Ескерткішке – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Ескерткішке» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.06.2019
  • 0
  • 0
  • 3618
Сен ғана үнсіз бұл аспанның астында,
Үнсізсің сен, үнсізсің ғой, тас тұлға.
Көп қараумен, жыл легіне – тасқынға
Қартайдың ба, әлде әлі, жассың ба?

Не қарайсың, нені ұғады өз басың,
Өз өмірің, өз дәуренің озғасын.
Сұп-суық тас жанарыңның ұшында
Қайнап-қайнап қатып қапты-ау көз жасың...

Екі-үш ғасыр беріледі пендеге
Бұл заманда, тез өлмекші ер неге?!
Бұзылар ед тас көңілің талқан боп,
Бұл жүректі салып көрсең кеудеңе...

Ажал сені әрі тартты – бермедік,
Табаныңды жапсырдық та жерге нық.
Осыған-ақ риза бол, тұлғаңды
Туған жердің алақанымен тербедік!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері