Ақсу – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Ақсу» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.05.2019
  • 0
  • 1
  • 2665
Не деген сансыз дария
Ағысы атан үркітер!
Таулардың іші бәрі ұя,
Шаңқылдап жүрген бүркіттер.
Кездесті Ақсу көлденең,
Толқыны зілді батпандай,
Өңшең бір асау көк дөнен
Шайнасып шарт-шұрт жатқандай.
Мөңкіген жерде тұяқтан
Зуылдап оттар ұшқандай.
Қарасаң тұрып бұ жақтан
Өзен бір жалын құсқандай.
Ойладым сонда: Ілияс
Ақсуды өскен, мекендеп,
Қайран да ақын өртке ұқсас
Өзіне-ақ тартқан екен деп!


Пікірлер (1)

КЕНЖЕХАН БОЛСЫН жаным ✌✌

ағылшын ақыны Уильям Блейк

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері