Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қазалы қаласындағы
Қ. Нұрмаханов атындағы №95 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Ержанова Эльмира Сақтағанқызы
Сыныбы: 5
Пәні: Қазақ әдебиеті
Сабақтың тақырыбы: Мағжан Жұмабаев. Сағындым
Сабақтың мақсаты.
Білімділік: Оқушыларға ақынның шығармашылық өмір жолын оқыту, өлең мазмұнын түсініп оқуға, талдауға үйрету арқылы білім, білік дағдыларын қалыптастыру
Дамытушылық: Шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушыларды ізденіске жетелеу, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушыларды ұлтжандылыққа,ана тілін құрметтеуге, тәрбиелеу. Өзін және достарын орынсыз айыптаулардан сақтандыру.
Сабақтың түрі: Дәстүрлі емес
Сабақтың типі: Аралас сабақ
Көрнекілігі: Электронды презентация
Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, эвристикалық, проблемалық, шығармашылық т.б.
Сабақтың мазмұны
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1. Кезекшінің көмегі арқылы оқушыларды түгелдеу
2. Оқу құралдарының орнында болуын қадағалау.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. Тақырыбы: М. Жұмабаев
Қысқы жолда
(Тақтаға Мағжанның суреті ілінеді. Ақынның өмір жолына, шығармашылығына қатысты сұрақтар беріледі. Оқушылар оған жауап беріп, суреттің жан-жағына жауаптары жазылған қиындыларды іледі. Жауапттар толық ілінген соң, Мағжан суреті күн бейнесіне енеді)
Сұрақтар:
- Мағжан кім? Ол қандай ақын?
- Ақынның туған жерін атаңыз.
- Ақын қайда оқыды? Қандай тілдерді білді?
- Ақынның қандай өлеңдерін білесіз?
- Ақын өмірде нені мақсат етті?
- «Қысқы жолда» өлеңінде не туралы айтылған?
- Ақын қысқы жолды суреттеу үшін қандай әдеби тәсілді
қолданған?
- Кейіптеу дегеніміз не?
- Осы әдіс өлеңнің қай жерінен көрінеді?
- ... аңдай ұлып, сақ-сақ күліп, суық кебін жамылып... т.б.
Міне, балалар, біз Мағжан ақын туралы өз білімімізді ортаға салдық. Суретке назар аударалық. Мағжан суреті қандай бейнеге енді?
- Күн бейнесіне енді.
-Неге Мағжанды күн бейнесіне енгізе суреттедік? Қалай ойлайсыңдар?
- Өйткені Мағжан қазақ поэзиясының көгінде мәңгі сөнбес алтын күн болып қалды. Оныңжарығы, оның поэзиясының шуағы бүгінде тым алысқа шашырап тұр.
- Жақсы! Енді Мағжан өмірінен сынып оқушыларының әзірлеген қысқаша сахналық қойылымына кезек берелік.
(Ақынның атасы Жұмабай, әкесі Бекен, бала Мағжан )
Атасы: Менің атымды осы немерем шығарады.
Мағжан: Ата, олай демеңіз, мен сіздің атыңызды ғана емес, бүкіл қазақ халқының атын әлемге танытамын!
Атасы: Ой, бәрекелді, қазақтың қандай халық екенін көрсеткің келсе, алдымен білім ал, өнер үйрен! Күйкі тірліктің құлына айналма, білімнің шыңына өрле!
Мағжан: Ата, мен қазірдің өзінде көп-көп ертегі, жыр-дастандарды жатқа білемін. Білім дегеніңіз осы емес пе?!
Атасы: Жарайсың, кішкентай білгішім менің! Ол аз. Әлде де оқы, әлде де білім үйрен! Өз ұлтыңның әдебиетін ғана емес, өзге Өз ұлтыңның әдебиетін ғана емес, өзге халықтың әдебиетімен, мәдениетімен таныс. Тіпті табиғаттың да өз тілі бар, сыры бар. Оны да үйрен!
Мағжан: Табиғаттың да өз тілі бар,-дейді. Міне, керемет!
... Мен сенің бөбегіңмін, табиғат-ана! Көкте - күнмін, бірде аймын, жұлдызбын. Бірде таумын, бірде көлмін, даламын!
Анасы: Балам, осы сен ылғы өзіңмен-өзің күбірлеп, өзіңмен-өзің сөйлесесің де отырасың. Саған не болып жүр?
Мағжан: Апа, мен өлең жазып отырмын. Табиғатпен тілдесіп отырмын. Есіңде ме, атам ылғи айтушы еді ғой, табиғаттың да өз тілі бар деп. Мен сол табиғаттың тілін таптым.
Анасы: Е, жарығым-ай, тылсым табиғаттың тілін кім білген? Бұл да сенің бала қиялың шығар.
Атасы: Балам, ауыл молдасынан алған біліміңе қанағаттанбай, оқу оқуым керек деп мазалай беруші ең. Сол тілегіңді қабыл алдым. Дайындал! Ертең Уфаға жол жүресің. Сондағы Ғалия медресесінде оқитын боласың.
Мағжан: Рахмет, ата! Бұл жақсылығыңызды қалай өтесем екен?
(Үшеуі де кетіп қалады. Мағжан жалғыз. Үстеліне отырып,өлең жаза бастайды)
Мен кім?
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар,
Жолбарыспын маған қарсы кім тұрар?
Көкте - бұлт, жерде желмін гулеген
Жел еркесі желдің жөнін кім сұрар?
Жалынмын мен, келме жақын жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын.
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім-патша, өзім-қазы, өзім-би,
Қандай ессіз, не қылдың деп тергейді?
Осы сәтте НКВД-ның жендеті келіп: - Мағжан Жұмабаевич , сіз тұтқындалдыңыз!,-дейді.
Мағжан: Не үшін?
(Бір ауыз сөзге келместен үйінен алып кетеді.)
Осы кеткеннен ақын оралған жоқ. Түрлі айыптаулар тағылып,1938 жылдың 19 наурызында ақын ғұмыры мәңгілікке үзілді.
ІІІ. Үй тапсырмасын қорыту.
ІV. Жаңа сабақ.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Балалар, біз бүгін Мағжан шығармашылығына арналған сабағымызды әрі қарай жалғастырамыз. Ақынның «Сағындым» өлеңін оқымас бұрын алдымен өзіміз «Сағыныш» сөзінің мағынасын қалай түсінеміз? Кітабымызды жауып қойып, бір сәт «Сағыныш» деген сөздің тереңіне бойлап, шағын шығарма жазып көрсек.
(Балалар төмендегідей шығармаларын оқыды)
Сағыныш
Сағыныш-сырлы да сиқырлы сезім. Туған үйіңнен, туған жеріңнен жыраққа кетсең, алдымен ата-ана, бауырларыңды, достарыңды іздеп, олардың жақсы істерін қимастықпен еске алып отырасың. Неге? Өйткені жүрегіңді әлдебір сағыныш сезімі жаулап алуда.
Сағыныш-адамгершілігіңді танытар үлкен сезім. Жүрегі қатал, мейірімсіз адам сағыну дегенді білмейді. Ондай адам адамдықтан ада қалады. Жаратылыс заңы бойынша өмірде адамдар бірін-бірі іздеп, бірін-бірі сағынуға тиіс. Сонда ғана әлемде жауыздық, жамандық атаулы жоғала бастайды.
Тимур Әлішер.
Сағыныш-көзге көрінбейтін, тек жүрек, сана арқылы ғана сезілетін қасиетті сезім. Адамдардың бір-біріне деген сағыныш сезімі болмаса, өмірді көз алдыңа елестету қорқынышты.
Сүлеймен Әлібек
Мұғалім: Жақсы, балалар! Біз «Сағыныш» деген сөздің мағынасын әрқайсысымыз әр түрлі түсінеміз. Ол көзге көрінбейді, тек жүрекпен, көңілмен, санамен ғана сезілетін дерексіз ұғым. Олай болса, Мағжан ақынның «Сағындым» өлеңін оқып көрелік. Мағжан нені, кімді сағынды екен?
Өлеңді таспадан тыңдату
Өлең құрылысына талдау
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым, а
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым. а
Қарашығым, құлыным деп зарлаған б
Алыстағы сорлы анамды сағындым! а
- Балалар,Мағжанмен тағдырлас қандай ақындарды білесіңдер?
- Сәкен, Ілия, Бейімбет т.б.
- Олай болса, Мағжанның «Сағындым» өлеңін онымен тағдырлас ақын Сәкен Сейфуллиннің осы тақырыптас өлеңімен салыстыра оқылық
Қайырымды қалың елі бар,
Сарыарқа сары белі бар.
Өрісті шалқар көлі бар
Сағындым мен қырымды
Өзенді, көлді жайлаған,
Кермеге тұлпар байлаған.
Хабарсыз арам ойлардан
Сағындым мен ауылымды!
Жібектей шашы оралған,
Қыпша белі қыналған.
Еркесі қырдың бұралған
Сағындым мен сәулемді.
Айналып-толғап өсірген,
Ақ сүтін беріп кешірген.
Тастамайтын есінен
Сағындым ғаріп анамды!
Мал бағып шауып ойнаған,
Үйреткен асау бойлаған,
Көк жасыл шөбі жайнаған
Сағындым еркін даламды!
Проблемалық сұрақ: Мағжан Жұмабаев жазықсыз айыпталуда. Сен оны қалай құтқарар едің?
(Оқушылар төмендегідей пікірлерін айтты)
Егер мен адвокат болсам, Мағжан ақынның ақтығын, адалдығын заң алдында дәлелдеуге бар күш-жігерімді салар едім.
Самат Бекзат
Егер мен адвокат болсам, Мағжанның кінәсіздігіне көзім жете тұра, оны қорғай алмасам, соттан Мағжанмен бірге мені де ату жазасына кесуін өтінер едім.
Нағымет Мейрамбек
Шығармашылық тапсырма:Поэзия минуты.
«Тірі, жыры, пірі» деген тірек сөздер арқылы өлең құрастыру.
Өлген жоқ Мағжан ақын әлі тірі,
Көгімде жарқырайды күндей нұры.
Алаштың рухын көкке көтеріп тұр,
Даламда мәңгі өлмес асқақ жыры.
/Нұрыла Сәуле/
Өлген жоқ Мағжан ақын әлі тірі,
Жатталған жүректерде алмас жыры.
Табынтып ұлылығы, даналығы
Атанған Алашымда жырдың пірі! /Бұғыбаева Гүлайна/
V. Жаңа сабақты бекіту, қорыту: Ж. Аймауытовтың тілімен айтқанда, Мағжан-сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес!
Мағжан елін, жерін жан-тәнімен сүйген ақын. Біз туған елді, жерді сүюді ақын ағамыздан үйренуге тиіспіз! Оның жырларын іздене оқып, көкейімізге түйіп өсуге тиіспіз.
VІ. Үй тапсырмасын беру.
VІІ. Оқушы білімін бағалау.
Асылбек
маған ұнады