Bilim-all.kz және Bilimland.kz сайттары бірлесе ұйымдастырып отырған Эссе және өлең-жыр байқауының қазан айындағы алғашқы жеңімпазы анықталды. Бұл жолы үздік деп танылған шығарма әдемі романтикалық әсер қалдырды. «Мектептегі махаббат…» өлеңінің авторы Жомарт Қалмұратов қазан айының алғашқы жеңімпазы атанып отыр!
Үздік деп танылған туындыны назарларыңызға ұсынамыз:
Сезімінің мөлшемін өлшетпеген,
Жан едім сырын сыртқа көрсетпеген.
Алдыңғы қатардағы саған қарап,
Көз алмай отырушы ем, ең шетте мен.
Сен дегенде барлық жігіт ақын еді,
Сыныптағы қыздар да жақ үнемі.
Арамызда алты адам отырса да,
Жүрек саған əрқашан жақын еді.
Жүретін ғашықтардың тек ізімен,
Сен – аққусың, болсам деп ем теңізі мен,
Сені көрсем үндемей қалатынмын,
Сөзге шешен болсам да, негізінен.
Жаз бойы шыдап жүріп бір күйікке,
Деуші едім: «Арманымды мұң-күй етпе».
Отырсам деп жыл бойы жаныңда мен,
Армандаушы ем бірінші қыркүйекте.
Менікі арман деген атақ қана,
Болатын сыныпта бір шатақ бала.
Жыл сайын мұғалімнің бұйрығымен
Жаныңда сол отыратын масаттана.
Мектепке жақын үйде тұратынмын,
Бір күнге бірден жоспар құратынмын:
Бəрінен бұрын сені көру үшін,
Бәрінен бұрын үйден шығатынмын.
Сезімімді тек саған берсем деген,
Арманым тулап: «Сені көрсем» - деген,
Саған еріп тақтаға шығатынмын,
Үй жұмысын орындамай келсем де мен.
Сезім үшін бойымдағы бір күшті ала,
Барушы едім кішігірім қылмысқа да:
Бақылауда орнымды өзгертуші ем,
Түсу үшін өзіңмен бір нұсқаға.
Арасында түскенде алшы асық,
Мен сенен қалатынмын хал сұрасып.
Сыныпта мені саған қосып жатса,
Ұялып қалатынсың, қарсыласып.
Біткен соң бал махаббат бала қанға,
Сені ойлап жететінмін жаңа таңға.
Онсыз да жүректегі есіміңді,
Жүретінмін жазып ап алақанға.
Бергенмен Тəңір сөзді таңдайыма,
Жаза бастым сырыңды алдай ұға.
Алақан мен жүрекке жазылған ат,
Жазылмай қалыпты ғой маңдайыма.
Жүректі батылдыққа көндіре алмай,
Сезімімнен ешбір өнім өндіре алмай,
Сыныптағы барлық адам білетұғын
Махаббатты кеттім саған білдіре алмай.
Тағдыр бізден табысты аяп қалды,
Сезім деген жүректе жай ат қалды.
Он бірінші сынып бітті. Басталмай-ақ,
Он бір жылдық махаббат та аяқталды.
Жазылған балалықтың көп беттері
Он бір жылым, білемін, текке өтпеді.
Ана шапағатындай көпті берген,
Бала махаббатым-ай мектептегі!!!
(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)
Сыйлықты алу үшін bilimland.kz сайтымен байланысуыңызды сұраймыз!
Еске салайық, bilim-all.kz және bilimland.kz сайттары жас қаламгерлер арасында сайыс жариялаған болатын. Барлық талаптармен Қаламгерлер сайысы сілтемесі арқылы таныса аласыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Айару
Құтты болсын! тек алға!