Өлең, жыр, ақындар

Қазақ халқының ұлттық ойындары

Қызылорда  облысы  Қармақшы ауданы

Төретам  кенті  №269  орта  мектептің  денешынықтыру

пәні  мұғалімі  Табынбаева  Жанар  Табынбайқызы

 

Тақырыбы:  Қазақ халқының ұлттық ойындары.

Асық ойындары.

1. Алшы.

Алшы-асық ойындарының бір түрі. Ол жекелей біріншілік түрінде өтеді.

Ойынның мазмұны. Жарыс жекелей есепте өтетін болғандықтан, әр ойыншының ұпайы жеке есептеледі. Көнге әр ойыншы бір асықтан тігеді де, төреші олардың сақаларын иір арқылы ойнадың кезегін анықтайды. Бірінші кезекке ие болған ойыншы сақасын көннен алыстау жерге иіреді. Себебі, сақасы тәйке түсе қалса, оны ойыннан шығару үшін өзінен кейінгі ойыншы тәйке түскен сақаны көннен тұрып атады. Егер тигізсе. Бірінші ойыншы ойыннан шығып қалады. Ал, тигізген ойыншы көннен бір асық алады да, сақасы түскен жерден өз кезегі келгенде көндегі асықтарды атады. Тигізе алмаса, ойыннан шығады.

Осыдан кейін үшінші кезектегі ойыншы сақасан иіреді. Егер сақасы алшы түссе, көннен бір асық алады да, өз кезегі келгенде сақасы жатқан жерден көндегі асықтарды атады. Ойын осылай жалғаса береді. 

Егер бірінші кезектегі ойыншының сақасы бүк не шік түссе, сақасы орнында жата береді де, келесі ойыншы сақасын иіруді бастайды.

Егер соңғы ойыншының сақасы тәйке түссе, онда біріші ойыншы соңғы ойыншының сақасын өз сақасы жатқан орыннан атады. Тигізсе, соңғы ойыншының бір асығын алады да, сақасы түскен жерден өз кезегі келгенде көндегі асықтарды ататын болады. Тигізе алмаса, онда өзі ойыннан шығады.

Ойыншы асықты атқан кезде сақасы да, асығы да бүк (шік, алшы, тәйке) түссе немесе сақасы ғана алшы түссе, атқан асығын алатын болады. Егерде бұл шарт орындалмаса, асықтарды келесі кезектегі ойыншы атуға кіріседі.

         Ойынның ережелері.

  1. Ойыншылардың ойнау кезегін анықтау үшін сақаны төреші иіреді.
  2. Ойыншылар ұтқан асығының санына қарай ұпай жинайды. Ойын соңында бірдей мөлшерде ұпай жинаған ойыншылар өзара кездесу өткізеді.
  3. Әр ойын алаңында аға төреші және оның көмекшісі төрелік етеді.
  4. Ойында пайдаланатын сақалар тексеріледі. Ойында пайдаланатын сақаны жонып не егеп өзгертуге, оған қорғасын құюға болмайды.

 2. Омпы.

  Асық ойындарының келесі бір түрі-омпы. Омпыда да 5 адам топ құрап ойнайды. Кейде келісім бойынша адам саны өзгеруі де мүмкін. Жарыс кезінде ойыншылар бір түсте спорт киімін киеді. Әр ойыншының кеудесінде нөмірі болады.

Ойынның мазмұны. Ойын командалық есепте өткізіледі, яғни әр команданың есебі жеке есептеледі.  Диаметрі 10м шеңбер сызылады. Шеңбердің ортасындағы сызыққа әр команданың ойыншылары өз асықтарын тігеді. Асықтардың дәл ортасына бір асықты омпысынан (жұмыр басын жоғары қаратып) тігеді.

Ойында асықтарды ату кезегін анықтау үшін төреші командалар арасында жеребе өткізеді. Әр команданың ойыншылары белгіленген нөмірлерінің ретімен шеңбер сызығынан екі метр қашық жерге қатарға тұрады. Осыдан кейін шеңбер ішіндегі асықтардың жанында тұрған аға төреші ойын басталғандығын хабарлайды. Ал хатшы-төреші (көмекші төреші) бірінші нөмірлі командадағы ойыншылардан бастап асық атға сөреге шақырады.

 

Ойынның ережелері.

  1. Әр ойын сайын команда ойыншылары көнге өз асықтарын тігеді. Асықтарды атқан ойыншы омпыға тигізсе-5 ұпай, асыққа тиғгізсе, 1 ұпай алады. Асыққа тигізген ойыншы атды қашан тимей қалғанға дейін жалғастырады. Егерде ойыншының сақасы тимей, алшысынан тиіп тоқтаса, онда қайтадан атуға мүмкіндік алады.
  2. Жарыс команда санына байланысты ірі топтарға бөлініп, ойын айналым жүйесімен өткізіледі. Атып алған асықтар мен омпы көнге қайтадан тігілмейді. Жарыстың жеңімпазын анықтау үшін мәрелік ойындағы топта бірінші орын алған командалар өзара айналым жүйесімен қайта ойнайды. Екінші, үшінші, төртінші т.т. орын алғандар да өзара қайта ойнайды.
  3. Мәрелік ойынға дейін командалар бірдей ұпай жинаған жағдайда сол командалардың арасындағы ойын нәтижесі есепке алынады.  Бұл нәтиже де бірдей болған жағдайда осы екі команданың арсында ойын қайта өткізіледі. Ірі топтағы жиналған ұпай саны мәрелік ойындарда есепке алынбайды.
  4. Әр ойын алаңында аға төреші, төреші және хатшы- төреші төрелік етеді.
  5. Сақаның дұрыстығы тексеріледі. Оны жонып немесе егеп өзгертуге және қорғасын құюға болмайды. Сақаға арқардың және еліктің шикі асығын пайдалануға болады.

 

Қимыл-қозғалыс ойындары.

Айгөлек.

Ойынның ережесі.

Айгөлек ойыны кең алаңда өткізіледі. Ойыншылар саны мен жас шамасына қарай екі топқа бөлінеді де, арасы 15-20 метрдей жерде қол ұстасып қарама-қарсы тізбек құрып тұрады. Ойын жүргізуші екі топтың біреуіне кезек береді. Олар барлығы қосылып, төмендегі өлеңді айтады:

Айгөлек-ау айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Теміршіден дем шығар,

Үзеңгіден дем шығар.

Ақ терек пен көк терек,

Бізден сізге кім керек?

Бұған екінші топтың ойыншылары жауап береді.

Айгөлек-ау айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Теміршіден дем шығар,

Үзеңгіден дем шығар.

Ақ терек пен көк терек,

Шолпан атты қыз керек,-

дейді. «Шолпан» деген сөздің орнына басқа бір баланың немесе  қыздың атын қойып айта береді.

Қарсы топтан шақырылған қыз не бала жүгіріп келген бойы тізіліп тұрған топтың әлсіз жерінен үзіп өтуге тиісті. Егер үзе алмаса, сол топта қалып қояды. Ал үзсе, өзі қалаған ойыншының бірін өз тобына алып қайтады. Ойыншылар түгел шақырылып болған соң, екі жақтың ойыншылары саналады. Қай топтың саны көп болса, сол топ ұтқан болып есептеледі.

 

Сиқырлы таяқ.

Ойынның ережесі.

Ойнаушылар қол ұстаса шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізші шеңбердің ортасына шығады да, ойнаушыларды 1-ден бастап түгел нөмірлеп шығады. Сонан соң ойынның ережесін түсіндіреді. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасына тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты жібере салады. Ал аталған нөмірлі бала таяқты құлатпай ұстап қалуы керек. Ойынды одан әрі жалғастыру немесе жалғастырмау ойыншылардың өз еркінде. Ойыншылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді.


Пікірлер (2)

Жаксылык

өте жақсы ашылып жазылған екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз