Өлең, жыр, ақындар

Сөйлемнің бірыңғай мүшелері

Сабақтың тақырыбы: Сөйлемнің бірыңғай мүшелері

Сабақтың мақсаты:

Білімдік: Оқушыларға сөйлемнің бірыңғай мүшелері туралы мәлімет беру; олардың сөйлем ішінде бір сұраққа жауап беріп, бір ғана сөйлем мүшесі бола алатынына мысалдар келтіре отырып, көз жеткізу, тыныс белгілеріне тоқталу;

Дамытушылық: Топпен жұмыс істеу арқылы оқушыларды ойлантуға үйрету; сөйлем мүшелерінен алған білімдерін іс жүзінде қолдану; ойын еркін айтуға баулу; сөздік қорын ,ойлау қабілетін дамыту; сабаққа қызығушылығын арттыру;

Тәрбиелілік: Оқушыларды достыққа, сыйластыққа тәрбиелеу; адамгершілік қасиеттерін бойына дарыту; кішіпейілділікке, әдептілікке баулу;

Сабақтың түрі: Жаңа сабақты меңгерту.

Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ-жауап, көрнекілік.

Сабақтың көрнекілігі: POWER POINT Бағдарламасы арқылы жасалған слайдтар, интерактивті тақта, қима қағаздар.

Пәнаралық байланыс: Әдебиет

Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру бөлімі.
а) Оқушыларды түгендеу;
ә) Сабаққа назарларын аудару;

«Кім білімді?» ойыны арқылы үй тапсырмасын тексеру.

Бұл үшін сұрақ жазылған үш қима қағаз даярланды. Біріншісі – К, екіншісі – С, үшіншісі – Т.
«К» деген карточканы алғандар үшін топтың капитаны, «С» деген карточканы алған топ өздерінің қалауы бойынша, «Т» деген карточкасын алғандардан мұғалімнің таңдауы бойынша бір оқушы жауап береді.

Карточканың үлгісі:

Ойлануға 1 минут уақыт беріледі. Топ жетекшілері бұл кезде өз тобындағы оқушылардың жауабын қорытып, өз тобындағы барлық оқушыға сұрақтың дұрыс жауабын қалай айтуды, сұрағын, мысалын айтып, тобындағы оқушыларды даярлап қояды. Үш сұрақ қою арқылы бүкіл оқушы сабаққа белсене араласты. Әр оқушы өз тобындағы жетекшісіне жауап беріп, әрі бірін-бірі түзетіп, толықтырып отырды.
Әр топтың жауабын бағалау парағына жазып отырамын.

«Жаңалықты кім тез қабылдайды?» деген атпен жаңа сабақты түсіндіру.

Оқушылардың басты назарын мына мәселеге аударамын.

1.Ортақ бір сұраққа жауап беруі;
2.Бір мүшенің қызметін атқаруы;
3.Бір сарынды дауыс ырғағымен айтылуы;
4.Бір тұлғада тұрып, бір сөз табынан жасалуы;
5.Жалғаулықсыз немесе жалғаулықты шылаулар арқылы байланысуы;
6.Тыныс белгісі.
Интерактивті тақтадағы сызбамен жұмыс.

Осы мәселелерді жоғарыдағы көрсетілген екі кесте арқылы талдап, бірыңғай мүшенің анықтамасын оқушылардың өз түсінігі бойынша жеткізулерін сұрадым. Оның қорытындысы да бағалау парағына жазылды.

«Кім тез сөйлем құрай алады?» ойыны арқылы бірыңғай мүшелерге ауызша мысалдар келтіру.
Интерактивті тақтадан көрсету.

1.Қызыл, сары, ақ . . .
2.Кітап, газет, журнал . . .
3.Қой, сиыр, жылқы . . .

Осы жазылған сөздерді қатыстырып, әрқайсысына бір-бір сөйлем құрастыру тапсырылады.Әр топтың тез ойланып, сөйлемді дұрыс құра білгеніне баға беру.

«Бүкіл команда жарысы». Өзіндік жұмыс. (Дәптерге орындау).

Әр топтың санына қарай карточкалар жазып, оны конвертке саламын. Топтың жетекшілері өздері конвертті таңдап алып, әр мүшесіне бір-бір карточкадан өзі үлестіріп береді де, барлығы да өздеріне тиген карточкадағы жазылған сөйлемді талдап, одан соң бүкіл топ біріге отырып қайта жұмыс жасады. Қате жазылған сөйлемді өзім тақтаға жазып, топтың қателігін түзетіп отырдым.

№ 3 конверттегі карточканың үлгісі:
1.Кішкентай Мәрзия үйлерге, жолдарға, қарағайларға қызыға қарайды.

Топ жетекшілерінің жарысы. Топтың жетекшілерін тақтаға шығарып, бір-бір сөйлем талдатамын. Егер қате жіберсе, өз тобындағы оқушыларға түзетемін, егер олар түзей алмаса, оны басқа топ оқушылары түзетеді. Осы тәсіл бойынша үш топ басшысы да өз білімдерін көрсетеді. Озып шыққандарын мадақтап,басқаларға үлгі етемін.

«Сынақ». Өз білімін сынау.

Интерактивті тақта арқылы төмендегі сөйлемдерді көрсете отырып, оқимын.

Бұл қайраттылық, табандылық, тапқырлық пен қажырлылықты керек ететін жұмыс. Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен шұңғылдау көзі Хамитте зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетті.

Үш топқа бөлек-бөлек тапсырма беріледі.

1.Бірыңғай мүшені тауып, сұрағын қой, қай мүшенің қызметін атқарады?
2.Бірыңғай мүше қай сөз табынан жасалынған, қандай тұлғада тұр?
3.Бірыңғай мүше бір-бірімен қалай байланысқан? Тыныс белгісін ата.

«Кім шапшаң?» ойыны.

Әдеби кейіпкерлерді мүдірмей атап шығу.
1. Қ. Қобыланды, Қарт Қожақ, Құртқа, Қарабай . . .
2. А. Ай, Айман, Алпамыс, Аяз би . . .
3. К. Көбікті, Кейқуат, Кендебай, Көтібар . . .
Топтың жинаған ұпайларын қорытындылап, әр топқа орын беріледі. Топ жетекшісі өзінің тобындағы оқушыларға баға береді. Барлық жауаптарын, талдағандарын қорытып, оқушылардың білімдерін бағалаймын.

Үйге тапсырма:
Әдеби шығармалардан 3 сөйлем ( бірыңғай мүшелері бар) жазып келу

 

Мектебі: Ақтөбе қаласы № 30 орта мектеп 
Пәні: Қазақ тілі 
Мұғалім: Жилкибаева Зауре Тулеугалиевна


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз