«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз
қаласының білім бөлімінің №17 бөбекжай-бақшасы» КММ
тәрбиешісі Хусаинова Гаухар Досымбаевна
Мүсіндеу балалардың сезінуін, қабылдауын және көрнекі түсінігін дамыту үшін қажет. Нақты дүние заттарын тануда көру басты деп саналады, бірақ балаларда бейне қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде көрудің тірегі затты түйсіну болып табылады. И.М. Сеченов: «Заттардың денелік пішінін көзге қарағанда қол басқаша айқындайды және де біз қолдың алақанын әрдайым көзден біршама таса заттардың бүйір беттеріне, сондай-ақ көз мүлдем көре алмайтын артқы жақтарына тигізе алудың арқасында, оны толығырақ айқындайды». Мектеп жасына дейінгі балаларға затты білу үшін оның кейбір жалпы белгілері ғана жеткілікті.
Мүсіндеу алдында затты белсенді зерттеу - балалардың сезімдік тәжірибесін ұйымдастырудың педогогикалық әдісі. Бұл кезеңді шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады.
1 кезең - бұл затты қабылдауды ұйымдастыру. Ол жоғары нүктеден бастап төмен қарай, негізгі сипаты сызықтар бойынша саусақтар мен көздің бір қалыпты және үздіксіз қозғалысы. Зат әрдайым белгілі бір күйде тұрады (сол қолымен затты ұстап тұрады, оң қолымен оны зерттейді, зат үстелда қозғалыссыз тұра алады).
2 кезең - Затты қолмен және көзқараспен зерттеу оның негізгі бөліктерін саралаумен және олардың қасиеттерін айқындаумен қоса жүреді, саусақтардың қозғалысы тереңдік қатынасын өлшегендей болады және бөліктердің кеңістіктегі өзара қатынасын анықтайды.
3 кезең - заттың ең ұсақ бөліктерін көрсету және оларды формасынының, көлемінің, негізгі бөліктерге қарағанда кеңістіктегі орнын анықтау.
4 кезең - затты қайтадан тұтас қабылдау. Қолдың жалпы ақтық қозғалысы мен жоғарыдан төмен қарай көзбен шолып шығу сезімдік жолмен алынған деректерді тұтас бейнеге біріктіруге мүмкіндік береді. Зерттеу заттың беткі жағы құрлымын саралауға да бағытталуы мүмкін. Бұл жағдайда қолдың барлық саусақтары жұмыс істеуі тиіс. Материалдық құрылымын анықтау үшін заттың бетіне қолды батыруға тура келеді. Мүсіндеу кезінде заттарды зерттеуге өзіндік ерекшелігі бар, өйткені мүсіндеуде заттың формасы көлем күйінде беріледі. Мүсіндеу алдында затты зерттеудің жоғарыда ұсынылған жүйесі ойын немесе арнаулы жаттығулардың барысында жүзеге асады. Бұл жағдайда затты зерттеуге, яғни затты жедел қабылдау мен бақылауды үйретуде екі жастан бастаған жөн. Затты қабылдауда, сондай-ақ затты ажырата білуге мүмкіндік беретін оның кейбір қасиеттерін тануға балаларды 2-3 жастан үйрету қажет. Мұндай жаттығулар өткізе отырып, тәрбиеші зат сапасын анықтайтын бейнелі сөздерді іріктейді. Мәселен ол балаларға алманы қолына ұстауды, оны қолмен сипауды, оның салмағын, тығыздығын (алма ауыр, үлкен, домалақ) сезінуді ұсынады, заттпен таныстықтан кейін баланың өзі осындай домалақ алма (немесе осындай жұмыр допты және т.б.) жасау керек. Затты бейнелеуден бұрын оны зерттей отырып, біз бала назарын осы затқа аударамыз, оның нақты қасиеттерімен таныстырамыз, яғни баланың сенсорлық тәжірбиесін қалыптастырамыз. Тәрбиеші төрт және бес жасқа аяқ басқанда балаларды тұтас заттарды, ал содан кейін заттың жеке ерекшеліктерін бейнелеуге мүмкіндік беретін қасиеттерін қабылдауға үйретеді. Мүсіндеген кезде балалар әдетте негізінде геометриялық пішіндермен бар заттармен жұмыс істейді. Мүсіндеуді «Ойлан, тап, мынау не?», «Дүкен», «Осындай затты тап», «Жасырылған затты тап», «Ғажайып дорба» деген дидактикалық ойындармен бастаған жөн. Тірі обьектілерді жүйелі бақылаған жөн. Мысалы: Тасбақамен таныстырғанда ең алдымен балалардың назарын тасбақаның сыртқы пішініне аударған мақұл, содан кейін тасбақаны топта қалдыру керек.
Екінші ұйымдастырылған оқу қызметінде балалар тасбақаны тұла бойын тұрпатын, дене бөлшектері жайлы егжей-тегжейлі әңгімелейді, қол аяғын жиғанын-созғанын жіті бақылайды. Содан кейін балалар тасбақаны жасауға кіріседі. Кіші, ортанғы топтарда балалар мүсіндеудің мынандай қарапайым операциясы болып табылатын негізгі қозғалыстарын игеруі тиіс: жаю, домалақтау, жалпайту, тарту, созу, бүктеу, қосу, шымшу. Кейде заттың түрлі формасын, мәселен, дөңгелек формаларды (жұмыртқа, қияр, картоп) мүсіндеу кезінде мүсіндеудің бірнеше формасын бірден қолдануға тура келеді. Бұл жерде мынадай тәсілдерді: шиыршақтап орауды, содан кейін аздап жайып жіберуді неғурлым дәл форма шығару үшін саусақтармен жөндеп қоюды қолдану керек.
Кіші топта қолына иленген саз балшығын ала отырып, олар барлық саусақтарымен сықпалай бастайды, оны үзіп-үзіп, тақта үстіне жайғастырады және оны қайтадан оны тұтас етіп жинайды, саусақтарымен шұқыр жасайды. Шын мәнінде балалар сазбен ойнап отыр. 2-3 жасар балаларды оқытудың әдістері сенсорлық зерттеу жолымен заттардың формасын меңгеруге, ұйымдастырылған оқу қызметі үстінде эмоциялы көңіл-күй орнықтыруға бағытталады, мұның өзі мүсіндеу кезінде балалар бойында образ жасау нышандарының байқала бастауына байланысты болады.
Кіші топтағы пішіндеу ұйымдастырылған оқу қызметтерінің өзінде-ақ тапқырлықты дамыту жөніндегі міндеттерді қоюға болады. Мәселен, балалар бірнеше форманы бейнелеуді, меңгергеннен кейін, оларға тәрбиеші күні бұрын жасалған шардан, дискіден, цилиндер-таяқшадан кез келген заттың пішінін жасауды ұсынады. Мұндай тапсырма балалар заттарды бейнеленген кезде бөліктерді өздігінен қиыстыру үйретілуі тиіс. Ұйымдастырылған оқу қызметтерінің алғашқы нәтижесі әрдайым ойдағыдай бола бермейді, бірақ білімді жинақтай келе бала қарапайым заттарды бейнелей отырып, дербестік көре бастайды.
Ортаңғы топтағы мүсіндеудің сипаты үш жасар балалардың жасағанымен салыстырғанда әлде қайда мәнді. Бірақ мүсіндеудің бастамасында түпкі ой болмайды. Бала өз бұйымдарын тақта үстіне бір-бірден орналастырады немесе бірінің үстіне бірін үйіп, жинай бастайды: егер тәрбиеші дер кезінде келмесе, бала өз бұйымдарын жалпы саз кесегіне айналдырып, бәрін мыжып тастай салады. Бұл топтардағы ұйымдастырылған оқу қызметтерінің әрдайымғы басты міндеттерінің бірі балалардың зеректігін, ойлау шапшаңдығын және дербестігін дамыту болып табылады. Мәселен балалар бағандарды мүсіндейтін болса, тәрбиеші оларға, бұлардан не жасауға болатынын анықтауды ұсынады. Үлкендердің көмегімен бағандардан, көпір, үй, ұшақ және тағы сол сияқты заттарды жасайды. Тәрбиешімен баланың бірлескен жұмысы бүкіл ұйымдастырылған оқу қызметі бойы жалғаса береді. Тапсырылған тақырыпты әрқайсының жүзеге асыруына көмектесе отырып, ол балаларға сұрақ береді, ой салады. Мүсіндеу барысында ортаңғы топтағы балалардың біршама дербестік, белсенділік көрсетуі үшін оларды жұмыс нәтижесімен ынталандырып қойған жөн. Мәселен, балалар жасаған балапанды жасыл қағаз парағы үстіне қоюға болады, құламайтын қуыршақ жасаған кезде қолдарына жалауша ұстатып қою керек. Сәбіз жасаған кезде қоянды әкеліп қою керек. Бұл қосымша заттарды тәрбиеші алдын ала дайындап қояды.
Ересек топтарында балалар жасаған образдардың ортаңғы топтағы балалар жасағандардан айырмашылығы шамалы болады. Мусіндеп жасалған екі, үш кескінін немесе түрлі ыңғайда басқа заттарды көрсете алады. Заттың қимылына немесе қалпына байланысты бөлшектер орналасуының өзгеретінін балалардың көруі қажет. Образды жасау балаларға оның мазмұнының қалай түсіндірілгеніне байланысты болады. Мәселен, қоянның кескінін жасаған кезде балаларға олардың біреуі түлкі жортып келе жатқан жоқ па екен деп елеңдеген қоянды, ал басқалары қорыққан қоянды (бірінші қоян құлағын делдитіп, тыңдап тұр, ал екіншісі құлағын арқасына басып, тыныш отыр) жасайтындығын айтуға болады. Мүсіндеу әдісін көрсетпеуге де болады, бірақ ұйымдастырылған оқу қызметінің бастамасында фарфордан немесе ағаштан жасалған қоян тұлғаларын, ал егер олар жоқ болса – түрлі қалпында бейнелеп, тәрбиеші жасалған қоянның екі тұлғасын міндетті түрде көрсету керек. Мүсіндеудің мұндай әдістемесі ересек топтағы балалардың ұйымдастырылған оқу қызметін түсіндіру үстіне белсенді болуына тәрбиешіні тыңдауға, оның сұрақтарына жауап беруге, мүсіндеу үшін тақырыпты өз бетінше таңдай білуге үйретеді. Сонымен, бұл тапсырмаларда оқып үйрену сәті де, творчесволық сипат сәті де бар. Олар балаларды қай затты бейнелейтінін және қалай бейнелейтінін ойластыруға және оны шешуге мәжбүр етеді.
Мүсіндеудегі образдылыққа жете отырып, тәрбиеші балаларға тұлғаның беткі жағын өңдеудің әдістерін көрсетеді. Мәселен балықтың пішінін көрсететін болса, тәрбиеші таңба таяқшамен белгілей отырып, қабыршықты қалай бейнелеуге болатынын көрсетеді. Өңделген фигура тартымды, сәнді болып шығады. Одан әрі балалар бұл әдісті өз бетімен пайдалана алады және ол жөнінде тәрбиеші тек еске салып отырса болғаны. Ыдыстарды бейнелегенде, ортаңғы топтағы балаларға заттың беті саусақтармен қалай тегістелетінін көрсетуге болады. Бірте-бірте олар жасалған заттың беті кейде тегістеуді қажет ететінінде, ал кейде мәселен, жануарларды бейнелегенде, ол кедір-бұдырлы болатынын түсінеді. Мүсіндеу іскерлігінің шындала түсуі жыл ортасына қарай түпкі ой бойынша өткізілетін ұйымдастырылған оқу қызметтерінде балалар дербестігінің көрінуі үшін зор мүмкіндіктері ашады, бұл кезде ұйымдастырылған оқу қызметі сипаты біршама өзгереді. Образдарды көз алдына елестету және жабыстыру тәсілдеріне үйрету жөнінде балалармен жүйелі жұмыс жүргізілсе, онда балалар бейнелеу әдістерін еркін пайдалана бастайды, тіпті шағын компазициялар да жасайды. Балықты жасап, бала оның төңірегіне бірнеше ұзын таяқшалар қояды. Ол «мынау теңіз, толқып жатыр, ал балық жүзіп келеді»-деп түсіндіреді. Екінші бала сол ұйымдастырылған оқу қызметінде құсты жабыстырып шығарды, ал оның жанына дән салынған ыдысты қояды. Айқынырақ болуы үшін ол бірнеше дәнді ыдыстың айналасына тастайды. Мұнысын құс шоқығанда, балалар шашылып қалды деп түсіндірді. Бұл мысалдар ортаңғы топтағы балалардың образды терең шешуде инициатива көрсетуге қабілетті екенін білдіреді, бірақ әдетте олар қозғалысты өздігінен сирек бейнелейді: олар пішіндеген тұлғалар көбіне қозғалыссыз қалпында болады.
Мектепалды топтарында балалар пішінді анықтауда онша назар аудармайды, тек оны бөлшектермен толықтырады. Балалар тарту мен қысу тәсілдерін әрдайым дәл орындамайды, қателерін көбіне түзетпейді. Мұны былай түсінуге болады: бір жағынан, образ жасауға еліккен олар фигура бейнеленетін затқа ұқсасын деп, оны қажетті бөлшектермен тезірек толықтыруға талпынады, екінші жағынан, балалар үшін негізгі сыртқы белгілері (бастың, дененің, қолдың және тағы басқалар) зор роль атқарады, ал барлық ерекшеліктерімен форманы, оның құрылымын егжей-тегжейлі бейнелеу балаға қиын. Бес жастағы балалар өздерінің жұмыстарын әрқашан өздері немесе үлкендердің басшылығымен бақылаған образдан бастайды, бірақ бейнелеу үстінде үйлесімділікті сақтау жолында қателіктер жіберіп алады. Мәселен, олар адамның немесе жануардың басын қазандай, аяғын шидей етіп жасап қоюуы мүмкін, өйткені бөлшектерді өзара салыстыру оларға оңай түспейді, бірақ оларда қол-аяқтың денеге қарағандағы ұзындығын салыстыру қажеттілігін қалыптастыруға болады және қалыптастыру керек те. Бейнелеу құралдарының ішінен балалар таяқшамен (тереңдетілген рельеф) бейнелеу немесе бетіне саздың ұсақ кесектерін салу арқылы фактураны өңдеуді жие қолданады. Балалардың бұл талпынысы олардың бейнелеу қызметінің образды екенін көрсетеді, зат қандай болса, сондай етіп орындауға ниет білдіреді. Жасалатын образды ұсақ тетіктермен толықтыра отырып, балалар көлемді бейнелеумен жие әуестенеді. Мәселен, олар көзді екі кішкентай шарик түрінде, құлақ, ауыз, балық қабыршағын жалпиған күйінде жабыстырады. Бұл жастағы балалардың пішінді мұқият өңдеуге талпынбайтындығына байланысты, ұйымдастырылған оқу қызметі кезінде олардың басқа немесе біртекті заттардың (мәселен, мысықты жасай отырып, бала бір мезгілде табақты немесе сүт құятын ыдысты жасай алады) пішінін жасауға уақтылы қалады. Ересек балалар тобындағылар сазбен жұмыс істеу ұқыптылықты қажет ететінін: сазды үстел үстіне шашып тастауға, еденге түсіруге болмайтынын жақсы біледі. Ортаңғы топ пен ересек топтағы балалар пішіндеуде тақтада жасаса, бұрынғыдан күрделірек бейнелер талап етілетін мектепалды топ балалары тобында үстел үстіне қойылатын айналмалы станоктарды енгізуге болады, олар мұны жақсы орынды пайдалана алады. Станокта жұмыс жасау мүсінді қолмен айналдырмай-ақ оның барлық жағынан өңдеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне мұның өзі балаларға қызғылықты болады, олар станокпен қуана жұмыс істейді. Сонымен, біз ортаңғы топтағы балаларға қарағанда, ересек топ балаларының творчестволық мүмкіндіктері кең екенін көреміз.
Қорытындылай келіп, түрлі жастағы топтарда пішінін жасау жөніндегі ұйымдастырылған оқу қызметтерінде балалар творчествосын дамыту үшін оқып үйретудің сан алуан әдістері және ең алдымен балалар дербестігін, белсенділігін, инициативасын көтермелейтін, бала қиялы мен түсінігін дамытатын әдістер қолданылады деп айтуға болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі