Өлең, жыр, ақындар

Той бастау

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2616
Бетіне ақ қағаздың жаздым нама,
Етейін қызметіңді келсе шама.
Ат шапқан мерекенің даң-даңымен,
Тұсыңа қарындасым келдім жаңа.
Әзәлда озған байлар аз болған соң,
Қашаннан халық жүйрігі біз болған соң.
Өлеңді мұнда айтпаған қайда айтамыз,
Қауышып мерекеңде кез болған соң.
Келіп тұр жиналған жұрт тұсыңызға,
Ұсынса қол жетпеген шашыңызға.
Шырағым сау-саламат отырмысың,
Ноқтасын салып Хақтың басыңызға.
Ноқтасын басыңызға салып Хақтың,
Сыртыңнан есітемін халыққа жақтың.
"Япырмай жұрт жиналған не деген той!"
Мінеки берекесі берген бақтың.
Тойыңа әркімдер тұр жолым десіп,
Айтпаққа бір-бірінің алдын кесіп.
Өлеңші, жырау, шайыр көбейген шақ,
Тұрмасын іштерінен жек көрісіп.
Шайырлар жауап берсең сөйлейін мен,
Тимейді бұл арада ешкімге шен.
Қоя бер тұс-тұсынан білгендерің,
Дария жатқан шалқып болар бір кен.
Дария бұлар бір кен жатқан шалқып,
Келемін айдынында салдай қалқып.
Көзбенен дәрежеңді көргеннен соң,
Баратыр айтқан сайын тілім балқып.
* * *
Тұсыңа, қарындасым, келдім жаңа,
Өлеңші халықта көп шайыр, жорға.
Есітсін жиналған көп асыл зада,
Қызыл тіл, келсе шамаң, өлең торла.
Есітсін асылзада, жиналған көп,
Жеткізген бәндесіне Алла қорек.
Өсірген сылап-сипап ата-анаңыз,
Тойыңыз қабыл болсын құтлымерек.
Тойыңыз құтлымерек болсын қабыл,
Баратыр сөзді бөліп жаң-жаң, дабыр.
Атаңа анаң менен бол ыразы,
Той өтті заманында халыққа дабыл.
Бала едің Бибі-Патыма әулетінен,
Алланың жан қала ма нәубетінен.
Жат-жұртқа отырмысың жөнелерге,
Атаңның алшаңдаған дәулетінен.
Жат-жұртқа отырмысың жөнелерге,
Жел сөзді салушы едім сүйрей өрге.
Алланың жоқ бұйрығы болғаннан соң,
Шырағым кетер сәнің еліңдегі.
Шырағым еліңдегі кетер сәнің,
Еріңе ет қызмет, келсе әлің.
"Ай, кәпір" атанарсың тыңда мұны,
Атаңа анаң менен өтсе зәрің.
Баратыр бір-бір теңге бала да алып,
Япырмай, неткен сақи десін халық.
Жылама дегеніне болмай жеңгең,
Ұқсайсың, қарындасым, кетерге анық.
Тас бауыр дейді халқың жыламасаң,
Үлкенге етіп қызмет ұнамасаң.
Ете бер ата-анаңның жөрелгісін,
Жорғанды жорта қинап сынамасаң.
Айтайын қарақшыға жеткеніңді,
Атаңның дәуірінен өткеніңді.
Шырағым жас басыңнан жыламастай,
Жүр ме едің тәуір көріп кеткеніңді.
Жүр ме едің кеткеніңді көріп тәуір,
Торлаған Ақ бұйрығын бейне сәуір.
Заманың бұрынғыдай қайда қалды,
Жыларсың: "Күнім-ай, - деп, - айхай, дәуір!"
Қоршап тұр жан-жағыңнан құрбың келіп,
Жалғаншы кетеді ойдан дүние теріп.
Алланың ақ бұйрығы болғаннан соң,
Тіреудің бара тұрсын соңына еріп.
Нағылып туған жұртты қиямын деп,
Балқыды қорғасындай көңілің еріп.
Балқиды көңілің еріп қорғасындай,
Біз - ағаң мың жылқының жорғасындай.
Жүз жиырма әкең қойды алғаннан соң,
Баяндап білмедің бе тұрмасынды-ай?
Халқыңның бермесіне шарасы жоқ,
Жат-жұрттық қылғаннан соң Жаппар Құдай.
Жат жұрттық Жаппар Құдай қылғаннан соң,
Жол болып бұрынғыдан қалғаннан соң.
Атаңа жаман болсаң, сөгіс келер,
Жүз жиырма малын беріп алғаннан соң.
Ата-ана, аға, інің қалар мұнда,
Сен үшін қайғырып тұр халқың жұмыла.
Біз бұлай боп тұрғанда ол да отырып,
Айтып тұр ақылың жи, сөзді тыңда.
Бір белгі білдір, қалқам, жұрт күңіренер,
Бомаса арт қосынды көзің жұм да.
Бұлбұл ең бақ ішінде байқашы өзің,
Қарсақтың баласындай қалдың жымда.
Хақ құтты барған орныңды етсін қалқам,
Ағайын аз көрінер айда, жылда.
Кетпестей көңіліңе боп жүргенмен,
Ерік жоқ енді ойланшы қыз бен құлда.
Лаж жоқ Хақ ісіне біз қайтейік,
Шашы ұзын шонықтардың мұңы бұл да.
Көп айту есі барға ретсіз іс,
Өзің біл қайтсең-дағы қалдың сында.
Ер жетіп, ерге еріп, ел асар қыз,
Қылышта балдағы алтын тұрмас қында.
Өзіңнен қанша төмен болғанменен,
Мал-мүлік, ата-анаң қалар бұнда.
Бір жүру бола алмайды бұрынғыдай,
Опа жоқ о, дариға дүние сұмда.

1912



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нұғманға

  • 0
  • 0

Нұғман баласы едің Молыбайдың,
Молыбай секілді еді толық айдың.
Көлемің Келдібайдан кем болғанмен,
Қожасы ең Қаратамыр Төребайдың.

Толық

Тіріңде тура болсаң ту ұстарсың

  • 0
  • 0

Тіріңде тура болсаң ту ұстарсың,
Боғыңды бұзық болсаң, уыстарсың.
Жамандық жақын түгіл, жатқа ойлама,
Өзіңмен о басында туысқансың.

Толық

Түймегүлге

  • 0
  • 0

"Теге" "отыр", "яға" "секін", "мұйымға" "асты",
"Кепке" "отыр", "ләмға" "секін" қия қасты.
Сабындай айбалтаның білегі бар,
Саусаққа таба алмадым, сірә, ұқсасты.

Толық

Қарап көріңіз