«Алматы қаласы Әуезов аудандық Білім беру бөлімі МККҚ №28 бөбекжай балабақша»
тәрбиешісі Оразалиева Роза Аспандияровна
Бүгінгі таңда білім беру мен тәрбие жүйесін қоғам сұраныстарына сәйкес жаңарту мен дамыту мәселелері өзекті болып отыр. Осы орайда, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеу жүйесін сүйіспеншілікке негіздеу, оларды адамгершілікке тәрбиелеу ең негізгі міндеттердің бірі. Себебі ерте жастан сүйіспеншілік пен құрмет көріп өскен баланың болашағы жарқын болатынын тәжірибе дәлелдеп отыр.
Ерте жастан бастап балаларға жақсы мен жаманның не екенін түсіндіріп, жақсы мен жаман әрекеттерді ажырата алуға, үлкенді сыйлап, мейірімділік таныта алуға, достарына, туыстары мен жақындарына шамасына қарай көмек көрсетіп, қамқор бола алуға, мейірімді болуға үйрету кезек күттірмейтін, ең өзекті мәселелердің бірі.
Аталған адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеп,оны бала бойына дарытып, дамыту үшін балабақша мен отбасының байланысы мен мақсаттар жүйесі осыған бағдарланып, бірізділікпен әрекет ету керек. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымда барлық тәрбие үдерісінде сүйіспеншілікке негізделген атмосфера қалыптастырып, баланы тәрбиелейтін барлық адамдардың қарым-қатынасы өзара сүйіспеншілік пен құрметке, сыйластыққа құрылуы тиіс.
Балабақшада балалар жақсы мен жаманның не екенін түсініп, жақсы мен жаман әрекеттерді ажырата алуы үшін тек қана адамгершілік сабақтарында емес баланы таңертең қабылдап алғаннан үйіне шығарып салғанға дейінгі барлық іс-әрекеттер жүйесі тек қана адамгершілікке құрылуы тиіс. Өйткені балалар естігенін емес, көргенін жасайды. Педагогтар мен балабақша қызметкерлері өздері үлгі бола алуы тиіс.
Балабақшада балалар өз эмоциялық көңіл күйін білдіріп, үлкенді сыйлауы, мейірімділік таныта алуы үшін әр балаға сыйластықпен, түсіністікпен қарап, олардың өз iс-әрекетiн жоспарлау және дамыту орталықтарын ұйымдастыру арқылы таңдаулары мен дамуын iске асыруға көмектесіп қана қоймай, оқу-тәрбие үдерісіне отбасын қатыстыру өте жақсы нәтиже береді.
Балабақшада отбасымен ынтымақтастық орнату балалардың достарына, туыстары мен жақындарына шамасына қарай көмек көрсетуі және қамқор бола алуына үйренуге жағдай жасайды.
Балалар өмірде жаман-жақсыны ажырата алуы, үйдегі, балалар бақшасындағы, қоғамдық орындардағы жалпы қабылданған нормалар мен ережелерді сақтай білуге үйрену үшін мектепке дейінгі ұйымда ойын-сабақтар, жағдаяттар шешкізу, сюжетті ойындар барысында іске асырылады.
Мысалы балалардың өзіндік ой-пікірін өзгелермен ашық та еркін бөлісуіне қажетті жағдай жасау мақсатында балалармен әңгімелесу ұйымдастырылады. Педагог балаларға қажетті адамгершілік түсінік туралы дайын ақпарат бермей өз беттерінше түсініп, ұғып, өздері қорытынды шығаруға жетелеу мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады.
Балаларды «ойын», «жаттығу» әдістемелік тәсілі балалардың емін-еркін әрекет етіп, топта жақсы көңіл-күй туғызады. Балалардың ойнау әрекеті қашан да олардың арасында белгілі өзара қарым-қатынастың пайда болуы және дамуымен байланысты. Ойында әр баланың позициясы белсенді болады: ол өзі ойнағысы келгенде және ойынға қызыққанда ойнайды, ойнауға керек жолдасты белсене іздейді, олармен белгілі қарым-қатынаста болады. Балалар ойынды өздері ойлап табады, ойнауға ұйымдасады, дауды өздері шешеді, өздері ойнайтын топ құрады, олардың құрамын да өздері өзгертеді. Балалар ұжымдық ойын кезінде топтасады, олардың арасында жолдастық қатынастар қалыптасады. Педагогтың міндеті ойнап жүрген балаларды зер салып бақылап, олардың қарым-қатынастары қандай адамгершілік негізде құрылғанын бақылап, біліп бақылау күнделігіне түсіріп отыру. Сабақта дидактикалық ойындар, драмалық, рольдік, қимылды ойындар тәсілдерін кеңінен қолдануға болады.
Педагог жағдаяттарды талқылату барысында өзгерiстердi қабылдау және оны өздерi туғыза бiлуге,сыни тұрғыда ойлау мен таңдай бiлуге, алға шағын проблема қойып оны шеше бiлуге, шығармашыл, тапқыр болуға үйретеді.
Балаларды адамгершіліке үйретуде фильмнен, мультфильмнен үзінділер көрсету тек қана сөзбен айтып түсіндірмей, көздерімен көріп, түйсіну арқылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Балабақшада сюжетті рөлдік ойындар, сахналау әдістерін пайдалануда, балалардың белгілі бір рөлдерді ойнауларына тура келеді. Сол себепті педагог тапсырманың мазмұнымен, рөлдермен, қарым-қатынас әдістерімен алдын ала таныстыруы тиіс. Тапсырма өз деңгейінде орындалғанда балалар берілген жағдаяттың себебін талқылап, тереңірек түсініп, өз дәлелдері мен қорытындыларын ұсына алады. Сахналау кезінде балаларға таңдау еркіндігі беріледі. Бұл таңдай бiлуге және өзiнiң қызығушылығын және мүмкiндiгiн iске асыруды үйренуге көмектеседi. Таңдау жасау, бiлуге құмарлық, әуестiктi қалыптастыру, проблеманы шешуге қабiлеттiлiк, басқалармен қарым-қатынас жасау және өз бетiнше алға қойған мақсатына қол жеткiзу негiзгi мақсаттары болып табылады.
Балабақшада балалар сахналау, рөлдік ойындар барасыныда өзгелермен санаса білуге, жақсы көруге, қамқорлық жасауға, өзгелерге қуаныш сыйлауға, орынсыз қылықтарына ұялуға үйреніп, адамгершілік қасиеттері қалыптаса бастайды.
Тәрбиешінің адамгершілік бағыттағы әңгімелері мен ата-аналармен жұмыс барысында балалар өз іс-әрекеттерін басқара білуге, басқаларға жанашырлық танытуға, өзге адамдарға жақсылық тілеп адамдарға көмек көрсете алуға үйренеді.
Қорыта келгенде балабақшада балаларды адамгершілікке тәрбиелеу тек қана тәрбиеші тарапынан ғана іске аспайтын тәрбие үдерісіне отбасын тiкелей қатыстыруымен жақсы нәтиже беретін үздіксіз үдеріс. Өйткені жалпы ересек адамдар балаларға өте күшті ықпал етедi, ата-аналар өз балаларының ең басты ұстазы екендігі сөзсіз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі