?
— Онша ауыр іс емес, тек көлігің тың болса жетіп жатыр.
— Ол желге де жеткізбейді деп айтып тұрмын ғой. Тек қай жаққа қарай жүретініңізді айтсаңыз болғаны.
— Лувр жаққа.
— А, білемін әлгі шарап шығаратын жер ғой.
— Дәл таптың, мен бір көңілдес досымды қуып жетуім керек еді, онымен бірге ертең Шапель-ан-Серваль маңынан аң аулаймыз деп келісіп едік. Ол мені осы арада өз күймесімен он бір жарымға дейін тосуға тиіс еді, ал қазір түн ортасы. Ол шамасы мені күте-күте жалыққан болуға тиіс, сосын жалғыз өзі кетіп қалған тәрізді.
— Солай да шығар.
— Енді қалай, соны қуып жете аласың ба?
— Көрелік.
— Егер біз оны Буржеге дейін қуып жете алмасақ, сіз жиырма франк аласыз, егер Луврға дейін жете алмасаң — отыз франк аласыз.
— Қуып жетсек ше?
— Қырық, — деді Андреа бір сәт күмілжіп барып, сосын қанша ақша берем десе де артық болмасын ойлап көңілі жайланды.
— Мақұл! Отырыңыз! — деді көшір.
Андреа пәуескеге отырды, күйме Сен-Дени қыстағынан зулап өте шықты, сосын Сен-Мартен қыстағын басып, заставадан өтіп, шетсіз-шексіз Ла-Вийетке келіп түсті.
Оның жалған серігін қуып жету оңайға түспеді; оған қарамастан Кавальканти оқтын-оқтын кезіккен жолаушылардан, әлі де жабыла қоймаған асханалардан ала ат жегілген жасыл күймені көрмедіңіздер ме деп сұрау сала берді; ал Нидерландыға баратын жолмен жүретін күймелер саны аз емес және әрбір он күйменің тоғызы жасыл болғандықтан оны көрдім деген кісілер қадам басқан сайын кездесіп отырды.
Сол күймені сұраған жұрттың бәрі де көрген, ол бұлардың алдынан бес жүз қадамдай, екі жүз немесе жүз қадамдай жерде кетіп бара жатады, ал бірақ қуып жеткенде мүлде басқа күйме болып шығады.
Бір рет екінші бір күйме бұлардың өзінен де озып кетті; ол күймені қосарлана жегілген почта сәйгүліктері заулатып әкетіп бара жатты.
«Анадай күймеге, ауыздығымен алысқан қос жүйрікке қолым жетсе ғой, шіркін, — деп ойлады Кавальканти, — ең бастысы жолдамам болса!».
Сосын жігіт бір күрсініп қойды.
Бұл мадемуазель Данглар мен мадемуазель д'Армильи отырған күйме болатын.
— Тездет, тездет! Біз енді оны көп ұзамай қуып жететін де шығармыз, — деді Андреа.
Сол-ақ екен, қала шетінен бері құтырына шауып келе жатқан жануар шабысын үдете түсті, сөйтіп сабыны шығып, Луврге де келіп жетті.
— Менің байқауымша, — деді Андреа, — досымды енді қуып жете алмаспын, бекерден-бекер сіздің атыңызды зорықтыратын түрім бар. Одан да осында тоқтағаным жақсы. Отыз франк ақшаңыз мінеки, ал мен «Жирен ат» мейманханасына қонамын да, ең бірінші бос почта күймесінен орын алармын. Қайырлы түн болсын, досым!
Андреа көшірдің қолына әрқайсысы бес франктен алты теңгені қыстырды да, жолға оп-оңай қарғып түсті.
Көшір ақшаны қалтасына көңілдене салды да, Парижге қарай аяңдай жөнелді. Андреа «Жирен ат» мейманханасына бара жатқан кісі сыңайын танытты; ол күйме дөңгелегінің дыбысы басылғанша есік алдында тұрды да, сосын ілгері қарай аршындай басып, екі льедей жер жүрді.
Ол осы арада біраз тынықты, шамасы Шапель-ан-Сервальға таяу келіп тұрса керек, жоғарыда айтқан сөзіне қарағанда, өзі де осы жаққа беттеп келе жатқан-ды.
Андреа Кавальканти бұл араға шаршап-шалдыққаннан аялдаған жоқ, іштей қажетті бір шешімге келіп, бұдан әрі не істеп, не қоятынын ойластырып, жоспарлап алмақшы болды.
Бұған дилижансқа отыруға болмайды, почта күймелерін жалдау да мүмкін емес. Мұндай жолмен сапарға шығу үшін паспорт керек.
Уазы департаментінде — Францияның аса белгілі және қатаң күзетілетін департменттерінің бірінде — қала беру тағы да мүмкін емес, әсіресе қылмысты болып, аузы күйген алаяқ Андреаға тіпті мүмкін емес.
Андреа арықтың шетіне отырып, қолына басын сүйеп, ұзақ ойға шомды.
Он минуттан кейін басын көтерді: ол бір шешімге тоқтаған еді.
Ол ауызғы бөлмеде ілулі тұрған пальтоны алып, фрагінің сыртынан кие салған, енді сол пальтоны шаң-топырақпен былғады да, Шапель-ан-Сервальге жетіп, осындағы жалғыз қонақжайдың есігін емін-еркін қақты. Қожайын есікті ашты.
— Досым, — деді Андреа, — мен Морфонтоннен Санлиске салт келе жатқан едім, бірақ мінген атым бір асау арам қатқыр еді, әлденеден үркіп, жалт беріп, жығылып қалғаным. Бүгін түнде қайтсем де Компьенге жетуім керек, әйтпесе семьямның берекесі қашып қатты мазасызданады; сізден бір ат табылмас па екен?
Кез келген асханашы үйінен, әдетте, жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, бір ат табылады.
Қонақүйдің қожасы атшысын шақырып, Ақбозды ертте деп әмір етті, сосын жеті жасар баласын оятты, ол бейтаныс мырзаның артына мінгесіп, атты қайтып әкелуі керек еді.
Андреа асханашыға жиырма франк берді, сол ақшаны алып жатқанда ол визит карточкасын түсіріп алды.
Бұл — оның Кафе-де-Париде жолығатын көңілдес дос-жарандарының біреуінің карточкасы болатын, Андреа кетіп қалғаннан кейін оны тауып алған асханашы, атын Сен-Доминик көшесіндегі 25-үйде тұратын граф де Молеонға бердім деп ойлады; бұл карточкада жазылған кісінің фамилиясы мен адресі-тұғын.
Ақбоз ат екпіндетіп, суыт кетпесе де, бір қарқыннан аумай, cap желіп келе жатты: үш жарым сағатта Андреа Компаньенмен арадағы тоғыз льені артында қалдырды, ол дилижанстар келіп тоқтайтын алаңға жеткенде ратушаның сағаты төртті соғып жатыр екен.
Компаньенде таңғажайып мейманхана бар, оны бұл араға өмірінде бір-ақ рет тоқтаған кісі де ұмытпайды.
Париж төңірегін аралап жүрген кездерінің бірінде Андреа мұнда бір рет түнеп те шыққан. Ол «Қоңырау мен шыны» мейманханасын есіне алып, алаңды көзімен бір шолып өтті, жанып тұрған фонарь жарығынан жол сілтеген жарнаманы көрді де, қалтасында қалған уақ ақшаның бәрін балаға беріп, оны қайтарып жіберді, сосын: менің қарауымда әлі төрт сағат уақытым бар, сол себепті де жақсылап ауқаттанып, біраз ұйықтап әлденіп алғаным артық болмас деп ойлады да, асықпай есік ашты.
Оған есікті дәйекші ашты.
— Менің Сен-Жан-о-Буадан келгенім осы, түскі тағамды сол арадан ішкен едім, — деді Андреа. — Әуелде түн жарымда өтетін дилижансқа ілігемін ғой деп ойлағанмын, бірақ мен ақымақ болғанда адасып кетіп, төрт сағат бойы орман кезіп, сандалып жүргенім. Маған аула жақтағы бөлмелердің бірін беріңіз және тоңазыған балапан мен бір шыны бордо шарабын әкелсін.
Дәйекші көңіліне ешбір күдік алмады, Андреа қолын қалтасына салған күйі аузынан сигарасын да алмай, жайбарақат тұрып сөйледі; үстіндегі киімі сәнді, сақалы қырқылған, аяқкиімі жылтырап тұр; өзі жолынан кешігіп қалған қала тұрғынына ұқсайды.
Дәйекші бөлмені әзірлеп жатқанда мейманхананың қожайын әйелі келіп кірді. Андреа келіншекті ақсия күліп қарсы алып, Компьенге соңғы рет келгенде түскен 3-нөмірді алуға болмас па екен деп сұрады. Өкінішке орай, 3-нөмірге қарындасымен бірге саяхат құрып жүрген бір жас жігіт орналасып қойған екен.
Андреа бұған кәдімгідей өкініп қалды, бірақ қожайын әйел осы әзірленіп жатқан 7-нөмір де, тап 3-нөмір сияқты аула жақта екенін айтқаннан кейін барып, көңілі жайланайын деді. Камин алдында аяғын жылытып, Шантильидегі соңғы ат бәйгесі жайлы сөз қозғай отырып, ол бөлменің әзір болғанын айтатын сәтті асыға күтті.
Андреа аула жаққа шығатын бөлмелерді тегіннен-тегін сұрамаған: «Қоңырау» мейманханасы ауласының ішкі жағындағы үш қатар галереясы оны көрермендер залына ұқсатып жіберетін, жеңіл ұстындарға табиғи сән беріп, орап, көмкеріп тұратын ломоностар мен жасмин желкілдеп тұратын ауласы мейманханаларда кездесетін ең ғажайып сұлу аулалардың бірі болатын.
Балапан еті жас та, шарап сүр екен, каминде от тысырлап жанып жатты; дүниеде ештеңе болмағандай-ақ, тағамды құныға жеп жатқанына Андреаның өзі де таң қалды.
Жиырма жастағы адам, тіпті бір ұят іс жасаған күннің өзінде, қалай қатты ұйықтап қалатын болса, Андреа да жатысымен тап солай қалың ұйқыға батты да кетті.
Қанша айтқанмен, Андреа тап осы жолы ар-ұяттың азабын біраз тартуы керек еді, бірақ ол мұны мүлде сезінбегенін біз реті келгенде айта кетуіміз керек.
Андреаның көңіліне үміт-сенім ұрығын сепкен кемел жоспары мына төмендегідей болатын.
Ол таң атысымен мейманханаға ақысын мұқияттап төлеп, далаға шығады да, салып ұрып орманға барады, сосын суретпен шұғылданамын дегенді сылтау етіп, бір шаруаның үйіне кіреді, отыншының киімі мен бір балтаны тауып алады, зиялы қауымның сұлтаны атанған жігіт бейнесін шаруа бейнесіне ауыстырады; кейін қолын күс басып қарайғасын, шашы күміс тарақтан қоңыр тартқасын, ал өңі Тулондағы жолдас-жоралары бір кезде үйреткен тәсіл бойынша жағылған дәріден тоттанғасын, ол орман-тоғайды паналап шекараның ең жақын жеріне қарай беттейді, түнемелікке жол жүріп, күндіз сай-жыралар мен қалың тоғайда ұйықтайды, ал елді мекендерге ас-су сатып алу үшін болмаса жуымайды.
Шекарадан өткесін ол гауһар тастарын ақшаға айналдырады, сөйтіп оның ақшасын қиын күнде керек деп сақтап жүрген қалтасындағы он шақты кредит билетіне қосады, сонымен оның жанында елу мың ливрдей ақшасы болады, әрине, мұның жоқтан жақсы екені түсінікті ғой.
Сонымен бірге ол Дангларлар өздерінің сәтсіздікке ұшырап, санын соғып қалғанын онша дабыра қылмай, басып тастауға тырысады ғой деп ойлады.
Андреаның қолма-қол, қатты ұйықтап қалуына себеп болған бір жайт, міне, осындай еді.
Хош сонымен ертеңіне мүмкін болғанынша ертерек оянуы үшін Андреа терезе қақпағын ашық қалдырды, тек есіктің ысырма ілгегін салып, қатты жапты, сосын өткірлігін іс жүзінде сынап көрген және өмірде қалтасынан қалдырмайтын алмас пышағын түнгі стол үстіне қоя салды.
Таңертеңгі сағат жетілер шамасында Андреа бетіне түскен жылы да жарық күн сәулесінен оянып кетті.
Басы дұрыс жұмыс істейтін әрбір адамның миында ең басты, өзекті бір ойы болады, сол әманда ең соңынан ұйықтайды да, оянысымен кешегі жайтты жарқ еткізіп қайта еске түсіреді.
Андреа көзін толық ашпай жатып, әлгі бір ең негізгі, мазасыз ойы оны бірден билеп алып, тым ұзақ ұйықтап қалғанын есіне салды.
Ол кереуеттен атып тұрып, терезе алдына жүгіріп барды.
Аулада бір жандарм жүр екен.
Жандарм дегенің әлемдегі ең күнәсіз жандардың өзінің көзіне бірден шалынатын көрнекті тұлға, ал «сезікті секірер» дегендей, күнәлі кісілер үшін оның мундирінің сары көк, ақ түсі — дүние жүзіндегі ең қорқынышты, қатерлі түстер.
— Жандарм мұнда неғып жүр? — деп сұрады ол өзінен-өзі.
Бұл жігіттің логикасын оқушының өзі де аңғарған болар, міне сол логикасымен табанда өзіне-өзі жауап берді.
— Жандармның мейманханаға келгенінде не тұр? Бірақ дереу киіну керек.
Айтты — бітті, ол қолма-қол киініп те алды, осы бір жылдам киінетін әдетінен, Париждің зиялы қауымы арасында өткізген бірнеше ай ішінде, малайы да арылта алмай қойған.
— Жарайды, — деп ойлады Андреа киініп жатып, — ол кеткенше тоса тұрайын; оның қарасы батқасын, мен де зытып кетермін.
Осыны айтты да, құнтия киініп алған жігітіміз ұрланып терезе алдына келді де, масаты пердені екінші рет ысырды.
Бірақ бірінші жандармның кетпегені былай тұрсын, Андреа төмен түсетін жалғыз басқыштың қасына тағы бір көк, сары, ақ түсті мундир пайда болыпты, ал үшінші атты жандарм мылтығын кезеніп, жігітіміз көшеге шығатын бірден-бір қақпаның аузын күзетіп тұр.
Сo бір үшінші жандарм кереметтей көрнекті пәлекет екен, әуесқой жұрт оның алдына кимелеп келіп, қақпаның аузын қоршап алыпты.
«Мені іздеп жатыр екен. Қап, шайтан алғыр-ай!» — деп ойлады Андреа ә дегенде.
Ол қанын ішіне тартып сазарып, айналасына алақтап көз тастады.
Үйдің осы қабатының басқа да бөлмелері сияқты, мұның бөлмесінің есігі де көрер көзге кел мұндалап тұратын сыртқы галереяға қарай шығатын.
«Мен құрыдым!» — деп ойлады ол енді.
Андреа сияқты қиын халдегі адамды тұтқынға алу дегенің оны соттау, үкім шығару, өлім жазасына кесу — қатыгез қаталдықпен табанда өлтіру деген сөз еді.
Ол не істерін білмей, басын ұстап тұрып қалды.
Тап сол сәтте ол қорыққанынан жынданып кете жаздаған-ды.
Бірақ сәлден кейін аласапыран ой ішінен үміт оты жылт еткендей болды; кезерген ернінде жылмиып күлкі ізі көрінгендей көрінді.
Ол бөлме ішін көзімен бір шолып өтті, оған керекті нәрсенің бәрі: қалам, қағаз, сия стол үстінде бар екен.
Ол қаламды сияға малып, дірілдеген қолын қатайтып ұстап, төмендегі жолдарды жазды:
«Есеп бойынша ақы төлеуге ақшам жоқ, бірақ мен адал адаммын. Ақша орнына мына түйреуішті тастап кетемін, мұның құны менің қарызымнан он есе қымбат. Қашып кеткенімді кешіріңіздер, ұялған кісі не істемейді.
Ол галстугінен түйреуішті ағытып алып, қағаздың үстіне қойды.
Сосын есікті жабулы күйінде қалдырудың орнына, оның ілгегін ағытты, тіпті асығып бара жатқанда оны жабуды ұмытып кеткендейін, есікті сәл-пәл ашып қойды, әртүрлі гимнастикалық әдіске машық кісідей-ақ, зып беріп каминнің ішіне кірді де, Дендамия жанындағы Ахиллді бейнелейтін қағазды өзіне тартып алып, күлге түскен ізін сыпырып тастады, содан кейін әлі де қашып құтылуға болады-ау деген соңғы жолы — ирек моржа арқылы жоғары көтеріле бастады.
Тап осы кезде, бағанағы Андреа көретін бірінші жандарм, қасына полиция комиссарын ертіп, басқышпен жоғары көтеріліп келе жатты, бұларға басқыш күзетіндегі жандарм жәрдем беруге әзір тұрды, ал қажет болса, бұған қақпаны күзетіп тұрған жандарм көмекке келер еді.
Андреа қанша машақат көріп, осылардың назарынан тыс қалуға тырысса да, ақыры құтыла алмады, мұның мәнісі мынадай еді. Құлқын сәріден Париж телеграфы шартарапқа асығыс хабар таратты, осы хабар заматында жеткен күллі қалалар мен селоларда өкімет аяғынан тік тұрғызылды, Кадруссты өлтірген қылмыстыны ұстауға қарулы кісілер шығарылды.
Корольдің мекенжайы — Компьень, аң аулайтын ең сүйікті жері — Компьень, әскери гарнизон қаласы — Компьеньде, әдетте, чиновниктер, жандармдар мен полиция комиссарлары құжынап жүреді; телеграф арқылы айбарлы бұйрық алынысымен, күдікті кісілерді ұстау басталды, «Қоңырау мен Шыны» мейманханасы қаладағы ең бірінші мейманхана болғандықтан, кісі аулау ісі осы үйден басталары табиғи нәрсе-тұғын.
Өткен түні ратушаны күзеткен қарауылшылардың мәліметіне қарағанда, осынау мейманханаға түнде бірнеше жолаушылар келіп түскен, ал ратуша болса, «Қоңырау» мейманханасымен жалғасып жатқанды-ды.
Таңертеңгі сағат алтыда міндетін өтеп кеткен қарауыл күзет орнына енді келіп тұрған кезде, яғни сағат төрттен өте берген кезде, артына шаруа баласын мінгестірген, ақбоз атты бір жас жігітті көргенін есіне түсірді, со жас жігіт алаңда аттан түсіп, баланы кейін қайтарып жіберіп, «Қоңыраудың» қақпасын барып қаққан, сосын оны дереу ішке кіргізген.
Енді күмән-күдіктің бәрі осынау кешіккен жолаушыға ауды.
Бұл жолаушы Андреаның тап өзі болатын.
Осы мәліметтерге сүйене отырып, полиция комиссары мен жандармның унтер-офицері Андреаның есігіне қарай беттеген еді.
Есік ашық тұр екен.
— Oho, — деді талай сұмдықты көрген кәрі түлкі сияқты жандарм, — есіктің ашық қалғаны — жаман ырым! Мен бұл есіктің үш құлыппен кілттеулі тұрғанын көргім келер еді!
Шынында да, Андреаның стол үстіне қалдырып кеткен хаты мен түйреуіші осы бір қайғылы шындықты растап тұр еді, дәлірек айтсақ, растап емес соны мегзеп тұрғандай еді.
Андреа қашып кетіпті.
Біздің «мегзеп тұрғандай» дейтін себебіміз, осынау жандарм қолына алғаш ілінген дәлелді көңіліне тоқ санап, тоқырап қалатын адам емес-ті.
Ол бөлме ішін көзімен бір шолғасын, кереуеттің астына үңіліп қарады, пердені ысырып, шкафтарды тарсылдатып тексеріп шықты, ақырында, каминге жақындап келді.
Андреаның сақтығы арқасында күл үстінде ешбір із қалмаған екен.
Бірақ қанша айтқанмен бұл сыртқа шығатын саңылау, ал мұндай кездері әрбір тесік, саңылау мұқият зерттеліп, тексерілуге тиіс. Сол себепті де жандарм дереу шөпшек пен сабан әкеліңдер деп әмір етті; ол осының бәрін мортирді оқтағандай-ақ каминнің мopжacынa тығып, жағып жіберді.
От гүрілдеп жанып, қара түтін моржаны қуалап, будақтап аспанға көтерілді, бірақ жандарм ойлағанындай, қылмысты камин ішіне топ етіп құлап түспеді.
Қаршадайынан қоғаммен арпалысып өткен Андреа, жандарм тіпті қадірменді унтер-офицер шеніндегі жырынды болмақ түгіл, құдай болса да, оларға ешбір есесін жібермейтін; отпен сынап көретінін күні бұрын сезген әккі жігіт шатыр үстіне шығып, моржаға жабысып тұра қалған.
Унтер-офицердің әріректегі екі жандармға:
— Ол жоқ бұл арада! — деп айқайлаған даусын естіген кезде, Андреа енді құтылармын-ақ деп үміттеніп те қалды.
Бірақ абайлап мойнын созып қарағанда, ол әлгі хабардан кейін енді кететін шығар деп ойлаған жандармдардың бұрынғыдан бетер күшейіп тұрғанын көрді.
Енді жігіт өз тарапынан төңірегіне көз жүгірте бастады: XVI ғасырдың қомақты ғимараты — ратуша, қаһарлы қамал сияқтанып, оң жағында тұнжырап тұр екен. Ал оның терезесінен өзі тығылып тұрған үй шатырының қыртыс-бедерін, түкпір-түкпірін биік тау үстінен алқапты қалай көрсе, тап солай көруге болатын еді.
Андреа енді біраздан кейін сонау терезелердің бірінен жандармның басы көрінетінін анық білді.
Егер оны тауып алса, құрығаны; шатыр төбесімен қашып құтыламын деп иегі қышымаса да болады.
Осыдан кейін ол бөлмеге қайта түсуге, бірақ бұрынғы жолымен емес, сол тәрізді басқа жолмен түсуге бел байлады.
Ол түтін шықпай тұрған бір моржаны тауып, соған карай еңбектей берді және тірі жанның көзіне түспей, сол моржа ішіне түсті.
Тап сол сәтте ратушаның бір терезесі ашылып, жандармның басы көрінді.
Бір сәт жандармның басы осы үйдің әшекейіне қойылған тас мүсін сияқты, қимылсыз қатып қалды; сосын тауы шағыла бір күрсініп жоқ болды.
Заңның өкілі болып келген унтер-офицер, сол заң сияқты жайбарақат, сән-салтанатпен жүріп, жапырласқан жұрттың сауалына жауап қайтармай араларынан өтті де, мейманханаға қайтып келді.
— Не болды? — деді екі жандарм қосарланып.
— Не болды дейсіңдер ме, жігіттер, — деді унтер-офицер, — қанішер бізден шынымен-ақ құлқын сәріде құтылып кетсе керек; бірақ біз Виллер-Котре мен Нуайон жағына кісілер жібереміз де, орманды түгелдей тінтіп, оны қайтсек те табамыз.
Заң-зәкүннің қадірменді сақтаушысы, осынау жігерлі сөздерді унтер-офицерге тән үнмен сартылдатып айтып болмай жатып, әлдекімдердің үрейлене шыңғырған даусы мен тызақтаған қоңырау үні аула ішінің әңкі-тәңкісін шығарды.
— Оһо, бұл не? — деді жандарм дауыстап.
— Шамасы, біреу қатты асығып жатса керек. Қай нөмірден қоңырау қағып жатыр? — деді қожайын.
— Үшіншіден.
— Жүгір, Жан, бар!
Тап сол сәтте айқай мен қоңырау шылдыры бұрынғыдан да күшейіп кетті.
Дәйекші басқышқа қарай тұра жүгірді.
— Жо-жоқ! — деді жандарм дәйекшіні тоқтатып, — қоңырау соғып жатқан кісіге, меніңше, сіздердің көмегіңіз керек емес, оларға біздің өзіміз-ақ қызмет көрсетерміз. Үшінші нөмірде кім тұрушы еді?
— Өткен түнде қарындасымен бірге почта көлігімен келген жас жігіт тұрып жатыр, ол екі кереуеті бар нөмір талап еткен болатын.
Тызылдаған қоңырау үні үшінші рет естілді.
— Бері келіңіз, комиссар мырза! Соңымнан еріңіз, аяқты ширақ басыңыз! — деді унтер-офицер дауыстап.
— Тоқтаңыз, — деді қожайын, — үшінші нөмірге екі басқыш апарады: біреуі іште, екіншісі сыртта.
— Мақұл, — деді унтер-офицер, — ішкі басқышпен мен жүрейін, ол — менің шаруам. Карабиндер оқтаулы ма?
— Оқтаулы.
— Ал сендер сыртқы басқыштан көз жазбаңдар, егер ол қашатын болса, атыңдар; телеграммаға қарағанда, бұл бір үлкен қылмыскер болса керек.
Унтер-офицер мен комиссар лезде ішкі басқышқа көтеріліп көрінбей кетті, оның сөзін естіген жұрт сыртта дабырласып қала берді.
Оқиға былай болған еді.
Андреа моржа ішімен абайлап түсіп, оның үштен екі бөлігінен аман-есен өтті, бірақ тап сол сәтте аяғы тайып кетіп, қолымен қабырғаға қанша сүйеніп тұрса да, зыр етіп, тез түсті, бір өкінішті жері — шу-дабырмен келіп түскені.
Егер бөлме бос болғанда, мұның ешбір зияны тимес еді; бірақ өкінішке орай, мұнда біреулер бар болып шықты.
Екі әйел бір кереуетте ұйықтап жатыр екен. Тасыр-тұсыр дыбыстан оянып кетті.
Олар дыбыс шыққан жаққа бұрылып қарап, каминнің аузынан бір жас жігіттің шығып келе жатқанын көрді.
Әйелдердің ақ сары түсті біреуі қатты шыңғырып, күллі үйді басына көтерді, ал қара торы келген екіншісі қоңырауға тап беріп, оны бар күшімен безілдете қағып, жұрттың бәрін дүрліктірді.
Қатал тағдыр Андреаның ізіне шындап түскен еді.
— Құдай үшін! — деді ол дауыстап, сасқанынан аппақ болып қуарып, кімге сөйлеп тұрғанын да айыра алмады. — Ешкімді шақырмаңыздар, менің обалыма қалмаңыздар! Мен сіздерге жамандық жасамаймын.
— Андреа, қанішер! — деп айқайлап жіберді жас әйелдердің біреуі.
— Эжени! Мадемуазель Данглар! — деді күбірлеп Андреа, әлгіде қорықса, енді қайран қалып.
— Көмекке, көмекке келіңдер! — деді мадемуазель д'Армильи жан даусы шыға шыңғырып, ол Эженидің қимылсыз қалған қолынан қоңырауды жұлып алып, жан ұшырып соға бастады.
— Құтқарыңыздар мені, артымда қуғын бар! Аяңыздар, көрсетпеңіздер мені, — деді.
— Кешігіп қалдық, олар басқышпен көтеріліп келеді, — деді Эжени оған.
— Ендеше мені жасырыңыздар. Ешбір себепсіз қорқыппыз деңіздер. Сонда сіздер жұрттың күдігін сейілтіп, мені ажалдан құтқарасыздар.
Екі қыз көрпеге оранып, бір-біріне жабысып алып, жігіттің осы бір жалынып-жалбарынған үніне әрі үрке, әрі жирене, үн-түнсіз құлақ түріп отырды.
— Мақұл, — деді Эжени, — келген жолыңызбен қайта кетіңіз, кетіңіз бақытсыз неме, біз ештеңе де айтпаймыз.
— Ол әне! Әне тұр! Мен оны көріп тұрмын! — деді әлдекім есік сыртынан айқайлап.
Бұл — құлыптың тесігінен қарап, қолын жайып жалынып тұрған Андреаны көрген унтер-офицердің даусы еді.
Мылтықтың дүмімен қатты бір соққанда есіктің құлпы ұшып түсті де, тағы екі рет соққанда оның топсасы сөгіліп кетті: сынған есік бөлме ішіне жалп етті.
Андреа, ішкі галереяға қарай шығатын екінші есікке жүгіріп барып, оны шалқайтып ашып жіберді.
Галереяда тұрған жандармдар карабиндерін кезей қойды.
Андреа мелшиіп тұрып қалды. Өңі аппақ болып оңып, сәл ғана шалқайып, енді қажетсіз болып қалған пышағын қысып ұстап қалтырап тұр.
— Қашыңыз енді! — деді дауыстап мадемуазель д'Армильи, оның жүрегі орнына түсіп, қорқуы басылғаннан кейін байғұсты аяйын деді. — Қашыңыз!
— Әйтпесе өзіңізді-өзіңіз өлтіріңіз! — деді Эжени, цирктегі гладиаторға жығылған жауын өлтіруге белгі беретін весталка сияқтанып.
Андреа селк етіп, мына қызға жирене жымиып бір қарады, жігіттің осы бір көзқарасынан оның ез екенін, намыскер кісілердің: «Арымнан жаным садақа» деп ұлы құрбандыққа баратын қатал серті оған мүлде түсініксіз екенін білуге болатын еді.
— Өзімді-өзім өлтіруім керек? Неге? — деді ол пышақты лақтырып тастап жатып.
— Мені өлім жазасына кеседі, ең сұмпайы қылмысты ретінде жазалайды деп өзіңіз айтқан жоқсыз ба?! — деді дауыстап Эжени Данглар.
— Одан қам жемеймін. Ол дос-жарандарымның шаруасы! — деді Кавальканти қолын кеудесіне айқастыра ұстап.
Унтер-офицер оған қылышын жалаңдатып жетіп келді.
— Қоқаңдамай қоя тұрыңызшы, бауырым, қылышыңызды қынабына салыңыз, өз еркіммен беріліп жатқанда улап-шулап қайтеміз! — деді Кавальканти.
Сосын ол қолын ілгері қарай соза берді. Оған табанда бұғау салды.
Екі қыз мына жігіттің өздерінің көз алдында мүлде басқа, жиіркенішті біреуге айналғанына, сыпайы-сыйлы кісіден қылмысты қанішерге қайта айналғанына жаны тітіркене, шошына қарап тұрды.
— Әкеңізге айтатын бір тапсырмаңыз жоқ па, мадемуазель Эжени? Өзіңіз көріп тұрсыз, мен Парижге қайтып барамын, — деді ол.
Эжени бетін баса қойды.
— Ұялмай-ақ қойыңыз, — деді Андреа, — артымнан қуалап келгеніңізге ренжімеймін... Мен сіздің күйеуіңіз бола жаздаған кісімін ғой.
Осыны айтты да, ұяттан өле жаздаған қыздармен сыбырласып сыпсыңдасқан көпті артына қалдырып, Андреа сыртқа шығып кетті.
Енді бір сағат өткеннен кейін екі қыз әйел киімдерін киіп, өздерінің жолаушы күймесіне келіп отырды.
Бұларды бөгде кісілердің жіті көзінен қалқалау үшін дәйекшілер мейманхана қақпасын жауып қойған, бірақ қақпаны қайта ашқанда, олардың бәрібір өзара күбір-күбір сөйлесіп өздеріне мысқылдай қарап, ұзатып салған әуесқой жұрт арасынан өтуіне тура келді.
Эжени күйме пердесін түсіріп қойған, бірақ ол ешкімді көрмесе де, сөздерін есітті, жұрттың мазақтаған даусы мұның да құлағына жетіп жатты.
— Әлем неге құлазыған шөл болмайды екен, — деді Эжени серігінің құшағына құлай кетіп, бір кезде Нерон патша дұшпанының оттай жайнаған ызалы көзін көріп, рим халқының басы неге біреу болмады екен, қылышты бір-ақ сілтеп қағып тастар едім, — деп өкінген екен, Эженидің көзінде де тап сондай ызалы от жанып тұр еді.
Келесі күні олар Брюссельге келіп, Отель де Фландр мейманханасына жайғасты.
Андреа осының алдында ғана Консьержери түрмесіне қамауға салынған еді.
II. ЗАҢ
Мадемуазель Данглар мен мадемуазель д’Армильидің қалай қашып шыққанын біз жоғарыда көзімізбен көрдік. Бұлардың жай-күйін ойламақ түгіл, жұрттың бәрі ол кезде өз істерімен әуре болып жатқан.
Барон Данглар ұзамай банкрот болып, кедейленіп қалатыны көз алдына елестеп, маңдайы шып-шып терлеп, күллі зиянын ұзын-ұзын бағандарға есептеп жазып жатқанда, біз баронессаның соңынан ерелік: кешегі қатал соққыдан есін жинағаннан кейін, ол өзінің байырғы кеңесшісі Люсьен Дебрэге жеткенше асықты.
Қызына қамқор болып, бағып-қағудан біржолата құтылу үшін баронесса оның неке тойын асыға күткен, өйткені Эжени сияқты қияңқы қызға бас-көз болудың өзі оңай емес-ті. Егер шешесі әрдайым ақылмен іс істейтін, тәрбиелі-өнегелі болса ғана, ол қызының айтқанын екі етпей, әрбір сөзіне сергек құлақ асып отыратынына кәміл сенеді — үй ішінің дәстүрлері береке-бірлігі дегенде осындай үйлесім-келісімге негізделген ғой.
Несін жасырайық, Данглар ханым Эженидің әр нәрсені байқағыш зеректігінен және мадемуазель д'Армильидің ақыл-кеңесінен қаймығатын; қызының Дебрэні жақтырмай, оған тыжырына қарайтынын талай рет байқап қалған. Осы көзқарастан баронесса министрдің секретары мен өзінің арасындағы махаббат және ақшалық қарым-қатынас Эжениге мәлім-ау деп ойлайтын. Егер Данглар ханымның көңіл-көзі бұдан гөрі сәл көрегендеу болса, ол Эженидің Дебрэні әкесінің үйінде еркінсіп, есек-қаңқуға себепші болып жүргені үшін жек көрмейтінін баяғыда-ақ сезіп-білер еді. Қыз оны баяғыда-ақ әлгі Диогеннің адам деп айтуға аузы бармайтын екі аяқтылары қатарына, ал Платонның жұмбақтап, қауырсын-түгі жоқ, қос аяқты хайуанаттар дейтінінің қатарына қоса салған болатын.
Сонымен Данглар ханымның көзқарасы тұрғысынан алсақ, сорымызға қарай, бұл жалғандағы әрбір кісінің, басқаның көзқарасын түсінуге кедергі жасайтын өз көзқарасы болады — қызының күйеуге шықпай қалғаны зор қайғы еді, сонда бұл неке сәтімен шешіліп, көңілге қонған, Эжениге бақыт әкелетін неке болғандықтан емес, Данглар ханымға толық бостандық беруге тиісті неке тойы болатын.
Әлхисса, біз ілгеріде айтқанымыздай, баронесса Дебрэге қарай тұра жүгірді. Күллі Париж сияқты, Люсьен де Дангларлардың тойына барып, әлгі бір жанжалдың куәсі болған. Ол дереу, со заматта-ақ клуб қайдасың деп тайып тұрған, мұнда келсе, дос-жарандары осы оқиғаны сөз етіп жатыр екен, несін айтасың, әлемнің астанасы деп аталатын осынау өсекші қаланың төрттен үші бұл кеште жоғарыдағы оқиғаны өз әңгімелеріне өзек еткен-ді.
Данглар ханым үстіне қара көйлек киіп, бетін кіреукемен бүркеп алып, дәйекшінің: «Қожайын үйде жоқ», — деген сөзіне құлақ аспай, басқышпен жоғары көтеріліп бара жатқан кезде, Люсьен, бір көңілдес серігінің: «Мынадай жанжалдан кейін, сен, сол үйдің тілеулес жақын адамы ретінде, мадемуазель Эжени Данглар мен оның екі миллион жасауына үйленуің керек», — деген сөзіне қарсы дау айтып тұрған.
Өзі де іштей кет әрі емес екенін сездіру үшін Дебрэ әлсіз қарсылық жасайды. Осы ой оның өз басына да талай рет келген. Бірақ Эжениді, оның менмен, тәкаппар мінезін жақсы білетін жігіт оқтын-оқтын ондай некенің болуы мүмкін емес, деп қарсылық білдірген болады, бірақ со бір күнәлі ой еркінен тыс көңілін алаң етіп, мазалай береді, тақуа моралистердің сөзіне сенсек, крест тасасында әзәзіл шайтан қалай жасырынып жатса, тап сондай күнәлі харам ой ең адал, бүйкүнә кісілердің жанының түкпірінде жасырынып жататын көрінеді. Шай ішу, ойын-күлкі, әңгіме-кеңес түнгі сағат бірге дейін созылды, осыған қарағанда, бұл әңгіме аса қызық болғанға ұқсайды, өйткені ол аса маңызды мәселелерді қамтыды ғой.
Бұл кездері, Люсьеннің малайы аядай жасыл мейманжайға ертіп әкелген Данглар ханым, бетіндегі шіркеуін алмастан, өзі ертеңгілік осында жіберген гүл арасында, Дебрэні жаныға күтіп отырды, бір жақсы жері, жігіт бұл жіберген гүл шоқтарын мейлінше бипаздап, әсемдеп келістіріп қойғаны сондай, әйел байғұстың жүрегі елжіреп, оның кешігіп жатқанын да кешіре салды.
Ұзақ күтуден жалыққан Данглар ханым, сағат он екіге жиырма минут қалғанда, пәуеске жалдап, үйіне қайтты.
Белгілі қауым әйелдерінің, бай қамқоршысының арқасында қам-харакетсіз тірлік кешетін зинақорларға келетін бір жері, олар үйіне қайткенде де түн жарымға дейін қайтып келеді.
Әлгіде ғана Эжени әкесінің үйінен қалай сақтана басып кетіп қалған болса, баронесса да үйіне тап солай сақтана басып келді; ол Эженидің бөлмесіне іргелес (оны өзіміз де білеміз) бөлмесіне жүрегі лүпілдей соғып, ың-шыңсыз көтерілді.
Ол сыпсыңдаған суық сөзден қатты қорқатын. Және қызының тазалығына, ата-анасының үйіне ақиқат адал екеніне имандай сенетін, бұл үшін оны құрметтеуге болады!
Өз бөлмесіне қайтып келгеннен кейін ол Эженидің бөлмесіне құлағын тігіп, тың тыңдады, бірақ ешбір дыбыс естілмегесін, оған кірмек те болды: бірақ есік жабулы екен.
Данглар ханым Эжени осынау кештің ауыр сынынан, толқыныс-тебіренісінен кейін күйініп жатып, ұйықтап қалған шығар деп ойлады.
Ол күтушіні шақырып алып, мән-жайды біраз сұрады.
— Мадемуазель Эжени, — деп жауап қатты күтуші, — өз бөлмесіне мадемуазель д'Армильимен бірге келді; бірге отырып шай ішті, сосын мені шақырып алып, енді бізге керек емессің, — деп қайтарып жіберді.
Содан бері күтуші буфеттен шықпапты, өзге кісілер сияқты, екі қыз да өз бөлмесінде болар деп ойлапты.
Сөйтіп, Данглар ханым көңіліне ешбір күмән-күдік алмай, жайбарақат жатып қалады; күтуші әйелдің сөзінен кейін ол қызын ойлап алаңдамады.
Ол көп ойланып, толғанған сайын басына түскен бұл нәубеттің оңай емес екенін анық сезеді; бұл — жанжал емес, күйреу; бұл — масқара қорлық емес, ар-абыройдан айырылу.
Сол арада ол күйеуі мен баласының кесірінен бақытсыздыққа ұшыраған Мерседес сорлыға бедірейіп жібімей қойғанын еріксіз есіне алды.
«Эжени енді құрыды, — деді ол өзіне-өзі, — біз де құрыдық. Бұл оқиғаны жұрт ушықтырып-ұшындырып айтқаннан кейін көзіміз жойылады, өйткені усойқы күлкі біздің қоғамда кісіні қайта жазылмайтындай етіп ауыр жаралайды».
— Құдайдың Эжениге осындай тосын, түсініксіз мінез бергеніне де шүкіршілік, өзім содан қатты шошушы едім! — деді күбірлеп баронесса.
Сосын ол белгісіз бір жолдармен болашақты белгілеп, кем-кетіктің, тіпті кесір-кеселдің өзін адамның игілігіне айналдыратын жаратқанға мың алғыс айтқандай, мінәжат ойлап, көкке қарады.
Құс қанатын жайып тастап, шыңырау құз үстінен қалай қалқып өтетін болса, мұның ойы да кеңістіктен еркін қалықтап өтіп, Кавалькантиге барып тоқтады.
Сол Андреа дегенің алаяқ ұры, қанішер қарақшы болып шықты. Соған қарамастан өзі біртүрлі тәрбие көрген жан сияқты еді; зиялы қауымда аса құрметті кісілер қамқорлық жасайтын, мол бақ-дәулеттің иесі ретінде көрінген өз алдына.
Осы бір шым-шытырық түйінді қалай шешіп, ажыратуға болады? Осынау сұмдық шытырман-шатақтан аман-есен алып шығуға кім қол ұшын береді?
Өзі сүйетін жігіттен медеу-демеу таппақшы болып, ә дегенде тұра ұмтылған адамы Дебрэ, көп болғанда оған ақыл-кеңес қана бере алады. Одан гөрі құдіретті, күштірек бір кісіге барғаны жөн.
Сол мезетте баронессаның есіне Вильфор түсті.
Кавалькантиді қамауға алуға әмір берген Вильфор, бейне бөгде бір кісі сияқты, мұның семьясын аяусыз астан-кестен еткен де сол Вильфор.
— Жоқ, — деді әйел өзін-өзі жөндеп, — король прокуроры рақымсыз безбүйрек кісі емес, ол — әділ соттың өкілі, өз парызының құлы; адал да дәйекті дос, ол — қатыгез, бірақ сенімді қолы қалт етпей, шіріген жараны скальпельмен сылып тастайды; ол жендет емес, хирург және Дангларлардың ар-намысын қорлық кірі шалмас үшін қолынан келгеннің бәрін де жасады, зиялы қауымға «күйеу баламыз» деп таныстырған әлгі сормаңдай жігіт көз алдымызда ит қор болып құрып кетті емес пе.
Дангларлар семьясының тілеулес досы Вильфор тап осындай әрекет жасаған екен, ендеше ол Андреаның қулық-сұмдығын күні бұрын біліп, соны демеп-жебеді деп ойлаудың де қисыны келмейді.
Хош, сөйтіп Вильфордың қимыл-әрекеті енді барон әйеліне жаңа бір қырынан көріне бастады да, оны бұл өзінің көңілі қалаған мағынада пайымдап, ой толғай берді.
Бірақ король прокуроры енді осы жеткен жеріне тоқтауға тиіс; ертең ол тікелей прокурорға барады да: «Қызмет борышыңды бұзбағаныңмен, осы істе, қолыңнан келгенше, кешірімді бол», — деп атайды және сол айтқанын орындатады да.
Баронесса өткенге қайта оралады: қайдағы-жайдағыны есіне салады; екеуінің күнәлі болса да, бақытты шақтарының қызығына бола құтқар деп жалынады; сосын Вильфор бұл істі жауып тастайды, тым болмаса, Кавалькантидің қашып кетуіне жағдай жасайды, — бұл үшін ол назарын істің басқа жағына аудара салса жетіп жатыр: ол қылмысты жазалағанда, қылмыстыға сырттай ғана үкім шығарады.
Осылай көңілін бір жайлағасын, әйел маужырап ұйықтап кетті.
Келесі күні, таңертеңгі сағат онда, Данглар ханым төсегінен тұрып, күтушісін шақырмай, тірі жанның көзіне түспей, кешегі сияқтанып жұпыны киініп алып, үйден ұрланып шықты да, Прованс көшесіне дейін келді, фиакр жалдап, Вильфордың үйіне жеткізіп сал деп әмір етті.
Міне бір айдан бері осы бір қарғыс атқан үй оба жайлаған жердей-ақ қорқынышты күйге түскен-ді; бөлмелердің бірсыпырасы ішінен де, сыртынан да жабулы тұрады, терезе қақпақтары, тек таза ауа кіргізу үшін, оқта-текте ашылады, сол кезде одан малайдың үрейлі жүзі бір көрініп қалады; содан кейін көрдің құлпытасы сияқты тарс етіп жабылады, со замат:
— Король прокурорының үйінен бүгін де бір табытты шығарар ма екен? — деп сыбырласады көршілері.
Осы бір тұнжыраған қаралы үйді көргенде Данглар ханымның тұла бойы түршігіп кетті; ол фиакрден түсті; жабулы қақпа алдына келіп, қоңырау соққан кезде оның тізесі дірілдеп тұрды.
Әйел қоңырауды үшінші рет соққасын, қоңыраудың азалы үні осындағы көпке ортақ қайғыны үшінші қайталағаннан кейін, қақпашы келіп, есікті жайлап қана ашты.
Ол бір әйелді, сыпайы киінген зиялы бибіні көрді, бірақ соған қарамастан, қақпа сол сәл ашылған күйі қала берді.
— Ашсаңызшы, сізге не болған! — деді баронесса.
— Әуелі кім екеніңізді айтыңыз, сударыня, — деді қақпашы сызданып.
— Мен бе? Сіз мені жақсы білесіз ғой.
— Біз қазір ешкімді де білмейміз, сударыня.
— Сіз не, жынданғаннан саумысыз! — деді баронесса дауыстап.
— Кімнен, қайдан келдіңіз?
— Жоқ, мынаған шыдауға болмас!
— Сударыня, кешіріңіз, бұйрық осылай. Сіздің есіміңіз кім?
— Баронесса Данглар. Сіз мені жүз рет көргенсіз.
— Ғажап емес, сударыня, ал енді айтыңызшы, өзіңізге не керек?
— Кісіні басынуын қарашы! Мен Вильфор мырзаға шағынамын!
— Сударыня, бұл басынғандық емес, сақтық жасағандық; бұл үйге тек д'Авриньи мырзаның рұқсат қағазымен немесе король прокуроры мырзаға барып айтқаннан кейін ғана кіреді.
— Ендеше мен де король прокурорына бір шұғыл шаруамен келгенмін.
— Асығыс шаруа ма еді?
— Әрине, осы арадан қадалып кетпей тұрғасын ол түсінікті шығар. Жә, жетті енді: міне карточкам, қожайыныңызға апарып беріңіз.
— Мен қайтып келгенше тоса тұрасыз ба?
— Иә, барыңыз.
Данглар ханымды көшеде қалдырып, қақпашы есікті қайта жаба салды.
Рас, баронесса онша көп күтпеді; ұзамай бұл кіретіндей болып, қақпа қайта ашылды; әйел кірісімен қақпа тарс етіп, тағы жабылып қалды.
Аулаға кіргесін қақпашы есік жақтан көзін аудармай, қалтасынан үскірікті алып, ысқырып жіберді.
Басқыштан Вильфор малайының қарасы көрінді.
— Сударыня, сіз мына адал дәйекшіні кешіріңіз, — деді ол баронессаға қарай қарсы жүріп келе жатып, — оған берілген бұйрық солай, Вильфор мырза, өзінің бұдан өзге амалы қалмағанын сізге жақсылап түсіндіріңіз, — деді маған.
Аула ішінде, әлгідей әдіспен жіберілген жабдықтаушы саудагер тұр екен, дәйекшілердің бірі оның товарын қарап жатты.
Баронесса басқыш үстіне шықты, осынау ауыр қасіреттен жаны түршігіп сала берді, бұл оның өз қайғысын күшейте түскендей болды, сосын ол бұдан бір сәт те көз жазбаған малайға еріп король прокурорының кабинетіне келіп кірді.
Өзін осында жетелеп әкелген іске қанша алаң болып жүрсе де, мына бір қаймана қара халықтың дөрекі қарсы алғанына зығырданы қайнаған Данглар ханым, ә дегеннен әңгімесін шағынудан бастады.
Бірақ Вильфор жайымен басын көтеріп, бұған мұңая жымиып бір қарағаннан-ақ, әйел айтар сөзін жұтып, тоқтап қалды.
— Дәйекшілерімнің қорқақ та үркек болып кеткеніне кешірім сұраймын, бірақ оларды кінәлай алмаймын; олардан өзіміз күдіктенгесін, о байғұстар да күдікшіл болып алды.
Данглар ханым қалың қауым арасында жүріп, Вильфордың үйін үрей жайлап алғаны жөнінде талай-талай суық сөзді естіген, егер бүгін оны өз көзімен көрмегенде, со қорқыныш сезімі тап осылай асқынып кетеді ғой деп әсте ойламаған болар еді.
— Ойпырмай, сіз де бақытсыз ба едіңіз? — деді ол.
— Иә, сударыня, — деді король прокуроры.
— Сонда сіздің маған жаныңыз ашиды екен-дағы?
— Ашығанда қандай, сударыня.
— Менің неге келгенімді білесіз бе?
— Сіз менімен үйіңізде болған жайт туралы сөйлесуге келдіңіз ғой?
— Бұдан өткен бақытсыздық болмас, сударь.
— Ол тек көңілсіз жайт қана.
— Көңілсіз жайт! — деді баронесса дауыстап.
— Сударыня, мен бақытсыздық деп орны оңалмас жайттарды ғана айтамын, — деді король прокуроры салмақпен.
— Сіз мұны ұмыт болады деп ойлайсыз ба?
— Бәрі де ұмыт болады, сударыня, қызыңыз бүгін болмаса ертең тұрмысқа шығады, ертең болмаса, араға апта салып шығады. Ал енді мадемуазель Эженидің болашақ күйеуіне келетін болсақ, оған сіздің жаныңыз ауырады ғой деп ойламаймын.
Данглар ханым, Вильфордың осы бір кісіні мазақ еткендей-ақ, міз бақпай жайбарақат отырғанына таңдана қарап қалды.
— Мен осы досыма келдім бе? — деді ол қайғылы үнмен сыр тартып.
— Иә, досыңызға келдіңіз, оны өзіңіз де білесіз, — деді Вильфор, оның жүзі шырайланып сала берді.
Осы бір сөзден, өздерін қазір толқытып отырған жайттан мүлде басқа бір оқиғалар естеріне түсіп еді.
— Ендеше мейірімдірек болсаңызшы, қымбатты Вильфор, — деді баронесса, — менімен сот ретінде емес, дос ретінде сөйлесіңіз және қайғыдан қан жұтып келіп отырғанымда маған көңілді бол деп ақыл айтпаңыз.
Вильфор иіліп, ізет етті.
— Соңғы үш айда маған қара басымның қамын көбірек ойлайтын өзімшіл бір әдет пайда болды, сударыня, — деді ол. — Біреудің қайғы-қасіреті туралы сөз естісем болды, табанда өз қасіретімді есіме аламын және осы бір теңеу, шендестіру еркімнен тыс есіме түседі. Міне сол себепті де, сіздің бақытсыздығыңыз, менің бақытсыздығыммен салыстырғанда, жай әншейін ренішті бір жайт болып көрінеді, сіздің қазіргі жай-күйіңіз, менің қасіретті жағдайыма қарағанда, кісі қызығатын жайт болып елестейді; бірақ бұл сізді шамдандырады екен, ендеше ол сөзді қоялық. Хош, сонымен, сударыня, сіз не деп едіңіз?..
— Мен сізден, досым, әлгі бір суайтты не күтіп тұрғанын білгелі келіп едім, — деді баронесса сөзін жалғап.
— Суайт? — деді Вильфор қайталап. — Менің байқауымша, сударыня сіз сол оқиғаны бірде әдейі өсіріп, енді бірде әдейі өшіріп айтатын сияқтысыз. Андреа Кавальканти, дұрысы — Бенедетто суайт па екен? Сіз қателесесіз, сударыня Бенедетто — нағыз барып тұрған баскесер.
— Сударь, мен сіздің бұл сөзіңізбен таласпаймын; бірақ сіз сол байғұсты неғұрлым қатты жазаласаңыз, оның зардабы соғұрлым біздің семьямызға да қатты тиеді. Соны аз уақытқа ұмытсаңыз, қуғын-сүргінге салмай, қашып кетуіне жағдай тудырсаңыз.
— Кешігіп қалдық, сударыня. Мен кеше бұйрық беріп қойғанмын.
— Олай болса, егер оны тұтқынға алса... Сіз қалай ойлайсыз, оны тұтқындар ма екен?
— Солай деген үміттемін.
— Егер оны тұтқынға алса (жұрт осы түрмелер толып, аузы-мұрнынан шығып жатыр деп шулап жүр ғой), түрмеде қалдырарсыз.
Король прокуроры басын шайқады.
— Тым болмаса, менің қызым тұрмыс құрғанша қамауда жатса! — деді баронесса.
— Мүмкін емес, сударыня, әділ соттың өз тәртібі болады.
— Тіпті, мен үшін де солай ма? — деп баронесса әрі әзілдей, әрі байсалды тіл қатты.
— Бәріміз үшін де, жұртқа қалай болса, мына маған да солай, — деді Вильфор қасарып.
— Иә... — деді баронесса, бірақ мұны қандай оймен айтқанын түсіндіріп жатпады.
Вильфор әйелге сынағандай тесіле бір қарады.
— Сіздің не айтқыңыз келгенін білемін, — деді ол сөзін сабақтап, — Сіз әлгі бір қалаға тарап кеткен сұмдық сыбысқа мегзеп отырсыз, ол сыбысқа жүгінсек, үш айдан бері менің үйіме қара байлатқан ажал, құдайдың құдіретімен одан әрең дегенде аман қалған Валентина — осының бәрі тегін емес, бұл кездейсоқ ажал емес.
— Мен оны тіпті де ойлаған жоқпын, — деп асығыс жауап қатты Данглар ханым.
— Жоқ, сіз соны ойладыңыз, сударыня және оның жөні де бар, өйткені сіз оны бәрібір ойламай тұра алмас едіңіз, бұған қоса іштей: Қылмыстыны жазалаушы жампозым, мына сұраққа жауап бер: өз төңірегіңде жасалып жатқан қылмысты неге жазаламайсың?» — деп айтпай қоя алмас едіңіз.
Баронессаның өңі қуқыл тартты.
— Сіз іштей осылай дедіңіз ғой, сударыня, солай емес пе?
— Иә, айтқаным рас.
— Ендеше, жауап берейін.
Вильфор креслосын Данглар ханымның орындығына қарай жылжытып қойды. Сосын қос қолымен жазу столына сүйеніп, әдеттегіден гөрі бәсең үнмен сөйлей жөнелді.
— Бізде жазалаусыз қалатын қылмыстар да кездеседі, өйткені қылмысты кісілер белгісіз болып қалады, сол себепті де кінәлі кісінің орнына кінәсіз кісі жәбір көруі мүмкін, бірақ со қылмыстылар табылды дегенше, (Вильфор дереу столға қарама-қарсы ілулі тұрған үлкен распятиеге қолын соза берді) иә, табылды дегенше, — деді ол қайталап, — тірі құдай атымен ант етейін, олар кім болса, ол болсын мерт болады! Енді мен, міне құдай алдында ант бергеннен кейін және сол антымды сөзсіз орындаймын дегеннен кейін де, әлгі бір оңбаған жауызды аяңыз деп өтінуге дәтіңіз бар ма!
— Соның жұрт айтып жүргендей қылмысты екеніне көзіңіз анық жете ме, сударь? — деді Данглар ханым оған қарсы дау айтып.
— Miнe, оның ісі: Бенедетто он алты жасында подлог жасағаны үшін бесжылдық каторгаға айдалған, — өзіңіз де көріп отырсыз, жас жігіт зор үміт күттірген, — сосын каторгадан қашып, кісі өлтірген.
— Құдай-ау, сол... бақытсыз сорлының өзі кім?
— Кім білген! Корсикалық қаңғыбас біреу-дағы.
— Соны таныған кісі бар ма?
— Жоқ, өзінің ата-аналары белгісіз.
— Әлгі бір Луккадан келген кісі ше?
— Ол да соның өзі сияқты алаяқ; бәлкім сыбайласы да шығар.
— Вильфор! — деді әйел нәзік те назды үнмен.
— Құдай үшін, сударыня, ешқашанда менен айыпты кісіге аяушылық сұрамаңыз! — деді король прокуроры қатуланып, сөзінен тіпті салқындық та сезіліп қалды.
— Мен кіммін? Заңмын. Сіздің қайғы-қасіретіңізді көретін заңның көзі бар ма? Сіздің биязы ойыңызды есінде сақтап қалатындай заңның зейін-зердесі бар ма? Жоқ, сударыня, заң тек қана үкім етеді. Ал заң үкім айтқан кезде қиып түседі.
Сіз маған өлі кодекс емес, тірі жансыз ғой дерсіз; кітап емес, адамсыз дерсіз. Маған жақсылап бір қараңызшы, сударыня, менің айналама қараңыз; жұрт мені бауырым, ағайыным деп біле ме? Олар мені жақсы көре ме? Аяй ма? Солардың біреуі мені ескеріп, рақым сұрады ма, әлде маған мейірімі түсіп, аяушылық етті ме? Жоқ, тағы да айтайын, аяушылық еткен емес! Мен қуғын көрген, мәңгі қуғындалған адаммын!
Ал, сіз, аяулы бике, алдыма келіп, перизаттай болып, маған жәудірей қарап отырсыз, сол менің есіме қайдағы жоқты түсіріп, қысылғаннан қызарып та кетемін. Иә, мен өзіңіз білетін нәрсеге бола қызарамын, бәлкім, мен қызаратын басқа да дүниелер бар шығар.
Өзге жандардан гөрі өзім күнәға белшемнен батқалы бері, мен, жұрттың іріп-шіріген жерін табу үшін киім-кешегін сыпырып тастайтын болдым және әрдайым табамын да; бұл аз болса, тағы айтайын: сол ірік-шірікті адам баласының осы бір әлсіздігінің белгісін, жауыздығының белгісін қуана-қуана, мәз бола отырып табамын!
Өйткені мен жазалайтын әрбір адам, әрбір қылмысты кісі маған, осы дүниедегі оңбаған сүмелек тек менің өзім ғана екеніне тағы бір тірі айғақ, тағы бір дәйекті дәлел болып көрінеді! Қайтейін! Адам атаулының бәрі жауыз, сударыня! Біз соны дәлелдеп, залымды жазалаймыз-дағы!
Вильфор соңғы сөздерін ашуға булығып, зәрленіп отырып айтты.
— Сол жас жігітің қаңғыбас қайыршы, далада қалған жетім екенін өзіңіз де айттыңыз ғой, — деді Данглар ханым соңғы рет оған ара түспек болып.
— Өз соры өзіне, дәлірек айтсам, сонысы жақсы болған. Құдай тағаланың өзі оны жоқтайтын адам болмасын деп жетім еткен-дағы.
— Сіз әлсізге тап-тап беріп тұрсыз, сударь!
— Кісі өлтіруші әлсіз бе?
— Оның масқара болғаны менің үйіме күйе болып жұғады.
— Менің үйімді де ажал аралап жүр ғой.
— Сіз өзге кісілерге тым қаталсыз, — деді баронесса дауыстап. — Ендеше, менің айтқанымды есіңізге сақтаңыз: жұрт сізді де аямайды!
— Мейлі, солай-ақ болсын! — деді Вильфор қолын қатулана көкке қарай созып.
— Егер оны тұтқындайтын болса, сіз оның ісін келесі сессияға дейін қалдырасыз: арада жарты жыл өткесін бәрі де ұмыт болар еді.
— Жоқ, — деді Вильфор, — менің алдымда әлі бес күндей уақыт бар; тергеу-тексеру аяқталды; мен үшін бес күн дегенің жетіп жатыр. Менің де көп нәрсені ұмытқым келетініне түсінбейсіз бе, сударыня? Мен жұмысқа кірісіп кеткен кездері күні-түні бас көтермеймін, тіпті есімде еш нәрсе қалмайтын кездер де болады, ал менің дүниенің бәрін ұмытқан кездерім, өлі жандар қандай бақытты болса, менің де сондай бақытты болатын кездерім; қанша айтқанмен, қайғы-қасіретті тартқаннан да, соның өзі артық.
— Ол байғұс жоғалып кетті; енді оның қашуына жол беріңіз, қимыл-әрекетсіз қарап отыру — мейірім жасаудың ең жеңіл жолы.
— Кешігіп қалдық деп айтып едім ғой; телеграф құлқын сәріден бұйрықты таратқан, енді мәселе...
— Сударь, — деді дәйекшісі кіріп келіп, — ішкі істер министрлігінен тығыз хабар келіп түсті.
Вильфор конвертті жұлып алып, асығыс аша бастады.
Данглар ханым қорыққанынан шошып кетсе, Вильфор қуанғанынан құлпырып сала берді.
— Тұтқындалыпты, — деді Вильфор дауыстап. — Оны Компьенде ұстапты; бәрі де бітті осымен.
Данглар ханым орнынан тұрды; оның жүзі қуарып кеткен еді.
— Хош болыңыз, сударь, — деді әйел салқын.
— Хош болыңыз, сударыня, — деді король прокуроры.
Сосын ол жазу столының қасына қайтып келді.
— Солай! — деді ол хатты алақанымен бір басып. — Менің қолымда қазір бір подлог, үш ұрлық, екі рет от қойған іс бар, жетпейтіні кісі өлтіру еді, енді ол да бар; бұл сессия ойдағыдай болайын деп тұр.
III. ЕЛЕС
Король прокуроры Данглар ханымға айтқанындай-ақ, Валентина төсек тартып ауырып жатқан.
Әбден әл-дәрменнен айырылған қыз төсектен тұра алмайды; Эженидің қашып кеткенін, Андреа Кавалькантидің, дәлірек айтсақ, Бенедеттоның тұтқынға алынғанын, оған кісі өлтірді деген айып тағылғанын ол өз бөлмесінде де Вильфор ханымнан естіген.
Бірақ Валентина аурудан әлсіреп қалғаны сондай, бұл әңгіме оған онша әсер ете қоймады, бәлкім, оның дені сау, көңілі көтеріңкі болса, бұл сөз оған басқаша әсер етер ме еді, кім білген.
Қыздың ауру меңдеткен ақыл-санасынан туған түсініксіз ойлар мен көз алдынан бұлдырап бір көрініп, жоғалып жататын елестерге, бар болғаны, тағы бір күңгірт ойлар мен көмескі бір бейнелер келіп қосылды, бірақ сәлден кейін оның өзі басқа бір сезім-түйсіктердің әсерінен сейіліп, тарап кетті.
Күндіз Нуартье ұдайы қасында болғасын ба, әйтеуір, Валентина кәдуілгі қарапайым тіршіліктен азды-көпті байланысып жатады, атасы әдетте өзінің креслосын немересінің бөлмесіне әкелдіреді, сосын ұзақты күн ауру қыздан қамқор көзін бір жазбай отырады да қояды. Вильфор сот қызметінен келгеннен кейін, әкесі мен қызының қасында бірер сағаттай отырып, сырласып кетеді.
Сағат кешкі алтының кезінде Вильфор өзінің кабинетіне кетіп қалады, сағат сегізде д'Авриньи келіп, Валентинаның түнде ішетін микстурасын әкеліп береді; сосын дәйекшілер Нуартьені көтеріп алып кетеді.
Осыдан кейін дәрігер шақыртқан күтуші әйел келіп, туған-туысқандардың орнын басатын да, Валентина ұйықтап қалғасын, сағат он, он бірлер кезінде үйіне қайтады.
Кетіп бара жатып, ол Валентина бөлмесінің кілтін тек Вильфор мырзаның өзіне ғана береді, демек, науқастың бөлмесіне тек Вильфор ханымның жатын жайынан кішкентай Эдуардтың бөлмесі арқылы ғана кіруге болар еді.
Күн сайын таңертең Валентинаның хал-жайын білу үшін Моррель Нуартье қарияға келеді; бір ғажабы, күн өткен сайын шалдың бір түрлі көңілі хошуақтанып, байыз тапқандай болады.
Валентина, әлі де мезгіл-мезгіл еліріп, сандырақтап жатса да, күннен-күнге беті бері қарап, тәуір бола бастады. Мұның үстіне, әнеугүні ес-түсі қашып жүгіріп келгенде, Монте-Кристо бұған: «Егер енді екі сағаттан кейін Валентина өлмесе, аман қалады», — деп айтқан жоқ па еді?
Айтқандай-ақ, Валентина әлі тірі, содан бері зулап төрт күн де өте шықты.
Валентинаның өзімізге белгілі елірме науқасы, ол тіпті ұйықтап жатқан кезде де, дәлірек айтсақ, кештен бері қалғып-шұлғып, көңілі ояу, көзі ұйқыда болған кезде де басылар емес; осы кезде, тамылжыған түн тыныштығында, камин үстіне қойылған алебастр қалпақ астындағы шырақ жарығында, аурулар бөлмесін мекендейтін елестер мен көлеңкелер, безгек дерті көрінбес қанаттарын қалтырай қаққандай-ақ, қыздың көз алдынан қараңдап, қалбаңдап өтіп жатқандай болады.
Сонда оған бірде көзі жалтылдап айбат шеккен өгей шешесі немесе өзіне қарай құшағын жая ұмтылған Mopрель, кейде тіпті граф Монте-Кристо сияқты бөгде кісілер де көрінеді: ол сандырақтап жатқанда мебельдің өзіне жан бітіп, бөлме ішін аралап кеткендей болады. Осы жайт түнгі сағат үшке — қыз қашан қалжырап қатты ұйықтап қалғанға дейін созылады, содан ол таң атқанша қыбыр етпейді.
Валентина Эженидің қашып кеткенін және Бенедеттоның қамауға алынғанын білетін күннің кешінде, Вильфор, д'Авриньи мен Нуартье үшеуі кетіп қалғаннан кейін, қасиетті Филипп Рульский шіркеуінің қоңырауы сағат он бірді соғысымен, күтуші әйел ауру ішетін шипалы тұнбаны оның қасына қойды да, есікті жауып, буфетке қарай беттеді, осында келгесін король прокуроры дәйекшілерінің үш айдан бері үрейін ұшырған сұмдық оқиғаларды жаны түршігіп тыңдай бастады. Тап осы кезде Валентинаның есігі мұқият жабылған бөлмесінде күтпеген бір көрініс болды.
Күтуші әйел кеткеннен кейін арада он минуттай уақыт өткен.
Бір сағаттан бері Валентинаның әрбір түн сайын қайта оралатын безгегі ұстап жатқан, қыздың еркінен тыс, оның ақыл-санасы қажымай-талмай, үйреншікті бір ойлар мен бейнелерді үсті-үстіне туындатып, бір қалып, бір сарынмен қабағат қимыл-әрекет жасап жатты.
Кенет түнгі шырақтың елпілдеген тылсым жарығында оған каминнің қасындағы қуыста тұрған кітап шкафының есігі жайлап, ың-шыңсыз ашылғандай болып елестеді.
Егер басқа уақыт болса, Валентина қоңырауды қағып, жұртты көмекке шақырар еді, бірақ оның есі ауып жатқандықтан, қазір ештеңеге де таң қалмайтын еді.
Ол айналасындағы елес-аруақтардың бәрі өзінің ессіз сандырағынан туғанын біледі: алғашқы шыққан күн сәулесімен бірге ғайып болатын осынау түнгі елестердің ертең тіпті ізі де қалмайды.
Шкаф ішінен абайлап бір адам шықты.
Валентина еліріп жатқанда әртүрлі елестерді көріп, еті үйреніп кеткен-ді, сол себепті одан шошымады да, ол тек бұл Моррель шығар деп көзін жайлап аша берді.
Елес жұмсақ басып кереуетке келді, сосын әлденеге құлақ тіккендей, елеңдеп тұра қалды.
Сол сәтте шырақ жарығы елпілдеп, түнгі мейманның бет-жүзімен жылжып өте берді.
— Жоқ, ол емес екен, — деді қыз күбірлеп.
Сосын, бұл — өңім емес, түсім екен деп ойлады да, енді ол кісі, әдетте түсте болатын жайттар сияқты, бір жаққа жоғалып кетер немесе басқа бір нәрсеге айналатын шығар деп, асықпай күтіп жата берді.
Ол өзінің тамырын ұстап көріп, оның лыпылдап соғып тұрғанын сезді де, осы бір мазасыз елестер аздап дәрі ішсе жоғалып кететінін есіне алды, безгек ұстайтынын айтып шағынғаннан кейін, дәрігер оған осы бір шипалы сусынды әзірлеп берген, осы сусын оның ыстығын басып, көңіл пердесін аша түседі. Қыз оны ішкен сайын біраз уақыт бойы сергіп, жеңілденіп қалады.
Валентина әлсіз қолы дірілдеп, хрусталь аяқ үстінде тұрған стаканды алмақ болды; бірақ әлгі елес бір аттап, кереуетке жетіп, Валентинаның қасына келіп тұра қалды, сол-ақ екен, қыз оның тынысын есітті, тіпті оның қолының өзіне тиіп кеткенін де сезді.
Валентинаға келетін елестер ешқашанда тап қазіргідей ақиқат шындыққа ұқсап көрген емес, ол мұның бәрі өңінде болып жатқанын, өзінің ақыл-есі бүтін екенін сезе бастады, сезді де шошып қалды.
Жаңағы өзіне тиген қол мұның созылған қолын ұстап, тоқтата қойды.
Валентина жайлап қолын тартып алды.
Сосын өзі әрбір қимылынан көзін алмай қарап жатқан елес (Валентина одан қорқудың орнына сенетін сияқты) стақанды алып, шырағданның қасына барып, оның мөлдірлігі мен тазалығына көзін жеткізгісі келгендей шишалы сусынға үңіліп қарады.
Бірақ осылай үстірт бір қарап шыққанына оның көңілі көншімеген сияқты.
Осы бір адам, адам емес-ау елес, өйткені оның жұмсақ басқан аяғының дыбысы төселген кілемнен мүлде естілмейді, — сусынның бір қасығын алып жұтып қойды.
Валентина көз алдында өтіп жатқан осы бір көрініске аң-таң қалып, қарап жатты.
Ол әлі де болса, бір елес ғайып болып, орнына басқа бірдеңе пайда болатын шығар деп ойлап жатқан; бірақ сырлы қонағы көлеңкедей жоқ болудың орнына, мұның қасына келіп, стақанды беріп жатып:
— Енді ішуіңізге болады! — деді қобалжыған үнмен.
Валентина дір етіп, шошып кетті.
Тұңғыш рет түнгі елес бұған тірі адам тәрізді тіл қатты.
Қыздың айқайлап жібергісі келді.
Әлгі адам саусағымен ернін баса қойды.
— Граф Монте-Кристо! — деді қыз күбірлеп.
Қыздың бір түрлі үрпиіп, үрке қарағанынан, қол-аяғы дірілдеп, дереу көрпені тартып алып жамыла қойғанынан оның күмән-күдігі сейіліп, елестің тірі адам екеніне көзі жеткені белгілі болды. Дегенмен, граф Монте-Кристоның осындай беймезгіл уақта мұның бөлмесінде жүруі, оның кісі қиялы жетпейтін түсініксіз де тылсым жолмен бітеу қабырғадан өтіп, осында емін-еркін келуі, онсыз да еліріп жатқан есірік қыз ақылына мүлде сыймай қойды.
— Қорықпаңыз, ешкімді де шақырмаңыз, — деді граф, — көңіліңізде зәредей де күмән қалмасын, қобалжу, тынышсыздану болмасын. Сіздің алдыңызда қазір тұрған кісі (Валентина, ойыңыз дұрыс, осы жолғы көргеніңіз елес емес) ең мейірімді әке, өзіңізді қатты қадірлейтін дос және көкейіңізде арман етіп жүрген аяулы досыңыз.
Валентина тіс жарып, тіл қатпады. Даусына қарағанда, бұл шынында да аруақ емес, тірі адам болды. Бірақ қыздың одан шошып кеткені сондай, жауап қатуға тілі келмей қойды; бірақ оның үрейлі көзі: егер сіздің бөтен ойыңыз болмаса, мұнда неғып жүрсіз? — деп сұрап жатқандай еді.
Монте-Кристо қанша айтқанмен сезімтал, көреген кісі емес пе, қыз жүрегінде не болып, не қойып жатқанын бірден түсіне қойды.
— Менің сөзіме құлақ қойыңыз, — деді ол, — ең дұрысы, маған, менің қызарып кеткен көзіме, әдеттегіден де бозарып, қуқыл тартқан жүзіме байыптап бір қараңызшы, мен ұзақ төрт түн бойына көз ілген жоқпын, ұзақ төрт түн бойына кірпік қақпай, өзіміздің Максимилианға бола сізді қызғыштай қорғап, күзетіп, сақтап жүрмін.
Қуанғанынан қыз бетіне қызыл шырай жүгірді; Граф айтқан жігіт есімі көңіліндегі күмән-күдіктің бәрін сейілтіп жіберді.
— Максимилиан!.. — деді Валентина қайталап, осы есімді атаудың өзі оған бір үлкен қуаныш-тын. — Максимилиан! Ол сізге бәрін де, бәрін де айтты ма?
— Бәрін де айтты. Ол маған: «Сіздің өміріңіз — өзімнің өмірім», — деді, содан кейін мен оған Валентина дін-аман болады деп уәде бердім.
— Сіз оған мені аман қалады деп уәде бердіңіз бе?
— Иә.
— Сіз оған мені қорғаймын, сақтаймын депсіз. Олай дейтін сіз сонша дәрігер ме едіңіз?
— Иә, дәрігермін, сенсеңіз, менен артық дәрігерді тәңірімнің өзі де таба алмас еді.
— Сіз: «Көз ілмей, түнді түнге ұрдым», — дедіңіз. Сонда сіз қайда болдыңыз? Мен сізді мүлде көрген жоқпын ғой, — деді Валентина.
Граф қолымен кітап шкафын мегзеді.
— Мына есіктің ар жағында, мен жалдап алған көрші үйге апаратын жол бар, — деді ол.
Валентина ұят пен ашу-ызадан беті ду етіп, теріс айналды.
— Сударь, — деді ол жаны түршіге шошынып — сіздің бұл ісіңіз — барып тұрған есуастық, ал маған жасаған қамқорлығыңыз қамқорлық емес, кісіні қорлау.
— Валентина, — деді граф, — осы бір көзден ұйқы, көңілден сабыр қашқан ұзақ түндерде менің көрген бір нәрсем — кімнің сізге кіретіні, қандай тамақты әзірлеп әкеліп, қандай сусын беретіні ғана; ал сусыныңыз маған қатерлі болып көрінген кездері, әлгіде осында қалай кipсем, тап солай кіріп, стақаныңыздағы сусынды төгіп тастап, удың орнына шипалы сусын құйдым, сол сусын сізге төнген ажалды алыстатып, бойыңызға тірлік қуатын құйды.
— У! Ажал! — деді дауыстап Валентина, ол тағы да сандырақтап жатыр екенмін деп ойлап қалды. — Сіз нені айтып тұрсыз, сударь?
— Тынышталыңыз, қызым, — деді Монте-Кристо тағы да саусағымен ернін басып, — иә, менің у дегенім рас; иә, менің ажал дегенім рас; тағы да қайталап айтайын: ажал. Бірақ мына сусынды ішіңіз. (Граф қызыл түсті сұйық заты бар бір шишаны қалтасынан алып, стақанға оның бірнеше тамшысын тамызды.) Мынаны ішіңіз-дағы, сосын түні бойы басқа ештеңені татпаңыз.
Валентина қолын созды; бірақ саусағы стақанға тиер-тиместе селк етіп, қолын тартып ала қойды.
Монте-Кристо стақанды алып, сусынның жартысын ішті-дағы, қалғанын Валентинаға берді, ол жымиып күліп, сусынды қағып салды.
— Мен өзімнің түнемелікте ішетін сусынымның дәмін біле қойдым. Ол менің ішкі сарайымды ашып, ақыл-есімді жинауыма көмектеседі. Сізге мың рақмет, сударь, — деді ол риза болып.
— Төрт түн бойы сіз осылай аласұрып жаттыңыз, Валентина, — деді граф. — Ал менің шықпаған жаным. Қандай қиын сәттерді бастан кешірмеді дейсіз! Сіздің стақаныңызға ажал уын құйып жатқанын көргенімде шеккен азабымды айтпай-ақ қояйын. Сол улы сусынды каминнің ішіне төккенімше, сіз оны ішіп қоя ма деп қатты сасқан кездерім де болды!
— Сударь, сіз менің стақаныма ажал уын құйып жатқанын көргеніңізде мың сан азап шектім дедіңіз. Демек, сіз оны құйған кісіні де көрдіңіз ғой? — деді Валентина аза бойы қаза тұра шошынып.
— Иә, көрдім.
Валентина төсектен басын көтерді, сосын кеудесін безгек терінен шылқылдап қалған, қардан да аппақ жейдемен жауып жатып.
— Өзіңіз көрдіңіз бе? — деп сұрады.
— Иә, — деді граф.
— Онда бұл сұмдық екен, сударь. Сіз мені қайдағы жоқ зұлымдыққа сендірмек боласыз. Туған әкемнің үйінде, өз бөлмемде, аурудан азап шегіп жатқанымда мені қалайша өлтірмек болған? Осы арадан кетіңізші, сударь, сіз менің көңілімді алаң еттіңіз, құдай тағаланың шарапаты түскен құттыхана үйіме ғайбат сөз айтасыз, бұл — кісі ойына кіріп-шықпайтын нәрсе, өмірде болмайтын нәрсе!
— Сол суық қол сұлатқан бірінші құрбан тек сіз ғана ма едіңіз, Валентина? Маркиз де Сен-Меранның, Маркиза де Сен-Меранның, Барруаның қаза тапқанын өз көзіңізбен көрген жоқсыз ба? Егер үш жылдан бері әлгі бір дәріні ішіп, ағза-ағзасын соған үйретіп, удың бетін умен қайтармағанда, Нуартье мырза да опат болатын еді ғой.
— Құдай-ай, сақтай гөр, атамның соңғы уақытта өзі ішкен дәріні қояр да қоймай маған да іш деп талап етіп жүргені содан екен ғой, — деді Валентина.
— Сол сұйық дәрінің дәмі кептірілген апельсин қабығының дәмі сияқты ащы ғой?
— Иә, тап солай!
— Енді маған бәрі де түсінікті болды! — деді Монте-Кристо. — Ол осында жұртқа у беретінін біледі және бәлкім, соның кім екенін де білетін шығар. Ол сізді — өзінің жанындай жақсы көретін перзентін — сол бір ажал дәрісін ішуге үйрете бастаған, соның арқасында әлгі дәрінің, уыты біраз әлсіреген. Осыдан төрт күн бұрын сізді, әдетте, тірі жанды құтқармайтын умен улағанда, тірі қалғаныңызға аң-таң болып, соның себебіне түсіне алмай-ақ қойған едім, оның мәнісін енді ғана білдім.
— Бірақ сол, қанішер, жұртқа у беріп жүрген жауыз кім?
— Енді бір жайтты сұрайын, түнемелікте бөлмеңізге біреудің кіргенін көрдіңіз бе?
— Иә, көрдім. Мен жиі-жиі біреулердің қараңдап жүргенін, солардың маған жақындап келіп, қайтадан алыстап, жоғалып кететіндерін көрген сияқтымын; бірақ мен оларды елес шығар деп ойлайтынмын, әлгі бір әзірде сіз келіп кіргенде, мен өзімді түс көріп немесе сандырақтап жатыр екенмін ғой деп қалдым.
— Сонымен сіз өзіңізді кімнің құртқысы келіп жүргенін білмейсіз бе?
— Жоқ, менің өлуіме соншама құштар болып жүрген кім екен? — деді Валентина таңырқап.
— Қазір оны білесіз, — деді Монте-Кристо әлденеге құлағын түріп.
— Қалай білемін? — деді Валентина айналасына үрпие көз тастап.
— Өйткені сіз қазір елірмейсіз де, сандырақтамайсыз, өйткені қазір ақыл-есіңіз бүтін, өйткені, сағат түн жарымды соғып жатыр, ал бұл кез — жауыздардың жүретін кезі.
— Құдай-ай! —деді Валентина тершіген маңдайын сипап.
Түн жарым болғанын сағат баяу да сылбыр соғып хабарлады, оның әрбір соққаны қызға өз жүрегін балғамен соғып жатқандай болып көрінді.
— Валентина, — деді граф сөзін жалғап, — күллі күш-жігеріңізді жинап, жүрегіңіздің дүрсілдей соққанын басыңыз, абайсызда даусыңыз шығып кетпесін, ұйықтаған болып үндемей жатыңыз, сонда бәрін де көресіз.
Валентина графтың қолынан ұстай алды.
— Мен біреудің тықырын естіп қалдым, кетіңіз.
— Хош, яки көріскенше сау болыңыз, — деді граф оған.
Қамқор әке сияқты мұңая жымиып, граф ың-шыңсыз жұмсақ басып, шкаф тұрған мүйіске қарай беттегенде, қыз оған шексіз риза болып қалған еді.
Шкаф есігін жабарда ол Валентинаға тағы да бұрылып қарады.
— Қыбыр етпеңіз, тіл қатпаңыз, сізді ұйықтап қалған екен деп ойласын; әйтпесе мен келіп жеткенше өлтіріп қоюы мүмкін, — деді ол қызды сақтандырып.
ІV. ЛОКУСТА
Валентина жалғыз қалды; Филипп Рульский шіркеуінің сағатынан артта қалған басқа бір-екі сағат та бірінен соң бірі түн жарым болғанын хабарлады. Сосын дүние тым-тырыс болып тына қалды. Тек оқтын-оқтын алыстан өткен арба дөңгелегінің тарсылы ғана естіледі.
Валентинаның көзі бөлмесіндегі сағатта, оның маятнигі секунд санап соғып тұр.
Ол секундтарын санай бастады, сөйтсе, өзінің жүрегі сағат тілінен екі есе жылдам соғып тұр екен.
Бірақ қыз бұған әлі де болса шүбәлі; биязы Валентина біреу өзіне өлім тілеп жүр дегенге сенбейді. Не үшін? Нендей мақсатпен? Қаныпезер жау табатындай соншалықты не жамандық жасап еді, бұл жұртқа?
Ол ұйқы дегенді ұмытып та кетті.
Сұмдық бір қорқынышты ой жанын жегідей кеміріп жатыр: бұл дүниеде өзін өлтірмек болған бір жауыз бар екен, қазір ол тағы да сол әрекетіне кіріспек.
Егер қаныпезер кісі удан ештеңе шықпағанын көріп, осы жолы, граф Монте-Кристо айтқандай, құрыш қанжар жұмсаса қайтпек?
Егер граф араша түсе алмай қалса — не болмақ? Егер осы бір мезет оның өмір-тірлігінің ақырғы минуттары болып, бұл енді Моррельді көре алмай қалса қайтеді?
Осыны ойлағанда қорыққанынан Валентинаның жүрегі мұздай болып, қоңырау соғып, жұртты көмекке шақыруға шақ қалды.
Бірақ ол кітап шкафы есігінің сыртынан Монте-Кристоның жіті көзін көріп тұрғандай болды; осынау көздер оның ойынан мүлде кетер емес, өйткені графтың биәдеп қамқорлығынан өзінің қатты қысылып, ұялғанын о кісіге қанша риза болып, алғыс сезіміне бөленсе де, енді қайтып ұмыта алар ма екен.
Осылай жатып, жиырма минут өтті, жиырма ғұмыр өтті, сосын тағы да жиырма минут жылжып кетті; ақырында, сағат ысылдап барып, күмбір етіп бір рет соқты.
Со заматта граф шкаф есігін жайымен естілер-естілмес тырнап, өзінің ояу да сергек екенін сездірді, оның бұған да елгезек бол деп ақыл айтып тұрғанын түсінді.
Сол-ақ екен, қарама-қарсы жақтан, Эдуардтың бөлмесі жағынан, паркет сықыр етті; Валентина елең етіп, демін ішіне тартып, тына қалды. Тұтқасы шырт етіп, есік жайымен ашыла берді. Валентина жастыққа шалқасынан жатып, бетін шынтағымен бүркей қойды.
Оның жаны түршігіп, зәре-құты қалмай қорыққандықтан жүрегі қысылғандай болды. Ол әліптің артын бақты.
Әлдекім кереуеттің қасына келіп, шымылдықтан ұстады.
Валентина жүрегін тоқтатып, бар күш-жігерін жинап, маужырай ұйықтап жатқан кісідейін, бір қалыппен емін-еркін дем ала бастады.
— Валентина! — деді бір дауыс бұған.
Қыз іштей елеңдесе де, жауап қатпады.
— Валентина! — деді тағы да әлгі дауыс.
Жым-жырт: Валентина графқа оянбасқа уәде берген.
Со сәтте Валентина әлгіде өзі сусын ішкен стақанға құйылып жатқан сұйық заттың әлсіз дыбысын есітті.
Осыдан кейін ғана ол кірпігін қозғап, қолының тасасынан со жаққа қарады.
Ақ пеньюар киген бір әйел мұның стақанына шағын шишадан бір сұйық затты құйып тұр екен.
Осы бір қас қағымдай уақытта Валентина тыныс алды ма, әлде қозғалып кетті ме, әйтеуір, әйел үрпиіп тоқтай қалды да, қыз оянып кетпеді ме екен деп, төсекке еңкейіп қарады. Бұл — Вильфор ханым еді.
Өгей шешесін көргенде Валентинаның қатты дірілдеп-қалшылдап кеткені сондай, кереуеті де дірілдей бастады.
Вильфор ханым қабырғаға жабысып, шымылдықтың тасасына жасырынды да, Валентина қозғалмас па екен деп үн-түнсіз аңдып тұра қалды.
Қыз граф Монте-Кристоның абай бол деп қатты сақтандырғанын есіне түсірді; ол өгей шешесінің қолынан ұзынша келген өткір пышақтың жалт ете қалғанын көргендей болды.
Сол-ақ екен, Валентина бар ерік-жігерін салып, маужырап көзін жұма берді; әншейінде өзінен-өзі оп-оңай жұмыла қоятын көзі осы жолы тіпті ілінбей қойды; қайтсе де ақиқат шындықты білгісі келіп, сергек жатқан көңілі өрепкіп, көзі ілінер емес.
Ал Вильфор ханым болса, мүлгіген тыныштықтан Валентинаның бір қалыпты жай тыныстап жатқанын естіп, қыз қатты ұйықтап жатыр екен деп ойлады. Ол қолын қайтадан созып, кереуеттің бас жағына қарай ысырыла түскен шымылдықтың тасасынан көрінер-көрінбес болып тұрды да, Валентинаның стақанына шишадағы сұйықтың қалғанын құя салды.
Сосын оның ұрлана басып кетіп қалғаны сонша, тіпті Валентина әйел аяғының дыбысын да естімеді.
Ол тек қана жиырма бес жастағы сұлу әйелдің төңірегіне өлім төгіп жүрген сүйріктей әсем қолының ағараң етіп, ғайып болғанын көрді.
Де Вильфор ханым мұның бөлмесінде болған бір жарым минут ішінде Валентинаның қандай күйзеліске түскенін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Шкафты тырнаған қолдың әлсіз дыбысынан ол есін жинап ала қойды.
Ол басын әзер дегенде көтерді.
Есік дыбыссыз ашылып, қайтадан граф Монте-Кристо пайда болды.
— Немене, сіз әлі де шүбәланып жатырсыз ба? — деді ол.
— Құдай-ай, бұл не сұмдық! — деді Валентина.
— Көрдіңіз бе?
— Иә!
— Таныдыңыз ба?
Валентина ыңыранғандай болды.
— Иә, таныдым, бірақ бәрібір сенбеймін, — деді ол.
— Сіз не; әуелі өзіңіз өліп, сосын Максимилианды өлтіргіңіз келе ме!..
— Құдай-ай, құдайым-ай! — деді Валентина; ол өзін есі ауып бара жатқандай сезінді. — Немене, мен осы үйден кетіп қала алмаймын ба, қаша алмаймын ба?..
— Валентина сізге күн бермей жүрген қол ұзын, қайда барсаңыз да табады. Алтын сіздің дәйекшілеріңізді сатып алады, ажал сонда мың құбылып, сізбен әртүрлі кейіпте кездеседі; өзеннен ішкен бір жұтым судан, ағаштан үзіп алған жемістен опат болуыңыз мүмкін.
— Атай менің бойымды уға үйреткен деп өзіңіз айтпап па едіңіз?
— Иә, удың бір түріне ғана, онда да болмашы мөлшеріне ғана үйреткен, бірақ уды өзгертеді немесе оның мөлшерін көбейтеді.
Ол стақанды алып, сұйықты ерніне тигізді.
— Тап солай! — деді ол. — Бұл мекер енді сізді бруцинмен емес, жай наркотикпен уландырғалы жүр. Мен соны ерітетін спирттің дәмін жақсы білемін. Егер сіз де Вильфор ханым стақанға құйған мына сұйықты ішкеніңізде, Валентина, ақиқат өлетін едіңіз!
— Жаратушы жаппар-ай! — деді қыз күңіреніп. — Соншалықты ізіме түсетіндей не жазып едім?!
— Жаныңыздың кіршіксіз пәктігі, жамандық атаулыдан алыс жүретініңіз сонша, шынымен-ақ әлі ештеңеге түсінген жоқсыз ғой деймін?
— Жоқ, мен оған ешбір жамандық жасаған емеспін, — деді Валентина.
— Сіз өте байсыз, Валентина, жылдық табысыңыз екі жүз мың ливр ақша, ал со екі жүз мыңды сіз оның баласынан жырып алғалы отырсыз.
— Сонда қалай болғаны? Бұл ол әйелдің ақшасы емес, менің туған-туысқандарымнан қалған ақша ғой.
— Әлбетте. Маркиз бен маркиза де Сен-Меранның қаза тапқандары да сол себептен: солардың мұрасын сіздің алуыңыз қажет болды. Нуартье мырза сізді өзінің мұрагері еткен күні оған ажал үкімі шығарылғаны да сондықтан: енді сіздің өлуге тиісті екеніңіз де сондықтан, Валентина. Сонда әкеңіз сіздің мұраңызға ие болып қалады да, ал ініңіз, оның жан дегенде жалғыз ұлы болғандықтан, әкесіне мұрагер болып қалады.
— Эдуард, байғұс балақай! Осы қылмыстың бәрі сол үшін жасалып жатыр екен-ау, қайтейін!
— Түсіндіңіз бе, әйтеуір!
— Құдайым-ай, осының салқыны со балаға тимесе болғаны!
— Сіз әлі періштесіз, Валентина!
— Атайды аяғаны ма сонда?
— Сіз өлгеннен кейін, шалдың күллі дүние-мүлкі бәрібір ініңізге тиеді, әрине, егер атасы оны мұрадан жұрдай етпесе, ал сайып келгенде, ол қылмыстан ешбір пайда жоқ, сол себепті де ол өте қауіпті.
— Осы сұмдықтың бәрі әлгі әйелдің басына қалай сыйған! Құдай-ай, сақтай гөр!
— Перуджаны, Почта мейманханасындағы жүзім сұхбатханасын және сондағы қоңыр плащты кісіні, сіздің өгей шешеңіздің одан аква-тофана жөнінде ежіктеп көп сұрағанын есіңізге алыңызшы. Осы бір зұлым ой сол кездің өзінде бұл әйелдің көкейінде жүрген.
— Ах, граф, егер олай болса, мен құрыдым! — деді қыз ағыл-тегіл жылап.
— Жоқ, Валентина, олай емес. Мен осының бәрін күн ілгері білгенмін, енді жауыңыз жеңілді, өйткені білініп қалды; жоқ, сіз өмір сүресіз, Валентина, сүю үшін, сүйікті болу үшін өмір сүресіз, бақытты болу үшін және асыл текті дегдар жанды бақытты ету үшін өмір сүресіз; бірақ бұл үшін сіз маған қалтқысыз да толық сенуіңіз керек.
— Әміріңізге құлдық, граф, мен не істейін?
— Сізге берген нәрсемді жұтуыңыз керек.
— Құдай куә, егер жалғыз болсам, бұдан да өлгенді артық көрер едім, — деді Валентина дауыстап.
— Сіз ешкімге ештеңе айтпайсыз, тіпті туған әкеңізге де жұмған аузыңызды ашпайсыз.
— Бірақ менің әкемнің бұл жауыздыққа қатысы жоқ қой, осыным рас па, граф? — деді Валентина жалынышты үнмен қолын кеудесіне басып.
— Жоқ; бірақ небір алаяқтарды әшкерелеп, әбден әккі болып қалған әкеңіз, үйіңізден кетпей қойған ажалдың тегіннен-тегін емес екенін аңғаруы керек еді. Сізді мен емес, әкеңіз күзетуі керек-ті, осы сәтте ол менің орнымда болуға тиіс-тұғын; әлгі бір сұйық затты өзі төгіп тастауы керек-ті, кісі өлтірушіге қарсы баяғыда-ақ бой көрсетуі қажет-тін. Сонда елес елеспен айқасар еді, — деді ол күбірлеп ойын аяқтағасын.
— Тірі қалып, тірлік кешу үшін мен қолдан келгеннің бәрін де жасаймын, граф, — деді Валентина, — өйткені осынау жарық дүниеде мені жанынан бетер жақсы көретін, егер мен өле қалсам, менімен бірге өлетін екі адам бар: олар — атай мен Максимилиан.
— Сізді қалай күзетсем, оларды да солай күзетемін.
— Мен не істеуім керек, айтыңызшы? — деді Валентина.
— Құдай-ай, енді не болар екен? — деді ол тағы күбірлеп.
— Валентина, қандай күйге түссеңіз де, қорықпаңыз. Егер бір азапқа түссеңіз де, көзіңіз көрмей, құлағыңыз естімей қалса да, иіс-қоңысты сезбей қалсаңыз да, ештеңеден қорықпаңыз; егер сіз кенет оянып кетіп, қайда жатқаныңызды білмесеңіз де қорықпаңыз, тіпті көр лақатында, табыт ішінде жатсаңыз да қорықпаңыз, аспай-саспай, ойланып-толғанып барып: тап осы сәтте мені, Максимилиан мен маған бақыт тілейтін кісі, досымыз, әкеміз күзетіп тұр деңіз өзіңізге-өзіңіз.
— О тоба, оның қажеті қанша?
— Бәлкім, өгей шешеңізді көрсеткіңіз келетін шығар?
— Жо-жоқ, одан да өлгенім артық!
— Сіз өлмейсіз, Валентина. Басыма қандай қиындық түссе де, қарсы болмаймын, үміттен күдер үзбеймін деп серт етіңіз.
— Мен Максимилианды ойлайтын боламын.
— Мен сізді, Валентина, туған қызымдай жақсы көремін, сізді жалғыз мен ғана құтқара аламын және құтқарамын да.
Валентина дұға қайыратын кісідей, бір қолын екінші қолының үстіне қойды — осындай қорқынышты сәтте ол пендесіне тек Құдай тағаланың өзі ғана қуат беретінін сезді. Қыз жалаңаш иығын тек ұзын шашы ғана жауып тұрғанын және пеньюардың жұқа шілтерінен жүрегінің қалай дүрсілдеп соғып жатқаны көрініп тұрғанын ұмытып, қисынсыз бір сөздерді күбірлеп айта берді.
Граф абайлап қана оның қолынан сипап, иығына барқыт көрпені жауып, қамқор үнмен, күлімсірей тіл қатты:
— Қызым, құдайдың шарапаты мен Максимилианның махаббатына қалай сенетін болсаңыз, менің де өзіңізге шексіз берілгеніме солай сеніңіз.
Валентина тіл алғыш бала сияқты, графқа алғыс сезімімен жаутаңдап бір қарады.
Со мезетте граф желетінің қалтасынан інжу бонбоньерканы (әсем құты) алып, оның қақпағын ашты да, Валентинаның алақанына үлкендігі бұршақтай бір дәріні қоя салды.
Валентина оны саусағымен қысып алып, графтың жүзін байыптап бір қарады, оның жаужүрек қорғаушысының айбарлы жүзінен салауатты ой мен құдіретті жігер нышаны көрініп тұрды.
— Иә, — деді Монте-Кристо.
Валентина дәріні аузына салып, жұтып жіберді.
— Көріскенше, қызым, — деді ол. — Енді мен көз шырымын алуға тырысайын, өйткені сен енді құтылдың.
— Барыңыз, басыма нендей қиыншылық түссе де, қорықпаймын деп уәде беремін, — деді Валентина.
Монте-Кристо наркотиктің әсерінен біртіндеп ұйықтай бастаған қыз жүзіне ұзақ қарады.
Валентина сусынды ішкен екен деп ойласын деп, ол стақанды алып, ондағы сұйықтың төрттен үшін каминге төге салды да, оны қайтадан түнгі столдың үстіне қойды, сосын кітап шкафына барып, Валентинаға тағы бір қарап, кетіп қалды; жаратушының жанында жайбарақат жатқан періште сияқты, Валентина да маужырап ұйықтап қалған еді.
V. ВАЛЕНТИНА
Су бетінде қалқып жүрген соңғы май тамшыларынан нәр алған түнгі шырақ камин үстінде сығырайып жанып тұрған; сөнер шырақтың қызғылт жарығы дөңгеленіп, алебастр қалпақты нұрландырады, ол жыпылықтап, пытырлай жанып, ұшқын шашады, жансыз заттардың өлер алдындағы дірілдеп-қалшылдауын, қиналып жатып жан тәсілім ететін адам азабымен салыстыруға болар еді. Тұнжыраған күңгірт жарық Валентина төсегінің ақ шымылдығына бозғылт сәуле түсіреді.
Көшенің у-шуы басылып, меңіреу тыныштық орнады.
Бір кезде Эдуард бөлмесі жағынан есік ашылып, өзіміз білетін әйел жүзі қарсы жақта ілулі тұрған айнадан көрінді, әлгі сусынының нендей нәтиже бергенін байқау үшін келген де Вильфор ханым еді бұл.
Ол табалдырық қасында тұрып, бөлмедегі бірден-бір дыбыс — түнгі шырақтың пышырлап жанғанына құлақ түрді, сырт қараған кісіге бөлмеде тірі жан тұрмайтын тәрізді, міне осыдан кейін барып, әйел стақанның босаған-босамағанын білмек үшін абайлап басып, түнгі столдың қасына келді.
Жоғарыда айтқанымыздай, стақанда сусынның төрттен бірі қалыпты.
Де Вильфор ханым стақанды алып, сусынның сарқытын каминнің ішіне төге салды, сұйық сіңіп кетсін деп күлді көсеп-көсеп, араластырып жіберді; сосын стақанды мұқияттап шайып, бет орамалымен сүртті де, бұрынғы орнына қоя салды.
Бірден кереуетке барып, Валентинаны көруге оның көпке дейін жүрегі дауаламады.
Осынау күңгірт жарық, мылқау үнсіздік, түннің тылсым сиқыры, шамасы, әйелдің қара жүрегінің бір түкпірінде үрей тудырды ма, қайдам, әйтеуір усойқы әйел енді өз ісінен шошығандай болды.
Ақырында ол жүрек тоқтатып, шымылдықты сілкіп тастап, төсектің бас жағынан еңкейіп барып, Валентинаға көз қиығын салды.
Қыз тынысы тоқтапты, оның жартылай ашылып, қатып қалған қимылсыз ерні үстінен үпелектің өзі қыбыр етпес еді; көзінің айналасы көгеріп, сәл ғана ісініпті, ал балауыз тәрізденіп сарғайып кеткен жүзіне ұзын қара кірпігінің көлеңкесі түсіп тұр.
Де Вильфор ханым осы бір қыбыр-қимылсыз бедірейіп, қатып қалған қыз жүзіне ұзақ қарады. Бір кезде тәуекелге бел байлап, көрпені көтеріп, алақанымен қыз жүрегінің тұсын басып көрді.
Жүрегі тоқтап қалыпты.
Саусағы бүлкілдеген бірдеңені сезгесін, анықтап қарап еді; ол өз тамырының лүпілі екен, селк етіп, қолын тартып ала қойды.
Валентинаның қолы кереуеттен салбырап түсіп кетіпті. Осынау қолды, иығынан білегіне дейін әдемілеп-әсемдеп, Жермен Пилонның өзі мүсіндеген сияқты еді; бірақ жан қиналғанда со қол дірілдеп, қарманып жатқан күйі қызыл ағаштан жасалған кереует жақтауы жиегінен төмен түсіп, жансыз салбырап қалыпты.
Тырнақтарының көбесі көгеріп кетіпті.
Енді де Вильфор ханымның көңілінде күдігі қалмады; бәрі де бітіпті. Көкейінде жүрген зұлымдық істерінің ең соңғысы осымен аяқталды.
Улаушы жауыз әйел енді бұл бөлмеден кетсе де болады. Ол шымылдықты ұстаған күйі, төселген кілем үстінен аяғының тықыры естіліп қала ма деп қауіптеніп, кейін қарай шегіне берді; өлік әлі ірімей, қимылсыз жатқан кезде, ол әлі топыраққа айналмай, түсініксіз тылсым бір құбылыс болып тұрған кезде, өлімнің де кісі тартар бір құдіретті әсері болады, содан ба, әйтеуір әйел өлі қыздан көзін ала алмай, біраз тұрып қалды.
Минуттар бірінен соң бірі өтіп жатты, ал де Вильфор ханым Валентинаның үстінен кебін сияқты жая ұстап тұрған шымылдықты әлі жіберер емес. Ол ойланып-толғанып тұр, ал қылмыстының толғанысы — ар азабына түсуі деген сөз.
Түнгі шырақ қаттырақ пышырлады.
Де Вильфор ханым дір етіп шошып кетті де, шымылдықты жібере салды. Тап сол сәтте шырақ өшіп, бөлме ішін көзге түрткісіз қараңғылық басты.
Осы бір қараңғы түнекте кенет сағатқа жан бітіп, таңғы төрт жарымды соқты.
Зымиян әйел елең етіп, қараңғыда қармалап жүріп есікке жетті де, маңдайын суық тер басып, бөлмесіне қайтып келді.
Әлі де бір-екі сағат бойына бөлмені қараңғылық басып тұра берді.
Сосын терезе қақпағының саңылауынан төгілген бозамық сәуле бөлме ішіне көмескі жарық түсірді. Сол жарық бірте-бірте күшейіп, заттардың түр-түсі мен нобайын анықтай берді.
Ұзамай басқыштан біреудің жөтелгені естілді де, Валентинаның бөлмесіне қолында шыны аяғы бар күтуші әйел келіп кірді.
Әкесі, не ғашық жігіті болса, қызға бір қарағаннан-ақ, Валентинаның өліп қалғанын біле қояр еді; ал мына жалдамалы мыстан үшін Валентина әлі ұйықтап жатыр еді.
— Хош, — деді ол түнгі столға жақындап келіп, — микстураны біраз ішіпті, стақанның түбінде үштен бірі ғана қалыпты.
Сосын ол каминге келіп, от жақты да, креслоға жантайып отыра кетті, ұйқыдан әлгіде ғана тұрса да, Валентинаның ұйықтап жатқанын пайдаланып, біраз көз іліндіріп алмақ болды.
Күтуші сағат сегізді соққанда барып оянды.
Содан науқастың әлі де оянбай, қатты ұйықтап жатқанына таңғалып, оның тіпті бір ретте болса қыбыр етпей, жансыз салбырап қалған қолынан сескенген күтуші абайлап кереуетке жақындады, тек сонда ғана қыздың ерні көгеріп, денесі суып қалғанын көрді.
Ол Валентинаның қолын көтеріп байқамақ еді, бірақ сіресіп қатып қалған қол оның икеміне көнбеді, күтуші не болғанын сонда ғана білді.
Қорыққанынан бір баж етіп, есікке қарай тұра ұмтылды.
— Көмектесіңдер, ойбай! Көмекке келіңдер! — деді ол айқайлап.
— Не болды? — Төменнен д'Авриньидің даусы естілді.
Ол күн сайын осы уақытта келетін.
— Не болды? — деп кабинетінен жүгіріп шыққан Вильфордың даусы естілді. — Доктор, естіп тұрсыз ба, көмекке шақырып жатыр.
— Иә, иә, жүріңіз, тезірек Валентинаға жетелік, — деді д'Авриньи оған.
Бірақ әкесі мен дәрігер келіп жетемін дегенше, сол қабаттың бөлмелері мен дәліздерінде жүрген қызметшілер топырласып ішке кіріп, кереуетінде аппақ болып қуарып жатқан Валентинаны көріп, қатты күйзелісіп, қайғырып тұр екен.
— Де Вильфор ханымды шақырыңдар, де Вильфор ханымды оятыңдар! —деді айқайлап король прокуроры табалдырықтан аттауға жүрексініп тұрған кісідейін есіктен бері өтпей.
Бірақ қызметшілері жауап қатпай, д'Авриньи мырзаға қарап қалыпты, ал дәрігер болса, дереу бөлмеге кіріп, Валентинаға жетіп барды да, оны төсегінен көтере берді.
— Бұ байғұс та... — деді ол күбірлеп, қызды қайта жатқызып жатып. — О құдай, бұл сұмдық қашан бітеді?!
Вильфор бөлмеге ентелеп кіріп келді.
— Құдай-ау, сіз не дедіңіз? Доктор!.. Доктор!.. — деді жан даусы шығып кеткен прокурор.
— Мен Валентина өлді дедім! — Дәрігердің жауабы әрі қатал, әрі салтанатты естілді.
Вильфор аяғы қырқылғандай, Валентинаның төсегіне бетін баса тізерлеп құлап түсті.
Дәрігердің сөзі мен әкенің оқыс шыққан даусын естіген қызметшілер үрейлері ұшып, күңкілдесіп, қарғыс жаудыра бөлмеден атып-атып шықты; басқыштар мен дәліздерден олардың тасыр-тұсыр жүгіргені, сосын ауладан дабырласып кетіп бара жатқаны естілді; осыдан кейін бәрі де тына қалды. Дәйекшілердің бірде-бірі қалмай, қарғыс атқан үйден жапа-тармағай қашып кетті.
Осы тұста де Вильфор ханым иығына пеньюарын іле салып, есік пердесін көтерді; ол бұған аң-таң қалғандай-ақ табалдырық қасында тұрып, көзін сығымдап жылаған болды.
Кенет ол аппақ болып қуарып, қолын созған күйі, түнгі столға ентелеп жетіп барды.
Ол д'Авриньидің еңкейіп, түнде өз қолымен сусынын төгіп тастаған стақанды алып, үңіле қарап тұрғанын көрді.
Стақанға түнде өзі каминге төгіп тастаған шамада, тап сондай сұйық зат құйылыпты.
Егер Валентинаның аруағы алдынан кес-кестеп шыға келген болса, улаушының жаны тап осылай түршікпес еді.
Мына сұйықтың түсі — Валентинаның стақанына өз қолымен құйып, оны Валентина ішіп қоятын сусынның түсі; бұл у дәрігер д'Авриньидің көзінен таса қалмады және ол соны байыптап қарап жатыр; бұл — қаныпезер қылмыстының алуан түрлі амал-айласына қарамастан, оның танымал ізі қалсын деп құдайдың өзі әдейі қолымен жасаған ғажайып кереметі деген осы, қылмыстың айқын айғағы, дәйекті дәлелі деген осы.
Қоянжүрек қорқыныштың дәл өзіндей болып, де Вильфор ханым сілейіп тұрып қалғанда, Вильфор мырза қаза тапқан қызының төсегіне бетін басқан күйі, ештеңені де көрмей, сүлесоқ жатқан кезде, д'Авриньи баяу басып, терезенің алдына барды. Стақанның ішіндегі сұйық затты тағы да асықпай, мұқият бір қарап шыққаннан кейін, ол со сұйыққа саусағының ұшын малып алды.
— Бұл бруцин емес екен, не екенін көрелікші кәне! — деді ол күбірлеп.
Ол үй аптешкесіне айналдырылған шкафтардың біріне таяп барды да, күміс құты ішінен азот қышқылы бар бір шишаны алып, әлгі жылтыраған ақшыл сұйыққа оның бірнеше тамшысын тамызып еді, анау қан қызыл бояуға малынып шыға келді.
— Хош! — деді д'Авриньи, ақиқат шындық түбіне жеткен сот сияқты тыжырынып, күрделі бір түйінді шешкен оқымысты сияқты қуанып.
Де Вильфор ханым жан-жағына жалтақтай қарады; көзі жалт етіп бір жанып, сөніп қалды; ол тәлтіректеп барып, сипалап есік тұтқасын тауып алды да, кезден таса болды.
Енді бір сәттен кейін гүрс етіп құлаған дененің дыбысы келді.
Бірақ оған ешкім де назар аудармады. Күтуші әйел дәрігердің әрбір қимылын бағып отырды, ал Вильфор болса, әлі де есін жинай алмай жатқан.
Тек д'Авриньи ғана де Вильфор ханымды көзімен ұзатып, оның асығыс шығып кеткенін байқап қалған.
Ол пердені көтеріп, көзімен Эдуардтың бөлмесін бір шолып, әйелдің жатын бөлмесіне қараған; де Вильфор ханым еденде сұлқ түсіп жатыр екен.
— Анда барыңызшы, де Вильфор ханым талып қалса керек, — деді ол күтушіге.
— Мадемуазель Валентинаны қайтемін? — деді ол тұтыға.
— Мадемуазель Валентинаға енді ешкімнің де көмегі керек емес, ол өлді, — деді д'Авриньи.
— Өлді! Өшті! — деді ыңыранып жаны күйзелген Вильфор, осынау тасбауыр, безбүйрек жанға бұл бір ел құлағы естімеген, тосын іс болғандықтан да, мұның азабы тіпті қиын болды.
— Мен не естідім! Өлді дейді? Валентина өлді деп айтқан қайыссың? — деді үшінші біреу дауыстап.
Вильфор мен дәрігер бұрылып, есікке қарады. Есік алдында өліктей қуарып, жаны түршіккен Моррель тұр екен.
Мұның мән-жайы былай болған еді.
Нуартьенің бөлмесіне апаратын шағын есіктен, үйреншікті уақытында Моррель келіп кірген болатын.
Бұрынғыдай емес, есік ашық тұр екен, ол қоңырау соқпай, емін-еркін ішке кірді.
Ол ауызғы бөлмеде тұрып, біреуі болмаса біреуі Нуартьеге ертіп апарсын деп қызметшілерді шақыра бастады.
Бірақ жауап қатқан жан болмады. Дәйекшілердің бұл үйден үркіп кетіп қалғаны өзімізге белгілі ғой.
Моррельдің көңілі алаң болатындай ешбір себеп жоқ-тын: Монте-Кристо оған Валентина аман қалады деп уәде берген, күні бүгінге дейін осы уәде бұзылып көрген емес. Күн сайын, кешкілік, граф оған жақсы хабарды жеткізіп тұратын, ал келесі күні сол лебізді Нуартьенің өзі растап беретін.
Дегенмен, тірі жанның көзге түспегені оған бір түрлі оғаш көрінді; ол тағы да дыбыс берді, жауап алмағасын, үшінші рет дауыстады; сол баяғы өлі тыныштық.
Осыдан кейін жігіт жоғары көтерілмек болды.
Өзге есіктер сияқты, Нуартьенің есігі де ашық екен.
Ең әуелі оның көзіне шалынған адам, өзінің дағдылы орнында, креслода отырған Нуартье қарт болды, оның өңі қуарып, бірдеңеден шошып, үрке қарап отыр екен.
— Сударь, халіңіз қалай? — деді Моррель әлденеден сезіктенгендей.
— Шүкір, жақсымын, жақсымын, — деді шал ымдап.
Бірақ оның жүзінен әлденеге алаң болып, мазасызданып, тызақтап отырғаны байқалады.
— Сіз бірдеңеге алаң болып отырсыз ба? Дәйекшілердің біреуін шақырсам қайтеді? — деді Моррель сөзін жалғап.
— Иә, — деді Нуартье ишарат жасап.
Моррель қоңырау қаға бастады, бірақ ол қоңырау бауын канша тартса да, ешкім келмеді.
Ол Нуартьеге қарады, шалдың өңі бұрынғыдан да қуқылданып, мазасыздана берді.
— Құдай-ай! — деді Моррель. — Неге ешкім келмей жатыр? Тағы біреу ауырып қалған жоқ па екен?
Нуартьенің көзі алақтап, шарасынан шығып кетуге аз-ақ қалғандай.
— Сізге не болды? Түріңізден шошиын дедім ғой? Валентина ма?.. — деді Моррель сөзін жеделдете жалғап.
— Иә! Иә! — деді Нуартье ишаратпен.
Максимилиан бірдеңе айтпақшы болып аузын ашса да, сөйлей алмады; ол теңселіп барып, қабырғаға сүйенді.
Сосын қолымен есікті мегзеді.
— Иә! Иә! Иә! — деді шал ымдап.
Максимилиан кішкене басқышқа қарай жүгіріп барып, одан екі-ақ аттап, төмен түсті, ал бұ кезде шал оның соңынан көзімен:
— Тез, тездет! — деп айқайлап отырғандай еді.
Моррель қас қағымда бүкіл үй сияқты қаңырап бос қалған бірнеше бөлмеден жүгіріп өтіп, Валентинаның бөлмесіне де жетті.
Ол есік ашып әуре болмады, оның өзі де ашық тұр екен.
Жігіттің ең әуелі естігені — жылаған дауыс болды. Көз алды бұлдырап тұманданып, қара киінген біреудің тізерлеп, шашылып жатқан төсек жапқыштарға бетін басып отырғанын көрді. Бір суық қорқыныш, сұмдық қорқыныш оны табалдырық алдына шегелеп тастағандай еді.
Сол арада тұрып ол біреудің:
— Валентина өліп қалды, — деген даусын, ал екінші біреудің оның сөзін жаңғырық сияқты:
— Өліп қалды! Өліп қалды! — деп қайталағанын есітті.
VI. МАКСИМИЛИАН
Вильфор тап осылай үміті кесіліп, күйзелген бір кезін жұрттың көріп қойғанынан именіп, орнынан тұрды.
Жиырма бес жыл бойына ұдайы атқарып келе жатқан қаһарлы айыптаушы қызметі оны кәдуілгі адамнан артығырақ па, әлде кемірек пе кім білген, әйтеуір бір ерекше пендеге айналдырған еді.
Әуелгі кезде абыржып, әбігерге түскен көз жанары Максимилианға түсіп тоқтай қалды:
— Сіз кімсіз, сударь? — деді ол. — Қайдан жүрсіз? Қара жамылған үйге осылай өңмеңдеп кіріп келе ме екен. Кетіңіз!
Моррель тапжылмады, мына бір сұмдық көріністен: жаншылып қалған төсектен, жастық үстіндегі қуарған қыз өңінен көзін ала алмады.
— Есіттіңіз бе? Кетіңіз! — деді Вильфор дауыстап.
Максимилианды кетіру үшін осы араға д'Авриньи де жақындады.
Ол алақтаған есер көзімен Валентинаны, екі ер кісіні, бөлмені бір шолып өтті де, бірдеңе айтқысы келген сыңай танытты, бірақ миында құйындай ұйтқыған қасіретті ойларының әсері ме, әйтеуір, ақырында сөйлеуге сөз таппай қиналып басын қыса ұстап, теңселіп, сыртқа қарай тұра жүгірді; бір сәт өздерінің ойларынан көңілдері бөлініп кеткен Вильфор мен д'Авриньи, оның соңынан аңыра қарап тұрды да, біріне-бірі қарап:
«Мынау бір жынды ғой», — дегендей болды көздерімен.
Бірақ арада бес минут өтпей жатып, басқыш біреудің ауыр басқан аяғынан сықырлап кетті де, тағы да Моррель көрінді, ол адамзаттан табыла бермейтін қайратпен, Нуартьені креслосымен қоса көтеріп, екінші қабатқа бір-ақ шығарды.
Басқыш алаңына келгесін, Моррель креслоны еденге қойып, Валентинаның бөлмесіне дөңгелетіп кіргізе салды.
Осының бәрін жаннан безген кісінің күйініш-күйзелісімен жан ұшырып жүріп жасады.
Моррель оның креслосын қозғап Валентинаның кереуетіне әкелгенде Нуартьенің жүзі кісі шошырлықтай еді; оның бетінде жанталаса тірлік етіп, құбылып тұратын жалғыз жанды нәрсе — шалдың көзі-тін, шал сорлының күллі күш-жігері, сезім-түйсігі осы көзінен көрінетін.
Әкесінің көзі шырадай жанған қуқыл жүзін көргенде Вильфор қорқып қалды.
Өмір бойы, әманда, әкесімен бетпе-бет келіп, шарпысып-тартысып қалғанда, ұдайы сұмдық бір бәлелер туады.
— Мыналардың не істегенін қараңызшы! — деді Моррель дауыстап, ол бір қолымен өзі қыз төсегінің жанына әкелген креслоның арқасына сүйеніп тұрған, екінші қолымен Валентинаны нұсқап көрсетті. — Қараңызшы, әке!
Вильфор бір қадам кейін шегініп, Нуартьені әкей деп атаған, өзіне мүлде бейтаныс, жас жігітке таңырқай көз тастады.
Тап сол сәтте шалдың күллі жан-жүрегі қанталап кеткен көзіне көшкендей еді; маңдайындағы күре тамырлары білеуленіп, ұстамалы қояншық дерті бар кісілер ауырғанда өңі қалай көгеріп кететін болса, мұның да бет-аузы, мойны дәл солай көгеріп сала берді; жанартаудай атқылаған осы бір іштегі құдіретті сезімге тек жан даусы — айқай ғана жетпей тұрған-ды.
Осы бір меңіреу, үнсіз-тілсіз, бірақ жан түршігерлік айқай оның терісінің саңылау-саңылауынан шашырап шығып жатқандай еді.
Д'Авриньи шалға ентелеп жетіп барып, оған спирт иіскетті.
— Сударь, — деді Моррель со заматта саңқ етіп, шалдың жансыз қолынан ұстап, — менің кім екенімді, бұл араға неге келгенімді сұрайды мына кісілер. Сіз білесіз ғой, бұларға айтыңыз, айтыңызшы!
Жігіт еңкілдеп, жылап қоя берді.
Шалдың тынысы тарылғандай кеудесі көтеріліп, басыла береді. Бұл ажал алдындағы бір жантәсілім сияқты еді.
Ақырында Нуартьенің де көзінен жас парлап кетті, ол жылағанда көзінен жас шықпайтын Моррельден гөрі бақыттырақ екен. Шал басын қисайта алмағасын, көзін жұма қойды.
— Менің күйеу бала болғанымды айтыңызшы, — деді Моррель сөзін сабақтап. — Валентина менің ең жақын досым болғанын, әлемдегі бірден-бір ғашығым болғанын айтыңызшы! Оның мәйіті енді мендік екенін айтыңызшы бұларға!
Осыдан кейін ол кереует қасына тізерлеп отыра кетіп, қолы қалтырап төсекті сипалай бастады.
Қайғы-қасірет қажытқан осынау алпамсадай қайратты жігіттің мынадай мүшкіл халін көруге дәті шыдамай, д'Авриньи көңілі қобалжып кеткенін сездірмес үшін теріс айнала берді. Өзіміз қайғыдан қан жұтып, жоқтап отырған аяулымызды жанындай жақсы көрген кісіге ынта-ықыласымыз бірден ауып, құлай берілетін әдетіміз емес пе, Вильфор да енді бұдан артық түсінік сұрап жатпай, жігітке жаны ашып, Моррельге қарай қолын соза берді.
Бірақ Максимилиан ештеңені де көрмеді, ол Валентинаның мұздай болып қатып қалған қолын ұстап, жылаудың орнына, ыңырана ыңқылдап, ақ сейсептің шетін шарасыз тістелей берді.
Біраз уақытқа дейін бұл бөлмеден тек жылап-сықтаған, қарғап-сілеген, дұға оқыған дауыстар ғана естіліп жатты.
Дегенмен, өзгеше бір дыбыс бәрінен де қаттырақ естіліп тұрды: бұл — Нуартье шалдың қырылдап-сырылдап, әзер демалған ауыр тынысы-тұғын. Ол тыныс алған сайын кеудесіндегі тіршілік тамырлары бырт-бырт үзіліп жатқандай еді. Ақырында, өзгелерден гөрі өзін-өзі тежеп ұстай білетін, өз орнын уақытша Максимилианға бергендей болып көрінген Вильфор жігітке тіл қатпақ болды.
— Сударь, — деді ол, — сіз әлгіде Валентинаны сүйгеніңізді, оған жар болуға әзірленіп жүргеніңізді айттыңыз. Мен сіздердің махаббаттарыңызды, уәде байласқандарыңызды білмеуші едім. Бірақ қанша айтқанмен, мен оның әкесімін ғой, осы кінәңізді кешірдім ендеше, өйткені, мен сіздің шын жүректен қасірет шегіп, азаптанғаныңызды өз көзіммен көріп тұрмын.
Көңілімде ашу-ыза қалатындай, мен қайбір жетісіп тұрмын, менің де қайғы-қасіретім басымнан асып жатыр. Бірақ, міне, өзіңіз де көріп тұрсыз, сізге бақыт сыйламақшы болған періште, о дүниеге жүріп кетті; енді оған бас игеннен, тағзым еткеннен не пайда; қазір жасағанның алдына барды; енді оның мүрдесімен қоштасыңыз, өзіңіз зарыға күткен қолды қысыңыз, сөйтіп о бейбақпен мәңгіге айырылысыңыз. Валентинаға енді оның иманын айтатын священник қана керек.
— Сіз қателесіп тұрсыз, сударь — деді Моррель дауыстап, бір тізерлеп отырып жатып, со сәтте оның жүрегі ине сұққандай шаншып қоя берді — сіз қателесіп тұрсыз. Валентина өлді, бірақ ол күмәнді ажалдың құрбаны болды, енді оған тек священник қана емес, кек алушы да керек! Священникті шақыруға кісі жұмсаңыз, Вильфор мырза; ал кек алушы мына мен боламын!
— Сіздің мұнымен не айтқыңыз келеді, сударь! — деді күмілжіп Вильфор. Моррельдің есірік даусы оны қатты шошытты.
— Менің айтайын дегенім, сударь, сіздің бір өзіңізде екі адам бар, — деді Моррель. — Әкенің жылауы жетті, енді король прокуроры сөз алсын!
Нуартьенің көзі жалтылдап кетті; д'Авриньи жақынырақ келіп тұрды.
— Мен не айтатынымды білемін, сударь, және айтайын деп тұрған нәрсемді сіз менен кем білмейсіз: әлдебіреу Валентинаны өлтірген! — деді Моррель сол арада тұрған кісілердің ойын өңінен танып.
Вильфор түнеріп төмен қарады; д'Авриньи тағы да бір адым ілгері аттады; Нуартье мұны мақұлдап, көзін жұмды.
— Біздің заманда, — деді Моррель сөзін жалғастырып, — бір тірі жан, мейлі ол Валентина сияқты уылжыған жас және таңғажайып сұлу болмай-ақ қойсын, егер зорлық өлімнен қаза тапса, оның қазасын тексермей, ескерусіз-есепсіз қалдыруға бола ма. Король прокуроры мырза, тап осы арада аяушылық етуге болмайды! Мен сізге қылмысты көрсетіп бердім, енді кісі өлтірушіні іздеңіз! — деп бітірді сөзін Моррель қызып кетіп.
Оның рақымсыз жанары Вильфорға әмір бергендей өңменінен өтіп барады, ал анау жаутаңдап, бірде Нуартьенің, бірде д'Авриньидің жүзіне қарайды.
Бірақ Вильфорды қолдап-қостаудың орнына, әкесі мен дәрігер ана жігіттің сөзін қолдап, бұған жібімей, тесірейе қарайды.
— Иә, солай! — деді шал ишарат жасап.
— Дұрыс-ақ! — деді д'Авриньи.
— Сіз қателесесіз, сударь, — деді Вильфор мына үшеуінің ықпалына түсіп кетпейін және өзінің қобалжыған көңілін басайын деп ойлап, — менің үйімде қылмыс жасалмайды; мені қатал тағдыр жазалайды, құдай тағалам ауыр сын-сынаққа салады, — бірақ менің үйімде ешбір жан ешкімді де өлтірмейді!
Нуартьенің көзі жай оғындай жалт етті; д'Авриньи қарсы дау айту үшін аузын аша берді.
Моррель, сіздер сөйлемеңіздер дегендей қолын созды.
— Мен сізге осы үйде біреу кісі өлтіреді деп тұрмын! — деді жігіт бәсең де қаһарлы үнмен.
Мен сізге, бұл соңғы төрт айдың ішіндегі төртінші қаза деп айтып тұрмын!
Мен сізге осыдан төрт күн бұрын Валентинаны уламақ болғанын, бірақ Нуартье мырзаның күн ілгері жасаған сақтығынан ол аман қалған деп тұрмын!
Мен сізге, осыны өзіңіз де мен сияқты жақсы білесіз, өйткені д'Авриньи мырза дәрігер ретінде де, дос ретінде де сізге мұны ескерткен деп тұрмын.
— Сіз сандырақтап кеттіңіз, сударь, — деді Вильфор мойнына түскен тұзақтан қайтсе де құтылмақшы болып.
— Мен сандырақтап тұрмын ба? — деді Моррель дауыстап. — Олай болса, мен д'Авриньи мырзаның өзіне жүгінейін. Сударь, де Сен-Меран ханым қайтыс болатын күні кешкілік осы үйдің алдында, сіздің бау ішінде жүріп айтқан сөзіңіз дәрігер мырзаның есінде ме екен, сұраңызшы сол кісіден; сонда сіз екеуіңіз, оңаша қалған екенбіз деп ойлап осы бір қасіретті қазаны сөз еттіңіздер. Сіз бұл тағдырдың ісі деп тағдырды жазғырасыз, Құдайтағалаға әділетсіз айып тақпақшы боласыз, ал тағдыр мен құдайдың Валентинаның жендетін жаратқаны болмаса, бұл ажалға мүлде қатысы жоқ.
Вильфор мен д'Авриньи біріне-бірі қарады.
— Иә, иә, есіңізге түсіріңізші, — деді Моррель, — сіз со бір сөздер мүлгіген тыныштықта, екеуден екеу оңаша жүргенде айтылып, қараңғы түнге сіңіп жоқ болды деп ойлайсыз, бірақ олар менің құлағыма келіп құйылған.
Әрине, со бір кештен кейін, Вильфор мырзаның өз жақындарына келгенде қылмысты кешірімпаз екенін көргесін, мен осының бәрін өкімет орындарына хабарлауым керек еді. Мен сонда, Валентина, жаным, сенің ажалыңа кінәлі кісілердің бірі болмас едім! Бірақ кінәлі кісі енді сенің кегіңді алушыға айналады; бұл үйде осымен төртінші кісіні өлтіргені жұрттың бәріне де айқын болды, егер әкең сені ескерусіз тастап кететін болса, Валентина, сол қылмысты қанішердің соңына өзім түспесем, мені ант атсын!
Ақырында өз күшінің серпініне өзі шыдай алмай, шарт сынуға әзір тұрған осынау қайратты жігітті табиғаттың өзі аяды ма, қайдам, әйтеуір, Моррельдің соңғы сөздері көмейінде тұрып қалды да, солқылдап жылап қоя берді, көзінен жас парлап, со жылаған күйі, теңселіп барып, Валентина кереуетінің қасына тізерлеп отыра кетті.
Ендігі кезек д'Авриньи мырзаға келді.
— Мен Моррель мырзаның айтқанына қосыламын, мен де әділ сот болуын талап етемін, — деді ол. — Өзімнің жасқаншақ кешірімпаздығым қанішерге демеу-жебеу болғанын ойлағанда жүрегім қан жылайды.
— Құдай-ай! — деді күбірлеп Вильфор.
Моррель басын көтеріп, шалдың оттай маздап тұрған көзінен көкейіндегі ойын түсіне қойды да:
— Қараңыздар, Нуартье мырзаның сөйлегісі келеді, — деді ол.
— Иә, — деді шал ишаратпен көзі шоқтай жайнап, өйткені осы бір әл-дәрменсіз, сорлы жанның күллі қабілет-жігері көз жанарынан көрініп тұр еді.
— Сіз қанішерді білесіз бе? — деді Моррель.
— Білемін, — деп жауап қатты Нуартье.
— Сіз оны бізге көрсете аласыз ба? — деді дауыстап Максимилиан. — Ал біз тыңдалық! Д'Авриньи мырза, тыңдаңыз!
Нуартьенің көзі Моррель байғұсқа аялай қарап, мұңая жымиды, оның осы мейірлі күлкісі Валентина бейбақты жиі-жиі қуантушы еді.
Сөйлесіп тұрған кісі назарын өзіне әбден аударып алғаннан кейін, ол көзін есік жаққа аударды.
— Сіз менің шығып кеткенімді қалайсыз ба? — деді Моррель күйіне дауыстап.
— Иә, — деді ымдап Нуартье.
— Аясаңызшы мені!
Шалдың көзі тесірейіп есік жақтан бір аумай қойды.
— Бірақ кейін осы араға қайтып келуіме болады ғой? — деді Максимилиан.
— Иә.
— Мен жалғыз өзім шығайын ба?
— Жоқ.
— Кімді ала кетейін? Де Вильфор мырзаны ма?
— Жоқ.
— Дәрігерді ме?
— Иә.
— Сіз де Вильфор мырзамен жалғыз қалғыңыз келе ме?
— Иә.
— Ол сізді түсіне ме?
— Иә.
— Қам жемей-ақ қойыңыз, мен әкемді еркін түсінемін, — деді Вильфор тергеудің оңаша, бетпе-бет жүргізілетініне қуанып.
Ол осы бір сөздерді көңілдене айтқанмен, денесі дірілдеп кеткен еді.
Д'Авриньи Максимилианды қолтығынан демеп, көрші бөлмеге алып кетті.
Сол мезетте күллі үй, өлім тыныштығынан да өткен бір мылқау тыныштық қойнына кіргендей еді.
Ақырында, арада он бес минут өткеннен кейін, біреудің сәмсіреп жүріп келе жатқан дыбысы естілді де, мейманжай есігінен Вильфор көрінді, мұнда д'Авриньи мен Моррель тұрған, олардың біріншісі қалың ойға батып тұрса, екіншісі — қасірет уын ішіп тұрған-ды.
— Жүріңіздер, — деді Вильфор.
Сосын ол бұларды ертіп, Нуартьеге әкелді.
Моррель де Вильфор мырзаға байыптай қарады.
Король прокурорының өңі қуарып кетіпті; маңдайы теңбіл-теңбіл болып қызарған. Қолы жыбырлап тыным таппай, қауырсын қаламды майдалап сындырып жатыр.
— Мырзалар, — деді ол бәсең үнмен д'Авриньи мен Моррельге, — осы бір сұмдық сырды жүрегіміздің тереңіне көміп тастаймыз деп серт етіңіздер!
Ана екеуі еріксіз қозғалып кетті.
— Жалынамын сіздерге!.. — деді Вильфор сөзін жалғап.
— Айыпты кісі ше?!. — деді Моррель. — Қанішер!.. Улаушы!..
— Қам жемеңіз, сударь, әділ сот болады әлі, — деді Вильфор.
— Әкем айыпты кісінің атын айтты маған; Сіздер сияқты, ол кісі де кек алуға шақырады; бірақ ол кісі де, мен де сіздерден бұл қылмыстың құпиясын сақтауларыңызды сұраймыз. Осыным рас па, әке?
— Иә, — деді Нуартье нығарлап.
Моррель бұған сенбей, жаны түршігіп шегініп кетті.
— Сударь, — деді Вильфор Моррельді қолынан ұстап, — өзіңіз де білесіз, менің әкем қайсар кісі, егер ол сізге тап осындай өтініш айтып отырса, Валентинаның кегі қайтатынына шексіз сенеді. Рас па, әке?
Шал иә деп ишарат етті.
Вильфор сөзін жалғай түсті:
— Ол мені жақсы біледі, мен ол кісіге серт бердім. Енді қам жемей-ақ қойыңыздар, мырзалар, мен сіздерден үш күнге пұрсат сұраймын, бұл сот сұрайтын уақыттан да аз; енді бір үш күннен кейін қызымды өлтірген кісіден кегімді аламын, ол тасжүрек қаныпезердің өзін қалтыратады әлі. Рас па, әке?
Осыны айтқанда ол тісін шықырлатып, шалдың өлі қолын бір сілкіп қойды.
— Уәде орындала ма, қалай, Нуартье мырза? — деді Моррель.
Д'Авриньи де көзіменен осы сауалды қойды.
— Иә! — Нуартьенің көзінен кекті қуаныш оты жылт етті.
— Ендеше, мырзалар, менің үйімнің ар-намысына тимейміз, кек алуды менің өзіме қалдырамыз деп ант етіңіздер, — деді Вильфор байсалды, д'Авриньи мен Моррель екеуінің қолын бір-бірімен қосып жатып.
Д'Авриньи теріс айналып, «иә» деп немқұрайды айта салды, ал Моррель болса, қолын Вильфордың қолынан жұлып алып, төсекке жүгіріп барып, Валентинаның суық ернінен бір сүйді де, бұл дүниеден баз кешкен кісідейін күңіреңітіп шығып кетті.
Ілгеріде айтқанымыздай, қызметшілердің бәрі кетіп қалған-ды.
Сол себепті де Вильфордың, біздің үлкен қалаларымызда өлген кісіні, әсіресе осындай күдікті жағдайда өлген кісіні қоюға байланысты толып жатқан машақат шаруамен айналысуды өз міндетіне алуды д'Авриньиден сұрауына тұра келді.
Ал Нуартьеге келетін болсақ, осы бір қимылсыз қасірет тастай қатқан үмітсіздік, үнсіз аққан көз жасы тәрізді қарияға қараудың өзі қиын еді.
Вильфор кабинетіне кіріп, есігін бекітіп алды; д'Авриньи қала дәрігерін іздеп кетті, ал қала дәрігерінің міндеті — өлген кісіні куәландыру, сол себепті де оны жұрт «өлілер дәрігері» деп атайды.
Нуартьенің немересінің жанынан кеткісі келмейді.
Арада жарты сағат өткеннен кейін д'Авриньи әріптесін ертіп қайтып келді; көше жақтағы есік жабық екен, қақпашы өзге дәйекшілермен бірге кетіп қалғандықтан да, есікті Вильфордың өзі ашты.
Валентина бөлмесінің тұсына келгенде, ол аз-кем аялдады, бірақ оған қайта кіруге жүрегі дауаламады.
Бөлмеге екі дәрігер ғана кірді.
Кереуеттің қасында сол өлік сияқты қуарып, немересі сияқты қыбыр етпей, үнсіз де тілсіз түнеріп, Нуартье қария отыр екен.
Өмірінің жартысын мәйіттердің арасында өткізетін өліктер дәрігері кереуетке самарқау басып барып, қыз бетіне бүркеген матаны сыпырып тастап, оның ернін ашып көрді.
— Иә, — деді д'Авриньи күрсініп, — қыз байғұстың қаза тапқанына күмән болмасқа керек.
— Иә, — деді өліктер дәрігері оны қостап, Валентина бетін қайтадан матамен жауып жатып.
Нуартье ыңырана қырылдады.
Д'Авриньи оған бұрылып қарады; шалдың көзі жалт-жұлт етеді.
Д'Авриньи оның немересін көргісі келіп отырғанын сезді; ол кереуеттің қасына барып, екінші дәрігер қыздың ерніне тиген қолын хлорлы сумен шайып жатқанда, Валентинаның тәтті ұйқыда шомып жатқан періште сияқты маужыраған аппақ жүзін абайлап аша берді.
Нуартье мырзаның мөлтілдеген көз жасына қарап, д'Авриньи шал байғұстың өзіне қатты риза болып қалғанын білді.
Өлім докторы қажетті куәлікті осы Валентинаның бөлмесінде, стол шетінде тұрып жазды да, ең соңғы міндетінен құтылып, д'Авриньимен бірге сыртқа шығып кетті.
Вильфор олардың басқышпен төмен түсіп келе жатқанын естіп, кабинетінен шықты.
Қала дәрігеріне бірер сөзбен алғысын айтқасын, ол д’Авриньиге:
— Енді бізге священник керек, — деді.
— Өзіңіздің шақыратын таныс священнигіңіз жоқ па еді? — деді д'Авриньи.
— Жоқ, — деді Вильфор, — ең жақын тұратын біреуін шақырыңыз.
— Ең жақын тұратыны — сіздің үйіңіздің қасына көшіп келіп қоныстанған бір итальян аббаты. Егер қаласаңыз, мен қазір жолай айта салайын, — деді қала дәрігері.
— Рақым етіңіз, д'Авриньи, — деді Вильфор, — дәрігер мырзамен өзіңіз бірге барыңызшы. Қалаған кезіңізде кіріп-шығуыңызға қажет болсам, міне, кілт. Священникті ертіп келіп, сорлы қызымның бөлмесіне енгізерсіз.
— Сіздің онымен сөйлескіңіз келе ме?
— Жоқ, оңаша қалғым келеді. Сіз мені кешіресіз ғой, солай ма? Священник жұрттың қайғы-қасіретін түсінуге тиіс, әсіресе әкенің қасіретін түсінуге тиіс.
Вильфор д'Авриньиге кілтті беріп, қала дәрігеріне тағы да тағзым етті, сосын кабинетіне қайтып келіп, жұмысқа кірісіп кетті.
Дүниедегі жамандық атаулының бәрінен жұмыс істеу арқылы емделетін кісілер де болады.
Көшеге шыққасын, екі дәрігер көрші үйдің есігінің алдында тұрған қара киген кісіні көрді.
— Әлгіде сізге айтқан кісім осы, — деді өлілер дәрігері серігіне.
Д'Авриньи священнике жақындап келіп:
— Сударь, сіз жаңа ғана қызынан айырылған бір бақытсыз сорлыға, король прокуроры де Вильфорға қол ұшын бермес пе екенсіз? — деп тіл қатты.
— Иә, сударь, оның үйіне ажал барып жайғасқанын кәміл білемін, — деді священник итальян акцентімен.
— Ендеше оларға өзіңізден қандай көмек қажет екенін айтпай-ақ қояйын.
— Сударь, менің өзім де соларға қызмет көрсетуге әзір екенімді білдірмекке келе жатыр едім, парыз-қарызымызды өтеуге әманда сай тұру — біздің міндетіміз ғой, — деді священник.
— Байғұс, бүлдіршіндей жас еді.
— Иә, одан хабардармын. Қызметшілері айтқан, олардың сол үйден қалай жамырай қашқанын көргенмін. Оның есімі Валентина екенін сұрастырып білгенмін, оған бағыштап, бір рет дұға қайырып та қойдым.
— Көп-көп рақмет, — деді д'Авриньи риза болып, — сіз өзіңіздің қасиетті қызметіңізге кіріскен екенсіз, ендеше рақымыңыз түсіп, соны бұрынғыша жалғастыра берерсіз. Көз жұмған бейбақтың қасында болсаңыз, уанбай-жұбанбай жатқан үй іші мың алғыс айтады сізге.
— Барайын, сударь, барайын, менің дұғамнан ыстық, ықыласты дұға бола қояр ма екен, сірә, — деді ол дәрігерге.
Д'Авриньи аббаттың қолынан ұстап, кабинетін жауып алған Вильформен жолықпастан, оны қаза тапқан қыз басына ертіп әкелді; ал қыздың ақырет киімін түнде кигізуге тиіс еді.
Бұлар бөлмеге келіп кіргенде, Нуартьенін көзі аббаттың көзімен ұшырасып қалды; Нуартье осы бір көзден тылсым бір сырды көрді ме, қайдам, әйтеуір, енді қайтып священниктің жүзінен көзін айырмай қойды.
Д'Авриньи аббаттың қамқорлығына қаза тапқан қызды ғана емес, тірі шалды да тапсырды, ал аббат оған Валентина үшін дұға оқып, шалға бас-көз боламын деп уәде берді.
Аббаттың уәдесі бір түрлі салтанатты естілді; өзінің дұға қайыруына кесірін тигізбесін, Нуартьенің жарымжан, қам көңілін алаң етпесін деді ме, әйтеуір, д'Авриньи шығар-шықпастан, аббат дәрігер кетіп қалған есіктің ысырмасын ғана емес, де Вильфор ханымның бөлмесіне кіретін есіктің ысырмасын да жауып тастады.
VII. ДАНГЛАРДЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ
Ертеңгілік күн бұлыңғыр да көңілсіз болды.
Түнде табытшылар келіп, өздерінің қайғылы міндетінен құтылып, төсекте жатқан денеге кебінін (өлгендердің ақырет киімін) кигізді, өлім жұрттың бәрін теңестіреді деп қанша айтсақ та, тірі күнінде көңілі сүйген сән-салтанат, бақ-дәулет ақырғы рет осы кебіннен де көрінеді.
Осынау ақырет киімі — Валентинаның осыдан екі апта бұрын сатып алған торғын бәтесінің бір бөлегі еді.
Нуартьені кеше кешкілік Валентинаның бөлмесінен өз бөлмесіне әкелген болатын; жұрттың ойлағанындай, шал өзін немересінің денесінен айырғанына көп қарсылық жасамады.
Аббат Бузони таң атқанша отырып, тірі жанға тіс жарып тіл қатпай, құлқын сәріден кетіп қалды.
Ертеңгі сағат сегізде д’Авриньи мырза келді; ол жолай Нуартьеге кетіп бара жатқан Вильформен кездесті де, шалдың түнді қалай өткізгенін білмек болып, онымен бірге солай қарай жүрді.
Шал кереует орнына кереует болып келген үлкен креслода отыр екен. Ол жайбарақат, рақаттанып ұйықтап жатыр.
Екеуі бұған аң-таң болып, есік алдында тұрып қалды.
— Қараңызшы, — деді дәрігер Вильфорға, — табиғат ең ауыр қайғының өзін жұмсартады. Әрине, Нуартье мырза немересін онша жақсы көрмейтін еді деуге ешкімнің де аузы бармайды, бірақ міне, маужырап ұйықтап жатыр ғой.
— Иә, сіз дұрыс айтасыз, — деді Вильфор ештеңеге түсінбей, — осы кісінің ұйықтап жатқаны бір түрлі ерсі көрінеді: болмашы бір нәрсе көңіліне ұнамаса, түнді түнге ұрып ұйықтамаушы еді.
— Қайғы қажытқан ғой байғұсты, — деді д'Авриньи.
Сосын екеуі бір қалың ойға беріле, король прокурорының кабинетіне қайтып келді.
— Ал мен көз ілмедім, — деді Вильфор дәрігерге қол тимеген төсекті көрсетіп, — мені ешбір қайғы қажыта алмайды, екі күннен бері басым жастыққа тиген жоқ, бірақ сіз мына менің столыма қараңызшы: осынау екі күн, екі түн ішінде қыруар қағаз жаздым!.. Осы істе қанша қағазды ақтардым, бас кесер Бенедеттоның айыптау актісіне қанша белгі соғып, аударыстырып қарадым десеңізші!.. О менің құмар-құштарым да, бақыт-берекем де, есуас-есерлігім де — жұмысым, мен күллі қайғы-қасіреттен тек сен ғана арылта аласың!
Осылай деді де, ол д'Авриньидің қолын қысты.
— Мен сізге енді керекпін бе? — деді дәрігер.
— Жоқ, — деді Вильфор, — тек сағат он бірге таман қайтып келіңіз, сағат он екіде... денені шығарамыз... Жазмышқа не шара, қызым менің, бақытсыз балам менің, қайтейін!
Король прокуроры, қайтадан қасіретті пенде қалпына түсіп, көкке қарап күрсінді.
— Жұрт сіздің өзіңізге көңіл айта ма?
— Жоқ, жақын бір туысқаным сол ауыр міндетті атқаратын болды. Мен жұмыс істеймін, доктор; жұмыс істеген кезде мен үшін дүниенің бәрі ғайып болады.
Сонымен дәрігер есікке жетпей жатып, король прокуроры қайтадан қағазына үңіле берді.
Д'Авриньи есік алдынан Вильфордың әлгіде айтқан туысқанын кездестірді, ол біздің осынау хикаямыздан да, үй ішінен де болмашы орын алатын, туғанынан-ақ қосақ арасында жүруге жаралған елеусіз кісі-тұғын.
Үстіне қара киініп, қарына аза шүберегін байлап, ол Вильфордың үйіне еңсесін төмен салып, қамығып келді, қашан қажет болғанға дейін ол осы кейпін сақтап, салт-сана рәсімі бітісімен бұрынғы қалпына келмек еді.
Сағат он бірде қаралы күймелер салдырлап, тас төселген аулаға кірді, сосын Сент-Оноре төңірегі қалың жұрттың гуілдескен у-дуына толып кетті, қаймана халық әдетте бай-бағландардың қуанышы мен қайғысына бірыңғай құныға қарайды және герцогинияның неке тойына жeткeншe қалай асығатын болса, олардың сән-салтанатты жаназасына жеткенше де тап солай асығады.
Табыт қойылған мейманжай бірте-бірте келген жұртқа лық толды, әуелгі лекпен мұнда біздің кейбір ескі таныстарымыз: Дэбрэ, Шато-Рено, Бошан келді, содан кейін заң, әдебиет және әскер әлемінің күллі атақты кісілері көрінді; өйткені де Вильфор мырза Париждің зиялы топтарында өзінің жоғары қауымда атқаратын қызметімен ғана емес, жеке басының қадір-қасиетімен де алдыңғы қатардан орын алатын.
Вильфордың туысқаны есік алдына келген кісілерді қарсы алып тұрды, жасырып қайтеміз, мұнда келіп жатқан енжар кісілер егер осы арада әкесі, ағасы немесе айттырған күйеуі тұра қалса, көлгірсіп мұңайып, көзіне көлгірсіп жас алуы керек болар еді, ал мейманжайдан, өздері сияқты енжар кісіні көргенде олардың кәдімгідей-ақ бойлары жеңілденіп қалды.
Бұрыннан өзара таныс кісілер бір-біріне көзімен ишара етіп, топ-топ болып жинала бастады. Осындай бір топ Дебрэ, Шато-Рено мен Бошандардан құралып еді.
— Байғұс бала, — деді Дебрэ, өңге жұрт сияқты, еркінен тыс қайғылы оқиғаға орай мұңая тіл қатып, — сондай бай еді!
Сондай сұлу еді! Анада, біз келгенде, Шато-Рено... Соған көп болды ма осы?.. Иә, осыдан үш апта ең көп дегенде бір ай бұрын... оның неке шартына қол қоюға келгенде мұндай болады деп кім ойлаған? Иә, сол шартқа ақыры қол қойылмады ғой.
— Шынымды айтсам, ойламап едім, — деді Шато-Рено.
— Сіз оны білуші ме едіңіз?
— Де Морсер ханымның балында онымен екі рет сөйлескенім бар. Ол маған сонда аса сүйкімді, бірақ сәл күйректеу, уайымшылдау көрінген. Оның өгей шешесі қайда жүр осы, білмейсіз бе?
— Ол, бізді қарсы алған қадірменді мырзаның әйелімен ұзақты күн бірге болады деген.
— Әлгі бір кісі кім өзі?
— Кімді айтып тұрсыз?
— Бізді қарсы алған мырзаны айтам. Оның өзі депутат па?
— Жоқ, — деді Бошан, — мен біздің заңқойларымызды күн сайын көруге жазаланған кісімін, ал бірақ бұл тектес кісіні көрген емеспін.
— Сіз осы қаза туралы газетіңізге бірдеңе бердіңіз бе?
— Мақала менікі емес, бірақ ол көп шу туғызады және мен оны Вильфор мырзаға ұнай қояды деп ойламаймын. Менің байқауымша, ол мақалада: «Егер төрт кісі бірінен соң бірі король прокурорының үйінде емес басқа үйде өлген болса, онда бәлкім, король прокуроры бұдан гөрі сергектеу, ширақтау болар еді», — делінсе керек.
— Бірақ менің шешемді де емдейтін дәрігер д'Авриньи: «Вильфор қайғыдан қан жұтып жүр дейді», — деп Шато-Рено бір сөзді қыстыра салды.
— Сіз кімді іздеп тұрсыз, Дебрэ?
— Граф Монте-Кристоны.
— Жаңа бір әзірде, осылай қарай келе жатқанымда, мен ол кісіні Бульвардан кездестіргенмін. Ол шамасы бір жаққа аттанатын болса керек: ол өзінің банкиріне бара жатыр екен, — деді Бошан.
— Оның банкирі Данглар ма? — деп сұрады. Шато-Рено Дебрэден.
— Солай сияқты, — деді министрдің секретары бір түрлі қысылып, — бірақ бұл үйде көрінбей жатқан Монте-Кристо ғана емес, мен Моррельді де көре алмай тұрмын.
— Моррельді? Ол бұлармен таныс па еді? — деді Шато-Рено таң қалып. — Меніңше, ол тек де Вильфор ханымға ғана таныстырылған тәрізді.
— Бәрібір, ол келуге тиіс еді, — деді Дебрэ үзілді-кесілді, — әйтпесе, кешқұрым тіліне нені тиек етеді? Кісі жерлеу дегенің кәзір көкейкесті мәселе. Бірақ тыныш тұра тұралық: Әне, заң және уағыз министрі келді; ол прокурордың қам көңіл туысқанына «аталы» сөзбен көңіл айтуды міндетім деп есептейді.
Сол-ақ екен, жас жігіттер заң және уағыз министрінің «аталы» сөзін естімек болып, есікке қарай жақындай түсті.
Бошан ақиқат шындықты айтқан-ды; осында кісі жерлеуге келе жатқанда ол, Дангларға соқпақ болып, Шоссе д'Антен көшесіне қарай беттеген Монте-Кристомен жолығып қалған.
Банкир графтың аулаға кірген күймесін терезеден көрді де, оны қарсы алмақ болып сыртқа шықты, қабағынан уайым табы танылса да, жадырай амандасты.
— Менің байқауымша, — деді ол Монте-Кристоға қолын ұсынып жатып, — сіз маған жаныңыз ашып, есіркеп-мүсіркеу үшін келген сияқтысыз. Иә, менің үйіме таусылмас бір қасіреттің келіп кіргені рас, сол себепті де, сізді көре салып; әлгі сормаңдай болып, сорлап қалған Морсерлерге жамандық тілеген жоқ па едім осы, онда: «Біреуге op қазба, өзің түсесің» деген мәтелдің рас болғаны ғой деп ойладым. Бірақ құдай сақтасын, мен Морсерге жамандық ойлаған жан емен. Бәлкім, ол, мен сияқты, бәріне де өз күші, өз еңбегімен жетсе де, жолын қу тақыр кедейліктен бастаған кісі бойына сыймайтын мінез тауып, менмен, өркөкірек болып кетіп еді. Бірақ әркімнің бір ақауы бар.
Абай болыңыз, граф, біздің буынның адамдарын... ғафу етіңіз, сіз біздің буынға жатпайсыз, сіз әлі жассыз... Менің буыныма жататын адамдардың биыл жолы болмай жүр; оған куә — біздің тақуа тәптішіміз король прокуроры, күні кеше қызынан айырылды. Өзіңіз ойлаңызшы: белгісіз бір себептермен Вильфордың үй іші түгел опат болды. Морсер абыройдан айырылып, масқара болып, өзін-өзі өлтірді; әлгі бір Бенедетто деген оңбағанның кесірінен мен де досқа күлкі, дұшпанға таба болдым, бұл аз дегендей...
— Тағы не болып қалды? — деді граф.
— Пәле, сіз оны білмеуші ме едіңіз!
— Тағы бір copғa ұрынып қалдыңыз ба?
— Жаныма балаған жалғыз қызым...
— Мадемуазель Данглар ма?
— Эжени бізді тастап кетпекші.
— Қойыңызшы!
— Иә, қымбатты граф. Сіз — бақытты жансыз, әйеліңіз де, бала-шағаларыңыз да жоқ!
— Шынымен-ақ солай ойлайсыз ба?
— Енді қайтем.
— Сіз сонда мадемуазель Эжени...
— Ана оңбаған залымның бізге жасаған қорлығына шыдай алмай, ол менен саяхат-сапарға шығып, бой жазып қайтуға рұқсат сұрады.
— Сонда біржола жүріп кетті ме?
— Өткен түнде кетіп қалды.
— Данглар ханыммен бірге кетті ме?
— Жоқ, біздің бір жақын туысымызбен бірге кетті... Енді қанша зарласақ та, көзіміздің қарашығындай болған Эжениден айырылып қалдық; ондай бірбет, қайсар бала күндердің бір күнінде Францияға қайтып оралады дегенге өз басым қатты күмәнданамын!
— Оған лаж бар ма, қымбатты барон, — деді Монте-Кристо. — Үй ішінің мұндай мұң-шері, баласынан өзге байлығы жоқ жарлы-жақыбайға, әрине, орны толмас опат, бірақ ол миллионерге онша қауіпті емес. Философтар не десе о десін, іскер кісілер кез келген уақытта олардың айтқанына кереғар келуден тайынбайды, ақша кісіні көп бәледен құтқарады, көп аурудан айықтырады, егер сіз бұл бальзамның шипалы күшіне сенетін болсаңыз, жұрттың бәрінен бұрын айығуға тиістісіз, сіз — финанс королісіз, аса құдіретті күштер келіп тоғысатын түйінсіз.
Осы шын айтып тұр ма әлде күліп тұр ма дегендей Данглар графқа көз қиығын тастады.
— Иә, егер байлық жұбаныш болса, мен тезірек жұбануға тиіспін, өйткені баймын, — деді ол.
— Байлығыңыздың молдығы сондай, қымбатты барон, ол ежелгі пирамидалар сияқты, оларды қиратуға ешкімнің күші де, батылдығы да жетпес еді, ал егер батылы барған күннің өзінде қирата алмас еді.
Данглар графтың жоққа сенгіш ақкөңіл, аңғалдығына жымиып күлді де қойды.
— Реті келгенде айтайын, сіз осында кіргенде мен бес чек қағазға қолтаңбамды түсіріп жатыр едім, оның екеуіне қол қойғаным осы; енді қалған үшеуіне қол қоюыма рақым етіңіз.
— Еркіңіз білсін, қымбатты барон, еркіңіз білсін.
Екеуі де үндемей қалды, тек банкир қаламының тысыры ғана естіледі, Монте-Кристо үй төбесінің алтын жалатылған бедер-нақысына көз тастап отыр.
— Испан қағазы ма? — деді Монте-Кристо. — Әлде Гаити, әлде Неапольдің бағалы қағазы ма?
— Жоқ, — деді Данглар мардымси күліп, — бұл чектер ұсынушы кісіге, Француз банкіне берілетін чектер. Міне, граф, — деді ол сөзін үстемелеп, — мен егер финанстың королі болсам, онда сіз финанстың императорысыз. Әрқайсысының құны бір миллион тұратын осындай бір-бір жапырақ қағазды бұрын көргеніңіз бар ма?
Данглардың өзгеше мақтаныш сезімімен графқа ұсынған бес жапырақ қағазын, тап бір салмақтап көргісі келгендей-ақ, Монте-Кристо қолына алды, алды да мынадай сөздерді оқыды.
«Банк директоры мырза, осыны ұсынушы кісіге менің есебімнен, рақым етіп, бір миллион франк төлеңіз, Барон Данглар».
— Бір, екі, үш, төрт, бес, — деді Монте-Кристо, — бес миллион! Шайтан алсын, Крез мырза, құлашты қалай-қалай тастайсыз!
— Менің іс-әрекетім осылай болып келеді! — деді Данглар асып-тасып.
— Бұл ғажап екен, егер, бәрінен бұрын, осы сома нақты ақшамен қолма-қол төленетін болса, шынымды айтайын, мен оған шүбәланбаймын, тіпті ғажап болар еді.
— Солай болады да, — деді Данглар.
— Мұндай кредиттің болғаны қандай жақсы; шынында да, мұндай кереметті тек Франциядан ғана көруге болады; құны бес миллион тұратын бес жапырақ қағаз. Бұған сену үшін оны өз көзіңмен көруің керек.
— Сіз, не, оған күмәнданып отырсыз ба?
— Жо-ға.
— Сіз бір түрлі күмілжіп отырған сияқтысыз... қаласаңыз, көңіліңіз қошуақ болсын: менің сенімді өкіліммен бірге банкке барыңыз, оның банктен осы сомада қазына облигацияларын алып шыққанын көресіз.
— Жоқ, мынауыңыз шынында да қызық екен, — деді Монте-Кристо бес чекті жинап жатып, — бұл тәжірибені өзім жасап көрейін. Менің сіздегі кредитім алты миллион, мен оның тоғыз жүз мың франкін алғанмын, сонда сізде қалғаны бес миллион да жүз мың. Қазір мен сіздің қолтаңбаңызға бір қарағаннан-ақ валюта ретінде қабылдайтын мына қағаздарыңызды аламын да, алты миллионға жалпы қолхат беремін, сонда біздің есебіміз тепе-тең болып шығады. Мен оны бұрынырақ жазып қойғанмын, өйткені маған бүгін біраз ақша өте қажет болып қалғанын айтуым керек.
Чектерді бір қолымен қалтасына салып жатып, ол екінші қолымен банкирге қолхат ұсынды.
Егер Данглардың аяғының астына жай оғы келіп түссе, тап осылай қорықпас еді.
— Мұныңыз қалай, — деді ол сасқалақтап. — Сіз осы ақшаның бәрін де аласыз ба, граф? Бірақ ғафу өтінемін, бұл ақшаны мен Жетімдер баспанасына беруім қажет, бұл осылардың үлесі, бүгін төлеймін деп уәде бергенмін.
— Пәлі, ендеше, сөз басқа, — деді Монт-Кристо. — Мен бұл чектерді қайтсем де аламын деп тұрғаным жоқ, ендеше, маған басқа бір бағалы заттармен төлеңіз. Meн оны тек бір әуес үшін, жүрген жерімнің бәрінде: ешбір ескертусіз, бес минут кідіре тұруды да сұрамай, Данглардың банкі маған бес миллион ақшаны бірден төледі», — деген сөзді айта жүру үшін алған едім.
Бұл бір керемет жарнама болар еді! Чектеріңіз, мінеки. Ал бірақ, қайталап айтайын, маған басқа бірдеңе берерсіз.
Ол Дангларға чектерді ұсына берді, анау өліктей қуарып, алдындағы жемін алып бара жатқанда, темір тор арасынан шеңгелін салып жіберетін қарақұс сияқтанып, қолын соза берді.
Бірақ кенет әлденені ойлап, өзін-өзі тежеді де, қолын тартып ала қойды. Сосын жымиып бір күліп, түксиген қабағын жазды.
— Бәрібір емес пе, сіздің қолхатыңыз да ақша ғой, — деді банкир.
— Әлбетте! Егер Римде болсаңыз, өзіңіз әлгіде ғана маған ақшаны қалай оп-оңай төлей салсаңыз. Томсон мен Френчте тап солай тоқтаусыз төлей салар еді.
— Кешіріңіз, граф, кешіріңіз.
— Ендеше, бұл ақша менде қала береді ғой?
— Иә, иә, қала береді, — деді Данглар бусанып терлеп кеткен маңдайын сүртіп.
Монте-Кристо чектерді қайтадан қалтасына салды, дегенмен тап сол мезетте ол қас-қабағымен:
«Тағы да ойланыңыз, егер кейін өкінетін болсаңыз, әлі де кеш емес», — деп тұрғандай еді.
— Жо-жоқ, — деді Данглар, — чектерді ала беріңіз. Бірақ өзіңіз де білесіз, біз, финансистер, кінәратшыл халықпыз. Бұл ақшаны мен әуелде Жетімдер баспанасына бағыштаған едім, сол себепті де, ақша атаулының бәрі бір еместей-ақ, егер осы чектер мен төлемесем, олардың ырысын қағатындай болып көріндім. Кешіріңіз мені.
Осыны айтты да, селкілдеп қатты күліп жіберді.
— Кешіруін кешірдім, енді мына ақшаны қалтама саламын, — деді Монте-Кристо пейілденіп.
Ол чектерді қолма-қол әмиянына салды.
— Бірақ сіздің әлі де жүз мың франк ақшаңыз қалады, — деді Данглар.
— Ол түк емес! — деді Монте-Кристо. — Мұның өсімі, долбарлап айтсақ, со шамалас болатын шығар; ол сізде қала берсін, сонда сіз бен біз есеп айырысамыз.
— Бұл шыныңыз ба, граф?
— Мен банкирлермен ешқашанда ойнамаймын, — деді Монте-Кристо байсалды, оның бұл жауабы дөрекілеу естілді.
Банкирдің малайы кіріп келіп:
— Баспаналар басқармасының бас қазынашысы де Бовиль мырза сұранады, — деп жатқанда, Монте-Кристо есікке қарай беттеген еді.
— Көрдіңіз бе, сіздің чектеріңізді қажетіме жарату үшін дәл кезінде келген екенмін, жұрт оны талап алып жатыр екен-дағы.
Данглардың өңі тағы да қуарып кетті, ол графпен асығыс қоштасты.
Монте-Кристо қабылдау бөлмесінде отырған де Бовиль мырзамен иіліп сәлемдесті, граф кетісімен ол дереу Данглардың кабинетіне шақырылды.
Баспаналар қазынашысының қолынан әмиянын көргенде, ұдайы сабырлы-салмақты қалпынан бір танбайтын граф бір жымың етті.
Графты есік алдында күймесі күтіп тұрған, ол дереу банкке қарай жүруге әмір етті.
Бұл кездері Данглар, өрепкіген көңілін әрең-әрең басып, кіріптар кісіні қарсы алмаққа ұмтыла берген еді.
Банкирдің жүзінде жайдары күлкі ұйып қалғанын айтпасақ та болатын шығар.
— Сәлеметсіз бе, қымбатты кредитор, — деді ол, — бұлай дейтінім, оллаһи, маған ұдайы кредиторлар ғана келеді.
— Сіз дәл таптыңыз, — деді Бовиль оған, — менімен бірге бұл араға баспаналар келеді; жетім-жесірлер менің мына жаюлы қолым арқылы сізден бес миллион қайыр-садақа сұрайды. — Жұрт: жетім-жесірлерді мүсіркемей болмайды деседі.
— Байғұс балалар-ай! — деді Данглар әзіл қашырып.
— Мен, міне, солардың атынан келіп отырмын, — деді Бовиль. — Менің хатымды сіз кеше алуға тиісті едіңіз...
— Иә, алдым хатыңызды.
— Ендеше, қолхатымды әзірлеп, келген бетім осы.
— Қымбатты де Бовиль, — деді Данглар, — егер қарсы болмасаңыз, жетім мен жесірлеріңіз, қайырымы түсіп, әлі бір жиырма төрт сағат күте тұратын шығар, өйткені әлгіде ғана осы үйден шыққан граф Монте-Кристо... Сіз онымен жаңа кездестіңіз ғой, солай ма?
— Иә, кездестім, онда не тұр?
— Ендеше, сол Монте-Кристо жетім-жесірлердің бес миллионын алып кетті!
— Онысы қалай?
— Римдегі Томсон мен Френч үйі менің банкімнен графқа шексіз кредит ашып қойған-ды. Ол менен бірден бес миллион сұрады, мен оған қолма-қол банкке чек бердім. Менің күллі ақшам банкте. Егер банк басқарушысынан бір күн ішінде он миллион беріңіз деп талап етсем, бұл оған бір түрлі күдікті көріне ме деп қорқамын, түсіндіңіз бе? Екі күн болса, бір сәрі, — деді Данглар жымиып.
— Не дейсіз, құдай-ау! — деді Бовиль бұған сенбей. — Әлгіде осы үйден шыққан мырзаға және ескі бір танысындай менімен иіліп сәлемдескен мырзаға бес миллион ақша бердім дейсіз бе?
— Сіз оны білмесеңіз де, ол сізді білетін шығар. Граф Монте-Кристо жұрттың бәрін біледі.
— Бес миллион!
— Қолхаты, мінеки. Сенбесеңіз, Фома әулие47 сияқты қолыңызбен ұстап көріңіз.
Данглар ұсынған қағазды алып, де Бовиль төмендегі сөздерді оқып шықты:
«Барон Данглардан бес миллион жүз мың франк алдым, баронның тілегі бойынша, бұл ақшаны оған Римдегі Томсон мен Френч банк үйі төлейді».
— Бәрі де дұрыс! — деді Бовиль.
— Сіз Томсон мен Френч үйін білесіз бе?
— Иә, білемін, — деді Бовиль, — бір кезде ол үймен екі жүз мың франктық бір істі тындырғанымыз бар; бірақ содан бері қарай ол үй жайлы ешбір сыбыс естіген емеспін.
— Бұл — Европадағы ең таңдаулы банкирлер үйінің бірі, — деді Данглар, Бовильдің қолынан алған хатты стол үстіне лақтырып тастай салып.
— Сонда оның бір ғана сіздегі есебінде бес миллион сомы болғаны ма? Құдай-ау, мына граф Монте-Кристоңыз сұмдық бай ғой!
— Имандай шыным, мен оның кім екенін де білмеймін, бірақ оның үш банкте шексіз кредиті бар: біреуі менде, екіншісі Ротшильдте, үшіншісі Лаффитте, міне, өзіңіз де көріп отырсыз ғой, — деді Данглар самарқау сөйлеп, — ол өзгелерден гөрі менен алғанды жөн санап, өсіміне деп жүз мың франкті тастап кетті.
Бовиль таң қалып, тәнті болғанын жасыра алмады.
— Ендеше, ол кісіге әдейі барып кіру керек екен, — деді Бовиль. — Ол кісіге бізден бір қайырымды іс қоғамын құрыңыз деп өтініш жасап көрейін.
— Ол бір дәйекті шаруа болар еді; граф айына қайыр-садақаның өзіне жиырма мың франктен артық ақша жұмсайды.
— Тамаша! Мұның үстіне, мен ол кісіге де Морсер ханым мен оның баласын үлгі етіп айтайын.
— Қалайша?
— Олар өзінің бар байлығын баспаналар пайдасына берді.
— Байлығы қанша екен?
— Олардың өздерінің дүние-мүлкі мен марқұм генерал де Морсердің дүние-мүлкі.
— Онысы несі?
— Өйткені олар арам әдіс-айламен табылған дүние-мүлікті пайдаланудан бас тартты.
— Олар немен күн көреді сонда?
— Шешесі алыс уәлаятқа кетеді де, баласы әскери қызметке сұранады екен.
— Кінәратшылын қара, бұлардың! — деді Данглар дауыстап.
— Мен олардың сый тарту актісін кеше ғана, өз қолыммен тіркедім.
— Бас-аяғы қанша екен?
— Онша көп емес, бір миллион екі жүз мың да бірдеңе. Бірақ біз өз миллиондарымызға қайтып оралайық.
— Рақым етіңіз. Осы ақша сіздерге шұғыл қажет пе еді? — деді Данглар бей-жай қалпы.
— Аса қажет: ертең бізде кассаны тексеретін күн.
— Ертең! Оны бірден неге айтпадыңыз? Ертеңге дейін қайда әлі, талай уақыт бар! Тексеру қай кезде болушы еді?
— Сағат екіде.
— Кісіңізді түске таман жіберіңіз, — деді Данглар күлімсіреп. Бовиль бұған жауап ретінде, әмиянын жұлқылап тұрып, басын изей салды.
— Немесе бұл істі одан гөрі жақсырақ етіп тындыруға болар, — деді Данглар.
— Қалай, қайтіп?
— Граф Монте-Кристоның қолхаты ақшамен бірдей; осынау қолхатты Ротшильдке немесе Лаффитке апарып көрсетіңіз, олар мұны бірден қабылдайды.
— Риммен есеп айырысатынына қарамастан, төлей бере ме сонда?
— Әлбетте. Сіз тек есептей келгенде бес-алты мың франк қана жоғалтасыз.
Қазынашы ыршып түсті.
— Жоқ, болмайды. Одан да ертеңге дейін күтейін. Сіз оп-оңай айта салады екенсіз!
— Ендеше, кешіріңіз, — деді Данглар мейлінше дөрекі сөйлеп, — мен сіздерді бір жетпей жатқан ақшаны қайтарғалы жүр екен де ойлап қалып едім.
— Қайдағыны айтпаңыз! — деді қазынашы дауыстап.
— Ондай жағдай бізде жиі болады, сондай кездері азды-көпті ақшаны құрбан етеміз.
— Құдайға шүкір, бізде ондай жоқ, — деді Бовиль.
— Олай болса, ертеңге дейін cay болыңыз. Бұған келісесіз ғой, қымбаттым?
— Мақұл, ертеңге дейін қош. Бірақ ертең ақиқат болатын шығар?
— Сіз не, сенбейсіз бе! Түс кезінде кісіңізді жұмсаңыз, банкті ескертіп қоямыз.
— Өзім келемін.
— Онда тіптен жақсы, сізбен қуана-қуана қайта кездесетін болдым.
Олар бірінің қолын бірі қысты.
— Айтпақшы, сіз әлгі мадемуазель де Вильфор байғұсты жерлеуге бармаушы ма едіңіз? Мен қаралы көшті Бульвардан көрдім.
— Жоқ, мен анау күнгі Бенедетто оқиғасынан кейін әлі де жұртқа күлкі болармын деп, бой тасалап жүрмін.
— Мұныңыз бекер, оған сіз кінәлі емессіз ғой?
— Білесіз бе, қымбаттым, мен сияқты атын кір шалмаған адам кінәмшіл болып кетеді.
— Сенсеңіз, жұрттың бәрі сізді мүсіркейді, әсіресе қызыңызға жаны ашиды.
— Байғұс Эжени? — деді Данглар ауыр күрсініп, — ол шашын қырғызып, ғибадатханаға кетпек, ол жайлы білесіз бе?
— Жоқ, білмеймін.
— Қайтейін, сорлағанда, шындық осылай. Әлгі бір жанжалдың ертеңіне ол бір монахиня серігімен бірге кетпекші болды, ол Италиядан немесе Испаниядан тәртібі қатал бір ғибадатхана іздемек.
— Сұмдық екен!
Осыдан кейін де Бовиль мырза бақытсыз әкенің көңілін жұбататын бірер сөз айтып, кетіп қалды.
Бірақ ол шығып кетісімен, банкир бетін құбылтып жіберіп, өзгеше бір ишарат-ыммен оны:
— Ақымақ! — деп келістіріп бір сыбап алды, Робер Макер48 роліндегі Фредерик ойынын көрген кісі ғана оның бұл құбылысын дұрыс бағалай алар еді.
Монте-Кристоның қолхатын шағын әмиянына тығып жатып ол:
— Түске таман кел! Ал түс кезінде мен алыста жүретін шығармын, — деді тағы да.
Сосын ол есігін кілттеп жауып, кассасының күллі жәшіктерін ақтарып, босатты да, елу мыңдай кредит билетін жинап алды, кейбір хат-қағазын өртеп, олардың кейбіреуін көрнекті жерге қойып, хат жазбаққа отырды; оны жазып болғасын, конвертті желімдеп:
«Баронесса Дангларға» — деп жазды.
— Кешқұрым оның туалет столына өзім апарып қоярмын, — деді ол күбірлеп.
Сосын столдың жәшігінен паспортын алды.
— Тамаша, әлі де екі айға жарайды екен, — деді ол.
VIII. ПЕР-ЛАШЕЗ ЗИРАТЫ
Валентинаны ақырғы тұрағына апарып қоймақшы болып келе жатқан қаралы жұртты Бовиль жолай шынында да кездестірген еді.
Күн қабағы қатыңқы, буалдыр бұлтты болса да, жылы, өкпек жел гулей соғып, жалаңаштана бастаған бұтақтардың сары жапырағын саудырата жұлып, Бульварды кернеген қалың жұрт үстінен үйіре шырқ айналдырып, қуып әкетіп жатты.
Байырғы париждік Вильфор осы қаладағы текті әулеттің бір мүшесінің сүйегін қоюға оң қолайлы, бірден-бір абыройлы орын Пер-Лашез зираты деп есептейтін; қалған зираттардың бәрі оған артта қалған қарадүрсін орын, ажалдың арзанқол бөлмелері сияқты берекесіз орын болып көрінетін. Зиялы қауымның марқұм болған кісісі Пер-Лашез зиратына қойылғанда ғана өз үйінде жатқандай саналар еді.
Біз ілгеріде көргеніміздей, ол осы арадан мәңгі тұрағым деп алақандай жер сатып алған, оған биік үй там салдырған, оның алғашқы семьясының мүшелері түгелдей осы тамнан ақырғы мекенін тапқан-ды.
Үй тамның маңдайшасына: «Сен-Меран мен Вильфор семьясы» деген сөздер жазылған еді — Валентинаның шешесі Рене бейбақтың ең соңғы өтініші осы болатын.
Хош, сонымен сән-салтанатты қаралы лек Сент-Оноре мекен-жайынан Пер-Лашезге қарай беттеп келе жатты. Күллі Парижді көктей өтіп, Тампль мекен-жайының үстін басып, сыртқы бульварлармен зиратқа да жетті. Қаралы жиырма күймеге ілесе, жеке адамдардың елуден аса күймесі, олардың соңынан шұбатылып, бес жүзден аса адам жаяу-жалпы жүріп келе жатты.
Валентинаның қаза болғанын естігенде, бұлардың бәрі тап бір үстерінен жай түскендей шошынған; уақыттың мұздай суық ызғарына, заманының қарадүрсін қам-қарекетіне қарамастан, олар осынау қыршынынан қиылған, бейкүнә, мөлдір жанды, ғажайып қыздың әсем жырдай ажар-көркіне бағынып-табынып кеткен-ді.
Қаралы қалың нөпір қала шетіне жақындай бергенде төрт ат парлай жегілген күйме көрінді, бүйірі қызған арғымақтар құйғытып келіп, дік-дік басып, ытырынып тұра қалды: бұл граф Монте-Кристо еді.
Граф күймесінен түсіп, қаралы күймені жаяу ұзатып келе жатқан қалың тобырға араласып кетті.
Шато-Рено оны байқап қалды; ол дереу күймесін тастап, графқа келіп қосылды. Бошан да өзінің жалдамалы пәуескесінен түсті.
Граф қалың көпке байыптап ұзақ қарайды, шамасы біреуді іздейтін болса керек. Ақырында ол шыдамады.
— Моррель қайда? Сіздердің біреуіңіз, мырзалар, бәлкім, оның қайда жүргенін білетін де шығарсыз? — деді ол.
— Біз осы сұрақты өзімізге қаза болған қыз үйінде қойып едік, бірақ бүгін оны ешбіріміз көрген жоқпыз, — деді Шато-Рено.
Граф төңірегіне бұрынғыша көз тастап, үнсіз жүріп келе жатты.
Ақырында бұлар зират басына да жетті.
Монте-Кристо тис, қарағай тоғайы арасына жіті көз жіберіп, кенет алаңдауын қоя қойды. Қарайған қызыл қайың ішінен әлдекімнің нобайы көрінді, Монте-Кристо шамасы іздеген адамын бірден таныған тәрізді.
Осынау керемет некропольге кісі жерлеудің не екенін жұрттың бәрі біледі: ақ аллеяларға қара киінген кісілер топ-топ болып, шашырап кетеді. Жер мен көктің үнсіз мүлгіп тұрған тыныштығын ағаш бұтағы мен белгісіз бір моланың шыбық қоршауының тысырлай сынған дыбысы ғана бұзады. Священниктердің азалы үніне, ана жерден де, мына жерден де, үйіліп қойылған гүлдер қасынан, құдайға мінәжат етіп, бір қолын екінші қолының үстіне қойып, төмен қарап, қайғырып отырған әйелдердің жылаған мұңлы даусы қосылады.
Монте-Кристо көзімен бағып тұрған кісі, қараң-қараң етіп, Элоиза мен Абеляр49 моласының ар жағындағы тоғайды тез кесіп өтті де, шұбап бара жатқан қалың жұрт алдындағы шырақшылармен қатарласа жүріп, солармен қабаттасып табыт қойылатын жерге барды.
Көптің көзі бір нәрседен екінші нәрсеге ауысып, қыдырып кетті.
Бірақ Монте-Кристо ел байқамаған әлгі кісіден көз жазбады.
Граф екі рет ел қатарынан шығып, әлгі бір кісінің қолы киімінің қойны-қонышына жасырулы қаруын алғалы жатқан жоқ па екен деп, сезіктене қарап қойды.
Қаралы көп тоқтаған кезде, жұрт әлгі қарайған кісінің Моррель екенін білді, сүртігін түгел түймелеп алған, жағына пышақ жанығандай болып жүдеп, қуарып кеткен жас жігіт, күмбез төбесінен төніп тұрған дөң басында, бір ағашқа сүйеніп, қалпағын умаждап тұрған, ол осынау қаза салтының қалай жүзеге асырылатынын түгел көре алатын еді.
Бұл жерде де әдет-ғұрып толық сақталды. Онша қайғыра қоймаған бірнеше кісі, үйреншікті дағды бойынша, суырылып сөз сөйледі. Кейбіреулер беймезгіл кеткен бейбақты жоқтап жатты: өзгелері әке қасіретін тілге тиек етті, ал тіпті Валентина тірі кезінде, де Вильфор мырза әділ сот семсерін айыптыларға төндірген шақта, талай рет шырылдап, арашаға да түскен деген кісілер де табылды, көп сөйлеп не керек, әйтеуір, Малерба мен Дюперьенің стансыларын50 сан-саққа жүгіртіп, қызыл-жасыл қыздырма сөздер мен шын көңілден елжірей шыққан небір әсем сөздерді төккіштеп, тілдерін безеп бақты.
Монте-Кристо ештеңені де естімеді; ол тек Моррельді ғана көріп тұрды, жігіт жүрегінде не болып, не қойып жатқанын жақсы білетін адам, оның жансыз кісідей сілейіп, қатып қалғанынан қатты шошыр еді.
— Анаған қараңызшы! Моррель, әне, тұр! Өзі қайда шығып кеткен? — деді Бошан кенет Дебрэге қарап.
Бұлар сосын оны Шато-Реноға көрсетті.
— Өзі аппақ болып кетіпті, — деді анау үрпие қарап.
— Ол жаурап тұр, — деді Дебрэ.
— Жоқ, — деді Шато-Рено жайымен, — меніңше, оның жаны түршігіп кетсе керек. Максимилиан өте сезімтал жігіт.
— Жоқты айтпаңыз! — деді Дебрэ. — Ол тіпті мадемуазель де Вильфорды танымайды десе де болғандай. Өзіңіз де айтып едіңіз ғой.
— Ол рас. Әйтсе де, де Морсер ханымның балында мұның сол қызбен үш рет билегенін білемін; есіңізде ме, граф, өзіңіз жұртты таң қалдырған балды айтамын.
— Жоқ, білмеймін, — деді Монте-Кристо, есіл-дерті Моррельде болып, одан көз жазбай тұрғаны сонша, кімге не деп жауап бергенін өзі де аңғармай қалды, бұл кезде тыныс алмай, тұншыққан кісі сияқтанып, Моррельдің бет-жүзі күреңітіп кеткен еді.
— Сөздер сөйленіп бітті, қош болыңыздар, мырзалар, — деді кенет Монте-Кристо.
Сөйтті де, ол күймесінің көшіріне бұрыла бер деген белгі беріп, кетіп қалды, бірақ оның қалай қарай беттегенін жұрт байқамады.
Өлікті жерлеу ырымы жасалып біткесін, келген жұрт кейін қайтты.
Тек жалғыз Шато-Рено ғана Моррельді көзімен іздей бастады, бірақ ол бір сәт кетіп бара жатқан графқа қараймын дегенше, Моррель бұрынғы тұрған жерінен кетіп қалыпты, сонымен Моррельден айырылып қалған Шато-Рено Дебрэ мен Бошанның соңынан ерді.
Монте-Кристо қалың бұтаның арасына кіріп, үлкен бір құлпытастың тасасына жасырынып, Моррельдің әрбір қимыл-қадамын бағып тұрды, жігіт әуелі әуесқойлар, артынан молашылар кетіп қалған күмбез тамға таяу барып тұрды.
Моррель асықпай айналасына көз тастады, сосын оның назары басқа жаққа ауған кезде, Монте-Кристо елеусіз басып, тағы да oн қадамдай жақындап келді.
Максимилиан тізерлеп отыра кетті.
Бірінші белгі берілісімен-ақ тұра ұмтылатын кісі сияқтанып ширап алған граф көзінің шарасы кеңейіп жанарын жігіттен жазбай, бұқпантайлап, жақындай берді.
Моррель тас қоршауға маңдайын басып, темір торды қос қолымен ұстап, жүрекжарды ыстық үнмен:
— Валентина! — деп сыбырлады.
Граф оның зарлы даусын естігенде шыдап тұра алмады, бір аттап келіп, Моррельдің иығына қолын салды:
— Сіз осында ма едіңіз, досым, — деді ол. — Мен сізді көп іздедім.
Монте-Кристо, жігіт бірдеңені айтып шағынар, өзін кінәлар деп ойлаған, сөйтсе, қателесіпті.
Моррель бұрылып оған қарап, сырттай сыпайы сабырмен:
— Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, мен тәңірге мінәжат айтып отырмын! — деді бәсең.
Монте-Кристо, оның басынан аяғына дейін көз жүгіртіп, сынай бір қарап шықты.
Осыдан кейін жаны жай тапқандай болды.
— Қаласаңыз, мен сізді қалаға дейін апарып тастайын, — деді ол Моррельге шын көңілден.
— Жоқ, рақмет.
— Сізге ештеңе керек емес пе?
— Дұға оқуға мұрсат берсеңіз.
Граф жаңағы жерге барып, бой тасалау үшін кейін шегініп кетті, бірақ Моррельді назарынан тыс қалдырған жоқ, ақырында анау отырған орнынан тұрып, жайымен тізесінің шаңын қақты да, артына бір бұрылып қарамастан, Парижге апаратын даңғыл жолға түсіп, үн-түнсіз жүре берді. Ол жай басып, JIa-Рокет көшесінен өтті.
Граф зират қақпасының алдында тосып тұрған күймесін қайтарып жіберді де, Максимилианнан жүз қадамдай кейін қалып, соңынан ерді де отырды.
Максимилиан жарманы кесіп өтіп, бульвар бойын қуалай, Меле көшесіне жетті.
Моррельдің артынан қақпа жабылғаннан кейін, араға бес минут салып, ішке Монте-Кристо да кірді.
Жюли бау ішінде жүр екен, ол өзінің бағбандық қызметін мейлінше құрметтейтін Пенелонның бенгаль раушанының сабағын қалай қырқып жатқанына зейін сала қарап тұр екен.
— Граф Монте-Кристо! — деді ол шын жүректен қуанып, Монте-Кристоның төбесі Меле көшесінен көрінгеннен-ақ әдетте осы үйдің әрбір адамы оған осылай қуанып қалатын.
— Максимилиан әлгі әзірде келді ғой, солай ма? — деді граф.
— Иә, ол келген шығар, бірақ сізден бір өтінерім, әуелі Эмманюельді шақырыңызшы, — деді Жюли.
— Кешіріңіз сударыня, бірақ мен қазір дереу Максимилианға баруым керек, онымен жолығатын аса тығыз бір шаруам бар еді, — деді Монте-Кристо қарсы уәж айтып.
— Олай болса, барыңыз, — деді келіншек, сосын граф қашан басқыштан көрінбей кеткенше, жымиып тұра берді.
Монте-Кристо Максимилиан тұратын үшінші қабатқа лезде көтерілді, басқыш алаңында тұрып, ішке құлақ түрді: бәрі де тып-тыныш, жым-жырт.
Қожайынның өзі тұратын, осындай ескі үйлердің бәрінде де, алаңға әйнектелген жалғыз есік шығатын.
Бірақ осынау әйнекті есіктің кілті жоқ екен.
Максимилиан есікті ішінен жауып алыпты, ал есіктен ештеңені де көруге болмайды, өйткені әйнектің іш жағынан қызыл жібек перде тұтылыпты.
Графтың көңілі байыз таппай, беті дуылдап, қызарып кетті. Бұл осынау салмақты, салқынқанды кісінің қатты тебіренген кезінің бір белгісі еді.
— Не істеу керек? — деді ол күбірлеп.
Ол бір сәт ойланып, тұрып қалды.
— Қоңырау қағайын ба? — деді ол ойын жалғап. — Жоқ! Бағзы бір кездері күтпеген қоңырау, әлдекімнің мезгілсіз келгені, Максимилиан сияқты торыққан кісілердің жанкешті шешімін тездетіп жібереді, сондай сәтте қағылған қоңырауға жауап ретінде тарс етіп басқа бір дыбыс шығады.
Монте-Кристо аза бойы қаза тұрып, қатты шошыды, ол бір шешімді ұдайы қолма-қол, қас қағымда қабылдайтын болғандықтан да, дереу есік әйнегін шынтағымен бір соғып, күл-паршасын шығарды; пердені көтеріп жіберіп, қолына қалам ұстап, столда отырған Моррельді көрді, жігіт сынған әйнек дыбысын естіп артына жалт қарады.
— Уақасы жоқ, — деді граф, — құдай үшін, кешіріңіз мені, қымбатты дос: аңдаусызда тайып кетіп, шынтағыммен сіздің әйнекті сындырдым. Бұл енді боса-болмаса сынды ғой, соны пайдаланып, бөлмеге кірейін, абыржымаңыз, алаң болмай-ақ қойыңыз.
Осыдан кейін граф сынған әйнек үстінен қолын созып, есікті ашты.
Бұған іштей ызаланған Моррель орнынан тұрып, Монте-Кристоға қарсы жүрді, оны жылы жүзбен қабылдау үшін емес, жолын бөгеу үшін қарсы жүрді.
— Әрине, бұл үшін қызметшілеріңіз кінәлі, үйдің паркетін айнадай жалтыратып қойыпты, — деді Монте-Кристо шынтағын сипалап.
— Бір жеріңізді жаралап алған жоқсыз ба? — деді Моррель суық рай танытып.
— Білмеймін. Ал өзіңіз не істеп отыр едіңіз? Жазып отыр ма едіңіз?
— Мен бе?
— Саусағыңызға сия жұғып қалыпты.
— Иә, жазып отырғаным рас, — деді Моррель, — өзім әскери қызметкер болсам да, кейде жазатыным бар.
Монте-Кристо бірер басып бөлме ішіне кірді. Максимилиан оған қарсылық жасай алмады; бірақ соңынан ере берді.
— Сіз осы жаздым дедіңіз бе? — Монте-Кристо сөзін жалғап, жігітті сынағандай тесіліп ұзақ қарады.
— Мен сізге «иә» деп айттым білем, — деді Моррель нығарлай сөйлеп.
Монте-Кристо айналаға көз жүгіртті.
— Сия сауыттың қасына пистолетті қойып жаздыңыз ба? — деді граф, Моррельге стол үстінде жатқан қаруды мегзеп.
— Көп ұзамай мен бір жолсапарға аттанбақпын, — деді Максимилиан.
— Достым! — деді Монте-Кристо елжіреп.
— Сударь!
— Қымбатты Максимилиан, оқыс әрекетке бармасаңыз екен, сізден жалынып сұрайтын бір өтінішім осы!
— Қайдағы оқыс әрекет? — деді Моррель иығын қиқаң еткізіп. — Жолсапарға шығу қалай оқыс әрекет болады, рақым етіп, айтып берсеңіз қайтеді?
— Ендеше, көлгірсуді қоялық, Максимилиан, — деді Монте-Кристо, — мен сізді өзімнің өтірік жаным ашығансуыммен қаншалықты алдай алмайтын болсам, сіз де мені жасанды сабыр-салмағыңызбен соншалықты алдай алмайсыз. Егер мен тап қазіргідей мінез көрсетіп, әйнекті сындырып, жабулы тұрған есікке қарамай, досымның бөлмесіне баса-көктеп кіріп келсем — онда менің бір қауіпті сезгенім, яғни анығын айтсам, сұмдық бір нәрсеге көзімнің анық жеткені, оны өзіңіз де жақсы түсінуге тиістісіз. Моррель, сіз өзіңізді-өзіңіз менсіз өлтірмексіз.
— Сізге не болған? О не дегеніңіз граф? — деді Моррель.
— Мeн сізге өзіңізді-өзіңіз өлтіруге бел буғансыз деймін, оның дәлелі, мінеки, — деді граф сөзін сабақтап.
Осыны айтты да, ол столға келіп, жігіттің жаза бастаған хатының үстіне тастай салған бір парақ ақ қағазды ысырып, хатты қолына алды.
Моррель хатты жұлып алу үшін оған қарай тұра ұмтылды.
Бірақ Монте-Кристо оны бұрынырақ біліп, жігіт қимылының алдын алды, созылған серіппені болат шынжыр қалай тоқтататын болса, граф та Максимилианды білегінен ұстап, тырп еткізбей тастады.
— Сіз өзіңізді-өзіңіз өлтірмексіз. Ол мында ақ қағазға қара сиямен жазылған! — деді граф.
— Солай болса ше! — деді Моррель қызынып, сыртқа сабырлы да салқынқанды болып көрінуге тырысқанын бірден жинап қойып. — Мақұл, солай болсын-ақ, егер мен мына пистолетті өзіме қарап кезенейін-ақ, сонда маған кім бөгет болады? Маған кім кедергі бола алады?
Менің барлық үміт-сенімім өшті, жүрегім жаралы, көңілім қаралы, өмір сүрудің мәні қалмады, төңірегімді зұлмат түнек пен жексұрын тірлік жайлады, қара жер көрге айналып, адам атаулының даусын есіту мен сорлыға азаппен тең десем — маған кедергі жасауға, маған бөгет болуға кімнің батылы барады?
Егер мен: өлуіме жол ашқаныңыз — қайырым көрсеткеніңіз, егер сіз менің өлуіме бөгет болсаңыз, онда ақылымнан адасып, жынданып кетемін десем — кім маған кесірін тигізеді?
Егер мен осы сезімді тірлікті тәрк етіп, жүрегім қан жылап тұрып айтсам, кім маған: Сіздікі бекершілік! — дей алады? Әлемдегі бақытсыз сорлылардың ішіндегі ең бақытсыз сорлысы болғым келмейтініне кім қарсы шыға алады? Айтыңызшы, граф, бәлкім, бұған сіз қарсы шығарсыз?
— Иә, Моррель, — деді Монте-Кристо қатқыл үнмен, оның салмақты сабыры Максимилианның тебіреніс-толқынысымен бір түрлі кереғар келіп жатқан. — Иә, мен қарсы шығамын.
— Сіз бе?! — деді Моррель дауыстап, оны ашу буып, графты кінәлай бастады. — Сіз мені ессіз үмітпен емексітіп, бос уәдемен жарылқап, көңілімді аулап, алдарқатып, жіпсіз байлап келдіңіз, әйтпесе Валентинаны құтқару үшін немесе оның өз құшағымда, көз алдымда қайтыс болуы үшін, нар тәуекел деп, жанкешті бір батыл қимылға баратын едім. Сіз: ақыл-ойдың бар құнарын, табиғаттың күллі күш-қуатын игергенмін деп мақтандыңыз. Сіз құдіреттің рөлін ойнап жүрсіз немесе сол рөлді ойнағандай болып көрінгіңіз келеді, ал бірақ уланған қыз дертінің зардабын қайтаратын ем таба алмадыңыз. Жоқ, сударь, біліп қойыңыз, егер мен сізден жаным шошып, жиіркенбейтін болсам, сізді тек мүсіркеп қана қояр едім!
— Моррель!
— Иә, көлгірсуді қоялық деген өзіңіз, ал енді көлгірсуді қойғаныма қуаныңыз. Иә, бағана, зират басында, сіз менің соңымнан келгеніңізде, аңқау басым, мейірім жасап, жауап бердім, енді мұнда келгеніңізде бөлмеге кіруіңізге де қарсы болмадым... Бірақ сіз менің төзімімді тауысып біттіңіз, көрді паналағандай болып, өз бөлмемде тығылып отырған жеріме өкшелеп келіп, өңмеңдеп кіресіз, әлемдегі азап-тозақты түгел тарттым ғой деп отырсам, артымнан жаңа азап әкелесіз... Ал енді, граф Монте-Кристо, менің жалған жарылқаушым, қалың жұрттың қамқоры атанып жүрген ақ қанатты періште, көңіліңіз хошуақ болсын: мендей досыңыз көзіңіздің алдында опат болады!..
Осылай деп есіріктене күлді де, Моррель қайтадан пистолетке қарай тұра ұмтылды.
Аруақ тәрізді аппақ болып қуарып кеткен Монте-Кристо көзінен от шашып, қолымен қаруды басып тұрып:
— Мен қайталап айтамын: сіз өзіңізді өлтірмейсіз! — деді есуас жігітке.
— Бөгет жасайсыз ба! — деді Моррель соңғы рет бұлқынып, бірақ бұл жолы да графтың құрыш қолынан босана алмай қойды.
— Жасаймын!
— Сіз осы кімсіз, сонша еркінситін? Еркін дүниеде еркін ойлап жүрген кісілерге әкіреңдеп, әмір ететін правоны қайдан алғансыз? — деді Максимилиан дауыстап.
— Мен кіммін бе? — деді Монте-Кристо қайталап. — Тыңдаңыз, ендеше! Осынау жарық жалғанда, Моррель, тап бүгін сенің, яки Моррель баласының өлуіне қарсымын, — деп айтуға праволы жалғыз кісі менмін.
Осыдан кейін бір түрлі түлеп-түрленіп, айбарланып сала берген Монте-Кристо, қолын кеудесіне айқастырып алып аңырып тұрып қалған Максимилианға таяу келді, осы бір кісінің құдіретті күшіне мойынсұнған жігіт еріксіз кейін шегінді.
— Менің әкемді неге тілге тиек етесіз? — деді ол сыбырлап. — Бүгін болып жатқан нәрсеге әкем марқұмды әкеліп телудің қандай қажеті бар?
— Оның қажет болатын себебі: бүгінгі сен сияқты, ол да бір кезде өзін өлтіргісі келгенде, оны құтқарған кісі мына мен едім; оның қажет болатын себебі: сенің бүлдіршіндей қарындасыңа әмиянды, Моррель қартқа «Фараонды» жіберген де мен едім; оның қажет болатын себебі: мен — Эдмон Дантеспін, сәби күніңде сен менің тіземнің үстінде талай рет ойнағансың.
Бұған қайран қалған Моррель, ауыр тыныстап, теңселіп бір басып тағы кейін шегінді; сосын әл-дәрменнен айырылған кісідей, даусы қаттырақ шығып, Монте-Кристоның аяғына құлай кетті.
Кенет осынау ізгі жанды жас жігіт анадан қайта туғандай жаңғырып, жайнап шыға келді. Моррель ұшып тұрып, бөлмеден жүгіріп шықты да:
— Жюли! Эмманюель! — деп дауыстап, басқышты тасырлатып төмен түсе берді.
Монте-Кристо оны тоқтатпақ болып, артынан қуа түсті, бірақ Максимилиан графтың алдынан жапқалы жатқан есігінің тұтқасын оңайлықпен босата қоймас еді.
Максимилианның айқайынан қорқып кеткен Жюли мен Эмманюель Пенелон және басқа қызметшілерін ертіп, дүрлігісіп жетіп келді.
Моррель оларды қолынан жетелеп әкеп, есікті ашты.
— Тізе бүгіңдер! — деді ол бәсең үнмен көз жасына булығып. — Біздің жарылқаушымыз, әкемізді құтқарушы мына кісі...
Ол: — Эдмон Дантес! — деп айтпақшы еді. Граф қолынан ұстап, тоқтата қойды.
Жюли графтың қолынан сүйсе, Эмманюель оны қамқоршы құдайдай көріп, аймалап жатты; Моррель қайтадан тізесін бүгіп, басы жерге жеткенше иіліп, тағзым етті.
Сол заматта осынау құрыш адам жүрегі жарылып кетердей болып, сай-сүйегі елжіреп, бір отты жалын өн бойын өртеп жіберетіндей лапылдап келіп, көзінен жас болып ағылды: ол басын иіп, егіліп кетті.
Осынау бөлмеде бірнеше минут бойы бой сергітетін жылап-сықтау, күрсінген дауыстар естіліп тұрды, бұл құдайдың ең сүйікті періштелерінің құлағына майдай жағар еді.
Осындай жан сілкінісін бастан кешірген Жюли есін жияр-жимаста бөлмеден атып шығып, екінші қабатқа түсті де, мейманжайға қуанған бала сияқты жүгіріп кіріп, Мельян аллеясындағы бейтаныс кісі беретін әмиян жатқан әйнекті асығыс көтере берді.
Бұл кездері Эмманюель даусы үзіліп кетердей дірілдеп, Монте-Кристоға мән-жайды түсіндіріп жатты:
— Ах, граф, өзіміздің беймағлұм жарылқаушымыз жөнінде біздің жиі-жиі сырласып, сөз қозғайтынымызды, оны шексіз алғыс, сүйіспеншілікпен еске алатынымызды білсеңіз етті. Сол сырды бізге ашу сәтін мұнша ұзақ уақытқа созуға бола ма екен? Шынында да бұл бізге жасаған қаталдығыңыз, несіне көлтектейін, өзіңізге де жасаған қаталдығыңыз.
— Мені дұрыс түсініңіз, досым, — деді граф, — мен сізді тап осылай, досым деп айта аламын, өйткені, міне, он бір жылдан бері, өзіңіз білмесеңіз де маған жақын дос, бауыр болып келе жатырсыз. Бұл құпияны ашуға мені бір аса маңызды оқиға мәжбүр етті, оның нендей оқиға екенін сіздерге айта алмаймын. Құдай біледі, мен бұл сырды өмір бойы жүрегімнің терең түкпірінде сақтамақшы едім. Максимилиан тосын доқ көрсетіп, сол сырды сыртқа шығарды. Енді қазір сол қылығына өзі де өкініп отырған болар.
Максимилиан сәл әріректе, әлі тізерлеп, креслоға бетiн басып тұрған.
— Анадан көз айырмаңыз, — деді Монте-Кристо ақырын ғана, Эмманюельдің қолын өзгеше бір мәнмен қысып жатып.
— Неге? — деді жігіт аң-таң қалып.
— Оны түсіндіре алмаймын. Бірақ көз жазбаңыз.
Эмманюель бөлмені көзімен бір шолып шығып, Моррельдің пистолетін көрді.
Ол пистолетке үрейлене көз тастап, қолын жайлап столдың деңгейіне дейін көтеріп әкеліп, оны Монте-Кристоға көрсетті.
Монте-Кристо мақұлдап, басын изеді.
Эмманюель қолын пистолеттерге қарай соза берді.
Бірақ граф оны тоқтата қойды.
Сосын Моррельдің қасына барып, оның қолын алды; Максимилианның жүрегін әлгіде ғана алай-түлей еткен ала құйын сезімі сейіліп, енді ол есінен айырылып, есеңгіреп қалғандай еді.
Жюли қайтып келді, қолында жібек әмиян бар, таңертеңгі шық моншағындай болып мөлдіреп, көзінен екі тамшы жас домалап барады.
— Біздің қастерлі бойтұмарымыз осы, — деді ол, — өзімізді құтқарушы кісінің кім екенін білгесін мұның қадірі кетті екен деп ойлап қалып жүрмеңіз.
— Қарашығым, — деді Монте-Кристо қысыла қызарып, — осы әмиянды алуыма рұқсат етсеңіз. Енді мені өздеріңіз білгеннен кейін, маған деген дос пейілдеріңізбен еске алып тұруларыңызды қалар едім.
— Жоқ, жоқ, өтінемін сізден — деді Жюли әмиянды кеудесіне басып, — сіздің кетіп қалуыңыз мүмкін, бір қасіретті күнде бізді тастап, алысқа аттануыңыз мүмкін, осыным рас қой?
— Дәл таптыңыз, — деді Монте-Кристо күлімсіреп, — енді бір аптадан кейін мен бұл елден кетемін, әкем байғұс аштық пен қайғы-қасіреттен өлгелі жатқанда, құдайдың қаһарына ұшырайтын жексұрын жандар бақытты өмір кешкен елден кетемін.
Өзінің алыс сапарға аттанатынын айтқан кезде Монте-Кристо Моррельге көз қиығын салып: «Мен бұл елден кетемін» — деген сөзінің Моррельді мелшиген, ұйқылы-ояу күйінен шығара алмағанын көрді, ол досының қасіретімен ең соңғы рет, тағы бір айқасқа шығуы керек екенін түсінді. Сосын ол Жюли мен Эмманюельді қолдарынан ұстап, олардың әкесі сияқтанып жұмсақ дауыспен бұйыра тіл қатты:
— Қымбатты достар, мені Максимилианмен оңаша қалдыруларыңызды сұраймын.
Бұл өтініш Жюлидің қастерлі әмиянды ала кетуіне жағдай жасады, ал ол Монте-Кристоның есінен шығып та кетіп еді.
Келіншек күйеуін асықтыра бастады.
— Оңаша қалсын өздері, — деді ол.
Граф, тас мүсіндей бедірейген Моррельмен жалғыз қалды.
— Максимилиан, тыңдашы, — деді граф оны иығынан ұстап, — қашан бұрынғы адам қалпыңа келесің?
— Келгенім емес пе, қайтадан қасірет азабын тарта бастадым.
Граф қабағын шытты. Ол бір ауыр, күдікті ойдан арыла алмай отырған тәрізді.
— Максимилиан! Мұндай ой христиан дініндегі пендеге мүлде лайық емес, — деді ол.
— Қам жемеңіз, досым, мен енді өлім іздемеймін, — деді Максимилиан, графқа қарап, мұңая жымиып.
— Сонымен, бұдан былай пистолетті де қоясың, торығып, күйзелуді де қоясың ғой? — деді Монте-Кристо.
— Иә, қоямын, бірақ айықпас дерттен арылу үшін менің қарауымда пистолет оғынан да, пышақтың жүзінен де бетер, бірдеңе бар ғой.
— Есуас сорлы!.. Оның тағы не пәле еді?
— Ол — айықпас дертім; менің түбіме соның өзі-ақ жетеді.
— Досым, тыңдашы мені, — деді Монте-Кристо әлгідей мұңлы дауыспен. — Сен сияқты тірліктен күдер үзген бір сәтте — өйткені ол да мені сондай шешімге келтірген — мен де, сен сияқты, өзімді-өзім өлтірмек болғанмын. Бір кездері осындай бір үміті кесілген кездері сенің әкең де өзін-өзі өлтіруге бел буған.
Егер сенің әкең пистолеттің аузын маңдайына тақай берген кезде немесе үш күн бойы нәр татпай жүріп, түрме нанын төсегімнен әрі ысырып қойған кезімде, біреу біздерге келіп: «Өлмеңдер! Сендердің бақытты болатын күндерің де туады, сонда тірлікке алғыс айтасыңдар», — десе, сол дауыс нағыз әулиенің аузынан шығып жатса да, біз оған күдіктеніп, күлімсіреп қоя салар едік немесе мүлде сенбей, күйзеле қарсы алар едік. Ал солай дегенімен, әкең сені емірене сүйіп жатып, тірі қалғанына мың сан рет шүкіршілік еткен, менің өзім де мың сан рет...
— Бірақ сіз тек азаттықтан ғана айырылдыңыз, — деді Максимилиан дауыстап, графтың сөзін бөліп жіберіп, — менің әкем байлығынан ғана айырылды; ал мен Валентинадан айырылдым!
— Маған анықтап бір қарашы, Максимилиан, — деді Монте-Кристо салтанатпен, осындай кездері оның сөзі айбарлы да сенімді болып кететін. — Менің көзім жаспен шыланбайды, қаным да тасымайды, жүрегім де марғау соғып тұрған жоқ; әйтсе де мен сенің қасіреттен қан жұтып тұрғаныңды білемін, Максимилиан, өйткені сені туған ұлымдай жақсы көремін. Осыдан-ақ қасіреттің өзі өмірмен бірдей екенін аңғармайсың ба: алдыңда әманда беймәлім тірлік тосып тұр ғой. Мен сенен өмір сүр деп өтінемін, мен саған өмір сүр деп бұйырамын, олай дейтінім бір кездері өміріңді сақтап қалғаным үшін, мына сенің маған алғыс айтатын күннің туатынын да жақсы білемін.
— Құдай-ай, осының бәрін неге айтып тұрсыз, граф? Сақтаныңыз! Бәлкім, сіз ешқашанда ғашық болып көрмеген шығарсыз? — деді жас жігіт күйіне дауыстап.
— Балақай! — деді граф.
— Ынтызар ғашық болып көрмеген шығарсыз дегім келеді, — деді Моррель сөзін сабақтап. — Түсіне білсеңіз; мен жас күнімнен солдатпын; жиырма тоғыз жасқа дейін махаббаттың не екенін білмедім, өйткені соған дейінгі сезімдерімнің бәрін махаббат деп атауға аузым бармайды, хош, сонымен жиырма тоғыз жасымда Валентинаны көрдім, екі жылдай оны құмарта сүйдім, екі жыл бойына, мен дегенде ашулы кітаптай болған осынау жүректен, Құдай тағаланың өз қолымен: әйел мен қыздың сұлтаны деп жазылған сөздерді оқыдым.
Граф, Валентина мен үшін шексіз бақыт болды, жан көрмеген, жан білмеген шалқар бақыт болды, ал осынау ғалам үшін де ол аса үлкен, кемелденіп толысқан, шарапатты-киелі бақыт болды; ақыры бұл фәниде ол маған бұйырмаған екен, онда Валентинасыз, құлазып қалған жер үстінде мен байғұсқа тек тірлікті тәрк етіп, торығу мен арылмас сары уайым ғана қалады.
— Мен сізге үміт үзбеңіз дедім ғой, — деді граф сөзін қайталап.
— Сізге қайталап айтайын, сақтаныңыз, — деді Моррель, — сіз мені келешекке сендіргіңіз келеді, ал егер шындап сендіретін болсаңыз, онда кәдімгідей жынданып кетуім мүмкін, өйткені Валентинамен көріседі екенмін деп ойлаймын да жүремін ғой.
Граф жымиып күлді.
— Досым менің, әкем менің! — деді Моррель дауыстап. — Сақтаныңыз деп үшінші рет айтамын! Сіздің билігіңізге көне кеткенімнен өзім де қорқамын. Әр сөзіңізге мән беріп, байқап сөйлеңізші, менің көзім нұрланып, жүрегіме жан бітіп келеді, Байқаңыз, мен тіпті ақылға сыймайтын нәрсеге де сенетін түрім бар!
Егер сіз маған Иаир қызының51 құлпытасын құлат деп әмір етсеңіз, соны орындауға әзірмін, егер сіз маған жөнел деп белгі берсеңіз, қасиетті әулие сияқты толқын кешіп кете барамын,52 сақтаныңыз, мен сізге құлдық ұруға әзірмін.
— Үміт үзбе, досым! — деді граф тағы да.
— Жоқ, — деді дауыстап Моррель бойын билеген шаттық биігінен, өшкен үміт тұңғиығына түсіп кетіп, — сіз менімен ойнап тұрсыз. Сіз мейірімді ана сияқты, яғни дәлірек айтсам, ауру баласын тәтті сөздермен алдарқатып жұбататын өзімшіл ана сияқтанып тұрсыз, өйткені бала айқайы оны ығыр етеді ғой.
Жоқ, сізге байқас болып жүріңіз дегенде мен қате жасаппын. Қорықпай-ақ қойыңыз, мен өз қайғымды жүрегімнің алыс түкпіріне тығамын, оның қарасын батырып, құпияның құпиясы ететінім сонша, сіз оны тіпті байқамайтын боласыз. Қош, досым, қош болыңыз.
— Мұның қалай, Максимилиан, — деді граф, — бүгіннен бастап, сен менімен бірге тұрасың, біз енді қоштаспаймыз, арада бір апта өткеннен кейін біз Франциядан кетеміз.
— Алайда сіз маған бұрынғыша «үміт үзбе» дейсіз бе?
— Иә, мен үміт үзбе деймін, өйткені сені дертіңнен айықтырудың айласын білемін.
— Граф, олай етсеңіз мені бұрынғыдан бетер қинайсыз. Менің басыма түскен қасіретті сіз тек үйреншікті қайғы ғана деп білесіз, білесіз де үйреншікті бір әдіспен — саяхат-серуенмен қам көңілімді жұбатқыңыз келеді.
Осыны айтты да, ол тыжырына басын шайқап, сенбейтін сыңай танытты.
— Сен не, маған бәрін ақтарып сал деп тұрсың ба? — деді Монте-Кристо. — Мен уәдемде тұрамын, бағымды сынап көруге мұрсат бер.
— Сіз тек менің азап-ажалымды соза түсесіз.
— Ай, сужүрегім-ай, — деді граф, — өз күшін сынап көруі үшін, досыңа бірнеше күнге мұрсат беруге күш-жігеріңнің шынымен-ақ жетпегені ме?
Граф Монте-Кристоның қолынан не келетінін білесің бе сен?
Жер бетіндегі қандай күштің де менің билігімде екенін білесің бе?
Сенім тау қозғайды деп айтқан кісіге сол кереметті жасату үшін мен әуелі бір құдайдың құдіретіне шексіз сенемін. Мен сенетін кереметті сен де күт, әйтпесе...
— Әйтпесе... — деді Моррель осы бір сөзді қайталап.
— Әйтпесе, сақтан, Моррель — мен сені жақсылықты білмес жәутік деп атаймын.
— Аяңыз мені.
— Максимилиан, мына сөзге құлақ сал: сен дегенде ет жүрегім елжірейді. Бұл — имандай сырым, егер мен сені енді бір айдан кейін, сол айтқан күні, серттескен сағатта ауруыңнан айықтырмасам — онда мына сөзімді ұмытпа: сені оқтаулы пистолеттердің қасына немесе у салынған аяқтың қасына, у болғанда, Италияның ең күшті уының, маған сенсең, Валентинаны өлтірген удан да тез және сеспей қатыратын удың қасына өзім ертіп апарамын.
— Уәде ғой?
— Иә, өйткені мен де өзіңдей адаммын, өзің сияқты менің де бір кезде өлгім келген және тіпті кейін, аяқтан шалған қырсық пен сордан құтылған кезде, мәңгі ұйқыға шомып кетудің рақат-ләззатын көп-көп армандап жүрдім.
— Осыныңыз рас қой, сіздің уәдеңіз уәде ғой, граф? — деді Максимилиан қуанып.
— Мен уәде ғана емес, ант етемін! — деді Монте-Кристо қолын көтеріп.
— Егер енді бір айдан кейін, азалы жаным жай таппаса, сіз менің өз өміріме өзімнің қожа болуыма рұқсат етесіз және не жасап, не қойсам да, мені қадір білмес қасиетсіз деп сөкпейсіз — сертіңіз осы емес пе?
— Тура бір ай біткен күні, Максимилиан, бір айдан кейін, сертті сағатта және ол қасиетті күн — сен оны ойладың ба, ойламадың ба, білмеймін. Бүгін бесінші сентябрь. Бүгін сенің өлмек болған әкеңді құтқарғалы он жыл толды.
Моррель графтың қолын алып сүйді. Оның бұнысын жөн санағандай граф қарсылық жасамады.
— Енді бір айдан кейін, — деді Монте-Кристо, — біз екеуміз отыратын стол үстінен жақсы қару мен оңай өлімді табасың: бірақ мұның орнына сен маған: сол күнді күтемін және соған дейін өмір сүремін, — деп уәде бересің.
— Мен ант етемін! — деді Моррель дауыстап.
Монте-Кристо оны өзіне қарай тартып, құшырлана құшақтады.
— Қазірден бастап сен менің үйімде тұратын боласың, сен Гайденің бөлмесіне жайғасасың: қызымның орнын ұлым басса несі айып.
— Гайде қайда кетті? — деді Моррель.
— Ол өткен түнде кетіп қалды.
— Сізді тастап кетті ме?
— Жоқ, ол мені тосады... Сен Елисей Далаңындағы біздің үйге көшуге әзірлене бер және осы үйден тірі жанға көрінбей шығып кетуіме көмектес.
Максимилиан тіл алғыш бала сияқты немесе пайғамбардың шәкірті сияқты басын изей берді.
IX. БӨЛІС
Сен-Жермен-де-Пре көшесінің Альбер де Морсер шешесі мен екеуі баспана етіп алған ескі үйдің екінші қабаты толайым бір жұмбақ бейтаныс кісіге жалға берілген еді, ол өз алдына бөлек, дербес бір пәтер болатын.
Бұл — бет-аузын тіпті швейцардың өзі бірде-бір рет көре алмаған ер кісі-тін, ол қыстың күні кіріп-шыққанда, театр алдында мырза-қожаларын күтіп тұратын бай үйлердің көшірлері мойнына салатын, қызыл шалмаға иегін жасыра қоятын, ал жаздың күні швейцардың қасынан өте бергенде бетін басып жөтелетін және әдеттен тыс бір жайт, ешкім осынау тұрғынның ізіне түсіп, оны аңдыған емес: осы бір құпия кісі — ұлықтармен тамырласып кеткен жоғары орынның адамы деген сыбыстан сескеніп, мұндағылар оның сырын шашпауға мәжбүр болды.
Ілуде бір ертерек келетіні немесе кешігіп қалатыны болмаса, ол әрдайым бір уақытта келетін, қыс болсын, жаз болсын, әманда әдетінен айнымай, пәтеріне сағат төрт кезінде кіреді, бірақ өмірде мұнда қонып қалған емес.
Қыстың күні пәтерге көзқарақ болып жүретін күтуші әйел сағат үш жарымдар шамасында каминге от жағады: ал жаздың күні сол әйел үш жарымда пәтершіге балмұздақ әкеліп қояды.
Сағат төртте, ілгеріде айтқанымыздай, құпия тұрғынның төбесі көрінеді.
Тағы бір жиырма минуттан кейін үй қасына күйме келіп тоқтайды. Одан бетін қара немесе қара көк шілтермен бүркеп алған бір әйел шығады, шығады да, швейцар отырған жерден көлеңке сияқты жылжып өтеді, сосын ың-шыңсыз, жұмсақ басып басқышпен жоғары көтеріледі.
Одан әлі күнге дейін: Қайда барасыз? — деп тірі жан сұрап көрген емес.
Сонымен, не керек, бейтаныс еркектің жүзі сияқты, әйелдің жүзі де мұндағы есікшілердің екеуіне де бимағлұм еді, астана швейцарларының орасан зор одағының ішінде, аузына берік қарапайым жандар тек осы үйдің осынау екі үлгілі күзетшілері ғана шығар, кім білген.
Әрине, әйел өмірде екінші қабаттан жоғары көтерілмейді. Ол өздері ғана білетін әдіспен есікті баяу ғана қағады; есік заматында ашылады да, қайта жабылады — осымен сөз тамам.
Үйден шығарда, тура кірген кездегідей әдіс-айла жасалады. Бетіне шілтерін түсірген күйі бейтаныс әйел алдымен шығады да, күймеге барып отырады, ал күйме бірде көшенің бір жағына қарай, енді бірде оның екінші жағына қарай заулап барып, жоғалып кетеді; арада жиырма минут өткеннен кейін, шалмасына тұмсығын тығып немесе бетін орамалмен бүркеп бейтаныс еркек кетіп қалады.
Граф Монте-Кристо Данглардың үйіне баратын және Валентинаны жерлейтін күннің ертеңіне құпия тұрғын, әдеттегісінше, сағат төртте емес, таңертеңгі сағат ондарда келді. Тап сол кезде, араға үзіліс салмай, жалдамалы күйме келді де, шілтерлі әйел жедел басып, басқышпен көтеріле берді.
Есік ашылып, қайта жабылды.
Бірақ есік жабылмай жатып, әлгі әйел:
— Люсьен, досым менің! — деп дауыстап жіберді.
Сонымен, осынау сөздерді еріксіз естіп қалған швейцар бейтаныс тұрғынның есімі Люсьен екенін білді: бірақ бұл қанша айтқанмен үлгілі швейцар емес пе, сол себепті де мұны әйеліне де айтпасқа бел байлады.
— Қымбаттым, не болып қалды? Айтыңызшы тезірек! — деді өз атын атаған даусынан-ақ шілтерлі әйелдің асығып, абыржып келгенін сезіп қалған еркек.
— Сізге сенуіме бола ма?
— Әлбетте, өзіңіз де білесіз ғой. Не болды сонша? Жазған хатыңыздан ештеңені де түсіне алмадым. Асып-сасып, іркес-тіркес жазыпсыз... Менің жанымды жай таптырыңыз, әйтпесе, біржолата шошытыңыз!
— Болар іс болды! — деді әйел Люсьенге сынай көз тастап. — Данглар өткен түнде кетіп қалды.
— Кетіп қалды? Данглар кетіп қалды ма? Қайда?
— Білмеймін.
— Қалай! Білмейсіз бе? Біржолата кетіп қалды ма?
— Солай шығар. Кеше кешқұрым, сағат он кезінде, ол өз көлігімен Шарантон заставасына дейін барады, сол арада почта күймесі күтіп тұр екен; ол со күймеге малайымен бірге отырады да, біздің көшірге Фонтеноблоға барамын депті.
— Түу, онда не тұр? Сіз...
— Сабыр, досым. Ол маған хат жазып кетіпті.
— Хат?
— Иә. Оқыңыз, міне.
Сосын баронесса Дебрэге аузы ашылған хатты ұсына берді.
Оны оқымас бұрын, Дебрэ хатта не айтыларын білгісі келгендей немесе, дәлірек айтсақ, хатта не жазылса да таң қалмай, бұрынырақ бір шешімге тоқтағысы келген кісідей, сәл-пәл ойланып тұрып қалды.
Бірнеше секундтан кейін, ол бір түйінге келді ме, қалай хатты оқи бастады.
Данглар ханымды әбігерге түсірген хатта мынадай сөздер жазылған еді.
«Сударыня және біздің адал жарымыз!».
Дебрэ осы арада еріксіз аялдап, баронессаға қарап еді, әйелдің екі беті дуылдап, қызарып кетті.
— Оқыңыз! — деді ол.
Дебрэ әрі қарай оқи берді.
«Сіз үшбу хатты алған кезден бастап, күйеуімнен айырылдым дей беріңіз! Бұған көп абыржып, алаң болмаңыз: енді қызыңыз да, күйеуіңіз де болмайды; басқа сөзбен айтсам, Франциядан кететін отыз ба, әлде қырық па жол болса, солардың біреуімен кетемін.
Сіз менен бүкіл мән-жайды түсіндіріп беруімді сұрарсыз және соны кәміл түсінетін әйел болғандықтан да, мен түсіндіріп көрейін. Сонымен сөзге құлақ салыңыз:
Бүгін менен бес миллион ақша төлеуімді талап етті, оны табанда қолма-қол төледім; соның ізінше осы сомада тағы бір төлемнен құтылуым керек болды; оны ептеп-септеп ертеңге қалдырдым; сол ертеңгі күнді көруден қашып, бүгін кетіп барамын, әйтпесе оның маған аса жайсыз тиетін түрі бар.
Сіз мұны жақсы түсінесіз ғой, сударыня һәм аса қымбатты зайыбымыз, солай ма?
Менің «түсінесіз ғой» деп отырған себебім сіз менің шаруамды өзімнен кем білмейсіз, тіпті сіз оны менің өзімнен де жақсы білесіз, өйткені, егер, осы жуықта ғана тәп-тәуір болып есептелетін байлығымның тең жартысы қайда жоғалып кеткенін талдап, түсіндіріп беретін кісі қажет бола қалса, мен оған жарамас та едім, ал сіз оны ойдағыдай атқарып шығатыныңызға өз басым кәміл сенемін.
Әйелдердің сезім-түйсігі қателесуді білмейді, олардың өздерінің ойлап тапқан алгебрасы бар, соның арқасында олар нендей ғаламат болса да, оны дәлелдеп түсіндіріп бере алады. Мен болсам, алдымдағы цифрларымды ғана біліппін, ал сол цифрларым өзімді алдап соққанда, ештеңеге де түсінбей, аңқиып отырып қалдым.
Менің тап осылай оп-оңай тоңқалаң асқаныма таң-тамаша қалғаныңыз бар ма, сударыня?
Менің алтын құймаларымның жарқырай аққан тасқынына таңғалып, таңдай қаққан кезіңіз болды ма?
Шынымды айтайын, мен тас төбемнен тосын келіп түскен жай оғынан су қараңғы соқыр болып қалғандаймын. Сіз сол өрттің күлі астынан азды-көпті алтын тауып алдыңыз деп үміттенеміз-дағы.
Көңілім осындай бір жұбанышты үміт-сенімнен байыз тауып, кетіп бара жатқан жай бар, сударыня, һәм ақылды зайыбым және сізді тастап кеткенім үшін арым жанымды қамшыламайды, сіздің өзіңізбен бірге дос-жараныңыз, әлгіде айтқан күл-қоқыс қалады және осы қызыққа еркіндік келіп қосылады, сізге өз қолымнан қайтарып берген еркіндікті айтамын-дағы.
Дегенмен, сударыня, осындай бір иіні келгенде, біраз сөзді көлтектемей, тура айтқанды орынды санаймын.
Сіз өзіміздің үй ішіміздің игілігіне бола, қызымыздың мақсат-мүддесіне бола тырбанып-тістеніп жүр ғой әйтеуір, деген оймен көңілімнің қошуақ кезінде, көп нәрсеге көзімді жұмдым, ал бірақ сіз осынау үйді талап, тыр жалаңаш қалдырғаннан кейін, менің басқа біреудің бақ-дәулетіне тіреу болғым келмеді.
Мен сізді әйелдікке, шылқыған бай болғаныңызбен, қадір-қасиеттен айырылған кезіңізде алғанмын.
Ашық айтсам кешірерсіз; бірақ шынтуайтқа келгенде, осы әңгіме тек екеумізге ғана арналғандықтан, бірдеңенің өңін бояп, әдемілеп-әсірелеп айтуды жөн көрмедім.
Мен екеуміздің байлығымызды мігірсіз молайттым, ол он бес жыл бойына ұдайы көбейіп, өсіп отырды, иә, сол дәулет, менің өзіме де беймәлім түсініксіз бір қырсыққа шалдығып, күл-талқан күйрегенге дейін өркен жайып, өрби берді және сеніммен, батыл айтатын бір нәрсе, соның күйреуіне өз басым мүлде кінәлі емеспін.
Сіз, сударыня, тек қара басыңыздың байлығын көбейтуге ғана күш салдыңыз және діттеген мұратыңыз қолыңызда, оған көзім кәміл жетеді.
Хош, сонымен, сударыня, мен сізді сол баяғы қаз қалпыңызда қалдырып барамын: шылқыған бай, бірақ қадір-қасиеттен айырылған қалпыңызда қалдырып барамын.
Хош болыңыз.
Taп бүгіннен бастап, мен де енді тек өз басымның қамын ғана ойлайтын боламын.
Сенсеңіз, осындай жақсы үлгі көрсеткеніңізге тәнтімін және соны дереу өз қажетіме асырамын.
Сізден шығарда жаны басқа күйеуіңіз барон Данглар».
Осы бір ұзақ та қиын хатты оқып отырғанда, Дебрэден баронесса көзін алмай оның көңіл күйін аңдып отырды. Жігіт қанша ұстамды болса да, әйел оның түсінің екі рет өзгеріп, құбылып кеткенін байқап қалды.
Оқып болғаннан кейін ол хатты жайымен бүктеп, тағы біраз ойға батты.
— Иә, қалай? — деді Данглар ханым қобалжыған көңілін баса алмай.
— Нені қалай дейсіз, сударыня? — деді Дебрэ оның cөзiн қолма-қол қайталап.
— Бұл туралы не ойлайсыз деймін?
— Данглар көп күдіктенген тәрізді, сударыня.
— Әлбетте, күдіктенген; бірақ маған айтатын бар сөзіңіз осы ғана болғаны ма?
— Meн сіздің сөзіңізге түсінбей отырмын, — деді Дебрэ суық қабақ танытып.
— Ол кетіп қалды! Біржолата кетті! Қарасы батты! Енді қайтып келмейді!
— Оған сенбеңіз, баронесса, — деді Дебрэ.
— Жоқ, ол енді қайта оралмайды; қара басының қамына келгенде о кісі қалшиып қатып қалады, мен оны жақсы білемін. Егер мен оған пайдалы болсам, ол мені бірден алып кетер еді. Мені тап осылай Парижде қалдырған екен — ендеше, ажырасуды әуелден-ақ жоба-жоспарына енгізгені, ал егер мәселе шынымен осылай болса, ол енді қайтып өзгермейді, демек, менің басым мәңгі бос, — деді Данглар ханым жалынышты үнмен сөзін жалғап.
Бірақ Дебрэ жауап қатпады, әйел сөйтіп, әлгі сұрағын жанарымен де, жанымен де абыржи қайталап, үнсіз отырып қалды.
— Бұныңыз қалай? Неге үндемейсіз? — деді әйел біраздан кейін.
— Мен қазір сізден бір ғана нәрсені сұрайын: енді не істейтін ойыңыз бар?
— Осыны сіздің өзіңізден сұрайын деп едім, — деді Данглар ханым жүрегі дүрсілдей соғып.
— Сіз сонда менен ақыл сұрап отырсыз ба?
— Иә, ақыл сұрап отырмын, — деді Данглар ханым бәсеңсіп.
— Олай болса, менің сізге айтатын бір ақылым, саяхат-сапарға аттаныңыз, — деді Дебрэ салқын.
— Саяхат-сапарға! — деді Данглар ханым сыбырлап.
— Әрине, Данглар дәл айтыпты, сіз аса бай, азат әйелсіз. Меніңше, осындай дау-жанжалды басыңыздан бір емес, екі рет өткізгеннен кейін, мадемуазель Эженидің неке тойы болмай қалып, Данглар мырза қашып кеткеннен кейін, Парижден қайтсеңіз де кетуіңіз керек.
Бірақ жұрт сізді талақ етіліп тасталған жарлы әйел деп тануға тиіс: өйткені ел банкроттың әйелінің бақ-дәулеті тасып, дүниені ағыл-тегіл шашып жүргенін ешкашанда кешірмейді.
Мен айтқан бірінші шартты орындау үшін, Парижде әлі де екі аптадай болсаңыз жетіп жатыр, сонда кез келген кісіге Данглардың өзіңізді тастап кеткенін айтасыз, ал ең жақын көңілдес серіктеріңізге оның қалай болғанын суреттеп бересіз; сосын олар оны дуылдатып жұртқа жайып жібереді.
Содан кейін сіз, гауһар тастарыңызды тастап, үйіңізден көшіп кетесіз және дүние-мүліктің өзіңізге тиесілі еншісінен бас тартасыз, ал сосын жұрттың бәрі сіздің бас пайдасын ойламайтын мәрттігіңізді көкке көтеріп, мақтап ала жөнеледі.
Күйеуіңіздің сізді тастап кеткенін қалың ел жаппай білген кезде, олар сізді қаржысыз қалған екен деп ойлайды; сіздің финанс жағдайыңызды тек жалғыз мен ғана білемін және адал серіктесіңіз ретінде, алдыңызда есеп беруге әзірмін.
Өңі қуқыл тартып, оқ тигендей әлсіреп қалған баронесса осынау сөздерді жаны күйіп, шошына-үрке тыңдады, ал Дебрэ болса, міз бақпай, самарқау-селқос отыр.
— Күйеуім тастап кетті! Сіз дұрыс айтасыз, тастап кетті! Менің жалғыз қалғаныма енді ешкім де шүбәланбайды! — деді әйел күйініп.
Осынау тәкаппар, ынтызар ғашық әйелдің Дебрэге қайтарған бірден-бір жауабы тек осы ғана болды.
— Бірақ сіз байсыз, шылқыған байсыз, — деді Дебрэ сөзін жалғап, сосын әмиянынан әлдебір қағаздарды алып, стол үстіне жайып қоя бастады.
Дүрсілдей соққан жүрегінің аптығын басып, көзіне үйірілген жасын білдірмес үшін Данглар ханым оған үн-түнсіз қарап отыра берді. Ақырында өзінің қадыр-қасиетін түсіргісі келмей, бойын жинап ала қойды. Аптыққан жүрегінің лүпілін қапелімде тыя алмаса да, көзінен бір тамшы жас тамбады.
— Сударыня, — деді Дебрэ, — сіз бенен біз осыдан жарты жыл бұрын дерлік серіктес-компаньон болып едік. Сіз ортақ іске жүз мың франк қостыңыз. Ол кез үстіміздегі жылдың апрелі еді.
Май айында біздің операциямыз басталды. Со май айында біз төрт жүз елу мың франкті іске салдық. Июньде пайдамыз тоғыз жүз мыңға жетті. Июльде біз бұған тағы да бір миллион жеті жүз мың франк қостық; есіңізде ме, ол испан қағазының айы болатын.
Августе, айдың бас кезінде, біз үш жүз мың франкімізден айырылдық; бірақ сол айдың он бесінде біз есебімізді жөндедік, ал айдың аяқ кезінде өшімізді қайтардық. Meн екеуміздің май айынан кешегі күнге дейінгі операциямыздың қорытындысын шығардым. Біздің қолдағы нақты ақша екі миллион төрт жүз мың франк, бұл әрқайсымыздың үлесімізге миллион екі жүз мыңнан келеді деген сөз. Сосын, — деді Дебрэ сөзін сабақтай түсіп, биржа маклеріне тән сабыр салмақпен қойын дәптерін тәптіштей парақтап, — біз, екеуміз, менің қолымда сақталып қалған сексен мың франктің, тап осы сомамен шамалас, күрделі процентін тағы иемденеміз.
— Бірақ осы проценттерді қайдан алдыңыз? — деді баронесса оның сөзін бөліп. — Сіз сол ақшаны ешқашан да айналымға қоспап едіңіз ғой.
— Ғафу өтінемін, сударыня, — деді Дебрэ суық жүзбен, — сол ақшаны айналымға салуға маған ерік берген өзіңіз, мен соны дәл мерзімінде пайдаланғанмын.
Хош, сонымен, сіздің үлесіңізге қырық мың франк процент, тағы бұған қоса әуелгі берген жүз мың франк жарнаңыз, яғни бәрін қосып айтқанда, бір миллион үш жүз қырық мың франк тиеді. Мұның үстіне, сударыня, осыдан үш күн бұрын сіздің үлесіңізді ақшаға айналдыруға қамқарекет жасадым; көріп отырсыз ғой, мен, ойламаған жерден өзіңізге есеп беріп қалатынымды күні бұрын сезген кісі сияқтымын.
Ақшаңыз осында: жартысы кредит билеттері де, қалғаны ұсынушы кісіге деген чектер. Со қаржы осында. Мен өз үйіме өзім онша сене қоймадым және ойлап-ойлап: нотариустер үндемей жүре алмайды, ал қозғалмайтын мүліктер нотариустерден бетер айқай салып тұрады деген түйінге келдім. Ақырында еріңіз екеуіңізге ортақ жиһаз-мүліктен өзге нәрсені иемденуге сіздің ешқандай правоңыз жоқ. Міне, сондықтан да мен осынау ақшаны — бүгіннен бастап қолыңызда болатын бірден-бір байлығыңыз — мына бір шкаф ішіндегі құпия кілтипанға сақтадым: аса сенімді болу үшін мен сол кілтипанды өз қолыммен жасадым.
— Ал енді, сударыня, — деді Дебрэ сөзін суыртпақтап, әуелі шкафты, сосын кілтипанды ашып жатып, — міне, сегіз жүз мың франк билеттеріңіз; көрдіңіз бе, олар қалың альбом сияқты түптеліп қойылған: мен оған тағы жиырма бес мың франктік рента купонын қосамын; енді жүз он мың франк шамасында ақша қалады — міне, менің банкиріме ұсынушы кісіге деген чек; ал менің банкирім Данглар емес, ендеше, қам жемесеңіз де болады. Чекке ақша төленетіні анық.
Данглар ханым ұсынушыға деген чекті, рента купонымен бір кредит билеттерін бей-жай ала берді.
Осынау орасан зор байлық, мына стол үстінде жатқанда түкке тұрғысыз бір бума қағаз болып көрінеді екен.
Іші қан жылап жатса да, Данглар ханым еш сыр бермей көзі құп-құрғақ болып, қатайып алды, ақшаны редикюліне, рента купоны мен чекті әмиянына салды, сосын осынша байлықтың иесі болғаным жайлы көңіл аулайтын бір жылы сөз естимін бе деп, құп-қу болып, үн-түнсіз тымырайып тұрып қалды.
Бірақ әйел бекер күтіпті.
— Міне, сударыня, — деді Дебрэ жадырап, — сіз енді ешбір қам жемесеңіз де болады, жылдық табысыңыз алпыс мың лир шамасында болады, әлі де, ең кем дегенде, бір жылдай ашық-жарқын өмір сүре алмайтын әйелге бұл дегенің қисапсыз көп ақша.
Сіз ойыңызға не келсе, соның бәрін ермек үшін жасата аласыз. Егер сізге осы үлесіңіз, бұрын айырылып қалған нәрсеңізден азырақ көрінетіндей болса, онда, сударыня, сіз менің үлесіме назар аударарсыз, ондай кездері мен қолымдағы бар байлығымды, бір миллион алпыс мың франк ақшамды алдыңызға жайып саламын, әрине, бұл — қарызға беремін деген сөз.
— Мың алғыс, сударь, — деді баронесса, — өзіңіз де жақсы түсінесіз ғой, енді қайтып зиялы қауымға көріне алмайтын, ал көрінген күннің өзінде, біраз уақыт өтпей ел бетіне қарай алмайтын мен сияқты бақытсыз әйелге өз үлесім де жетіп артылып жатыр.
Дебрэ бұған таң қалды. Бірақ өзін-өзі тежеп, қолын бір сілтеп қалды, бұл оның көкейіндегі:
«Еркіңіз білсін!» — деген ойының ең бір сыпайы көрінісі тәрізді еді.
Данглар ханым әлі де болса бірдеңеден үміт еткендей аялдай берген, бірақ Дебрэнің әлгі бір немкетті ишараты мен бұған тура қарай алмай, көзін тайдыра бергенін көргенде және содан кейін иіліп тәжім етіп, меңірейіп үндемей қалғанын көргенде, әйел еңсесін көтеріп, бойын түзеп, бұлқан-талқан ашуланбай, аза бойы қаза тұрып шошымай, жайымен барып есікті ашты да, мұның осылай кетіп бара жатқанын енжар қарап тұрған жігітке бас изеп қоштаспастан, басқышқа қарай беттей берді.
— Ештеңе емес! — деді Дебрэ әйел кетіп қалғасын. — Осының бәрі бос былшыл; ол өзінің үйінен ешқайда да кетпейді, романдарды құныға оқып, ландскнех ойнайды, биржада ойнай білмегесін, карта ойнамағанда қайтеді.
Сосын ол қойын дәптерін алып, әлгіде төлеген ақшасының сомасын дәптерінен мұқият өшіріп тастады.
— Менің еншіме бір миллион алпыс мың франк қалды, — деді ол. — Мадемуазель де Вильфордың өліп қалғанын қарашы! Қай жағынан алсақ та, маған ыңғайлы әйел сол еді.
Әрдайымдағы әдетіне басып, ол далаға шығу үшін, Данглар ханым кеткеннен кейін, арада тағы да жиырма минут өтуін асықпай күтіп қала берді.
Осы жиырма минут ішінде Дебрэ сағатын алдына қойып, есеп-қисабын біраз жөнге келтірді.
Егер Лесаж53 өзінің ғажайып туындысымен бірінші орынды жеңіп алмаған болса, қанатты қиялдың еркін самғауынан туған, елгезек те сергек бір жын-шайтан ішке көз қиығын салу үшін үй шатырын көтеріп жатқан Асмодей, Дебрэ есеп-қисапты жүргізіп жатқан кезде, Сен-Жермен-де Пре көшесіндегі жұпыны үй төбесін көтеріп қараса, қызық бір суретті көрер еді.
Дебрэ мен Данглар ханым екі жарым миллион ақшаны бөлісіп алған бөлме үстінде тағы бір бөлме бартұғын, бұл бөлменің тұрғындары да бізге бұрыннан таныс, назар аударуымызға тұрарлық ізгі жандар-тын.
Бұл бөлмеде Мерседес пен Альбер тұратын.
Соңғы кездері Мерседес қатты өзгерген: бұл — оның бақ-дәулеті басынан асып жатқан кезде, үлде мен бүлдеге оранып, кекірейіп жүріп, қарадүрсін халге түсіп, қарапайым тірлікке көшкенде кісі танымайтындай жүнжіп кеткенінен емес; және бейшара жоқ-жітіктің күнін көріп, тіленшінің лыпасымен тәнін жабуға мәжбүр болғандығынан да емес, жоқ, Мерседестің мұншама өзгеріп кеткен себебі, жанарының нұры сөнген, бұрынғыдай жадырап күлмейді, өйткені әйелдің алғыр ақылы жанын жегідей жеген бір ауыр ойдан арыла алмайды, сол себепті оның сөзі де бұрынғыдай келісті де кестелі емес.
Мерседестің ақылын азайтқан кедейлік емес. Ол кемтар тірліктен қажып, арып-ашып, жаншылып қалатын жасықтықтан емес. Үйреншікті ортадан кетіп, Мерседес өзі қалап алған басқа бір қауымның арасына тастай батып, судай сіңді. Бірақ самаладай жарқыраған залдан шығып, тастай қараңғы түнекке тап болған кісінің күйін басынан кешірді. Ол хан сарайынан шығып, жалшы лашығына көшіп келген королева сияқты, торғын, жібекті құс мамықтың орнына пайда болған көне төсекке, стол үстіне өзі апарып қоятын қыш құмыраға қарап отыр.
Таңғажайып қаталан сұлуы, егер қаласаңыз, асыл текті, аяулы графиня өзінің тәкаппар мінезі мен әсем күлкісін жоғалтқалы қашан, өйткені өз төңірегінен ұдайы тек сыйықсыз заттарды ғана көреді: әдетте, кір көтередіден пайдакүнем қожайындар қалап алатын сұрғылт обойлар жапсырылған қабырғаларды, жалаңаш тас еденді, өзінің алабажақ түрімен көзді талдыратын сыйықсыз мебельді көреді, не керек, әйтеуір, әсемдік пен үлгілі үйлесімге үйренген жанарын қажытатын нәрселерді көреді.
Де Морсер ханым өз үйін тастап кетіп қалғалы бері осында тұрып жатқан, құлама құздың тап шетіне келген жолаушы сияқты, осынау мәңгі мүлгіген тыныштықтан оның басы айналады; ол мұның не ойлап отырғанын білу үшін, Альбердің өзіне жиі-жиі ұрланып қарайтынын да байқайды, осындайда Мерседес бір жымияды да қояды, ал бірақ әйел көзінің мейірімді нұры төгілмеген осынау құнарсыз күлкі, бірдеңеге шағылысып келіп түскен, жылуы жоқ өлі жарық тәрізді.
Альбер де жаны жүдеп, жасып, қысылып жүреді, оның жаңа жағдайға біржолата бейімделіп, етене болып кетуіне бұрынғы бақ-дәулеттің сарқыншағы кесірін тигізеді, ол үйден биялайсыз шығайын десе, қолы аппақ болып үлбіреп тұрады: ал жаяу жүрейін десе, башпақтары жылтырап, жұрт назарын аударады.
Әйтсе де ана мен бала махаббаты арқылы айырылмастай болып біріккен осы бір асыл текті, парасатты екі жан бір-бірінің көңіл күйін қас-қабағынан таниды да, мәселе тірлігіміздің материалдық өзегіне келіп тірелгенде, жақын достардың өзі тура айтудан жалтарып, тұспалдап кететін болса, бұлар өзара риясыз көңілмен бүкпе қалтарыссыз тілдесе береді.
Қысқасы, Альбер шешесін қорқытып-үркітпей-ақ оған:
— Апа, біздің ақшамыз таусылды, — деп жайбарақат айта салар еді.
Мерседес нағыз қайыршылықтың не екенін өмірінде білмеген: жас күнінде ол өзін жиі-жиі кедеймін деп есептейтін; бірақ бұл екеуі екі басқа нәрсе: таршылық пен қайыршылық — синоним сөздер, дегенмен екеуінің арасы жер мен көктей. Каталанда Мерседеске көп нәрсе жетпейтін, бірақ көп нәрсе өз қолында бар болатын. Ауы бүтін болса — балық ауланатын; ал балық ауланып жатса, торлайтын жібі де жетер еді.
Жақын-жуықтарың жоқ болса, тірліктің уақ-түйегінен аулақ жатқан махаббатың болса, сен тек өзіңді ғана ойлайсың және тек өзіңе ғана жауап бересің.
Бір кезде қолындағы аз-маз нәрсесін ол мырза көңілмен көп кәдесіне жарататын, ал енді қолында дәнеңе де жоқ, бірақ екі кісінің қамын ойлауы керек.
Қыс та жақындап қалды; графиня де Морсердің жүздеген трубасы бар калорифері бұрын үйді ауызғы бөлмеден будуарға дейін қыж-қыж жылытып тұратын; ал енді Мерседестің осы бір аңыраған суық бөлмені жылытатын отыны да жоқ; бұрынғы мекен-жайы, алтын құнымен бірдей, сирек кездесетін гүл-шешектерге малынып тұрушы еді, ал енді оның мына пәтерінен гүлдің иісі де шықпайды.
Бірақ шүкіршілік мұның ұлы бар, әйтеуір...
Дүние қызығынан безу пафосы бұларды осы кезге дейін тұрмыс мұқтажынан биіктетіп алып кеткен-ді.
Пафос дегенің кісі бойын билеген шадыман-шаттық, қанатты көңіл, ал көңілдің көк дөнені қарадүрсін тірлікті қайтсін, аспаннан ай қармап кетпей ме?
Бірақ көңілдің алғашқы арын-жалыны басылып, бұлар қиял өлкесінен, бірте-бірте ақиқат шындыққа қарай ауысты.
Арман-қиял әлемі жайлы көп-көп сыр шертіскеннен кейін, енді тірліктің қам-қарекетін сөз ететін де кез келді.
— Апа, — деді Альбер, Данглар ханым басқышпен төмен түсіп бара жатқан сәтте, — қолымыздағы қаржымызды есептен көрелікші, алдағы іс-әрекетімнің жоспарын жасау үшін, мен өзіміздің шама-шарқымызды біліп алсам деп едім.
— Шама-шарқымыз нөл, — деді Мерседес күйіне күліп.
— Жоқ, апа. Қолдағы барымыз — үш мың франк, ал осынау үш мыңға мен бұл дүниеге жақсылап тұрып жайғасып алмақпын.
— Баламысың деген! — Мерседес бір күрсінді.
— Қымбатты апатайым, — деді Альбер, — өкінгеннен не пайда, ақша қадірін білем дегенше сіздің қанша теңгеңізді талан-таражға салдым. Үш мың франк дегенің қыруар ақша және мен осы ақшаның арқасында екеуміз өле-өлгенше дәулетті болып өтетіндей бір ғажайып сиқырлы сарай салдым.
— Сен ойнап айтып тұрсың ба, досым! Біз сол үш мың франкті аламыз ба? — деді Мерседес қызарып.
— Біз оны баяғыда шешіп қойдық, — деді Альбер нығарлай сөйлеп, — меніңше, оны алғанымыз жөн және тап қазір ол ақша біздің қолымызда жоқ, өйткені өзіңізге де мәлім, ол Марсельдегі Мельян аллеясының бір шағын үйінің бауына көмілген. Екі жүз франкпен екеуміз Марсельге жетеміз.
— Екі жүз франкпен! Не деп тұрсың, Альбер! — деді Мерседес.
— Мен почта станциясына, пароход конторына барып, мән-жайды біліп келіп, жол шығынын есептеп шығардым. Сіз Шалонға дейін почта күймесінен өзіңізге орын сатып аласыз; көрдіңіз бе, апа, сіз нағыз королева сияқты саяхат жасайсыз.
Альбер қолына қалам алып, мынадай есеп жазды:
Күйме 35 фр.
Пароход Шалоннан Лионға дейін 6
Пароход Лионнан Авиньонға дейін . . 16
Авиньоннан Марсельге дейін 7
Жол шығыны 50
Барлығы 114 фр.
— Жарайды, жүз жиырма франк-ақ болсын. Мен қандай жомартпын, апа, солай ма? — деді Альбер күлімсіреп.
— Ал өзің қайтесің, байғұс балам-ау?
— Мен бе? Өзіме сексен франк қалдырғанымды көріп отырсыз ғой. Жас жігітке жағдайдың жайлы-жайсызы бірдей емес пе. Оның үстіне мен тәжірибелі саяхатшымын.
— Иә, өз күймең мен малайың болса.
— Маған бәрібір, апа.
— Мақұл, ендеше, бірақ екі жүз франкті қайдан аламыз? — деді Мерседес.
— Miнe, ол ақша, керек болса тағы екі жүз франкім бар. Мен сағатымды жүз франкке, оның бауын үш жүз франкке саттым. Ойлап тұрсаң қызық! Сағаттың брелокбауы өзінен үш есе қымбат болып шықты. Ежелден белгілі жайт: дүниеде қанағатсыздықтан қымбат нәрсе болмайды! Енді біз шаш-етектен байыдық: жолға қажетті жүз он төрт франктің орнына, сіздің екі жүз елу франкіңіз бар.
— Осы үйге де ақы төлеу керек емес пе?
— Отыз франк қана, мен оны өзімнің жүз елу франкімнен төлеймін. Бұл — шешілген мәселе. Шынтуайтқа келгенде менің жолыма небәрі сексен франк қана керек, сонда байлыққа кенеліп жатқан мен болмай, кім болады. Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Сіз бұған не айтасыз, апатай? — деді де, Альбер алтын қапсырмалы жазу кітапшасынан — алтын қапсырма оның ертеден келе жатқан ескерткіші ме, әлде, бетін шілтермен бүркеп келіп, кішкене есікті қағатын, бейтаныс сырлы сұлулардың бірінен қалған ыстық белгі ме, кім білген — Альбер жазу кітапшасынан мың франктік билетті суырып алды.
— Бұл не? — деді Мерседес.
— Мың франк, апа. Соның нағыз өзі.
— Сен оны қайдан алдың?
— Әуелі менің сөзімді тыңдаңыз, апа, абыржымаңыз.
Осыдан кейін Альбер шешесінің қасына барып, оны екі бетінен сүйіп-сүйіп алды. Сосын шегініңкіреп барып, оған қулана көз тастады.
— Апа, сіз өзіңіздің қандай сұлу екеніңізді әлі білмейсіз! — деді ол балалық махаббат сезіміне бойы балқып. — Сіз әлемдегі ең сұлу, ең парасатты, асыл әйелсіз.
— Қарашығым менің! — деді Мерседес елжіреп, кірпігіне ілінген жасын көрсетпеуге тырысып.
— Имандай шыным, сіздің бақытсыздық халіне түсуіңіз мұң екен, бұрын жақсы көрсем, енді сізді жақсы көріп қана қоймай, шексіз қастерлейтін де болдым.
— Балам барда мен бақытсыз емеспін және ол қасымда жүргенде тіпті де бақытсыз болмаймын, — деді Мерседес.
— Иә, бірақ гәптің өзі сонда болып тұр ғой. Біздің әлгі бір шешімге келгеніміз есіңізде ме? — деді Альбер.
— Біз бірдеңені шешіп пе едік? — деді Мерседес аңырып.
— Иә, сіз Марсельге барып қоныстанатын болып, ал мен Африкаға аттанатын болып келіскен едік, мен сонда барғасын, өз еркіммен бас тартқан есім орнына, еңбегімді сіңіріп, басқа бір есім алатын болып келісіп едік.
Мерседес бір күрсінді.
— Кешегі күннен бастап, мен спаги әскері қатарына қосылдым, — деді Альбер, ұялғаннан мөлиіп төмен қарап, қазіргі кемтар күйіне осылай намыстануының өзі ерлік екенін жігіт біле де бермейтін, — мен, өз денеме өзім қожамын ғой, сол себепті де оны сатайын деген бір тоқтамға келдім: кешегі күннен бастап, мен бір кісінің орнына әскерге алындым. Meн, әлгі жұрт айтатын, ақшаға сатылдым, — деді ол тағы жымиып күлген болып, — бірақ өзімнің шын құнымнан көбірекке: екі мың франкке сатылдым ғой деймін.
— Мына, мың франк?.. — деді Мерседес селк етіп шошып кетіп.
— Бұл тиісті соманың жартысы ғана: қалғанын бір жылдан кейін аламын.
Мерседес айтуға тіл жетпейтін мұңлы кейіппен, жалбарынып көкке қарады, екі тамшы көз жасы мөлдіреп, төмен қарай домалап түсті.
— Қарашығымның құны-дағы! — деді ол күбірлеп.
— Иә, егер мені өлтіретін болса, — деді Альбер күліп. — Бірақ апа, мен сізге өз өмірімді жанталаса қорғаймын деп серт етемін. Ешқашан да тап қазіргідей өмірге құштар болып көрген емеспін.
— Құдай-ай, сақтай гөр! —деді Мерседес күрсініп.
— Тағы бір айтайын дегенім, сіз мені шынымен өлтіреді деп ойлайсыз ба? Оңтүстік Нейі54 атанған Ламорсьер55 өлтіріліп пе еді? Шангарнье56 өліп пе еді? Бедо57 қаза тауып па еді? Өзіміз білетін Моррель де аман жүр емес пе? Алдыңызға сары ала мундир киіп, сартылдап жетіп келгенімде, қалай қуанатыныңызды ойласаңызшы, апа, одан да! Сол форманы кигенде маған қызықпайтын қыз қалмайды әлі, спаги полкін әсем киіну үшін әдейі қалап алдым.
Мерседес бір күрсініп, жымиып күлмекші болды: баласының бар ауыртпалықты өз мойнына алып, қиын құрбандыққа барғанына осынау әулие әйелдің жаны қатты күйзелді.
— Сонымен, апа, — деді Альбер сөзін жалғап, — сіздің қолыңызда енді төрт мың франктен аса ақшаңыз болады: осынау төрт мың ақшамен сіз қысылмай-қымтырылмай, сау-саламат екі жыл тұра аласыз.
— Шынымен, солай ойлайсың ба, жарығым? — деді Мерседес.
Осы бір күйінішті сөздердің еркінен тыс шығып кеткені сондай, Альбер оның түп-төркінін бірден ұқты: оның жүрегі сыздап сала берді, жалма-жан шешесінің қолын ұстап, жайымен сипалай бастады:
— Иә, сіз сау-саламат өмір сүресіз, — деді ол.
— Мені жау алады дейсің бе, бірақ сен кетпейсің ғой, Альбер? — деді Мерседес дауыстап.
— Кетемін, апа, кетемін, — деді Альбер салмақпен нығыз сөйлеп. — Қасыңыздан шығармай, бостан-бос, пайдасыз тірлік кешіретіндей не жазып едім, сіз мені жаныңыздай жақсы көресіз. Мұның үстіне мен шартқа ертерек қол қойғанмын.
— Сен мұны өз еркіңмен істеп отырсың, балам, ал мен құдайдың құдіретіне жүгінемін.
— Жоқ, апа, мен мұны өз еркіммен істеп отырған жоқпын, ақылға жүгініп, аса қажет болғасын істеп отырмын. Біз екеуміз де дүниеден баз кешіп кете жаздадық. Енді бізге өмір дегенің шікәра ма? Жоқ! Мен үшін өмір дегенің не қазір? Егер сіз болмасаңыз, апа, оны бос әурешілік дер едім. Өйткені сіз болмасаңыз, құдай ұрсын, менің өмірім әкемнің адалдығына шүбәланған күні, оның есімінен бас тартқан күні үзілген болар еді!
Егер сіз болашақтан үміт күтсеңіз, мен ештеңеге қарамастан, саламат-сау жүруге тырысамын; ал егер келешек бақытыңыздың қам-қаракетін маған тапсыратын болсаңыз, ол менің күшіме күш қосады. Онда мен Алжирдің губернаторына барамын — ол өте адал кісі, нағыз солдат — сосын оған өзімнің қайғылы хикаямды айтып беремін де, анда-санда мен жаққа көз қырыңызды бір салып қоярсыз деп өтінемін, егер ол сөзінде тұрып, менің шама-шарқымды салмақтап көріп, білетін болса, онда енді бір жарты жылдан кейін офицер болып ораламын, әйтпесе, мәңгі қайтып оралмаймын. Егер мен офицер болып оралсам — онда, aпa, болашағыңыздан қам жемейсіз, өйткені менің тапқан ақшам екеумізге әбден жетеді, мұның үстіне біз екеуміз де менің жаңа есімімді мақтан тұтатын боламыз, өйткені ол сіздің нағыз өз есіміңіз болады. Ал егер мен қайтып оралмасам... онда, апа, сіз осынау ит тірлікті ауырсынатын болсаңыз, өмірмен қоштасасыз, сосын біздің күллі қайғы-қасіретіміз өзінен-өзі тамам болады.
— Мақұл, — деді Мерседес, — сен жөн айтасың, балам, бізден көзін алмай, әрбір қадамымызды аңдып, табалауға әзір отырған жұртқа аяуға-ардақтауға тұрарлық адам екенімізді көрсетелік.
— Уайымды жинап қойыңыз, апа! — деді Альбер дауыстап. — Сенсеңіз, біз бақыттымыз, әйтпесе болашақта бақытты бола аламыз. Сіз ақылды, дана әрі биязы адамсыз, мен күй таңдамайтын торымын, бәлкім, естияр жігіт те шығармын. Өзім қызметтемін — ендеше, баймын, сіз Дантес мырзаның үйінде тұрасыз — демек, жаныңыз тыншып, жай табады. Бағымызды сынап көрелік, апа, сізден менің бір өтінішім осы болсын!
— Иә, сынап көрсек көрелік, өйткені балам, сенің әлі өмір сүруің керек. Бақытты болуың керек, — деді Мерседес.
— Сонымен, біздің ақша бөлісіміз аяқталды, апа, — деді Альбер еркінси сөйлеген болып. — Біз тап бүгін жүріп кете аламыз. Мен қазір барып, сізге күймеден орын алайын.
— Өзіңе ше?
— Мен әлі де болса осында екі-үш күнге қалуым керек, бұл айырылысудың алды соған дағдыланғанымыз жөн. Мен бір қажетті мінездеме хат, Алжирдің жай-күйі жайлы біраз мәлімет жинауға тиіспін: сізді Марсельде қуып жетемін.
— Мақұл, кеттік, ендеше, — деді Мерседес өзімен бірге ала кеткен шәлісін иығына салып жатып, мұның өзі аса бағалы қара кашемир шәлісі болып шықты. — Кеттік, балам!
Альбер қағаз-хаттарын жедел жинастырып, қожайынды шақырып алды да, оған отыз франк пәтер ақысын төледі, сосын шешесін демеп, екеуі басқышқа шыға берді.
Бұлардың алдында бір кісі төмен түсіп барады екен, басқыш жақтауына тиіп, сусылдаған жібек көйлек дыбысын естіп, бұрылып кейін қарады.
— Дебрэ! — деді Альбер күбірлеп.
— Морсер, бұл — сізбісіз? — деді министрдің секретары тоқтай қалып.
Ол қанша бұқпантайлап, жасырын жүргісі келгенімен, осы жолы елең етіп, мән-жайды білгісі келді. Шынында да ешкім біле бермейтін осынау мебельді үйден, тағдыр тәлкегіне түсіп сорлап қалған, күллі Парижді шулатқан бейбақты тосыннан-тосын кездестірудің өзі күтпеген жайт еді.
— Морсер! — деді Дебрэ қайталап.
Бірақ ала көлеңке күңгірт басқыш үстінен де Морсер ханымның шәліге оранып алған сұңғақ тұлғасын көріп, ол:
— Ах, Альбер, кешіріңіз! — Сізге кедергі жасасам — кешіріңіз, — деді жайымен жымиып.
Альбер Дебрэнің ойын бірден ұқты.
— Апа, — деді ол Мерседеске қарап, — бұл Дебрэ мырза ғой, өзі Ішкі істер министрінің секретары, менің бұрынғы досым.
— Бұрынғы дегеніңізге жол болсын? Сонда не айтқыңыз келеді! — деді Дебрэ қысылып.
— Менің айтайын дегенім, Дебрэ мырза, — деді Альбер сөзін сабақтап, — мен дос-жарандардан біржолата айырылғанмын, енді менде дос-жаран болмайды. Сіздің осыншама кішіпейіл мінез көрсетіп, мені бірден танығаныңызға қатты ризамын.
Дебрэ екі тепкішек жоғары көтеріліп, Альбердің қолын қысып амандасты.
— Мен сіздің басыңызға түскен қайғы-қасіретті қатты сезінемін және әрқашан да қызметіңізге әзірмін, қымбаттым, бұған кәміл сенуіңізге болады, — деді ол мейлінше жылы қабақ танытып.
— Пейіліңізге көп рақмет, сударь, — деді Альбер жымиып, — біз қанша бақытсыз болсақ та, біреуден көмек сұрайтындай, жерге қарап отырған жоқпыз; біз Парижден кетіп бара жатырмыз, соның өзінде, жол шығынын есептемегенде, қолымызда әлі де бес мың франк ақша қалады.
Дебрэнің екі беті дуылдап кетті, өйткені оның қалтасында миллион жатыр еді, поэтикалық сезімнен аулақ жатқан осы бір қытымыр жігіттің басына сол арада еркінен тыс мынадай бір ой келді: осы бір көзге қораш көрінетін үй ішінде әлгіде ғана екі әйел болды ғой, оның біреуі ел алдында әділ жазасын алып, абыройы төгілсе де, жамылғысының қойнына бір жарым миллионды тығып алып, қайыршыға ұқсап бүрсеңдеп кетті, ал екіншісі болса, жазықсыздан-жазықсыз жәбір-жапа шексе де, қасіретіне қасқайып қарсы тұрып, еңсесін түсірмей, жоқ-жітігін білдірмей, жомарт көңілмен шалқып бара жатқаны, мінеки.
Осы теңеуден кейін ол өзінің дарқан мінез танытып, ықылас білдіргенінен тез айнып қалды — өзі көрген осы оқиға үлкен сабақ емес пе, ол бірдеңе деп міңгірледі де, жеделдетіп басқышпен төмен түсіп кетті.
Тап сол күні министрліктің бұған бағынатын чиновниктері бастығының көңіл хошы болмағандықтан, біраз сөз естіп, үрпиісіп қалды.
Бірақ мұның есесіне кешке салым ол Мадлен бульварындағы елу мың ливр табыс келтіретін таңғажайып бір үйдің иесі болып шыға келді.
Соның ертеңіне, кешкі сағат бесте, Дебрэ үй сатып алғаны жөніндегі қағазға қол қойып жатқан кезде де Морсер ханым баласын аймалай бір сүйіп, почта күймесіне барып отырды.
Тап осы мезетте Лаффит почта ауласының кірмелігіндегі жартылай дөңгелек терезелердің біреуінің алдында қарауытып біреу тұрды, ол Мерседестің күймеге келіп отырғанын, сосын күйменің жүріп кеткенін, оған іле-шала Альбердің де сол арадан ұзап бара жатқанын көрді.
Сосын ол бір күмәнді, ауыр ойға батқан маңдайын сипалап тұрып:
— Осынау күнәсыз қос бейбақты басындағы бақ-дәулетінен айырып едім, енді соны бұларға қалай қайтарамын? Жә, құдайдың өзі жар болар! — деді күбірлеп.
X. АРЫСТАН ОРЫ
Ла-форс абақтысының ең ауыр, ең қауіпті қылмыстылары қамалатын бөлім — Бернар әулие бөлімі деп аталады. Абақты тұрғындары оны бейнелі тілмен «Арыстан оры» деп атап кеткен, мұның бұлай аталған себебі — осындағы тұтқындардың түрме торын қашырлатып қырқып тастайтын, кейде тіпті күзетшілерді шайнап тастайтын алмастай азу тістері болса керек-ті.
Бұл — түрменің ішіндегі түрме. Мұның қабырғасы өзге қабырғалардан екі есе қалың; әр күн сайын түрмешілер сомдап салынған темір торларды мұқияттап тексеріп шығады, осынау күзетшілердің алпамсадай дене бітіміне, ызғарлы да, қырағы көзіне қарап мұнда қарауылдағы кісілерді қаққанда — қанын, соққанда — сөлін алып, ықтырып ұстайтын гүжбандарды іріктеп-сұрыптап таңдап алғандарын байқауға болар еді.
Бөлімнің ауласы биік дуалмен қоршалған, кісі жаны мен тәнінің мүгедектігін көргісі келген кездері құдайдың құтты күні осынау биік қабырғалар арқылы ішке көз қиығын салып, сыдырта қарап шыға-тұғын. Бірдеңенің қам-қарекетін ойлаған, қабағы қатыңқы, жүдеу-жадаулар осы арада көлеңке сияқты қараңдап, сенделіп жүрер еді.
Олар екеу, үшеу болып, көбінесе соқа басы сопайып, күн шуағы молырақ түсетін қабырғаға сүйеніп түрегеп тұратын немесе отыратын, сөйтіп, осы бір зұлмат түнек тұтқындарының біреуін атап шақырғанда ғана немесе осы шұңқырға, қоғам деп аталатын көрік аузынан темір шіріндісі сияқты етіп әлдекімді лақтыра салғанда ғана ашылатын қақпаға жалтақтап қарай беретін. Бернар әулие бөлімінің өзіне ғана тән, айрықша қабылдау жайы бар: бұл қос темір тормен бөлінген ұзын дәліз. Келіп-кетушілер тұтқын қолын ала алмауы үшін немесе оған бірдеңені беріп қоймауы үшін әлгі торлар бір-бірінен үш футтай қашық орнатылған. Осы қабылдау бөлмесі қараңғы да дымқыл және қай жағынан алсаңыз да жиіркенішті бір тозақ, егер тұтқындардың аузынан шығып, осы тордан өтіп темір шыбықтарға тат болып жабысатын сұмдықтарды ойласақ, осы айтқанымыз рас болып шығады.
Ал біз осы араны тозақ орны деп қанша айтқанымызбен, бұл тірлігі бітіп, күні өтіп бара жатқан байғұстардың көңілі қалаған кісілермен кездесіп, сырласатын ұжмақ жайы; өйткені Арыстан орынан тұтқындар тек Сен-Жак аймағына каторгаға немесе оңаша камераға бару үшін ғана шығады.
Біз суреттеген дымқыл да сызды аулада екі қолын қалтасына салып бір жас жігіт серуендеп жүрді. Ор тұрғындары оған әуестеніп кеп қарайды.
Егер жігіттің үстіндегі киімінің олпы-солпысы шығып қалмаған болса, біз оны сәнқой сабаз деп атар едік; шыттай жаңа, жібектей сусып тұрған жұқа шұғаны бұрынғы түр-түсіне келтіру үшін тұтқын жігіт қолымен тегістеп, сылап-сипап еді, киімі құлпырып шыға келді.
Ол өзінің бәтес көйлегінің түймелерін де тап осылай бипаздап салып шықты, түрмеге түскелі бері көйлегі біраз кірлеп қалыпты, жігіт еңкейіп, иесінің есімі бас әріптермен және тәжбен кестеленген бет орамалының бір шетімен башмағын жалтырата сүртті.
Арыстан орының бірнеше тұрғыны жаңа келген жас тұтқынның киімін қалай реттеп жатқанын қызыға қарап тұрды.
— Князьдің сыланып-сипанып жатқанын қара, — деді осындағы ұрылардың біреуі.
— Өзі онсыз да әдемі жігіт, егер оның тарағы мен опа-далабы болса, ақ биялайлы мырзалардың бәрінен де асып түсер еді, — деді оған екіншісі.
— Анаған қарашы, фрагі су жаңа болғанға ұқсайды, башмағының жалтырауын. Осындай жапалақтың бізге ұшып келуінің өзі бір түрлі кісі көңілін өсіреді екен; біздің жандармдар да — нағыз қарақшылар ғой! Әйтпесе осындай киімді жыртар ма еді!
— Өзін жұрт барып тұрған алаяқ дейді. Күнін текке өткізбесе керек...
— Қаршадай болып, Тулоннан қаша ма тегін кісі! Оңай деп ойлама!
Жұрт өзіне таңдай қағып, тамсанып жатқанда, біздің жігітіміз бұлардың сөзін анық естімесе де, мақтағанға мәз болып, масайрап тұрған тәрізді еді.
Киімін жөндеп болғаннан кейін, ол түрме дүкеншісі терезесінің алдына келді, оның қасында қабырғаға сүйеніп күзетші тұрған.
— Бері қараңыз, сударь, — деді ол, — маған уақытша жиырма франк қарызға бере тұрыңыз, ұзамай қайтарып беремін; сіз ештеңені де жоғалтпайсыз — менің туыстарымның миллиондары қалтаңыздағы тиын-тебендеріңізден көп... Рақым етіңіз, шырақ. Жиырма франкім болса, мен түрменің орын пұл сұрайтын жайлы жағына көшемін де, өзіме халат сатып аламын. Ұдайы фракпен жүру мұнда мүлде ерсі екен. Және князь Кавалькантидің осындай фракпен жүруінің өзі ұят!
Күзетші иығын қиқаң еткізіп, бұған сыртын берді. Көп кісілерді күлдіріп, көңілін көтеретін бұл сөзге ол тіпті жымиып күлмеді де; бұ кісі мұндай сөздердің талайын естіген — дәлірек айтсақ, ол ұдайы бір ғана сөзді еститін.
— Өзіңіз бір барып тұрған безбүйрек екенсіз, көрерсіз әлі, сізді де қуып шығатын күн туар, — деді Андреа ашынып.
Күзетші осы жолы бұған бұрылып қарап, қарқылдап күліп жіберді.
Тұтқындар жақын келіп, бұларды қоршап алды.
— Осы бір болмашы ақшаға үсті-басымды жөндеп киініп, жеке бөлмеге көшіп аламын дедім ғой. Мен өзіме осы таяу күндердің бірінде келетін, аса маңызды бір кісіні құрметтеп қарсы алуым керек.
— Дұрыс! Дұрыс-ақ! Бұл кісінің ақсүйектер әулетінен екені бірден көрінеді, — десті тұтқындар дабырласып.
— Ендеше, бұған жиырма франк беріңдер. Өз жолдастарыңа осылай көмек көрсету борыштарың емес пе? — деді күзетші қақпақ жауырынымен қабырғаға қайта сүйене беріп.
— Мен бұларға жолдас емеспін, өйтіп кісіні қорламаңыз, — деді Андреа паңданып.
Тұтқындар біріне-бірі қарап, бұрқылдасып жатты. Сонымен Андреаның сөзінен гөрі, күзетшінің ескертпесінен туған бұлтты дауыл ақсүйек тұтқынның төбесіне үйіріле бастады.
Егер бұл жанжал күшейіп, шектен шығып бара жатқандай болса, тыйып тастаймын ғой деп, өз күшіне сенген күзетші, әрі мына мазаң тұтқынның сазасын біраз бермек болып, әрі кезекшілікте сарғайып ұзақ тұрғасын көңілін біршама көтермек болып, оларды бетімен жіберді.
Тұтқындар Андреаға кимелеп жетіп келді, кейбіреулері тіпті:
— Башмақпен соғыңдаршы өзін! — деп даурығысты.
Осы бір рақымсыз қатал әзілдің мән-жайы мынадай:
Серіктеріне жақпай қалған тұтқынды башмақпен емес, тағалы етікпен ұрады.
Енді біреулері бұған шырмауықты қолданайық десті — бұл ермектің мәнісі де әлгімен қарайлас: ұзын сүлгі ішіне құм, қиыршық тас, бар болса, қара бақыр салады да, оны ширата есіп, құрбандыққа шалынған байғұсты шынжырмен ұрған сияқты бас-көз демей соққылай береді.
— Мына қырымпозды біраз сабап алайық! Мәртебелі мырзаны сабайық! — десті олар шуылдасып.
Бірақ Андреа оларға қарай бұрылып, көзін қулана бір қысып, ұртын томпайтып, таңдайын қағып қалды — бұл лаждың жоғынан үн шығармай тұрған қарақшылардың бір-біріне беретін белгісі еді.
Бұл белгіні оған кезінде Кадрусс үйреткен.
Тұтқындар әріптестерін тани қойды.
Табанда есулі сүлгі жазылып сала берді, тағалы етік бас жендеттің аяғына қайта киілді. Дереу: «Бұл мырзаның айтқаны дұрыс, оның не істеп не қоямын десе де өз еркі, біз, тұтқындар, ар-ождан еркіндігінің үлгісін көрсетпекпіз», — деген дауыстар естіліп жатты.
Жұрттың толқуы басылды. Бұған аң-таң болған күзетші дереу Андреаны қолынан шап беріп ұстай алып, оның тұла бойын тінте бастады, өйткені Арыстан оры тұрғындарының көңіл күйінің оқыс өзгергенін, жігіттің жұртқа жағымдылығынан гөрі, басқа бір маңыздырақ себептен болған шығар деп ойлап қалды.
Андреа біраз күңкілдегенмен, қарсылық жасамады.
Кенет, ойламаған жерден, темір торлы есік сыртынан қарауылшының:
— Бенедетто! — деген даусы шықты.
Күзетші шеңгеліне түскен тұтқынды босата қойды.
— Мені шақырып жатыр! — деді Андреа.
— Қабылдау бөлмесіне жет! — деді қарауылшы айқайлап.
— Әне, көрдіңіз бе, маған бір кісі келді. Сүйіктім, князь Кавалькантиге қарапайым пенделер сияқты қарауға бола ма, болмай ма, сіз оны білесіз әлі.
Андреа жолдастарын, тіпті күзетшінің өзін таңғалдыра, аула ішімен жүгіріп барып, жартылай ашық тұрған есікке кіріп кетті.
Оны шынында қабылдау бөлмесіне шақырған екен, бұған Андреаның өз басы аң-таң қалды, сол сияқты жұрттың да таңданбасына болмай қалды, өйткені JIa-Форс түрмесіне келіп түскеннен кейін, өзге тұтқындар сияқты, хат жазып, көмек сұраудың орнына, бұл сақтық жасап, ләм деп тіс жармай қойған.
«Сөз жоқ, менің бір құдіретті қамқоршым бар, — деп ой толғады ол. — Аяқ астынан пайда болған бақыт, бөгет біткеннің бәрінен оп-оңай өтуім, ойламаған жерден табылған әке, әйгілі атым, алтынның жаңбырдай жаууы, алда күтіп тұрған бай қалыңдық — осының бәрі-бәрі әлгі ойымның айғағы. Тосын бір сәтсіздіктен, қамқоршымның басқа бір жаққа кетіп қалуы себебінен су түбіне кеттім, бірақ біржолата кеткен жоқпын. Шарапатты қол бір сәт менен айнып кеткен, амандық болса, ол қайта созылып келіп, мені шыңырау шетінде тұрған жерімнен құтқарып алады. Ендеше, маған абайламай, құр жанталасудың қажеті бар ма? Онда құдіретті қамқоршым менен сырт айналуы ғажап емес. Оның маған қолұшын ұсынатын екі жолы бар: біріншісі, алтын беріп, астыртын қашыру, екіншісі, мені ақтап жіберуі үшін соттарға ықпал жасау. Менен елдің бәрінің сырт айналғанына ақиқат көзім жеткенше, тіс жарып, тіл қатпаймын, қам-қарекет жасамай тоса тұрамын, ал содан кейін...»
Андреа қашып кетудің бір жымысқы жоспарын жасап та үлгерген еді: бұл сұмырай қажет кезінде батыл шабуылға шығуды да, қайсарлықпен қорғануды да кәміл білетін.
Түрменің зәбір-жапасына, толып жатқан жоқшылыққа оның еті өліп кеткен-ді. Бірақ біртіндеп, там-тұмдап жүріп, табиғат, дұрысы, күнделікті әдет бұған өз дегенін істеткен. Андреа осында аш-жалаңаш, кір-қожалақ болып жүргеніне қатты қорланады. Оның төзімі таусылып біткен болатын.
Қарауылшы айқайлап, қабылдау бөлмесіне шақырған кездегі Андреаның көңіл күйі, міне, осындай еді.
Қуанғаннан жігіт жүрегі лүпілдей соқты. Тергеуші шақырды дейін десе ертерек, ал түрме бастығы немесе дәрігер шақырды дейін десе — кешірек; демек, бұл көптен күткен кісі болса керек.
Андреаны әкеліп кіргізген қабылдау бөлмесі темір торының сыртынан, ол өзінің елеурей алаңдаған өткір көзімен Бертуччоның байсалды да ақылды жүзін көрді. Бертуччо осынау торларға, есіктің қара құлыптарына, тор ішінде қараңдап жүрген кісілерге мұңлы кейіппен таңдана қарап тұр екен.
— Бұл кім? — деді Андреа үрпие дауыстап.
— Бенедетто, есенсіз бе? — деді Бертуччо өзінің әуезді қоңыр үнімен.
— Сізбісіз, бұл сізсіз бе! — деді жас жігіт қорыққанынан жан-жағына алақтай қарап.
— Ойбой, сорлы-ай, сен мені танымай қалғансың ба? — деді Бертуччо, ол мына қабырғалардың саққұлақ екенін жақсы білетін. — Құдай үшін, жайырақ сөйлеңізші!
— Сен менімен оңашада, бетпе-бет сөйлескің келе ме? — деді Бертуччо.
— Иә, иә, — деді Андреа оған.
— Мақұл.
Сосын Бертуччо қалтасын тінткілеп, әйнек есіктің сыртында тұрған күзетшіге бір белгі берді.
— Оқы! —деді ол.
— Ол не? — деді Андреа.
— Сені жеке бөлмеге кіргізуге және оқтын-оқтын келіп, көріп тұру жөніндегі бұйрық.
Андреаның қуанғаннан даусы шығып кетті, бірақ табанда өзін-өзі тежеп, іштей тіл қатты:
«Тағы да жұмбақ қамқоршым! Мені ұмытпайды, әйтеуір! Жеке бөлмеде менімен сөйлескісі келгені — құпия бір сырдың болғаны. Олар менің уысымда... Бертуччоны менің қамқоршым жұмсаған!»
Күзетші бастығымен сөйлесіп, темір торлы есікті ашты да қуанғаннан есі шығып кеткен Андреаны екінші қабаттағы терезесі аулаға қарайтын бір бөлмеге әкеліп кіргізді.
Түрмелерде әдетте бөлмелерді әктеп қояды, сол себепті осы бөлме де тұтқынға бір түрлі көңілді, көз қаратпайтын жарық болып көрінді: пеш, кереует, стол мен орындық оның бар жасау-жабдығы еді.
Бертуччо орындыққа отырды да, Андреа кереуетке құлай кетті.
Күзетші сыртқа шықты.
— Сен маған не айтайын деп едің? — деді граф Монте-Кристоның іс басқарушысы.
— Өзіңіз ше?
— Әуелі сен сөйле.
— Жоқ, тәлкекті қойыңыз, маған келген екенсіз, өзіңіз сөйлеңіз.
— Солай-ақ болсын, мақұл. Сен қылмыс жасауыңды қоймадың. Ұрладың-жырладың, кісі өлтірдің.
— Сіз мені жеке бөлмеге әдейі әкелгенде, тек осы жайтты айту үшін әкелсеңіз, онда босқа арамтер болыпсыз. Мұның бәрін өзім де білемін. Бірақ мен білмейтін де бірдеңелер бар. Егер рұқсат етсеңіз, соны сөз етелік. Сізді жіберген кім?
— Сіз тым асығып кеттіңіз, Бенедетто мырза?
— Иә, мен мақсатыма бірден төтелеп тарттым. Көп сөзді қайтеміз. Сізді жіберген кім?
— Ешкім де емес.
— Менің түрмеге түскенімді қайдан білдіңіз?
— Мен, Елисей Далаңында күймемен әрлі-берлі зулатып жүрген жылтыр бет арсыздың сен екенін баяғыда білгенмін.
— Елисей Далаңында!.. Пәле, әлгі бала ойынында айтылатындай-ақ, «ыстық» болып кетті ғой. Елисей Далаңында дейсіз!.. Солай, солай дегін, қаласаңыз, менің әкем туралы сөйлесейік.
— Ал мен кіммін?
— Сіз, қадірменді мырзам, сіз менің өгей әкемсіз... Бірақ небәрі бес айдың ішінде оңды-солды шашқан жүз мың франк ақшаны менің еркіме беріп қойған сіз емессіз ғой деп ойлаймын; асыл текті итальян әкені де маған сүмірейтіп тауып бере қойған да сіз емессіз; мені зиялы қауымға жетелеп апарып кіргізген де, бір ғажайып тойға шақырған да сіз емессіз, сол тойды ойлағанда әлі күнге дейін сілекейім шұбырады. Отейль есіңізде ме, сонда Париж қауымының қаймағы, тіпті король прокурорының өзі болып еді-ау, жазған басым, сол кезде онымен жақсылап танысып алсам етті, сонда ғой оның маған тап қазір көп пайдасы тиген болар еді. Әлгі дүйім жұрт алдында масқара болып әшкереленерден сәл бұрын маған екі миллионға кепілдеме берген де сіз емессіз ғой... Сөйлеңіз, құрметті корсикан сабазы, сөйлеңіз...
— Сонда менің не айтқанымды қалайсың?
— Саған қол ұшын берейін. Сіз әлгіде ғана Елисей Далаңын сөз еттіңіз, аса құрметті, асыраушы әкетайым менің.
— Түу, онда не тұр?
— Онда ма, онда дейтінім, Елисей Далаңында ғажайып бір мырза тұрады, өзі шылқыған бай.
— Соның үйінен сен бірдеңе ұрлап, кісі өлтірдің ғой?
— Иә, солай сияқты.
— Граф Монте-Кристо ма?
— Расын айтқандай-ақ, оның атын өзің атадың... Ендеше, мен жүгіріп барып, оның құшағына кіріп, жүрегіне жүрегімді басып тұрып, Пиксерекур58 сияқты: «Әке! Әке!» — деп айқай салуым керек пе?
— Отпен ойнама, оның есімі тап осы арада сен арсыздықпен айта салғандай, оп-оңай айтылмайды, — деді Бертуччо қаһарланып.
— Солай деңіз! Неге айтылмауға тиіс? — деді Андреа Бертуччоның салтанатпен қатал сөйлегеніне қайран қалып.
— Өйткені әлгі есімнің иесіне тәңірінің шарапаты түскен адам, сол себепті де ол сен сияқты жексұрынға әке бола алмайды.
— Сөздерінің айбарлысын-ай...
— Егер сақтанып жүрмесең, істері де айбарлы!
— Қорқытпақсыз ба? Сужүректі тапқан екенсіз.
— Сен осы бізді өзің сияқты түкке тұрмайтын тәйтік деп ойлап отырғаннан саумысың? — деді Бертуччо салмақпен жайбарақат сөйлеп, Андреа бұдан іштей шошып кетті. — Әлде каторжниктермен немесе зиялы қауымның аңқау-әңгүдіктерімен істес болып отырмын деп ойлайсың ба?.. Бенедетто, сен құдіретті кісінің қолындасың; со қолдың сені босатып жібергісі келеді, есің барда соны пайдаланып қал. Со қол әзірге, қас қағымға, жай отын бір шетке ысырып қойды, ойнама найзағаймен, егер сен оның көздеген мақсатына кедергі келтірмек болсаң, жай оғы қайтадан қолында ойнайды.
— Менің әкем кім?.. Мен әкемнің кім екенін білгім келеді?.. — деді Андреа қасарысып. — Meн оны өлсем де білемін. Дау-жанжал дегеніңнен қорықпаймын. Журналист Бошан айтқандайын, мен үшін жанжал... Тек пайда... Әйгілі болу... жарнама. Ал мына сіздерге, үлкен, зиялы қауымның адамдарына, миллиондаған ақшаңыз бен гербтеріңізге қарамастан, дау-жанжал дегенің әрқашанда қауіпті... Хош, сонымен, менің әкем кім болды?
— Мен осында саған соның атын айтуға келдім.
— Солай деңізші! — деді Бенедетто дауыстап, оның көзі қуаныштан жайнап кетті.
Бірақ сол сәтте есік ашылып, түрмеші келіп кірді.
— Кешіріңіз, сударь, тұтқынды тергеуші тосып отыр, — деді ол Бертуччоға қарап.
— Жарайды, — деді Андреа. — Жандарм мырзалар, өміріңізге құлдық... Сударь, рақым етіп, конторға оншақты экю ақша тастап кетсеңіз, сонда бұлар маған мұқтаж нәрсемнің бәрін берер еді.
— Оны жасауға болады, — деді Бертуччо.
Андреа оған қоштаспаққа қолын созып еді, бірақ Бертуччо өз қолын қалтасынан суырмай, тек теңгелерді сылдыратты да қойды.
— Менің ойлағаным да осы еді, — деді Андреа ыржиып күлген болып, ол Бертуччоның мүлде міз бақпай, жайбарақат тұрғанынан жасып қалған-ды.
«Шынымен-ақ қателескенім бе? Көрерміз әлі!» — деді ол темір торлы үлкен күймеге отырып жатып.
— Қош болыңыз, сударь, — деді ол Бертуччоға қарап.
— Ертең көріскенше! — деді іс басқарушы.
XI. СОТ
Аббат Бузони мен Нуартье екеуі Валентинаның бөлмесінде оңаша қалғанын, қаза тапқан бейбақ басында шал мен священниктің қатар отырғанын оқушыларымыз ендігі есіне түсірген де болар.
Бәлкім, аббаттың діни-христиани уағызы, оның шарапатты мейірімі, келісті сөздері шалдың қайрат-жігерін қайта тудырды ма, қайдам, әйтеуір, священник онымен сұқбаттасып-сырласып, біраз сөйлескеннен кейін, Нуартье бұрынғыдай бұл дүниеден күдер үзіп, күйзелмеді, қайта, «құдай салды — мен көндім» деп тынышталып, түсініксіз бір сабырлы-салқын күйге түсті. Валентина дегенде шығарда жаны басқа қарияның мына қылығын көргенде жұрт бұған қайран қалысты.
Вильфор қарияны қызы қайтыс болған күннен бері көрмеген. Қазір күллі үй қызметшілері жаңғыртылған еді: король прокурорына басқа малай, Нуартьеге — басқа дәйекші жалданып алынған-ды. Де Вильфор ханымға қызмет етуге екі күтуші келді, осы үйдің есікшісінен бастап, көшіріне дейінгі бүкіл қызметшілері жаңа адамдар еді. Бұлар осынау қарғыс атқан үй иелерінің ара-арасына тосқауыл сияқты тұрып алып, бір-бірімен онсыз да самарқау-салқын қабақ танытып жүрген ара қатынасын біржолата тыйып тастаған тәрізді. Бұған қоса сот мәжілісі енді үш күннен кейін ашылуға тиіс еді, сол себепті де Вильфор кабинетін жауып алып, Кадруссты өлтірген кәззапқа қарсы айыптау сөзін қажымай-талмай, жанталаса әзірлеп жатты. Граф Монте-Кристо аздап та болса, араласқан күллі істер сияқты, бұл қылмысты іс те Парижді жаппай шулатып жіберді. Дәлел-деректің өзі де даулы тәрізді: ол бұрынғы каторжниктің, айыпты адамның ескі жолдасының жан тәсілім етерде жазып кеткен бірер ауыз сөзі ғана, бәлкім, ол жолдасына өшігіп немесе кек алғысы келіп, жалған жала жапқан шығар; берік сенім тек король прокурорының жүрегіне ғана ұялаған: ол Бенедетто айыпты деп іштей бір берік түйінге тоқталған және сот мәжілісіндегі осынау қиын жеңіс оның көңілінде бір қанағат сезімін тудырар, сөйтіп, мұздай болып қатып қалған жанымды жібітер деп ойлаған. Вильфордың жатпай-тұрмай жасаған қажырлы жұмысының арқасында тергеу-тексеру аяқталып қалған-ды. Соттың алдағы мәжілісін ол осы іспен ашпақ болған. Сот мәжілісіне кіруге билет сұраған қисапсыз көп жұрттан қашып, ол іргесін елден бұрынғыдан бетер аулақ салған-ды.
Мұның үстіне Валентина сорлыны қара жер қойнына салғалы да көп болған жоқ, үй ішінің қайғы-қасіреті әлі басыла қоймаған, ендеше, өзінің жан жарасын ұмыттыратын борышты қызметін атқаруға әке байғұс құлшына кіріссе, оған кім қой дей алады.
Вертуччо Бенедеттоның әкесінің атын айту үшін оған екінші рет келетін күннің ертеңіне, жексенбіде Вильфор Нуартье шалды бір-ақ рет, онда да көз қиығымен ғана көрді. Жұмыстан әбден шаршаған Вильфор, жегідей жеген ойдан бір сәт те құтыла алмай, қабағы қатып, еңсесі түсіп, бау ішіне шыққан, көкнәрдің селтиіп-селтиіп тұрған ұп-ұзын түйнегін асасымен қағып түсіретін Тарквиний сияқты, ол да жаз күндері жұпар иісін төңірегіне таратқан ғажайып гүлдердің елесі тәрізденіп, аллеяны қуалай өсіп тұрған раушандардың серейген сабақтарын таяғымен ұрып, жұлып түсіріп келе жатты.
Ол әлденеше рет баудың шетіне дейін, оқушыларымызға ілгеріден мәлім: құлазып бос жатқан бақша қасындағы қақпаға дейін барып, сол аллеямен аяңдай басып, қайтып келе жатқанда көзі кенет үй алдында мәз болып ойнап жүрген баласына түсті.
Сосын үйдің ашық тұрған бір терезесінен Нуартьені көрді, ол шамасы әлі де қуаты қайта қоймаған күн шуағына жылынғысы келді ме, креслосын терезе алдына жылжытып әкелуге әмір етті: батар күннің жұмсақ нұры солып бара жатқан шырмауық гүлдері мен балконды орап тастаған жабайы жүзімнің күрең жапырақтарына шапағын шашып тұрды.
Вильфорға көрінбейтін бірдеңені шал көзімен ішіп-жеп барады. Осынау көздің әлгі нәрсені өртеп жіберетіндей өшпенділік отын шашып қарағаны сондай, әкесінің ішкі сырын бет-аузына қарап, айнытпай танитын король прокуроры: бұл осы кімге шұқшиып отыр екен, соны білейін деп бір бүйірге бұрылып барып, әлгі жаққа қарады.
Сонда ғана ол жапырақтары түсіп, жалаңаштанып қалған жөке ағашының түбінде кітап оқып отырған де Вильфор ханымды көрді; әйел баласына қарап жымию үшін немесе оның мейманжайдан далаға ерегісе лақтырған резеңке добын қайта тастау үшін әлсін-әлсін кітап оқуын қояды. Вильфордың өңі қуарып сала берді, — ол шалдың көкейінде не жатқанын бірден түсінді.
Кенет Нуартье бұрылып, баласына қарады, енді отты көздің қызуын Вильфордың өзі сезді, өңменінен қадалған осы бір оқ көз бұған басқа нәрсені айтады, әлі де әлгідей қаһарлана айтады.
Вильфор ханым бұны көздерімен ата қараған екеудің іштей шарпысып қалғанынан бейхабар отырған күйі, әлгіде ғана қағып алған допты баласына көрсетіп: мынауыңа ие бол, бері келіп, бетіңнен сүйгіз деп ымдап жатты, бірақ Эдуард шешесін көп жалындырды, оның аймалап сүйетіні баланы онша қызықтырмайтын тәрізді, ақырында ол шешесінің айтқанына көніп, терезеден гелиотроп гүлі мен қытай астрасы өскен клумбаға қарғып түсіп, де Вильфор ханымның қасына жүгіріп келді. Де Вильфор ханым оны маңдайынан шөп еткізіп бір сүйді, содан кейін бала бір қолында добы, екінші қолында бір уыс конфеті, қайтадан үйге қарай томпаңдап жүгіріп бара жатты.
Вильфор жыланның арбауына түскен құс сияқты, сиқырлы бір күш жетелеп, үйге қарай жүре берді, бұл жақындаған сайын Нуартьенің көзі баласының әр қадамын бағып, аңдып отырғандай сол себепті де оның қарашығы Вильфордың жүрегіне біздей қадалып, күйдіріп жатқандай еді. Осынау қарасынан Вильфор әкесінің өзін ызғарлана айыптап, қатыгез бір қимылға шақыратынын сезді. Осыдан кейін Нуартье баласының құдай алдында берген антын ұмытып кеткенін есіне салғандай, жайлап көкке көзін көтерді.
— Есімде, сударь. Шыдаңыз. Тағы бір күнге шыдай тұрыңыз. Сертімді ұмытқан жоқпын, — деп жауап қатты Вильфор.
Осы сөзден көңілі жайланды ма, әйтеуір, Нуартьенің назары басқа жаққа ауды.
Вильфор буынып бара жатқасын, қолы дірілдеп, жағасының ілгегін ағытты да, маңдайын бір сипап, кабинетіне қайтып келді.
Әдеттегі қалпымен түн де өтті; үй іші түгел ұйықтап жатты. Тек Вильфор ғана бұрынғы дағдысымен төсекке жатпай, таңғы сағат беске дейін бас көтермей жұмыс істеді, тергеушілердің осының алдында ғана жүргізген тергеу қағаздарын тексере қарап, асықпай оқыды, куәлардың жауаптарын бір-бірімен салыстырып, өзінің айыптау актісінің кей жерлерін жөндеп, нақтылай түсті, бұл оның өмір бойы жасаған актілерінің ішіндегі ең бір дәлелді де, дәйекті, шебер жазылған акті еді.
Ертең, дүйсенбі күні таңертеңмен сессияның бірінші мәжілісі болуға тиіс. Вильфор осы бір ызғарлы таңның бозарып атып келе жатқанын, оның көгілдір жарығында қызыл сиямен жазған акт жолдарының нұрланып шыға келгенін көрді. Король прокуроры аз уақыт көз шырымын алмақ болды; шырағданның оты әлсіреп, сөніп барады, ол шырақтың пытырлаған үнінен оянып кетті де, саусақтарының қанға боялғандай ылғалданып, қып-қызыл болып тұрғанын байқады.
Ол терезені ашты, көкжиекте қарауытып тұрған зәулім теректерді ортасынан қиғаш кесіп тастағандай-ақ бір қызыл жолақ аспан төсін жарып өтіпті. Қақпаның ар жағындағы қаңырап бос қалған бақша үстінде бір бозторғай биікке шығып алып, таң жырын шырқап тұр.
Вильфордың тұла бойын таң самалы кеуледі, оның ой-санасы ашыла түскендей болды.
— Сот күні де келді, енді бүгін әділ соттың семсері айыптылардың бәріне аяусыз сермеледі, — деді ол өзіне-өзі сөйлеп.
Оның жанары еркінен тыс Нуартье терезесіне қарай, кеше шалды көретін терезеге қарай ойысты.
Терезенің пердесі түсірулі екен.
Бірақ соған қарамастан Вильфор әкесінің бейнесін қаз қалпында көргені сондай, оның қараңғы терезесі тап бір ашық қалып, содан қаһарлы шалдың өзі қарап тұрғандай сезініп басын солай қарай бұра берді.
— Иә, енді қам жемей-ақ қой, алаң болма! — деді ол күбірлеп.
Басын төмен салып, ол кабинетті бірнеше рет айналып шықты. Сосын шешінбестен диванға барып құлай кетті — ұйықтау үшін емес, кірпік ілмей, жазу столында жұмыс істегеннен сіресіп, қалжырап қалған денесіне біраз тыным-тыныс бермек болды.
Бір-бірлеп үй ішінің адамдары да түгел тұрды. Вильфор өзінің кабинетінде отырып, күнделікті тірліктің үйреншікті дыбыстарын естумен отырды: есіктердің тырсылы, де Вильфор ханымның күтушісін шақырған қоңырауының шылдыры, ұйқыдан қуанып, көңілді оянған Эдуардтың (мұның жасында бәрі де осылай оянады) жадырай шыққан алғашқы даусы — бәрі де мұның құлағына жетіп жатты.
Кезегі келгесін, Вильфор қоңырау қақты. Жаңа камердинері кіріп, газеттерді әкелді.
Газетпен бірге ол бір кесе шокалад ала келді.
— Мынау не? — деді Вильфор.
— Шокалад.
— Мұны сұрамап едім ғой. Менің қамымды құлқын сәріден ойлап жүрген кім екен?
— Де Вильфор ханым. Ол сізді біраз әлденіп алсын, өйткені бүгін Бенедеттоның кісі өлтіргені жайлы іс тыңдалады, сол себепті де сіз көп сөйлейсіз деді.
Сосын камердинер диванның қасындағы өзге столдар сияқты, хат-қағаз сірестіре қойылған столға апарып, алтын жалатылған кесені қойды.
Камердинер сосын сыртқа шығып кетті.
Вильфор кесеге тұнжырай қарап тұрды да, оны қолы қалтырап барып алып, тамағына төңкере салды. Ол, шамасы, осы сусыннан ажалымды табамын, сөйтіп, мойнымдағы парызымды орындамай өлемін деп ойлаған сияқты, өйткені әлгі парызды орындау бұған өлуден де қиын болатын. Сосын ол ырсия күлімсіреп, кабинет ішінде олай-бұлай жүре бастады, прокурорды тап сол сәтте көрген кісі оның мына түрінен шошып кетер еді.
Шоколадтың зәредей де зияны тимеді.
Ертеңгі ас болғанда, Вильфор дастарқан басына келмеді.
Камердинер кабинетке қайта келіп кірді.
— Де Вильфор ханым сізге сағаттың он бірді соққанын, сот мәжілісі он екіге тағайындалғанын айтыңыз деп мені әдейі жіберді.
— Мейлі, онда тұрған не бар? — деді Вильфор.
— ...Ханым сізбен бірге баруға бола ма? — деп сұрайды.
— Қайда?
— Сот мәжілісіне.
— Неге?
— Жұбайыңыз: «Соттың осы мәжілісіне қайтсем де қатысқым келеді», — дейді.
— Ах, оның аңсары ауған екен-дағы! — деді Вильфор ызғарланып.
Камердинер бір қадам кейін шегінді.
— Егер жалғыз кеткіңіз келсе, ханымға айтып барайын, — деді ол.
Вильфор өліктей қуарған жүзін ысқылап, түнеріп тұрып қалды.
— Де Вильфор ханымға менің онымен сөйлескім келетінін, сол себепті де өз бөлмесінде мені біраз күте тұруын сұрайтынымды айтып барыңыз.
— Құп болады, сударь.
— Сосын менің сақал-мұртымды қыруға келерсіз.
— Қазір келемін.
Камердинер шығып кетіп; тез қайтып келді де, Вильфорды бипаздап қырып, қара киімін киюге көмектесті.
Содан кейін барып:
— Де Вильфор ханым сізді күтіп отыр, — деді.
— Қазір барамын.
Вильфор папкасын қолтығына қысып, қалпағын қолына алып, әйелінің бөлмесіне қарай беттеді.
Есік алдына келгенде сәл-пәл аялдап, маңдайының терін сүртті.
Сосын есікті ашты.
Де Вильфор ханым оттаманка үстінде жайғасып алып, қолына іліккен журналдар мен кітапшаларды асығыс парақтап отыр екен, олардың кейбіреулерін шешесі оқып үлгермей жатып, Эдуард жұлып алып, дарылдатып жыртып жатты.
Әйел далаға шығуға даяр екен; қолына биялайын киіп алыпты, телпегі қасындағы креслода жатыр.
— Ә, міне, сіз де келдіңіз, — деді ол жайбарақат тіл қатып. — Құдай-ау, қан-сөлсіз бозарып кетіпсіз ғой! Тағы да түні бойы жұмыс істедіңіз бе? Бізбен бірге отырып, ертеңгі асты ішуге де келмедіңіз. Мені өзіңізбен ала кетесіз бе? Әлде Эдуардты ертіп барайын ба?
Де Вильфор ханым күйеуіне он сан сауалды бірден қойды, бірақ Вильфор әйел алдында меңіреу мүсін сияқты үн-түнсіз мелшпіп тұра берді.
— Эдуард, — деді ол бір кезде баласына бұйыра бір қарап, — мейманжайға барып ойнай тұршы, шешеңмен оңаша сөйлесетін бір сөзім бар еді.
Де Вильфор ханым дір етіп, үркіп қалды: күйеуінің самарқау салқындығы, қатал үні шошытайын деді.
Эдуард басын көтеріп шешесіне қарады да, оның әке бұйрығын тыңда деген белгісін көрмегесін, бұрынғы қалпы қола солдаттарының басын бір-бірлеп кесе берді.
— Эдуард! Есіттің бе? Бар! — деді Вильфор саңқ етіп, со сәтте бала от басқандай ыршып түсті.
Өмірінде мұндай қатал сөзді естімеген бала қалтырап, аппақ болып үрпиіп қалды, оның ызаланғанынан, әлде қорыққанынан осылай қуарғаны беймағлұм.
Әкесі баласына барып, иығынан ұстап, маңдайынан сүйді.
— Бар, бара ғой, балам! — деді ол баяу ғана.
Эдуард шығып кетті.
Вильфор есікке барып, ысырмасын салды.
— Құдай-ай, сақтай гөр! — деді де Вильфор ханым күйеуінің көкейінде не тұрғанын білмек болып: ол жымиып күлген болды, бірақ күйеуі бедірейіп бір қарағаннан күлкісінің ізі де қалмады. — Құдайым-ай, тағы не болып қалды?
— Сударыня, әлгі қажетіңізге жаратып жүрген уды қайда сақтаушы едіңіз? — деді король прокуроры төтелеп, сөзді онша көбейтпей.
Қарақұс соңынан қалмай шүйіліп ажалын төндірген дәрменсіз бозторғай сияқты, де Вильфор ханымның да жаны түршігіп, қалтырап кетті.
Көкпеңбек болып тұншығып тұрған де Вильфор ханымның аузынан айқай да емес, ah ұрып күрсіну де емес, әйтеуір, қарлыға, жарықшақтана шыққан бір жан дыбысы естілді.
— Мен... мен сіздің не айтып тұрғаныңызға түсінбедім, — деді ол бәсең.
Ол орнынан тұрайын деп еді, әл-дәрмені таусылып, қайтадан оттаманка көпшігіне сылқ етіп отыра кетті.
— Мен сізден қайын атам маркиз де Сен-Меранды, қайын енемді, Барруаны, қызым Валентинаны улап өлтірген у дәріні қайда жасырып жүрсіз деп сұрап тұрмын! — деді Вильфор салмақты сабырмен.
— Сіз не айтып тұрсыз, сударь? — деді Вильфор ханым дауыстап өз қолын өзі уқалап.
— Сіздің міндетіңіз — сұрау емес, жауап беру.
— Күйеуіме жауап берейін бе, әлде, сотқа жауап берейін бе? — деді де Вильфор ханым сасқанынан.
— Сотқа, сударыня!
Өңі өліктей қуарып, көзі жан ұшыра жайнап, қалтырап тұрған осы әйелге қараудың өзі қорқынышты еді.
— О сударь... — деді ол күбірлеп.
Осымен оның үні өшті.
— Сіз маған жауап қатпадыңыз, сударыня, — деді дауыстап, айбарлы әшкерелеуші. Сосын ол ашу-ызадан да өткен жұмсақ күлкімен жымиып тұрып. — Рас, бірақ сіз мойындамай да тұрған жоқсыз! — деді тағы да.
Әйел бір қозғалып қойды.
— Иә, сіз өз кінәңізді жоққа шығара алмайсыз, — деді Вильфор әйелге қарап қолын сермеп, — осы қылмыстардың бәрін сіз өмірде болып көрмеген зымиян зұлымдықпен жасағаныңыз сондай, ол тек өзіңізге тілеулес кісілерді ғана адастыра алатын еді. Маркиза де Сен-Меранның өлімінен кейін мен үйімде улаушы бір сұмның барын білгенмін; д'Авриньи мені солай деп ескертіп те қойған; Барруа қаза тапқаннан кейін, бір құдайдың өзі кешірсін пендесін, періште қызымнан күдіктеніп жүрдім! Тіпті қылмыс анық болмаған күннің өзінде, менің көңілім ұдайы күдікке күпті болады; бірақ Валентинаның ажалынан соң, сударыня, жүрегім күдік атаулыдан арылды, тек мен ғана емес, жұрттың бәрі де күдігінен арылды. Сонымен, сіздің екі кісі ғана білетін, бірақ көптеген кісілер осыдан деп күдіктеніп жүрген қылмысыңыз елге жайылады. Және әлгі әзірде айттым ғой, сударыня, енді сізбен күйеуіңіз емес, сот сөйлесіп тұр!
— Сыртқы белгілерге сенбеңіз, жалынамын сізге, — деді әйел сыбырлап.
— Сіз осындай сужүрек қорқақ па едіңіз? — деді Вильфор тыжырынып. — Рас, кісіге у беретіндердің қоянжүрек қорқақ болып келетінін әманда байқайтынмын. Өзіңіз қолыңыздан у берген қос қария мен кінәсіз жас қыздың қалай азаптанып өлгенін көруге жүрегіңіз шыдап еді ғой?
— Сударь!
— Сіз шынымен-ақ қорқақсыз ба? — деді бірте-бірте бүйірі қызған Вильфор сөзін сабақтап. — Сіз төрт адамның жантәсілім етердегі минут-сағаттарын санап тұрдыңыз, сұмдық қара ниетіңізді жүзеге асырдыңыз, әлгі бір у дәріңізді кісі қайран қалатын шеберлікпен және батылдықпен жасадыңыз! Бәленің бәрін күні ілгері өлшеп-пішіп қойғанда, осы қылмыстарыңыз әшкерелене қалған күнде, арты немен бітерін қалайша ойластырмағансыз? Олай болуы мүмкін емес; сіз, бәлкім, пешенеңізге жазған зауалды жазадан құтылу үшін, ең тәтті, ең тез тиетін сенімді уды өзіңізге арнап қойған шығарсыз... Мен сізді соны дайындап қойды ғой деп сенемін, солай ма?
Де Вильфор ханым қолын уқалап, тізерлеп отыра кетті.
— Байқаймын, сіз қылмысыңызды мойындайтын сияқтысыз, бірақ сот алдында мойындағаныңыз және қылмыстан бас тарту мүлде мүмкін болмай, тек мойындаудан басқа шара қалмайтын ең соңғы сәтте мойындағаныңыз жазаны тіпті де жеңілдете алмайды, — деді ол нығыз сөйлеп.
— Жаза? Сіз осы бір сөзді екінші рет қайталап тұрсыз, — деді де Вильфор ханым дауыстап.
— Әрине, қайталаймын. Төрт мәрте айыпты бола тұрып, жазадан шынымен-ақ құтыламын деп ойладыңыз ба? Әлде, сол жазаны талап ететін кісінің әйелі болғандықтан да, одан аман қаламын деп дәмелендіңіз бе? Жоқ, сударыня! Қайталап айтайын, егер уландырушы әйел өзіне арнап, ең күшті удың бірнеше тамшысын сақтап қоймаса, онда у беруші, кім болса ол болсын, даусыз дарға тартылады.
Де Вильфор ханым шыңғырып жіберді, кісі жаны жиренетін сұмдық бір үрейден оның бет аузы тыржиып, бұзылып кетті.
— Қорықпаңыз, сізді мен дар тұғырына шықсын деп талап етпеймін, — деді король прокуроры, — мен сізді ел алдында масқаралағым келмейді, онда өзім де масқара боламын ғой; керісінше, менің айтқан сөзімнен сіз дарға асылып өле алмайтыныңызды ұғынуыңыз керек еді.
— Жоқ, мен ұқпадым, сіздің не айтқыңыз келеді? — деді бейбақ күбірлеп.
— Менің айтайын дегенім, король прокурорының әйелі өзінің зұлымдығымен күйеуінің өмірде кір шалмаған адал да ақ есіміне дақ түсірмейді және ері мен баласының ар абыройын төкпейді.
— Жоқ, Жоқ!
— Солай етсеңіз, сударыня, ізгі бір істі тындырасыз, сол үшін мен сізге дән риза боламын.
— Риза боламын? Не үшін?
— Әлгіде айтқан сөзіңіз үшін.
— Meн не айттым? Құдайым-ай, не айтып, не қойғанымды өзім де білмеймін! Ұмытып қалыппын! — Осыны айтты да, ол аузынан көбігі шұбырып, шашы қобырап, түрінен кісі шошитындай долырып, орнынан атып тұрды.
— Осында кіріп келгенде сізге бір сұрақ қойған едім, соған әлі жауап берген жоқсыз: күн сайын пайдаланып келген у-дәріңіз қайда?
Де Вильфор ханым дір-дір етіп қолын ысқылады.
— Жоқ, жоқ, оның беті аулақ, сіздің ойыңыз ол емес! — деді бажылдап мекер қатын.
— Мен тек бір ғана нәрсені қалаймын, сударыня, естіп тұрсыз ба, сіз дарға тартылмауға тиістісіз, — деді Вильфор оған.
— Аяңыз!
— Мен әділ соттың болғанын қалаймын. Менің жер бетіндегі парызым — қылмыстыны жазалау! — деді ол көзі жарқ-жұрқ етіп. — Егер басқа әйел кездессе, мейлі ол королеваның өзі болсын, баяғыда жендетті жұмсайтын едім. Бірақ сізге мейірім жасайын. Өзіңізге айтатын бір ғана сөзім, сударыня, күндердің күнінде керек болады деп, бірнеше тамшы ең нәзік, ең тез және мүлт кетпейтін күшті у-дәріңізді сақтап қалған шығарсыз?
— Мүсіркеңіз мені, тірі қалдырыңыз!
— Бұл, шіркін, сужүрек екен ғой! — деді Вильфор күбірлеп.
— Құдай-ай, мен сіздің әйеліңізбін ғой!
— Сіз улаушысыз!
— Құдай үшін!..
— Жоқ!
— Бұрын мені жақсы көруші едіңіз, тым болмаса, сол үшін!
— Жоқ! Жоқ деймін!
— Күнәсіз перзентіміз үшін! Жан дегендегі жалғыз баламыз үшін тірлікті қиыңыз маған!
— Жоқ! Болмайды! Егер мен сізді осы жолы тірі қалдырсам, бір кездері, бәлкім, со баланы да өлтірерсіз.
— Мен бе? Баламды өлтіремін бе? — деді есірік ана ышқына Вильфорға жетіп барып. — Эдуардымды өлтіремін бе?.. ха-ха-ха!
Со замат бір ессіз күлкі, жынданған әйелдің есірік күлкісі бөлмені басына көтеріп барып, қырылдап ыңырана үзілді.
Де Вильфор ханым қайтадан тізе бүгіп құлай кетті.
Вильфор оның қасына барды.
— Есіңізде болсын, сударыня, егер мен қайтып келгенше әділ соттың әмірі орындалмаса, сізді өзім әшкерелеп, өзім қамауға аламын, — деді ол салмақпен.
Әл-дәрменнен айырылып, жермен-жексен болған әйел оны алқынып тұрып әзер тыңдады. Оның өлі жүзінде тек көзі ғана тірі тәрізді еді.
— Ұқтыңыз ба, сударыня! — деді Вильфор. — Мен сот залына кісі өлтірген қылмыстыны өлім жазасына кесу үшін барамын... Егер қайтып келгенде, сіз әлі тірі жүрсеңіз, осы түнді Консьержери түрмесінде өткізесіз.
Де Вильфор ханым ауыр бір күрсініп, титығы құрып, кілем үстіне құлай кетті.
Король прокурорының жүрегінде аяныш сезімі оянғандай болды, оның жанары жұмсарып, сәл ұмсына түсті де:
— Қайыр қош болыңыз, сударыня! — деді жай ғана.
Осынау сөздер де Вильфор ханымға сермелген семсердей болып көрінеді.
Әйел талып түскен еді.
Король прокуроры сыртқа шығып, есікті жапты, сосын оның кілтін екі рет бұрап, тарс бекітіп тастады.
XII. СОТ МӘЖІЛІСІ
Сот әлемі мен зиялы қауымда Бенедеттоның ісі деп аталған іс жұрт арасында орасан зор сенсацияға айналды. Кафе-де-Париден, Гент бульвары мен Булон орманынан шықпайтын жалған Кавальканти Парижде тұрып, зиялы қауымның қалың ортасында жарқырап-жайнап жүрген екі-үш ай ішінде талайлармен танысып үлгерген екен.
Газеттер оның Париждегі өмір-тірлігі жайлы, каторгада басынан өткерген хикаялары жайлы жағалай жамырасып, көп-көп жайттарды хабарлап жатты. Осының бәрі қалың жұртты әсіресе князь Андреа Кавалькантиді жүзбе-жүз білген кісілерді құмар қылып, ынтықтырып қойды. Солардың бәрі жаппай, каторгада бірге болған жолдасын өлтірген Бенедетто мырзаны сотталушылар қатарынан бір көру үшін қолынан келгеннің бәрін де істеп бақты.
Көп кісілер Бенедеттоны әділ соттың құрбаны болған сорлы дегенімен, сот қатесінің құрбандығына шалынған қырсыз деп есептейтін. Кавальканти-әке мырзаны Париж тұрғындарының көбі білетін, сол себепті де олар бір күні болмаса, бір күні ол осында жетіп келіп, жайсаң жанды перзентін басына түскен бәледен арашалап, алып қалады деп ойлаған. Граф Монто-Кристоның алдына, бұрын ел естімеген венгерканы киіп келген кәрі патрицийдің келісті сырт бейнесі, сал-серіге тән келбеті мен сыпайы сырбаз мінезі жұрттың көпшілігіне қатты әсер еткен, жасырып қайтеміз, егер ол есеп-қисапқа араласпай, үн-түнсіз отыра беретін болса, кескін-келбеті шынында да нағыз асыл текті бекзатқа ұқсайтын.
Ал егер сотталатын жігіттің өз басына келетін болсақ, көп халық оны аса сүйкімді, мырза мінезді сұлу бозбала ретінде білетін, сол себепті де олар осы бәленің бәрі белгісіз бір жаудың жасап жүрген амал-айласынан деп есептейтін, өйткені байлық пен барлық кісі қолына жақсылық пен жамандықты жасай алатын билік беріп, адамдарды ел құлағы естімеген күш-құдіретке жеткізетін бұл фәниде кейде мұндай жағдайлардың болып жататыны айдан анық қой.
Сөйтіп, жұрттың бәрі сот мәжілісіне қайтсе де қатысқысы келді. Кейбіреулері сот барысын қызықтағысы келсе, енді біреулері соны сөз етуді мақсат тұтты. Ертеңгі сағат жетіден есік алдына қалың тобыр жиналды, мәжіліс басталардан бір сағат бұрын сот залы елдің таңдаулы жақсы мен жайсаңдарына толып кеткен еді.
Әйгілі сот процестері күндерінде сот қызметшілері келгенше, кейде тіпті олар келгеннен кейін де, зал бір-бірімен таныс кісілер бас қосқан мейманжай сияқтанып кетеді, егер орындарынан айырылып қаламыз деп қорықпаса, олар біріне-бірі келіп, амандасып жатады, ал егер араларын қыруар көрермендер, адвокаттар мен жандармдар айырып тұратын болса, олар алыстан бір-біріне белгі беріп, бас изеседі.
Әрі қысқа, әрі жауынды жаздан кейін, кейде қоңыр күздің бізді тамылжыған тамаша күндерімен қуантатын бір сәтті кездері болады, тап сондай маужыраған ғажайып күндердің бірі еді: ертеңгілік күн көзін көлегейлеген сұр бұлт, сиқырлап жібергендей-ақ лезде сейіліп сала берді, сол-ақ екен, жылы шуақ сентябрьдің ең соңғы, ең ашық күндерінің бірін жадыратып жайнатып жіберді.
Баспасөздің королі, қайда барса да хан тағы тәрізді жайлы орын әзір тұратын Бошан қалың көпті лорнетімен шола қарап отырды. Ол енді ғана полицейдің оң қабағына ілініп, оны өздерінің артында тұруға азғырып көндірген Шато-Рено мен Дебрэні көрді, полицей өзіне берілген правосын пайдаланып, олардың алдына тұрып алудың орнына, артына барып тұрды. Қоғам тәртібін сақтаудың қадірменді өкілі иісшіл иттей министрдің секретарын, бай миллионерді бірден сезіп қалған-ды; ол өзінің парасатты көршілеріне қызмет етуге әзір екенін көрсетіп, олардың Бошанға барып сөйлесіп қайтуына рұқсат етті, тіпті жігіттер қайтып келгенше орындарын күзете тұруға уәде берді.
— Сіздер де ана досымызды бір көруге келдіңіздер ме? — деді Бошан оларға.
— Енді қалай деп едіңіз? Біздің сүйікті князымызға қараңызшы! Итальян княздары да осындай болады екен-ау! — деді Дебрэ.
— Оның ата тегімен Дантенің өзі айналысқан ғой, бұның арғы тегі «Құдіретті комедия» заманынан дейді!
— Дарға асылатын ақсүйек қой, — деді Шато-Рено самарқау сөйлеп.
— Сіз қалай ойлайсыз, ол қандай жазаға кесілер екен? — деді Дебрэ Бошанға.
— Меніңше, мұны сізден сұрау керек, — деді журналист іле-шала, — соттың көңіл күйін сіз білмегенде кім біледі. Сіз сот председателін министрдің соңғы қабылдауында көрдіңіз бе?
— Көрдім.
— Ол не айтты сонда?
— Оны естісеңіз — таң қаласыз.
— Ендеше, тезірек айтыңызшы! Мен таңданбағалы қаш-шан.
— Ол маған жұрт: сужұқпас, жылпос, зұлымдықтың төресі деп жүрген Бенедетто, бар болғаны ауыл арасының уақ-түйек суайты, өлгеннен кейін оның френологиялық бездерін зерттеп әуре болуға тұрмайтын шолақ ойлы, тайыз бір сормаңдай деді.
— Ал ол жігіт князь рөлін кәдімгідей-ақ атқарып жүрді ғой, — деді Бошан.
— Ол сіздің өз пікіріңіз ғана, Бошан, өйткені сіз жоқ-жітік князьдарды өте жек көресіз және олар бір жаман мінез көрсете қалса, әманда мәз болып, қуанып қаласыз; бірақ мені алдай қою оңай емес: мен ата тегі шежіресінің тыңшысы сияқты, нағыз ақсүйекті алыстан танимын.
— Сонда сіз оның киязь титулына ешқашан сенбеп пе едіңіз?
— Оның князь титулына? Сенгенмін... Бірақ өзінің князь екеніне ешқашанда сенген емеспін.
— Тауып айттыңыз, — деді Дебрэ, — бірақ менің ойымша, ол өзге кісілерге нағыз князь болып көрінері анық-тын... Мен оны министрлердің мейманжайынан да көргенмін.
— Сіздің министрлеріңіз князьдарды қайдан білсін! — деді Шато-Рено жақтырмай.
— Қысқа да нұсқа, — деді Бошан күліп. — Осы сөзді мақалама сыналап жіберуге рұқсат етесіз бе?
— Еркіңіз білсін, қымбатты Бошан, сізге нақыл сөзімді өз бағасымен-ақ берейін.
— Егер мен председательмен сөйлессем, сіз король прокурорымен сөйлесуге тиістісіз, — деді Дебрэ Бошанға қарап.
— Оған мүмкіндік болды ма, міне, бір аптаның жүзі болды, Вильфор жұрттың бәрінен жасырынып жүр, иә, үй ішінің әлгі бүлдіршіндей қыздың түсініксіз қаза табуымен біткен соншама қалың қайғысынан кейін прокурордың қолға түспей қойғаны да түсінікті...
— Түсініксіз қаза? Не айтпақшысыз сонда, Бошан?
— Әрине, сіздер мұның бәрі ең әуелі сот ақсүйектерінің ісі деп, ештеңені сезбеген болып шығасыздар ғой, — деді Бошан көзіне монокль салып жатып.
— Қымбаттым, көзге монокль салып жүру өнеріне келгенде сіз Дебрэнің қарасын да көре алмай қалатыныңызды айтуға рұқсат етіңіз. Дебрэ, оның қалай салынатынын көрсетіңізші, — деді Шато-Рено бәлсініп.
— Әлбетте, мен қателеспеппін, — деді Бошан.
— Ол не?
— Соның тап өзі.
— Кімді айтасыз?
— Жұрт оны кетіп қалды деп жүрген.
— Мадемуазель Эжени ме? Немене, ол қайтып келіп пе? — деді Шато-Рено елеңдеп.
— Жоқ, ол емес, оның шешесі.
— Данглар ханым ба?
— Мүмкін емес, қызы қашып кеткен күннен он күн кейін, күйеуі банкрот болғаннан үш күн кейін бұлай жүрмес болар! — деді Шато-Рено.
Дебрэнің жүзі сәл ғана қызара түсті де, Бошан көз тігіп отырған жаққа қарады.
— Жоқ, ол емес, — деді ол, — бетін қалың кіреукемен бүркеп алған әйел шетелдің бір текті бәйбішесі болар, бәлкім, князь Кавалькантидің шешесі шығар; бірақ сіз әлгіде бір қызық әңгіме айтамын деп едіңіз, Бошан.
— Мен бе?
— Иә. Сіз Валентинаның бір түрлі түсініксіз қазасы жайлы айтып едіңіз.
— Ах, иә, ал де Вильфор ханым неге көрінбейді осы?
— Байғұс! — деді Дебрэ. — Ол, бәлкім, ауруханаларға арнап шөптен дәрі жасап жатқан шығар, әлде өзіне немесе көңілдес бикештеріне арнап, опа-далап дайындап жатқан шығар. Сол ермегіне арнап, ол жылына үш мың экюдей ақша жұмсайды дейді. Расында да, со келіншек неге көрінбейді? Мен оны қуана-қуана көрер едім, өзі маған қатты ұнайды.
— Ал мен оны мүлде жақтырмаймын, — деді Шато-Рено.
— Неліктен?
— Білмеймін. Біз біреуді неге сүйеміз? Неге жек көреміз? Менің оны жақтырмайтын себебім, маған ол мүлде ұнамайды.
— Бәлкім, соқыр сезіммен жек көретін шығарсыз?
— Мүмкін... Бірақ сіздің сөзіңізге қайта оралайықшы, Бошан.
— Мырзалар, Вильфорлардың үйіндегі кісілер неліктен шыбындай қырылып жатыр деп, шынымен толғанып көрген жоқсыздар ма? — деді Бошан сөзін сабақтап.
— Шыбындай? Тауып айтылған, — деді Шато-Рено.
— Мұндай сөз Сен-Симоннан59 да кездесуші еді.
— Ал факті Вильфордан кездеседі, ендеше Вильфор туралы сөз қозғалық.
— Несін жасырайын, сол үй туралы көп нәрсені білгім келеді, — деді Дебрэ, — міне, үш айдың жүзі болды, сол үй қара жамылумен келеді. Кеше емес, алдыңғы күні Валентинаның қазасына байланысты осы жайтты бибінің өзі сөз етті.
— «Өзі» деп отырғаныңыз кім? — деді Шато-Рено.
— Әлбетте, министрдің әйелі!
— Рақым етіңіз, мен министрлерге бармаушы едім, оларға князьдар-ақ бара берсін, — деді Шато-Рено.
— Сіз бұрын ұшқын шашушы едіңіз, барон, енді жай оғын ататын болыпсыз. Аяңыз бізді. Әйтпесе, жаңа шыққан жас пері Юпитер сияқты, бәрімізді күйдіріп жіберерсіз.
— Қойдым, ендеше, бірақ сіздер де мені аяңыздар, мазақтауды тыйыңыздар, — деді Шато-Рено.
— Тыңдаңызшы, Бошан, сырғақсуыңыз жетті енді, кеше емес, алдыңғы күні бибінің «өзі» соның мән-жайын түсіндіріп беруімді сұрады; сіз маған сол мәселе жайлы не білетініңізді айттыңыз, ал мен қолма-қол бибіге жеткізе қояйын.
— Хош, сонымен, мырзалар, — деді Бошан, — прокурордың үйінде жұрт шыбындай қырылып жатса — маған осы бір сөз ұнайды — ол үйде бір кісі өлтіруші бар деген сөз.
— Бірақ со қанішер кім?
— Қаршадай Эдуард.
Шато-Рено мен Дебрэ сақылдап күліп жіберді; бірақ Бошан аспай-саспай, әңгімесін жалғай берді.
— Иә, мырзалар, кішкентай Эдуард — ғажайып бала, кісіні үлкендерден кем өлтірмейді.
— Бұ не, тәлкегіңіз бе?
— Жоқ, мүлде олай емес, мен кеше Вильфорлардан сол күні қашып шыққан бір малайды жалдап алдым; осыған айрықша назар аударыңыздар.
— Аударғанда қандай.
— Ертең мен оны жұмыстан босатып жіберемін, өйткені ол анау үйде қорыққанынан ораза тұтқан екен, енді соның есесін қайтармақшы болып, тамақтан басын алмайды. Ал енді әлгі сүп-сүйкімді сәби бар ғой, ішінде у дәрі құйылған бір шиша тауып алады, алады да, өзіне ұнамай қалған кісілерге жаңағы дәріні бере бастайды. Әуелде оған атасы мен әжесі де Сен-Мерандар жақпай қалады, ол қос қарияға сиқырлы сусынынан үш тамызады. Сол үш тамшының өзі жетіп артылады; сосын Нуартьенің оқта-текте сүйкімді тентекке бір күңкілдеп қоятын кәрі дәйекшісі, қайырымды Барруаның кезегі келеді; Валентина бейбақ та соның кебін киеді, бір-ақ ол ерке баланың бетіне жел болып тимесе де, ана жүгермек оны көре алмаса керек. Сонымен есебін тауып, бұған да әлгі үш тамшы сиқырлы дәрісін ішкізеді, өзгелер сияқты, қыз да жан тапсырады.
— Ертек айтуды қойыңыз, — деді Шато-Рено.
— Қорқынышты ертек емес пе? — деді Бошан.
— Бұл — тіпті қисынсыз нәрсе, — деді Дебрэ.
— Сіз шындықты тура айтудан қорқып тұрсыз, — деді Бошан оған қарсы уәж айтып, — менің малайымнан, дәлірегі, ертең малайлықтан кететін кісіден сұраңызшы, бүкіл үй іші осыны сөз етпейтін көрінеді.
— Бірақ әлгі сиқырлы дәрісі не? Ол қайда екен?
— Бала оны тығып тастайды дейді.
— Қайдан алады сонда?
— Шешесінің лабораториясынан алады.
— Немене, шешесі лабораториясында у сақтай ма екен?
— Оны қайдан білейін? Сіз мені тіпті король прокуроры сияқты тергеп тұрсыз. Мен сізге жұрттан естігенімді ғана айтып тұрмын, бар болғаны сол; мен бәленің шыққан көзін айттым, одан өзгені білмеймін, әлгі сорлы малай қорыққанынан нәр татпапты.
— Бұл көңілге қонбайды.
— Жоқ, қымбаттым, оның көңілге қонбайтын несі бар, көңілге қонатын-ақ сөз, былтырғы Ришелье көшесінде тұратын бала ше, есіңізде ме, әлгі інілері мен қарындастары ұйықтап жатқанда, құлақтарына түйреуіш тығатын баланы айтамын? Қазіргі жас ұрпақ тумай жатып, пәле ойлап туатын болды ғой.
— Осы айтып тұрған сөзіңізге өзіңіз де сенбейсіз және бұған бәс тіге аламын, — деді Шато-Рено. — Мен граф Монте-Кристоны көре алмай тұрмын; оның шынымен-ақ осында келмегені ме?
— Ол — мұндайды көре-көре жалыққан кісі, — деді Дебрэ, — және оның осында келіп, бой көрсетуінің өзі қолайсыз; әлгі алаяқ Кавалькантилер о кісіні алдап кетті ғой; олар бұған жалған аккредитивтерін көрсеткен дейді, содан жүз мың франктей ақшасынан айырылып қалады, өйткені аналардың князь деген атына сеніп, жүз мыңды кепілдікке салған көрінеді.
— Шато-Рено, бір сұрайын дегенім, Моррель қалай тұрып жатыр? — деді Бошан.
— Мен оның үйіне үш рет бардым, — деді Шато-Рено, — бірақ одан ешбір хабар естілмейді. Бірақ оған қиналып қам жеп жатқан қарындасын көрмедім: ол маған: үш-төрт күннен бері өзін мен де көрген жоқпын, бірақ сау-саламат жүргеніне көзім анық жетеді деді.
— Иә, айтпақшы, граф Монте-Кристо бұл араға келе алмайды, — деді Бошан.
— Неге?
— Өйткені осынау драмаға қатысушы кісілердің бірі — графтың өзі.
— Немене, ол да біреуді өлтіріп пе? — деді Дебрэ.
— Жоқ, қайта, ол кісінің өзін өлтірмек болған. Әнебір аса қадірлі Кадрусс деген қашқынды, сол граф Монте-Кристоның үйінен шығып келе жатқан кезінде Бенедетто деген сыбайласы өлтіргені жұртқа мәлім. Қалтасынан хат шығатын әйгілі желетті де графтың үйінен тауып алғаны белгілі, соның кесірінен неке шартына да қол қойылмай қалды. Сіз со желетті көрдіңіз бе? Әне, ана стол үстінде қанға боялып жатқан со желет — дәйекті дәлел.
— Иә, иә, көрдім.
— Тынышталыңыздар, мырзалар, сот басталды. Орын-орындарыңызға барыңыздар!
Залдағы жұрт ығы-жығы қозғалып кетті, полицей «і-ім!» деген бір дыбысымен қамқорлығына алған кісілерін шақырды, есіктен кіріп келген пристав тіпті сонау Бомаршенің заманындағы приставтардың әдетімен тамағын кенеп:
— Сот келе жатыр! — деді бір ащы дауыспен.
XIII. АЙЫПТАУ АКТІСІ
Залды үнсіз, тым-тырыс тыныштық басқан кезде соттар келіп отырысты; қосымша заседательдер де орын-орындарына жайғасты: жұрттың бәрінің есіл-дерті ауып отырған Вильфор — тіпті олар таң қалып, тәнті болған десек те артық емес — иә, сол Вильфор асықпай креслосына келіп отырып, залға салмақпен көз жүгіртіп өтті.
Жұрттың бәрі осы кісінің бедірейген қатал да суық жүзіне таңырқай қарады. Оның жүзінен әке қасіретінің ізі де көрінбейді. Адамға тән сезім-түйсіктің бәрінен ада болған осы бір безбүйрек кісіден жұрт қарап жүріп қорқатын.
— Айыпталушыны кіргізіңіз, — деді председатель.
Сол-ақ екен, елдің көзі Бенедетто келіп кіретін есікке қарай ауды.
Ұзамай есік ашылып, айыпталушы кіріп келді.
Ол жұрттың бәріне бірдей, бір қалыпты әсер етті және бет әлпеті де елдің ойлағанындай болып шықты.
Кейбір кісілер қатты толқып, тебіренген кездері қанын ішіне тартып, сазарып алады, ал мұның бетінен ондай сезім байқалмайды. Ол бір қолын қалпағының жиегіне таяу ұстап, екінші қолын ақ матадан тігілген желетінің қойнына тығып жіберіп, аспай-саспай жай басып келеді. Көзқарасы да байсалды, жанары жалт-жұлт етеді. Залға кірмей жатып, соттар мен қалың көпке көз жүгіртіп қарай бастады, өзгелерден гөрі председательге, әсіресе король прокурорына көбірек көз тоқтатты.
Андреаның қасына оның жоғарыдан тағайындалған қорғаушысы (Андреа осындай уақ-түйекпен айналысқысы келмеген, ол бұған мүлде мән бермейді екен) ақсары жас жігіт келіп отырды, ол сотталушыдан гөрі көбірек қысылып, екі беті қызарып, көңілі қобалжып отыр.
Председатель айыптау актісін жария етуін сұрады.
Оны Вильфордың рақымсыз, шешен де шебер қаламы жазғаны белгілі ғой.
Айыптау актісін тап осылай ұзақ оқыған кездері, өзге кісі болса мың өліп, мың тірілер еді, бірақ Андреа осы сынақтан ежелгі спартандар сияқты, өзін сергек ұстап, қиналмай өтті, сол себепті көпшілік те одан көз жазбады.
Вильфор, бәлкім, ешқашанда тап қазіргідей ойын анық та қысқа айтатын шешен болып көрмеген шығар, қылмыс нәшіне келтіріліп келістіре баяндалған-ды. Айыпталушының өткен өмірі, ішкі бейнесінің бірте-бірте өзгеруі, әрбір қимыл-әрекеті жүйе-жүйесін тауып, жас күнінен бастап тегіс қамтылып, өмірді, адам жанын жете білетін король прокурорының асқақ ақыл-ойының күш-құдіретімен анық та толық суреттелген еді.
Бенедетто заң жолымен жазасын алам дегенше, қоғами пікір алдында, мына кіріспе сөздің өзімен-ақ енді қайта тұрмастай біржолата өлтірілген болатын.
Тағдырдың соққысындай болып, үстінен жауып кеткен осынау қатал да қаһарлы айыптаудан Андреа тіпті айылын да жимады.
Көп жылдан бері қылмыстылардың мінез-құлқын бағып, бақылап, машықтанып қалған Вильфор сөйлеп тұрғанда оған жиі-жиі қараған, бірақ одан көз жазбай, қанша қадалып қараса да, Андреаны жасқантып, төмен мөлите алмады.
Ақырында айыптау актісі де оқылып бітті.
— Айыпталушы, сіздің есіміңіз, фамилияңыз кім? — деді председатель.
Андреа орнынан тұрды.
— Председатель мырза, кешіріңіз, — деді ол ашық дауыспен саңқылдай сөйлеп, — байқаймын, сіз маған сұрағыңызды мен жауап бере алмайтын ретпен қойғыңыз келетін сияқты. Мен өзімді қарапайым сотталушы кісілер ішіндегі ерекше біреуімін ғой деп ойлаймын және оны сәл кейінірек дәлелдеп шығуға серт етемін. Маған өз сауалыңызға өзгеше жолмен жауап беруіме рұқсат етіңіз. Сонда мен күллі сұрақтарыңызға түгел жауап беремін.
Председатель аң-таң қалып присяжныйларға бір қарап шықты, ал присяжныйлар король прокурорына қарады.
Залдағы жұрт та аңырып, тоқырап қалды.
Бірақ Андреаның мүлде асып-сасатын түрі жоқ.
— Жасыңыз нешеде? Осы сауалға жауап бере аласыз ба? — деді председатель оған.
— Бұл сауалыңызға да, басқа да сауалдарыңызға да, председатель мырза, кезегі келгенде жауап беремін.
— Жасыңыз нешеде? — деді сот сұрағын қайталап.
— Менің жасым жиырма бірде, яғни, дәлірек айтсам, енді бірнеше күннен кейін жиырма бірге шығамын, өйткені мен мың сегіз жүз он жетінші жылы сентябрьдің жиырма жетісінен жиырма сегізіне қараған түні дүниеге келіппін.
Бірдеңені шұқшия жазып отырған Вильфор, осы бір сөздерді естіген кездері басын көтерді.
— Қай жерде туғансыз? — деді председатель сөзін жалғап.
— Париждің түбіндегі Отейльде туыппын, — деп жауап қатты Бенедетто.
Вильфор Бенедеттоға екінші рет анықтап қарап, Медузаның жүзін көргендей-ақ, аппақ болып қуарып кетті.
Ал Бенедеттоға келетін болсақ, ол шілтерлі бәтес орамалымен аузын бипаздап бір сүртіп қойды.
— Кәсібіңіз не? — деп сұрады председатель.
— Әуелгі кезде жұртты алдап-арбап жүрдім, сосын ұрлық-қарлыққа көштім, ал жуырда кісі өлтірдім, — деді Андреа жайбарақат жүзі жанбастан.
Жұрт шу ете қалды, дәлірек айтсақ, мына сұмдыққа қайран қалып, ызаға булыққан көпшілік гуілдесіп кетті, тіпті соттардың өзі бір-біріне таңырқай қарасты, сыпайы кісінің аузынан өлсе де шықпайтын, мынадай арсыз сөзден кейін присяжныйлардың да қаны қайнап сала берді.
Вильфор қолымен маңдайын сипады: оның қуқыл тартқан жүзі енді күреңітіп, қабарып кетті: кенет ол орнынан тұрып, айналасына алақтап қарай бастады; тынысы тарылып, деміккендей болды.
— Король прокуроры мырза, сіз бірдеңені іздеп тұрсыз ба? — деді Бенедетто сыпайы жымиып.
Вильфор ләм деп жауап бермей креслосына отыра кетті, дұрысы, сылқ етіп құлай кетті.
— Айыпталушы, бәлкім, өз атыңызды енді айтатын шығарсыз? — деді председатель. — Толып жатқан қылмыстарыңызды, айналысқан кәсібім деп, тап бір соны мақтаныш еткен кісі сияқтанып, бетіңіз бүлк етпей, бедірейіп тұрып, тізіп шыққаныңыздың өзіне бола, адамның аты мен ар-ожданын ардақтай түсу үшін, сот сізді ең қатал жазаға кескен болар еді; бірақ сіз атыңызды бірден айтпай, әдейі кешеуілдетіп отырған шығарсыз: өз есіміңізді барша атақ-дәрежеңізбен қосып, қобырайтып айтқыңыз келген болар.
— Председатель мырза, — деді Бенедетто зор құрметпен мүләйім сөйлеп, — менің ойымды дәл тапқаныңызға қайран қаламын, бұл тіпті ақылыма сыймай тұр: сіз дұрыс айтасыз, сұрақ қою ретін өзгертіңіз деп өтінгенім де осы мақсаттан туған еді.
Жұрттың есіл-дерті енді тек соған ауды; сотталушы сөзінде мақтаншақтықтың да, арсыздықтың да ізі қалмаған; тебірене толқыған аудитория осынау түнерген қара бұлт ішінен енді шарт етіп, нажағай ойнап шыға келетінін сезді.
— Ал енді сіздің есіміңіз кім болады? — деді председатель.
— Сізге мен тап қазір өз атымды айта алмаймын, өйткені оны білмеймін де; бірақ мен әкемнің атын жақсы білемін және соны атай аламын да.
Вильфордың көзінің алды қарауытып сала берді, бет-аузын қара тер жуып, қолы дірілдеп, қағаздарды ауыстыра берді.
— Олай болса, әкеңіздің атын атаңыз! — деді председатель.
Үлкен зал ішін меңіреу тыныштық басты. Қалың жұрт тынысын тартып тына қалды.
— Менің әкем — король прокуроры, — деді Андреа жайбарақат отырған күйі.
— Король прокуроры! — деді председатель таңырқап, ол Вильфордың әлем-тапырық болып өзгеріп кеткен жүзін де көрмеді.
— Иә, сіз оның аты-жөнін білгіңіз келсе, айтайын: оны де Вильфор деп атайды!
Сотты құрмет тұтып, көпке дейін үндемей, әзер шыдап отырған халық наразылығы қаптай соққан қара дауылдай, ауыз-ауыздан айқай болып шықты. Ашу-ызасы қайнап буырқанып-бұрсанған жұртты тәртіпке шақыруды әуелгі кезде соттардың өзі ойластыра алмай қалды. Қалың көптің, міз бақпай, сазарып отырған Бенедеттоға айқайлап, улап-шулап наразылық білдіруі, боқтап-боралауы, жандармдардың қолдарын тістене сермеп, әкіреңдеп өктем тіл қатуы, әртүрлі жиын-жиналыстарда жұрт тосыннан-тосын абыржып қалған бір дау-жанжал сәттерінде қаумалаған халайықтың шырық бұзар қияңқы бөлегінің көбіктей көлкіп, бетке шыға келетін көргенсіз қылықтары — міне, осының бәрі соттар мен приставтар есін жинап, залға тыныштық орнатам дегенше, бес минуттай уақытқа созылды.
Жаппай улап-шулаған зал ішінен председательдің саңқылдай шыққан даусы анық естілді.
— Сіз, айыпталушы, сотты қорлап, мазақтап отырған сияқтысыз. Сіз мына қаптап отырған қалың көптің алдында өзіңіздің жөнге келе алмайтындай болып бұзылғаныңызды ардан безген бетпақтықпен бедірейе паш еттіңіз, бұл — тіпті біздің тыюсыз кеткен көргенсіз заманымыздың өзінде ел естімеген сұмдық!
Креслосында отырған күйі еңсесі түсіп, шөгіп қалған король прокурорының қасына қараң-құраң оншақты кісі барып, оның көңілін аулап, өзін шексіз сыйлап, қадірлеп-қастерлейтінін айтып, алдарқатып-жұбатып жатты.
Зал ішінде тыныштық орнады, тек алыс бір түкпірдегі жұрт өзара күбір-күбір сөйлесіп, қозғалысып қояды.
Көпшілік бір әйелдің есеңгіреп, талып қалғанын. Оған дәрі иіскетіп, әрең-әрең ес жиғанын сөз етеді.
Жұрт осылай абыр-сабыр болып, әбігерге түсіп жатқанда Андреа залға күлімдеп көз тастады: сосын орындықтың емен жақтауына сыпайы сүйеніп тұрып, жиналған көпке әдеппен бір сөз бастады:
— Мырзалар, құдай біледі, менің сотты мазақтап, қорлайын деген ойым жоқ еді, осынау құрметті қауым арасында жанжал тудырайын деген де ойым жоқ еді. Менен жасың нешеде деп сұрады, жауап бердім: менен қай жерде тудың деп сұрап еді — жауап бердім: менен атың кім деп сұрап еді, оған жауап қайтара алмадым: өйткені мен есімсіз сорлымын, өйткені мені ата-анам далаға тастап кеткен. Бірақ мен туған әкемнің атын айта аламын: тағы қайталап айтайын, менің әкемді де Вильфор деп атайды және оны дәлелдеуге дайынмын.
Сотталушы жігіт даусынан өз айтқанына кәміл сенетіні және оған көзінің анық жететіні сезіліп тұрды, сол сол-ақ екен, жаппай шулаған жұрт жым-жырт басыла қалды. Өмірмен қош айтысқан кісі сияқтанып, Вильфор қыбыр етпей, сүлесоқ, отырып қалды.
— Мырзалар, мен сіздерге әлгі айтқанымды түсіндіріп, нақты деректермен дәлелдеп шығуым керек, — деді Андреа сөзін сабақтап.
— Бірақ сіз әуелгі тергеуде өзіңізді Бенедетто деп атайтынын дәлелдеп едіңіз ғой, жетім екеніңізді, туған жеріңіз Корсика екенін мәлімдеп едіңіз ғой, — деп председатель ашулана ақырып қалды.
— Мен тергеуде қажет деп тапқан нәрселерді ғана айттым. Өзімнің құпия сырымды қалың көпке салтанатты түрде жария ету үшін өзге кісілердің кедергі жасауынан сақтандым, әрине, мұндай кедергінің болатыны даусыз ғой.
Хош, сонымен, қайталап айтайын: мен мың сегіз жүз он жетінші жылғы сентябрьдің жиырма жетісінен жиырма сегізіне қараған түні Отейльде туыппын, мен — король прокуроры де Вильфор мырзаның ұлымын. Сізге бұл оқиғаның егжей-тегжейі қажет пе? Айтып берейін.
Meн Фонтен көшесіндегі жиырма сегізінші нөмірлі үйдің екінші қабатында, қызыл матамен көмкерілген бөлмеде туғанмын. Әкем мені жарық дүниеге келмей жатып, қолына алып тұрып, әлсіреп жатқан шешеме: «өлі туды» деп атайды да, Э. және Н. деген белгі соғылған сүлгіге орап, бау ішіне апарып, тірідей көміп тастайды.
Сотталушының өзіне деген сенімі күшейген сайын, Вильфордың құты қашып асып-саса бастағанын көрген жұрт дүрлігіп кетті.
— Сіз осының бәрін қайдан білесіз? — деді председатель айыпталушыға.
— Қазір түсіндіріп берейін, председатель мырза. Мені әкем көміп тастайтын бауға тап сол күні бір корсикан келіп кіреді, ол көптен бері оған өлердей өшігіп, вендетта — кек алу үшін ізіне түсіп, аңдып жүреді екен. Әлгі кісі қалың бұта арасына тығылып тұрып, әкемнің бір жәшікті жерге қалай көмгенін көреді, көреді де, табанда оған пышақ салады, сосын жәшіктің ішіне бір асыл қазына тыққан екен деп ойлайды да, көрді ашып, мені жып-жылы күйімде тауып алады. Ол мені Тәрбие үйіне апарып өткізеді де, елу жетінші нөмірмен тіркейді. Арада үш ай өткеннен кейін, оның қарындасы Рольянодан Парижге келеді, мені өз балам деп, біржолата алып кетеді. Менің Отейльде туып, Корсикада өскен себебім, міне, осындай.
Зал ішін меңіреу тыныштық басты, егер мың қаралы кісі тебірене тыныстап отырмаса, зал құлазып бос қалған екен деп ойлап қалуға да болатын еді.
— Айта түсіңіз, — деді председатель.
— Әлбетте, — деді Бенедетто сөзін сабақтап, — мен өзімді баласынан бетер жақсы көрген со бір мейірімді кісілердің қолында бақытты күн кеше берер едім, бірақ туа біткен кесірлі-кесапат мінезім, өгей шешемнің үйретпек болған жақсылық, ізгілік қасиеттерін басып өте берді. Бір күні, жаным күйгенде, өзімді тап осындай жауыз етіп жаратып, қатал тағдырдың қыспағына салып қойғаны үшін, Құдайтағаланы қарғап, тіл тигізгенімде өкіл әкем тұрып, былай деп үн қатты:
«Байғұс бала, Құдайға тіл тигізіп қайтесің? Құдай сені қаһарланып отырғанда жаратты дейсің бе? Мына жасаған қылмысыңа сен емес, әкең кінәлі! Әкең сені әуелден-ақ, егер бір кереметпен тірі қалғандай болсаң — өле-өлгенше қайыршы болып өтетіндей мүсәпір етіп қойған».
Miнe, содан бері қарай мен бір құдайды емес, әкемді қарғайтын болдым: әлгіде ғана өзіңізге қатты ашуландырған сөзді, председатель мырза, мына құрметті халайықты толғандырған сөзді айтқан себебім де осыдан еді. Егер мұны тағы бір жаңа қылмыс деп тапсаңыз — жазалаңыз мені, ал егер мен бейбақтың тағдыр-талайы туған күнімнен бастап, ащы азапқа, қайғы-қасіретке жәбір-жапаға толы болса, онда мені аяңыздар!
— Ал шешеңіз кім? — деді председатель.
— Шешем мені өлдіге санаған, оның менің алдымда зәрредей де кінәсі жоқ. Мен шешемнің есімін білгім келген жан емеспін және оны білмеймін де.
Әлгіде ғана талып қалған жерінен әрең-әрең есін жиған бейтаныс әйел отырған бұрыштан шыңғырған бір ащы дауыс естіліп барып, оның арты солқылдап жылаған әйел үнімен ұласты.
Әйел тыпырлап, тағы талып қалды, оны сот залынан көтеріп алып кетті. Оны көтере берген сәтте бетін бүркеген шілтері желп етіп ашылып қалды да, сол маңда тұрғандар оның баронесса Данглар екенін таныды.
Әл-дәрменнен айырылып, діңкелегеніне, құлағы шуылдап, ойының он саққа бөлінгеніне қарамастан Вильфор да оны танып, орнынан тұрды.
— Дәлел-дәйектеріңіз қайда! — деді председатель. — Айыпталушы, есіңізде болсын, осы арада аузыңызға келген жексұрын сөздің бәрін де айттыңыз, енді соны даусыз деректермен дәлелдеп шығуыңыз керек.
— Сіз дәйекті дәлелді талап етесіз бе? — деді Бенедетто мырс етіп.
— Иә.
— Ана де Вильфор мырзаға қараңызшы, қосымша дерек керек пе, керек емес пе, соны айтарсыз.
Бүкіл зал бұрылып, король прокурорына көз тікті, ол өзіне қадалған мың сан көзден жасқанып, тәлтіректей берді, оның шашы дудырап кетіпті, өзі бет-аузын шиедей қылып тырнап тастапты.
Қалың жұрт гуілдесіп кетті.
— Әке, менен дәлелді дерек сұрап жатыр, егер қаласаңыз, көрсетейін, — деді Бенедетто.
— Жоқ, ол қажет емес, — деді Вильфор қырылдап.
— Неге қажет емес? Сіз не деп тұрсыз? — деді председатель дауыстап.
— Менің айтайын дегенім, жан-жағымнан аранын ашып келген ажал қыспағынан құтылмақ болғаным бекершілік екен, иә, жазалаушы құдіреттің өз қолына түсіппін! Дәлел-дәйектің керегі жоқ! Мына кісі айтқан нәрсенің бәрі де рас.
Кісінің төбе шашы тік тұрып, жаны түршігетін тұнжыр тыныштық, қатерлі тыныштық, үлкен апатты, қара дауыл алдындағы өлі тыныштық күллі зіл қаратас салмағымен отырған жұртты басып тастағандай еді.
— Сізге не болды, де Вильфор мырза, — деді председатель дауыстап, — қияли болып кеттіңіз бе? Әлде, ақыл-естен айырылдыңыз ба? Әрине, тап осындай тосын, ел естімеген сұмдық айып сізді ақылыңыздан айырып тастауы ғажап емес; есіңізді жинап, өзіңізге-өзіңіз келіңіз!
Король прокуроры шарасыздана басын шайқады. Ол безгек болған кісідей тісі-тісіне тимей сақылдап, көгеріп кетті.
— Менің ақыл-есім бүтін, председатель мырза, — деді ол, — тек тәнім ғана қиналып жатыр. Мен мына адам таққан айыптың бәріне де кінәлі екенімді мойындаймын. Мен қазір үйіме қайтып барамын да, өз орныма келген король прокурорының жарлығын күтемін.
Осынау сөздерді ел еміс-еміс есітетін бәсең үнмен айтып болғаннан кейін, Вильфор тәлтіректей басып есікке қарай беттей берді, кезекші пристав оның алдынан есікті шалқайтып аша қойды.
Осы бір сұмдық әшкерелеуден және оны бұдан да сұмдық түрде мойындаудан жаны түршігіп шошынып қалған зал іші тым-тырыс, құлаққа ұрған танадай, екі аптадан бері Париждің жоғарғы қауымын толқытып келген жұмбақ оқиғаның қасіретті түйіні осылай шешілді.
— Осы жұрт: өмірде драма болмайды деп шатады-ау! — деді Бошан.
— Шынымды айтайын, өз басым, дүние күйіп кетсе де, генерал Морсерге ұқсап жан бергенді жақсы көрер едім. Мына сияқты апатқа ұшырағанша, атылып өлгеннің өзі бір ғанибет қой, — деді Шато-Рено.
— Мұның үстіне оқ кісіні қалпақтай түсіреді, — деді Бошан.
— Мен оның қызына үйленбекші де болып едім-ау! Қыз байғұстың өлгені қандай жақсы болған! — деді Дебрэ.
— Сот мәжілісі жабылды, істі қарау келесі сессияға қалдырылады. Бұл іске жаңа тергеу жүргізіледі, ол басқа кісіге тапсырылады, — деді председатель.
Көпшіліктің көз адында, ой-пікірінде бұрынғысынан күрт биіктеп кеткен Андреа сол баяғы байсалды қалпы жандармдарға еріп, залдан шыға берді, ал жандармдар болса, оған еркінен тыс құрмет көрсетіп бара жатты.
— Енді бұған не айтасыз, қымбаттым? — деді Дебрэ полицейге, қолына алтын теңгені ұстатып жатып.
— Жеңілдік жасалатын жағдай бар деп табады-дағы — деді анау бұған.
XIV. КІНӘНІ ӨТЕУ
Вильфор есікке қарай беттеді; жұрт оған жапырылыса жол беріп жатты. Әрбір үлкен қайғыны ел қатты құрметтейді, орны толмас опатқа ұшыраған кісіні әуелгі сәтте аямаған, оған жаны ашымаған кез, тіпті ең қатал-қатыгез уақыттың өзінде де болып көрмеген. Ашу-ыза буған халық өшіккен адамын өлтіріп те тастайды. Бірақ біреудің өлім жазасына кесілгенін көріп тұрған жұрттың, тіпті ол қанша қылмыс жасаса да, со бақытсыз сорлыны мазақтап, қорлайтын кездері өте сирек болады.
Вильфор айыптау үкімін өзіне-өзі айтып, көрермендер, күзетшілер мен сот чиновниктері қатарының ара-арасымен қасірет-қайғысын қорған етіп, ілбіп басып кетіп қалды.
Адамдар оны жан-жүрегімен сезсе де, ақылы жете бермейтін сұмдық бір трагедиялар болады. Сондай сәттерде шерлі жүректі жарып, құштар көңілден жан даусын шығарған кісі — нағыз ұлы ақын. Сол жан даусы қаумалаған халайыққа тұтас бір дастандай болып көрінеді және ол соны қабыл алып, көңілі хошуақтанса дұрыс жасағаны, ал сол дауыстан ақиқат шындық үні естіліп, халық оны мінсіз туынды деп білсе, мүлде дұрыс жасағаны.
Айтып-айтпай не керек, сот залынан шыққан Вильфордың есеңгіреп қалған хал-жағдайын, әрбір қан тамырлары мен жан тамырлары лыпылдай соғып, жүйке-жүйкесі әрі қарысып, әрі тырысып, сіңірлері білеулене тартылып, күллі ағза-ағзасының ине жасауындай бөлшектеріне дейін, мың сан азап-тозаққа түсіп, безгек кісідей қалшылдап та дірілдеп келе жатқанын суреттеп шығудың өзі өте қиын болар еді.
Тек күнделікті үйренген әдет-дағдысы ғана Вильфорды ілбітіп есікке дейін жеткізді; ол сот шекпенін тек қана әдептен озбайын деп сыпайылық жасап шешкен жоқ, өйткені бұл шекпен Несстің азапты киімі сияқты оның денесін өртеп, күйдіріп бара жатқасын шешті.
Сәмсіреп жүріп, ол Дофиннің ауласына дейін барып, өз күймесін тауып алды, көшірін оятып, күйменің есігін ашып, орындыққа құлай кетті де, Сент-Онере жаққа жүр дегендей қолын ілгері мегзеді.
Аттар жұлқынып алға ұмтылды.
Өмірінің өз қолымен тұрғызған зәулім үйі енді мұның үстіне гүрс етіп құлады; құлады да басып қалды; ол мұның ақырының не боларын білмейді, соны өлшеп, мөлшерлеген де жоқ: ол мұны тек жанымен сезіп келеді, салқынқанды қаныпезер қарақшы өзіне жақсы таныс статьяларды емін-еркін сөз ететін болса, бұл тіпті заң қағидаларын тіпті ойламады да.
Оның жан-жүрегіне Құдайдың шапағат нұры төгілгендей болды.
— Құдай-ай! Құдайым-ай! — деп күбірлей бергенін оның өзі де білмеді. Ол өзінің оңалмастай опат болғанын бір құдайдың құдіретінен көрді.
Күйме заулап келе жатты, жұмсақ орындықта шалқайып отырған Вильфор бір нәрсенің астына батқанын сезді.
Ол қолын созып қарап еді, де Вильфор ханым ұмыт қалдырып кеткен желпуіш екен, орындықтың арқалығы мен көпшік арасына қыстырылып қалыпты: осынау желпуішті көрісімен оның есіне, қараңғы түнде жарқ еткен найзағайдай болып, бағанағы бір жайттар түсті.
Вильфор әйелін есіне алды...
Ол жүрегіне балқыған бір ыстық темірді сұғып алғандай-ақ ыңқылдап қоя берді.
Ол осы уақытқа дейін өз басының бақытсыз міскін халін ойлаған екен, енді кенет оның көз алдында тағы бір сұмдық қасіретті жағдай келіп тұра қалды.
Өз әйелі! Бұл әлгі бір әзірде ғана оның алдында қатыгез сот сияқты қалшиып тұрған, оны өлім жазасына кескен. Міне, осыдан кейін зәре-құты қалмай, әл-дәрменнен айырылған, күйеуінің кір шалмаған жақсы атын ізгі қасиет-қадірін ойлап, ар-ұяттан өртеніп, өлердей болып, опынған байғұс, тап өзінің аса құдіретті биік өкімет алдында әлсіз де қорғансыз болып көрінетін бейбақ әйел, бәлкім, тап қазір өлуге әзірленіп жатқан шығар.
Әйеліне үкім шығарғалы бір сағаттай уақыт өтті. Мүмкін, ол тап қазір өзінің бұрынғы қылмыстарын есіне түсіріп, жаратқанға жалбарынып, рақым өтініп жатқан шығар, со бір әділ қазы алдында «қылша басым талша» деп құлдық ұрып, өз өмірін құрбандыққа шалып, күнәсін жууға бел байлап, ақырғы хатын жазып жатқан шығар.
Вильфордың жүрегі сыздап, өзіне-өзінің жыны келіп, қатты ыңыранып, күйменің жібек көпшіктерінің үстінде жанталасып, аунақши берді.
— Ол әйел маған жақын-жуық болғандықтан да қылмыстылар қатарына қосылды! — деді ол дауыстап. — Қылмыс дегенің мына мен. Сүзек, оба, тырысқақ аурулары кісіге қалай жұғатын болса, о бейбаққа қылмыс та менен жұқты!.. Соған қарамай мен оны жазаладым-ау! Мен оған қай бетіммен: күнәңды мойында да өл дедім... Мына, мен! Жоқ, жоқ, ол әлі өмір сүреді! Ол менімен бірге кетеді... Біз қарамызды батырып, Франциядан кетіп қаламыз, қашан қара жер бізден жерігенше, сенделіп жүре береміз. Мен оған бас кесілетін жерді айттым!.. Құдіретті құдай-ай! Со сөзді айтуға аузым қалай барған! Мені де өлім күтіп тұр ғой! Жә, біз жоғалып кетеміз... Иә, мен оның алдында бар күнәмді ақтарып, тәубаға келемін, құдайдың құтты күні мен оған: жаздым-жаңылдым, сен сияқты мен де қылмыстымын деп айтамын да жүремін... Жолбарыс пен жыланның бірлігі деген сол-дағы! О, еріне лайық әйел тап сондай-ақ болар! Ол өмір сүруге тиіс, менің жауыздығымның қасында оның жауыздығы баланың ойынымен бірдей!
Сосын Вильфор ұмсынып барып, күйменің алдыңғы әйнегін түсірді.
— Тез, тездет! — деп ақырып жібергенде көшір орнынан ұшып кете жаздады.
Үріккен аттар үйге қарай ағыза жөнелді.
— Иә, иә, — деді Вильфор, — о бейбақ өмір сүруге тиіс, ол райынан қайтып, тәубеге келіп, менің ұлымды, бақытсыз баламды тәрбиелеп өсіруге тиіс. Анау темір тәрізді шалмен бірге күллі үй ішімнен аман қалған со жалғыз ұл! Әйелім баланы өлердей жақсы көреді. Соған бола ауыр қылмыс істеуден де тайынбады. Өз перзентін жақсы көретін әйелден ешқашан да үміт үзуге болмайды. Ол күнәсын өтейді, оның қылмысты екенін құдайдың тірі пендесі білмейтін болады. Менің үйімде жасалған және тәрбиелі қауым арасында сыпсың-сыпсың сөз болып жүрген жауыздық атаулының бәрі жүре келе ұмытылады, егер оны еске алатын дұшпандар табыла қалса, кінәні өз мойныма аламын. Қылмыс жасағасын, оның азы не, көбі не — бәрібір емес пе! Әйелім екеуміздің күллі алтын ақшамызды, ең алдымен, баламызды алып, мына түпсіз шыңыраудан аулақ қашып кетеміз, өйткені тап қазір сол шыңырауға менімен бірге күллі әлем опырыла құлағалы тұр. Ол бейбақтың татар дәмі әлі алдында, ол әлі бақытты тірлік кешеді, өйткені ол баламызды жан-тәнімен жақсы көреді, ал баласы қасында бірге болады. Мен, сөйтіп, бір қайырымды іс жасаймын; осыдан жанымның жай табары хақ.
Осыны айтып, король прокуроры кеудесін керіп, еркін дем алды.
Күйме өз үйінің ауласына келіп тоқтады.
Вильфор күйменің тепкішегінен басқышқа секіріп түсті, ол дәйекшілердің өзінің тез қайтып келгеніне таңғалғанын байқады. Олардың бет пішінінен басқа сезімді көре алмады. Бұған ешкім де тіл қатпады: бұрынғы әдетімен, мұның алдынан бір шетке ығысып жол берді — бар болғаны сол ғана.
Ол Нуартье бөлмесін жанай өтіп бара жатқанда, жартылай ашық тұрған есіктен екі кісінің қарайған сұлбасын көрді, бірақ әкеме келген кім екен деп ойланып жатпады; көңілі күпті болып жанығып-ақ келеді.
«Мұндағы нәрсенің бәрі бұрынғы қалпында екен», — деп ойлады ол әйелінің бөлмелері мен Валентинаның қаңырап қалған бөлмесіне апаратын кішкене басқышпен көтеріліп келе жатып.
Ол алаңшаға шығатын есікті жапты.
— Мұнда ешкім кірмей-ақ қойсын, — деп ойлады ол, — мен әйеліммен алаңсыз отырып сөйлесейін, оның алдында кінәмді мойындап, бар жағдайды түгел баяндайын...
Ол есік алдына келіп, хрусталь тұтқаны ұстады: есік ашыла берді.
— Есік жабылмапты! Бұл — жақсы нышан! — деді ол.
Вильфор күнде кешкілік Эдуардтың төсегі салынатын кіші мейманжайға асығыс кіріп келді, бала пансионда оқыса да, күн сайын кешқұрым үйге қайтып келетін; шешесі қайтсе де баласымен бірге болуды қалайтын.
Вильфор бөлмені көзімен бір шолып өтті.
— Ешкім де жоқ, ол өзінің жатын бөлмесінде шығар, — деді Вильфор күбірлеп.
Ол есікке қарай тұра ұмтылды.
Бірақ мына есік жабық тұр екен.
Тұла бойы дірілдеп дызақтап тұра қалды.
— Элоиза! — деді айқайлап.
Оған біреу орындықты қозғағандай болып естілді.
— Элоиза! — деді ол қайталап.
— Бұл кім? — деді әйелі.
Оған әйелінің даусы әдеттегіден әлсіреп естілгендей болды.
— Ашыңыз, ашыңыз есікті! Бұл мен ғой! — деді ол айқайлап. Бірақ бұл қанша өктемсіп, әрі бұйыра, әрі абыржи тіл қатқанымен есікті ешкім де ашпады.
Вильфор есікті бір теуіп, сындырып жіберді.
Шымылдықты төсек алдында қансыз-сөлсіз бозарып, бет-аузы кіржиіп-тыржиып де Вильфор ханым тұр екен, ол күйеуіне жансыз көзімен бедірейіп қарап қалыпты.
— Элоиза! Сізге не болды? Айтсаңызшы! — деді ол дауыстап.
Әйел бұған семіп қата бастаған аппақ жансыз қолын соза берді.
— Әміріңіз орындалды, сударь. Енді не істе дейсіз? — деді ол қырылдап тіл қатып, әрбір сөз оның тамағын жарып, жыртып жатқандай еді.
Сосын ол сылқ етіп, кілем үстіне құлап түсті.
Вильфор оған жүгіріп барып, қолынан ұстай алды. Әйел бір алтын тығынды хрусталь шишаны қарыса қысып жатыр екен.
Де Вильфор ханым үзіліп кетіпті.
Вильфордың аза бойы қаза тұрып, ақыл-есінен айырылған кісідейін, өліктен көзін алмай, кейінге шегіне берді.
— Эдуард! — деді ол кенет қалшылдап. — Балам қайда менің?! Со замат ол: — Эдуард! Эдуард! — деп бажылдаған күйі бөлмеден атып шықты.
Осы бір үрейлі үннен шошыған дәйекшілер анталап жетіп келісті.
— Балам! Балам қайда менің! — деді Вильфор дызақтап.. — Оны әкетіңдер бұл арадан, ананы көрмесін...
— Эдуард мырза төменнен көрінбейді, сударь — деді камердинер.
— Ол бауда жүрген шығар, тез жетіңдер!
— Жоқ, сударь, де Вильфор ханым осыдан жарты сағат бұрын оны бөлмесіне шақырып әкеткен. Эдуард мырза ханымға кеткен, содан қайтып шыққан жоқ.
Вильфордың маңдайынан мұздай тер бұрқ етті, буын-буыны қалтырап, аяғы бастырмай қалды, бұзылған сағаттың дөңгелектері сияқты ақыл ойы шатаса берді.
— Шешесіне кеткен дейді! Шешесіне! — деді ол сыбырлап.
Осыдан кейін ол бір қолымен маңдайының терін сүртіп, екінші қолымен қабырғаға сүйеніп, кейін қарай ілбіп жүре берді.
Ол қайтадан ана бөлмеге кіріп, бейбақ әйелінің мәйітін көруге тиіс.
Ол Эдуардты шақырып, көрге айналған мына бөлменің жаңғырығын оятуы керек. Мұнда сөйлессе — меңіреу мола тыныштығын бұзады.
Вильфор тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалғанын сезді.
— Эдуард! Эдуард! — деді ол күбірлеп.
Үн қатқан жан болмады; Дәйекшілер әлгіде бала шешесіне кетіп, қайта шықпады деп еді ғой, ол қайда жүр екен?
Вильфор тағы да ілгері аттады.
Де Вильфор ханымның денесі будуарға кіретін есік алдында жатыр, баласы сонда шығар, өлік соның табалдырығын күзетіп жатқан тәрізді: бақырайып ашылып қалған көзі мен өлі ернінде бір жұмбақ күлкі семіп қалыпты.
Көтеріліп қойылған шымылдықтың ар жағынан рояльдің аяғы, көгілдір жібекпен көмкерілген диванның бір шеті көрінді.
Вильфор ілгері қарай бірнеше қадам басып барып, диванда жатқан баласын көрді.
Бала ұйықтап қалғанға ұқсайды.
Бақытсыз сорлының қуанышында шек болмады; жан төзбес азаптан қиналып жатқан тамұқ түнегіне жарық сәуле келіп түскендей әсер алды.
Ол қазір өліктен аттап өтіп, бөлмеге кіреді де, сәбиін құшақтап алып, көз көрмес алысқа қашып кетеді.
Бұл усойқы көлгірлікке келгенде басқан ізін білдірмей, тәрбиелі-мәдениетті кісінің үлгісі саналған бұрынғы Вильфор емес-ті; бұл енді жантәсілім жасап жатып, аузын соңғы рет басып қалғанда, күтірлетіп тісін сындыратын жаралы жолбарыстың тап өзі еді.
Ол қазір ескі ырым-жырымнан қорықпайды, аруақ-елестерден қорқады. Ол бір қадам кейін шегініп, алдында жатқан өлік емес, тап бір алаулап жанып жатқан от сияқты, одан қарғып өтіп кетті.
Ол баласын қолына алып, кеудесіне қысып, атын атап, жұлқылай бастады; бала жауап қатпады. Вильфор құшырланып оның бетіне сүліктей қадалды, беті мұздай болып, қуарып қатып қалған екен; ол сәбидің сіресіп қалған денесін сипалап жүріп, жүрегінің тұсына алақанын басты: жүрегі мүлде соқпайды.
Бала өліп қалыпты.
Төрт бүктелген қағаз тысыр етіп кілем үстіне түсті.
Вильфор төбесінен жай түскендей тізерлеп отыра кетті, бала әкесінің жансыз қолынан сырғанап барып шешесіне қарай аунап түсті.
Вильфор қағазды алып, әйелінің қолын таныды да, оны жаныға оқып шықты.
Ол оқыған сөздер мынадай еді:
«Менің жақсы ана болғанымды өзіңіз де білесіз: бір жалғыздың қамы үшін қылмыс та жасадым.
Жақсы ана баласынан айырылмайды!»
Вильфор өз көзіне өзі сенбеді, Вильфор өз ақылына өзі иланбады. Ол Эдуардтың денесін еңбектеп барып, арыстан өзінің өлі күшігін қалай тіміскілеп иіскейтін болса, дәл солай баласының бет-аузын тіміскілеп қарай берді.
Оның жүрегін жарып, ащы айқай шықты.
— Құдай! Тағы да құдай! — деді ол ыңыранып.
Сұлап жатқан қос құрбанның түрінен ол өлердей қорықты, екі өлік осынау қаңырап қалған бөлмені толтырып жібергендей болды, ол жалғыздықтан жаны түршігіп, тынысы тарылып, тұншыға бастағанын сезді.
Күні бүгінге дейін оны ұлы адамдарға тән дарын, қаһарлы қайсарлық демеп-жебеп келген, оны өліп бара жатқан кісілердің соңғы ерлігі — жанталас демеп-жебеп келген, осы жанталастық арқасында ежелгі заманда Алыптар аспанды жаулап алып, Аякс құдайларға жұдырығын түйіп, айбат шеккен ғой.
Еңсесін басқан ауыр қасіретті көтере алмай, Вильфордың басы төмен түсті. Ол тізерлеп отырған жерінен түрегеліп, термен жабысып қалған шашын сипады. Өмірде жан баласына аяушылық етіп көрмеген тасжүрек басындағы айықпас қайғысын, әйтеуір, біреуге айтып, жанын жеген азапты жеңілдету үшін, сүле-сана күйі сүйретіліп қарт әкесіне қарай жүре берді. Ол өзімізге таныс басқышпен төмен түсіп, Нуартьенің бөлмесіне қарай беттеді.
Вильфор келіп кіргенде, Нуартье жанары мейірім нұрына толып, бір түрлі дос пейілмен, әманда сабырлы да салқынқанды күйінен бір айнымайтын аббат Бузониді ықылас қойып тыңдап отыр екен.
Вильфор аббатты көрісімен маңдайын қолымен баса қойды. Өткен өмірі оның көз алдынан бір сәтте ақшулан көбігін көпіршітіп, буырқанып жататын қаһарлы толқындай болып лықсып келіп, қаптай басып кеткендей болды.
Ол Отейльдегі түскі астан екі күн кейін аббаттың үйіне барғанын, ал Валентина қаза табатын күні осы аббаттың өзіне келгенін есіне түсірді.
— Сіз осында ма едіңіз, сударь! Сіз ұдайы өліммен бірге келесіз ғой деймін?
Бузони бойын түзеп алды. Вильфор түрінің бұзылып кеткенінен, екі көзінің қанталап, құтырынып тұрғанынан сот залындағы дау-жанжалдың басталып кеткенін сезе қойды: өзге жайтты ол әлі білмеуші еді.
— Мен сіздің қызыңыздың мәйітіне дұға қайырғалы келгенмін, — деді Бузони оған.
— Ал бүгін неге келдіңіз?
— Meн сізге, өзіңіздің борыш-қарызыңызды толық төледіңіз деп айтқалы келдім. Бүгіннен бастап мен жаратушы бір Алладан осыны, тап менің өзім сияқты, қанағат тұтыңыз енді деп жалбарынып сұраймын.
— Құдайым-ай, сақтай гөр, — деді Вильфор дауыстап, бір адым кейін шегініп, — мына бір дауыс... сіз аббат Бузони емессіз!
— Жоқ, аббат емеспін.
Аббат паригін жұлып алып, басын сілкіп-сілкіп жібергенде, мойыл қара шашы дудырап иығына түсіп, ерге тән келісті кескінін көмкеріп тастады.
— Граф Монте-Кристо! — деді абдырап сасып қалған Вильфор дауыстап.
— Тіпті ол кісі де емес, король прокуроры мырза, ұмытып қалғансыз ба, есіңізге түсіріңізші.
— Осы бір дауыс. Қайдан есіттім мұны?
— Сіз оны осыдан жиырма үш жыл бұрын, Рене де Сен-Меранды айттыратын күні, Марсель қаласында естігенсіз. Әлгі істер тігілген папкаларыңыздан іздеп көріңізші.
— Сіз Бузони де емессіз? Монте-Кристо да емессіз? Құдайым-ау, менің ең қатал, ең құпия, ата жауым сіз екенсіз ғой! Meн сізге Марсельде бір жамандық жасаған екенмін-дағы, ендеше, өз обалым өзіме!
— Иә, сен таптың. Ойлан! Есіңе түсір! — деді граф шалқайып тұрып, екі қолын кеудесіне айқастыра салып.
— Соншалықты не істеп едім сізге? — деді Вильфор дауыстап, нақ бір ұйқылы-ояу есі кіресілі-шығасылы болып, манаурап жатқан бір сәттердегі сияқты, оның ой-санасы да тұманданып, аласұрып, шатысып кетті. — Мен саған не істеп едім. Айт енді!
— Сен мені кісіні жайлап, асықпай өлтіретін сұмдық бір ажалдың аузына тастадың, сен менің әкемді өлтірдің, өзімнің еркіндігіммен қоса махаббатымнан да айырдың, махаббатым мен қоса бақытымды да тартып алдың!
— Құдай-ау, сен кімсің осы? Кімсің деймін?
— Мен, баяғыда сен Иф қамалының зынданына апарып көмген байғұстың елесімін. Сол аруақ көрден қайта шыққанда Құдайтағалам оны граф Монте-Кристо маскасымен жасырды, күні бүгінге дейін сен оны білмес үшін Құдайтағалам алтын мен гауһар тастарға шаш-етектен батырды.
— Мен сені енді таныдым, таныдым, — деді король прокуроры сәлден кейін. — Сен...
— Meн Эдмон Дантеспін!
— Сен Эдмон Дантеспісің! — деді король прокуроры, графтың қолынан шап беріп, ұстай алып. — Жүр, ендеше.
Ол мұны басқышқа қарай жетелей жөнелді; бұған аң-таң қалған Монте-Кристо, өзін король прокурорының қайда ертіп апара жатқанын білмей, соңынан ере берді, бірақ жаңа бір бәленің болғанын сезе қойды.
— Қара мынаған, Эдмон Дантес! Қарай түс! Енді айызың қанған шығар? — деді Вильфор графқа әйелі мен баласының өлігін көрсетіп.
Монте-Кристо аруақтай қуарып сала берді: ол кек аламын деп жүріп, межеден асып кеткенін түсінді: ол енді бұдан былай: «Құдай мені жақтайды, әманда менімен бірге», — деп айта алмас еді.
Сұмдық бір сезімнен жүрегі мұздап сала берді, ол балаға жүгіріп барып, оның кірпігін көтеріп, тамырын басып көрді де, сәбиді көтеріп алып, Валентинаның бөлмесіне жүгіріп кіріп кетті де, есікті жауып алды.
— Балам! — деді Вильфор айқайлап. — Ана жауыз менің баламның өлігін ұрлап алып кетті! Лағнет жаусын саған, қара қайғыдан көз ашпа, мүрдем кет!
Ол Монте-Кристоның соңынан тұра ұмтылмақшы болып еді; бірақ түсіндегі сияқты, аяғы еденге жабысып қалғандай-ақ қозғала алмады, көзі адырайып, ұясынан шығып кете жаздады. Тырнақтары бүрісіп барып, төсін осып-осып жібергенде, қан саулап қоя берді, шеке тамырлары білеудей болып, ісініп, құйындай ұйтқыған ойдан басы шытынап, жарылып кетердей еді, тап сол сәтте қаны қайнап миына құйылғандай болды.
Осы бір алай-түлей дағдарыс сәті бірнеше минутқа созылып барып, ақырында Вильфор ақыл-есінен адасып, нақұрыстық түнегіне түсті де кетті.
Ол кенет қиқулап, қышқырып, сақылдап күлді де, басқышпен төмен қарай жүгіре жөнелді.
Енді бір ширек сағаттан кейін Валентина бөлмесінің есігі ашылып, табалдырықтан граф Монте-Кристо көрінді.
Оның өңі қуқыл тартып, көз жанары сөніп, алқына дем алып тұрды; әманда байсалды қалпынан бір айнымайтын парасатты жүзі көп азап көрген кісідей қажып, бұзылып кетіпті.
Ол енді қайтып жарық дүние көре алмайтын бала денесін кеудесіне басып тұрды.
Монте-Кристо еденге бір тізерлеп отырып, баланы кілем үстіндегі шешесінің қасына абайлап жатқызды да, оның басын анасының кеудесіне сүйеп қойды.
Сосын ол орнынан тұрып, бөлмеден шықты да, басқышта бірінші жолыққан қызметшіден.
— Вильфор мырза қайда? — деп сұрады.
Қызметші үн-түнсіз қолымен бау жақты мегзеді.
Монте-Кристо есік алдындағы басқыштан түсіп, әлгі дәйекші көрсеткен жаққа қарай беттеді, аздан кейін алқақотан үйіріліп тұрған дәйекшілер арасынан, қолына күрек алып, жанталаса жер қазып жатқан Вильфорды көрді:
— Жоқ, бұл арада емес, — дейді ол күбірлеп, — жоқ, бұл арада емес.
Сөйтіп, тұқшыңдап жерді қаза берді.
Монте-Кристо оның қасына барып, бәсең дауыспен мүләйім тіл қатты:
— Сіз балаңыздан айырылдыңыз, сударь, бірақ әлі...
Вильфор оның сөзіне құлақ аспай, киіп кетті.
— Мен оны табамын, — деді ол, — осы арада оны жоқ деп айтқан қайыссың. Мен оны қайтсем де, тіпті Қанды Мақшар күніне дейін қазсам да табамын.
Монте-Кристо шошып, шегініп кетті.
— Бұ байғұс жынданыпты! — деді ол.
Осы бір қарғыс атқан үйдің қабырғалары мұның үстіне құлап түсетіндей-ақ қауіптеніп, ол бау ішінен көшеге жүгіріп шықты, со замат өмірінде тұңғыш рет: тап осылай жасауға хақым бар ма еді деп, өзі жасаған іске шүбәлана бастады.
— Жетті, жетер осы-дағы, ең соңғысына тимелік, — деді ол күбірлеп.
Үйіне келгесін Монте-Кристо бөлмесінен Моррельді көрді, ол үн-түнсіз, аруақ сияқты бөлме-бөлмелерді кезіп сенделіп жүр екен, өзі моласына қайта барып жату үшін тәңірі талайына жазған сәтті күтіп жүрген аруақ тәрізді.
— Максимилиан, жолға әзірлене беріңіз, ертең біз Парижден кетеміз, — деді оған Монте-Кристо күлімсіреп.
— Сіз мұндағы істеріңізді реттеп бітірдіңіз бе? — деді Моррель.
— Бәрін де бітірдім, қайта асыра сілтеп жібердім бе деп қорқамын, — деді Монте-Кристо оған.
XV. АТТАНУ
Соңғы апталар оқиғасы бүкіл Парижді толқытты. Эмманюель мен әйелі екеуі Меле көшесіндегі үйінің аядай мейманжайында, осы оқиғаларға қайран қалып, әңгіме етіп отырды, бұлары түсінікті де: өйткені Морсерді, Данглар мен Вильфорды күтпеген жерден оқыс жарға жыққан алапат жайттардың арасында, кандай болса да, әйтеуір бір байланыс барын бұлар жан-жүрегімен сезеді.
Екеуінің хал-ақуалын білуге келген Максимилиан осы әңгімені тыңдап отырды, дәлірек айтсақ, соңғы кездері қанына сіңіп, әдетіне айналып кеткен бір енжар күйге бой алдырып, әйтеуір екеуінің қасында қалқиып отырғаны болмаса, ештенені де тыңдамаған.
— Дұрыс айтасың, Эмманюель, — деді Жюли, — осы кісілер күні кеше ғана бақ-дәулетке малынып, иен байлыққа бөгіп жүрген сияқты еді, енді қарап тұрсақ, сол байлық пен бақытты қуалаймын деп жүріп, дүниеде бәле мен жала барын ұмытып кеткен екен-дағы; міне, осыдан кейін әлгі Перроның ертегісіндегі сияқты кенет ойламаған жерден үйлену тойына ма, әлде шілдеханаға ма, әйтеуір бір думанға шақырылмаған жәдігөй мыстан келіп, бұларды ұмытшақтығы үшін мықтап бір жазаламақшы болған.
— Байғұстар күйреп қалды ғой! — деді Эмманюель Морсер мен Данглардың мүшкіл халін ойлап.
— Бәрінен де қайғы-қасіретін айтсаңызшы! — деді Жюли Валентинаны есіне алып, қанша айтқанмен, сезімтал әйел емес пе, ағасының көзінше қыздың атын атауға аузы бармады.
— Егер бұларды шынымен-ақ Аллатағаланың өзі жазалаған болса, — деді Эмманюель — онда жарылқаушы тәңірдің олардың өткен өмірінен сол жазаны жұмсартатындай бір жақсылық нышанын таппағаны: ендеше, о кісілердің қарғысқа ұшырағаны.
— Сен о байғұстарды тым қатал айыптап кеттің, Эмманюель, — деді Жюли.
— Егер менің әкем қолына пистолет алып, кезене берген кезде, көлденең біреу келіп, тап қазіргі мына сен сияқты: «өзіне де сол керек» — десе, ол кісі жаңсақ атпас па еді?
— Иә, бірақ жасаған ием Абраамды өз перзентін құрбандыққа шалудан қалай аман сақтап қалса, біздің әкемізді де ажалдан аман алып қалды, пайғамбарға құтқарушы періштесін жібергені сияқты ол бізге де ақжолтай періштесін жіберіп, ажалды жарты жолдан тоқтатып тастады.
Жігіт осы сөзін айтып бітіре бергенде қоңыраудың әуезді үні естілді.
Бұл қонақ келгенін хабарлап жатқан есікші еді.
Тап сол мезетте есік ашылды да, табалдырықтан Монте-Кристо аттай берді.
Жюли мен Эмманюель екеуі оны көргенде қуанғандарынан дауыстап жіберді.
Максимилиан басын көтеріп, енжар кейіппен бір қарады да, қайтадан еңсесі түсіп, сүлесоқ отыра берді.
— Максимилиан, мен саған келдім, — деді ол жігіттің самарқау салқын қалпын көрмеген болып.
— Маған дейсіз бе? — Моррель ұйқыдан оянған кісі сияқтанып, қайта сұрады.
— Иә, — деді Монте-Кристо, — Сіздің менімен бірге жүретініңіз баяғыда шешілген және жолға әзір отырыңыз деп кеше ескертіп қойғанмын.
— Жүрер болсақ — мен дайын, тек мына Жюлилермен қоштасуға келген едім, — деді Максимилиан.
— Сіз қайда жүруші едіңіз, граф? — деді Жюли.
— Әуелі Марсельге бармақпын, сударыня.
— Марсельге ме? — деді Жюли қайталап.
— Иә, және ағаңызды алып қашып барамын.
— Граф, сіз оны бізге дертінен айықтырып әкеліңіз, — деді Жюли қиылып.
Моррель бет-жүзі дуылдап, қызарып кеткенін сездірмес үшін теріс қарап кетті.
— Ал сіз оның дертті екенін қайдан байқап қалдыңыз? — деді граф.
— Байқағанмын және ол бізден әбден жалығып кетті ме деп те қорқамын.
— Мен оның көңілін көтеруге тырысайын, — деді граф.
— Сіздің хұзырыңыздамын, — деді Максимилиан. — Асылдарым, қош, сау болыңдар! Қош, Эмманюель! Қош, Жюли.
— Сен, не, біржола қоштасып? — деді Жюли дауыстап. — Сіздер қазір жүресіздер ме? Заттарыңыз қайда? Паспорттарыңыз?
— Қоштасарда тез ажырасқан жақсы, Максимилиан менің өтінішімді ескеріп, бәрін де ерте әзірлеп қойған шығар, — деді Монте-Кристо.
— Паспортым бар, заттарым буып-түюлі, — деді Максимилиан бей-жай бәсең үнмен.
— Бәрекелде, әскери кісінің дәлдігі деген осы-дағы, — деді Монте-Кристо күлімсіреп.
— Сіз де бізді оп-оңай тастап жүре бересіз бе? — деді Жюли жаутаңдап. — Осы қазір жүресіз бе? Бізге бір күніңізді; тым болмаса, бір сағатыңызды да қимайсыз ба?
— Менің күймем қақпа алдында тосып тұр, сударыня, енді бес күннен кейін Римде болуым керек.
— Максимилиан да Римге бара ма? — деді Эмманюель таңырқап.
— Мен графтың қалаған жағына барамын. Әлі бір ай бойы бұ кісінің жекеменшігінде боламын, — деді Максимилиан мұңая күлімсіреп.
— Граф, ол осы сөзді неге соншама күйініп айтады?
— Ағаңыз жолсапарға менімен бірге шығып барады, ендеше оған көңіліңіз алаң болмай-ақ қойсын, — деді граф жұмсақ үнмен.
— Қош, бауырым! Қош, Эмманюель! — деді Максимилиан тағы да бұлармен қоштасып жатып.
— Мұның дүниенің бәріне енжар қарап, еңсесі түсіп жүргенін көргенде ішім удай ашиды. Сен бізден ақиқат бірдеңені жасырып жүрсің, Максимилиан! — деді Жюли.
— Сіздер бұ сабаздың күндей жадырап, күлім қағып, қуанып келгенін көресіздер әлі, — деді Монте-Кристо.
Максимилиан граф Монте-Кристоға бір түрлі жирене, ашуланып қарағандай болды.
— Кеттік! — деді граф.
— Граф, жүргелі тұрғаныңызда мен сізге өткен жолы айта алмай қалған бір сөздерімді айтсам ба деп едім... — деді Жюли күмілжіп.
— Сударыня, — деді граф оның қолын аялай ұстап, — сіз айтатын сөздің бәрі ана көзіңізде жазулы тұрған ықылас-пейілден артық емес, лүпілдей соққан жүрегіңіз айтатын сөзден, менің жүрегім сезетін сөзден артық емес. Мен әлгі романдарда кездесетін жарылқаушы кісі сияқтанып, сіздермен көріспей, қоштаспай кетіп қалуым керек еді; мен әлжуаз мақтаншақ адаммын; жақын-жуықтарымның өзіме елжіреп, мейірлене қарап тұрғанын көргенде бала сияқты қуанып қаламын. Енді, міне, кетіп бара жатырмын, өзімді-өзімнің жақсы көретінім сонша, кетіп бара жатып та: достарым, мені ұмытпаңдар, өйткені қайтып ешқашанда көріспейтін шығармыз, — дегім келеді.
— Ешқашанда көріспейміз?! — деді Эмманюель тебірене дауыстап, ал Жюлидің көзінен жас парлап жүре берді. — Сізді енді ешқашан да көрмейміз?! Сонда сіз екі аяқты жұмыр басты пенде емес, қайырымды бір іс жасау үшін жерге түскен, енді көкке қайта оралғалы тұрған періште болғаныңыз ба?
— Олай демеңіз, — деді Монте-Кристо — асығыс жауап қатып ешқашан да олай деп айтпаңыздар, достарым. Құдайлар кісіге ешқашан да жауыздық жасамайды, олар тоқтаймын деген жеріне келгенде тоқтайды, кездейсоқ оқиға дегенді білмейді, қайта сол оқиғаларды билеп-төстеп отырады. Жоқ, Эмманюель, мен қарапайым адаммын, ендеше, сіздің маған таң қалып, таңдай қағып тұрғаныңыз құдайды қорлау және мен солай деп айтатындай еңбек сіңірген жан емеспін.
Бақыт-береке ұялаған осынау қарапайым тыныш үйді қимай бара жатқан граф, өзінің құшағына келіп кірген Жюлидің қолын сүйіп тұрып, екінші қолын Эмманюельге соза берді; сосын бұрынғыша сүлесоқ, бұрынғыша іштей күйініп тұрған Максимилианға басын изеді.
— Ағамның қабағын ашып, қайта қуанатын күнге жеткізсеңіз! — деп сыбырлады оның құлағына Жюли.
Монте-Кристо осыдан oн бір жыл бұрын, арматор Моррельдің кабинетіне баратын басқыш үстінде Жюлидің қолын қалай қысса, осы жолы да тап солай қысты.
— Сіз Саяхатшы-Синдбатқа бұрынғыша сенесіз бе? — деді ол келіншекке күлімсірей қарап.
— Иә, сенемін.
— Олай болса, ештеңеден қам жемеңіз, тек бір құдайдан күдеріңізді үзбеңіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, графты қақпа алдында почта күймесі күтіп тұрған, төрт сәйгүлік басын шұлғып, жалы желпілдеп, тұяқтарымен жер тарпып, күймені ала жөнелмекке әзір еді.
Есік алдындағы басқышта ұзақ жүгіріп келген кісі сияқты екі иінінен дем алып, қара тер болған Әли тұр.
— Не болды? Шалға бардың ба? — деп граф оған арабша сауал қойды.
Әли мақұлдап басын изеді.
— Сен, мен айтқандай, хатты оның көз алдына апарып, жайып көрсеттің бе?
Малайы тағы басын изеді.
— Ол не деді, яғни ол қандай белгі берді?
Қожасы анығырақ көрсін дегендей-ақ, Әли жарыққа бетін бұрып, шалдың ымдағанын дәлме-дәл, айнытпай қайталап, Нуартье: иә, — деп айтқысы келгенде қалай көзін жұмса, тап солай көзін жұмды.
— Бәрекелде, ол ризашылығын беріпті, кеттік, ендеше! — деді Монте-Кристо.
Ол осы сөздерді айтпай жатып, аттар жұлқынып ілгері тартқанда тұяқтарынан ұшқын шашырап шаба жөнелді. Максимилиан үн-түнсіз бұрышқа барып тығылды.
Арада жарты сағат өтті: граф Әлидің бармағына байланған жібек бауды тартып қалып еді, күйме оқыс тоқтай қалды.
Нубиялық малай тұғырынан секіріп түсіп, жүгіріп келіп есікті ашты, граф сыртқа шықты.
Түнгі аспанда жұлдыздар андыздайды. Монте-Кристо, Вильжюиф төбесінің басында, күллі Париж алақандағыдай көрінетін тақтайдай тегіс үстіртте тұрған, осы арадан қарағанда, сан миллион оттары жапырлап, жайнап жатқан Париж ақ бурыл толқындары буырқанған тұнжыр теңізге ұқсайды екен. Иә, мұнда да толқын бар, бірақ ол буырқанған мұхит толқындарынан бетер бұрсанып, құбылып-құлпырып, өрепкіп-өршелене ұмтылып, бір сәт те тыным таппайтын, ұдайы таласып-тартысып, жанталаса жұлысып, ақ көбік болып құтырынып, айналасына ажал сеуіп жататын жалмауыз, тойымсыз да обыр толқындар!...
Графтың белгісі бойынша күйме біршама жер ілгері барып тоқтады да, ол жалғыз қалды.
Монте-Кристо екі қолын кеудесіне айқастыра салып, осынау адамзат ой-пікірінің от көрігіндей болған қалаға ұзақ қарады, нәрлі ой біткен осы көрікте қыздырылып, қорытылып, қақталып, жанартаудай бұрқырап жатқан тұңғиықтан атқылап жоғары шығып, күллі әлемді тебірентіп толқытады. Тақуа қиялшылар мен мысқылшы материалистердің бәрінің де көңіліне қонып, көзінің жауын алатын осынау Вавилонның түнгі көркіне қарай-қарай көзі тойған граф дұға қайыратын кісідей басын иіп, бір қолын екінші қолының үстіне қойды.
— Уа, ұлы шаһар, — деді ол күбірлеп, — сенің топырағыңа табаным тигелі бері арада әлі жарты жыл өткен жоқ. Мені осында бір құдайдың әмірі айдап әкелгеніне иманым кәміл, міне, енді сенен көңілім тасып, масайрап кетіп барамын; сенің құшағыңда болған күндерімнің құпиясын бір құдайға ғана сеніп тапсырғанмын және жүрегімде не болғаны тек сол күдіретке ғана мәлім; менің енді ешкімге де кектенбей, мейманам тасып-мардымсымай кетіп бара жатқанымды, бірақ көңілімнің бір түкпірінде өкініш те бар екенін, тек бір құдайтағала, құдайтағалам ғана біледі; қолыма жазмыш берген құдіретті қара басымның қамы үшін, өткінші өмірдің өнімсіз мақсатын ойлап, керек-жарағыма жұмсағаныма бір Алланың өзі куә. Уа, ұлы шаһар, мен сенің тынымсыз ая-саяңнан іздегенімді таптым; көнтерлі де көнбіс кенші сияқты, мен сенің қойнауыңды кеулеп жүріп, одан жамандық-жауыздықты таптым, таптым да — таптап тастадым. Мен енді өз ісімді тәмамдадым; қызметімді атқардым: енді сен маған қуаныш та, қайғы да бере алмайсың. Қош, Париж, қош бол!
Ол түн қожасы сияқтанып, алдында жатқан аумақты жазыққа тағы бір көз тастады; сосын маңдайын бір сипап, күймеге келіп отырды, сол-ақ екен, есік дереу жабылды да, күйме доңғалақтары сартылдап, артына будақ-будақ шаң-тозаң қалдырып, төбенің арғы бетіне түсіп ғайып болды.
Моррель өз ойына өзі малтып отыр; Монте-Кристо одан көз алмай, ұзақ қарады.
— Моррель, — деді ол бір кезде, — менімен бірге жүріп кеткеніңізге өкініп келе жатқан жоқсыз ба?
— Жоқ, граф, өкінбеймін. Бірақ Парижбен қоштасу...
— Егер мен бақыт сізді Парижде тосып тұр деп ойлайтын болсам, өзіңізді со қаладан әкетпес едім.
— Валентина Парижде жатыр ғой, сол себепті де Парижден кету мен үшін Валентинаны екінші рет жоғалтқанмен бірдей.
— Максимилиан, — деді граф жай ғана, — біздің айырылып қалған достарымыз қара жерде емес, жүрегімізде ұялап жатады. Олар әрдайым өзімізбен бірге болуы үшін құдайтағаланың бұйрығы да әдейі солай еткен, ұдайы өзіммен бірге жүретін менің де екі досым бар: оның біреуіне өмір-тірлігім үшін борыштар болсам, екіншісіне — ақыл-санам үшін борыштармын. Олардың рухы менің жүрегімде, жанымда. Күнәлі күмән-күдікке бой алдырған кейбір кездері мен сол достарыммен кеңесемін, ал егер осы елге азды-көпті жақсылық жасаған болсам, ол да сол достарымның ақылының арқасы. Ендеше, Моррель, сіз де өз жүрегіңіздің үніне құлақ тосыңыз, сосын барып мені жақтырмай жүргеніңіздің дұрыс-бұрыстығын со жүрегіңізден сұрарсыз.
— Досым-ау, менің жүрегім мұң мен шерге толы, оған құлақ ассам — маған қайғы-қасіреттен өзге ештеңе беріп жарытпайды, — деді Максимилиан.
— Рух-жігері әлсіз адамдар әp нәрсеге қаралы қайғы көзімен қарайды; кісі жаны өз көңілінің көкжиегін өзі ашып, өзі жасайды; сіздің жаныңыз жаралы, сол себепті де аспаныңыз да қара бұлтпен қымтаулы.
— Мүмкін, сіз әділін айтып отырған шығарсыз, — деді Максимилиан.
Саяхат-сапар көз ілеспейтін ғажайып жылдамдықпен өтіп келе жатты, жылдамдық дегенің де графтың билігінде болып шықты. Қалалар мен қыстақтар көлеңкедей көлбең етіп, бір көрініп қалып жатты; күзгі жел тербеген ағаштар, шаштары қобыраған алыптар сияқты, бұларға қарсы зулап жүгіріп келе жатқандай болады да, бір сәтте көзден таса болады. Ертеңіне таңертеңнен бұлар Шалон қаласына келіп жетті, мұнда оларды графтың пароходы тосып тұр екен; теңізшілер бір минутті де бос жібермей, күймені қолма-қол кемеге әкеліп тиеді. Саяхатшылар лезде палубаға шықты.
Пароход та жылдамдық үшін жаратылған екен; ол үндістердің желқайығынан айнымайды. Оның қос доңғалағы қанаттары сияқты су үстінде сыпылдай сырғып келеді; осынау зымыраған жүріске Моррельдің өзі елтіп, мас болғандай, кейде тіпті оның шашын желбіреткен самал жел жауар бұлттай түнерген қабағын да ашып жібере жаздайды.
Парижден алыстаған сайын графтың да жүзі жадырап өңі кіріп, жан-жағына бір шарапатты нұр сеуіп келе жатқандай болады. Ол көп қуғын-сүргін көріп, Отанына қайта оралып келе жатқан бақытсыз қашқын сияқты.
Ұзамай олардың көз алдынан Марсель көсіліп шыға келді, ежелгі Тир мен Карфагеннің інісі, со шаһарлардың Жерорта теңізіндегі мұрагері, жылы қала, ақ қала, өмір-тірлік қайнап жатқан Марсель қаласы шыға келді: қартайған сайын жасара түсетін ерке Марсель-дағы баяғы. Анау дөңгелек мұнара мен қасиетті Николай бекінісі де, ратуша да, өздері бала кездерінде талай рет асыр салып ойнаған, кемер-кенересі таспен көмкерілген айлақ та бұл екеуінің ойларына қайдағы-жайдағыны салып, көздеріне оттай басылады.
Екеуі бірден ентелей басып, Каннебьер көшесінен келіп шықты.
Белгісіз бір кеме Алжирге қарай жүргелі жатыр екен; палубаға толып кеткен жүктер, жолаушылар, олардың туысқандары мен дос-жарандары дауыстап, қош-қош айтысып, жыласып-күлісіп жатқан жұрт — осының бәрі, тіпті мұны күнде көріп жүрген кісілердің өзін, әманда қатты тебірентетін көріністер ғой — осынау алас-қапас сапырылысып жатқан қалың нөпір, Максимилианды жағалаудың жалпақ плитасына табаны тиген кезден бастап, көңіліне келген бір ойдан арылта алмай-ақ қойды.
— Бері қараңызшы, — деді ол Монте-Кристоны қолтығынан демеп, — баяғыда «Фараон» портқа келіп кіргенде, менің әкем тап мына арада тұрған еді; өзіңіз ажалға араша түсіп, масқара қорлықтан құтқарып алған сол ақ көңілді, адал жан тап осы арада жүгіріп келіп, менің құшағыма кірген еді, оның көз жасы әлі күнге дейін бетіме ып-ыстық болып тиіп тұрғандай сезінемін; сонда тек әкем ғана жылаған жоқ, бізге қарап, талай-талай кісілер де жылаған еді.
Монте-Кристо жымиып күлді де қойды.
— Meн ана бір жерде тұрғанмын, — деді ол бір көшенің мүйісін көрсетіп.
Бірақ ол сөзін бітірем дегенше, өзі қолымен нұсқап тұрған жақтан біреудің аһ ұрып, күрсінген қайғылы үнін есітті, бұлар сол арада жүріп бара жатқан кеме жолаушыларына қолын бұлғап қоштасып тұрған әйелді көрді, ол бет-аузын шілтермен бүркеп тастапты. Егер Моррельдің есіл-дерті палубаға ауып, соған қадала қарап тұрмаған болса, ол Монте-Кристоның әлгі әйелдің әрбір қимылын кереметтей тебірене толқып бақылап тұрғанын бірден байқар еді.
— Анаған қараңыз! — деді Моррель дауыстап. — Aнa бір әскери форма киіп, қолын бұлғап тұрған жас жігіт Альбер де Морсер ғой!
— Иә, мен оны бірден таныдым, — деді Монте-Кристо.
— Қалай? Сіз басқа жаққа қарап тұрған сияқты едіңіз.
Граф жымиып күлді де қойды, ол сөзге жауап қайтарғысы келмеген кездері тап осылай күлімсіреп тұра беретін.
Ол тағы да бетін шілтермен бүркеген әйелге қарады; ол әрігерек көше мүйісін айналып кетіп қалды.
Осыдан кейін граф жігітке қайта бұрылды.
— Қымбатты досым, осы маңда өзге бір жұмысыңыз жоқ па? — деді ол Максимилианға.
— Meн әкемнің басына барып қайтсам ба деп едім, — деді Моррель.
— Мақұл, ендеше, солай бара беріңіз, бірақ мені күтіңіз; кейінірек келермін.
— Сіз де бір жаққа барасыз ба?
— Иә... мен де өзім қатты қастерлейтін бір жерге бармақшымын.
Моррель графтың қолын ақырын қысып, басын мұңая бір изеп, қаланың шығыс жағына қарай жүріп кетті.
Максимилиан қашан көзден таса болғанша, Монте-Кристо тұрған жерінен қозғалмады, сосын барып, біздің оқырмандарымызға қиссамыздың бас кезінен жақсы таныс баяғы Мельян аллеясындағы жұпыны үйге қарай беттеді.
Осынау үй Морсель тұрғындары сейіл-серуен құратын аллеяның жамыраған жасыл жапырақтарына бұрынғыша малынып тұр екен; оңтүстіктің ыстық күні қақтап, әбден сарғайып кеткен қабырғаларына жабайы жүзімнің қож-қож қара желілері өрмелеп барып, әрлі-берлі шырмап-шандып тастапты. Қажалып-мүжіліп қалған екі тас тепкішек үш тақтайдан құрала салған есікке апарады, бұл есіктің жіктері жаз шығысымен қаңсып ашылып кетеді де, ылғалды күз келгенде ісініп, қайта жымдасады, бірақ өмірде сырланып, боялып көрген емес.
Ескіргеніне қарамай әсем болып көрінетін, сиықсыз түріне қарамай, көңілді саналатын осынау үй баяғыда Дантес қария тұратын үйдің тап өзі еді. Бірақ шал мансардта тұрса, граф енді күллі үйді Мерседестің қарамағына берген.
Монте-Кристо әлгіде айлақта көрген шілтерлі әйел осы үйге келіп кірді, граф көшенің бұрышынан шыға келген кезде, әйел аулаға кіріп, есікті жауып жатты, бұл әйелге енді жете берем дегенде ол тағы да жоғалып кетті.
Ол осы бір ескі басқышпен жақсы таныстұғын; осынау көне есіктің басы жалпақ шегені басса жоғары көтерілетін ілмешегін қалай ашуды бес саусағындай білетін.
Сол себепті де ол, адал дос ретінде, қожайын ретінде өзінің келетінін ешкімге де айтпай, есікті қақпай, емін-еркін келіп кірді.
Үйдің іргесінде ұдайы күн шұғыласы мен жылуына малынып тұратын шағын бау бар еді, әлгі граф осыдан жиырма төрт жыл бұрын көмдім дейтін ақшаны Мерседестің айтқан жерден тауып алатын бауы да осы болатын. Үйге кіретін есік алдынан осы бақтың шеткі ағаштары көрінетін.
Табалдырықтан аттасымен Монте-Кристо біреудің жылағаннан да бетер ауыр күрсінген даусын есітті; ол аһ ұрған дауыс естілген жаққа қарап, қою жапырақты, күлгін түсті ұзынша гүлдері желбірей төгіліп тұрған виргиния жасминдері арасынан Мерседесті көрді: ол сәкі үстінде жылап отыр екен.
Зеңгір аспан күмбезінің астында, шілтерін ашып тастап, қолымен бетін басып, баласының алдында ұзақ уақыт әзер шыдаған ана байғұс, енді жалғыз қалғасын армансыз жылап, іштегі шерін бір тарқатып алмақ еді.
Монте-Кристо бірер басып жақындай берді. Оның қадамынан қиыршық құм қышырлады.
Мерседес басын көтеріп, үрке қарағанда даусы еріксіз шығып кетті.
— Сударыня, — деді граф, — сізді бақытты ету енді менің қолымнан келмейді, бірақ бірер ауыз жылы сөз айтып, хал-қадырымша жұбатқым келеді. Оны аяулы дос лебізі деп қабылдай алар ма екенсіз?
— Иә, менен өткен бақытсыз сорлы жоқ, — деді Мерседес, — бүкіл әлемде қу басым қуарып жалғыз қалдым... Маңдайымда жалғыз ұлым бар еді, ол да мені тастап кетіп қалды.
— Ол дұрыс жасады, бәйбіше, — деді граф, — ол — ізгі жүректі, көргенді бала. Ол әрбір азаматтың отан алдындағы борышын өтеуге тиіс екенін жақсы түсінді; бір кісілер оған талант-дарынын бағыштаса, енді біреулер оның еңбек-бейнетін көтереді, бір ұландары оған ұйқысыз-күлкісіз өткізген түндерін, тағы бір перзенттері қасықтай қанын қияды. Егер ол сізді төңіректеп, қасыңыздан шықпай қоятын болса, есіл өмірін рәсуа етіп, қорлықпен күн кешер еді және сіздің қайғы-қасіретіңізге шыдай алмай, өзінің дәрменсіздігіне күйініп, күллі әлемге кектеніп, өшігіп кетер еді. Енді ол басына түскен қиындықтармен күресе жүріп шынығады, сол қиындықтарын жеңе жүріп, рақат табады, ақырында тепсе темір үзетін қайратты да қажырлы жігіт болып шығады. Сіз оған, сударыня, өз болашағын да, мына сіздің болашағыңызды да қайта жасауына қолбайлау болмаңыз және сол ізгі іс ақ жүректі адал қолда екеніне сеніңіз, сударыня.
— Сіз айтып отырған бақытқа жалғызымды жеткізе көр деп мен жаратқанға ертелі-кеш шын көңілден жалбарынамын, бірақ имандай шыным, сол бақыт қызығын мен, өз басым көре алмаспын деп қорқамын, — деді кейуана байғұс басын мұңая шайқап. — Мен көңіліме медеу тұтар тіректен айырылып, жан-жағым жалаңаштанып, тұлдырсыз қалған кісімін, қазір өзімді бір аяғыммен көрде тұрғандай сезінемін. Менің бір кезде бақытты болған жеріме қайтып келуіме көмек беріп, сіз көп сауап алдыңыз, граф, әрбір кісі өзінің бақыт дәмін татқан жеріне келіп көз жұмбағы абзал.
— Сіздің осы бір күйіне айтқан сөздеріңіз, сударыня, жүрегіме темір қыздырып басқанмен бірдей болды, сіздің маған өлердей өшігіп жүргеніңізді өз басым орынды да әділ санаймын, сол себепті де азабым күшейе түскендей, өзіңіздің осынша қасіретке ұшырап, жәбір-жапа шеккеніңізге кінәлі кісі — менмін. Сіз мені бет-алды айыптай бергеннен гөрі, бір рет те болса, жаныңыз ашып, аясаңыз қайтеді? Сіз маған менен де гөрі көбірек қиянат жасадыңыз ғой...
— Сізге өшігіп, айыптау қайда маған, Эдмон?.. Баламның ажалына араша түскен кісіге кектеніп айыптаудан тәңірім сақтасын — бірақ шынымен қатыгез бір сезімге беріліп де Морсер мырзаны мақтан тұтатын жалғыз ұлынан айырғыңыз келгені рас қой? Маған бір сәт көз тоқтатып анықтап қараңызшы, менің жүзімнен наразылық сезімінің ізін де таба алмайсыз.
Граф басын көтеріп, бұған қос қолын бірдей созып тұрған Мерседеске тура қарады.
— Иә, қараңыз, қарай түсіңіз маған, — деді әйел жабырқаулы көңілмен, — менің сұлулығым семіп, бетімнен әр, көзімнен нұр қашқан жанмын, бір кезде жадырай күліп, Эдмон Дантеске қанат байлап, ұшып келетін жас дәурен, оның мені кәрі әкесі тұратын мансарданың терезесі алдында тосып тұратын дәурен баяғыда өткен... Одан бері қилы-қилы заман өтті; сол уақыт менің бұрынғы күндерім мен қазіргімнің арасына тұңғиық құз қазды. Сізді, Эдмон, айыптаймын ба? Сізге, досым, өшіге аламын ба? Жоқ! Мен өзіме ғана өшпін, мен өзімді ғана айыптаймын! Бәріне кінәлі тек қана өзіммін, — деді әйел күйіне дауыстап. — Сол себепті де сазамды да, жазамды да алып отырмын! Менің бір басымда құдайтағаланың періштелерге ғана сыйлайтын үш қасиеті — үміт, сенім, ақ ниет, ақ махаббат бартұғын, ал мен жазған басым, құдайға күпіршілік етіппін.
Монте-Кристо үн-түнсіз оның қолынан ұстады.
— Жоқ, досым, — деді әйел қолын жайымен тартып алып жатып, — маған қолыңыз тимей-ақ қойсын. Сіз мені аядыңыз, ал өзіңіз қатты жазалаған кісілердің ішіндегі рақым етуге болмайтын ең кінәлісі мен едім. Қалған жұрттың бәрі өшпенділік пен өзімшілдіктің, обыр құлқынының құлы болып, әрекет жасады; ал мен сужүрек болдым. Олардың көздеген мақсат-мұраты бар еді, ал мен қорқып кеттім. Жоқ, Эдмон, менің қолымды қыспай-ақ қойыңыз: байқаймын, сіз маған жылы сөз айтып, көңілімді көтергіңіз келетін сияқты — оның қажеті бола қоймас, ол сөзді басқа бір әйелге айтарсыз, мен ондай сөзге татымаймын. Қараңызшы... (ол бетінің шілтерін серпіп тастады) қайғы-қасіреттен аппақ қудай болдым; егіліп көп жылағаннан көзімнің айналасы көгеріп кетті. Маңдайымды әжім тілгіледі. Ал сіз Эдмон, сол баяғы албырт жас, әсем жігіт, тәкаппар күйдесіз. Өйткені сізге үміт-сенім серік болды, сізге ерлік пен өрлік серік болды, сіз бір құдайға сендіңіз, ал құдайтағала сізді ұдайы демеп, жебеп отырды.
Мерседес еңіреп жылап жіберді, ол өткен өмірін есіне алып, жүрегі жаралы, көңілі қаралы болып жылады.
Монте-Кристо еңкейе түсіп, әйел қолын құрметтей, бір сүйіп алды, бірақ граф тап бір әулие бибінің мәрмәр тастан қашалған қолын өпкендей құрметпен сүйді, осы бір сүйісте іңкәр от сезім жоқ екенін әйел бірден біле қойды.
— Бұл жалғанда әуелден-ақ қырсық шалған бір жандар болады, — деді Мерседес сөзін жалғап, — алғашқы кате басқан қадамы олардың күллі болашағын күйретеді. Мен сізді өлдіге санадым, сол себепті өзім де өлуге тиісті едім; іштей қан жылап, сізді жоқтағаннан не пайда? Бар тапқаным — отыз тоғыз жасымда кемпір болып қалдым. Көп кісілер арасынан сізді жалғыз ғана мен танып, баламды аман алып қалдым, бірақ одан не пайда? Өзіме ер болады деп таңдап-талғап алған кісіні, мейлі ол мың жерден кінәлі болса да, құтқаруым керек еді. Meн оның өлуіне жол аштым. Бұл бұл ма! Өзімнің безбүйрек қатыгездігіммен, оған деген жиіркенішіммен байғұсты өлімге итермеледім, сонда оның тек маған бола антты бұзған айыпты опасыз сатқын болғанын ойламаппын, ойлағым да келмепті! Егер баламнан осылай айырылар болсам, оны өз қолыммен жападан-жалғыз ажалды жер — Африкаға жіберер болсам, осы араға дейін қарашығыма еріп келгеннен не пайда таптым? Иә, мен сужүрек қорқақ болдым! Ақ махаббатымнан бас тартып, опасыздық жасадым, сол себепті де, күллі жолынан жаңылған кісілер сияқты мен де маңайымдағы жақын-жуығымның бәрін бақытсыз сорлы етемін.
— Жоқ, Мерседес, — деді Монте-Кристо, — сіз өзіңізді тап осылай қатал жазалай бермеңіз. Сіз ізгі жанды, әулие әйелсіз, бір ғана қасірет-қайғыңыздың күшімен-ақ сіз мені әл-дәрменсіз, бейшара күйге түсірдіңіз: бірақ менің соңымда жан баласына көрінбей де білінбей, қаһарлы құдірет тұр екен, мен соның осындағы жаушысы едім, содан ба, әйтеуір, қолымдағы жай оғын жерге тастауымды қаламады. Міне, он жылдың жүзі болды, күн сайын мен жерге маңдайымды төсеп жалбарынып, билігіне құлдық ұратын Құдайтағала атымен ант етейін, өз басым сіздің жолыңызға өмірімді, тек өмірім ғана емес-ау күллі көкейкесті мақсат-мұратымды құрбан еткен жанмын! Бірақ Мерседес, имандай шыным деп мақтанышпен айтайыншы, мен құдайтағалама қажет пенде екенмін, сол себепті де ол мені өмірге қайта әкелді. Өткенді оймен салмақтап, бүгінгі ақыл безбеніне салып, болашақты болжай отырып, өзіңіз құдайшылығыңызды айтыңызшы: мен жаратқанның қолындағы қаруы емеспін бе? Басыма қара күн туып, бақытсыз сорлы атанумен, қасіреттің азап-тозағын татумен жүріп, өзімді жақсы көретін жандар ұмытып, сырт айналып кетумен, ал өзімді мүлде білмейтін кісілер қыр соңымнан қалмай, қуғын-сүргінге салумен жүріп жарты өмірім өтіпті. Кенет ойламаған жерден, қамаудан, жетім-жалғыздықтан, жоқшылықтан кейін таза ауа, азаттық, бақ-дәулет, байлық пайда болды. Сo байлықтың көз тоймас, ақыл жетпес көптігі, ғажайып сиқырлығы сондай, мен құдай мұны маған тек бір ұлы істерді жасауға ғана жіберген екен деп ойладым. Содан бері мен осы байлықты құдайға қызмет етуге ғана бағыштап келемін. Содан бері, сіз кейде рақат-ләззат тапқан өмірдің, Мерседес, мен ештеңесіне де қызықпадым; мен бір сәтке де тынығу дегенді білмедім; белгісіз бір күш мені алға жетеледі де отырды. Құдайдың қарғысы атқан қалаларды күйдіріп, күлге айналдырып жіберетін отты бұлт сияқты аспанды кездім де жүрдім. Өз кемесін қиын сапарға, қауіпті жорыққа әзірлеп, жақсылап жабдықтайтын қаһарман капитандар сияқты азық-түлікті, керек-жарақты жинадым, қаруларды даярлап, ретке келтірдім, қажет кезінде кісі өлтіруден қолым қалтырамас үшін, көзім елдің азап-тозағына тайсалмай, тура қарауы үшін, ал ернім не сұмдықты көрсе де міз бақпай, жымиып күлімсіреу үшін өз денемді ең ауыр сынақтан сүрінбей өтуге, жан-жүрегімді ең қатал, жан түршігерлік қылмыстан да шімірікпейтіндей етіп үйреттім. Жамандықты, зұлымдықты тез ұмытып кететін мейірімді, аңқау, ақкөңіл жаннан мен нағыз кекшіл, жымысқы жауызға айналдым, дәлірек айтсам, керең де көр соқыр тағдыр сияқты, кессең қан шықпайтын безбүйрекке айналдым. Тек содан кейін ғана, өзіме күн ілгері тағайындалған жолға келіп түстім, кең әлемді басып өтіп, діттеген мақсатыма жеттім, жолыма кесе-көлденең тұрған кісілердің өз обалы өзіне!
— Жетті, — деді Мерседес шыдамай, — жетті енді, Эдмон! — Көп кісінің арасынан сізді таныған жалғыз мен болсам, сізді түсінетін де жалғыз мен болармын, бұған кәміл сене беріңіз. Егер сіз менімен жол-жөнекей кездесіп, шыны аяқтай шылдыратып сындырып кеткен болсаңыз да, Эдмон, сонда да мен сізге тәнті болмай тұра алмас едім! Менің өткен өмірім мен өзіміздің арамызда қандай түпсіз шыңырау жатқан болса, сіз бенен өзге жұрттың арасында да сондай түпсіз шыңырау жатыр және маған сізді басқа кісілермен салыстырудан өтер азап бола қоймас, өйткені бұл дүниеде сізбен тең түсетін адам жоқ, сізге ұқсайтын да тірі жан жоқ. Ал енді, Эдмон, менімен қоштасыңыз, осымен айырылысып кетелік.
— Бір-бірімізбен қоштаспай тұрғанда, Мерседес, менен нендей көмек қажет екенін айтсаңыз?
— Менің бір-ақ тілегім бар, Эдмон, балам-жалғызым бақытты болса екен.
— Күллі адам атаулының өмір-тірлігін билеп тұрған жаратушы жаниемізден ажал құрығын баламнан аулақ ұста, — деп сұраңыз; қалғаны менің мойнымда.
— Мың алғыс сізге, Эдмон.
— Өзіңізге ше, Мерседес?
— Маған ештеңенің де керегі жоқ, мен екі моланың арасында тұрып жатырмын. Оның біреуі — баяғы қаза тапқан Эдмон Дантестің моласы: мен оны жанымдай сүйген едім, менің кезерген ернім бұл есімді айтпауға тиіс еді, бірақ жүрек шіркін ұмытпапты, өз басым жүрегімнің осы бір ыстық іңкәрін бұл жалғанның ешбір қызығына айырбастамаймын. Ал екінші молада Эдмон Дантес өлтірген байғұс жатыр, мен бұл қылмысты ақтаймын, бірақ өлген бейшараға бағыштап дұға оқу — борышым.
— Балаңыз бақытты болады әлі.
— Ендеше, мен де бақытты боламын.
— Дегенмен... сіз қалай тірлік кешпексіз?
Мерседес мұңайып, жымиды да қойды.
— Егер мен сізге баяғы жас Мерседес сияқты, еңбегіммен күн көремін десем, бәрібір оған сенбейсіз, мен қазір тек құдайға мінәжат етіп, дұға қайыруды ғана білемін, бірақ маған жұмыс істеудің қажеті бола қоймас, өзіңіздің көміп кеткен байлығыңызды айтқан жеріңізден тауып алдық; әрине, айналадағы ел: менің кім екенімді, не істейтінімді, қандай қаржымен тұрып жатқанымды білгісі келетін де шығар, бірақ маған бәрібір емес пе! Онда тек құдайдың, сіз бен біздің ғана шаруамыз бар ғой.
— Мерседес, — деді граф, — мен осы сөзді сізге кінәлайын деп айтып тұрғаным жоқ, граф де Морсер тапқан дүние-мүліктен толық бас тартып, сіз қыруар құрбандыққа бардыңыз, ал сол жиһаздың тең жартысын иемденуге құқыңыз бар еді.
— Мен сіздің не ұсынғалы тұрғаныңызды сеземін, бірақ оны қабылдай алмаймын. Егер балам осы арада болса рұқсат етпес еді.
— Сол себепті де әуелі Альбердің ризашылығын алмай тұрып сізге бір жақсылық жасауға жүрегім дауаламайды. Meн оның ой-тілегін білермін, білермін де, қалағанын жасармын. Бірақ ол менің ұсынысыма көнетін болса, сіз оған қарсы шықпайсыз ғой?
— Менің тап қазір әр нәрсені ақылмен салмақтап, ойланып-толғанып жатуға әл-дәрменім жетпейтінін білуіңіз керек еді, Эдмон. Менің енді ешқашанда, ешбір шешімге келмеуден өзге нәрсеге ақылым жетпейді. Құдайтағалам басыма қара дауыл ойнатып, ерік-жігерден айырып қойған жоқ па. Қырғидың тырнағына іліккен торғайдай, мен оның әл-дәрменсіз күңімін ғой. Егер осынау жарық дүниеде әлі күнге дейін қалтылдап күн көріп келе жатсам — бұл да құдіреттің бұйрығы да!
— Сақтаныңыз сударыня, — деді Монте-Кристо, — құдайға осылай құлшылық ете ме екен! Құдай бізден өз әмірін жанымызбен түсінуді, оның құдіретін ақылмен, ынсаппен қабыл алуды талап етеді, оның бізге ерік-жігер беpiп қойғаны да содан.
— Жоқ! — деді Мерседес нығыз. — Олай демеңіз. Егер құдай менің басымды азат етіп, ерік-жігер беріп қойды деп ойлайтын болсам, онда мен сорлыны зарығып-торығудан кім келіп құтқарады?
Осынау шерлі жүректің қасірет-қайғысынан жан-жүрегі елжіреп кеткен Монте-Кристоның өңі бозарып, еңсесі түсіп кетті.
— Сіз маған: көріскенше сау болыңыз деп айта алмайсыз ба? — деді ол әйелге қолын созып.
— Қайта, мен сізге: көріскенше қош болыңыз деймін, — деді Мерседес салтанатпен көкке қолын жайып, — өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, мен әлі тірліктен үміт үзген жан емен.
Сосын дірілдеген қолымен графтың қолын асығыс қысты да, басқышқа жүгіріп барып, көрінбей кетті.
Осыдан кейін Монте-Кристо асықпай шығып, қайтадан теңіз айлағына қарай беттеді.
Дантес қарияға баспана болған мансардтың терезесіне сүйеніп тұрса да, Мерседес графтың қалай кетіп қалғанын көрмеді. Оның көзі алысқа, ашық теңізге қарай жалғыз ұлын алып кеткен кемені іздеп, шарқ ұрып тұрған.
Рас, бұл кезде әйел ерні естілер-естілмес:
— Эдмон! Эдмон! — деп күбірлеген еді.
XVI. ӨТКЕН КҮНДЕР
Граф осынау үйден жүрегі сыздап, торығып шықты, ол осында Мерседесті қалдырып барады, бәлкім оны соңғы рет көруі де шығар.
Кішкентай Эдуард қаза тапқалы бері Монте-Кристо қатты өзгеріп кеткен еді. Ол кек алудың ұзақ та бұралаң жолымен көп жүрген, ал сол ұзақ жолдың шыңына жеткен кезде, кенет оның алдынан күмән-күдіктің түпсіз тұңғиығы келіп шыққан.
Мұның үстіне Мерседеспен сөйлескеннен кейін, оның есіне өткен күндер түсіп, қайдағы-жайдағысын қозғаған, ал өз басы сол күндерді біржола ұмытуға ынтызар.
Монте-Кристо ұзақ уақыт сары уайымға салынып, сарғайып жүретін күйрек кісілерден емес-ті. Жұрт алдында өзінше өзгеше көрінбекші болған ақылы тайыз қара дүрсін кісі ғана мұны ойына талшық етеді, ол қайратты-жігерлі жандарға уайым өліммен тең. «Егер көңіліме күдік кіріп, өзімді-өзім жазғыра бастасам — онда менің есебімде бір қатенің кеткені», — деді ол іштей.
«Мен өткен өмір хақында ой қорытқанда, жаңсақ бассам керек, — деді ол өзіне-өзі, — әйтпесе, тап осылай оңбай қателесуге тиіс емес едім. Шынымен-ақ, алдыма есуас кісінің мақсатын қойғаным ба? ІІІынымен-ақ, он жыл бойы жалған жолмен жүргенім бе? Сәулетші байғұс бүкіл үміт-сенімін артып, өз қолымен жасаған іңкәр ғимаратын ойдағыдай дұрыс етіп жасау мүмкін болған күннің өзінде, соның астамдық екеніне, құдайға күпірлік екеніне көзін жеткізу үшін, оған шынымен-ақ, бірер сағаттың жетіп артылатыны рас болғаны ма?
Бұлай ойлау мүмкін емес, олай болса, мен жынданып кетемін, Өткен дәурен маған жалған жағынан көрінетін тәрізді, өйткені оған тым алыстан қараймын. Кісі ілгері жүріп бара жатқанда, өткен өмірі, табиғат суреттері сияқты, жанай өткенде бір көрініп ғайып болып жатады. Мен ұйықтап жатып, түсінде жараланып қалған кісі сияқтымын, аққан қанды, денемнің ауырғанын сеземін, бірақ қалай жараланып қалғанымды есіме түсіре алмаймын.
Ay, сен, өмірге қайта келіп, бақ-дәулетің тасыған есер едің, ояу жүріп, қияли болған құдіретті сәуегей едің, бетіңе жан келмейтін алпауыт миллионер едің, ендеше, бір құдайға шүкіршілік етіп, бір сәтке де болса, кешегі аш жалаңаш аянышты халіңе қайта орал, тағдыр талайыңа жазып, бәле мен жала айдап әкеліп тыққан, үмітің кесіліп, бұ дүниеден баз кешкен қара түнекке апаратын жолға тағы бір түсіп көрші. Ойхой, дүние, граф Монте-Кристоның Дантеске қарайтын шар айнасының беті жарқылдаған алтын мен гауһар тастарға, дүниенің ләззат-қызығына толып тұр ғой. Сол гауһарларды жасыр, алтындарыңа күл сеп, жарқылдаған нұр-шұғыланы өшір; бүгінгі бай — кешегі кедейді есіңе ал; азат азамат — тұтқынды ұмытпа, қайта тірілген сорлы пенде өлген кезіңді жадыңа сақта!»
Осындай бір ой тұңғиығына түсіп кеткен Монте-Кристо Кессри көшесімен жай басып келе жатты. Осыдан жиырма төрт жыл бұрын, қабағы қатулы күзетшілер үн-түнсіз тұнжырап келіп өзін ұстан алып, тап осы көшемен әкеткен еді. Қазір жұрт сапырылысып жатқан көңілді көше, сол түні көзге түрткісіз қараңғы болып, мылқау кісідей түнеріп тұрған еді.
— Бұл сондағы үйлер ғой, — деді күбірлеп Монте-Кристо, — бірақ ол кезде тұнжыраған түн еді, ал қазір жарқыраған күн. Әлемнің жарығы да, оның қабағын ашып, жадыратып жіберетін де күн ғой.
Ол Сен-Лоран көшесімен төмен түсіп, жағалаудан келіп шықты, сосын Порт басқармасының алдына аялдады, сонда мұны тап осы арадан қайыққа отырғызған болатын.
Жиекті қуалап, кенеп жаппасы бар бір қайық сырғып бара жатты. Монте-Кристо қайықшыға дауыстап тіл қатты, ойламаған жерден олжа табам ба деп қайықшы бұған қарай асығыс есе жөнелді.
Күн тамылжып тұрған, мұндайда сейіл-серуен құру да бір ғаиибет. Тынымсыз толқындарды өрт тигендей алаулатып, артына қызыл шапақ нұрын төгіп, күн де көкжиекке қарай аунап бара жатты. Кейде айнадай жалтыраған теңіз беті шымырлап, жыбырлап кетеді — белгісіз бір жауы қуалаған балық ышқынып келіп, жан сауғалап судан шоршып шыға кетеді: алыста, көз ұшында ақ шағала сияқтанып, Мартиг жаққа қарай беттеген балықшы қайықтары мен Корсикаға немесе Испанияға жүк апара жатқан сауда кемелері аппақ болып зулап бара жатады.
Бірақ граф бұлтсыз ашық аспанды да, зулаған қайықтарды да, әлемді алтын шұғыласына бөлеген күнді де байқамады. Шекпеніне оранып алып, ол өзі өткен қорқынышты жолдың бел-белестерін түгелдей көз алдына келтіріп отыр: Каталанда жылтыраған жетім шырақ, Иф қамалының, мұның өзін қайда әкеле жатқанын есіне түсірген қатулы бейнесі, теңізге қойып кетіп, қашып құтылмақшы болған кезде жандармдармен жағаласып қалғаны, осы тайталаста жеңіліп қалғанда өмірден күдер үзгені, самайына тақаған мылтық ұңғысының сұп-суық темірі — бәрі-бәрі ап-анық есіне түсті.
Жаз бойы кеуіп, қаңсып қалған өзектер, күз аспанын бұлт торлап, жауын жауа бастағанда, біртіндеп, тамшыға тамшы қосылып, ылғал молайып, жандана бастайтыны сияқты, бір кезде Эдмон Дантестің жанын улаған заһарлы өттің аз-аздан тамшылап, граф Монте-Кристоның кеудесіне де жиналып жатқанын сезе қойды.
Тап осы сәттен бастап, ол енді ашық аспанды да, заулаған жеңіл қайықтарды да, алтын шұғыланы да көрмеді: бұған аспанды қара бұлт жауып тастағандай болып көрінді, ал алдынан Иф қамалы деп аталатын қара тажал күдірейіп шыға келгенде, ол қанқұйлы атажауымен кездескендей-ақ, селк етіп шошып қалды.
Бұлар көздеген жеріне жетіп еді.
Қайықшының жадырай дауыстап:
— Келдік, сударь, — деп жатқанына қарамастан, граф еркінен тыс шегініп, қайықтың артқы жағына барып отырды.
Монте-Кристо, тап осы арада, күзетшілердің өзін әнe бір тасты соқпақпен сүйрей жөнелгенін, ту сыртынан көк найзамен түрткілеп, қуалап отырғанын есіне алды.
Бір кезде осы жол Дантеске таусылмайтындай ұзақ болып көрінген. Монте-Кристоға ол қып-қысқа болып көрінді; қайықшы ескекті қарыштап есіп, дүркін-дүркін суды шашыратып, графтың есіне мың сан оймен бірге өткен-кеткен күндерді де салып отырды.
Июль революциясы болғалы бері Иф қамалын түрме ретінде пайдалану тоқтатылған; ол контрабанда товарларын алып өтуге жол бермейтін қатал күзет орнына айналған; енді мұның алдында бір кездегі тозақ орнын көруге келген халықты қарсы алып, қақпашы тұрады, бұрынғы зындан қазір жұрт келіп көретін ескерткіш ғимарат қана.
Монте-Кристо мұның бәріне қанық-тұғын, бірақ қанша айтқанмен, ол осы қамалдың ішіне келіп кіріп, қараңғы басқышпен төмен түскен кезде тірі аруақтай қуарып, жүрегі мұздап сала берді.
Граф сол арада тұрып, мұнда баяғы Реставрация-Қалпына келтіру заманынан қалған ескі түрмеші жоқ па екен деп сұрады; бірақ олардың бәрі пенсияға шығып немесе өзге жұмысқа ауысып кеткен екен.
Мұны қамалмен таныстырып жүрген қақпашы бұл арада 1830 жылдан бері істейді екен.
Графты бұрынғы өзінің зынданына ертіп әкелді.
Ол тар тесіктен әзер түсетін күңгірт жарықты, бұрын кереуеті тұрған жерді (оны баяғыда алып кеткен) қайта көрді, ал кереуеттің тасасынан ертеректе, Фариа тескен саңылау көзге түседі, оның орнын біраз бұрын бітеп тастаса да, қалаған тасы ақшылданып, бірден назар аударады екен.
Монте-Кристо кенет тізесі бүгіліп, тұра алмай бара жатқанын сезді; сезді де, ағаш орындықты жылжытып отыра қойды.
— Егер Мирабоны есепке алмасақ, осы қамалдың тұтқындары туралы ел аузында нендей әңгіме-сөздер бар? — деді граф. — Осынау қараңғы зындан жөнінде тағы қандай аңыздар бар? Бұған қарап отырып, тірі адамды осыған әкеліп қамады дегенге кісі тіпті сенбейді екен?
— Иә, сударь, осы камера туралы түрмеші Антуан маған біраз әңгіме айтқан, — деді қақпашы.
Монте-Кристо дір ете түсті. Сол Антуан мұның түрмешісі болған. Граф оның атын да, бет бейнесін де ұмытқан екен, бірақ со түрмешінің аты аталуы мұң екен, оны тірі күйінде көргендей болды: қаба сақалды, қара күрткелі кісі бір бума кілттерін шылдырлатып жүруші еді, бұған оның кілттерінің сылдыры естілгендей болды.
Граф бұрылып артына қарады, оған Антуан дәліздің арғы түкпірінде тұрғандай болып елестеді, қақпашы шырақ ұстап тұрғандықтан ба, әйтеуір, дәліз бұған бұрынғыдан да қараңғы сияқтанып көрінді.
— Қаласаңыз, сол гәпті айтып берейін, — деді қақпашы.
— Айтыңыз, — деді Монте-Кристо.
Сосын ол дүрсілдеп соғып кеткен жүрегінің лүпілін сездірмес үшін қолын кеудесіне басып, өзі жөніндегі хикаяны тыңдамақ болып, әңгімеге жүрексіне құлағын тоса берді.
— Айтыңыз, — деді ол қайталап.
— Міне, осынау камерада, — деді қақпашы сөзін бастап, — бір тұтқын тұрады, одан бері де талай заман өткен, жұрттың айтуынша, мейлінше қауіпті кісі болады, ең сұмдығы жанкешті батыр еді дейді. Со жылдары осында тағы бір тұтқын священник болады. Бірақ ол момын кісі екен. О байғұс жынданып кетеді.
— Жынданып кетеді? Неге? Неден жынданған? — деді Монте-Кристо тағы.
— Ол кім көрінгенге, егер босатып жіберсе, миллиондаған ақша бермекші болады.
Монте-Кристо көкке жүзін көтеріп еді, оны көре алмады: мұнымен зеңгір аспан арасында тас бөгет бар еді. Ол Фариа өз қазынасын ұсынған кісілердің көзі мен сол қазынаның арасындағы бөгет те тап осыдан бірде-бір кем емес еді-ау, — дегенді ойлады.
— Сол тұтқындар бір-бірін көре алды ма екен? — деді Монте-Кристо.
— Жоқ, сударь, оған қатал тыйым салынған; бірақ олар тыйым салғанына қарамастан, бір камерадан екінші камераға үңгіп жол салады.
— Жолды салған қайсысы екен?
— Жасы-дағы, бұл анық, — деді қақпашы, — оның өзі қайратты да епті жігіт екен, ал аббат болса, әбден қартайған, есі кіресілі-шығасылы кісі болады.
— Көрсоқырлар түге... — деді күбірлеп Монте-Кристо.
— Көп айтып не керек, жас жігіт жолды үңгиді, — деді қақпашы сөзін жалғап; — немен үңгіген? Оны бір құдайдың өзі біледі, әйтеуір, үңгіп жол салады. Міне, мынаған қараңызшы, іздері әлі сайрап жатыр.
Ол осыны айтып, шырақты қабырғаға жақындатты.
— Иә, көріп тұрмын, — деді граф қобалжыған бәсең үнмен.
— Сосын олар бір-бірімен қатынасып тұрады. Қарым-қатынасы қанша уақытқа созылды? Оны ешкім де білмейді. Сосын бір күні шал ауырып, қаза табады. Сонда жас жігіт не істеді дейсіз ғой?
— Айтыңыз, айта беріңіз.
— Ол өлген кісіні өзінің камерасына әкеліп, кереуетіне қабырғаға қаратып жатқызады, сосын бос камераға келіп, тесікті бітеп, өліктің қабына кіріп жата қояды. Кәне, бұған не дейсіз?
Монте-Кристо өлім ызғары сіңіп қалған түрпідей кенеп қап бетіне қайта келіп тигендей болып, тұла бойы тағы бір түршігіп, көзін жұмды.
— Ол, шамасы, — деді қақпашы сөзін сабақтап, — Иф қамалында өліктерді жерлейтінін жерлейді, бірақ табытқа шығынданып, әуре болмайды деп ойласа керек; сол себепті де көмген жерінен шығамын ғой деп есептейді, бірақ оның сорына қарай, қамалдың салты басқа екен, өліктерді жерлемей, аяғына тас байлап, теңізге лақтырып тастай салады екен: бұ жолы да солай істейді. Біздің әлгі сабазымызды теңізге лақтыра салады; келесі күні төсектен нағыз өлікті тауып алады да, бәленің бәрі ашылады. Өлікті теңізге тастайтын күзетшілер бұрын айтудан жүрексінген бір жайтты айтады: қапты төменге лақтырған кезде олар біреудің суға тұншығып барып басылған жан даусын естиді.
Графтың тынысы тарылып, жүрегі қатты қысылып, ауыр дем ала бастады.
— Жоқ, — деді ол күбірлеп, — жоқ! Менің шүбәланған себебім өткенді ұмыта бастаған екенмін; бірақ осында келгесін жанымның ескі жарасы қайта ашылды да, қайтадан кек алуға құмарта бастадым...
— Ал әлгі тұтқын жайлы кейін өзге хабар естілген жоқ па? — деді ол қақпашыға.
— Жоқ, ешбір хабар болмаған тәрізді: ол елу фут биіктен жалпасынан түсе құлап, өліп кеткен болуға тиіс...
— Сіз әлгіде аяғына тас байлап лақтырған деп едіңіз, ендеше, ол суға тік түскен болуға тиіс.
— Мүмкін, тік түскен де шығар, — деді қақпашы сөзін жалғап, — сосын зіл қара тас оны тұңғиық түбіне бір-ақ тартып, ол сонда қалған шығар, байғұс!
— Сіздің сол байғұсқа жаныңыз аши ма?
— Шынымды айтсам, аяймын, теңізде, ол өзі үйінде қалай жүрсе, солай еркін жүреді екен десе-дағы аяймын.
— Неге аяйсыз?
— Ол бір бақытсыз сорлы жігіт бонапартшыл деп айыпталып, түрмеге қамалғанға дейін теңізші болған.
— Ақиқат шындық, — деді граф күбірлеп, — бір құдайдың құдіреті арқасында сен оттан да, судан да аман шықтың! Сормаңдай теңізші туралы аңыз әлі өлмепті, оны жұрт әлі күнге дейін отбасында отырып сөз етеді, ол түнгі ауаны жарып өтіп, теңіз тұңғиығына батар сәтте жұрттың бәрі селк етіп, шошып кетеді.
— Ал, сіз, оның атын білесіз бе? — деді граф.
— Қайдан білейін? — деді күзетші. — Ол тек отыз төртінші нөмір болып саналыпты.
— Вильфор! Вильфор! — деді ішінен Монте-Кристо, — менің аруағым көз алдыңа елестеп, ұйқыңды қашырған түндері сен тап осы нөмірді қайталаған боларсың.
— Қамалды әлі де көре бергіңіз келе ме, сударь? — деді күзетші графқа.
— Иә, маған әлгі жынды аббаттың камерасын көрсетіңізші?
— Жиырма жетінші нөмірдің камерасын ба?
— Иә, жиырма жетінші нөмірдің, — деді Монте-Кристо қайталап.
Со замат ол аббат Фарианың даусын қайта естігендей болды, аббат мұның: атыңды айт деген сөзіне, қабырғаның ар жағында тұрып, осы нөмірді айқайлап айтқан еді.
— Жүріңіз.
— Тоқтай тұрыңызшы, — деді Монте-Кристо, — мен мына камераға жақсылап бір қарап алайыншы.
— Мұныңыз өте дұрыс болды, мен ана камераның кілтін алуды ұмытып кетіппін, — деді бастаушы.
— Ендеше, барып алып келіңіз.
— Мен сізге шырақты қалдырайын.
— Жоқ ала кетіңіз.
— Қараңғыда қаласыз ғой.
— Қараңғыны жақсы көретін әдетім бар.
— Ғажап! Әлгі тұтқын сияқты екенсіз ғой.
— Кім дейсіз?
— Отыз төртінші нөмірді айтамын. Оның қараңғыға үйреніп кеткені сондай, өз камерасының ең қараңғы түкпірінде жатқан түйреуішті де көреді екен дейді.
— Ондай қасиетке жету үшін ол он жылдай азап шекті ғой, — деді граф күбірлеп.
Күзетші шырағын алып кетіп қалды.
Граф шынын айтқан екен: арада бірнеше секунд өтпей жатып, ол қараңғыдағы нәрселерді тап күндізгідей көре бастады. Жан-жағына байыптай қарап алғаннан кейін барып, ол бұрынғы камерасын енді-енді ғана шындап таниын деді.
— Иә, — деді ол, — өзім талай отырған тас, міне, жатыр. Иықтарымның ізі де қабырғаға түсіп қалыпты! Шып-шып тамған қанымның дағы да бар, әлгі басымды жарға соғып, өлмек болған күннен қалған-ау шамасы!... Міне, цифрлар... Олар әлі есімде жатталып қалыпты... бұларды мен түрмеден шыққанша тірі болар ма екен деп, әкемнің жасын есептегенде, Мерседестің жасын есептей отырып, мен келгенше басы азат жүрер ме екен деп, болашаққа ой жүгірткен бір сәтте жазып едім-ау... Сол себепті бітіргеннен кейін, көңілімде бір үміт жылт еткендей болған... Жазған басым, мен сонда аштықты да, опасыздықты да еске алмаппын-ау!..
Оның көмейінен бір ащы күлкі шықты. Түсіндегідей болып, алдынан әкесін қалай жерлегені... алтарьға бара жатқан Мерседес елес берді.
Қарсы қабырғадан бір жазу көзіне түсті. Ол әлі күнге дейін көмескі дуалдан ағарып көрініп тұр екен:
«Құдайым-ай, — деп оқыды Монте-Кристо, — әйтеуір, зейін-зердемнен айыра көрме».
— Иә, иә, — деді ол дауыстап, — осы қараңғы қапастың соңғы жылдарындағы оқыған бірден-бір дұғам осы болса керек-ті. Мен о кезде құдайдан бостандық сұрап жалбарынған емен, тек ақылымнан адасып, осының бәрін ұмытып қаламын ба деп, тек зейін-зердемнің аман болуын сұрайтынмын; о жасаған, сен менің ақыл-есімді бүтін еттің де ештеңені ұмытқан жоқпын, әйтеуір.. Мың алғыс саған, жаратқан!
Тап сол мезетте қабырғадан шырақтың сәулесі жүгіріп өтті, бұл төмен түсіп келе жатқан қақпашы еді.
— Соңымнан жүріңіз, — деді анау.
Жерасты дәлізімен олар екінші есікке келіп жетті.
Аббаттың камерасына келіп кірген Монте-Кристоны өткен күндер елесі билеп алды.
Ең әуелі мұның көзіне қабырғаға сызып қойған меридиан сызығы түсті, соған қарап аббат Фариа уақытты есептеп шығаратын, сосын тұтқын байғұс жан тәсілім еткен төсектің қалдығын көрді. Өз зынданына кіргенде ол қатты бір қорқыныш сезімін бастан кешсе, мына арада графтың кеудесі нәзік бір мейрімге, шексіз алғыс сезіміне толып кетті де, жанарына жас үйіріліп тұра қалды.
— Тап осында әлгі жынды аббат тұрған, — деді күзетші — Мына жақтан оған көрші келетін болған (ол әлгі күнге дейін бітелмей, үңірейіп қалған қуысты көрсетті). — Осындағы тастардың түр-түсіне қарап, бір оқымысты тұтқындардың бір-бірімен он жылдай араласып тұрғанын анықтады. О байғұстар сол он жылын қайбір көңілді өткізді дейсің!
Дантес қалтасынан бірнеше алтын теңгені алып, өзін көрмей-білмей тұрып, бұған екі рет аяушылық білдірген осынау ақжүрек кісіге шын көңілден ұсына берді.
Қақпашы ақшаны алуын алғанымен, шырақ жарығынан ол мына кісінің уақ тиын-тебен орнына өзіне ойламаған жерден қыруар ақша бергенін көрді.
— Сударь, сіз қателескен боларсыз, — деді ол.
— Неге?
— Сіз маған алтын бердіңіз.
— Оны білемін.
— Білесіз бе?
— Иә.
— Сіз сонда осы алтын ақшаларды маған бересіз бе?
— Иә, бердім.
— Ендеше, — мен бұларды қысылып-қымтырылмай-ақ ала берейін бе?
— Қысылмай да намыстанбай ала беріңіз, — деді граф Гамлеттің сөзін қайталап.
Қақпашы бұған қайран қалып, аңырайып қарай берді.
— Сударь, — деді ол тосыннан келген бақытына сенбей, — мұнша мырзалық көрсететіндей соншалықты не істегеніме түсінбей тұрмын.
— Оның мәні былай, досым, бір кезде мен де теңізші болған едім, сол себепті де сіздің әңгімеңіз маған қатты ұнады, — деді граф жай ғана.
— Сіз мұндай жомарт болсаңыз, мен сізге тағы бірдеңелерді әкеліп көрсетейін, — деді жолбасшы.
— Сонда нені көрсетесіз? Бақашанақты ма, тоқыма седепті ме? Жоқ, рақмет.
— Жо-жоқ, сударь; менің әлгі әңгімеме ол нәрселердің тікелей қатысы бар.
— Рас па? Ол не? — деді граф жеделдете дауыстап.
— Гәп былай болған, — деді қақпашы сөзін сабақтап. — Бір күні біраз ойланғаннан кейін мен өзіме-өзім: бір адам табаны күректей он бес жыл тұрған камерадан әманда бірдеңені табуға болады, — дедім. Сосын қабырғаларды тықылдатып көріп, тың тыңдай бастадым.
— Дұрыс-ақ, — деді Монте-Кристо абаттың құпия қуысын есіне алып.
— Сарылып көп-көп іздегеннен кейін, — деді қақпашы сөзін жалғап, — кереуеттің бас жағы мен ошақ астындағы тастың дүңкілдеп тұрғанын байқадым.
— Иә, дұрыс, — деді Монте-Кристо.
— Мен тастарды аударып алып тастап, не таптым дейсіз ғой...
— Жіп саты мен аспаптарды таптыңыз ба? — деп граф дауыстап жіберді.
— Оны сіз қайдан білесіз? — деді қақпашы аң-таң қалып.
— Мен оны білмеймін ғой, тек солай шығар деп ойлап едім, — деді граф, — әдетте, түрме камераларындағы құпия қуыстардан тап сондай заттарды тауып алып жатады.
— Иә, сударь, — деді жолбасшы, — жіп саты мен аспаптарды тауып алдым.
— Олар сізде ме? — деді Монте-Кристо.
— Жоқ, сударь. Мен оларды осында келген кісілерге сатып жібердім: бірақ менде әлі біраз нәрселер бар.
— Сонда қандай нәрселер? — деді граф дегбірсізденіп.
— Жол-жол матаға жазылған кітап сияқты бірдеңе.
— Қалай! Сізде со кітап бар ма? — деді граф дауыстап.
— Бәлкім, ол кітап та емес шығар. Бірақ әйтеуір, менің қолымда, — деді қақпашы жайбарақат.
— Соны жүгіріп барып әкеле қойшы, досым, егер ол менің ойымдағы нәрсе болса, әкелгеніңе өкінбейсің, — деді граф.
— Кеттім, ендеше, сударь. — деді де, қақпашы шығып кетті.
Со сәтте Монте-Кристо бұрынғы кереует қалдығының алдына тізелеп отыра кетті, аббат өлгеннен кейін бұл төсек оған қасиетті алтарьға айналған-ды.
— О, менің екінші әкем, — деді ол тебіреніп, — өзімнің азаттығым, оқу-білімім, байлығым үшін саған ғана борыштармын. Сен, шарапатты әулие-әнбиелер сияқты жақсылық пен жауыздықтың сырын білдің; егер қараңғы көр түкпірінде бізден, жарық дүниеде жер басып жүргендердің сағынышты даусына аян беріп, үн қататын бірдеңе қалатын болса; егер біздің тәніміз танымастай өзгеріп кетіп, өзіміз бұрын көп қуанып, көп сүйген, талай-талай азап-қасірет шегіп жүрген жерлерде шыбын жанымыз шырқырап, тыным таппай ұшатын болса; онда менің сенен жалбарынып өтінетін бір тілегім, о асыл жүректі, ізгі жанды, кемел ақылды әулием, мені туған әкемдей аялап, көңліммен құлай сүйіп, жақсы көріп едім, сол үшін, бір ғана сөзіңмен, ишара-белгіңмен, аян беруіңмен көңілімдегі күдігімді кетір, егер ол жанымның сенім-нанымына айналмаса, қалған өмірім өкініш-тәубамен өксіп өтетін түрі бар.
Граф басын иіп, қолын кеудесіне басты.
— Мінекиіңіз судар, — деген дауыс шықты сыртынан.
Монте-Кристо селк етіп, артына бұрылды.
Қақпашы оған аббат Фариа өз білімінің күллі қазынасын жазып қалдырған мата кесінділерін ұсынып тұр екен. Бұл оның Италиядағы мемлекеттік өкімет билігі жөніндегі қомақты еңбегінің қолжазбасы еді.
Граф оны қолына алып, ең әуелі эпиграфына көз тастады, ол:
«Сен аждаһаның тісін жұлып алып, арыстандарды табаныңа салып таптайсың, — депті жаратқан», — деген сөздерді оқыды.
— Міне, жауап! Саған мың рақмет, әке, мың рақмет! — деді граф дауыстап.
Сосын қалтасынан мың франктік он билет жатқан әмиянды суырып:
— Мынаны ал! — деді күзетшіге:
— Бұл маған ба?
— Иә, саған, бірақ бір шартым бар, мен бұл арадан кеткенше сен оны ашпайсың.
Осыдан кейін қайта тауып алған қастерлі олжасын, өзі үшін әлемнің күллі қазынасынан қымбат олжасын қойнына тығып, қапас зынданнан жүгіріп шығып, қайыққа келіп отырды.
Қайық жылжи берді. Монте-Кристо кейін қарап, түнеріп тұрған қамал-зынданға көз тастады.
— Марсельге! — деді ол.
— Мені осынау қараңғы қапасқа қамап тастаған зұлымдарға да және менің сонда қамалғанымды ұмытқан кісілерге де қасірет жаусын! — деді ол іштей.
Каталана тұсынан өтіп бара жатқанда граф теріс қарап отырды және бетін плащпен бүркеп, бір әйел есімін күбірлеп айтқандай болды.
Ол кәміл жеңіліске жетті: көңіліндегі екінші күдігінен де құтылды. Аса нәзік сезіммен, ғашық көңілмен айтқан әйел есімі Гайде болатын.
Жиекке келіп түскесін Монте-Кристо өзін Моррель күтіп тұрған зират басына қарай жүрді.
Осыдан oн жыл бұрын мұның өзі де осы зираттан әкесінің моласын іздеген, бірақ бос әуре болған. Францияға бай миллионер болып оралған граф аштықтан қаза тапқан сорлы әкенің моласын да таба алмаған.
Рас, Моррель қарт оның басына крест қойдырған екен, бірақ сол белгі кейін құлап қалыпты да, молашы оны отын есебінде пайдаланыпты, зиратта ыбырсып жататын ағаш сынықтарының бәрін молашылар осылай өз кәдесіне жаратады ғой.
Бұған қарағанда қадірменді арматордың бағы бар екен; ол бала-шағасының алдында, абырой-беделінің бар кезінде қайтыс болады, ал балалары оны содан екі жылдай бұрын о дүниеге сапар шеккен әйелінің қасына ақ жуып, арулап қояды.
Олардың аты қашалып жазылған екі жалпақ мәрмәр плита төрт кипарис ағашының саясында, темір қоршау ішінде қатар жатыр.
Максимилиан ағашқа сүйеніп, алдындағы молаларға ештеңені де көрмей, меңірейе қарап тұр екен.
Ол қайғыдан есеңгіреп қалған тәрізді.
— Максимилиан, — деді граф оған, — сен мына жаққа емес, ана жаққа қара!
Ол қолымен көкті мегзеді.
— Өлген кісілер әманда өзімізбен бірге емес пе, мені Парижден алып кетерде сіз маған тап осылай дегенсіз, — деді Моррель.
— Максимилиан, — деді граф, — осында келе жатқанда, жолай сіз Марсельде бірнеше күн болғым келеді деп едіңіз, со ниетіңізден айнып қалған жоқсыз ба?
— Мен қазір ештеңені де тілемеймін, граф. Бірақ басқа бір жерде сергелдеңге түсіп жүргеннен гөрі, осы арада жүргенім жеңілірек сияқты.
— Ендеше, жақсы болды, Максимилиан, өйткені мен жүріп кетпекпін және өзіммен бірге сіздің сертіңізді де ала кетпек ойым бар, бұған қалай қарайсыз?
— Менің оны ұмытып қалуым мүмкін, граф, — деді Моррель.
— Жоқ сіз оны ұмытпайсыз, өйткені сіз ар-намыстың адамысыз, Моррель, өйткені сіз маған бір серт бергенсіз және тағы да серт бересіз.
— Граф, аяңызшы мені! Meн бір жүрген бақытсыз сорлымын ғой!
— Мен сізден де бақытсыз болған бір ғаріпті білуші едім, Моррель!
— Ол мүмкін емес.
— Адамның пендешілігін қойсаңшы, — деді Монте-Кристо. — Әрбір кісі өзін, тап қасында зар илеп жылап тұрған байғұстан да бақытсызбын деп есептейді.
— Бұ дүниеде біреуді сүйіп, есіл-дертіңмен соның тілеуін тілеп жүріп, содан айырылып қалған кісіден өткен бақытсыз сорлы бар ма?
— Моррель, тыңдаңызшы, — деді Монте-Кристо, — және бір сәт күллі зейін-зердеңізбен менің сөзіме құлақ түріңізші. Мен, тап сіз сияқты өмір сүріп, тірліктегі күллі қуаныш-бақыты, арманы бар әйелдің махаббатына байланысты деп санаған бір кісіні білуші едім. Ол уыздай жас еді, оның өзі мейлінше жақсы көретін қарт әкесі, жанын соның жолына пида етуден тайынбайтын қалыңдығы бар еді; олар неке тойын күтіп жүрді. Бірақ тағдырдың тосын бір тәлкегі, иә, бұл сонда, тағдырдың, әлгі құдайдың жарылқаушы құдіретіне күмән келтіретін бір тәлкегі (егер құдайтағалам кейін бұл әлемдегі бар тірлік-әрекет өзінің құдіретімен болып жататынын ашып бермесе) — сонымен, күтпеген жерден тағдырдың әлгі тәлкегі мұны еркіндіктен, ғашығынан, болашағынан, өзімнің меншігім деп жүрген болашағынан (өйткені ол бақытсыз соқыр қазіргі күнін ғана көрген ғой) айырып, қараңғы қапасқа лақтыра салады.
— Кісі қараңғы қапастан бір аптадан, бір айдан кейін немесе бір жылдан кейін шығады ғой, — деді Моррель күйініп.
— Ол со қапаста он төрт жыл отырды, Моррель, — деді граф оның иығына қолын салып.
Максимилиан дір етіп шошып қалды.
— Он төрт жыл! — деді ол күбірлеп.
— Он төрт жыл! — деді граф қайталап. — Осынау ұзақ он төрт жыл ішінде оның да талай рет торыққан кездері болған; ол да, тап сіз сияқты, өзін әлемдегі ең бақытсыз жанмын деп есептеп, өлгісі де келген.
— Сосын не болған? — деді Моррель.
— Сосын ба? Ең ақырғы сәтте жаратушы жан иеміз оған бір адамды жіберіп, құтқарып қалған, өйткені құдайтағалам ғажайып керемет дегенді жасамайтын болды ғой; бәлкім, ол әуелгі кезде тәңірінің шексіз шапағатын түсінбеген де шығар (өйткені жаспен тұманданған көз жанарының ашылуына да біраз уақыт керек); бірақ ол бәріне де мойынсұнып шыдап, келешекті күтеді. Ақырында бір күні құдайдың құдіретімен көрден шығады, шыққанда жасарып, байлығы асып, құдіреті тасып, жарты құдай сияқтанып шығады ол ең алдымен әкесіне барады, барса әкесі өліп қалыпты.
— Менің әкем де қайтыс болған, — деді Моррель.
— Оның рас, сіздің әкеңіз жасы жетіп қартайып, өз қолыңызда сүйіспеншілікке, қадір-құрметке бөленіп, бақ-дәулетке кенеліп барып қайтыс болды; ал о жігіттің әкесі жоқ-жітік қайыршы болып, бұ дүниеден үмітін үзіп, құдайға күмән келтіріп жатып үзілген ғой: ол өлгесін, арада он жыл өткеннен кейін, әлгі шалдың баласы келіп, әкесінің моласын іздейді, сөйтсе моланың өзі де жым-жылас құрып кеткен, ешкім бұған: сені сүйген ғазиз жүрек осы арада жатыр, — деп дұрыстап жөн сілтей алмай қояды.
— Құдай-ай, сақтай гөр! — деді Моррель түршігіп.
— Ол жігіт сізден әлдеқайда бақытсыз болған, өйткені ол тіпті әкесінің моласын қайдан іздеуді де білмеген.
— Бірақ оның жақсы көрген әйелі аман қалған-дағы, — деді Моррель.
— Сіз қателесіп тұрсыз. Моррель, ол әйел...
— Қайтыс болып па? — деді Моррель дауыстап.
— Одан да жаман; әйел оған опасыздық жасаған: ол болашақ күйеуін ұстап берген сұмдардың біреуімен тұрмыс құрған. Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, Моррель, ол кісі махаббат жөнінен де сізден әлдеқайда бақытсыз міскін болған.
— Құдайтағалам сонда ол кісінің жанына жұбаныш тауып берген бе? — деді Моррель.
— Тәңірім ол кісіге жаны жай табатын тыныштық жолдапты.
— Ол кісі әлі де болса бақыт-қуаныштан дәмелі ме?
— Ол әлі бақыт-мұраттан үмітін үзген емес, Максимилиан.
Моррель үн-түнсіз басын төмен салды.
— Мен берген сертімде тұрамын, — деді ол Монте-Кристоға қолын созып жатып, — бірақ есіңізде болсын...
— Моррель, бесінші октябрьде мен сені Монте-Кристо аралында күтемін. төртінші октябрьде Бастия жиегінде сізді «Эвро» кемесі тосып тұрады. Сіз капитанға өз есіміңізді айтасыз, сосын ол сізді маған әкеледі. Келістік қой, Максимилиан?
— Келістік, граф, мен сөзімде тұрамын. Бірақ ұмытпаңыз, бесінші октябрьде...
— Сіз — баласыз, Моррель, ересек кісінің уәде-сертінің не екенін әлі түсінбей жүрсіз... Егер сол күні бұрынғыша өлуге құштар болатын болсаңыз, мен сізге өзім-ақ жәрдем беремін деп жиырма рет қайталап айтқан шығармын. Хош болыңыз.
— Сіз мені тастап кетпекшісіз бе?
— Иә, менің Италияға баратын бір шаруам бар, мен сізді қайғы-қасіретіңізбен, құдайтағалам шарапаты түскен пенделерін аяғына жығылуға алдына әкелсін деп, қалаулыларына әдейі жіберетін мына бір құрыш топшылы қыранмен оңаша қалдырмақпын. Ганимедтің тарихы, Максимилиан, аңыз емес, аллегория.
— Қашан жүресіз?
— Тап қазір жүремін, кеме күтіп тұр, енді бір сағаттан кейін мен бұл арадан алыстап кетемін; сіз мені айлаққа дейін шығарып саласыз ба?
— Қызметіңізге әзірмін, граф.
— Мені бір құшақтаңызшы.
Моррель графты айлаққа дейін ұзатып салды: кеме түтіні қара моржадан атылып шығып, төбеге үкідей болып, аспанға көтерілді. Ұзамай кеме жиектен жылжи берді, енді бір сағат өткен шамада, Монте-Кристо айтқандай, әлгі бір ақшыл түтін көзге әрең-әрең шалынатындай шудаланып, іңір қараңғылығы қоюланып келе жатқан шығыс көкжиекте қылаңытып бара жатты.
XVII. ПЕППИНО
Графтың кемесі Моржион мүйісін айналып, көрінбей кеткен кезде, Флоренциядан Римге баратын жол үстінде почта күймесімен келе жатқан саяхатшы-жолаушы Аквапенденте деген шағын қаланы әлгіде ғана артына қалдырған. Ол ешкімнің көзіне түспей, күмән-күдік тудырмай, мейлінше суыт жүріп келе жатқан.
Оның үстінде сүртігі, дұрысын айтсақ, жолда біраз тозып, умаждалып қалған пальтосы бар, бірақ омырауындағы — Құрмет легионының жап-жаңа лентасы бірден көзге түседі; костюмінің ілмегіне де тап сондай лента тағылыпты. Осы белгісінен ғана емес, көшірге тіл қатқан кезде сөйлеген сөздеріне қарап, оның француз екеніне ешбір күмән келтіруге болмас еді. Бұл кісінің әр жақты, әмбебап тілдің елінде туғанына тағы бір дәлел, ол итальянша тек музыкада айтылатын сөздерді ғана білетін, ал сол сөздер оған Фигароның «Gobbam» дегені сияқты, кез келген тілдің қажетіне жарар еді.
— Allegro! — дейді ол көшірге әр белеске өрлеген сайын.
— Moberato! — дейді ол еңіске түскен сайын.
Егер Флоренциядан Римге Аквапенденте қаласы арқылы баратын болсаңыз, жолай қанша белес пен еңістің кездесетінін бір құдайдың өзі болмаса, тірі жан білмейтін шығар.
Иіні келгенде айталық, оның осы екі сөзі тіл қатқан адамдарының бәрін күлдірмей қалған емес.
Мәңгілік қаласына маңайлап келіп, Рим анық көрінетін жер Стортаға жеткенде әрбір жат жерлікті күймеде орнынан көтеріліп, әулие Петрдің атақты күмбезін көру үшін мойнын созып қарауға мәжбүр ететін қызыққұмар әуестік сезімі бұл саяхатшының есіне де кіріп шықпады, ал Римге жақындай бергенде, кім болсаң да, әуелі сол күмбез көзіне түседі ғой.
Жоқ, ол тек қалтасынан әмиянын алып, оның ішінен төрт бүктелген бір қағазды суырып, оны өзгеше құрметпен абайлап жазды да, қайтадан бүктеп салып қойды, тек мұрнының астынан:
— Бәрекелде, бұл жанымда екен, — деді күбірлеп.
Күйме дель Пополо қақпасынан өтіп, солға бұрылды да, «Лондон» мейманханасының алдына келіп тоқтады.
Біздің ескі танысымыз маэстро Пастрини саяхатшы жолаушыны есік алдында қалпағын шешіп, қолына ұстап тұрып қарсы алды.
Саяхатшы күймеден шығып, түскі тағамға заказ берді, сосын Томсон мен Френч банкир үйінің адресін сұрады, оны бұған қолма-қол айтып берді, өйткені ол Римдегі ең әйгілі банкир үйлерінің бірі-тұғын.
Ол әулие Петр шіркеуіне таяу жердегі Банк көшесінен қоныс тепкен екен.
Кез келген басқа жерлердегі сияқты, Римде де почта күймесі келгенде оған жұрттың бәрі жаппай назар аударады. Мария мен Гракхтардың жалаңаяқ-жалаңбас, шынтақтары сыдырылып қалған ұрпақтары жапырласып келіп, бір қолын бүйірлеріне таяп, екінші қолын желкелеріне асып тастап, саяхатшыға, күйме мен аттарға қарап шәниіп тұра-тұра қалысты. Осынау көше балаларына, Мәңгілік қаласының жас азаматтарына қасиетті әулиенің үмбеттері, елу қаралы еріккен-зеріккендері келіп қосылды. Бұлар әлгі бітіретін шаруасы жоқ болғасын, Тиврде су бар кезде, қасиетті Періште көпірінен өзенге шырт-шырт түкіріп, содан тараған су шеңберлеріне күні ұзын қарап тұратын еріншектер тобынан болатын.
Ал Рим көшесінің балалары мен қолы бос зеріккендері, бұл мәселеге келгенде, Париждегі бауырларынан әлдеқайда бақытты және күллі тілдерді, әсіресе Франция тіліне жақсы түсінеді. Сол себепті де олар саяхатшының өзіне нөмір сұрағанын, түскі асқа заказ бергенін, ең ақырында Томсон мен Френч банкирлер үйінің адресіне дейін біліп алғанын естіп тұрды.
Содан ба, қайдам, әйтеуір, бағанағы жолаушы соңына көлеңкесіндей етіп чичеронені ертіп, мейманханадан шыққан кезде, әлгі әуесқой топ арасынан бір адам жырылып, саяхатшының да, сол сияқты оның жолбасшысының да көзіне түспей, бұлардан қол созымдай жерде бұқпантайлап бара жатты, оның жылпостығы Париж тыңшысынан әсте кем түспейтін тәрізді.
Француздың Томсон мен Френч банкирлер үйіне жеткенше асыққаны сондай, тіпті күймеге ат жеккенше шыдап тұра алмады, сонымен күйме оны жолай қуып жетпекші немесе банк есігінің алдында тосып тұрмақшы болды.
Күйме оны артынан қуып жете алмады.
Француз банкке келіп кірді. Жолбасшысы оны ауызғы бөлмеде тоса тұрмақшы болды, ол осы арада белгілі жұмысы жоқ, дұрысын айтсақ, не кездессе соны істейтін бірнеше кісілермен сөйлесіп қалды, ондай соққандар Рим қаласында, әдетте, банктерді, шіркеулерді, бұзылған ескі ескерткіштерді, музейлер мен театрларды төңіректеп, теңселіп жүреді.
Французбен бір мезгілде бұл үйге әуесқойлар арасынан бөлініп шығатын кісі де келіп кірді, француз кеңсе есігінің алдындағы қоңырауды қақты да, ауызғы бөлмеге енді, көлеңкесіндей болып, әлгі қу да соңынан ерді.
— Томсон мен Френч мырзаларды көруге болар ма екен? — деді келімсек жолаушы.
Бірінші бөлмеде шіреніп отырған кеңсешінің белгісі бойынша дәйекші жетіп келді.
— Сізді кім деп айтайын? — деді ол жателдік қонаққа жол көрсетуге ыңғайлана беріп.
— Барон Данглар, — деді саяхатшы.
— Рақым етіңіз.
Есік ашылды: дәйекші мен барон ішке кіріп кетті.
Данглардың ізін ала кірген адам тосушы кісілерге арналған орындыққа барып отырды.
Кеңсеші тағы бір бес минуттай қағазын жазды. Осы бес минут ішінде әлгі орындыққа барып отырған кісі ләм деп тіл қатпай, қалшиып қатты да қалды.
Ақырында кеңсеші қаламының сытыры басылды, ол басын көтеріп, айналасына байыптап бір қарап алып, екеуінің оңаша отырғанына көзі жеткеннен кейін барып:
— А-а, бұ сенбісің, Пеппино? — деді ақырын ғана.
— Иә! — деді анау келте сөйлеп.
— Сен әлгі жуаннан бірдеңе шығатынын сездің бе?
— Бұл жолы біз оған ешбір еңбек сіңірген жоқпыз, бізді күні бұрын ескертіп қойған.
— Сен онда мұның осында неге келгенін біледі екенсің ғой?
— Білгенде қандай! Ол ақша алуға келді, тек қанша екенін білсек жетіп жатыр.
— Қазір білесің, бауырым.
— Өте жақсы! Тек өткендегі сияқты алдап жүрмесең болғаны!
— Сен нені айтып отырсың? Анадағы үш мың скудо алатын ағылшынды айтамысың?
— Жоқ, оның қалтасында шынында да үш мың скудо бар екен, біз оны тауып алдық. Мен әлгі орыс князін айтып отырмын.
— Не болды сонда?
— Не болушы еді! Сен оның отыз жеті мың ливрі бар деп едің, біз жиырма екі мыңын ғана таптық.
— Ұқыптап қарамаған өздеріңнен көр.
— Оның тұла бойын тінткен Луиджи Вампаның өзі.
— Демек, ол қарызын төлеген...
— Орыс па?
— ...Немесе ақшасын жұмсап қойған.
— Мүмкін, солай да шығар.
— Мүмкініңді қой, тап солай де; ал енді мен өзімнің бақылау пунктіме барайын, әйтпесе, француз шаруасын бітіріп қоярдағы, нақты соманы біле алмай қалармын.
Пеппино басын изеді де, қалтасынан тәспісін алып, күбірлеп дұға оқи бастады, ал кеңсеші әлгіде дәйекші мен барон кіріп кететін бөлмеге барып кірді.
Арада он минут өтпей жатып, кеңсешінің жүзі жадырап, қайтып келді.
— Қане, не бар? — деді оған Пеппино.
— Авеrtе! Авеrtе!12 — деді кеңсеші. — Құдай сақтасын, қыруар ақша!
— Бес-алты миллиондай ма?
— Иә, сен оны білуші ме едің?
— Мархабатты мырза, граф Монте-Кристоның қолхатынан білемін.
— Сен графты білуші ме едің?
— Римде, Венеция мен Венада кредиті бар екені де рас қой?
— Дұрыс-ақ! — деді кеңсеші дауыстап, — сен мұның бәрін қайдан біліп жүрсің?
— Мен саған, бізді күн ілгері ескертіп қойған деп айтып едім ғой.
— Ендеше, оны менен неге сұрадың?
— Мұның тап сол адам екеніне әбден көзімді жеткізгім келді.
— Соның тап өзі... Бес миллион. Тақияңа тар келмес, Пеппино.
— Иә.
— Сені мен менде ондай ақша өмірде болмайды!
— Қанша айтқанмен, біздің алақанымызға да бірдеңе түсет-тағы, — деді Пеппино ойланып.
— Тыныш. Анау келе жатыр.
Кеңсеші — қаламын, Пеппино — тәспісін қайта қолына алды, есік ашылған кезде бұлардың біреуі қағаз жазып, екіншісі дұға қайтарып отыр еді.
Бөлмеден жүзі жайнап Данглар көрінді, банкир оны есікке дейін шығарып салды.
Данглардың соңынан басқышпен Пеппино да төмен түсті.
Ілгерідегі келісім бойынша Томсон мен Френч банкирлер үйінің алдында баронды күйме күтіп тұр екен. Чичероне лыпып тұрған бір қу екен, есікті шалқайтып аша берді.
Данглар жиырма жастағы жігіттей күймеге бір секіріп мініп алды.
Чичероне есікті жауып, көшірмен қатар барып отырды.
Пеппино күйменің артына жайғасты.
— Мархабатты мырза, Петр әулиенің шіркеуін көруге қалай қарайсыз? — деді Чичероне.
— Оны қайтемін? — деді барон.
— Қарап көрсеңіз дегенім-дағы.
— Мен Римге әрнені қарау үшін келгенім жоқ, — деді Данглар: сосын мардымси бір жымиып алды да, өзіне-өзі: — мен мұнда алу үшін келгенмін, — деді жай ғана.
Осыдан кейін әлгіде ғана аккредетив салған әмиянын сыртынан бір сипап қойды.
— Олай болса, мархабатты мырза, қалай қарай жүрер екен?
— Мейманханаға.
— Пастринидің қонақжайына, — деді чичероне көшірге.
Барон тап бір өз күймесімен келе жатқандай-ақ, аттар құйғытып шаба жөнелді.
Енді бір он минут өткен шамада барон өз нөміріне келіп кірді, ал Пеппино болса, мейманхананың алдындағы орындыққа барып отыра кетті, бірақ оған дейін, өзіміз жоғарыда айтқан Мария мен Гракхтар ұрпақтарының біреуіне бірдеңе деп сыбыр етті: сол-ақ екен, бала қолма-қол капитолийге апаратын жолға түсіп, далақтап жүгіре жөнелді.
Данглар әбден шаршаған көңілін бір демдеп алғасын ұйқысы келді. Ол төсекке жатып, әмиянын жастықтың астына тықты да, заматында ұйықтап қалды.
Пеппиноның асығатын түрі жоқ, ол зембілшілермен «морр» ойнап, үш скудосын ұтқызды да, көңіл күйінішін басу үшін арвиет шарабының бір шынысын қағып алды.
Кеше ерте жатса да, келесі күні Данглар кеш тұрды: анда-санда көз шырымын алғаны болмаса, алты түн ұдайы барон шала ұйықтап, шаршап жүрген.
Ол таңғы асқа тыңқиып тойып алды, өзі ілгеріде айтқандайын, Мәңгілік қаласының сұлулығына самарқау салқын қарайтын Данглар түс кезінде почта күймесін әзірлеп қоюын талап етті.
Бірақ Данглар полицейлердің әр нәрсені түрткілеп, көп тексеретінін, станция қарауылшысының еріншектігін есепке алмаған еді.
Аттарды күймеге түс ауа, сағат екілерде жекті, ал чичероне виза қойылған паспортты сағат үште ғана әкеліп берді.
Міне, осындай қам-қарекет жасап, жол жүруге жиналып жатқан кісіні көруге маэстро Пастрини есігінің алдына зеріккен біраз жұрт жиналды.
Мария мен Гракхтардың ұрпақтары да аз болған жоқ.
Одан шайлық тиын-тебен түсе ме деген ниетпен мұны «мархабатты мырза» деп атаған көрермендердің нөпірі арасынан барон кердеңдей басып, емін-еркін өтті.
Өзімізге белгілі, Данглар демократиялық көзқарастың адамы болғаны себепті, осы кезге дейін әрдайым барон атағын қанағат тұтып жүре беретін және ешқашанда өзін «мархабатты мырза» дегенді естімеген, енді, міне, осыған әлдеқандай болып, айналасындағы есер тобырға оншақты күміс теңге берді, егер ол тағы да он шақты теңге тастаса, олар баронды «жоғары мәртебелі мырза» деп атауға да әзір-тұғын.
— Біз қай жолмен жүреміз? — деді итальянша көшір.
— Анконаға қарай, — деп жауап қатты барон.
Пастрини сауалды да, оның жауабын да қолма-қол аударып еді, жер тарпып тыпыршып тұрған аттар бірден шаба жөнелді.
Данглар жолай Венецияға соғып, ақшасының едәуір бөлігін алмақ болған, сосын Венециядан Венаға барып, қалғанын қалтасына салмақшы еді.
Ол жұрт: көңіл көтеретін сауық-сайранның қаласы деп мақтағасын сол шаһардан қоныс теппек ойы бар-ды.
Барон Рим жазығымен үш льедей жер жүрмей жатып, ымырт үйіріле бастады; Данглар жолға тап осылай кештетіп шығам ғой деп ойламаған, әйтпесе, жылы орнын тастап, сірә да кетер ме. Ол көшірден «ең жақын қалаға әлі көп жер бар ма?» деп сұрады.
— Non capiso!13 — деді көшір.
«Бәрекелде, жақсы болды» дегені ме, әйтеуір Данглар басын бір шұлғыды да қойды.
Күйме ілгері қарай зулап тарта берді. «Бірінші кездескен станцияда аялдаймын», — деді ол өзіне-өзі.
Баронның кешегі көтеріңкі көңіл күйі әлі басыла қойған жоқ-ты, мұның үстіне ұйқысы да әбден қанып, жадырап тұрған: ол қос рессорлы, аса жайлы ағылшын күймесінің жұмсақ көпшіктері үстінде жантайып жатқан; бабымен жаратылған қос сәйгүлік құйғыта шауып келеді, таяу станцияға енді жеті льедей жер қалғанын ол кәміл біледі; жуырда ғана банкрот болып қалған банкир жол үстінде не ойлауға тиіс?
Он минуттан ол Парижде қалып қойған әйелінің жай-күйін ойлады, енді бір он минуттай мадемуазель д’Армильимен бірге жалпақ жалғанды кезіп жүрген қызын есіне алды; сосын ол он минуттай уақытын кредиторларына және олардың ақшасын тиімді пайдалану жоспарына арнады. Ақырында басында өзге ойы болмағасын, көзін жұмып, мүлгіп отырып, ұйықтап кетті.
Тек оқта-текте, арба қатты селкілдеп, секіріп-секіріп түскен кездері ғана оянып кетіп көзін ашады, көзін ашқан сайын көне акведуктер — әскери мекендер қалдығы шашырап жатқан Рим жазығымен заулап келе жатқанын көреді, әлгі акведуктер бұған шауып келе жатып, тас болып қатып қалған дәулер сияқты болып көрінеді. Түн тастай қараңғы, жаңбырлы да салқынтұғын, сол себепті де: «Non capiso!» — деп жауап беруден өзгені білмейтін көшірден терезеге қайта-қайта басыңды сұғып, станцияға қашан келеміз деп сұрағаннан гөрі күйменің бұрышына жатып алып, қалғып-шұлғығанның өзі әлдеқайда артық.
Осылай ой түйген Данглар «почта станциясына жеткенде өзім-ақ оянамын» деп қайта ұйықтап кетеді.
Бір кезде күйме тоқтай қалды. Данглар діттеген жерімізге жеттік-ау, әйтеуір, деп ойлады.
Ол көзін ашып бір қалаға тым болмаса қыстаққа келген екенбіз ғой деп, терезе әйнегінен сыртқа көз тастады, бірақ ол жапырайып тұрған бір лашықты, соның қасында көлеңкедей болып қараңдап жүрген үш-төрт адамды көрді.
Данглар өзін осы станцияға жеткізіп салған көшір келіп, тиісті ақысын сұрар деп ойлаған, ол көшірлердің ауысуын пайдаланып, жаңасынан мән-жайды жақсылап сұрап алмақшы еді: бірақ аттарды ауыстырып жеккені болмаса, жолақысын алуға ешкім де келмеді: бұған қайран қалған Данглар еңкейіп, есікті ашты. Бірақ әлдекімнің әлеуетті қолы оны со замат тарс еткізіп жаба салды да, күйме әрі қарай жүре берді. Бұған айран-асыр қалған банкирдің ұйқысы шайдай ашылды.
— Әй! Әй! Міо саrо!14 — деді ол айқайлап көшірге.
Бұл сөз қызы мен князь Кавальканти екеуі қосылып, айтқан әннен есінде қалыпты.
Бірақ міо саrо оған жауап қатпады.
Осыдан кейін барып, Данглар терезені төмен түсірді.
— Әй, тамыр! Біз қайда тартып барамыз осы! — деді ол дауыстап терезеден басын шығарып.
— Dеntrо la testa! — деді бір қатал да өктем дауыс.
Данглар Dеntrо la testa-ның басыңды тарт! — деген сөз екенін түсіне қойды. Өзіміз де куә болып отырғандай, барон итальян тіліне түсіне бастап еді.
Іші қылп етіп, мазасызданып қалса да, ол мұны тез орындады: бірақ уақыт өткен сайын оның тынышы кетіп, күдігі күшейе түсті, жолға шыққан кезде әуелде ойына азық боларлық ештеңе таппай, қалғып-шұлғып отырса, енді неше түрлі бәле-бәтерді есіне түсіріп, жолаушының көңіліне, әсіресе Данглар сияқты олжалы жолаушының көңіліне күдік салатын нәрселерді ойлап, алаңдай берді.
Төңірегі тасқараңғы болса да, кісі жанталасып, тебіреніп-толғанып кеткен сәттері әуелгі жан күйзелісінен қажып, әлсіреп қалады: адам қорыққанға дейін айналасын анық көреді, қорыққасын көз алды қарауытып барып, бұлдырап жүре береді. Данглар оң жақ есікпен қапталдаса, плащқа оранып алған біреудің екпіндей шауып келе жатқанын көрді.
«Жандарм шығар, — деп ойлады ол. — Шынымен-ақ француз полициясы менің қашып кеткенімді телеграф арқылы папа өкімет орындарына хабарлап қойды ма екен?»
Ол не сұмдық болса да білгісі келді.
— Сіздер мені қайда апара жатырсыздар?
— Dеntrо la testa! — деді әлгі дауыс қатуланып.
Данглар бұрылып, екінші терезеге қарады.
Сол жақ терезені де жанамалап, бір салт атты құйғытып келеді екен.
— Мен тұтылдым! — деді Данглар үрпиіп.
Сосын күймеге арқасын сүйеп, шалқайып жата кетті.
Біраздан кейін аспанға ай да көтерілді.
Күйме түкпірінде отырып, Данглар жалтаң жазыққа көз жіберіп, бағанағы әйдік-әйдік акведуктерді, бұрын көрген тас елестерді тағы да көрді: бірақ олар енді оң жағында емес, сол жағында қалып жатты.
Ол күйменің кері бұрылғанын, енді оны Римге қайта апара жатқанын сезді.
— Енді құрыдым! Олар мені қайта табыс етпек! — деді ол күбірлеп.
Күйме бұрынғыша жанұшырып зымырап келеді. Шұбатылып ұзақ бір сағат уақыт өтті: әрбір тас елестің бейнесі бұл қашқынға: «сені кейін апара жатыр», — деп тұрғандай. Ақырында ол алдынан қарауытқан бір дөңді көрді, оған күйме енді барып соған соғылатындай болып сезілді. Бірақ аттар бұрылып, сол дөңесті бойлап, жиектей жүрді; бұл Римді қоршап жатқан бекіністердің дуалдары еді.
— Бұл не? — деді күбірлеп Данглар, — біз қалаға кipген жоқпыз ғой. Демек, мені полицияның тұтқынға алмағаны. Жарылқаушы жаратқаным-ай, сақтай гөр! Шынымен-ақ...
Оның төбе шашы тік тұрды.
Ол Римнің қарақшылары жөніндегі хикаяларды есіне алды, оған Париж жұрты мүлде сенбейтін; бір кездері Альбер де Морсердің, Данглар ханым мен Эжени екеуіне, біреуіне — күйеу бала, екіншісіне — ер болғалы жүргенінде, сондай бір әңгімені айтып, көңілін көтеріп тастағаны ойына оралды.
— Япырмай, тонаушылар болып жүрмесін! — деді ол сыбырлап.
Кенет күйме доңғалақтары құм жолдан тастаққа түсіп, сартылдай бастады. Данглар жүрек тоқтатып, ұмсынып сыртқа қарады: баяғыда Альбер суреттеген жайттарды ап-анық есіне түсірген барон өзінің Аппи жолымен келе жатқанын біле қойды.
Теріскей беттегі еңістен аумақты бір ойпаң көрінді.
Бұл — Каракалла циркі60 еді.
Оң қанатпен шауып келе жатқан кісінің әмірі бойынша күйме тоқтай қалды.
Со сәтте сол жақтағы есік ашыла берді.
— Scendi!15 — деп әмір етті біреу.
Данглар домалап күймеден түсті: ол әлі итальянша сөйлей алмаса да, бәріне де түсінетін халге жеткен еді.
Өлі екенін, тірі екенін өзі де сезбей тұрған барон жалтақтап жан-жағына қарады.
Көшірді есептемегенде, мұны төрт адам қоршап тұрды.
— Dіе qиa16, — деді төртеуінің біреуі Аппи жолынан тарамдалып, Рим жазығындағы аласа адырлар арасымен бір бүйірге қарай бұрыла тартқан сүрлеумен келе жатып.
Данглар сөзге келмей, бастаушының соңынан мөлтеңдеп ере берді, артына бұрылып қарамай-ақ, қалған үшеуінің мұны өкшелеп жүріп келе жатқанын сезіп бара жатты.
Бірақ оған осы адамдар, бір постыны бақылап қалатын сақшылар сияқты, бірінен соң бірі, белгілі бір жерге келгесін, аялдап сәл тоқтайтындай болып көрінді.
Осы қалыпты сақтап, алдындағы бастаушысына ләм деп тіл қатпастан он минуттай жүргеннен кейін, Данглар бір шағын төбе мен ұйыса өскен биік шөп арасынан келіп шықты: үн-түнсіз мелшиіп тұрған үш кісі, мұны ортаға алып, үш жағынан келіп тұра-тұра қалысты.
Оның бірдеңе айтқысы келіп еді, тілі бұралып, сөйлей алмады.
— Abanti!17 — деді манағы қатал да әмірлі дауыс.
Бұл жолы Данглар мүлде анық түсінді; өйткені сөз іспен тиянақталды: артында келе жатқан кісі мұны желкесінен бір нұқып қалғанда, барон байғұс бастаушыға барып соғылды.
Бұл жолбасшы — өзіміздің досымыз Пеппино болатын, оның биік шөп арасындағы бұраң да білте жолмен жүріп келе жатқаны сондай, мұндай сүрлеумен күзен мен кесіртке болмаса, өзге жан жүре алмас еді.
Пеппино қалың бұтаға малынып тұрған бір бәкене жартастың алдына келіп тоқтады: ертегі-аңыз ойындарда жын-шайтандар сахнадағы құдыққа қалай тез түсіп кететін болса, бұл да осынау жартас бауырындағы жарыққа солай жып етіп кіріп, жым-жылас жоқ болып кетті.
Данглар артында келе жатқан кісінің зілді үні мен жасаған белгісіне қарап, лажсыздан әлгі соққанның үлгісін қайталамақшы. Енді күмәнданбаса да болады: Париж банкроты Рим қарақшыларының қолына түскен еді.
Одан өзге шарасы қалмағасын және қорыққанынан батыр болып кеткен Данглар бұған көне қойды. Жартастардың жарығынан қысылып-қымтырылып өтуге бейімделмеген қарнына қарамастан, ол Пеппиноның соңынан пысылдап әзер өтіп, көзін жұмды да, аяғын төмен салып, арқасымен сырғып төменге түсті.
Табаны жерге тигесін көзін ашты.
Үңгір іші кең болғанымен қараңғы екен. Пеппино үйіне келгесін, күйбежектеп, бой тасалауын қойып, шақпақ таспен от тұтатып, шырағданды жақты.
Данглардың артынан тағы екі кісі келіп түсіп, мұны қоршап алып, егер бұл кібіртіктеп тоқтағандай болса артынан желкелеп, жер астының ылди жолымен дедектете айдап отырып, үңгірдің бір тұнжыр торабына әкелді.
Ақ дуалдағы үңірейген көр тәріздес қара шұқанақтар бұларға қу бастың обаған обыр көзімен тесірейе қарап тұрғандай:
Сол арада тұрған сақшы мылтығын кесе-көлденең ұстап:
— Бұл кім! — деді саңқ етіп.
— Өзіміз. Өзіміз ғой! — деді Пеппино. — Атаман қайда?
— Ана жақта, — деді сақшы артқы жағында жартасты кеулеп жасалған залды мегзеп, сол беттегі ойықтан дәлізге күңгірт сәуле түсіріп тұрды.
— Қолымызға мол олжа түсті, атаман, — деді Пеппино итальянша сөйлеп.
Сосын Дангларды омырауынан ұстап сүйрелеп, есік тәрізді ойыққа әкелді, шамасы бұл атаман тұратын залға кіретін тесік болса керек-ті.
— Бұл со кісінің дәл өзі ме? — деді атаман Александрдың Плутарх құрастырған өмірбаянын бас алмай оқып отырған күйі.
— Соның тап өзі, атаман.
— Тамаша, кәне, маған көрсетші өзін.
Атаманының осы бір биәдеп бұйрығын орындамақшы болып, Пеппино шырағданды Данглардың бетіне жақын әкелгені сонша, ол от қасымды шарпып, күйдіріп жібере ме деп, кейін қарай жалт берді.
Онсыз да тірі аруақтай қуқыл тартқан барон жүзі қорыққанынан әлем-тапырық болып өзгеріп кетті.
— Өзі шаршап қалыпты, төсек-орнын көрсетіңдер, — деді атаман әлдекімге.
— Төсек дегені жартастан ойып жасалған көр шығар, ал ұйқы дегені ана қанжарлардың бірінен келетін ажал шығар, — деді Данглар сыбырлап.
Шынында да аумағы ат шаптырым үлкен залдың ар жағындағы құрғақ шөп, қасқыр терісі төселген орындарынан атаманның, әлгі Альбер де Морсер келгенде «Цезарьдің жазбаларын», ал қазір Данглар келгенде Александрдың өмір тарихын құныға оқып отырған адамның жолдас-жоралары өріп тұра бастады. Банкир ауыр бір ыңыранып, бастаушысының соңынан ерді: ол айқайлап, көмекке шақырмады, бір шыбындай жанымды аман қалдыр деп жалынып-жалбарынбады: күллі әл-дәрменінен, ақыл-еркінен, сезім-түйсігінен айрылып мең-зең болып қалған. Жүргенде де зордың күшімен жүріп келеді.
Ол бір тепкішекке сүрініп кетіп, алдында басқыш бар екенін білді, сосын маңдайым тасқа тимесін дегендей иіліп, жардан үңгіп салынған бір құжыраға келіп кірді.
Өзі жер астындағы зындан сияқтанып салынғанымен, құжыра іші әрі таза, әрі құрғақ екен.
Данглар оның бір мүйісінен астына құрғақ шөп салынып, үсті ешкі бөстегімен жабылған бір төсекті көрді.
Данглар оны көрісімен, со төсекті аман құтылудың сәулелі үмітіне жорыды.
— Құдайдың мұнысына да шүкірлік! Бұл өзі шынында да төсек екен, — деді ол күбірлеп.
Соңғы бір сағаттың ішінде ол он жыл бойы есіне алмаған әдетін жасап, құдайтағаланың атын атап сыйына бастады.
— Ессо! — деді оған бастаушы.
Сосын оны желкесінен бір нұқып ішке кіргізді де, есікті жапты.
Сырттан бастырма сықырлады; Данглар тұтқынға алынған еді.
Дегенмен есіктің бастырмасы болмаса да, Сан-Себастьяноның жерасты үңгірлерін жайлап өз атаманының төңірегіне топталып алған тұтас бір гарнизоннан аман өтіп кету үшін, кісі ең әуелі Петр әулиедей киелі болуы керек және оған құдай тағаланың періштесінен жолбасшысы болуы шарт-тын, ал енді атаман деп отырған кісіміздің аты шулы Луиджи Вампа екенін оқырмандарымыз баяғыда-ақ білген болар.
Осынау қаһарлы қарақшыны Данглар да бірден таныды, бір кездері Альбер сол қарақшымен Парижде сырттай таныстырғанда, барон оған мүлде сенбей қойған. Ол баскесердің өзін ғана емес, Морсер қамалған құжыраны да таныды, шамасы, бұл құжыра шетелдік қонақтарға әдейі әзірленген мекен-жай болуға тиіс.
Осы бір естеліктен кейін оның жүрегі орнына түсіп, көңілі байыз тапты. Қарақшылар мұны ә дегеннен өлтіре салмады, ендеше мүлде өлтірмейтін болғаны да.
Оны тонау үшін ұстап алды, ал енді қалтасында бірнеше алтын теңгеден басқа ештеңесі болмағасын, одан өз құнын төлеуді талап етеді.
Ол Морсердің басын, шамамен төрт мың экюге бағалағанын есіне түсірді, ал өзінің дене бітімі Морсерден әлдеқайда келісті де қомақтырақ болғандықтан, іштей: менің құныма сегіз мың экю сұрайды ғой деп ойлады.
Сегіз мың экю дегенің қырық сегіз мың ливр ақша.
Ал оның бес миллион елу мың франктей байлығы бар. Ондай ақшамен қияметтей қиын жағдайдың өзінен дін аман құтылып шығуға болады.
Сөйтіп, бұл бәледен аман-есен құтылатынына ешбір шүбә келтірмей, Данглар мырза жаңа төсегінде қол-аяғын емін-еркін созып жіберіп, шалқайып жата кетті, өйткені әлі күнге дейін бұл фәниде бір адамның құнына бес миллион елу мың франк сұрады деген хабарды ел құлағы естімеген, міне, осылай біраз уақыт дөңбекшіп жатты да, барон, әлгіде Луиджи Вампа өмір тарихын оқып үйреніп отырған қаһарман сияқты сабыр ойлап, қалың ұйқыға шомып кетті.
XVIII. ЛУИДЖИ ВАМПАНЫҢ ДАСТАРҚАН МӘЗІРІ
Әлгі Данглардың үрейі ұшатын мәңгі ұйқыдан басқа ұйқыға шомған кісілердің бәрі белгілі уақыттан кейін оянады ғой.
Данглар да оянды бір кезде.
Жібек шымылдыққа, жұмсақ мата ұсталған қабырғаларға, каминде пытырлап жанған оттың шайыр иісі мен торғын төсектің жұпарына үйреніп, әдет алып кеткен Париж тұрғынының тас үңгірде оянуының өзі жаман түс көргенмен бірдей болса керек-ті.
Жатқан төсегінің ешкі терісін сипап көрген Данглар, әуелде кісі етін жейтін жабайы адамдар мен лапландықтар арасына түсіп қалдым деп ойлап қалған тәрізді.
Бірақ мұндай жағдайда ойдағы күдіктің ақиқат шындыққа айналуына қас қағымдай уақыт қана қажет.
«Иә, иә, мен баяғыда Альбер де Морсер айтатын қарақшылардың қолына түсіп қалған едім ғой», — деп ойлады ол.
Ол ең әуелі жараланып қалмағанына көзін жеткізу үшін кеудесін керіп, қатты бір дем алды: ол мұнысы өмірінде тұңғыш рет жүрдім-бардым оқып шыққан бірден-бір кітабы «Дон-Кихоттан» есінде жатталып қалған тәсіл еді.
«Е, — деді ол өзіне-өзі, — бұлар мені өлтірген де, тіпті жаралаған да жоқ; бірақ олар мені тонаған шығар?»
Ол дереу асығып-үсігіп қалталарын ақтарып қарай бастады. Қалталарына да тірі жан тимепті; Римнен Венецияға баратын жолда керек болады ғой деп алған жүз луидор ақшасы бұрынғыша шалбарының қалтасында, ал бес миллион елу мың франктің аккредитиві сүртігінің қалтасында жатыр.
«Бір түрлі түсініксіз қарақшылар екен!» —деп ойлады ол.
— Олар менің қалтама да, әмияныма да тимепті! Кеше ұйықтар алдында тоқтаған түйінім дұрыс болып шықты! Олар менен кісі құнын сұрайды. Бәле, мынаған қараңыз, сағатым да орнында! Уақыт қанша болды екен, көрелікші.
Данглар сағатын — Брегеттің тамаша туындысын кеше, жолға шығар алдында бабына келтіріп бұрап қойған-ды, енді, міне, сыңғырлап таңғы бес жарымды соғып қоя берді. Сағат қоңырауы болмаса, ол уақытты білмес те еді, өйткені мұның құжырасына күн жарығы түспейтін.
Қарақшылардан мән-жайды сұрастырып білсе қайтеді? Әлде мұнымен олардың өзі келіп сөйлескенше шыдай тұрғаны жөн бе? Соңғы істің аңысын аңламақ болған ойы өзіне дұрыс көрінді. Данглар әліптің артын бақпақ болды.
Ол шаңқай түске дейін тосты.
Осы уақыт ішінде оның есігінің алдында ұдайы сақшы тұрды. Ертеңгі сағат сегізде сақшы ауыстырылды.
Данглар өзін күзетіп тұрған кісіні көрмекші болды.
Ол есіктің алқам-салқам болып, қиюласпай тұрған тақтайлар саңылауынан бір көмескі жарықтың, бірақ күннің жарығы емес, шамның жарығы түсіп тұрғанын байқады: ол есік саңылауларының бірінен қарақшы торсығынан арақ ішіп жатқан сәтте барып сығалап еді, мұрнына сасық иіс келді.
— Тіпу-тіпу! — деді ол құжыраның түкпіріне қарай шегініп бара жатып.
Түс әлетінде араққұмар бәлекеттің орнына басқа сақшы келіп тұрды. Данглар жаңа күзетшісіне тағы бір қарап көрмекке құмартты; ол қайтадан саңылауға қарай жылжыды.
Бұ жолы қол-аяғы балғадай бір алпамса жігітті, көнтек ерін, талпақ мұрын, бадырақ көз Голиафтың нағыз өзін көрді. Киіздей ұйысып біткен қалың жирен шашы қобырап, жылан сияқты ширатылып, иығына түсіп тұр.
«Мынау адам баласынан гөрі кісі етін жейтін жалмауызға ұқсас екен, — деп ойлады Данглар, — құдайға шүкір, мен кәрі де қасаңмын; етімнің татымы жоқ, былжыр жуанмын».
Өзіңіз де көріп отырсыз, Данглардың әлі де болса әзіл қашыратын шамасы бартұғын.
Тап сол мезетте өзінің кісі етін жейтін жалмауыз емес екенін дәлелдегісі келгендей-ақ, әлгі есіктің қарсы алдына отырып, дорбасынан бір жапырақ қара нан, бірнеше жуа мен сүт-сірнені алып, соның бәрін сыпырып-сиырып жей бастады.
— Не бәле екенін бір шайтан білсін! Ананы да ас деп жеп отыр-ау, ә? Бұл не сұмдық? — деді Данглар саңылаудан обыр қарақшының ас жегеніне қарап тұрып.
Сосын ол қайтып келіп, бөстегінің үстіне отырды, бұл терінің иісі де сақшы ішетін арақтың сасық иісі тәрізді еді.
Бірақ Данглар мырза қанша бекінгенімен адам болмысының сырына ақыл жете бермейді емес пе; бағзы бір кездері аш кісіге қарапайым тағамның өзі тәтті көрініп, тәбетін қоздырады.
Данглар ойламаған жерден өзінің ашқұрсақ екенін сезді; енді оған күзетші де онша кеспірсіз жігіт емес, наны да онша қара, сірнесі де қатып қалған қабыршақ сияқты болып көрінбеді.
Ол аздай оның жабайы жұрттың жиіркенішті асы саналатын пиязы да баронның есіне Робердің тұздығы мен өзінің аспазы келістіріп әзірлейтін сорпаны салды, кейде бір көңілі түскенде Данглар аспазына: «Денизо, бүгін маған ащырақ бірдеңе дайындашы», — дейтін.
Ол орнынан тұрып, есікті қақты.
Сақшы басын көтерді.
Данглар есікті қайта қақты.
— Cne cosa?18 — деді қарақшы.
— Әй, тамыр, — деді Данглар есікті саусағымен үсті-үстіне тықылдатып, — меніңше, қонақтың қамын ойлайтын да уақыт болған сияқты.
Бірақ дәу сары мұны түсінбеді ме, әлде тиісті нұсқау берілмеді ме, әйтеуір, ауқатына қайта кірісті.
Данглар бұған біраз шамданып қалды да, мына сияқты көрмедік доғалға сөзімді шығын қылмайын деп, тері төсегіне қайта барып жатып, тіл қатпай қойды.
Арада тағы да төрт сағат өтті. Әлгі домбайды басқа бір қарақшы ауыстырды. Аштықтан ішегі көптен шұрылдап отырған Данглар орнынан абайлап тұрып, есік саңылауына келіп үңілді де, өзін осында бастап әкелетін жігіттің жымысқы түрін көрді.
Бұл — Пеппино еді, ол шамасы өзінің кезекшілік міндетін бипаздан өткізгісі келді білем, есіктің тап алдына жайғасып, қасына майға қуырылған хош иісті, ып-ыстық түрік бұршағы толтыра салынған көзені қоя салды.
Көзенің жанына ол веллетри жүзімі үюлі седепті, орвист шарабының бір шынысын қойды.
Пеппиноның тағам қадірін білетін талғампаз екені даусыз еді.
Осынау дәмді асты қатарластырып қойған кезде Данглардың аузынан сілекейі шұбырғанын көрсеңіз.
«Сынап көрейікші, бәлкім, мына күзетшінің иі жұмсақ шығар», — деп ойлады тұтқын.
Сосын ол жайлап қана есікті тықылдатты.
— Қазір, қазір, — деді қарақшы французша, өйткені Пастринидің мейманханасына жиі-жиі барып жүріп, ол осы тілді үйреніп алған болатын.
Ол есікті өзі келіп ашты.
Данглар оның кеше өзіне: «Басыңды әрі тарт» — деп долдана ақырып қалатын жігіт екенін таныды. Бірақ енді оған өкпе айтатын кез бе! Қайта ол қарақшыға жылмиып күле қарап, мүләйім кейіппен көлгірси тіл қатты:
— Кешіріңіз, сударь, маған түскі ас бермеуші ме еді?
— Бергенде қандай, сізге бермегенде кімге береді! — деді Пеппино дауыстап. — Бірақ сіз, мархабатты мырза, шынымен-ақ ашығып қалдыңыз ба?
— Шынымен-ақ дегеніңізге жол болсын! Менің нәр татпағаныма бір тәулік болды, — деді Данглар міңгірлеп. — Әлбетте, сударь, аш екенім рас, тіпті өлердей ашпын, — деді тағы да ол даусын көтеріп.
— Сөйтіп, мархабатты мырзаның ауқаттанғысы келеді екен ғой?
— Мүмкін болса, тез әкелсінші.
— Одан оңай нәрсе жоқ, бұл арадан қалаған тағамыңыздың бәрін де аласыз; күллі қайырымды христиандар әулеті сияқты, әрине, ақша төлесеңіз болғаны, — деді Пеппино.
— Ол өзінен-өзі белгілі жайт! — деді, Данглар дауыстап. — Егер, шынымды айтсам, сіздер адамды қамап тастағаннан кейін, тым болмаса оны ауқаттандырып тұруға тиіс едіңіз.
— Жоқ, мархабатты мырза, біздің ондай әдетіміз жоқ, — деді Пеппино оған қарсы дау айтып.
— Бұл дәлеліңіз дәйексіз, бірақ таласпай-ақ қоялық, — деді Данглар, ол жылы-жылы сөйлеп, түрмешісінің бетін бері қаратпақ болды. — Енді маған түстік ас алдырыңыз.
— Қазір, мархабатты мырза, сізге не әкелейік?
Пеппино қолындағы көзесін жерге қоя салғанда одан көтерілген бу Данглардың танауына ұрды.
— Кәне, айтыңыз, — деді ол.
— Сіздерде мұнда ас үй бар ма еді? — деді банкир.
— Сауал болғаныңа... Әрине, бар және керемет!
— Аспаздар да бар шығар?
— Асқан шеберлер!
— Ендеше тауықтың балапанын яки балық яки құдайдың адал мақұлығының бірін әкеліңіз: не болса о болсын.
— Мархабатты мырзаның көңілі қалаған нәрсенің бәрін жеткіземіз, хош, сонымен, балапан десек!
— Иә, балапан.
Пеппино бойын тіктеп, барқ етті:
— Мархабатты мырзаға балапан әкеліңдер, тез!
Пеппиноның даусы зал ішінде басылмай жатып, ежелгі балық тасушы даяшылар сияқты келісті кеудесін белуарына дейін ашып тастаған бір өрімдей бозым жетіп келді; ол балапан салынған күміс табақшаны қолымен ұстамай төбесіне қойып әкелді.
— Кафе-де-Паридегіден аумайды, — деді Данглар күбірлеп.
— Рақым етіңіз, мархабатты мырза, — деді Пеппино, жас қарақшының қолынан табақшаны алып, оны құрт жеп, мүжіп тастаған үстел үстіне қойып жатып: осы үстел мен орындық, ешкі терісі салынған төсек-құжыраның бар жиһазы еді.
Данглар шанышқы мен пышақ әкелуін талап етті.
— Мінекиіңіз, мархабатты мырза, — деді Пеппино ұшы доғал кішкене пышақ пен ағаш шанышқыны ұсынып.
Данглар бір қолына пышақ, екінші қолына шанышқыны алып, құс етін кескелі жатқан.
— Ғафу өтінемін, мархабатты мырза, — деді Пеппино банкирдің иығына қолын салып, — мұнда ақша алдынан жүреді; бәлкім, мейманға бұл ұнамас та.
«Мұнысы Кафе-де-Париге мүлде ұқсамады, — деп ойлады Данглар, — ал бұлар мына құсына әкелерінің құнын сұрайтынын айтпасам да болады, қой, бірақ сараңдық жасамалық. Римде нарық арзан, өмір сүру оңай дегенді талай-талай естуші едім. Рим шаһарында балапан, көп болса он екі су тұратын шығар?
— Мынаны алыңыз, — деп ол Пеппиноға бір алтын теңгені лақтыра салды.
Пеппино теңгені алып, қалтасына салды. Данглар пышақты ұстап, балапанға төне түсті.
— Бір минутқа, мархабатты мырза, — деді Пеппино бойын тіктеп, — мархабатты мырза, әлі ақшаны түгел төлеген жоқ.
— Бұлар менің бас теріме дейін сыпырып алатынын білгенмін, — деді Данглар міңгірлеп.
Бірақ қарақшының емінуіне қарсылық жасағысы келмеді.
— Сенің мына арық тауығыңа әлі қанша төлеуім керек? — деді ол қарақшыға.
— Мархабатты мырза, балапанның есебіне бір-екі луидор беріңіз.
— Балапан төлеміне бір луидор ма?
— Әлбетте, осының есебіне ғана.
— Мақұл... Сосын не айтасыз?
— Сосын ба? Мархабатты мырза, маған әлі небәрі төрт мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз луидор ғана төлейсіз.
Мына адам шошырлық әзілді естігенде Данглардың көзі бақырайып шығып кетті.
— Ғаж-жап! Ғаж-жап! — деді ол міңгірлеп.
Осыдан кейін балапанға ұмтыла бергенде, Пеппино оны сол қолымен ұстап, оң алақанын алдына жая қойды.
— Төлеңіз, — деді ол.
— Бұл не? Әзілді қойыңыз! — деді Данглар.
— Біз ешқашанда ойнамаймыз, мархабатты мырза, — деді Пеппино байсалды кейіппен квакер сияқтанып.
— Мына шөжеге жүз мың франк төлемекпін бе!
— Мына қарғыс атқан үңгірде құс асыраудың қияметтей қиын екенін айтсам, сенбейсіз ғой, мархабатты мырзам.
— Әрине, мұның бәріне кісінің күлкісі келеді, көңілі көтеріледі, оған сөз бар ма. Бірақ мен аш адаммын, тамақтануыма кедергі жасамаңыз. Одан да, досым, өзің менен мына луидорды алшы, — деді Данглар күйгелектеніп.
— Олай болса, енді сіздің мойныңызда әлі төрт мың тоғыз жүз тоқсан сегіз луидор қарызыңыз қалады, сәлден соң одан да құтыларсыз, — деді Пеппино бұрынғы салқынқанды самарқау қалпы.
— Ешқашанда олай болмайды! Жоғалыңыз бұл арадан, сіз әлі менің кім екенімді білмейсіз! — деді Данглар ызаға булығып, қарақшының бұл қорлығына шыдамай.
Пеппиноның белгісі бойынша даяшы бозым балапанды заматында қағып алды. Данглар тері төсегіне құлай кетті. Пеппино есікті жауып, майлы бұршағын жеуге кірісті.
Пеппиноның не істеп, не қойғанын тұтқын байғұс, әрине, көрген жоқ. Бірақ о соққанның дәмді асты сылпылдатып қатты жегені сондай, Данглар оның қандай шаруа бітіріп отырғанына ешбір күмән келтірмеді.
Оның ауқаттанып отырғаны және қанша айтқанмен, тәрбие көрмеген надан емес пе, ауқатты обырланып, қатты ішіп отырғаны анық еді.
— Ақымақ! — деп Данглар боқтап жіберді.
Пеппино оны естімеген сыңай танытты: тіпті басын да бұрмастан, бұрынғыша аспай-саспай жайымен тамақтана берді.
Қарақшының қарны Данглар бейбаққа Данаидтың кеспегіндей түпсіз бірдеңе болып елестеді; оның асқазаны қанды мақшарға дейін тоймайтын шығар.
Дегенмен ол тағы да жарты сағат шыдап бақты, бірақ несін жасырайық, осынау жарты сағат оған мәңгі бітпейтіндей болып көрінді.
Ақырында ол шыдамай, есікке қайта келді.
— Тыңдаңызшы, сударь, мені енді сарғайтып, көп күттіре бермеңіздер, одан да менен не талап ететіндеріңізді бірден, туралап айтыңыздар, — деді ол.
— Рақым етіңіз, мархабатты мырза, бізден не қалайтыныңызды әуелі сіз айтыңыз?.. Бұйырыңыз сосын біз орындаймыз.
— Олай болса, ең әуелі маған есікті ашыңыз.
Пеппино есікті аша қойды.
— Шайтан алғырлар түге, енді менің тамақтанғым келеді! — деді Данглар.
— Ашығып қалғансыз ба?
— Оны өзіңіз де білесіз.
— Мархабатты мырзаның не жегісі келеді?
— Осынау ант атқан погребте балапан удай қымбат болса, маған бір жапырақ қатқан нан әкеліп беріңіз.
— Нан ба? Әміріңізге құлдық, — деді Пеппино мүләйім. — Әй, нан керек! — деді сосын айқайлап.
Әлгі бозым бір тілім нан әкелді.
— Алыңыз! — деді Пеппино.
— Қанша тұрады? — деді Данглар.
— Төрт мың тоғыз жүз тоқсан сегіз луидор. Сіз екі луидорды алдын ала төлеп қойғансыз.
— Қалай! Бір тілім нан жүз мың франк пе?
— Иә, жүз мың франк, — деді Пеппино.
— Ay, балапанның бағасы жүз мың франк еді ғой.
— Бізде дастарқан мәзір деген болмайды, бар тағамның бағасы бірдей. Сіз аз жейсіз бе, әлде көп жейсіз бе, бір түрлі тағам жасатасыз ба, әлде он түрлі тағам жасатасыз ба — одан астың нарқы өзгермейді.
— Сіз тағы ойнап тұрсыз! Бұныңыз бір қисынсыз нәрсе, барып тұрған жарыместік! Одан да мені аштан қатырғымыз келеді десеңдерші, сонымен — іс тамам.
— Қайдағы жоқты айтпаңыз, мархабатты мырза, сіз өзіңізді-өзіңіз аштан қатырғалы отырсыз: әйтпесе, ақшаны төлеңіз де, жей беріңіз, ас болсын!
— Әй, хайуан, немді төлеймін мен сонда? Сен, шамасы, мені жүз мың франкты қалтама салып, өзіммен бірге алып жүреді деп ойлайсың ғой деймін! — деді Данглар ашуланып.
— Сіздің қалтаңызда бес миллион елу мың франк ақша бар, мархабатты мырза, — деді Пеппино, — оған әрқайсысы жүз мың франктік елу балапан келеді, ал қалған елу мыңына жарты балапан түседі.
Данглар селкілдеп кетті, көзін байлаған шүберегі де түсіп қалды: бұл, әрине, әзілге, ойын-күлкіге керек, барон оған енді ғана түсінді.
Реті келгенде айта кетелік, бұл енді оны бұрынғыдай орынсыз әзіл дей алмас еді.
— Әй, бері қараңызшы, егер мен сізге жүз мың франк берсем, біздің есебіміз бітеді ғой? Сосын жайбарақат отырып тамақтана аламын ба? — деді ол.
— Әрине, — деді Пеппино.
— Бірақ оны мен сізге қалай беремін? — деді Данглар көңілі орныққасын жеңіл бір күрсініп.
— Одан оңай нәрсе жоқ, Римнің Банк көшесінде, Томсон мен Френч банкирлер үйінде сіздің жеке есебіңіз бар; сіз солардың банкіне арнап, маған төрт мың тоғыз жүз тоқсан сегіз луидорға чек жазыңыз; біздің банкиріміз оны қабылдап алады.
Данглар сырттай да болса, мұны өз еркімен жасап жатқанын білдірмек еді: ол Пеппино ұсынған қағаз бен қаламды алып, қолхат жазды да, астына қолтаңбасын түсірді.
— Міне, ұсынушы кісіге деп жазылған чек.
— Ендеше, міне, сіз де балапаныңызды алыңыз.
Данглар бір күрсініп, құс етін кесе берді, әлгі семіз ақшамен салыстырғанда бұл ет оған мүлде татымсыз арық болып көрінді.
Ал Пеппиноға келетін болсақ, ол қағазды асықпай оқып шықты да, оны қалтасына салып, түрік бұршағын жеуге қайта отырды.
XIX. КҮНӘНІ КЕШУ
Келесі күні Данглар ашығып қалғанын тағы сезді; мына үңгірдің ауасы да кісі тәбетін күшейтіп жіберетін тәрізді, тұтқын бүгінгі күн ақша шығармаспын деп ойлаған: қанша айтқанмен, үнемшіл сараң емес пе, кешегі балапанның жартысы мен бір жапырақ нанды құжыраның бір қуысына тығып қойған.
Бірақ тағамын жеп болмай жатып, ол сусап кеткенін аңғарды. Ол мұны тіпті ескермеген екен.
Ол аузы құрғап әбден қаталап тілі таңдайына жабысып бара жатқанға дейін сыр бермеуге тырысты.
Сосын қатты шөлден іші-бауыры өртеніп, жанын қоярға жер таппағасын, сусын сұрады.
Сақшы есік ашты; тұтқын оны танымайды екен.
Данглар ескі танысымен сөйлескенді дұрыс көрді. Ол дауыстап Пеппиноны шақыра бастады.
— Мен мұндамын, мархабатты мырза, не керек еді? — деп қарақшы қас қағымда жалақтап жетіп келді, Дангларға бұл бір жақсы ырым болып елестеді.
— Сусын, — деді тұтқын.
— Римнің төңірегінде шараптың аса қымбат тұратыны мархабатты мырзаға мәлім шығар? — деді Пеппино баппен.
— Жағдай қиын болса, маған су беріңіз, — деді Данглар қарақшының бетін қайтарып тастамақ болып.
— Ах, мархабатты мырза, су шараптан да қымбат, тамшысына зар болып отырған жоқпыз ба: биылғы қуаңшылық апшыны қуырып тұр ғой!
— Ой, соққандар-ай, бәлені қайта бастадыңдар ма! — деді Данглар бәсең.
Ол самайынан тері ағып, шаңырқап тұрса да, әзіл қашырған болып, сыртқа сыр алдырмауға тырысты.
— Сөзге құлақ салыңызшы, достым, — деді ол Пеппиноның бұрынғыша міз бақпай тұрғанын көріп, — мен сізден тек бір стакан шарапты ғана сұрап тұрмын. Соны шынымен-ақ бергіңіз келмей ме?
— Әлгіде өзіңізге айтып едім ғой, мархабатты мырза, біз бөліп-жарып сауда жасамаймыз деп.
— Ендеше, бір шынысын беріңіз.
— Қандай шараптың?
— Арзандауын әкеліңіз.
— Күллі шараптың бағасы бірдей.
— Қанша?
— Бір шынысы жиырма бес мың франк.
— Одан да мені талағымыз-тонағымыз келеді десеңдерші! — деді Данглар күйінішті дауыспен, оның бұл сөзін Гарпагон болмаса, өзге кісі бағалай алмас еді. — Ол менің терімді тірідей сыпырғаннан жеңіл ғой, әйтеуір.
— Білмеймін, бастықтың көздеген мақсаты да солай шығар, — деді Пеппино.
— Бастықтың? Ол кім еді?
— Сізді алдыңғы күні со кісіге апарған.
— Ол қайда?
— Осында.
— Мен оны көре аламын ба?
— Ол — оңай шаруа.
Арада бір минут өтпей жатып, Данглардың алдына Луиджи Вампа жетіп келді.
— Сіз мені шақырдыңыз ба? — деді ол тұтқынға.
— Мені осында әкеліп қамағандардың бастығы сізсіз бе, сударь?
— Иә, мархабатты мырза. Оны қайтесіз?
— Менің құныма сіз қанша ақша талап етесіз?
— Ә, ол көп емес, қалтаңыздағы бес миллион жетеді.
Данглар сұп-суық бір қолдың жүрегін қысып жібергенін сезді.
— Ол менің маңдайымдағы барым, сударь, бұл қыруар байлықтың жұрнағы ғана; егер сіз оны менен тартып алатын болсаңыз, өмірімді де қоса аласыз.
— Бізге сіздің қаныңызды төгуге тыйым салынған.
— Тыйым салған кім?
— Біз мойынсұнып бағынатын кісі.
— Демек, сіз біреуге бағынасыз ғой?
— Иә, бастығымызға.
— Маған сіздің өзіңіз бастық сияқты болып көрініп едіңіз.
— Мен мына кісілердің бастығымын, бірақ менің де бастығым бар.
— Ал ол бастықтарың да біреуге бағынатын шығар?
— Иә.
— Кімге?
— Құдайға.
Барон ойланып қалды.
— Түсінбедім, — деді Данглар.
— Мүмкін.
— Маған тап осылай қарауға әмір еткен сол бастықтарыңыз ба?
— Иә.
— Көздеген мақсаты не сонда?
— Оны білмеймін.
— Ay, менің әмиянымның ақшасы да сарқылмай ма бір күні.
— Солай шығар.
— Қалай, миллион жете ме? — деді Данглар.
— Жоқ.
— Екі миллион.
— Жоқ.
— Үш миллион ше?.. Төртеу ше?.. Қаласаңыз, төртеуге тоқталық? Мен оны сізге бір шартпен ғана беремін: сіз мені босатып жібересіз.
— Бес миллион тұратын нәрсеге сіз неге төрт миллион ұсынып тұрсыз? бұл — нағыз алыпсатарлық, банкир мырза, мен оны тап солай түсінемін, — деді Вампа.
— Бәрін де алыңыз! Есіттіңіз бе, бәрін де! Сосын өзімді де қоса өлтіріңіз! — деді Данглар бажылдап.
— Сабыр, мархабатты мырза, сабыр: қызынбаңыз, әйтпесе, тәбетіңіз қозып кетіп, бір миллионның тамағы бір күнге жұмырыңызға жұқ болмас; шайтан алғыр-ау, үнемшіл болсаңызшы!
— Сіздерге төлейтін ақшам болмай қалғанда қайтемін? — деді Данглар ызаланып.
— Онда ашығасыз.
— Ашығасыз?! — деді Данглар сұрланып.
— Солай болмағанда ше, — деді Вампа самарқау.
— Сізді өлтіргіміз келмейді деп, өзіңіз айтып едіңіз ғой жарқыным?
— Иә, айтқанмын.
— Сонда мені аштан өлтіріп, қарап отырасыз ба?
— Оның екеуі екі бөлек нәрсе.
— Жоқ, жауыздар, — деді Данглар өрепкіп, — мен сендердің оңбаған ойларыңды болдырмаймын! Егер мен қайткен күнде де өлетін болсам, тезірек көз жұмғаным жақсы да; ендеше, мені қорлаңдар-зорлаңдар, азаптаңдар, өлтіріңдер, бірақ енді қайтып қолтаңбамды ала алмайсыңдар!
— Оны мархабатты мырзаның өзі біледі, — деді Вампа.
Сосын ол құжырадан шығып кетті.
Данглар құтырған иттей ырылдап, бөстегіне жата кетті.
«Бұ кісілер кімдер еді? Бұлардың көзге көрінбейтін бастығы кім? Олардың діттеген ойы қандай? Жұрттың бәрі бұларға ақша төлеп құтылып жатқанда, бұл оны неге жасай алмайды?
Иә, әрине, мерт болу және кісі қолынан мерт болу қатыгез жауларды есебінен жаңылтудың ең тиімді жолы, шамасы, бұлар мені белгісіз біреуден кек алудың құрбаны етіп белгілеп қойған».
Бірақ өліп тынудың қиыны-ай!
Бәлкім, Данглар осынау ұзақ өмірінде бұл дүниеде өлім бар да қаза барын алғаш рет ойлаған шығар, ажалға ынтызар болып шақырса да, одан зәре-құты қалмай қорқады; жүрегі лүпілдеп соққан сайын, өлімді есіне алады; «сен де өлесің!» — деп айтатын әрбір тірі пенденің қыр соңынан қалмай жүретін рақымсыз елестің бетіне тура қарайтын сәті келген тәрізденеді.
Данглар тап осы сәтте ит жүгіртіп, құс салып қуалаған түз тағысына ұқсайтын. Сол қуғын-сүргіннен тағының бірде қаны қызып, бойына қайрат бітсе, енді бірде жанталасып, ажалмен арпалысып кетеді, сосын жантәсіліммен қашып құтылады да.
Бұл да қашып кету жайын ойлады. Бірақ оны қоршаған қабырға жартастың өзінен де қалың. Құжырадан шығатын жалғыз есік алдында күзетші кітап оқып отыр, ал оның аржағында карабинді кісілер қараң-құраң етіп, әрлі-берлі тыным таппай тыпырлап жүр.
Барон екі күнге ғана шыдады, сосын ол ас әкелуді талап етті де, оған бір миллионды бере салды.
Оған берекелі дастарқан жайып, кешкі асын әкеліп берді де, ұсынған миллионын алды.
Сол сәттен бастап, тұтқын сорлы тынымсыз шегінуден көз ашпады; ол әлемдегі бар қайғы-қасірет зардабын түгел тартып, сүлесоқ меңіреу бір күйге түсті, сосын өзінен не талап етсе, соның бәрін сөзсіз орындай берді; арада азапты он екі күн өтті. Бірде өзінің бақ-дәулетке малынып, асып-тасып жүрген кезіндегі сияқты ауқаттанып алып, есін жинағасын, қанша чек бергенін есептеді; сөйтсе, қалтасында небәрі елу мың ақша қалыпты.
Сол-ақ екен, тұтқын байғұс бір түрлі кісі танымастай болып, өзгеріп кетті, бес миллионның бетіне қарамаған кісі, енді ақырғы елу мың франкін сақтап қалмақшы болды: тек осынау елу мыңнан айырылмас үшін ол қайыршының мүшкіл халін тартпаққа бел байлады: оның басына енді жынданатын кісілерге тән бір қияли ойлар келеді. Құдайды баяғыда ұмытып кеткен безбүйрек енді оны есінен шығармайды. Кейде ол өзімен-өзі оңаша отырғанда құдайдың құдіреті шексіз екенін қиялдап кетеді: мына үңгір қақ жарылуы мүмкін, карабиншілер осы бір қарғыс атқан ұрылар ұясын тауып, бұған көмек көрсетуі ғажап емес; сонда оның қалтасында әлі де болса елу мың франкі қалар еді, ал елу мың франк дегенің бір кісіні аштан өлтірмейді; осының бәрін ойлай келіп, ол елу мың франкімнен айыра көрме деп көз жасын бұлап, жаратқанға жалбарынады келіп.
Ол осындай мінәжатпен үш күнін өткізді, осынау үш күн бойы құдай тағаланың есімі оның жүрегіне ұяламаса да, аузынан бір сәт түскен емес; бағзы бір шақта ол сандырақтап жатады, сондай кездері терезеден жарлының бөлмесінде, жалба төсек үстінде өлейін деп жатқан шал бейнесін көргендей болады. Со шал да аштықтан жан тапсыратын тәрізді.
Төртінші күні Данглар кәдімгі адамнан гөрі тірі аруаққа айналған еді: ол бұрынғы тағамдарынан қалған-құтқан қиқым-сиқымның бәрін теріп жеп, еденге төселген шиді қажап, қорек ете бастады.
Осы кездері ол құдайдың құтқарушы періштесіне қалай жалынса, тіске басатын бірдеңе бер деп, Пеппиноға да тап солай жалынатынды шығарды: ол бір жапырақ нанға бір мың франк бермекші де болды.
Пеппино үн қатпайды.
Бесінші күні Данглар сүйретіліп есікке барды.
— Христианин атынан садаға кетіңіз, кәззап! — деді ол тізерлеп тұрып жатып. — Құдай алдында ең жақын бауырыңыз болып саналатын адамды аштан өлтіргелі отырсыз.
«Менің дос-жарандарым қайда осы!» — деді ол күбірлеп.
Сосын етпеттеп құлап түсті.
Бір кезде кеудесін көтеріп, жаныға айқай салды:
— Бастықты! Бастықты шақыр!
— Мен мұндамын! Сізге не керек? — деді Вампа жерден шыққандай оқыс пайда болып.
— Менің ең соңғы алтынымды алыңыз да, — деді Данглар сыбырлай баяу сөйлеп, әмиянын ұсынып жатып. — Осында, мына үңгірде қалуыма рұқсат етіңіз, мен енді өз басыма еркіндік сұрамаймын, тек аман қалдырсаңыз болғаны.
— Сіз қайғы-қасіреттен көп азап шектіңіз бе? — деді Вампа.
— Иә, көп қиналдым, көп азап шектім!
— Сізден де көп азап шеккен кісілер бар.
— Олай болуы мүмкін eмec!
— Солай болғаны рас! Олар — аштықтан өлген кісілер.
Данглар ақылынан адасып, сандырақтап жатқан кезде жарлы бөлме жалбыр төсек үстінде көрген шалды есіне алды.
Ол ыңыранып, тас еденге маңдайын басты.
— Иә, ол рас, менен де көп қасірет тартқан кісілер болған. Бірақ олар — азап үшін жаралғандар ғой.
— Сіз енді тәубаға келдіңіз бе? — деді бір салқын да салтанатты дауыс, осы дауыстан Данглардың төбе шашы тік тұрды.
Өзінің әлсіреген жанарымен сығараңдап айналасына қарағанда, ол Луиджидің ар жағында, тас бағанның көлеңкесінен жартылай шығып тұрған плащты бір кісіні көрді.
— Сонда мен не деп тәубаға келмекпін? — деді Данглар естілер-естілмес күбірлеп.
— Жасаған жауыздығыңызға өкініп, тәубаға келесіз, — деді әлгі дауыс.
— Иә, мен өкінемін, өксимін! — деді Данглар дауыстап.
Сосын ол шидей қолымен өз төсін өзі соққылай берді.
— Онда мен сіздің күнәңізді кештім, — деді бейтаныс кісі, сосын плащын ысырып тастап, жарық жерге келіп тұру үшін бір қадам ілгері аттады.
— Граф Монте-Кристо! — деді Данглар үрейлене дауыстап, оның азап пен аштықтан қуқыл тартқан өңі енді тіптен көгеріп кетті.
— Сіз қателесіп тұрсыз, мен Монте-Кристо емеспін.
— Сонда кім боласыз?
— Мен — сіз баяғыда опасыздық жасап, дұшпан қолына берген, ар-намысын аяққа басқан кісімін; мен — сіз қалыңдығын бұзып, жолдан тайдырған, өзіңіз бақ-дәулетке жету үшін табанға салып таптаған кісімін, мен — сіздің кесіріңізден әкесі аштықтан өлген кісімін; сізді аштық атты ажалдың шеңгеліне берген менмін. Бірақ соған қарамастан, күнәңізді кештім, өйткені өзім де осындай кешірімге ділгір болып жүрмін. Мен — Эдмон Дантеспін.
Данглар бір шыңғырып, оның аяғына бас ұрды.
— Тұрыңыз, — деді граф, — мен сізге өмір-тірлікті сыйлайын, сыбайластарыңыздың тап өзіңіздей жолы болған жоқ: біреуі жынданып кетті де, екіншісі өліп қалды! Ана елу мың франкіңіз қалтаңызда қала берсін, мен оны сізге тарту еттім, ал сіздің жетім-жесірден жырып алған бес миллионыңыз олардың өзіне қайтарылды. Ал енді тойғаныңызша ішіп-жеңіз; сіз бүгін менің қонағымсыз. Вампа, мына кісі әбден тойғаннан кейін, оның басы бос.
Граф қашан кетіп қағанша Данглар етпеттеп жата берді. Ол басын көтерген кезде аумақты есіктен қараң етіп шығып кеткен бір көмескі көлеңкені ғана көрді, қарақшылар оның алдында бастарын иіп, ізет көрсетіп жатты.
Вампа графтың әмірін қолма-қол орындады, Дангларға Италияның ең нәрлі жемістері мен таңдаулы шарабы берілді; сосын оны өзінің почта күймесіне отырғызып, жолмен біраз алып жүрді де, бір жалғыз ағаштың түбіне келгенде түсіріп кетті.
Өзінің қайда келгенін білмей, ол сол ағаштың түбінде таң атқанша отырды.
Таң сарғайып атқан кезде ол жақын жерден бір өзекті көрді; ол шөлдеп қалған екен, шаңырқап, бұлаққа қарай еңбектей бастады.
Су ішпек болып төмен еңкейе бергенде ол шашының аппақ болып ағарып кеткенін көрді.
XX. БЕСІНШІ ОКТЯБРЬ
Кешкі сағат алтының кезі болатын; күзгі күннің алтын шұғыласымен нұрланған ақ жарық зеңгір аспаннан көгілдір теңіз айдынына түсіп тұрды.
Қайнаған күннің ыстығы бірте-бірте бәсеңдеп, шаңқай түс кезінде бір сәт талмаусырап қалғып кетіп, енді оянған табиғаттың тыныс-лебіндей болып, себездеп жел есті. Жерорта теңізінің күллі жағалауын сергітіп, жасартып, жан бітіріп жіберетін ерке самал ну тоғайлардың жұпар иісі мен теңіздің кермек иісін араластырып, айдынның бір жағалауынан екінші жағалауына айдап кетіп жатады.
Гибралтардан Дарданеллге және Тунистен Венецияға дейін еркін көсіліп жатқан осынау ұлан көл айдынында кешкі мұнарды ысырып тастап, бір әдемі жеңіл кеме сырғып бара жатты. Ол алыстан қанатын жайып жіберіп, заулап ұшқан аққуға ұқсайды. Кеме артында ақ жолақ жол қалдырып, әсем сәнімен көз баурап, зымырап барады.
Батқан күннің ең соңғы қызыл шапағы сонау көкжиекке баяулап барып сөнді; бірақ ежелгі заман ертегі-аңыздарының ғажайып хикаяларын қайта тірілткісі келгендей-ақ, оның қитұрқы нұр сәулесі құбылмалы толқын жалында жалт-жұлт ойнап, Амфититраның құпия сырын әлемге жария етті: алаулаған от құдай оның құшағына барып жасырынды, ал асып-сасып қалған ашынасы аңқылдап келген ғашығын көгілдір шекпенімен жалма-жан бүркей салмақ болып әуре.
Жібек желдің жұмсақтығы қыз тұлымын қимылдата алмайтын болса да, кеменің жүрісі жылдам, аялдамай алға ұмтылады.
Бак үстінде ұзын бойлы, қара сұр жігіт тұр, ол толқынды теңіз айдынынан белгісіз бір аралдың, қаталонның дәу қалпағы сияқты, бұл жақындаған сайын шығып келе жатқанына самарқау көз тастайды.
— Монте-Кристо аралы осы ма? — деді саяхатшы әрі ойлана, әрі мұңая тіл қатып, шамасы шағын кеменің әміршісі сол болса керек.
— Иә, мархабатты мырза, біз көздеген жерімізге жеттік, — деді капитан оған.
— Біз жетер жерімізге жетіппіз, — деді саяхатшы күбірлеп, оның үнінде түпсіз қайғы жатыр еді.
Сосын ол бәсең ғана:
— Иә, менің де жатар жерім осы шығар, — деді сыбырлап.
Жігіт қайтадан бір қалың ойға шомып кетті: езуіне көз жасына бергісіз бір мұңлы күлкі үйірілді.
Бірнеше минуттан кейін жағадан бір көмескі жарық жылт етіп көрінді де, сөніп қалды, со мезетте кемеге атылған мылтық даусы естілді.
— Мархабатты мырза жағадан бізге белгі беріп жатыр, оған өзіңіз жауап қайтарасыз ба? — деді капитан.
— Қайдағы белгі? — деді жігіт.
Капитан қолымен аралды мегзеді: оның ең биік шыңына қарай тіп-тік болып, ақшыл түтін көтеріліп, енді сейіліп барады екен.
— Иә, иә! мақұл! — деді саяхатшы ұйқыдан оянған кісідей абыржып қалып.
Капитан оның қолына оқтаулы карабинді ұстата қойды, саяхатшы оны жайлап жоғары көтеріп, шүріппесін басып қалды.
Арада он минут өтпей жатып, шағын қойнаудан бес жүз қадамдай қашықта тұрып, теңізшілер кеменің желкендерін түсіріп, зәкір тастады. Төрт ескекшісі мен жүргізушісі бар қайық толқын үстінде тербеліп тұрды; саяхатшы кемеден қайыққа түсті, бірақ өзіне арналып, көгілдір кілем төселіп қойған орынға отырмады, қолын кеудесіне айқастыра салып, міз бақпай түрегеп тұра берді.
Қайықшылар қанаттарын кептіріп жатқан құстар сияқтанып, ескектерін көтеріңкіреп, әмір күтіп отыр.
— Алға! — деді жолаушы.
Төрт пар ескек дыбыссыз суға шома берді; теңізшілер шірене есіп қалғанда қайық ілгері қарай сырғи жөнелді.
Енді бір минуттан кейін саяхатшы жартастар қойнауындағы аядай қолтыққа келіп кірді, қайық құмды қайраңға тұмсығын тіреді.
— Мархаббатты мырза, сізді екі ескекші жағаға көтеpiп шығарады, — деді жүргізуші.
Саяхатшы бұған қолын самарқау сілтеп, жауап қайтарды да, аяғын қайықтан төмен түсіріп, жылжып түсе берді, су оның белуарынан келеді екен.
— Суға бекер түстіңіз, мархабатты мырза, қожайын бізге ұрсатын болды, — деді жүргізуші күңкілдеп.
Саяхатшы бұған жауап қайтармастан, ыңғайлы жерлерді аяғымен абайлап басып көріп, жиекке қарай беттеп бара жатқан екі матростың соңынан ерді.
Отыз қадамдай жүріп, олар жиекке шықты; саяхатшы суын сілкіп, қағынып, енді қалай қарай жүрер екенбіз деп айналасына көз тастай бастады, өйткені күн батып, жерді қараңғылық басқан еді.
Ол басын бұра берем дегенше, біреу иығына қолын салды, Моррель, күтпеген бір дауыстан дір етіп, шошып қалды.
— Қош келдіңіз, Максимилиан, сіз дәл уақытында жеттіңіз, рақмет! — деді сол дауыс.
— Бұл — сізбісіз, граф! — деді Максимилиан дауыстап, сосын жалт бұрылып, Монте-Кристоның қолын қос қолымен қуана қысып-қысып жіберді.
— Көрдіңіз бе, сіз сияқты мен де дәлмін; бірақ су болып қалыпсыз ғой, қымбаттым; Калипсоның Телемахқа60 айтқанындай: киіміңізді ауыстырыңыз — демекпін. Жүріңіз, мұнда сізге баспана әзірленіп қойылған, оған кірсеңіз, шаршап-шалдыққаныңызды, тоңғаныңызды ұмытып кетесіз.
Монте-Кристо Моррельдің артына бұрылып қарағанын байқады; ол сәл кідіре берді.
Шынында да Моррель мұны осы араға әкелген кісілердің ақы-пұл сұрамай, бұл оларға ақша төлеймін дегенше, ызым-қайым кетіп қалғанына аң-таң. Ол шылпылдаған ескек үнін есітті. Қайық кемеге қайтып бара жатыр екен.
— Сіз өзіңізді әкелген матростарды іздеп тұрсыз ба?
— Иә, олар кетіп қалыпты, мен оларға жолақы да төлей алмадым.
— Оған алаң болмай-ақ қойыңыз, Максимилиан, — деді Монте-Кристо күліп, — мен теңізшілермен шарт жасасқанмын, сол шарт бойынша жолаушылар мен товарлар менің аралыма тегін жеткізіледі. Мәдениетті елдегілер айтатындай-ақ, белгілі уақытқа абономентім бар.
Моррель графқа таңырқай көз тастады.
— Сіз бұл арада Париждегідей емес, мүлде өзге кісі екенсіз, — деді ол.
— Неге?
— Сіз мұнда күледі екенсіз.
Монте-Кристоның қабағы түсіп кетті.
— Дұрыс айтасыз, Максимилиан, мен өзімді-өзім ұмытып кетіппін, сізбен дидарласу — мен үшін үлкен бақыт, ал бақыт атаулының өткінші екенін ұмытыппын, — деді ол жабырқау үнмен.
— Жоқ, граф, қайдағыны айтпаңыз! — деді Моррель досының қолын қайта алып. — Жарқырап сөйлеп, жадырап күліңіз, көңіліңізге қаяу түспесін, маған еш назар аудармай, өмір дегеннің тек қайғы-қасірет шеккен кісіге ғана ауыр болатынына көзімді жеткізіңізші. Сіз ізгі жүректі, жомарт көңілді, қайырымды адамсыз, сол себепті де, менің көңілімді аулау үшін, әдейі жадырап-жайнап келесіз.
— Сіз қателесіп тұрсыз, Моррель, мен өзімді шынында да бақыттымын деп сезінген едім, — деді Монте-Кристо.
— Онда мені ұмытқансыз ғой: оныңыз тіпті жақсы болған.
— Неге олай?
— Досым, өзіңіз де білесіз ғой, мен циркке келген императорды құттықтайтын гладиатор-құлмын, сол себепті де өзіңізге: «Ажалға басын тіккен байғұс сізді құттықтайды», — деймін.
— Сонда сіз әлі жұбанған жоқсыз ба? — деді Монте-Кристо бұған бір құпия, жұмбақ көзбен қарап.
— Мені сондай парықсыз күйге түседі деп шынымен-ақ ойлап қалғаныңыз ба? — деді Моррель күйініп.
— Менің сөзімді дұрыс түсініңіз, Максимилиан, — деді граф. — Сіз мені уәдесінде тұрмайтын берекесіз деп ойламайсыз ғой, әйтеуір. Сізден менің: әлі жұбанған жоқсыз ба — деп сұрауға хақым бар, өйткені, мен адам жүрегінің құпия сырын жақсы білемін. Мына сіздің жүрегіңіздің ең алыс түкпірінде не жасырынып жатқанына екеуміз бірге көз жіберіп көрейікші. Арам шыбын шағып, аурудан құтырған арыстандай, сіздің де жаныңыз жай таппай, бұрынғыша зар қақсай ма? Көрге кірмей басылмайтын бір дерт ішіңізді жегідей жеп жатыр ма? Әлде, айықпас бір қасірет тұла бойыңызды түгел жайлап, тірлік атаулыдан түңіліп, молаға қарай қуалайтын шығар? Немесе құса болып өле алмай, қайғыдан қан жұтып жүргенде, үміт отыңыз сөніп, жүрегіңіз жасып, ерлік-өрлік қасиетінен айырылып қалған боларсыз, ал жүректе зейін-зерде қалмаса, ол егіліп жылай да алмайтын шығар, олай болса, егер көз жасыңыз сарқылып, енді қайтып жылай алмайтындай, лүпілдеген жүрегіңіз тоқтап қалғандай болып көрінсе, бұл фәниде құдайдан өзге тірегің қалмаса және есіл-дертіңіз жерде емес, көкте болса, онда жан бауырым, көңіліңіздің байыз тауып, жаныңыздың жұбанғаны, ендеше, бұдан былай өткенге өкініп, нали алмайсыз.
— Граф, — деді Моррель ұяң да байсалды кейіппен, — мені қолымен — көрді, көзімен — көкті мегзейтін кісі ретінде, жақсылап бір тыңдаңызшы. Мен сізге осы келгенде, досымның құшағында жатып өлгелі келдім. Әлбетте, менің де жанымдай жақсы көретін жақындарым бар: мен қарындасымды жақсы көремін, оның күйеуіне де жайылып жастық болғым келеді, бірақ маған тірлігімнің ақтық сәтінде, көз жұмарда, бетіме мейірлене бір қарап, қайратты құшағын жаятын атпал азамат керек. Білемін, Жюли көз жасын көл қылып жылап, талып қалады; онда мен қарындасымның қасіретіне ортақ болар едім, ал өз басым — қасіреттен қалжырап, әл-дәрменнен айырылған жанмын; Эмманюель болса, қолымдағы пистолетіме жармасып, айқайлап, бүкіл үйді басына көтерер еді. Ал сіз болсаңыз, граф, маған берген уәдеңіз бар, сізді адам дейін десем — құдірет-қуатыңыз артып жатыр, құдай дейін десем ажалды пендесіз, ендеше, сіз мені ың-шыңсыз, мейірбан көңілмен ұзақ сапарға аттандырып саласыз.
— Досым, — деді граф, — менің көңілімнің тағы бір күмәні бар, соны айтайын: бәлкім, сіз қоянжүрек қорқақ болғасын, қайғы-қасіретіңізді әсірелеп, көз алдымда көлбең қағып тұрған шығарсыз?
— Жоқ, граф, маған байыптап бір қараңызшы: бәрі де қаз қалпында, бірдеңеден қорықсам бұйырмасын, — деді Моррель графқа қолын созып, — жүрегім қатты да, жай да емес, бұрынғыша, бір қалыпта соғып тұр. Мен өз жолымның ақырына дейін жеттім; әрі жүрер жep жоқ. Сіз өзіңізді көпті көрген данаға санайсыз және маған: келешекті күт, күдеріңді үзбе — дедіңіз. Оның неге әкеліп соққанын білесіз бе? Мен сарғайып, бір ай күтім — бұл ай бойы азап шектім деген сөз! Адам дегенің бақытсыз бір бейшара ғой: жазған басым, не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір ақылға сыймайтын, кісі ойына кіріп те шықпайтын беймағлұм бірдеңеге сеніппін! Ғажайып кереметке ме... қандай керемет дейсіз ғой? Оны тек бір құдай ғана біледі, біздің ақыл-есімізді ессіз үмітке табынтып қойған құдайтағалам ғана біледі. Иә, менің сарғайып күткенім рас. Үміт үзбегенім де рас. Біз сыр сандығын ашып, сұқбаттасқан ширек сағат ішінде, сіз өзіңіз де байқамай, менің жүрегімді тағы да жараладыңыз, өйткені сіздің әрбір сөзіңізден енді мен үміт етер ештеңенің де қалмағанын білдім. Ажал мені аймалап, әлдилеп, тербетіп тұрғандай!
Моррельдің соңғы сөздерін өзгеше бір құштарлықпен тебіреніп айтқаны сондай, графтың тұла бойы түршігіп кетті.
— Граф, — деді Моррель сөзін сабақтап, Монте-Кристо іле жауап қайтармағасын. — Бесінші сентябрьде сіз маған бір айға шыда деп едіңіз. Мен оған құлақ астым... Досым, бүгін бесінші октябрь. — Моррель сағатына қарады. — Қазір сағат тоғыз болды; менің енді үш сағаттық өмірім қалды.
— Мақұл, ендеше, кеттік, — деді Монте-Кристо.
— Моррель графтың соңынан көзсіз ере берді, тіпті үңгірге қалай келіп кіргенін де байқамады.
Ол төсеулі кілем үстімен жүріп келе жатқанын сезді; есік ашылды да, аулада бір жұпар иіс аңқып кетті, шақырайған жарықтан көзі түк көрмей қалды. Моррель әлденеден именіп, кібіртіктей берді: осы бір кісі қөңілін босатып жіберетін жиһаз-мүліктен сескеніп, бойын тежеп алған жайы бар.
Монте-Кристо дос пейілмен оны столға қарай икемдеді.
— Біз енді қалған үш сағатты ежелгі рим халқы сияқтанып неге өткізбейміз, — деді ол жігітке. — Өздерінің әміршісі әрі мұрагері Нерон өлім жазасына кескеннен кейін, олар бай дастарқан басында гүлге малынып шалқайып жатады екен-дағы раушан мен гелиотроп гүлінің жұпар иісімен тыныстап көз жұмады екен.
Моррель жымиып күлді.
— Қалауыңыз білсін, — деді ол, — қанша айтқанмен, ажалдың аты ажал: ұмыт болу, тыным табу, жансыздану — демек, мұның бәрі азап-тозақтан құтылу.
Ол стол басына келіп отырды: Монте-Кристо оған қарама-қарсы жайғасты.
Бұл — бір кезде өзіміз келістіріп суреттеген, ертектегідей ғажайып асхана еді; мәрмәр мүсіндер баяғы қалпы, гүл мен жеміске толы седептерді басына көтеріп тұр.
Ішке кіргесін Моррель бөлмені енжар көзімен бір шолып өтті, бірақ ештеңені де көрмеген тәрізді.
— Meн сізге еркекке еркек айтатын бір ғана нәрсені сұрап білгім келеді, — деді ол графқа тесіле қарап.
— Сұраңыз.
— Граф, — деді ол сөзін жалғап, — сіз — адам баласы білетін күллі ілім-білімді игерген жансыз, сол себепті де маған біздің әлемнен гөрі басқарақ, биігірек те ақылдырақ дана әлемнен келген сияқты болып көрінесіз.
— Сіздің сөзіңіздің, Моррель, жаны бар, — деді граф мұңая күлімсіреп, оның осы күлкісі өзіне жарасады да, — мен басқа әлемнен, қасірет пен азап деп аталатын әлемнен келгенмін.
— Мен сіздің әр сөзіңіздің астарында не жатқанына ой жіберіп жатпай-ақ, көзсіз сене беремін, граф; сіз маған өмір сүр деп едіңіз — өмір сүрдім; сіз маған үміт үзбе деп едіңіз — үмітімді үзбедім. Енді мен сізді ажалды бұрын көрген кісі деп ойлап, бір сауал қойғым келеді, граф, соның өзі азапты қиын нәрсе ме?
Монте-Кристо жігітке, тап бір туған әкесі сияқтанып, мейірлене қарады.
— Иә, — деді ол, — егер сіз өлгісі келмей, тістей бағып, тастай қатқан дененің ажалды қабығын күшпен айырып тастайтын болсаңыз, әрине, ол азапты да ауыр болады. Егер сіз өз тәніңізді қыпылдаған қанжармен турап тастасаңыз, егер сіз кісінің әрбір қимылын қалт жібермей бағып отыратын миыңызды, сәт сайын жалт беріп, жаңсақ ұшатын есірік оқпен мылжалайтын болсаңыз, онда әлемдегі азаптың бәрін көріп, қиналып жатып өлесіз; ажал алдында азаптанып, жанталасып жатқанда сол ит тірлік сізге осындай жолмен тілеп алған тыныштығыңыздан әлдеқайда артық болып көрінеді.
— Түсіндім, — деді Моррель, — өлімнің де өмір сияқты қызығы мен шыжығы көп болады екен-дағы; тек оның сыр-жырын білу керек болар.
— Сіз өте дұрыс айтасыз, Максимилиан. Біздің жадырап жақсы қарсы алғанымызға немесе тұнжырап тыжырына қарсы алғанымызға орай, ажал да бізге не досымыз сияқты елжіреп, еркелете келеді де, не қасымыз сияқты қатуланып келіп, шыбын жанымызды шырқыратып, денемізден жұлып алады. Арада мыңдаған жылдар өткесін, адам табиғаттың күллі жойқын күшін еркін игеріп, адамзат игілігіне қызмет етуге жегіп қоятын бір ғажайып күндер туады, сол кездері, әлгіде сіз айтқан ажал құпиясы иен жұртқа белгілі болады. Сол заманда өлім дегенің ашынаңның құшағында көрген жақсы түстей тәтті де қуанышты болады.
— Егер сіздің көңіліңіз қалайтын болса, тап солай рақаттанып жатып өле алар ма едіңіз, граф?
— Иә.
— Сіздің, мұхиттың дәл ортасындағы жетім аралда, осынау жерасты сарайында, тіпті перғауынның өзі қызығатын осы бір мүрде ішінде, менімен неге кездеспек болғаныңызға енді ғана түсіндім; өйткені сіз мені жақсы көресіз ғой, граф, солай ма? Жақсы көретініңіз сондай, менің өзіңіз әлгіде ғана айтқан ажалдан қаза табуымды қалағансыз: ешбір азап тартпай, Валентинаның атын айтып жатып, сіздің қолыңызды қысып жатып, ың-шыңсыз жай ғана сөнуімді қалағансыз.
— Иә, таптыңыз, Моррель, менің де қалағаным осы еді, — деді граф жаймашуақ.
— Сізге мың алғыс: күні ертең қайғы азабын тартпаймын деген бір ой жаралы жүрегіме дәру болып құйылып жатыр.
— Сіздің аяулы қимас нәрсеңіз жоқ па, — деді Монте-Кристо.
— Жоқ! — деп бір-ақ кесті Моррель.
— Тіпті мені де еске алмайсыз ба? — деді граф көңілі қатты қобалжып.
Моррель үндемей қалды; оның тұнық көзі бұлдырап тұманданып барып, кенет жалт-жұлт етіп, тұтанып кетті: сосын бір тамшы жас үзіліп түсті.
— Мұның қалай! Бұл дүниеде әлі де қимас нәрсең бар екен, ендеше, өлем дегеніңе жол болсын?!
— Жалынамын сізге, граф, енді ләм деп тіл қатпаңызшы, — деді Моррель бәсең үнмен, — мен сорлыны қинап қайтесіз.
Граф, Моррель бұрынғы бетінен қайтып, босап бара жатыр екен деп ойлап қалды.
Баяғыда Иф қамалында әзер дегенде жеңген бір қорқынышты күдік оның ойына тағы да сұп-суық болып кіре берді.
«Мен осынау жігітке кеткен бақытын қайтарып бергім келеді, — деді ол өзіне-өзі, — мен осынау бақытты безбеннің бір басына лақтырып тастап, соның, безбеннің екінші басына өзім салған жамандықты сол бақыттың басып кеткенін қалап тұрмын. Ал егер мен қателесіп, бұл адам нағыз бақытқа лайық, бақытсыз сорлы болып шықпаса қайтемін? Мен тек жақсылықты ойлағанда ғана жауыздықты ұмыта аламын ғой».
— Моррель, сөзге құлақ қойыңыз, — деді ол, — қайғыңыздың түпсіз тұңғиық екеніне көзім анық жетеді; бірақ сіз құдайға құлшылық ететін пенде ретінде хақ жолынан тайып күнәкар болып қайтесіз.
Моррель мұңая күлімсіреді.
— Граф, мен сұлу сөзді сүймейтін адаммын, бірақ имандай шыным, өз жаныммен баяғыда қоштасқанмын, — деді ол графқа.
— Өзіңізге мәлім, Моррель, мен бұл жалғанда жалғыз жанмын, — деді Монте-Кристо. — Мен сізді өзімнің ұлым деп санауға үйреніп кетіппін; енді, міне ұлымды ажалдан аман алып қалу үшін өмірімді құрбан етуге бармын, ал байлығымды құрбан ететінім өзінен-өзі белгілі.
— Сонда не айтқыңыз келеді?
— Менің айтайын дегенім, Моррель, сіздің өмірмен қоштасқалы тұрған бір себебіңіз, бұл тірліктің бай кісіге беретін рақат-ләззаты сізге әлі беймағлұм. Менің жүз миллиондай ақшам бар, соны сізге тарту етейін; ондай бай дәулет тұрғанда қалаған нәрсенің бәріне қолыңыз жетеді. Егер сіз мансапқұмар болсаңыз — қандай қызметке де жол ашық. Әлемді төңкеріп тастайсыз ба, әлде оның бет-бейнесін өзгертесіз бе, қылмыс жасайсыз ба, әйтеуір ойыңызға келген есерліктің бәрін де жасаңыз, бірақ өмір сүріңіз, аман болыңыз!
— Сіз маған уәде бергенсіз, граф, қазір сағат он бір жарым болды, — деді Моррель салқын үнмен сағатына қарап.
— Моррель! Ойланыңыз! Менің көз алдымда, өз үйім — өлең төсегімде!
— Ендеше, маған рұқсат етіңіз, кетейін, әйтпесе, сіз мені мен үшін емес, өзіңіз үшін жақсы көреді деп ойлап қалуым мүмкін, — деді Максимилиан тұнжырап.
Сосын ол орнынан тұрды.
— Мақұл, — деді Монте-Кристо жүзі шырайланып, — алған бетіңізден қайтпайтыныңызды көріп тұрмын: иә, сіздің бақытсыз сорлы екеніңіз де рас, өзіңіз айтқандай-ақ, енді сізге тек ғайыптан туған ғажайып қана шипа болуға керек, енді отырыңыз да күтіңіз, Моррель.
Моррель бұған көне қойды. Сосын Монте-Кристо орнынан тұрып жабулы шкафқа барды, оның алтын бау-шынжырлы кілтін граф қалтасына салып жүреді екен, шкаф ішінен ол қас шебердің қолынан шыққан күміс қобдишаны алды, ал қобдишаның төрт бұрышына, көк тәңірісін аңсаған періштелер сияқты, белі бұралып мұңайып тұрған төрт әйелдің сұңғақ бейнесі мүсінделіпті.
Ол қобдишаны үстел үстіне қойды.
Сосын оны ашып, ішінен бір алтын құтыны шығарды, жасырын серіппе түймесін басып қалғанда, оның қақпағы ашылып кетеді екен.
Құты іші қамыр тектес майлы бір затқа толып тұр; алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленген құты жарықпен шағылысып, ішіндегі заттың түр-түсін айыруға мүмкіндік бермейді.
Сол зат қараған сайын бірде көкпеңбек, бірде ақ шаңқан болып алтындай жалтылдап, құбылып-құлпыра түседі екен.
Граф алтын қасықпен осы заттан азғана кертіп алып, Моррельге ұсына берді, бірақ өзі «бұл енді қайтер екен» деп сынай қарап отырды.
Әлгі заттың жасылдау екені енді ғана анық көрінді.
— Сіздің менен сұраған нәрсеңіз — осы. Менің сізге беремін деген дәруім де — осы, — деді ол жігітке.
— Өлмей тұрғанда, — деді Максимилиан граф Монте-Кристоның қолынан қасықты алып жатып, — ең әуелі мен сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді.
Граф басқа бір қасықты алып, алтын құтыдағы заттан тағы бір кертіп, өзіне де алды.
— Досым-ау, сіз не істеп отырсыз? — деді Моррель оның қолын шап беріп.
— Құдайтағаланың бір өзі кешіре жатар, Моррель, — деді граф күлімсіреп, — шынымды айтсам, осы тірлік мені де сіз сияқты жалықтырып жіберді, енді осындай бір реті келгенде...
— Тоқтаңыз! — деді Максимилиан дауыстап. — Сіз біреуді сүйесіз, ол да сізді сүйеді, өмірден біржола күдер үзбесеңіз — мұндайды қойыңыз! Бұл — барып тұрған қылмыс болар еді. Қош, менің асыл текті, жомарт жанды ғазиз досым! Маған жасаған жақсылығыңыздың бәрін түгелдей Валентинаға айтып барамын.
Сосын аспай-саспай, баппен қимылдап, күмілжіп кідірместен, тек сол қолымен графтың қолын қыса ұстаған күйі, Моррель әлгі сырлы затты рақаттана жұтып қойды.
Екеуі де үндемей қалды. Үн-түнсіз, баяу басып келіп, ләббайлап әзір тұрған Әли темекі мен нашаны, кофені әкеліп, шығып кетті.
Мүсіндердің қолындағы шамдар біртіндеп күңгірт тарта бастады, Моррелге нашаның хош иісі әлсіреп бара жатқандай болып сезілді.
Монте-Кристо мұның тап қарсы алдында, алагөбең күңгірттен көзін алмай қарап отыр, Моррель оның тек жалтылдаған көзін ғана анық көреді.
Максимилианның тұла бойы дел-сал болып, әлсіреп барады; нашасы қолынан түсіп қалды; айналасындағы нәрселердің бәрі нобайынан, түс-түрінен айырылған, оның бұлдыраған көзіне қарсы жақтағы қабырғадан бір шымылдықтар қимылдап, әлдебір есіктер ашылғандай болып көрінді.
— Досым, жан досым, мен өліп бара жатқан сияқтымын, рақмет, — деді ол күбірлеп.
Ол графқа қолын ең соңғы рет созбақшы болып, ұмсына бергенде, қолы әл-дәрменсіз сылқ етті.
Сол сәтте оған Монте-Кристо жымиып күліп отырғандай елестеді, бірақ бұл — бағзы бір кездері осынау жаны түпсіз тұңғиық болып көрінетін кісінің құпия сырын, аз да болса ашып тастайтын түсініксіз қорқынышты күлкісі емес, өз балаларының есерлігіне мейірлене қарап, іші-бауыры елжіреп тұрған әке күлкісі еді.
Бұған қоса граф мұның көз алдында өсіп, үлкейіп барады; қызылмен көмкерілген қабырға аясында ол керемет дәу болып көрінеді; ол қара шашын кейін сілки салған, тап қазір Машқар күнінде күнәкар бейбақтарды қарсы алатын періштелер сияқты қасқайып, қаһарланып тұр.
Әбден әлсіреп, діңкелеген Моррель креслоға шалқайып жата кетті; тамыр-тамырына бір жылы да тәтті толқын тарап барады, қызыл-жасыл боп құлпырып, құбылып жататын дүниедей, оның сана сезімі де өзгеріп, жаңғыра түскендей.
Қайраты қайтып, қауһарсыз қалжырап қалған, тынысы тарылып, тұншығып жатқан Моррельдің енді қиялмен қалқып жүргені болмаса, оны тірі жан деуге әсте болмас еді: ол өзін бір ақ желкенмен шалықтап, көмескі сандырақ аймағына, ажал деп аталатын мүлде белгісіз аймаққа заулап бара жатқандай сезінді.
Ол қолын графқа қайта созбақшы болып еді, бұ жолы оны тіпті қозғай да алмады; сосын жігіт графпен соңғы рет арыздасып, қоштаспақшы еді, бірақ тілі икемге келмейді, лақатты жабатын тас сияқты ауырлап, қатып қалыпты.
Оның көзі талып, жұмыла берді. Бірақ кірпігі жабулы жатса да, ол біреудің көмескі бейнесін көрді, қанша қараңғы болса да, оны айнытпай таныды.
Ол графтұғын; ол бір есікке барып, ашып жіберді.
Сол сәтте көрші бөлмеге, дәлірек айтсақ, ертектегідей сарайға нұр-шұғыласын төгіп тұрған самала жарық Моррель рақат-ләззат құшағында жантәсілім еткелі жатқан залға келіп құйылды. Сол замат таңғажайып бір сұлу пайда болып, осынау екі залды бөліп тұрған табалдырықтан аттай берді.
Аппақ болып, жымиып күліп келе жатқан әйел жауыздық перісін сиқырлап тұрған жақсылық періштесінен айнымайтын еді.
«Алдымнан ұжмақ есігі ашылып келеді, — деп ойлады Максимилиан кірпігін қозғап. — Мына періште өзім айырылып қалатын аяулымнан аумайды екен».
Монте-Кристо қызға Моррель жатқан креслоны көрсетті.
Ол бұған екі қолын кеудесіне басып, күлімсіреп жақындай берді.
— Валентина! — деді Моррель ышқына айқайлап.
Бірақ оның үні шықпады; күллі күш-жігерін осы үнсіз айқайға жұмсап, қалжырап қалды ма, әйтеуір бір күрсініп, көзін қайта жұмды.
Валентина оған тұра ұмтылды.
Моррельдің ерні қайта жыбырлады.
— Ол сіздің атыңызды атап жатыр, — деді граф. — Өз тағдырыңды қосқыңыз келген жігіт сізге ынтызар болып, айқайлап шақырып жатыр, бірақ екеуіңізді рақымсыз ажал айырып кете жаздады-ау! Абиыр болғанда, күзетте мен тұрдым да, араша түсіп, ажалды жеңіп шықтым! Валентина осы бүгіннен бастап, бұ ғаламда сіздерді ештеңе, ешкім ажыратпауға тиіс — өйткені, ол өзіңізбен қосылмақ болып, көрге ұмтылды ғой! Мен болмасам, екеуің де жоқ едің; енді екеуіңді бір-біріңмен қосамын; құдайтағалам, аман алып қалған осынау қос өмірді, менің маңдайыма сауап етіп жазар да!
Валентинаның жүрегі қуанышқа толып, граф Монте-Кристоның қолын алып, сүйе берді.
— Иә, маған алғыс айтыңыз! — деді граф, — біздерді бақытты еткен мына өзіңіз деп, қажымай-талмай қайталай беріңіз! Осындай сенім-нанымның маған өте қажет екенін сіздер білмейсіздер ғой!
— Мен сізге шын жүректен ризамын, — деді Валентина, — егер осы адал сөзіме нанбасаңыз, Гайдеден сұраңыз. Біз екеуміз Франциядан шыққалы бері, осы киелі, сәтті сағатты шаршамай-талмай тосуыма, оның өзіңіз жайлы айтқан әңгімелері қуат бергенін, мына жаныма балаған жалғыз сіңілім Гайденің өзі айтсын, енді бүгін сол сәт мен үшін жарқырап туды емес пе.
— Сіз Гайдені жақсы көресіз бе? — деді граф жүрек тебіренісін жасыра алмай.
— Жан-тәніммен жақсы көремін.
— Олай болса, бері қараңыз, Валентина, мен сізден бір жақсылық жасауыңызды өтінемін.
— Менен бе? Жаратқан-ай! Шынымен-ақ, сондай бақытқа жеткенім бе?..
— Иә. Сіз Гайдені сіңілім дедіңіз. Мейлі, ол сізге нағыз сіңілі болсын, Валентина; өздеріңізді маған қалай борыштармын деп есептейтін болсаңыздар, оған да тап солай қараңыздар; оны өзіңіз де, Моррель де аялап, мәпелеп өсіріңіздер, өйткені бүгіннен бастап (графтың даусы естілер-естілмес боп бәсеңдеп кетті), бұл дүниеде жалғыз қалады...
— Жалғыз қалады! — деді бір дауыс графтың ту сыртынан. — Бұл қалай?
Монте-Кристо артына бұрылды.
Тап қасында өңі қашып, бозарып, Гайде бұған үрке қарап тұр екен.
— Өйткені ертеңнен бастап, сен азат боласың, қызым, — деді граф. — Сосын өзіңе лайық орныңды аласың; мен өз тағдырымның саған көлеңкесін түсіргенін қаламаймын, уа, Ұлы пашаның қызы. Мен саған әкеңнің аты мен байлығын қайтарып беремін.
Гайденің өңі одан бетер қуқыл тартып, өзін бір құдайдың құдіретіне табыс ететін бибі сияқтанып, алақанын көкке жайып, көз жасы көмейіне тығылып, сыбырлай тіл қатты:
— Сен мені тастап кеткелі тұрсың ба, әміршім?
— Сен балғын жассың, Гайде, сұлусың; менің өзімді де, атымды да ұмыт-тағы, бақытты бол.
— Мақұл, әміріңе құлдық, сұлтаным: мен сенің атыңа дейін ұмытып, бақытты болайын, — деді Гайде.
Сосын ол есікке қарай шегіне берді.
— Құдайым-ай! — деді Валентина шырылдап, Моррельдің ауырлай түскен басын сүйеп, — оның аппақ болып кеткенін көрмей тұрсыз ба, жаны күйіп, жапа шегіп тұрғанын түсінбейсіз бе?
— Ол мені түсініп қайтсін? Ол — әмірші, мен — тәуелді тұтқын, ештеңені көрмеуге де, білмеуге де құқы бар, — деді Гайде кісі жанын жаралайтын қасіретті үнмен.
Жүрегінің ең бір нәзік пернесін тапқан осы бір дауыстан графтың тұла бойы шымырлап сала берді; оның көзі Гайденің көзімен шарпысып қалды да, қыздың от жанарына шыдамай тайқып кетті.
— О, тоба! — деді Монте-Кристо. — Менің көңіліме салған күмән-күдігіңнің, шынымен-ақ рас болғаны ма? Менен айырылғың келмейді ғой, Гайде, солай ма?
— Мен — жаспын, өмірге құштармын, сол өмірді мен үшін тартымды да тәтті етіп қойған өзіңсің, сол себепті де маған өліп кету өкінішті болар еді.
— Ал егер мен сенен кетіп қалсам, Гайде...
— Онда өлемін, әміршім!
— Сен сонда мені шынымен-ақ сүйесің бе?
— Бұл кісі: мені сүйесің бе деп сұрайды! Валентина, сен оған айтшы, Максимилианды сүйесің бе, сүймейсің бе!
Граф жүрегінің асаудай тулап, кеудесіне сыймай бара жатқанын сезді; ол қызға қолын созғанда, Гайде ұшып келіп, құшағына еніп кетті.
— Иә, мен сені сүйемін! Сүйгенде әкем деп, бауырым деп, ерім деп сүйемін! Мен сені өмір-тірлігім деп сүйемін. Мен сені құдай көріп сүйемін, өйткені жер басып жүрген пенделердің ішіндегі ең ғажап, ең жақсы, ең ұлы адам сенсің!
— Ендеше, сенің тілегенің, сенің қалағаның болсын, періштем! — деді граф. — Мен жазғанды өлген жерімнен қайта тірілтіп, дұшпандарымды жығып берген Хақтағалам, енді сол жеңісім, менің өткеніме өкініп, тәубаға келуіммен тәмамдалатынын қаламаса керек-ті; мен өзімді жазаламақ болсам, құдай менің күнәмді кешіргісі келеді; олай болса, мені жақсы көре бер, Гайде! Бәлкім, сенің махаббатыңның арқасында мен біржолата ұмытқым келетін нәрселерді мәңгі ұмытармын да.
— Әміршім, нені айтып тұрсың? — деді Гайде.
— Гайде, сенің бір ауыз жылы сөзіңнен мен жиырма жыл бойы жинаған даналығымнан да көп нәрсені аңғардым деп тұрмын. Менің бұ жалғанда қалған жалғыз жақыным сенсің, Гайде, мені өмірге жіпсіз байлап қоятын да жалғыз сенсің, азап-тозаққа салатын да, берекелі бақытқа бөлейтін де бір өзіңсің!
— Валентина, есіттің бе? — деді Гайде дауыстап. — Мен бұған өмірімді пида етуге әзір тұрсам да, бұ кісі мені азап-тозаққа салатын да сенсің дейді.
Граф бір қалың ойға қалды.
— Шынымен-ақ ақ жолдың ақиқат шындығын көретін болғаным ба? О жаратқан, бұл зауалым ба, сауабым ба — білмеймін, неде болса, нар тәуекел, тағдырға мойынсұндым. Жүр, Гайде, кетейік... — деді бір кезде граф.
Сосын қызды бұраң белінен құшақтап, Валентинаның қолын бір қысып, сыртқа шығып кетті.
Арада бір сағаттай уақыт өтті; Валентина үн-түнсіз, әрең-әрең дем алып, көзін бір нүктеден алмай, бұрынғыша ғашығының қасында отыр. Ақырында қыз жігіттің жүрегі тыпырлай соғып, ернінен уһ деген бір болмашы дыбысы шыққанын, қайта айналған тірліктің хабаршысындай болып өн бойын жыбырлата бір жылы толқынның жылжып өткенін сезді.
Бір кезде ол көзін ашты, бірақ жанары әлі жансыз, ештеңені де көрмейтін тәрізді; сосын барып көзі айналасын ап-анық, дәлме-дәл көре бастады; жанарына ілесе ақыл-есі кірді, ақыл-есімен бірге қайғы-қасіреті де қайтып оралды.
— Мен әлі тірімін ғой! Граф мені алдап соғыпты! — деді ол опына дауыстап.
Сосын ол жалма-жан стол үстінде жатқан пышаққа ұмтыла берді.
— Досым, ояншы, сосын маған бір қарашы, — деді Валентина жібектей жұмсақ үнмен, шырайлана күлімдеп.
Моррель ышқына бір дауыстап, өз көзіне өзі сенбей, мағынасыз бір сөздерді күбірлеп айта бастады, сосын ғайыптан пайда болған бір елесті көргендей, тізерлеп отыра кетті...
Келесі күні таң сарғайып ата бергенде, Моррель мен Валентина үңгірдің ашық тұрған есігінен далаға шықты. Екеуі қол ұстасып, теңіз жағалауында ұзақ серуендеді, со кезде Валентина Моррельге граф Монте-Кристоның өз бөлмесінде қалай пайда болғанын, көп нәрсенің мән-жайын ашып анықтап, қылмысқа көзін жеткізгенін, сосын, ақырында, жұрттың бәрі мұны өлдіге санап жүргенде, ғажайып әдіс-айламен ажалдан аман алып қалғанын жырдай қылып әңгімелеп берді.
Таңғы аспан көгінде әлі де соңғы жұлдыздар жымыңдап тұрды.
Моррель кенет бір жартастың саясында, белгі болса, лыпылдап жетіп келуге дайын тұрған бір кісіні көрді; жігіт оны Валентинаға мегзеп көрсетті.
— Ол — Джакопо, кеменің капитаны, — деді қыз.
Сосын қыз оған бері жақында деген белгі берді.
— Сіз бізге бірдеңе айтпақсыз ба? — деді Моррель.
— Мен сізге графтың хатын беруім керек.
— Графтың хатын? — деді екеуі бірдей қосарланып.
— Иә, міне, оқыңыз.
Моррель хатты алып, қолма-қол оқып шықты:
«Қымбатты Максимилиан!
Жағада сіздерді шағын кеме тосып тұр. Джакопо екеуіңізді Ливарноға жеткізіп салады, онда Нуартье мырза өз немересін сағынып күтіп отыр, ол қыз сізбенен қол ұстасып, алтарьға барғанға дейін сүйікті немересіне ақ батасын бермекші. Осы үңгірдегі дүние-мүліктің бәрі, Елисей Далаңындағы үй-жайым мен Трепордегі виллам — Эдмон Дантестің өз қожасы Моррель марқұмның баласының үйлену тойына деген тарту-сыйы. Мадемуазель де Вильфор осынау сыйлықтың жартысын алудан бас тартпайды деген үміттемін, өйткені мен одан, биылғы сентябрь айында ақыл-есінен ауып, жынданып кеткен әкесінен, шешесімен бірге қаза тапқан інісінен мұра болып қалған бай жиһазды Париждың жарлы-жақыбайларына үлестіріп беруін сұраймын.
Тап осы күннен бастап, Моррель, сізді сыртыңыздан бағып жүрген періштеден, құдайға мінәжат етіп, дұға қайырғанда, ібіліс сияқты өзін тәңірімен тең санаған адамды, ақырында, шексіз құдірет пен шексіз даналық тек бір құдайдың қолында екенін, нағыз христианға тән ақ пейілмен, құлдық ұрып түсінген пүшәйман пендесін жадынан шығармауын жалбарынып сұрарсыз. Бәлкім, осынау мінәжат-дұға менің жүрегімде шемен болып қатқан өкініш-тәубамды аз да болса жұмсартар.
Мен сізді ауыр сынақтан өткіздім, енді соның сырын ашайын сізге, Моррель. Бұ жалғанда бақыт деген де, бақытсыздық деген де болмайды, мұның екеуіне де тек қатар қойып, салыстырғанда ғана көзің жетеді. Өмірде бақытсыз сорлы болған кісі ғана нағыз бақыттың бағасын біледі. Өмірдің қадірін білу үшін, Максимилиан, кісі ажалды аңсауға тиіс.
Сүйікті перзенттерім менің, ұзақ өмір кешіңдер, бақытты болыңдар және Жаратушы жан иемсіз, өз пендесінің алдынан болашақтың пердесін сыпырып тастайтын зауалды күн келіп туғанша, күллі адамзат тірлігінің мағынасы: Күту мен Үміттену деген екі сөзден тұратынын ешқашанда естеріңізден шығармаңыздар.
Досыңыз Эдмон Дантес, Граф Монте-Кристо».
Әкесінің жынданып кеткенін, інісінің қайтыс болғанын бірінші болып естірткен осынау хатты тыңдап тұрғанда, Валентинаның бетінен қаны қашып, қуарып сала берді, бір күйінішті күрсініс шерлі жүректі жарып шықты да, ыстық қасірет жасы қыз көзінен үн-түнсіз аға берді, аға берді; бұл мұңлыққа бақыт-қуаныш аса қымбатқа түсіп еді.
Моррель алаңдап, айналасына көз тастады.
— Япырмай, графтың жомарттығында шек жоқ екен. Валентина менің азғана дәулетімді қанағат тұтады. Графтың өзі қайда? Мені со кісіге ертіп апарыңызшы, досым, — деді жігіт.
Джакопо қолымен көкжиекті көрсетті.
— Сіз не айтқалы тұрсыз? Граф қайда жүр? — деді Валентина.
— Ана жаққа қараңыз, — деді Джакопо.
Олар теңізші мегзеген жаққа қарап еді, сонау алыстан, аспан мен теңізді айырып тұрған қара көк барқын жиектен шағаланың қанатындай болып, қылаңдап бара жатқан ақ желкенді көрді.
— Кетіп қалыпты! Қош, сау бол, досым, әкем менің! — деді Моррель дауыстап.
— Кетіп қалыпты! Қош бол, Гайде, қош! Қош бол, аяулы сіңілім! — деді Валентина күбірлеп.
— Біз енді қайтып көрісеміз бе, көріспейміз бе, кім білсін! — деді Моррель көз жасын сүртіп жатып.
— Досым-ау, — деді Валентина оған, — күллі адамзат тірлігінің мағынасы:
Күту мен Үміттену деген екі сөзден тұрады деп бізге графтың өзі айтқан жоқ па!
ТҮСІНІКТЕР
1. Петроний Гай (б. д. 65 жылы өлген) — Рим ақсүйегі, император Нерон жақсы көрген. Рим қоғамының жай-жапсарын суреттейтін сатиралық роман «Сатириконды» Петроний жазыпты-мыс деседі.
2. Гоббема Мейндерт (1638-1709) — белгілі Голланд пейзажист суретшісі.
3. Поттер Пауль (1625-1655) — голланд суретшісі һәм офортисі.
4. Мирис — есімі белгілі голланд суретшілерінің фамилиясы, бұған Франц ван Мирис әке (1635-1684), оның ұлдары Ян (1660-1690) мен Вильгельм ван Мирис (1662-1747) және Вильгельмнің баласы Франц ван Миристер (1689-1763) енеді.
5. Герард Доу (1613-1675) — Голланд суретшісі. Рембрандтың шәкірті.
6. Ван Дейк Антонис — (1599-1641) — аса көрнекті Фламанд суретшісі, әсіресе портретші есебінде аты шыққан.
7. Сурбаран Франсиско (1598-1664 жылдар шамасы) —испанның ірі суретшісі.
8. Мурильо Бартоломео Эстебан (1618-1682) — испанның аса көрнекті реалист-суретшісі.
9. ...Макбет Банкоға сілтейді — Шекспирдің «Макбет» трагедиясының (1606) персонаждарын мегзеп отыр.
10. Ватель — ханзада Конденің король дастарқанына арнайы дайындалған балық кешігіп қала ма деп қауіптеніп, өзіне қанжар сұғып алған (1671 ж.) аспазы.
11. Апиций Марк Гай (б. д. д. І ғасырдың аяғы — б. д. І ғасырдың басы.) — Рим гастрономы, аспаз өнері жайлы кітаптың авторы.
12. Маркиза де Ганж — оны 1667 жылы күйеуінің бауырлары Шевалье және аббат де Ганждар өлтірген.
13. Люцина — аналар қамқоры және ай нұры тәңіриясы Юнонаның эпитеті.
14. «Аталия» («Гофолия») — атақты француз драматургі Ж. Расиннің (1639-1699) таурат желісімен жазтан трагедиясы (1691).
15. Жеті арық, жеті семіз сиырдьг естен шытармаңыз. — Таурат кітабы «Тіршіліктегі» (41) эпизодты айтып отыр. Мысыр перғауыны түсінде жеті арық сиырдың жеті семіз сиырды жеп жатқанын көреді. Тек Исаак ұлы Иосиф қана бұл түсті дәл жорып, перғауынға жеті семіз сиырдың — жеті жыл тоқтың болуына, ал жеті арық сиырдың жеті жыл ашаршылық, жұт болуына көрінгенін айтып болжап береді.
16. ...бұл нағыз Гарпагондар. — Гарпагон — Ж. Б. Мольердің «Сараң» атты комедиясының (1668) басты кейіпкері. Гарпагон есімі сараң деген ұғымды білдіреді.
17. Эльдорадоға Потосиды қосып берген. — Эльдорадо — ойдан шығарылған, алтынға өте-мөте бай ел, XVI ғасырда португал және испан жаулаушылары бұл елді Латын Америкасының территориясынан іздеп таппақ болған. Потосы — күміс рудниктерімен атағы шыққан Боливиядағы қала. Эльдорадо мен Потоси кейін аса бай ел деген ұғымды білдіретін болған.
18. ...Королева Маб — ағылшын ертегілеріндегі фея: Шекспир «Ромео мен Джульеттада» оны аса сүйкімді ғып бейнелеген.
19. Титания — феялардың мәңгі сұлу королевасы. (Шекспир «Жазғы түнде көрген түс»).
20. Граф Сен-Жермен (XVII ғасырдың аяғы — 1784 немесе 1795 жыл) —алхимик, авантюрист, шалқар байлықтың иесі.
21. Д. Агессо (1668-1751) — белгілі француз юрисі, парламенттің бас прокуроры, Францияның канцлері.
22. Велизарий (494 немесе 504-565) — Византия императоры Юстинаның қолбасшысы, парсылармен, вандалдармен, готтармен, болғарлармен соғыста көзге түскен. Өмірінің ақырғы кезінде Велизарий қуғынға ұшырайды, дүние мүлкінен айырылады. Кейінірек мүкаммалының бір бөлігі өзіне қайтарылып берілген. Велизарийдің екі көзін су қараңғы ғып, қайыр сұрауға мәжбүр еткен зұлымдық туралы аңыз әлдеқайда кейін пайда болған, бұл сюжетті жазушылар мен суретшілер өз шығармаларына бірнеше рет желі ғып пайдаланған (мәселен, Ван Дейк пен Сальватор Роза).
23. Навариннен кейін... — 1827 жылдың октябрінде Наварин түбіндегі шайқаста (Пелопоннес түбегінің күнгей-батыс жағалауы) біріккен орыс-ағылшын-француз эскадроны түрік флотын жеңген. Бұл жеңіс түрік иелігіне қарсы грек азаттық көтерілісінің өрістеуіне ықпалын тигізген.
24. ...Король Оттонда... Король Оттон І Баварский — грек королі (1832-1862), Англияның, Ресейдің, Францияның қолқалауымен таққа отырған.
25. Давид Жак-Лyu (1748-1825) — революция қарсаңындағы француз живописінің классицизм ағымының аса ірі өкілі.
26. Пирон Алексис (1689-1773) — француз ақыны һәм драматургі, көптеген эпиграммалардың авторы, эпиграммаларында Вольтерді де әжуалаған.
27. Сафо (Сапфо) (б. д. д. VI ғасырдың басы) — гректің лирик ақын әйелі, Лесбос аралындағы ақын әйелдер үйірмесінің жетекшісі.
28. «Кремон скрипкасы» —Э.-Т.-А. Гофманның қиял-ғажайып ертегісі (1812).
29. Гинекей (грекше) — үйдің әйелдер тұратын бөлігі.
30. Тальберг Зигмунд (1812-1871) — австриялық белгілі пианист.
31. Изида — құнарлы жер тәңіриясы. Египет пантеонының ең құдіретті тәңірияларының бірі. Мистикалық тұрмыс-салт символикасы тән, тылсым күш иесі Изидаға Кіші Азия, Сирия, ал кейінірек Грекия мен Рим де табынатын болған.
32. (716) бет... Тиран Дионисий мектеп мұғалімі болған ба? — Сөз Сиракуз тираны Кіші Дионисий жайлы болып отыр. Біздің дәуірімізге дейінгі 344 жылы Сиракузды Коринф қолбасы Тимолеонге беруге мәжбүр болған тиран кейін Коринфке жер аударылған, ол сонда жасөспірімдерге дәріс беріпті-міс деген аңыз бар.
33. Локуста — римдік у беруші әйел. Император Гальба өлім жазасына кескен (68-69 жылдар.) Одан император Клавдийдің әйелі Агриппина у алып тұрған.
34. Брунгильда (613 жылы өлген) — Австразияның астанасы Меца болған франктің Меровинитер мемлекетінің шығыс бөлігі королі Зигбургтің (561-575) зайыбы. Орта ғасырлық жылнамашылардың мағлұматы бойынша өз сіңілісі, Зигберттің інісі Хильпериктің жұбайы Гальсвинтаны өлтіргені үшін Брунгильда Фредегондан аяусыз өшін алған. Гальсвинта Хильперикке тұрмысқа шығуды көздеген ашынасы Фредегонданың айла-шарғысының құрбаны болған. Тегінде, Брунгильда да, Фредегонда да ешкімге у беpiп көрмеген.
35. ...Шекспирдің Полонийі тәрізді, қосақ арасында босқа өліп кетті. — Полоний — Шекспирдің «Гамлет» трагедиясының кейіпкері, Гамлеттің нағашысы король Клавдидің жақын адамы. Әкесін өлтіргені үшін қалайда нағашысынан кек алмақ болған Гамлет анасымен екеуінің әңгімесін тыңдамақ болып перденің аржағында жасырынып тұрған Полонийді аңдаусызда өлтіреді.
36. Океан Мұхит шал — грек мифологиясындаты Уран мен Геяның ұлы, он екі алыптың бірі. Амфитрита — теңіз қариясы Нерейдің қызы, теңіз құдайы Посейдонның зайыбы.
37. Филипп түбіндегі шайқас қарсаңында Бруттың басында болған жағдай... — Плутархтың айтуынша, республикашыл Брут пен Кассийдің әскері мен цезариандар Октавиан мен Антонийдің әскері Филипп түбінде шайқасар алдында (б.д.д. 42 жыл) шатырында ойланып отырған Бруттың көз алдында түн ортасы әлетінде бір дәу елес пайда болады. «Кімсің, не шаруамен жүрсің?» деген Бруттың сұрағына елес: «Мен сенің әзірейіліңмін, Брут, Филипта бір-ақ жолығатын боламыз», — деп жауап қайырады. Кейін осы шайқас кезінде республикашылдар жеңіліске ұшырайды.
38. Фешер Жан-жак (1807-1852) пен Бари Антуан-Лун (1795-1875) — француз скульпторлары.
39. Стерн Лоренс (1713-1768) — ағылшын жазушысы, сентиментализм ағымының ірі өкілі. Негізгі шығармалары: «Джентльмен Тристрам Шендидің өмірі мен көзқарасы» (1760-1767) және «Франция мен Италияға сентименталдық сапар» (1768).
40. Бұл Атридтер семьясы ғой: оларды құдай қарғаған... — Атридтер әулеті Пелопс батырдың ұлы, Микен патшасы Атрейден тараған. Бір кезде Эномайдың (Писа қаласының патшасы) делбешісі, Митрил өзін опасыздықпен өлтірген Пелопсты қарғаған екен, соның қырсығынан, грек мифтерінің айтуынша; Пелопстың күллі ұрпағын қырсық шалып, тұқымы тұздай құрып кетіпті. Атрей өз ұлын және бауыры Фиестің ұлдарын өз қолымен өлтірген. Онымен қоймай, Атрейдің қалған екі ұлы Агамемнон мен Менелайды да қарғыс атады. Менелайдың әйелі Еленаның кесірінен Троя соғысы бұрқ ете қалады. Гректердің жорығы сәтті аяқталуы үшін Агамемнон Артемидаға өз қызы Ифигенияны құрмалдыққа шалуға мәжбүр болады, кейін Троя маңынан қайтып үйіне оралған соң әйелі Клитемнестраның қолынан қаза табады. Ал Клитемнестраның өзін әкесі үшін кек алмақ болған ұлы Орес өлтіреді.
41. Бір ғұлама айтпап па еді... — Дюма жаңсақ кеткен: «Артық нәрсе қажетсіз» немесе «Мөлшерден тыс нәрсе керексіз» деген нақылды Федр (Римнің мысалшы ақыны, құл, кейін император Августың басыбайлысы) емес, «жеті ғұламаның (б.д.д. VII-VI ғасырларда өмір сүрген) бірі деп танылған, Афины заң шығарушысы Солон (б.д.д. 640 жыл шамасы — 560 жыл шамасы) айтыпты-мыс деседі. Жеті ғұламаға Питтакты, Приенстік Биантты, Милеттік Фалесті, Хилонды, Клеобулды, Периандрды және Солонды жатқызған.
42. Пасте (Паста) мен Гризи Джулия (1811-1869) — Парижде 30 жылдары өнер көрсеткен белгілі итальян әншілері.
43. ...Лоудың... ғажайып Mиссисипиі. — Лоу Джон (1671-1729) — француз финансисі, шыққан тегі шотланд. Банктың coндай-ақ, экиссияға, яғни айтқанда, банкнот пен акция шығаруға құқықты бірнеше сауда компанияларының негізін қалаған. Лoy aшқан компаниялардың ішінде темекі өндіруді монополиялаған және Миссисипи, Очайо және Миссури аудандарын бақылауға алған «З. Луизина және Батыс компаниясы» (1717) да бар, Лоу жүйесі немесе «Миссисипи жүйесі» финанс саласында кредитке негізделген болатын; тез байып кетуге уағда берген бұл жүйеге париждіктер құштар болды.
44. Брабанционың Дездемонаны қарғауы — Дж. Россинидің «Оттело» операсындағы (1816) ария.
45. ... Альцеске Доронт немесе Валер тап осындай дауыспен жауап берер еді. — Альцест — Мольердің «Мизантроп» атты комедиясындаты басты кейіпкер. Зиялы қауымның әдет-әрекетін мансұқтаушы, әпербақан, дөрекі, бірақ адал адам бейнесінде көрінеді. Дорант пен Валер — Мольердің бірнеше комедиясында еркөңіл кавалер, адал ашына кейпінде суреттелген бейнелер.
46. Эндимион — грек мифологиясындағы бақташы көркем жігіт, Селена, тәңірияның сүйгені. Жігіттің сұлу жүзін әрдайым сұқтана көріп отыру үшін Селена тәңірия оны мәңгі ұйқыға бөлеп тастауды Зевстен өтінген.
47. Фома әулиеге ұқсап көзбен көріп, қолмен ұстаңыз. Інжіл қағидасы бойынша Фома — Иисус Христос шәкірттері боп саналатын он екі әулиенің бірі. Христос оларға жексенбі сайын келіп жүргенде өзге әулиелердің ішінде болмағандықтан Фома оның қайта тірілгеніне сенбейді, тек сегізінші тәулік дегенде Христос өз жарақатын сезінуге мәжбүр еткенде барып Фома кәміл сенген. «Фома сенбес» деген сөз содан қалған.
48. «Робер-Макер» (1834) — Б.Антьенің, Ф.Леметрдің және Сент-Аманның ел арасына кең тараған комедиясы, Антье, Сент-Аман және Полиант жазған «Трактир дез Адре» атты мелодраманың (1823) жалғасы.
49. ...Элоиза мен Абеляр бейітінің аржағында... — Элоиза — француздың атақты теологі және жазушысы П.Абелярдың (1079-1142) ғашығы. Абелярдың Элоизаға жазған хаттары сақталып қалған.
50. ... Малербтың Дюперьеге арнаған стакстары. — Малерб Франсуа (1555-1628) — француз классицизмі поэзиясының негізін салушы. «Қызы өлген Дюперьеге көңіл айту» (1598-1599) лирикалық өлеңдер сарынында станс түрінде жазылған жеке шумақтар.
51. ...егер маған Иаир қызының құлпытасын құлат деп жарлық етсеңіз... — Інжілдегі аңыз бойынша бір синагоганың бастығы Иаир деген кісі Иисус Христосқа өлім аузында жатқан қызымды ажалдан арашалап қала гөр деп жалыныпты-мыс. Бұлар әңгімелесіп тұрғанда әлгі қыздың өлгенін естіртеді. Сонда Иисус Иаирға күдер үзбеңіз, қызыңыздың жаны қалатынына сеніміңіз кәміл болсын дейді, сонсоң синагога бастығының үйіне кіреді де, қызды жоқтап отырған қаралы топқа келіп: — «Жыламай-ақ қойыңдар: бұл қыз өлген жоқ, әшейін ұйықтап жатыр», — дейді. Содан кейін жұрттың бәрін үйден шығарып жіберіп Иисус әлгі қызды тірілтіп алады.
52. ...қасиетті әулие сияқты толқын кешіп кете барамын... — Аңыз бойынша, теңізде қайықпен жүзіп келе жатқан әулиелер судың бетімен жаяу жүріп келе жатқан Христы көргенде зәрелері ұшып кетеді. Өзінің шын Христ екеніне бұлардың көзін жеткізбек болған Иисус әулие Петрге де теңіздің бетімен жүруге әмір етіпті-міс.
53. Лесаж Ален-Рене (1668-1747) — француз жазушысы һәм комедиографы. Ең белгілі деген шытармалары: «Сантильяналық Жиль Блаздың хикаялары» және осы жерде әңгіме болып отырған «Ақсақ албасты». (1707).
54. Ламорсьер Кристофор-Луи-Леон де (1806-1865) — француздың саяси қайраткері, генерал. Лейтенант кезінде 1830 жылы Алжир экспедициясына қатысқан. Сонсоң зуавтар корпусында қызмет етіп, полковник шенін алған (1837). Соғыс министрінің шақыруымен Францияда болған Ламорсьер 1839 жылы Алжирге қайтып оралған.
55. Ней Мишель (1718-1815) — Наполеонның ең таңдаулы әскербасыларының бірі. Әскери мансабын 1787 жылы гусар полкының қатардағы солдаты боп бастаған Ней 1804 жылы Франция маршалы атағын алған. 1814 жылы Наполеон тақтан бас тартқан соң, Бурбондарға қызмет етуге серт берген, бірақ жүз тәулік кезінде қайтадан император жағына шығып кеткен, сол үшін 1815 жылы өлім жазасына кесілген.
56. Шангарнье Никола-Анн-Теодуль (1793-1867) — француз генералы. 30-жылдардың екінші жартысында Алжирде батальон командирі болған.
57. Бедо Мари-Альфонс (1804-1863) — Француз генералы. Бұл уақиғаның кезінде — француздар басып алған Алжирдегі Константина қамалының коменданты.
58. Пиксерекур Рене-Шарль-Жильбер де (1773-1844) — француздың драмашы жазушысы, ондаған драманың, комедиялық опералардың, водевильдердің авторы.
59. Сен-Симонның да осылай дегені бар. Әңгіме Луи де Рувруа, герцог де Сен-Симон (1675-1755) жайлы болып отыр. Сен Симонның сарай қауымының мінез-құлқы, қулық-сұмдығы туралы мемуардың авторы ретінде аты шыққан.
60. Каракалла циркі — Каракалла (Септимий Бассиан, 196 жылдан Марк Авремий Антонин Каракалла) — Рим императоры (198-217). Оның кезінде салынған ірі құрылыстар негізінен моншалар. Ал цирк болса, егер Каракалланың салдыруы мүмкін дегеннің өзінде де империя дәуірінде салынған заты белгілі цирктердің санатында аталмайды.
61. ...Данаидтың түпсіз кеспегіндей... — Данаидтар — Зевстің немересі Данаидың қыздары. Істеген зұлымдықтары үшін олар жазаға кесіліп, жерасты патшалығында түбі жоқ дәу ыдысты сумен толтыруға тиіс болған.
62. Калипсоның Телемахқа айтқанындай, киіміңізді ауыстырыңыз демекпін — Калипсо — грек мифологиясындағы Огигия аралының нимфасы, Атлас дәудің қызы, Одиссейді жібермей аралда жеті жыл бойы ұстаған. Ал Одиссейдің ұлы Телемах болса Калипсоны ныспы көріп-білмеген және онымен кездесуі де мүмкін емес.
Орыс тілінен аударғандар:
Әбілмәжін Жұмабаев пен Қайрат Жұмағалиев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі